Өлең, жыр, ақындар

Отқа шақыру

Демалыс күні болатын. Нартай үй маңында достарымен бірге ойнап жүрген-ді. Бір кезде есік алдынан дауыстап әжесі шақырды.

— Алысқа ұзап кетпе. Сәлден соң үйге қонақ келеді, — деді қасына барғанда әжесі қадағалай тапсырып. — Ары-бері жұмсағанға таппай қалып жүрмелік.

— Әже, үйге кім келеді? — деп сұрады Нартай қашанғы дағдысымен тосын жаңалыққа назары ауып.

— Жексен ағаңның келіншегі келеді, — деді әжесі өз шаруасына бұрыла беріп.

— Жексен ағам да келе ме?

— Жоға. Оған не бар! Келіншегін отқа шақырып отырсақ.

Нартай ештеңе түсінбей қалды. «От» дегенде лаулаған өрт келді көз алдына. Сосын сұрағын ары жалғады.

— Әже, аздан соң есік алдына от жағамыз ба?

— Жоға. Оны қайдан шығардың! — деді әжесі жалт бұрылып. Артынша Нартайдың жүзінен «отқа шақыру» деген сөзді дұрыс түсінбей қалғанын аңғарып, түсіндіре сөйледі. — Жексен ағаң әнеу күні келіншек алды ғой… білесің бе?— деді.

— Иә. Білем.

— Білсең, сол… сол жаңа түскен келінді үйге шақырдық. Жаңа түскен келінді жақын туыстар үйіне шақырып, таныстық білдіріп, үй көрсетеді. Соны…

— Соны «отқа шақыру» дей ме?

— Иә. «Келінді отқа шақыру» дейді.

— Енді білдім, әже! Мен есіктің алдына от жағады екенбіз десем…

— Қайдағы от… «От жаққан жерін көрсету» дегеннен шыққан болу керек. Қазақ үйді «отбасы», «от жаққан жер» деп те айтады емес пе… Алысқа ұзап кетпе! Керек боласың!

— Құп болады!— деді Нартай сымдай болып тұра қалды. Оң қолын шекесіне апарды. — Бұйрығыңызды орындауға дайынмын, капитан!

— Құлдығым әшейін! — деді әжесі Нартайдың мына қызық қылығына сүйіне жымиып.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер