Өлең, жыр, ақындар

Қырқынан шығару

— Тұр,— деді әжесі Нартайға.— Ауылда той боп жатса, жата ма екен бала?

Нартай ұйықтап жатқан болатын. Бастапқыда әжесінің не айтып жатқанын түсінбей қалды.

— Әже, кімнің тойы?— деді таңырқап.

— Таңертең Ерлан ағаң келіп шақырып кетті. Бүгін бөпелері Ержанды қырқынан шығарады екен. Тұр, тездетіп барайық. Кешігіп қалсақ, ұят болады.

Іс мәнісін енді түсінген Нартай орнынан тұрып, киіне бастады. Беті-қолын жуып келіп, шайға отырды. Кимешегін киіп, дайын болған әжесі сыртқа қарай аяңдады. Нартай ере кетті.

Бәрі әжесін күтіп отыр екен. Үйге кіріcімен қызық істер басталып жүре берді. Нартай соның бәріне тесіле қарап отырды.

Әжесі әуелі алдына дәу тегене алдырды. Оның түбіне үй иесі берген күміс білезік пен жүзіктерді салды. Үлкен қасықпен өлшеп, қырық қасық су құйды. Сонан соң жанындағы келіншекке бұрылып:

— Ал енді әлдиді әкел,— деді.

Бесікке салған кезге қарағанда Ержан үлкейіп қалыпты. Кішкентай аяғы мен қолы тырбың-тырбың етеді.  Жылаған жоқ. Үстіндегі жейдесін шешіп алғанда да қыңқ етпеді. Әжесі Ержанның жейдесіне неше түрлі тәтті, құрт салып, асықпай түйіп, таяу тұрған көрші үйдің баласын шақырып, қойнына салып берді.

— Ал енді далаға шығып, бөлісіп жеңдер,— деді. Бала босағаға жетіп, табалдырықтан аттай бере, босағада аңдып тұрған басқа балалар оны тұра қуды. Нартай орнынан қозғалған жоқ. Өйткені оған іштегі шаруалар қызық еді.

Әжесі енді Ержанды қолына алып, шомылдыра бастады. Ержан батыр екен, жылаған жоқ. Тек денесін жуып болып, басына су құйғанда ғана сәл қыңқылдады.

— Ал енді баланың шашын қайсысың аласың,— деді әжесі жан-жағына қарап.

— Мен алам,— деді Бәкір ата жақындап келіп. Ұстарасы өзінде екен. Жеңіне жанып-жанып жіберіп, еңкейіп Ержанның шашын алуға кірісті.  Ержан сонда барып шіреніп, жылай бастады. Бірақ бұл кезде шаш сыпырылып та болған еді. Сәбиді құрғақ орамалға орап алған әжесі:

— Ал, келінжан, міне, бөпең қырқынан шықты. Өмір-жасы ұзақ болсын! Тең құрбысының алды болсын! Енді үлкендерге апарып батасын алыңдар. Берсе, шүйіншісін де алыңдар. Менің шүйіншім бір қозы,— деді Ержанды анасына қайтып беріп жатып…


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер