Өлең, жыр, ақындар

Ерен еңбек

Ол – қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, Ұлттық Академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, “Халықтар достығы”, “Құрмет” ордендерінің иегері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің жанынан ашылған Қорқыт атындағы ғылыми-зерттеу институтының директоры. Сексеннің сеңгіріне шыққан қазақ руханиятының көрнекті өкілі – Мырзатай Жолдасбеков. 2007 жылы елордамыз – Астана қаласының қалыптасуына, дамуына қосқан үлесі үшін «Астана қаласының құрметті азаматы» атағына, 2016 жылы мыңжылдық шаһардың өркендеуіне үлес қосқаны үшін «Алматы қаласының құрметті азаматы» атағына ие болды. Жамбыл облысының құрметті азаматы екені жалпақ жұртқа мәлім, әрине. Ағаның жазушылығы мен композиторлығы тағы бар. Үстіміздегі жылы, замандасы, композитор И.Жақановтың «Дүние шіркін» атты кітабының тұсауы кесілді. Біздер қатысып және атсалыстық. Расында дүниенің шіркінін-ай десеңші, ағамыздың композиторлық қыры да сыры да И.Жақановтың қаламынан туған еңбекте керемет көрініс тапты. 

Сонымен қатар М.Жолдасбеков – драматург. Профессор әбебиеттің көркем де нәзік жанры – драматургияға да бет бұрып тұрады. Астанада қойылған «Ұлбике» пьесасының қалың жұрттың таңдайын қақтырғаны есімде. Ағаның құнды және мәңгі ел жадында қалатын еңбектерінен айтар болсақ, ол -  Қазақ Ұлттық өнер университетінің Қорқыт атындағы ғылыми-зерттеу институтының жиырма бес томдық «Қазақ өнерінің антологиясы» жобасы. Жоба институттың басшысы М.Жолдасбековтың жетекшілігімен өз деңгейінде жоспарлы түрде жүзеге асуда. Сонымен қатар, қазақ мәдениетінің тарихы, өнері мен дәстүрі егжей-тегжей зерттеліп, ғылыми айналымның аясында көрініс табуда.  

Алғашқы «Ақындар айтысы» деген жеті томдық жинағы шығарылып өз оқырмандарына жол тапты. Жинаққа айтыс өнерінің ең үздік үлгілері жинастырылып енгізілді. Әрмен қарай қара қылды қақ жаратын ділмәр шешендеріміздің шешендік сөздерімен 25 томдық «Қазақ өнерінің антологиясы» жобасының «шешендік сөздер» жанры бойынша бес томдық жинақ болып жалғасын табуда. Бүгінде оқырман қаумы шешендік сөздерге арналған бес томдық жинақпен танысқалы отыр. 

Топтастырып, құрастырылып, хронологиялық тәртіппен қалың көпшілікке ұсынып отырған жинақта аталған би-шешендеріміздің барлығы да сөз бастаған шешендігімен, ел бастаған көсемдігімен, қиыннан қиыстыра ұтымды тапқырлығымен ел арасындағы жер, су, құн, жайлау, қыстау, еңбек жөніндегі талас-тартыстарға араласып, әділ төрелік айтқан өзіндік орны бар, қайталанбас тарихи тұлғалар. 

Қазақ тарихындағы, қазақ әдебиетіндегі би-шешендеріміздің шешендік сөздері қазақтар арасында ғана емес, қырғыз, өзбектерге де белгілі. Қытай, Моңғолия елдерінде қоныс тепкен қазақтар да шешендік сөздерімізді жаттап, жазып, оқып сусындап жүр. 

Мұнда оқырман назарына кешегі күніміздің келбетін көз алдымызға әкелетін құнды шығармалар ұсынылмақ.
Жалпы жобаның басты мақсаты: Еліміздің тарих қойнауына кеткен кезеңдеріне, қоғамдық өміріне қайта үңілу, сол арқылы жас ұрпаққа бүгінгі жарқын тәуелсіздіктің қадірін сезіндіру, маңызын ұғындыру, сонымен бірге қазіргі ақпараттық заманда құнды шығармаларды оқырманымен қайта қауыштыру. 

Мәселен, шешендік сөздердің барлығында дерлік тәрбиелік мәні өте зор десек қателеспейміз. Би-шешендеріміздің беделі және де ділмәр сөздері біз үшін қашанда биік, асқақ. Бүгінгі таңда әрбір саналы, білімді қазақ азаматы халқымыздың жүріп өткен сара жолынан шешендеріміздің тұлғаларын танып қана қоймай, олардың сөз сараптауларын терең түсініп, өздері де ойлы, әдемі, шешен сөйлеулері қажет екені даусыз. 

Ендігі кезекте институт, М.Жолдасбековтың жетекшілігімен жыраулық өнерге, жыршы-термешілерге, халық ақындарының шығармаларына, әнші-композиторларға, дәстүрлі әншілер мен күйшілердің шығармашылығына арнап том-том еңбектерді шығару жұмыстарымен тыңғылықты айналысып, жобаны әрмен қарай жалғастыруда.

Дәстүрлі өнеріміздің бастауы болып табылатын ақындық пен шешендік өнердің жемісі іспеттес жыршылық өнер қазақ ұлты қоныстанған кез келген аймақта кезінде дүрілдеп тұрғанымен бүгінгі таңда дірілдеп тұр. Сыр өңірінен басқа жерлерде жырдың халі мүшкіл. Кейбір аймақтарда жоғалған, немесе жоғалу, жойылу алдында. Енді солардың барына қанағат қылып, қайта жандандыруды қолға алу – уақыт талабы. Аяқ жеткен жерге барып, сөз жеткен жерден алып, көз жеткендерді көріп, еншімізге тигенін алып-беріп, ел игілігіне жарату басты міндет деп білеміз. 

Бимырзаева Айкерім Маханбетқызы
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
«Керемет» бастауыш мектеп-балабақша кешені мұғалімі


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз