Өлең, жыр, ақындар

Сыңғырла, соңғы қоңырау!

(Соңғы қоңырау салтанатты саптық жиынының бағдарламасы)

1 - жүргізуші:
Білім беріп қазақтың қыздарына,
Ала білген он бір жыл қорғанына.
Құтты мекен «АйСафтан» аттанбақшы,
Тағы бір топ қыз бала сәт сапарға!

2-жүргізуші:
Бүгінгі күн тарихтың бір бөлшегі,
Балалықтың аяқталар өлшемі.
Дәл бүгіннен басталады ертеңгі,
Өмір атты қиял-ғажап ертегі.

1-жүргізуші:
Сол ертегі болу үшін баянды,
Қыздарымыз оқу керек аянбай.
ҰБТ-дан ең жоғары балл жинап,

Маман болсын, адам болсын аяулы, - деп алтын ұя мектебінің табалдырығынан үлкен өмірге ұшқалы отырған, мектеп бітіруші түлектерді құрметпен ортаға шақырамыз! (музыка)

2 - жүргізуші:
Қарсы алыңыздар, ортада:
9-шы «а» және «б» сыныптары. Жетекшісі: Асқарбекқызы Әсел.
9-шы «ә» сыныбы, жетекшісі:   Эльбурсқызы Диана 
9-шы «в» сыныбы, жетекшісі:  Саятқызы Жұлдыз 

(музыка әуені)

1 – жүргізуші:
Шәкірт болған ізденімпаз білімді,
Инабатты, жарасымды қылығы.
Мектебімен қоштасатын түлектер,
Алдарыңызда 11-ші «А» сыныбы.
Қарсы алыңыздар! Ортада 11 сынып оқушылары, жетекшісі: Диана Эльбурсқызы (музыка әуені)

2 - жүргізуші:
Мектеп қой — болашақтың іргетасы,
Қыздар ғой — ел ертеңі, отанасы.
Мектеппенен қоштасу жиынында,
Шырқалсын Қазақстан Әнұраны!

1 - жүргізуші: Мектеп, түзел! Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы енгізілсін!

(ҚР туы енгізіледі)
2 - жүргізуші: Бүгін - алғашқы қоңырау мен соңғы қоңыраудың арасын жалғаған 11 жыл мәреге жеткен күн.

1- жүргізуші:  Бүгін тоғызыншы сыныпты аяқтап, колледж, техникумдарға аттанатын күн.

2 - жүргізуші: Бүгін – аналар: «қызым бой жетті» деп қуанған күн.

1 - жүргізуші: Бүгін - ұстазыңның жанында шәкірт болып соңғы рет тұратын күн.

2 - жүргізуші: Бұл күн – мектеп бітіруші түлектер есінде мәңгі өшпейтін күн.

1 – жүргізуші: Ендеше, сәт сапар, Жас Түлектер!
      
2-жүргізуші:
Мектеп ісін ізгілікті басқарған,
Білім беріп, шаруа жайын атқарған.
Сөз береміз Маржан Бейсебай қызына,
Тілек айсын түлектерге абзал жан!

1-жүргізуші:
Осынау ақ тілектердің соңын  «Әсем-ай» би тобы «Шашу» биімен жалғастырсын.

2 – жүргізуші:
Білімді шәкірттерін аялаған
Жақсылығын ешкімнен аямаған,
Саялы бақ, жас ұрпақ жанашыры
«Ұстаз» деген ардақты, аяулы адам-дей келе, 11 «а» сынып оқушыларының аяулы АйСаф мектебі мен сүйікті ұстаздары жайлы «Естеліктерге толы шумақтарын» қабыл алыңыздар!

1-оқушы:
Жақсы қыз, жақсы шәкірт, жақсы адам,
Тәлім алар үлгілі ата-анадан.
Қыздарға тілесін деп ақ тілегін,
Естиік құттықтау сөз ізгі анадан.
Сөз кезегі құрметті де қадірлі ата - аналарымыз атынан
------------------------------------------------------------                беріледі.
2-оқушы:
Қоштасатын мектеппенен ертерек,
Тоғыздардың арасында қыздар көп.
«Қош бол, мектеп»- деп шырқасын хорменен,
Тоғыз «а» мен «б»- да оқитын еркелер.

(Хор айтылады)

1-оқушы:
Тоғыз «ә»-ге берейік сөз кезегін,
Алғыстарын білдірсін қара өлеңмен.
Ақниет пен Аяла жүрек жарды,
Шумақтарын паш етсін көрерменге.

2-оқушы:
Әр ұстаздың бар жүректе өз орны,
Естелік боп мәңгі қалар сөздері.
Гүл ұсынып, арнау өлең оқысын,
Ұстаздарға сүйікті шәкірттері.

(Тоғызыншы сыныптар мұғалімдерге арналған өлеңдерін оқып, гүл таратады.)

1-оқушы:
Жаны асыл ұстаздарды еске алыңдар,
Жаңа өмірге аттаған жас дарындар.
АйСафқа жаманат сөз келтірмеңдер,
Елге сыйлы, білімді дос табыңдар!

Иә, сендер әрқашан еске алып жүретін жаны асыл ұстаздарың да бүгінгі «Соңғы Қоңырау» үнімен бірге өздеріңмен қоштаспақ. Енді ұстаздардың шәкірттеріне деген соңғы ақыл - кеңесін, сәт сапарын тыңдайық! Сынып жетекшілер атынан құттықтау сөз: Жұлдыз Саятқызына беріледі.

2-жүргізуші:
Соңғы қоңырау мерекесінің дәстүрі бойынша Ту тапсыру салтанатты рәсімін өткізуді бастауға рұқсат етіңіздер. Аманат ту тапсырушы: 11 - сынып оқушысы Базарова Шынар.

1 – жүргізуші:
Аманат ту қабылдаушы: 10 - сынып оқушысы  .....  Салиха
(Мектеп түлектері қасиетті көк байрақты 10 сынып оқушыларына тапсыру рәсімін орындайды.)
Аманат Ту тапсырушының сөзі:
Әнге ән, жырға жыр жалғап Барамыз ұшып ұядан!
Айтамын саған аманат, Iзбасар 10 - сыныптар!
Мейірімнен шуақ төгілген, Ұстаздар саған аманат!
Жастанып кейде ұйықтаған, Кітабым саған аманат!
Көрінбейтін шимайдан Дәптерім саған аманат!
Бір жеңіп бірде жеңілген Жарыстар саған аманат!!
Үзілістерде соғатын Қоңырау саған аманат!
Кір келтірмей атына, биікке самғау - бізге аманат!
«Қош, алтын ұям» - деп айтамыз сізге сау - саламат!

Аманат ту қабылдаушының сөзі: Біз 10 сынып оқушылары, Сіздерден қастерлі аманатты қабылдай отырып, бізге артқан сенімдеріңізді ақтауға, білім мен тәрбиенің барлық салаларынан алда болуға, мемлекетімізді гүлдендіруге, дамытуға, ғылыми жетістіктерді кеңінен игерген саналы азамат болып шығуға мектебіміздің мәртебесін биіктетіп, жоғары деңгейге көтеруге өз үлесімізді қосамыз деп сеніммен ант береміз! ( Аманат туын қабылдаған оқушылар орындарына барып тұрады)

2 - жүргізуші:
Гүлдерге толып омырау
Түлектер тойын тойлайды.
Қағылмақ соңғы қоңырау
Қаққызбай өмір қоймайды

Қымбатты мектеп бітіруші жас түлектер! Мектепте 11 жыл ішінде 20 мыңнан аса қоңырау үнін естідіңіздер. Ал, бүгінгі қоңырау үні ерекше!

1-жүргізуші:

Бұл қоңырау — мектеппен қоштасар соңғы қоңырау. Ол балалық шақтан, мектеп белесінен асыратын қоңырау! Ендеше, түлектеріміз «Соңғы қоңырау» әнімен қоңырау соқсын.

(Хор)

2 - жүргізуші:
Ұстазсыз шәкірттерге бақ келген бе?
Бапкерсіз тұлпарларға бап келген бе?
Осы бір мектебі үшін жанын салған,
Сөз кезегі - жетекші мұғалімдерде.

Келесі сөз кезегі мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Келбуғанова Күміс Жақсымұратқызына және ғылыми-әдістемелік орынбасары Аман Шакарбекқызына беріледі. (Марапаттау грамоталары табыс етіледі.)

1 – жүргізуші:
Қоштасады ұшқан ұяң – мектебің,
Маңдайынан сүйіп өтер көктемің.
«Сәт сапар» - деп қол бұлғаймыз бәріміз,
Тілейміз біз армандарға жеткенін.

2 - жүргізуші:
Құрметті мектеп бітіруші жас түлектер! Ата - аналар мен қонақтар! Аяулы ұстаздар! «АйСаф» жеке қыздар мектебінің салтанатты жиынын жабық деп жариялаймыз!

1 – жүргізуші: Құрметті мектеп оқушылары! Республика туы астында қатар түзеп, тік тұрыңдар! ҚР мемлекеттік Туы шығарылсын!

2 - жүргізуші: Аяулы ұстаздар, қымбатты оқушылар жазғы демалысты жақсы өткізіп, келесі жаңа оқу жылында амандықпен жолыққанша сау -саламатта болыңыздар. Сәт сапар, сіздерге, Жас түлектер!

Соңы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар