Өлең, жыр, ақындар

Батыр, Ұстаз, Ғалым - Шағила Құсанова

9 мамыр 1945 жыл. Ұлы Жеңіс күні! Биыл белгілі тарихи оқиғаға 75 жыл. Бүгінгі ұрпақ мәңгілік есте сақтайтын ата-әжелереміздің ерлігі, батырлыгы, жігерлігі, Отанға деген патриоттық сезімі мен тәрбиесінің арқасында жеткен Жеңіс!

1939-1945 жылдарда әлемді дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыс аясында болған, Ұлы Отан соғысы да әйел қауымын жігерлі, қайратты болуға талап етті. Фашизм ел басына төңгенде, Отанды қорғауға ерлермен бірге, қыздар да өз еріктерімен майданға аттанып, бүкіл әлемге ерлігін паш етті. Бұл батыр-қыздар: Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова, Рәпия Мақашева, Рахима Ережепова, Антонина Каткова, Екатерина Исеналиева, Александра Сухорукова, Шагила Кусанова, Анна Смирнова, Полина Бояркина, Халида Маманова және тағы басқалардың отанға деген махаббаты халқымыздың жадында мәңгі қалмақ.   

Жеңісті жақындатуда, тылда апа-аналарымыз тер төгіп, бәрі де майдан үшін қызмет етті. Ерлер атқаратын барлық ауыр жұмыс әйелдердің басына түсті. Күні бойы егіс даласында, зауыттарда жұмыс істесе, түнімен шамның жарығымен майдандағы ерлеріне жылы киімдер тоқыды. Тылдағы азаматшалары қатарында: Шахтада еңбек еткен – Жекен Мұканова, Күлей Құлшанова, жайлауда мал баққан – Балым Пірімова, Зағи Абакова, балық-консерва комбинатында балық кесуші болған – Айнаш Байжігітова, атақты мұнайшы – Анна Мельникова, елге танылған құрлысшылар – Ақсұлу Өтенқалиева, Салима Әлінова және басқада көптеген әйелдер болды.

Мысалы, біз өзіміз жақсы білген, бірге еңбек еткен, құрметтеп сыйлаған Ұстазымыз – Шағила Әкімбайқызы Құсанова туралы сөз айтсақ.  Ол 1932 жылы 14 сәуір күні Бозанбай ауылы Ұлан ауданы, Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Көпбалалы отбасында өмір сүріп жатқан кезінен 1932 жылы Голощекиннің саясаты (1925-1933 жж.) кесірінен балалар үйінде тәрбие алуға мәжбүр болды. Жоғары сыныптарда, оқудан тыс уақытта әртүрлі жұмыстар жасап, қаражат жинап, 1940 жылы С.М. Киров атындағы мемлекеттік университетіне, тарих және филология факультетіне келіп түседі. Ұлы Отан соғысы басталысымен, 1941 жылы 18 жастағы апамыз өз еркімен майданға аттанады.

Ташкенттегі екі айлық радистер курсын бітіре сала, 1941 жылы желтоқсан айында десанттық әскер құрамында Керчь қаласын азат ету операциясына қатысады. 1942 жылы мамыр айынан бастап Ш. Әкімбайқызы 14-гвардиялық атқыштар дивизиясы, яғни топбұзар дивизиясының құрамында болып, Дон майданы, Сталинград, Харьков түбіндегі шайқасы, Украина, Молдавия жерлерін азат етуге, Висла Сандомир плацдармын алуға Румыния, Чехословакия, Польша және фашистік Германияның өз территориясын азат етуге қатысады. Осы ерліктері үшін Батыр Ұстазымызды Кеңес Одағының Батыры, қазақ ұлтының мақтанышы Бауырзжан Момышұлы өте қатты сыйлап өтті. Ал халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов «Майданда батыр, еңбекте ер» деген еңбегін Ш. Әкімбайқызына арнаған. Соғыс аяқталған соң Шағила Әкімбайқызы университтегі оқуын одан әрі жалғастырады. Солай 1949 жылы тарих факультетін ойдағыдай тәмәмдап, аспирантураға түседі. Ал 1952 жылдың қыркүйек айынан бастап университет қабырғаларында педагогтық қызмет атқарды.

Ұстазымыз ғылыми салада «Қоғамдық ұйымдар», «Кәсіподақ ұйымы», «Әйелдер ұйымы», «Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыс», «Абайдың пәлсапалық көзқарасы», «Алаш ардагерлері» тағы басқа тақырыптарға еңбектері жарық көрді. Сондай-ақ Қазақ ССР «Білім» журналында, «Жетісу», «Казахстанская правда» газеттерінде, «Қазақ тарихы» журналында, ҚазМҰУ (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) хабаршысының тарих сериясында, Қазақ ССР ғылым Академиясының «Хабаршы» жинағында, Қазақстан Республикасы Информациялық институтында мақалалар мен жалпы қоғамдық ұйымдар және Алаш қозғалысы жөнінде ірі-ірі еңбектері жарияланды. 

Құрметті апайымыз 1963 жылы кандидаттық диссертациясын, ал 1978 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Ол, біздің есімімізде  ұлағатты ұстаз, ғалым ғана емес, өзінің өмір жолында абыройлы ұйымдастырушы, белсенді қоғам қайраткер ретінде де қалды.

1980-1990 жылдары аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да кафедра меңгерушісі қызметін атқарды. Университеттегі педагогикалық еңбегінің құрметіне 1986 жылы Шағила Әкімбайқызы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. 

Құрметті соғыс және еңбек ардагері, тарихшы-ғалым Ұстазымыз өзінің қарапайымдылығымен, кішіпейілділігімен жүздеген, мыңдаған шәкірттерінің сүйікті тәлімгеріне айналды. Оның жетекшілігімен 30-дан астам аспирант, 7 ғылым докторы дайындалып шықты. Ғылым жолында 6 монография, 100-ден астам ғылыми мақалалар жарияланды. Ұлы Отан соғысындағы ерліктері мен ғылым жолындағы жетекшілері үшін Шағила Құсанова 25 рет түрлі мемлекеттік сыйлақтарымен марапатталды. Оның ішінде Қазақстан Республикасы және шет елдер де бар: Чехословакия, Украина, Россия. Өзіміздің  мемлекетімізде – Құрмет және Парасат ордендерімен марпатталып, Қазақстан Республикасы Жоғары мектебінің құрметті қызметкері және КСРО мен Қазақстанның білім беру үздігі атанды. Ұстазымыз жігерлі, көңілді, бақытты ана болды, басқаларға өзінің оптимизмін таратып, ортақ Отанымыз, Қазақстан Республикасына деген махаббатын жеткізе алды. Құрметті Шағила Әкімбайқызын мәңгілік есімізде сақтаймыз!

Ахметжанова Ажар. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ.

Тарих, археология және этнология факультеті


Пікірлер (2)

Сабырхан

Құрметті соғыс және еңбек ардагері, ұстаз Шағила Әкімбайқызының міне, кеше ғана 75 жылдығын атап өткен Ұлы Отан соғысындағы ерлік жолы, педагог шәкірттер даярлаудағы ерен еңбегі, тарих ғылымына қосқан елеулі үлесі өте жақсы баяндалған екен. Көп мәліметтер алдық. Ол кісінің өмірі мен елге сіңірген еңбегі бүгінгі жастарға үлгі және өнеге болып табылады. Мақала авторына көп рахмет.

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз