Өлең, жыр, ақындар

Орта мектепте Ислам дәуірі әдебиетін жаңаша сипатта оқыту әдістері

Ислам дәуірі әдебиеті орта ғасырларда Ислам дінінің шариғатына, оның заңдарына немесе сенім-нанымына арналған кітаптар немесе Исламның тікелей әсерінен, мұсылмандық ортасында дүниеге келген әдеби көркем шығармалар негізінде қалыптасқан кезеңдердің бірі. Ислам әдебиетінің басты кітабы ретінде Аллаһтың сөзі Құран Кәрімді, одан кейін маңыздылығы жағынан Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) хадистері жиналған кітаптар аталады.

Мектеп бағдарламасында Ислам дәуірі әдебиеті туралы мәліметтер 6 сыныптан жоғары сынып оқулықтарында қамтылған [1]. Атап айтқанда Әбу Насыр әл-Фараби, А.Ясауи, Ж.Баласағұн, А.Иүгінеки шығармаларынан үзінділер берілген [2].

Аталған ғалымдардың шығармаларын оқытуда назарға алатын басты талап – оқушыларға берілетін әдістемелік материалдың түсінікті және қызыкты болуы. Бұл тұрғыда оқушылардың жас қабілеттерін ескере отырып, түрлі әдіс-тәсілдер мен қалыптаскан жаңаша оқыту әдістемелері арқылы сабақ материалдарын игерту негізге алынады.

Оқыту – оқушыларға берілетін білімді меңгертудегі мұғалім мен оқушылардың бірлесе ұйымдастырылған іс-әрекеттерінің түрі. Оқудың сыныпта, сыныптан тыс, дауыстап оқу, іштей түсініп оқу, мәнерлеп оқу сияқты түрлері бар [3, 47]. Бұлардың әрқайсысының қызметі бар.
Сыныпта оқу – мұғалімнің бақылауында оқу; сыныптан тыс оқу – оқушының өзіндік жұмысы іспеттес; мәнерлеп оқу – дауыс ырғағы арқылы ойды әсем жеткізу; іштей оқу – оқушы шығармашылықпен айналысқанда, жеке оқығанда іске асады; түсініп оқу – сапалық қасиет.

Оқыту әдістері үшке бөлінеді:
1. Сөздік әдісі,
2. Көрнекілік әдісі;
3. Практикалық әдісі [4].

Сөздік әдістер: талдау, жинақтау, әңгімелесу, эвристика, мұғалімнің баяндауы, мәтінмен жұмыс, индуктивтік, дедуктивтік әдістер т.б.
Көрнекілік әдістер: нақтылы заттар, көрнекілік бұйымдар, бейнелер, кесте, кеспе қағаздар, диаграмма, графикалық шартты белгілер, оқытудың техникалық құралдары т.б.

Практикалық әдістер: сұрақтар мен тапсырмалармен жұмыс; сыныптық, сыныптан тыс, өзіндік жұмыстар, қайталау сынақтары т.б.
Бұлардан тыс түсіндіру, баяндау, әңгімелеу әдістері мектептегі сабақтарда жиі қолданылады.
Жоғарыда келтірілген әдістер арасынан көрнекілік әдістердің бір түріне (кесте) мысал келтірер болсақ: Индукциялық әдіс. Сұрақтар кестесі:

Топ аттары

Түрік

Тұран

Түркістан

Ойын түрі

Кім ойланғыш?

Сұрақтары

Әбу Нәсір әл-Фараби кім?

«Тұран» деп қай жерлер аталады?

Қара шаңырақ деп неге атайды?

Әдісі

Индукциялық ойлау әдісі. Таңда, тап!

Тест

1. Отырар ойшылы

2. Астроном

3. Дәрігер

Түркістан

Алатау

Памир

Бабаның ордасы

Атаның үйі

Әкенің отауы

Жауабы

Отырар ойшылы, «Шығыстың Аристотелі» атанған ұлы ғұлама.

Түркістан өңірінен бастап, Алатау баурайы Тұран аталған.

Қазақтың қара шаңырағы жеті атасынан бастап, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келген киелі орда.

 

Қарастырып отырған тақырып бойынша оқушыларға ислам дәуірі әдебиеті жайлы білімінің терең болуына, білімді өздері меңгеруіне жағдай жасауға болады. Мұғалім осы тақырып бойынша сабақ өткізуді жоспарлағанда оқушыларды оқыту, үйрету, тәрбиелеу, дамыту шарттарын ескеруі қажет.

Оқыту, яғни білім беру мақсаты. Балаға ислам дәуірі әдебиетінің ғылыми-теориялық жағынан не айтылуы тиіс. Ол қандай мөлшерде, оны бала қабылдай ала ма? Балаға түсіндірудің, қабылдатудың жолын іздестіру.

Үйрету. Осы білгенін оқушы өмірде қолдана ма? Яғни оқушы осы тақырып бойынша мұғалім тапсырған үй тапсырмасын қиналмай орындауы тиіс. Ең бастысы, ислам дәуірі әдебиеті өкілдерінің туындылары үзінділерімен толықтай танысып, есте сақтауы керек.

Тәрбиелеу. Бұл бір – жауапты кезең. Өйткені, әр түрлі әдіс-тәсілдер арқылы оқушыны көптеген адами касиеттерге, имандылыққа, еңбекке, тапқырлыққа, киім кию мен сөйлеу мәдениетіне, т.с.с. тәрбиелеу.

Дамыту. Оқушының логикалық ойлау қабілетін жетілдіру. Әсіресе ислам дәуірі әдебиетінің кезеңдік ерекшелігін, ондағы басты туындылардың дидактикалық сарындағы шығармалар екендігін түсіндіру негізінде оқушының өзіндік ойлау қабілетін жетілдірудің маңызы зор. Оқушының ой-өрісін шыңдай отырып, өмірге деген өзіндік ұстанымын қалыптастыру керек. Бойындағы өнерін танып, бағыт-бағдар беру қажет [5].

Аталған қағидаларға сүйене отырып Ислам дәуірі әдебиетін орта мектепте оқытуда жаңа технологиялар қолдану арқылы оқытудың жаңаша әдіс-тәсілдерімен білімді игерту қазірде ұстаздар қауымының басты мақсаты. Бұл тұрғыда ғаламтор жүйесі арқылы оқу процесін ұйымдастыру, оқытудың жаңа инновациялық әдістері жалпы мұғалім қауымын оның жаңа технологиясын өздігінен іздеуге итермелейді. Әдебиетті оқыту барысындағы амал-тәсілдер, түрлері мен әдебиетті оқыту барысында өтілетін тақырыпқа орай қандай амал-тәсілдерді пайдалану мүмкіндігі пән мұғалімінің ыңғайында болады.

Оларға:

1) Творчестволық (шығармашылық) оқу әдісі. Оқу пәні ретінде әдебиеттің бірінші кезектегі міндеті оқушылардың бойына көркем ышғарманы түсіну, қабылдау мәдениетін қалыптастыру болып табылатындығы. Творчестволық оқу әдісінің өзге публицистикалық, ғылыми талдама мәтіндерді оқудан өзіндік айырмашылғы бар. Мұндағы сөз, сөйлем, ырғақ, әуенділік меселеріне көңіл бөлу керек. Әр шығарманың тегіне, жанрына, бағытына, стиліне қарай танып білудің шарттылығы көзделген. Творчестволық оқу әдісінде мұғалімнің басшылығымен жүзеге асырылатын амалдар жатады. Оқушы атқаратын жұмыс, міндеттер, оған қойылатын талаптар қарастырылады.

2) Эвристикалық оқу әдісі. Көркем шығарманы терең түйсіну, игеру оны саралап талдау арқылы іске асады. Эвристикалық сұқбат өткізудің әдеби шығарманың көркемдік кестесін, әлеуметтік мәнін ашуға септігі мол. Эвристикалық оқу барысында мұғалім атқаратын тәсілдерге оқушылар атқаруға міндетті істер кіреді. Бұл тәсілдің оқушының ой көкжиегін кеңейтіп, оларды өзінше толғанып, пікір айтуға баулиды. Эвристикалық әңгіме, сұрақ-жауап, эвристикалық пікір талас, оның тақырыптары қолданады.

3) Зерттеп оқу әдісі. Оқушыларды белгілі бір әдеби тақырып төңірегінде өз беттерінше ойланып-толғануға ғылыми қорытындылар жасай білуге үйретеді. Оқушының шығарманы өзінше оқып, оның идеялық-көркемдігін бағалай білуге және келешекте де көркем шығарманы талғап, таңдап түсініп оқуға жетелейді. Көркем мәтінді зерттеп, байыптап, сын көзімен таразылап оқуға баулиды. Зерттеу нәтижелеірін ауызша да, жазбаша да түсіндіріп беруге төсілдіртеді. Зерттеу әдісінің эвристикалық оқуға жақындығы зерттеу әдісі бойынша пән мұғалімі ұйымдастыруға тиісті жұмыстардан байқалады. Бұл зерттеу әдісі мұғалімнің алдын-ала дайындығын қажет етеді. Оқушылар атқаратын зерттеу жұмыстары, түрлері зерттеудің негізгі әдістерінің бірі.

4) Репродуктивті оқу әдісі. Бұл әдіс бойынша оқушының білімді дайын күйінде мұғалімнің айтуынан немесе оқулықтан алатындығы. Берілген білімді белсенді түрде қабылдау қажеттігі көзделген. Ой-сана, ес, қабілеттің рөлі. Жадта сақтап, жаңғыртып баяндап айту дағдыларын қалыптастырады. Алынған білімді саналы түрде бойға сіңіру әдеттерін жетілдіреді [6]. Аталған оқу барысында пән мұғалімі мен оқушылар атқаратын жұмыстар мен міндеттерге оқушының ауызша және жазбаша жауаптары қамтылады.

Орта мектеп оқушысына ислам дәуірі әдебиетінің көркемдік ерекшелігін шығарманың идеялық-мазмұндық жағымен қатар ұғындыру керек. Ислам дәуірі әдебиетінің басты ерекшелігі адами құндылықтарды насихаттау, жақсылыққа шақыру, игілікке үндеу екенін түсінген жағдайда оқушы шығарманы еркін игереді және оның мән-мағынасын тереңінен түсінеді. Оқушы бұл кезең шығармаларының  «ислами әдебиет» деп аталуының өзі көркем насихатқа шақыру, ізгілікті, жақсылықты насихаттау екенін түсінуі қажет. Бұған әрине ең бірінші мұғалім көмектеседі.
Ислам дәуірі әдебиетін оқытудағы жаңа әдістердің бірегейі жобалау технологиясы бойынша А.Йасауи шығармасына сабақ жоспарын құрып көрсек,

Сабақтың тақырыбы: Ахмет Йасауи «Диуани хикмет» кітабы
Сабақтың мақсаты: Білімділік мақсаты. «Диуани хикмет» кітабындағы негізгі ойды түсіну арқылы, Ахмет Йасауиді тарихи тұлға, қазақ әдебиеті тарихындағы пәлсафалық сипаттағы ақын ретінде таныту; Дамытушылық мақсаты: Жеке тұлға ретінде оқушылардың ізденімпаздық қасиеттерін дамыту; Тәрбиелік мақсаты: Хикметтерінің поэтикалық тіліне, нақылдарына қазақ ғұламаларының шығармаларымен салыстырмалы талдау жасай отырып, оқушыларды имандылыққа, мейірімділікке, ождан тазалығына баулу.Сабақтың көрнекілігі: оқулық, хикметтер, суреттер, дайындалған рефераттар, слайдтар, интерактивті тақта, оnIine жүйесі бойынша сабақ өткізу.
Сабақтың түрі: жаңа білімді меңгерту сабағы.
Сабақ типі: іздендіру сабағы.
Сабақтың әдісі: баяндау, түсіндіру, проблемалық сұрақтар төңірегінде әдеби талдау, іздендіру, салыстыру, мәнерлеп оқу, ой қорыту. Қ. Бітібаеваның жобалау технологиясы.
Пәнаралық байланыс: тіл, тарих, география.
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі: а) сынып даярлығын тексеру; ә) кезекші арқылы түгендеу; б) оқушылардың зейіндерін сабаққа аудару.
Мұғалімнің кіріспе сөзі: Құрметті оқушылар, ұстаздар!

Біздің бүгінгі сабағымыз – ақын, ойшыл, мұсылман дінінің атақты қайраткері, философ, ғұлама ғалым, Ахмет Йасауидің «Диуани хикмет» («Даналық кітабы») кітабының тәрбиелік мәнін ашуға арналған іздендіру сабағы. Сондықтан, ең әуелі оқушылардың өз беттерімен іздену нәтижесінде тапқан материалдарымен танысып көрейік.

1. Ахмет Йасауидің өмірінен мәлімет.
2. Йасауидің ұстазы Арыстанбабқа сипаттама беру.
3. Йасауи кесенесінің тарихы жайлы не айтар едіңдер?

Мұғалім сөзі: Ендеше оқушылар қылуетте өмір кешіп, бабамыздың мәңгі өшпес асыл мұрасы – «Диуани хикмет» («Даналық кітабы») қыпшақ диалектілерімен көне түркі тілінде жазылған. Яғни, Ахмет Йасауи сопылық – философиялық дүниетанымдарын өзінің «Даналық кітабы» еңбегінде баян етеді. Түп нұсқасы сақталмаған. Бізге жеткені ХҮ-ХҮІ ғасырлардағы көшірмесі ғана.

Диуан – жинақ, хикмет – Алланың құдірет күші, яғни «алланың ақ жолын баяндайтын кітап» деген мағынаны білдіреді. Йасауидің кітабын тақырыбы жағынан екі топта жіктеп қарастыруға болады: 1. Сопылық ілімінің мазмұнын өлең түрінде жырлаған хикметтер тобы. Бұған үгіт, насихат, өсиет үлгісінде жазылған тәлім-тәрбие сипатындағы хикметтер жатады. 2. Ақынның өз кезіндегі дәуір, қоғам бейнесін жасайтын лирикалық шығармалары.

Құл Қожа Ахмет, әрбір сөзің дертке дәрмен,
Тәліптерге (шәкірттерге) баян етсем қалмас арман.
Төрт мың төрт жүз хикмет айт хақ пәрменімен,

Пәрмен болса өлгенше жырласам мен, - деп, даналық сөздерінің 4 мың 400 жол екендігін ескерткен.
Абай айтқан асыл сөз бар: «Мұны жазған білген құл, атын білме, сөзін біл». Ұлықтекті ұлы Өситенамасындай «Диуани хикмет» турасында түркістандық ғұлама:

Ескерткіш қалдырдым мен өжеттіге,
Қастерлеп, аруағымнан медет тіле, - депті. Яғни бізге бағыштаған аманатындай.

Сабақ барысында оқушыларға берілетін іздендіру сұрақ: «Диуани хикмет» кітабы туралы өз көзқарастарыңды, пікірлеріңді жинақтап қағазға түсіріп отырыңдар (ой түйіндеу).

Ендігі кезекте хикметтерінен үзінділер оқып, негізгі ойын анықтап, поэтикалық, салыстырмалы талдау жасап көрсетеміз.
Сөздік жұмыс. Зікір – бұл құдайды мадақтап айтылатын өлеңдер; Тақуа – діндар, діншіл; Ақырет – о, дүние, машхар; Тамұқ – діни ұғым бойынша, күнәһар адамға о дүниеде азап көрсететін жер, тозақ; Нақақ - бостан - бос, жазықсыз.

Рухани құндылықтар қай заманда болмасын ескірмейді, жоғалмайды. Дүниеде материалдық құндылықтар ғана жаңарып, өзгеріске түседі. Ал адамгершілік пен жауыздық, жомарттық пен сараңдық, кеңпейілділік пен қызғаншақтық, байлық пен кедейлік, аманатқа қиянат, ата-анаға құрмет т.б. адамның сипаттары қай уақыт болмасын адаммен бірге. Сондықтан да, Ислам дәуірі әдебиетінің мектеп оқушыларынағ келешек ұрпаққа берер тәбиелік құндылығы мол.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Керімбекова Б., Мұқанова Ж. Қазақ әдебиеті. Жалпы білім беретін мектептің 6-сыныбына арналған оқулық.– Алматы: Мектеп, 2018. – 152 б.
2. Орда Г., Дәрібаев С. Қазақ әдебиеті. Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. – Алматы: Мектеп, 2018. – 176 б.
3. Керімбекова Б. Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі: Оқу құралы. – Астана: Фолиант, 2017. – 160 б.
4. Камалқызы Ж. Қазақ әдебиетінің теориялық және әдістемелік мәселелері: Оқу құралы. – Алматы: Бастау, 2017. – 336 б.
5. Жусанбаева С.Б., Әлімтаева Л.Т. Қазақ тілін оқытудың инновациялық әдістемесі. – Алматы: Қазақ университеті, 2016. – 163 6.
6. Жұмақаева Б.Д. Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі: Оқулық .– Алматы: Қыздар университеті, 2015. – 242 б.

Тәңірбергенова А.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дің 2 курс магистранты


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз