Өлең, жыр, ақындар

Айшылық алыс жол

БІРІНШІ БӨЛІМ

Бұдырайған екі шекелі,
Мұздай үлкен көбелі,
Қар ұнымы сұлтандайын жүрісті,
Адырнасы шайы жібек оққа кірісті,
Айдаса қойдың көсемі,
Сөйлесе қызыл тілдің шешені,
Ұстаса қашағанның ұзын құрығы,
Қалайылаған қасты орданың сырығы,
Билер отты би соңы,
Би ұлының кенжесі,
Буыршынның бұта шайнар ауызы,
Бидайықтың көл шайқаған жалбызы,
Бұлт болған айды ашқан,
Мұнар болған күнді ашқан,
Сүйінішұлы Қазтуған!

«Мадақ жыры», Қазтуған жырау СҮЙІНІШҰЛЫ
XV ғасыр.

***

Жата-жата жамбасы тесілді. Іртік-іртік мақта көрпені иегіне артып, көрген түсін ойлады.

Шатқал аралаған жалғыз аяқ соқпақты қуалап келеді. Дүние бұлыңғыр. Қайда, қалай беттеп барады, өзіне де беймағлұм. Кенет терең сайдың табанында түтіні аспанға тік көтерілген киіз үйдің нақ түбінен шықпасы бар ма. Үй алдында жұқа ақ көйлегінің етек-жеңі желбіреген жас қыз қолаң шашын тарайды. Көңілінде жүрген елес қыз сол еді, есін білгеннен көксеген Арман-ару еді. Жақын да болса алыс қызға қол созды, жетпеді, айқай салды, жер жарып, жартастарды теңселткен даусын өзі де естімеді, қара шашы бұлтша шұбалған қыз ақ мұнарға оранып, алыстай түсіп, бұлдырап барады...

Елтайдың жаны шығып кете жаздады, маңдайынан қара тер шұбырды. Екі арадағы бұрқ-сарқ тасыған тау өзенінен қарғып өтпек болып кейін шегініп еді, бір дарақы күлкі құлағын жарып жібере жаздады. Жалт қараса, құздан құзға секірген алып адам екпінімен үй жығып, құйын үйіріп, тас ұшырып, қолаң шаш қызға төніпті. Елтай көзін жұма қойды: келесі сәтте құлын даусы құраққа жете шыңғырған қыз үнін күткен. Бірақ үн бұл күткендей болмады, құлаққа сыңқылдаған қыз күлкі, наз күлкі жетті... Өз құлағына өзі сенбей көзін ашып еді, албасты қабаққа қарап басады, қызды шопақ құрлы көрмей қолтығына қысқан желаяқ дәу зымырай ұшып, тау асты. Елтай айқай салып, екеуінің соңынан шыбын-шіркей жүгірді, жоқ. Арман-аруды қуып бара жатып, оянып кетті.

Тосын түсті не деп жоруға болады?! Қол ұсынымда бұлыңдап өтіп жатқан жылым тағдыр ма түсіне қыз болып кірген? Тесік өкпе жетім бала қиялшыл, әйткенмен дүние танымы әке-шешеліге қарағанда мысқал кем, сондықтан да көп қателеседі. Қыл аяғы түс екеш түсінде де бұл жүз ойланып, мың толғанып тұрғанда жүйткіп ұшқан дәу дәл тұмсығының астынан Арман-аруды шімірікпей әкете барды.

Аударылып түсіп еді, көрпе астынан суық ауа сумаңдады. Бөлме азынап тұр. Ернін бүрістіре дөңгелетіп, аузынан дем шығарып еді, танауынан селдір бу ширатылып ұшты. Терезе әйнектері шимай-шимай қырау. Кеше кешкілік май тоңғысыз болатын. Кілкіген кек мұнар үстінен жұлдыздар бұлыңдай ағып бара жатқан.

Тау баурайына, теңіз деңгейінен мың метрден астам биікке орналасқан қаланың төрт маусымы тым айнымалы. Шың, құз басына қонақтаған ақ қар, көк мұз етектегі ми қайнатарлық шіліңгір ыстықпен әлмисақтан қатты егес, қақтығыста. Осы мұз бен оттың арасында жатқан қалаға кейде қаңтарда жаңбыр себелеп жауады, есесіне мамырда қар басып, шытқыл аяз түседі.

Төсек жанында, жерде тұрған қоңыраулы сағатқа көз салды. Сегіз... Алақанымен сағат қорабын сипап еді, тоғызда жұмыс басталатыны есіне түсті.

Көрпені кейін серпіп бас көтергені сол, жайма төсек тықырлай бебеу қағып, суық ауа кеудесін сипалады. Омырауы, қары мен білегі бүртік-бүртік, қаз еттеніп тұр. Тісі тісіне тимей дірдек қағып, шалбарының балағына аяғын сұқты, жейдесін етіне жалаң киді, иығына орамал асып дәлізге шықты. Пияз бен күйген майдың иісі танау қытықтады. Аязды күні иіс шіркін құтыра түсе ме, Елтай шалқая қалды да, «Аһа-һа»-лай тұрып, түшкіріп салды. Кеңсірігі кеңіп, сергіп қалды. Кебіс орнына жүретін ескі жыртық бәтеңкесін тырп-тырп басып, ас үйдің есігін ашып еді, жылы ауа жайлап құшақтады. Іле:

— Есігіңді жаба жүр, Елтайжан! — деген үй иесі кемпірдің биязы үні естілді.

Елтай ерін ұшымен амандасты да, босағадағы қолжуғышқа бұрылды. Кемпір от көсеп отыр — пеш көмейі ереуілдей дүрілдейді, шымшуыр темір жақтауға шақ-шұқ тиеді, тас көмірдің көңірсік иісі бас айналдырып әкетіп барады... Былайында қария ерні жалпылдап, көр-жерді сыпыртып көйіте беруші еді, бүгін аузына маржан салғандай тым-тырыс. Қолжуғыш шүмегін сұқ саусағымен түртіп еді, жылы су сорғалады. Сабын салғышқа салғырт көз салды. Кешегі ешкінің асығындай мүжік қалдықтың орнында жұп-жұмыр сопақша сабын жатыр. Қолына алып иіскеп еді, әдемі қыздарды ойлады. Қолжуғыштан сәл жоғары аппақ орамал ілінген.

Иә, шаруа шатақ. Кемпір Елтайға бұйымтай айтар алдында аяқ астынан өстіп қамқор бола қалатын. Оның өзі таразыға тартылып, өлшеп-пішіліп жасалады. Қолқасы түскір жеңіл-желпі болса, төсек-орынын ғана жаңалайды. Ал ауырлау екен, төсек-орынға қоса ақ қаңылтырға жылы су құйылады, хош иіс сабын қояды, қол астына аппақ қардай түкті орамал іледі.

Осы жолы нендей салмақ салынады сонда? Пәтер ақыны, газ, электрге деген бес сомын еткен аптада қолына ұстатқан. Басқадай сылтау жоқ сияқты.

Беті-қолын сүртіп тұрып, қария хақында ой толғады. Арғы түбі ауылдан. Бой жете келе бақыты ашылып, қақ-соғы жоқ оқыған жігіттің етегін ұстаған — жас кезінде айтулы ару болыпты. Кейін күйеуі қызмет бабымен қалаға көшіп кеткен. Үлкен-үлкен қызметтің құлағын ұстаған ері дүм мен дүмпудің арқасында осы алты бөлмелі даңғарадай қызыл қыш үйді салдырған. Бұл күнде жесір кемпір жалғыз баланың тілеуін тілейді. Ауытқымалы толқымалы, қылт етпе кісі. Бір бойына дала, қала қасиеттері қатар сыйысқан. Кейде түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз. Қолайына қарай әлгі дала, қала мінездерін кезегімен бас пайдасына жарататын тақыс та. Мәселен, Елтайдың балалар үйінде өскен жетім екенін естіп еді, дереу қамқор ана, шеше болуға кірісті. Оның өзі сан тармақты, қызық та шыжық екен. Яғни жаңағы жылы су, жұпар иісті сабын, таза орамал мен қаймақ қатқан үнді шайы — қызығы. Ал, «Үйге ерте қайт, көшенің қағылған-соғылғаны ұрып кетеді, балам», «Қаланың қу аяғын қайтесің, өзім осы төңіректен уылжып тұрған бір қызды шекеден шертіп жүріп, таңдап беремін», «Пай-пай, Әлияжан дегенде кімнің маңдайы жарқырап тұр екен...Мінезі ме, мінезі! Елтең-селтеңі жоқ биязы бала. Кеш болса көшеге аттап шықпайды. Сол қызыма қол ұсынған бозымды өзім мәпелеп ұстап, екі бөлмемді босатып берер ем» деген тіміскі ым — шыжығы. Әлия — сіңлісінің қызы. Осы төңіректе тұрады. Биыл оқуға жолы болмады, қазір ортан қолдай хат тасушы. Түрік ерін, томпиған қара бала. Елтай: «Кешке көшеге аттап шықпайтыны несі? Бұл заманда есі дұрыс, дені сау бойжеткен кешке қарай үй күзетіп отыра ма, екінің бірі — не ауру, не әумесерлеу» деп ойлаған. Бұл тықпалауды жақтырмайтынын қабағын кіржіңдетіп, білдірген де.

Даланы қия алмаған, қалаға сіңе алмаған екі ұдай адамның құбылуы оп-оңай екен. Қамқор шеше рөлі шықпағасын, дереу қатал, қазымыр, есепқой қожайын болуға тырысты. Бұл жағына бес аспап екен, тез игерді. Пәтер ақыға бес сомды үстемелеп қосты, түнделетіп тым кеш келген Елтайға екі рет есік ашпады. Жігіт үндемей құтылды. Жалпы, ол кісі есеп-қисабын бытыстырып алған. Ауа екеш ауасы есептеулі қалада тұрып жатқанын ойласа — қожайын, ал есіне дала түссе, шеше болғысы бар. Пәтер ақыны өсірсе, оған пәтер жалдаушы ренжімей риза болса деген ал кеуделігі мұның сыртында. Тоқ етері, Елтайдан ың-шың, дау-дамайсыз мәдениетті тоналуды іштей талап етеді.

Обалы не керек, таңертең су жылытып, орамалды жаңалап іліп еді, Елтайға шын көңілмен иіп, шеше болғысы келді. Әрі-беріден кейін одан жат та айныды. От жағып, су жылыту үшін сүйегі сықырлап, буыны дірілдеп ерте тұрғанын, мына «Камилла» сабынын кешке бақандай қырық тиынға сатып алғанын ойлағанда, «Осыны бақыр бас жігіт ұға ма, жоқ па?» дегенде, шешелігі былай қалып, қожайынмын деген сары сайтаны ұстады.

Әйтсе де «шешемін» деген тәтті сезімнің таблеткасын тілінің астынан шығарғысы жоқ, дәмін әлі де ала түскісі пар. Темір пештің гулеп жанған оймақтай көзін көсеп-көсеп ашты да, елеусіз ғана:

— Кеше кешке Әлия келіп кетті. Өзіңді біраз тосты... Жазда оқуға түсем дейді. Сабағын сұрап алғысы келді ме, қайдам!..

Сиыр құйымшақтап барып, сөз сабағын жігітке тастады.

Елтай тіл қатпады, беті-қолын баптап сүртіп тұра берді. Тісқақты кемпірден — үйдей пәледен үндемей құтылған дұрыс. Екіншіден, бұл кісі сұрағына жауап іздемейді, тисе терекке, тимесе бұтаққа деп сөйлей береді.

Елтай Әлияға бес бересі, алты аласы жоқ. Ол жайында пәлендей ойланбайды. Ал... Әлия қарсы кездесе қалса, бар сыр-сипаты сыртында тұрған томпақ көзін төмен салып, тағаланған аттай аяғын тарсылдата басып өте шығады. Әм бала, әм доғал мінезін қызық көріп, анау жолы оңашада қалжыңдап еді, ұқпай қалды, әлде әдепсіз әлденеге сайды, әйтеуір, быртия қызарып, екілене бұрқылдады, бірдеңені айтып-айтып тастады, сол оқыс қылығынан өзі шошып кетті, сірә, үйден ата жөнелді. Бақса, Әлия мұны менсінбей тәлкектеп отыр деп ұғыпты. Ол келгіштеген кездері кемпір уақ-түйек қызметін жиі жасап, шайға шақырады. Бұрын пәтер ақыны уақытынан бір күн асырмай сұрап, тықақтаушы еді, оны таза доғарды. Елтай өзі біліп берсе, алады, бермесе өкпе жоқ. Өкінішке қарай, Әлия мен Елтай кемпірдің үмітін ақтамады — жараса алмады. Бұл күнде үмітін үзбесе де екі ойлы. Жаңа да сол екі ұдай ойдың жетегімен Әлияны ауызға әдейі алып еді, Елтай міз бақпады. Сол мұң екен, кемпір күш алды, сипай салды бүлкілді жиып қойып, мәселені қабырғадан қойды.

— Қарағым, кеше күндіз пәтер жалдаушы келіп кетті. Ерлі-зайыпты... Өзің секілді жап-жас балалар, жуықта шаңырақ көтеріпті. Сенің бөлмеңді көріп, қалпақтай түсті. «Электр, газ, көмір құны бізден, оған үстеп айына елу сомнан және алып тұрыңыз, апатай, тек қия көріңіз бөлмеңізді!» — деп жат та жабысты. Қолымнан дәм татқан, үйреніскен баласың... көнбедім. — Екі бетінің дәл ұшындағы не жұқармайтын, не қоюланбайтын қызылы оңа түсіп, шымшуырмен пеш көмейін жаныға түрткіледі.

— Рақмет!

Елтай бөлмесіне беттеді. Әңгіме түсінікті...

Әдетте, ол таң азанда ас үйден жуан қарын қытай термосынан шай ішіп, жүрек жалғайтын. Құрысып-тырысқан бас терісі кеңіп, кіртиген көзі тірілетін. Бұл жолы ерегесті, өйтпеді. Жаңағы бақай есеп әңгімеден кейін шайға шашалып қалар еді. Дымын шығармастан тымырайған қалпы тез-тез киіне бастады. Азынаған суықты сезбеді. «Аузын қу шөппен сүртіп, бүйтіп жылымшылатқанша: «Жарқыным, Әлияға қарамайтының бар, кімге әулиесің, бұдан былай пәтер ақыңа жиырма бес сом төле, әйтпесе бөлмені босат!» — деп, кесіп-пішіп тастамай ма». Іші қазандай қайнады. Тік бақай, орыс мінез Елтай алыстан арбап, жақыннан жымиған күлбілтені жек көретін. Кемпір, қырсыққанда, Елтайға кереғар; кезінде педучилищені бітірген, оны азсынсаңыз, күйеуінің арқасында не түрлі сыпайы, сері, мәдениетті жандармен араласып-құраласқан. Қысқасы, өзін асыл текті әйел деп ұғады. Адамды сыпайы өлтіруге тырысады. Көрші-қолаңға құдіреті жүрмегенмен, пәтер жалдаушылар жұмса жұдырығында, ашса алақанында. Соларға «біздің шешей зиялы кісі» деген ұғымды жетелеріне жіңішкелеп жеткізеді. Асыл тектілігіне өзі де күмәнді, зады.

Шай қайнатымнан соң есік қағылды: ішке қария бір қырындап, қысылып-қымтырыла кірді, үстел үстінен умаждалған қағаз, арзан қол колбасаның ширатпа қабығын сыпырып-сиырып, қолындағы шелекке түсірді. Қалтасынан бір жапырақ қағаз суырды, үстелге салып, қаттауын сылап-сипап жазды да, жортақтап шығып кетті. Елтай пиджагының жөніне қолын сұғып тұрып, қағазға үңілді. «Елтай қарағым! Биыл тамызық жаңқа, көмір қымбаттауда. Сенбесеңіз көрші ұйғырдан сұрау сұралады. Олар квартиранттан (әрқайсысынан) 25 сомнан алуда. Сол себепті ай сайын 25 (жиырма бес) сом төлену сұралады. Жазған — апа Кәтен».

Елтай күлімсіреді. Үй иесіне дән риза. Мәселе сұрауда емес, қалай сұрауда. Әрі Кәтен апа болғысы, әрі пәтер ақыны өсіргісі бар — риза болмай көр! «Әкем» деп отырып, ауызды аппақ қылды.

Бөлмесін кілттеп, сенекке шықты. Көбік қар басқан баспалдақты тық-тық санап басып төмен түсе бергені мұң екен, нақ табанының астынан біреу ыс етті.

— На минутку, Эдик!

Сасқанынан тайып кетіп, баспалдақтан ұшып түсе жаздады. Алақанымен қабырға қармалай, әупіріммен әрең түзеліп, төмен қараса, кемпірдің бұйра бас, дорба ауыз ұлы қой көрген қасқыр көзденіп қарап тұр. Үстінде жол-жол пижама, аяғында — қайқы тұмсық, былғары арабы кебіс. Бір адым алға, екі адым кейін жүретін жігіт: жазда қалың пиджакты баттап киіп алса, сақылдаған сары аязда көшеге өстіп жалаң жейдемен шығып кете береді — ішеді.

— Қанша керек?

Анау сұқ қолын ерніне тақап:

— Молчок! — деді де, биік баспалдақ астындағы кең қуысқа шақырды.

Бұл да бір ай-күннің аманында жападан-жалғыз қалған Робинзон Крузо.

Сол жалғыздықтан сыраханада, көшеде көзіне жылы ұшыраған жанды ішіске шақырады да жүреді. Елтаймен де солай танысқан. «Бір бөлме бос, мамкемен келіс те тұра бер», — деп, ертіп әкелген. Ешкімді инаяттамайды, былығы жоқ жігіт. Айрылысып кеткен келіншегін де ғайбаттаған емес. Елтай кеш қайтса, есік ашып береді. Мінезі майырылып қалған бейбақ жан.

Баспалдақтан жерге түсті. Ауа тап-таза. Қар қызыл асықтан. Аспан — ақ айран. Табан асты балмұздақтың қытырлақ қабығындай бырт-бырт етеді.

Жігіт Елтайдың бетіне буды бұрқ-бұрқ үрлеп, сөйлеп берді. Ісік қабақ, томпақ көзі тасырайып сыртына шығыпты.

— Старик, ради бога! — Елтай жымиды: ол оразаны ылғи да осы «ради бога» - мен ашатын. — Дай пятак! Голова раскалывается... от вчерашней... — Темекі түтіні ыстаған жасыл сары тісінің жүлгелері қап-қара. Кемпірдің әрі жалғызы, әрі жалмауызы. Жыл бұрын келіншегі соңынан топырақ шашып, үйінен тырқыратып қуып шыққан. Алғашқы айда, обалы не керек, іштен тынып, сыпайы жүрді. Содан сәрсенбінің сәтінде ішіп берсін. Ішкені құрысын, құдық екен. Әр жерде ілініп-салынып жұмыс істейді, сенбі, жексенбі күндері ұдайы «қайғы үстінде», өңеші құрғамайды. Күлкіден жазбайды, төбелеспейді, ұрсыспайды. Шамасы, жылайтын жерде күліп құтылады.

Сытырлаған көкқұлақты қолына ұстатты.

— Возвращаю через неделю...

— Керегі жоқ. — Онсыз да қайтармайды. Сонсоң тез шегінді; бас салып беттен сүйеді. «Еруге — қару» қайтарғаны. Бүгін қалтасы қағылғанша біраз адам сүйіледі. Сол қалың сүйісті Толик — Төлеген Елтайдан бастап жіберейін деп ұмтылып қалып еді, ол үлгертпеді, жалт беріп қақпаға қарай зытты.

Елтай сұраншақ жанды жақтыртпайтын. Алғаны үшін емес, дұрыстап сұрай білмейтіні үшін. Толик — Төлеген сұрай біледі. Ешқашан да жалынып-жалпайған емес. Адамдар сақтық кассасынан мың-мың ақшасын қалай кейкиіп тұрып немқұрайды түрде санап алады, бұ да өзін солай ұстайды. Тек беттен сүйетіні жаман.

Иә, сүйгізгенше де ақша төлеу керек...

Қақпа табалдырығын аттай беріп еді, ту сырты тым-тырыс бола қалды. Жалт қарады да, түршігіп кетті: мойным ішіне жиырып, тізесін сәл бүге жоғары қараған Төлеген төменде, ал екі иығын қомдай түйіліп төнген кемпір жоғарыда, баспалдақта тұр: ит пен мысықтай еш ләм-мим сөз, қозғалыс, сыбдырсыз арбасып қалыпты.

* * *

Елтай сәлем беріп еді, бөлім бастығы ернін жыбырлатты — қызметкері жұмыстан кешіксе сөйтетін. Басын оқ жыланша қаздитып көтеріп алды да, жігіт қашан орнына отырып, суырмасын ашып, қат-қат хаттарды бұрқыратып шығарып, үстел үстіне жайып салғанша, кез айырмады. Бұл да бір өзінше «ішімдегіні тап» жұмбақ жан. Бағынышты қызметкерін мысымен басқысы келе ме, жиырма жеті жасқа дейін қу тізесін құшақтап, үйленбеген Елтайдың сыры тереңде деп ұға ма, бәрін айт та, бірін айт, екеуінің жұмыс күні көбіне нақ осылай басталады. О баста Елтай, шыны керек, қыпылықтап, берекесі қашатын — бақандай он жас үлкен бастығын сыйлаушы еді. Қазір оның көзінің сұғы өтпейді. Бәрібір. Еті өлген. «Бір елі аузыма екі елі қақпақ» дейді де, мыңқ етпейді.

Қақшиған бастық сәл қызарып:

— Тоғыздан жиырма бес минут кетті, шырақ, — деді күшене сөйлеп. Саусақ ұшымен сағатын тықылдатты.

Елтай жауырыны аспанға шығып отырып-отырып, түйеден түскендей дүңк етті.

— Топан су қаптады ма?.. Немене?

Бастық қанын ішіне тартып, қолындағы қаламын үстел үстіне сырғыта домалатып жіберді. Ол кабинеттен тыс жерде сыпайы, сырдаң. Кабинетке кіріп, орындық тағына мінсе бітті, өз сөзін түп-түгел жөн көреді. Әдеби қызметкері бетінен алса, тіпті жұмысқа байланысты шәлкем-шалыс келсе де, жеке басын сыйламау деп ұғады.

Елтай өзіне де наразы. Салған беттен тіке шапшыды. Екеуінің жұлдызы қарсы. Ұрысқан, бет жыртысқан емес. Кезек-кезек өстіп кірпідей жиырылады да отырады. Қып-қысқа «иә, жоқ...» Не жетпейді, өздері де білмейді. Суы қайнап-қайнап келіп, қақпағын атып жіберетін шайнек сияқты күндердің күні бұрқ етеді. Жарасуға, татуласуға үлкен болып бастықтың, кіші болып мұның түйсігі жетпейді.

— Қайда беттеп барасың, білмедім, бала... Ағалық сөз айтудан қалдық. Өзің біл... Алдыңдағы тең-тең хаттарға жауап жаз да, көзін құрт. Хат бөлімі: «Әдебиет, өнер бөлімі шетінен көк жалқау, хат атаулыны тұздап-сөлдеп, алдын шірітіп жатыр», — деп жарапазандап отыр.

Бөлім бастығы, жалпы, жаман жігіт емес-тін. Қазымыр болса, оның тамыры тереңде — өмірге өкпелі. Соңғы бес-алты жылына кеңілі көншімейді. О баста болашақтан күткені көп еді. Мектеп бітірісімен мүйізі қарағайдай москвалық студент атанды. Соңғы курстарда анда-мында сын мақала жариялатып еді, құлағы түрік әдеби орта елең етті. Қолпаш көбейді. Өз-өзіне о баста таң қалып жүрді. Кейін ол тамсануға ұласты. Бұрын сырт дүниені, мәселен, «Мына музыка қандай жақсы!» — деген репетте қабылдаса, ендігісі «Мен мына музыканы қалай тамаша түсіне аламын!» — дегенге өзгерді. Дипломын үздік қорғап, беделді баспаның бас редакторының орынбасары болды. Ары қарай жұмыс, жүріс-тұрыс... сын жайына қалған. Былтыр үлкен қате кетіп, баспахананың пышағына түсіп қалған кітаптың кесірінен «өз еркімен жұмыстан босанды». Төрт-бес ай бос жүріп, осы орынға «аузы уәлі» адамдардың көмегімен тырнақ іліктірді. «Бастық болу маған қол емес, творчество екен маңдайыма жазылған несібе», — деп, көз көрген, қолы үйренген сынын сағалап еді, аяғына жем түскен аттай қаламы жүрмеді. Қашан, қалай суыған — өзі де білмейді. Ұшқыр ат тез болдыра ма, немене? Мұны іштей мойындаса да, сырты нық, дөң-айбатқа ұста. Қазір... күн өткізеді. Болашақ күңгірт. Сол күңгірттік мінезіне де көлеңке түсіреді. Оң жақта отырып қалған кәрі қыздай шәргез. Әзіл айтса — дарынсыз актердің рөліндей шиі шыға береді. Ашуы да тез. Ұзында өші, қысқада кегі жоқ жас қызметкеріне жаңа орынсыз шүйілді. Әйтпесе жұмыстан кім өлген. Өз-өзіне, отырған осы отырысына деген бір қанағатсыздық қанын қарайтып болды.

Осы итіс-тартыспен тұншығып отырғанда, есік жиі-жиі қағылды.

— Рұқсат!

Босағадан жас қыз басын қылтитты.

Бөлім бастығы орнынан тұрыңқырап кетті.

— Кіре ғой, айналайын!

Уыз қыз кірпігімен көзін көлегейледі. Біреу тартып алып кететіндей сумкасын алдына қыса ұстап, ал қызыл ернін тістелейді. Бастық бадалып тұр. Ол кіші пейіл, ұялшақ қыз-келіншек авторларды өте-мөте ұнататын. Онысын: «Ауыл түтінін иіскегендей жүрегім тез-тез соғып кетеді», — деп түсіндіреді. Туғалы ауыл бетін көрмеген Елтай ондайда: «Ауыл мен қыз-келіншек бір-біріне қалай ұқсамақ?» — деп, кәдімгідей ойланады.

— Ақын ағай осында отыра ма?

Мына қыз расымен тамылжып тұрған ауыл екен...

Есікке бар денесімен бұрылып, үлкен ынтамен қараған бөлім бастығының даусы барлығып шықты.

— Кел, келе ғой!

Жас қыз кібіртіктей басып — реті, сыпайы, жорға жүріс — келе беріп еді, орнынан шапшаң тұрған бастық орындық ұсынды.

— Келе ғой, айналайын!

Қыз орындық шетінде әне-міне ұшардай секиіп отыр. Сумкасының қайыс бауын умаждайды. Елтай онысын жақтырмады — орынсыз қорғаншақ жанды иә надан, иә екі жүзді деп ұғады.

— Не шаруа, қалқам-м? — Сызылған үн құлағына тигенде, басын көтерді. Міне, жаны, міне, иманы, бастық бұлай ән салады деп бұрын-соңды ойлаған емес. Басекең бұрылып, сол шынтағын үстелге, оң шынтағын орындық арқасына артқан күйі қызға елжірей қарайды.

— Тақпақ жазушы ем... Биыл мектеп бітірдім... Институттағы ағайлар құлатып жіберді. Тігін фирмасында істеймін. Мынау... міне! — деп, үлкен ағалық махаббатпен ыстық-ыстық қараған бастыққа тіке қарауға жүзі шыдамай, бетін есік жаққа бұра ары қарап, екі бүктелген оқушы дәптерін ұсынды.

Бөлім бастығы былтырдан бері сақа сынды талақ тастап, өлеңге құрық сілтеген. Жуырда биттің қабығындай алғашқы жинағы жарық көрді. Жинақтың бояуы кеппей жатып екі-үш жолдасын үй-ішімен шайға шақырды. Ойы — сыр тарту. Олар әлем жаңалықтарын, үй арасындағы өсек-аяңды теріп бергенімен, уәделескендей пері-сері жанрға жоламады. Сыпайылық салтын сақтаймын деп тірідей өлген бұл да: «Пікірлерің не?» деп, өңештей алмады.

Ол енді келген-кеткеннен пікір дәмелі. Оның ішінде белімге өлең әкелген балапан ақындардан үмітті — жинағы тұтасымен жастарға бағышталған. Іздегенге сұраған, мына тақпақшы бала, әрине, мұның кітабын түбіртегіне дейін оқыды. Оқыса әсерін де айтар. Жас қыз, сөз жоқ, асатпай жатып құлдық демейді — қысылады, тәжірибесіз. Ол үшін оңашалық керек.

Төмен қараған Елтай әрі сұраншақ, әрі бұйрық назарды қарамай-ақ сезді. Басын көтеріп еді, бастықтың көзілдірік астындағы жанары шүңірейе, тереңдей түсіп, суыра тартып барады. Бетінің бір жері ақ, бір жері қызыл, теңбіл-теңбіл.

— Ел-тай! — деді тамағы құрғап.

Түсінікті-е... Бастық жарты минуттан соң беті шылп етпей: «Анау журналдың пәлен санын кітапханадан іздеп келші. Менің поэзиямды жариялапты. Бір үлкен кісі сұратып жатыр», — дейді. «Шығып тұр!» — деген ымды ұқпасаң, дымды ұқпағаның.

Елтай орнынан тұрды да, бір бума хатты қолтығына қысты, дәлізге шығып, машбюроны маңдайға алды.

Ішке бас сұғуы сол, иіс су, жазу машинкасы майының иісін сезді, жаппай жарысқан қалың сатыр-сұтыр құлағын тұндырды. Елтай сәлемін қаз-қатар отырған бикеш, бикелер миземеді. Ертеңгі газетке деген шұғыл материалдар — соңғы хабар, спорт жаңалықтары машбюроға таңертең қап-қабымен түседі. Қысқасы, аз сөйлеп, көп істеп, тезірек табан жалтыратқан жөн. Мұрындарына су жетпей отырған қыздар қиқақты көтермейді, сөзбен, қабақпен болсын, аямай жасқап жібереді.

Елтай әдебиет пен өнер бөлімін басатын Тотыға беттеді.

Бір ауданның саудасын басқарған шоң желке әкесінің буы ма, бұл ақ сары қыз ернін шүйіріңкіреп жүреді. Осындағы шет тілдері институтында оқыпты. Кекіліне жел тимей өскен ерке шолжаң қыз бірінші курстан қала өмірін едел-жедел игере бастайды. Құлашын кең сермей алады - ayданнан айына мол ақша келеді. Айналасы екі жылда өзі, ортасы туралы көп ой түйді, бұрынғы көп түсініктерінің асты-үстіне келді. Әр дәуірде жазылған шетел әдебиеті қатты әсер етті. Ақыры, әбден тентіреген қыл өзі қай заманда өмір сүріп жүр, айырудан қалды, өйткені кино, эстрада жұлдыздарының бәріне бірден ұқсағысы келді. Шетел киімдерінің бағасына қарамай сатып алып, қатып киінді. «Кент», «чао», «рэ» деген сүйкімді сөздерді акцентсіз айтатын болды. Сонсоң іске кірісті. «Бісмілда» деп эстрада, сәннің соңғы жаңалықтарын білмейтін жерлес қыз-жігіттерден ірге бөлді. Іле жатақхана жанындағы жеміс-жидек дүкенінде жүк таситын таулық жігітті құлай сүйді. Орақ мұрын, бүркіт қабақ жігіт көп бас қатырмады, Тотыны жазғы каникулда алып кетпек болды. Қыздың әкесі: «Күйеу бала сауда маңынан екен, бөтен емес. Келсін, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап береміз. Көнсе қолыма алып, шашлычныйға қоямын», — депті. Ал Кавказдағы әке-шеше қатал екен: «Қазбек тантымасын, бесіктен атастырған келін бар. Құдай қосқан қосағы екі көзі төрт болып күтіп отыр. Екі жылдан соң, шүкір, кәмелетке толады. Казбекті біз қыз емес, қалың мал тауып кел деп жібергеміз. Бата бұзса, басы кесіледі баланың», — деп, үшбу сәлем айтыпты.

Жігітке алдымен бас керек: «Тамара, мен мігіт емес, жігітпін, әке-шешенің айтқаны мен үшін заң, кешір, басың бос», — депті. Тамара — Тоты әлгі жерде қайғыдан қан құсып, оқудан жата қап безінеді. Бір таныстары арқылы өткен жылы осы машбюроға орналасқан. Махаббат мұңынан әлі айықпаған ба, алғашында Тотының қабағына қар, кірпігіне мұз қатып жүрді. Әркім өз қайғысымен әуре. «Алла-ай, есіңді жи, махаббаттан өлген ешкім жоқ. Қазбектің орны толады әлі», — деген жан болмады. Соған ренжіді ме, Тоты редакциядан іргесін бөліп алды. Келеді, кетеді, анда-санда дос қыздары телефон шалады. Ондайда бал-бұл жанып, құлпырып кетеді. Небір әдемі әзілдер айтады. Ал машбюроның қыздарымен керісінше қатаң, қысқа да нұсқа тілдеседі. Әлгі Қазбегі түскір анда-санда жүз көрсетеді. Тоты оны көрсе бітті, көзі боталап, дәлізге ата жөнеледі. Орта бойлы, шүңкиген жас бала. Қол-аяғы балғадай әдемі қыз қырым еті жоқ Қазбекке қалай ғашық, ол түсініксіз дүние.

Қыз қасына Елтай құйрық басып еді, машинка сартылы сәл өзгерді. Ана жолы сөз арасында балалар үйінің мектебін орысша бітіргенін, университеттің тіл факультетінің қазақ бөліміне әдейі таңдап түскенін шет жағалап сездірген. Тоты бұған әмсе таң қалып, әмсе ытырынып қараған. Әлгі сөздің шын-өтірігін білгісі келді ме, шылғи орысша сөйледі. Бұл да шарықтады. Мұны қалай бағалады, қайдам, Елтай Тотының орысшасынан көп ақау тапты. Кейін естіді, қыз қазақ мектебін бітіріпті. Тамара, Таняға айналғаны соңғы екі-үш жыл...

Содан бері Елтай жақындаса болды, ернін қымқырып, іскер қалыпқа көшеді. Басын көтермейді, аман-сәлемде ғана сәл қызарып, сартыл да сұртылды үдете түседі. Бұл жолы да сол сазарыс, сол тымыраю... «Мына материалды бітіре қойшы, анау мақаладан қате жібермеші, Тоты айналайын, деген сөз өтіп кеткен қыз ғой» деп ойлаған да қойған.

Кабинеттен қаны қайнап шыққан жігіт келе Тотыға тиісті. Екі тең хатты қыздың оң қолтығының астына бұрқ тастады.

— Есен-саусыз ба, Тоты? — деді көтеріңкі жалған үнмен.

Қаймақ қабақ қыздың қаймыжықтай еріндері жыбыр етті. Мұның әр сөзін шынға балап, таразыға тартады. Ол таразылаған сайын Елтай да ойыншыл; қыз бен жігіт арасындағы сөзді салмақтайтын жанға жыны келетін.

Тіп-тік сірескен Тотыға бұрылған жоқ, алдына қараған беті еп-елеусіз ғып:

— Сен өте әдемісің... Оны өзің біле де бермейсің, — дей салды.

Көзімен клавиш сипаған бойжеткенде үн жоқ. Не өз құлағына сенбеді, не мазақ деді. Елтай кез келген хатты көз алдына тосып:

— Мен сені алғаш көргенде таң қалдым, — деп салды. Мұндайда небір қыздың қызы «Неге?» деп от тиген жұқа қағаздай лап ететін.

Тоты селт етпеді, көп сартылдың арасында:

— Сіз ауа райына лайықтап неге киінбейсіз? — деді.

Жігіт біреу тас төбеден қос қолдап ұрғандай мәңгіріп әлі отыр. Минуттан соң күрмелген тілі кәлимеге келді.

— Неге олай дедің?

Қыз қаймықпады. Көзімен терезенің арғы бетіндегі ақ әлемді нұсқады.

— Бүгін қар жауды. Ал сіз жаздық ақ шалбармен жүрсіз.

Онысы рас.

Күрсінді.

— Бізде... мода қусаң ақыр аяғы бірдеңені бүлдіріп тынасың. Мүмкіндік пен мәдениеттің өзі сол...

Тоты мырс етті, машинкасын тоқтаусыз баса берді. Шынымен Елтай ойлағаннан гөрі терең қыз ба?

Енді жігіт әсіреқызыл қыздардың қытығына тиетін сөзін айтты.

— Сіз... сіз Элвис Преслиге ұқсайсыз! — Түк шімірікпеді.

Клавиш гуілі бірден баяулады. Күле жаздады. Тотыңыз торға түсті! Енді жұмған ауызды ашпай тек соңын тосу керек. Арғы жағын қыз дамытсын. Сәлден соң қыз сыбыр етті.

— Ол... «Вестсайд тарихында» ойнай ма? Әдемі жігіттің ғашығы ма? Міне, шашы мынадай... — Тоты алақанымен бұйра-бұйра желке шашын көпсіте көтеріп-көтеріп қойды.

Елтай іштей сылқ-сылқ күледі. Несін айтасың. Тотының жасанды бет пердесін жұлып алса, ауылдың көрсеқызар шөпжелке қызы шыға келеді екен. Қалаға келгелі үсті-басына өйтіп-бүйтіп жапсырған маймылдық мәдениетінен түк қалмады. Өзіне білте-білте шашы көзін жапқан, алкоголь мен наркотиктен бет-аузы күп болып іскен атан өгіздей Преслиді көрсетсе ғой... Қайтсін енді. Тоты шетел өмірін кино арқылы зерттейді. Не бары бір жарым сағатта небір сылқым сері кино жұлдыздарын көріп, кинотеатрдан керемет байып шығады. Сондықтан табынатын пірі — кинодағы қызыл-жасыл қыз, жігіттер. Шетел өмірін кітаптан да оқып білуге болады, оған уақыт жоқ, қалыңдығы кере қарыс томдарды оқып біткенше шаш ағарады.

Қыз Елтайға елжірей қарады. Ойы белгілі. «Молодец қой мына жігіт! Әлгі Преслидей сылқым бикеш ойнаған киноны бұдан бұрын көріп үлгеріпті. Фраер таныстары бар, яғни... Тоқта, тоқта. Осы жігітің Кино үйімен әмпей-жәмпей емес пе? Әйтпесе Элвис ару ойнаған киноны қайдан көреді? Ондай фильм қалада жүріп жатса, ең алдымен Тоты неге естімейді, елдің алды болып неге көрмейді? Дұрыс, Кино үйінде екен танысы». Іші қазандай қайнап, өкініштен ернін тістеледі — ақыры машинка басады екен, тым болмаса Бриджит Бардо, Ален Делон, Мэрилин Монро, мына Элвис Пресли ойнайтын фильмдер көрсетілетін Кино үйіне не қып орналаспаған? Бір қырын отырған Елтайға көз астымен қарап еді, іші жымиды, Ален Делонға шаш қойысы келеді екен.

— Жо-оқ, ол басқа кинода ойнаған. Ол фильм Алматыға әлі жеткен жоқ. — Әрі қарай көйіте беруге Елтайдың жүзі шыдамады. — Кеше кешке телевизордан, «Кинопанорамадан» көріп ем.

Елтай әманда өстіп құритын — бастаған өтірігін аяғына дейін алып шыға алмайды.

Қасын қайшылап, түйіле қалған Тоты:

— Солай ма? Бар болғаны телевизор ма? — дегенде жылай жаздады. Таң-тамаша атаулыны кино, эстрададан іздейтін қыз әбден қиналды. Алпыс жасар шалдан алты жасар балаға дейін құлағын бұрайтын телевизор жаңалық па, «Кинопанорама» таңсық па? Телевизорды ол өте-мөте жек көретін — барлығы көреді.

Ойынды кім болсын бастай біледі. Мәселе аяқтай білуде. Бұл аяқ жағын бытыратып алды. «Только честные и мошенники могут найти выход из всякого положения, а тот, кто хочет в одно и в то же время быть честным, и мошенником, не имеет выхода» деген Чехов анық данышпан. «Желіп келе жатқанда, түсіп кеттім апанғаның» кері. Не болса о болсын:

— Менің режиссер досым бар... — деп салды.

Тоты қолма-қол тасқа айналды.

— Что вы говорите?! — деді әлден уақытта ышқынып.

— Иә... Қазір командировкада. Басқа республика... е, шетелде кино түсіріп жатыр.

— Чудеса! Таныстырасыз ба? — Тоты іштей Елтайдың профилі Қазбекке ұқсайды екен деп тапты.

— Үш айдан кейін келеді, — деді Елтай беті шылп етпестен. Оған дейін Тоты да машбюрода омпиып отырып қалмас. Не билет жыртатын контролер болса да, киносына төте жол табар, не Кавказ тауларына бет алады...

Тотының төбесі көкке жетті әлгі жерде. Режиссермен танысады — қандай бақыт! Көктен іздегені жерден табылды. Танысқанда не демек, не сөйлеспек, ол туралы ойланбады, тек сұмдық қуанды. Ол киноға түсемін, бас пайдама бірдеңені жаратам демейтін, тек жақын-жуық жүрсе болды, сол жетеді. Қазбек алғыр жігіт, әйткенмен дүкен, көк базарға мықты болғанмен, кино әлемінен әлі алыстау, риза болғаны сондай — хат ақтарып, монтиып отырған жігітті сүйіп алғысы келді. Біреуді шын көңілімен жақсы, яки жек көрсе, Тоты баяғы ауыл қызы қалпын кайта табатын. Көптеген фильмдерден жапсырған қырық жамау әдеттері есінен шығатын. Осы жолы да сөйтті. Қаннен-қаперсіз отырған Елтайдың бүйірінен бас бармағымен түртіп қалды.

— Өзің сеп-семіз екенсің, арық па десем... — Сылқ-сылқ күлді. Тоты тек алыстан әдемі, сыпайы, сырғақ еді. Жақындап келсең дөрекі, доғал сөйлей бастайтын.

Елтай орнынан тұрып кетті. Тотының бүйтіп тез өзгергеніне өкпелі. Қылтың-сылтыңы әншейін екен, керегінде киетін, керек жоқта шешіп тастайтын көйлек сияқты жалған әдет екен. Күні ертең Тоты дәм бұйырып, бір зоотехник жігітке тиіп алса, қара домалақтарды бірінен соң бірін шұбыртып, самаурын түбінде қызыл шайды сораптап, терлеп-тепшіп отыратын сары қарын бәйбішеге айналар еді.

Өзгерісті Тоты да аңғарды. Ернін қымқырып, машинка кассасына еңкейе түсті. Хаттарды өзіне жақындатып:

— Бүгін қолым тимейді. Ертең басып қоямын. Түстен кейін аласыз, — деді күңгірттеу сөйлеп. Сосын кассаны жайымен сырт-сырт басып отырып-отырып, көзі жасқа тола сыбырлады. — Почему вы меня оскорбляете? Чем я перед вами виновата?

Елтай абыржыды — қыз сөзінің жаны бар еді.

— Кешір...

Сырт айнала беріп еді, қыз:

— Вам жениться надо, дяденька! — деп, іштен шалды.

Дәлізге шыға беріп, мырс етті. Шынында да, үйлену керек. Соңғы кезде қыздарға қыры болмай жүр — кәрі бойдақ! Студент кезінде қызға жолы болғыш-тын. Қазір керісінше. Мұның тым тұйық мінезі, кітабилау сөзі бойжеткендерге жақпай ма, көбі үркіп қарайды. Кепкен балықтай ащы бірдеңе. Кітап басқа да, өмір басқа. Тоты да соны меңзеді.

Кенет дәл иек астынан бөлім есігі шалқалай ашылды, дәлізге тақпақшыл қыз тығындай атылды. Бет ұшы мен құлағы қып-қызыл. Адырайған көзі, құдай біледі, дәнеңе көрмейді. Тақпағы не сұмдық, мақталған, не жеріне жете датталған — екеуінің біреуі...

— Қалай, жариялана ма өлеңдеріңіз?

Баспалдақтың жиегіне асыла кеткен қыз түк естімеді.

Тек тұрғанша:

— Қашаннан бері жазып жүрсіз? — деп жыбырлап еді, қыз басын көтерді, бетіндегі алау-далау өшкен, моп-момақан. Қыздың бір нәзік жерлері өле бастағанға ұқсады Елтайға. Қыз солғын, әйтсе де нық үнмен:

— Мен енді... тақпақ жазбаймын, — деді, бір басып, екі басып, баспалдақпен төмен түсе бастады.

— Неге?

Жауап қайтпады.

Бөлім бастығының көзі кірбиіп, шашылыңқырап отыр. Қабара түсіп, бір нүктеге ежірейе тесіліп отырды да:

— Мына телефонды жазып алшы, — деп, үстел календарының бетін иегімен нұсқады. — Анық-қанығы есімде жоқ, бір қырылдақ шал сені іздеп, құлақ етімді жеп қойды.

* * *

Есікті қырық па, елу ме, қара көлеңке еркін айыртпады, мосқал адам ашты. Таңырайған танауын көтеріп, қалың әйнекті көзілдірігінің астынан Елтайға ұзақ қарады. Қырылдай:

— Сыпа-та-ев? — деді бөліп-бөліп.

— Иә.

— Кір...

Шалқақ төс паң талтаңдап алға түсті. Елтай қан қызыл кілемнің түгін қызыл асықтан кешіп, өкшесін басты.

Жазушы кітап стеллаждары саптағы сарбаздай сыңсып тұрған бөлмеге бастап кірді.

— Отыр.

Елтай енді байқады: бұл кісі алпыстан еркін асқан шал ал екен. Сұйық, ақ шашын самайынан екіге жарыпты: үсті-басы күтімді. Қамыт аяқ адамның әдетімен теңселе басып, жай қозғалады, тіс арасынан салмақтап сырбаз. сөйлейді, көзінің қарашығы екеш қарашығы да қозғалуы неғайбыл, қиын шаруа. Елтайға қайтып бұрылмады, үстелде жатқан «Марльбородан» шылым алып тұтатты, онысын құнығып сормады, саусақ арасына қысқан күйі:

— Мен қазір... — деді, шалқайған күйі ас үйге кетті.

Елтай төңірегіне қарады. Қақ төрде бұғының істік - істік мүйізі, үстел үстінде Нефертити бюсті, еденде кілем, столдың оң жағында тақта төсек, артық зат жоқ, тап-тұйнақтай. Аc үй жақтан әйел үні естіле ме деп еді, әлденеге соғылған қаңылтыр шыңылы, су шүлдірі жетті, шырпы дар-р етіп жанды.

Жиһаз жасауға кедей бөлме күңгірт. Бояуы сол ма, ыс басқан ба, оны итім білсін. Әрі-беріден кейін Елтай өзін есік-терезелері алынған алаң - ашық иесіз пәтерде отырғандай сезінді. Бір нәрсе жетіспейді — ол анық. Оның не екенін сүт пісірімнен соң ұқты; даңғыраған үш бөлмеде бос ауа ғана тұнып тұр, тіршілік дыбыры — ас үйден шыж-быж дыбысы, ал жатын бөлмеден сан алуан иіс су мен опа иісі, яғни әйел тірлігі жетпей тұр. Оның. орнына қағаздың, онда да көгіс тартқан қағаздың дымқыл иісі сезіледі, сосын шалқақтаған жазушы алай бір, былай бір жайлап өткен сайын кәріге тән жердің сыз иісі жіңішкелеп жеткендей.

Жазу үстелінің шетінде жатқан папка көзіне оттай басылды. Ай бұрын баспаға тапсырған әңгімелер жинағы... Папкінің бауы ағытулы.

Астарына жүн салып қабыған желеткелі жазушы ауыр қозғалып отырды да, шылымын сорғылады. Қалың көзілдірігінің астынан қайда қарап отыр, Елтай бағамдай алмады. Темекі күлін қақты, папкі үстіне алақанын жазып салды.

— Алғашқы жинақ?

— Жоқ, екінші. Алғашқысы былтыр жарық көрген...

Ол папкіні ашты.

— Тісеген бала екенсің. Ашық сөйлесейік... — деп, танауын және көтерді. Сәл ыңырана таразылап сөйледі. — Қолжазба ұнады... Кейбір жері ұнағандықтан шақырттым сені. Жақсылығың өзіңдікі, тартып алмаймыз. Ал жаманнан құтылу әсте қиын. — «Қалайсың бұған?» дегендей көзілдірік астынан шақырайды. Жігіт сыр бермеді. Қарт жазушы артын көтеріп, сәл қозғалды. — Кемшілігіңді тілге тиек етейік. Тұтастық жоқ... Әңгімелерін стилі, кейіпкері дамуы, олардың өмірге көзқарасы, сөз саптасы жағынан жеке, жеке, қызыл шеке... Таза реализм мен ирреализм қым-қиғаш аралас... Себебі не, айтамысың?

Елтай оны өзі де білетін, мойындайтын. Мына кісі тамырды дәл басады екен.

— Сөзіңіздің жаны бар, аға. Бұл мәселе менің де басымды ауыртады. Бірақ жөндеу, қайта қарау қолымнан не келмеді, келмейді де.

— Неге? — Қарт жазушы көзілдірігін маңдайына ысыра көтеріп еді, ақшыл көзі боп-боз екен. Тіптен жасқаншақ қарай ма, қалай? Елтай бетін бұрып алды.

— Аға, сіз де жас болдыңыз.

— Қазір де үгітіліп тұрғам жоқ.

Елтай кекесінді елемеді.

— Оның ар жағында күміс қоңырау балалығыңыз қол бұлғап тұр... Сонда хал-жайыңыз қалай еді, айып болмаса айтып берсеңіз...

Батыл сөйлегенін кеш ұқты; балалар үйі өстіп анда - санда шаң беретін. Қарт оны көңіліне кек алмады.

— Сұрайтын несі бар? Кедей ауыл, қараңғы ауыл... Мыңғырған малы бір жұттан қалмай жүген-құрық ұстап қалған ауыл... Аш - ауру, пәс ауыл... Қайтеді? — деді.

Елтай көтеріліп кетті.

— Сол пәс халықтың баласы, немересі, шөбересі, неменесі — мына біз бүгінде мартен пешінде болат қорытамыз тың көтеріп, Отан қамбасына миллиард пұт дән құямыз. Атом реакторлары теңіз суын тұщылайды, космос корабльдері ұшады...

— Иә-ә... Сөзің аузыңда. — Тамағын қырнаған жазушы бетін есік жаққа бұрып салды. Езу ұшына жымиыс жүгірді.

Жігіт өрши түсті.

— Біздің бір аяғымыз космос заманында, екінші аяғымыз жаңағы сіз айтқан өксіген өмірде тұр...

— Қалай-қалай? — Жазушы екіге үшті қоса алмай отырған бірінші класс оқушысына ұқсап мандайын кіржитті.

— Әңгімелерім түрлі-түрлі болса, сол қилы-қилы заманның, көлеңкесі қолжазба бетіне түскен шығар.

— Солай ма? — Жазушы шалқая түсіп, қасын керді.

Елтай тағы ереуілдеді.

— Жүз, жүз жиырмамен заулаған шофер тек жол сорабын ғана көреді, ал қалған дүние ол үшін бұлдыр. Біз сондай жүйрік машинаға мінген елміз. Кеміс кетсем, сол желмен жарысқан жылдамдықтың кесірі...

Қарт қаламын тықылдатып біраз ыңыранды. Әлден уақытта ауыр қозғалып, түзеліп отырды.

— Айтып отырғаның бастан асатын үлкен әңгіме... деді созбақтап, — Қоя тұрайық. — Ойланды. Қаламын қолжазбаның ең үстінде жатқан парақтарға шұқшитты. — Оқы...

«Алтын күрек» атты әңгімесі... Айналасы он шақты бет. Бұған неге арнайы қадалды?» Алақтап жазушыға қарап еді, ол тебіренбеді.

— Оқы!

Дел-сал, бейжай дауыспен оқи бастады.

«Дүк, дүк, дүк...

Оянып кетті, көзін ашты. Аузы қаңсып жатыр. Таңдайы темір татиды. Әдепкіде түк көрген жоқ. Тас қараңғылық екі иықтан албастыша басыпты. Ұйып қалған қол-аяғын көзге көрінбес ұсақ құмырсқалар тістелеп жатқандай шым-шым етеді.

Дүк, дүк, дүк...

Әр секундқа ілесе шыққан дүкіл ғана тірлік белгісі.

Оң жамбасына әупіріммен аунап түсіп еді, иіс сезді. Қатарындағы жас келіншектің қолаң шашынан шашырап жеткен етене таныс иіс. Келіншек ұйықтап жатыр. Қолын созып еді, алақанына шаш талдары тиді. Күрсінді. Қара шаштан қайран жоқ — дүкіл өшпеді. Бұл не сонда? Сағат десе, ондай жылтыраққа әуестігі жоқ. Бір күн жүрсе, екі күн тоқтайтын қоңыраулы сағатты апта бұрын портфельге атып ұрып, жөндеу шеберханасына апарып тастаған.

Оқыс ойдан селт етті.

Түйе жүн көрпені ысырып тастап, келіншегіне қарай созылды. Келіншегінің жүрегі ауырады. Кемінде екі-үш айда бір қалпақтай түсіріп, бетіндегі қызыл реңді сұйылтып кететін соқпасы бар еді.

Құлағын келіншегінің сол жақ көкірегінің астына тосып, тың тыңдады. Әйелі сәл созылып, ыңыранғанымен оянбады.

Жігіт қос тізесін құшақтап отыр.

Келіншек дін аман. Жүрегі дүкілдемейді де, тарсылдамайды да. Сағатша соғып тұр.

Дүк, дүк, дүк...

Көзі үйренген бе, манағы тас қараңғылық сан жуылып, сан ілінген ескі пердедей селдірей түскен. Ақ бояу мең сырланған ағаш төбе, төбеден өрмекшідей салбыраған шоқпар бас электр шамы, еденге тасталған құрақ көрпе қылаң ұрады. Таяқ тастам жерде күнде-күнде жас келіншек аяқ - табақ, қағаз - дәптер қоятын ескі үстел, үстел бетіне жабылған арзан қол клеенка бұлдырайды.

Тайпақ, орындықтар қайқиып тұр. Барлық зат орнында. Бөтен ешкім жоқ. Ау, ендеше, түн ортасында шырт ұйқыдан оятқан мына дүкіл не?

Дүк, дүк, дүк...

Пердесі түсірулі ақ шел терезеге қарады. Терезенің арғы жағы алақандай аула... Ауланың кейде ашық, кейде жабық аласа қақпасы бар. Дыбыс, сыбысы сол сықырлауықты шалқасынан ашық тастап, ішке кірген әулекі мас біреу болмасын. Екі ай бұрын қораның бұрышынан күпәйкесін жамылып, қорылға басқан ондай пендені әупіріммен оятып, қақпадан шығарып жіберген.

Төсектен аяғын салбыратып еді, жалаңаш балтыры мен санын суық қапты. Қамыс қабырға жалғанда жылылық ұстай ма, ақшамдағы ұядай пәтер түн ортасына қарай азынап сала беретін. Кілт еңкейіп, төсек астын сипалап, араздасып қалған ерлі-зайыптыдай екеуі екі жерде қисайып жатқан бәтеңкесін тауып алды. Қоңылтақ киді. Тұра беріп еді, буындары сықыр-сықыр етті. Бұрыш жақтан бір-екі тышқанның жан ұшырған шиқылы шықты. Үйге түскен ұры құсап, аяғын ұшынан басса да, қиюы қашқан ағаш еден зар жылады. Қармаланған қолы қабырғаға тиді. Жарты әлемді алып тұрған орыс пешінің, бүйірі екен. Көмір шауып, тамызық ұсақтайтын жаман балтаның жып-жылтыр суық, сабы қолына ілікті. Есікке беттеді. Жолай киім ілгіште салақтап тұрған бешпентін алып, иығына ілді.

Ауыз үйге шығып, сыртқы есікке маңдай тіреді. Екі мәрте нығыта итеріп еді, міз бақпады. Имек тұмсық ілгек есіне түсті. Астынан жұмырығымен періп қалып еді, зыр айналды. Жер астында жеті күн отырғандай сыртқа атып шықты, тереңнен тартып, кеңінен дем алды. Кеңсірік жаратын суық іздеп еді, керісінше, танауын жылы ауа ұрды.

Жылы леп жігіт төсіне жібек орамалды деміл-деміл басады.

Өз көзіне өзі сенбеді.

Беу дүниенің берекесі қашыпты.

Мына аула кеше, одан арғы күні, тағы - тағы күндері кар жамылып, үй ығын ақ қояндай паналап жататын. Көмір иісі басын зеңгіте бергесін, сыртқа таза ауа іздеп, ел орынға отыра шығатын. Қардың таза иісі қолқа - қолқаны аралап, танауын жарушы еді. Саршұнақ аяз әлекедей жаланып, құлақ, бет ұшын тістелейтін, суық қолын сумаңдатып қойны қонышына емін-еркін салатын.

Қыскасы, қыс еді.

Қазір ше?

Аула шұп-шұбар. Шие ағашының қары түскен қара бұтақтары түнгі аспанды шимайлап бағыпты. Жайшылықта аяқ бассаң, қаңылтырдай қатыр-құтыр ете қалатын қасат қар ылжырай езіліп жатыр. Дым алған кетік ағаш күрек қора есігін маңдайымен сүзіп тұр.

Баспалдақты былқ-былқ басып түсіп, құбылаға қараған қақпаға беттеді. Мойнын созып, көшеге қарап еді, алағай да бұлағай жел пілте - пілте шашын тарақтай жөнелді.

Лекіл де лекілбай алтынкүрек сыпырта соғып тұр...

Дүние ел-сел. Көкжиек мұқым көрінбейді. Күн шықса төбеде көк қолшатырша айналатын, түн болса, тұңғиықтанып, тереңдеп кететін астам әуе, жұлдыз, ай көрінбейді. Сұп-сұр бұлттардың алпы-салпы су етегі жер сыпырады. Сақылдаған сары аязда дыңылдап ән салатын зар жақ телеграф бағаналары үнсіз. Сым байланған аппақ құлағы ғана мен мұндалайды. Алты ай қыс бетінен шаңы шығып, көгеріп-сазарып жататын аласа таулар қарындашпен сызғандай ап-анық: беткейдегі қарағайлар аш адам бетіндегі тікенектей ұзын-ұзын; жүлге-жүлге сайлар тереңдей түскен. Бүлкектеген қара ит әр жерді бір иіскелеп, кешені кесіп өтті.

Айхай дүние сыдырта соққан алтынкүректің өтінде көктем атты перзентке толғатып жатыр.

Дүк, дүк, дүк!

«Ойбай, алтынкүрек, шіркін, алтынкүрек, ойхой, алтынкүрек» деген ойдың жетегінде апалақтап жүріп, мән бермепті — үйдің қара көлеңке бұрышы дүкілдейді. Құлағының құрышын жеген көп дүкіл...

Кері бұрылып қараңғы бұрышқа қарай адымдады.

Еріген қар суы шатырдан газ жәшігінің жұқа қаңылтыр қақпағына үздіксіз дүк-дүк құлайды... «Көктемнің жүрегі соға бастапты, — деп ойлады жігіт. — Мына дүкіл — бүгін дүниеге келген сәби көктем жүрегінің алғашқы лүпілдері».

Жігіт кеудесін керемет қуаныш биледі. Өзі тәртіпті, әдемі қуана білмейді екен, бешпентін апыл-құпыл шешіп, умаждап алды да, аспандағы бұлтқа қарай сермеп лақтырды. Бешпент әуелеп сала берді, қанатын жайып, құсша қалбақтап қалықтады. Жігіт бостандық алған негрдей аядай аула ішінде ордаңдап, ойқыл-тойқыл қарғып, секірді дейсің, секірді - ай! Сыдырта соққан алтынкүрек қол-аяғынан іліп алды да, қақпақылға салып, бозғылт бұлт арасынан бір-ақ шығарды. Бұлттың нар белінен тас құшақтаған жігіт жер-көктің арасында алтыбақан теуіп тұрып, көктем сәбидің қылығын қызықтады, қызықтады да дүниені жаңғырта айқайға басты».

— Тоқта! — Ақсақал алақанын әлсіз жайқады. — Аты не?

«Алтынкүрек», аға...

— Аспанға ұшқан жігітті айтамын...

Қитығы келген Елтай:

— Қаласаңыз, Мырқымбай, — деді.

Шал қасын кереді.

— Мейлі. Ары қарай...

Айқайдың бір емес, қырық түрлі себебі бар; атың өшкір қыс - құда желтоқсан, ақпан, қаңтар бойы бұған көресіні көрсетіп баққан. Терезе қиығынан, есік жапсарынан ақ жылан бу — аяз сумаңдай кіріп, аяққа шырмауықша оратылатын. Көмейіне шелек - шелек көмір салған сайын маздап жанған жалмауыз пеш, обалы кәне, аядай бөлмені оңай-ақ моншаға айналдырушы еді. Амал не, қабырғасы қамыс пәтер таңға таман аңыраған қораға айналады. Ондайда жаураған жігіт пен келіншекті түйе жүн көрпе мен өздерінің жылуы ғана құтқарып қалды.

Қуырдақтың көкесі кар қалыңдап жауған күні басталады. Келіншегі жұмыстан келе шелек - шелек көмір қызып зыр жүгірсе, жігіт алақанына түкіріп, ауладағы көбік қарды күрейді. Кетік тіс ағаш күректің ернеу - ернеуінен асып төгіліп, мамықтай шашылған ақ ұлпа ит рәсуәсін шығарады. Қойнынан бу, қонышынан қар бұрқыpaп, өлдім-талдым дегенде ауланы күреп бітірсе, күрек, сыпырғы тимеген ат шаптырым қора келсең кел дейді, оны жайғаса, күрегі үй иесі қызыл көз шал мен ақ бас кемпірдің әжетханаға барар жолын тазалап, жылмаңдайтыны тағы ақиқат.

Қырсығы шаш-етектен сол қыңыр қысты мына көктем, алтынкүрек көктем құйрыққа теуіп, ауладан айдап шығып, ақ бас таудың сауырынан сыпырып түсіріп, кішкене қаланың көшелеріне табан тіретпей, әйда, алыс-алыс қырға тырқыратып қуып барады. Кәне, масайрамай көр, әуеге бешпент лақтырып, ордаңдап секіргеннен секіріп, аспанға атып шығып, орай да борай бұлттың нар беліне жіңішке білегіңді артып, арлы-берлі тербетіле сыңсып, ән салмай көр...

Жігіт мұны істемеді.

Жеті-сегіз жыл бұрын желігіп жүрген бозбала кезінде аспанға атылар еді, егер шыға алса, әй, о да ықтимал, содан кейін ұят-сұятты жиып қойып ән салар еді! Ал қазір... атама. Қазір жігіт есеп біледі, екі жыл бұрын оқу бітірген, жә деген семья басы. Дардай мекемеде бір столға ие. Самай шашын қыс алған бөлім меңгерушісі келер жылы көп кергімей пенсияға кетсе, ол жылтыр бет үстел кіші-гірім кабинетке айналып қалуы...

Ол үшін ақырын жүріп, анық басу керек.

Қала шетінен жас әтеш сыбызғылатты.

Таң жақын.

Үш-төрт сағаттан соң келіншегі екеуі түннен қалған сорпаны жылытып, соғып алады. Сонсоң шоқайлары тарсылдап, етек-жеңі желбіреп, қаланың екі шетіне қарай тарта жөнеледі. Кабинетке алқын-жұлқын кіре жұмыс мықтының жағасына жармасады. Ол итжығыс жағалас былай күндері сегіз сағатқа созылса, ай, тоқсан, жыл аяғында он, он екі сағатқа жетіп жығылады. Сол салбурын жүйке соғысына төтеп беру керек, ол үшін мына қауға бас ертең таңертең тың болуы қажет. Ендеше, алақандай аулада сенделе бермей, келіншегінің қасына жата қалып, қорылдап тұрып ұйқы қандыру керек. Ұйқы қанбаса, әлгі жұмыс жұлымыр ертең қас қарайғанша теуіп-теуіп тезегін шығарады, ал әлден тезегі шығып, көңі бұрқыраса, жас қызметкерден келешекте не үміт, не қайыр?

Болу керек, толу керек...

Бешпентін қаусырынып үйге жөнеді.

Баспалдаққа он аяғын салып тұрып, маңайына шаршап қарады. Алтынкүрек үдей түскен бе, шие бұтағына жалғыз қолымен жармасқан қу жапырақ мұңлы ызыңдайды. Аласа қораның төбесінен қар сырғып құлап еді, іштегі қызыл әтеш шошып оянды ма, қытқылдап, қанатын шапыр-шұпыр қақты. Шақырған жоқ. Одан басқа дыбыс жоқ, әлем өлген.

Дүк, дүк, дүк...

Газ жәшігінің төңірегінде ғана көктемнің кішкене жүрегі талмай соғады...

Жігіт баспалдаққа салған оң аяғын тартып алды.

Мына діңкені құртқан дүкілді қайтеді — жігіттің қиналған жері осы. Көп дүкіл онсыз да жұқа жүйкеге қамшы үстіне қамшы. Жуықта пәтер беріледі дегелі жұмысқа ерте келіп, кеш қайтып, көк жұлын болып, кезге түсіп-ақ жүр. Шаруасы бітпесе, есепшотын, папкісін қолтыққа қысып, үйге ала қайтады. Аядай бөлмеде сарт-сұрт соғылған шот пен қалам сықырының дуэті түннің бір уағына барады.

Аяғын сүйрете басып, газ жәшігіне барды. Пышақ қырындай жұқа қаңылтыр қақпаққа қолын соза беріп еді, о тоба, титімдей оқ ішін көктеп өтті. Ішін басқан күйі бүгіле беріп, кейін секірді. Келесі оқ тағы инедей қадалды. «Дүк!»-ті естігенде барып жеңіл күрсінді. Оқ емес, қақпаққа сып-сып құлаған тамшының шашыранды суы екен.

Бешпент өңірін сол қолымен қаусыра беріп, ілгері ұмтылды, оң қолының сұқ саусағымен газ қақпағын іліп алды, жоғары қайырып тастады.

Дүкіл өшті.

Атам заманнан жәшік түбіне шегіп, баттасып қалған қоқым-соқымға тамшылар борп-борп түсіп жатыр.

Мең-зең тыныштық.

Жер тартқан аяғын әрең алып, үйге беттеді. Сатымен жоғары көтеріле бергенде, мана өзі босағаға сүйеп кеткен балтаның шошайған сабы балтырын сүйкеп қалмасы бар ма. Теуіп жіберіп еді, сабы бұлаңдай ойнап, газ жәшігінің түбіне жер бауырлап жата қалды. Аспанға қарады. Қорғасын бұлттар қатып-қатып тұр. Тамайын-тамайын деп, желіні жер сызады. Көзі ауырғанша көкжиекке тесілді. Қос бүйірін таянған қара көк таулар ауысып алмасқан ала көбең шақта оң, солға сезілер-сезілмес теңселгендей.

Есікті ашып, үйге бас сұға беріп еді, қорадағы қызыл әтеш шақырды.

Бешпентін сылбыр ілді. Бәтеңкесін шешіп, құлағынан көтеріп алды да, төрге озды. Жым-жырт... Қос бәтеңкені пеш астына мина қойған сапердей сыбыс шығармай жытырып жатып есінеді. Құлақ салды. Дүкіл жоқ. Тышқан да шиқылдамайды. Ауыр ауадан тынысы тарылды. Төсек жаққа көз салып еді, қараңғыға үйренген-ау, тез айырды — келіншегі екі қолын екі жаққа тастап, жастық үстіне шашылған қолаң шашының шымқай қара толқындарына тас батып жатыр. Төсекте жары емес, үлкен фото жатқандай іш тартты. Төсек шетіне құйрық баса беріп, оң жамбасына жантайды, қалқан құлағын әйелінің көкірегіне басты.

Дүкіл түгіл лүпіл жоқ.

Келіншегінің жүрегі тоқтап қалыпты».

Н-да-а... Сонымен... не өзі?

Шолақ танауы таңырайып жазушы әлі отыр. Көзі стеллаждарда: әңгіме тыңдаған адам емес секілді. «Аузың барда асап қал» деген қырбай көңіл мен семіз жалқаулық сезіледі жүзінен.

«Босқа шаттым-ау! Арам тер болдым...» Аса қымбат асыл бұйымы байқаусызда берекесіз базарға түсіп кеткендей іші удай ашыды.

— Иіс тиіп өлді ме... әлгі келіншек?

Аузының түтіні қисық шыққан жазушы алақанын айқастыра қарнының үстіне салып, кілбиген көзін жұмып отыр.

Жігіттің арғы жағы сайрап тұр — жүгірген аң, ұшқан құс, жайқалған өсімдік — тірі, өлі табиғат және адам арасы ине жүгірмейтін мәңгілік байланыста. Әр қоңыз, кесірткеге дейін Жаратылыс атты сән-сәулетті, мінсіз сарайдың бір-бір алтын кірпіші, кесірткенің құйрығын аңдаусызда басып кетсеңіз, әлгі сарайдың сомдап құйылған сұлу тұлғасына дақ түскені, демек, әзірше бағы жанбай тұрған мына сор маңдай әңгіменің айтары келіншектің өлімі емес, басқа, басқа... Көктемнің дүкілдеп соға бастаған жүрегін қара басының қамы — тәтті ұйқысы үшін тоқтатқан жігіт қолма-қол, сол сағатта, заматында зауал жазасын алды — келіншегі өлді, әлденені бүлдірсең оның кепиет-қасиет, киесі бұрыш айналмай жатып оңдырмай соғады, адам жамандықты көбіне әдейі емес, білмей істейді... Осының бәрін жіліктеп бермек болып өрепкуін өрепкіді.

Айта алмады. «Иіс тиіп өлді ме... әлгі келіншек?» — деген шатыс сөз аузына құм құйды.

— Мынаны оқы...

Елтай жазушының аузына қарады.

— «Нан иісін» бе, аға?

— Иә...

Оқи жөнелді.

«Автоинспектор мотоциклінің газын басты да, фуражкасын төбесіне ысырып, терін сүртті. Жол сүресін қуалай ұзақ қарады. Жайшылықта ағылып жататын автомашиналар көрінбейді. Тал түсте қай шофер жолға шықсын?! Қырманда көлеңке-көлеңкені жастанып жатқан шығар. «Қой, қырманға қайтайын...» Үлкенді-кішілі қос шеңбер жасап, бұрыла беріп еді, тас жол үстінде шырылдаса таласып, үймелеген торғайларды әудем жердей көріп қалды. Жетіп барып еді, үріккен торғайлар шаңды бұрқ-бұрқ еткізіп, бұта басына қонды. Бірдеңеден дәметкендей, қимағандай көп ұзайтын түрлері жоқ. Мотоциклінен түсіп еді... тас жолдың ұзына бойы бей-берекет шашылған дән. Жаңа ғана бұл өрге шыға келгенде келесі қырқадан тіркемелі машинаның құйрығы қылт етіп, еңіске түсіп кетіп еді. Бидай сол машинадан төгілген. Екінің бірі: не қорап тесілген, әйтпесе кенеп төсеніш дұрыс жайылмай, саңылау қалған. Астық қабылдау пункті қырық-елу километр, оған жеткенше машина қорабында күрекке ілінетін дән қалмас.

Автоинспектор газды дүр еткізіп, ағыза жөнелді.

Былтырғы жаздың осындай қайнатар ыстық күні есіне түсті.

...Түстеніп алып, терге быршып, жол шетінде тұрған. Анау-мынау дегенше автомашина да шаңын сүйретіп кеп қалды. Қорап толы шүпірлеген ығы-жығы адам. Жарқылдаған күректеріне қарағанда дәу де болса сушылар. Тоқтатып алып, бетінен иманы кете қоймаған жас шоферге жолаушыларды заңсыз отырғызғаны үшін ескерту берді. Талонын теспеді. Күн болса күйіп тұр. Жаңа жапырақ жайып, бой ала бастаған қалың егінге де тықыр таяпты — оны жол бойы өзі көріп те келеді. Мына шофер сол егінге су беретін диқандарды алыс учаске — жер түбіндегі «Қараойға» алып бара жатыр. Жоқтан өзгені сылтауратып, жолдан қалдырғанның жөні жоқ. Шофер де, бұ да іс бітті деп тұрғанда, аузы қышып, жолдаманы сұрай қалмасы бар ма. Жоқ. «Ұмыттым, пенжагімнің қалтасында қалдырдым, мына ыстықта кім пенжак киюші еді», — деп жас жігіт қиылады. Бұл көнбейді.

Екеуі өстіп тәжікелесіп, салғыласып тұрғанда бір жас жігіт қораптан қарғып түсіп, бері беттеді. Күн қаққан қоңыр жүзі қап-қара боп түтігіп кетіпті. Қолында күрегі бар.

— Құрдас, көп сөзді қайтесіз? Егіннің қурап бара жатқанын көрмейсің бе? — деді көтеріле сөйлеп. Сол көтеріле сөйлегені автоинспектордың шамына тиді. Бетінен кайтпай тұрып алды. Қызметке жуықта ғана орналасып, көк форманың қызығы басылмай жүрген кез.

Қара жігіт те қадалған жерден қан алып, тақымдап қояр емес:

— Жолдас, өзің нан иісінің қандай екенін білесің бе? — деді бір уақытта төне түсіп. Автоинспектор ойланып қалды. Мазағы ма, шыны ма? Осы жасқа дейін нан иісін білмей не жын ұрыпты?

— Білемін...

— Онда жібер бізді!

— Болмайды, заңды мен қалтамнан шығарғаным жоқ.

Сушы жігіт бұған аз-кез тесіліп қарап тұрды да, бір байламға келгендей кілт бұрылып, автомашинаға беттеді. Кабинасын ашып жіберіп, ішке енді, кабинаға кірген шоферді ығыстырып жіберіп, рульге сарт жабысты да, газды басып жіберді. Машина дүр етіп автоинспектордың қасынан ағызып өте шықты. Бұл болса қалың шаңға көміліп қала берген.

Тек құлағында:

— Нан исін біз де білеміз, автоинспектор! — деген сушы жігіттің сөзі ғана қалып қойды.

Нан демекші, оның дәмін бұл да біледі. Ұрындырып кеткен соғыс жылдары аяңдап, ұзай бастаған кез еді. Етегінің ашылған-жабылғанын бірде аңғарып, кейде аңғармай шыбықты ат қып мініп жүрген шағы. Бір күні аяқ астынан иі жұмсап, мейірімі түскен шешесі басынан сипап: «Алысқа ұзама, ботам, қазір нан жейсің», — деді.

Шеше көсеуді кесе көлденең ұстап, есік алдына қонжиған тандыр пешке беттегенде, бұлар шұбырып соңынан ерген. Шешесі қызара бөртіп, көзі жасаурай қалыпты. Асып-сасып, қимылынан адаса береді. Пешті ашып жібергенде нан иісі бұрқ ете қалды. Қоп-қоңыр болып көтеріліп піскен тоқашты аузының күйгеніне қарамай асағаны қаз-қалпы есінде.

Көкірегінің асты сазып, қарны ашқанын сезді. Апыр-ау, түстенгені жаңа ғана, мұнысы несі?..

...Әуелі қарайып көрінген нүкте бірте-бірте айқындалып, тіркемесі оң-солға кезек бұлталақтаған машинаға айнала берді.

Шаңы шұбатылып барады. Номеріне қарағанда астық тасуға көмекке келген шоферлердің біреуі. Ышқына ызғытып, шала жабылған брезенті жалпылдап, жолдың екі шетіне ауытқып-ауытқып қалғанда қорап кемерінен дән шапши атылып, сау ете түседі.

Қатарласа беріп, ұзақ сигнал беріп еді, кабинадағы жігіт құлағына да ілмеді. Басы бұлғаң-бұлғаң етеді. Әйтеуір, рульден айрылмапты. Атау кересіне тойып алған. Еш ойланып-толғанған жоқ, мотоциклін автомашинаға қатарластырып салды да, кілтін суырып алды. Кабина баспалдағын көздей мысықша ырғып еді, жетпей қалды, қолы қорап қырына ғана ілікті. Армияда турникке тартылудан алдына жан салмаушы еді, соның пайдасы мықтап тиді. Бір тартылудан қалмай қорап үстіне шықты. Жел ұшырып соғып тұр. Фуражкасы қанкөбелек ойнап барып, шаңға көміліп қалды.

Еңбектеп кабинаға жетті де, қорап бұрышынан қол созып, кабинаның есігін ашты. Баспалдаққа дәл секіріп түсе алса жарады. «Қой, қой, қарағым, қарап жүріп басыңды пәлеге тікпе!» — деген қауіп кеудесінен итерді. Бірер минут кідіріп қалды. Сол кезде көкірек асты тағы сазып сала берді. Шешесі пештен алып шыққан нан қоп-қоңыр күйі дөңгеленіп, иісі бұрқырап, көз алдына келе қалды...

Баспалдаққа қарғып еді, басы қорап қырына оңбай соғылды. Көзі қарауытып кетіп, қолы кабинадан ажырап қала жаздады.

Өз-өзін әрең игеріп, қолын кабина терезесінен ішке сұғып жіберіп, тұтқаны төмен басып қалды. Есік жайлап ашыла берді. Жып етіп ішке енді. Қолма-қол кілтті бұрап, суырып алды. Мотор өшкен машина екпінімен ғана келе жатыр.

Сол секундта жол бұрылысынан жанармай таситын машина құйғытып шыға келмесі бар ма. Бұрыла алмайды. Жолдың екі шеті терең қазылған ор. Тормоз берсе, арттағы тіркеме үстіне шығып кетеді, әйтпесе аударылады. Шап беріп, рульді ұстай алды. Шофер мас та болса біреудің рульге жармасып жатқанын сезді ме, әлде көп жыл бойы қалыптасқан шартты рефлекстің дегенін істеді ме, алыса түсті. Автоинспектордың бір қолы рульде, екінші қолы — шофердің жағасында. Тар кабина қолтық жаздырмай арманда.

Қарсы машинаға не бары ондаған метр жер қалды. Қас қағымда созылған қым-қиғаш жанталас алыс... Шоферді ақыры кабинаның арғы қабырғасына аюдай жаншып, рульді өз қолына алды. Жалт етіп алдына қараса, жүрер жолынан қиыстап, келе жатқан машинаның қарсы алдына түсіп кетіпті. Рульдегі шофер тәжірибесіз неме ме, әлде есі шығып кеткен бе, зымырап келеді. Секунд кешіксе, соғылады. Дереу машинаны жол шетіне бұрып жіберді.

... — Шофер аман...

— Ал көтеріңдер!

Бетіне үңілген адамдардың арасынан инспектор өткен жылдың тамыз айында өзі керісіп қалған диқан жігітті таныды.

Диқан жүзі күреңітіп піскен нанға ұқсайды екен. Мұрнына тер иісі — даланың хош иісі келді. Бұл бұрқыраған иісті қай жерде сезіп еді?.. Қашан, қашан? Жаңа есіне түсті! Ып-ыстық тоқашты қарбыта асаған жалтыр қарын жас бала...»

— Болдың ба?

— Иә...

— Өстіп жазу керек...

Елтай:

— Рақмет! — деді тың, сергек үнмен. — Мен кетейін.

— Сабыр! — деді қарт жазушы. — Шошаңдама!

Қозғалақтағанмен бағынды. Жазушы қайқиған бас бармақтарын бір-біріне үйкелеп, сөз суыртпақтады.

— Намысшыл екенсің... Ашушаң адам ұзаққа шаппайды. Өз шашбауыңды өзің көтерме. Творчество жолы — ұзақ сапар. Әңгімең ұнады. Не жақсы, не жаман емес, дүбара дүниеден шошимын. Сенде жақсы да, жаман да бар... Дей тұра «Алтынкүректі», сол сықпыттас әңгімелерді жинақтан алып тастаңдар» деп жазамын.

— Себеп, аға?

— Олардың оқырманы алда. Әлі бесікте кіш етіп жатыр. Баспа мына әңгімені түсінетін мың адамға арнап кітап шығармайды. Баспа — қалың оқырманның мекемесі.

— Онда мына қолжазбаның құны бес тиын... — Бедірейген Елтай бетінің бір жерлері суып бара жатты.

— Амал нешік... — Жазушы алақанын жайды.

Тұқшиған жігіттің құлағы шыңылдайды. «Тым болмаса телефоны шырылдамайтын неткен үй? Кірер ізі бар да, шығар ізі жоқ, мола ғой. Жалғыз тұра ма?»

— Қолжазбамды қайтарып беріңіз.

Жазушы суық жымиды.

— Оң қолыммен алған баспаға сол қолыммен апарып беремін.

Есік көзіне барған Елтайдың ту сыртынан:

— Бидайдың барар жері — диірмен, бала. Дық сақтама. Туған топырағына әлі-ақ ораласың. Рақметіңді сонда айт. Шындықты программамен іздеме, таптырмайды, — деді.

Елтай мырс етті. «Аюдың алжығаны тасқа шығып өледі», — деген сөз ернінің ұшында ұйып тұрды.

***

Ап-сап басылған. Терезелер терлейді. Сырт лайсаң. Таңертеңгі қар еріген. Күзгі жаңбыр бетіне жасын жағып, өтірік жылайды. Кіре бере жүздерін алақанымен сыпырып, қалпақ, кепкілерін қағып-соққан қалың жұрт.

Елтай салғырт, кергі әңгімеге құлықсыз. Төлеген — Толик онсыз да таяз қалтасын қақты, бөлім меңгерушісімен қырғи қабақ, қарап жүрмей айдаладағы Тотымен тәжікелесті, қолжазбасын қидалап тураған жазушы анау — бір адамның басына бұл аз ба? Сол себептен бе, мана жұмыс аяғына қарай желкесі тартып, басы қорғасындай ауырлай берді.

Мыңғы-дыңғы болып отырғанда хат бөлімінен Абыралы кіріп келсін. Қызық жігіт өзі. Түске дейін екі-үш мәрте, түстен кейін тағы осынша рет бөлімге кіреді. Сөйлемейді, қолын қалтасына салып, тақ қасында қақиып тұрады. Қабағын қайшылап, бетіңе шекелеп қарайды. Содан соң, жайлап басып, шығып кетеді. Сонымен бітті.

Бұл жолы қолын қалтасына салып тұрған күйі сұрақ қойды.

— Өткен айда қанша хат келді?

Оның сырына қанық Елтай мұртынан жымиды.

— Бес жүз...

— Қаншасына жауап қайтардыңдар?

— Үш жүзіне...

— Неге аз?

Осылай да осылай деп кете барады. Неге өйтеді, оның себебін Елтай жақсы біледі. Хат бөлімінде ылғи әйелдер істейді. Жасамыс, қартаң әйелдер... Солардың ортасында Абыралы күн ұзақ омпиып отырып-отырып, әбден зерігеді, бір кезде шыдамай дәлізге атып шығады. Дәлізде арлы-берлі сенделіп жүру ыңғайсыз. Сосын Елтайларға жып береді. Басқа бөлімдерге қарағанда «әдебиет және өнерде» жұмыс аз. Сөзге үйір келімді-кетімді кісі де көп, ылғи дуылдап жатады. Әйткенмен судың да сұрауы бар, кабинетке неге баса-көктеп кіріп кетті, оған себеп айту керек. Амал жоқ, бөлім бастығына көз ғып хат жайын тергей бастайды.

Елтай оны бес саусақтай біледі. Және түсінеді. Бөлім бастығы шығып кеткесін мәселенің төтесіне кешті.

— Қалайсың? Жұмыс аяқталғасын...

Абыралы қуанғанынан әуелі тарқылдап күлді.

— Ой, жарайсың! Қайда барамыз? Қалтамда кешеден он сом қалып еді, таңертеңнен оқтын-оқтын жыбырлап, мазаны алып болды, көзін құртайық.

Абыралы ондай-мұндайға әрқашан іштей әзір жүреді және де: «Арты неге соғады?» — деп ыбылжып, ыңылдап, мезі етпейді. Жер түбіне болсын, көз жұмып кете барады. Қайғысыз қара суға семірген жігіт. Бастыққа да, бағыныштыға да желпілдек көрпе, ақ көңіл, аңқылдақ азамат. Қоймасын көрсетіп ала береді — кемшілігі сол. Қалтасынан ақша үзілмейді, іші майлы. Оны азсынсаң, шеті жемтір-жемтір блокноты тола қыз-келіншектердің мекен-тұрағы, телефон нөмірі... Қызық болғанда, әлгі періштелердің көбі еркек есімдес. Мәселен, блокноттағы Розымбай, Рысхан... шынында, Роза, Рысты... «Оның не?» — десең, «Конспирация!» — деп күледі. Кіл бір шала-жансар суреттеме, корреспонденция, репортаж жазады. Очерктей мықтыға аттап баспайды. Әйтсе де Абыралы талантсыз деген пікір және жоқ. Уақ-түйек ішкі жұмыстарды жапырып жібереді. Ауылда зоотехник, әйтпесе қойма меңгерушісі болса ғой, өзін де, өзгені де жарылқап тастайтын жайсаң болар еді, амал не, о баста шатысып, журналистикаға ілігіп кеткен. Ақ көбік шампаны бес минут сайын атылатын көңілді кафе секілді азамат.

Абыралы кафеге кірісімен дар-дар күліп, аңқалақтап бақты. Анекдотты үйір-үйірімен айдап, «жүз грамдық» өлеңдерін оқыды. Абыралы анадан, мынадан естіген бәдік өлеңдерді блокнотына жазып алып, кейін уақыт кеңде жаттап алады. Сосын керекті жерде төкпектетіп тамам елді аузына қаратады. Жұрт арқа-жарқа күліп. бас терілері кеңіп қалады, онымен қоймай: «Әй, Абыралы ма, Абыралы өзіміз ғой, көңіліне кір жолатпайды», — деген оң пікір түйеді. Ол өстіп мысық табандап ұпай жинайтын.

Қазір Елтайды Абыралы ептеп жалықтыра бастаған: жалпы екеу ара әңгіме кім екеніңді тез-ақ анықтайтын лакмус қағаз ғой. Абыралы қарабайыр еді. Өзі анекдот айтып, өзі алдымен күледі, сен бірдеңе десең тағы да сол арзан тарқыл... Бәрін оп-оңай парықсыз күлкіге айналдырады.. О баста Елтай да ілесіп тырқылдады. Осы минутта көңіл күйі олқылау. «Репетсіз тарқылдақтың түбі әңгімелескен адамды сыйламау ғой. Ойдасың ба, сайдасың ба, онда шаруасы шамалы, ыржақай анекдотын қалқан ғып, сені баса-көктеп, шу қара құйрық тарта берсе, басыну емей немене? Бәрі де күлкімен құтыла салайын деген таяз ойдан шығып жатыр».

— Шықпаймыз ба, Әбеке?

Өз хикаясын өзі ғана қызықтап, мәз болып отырған Абыралы түсінбей қалды ма:

— Қайда? Қай жаққа? — деді апалақтап.

— Құрысын. Таза ауаға шығайық.

Абыралы езуіндегі күлкіні жиып алды.

— Ұрғашыға қалайсың?

— Қандай қыздар?

Абыралы ойланды. Жалпы, ол қыздар жайлы қиналып, бас ауыртпайтын. Бойжеткендер туралы түсінігі тым кедей-тін: не «тәуір», не «шамалы қыздар». «Шамалы» - ға сөз шығындамайды. Ал тәуірлеріне «Фигурасы қатқан!», «Ана қара, ана қара! Қаздаңдаған жүрісін-ай!» деген нобай айтылады. Сондықтан Елтай досының жаңағыдай тұрпайы бағасына сене бермейді. «Қандай қыздар?» деп қадалуы да сол себептен.

— Жақсы қыздар... Биыл мектеп бітіріп келгені бар ғой, үлбіреп тұр, міне, во!

Бүгін қызға құлқы жоқ. Жақсы ма, жоқ па, оған бәрібір. Алдына белгілі бір мақсат қойып қызға бармайтын. Тек бүгінгі ірілі-ұсақты кикілжіңді ұмытып, көңілді кірден ашу керек демесе...

— Кетсек, кеттік!

...Қуықтай көшенің аяқ жағынан қос шатырлы үйді әрең тауып алды. Қақпасы тым биік екен. «Осторожно, злая собака!» деген қалайы тақтайшалы есігі тас жабық. Суық жаңбыр сіркелейді.

Абыралы босағадағы тіп-титтей кнопканы басты. Есік-терезесі тас жабық қамау үй тым-тырыс. Үсті-үстіне басты. Іле ит үрді, шынжыр сылдыры жақындап-алыстап, қақпаның ар жағы ың-жыңға айналды. Қақпаға иығымен сүйеніп тұрған Елтайдың дәп құлағының түбінен ит қою үнмен кенет арс ете қалғанда, қорыққанынан құлап қала жаздады — арғы беттегі төбет жүгіргеннен жүгіріп қақпаға тіке секірсе керек, іле ағашты сырылдатып сойған тұяқ дыбысы естілді.

Сол мезетте:

— Ложись, Цербер! Кому говорю! — деген дауыс дүңк етті, әлгі арсыл жым болып, қыңсылауға ұласты. — Кто нужен?

Абыралыда үн жоқ. Ит арқасы қияндағы қазақы ауылда өскен ол орысшаға шорқақ-тын. «Сөйлесші мынауыңмен» дегендей, көзі алақтап, қақпаны шекесімен қайта-қайта нұсқайды.

— Кім қыздарың, соны айтшы алдымен, бәтір-ау?

— Ойбай-ау,.. — деп, Абыралы дабырлай бергенде қою дауыс және гүр етті.

— Аль язык проглотили, что ли? Если так, я пошел! — Жаны мұрнының ұшына келген Абыралы:

— Қозяиын, а, қозяиын! Абажди! — деп шыр ете қалды. Елтай мырс етті, досының даусы есепсіз мұң мен жағымпаз жалынышқа толы еді.

Әлгі дауыс:

— Ну, — дегенде, иесіне сай Цербер қоса арс етті.

— У бас дебушки жибет?

— Ну?

Туфлиін бір-біріне соққан Елтай ойлап тұр: «Мына ноқайың әйеліне де өстіп мұрнының астынан «ну» дей ме?»

— Приглашайт дебушки! Приглашает Алексей... Пожалыста!

— Ну и ну!

Дүрп-дүрп сүйреткен аяқ тықыры алыстай берді.

Абыралы жымың-жымың.

— Өстіп үсті-үстіне бастырмалатып жібермесе, мына көк қақпаны түні бойы күзеттіріп қояды. Сақалы күректей аю бір. Жыны келсе итін шынжырынан босатып жіберіп, айтақтаудан тайынбайды.

Иегін жағасына тығып тұрған Елтай іштей өкінішті. Сырт көзге сыр бермей жылтырап жүретін жолдасының жүні мықтап жығылды — соған өкініп тұр. Жігіттің құбылғаны қайбір жақсы дейсің. Іріп тамып, іріп тамып тұрған аспан мынау. Қырсық қақпаның сырты мынау, іші не пәле, оны сайтан білсін.

Тық-тық, жеңіл басқан аяқ дыбысы... Тықыл сол бетімен шекеге тигендей жақындап келіп, қалт тоқтады.

— Кім? — Қыз үні. Шақар... Өзі аздап қорқып тұр...

— Танысаң Алешкаңмын... — Абыралы бес тиындық бақыр ақша тауып алған баладай саңқылдады.

Іштегі шақар үн лезде өзгерді, сыңқ етіп, құйқылжып сала берді.

— Лексей!? Какая приятная неожиданность!

Осы жуық арада естіген марафет үн... «Қайдан, қай жерде?» Дал болып тұрғанда ай бұрын қырылып көрген шетелдік фильм есіне түсті. Сол фильмдегі қылықты бикештің сылқым үні екен.

Қақпа салдыр-гүлдір ашыла берді де, ытып шыққан сұлба табалдырық аузында итінген «Лексейдің» мойнына асыла түсіп, салбырап қалды. Ұйма-жұйма денелердің қатпар, қойнауынан есепсіз бақытты күлкі, «Алтеке, Алтеке, я не одна, не одна», — деген Абыралының мекіренген қоңыр үні, «Неужели?!» — деген, әйтсе де соған сенгісі келмей де тұрған дауыс қабатынан естіліп, қақпа түбі кәдімгідей әптер-тәптер. Мұндайда сырт адам өзін жем жеп, мүлгіп тұрған шобыр аттай сезіне ме, Елтай амалсыз аяғының басына қарап, үнсіз қоңыраяды.

Бір дене екіге бөлінді, жол-жол халатты қыз лып етіп Елтай қасына келді.

— Вы, видимо, друг Лексея? Приятно с вами познакомиться! Алтын! Добро пожаловать! — деп, тізесін сәл бүгіп, қолын үшкірейтіп созды.

— Эдик! — деді күңк еткен Елтай.

— Елтай дегені. Балалар үйінде өскен, сондағы аты, — деп, «Лексей» де тыныш тұрмай, сауданы бітіріп жатыр. — Алтышка, бүгін бір қазақша сөйлеп, Елтай ағаңның көсегесін көгертіп берші. Бала кезінен қазақ сөзіне шөліркеп, құрыс-тырысы жазылмай жүр.

Абыралы арсылдаған ит пен ашылмайтын көк қақпаға манадан қатты ренжіп, жүйкесі жұқарып тұрған. Шүкір, іс оңға басқасын сол бір қауіп, бір үміт аузынан арты бар да, алды жоқ сөз болып, лапылдай ақтарылып отыр. Әйтпесе Елтай: «Қазақ сөзін қыздар айтсыншы, соның қисынын таба көрші», — деген емес. Мына өбектің астында: «Алтышкаға сөзімнің қалай жүретінін біліп қой» деген арзан астар жатқан секілді.

Алтынай Абыралыны жолда қалдырды.

— А что, бұл кісі де сен тұратын ауылдан ба? — «Алматыға келгесін үйреншікті қазақ тілін сағынып, өліп жүрген, орысша әліпті таяқ деп білмеген мұндар шығар», — деп ойласа керек.

— Жо-жоқ, жазушы... Бірге істейміз.

— Браво! — Алтын қол шапалақтап, әбден масайрады. — Жазушыларды телевизордан ғана көруші ем. Өкпелеп отырғандай өздері сондай салмақты. Ал сіз жап-жассыз... Жазушы дегенге әрең сеніп тұрмын... Жүріңіздер үйге! Екі қолымыз алдымызға сыймай ерігіп отыр ек, — деп, халатының жол-жолы қараңғыда ақ жіптей суырылып алға түсті.

Сөзге қонақ бермей, ауыздары жабыса желпілдеген екеуге ерген Елтай әрі-сәрі. Өмір қызық-ау! О бастағы шала қазақ Алтын дем арасында «Екі қолымыз алдымызға сыймай ерігіп отыр едік», — деп, сөз саптады. Қақпа түбінде Алексей, одан Лексей, аяғында Абыралы болған досының түрі анау. Жалпы, екеуін қосса бір тәуір қазақ шығатын тәрізді. Несін айтасың, апама жездем сай, бір-бірін тауып қосылған. Қыз «Лексей» деп еркелетсе, Абыралы тік бақай қыздың тілін сындырып, келимеге келтіріп жүр.

Тек Абыралының «жазушы» деп, әспенсіткеніне наразы. Биттің қабығындай жинағы биыл жарық көрді — Елтай қайда, жазушы қайда?! Біреу жазушы десе, содан қарыз сұрап тұрғандай жат та қызарақтайды. Абыралыларды айтады да, неге осылар түймедейді оп-оңай түйедей, түйедейді түймедей етеді? Мектептен соң құрылыста бір-екі жыл бетон құйды. Сонда қазақы жігіттердің бойынан тисе терекке, тимесе бұтаққа деп асыра соғуды, дәлсіздікті байқады. Оқуға түскесін де курстас жолдас-жораларының мінез-құлық, жүріс-тұрысын, сөз саптасын аңдып құлағына құйды. Қолы қалт етсе ұлттың өткен-кеткеніне байланысты кітаптарды іздейтін. Ал сонсоң көз майын тауысып, жат та оқы, тұр да оқы. Бір күні «Қазақ эпосы» деген қалыңдығы сере қарыс жуан кітап қолына түсті. Балалар үйінде орысшасын әр жерінен шала-пұла қағып оқыған. Осы мәрте қолына қалам алып, егжей-тегжейлеп, әр жолын, сөзін қуалап бас алмады. «Қобыланды батыр» жырындағы тұяғы жерге тимеген Тайбурыл тұлпар қатты әсер етті. Оңай жатталады екен, әр әрпі, әр үтіріне дейін көмейіне қорғасындай құюлы, жазулы.

Сонда Бурыл гуледі,

Табаны жерге тимеді.

Көлденең жатқан көк тасты,

Саз балшықтай иледі...

Сеңгір-сеңгір таулардан,

Секірте басып жөнелді...

Кешке таман Тайбурыл,

Жын қаққанға ұқсады.

Құнан мен құлжаның,

Ұзатпай алдын тосады...

Көл жағалай отырған,

Көтеріліп ұшқанша,

Көкқұтан мен қарабай,

Белінен басып асады.

Дуадақ пен жек қалды,

Әлде өтірік, әлде шын,

Ақсұңқар мен лашын,

Өлген құсты жеп қалды.

— Бірдеңе дедің бе?

Басын көтерсе, Абыралы... Беті ду етті.

— Бара беріңдер. Мен таза ауа жұтайын. Басым аздап қаңғып тұр.

Бөгелме. Іште міне деген қыз күтіп отыр, соны ұмытпа! — Елтай шытынды — бүйткен әзілі құрысын! Есік жабылып еді, сыртқа түскен жарық жалп сөнді.

Қоржын там қалқасындағы жаңбыр тимеген ұзынша орындыққа құйрық басты.

Сонда дейді-ау: өмірде болған, иә жоқ Тайбурылды жеті қат аспанның арғы жағына ұшырған жырау, ақынның көңілі бүтін бір космос емес пе? Оның сыры неде? Әлде ғұмыр бойы сары далада қосар атпен сапар шегіп, желмен жарысқан көңілдің көкке самсаған бебеу әні ме? «Атқа мінсең қарадан қарап алып-ұшып, ән айтқың кеп, оқыс желіктің қыстайтыны бар. Сондайда ой-хой, сатырлата шауып, көрші ауылдағы әне бір қызға қарай ағызасың-ай, шіркін!» — деп, лепіруші еді дос жігіттері. Әлде ғұмыры ат үстінде өткен көшпелінің өмір танымы, қиялы, ойлау жүйесі мен фәлсафасы егін егіп, соқа жыртқан отырықшы халықтан өзгешелеу, жерден алыс, аспанға жақын бола ма?

«Қазақ ертегілерін» де құныға оқыды. Жеті қат жер астына түскен Ер Төстік, аспанға шалқыған от дариясын бұйым құрлы көрмей, үстінен алай да былай да Керқұла атын жүгірткен Кендебай, «Шолпан жұлдыздың бер жағында, Темірқазықтың ар жағында жайылып жүрген құлынына жету үшін бұлттың былайғысын былай, алайғысын алай сыпырған» Тазша бала туралы қиял-ғажайыптар есінен тандырды. Және Қобыландының Тайбурылы, Ер Төстіктің Шалқұйрығы, Кендебайдың Керқұласы иелерінен ақыл-қайрат, ес жағынан артық болмаса нем түспейді. Қайта аңқау ерлерді тура келген ажалдан Тайбурыл, Шалқұйрық, Керқұла құтқарады. Құс жолына араласып, қара түнде қиқулай аңғытқан кентавр көшпенділер... Тоқ етері, ат болмаса қазағың қаңғып кеткендей екен. Ұлт көңілі ат жалына жармасып, Тайбурылдың құлағында ойнаған екен кезінде. Ендеше, ата-бабасы аузымен құс тістеп, аспандағы жұлдыздарды сапырса, бүгінгі қазақ — мына Абыралы неге лепіріп сөйлемеске?

Тайбурылды іздеп аспанға шалқайып қарап еді, ағып кеп тиген сірке тамшы көзін ағыза жаздады.

Есік ашылды. Босағаны көріп тұра қалған Алтын:

— Қожайынның көзіне түрткі болмаңыз, ішке кіріңіз! — деді.

Аядай ауыз үйдегі пеш түбінде, ескі диванда Абыралы қалғып-мүлгіп отыр.

Төр үйге кірген Елтай босағадан озған жоқ, табалдырықты баса тұрып қалды.

— Төрлетіңіз! — деген биязы үн құлағына жетсе де, оған ой жүгіртпеді, екі көзі үстел қасында тұрған қызыл шырайлы қызда, дұрысы, Елтай осы секундта қыз емес, осыған ұқсас басқа суретті көріп тұр еді, қаншама жыл жылжып өтсе де қарын құрышында қалған қасық майдай бұзылмай сақталыпты — аспан төрінде бозторғай тынымсыз шырылдайды, ал қызыл ерін көкжиектен қылтиған күннің күміс саусақтары түн қызығынан әлі де ес жинай алмай, айра-жайра, ашық-шашық жатқан даланың шық-шық дымқыл бетін сипалайды, самал сапырған ақ селеу дала — күміс толқын, сол толқынға батып жүзіп, жансебілдік жасап келе жатқан қызыл шырайлы келіншектің қара көзі мөлтілдеген жас, мойнынан тас қып құшақтаған төрт-бес жасар ұл бала арқасында, ту желкесінен түскен сәуле сызықтарын қуалай тартып келеді. Ақ сұр бала белін үзіп бара жатса, иығына аударып салады, қары талса, жерге түсіріп жетектейді. Ананың — былтыр дүние салған шешесінің сіңлісі, әрине, ана емей немене — көңілі балада болса, бір сүрініп, бір жығылып томпаңдаған баланың көңілі далада, айналасына алақ-жұлақ қарап, саусағын шошайтып, әр нәрсені бір нұсқап, онсыз да көңілі жүдеу шешенің мазасын бек алады: «Анау не, мынау не, тәте?» Келіншек жауабы сұраққа жуыспайды. «Елтай, Елтайжан, қоя қойшы, түске таман ілбіп-қалғып, аудан орталығына өлмесек жетерміз, қазынаның ашыған капуста көжесі мен бөлке нанына мелдектеп тоярсың, сонан кейін екі көзің жаутаңдап, балалар үйінде тірі жетім күйі қаларсың». Ашыған капуста не, онда шаруасы шамалы, ал бөлке нам дегенде бала аз сәтке үнсіз қалады. Қарын шұрқыры басылған кезде бәрін ұмытып, балалығын бәрібір жазбай табады. «Тәте, тәте, әне, әне, жылмыңдаған сары күшік! Ұстап берші өзің, қойынға тығып ала кетейік».

«Ол қарсақ қой, екі қолтығына қанат байлап ұшсам да сол немені ұстап берейін, ары қарай неңді беріп асырайсың, соны айтшы, жаным?» «Ашыған капустаны берейік... - дейді бұрын көрмеген дәм-тұзды іштей жақтырмай, Мен бөлке нанды жейін...» Іші елжірей езіліп, егіле түскен ана баласын қос қолтығынан тік көтеріп алады да, томпақ бетіне жас шылаған жүзін басады: «Қуарған қу соғыс-ай! Көрсетпеген зәр-залаң қалмады; әуелі қалқаңдап жүрген жездені жалмадың, оны азсынып апама ауыз салдың, ұзында өшің, қысқада кегің бар ма, енді, міне, апамның тас емшегін иіткен жалғызынан тірідей айырдың. Әйтпесе капуста, картоп ас па еді, жетімектер үйі баспана ма бізге? Онсыз да жаралы жанымды піспектеме, Елтайжан, үндемеші, тіл қатпашы, құлдығыңнан айналайын!»

«Тәте, анау не?..»

Сайын дала тілсіз, үнсіз...

Түске таман аудан орталығының түтіні көлбеп көрінді. Қызыл қақпалы балалар үйін төрт жасар сәби «аудан орталығы» деп ойлады. Өңшең бір алақан көз, жүдеу жүз, тақыр бас балалар айнала қоршап, қамап алды, шаpaй топ сыртында қалған апайы сол жоғалғаннан мол кетті: міне, биыл жиырма үш жыл, сол жоғалу әлі жоғалу, тек жас жуған жүзі есінде, ұлы сағыныш адамды алыстаған сайын әрлендіріп, әдемі ғып жібере ме, төрт жастан жиырма жеті жасқа жеткенше әлгі жас жуған бозамық бет күлімсіреген қызыл шырайлы сүйкімді жүзге айналды, өйткені өз шешесінің есінде еміс-еміс қалған жүзіне қан солай теуіп, мұны айналып-толғанып жүретін, ал үш жасты жия бере әке атты томырық қоңырқай бейне бұған белгісіз тұңғиық әлемге тастай батып, судай сіңіп, алыс-алыс бұлдыраған елеске айналды...

Сол қызыл шырайлы шеше, міне, жасара, жайнай түсіп, үстел қасында күлімсірей қарап тұр.

— Тәте!..— деді табалдырықта теңселген жігіт тамағына тас тығылып.

Бет моншағы үзілген қызыл шырайлы қыз: «О не дегеніңіз, тәтеңіз кім, мен кім?» — деп ытырынып үріккен жоқ, күлімдеген беті қасына келді, қақиып қалған су сіңді плащын жеңінен тартып шешті, өкше ұшынан көтеріліп, киім ілгішке асып қойды. Сонан соң:

— Түу, тоңып кетіпсіз, келіңіз, мұнда отыра қалыңыз, орындықтар қайда кеткен, мен қазір шай ысыта қояйын,— деп, есікке қарай елпектеп ұшты, дәл босаға түбінде соңына бұрылып, тігінен тік сіресіп отырған жігіттің сықпытына қарады, ерні дір етіп, әлсіз жымиды: — Шаршасаңыз төсекке жантайыңыз, ұялмаңыз...

Қызға емес, бұрышқа үңілген Елтай ернін әрең қыбырлатып, естілер-естілмес:

— Қарным ашты...— деді.

— Қазір, қазір, сәл шыдаңыз...— Қыз басын изеді, лыпылдап шығып кетті. Шынында да, Елтай жаңа ғана жиырма жеті жастық ғұмырын жаяу-жалпы аралап өтім еді. Әбден болдырған жігіттің бүкіл денесінің бұрандалары босады, орындықтан төсекке сүйретіліп әрең жетті де, шалқалап сұлай кетті, желкесін жастық сипауы мұң екен, кірпіктері іліне берді.

...Көзін ашып еді, ақ керіш төбеде ақ шағыр сағым құбылып ойнап, қас пен көздің арасында сан түрлі бейнеге өзгереді, басы кепкен, ақ сөңке қарағайдай дыңылдап тұр, түк ой жоқ, тынысы жеп-жеңіл, денесі астындағы төсекке желімделіп қалғандай ап-ауыр. «Япыр-ау, мына сағым тас төбеге қайдан түсіп тұр? Кешегі көргенім өңім бе, түсім бе?»

Танауының астынан әлсіз хош иіс бұралып өтті. Оң жағына мойын бұрып еді, терезеден көлбеп түскен күн сәулесі үстел үстіндегі кесе сүт бетімен бет болып тұр екен, төбедегі сағым да соныкі. Кесе қасында шүмегі мен қақпағынан буы бұрқырап, екі иінінен дем алған ақ шайнек қыдиып тұр, туралған ет, нан, қант... Терезе түбінде екінші темір төсек, қабырғада жинамалы төсек сүйеулі тұр. Кеше түнде құлағаннан ұйқының шекесін ісіріп, жаңа ояныпты. Ешкінің асығындай екі қызға тиесілі екі төсектің біреуі бұған бұйырған екен, Алтын мен Абыралы... қызыл шырайлы қыз қайтті? Мұны кім, қалай шешіндірді? Қыздар не ойда?

Төсекті сықырлатпай орнынан тұрып, орындық арқалығында асулы тұрған шалбарына қолын созып еді, алақанына жылы тап білінді. Кеше су өтіп, тізелігі шодырайып шығып кеткен балағын біреу балшық-қылшықтан тазартып, үтікпен қылыштай қыр салыпты. Ұяла-ұяла оған да аяғын сұқты, бәтеңкесін, пенжагын киіп, ілгіштегі плащын қарына ілді, екі-үш минуттан соң үйді үптеген тонаушыдай шынашағымен есікті нұқып ашып, ауыз үйге шыға берген, ойы — ешкім көрмей тұрғанда дыбысын білдірмей көшеге шығып, жұмысқа тайып түру. Кімді ойласаң, сол келеді, ойда жоқта қалың қара шашқа кезігіп, қармаланды да қалды, ұзыны үш, көлденеңі екі адым аядай ауыз үйде қызыл шырайлы қыз қабырға айнаға қарап сыланып, тірсегіне түскен қолаң шашын мүйіз тарақпен бытыр-бытыр тарап тұр. Қолаң шаштай қара орманға ендеп кіріп, мықтап адасқанға не жетсін, алайда да көзін ашқалы қазынаның тәртіп-тәлімін еміп өскен жігіт:

- Қайырлы таң! Жақсы жатып, жайлы тұрдыңыз, — деді түп-түзу ғып.

Теріс қарап тұрған қыз:

- Қайырлы таң!—деді. Елтайды желкесімен көрген екен.

— Алтын... Абыралы қайда?

- Алтын жұмысқа, Абыралы дүкенге, жаңа түскен нанға кетті. Әлі қолмен ұстап көресіз, ып-ыстық болғанда ып-ыстық, буы бет шарпиды. Кезекке тұрып, айналып қалды, білем. Мен жұмысқа түс қайта барамын — екінші сменадамын.

Кеше хан қызындай көрінген бойжеткен бүгін асқақ болса деп еді. Ол асқағы қандай, өзі де білмейді, әйткенмен мынау «нан дүкені», «екінші смена» сияқты жұпыны, жайдақ сөз иесі емес, өзгеше, бөтен бойжеткен... Іле өзінің кешегі аумалы-төкпелі, өң мен түстің арасындағы халдың ықпалында тұрғаны жетесіне жете бастады. Бүгін басқаша, жайбасар тірлік басталып еді. Солайы солай-ау, әйтсе де кешегі емеуріннен үнсіз ұғысқан, тілсіз түсініскен сәт расымен болды дейтіндей бір ауыз сөз керек еді. Іш сарайы шешек атып, көгеріп тұрса да, бар айтқаны:

— Рақмет сізге!

Қыз шашын сылаған күйі қимылсыз тұр.

Жігіт қол созды, саусағының ұшына шаш талдары жібектей тиіп, оратыла кетті, содан ғажап күш алған Елтай бар өнерін тіл ұшына жинап, бір деммен:

— Маған күйеуге шықсаң қайтеді?— деді, өз сөзінен өзі шошып кетіп, табанынан жер тартып, тұрды да қалды.

Көз алдындағы қолаң шаш жел сапырған қара селеудей толқыды. Қас қағымда оның орнын жаутаң көз алды, әр адамның не алыстан, не қашықтан сондай сұлу, әдемі көрінетін белгілі тұсы бар, тура бір қадам жерден мына қыздың танадай қара көздері қос қара көлге айналып, бет қызылы арайланып жүре береді екен, төніп келген бұған жаутаң-жаутаң қарады да, кілт кері айналды, қолаң шаш қара өзен боп буырқанды, қос қолын жан дәрмен алға созып, қара өзенге сүңгіді, сөйтпесе кеше түнде екеу ара орнап қалған жіңішке қыл көпірі үзіліп кететіндей, әлден уақытта алақан астындағы шаш талдары дір-дір еткендей екен. Қызыл шырайлы қыз бетін басып алып, үнсіз өксіп, тығыла жылап тұр...

* * *

Жұмыс аяғы. Елтай тең-тең хатқа жауап жазумен әуре-сарсаң. Көзін ақ қағаз, қара ала әріп жеп қойған ба, қарсы алды мұнар. Бөлім бастығы сағат жарым бұрын «Директор нағашымды поезға мінгізіп саламын» деп, сәл сөйлеп, шығып кеткен. Шындығында, не ресторан, не сол шамалас «қызық, шыжыққа» беттеді. Ең тамашасы, ол қызыққа өзі емес, бұл кетіп бара жатқандай сызданып сөйледі.

Шақырған кісі — алыс облыстан келген жергілікті ақын. Газеттің кешегі санында топтамалары жалғанып жартысын алып, тасқа басылған. Аузы дуалы ақынның жылы-жылы алғысөзі және бар. Әңгіменің ашығы керек, өлеңдері тәп-тәуір. Түзетіп, газетке әзірлеген — Елтай. Бастық тек тарландардың өлеңін қарайды. Таңертең кіріп алғысын білдірді. Үстемесі және бар ма, бөлім бастығына бір, Елтайға екі қарап, қиналған соң, жігіт кабинет есігін сыртынан жапты. Он минуттан кейін кірсе, бастық шала мас. Бұл кісі ежелден солай — Көбік батыр секілді сауытында көзі тоқылмай қалған тесік бар. Ретін, қыбын тауып айтса, әлгі тесіктен мақтау, қолпаш өтіп-ақ кетеді. Ондайда кейде доптай добал, бірде оқтай түзу тым түсінікті әзіл-қалжыңдарын айтып, бас терісі кеңіп қалады. «Қызық, шыжығына» Елтайды өліп кетсе апармайды. Кезінде апарған. Елтай ол күткендей қазақ поэзиясының жаңа жұлдыздарына жоламады. Әлем әдебиетін жағалап, өресі жетпейтін жерге қол созды, өзінің кімнің қол астында жұмыс істейтінін ұмытып кетті. Содан бері бастық әдеби қызметкерінен іргені бөлді. Бағыныштыны өзіңе жақындату өзіңді осыған дейін кеміту екен.

Телефон безектей жөнелді. Елтай шылдырға шын жүрегімен қуанды. Кабинеттік оңғақ ойлар басын ауырта бастап еді, дұрыс болды. Оның үстіне мынау «Өлеңімді оқыдыңыз ба?, «Әңгімені қашан жариялайсыз?» деп келетін әдеби шылдыр емес. Олар көбіне таңертең қоңырау шалады. Жұмыс аяқталарда етене жақын дос-жаран, әйел халқы, туыстар телефон соғады.

Тұтқаны керенау алды.

— Қарағым, халың қалай? Бұл Әзима апаң.

Тұтқаны өзінен сәл алыстатты — жарықшақ үн құлағын кесті.

— Жақсы, Әзима Дүйсеновна. Қайдан...

— Үйден, айналайын, үйден... Мазалағаныма ғафу ет. Нөміріңді Абыралыжан ана жолы жазып беріп еді. Көп сөйлеп, басыңды ауыртпайын, қалқам. Жұмыстан соң біздің үйге кіре кетсең... Ақылдасатын шаруа бар.

— Жақсы.

— Сөйт, Елтайжан.

Бұл кісі Абыралының осында тұратын жамағайыны. Ақшасы таусылғанда сол үйге сәлем бере барады, қалтасы қампайып қайтады.

Ол кісілер Елтайға ақыл салатын адамдар емес. Дүмді, мықты кісілер. Әлде қағаз жыртқандай дар-дұр етіп жүріп, Абыралы бірдеңені бүлдірді ме?

Аталмыш семьямен қызық танысқан. Жаз ортасы еді, бір күні Абыралы бас-көз жоқ:

— Әй, туған күнге барасың ба?—деді аңқалақтап.

— Ол қайдағы батпан құйрық?

Абыралының аузының түтіні қисық шықты.

— Қатқан қыз! Аузы қандай! Көркі қандай! Ақыл деген кеніш!

«Көркі қандай, аузы қандайлардан» мезі болған Елтай:

— Қашан танысып ең?—деп еді, Абыралы шалқасынан түсті.

— Қатқаныңның басы! Мен не дейім, домбырам не дейді. Бүгін бөле қарындастың туған күні деп тұрмын, осы ұрымтал сәтті пайдаланып, сендерді таныстырып, сауаптарыңды алайын деп тұрмын, ей, түкті ұқпасым. Түптің түбінде қатын алу ойыңда бар ма, жоқ па өзі?

Елтай күлді де қойды. Абыралыға дауа жоқ — кемінде он сұрақты кезегімен сатылап қойғаныңда барып, не дегенін болжамдап әрең түсінесің. Ойланып еді, расымен түптің түбінде үйлену керек екен.

Кілең бірі атып, бірі қаққан дырду жастардың ортасынан шығамыз ба деп еді. Кәдімгі қоңыр төбел кеш... Бүгін туған «бөле қарындас» дөңгелек жүз, қиық көз, томашадай ғана тобылғы торы қыз. Институтта сырттан оқиды, бір жерде жұмыс істейді. «Мереке иесі мен едім» деп, төрді бермей ыздиып отырып алмады, екі-үш тосттан соң білек сыбанып, үстел қамына кірісіп кетті. Қыздың шешесі — Әзима апай күйіп тұрған сауданың адамы. Емен жарқын, жайдары, ашық мінезді. Сарт та сұрт сауда мінезге де көлеңке түсіре ме, ашылыңқырап, шашылыңқырап сөйлейді. Елтай кім, қалай өсті, тексеріп алғасын, бұған дүкен сөресіне жаңа түскен зәру заттай шұқшиды. Уақ-түйек қамқорлық күрт күшейді. Қазы-қартадан баса-баса салып, шамасы, жетімектің қабырғасын осы кеште жауып жібергісі бар; «іш, же» - нің астына алды. Отағасы — Жапар ағай, керісінше, өз үйіне өзі қонақ болып, аз сөйлеп, мөлшермен ішіп жеді, сырбаз, салқын отырды. Қысқасы, осы үйдің ең үлкен еркесі. Қақ-соғы жоқ, от басына үйір, ақырын жүріп, анық басатын жігіттерге шыққан баз бір қыздарды қаншама жылдардан соң қайта көрсең, тұр-бітім, жүріс-тұрысы, мінез-құлығы өзгермей, дамымай шыт жаңа жас күйінде қалар еді. Еркектерден де ондайлар кездеседі екен. Жапар ағай бірді егіз, егізді сегіз ететін пысық жеңгейдің арқасында жарылмаған жұмыртқадай бітеу күйі қалған ба, өңі әлі жап-жас, мінезі де біртоға.

Әзима апай кетерде: «Шетте саяқ жүріп, құйрық-жалсыз өскен бала екенсің, қалқам. Біз де қазақтың бір қара шаңырағымыз, өз үйіңдей, өз әке-шешеңдей көріп, жұмыс арасында жүгіріп келіп жүр. Қарның ашса қысылма, барымыз аузыңда. Мына Абыралыжан оның жолын жақсы біледі, былай шыққасын сұрап аларсың»,— деп көкейге қонатын ыстық-ыстық сөз айтты.

Жүрегінің басы шым еткен де қойған.

Кейін Абыралыға еріп, бір-екі рет барған. Бөле қарындас тым жұмыс басты ма, әлде командировкада жүрді ме, көріне қоймады.

...Дастарқан не бары үш кісіге лайықтап жайылды. Әзима апай жалпақтап, Елтайдың асты-үстіне түсіп жүр. Қайдан естігенін кім білсін, дәу де болса Абыралы айтқан-ау, баспадағы шаруасы шалқайған жинағын, пәтер күйін тықақтап сұрады. Ал Жапекең баяғы әп-әдемі Жапар ағай. Сөз біреу, құлақ екеу дегендей сынын бұзбай, сыртын салып, бипаз отыр. Елтай қашырта жауап беріп, өзін сырдаң ұстаса да жинақ жайына келгенде баспа, қарт жазушы және өзінің арасындағы итіс-тартысты жасырмады.

— Балам, түсі игіден түңілме. Мына ағаң екеумізге өзің бек ұнадың.— «Десеңші бірдеңе» ыңғайда етті қуалай шаншып, ермек етіп отырған ағаға қарады. Ол кісі үндемеді.— Қазір жақсылығыңа сырттай қуанып, жамандығыңа күйінеміз. Осы жыртық түңлікті қамсау үйде,— деп фарфор, хрусталь сыңсып тұрған айналы сервантты бір жайқады,—ақын-жазушылары бар, өзің айтқан баспаның игі жақсылары бар, жуықта бас қосқан. Ағаң кітап жинайды, қалам, қағаз адамдарына жақын жүреді. Келгендердің тамырын басып көріп ек, өзіңді болашағы бар бала деп жатып кеп мақтады.— Манадан қалың кітап ақтарып, үнсіз отырған Жапекең «Әзима апаң дұрыс айтады» дегендей қозғалып қойды.— Ендеше басыңды тасқа соға берме, Елтайжан. Астан үлкен ешкім жоқ, серкелеріңді атап-атап шақырып, алдарына ас қойсақ, екі қолын бос қойсақ қайтеді? Мен аяқ-табақ жағы болмаса, сылдыр сөзге жоқпын, ағаң ондайға мәстір. Қасқа мен жайсаңдардың құлағына жағдайыңды суыртпақтап отырып құяр. Өзің де игі жақсыларға кішілік, інілік көрсетіп, қолдарына су құясың.

Елтай қатып-семіп, үнсіз отыр. О бастағы әдемі әңгіме өрши келе жалыны өстіп кері шалқыды. Бұл неткен айдалада тегін жатқан батпан құйрық? Абыралы анада: «Бұл кісілер еркек кіндікті бір шикі өкпені өмір бойы армандап келеді» деп еді, бұйырмаған сол баланың бейнесін Елтайдан іздеп тауып, сарғайған сағынышын мұның басына бірден үйіп-төкті ме? Кәртең адамдар, әсіресе, қазақ қарттары көңілшек болады, бала, немере десе жанын береді, үйіріліп түсе қалады дейді. Сол рас бомағай.

Екі ұдайылау, сүлесоқ күйде отыр еді, Жапекең орнынан тұрды, күңк етті.

— Елтай қарағым, апаң екеуің жайлап сөйлесе беріңдер. Ең дұрысы, осы үйге жата сал. Бүгін бөлімді жоғары жақтан тексеріп, сандалыңқырап қалып ем. Рұқсат болса, жантайып, көз шырымын алайын, басым ауырып тұр.— Қайқы бас арабы кебісін сүйретіп, жатын бөлмеге кіріп кетті.

Еркектің сұсы қашан да өктем, Жапекең кеткесін апайдың өңі кіріп қалды. Жатар бөлмеге қоса кірді, шалына төсек салып жүр ме, ара-тұра күңк-күңк етеді.

— Сөйт, ағасы. Манадан бері қабағың келіспеп еді. Демала ғой дегенге Елтайжаннан ыңғайсыз болып...

Оңашада Әзима апай емін-еркін көсіліп бақты. Отыз жыл бұрын Жапар аға, ол кезде Жапар бала ауыл кезген шолақ қызметкер екен. Не басында үйі, не тігерге тұяғы, не қолтықтан сүйер туған-тумасы жоқ жас қаратаяқ қиғылықты көп көріпті. Көп ұзамай алдындағы ісіне тақ-тұқ тыңғылықты, дау-дамайдан аулақ Жапар бала Әзима апайдың әке-шешесінің назарына ілігеді. Олар, әрине, ауданның бір-бір мекемесінің құлағын ұстаған мүйізі қарағайдай қызметкерлер. Әзима сауда техникумында оқиды, бір үйдің үріп ішіп, шайқап төккен үкілі қызы. Курстас жігітпен сөз байласып, «әне кетемін, міне кетемін» деп жүріпті. Әке-шеше кенет бүйректен сирақ шығарып, ши қалпақты, жұқа папкілі Жапар баланың етегінен ұстайсың деген. Ары тулайды, бері тулайды жас қыз. Асылып өлейін десе жан тәтті. Кәрлен кесеге өлшеп құйған бал қаймақ шарасынан аса ма, ақыры, әке-шешенің тілін алады, қайыс ноқтаға көнеді. Алғашқы жылдары құса, қайғыдан жындана жаздапты. Өлмепті. Жылдар жылжи келе дәм-тұздары жарасыпты. Аштық, тоқтықты бірге көрді. Күні бүгін шай дескен емес, біреуден ілгері, біреуден кейін дөңгелеп келеді.

Әзима апай санын соқты.

— Ойбу, шайнектің астына от қойып ем. Әне, быжылдап тасып жатыр, сөндіре қояйын...— Орнынан тұрды. Найқала басып, ас үйге кетті.

Бұл не сөзжұмбақ — Елтай дым түсінбеді. Табаны күректей отыз жыл бұрын болары болып, бояуы сіңген шежіре бұған неге керек? Ақылдаспақ шұғыл шаруасы осы ма? Ұқса бұйырмасын.

Апай ас үйден ваннаға ауысты, ұзақ айналып, ішке беті жылтырап кірді. Су-су шашы иретіліп бетіне, самайына жабысыпты.

Жігітке қабақ астынан жып етіп бір қарады, еп-елеусіз ғана:

— Қашан үйленесің, Елтайжан?— деді.

Жігіт басын шайқады.

— Жуық арада үйленбеймін...— Іле өкініштен тілін тістеді. Жетімнің жебір, доғал да дүрегей сөзі...

Әзима апай жігіттің жан дүниесіндегі алай-дүлейді елемеді, қарыштай жөнелді.

— Отау жайын ойлайтын жасқа жеттің, қарағым...

Осы төңіректе сөз селдей ақты.

Елтай мұндай таза қазақы әңгімеге олақ-тын. Тайғанақтап сөйледі.

— Жағдай өзіңізге белгілі, апай... Оқу-тоқу... Одан жазу-сызу... Қол қысқа. Қысқа жіп күрмеуге келмеді.

Әзима апай Елтайдың мына мүшкіл халіне қуанып қалғандай, көпе-көрінеу жадырап, қабағы жазыла түсті.

Қаймағын баса-баса шайды қызылдата құйып, шоколад қорабын Елтай алдына ысырды.

- Ии-и, уызға жарымаған көген көзім-ай! — Жайыла беріп, алдындағы адам жеті жасар жетімек емес, өз қолы өз аузына жете бастаған алпамсадай жігіт екенін бағамдады, тез тыйылды.— Бәрі де алақанға салғандай анық-қанық жағдай. Кезінде Жапар ағаң да осы кепті киген. Ал жіп тағып жүрген кісің бар ма?

Ұқпай қалған Елтай үркіп, үдірейе қарады.

- Қалай дедіңіз?

- Болашақта сенімді жар болады деген бала бар ма?

Әңгіменің ізінен адасып қалған жігіт:

- Жо-жоқ... Тұрмыс құрып кетті,— деп, орашолақ жауап қатты, әбден пышырады.

- Ұқтым жағдайыңды.— Төмен қарап күрсінді де, қол орамалын көзіне... Шынымен... Жоқ, қол орамалы көзін жанай өтіп, самай шашты сипады.— Маңдайыңа мұз, табаныңа тас болып қатқан екен бұл қу жетімдік! Әлі талай-талай бұрышта жаман иттей бұғып келіп, балағыңнан ала түсер.

Елтай қозғалақтады — дұрыс сөзге дауа бар ма.

Әзима апай дастарқанға тақала отырды да, шынтағын үстел бетіне тіреп, саусақтарының буынын бытыр-сытыр үзді. Кесімді, құрғақ үнмен кесіп сөйледі.

— Елтай қарағым, төтесінен қойылған жайсыздау сауалымды көңіліңе алма. Жанына жақын тартқан адам батыл келеді. Абыралыдан сен туралы шет жағалап сұрап, біліп едік. Осы үйдегі ағаң алғаш келгеніңде-ақ «Жүріс-тұрысы орнықты бала» деп, іштей өзіңді ұнатып, тар жол, тайғақ кешу тағдырыңды естіген соң таза құлап түсті. Өзі де жетім қозы тас бауыр, ондай қияметті жақсы біледі. Әзірде тұрып кеткені маған: «Арғы әңгімені өзің жолын тауып жалғастыра бер»,— деп берген пұрсатанасы.— Екпіндеген апай сәл лықсып тоқталды. Ойланып отырды да, Елтайға қарады.— Қазіргі заманның тура сөзді адамысың. Біздің Рабиға туралы не ойдасың, қарағым, соны асырмай да, жасырмай да айтшы.

Жігіт әрі-сәрі, аң-таң. «Не ойдасың» - ы? қалай, құдай-ау? Апай осы не көңірсітіп отыр?

Отырып-отырып, қорытып түйгені мынау болды — апайың тегін адам емес. Сыры тереңде жатыр... Әу баста әр нәрсенің басын бір шалып, алай да, былай да шалқи беретін қарабайыр, қарапайым көрінгенімен, ішкі есебі мықты екен. Арғы дүниесі футбол алаңындай жазық, ақ жарқын, ақ көңіл адам деп, соңынан тәй-тәй еріп еді, өзі де аңғармай бір нысаналы жерлерден шығып қалған жоқ па.

— Апай, рақмет! Мен қайтайын! — Түзеліп отырып төрт сөзбен төбеден түйіп айтты.

Әзима апай да көшелі кісі ғой, ары қарай қыстамады. Қысқа қайырды.

— Ұлды құдай қимады. Жалпылдап жанған жалғыз шырағымыз осы Рабиға. Бізге: «Әй, сені ме!» дегізбеді жиырма жасына дейін. Хан баласына лайық көреміз өзімізше. Жұлдыздарың жарасып кетсе, бізде арман жоқ. Үш бөлмелі үй мен тірнектеп жинаған жиһазды о дүниеге алып кетпейміз. Сендерге қалады. Өз қолымда туған баламдай болып тұрасың. Той жабдығын біз көтереміз. Ойлан, шырағым.

Қалай қоштасқаны, есікті қалай жапқаны есінде жоқ. Баспалдақты санап келе жатып ойлады: «Бәсе, Жапекеңді әке-шешем адам етті»,— деп жарапазан соқты. «Сен де жіліктің майлы басынан айрылып қалма, шөміштен қыспаймыз»,— депті. Масқара!» Еркек орнына жүрген әйел оңбайды. Олар көңілі түссе көл, түспесе шөл, көп дүниені көңіл күйіне қарап шеше салады. Мынау сол шалт шешім, қысқа есеп болды.

Тротуарға жеткесін демін тереңнен алып, тұрып қалды. Басы мыңғы-дыңғы. Апай, Рабиға, өзінің ара қатынасын ойлады. «Сауда-саттық» деген сөз тілін қышытты. Айтуға да, ойлауға да тұрмайды. «Сауда сақал сипағанша...». Апайды елестетті, күлді, көшеге беттеді.

Қолтығына әлдекімнің қолы зып бергенде, бір шетке ырғып түсті.

— А?! Бұл кім?

— Ғафу етіңіз. Манадан бері сізді тосамын деп, жаурап қалдым. Он бес — жиырма минут... қиясыз ба?

Рабиға екен. Елтай басын изеді.

Араларын алшақтау ұстаған қыз бен жігіт қазан түбіндегі күйедей қараңғылықтан электр шамдары қадау-қадау қуыс көшеге түсті. Күзгі ауа тап-таза. Шіріген жапырақ иістеніпті. Көшені машина жарығы осып өтеді. Қыз қолын қалтасына салып, плащын қаусырынып алған. Тақасы тық-тық етеді.

Күңгірт, құмығып сөйледі.

- Кешіріңіз... Мамам, папам үшін кешірім сұраймын.

- Оқасы жоқ,— деді жігіт селқос қана. Әзима апайдың темірдей тепкісінен кейін кім не десе де еш таңданбас еді.

Әлдеқашан іштей әзірлеп, сан қайтара пысықтап, көкейіне жазып алған ба, Рабиға тоқтамай, бөгелмей сергек үнмен сартылдап сөйлеп берді.

Соңғы екі келгеніңізде мен жоқ нәрсені сылтауратып, дос қыздарыма кетіп қалдым... Сіз мен үшін тірідей азап әкелдіңіз. Мамам сізді көргенді, ұстамды дейтін, жүк болатын туған-тумасы жоқ, ана сүті ернінен кеппей жатып, кітап жазыпты дейтін. Мұнымен тынса жақсы, келешекте сіз дегенде қай қыздың маңдайы жарылып тұр екен, екі қолын жылы суға малады-ау ғұмыр бойы деген шет пұшпақ тағы басталады. Маған көзінің астымен жапақ-жұпақ қарап қояды, жасамыс адамның жас баланың күйіне түсуі әрі күлкі, әрі түрпі, содан папам үшеуіміздің арамызда сыпайы аңдысу, үндемес тышқан-мысық басталып береді. Баланың жөні бір басқа, үлкендердің ойыны жаман екен, алдымен бір-бірімізді, аяғында өз-өзімізді жек көре бастаймыз, маманы білмеймін, мен оған шыдамаймын да, көшеге кетіп қаламын. Бүгін де сөйттік.

Елтай қызға көзінің астымен қарап қойды: сартылдаған бойжеткен өз семьясының қоймасын аямай-ақ ақтарды. Рабиғадай қызы бар әке-шешені іштей аяп келеді.

— Сіз теңін тапсын деген игі ниет қой бәрі де, Рабиға.

Қыз жолай бұтақтан жапырақ үзіп алды да, шетінен тістеп үзіп келе жатты. Ой үстінде. Елтай: «Иә сәт!»— деп қалды: ойланды дегенше ашу соңы, ақыл алды дей бер.

— Мүмкін... Білмегендіктен у ішкен жоқпын бірақ та. Мамамның ең қымбат хрусталі мен едім. Көп еңбекпен қырналып, әбден жасалып біткен, тек іске жаратуы қалған хрустальмін.

— Ағай мен апайды кезінде әке-шешелері қосыпты...

— Дағды, нағыз бақыттың орнын күнделікті дағды алмастырған.— Қыз қайта өршіді.— Әйтпесе мың да біреудің қолына түсетін сәтті лоторея, басқа түк те емес. Олар өздерінің өмір жолын қалған дүниеге үлгі макет деп түсінеді.

— Жапар аға ше? Ол кісінің түсінігі, ұғымы терең тәрізді.

— Папам ба?— Қыз сәл-пәл үнсіз қалды.

Ақыры сыбырға жақын:

— Папам өлген...— деді.— Кітабын оқиды, айырбастайды, қыста шаңғы тебеді, жазда тау-тас кезіп, таза ауа жұтады, қан таратады. Қалған тірлік, күнкөріс шешемнің мойнында. Рухани арамтамақ... Кезінде қайын атасы мен енесінің әзір асын дәс қойып, айтқанын тыңдап, айдағанына көніп үйреніп алған. Сол инерциямен әлі келе жатыр.

— Қайдам, апайдың қолымен от көсеп жүрмесе... - деді мына әңгіме өрби бастаған кезде кетіп қалған Жапарды еске алып.—Хрустальмін дедіңіз жаңа. Ең нәзік өрнегіңізді салатын сол кісі де, от пен суға быжылдатып суаратын қара шаруа апай ма деп қалдым.

— Білмеймін, білмеймін, — деп қыз кроссовкасының тұмсығымен қиыршық тас түрткіледі.— Жер шетіне, мәселен, БАМ-ға кеткім келеді. Жалғыз туған жалмауызбын. Аяймын... Әрі әйелмін, әлсізбін.

— Инкубатор өмір ғой...

— Мен үш бөлмелі инкубатордан өсіп шыққан қағанақ қызбын. Ал, маған не дейсіз? — Әлденеден кеңілі қалғандай. Сәт сайын батыл-батыл ой сарқады.

Ата-анасын да аямай, бетін тіліп, шындықты айтатын ақ жүрек қыз көрініп еді Рабиға. Әттең, серпіндеген сайын арзандап барады — ылғи да басқа кінәлі да, өз басы сүттен ақ, судан таза. «Бұлаңдап өскен қыздың көп еркелігінің бірі, әйтпесе тойып секіруі... Жаңағы салғандары шын болған күннің өзінде оған жол бермеу үшін өзі қара тұяғын қыбырлатпаған — әңгіме қайда».

Қыз келте күлді.

— Сіз екеуіміз екі өлшемде өмір сүреміз...

Жігіт жымиды — қыз мұның ойының үстінен дөп түсті.

— Екі өлшем бе? Ендеше, қалай тез тіл табыстық?

Рабиға шалқайып тұрып сылқылдап күлді.

— Оған мамам кінәлі; сіз бен бізді бір інге тықты. Ін аузында қасқыр ырылдап тұрса, ін ішінде жасырынып жатқан түлкі мен қарсақ бір-біріне тимейді.

— Сіз Жапар аға мен Әзима апайға қатты ұқсайсыз...

— Ұқсайды дейсіз. Мінезіміз ғана. Ал рухани дүниеміз басқа-басқа. Заман бір, ел бір, жұтқан ауа, ішкен ас ортақ, ал біз... алыспыз. Мамам менен бар болғаны он тоғыз, папам жиырма жас үлкен, ал арамыздан ел көшкендей. Білмеймін, білмеймін...

— Әке-шешесін жөргегінде жалмаған адамнан ақыл сұрамайды.

— Кешіріңіз...— Қыз жігіт білегіне саусақ ұшын тигізді. — Біздің жағдай жаңағы. Үш бұты үш жаққа кеткен осал ошаққа сіз... төртінші сирақ бола аласыз ба?

Жігіт басын шайқады.

— Жауыма да тілемеймін.

— Біз дос болып қалайық, Елтай.

— Дос болайық,— деді жігіт көмескі үнмен.

— Кәне, қолыңыз?

Тас қараңғыда бірдеңелер жып-жылы болып жанасты.

— Дос екенсіз, сізден кіттей де сыр жасырмаймын, солай ма?

Елтай үндемеді. Тым тез дос болды, соны әлі де ойша қорыта алмай, бойына сіңіре алмай келеді.

Рабиға сәңкілдеп тарта берді ары қарай.

— Мен жуық арада екі бөлмелі пәтер аламын. Әке-шешені алыстан сыйлаймын... Ортақ өгізден оңаша бұзау артық. Мамамның таныстары көптеп көмектесті. Әйткенмен... ордер қолға тие бере мықтап сүріндік. Біреулер: «Қарақан басты қызға неге екі бөлмелі пәтер бересіздер? Заңға сыймайды» — деп, қуынған көрінеді.

— Тез арада екеу болмасаңыз, пәтер көзден бұлбұл ұшады, ә?

— Мамам еңбегі ұшан-теңіз... Қаншама есікті тоздырды...— Манағыдай емес, қыз үні жасқаншақ, солғын.

— Ол екінші бас... мен ғой?

Қыз тіл қатпады.

Жігіт Рабиғаны жаңа түсінді. Қараңғы түнде жол кесіп, ашына сөйлеген қыздың жаны жаралы екен.

— Мамам мені тым-тым жақсы көреді. Жалығамын сол махаббаттан. Керек десеңіз қорқамын — мен үшін басқаны аяқтан шалудан тайынбайды. Сіздің әке-шешеңіз жоқ...—«Жетімсіз...» деген зілмауыр сөзді көргенді қыз айтпады.— Болашағыңыз бар. Қалам ақы, атақ... Және де күшік күйеусіз, жұмса жұдырығында, ашса алақанындасыз. Пәтер менің атымда. Секіре алмайсыз. Жарасып кетсек, тіптен құба-құп: аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан қырық жыл кетпейді; мама, папама сіз өле-өлгенше адал қызмет етесіз, айтқанын екі етпейсіз. — Уысындағы қу жапырақтың үгіндісін ауаға шашып жіберді.— Мен сізді ұнатып ем. Алғаш келгеніңізде... Қазір жай ғана доспыз. Қалай пәтер арифметикасы басталды, біз солай алыстай бердік, алыстай бердік.

— Дәніккеннен құныққан жаман...

Елтай таң қалды: Әзима апайлар қалаға бертін келді, арғы тамыры далада. Мұның білетін даласы кітаптан оқыған, фильмнен көрген әдеби, кино дала еді. Домбыра, арғымақ ат, қыран бүркіт, ақ көңіл де қамқор ақсақал, әжелер... оның білетін даласы осы. Ал дала төсінен кеше келген Әзима апайлар қаланы бүйтіп алатайдай бүлдіріп жүр...

Түк ұқса бұйырмасын. Қыз болса, танауын жел жаққа көтеріп тастап үй-ішінің бар құпиясын шімірікпей ақтарып келеді. Енді қайтып кездеспейтін құны бес тиын адамға ғана айтылатын сыр... Осының өзінде табиғаты нәзік қыз қылығына қиыс, қайшы келетін бірдеңелер жатыр-ау.

Жігіт тоқтады.

Сөзін үзген қыз да аялдады.

Бір қырындаған Елтай:

— Пәтерді тезірек алыңыз, тілектеспін,— деді солғындау ғана.— Дұрыс айтасыз, алыстан сыйласқан жөн.

Қыз бұған ұзақ қарады. Бәсең ғана:

— Құдай үшін, ренжімеңіз,— деді.

— Қош болыңыз!

Жігіт жаңбыр жаумаса да плащының жағасын тік көтеріп алды, кері бұрылды.

***

Түскі үзіліс... Бөлім бастығы тоқ басу үшін Елтаймен шахмат ойнап отыр. Әдеби қызметкер жеңілуге жақын: өзіне де сол керек, ойынға жанын салмады, бейжай, фигураларды саусақ сыртымен немкетті жылжытады. Екеуі әманда солай. Елтай басқамен адам сияқты ойнаса, бастықпен қол астындағы қызметкер ретінде ойнайтын. Хал-қадарынша екі партияның бірін беруге тырысады. Бастықты аяғаннан ұтқысы келмейді. О кісі шахматқа әкесі өлгендей жан-тәнін салады, шаруасы шалқайса, кәдімгідей қызараңдап, шатақ шығарады — шақар... Әсіресе Елтай десе, шыбық тисе шыңқ етер; ол лауазымы төмен, оның ішінде өзіне күні түсетін қызметкерден опай-топай ұтылуды ар көреді. Тоқ етері, кеңсенің пенделік заңдарын шахмат шаршыларына салғысы бар. Елтай іштей: «Бастығың кім, білгің келсе, онымен шахмат ойна» дейді.

Бүгін бастықтың мерейі тасыды. Атпен асқақ түрде мат берді де:

— Түу, жақсы болып кеттім ғой өзім!—деп, шолақ танауын таңырайта орнынан қарғып тұрды.— Женя да осы жүрістен мат алып еді.

Шаршы тақтаға тесілген Елтай шарасыз күйде басын шайқады.

— Біз тәртіппен, логикамен ойнаймыз деп құримыз, сіз, керісінше, алогично ойнайсыз — басқадан артықшылығыңыз да сонда,— деп, бастығының астына көпшік тастады. Несі бар, ол да тірі адам, аздап мақтаншақтау, ондай уақ-түйек кемшілік кімде жоқ.— Жеңіліп қалған Женяңыз кім?

Анау жүрдім-бардым:

— Евгений Евтушенко, — дей салды.— Әдебиетшілердің Орталық үйінде ойнайтынбыз.

Елтай сол орнында омпиып отыр. Шекесі дың-дың. «Құдай-ау, үлкен астанада бес жыл оқыды, не сан зиялы, зерделімен араласып-құраласты, сонда зеңбірекпен атсаң да мызғымаған бұл неткен бетон мінез?»

Соған қоса ол бастық екеуінің арасын айшылық алыс жол бөліп жатқанын сезді. Өйткені олар ата-ана бауырында бұлаңдап өскен. Балалар үйінің қабырғасынан шыққан жетімектерге қарағанда жақсы-жаманды болсын, мінезге бай. Ақыл-қулықтары да қатпар-қатпар. Обалы не керек, бұлар, яғни, Елтайлар еңбек, оқу, қоғамдық жұмыстар дегенде апырып-жапырып жіберетін алымды-ақ, оқ бойы озық. Бірақ суықтау, қаталдау. Бұлар әсіресе би, сауық кештерде жұтайды. Оқтау жұтқандай тіп-тік тұрысы, қысқа да нақты, қытырлаған құрғақ, тым дұрыс сөздерімен екшеле қалатын. Жігіттің кім екенін қыз-келіншек дәл анықтайды. Әйел қауымы отырса опақ, тұрса сопақ бұлардан қашық, ылдым-жылдым аналарға асық жүреді. Ал әке-шеше көргендер тауды бұзып, тасты қашамайды, алайда көбі жора-жолдасына жұғымды, сөз ыңғайын түсінгіш, тұла бойынан жылу шашқыш. Және бір-біріне ұқсамайды да: әлемде әке-шеше қанша, олар да соншалықты сан алуан — әр түрлі әке-шеше тәрбиелеген. Ал Елтай тура. Бетің бар, жүзің бар демей, айтып-айтып тастаса, әлгілер оны мойындағанмен, бәрібір бұл бұрыс сөйлегендей аңтарылып қалады. Ал олардың ақырын жүріп, анық бас әдеттеріне, жылы, жұмсақ әзілдерінің астарына түсінбеген Елтай да бұзаудың орнына баспақ деп, сан мәрте айдалаға қаңғыды. Бұлар, жетімектер, өзара көбіне ұқсас. Сөйтсе, Елтайдың, Елтай сияқтылардың тәрбиешісі біреу екен: ол — балалар үйі, мұғалімдер, тәрбиешілер. Ал бөлім бастығын ата-анасы, туған-тума, көрші-қолаңы, бүкіл ауылы тәрбиелеген, сондықтан да өмір қандай сан қырлы, көп тармақты болса, бұлар да сондай.

Кенет есік айқара ашылып, секретарь қыз тайтаңдап кірді. Бас редактордың дүмпуі ме, бұл бала редакция қызметкерлеріне ерке. Оның ішінде бойдақтарға қатты келетін.

— Елтай, шаппақ болсаң зымыра!

— Қайда?

— Қабылдау бөлмесіне. Аудандық партия комитетінен іздеп жатыр.

— Мені ме?!—Кеудесін шұқыды.

Танаураған қыз:

— Жоқ, сені емес, Елтай Қамбасовты шақырып жатыр,— деп, есікті сарт жауып, шығып кетті.

Қабылдау бөлмесіне кірсе, телефон тұтқасы үстел үстінде домалап жатыр.

— Тыңдап тұрмын.

Ар жақтағы әйел кеңселік қатқыл үнде:

— Қателеспесем, Қамбасов боларсыз?— деді.

Әлдебір жүйке жіптері ширай қалған ерні дөбірейіп:

— Иә,— деді.

— Сізді аудандық партия комитетінің екінші хатшысының секретары Айдосова мазалап тұр. Кешіріңіз, әкеңіздің аты?

— Сыпатай...

— Қай жерде, қашан тудыңыз?

Айтты.

Әйел бөгелді. «Сы-па-тай» деп, буын-буынға бөліп оқығаны әзер естілді. Асылы, үстел календарына жазып алғанымен салыстырды. Іле әлгі үн:

— Елтай Сыпатаевич, бүгін жұмыс аяғына қарай, яғни сағат бесте қолыңыз босай ма?— деді. Ресми екпін бұл жолы сәл бәсеңдеу.

Лоблыған Елтай:

— Әрине, сөз жоқ, — деп жүрдемелетті. Жетім бала күнкөріс үшін ресми есік-тесікті көп сығалайды, олардың тағдырын ата-ана емес, кеңсе адамдары шешеді, сол ыңғайда ол алуан-алуан кабинеттерді көріп баққан, әйтсе де аудандық партия комитетінің хатшысына кірмеп еді.

— Өте жақсы. Сағат бес жарымда қабылдау бөлмесіне келе қойыңыз. Сізді екінші хатшы Авдеев жолдас қабылдайды.

Телефон қасында қаңтарылып біраз тұрды. Қисын іздейді. Партия мүшесі емес. Жазған материалдарынан қате кетті ме? Онда хатшы алдымен редакторымен бажайлап сөйлеседі, бастық сонан соң мұны шақырады... Әрі бұл істейтін газет аудандық партия комитетіне қарамайды. Түсінсе бұйырмасын.

Бөлім бастығы сол қаздиған қалпы. Қатып қалған тіп-тік отырысынан бір іштен тыну, күтіну сезіледі. Қағазға қадалған көзі шатынап, әйнекке айналыпты. Құдай біледі, бірдеңені көріп отырғаны шамалы. Елтай орнына жайғаса беріп еді, бастықтың үстіңгі ерні жыбырлап, астыңғы ерні қыбырлады.

— Кім екен?— Аузынан ауа мен үн әрең шықты.

Ағынан ақтарылайын деп бір оқталды да:

— Очеркімді мақтады,— деді еп-елеусіз ғып.

— Кім?

— Хатшы...

Бастық өң жоқ, түс жоқ, сазарып отырды да қалды. «Не жақсыңа қуана алмайтын, яки жаманыңды көтере алмайтын жанға шындығыңды айтып не барқадар табарсың. Ішкені ас болмай, түні бойы төсегі мұз болып, дөңбекшіп шықсын, бәлем».

...Қапсағай, атан жілік зор адам үстелге алақандарын айқастырып салып, есікке тура қарап отыр. Ұзын келген бет пішімі ірі. Шалқасынан қайырған толқын-толқын аппақ шашы жұқа қызыл өңімен астасып, әдемі келісім тауыпты. Жауырынды, жоталы, шекелі. Елтай бөгеле-бөгеле ішке кіргенде, ол орнынан тез тұрып, сылти басып, бері беттеді. Жаһұт түстес сарғылт көздері мөп-мөлдір. «Кім еді, нағыз еркектер қартаймайды, тек өледі деген...» Сөйткенше екінші хатшы Елтайдың шынтағынан демей ұстады да, бетіне тоқталып қарады. Берген сәлеміне жауап қайтпады.

— Сыпатаевич?— деді күлімсіреп. Қарасы жылы, жайма-шуақ. «Не болды?» деп кірген Елтай тынысын еркін алды. Соның әсері ме, хатшының оң жақ шекесіне түскен кішкене қия тыртық та жымиып тұрғандай көрінді.— Рақмет келгеніңе!— Салған беттен «сен»- ге көшті. — Ойламаған жерден телефон соғып, үркітіп алған жоқпын ба? Кел, терлет, қысылма.

Әй-шәй жоқ, «Т» әрпі секілді екі үстелдің перпендикулярын жағалаған орындықтарға итермеледі. Креслоға отырғанша да Елтайға жылы шырайда әлденеше қарады. Алдындағы қаттаулы қағаздарды шетке ысырды, бүткіл денесін терезе жаққа бұрып салып, оң аяғын созып жіберді, әлдене жері сықыр-сықыр етті, шамасы, протез болар.

— Жұмыс уақыты тамам, демек, Виктор Викторовичтен Виктор шалға айналуға болады, ә? Сен де еш қысылмай-қымтырылмай, көсіліп отыр, Сыпатаевич. Шаңыраққа қара! — Сұқ саусағын жоғары шошайтты.— Бұл — менің кабинетім емес, партияның кабинеті. Ал партия — саған да, маған да әке. Яғни, әкеңнің үйіне келгендей өзіңді кең сезін, еркін ұста.

Елтай өзін онсыз да еркін ұстап отыр. Алғаш танысқанда кісілер көбіне көңілден гөрі көздің дегеніне жүгінеді. Сылти басқан екінші хатшы ұнады. Көп адам кем, мүгедекті іш тартады, ондай мехнат көрген, өткелектен өткен пенде дүниенің арзан, қымбатын, кімнің кім екенін түсінуге тиіс, тірі жанға обал жасамайды. Елтай да қазір сол сезім үстінде. Оған қоса хатшы қазақша мақал-мәтелдерді, орысша баламасында болсын, сөз арасына қыстырып отыр. «Төрлет», «шаңыраққа қара» дегендер жанға тым жақын, жылы сөздер... Дәу де болса қазақ арасында туып, ер жеткен шал болды.

— Творчество қалай, Сыпатаевич? Мына жарты беттік көл-көсір очеркіңді оқып шықтым...— Виктор Викторович алдындағы туырлықтай газеттің қаттауын жалпақ алақанымен жаймалап жазды. Елтай көз құйрығын тастап еді, өз газеттері.

— Әр уақытта әр қалай...— Басқа жауаптың реті болмады. Шыны да сол еді. Очерктерінің көбі мақталатын, азы сыналатын.

— Дұр-рыс,— деді Виктор Викторович сөзінің дәмін алып.— Дұрыс. Творчество шіркін салған беттен сәтті басталмайды. Лев Николаевич бекерге: «Менің бойымдағы талантым бір де, еңбегім тоқсан тоғыз процент» демеген. Қалай, Сыпатаевич, Лев Николаевичпен келісеміз бе?—деп, Елтайға мойын бұрып, зер сала қарады.

Хатшының бір сөзі миына жетеді, екіншісі жетпейді. Шынтағынан демей ұстап, бетіне қадала қарауы, «Сыпатайыч?» деп сүңгілеп сұрақ қойғаны, салған беттен «сенге» көшуі — бәрі, бәрі жұмбақ... Бұрын бұл шалды көрген де, кездестірген де емес, жас аралары жер мен көктей, ауа жұтқан орталары да қиыспайды. Сонда бейуақтағы бұл әңгімені не деп түсінуге болады?

— Елтай, сені іздегеніме, міне, биыл тұп-тура жиырма жыл.— Лоблып шыққан дауысты естігенде басын көтерді — әңгіменің көзі жаңа көселген екен. Виктор Викторович те бетін бермен бұрып, алақандарын үстелге жазып салыпты,—Үмітім де үзіле бастап еді. Бүгін газеттеріңнің мына саны ойда жоқта қолыма түскені. Жұмыс жайы белгілі, жиналыс жиі, күніне тең-тең газет-журнал оқисың, кеңсенің бұрқыраған қағазы өз алдына, әрі жас ұлғайып, шау тартқасын ба, соңғы жылдары жастар газетін аз оқушы едім.

Елтайдың ойы он тарау. «Жиырма жыл іздеген? Біздің газетті оқыса, қазақша біледі екен...» Өзін ешкім іздемейді, жоқтамайды деген беріш, шыны керек, көкірегіне баяғыда байланған. Әрі қуанышты, әрі таңырқаулы.

...— Очерктің аяғына қарап ем, таныс фамилия! Жиырма жыл бойы таптырмаған фамилия... Астында «арнаулы тілшіміз» деп тұр. Демек, редакцияда істейді... Дереу редакторға телефон шалайын деп оқталдым да, ойландым. Аттас фамилия жыртылып айрылады. Ұшқалақтық жасап, жаза басуым оп-оңай. Ойлана келіп, Ұлжан Айдосовнаға: «Редакциядан мына очерктің авторын тауып алыңыз да, қай жылы, қай жерде туды, кім, сұрап біліңіз. Егер, біріншіден, Сыпатаевич, екіншіден, жиырма жеті жаста болса, бүгін сағат бес жарымда маған келсін»,— деп тапсырдым. Шынымды айтсам, қашан анық-қанығын білгенше дегбірім қалмады. Сөйткен болжам, міне, расқа шықты. Сөйтсе де өзіңді көзбен көріп, қолмен ұстағанша сенер-сенбес болдым.— Бері қарады. Әр сөзін балғамен шеге ұрғандай ғып:— Құйып қойған Сыпатай марқұм екенсің, ұлым!—деді.

Кабинет іші құлаққа ұрған танадай. Әрқайсысы өз ойымен әуре. Елтайдың миындағы нәзік бірдеңелер секунд санап қызып, балқып барады. «Құйып қойған әкең екенсің!»—деген төрт сөз жан дүниесінің астын үстіне аударды. Ып-ыстық «ұлым!» деген сөзді, шын мейірбан сөзді осы жасында алғаш естуі. Өлген Сыпатай қайта тірілгендей тіптен... Ал мұны хатшы неге ширек ғасыр іздеді, Виктор Викторовичпен әкесінің арасында не болып еді, қай тағдырдың талқысына тең түсті — мұндай сұрақтар басына кіріп шықпады. Әкесі Сыпатай атты қазақ, оны білетін, ал оған құйып қойған қорғасындай тартқанын білмейтін, білмей келіпті — алқынып ойлағаны сол болды.

Өз-өзіне сабыр тілеп, саусақтарының буынын сырт-сырт үзді, алақанын уқалады, тамағын қырнады. Сөз шіркін сезімге бағынбайтын неме ме, қысқа ғұмырында кемел қуанып, көзеден аспаған шақшадай басы шарадам болып отырды, отырды да, көмейінен күңк етті.

— Әкемді біледі екенсіз...

«Бала қайтеді?» дегендей хатшы шалқая түсіп Елтайға тоқталып қарады. Қарады да, сәл ашына, өз-өзіне сенімді, нақ-нақ, нығыз сөйледі.

— Білу аз, Елтай. Сыпатай маған қандас туыс болады...

Шыбын ызыңы естілмейді. Жігіт бақырайып отыр — басында тинәмдей ой болсашы. Жан дүниесін үлкен бұрқақ алдындағы құлақ шыңылдайтын меңіреу толас жайлады.

— ...Біз кешегі соғыста бір шинельдің шалғайын жамылып окопта жаттық. Бір темекінің тұқылын бөліп тартқамыз. Бірге шегіндік. Шабуылға бірге көтерілдік.

Әлдене сыр-р етті. Елтай басын көтерсе, хатшы екен суырмасын ашып жатқан. Қармаланып «Қазақстан» сигаретін алды, бір талын суырып, ерніне апаруын апарғанмен, орта жолда қалт тоқтады, үстелге тастай салды. Саусақ ұшымен қорапты Елтайға ысырды.

— Шылым ал...

— Рақмет! Шекпеймін.

— Шекпесең шекпе, бірақ қолыңа алып шошайтып отыршы. Менің көңілім үшін... Қойып кетіп ем...

Алды. Виктор Викторович темекі тұтатып, орындыққа шалқая түсті, көк түтінді үсті-үстіне үргілеп, ширата будақтатты. Сығырайтып алған сарғылт көк кезін Елтайға мейірлене тастап:

— Рақмет...— деді бар пейілімен.— Манадан бері кеңсірігім қышып, қолым қорапқа өз-өзінен жүгіріп болмап еді! Алдымен доктор, сонан соң үйдегі шешең «Не біз, не темекің!» дегесін тастап ем. Жаңағы «темекінің тұқылы» деген аузыма қайдан түсіп еді, тәйірі? Көрдің бе, шыдатпады. Соғыс пен окоп үйретіп еді.— Тұқылды күлсалғышқа жаншып сөндірді де, қопаңдап орнынан түрегелді.— Шешен демекші, әңгіме бұзау емізеді, бұзау таяқ жегізеді. Кеттік біздің үйге! Әңгімені шай-пай үстінде жалғастырайық.

Елтай қозғалақтады.

— Онсыз да қымбат уақытыңызды бөліп...

Виктор Викторович: «Бүгін саған сөз жоқ, жайыңа отыр!» дегендей қолын сермеді де телефон құлағына жармасты.

— Шешесі, мен ғой... Иә, иә... Бүгін үйге қонақ апарамын. Кім дейсің бе? Ең жақын туыс... Сыпатайдың ұлы... Ойда жоқта... Сенер-сенбеспін...— Дәл өзі — Сыпатайды көр де, мұны көр. Өзің көрген суреттен түсе қалған. Көйлегі көк, тамағы тоқ заманның баласы емес пе, әкесінен гөрі сәл-пәл биігірек, әдемірек... Әзірге!— Сәл ойланды да, жігітке жалт қарады.— Кеттік.

«Сыпатайдың ұлы маған да бала» деген ұғымды сіңіріп үлгерген бе, әлде хатшылығы кабинетте қалып қойды ма, әйтеуір, майдангер шалың оң қолына таяқ ұстады, сол қолымен «Сыпатайычтың» иығынан орай құшақтап, есікке беттеді.

Елтай анда-санда лоқып былқылдай сырғыған қара «Волганың» артында отырып ойлады; алғашында Виктор Викторовичтің мұны азан шақырып қойған атымен «Елтай» демей, «Сыпатаевич» дегені құлағына жат естілген. Өмірдің қызығын қараңыз! Қарт майдангерге Елтайдың өзі емес, бет бейнесі, бой-сойы, мінез-құлқы қымбат екен. Елтайды қанды көйлек досының жалғыз ұлы, асылдың сынығы деп, «ой, бауырым» - дап іш тартқанмен, қалай айтсаң олай айт, бір шинельдің шалғайын жамылып, бір тұқылды бөліп тартқан Сыпатай оқ бойы озық тұр. «Сыпатайыч» - тап жүрген себебі сол. Ал жігіт құлағына «Сыпатайыч» тосаң естілсе, өзі де, көзі де жоқ әкені, оның есімін бөтенси бастағаны-ау. Ұрпақтан ұрпаққа өтіп кеткен соғыс сызы солай...

Толықша келген, дөңгелек жүзді, ақ бурыл шаш, кексе әйел есік ашты.

— Қош келдіңіздер! Төрлетіңіздер!

Кең, жарық қонақ үйге өтті.

— Шешесі, өзің сырттай білетін Елтай Сыпатаевич деген осы жігіт. Елтай, мына кісі қорғап-қолдаушым, әрі ең үлкен сыншым — Әлфия Юлаевна. Бір ұл, бір қызыма, оған қоса саған шеше. Еш қысылма. Осы үйдің кенже ұлысың. Демал, тынық.

Әлфия Юлаевна ғафу өтініп, пияз бен ет, одан басқа да тоқ иістер жіңішкелеп жетіп тұрған ас үйге беттеді.

— Елтай, менің кабинетіме өте бер. Кең отырып, шер тарқатайық бүгін. Мен киім ауыстырайын.

Екі қабырға түгелімен том-том қалың кітапқа сыңсып тұр. Шетел, орыс классикасы, философия, тарих, экономика, социология... Қазақ кітаптары да көзге жылы ұшырайды. Және бәрі де парақталып, беттеріне қол тиген тәрізді, тозған түптері ақ жем, томдардың рет саны алмасып кетіпті, қысқасы, қара күйе жеп, шіріп жатқан өлі кітап емес, тірі мүлік. Сөрелерге көз сатып тұр еді, Виктор Викторович кірді. Қолында екі фужер, қолтығында минералды су. Юлаевна ізін баса кіріп, журнал үстеліне буы бұрқыраған екі шыныаяқ кофе қойды. Бөтен сөзге сұғынып араласпайтын, өз шаруасына тап-тұйнақтай мық кісі ме, ісімен ғана болып, үнсіз кіріп-шығып жүр.

Есесіне Виктор Викторович сырдаң кеңседен жалығып қалған ба, әзіл-қалжыңға қамшы басты.

— Қауға сақал классиктерге қызығып, жан тартып тұрсың ба? Бүгін сол қадірменді ақсақалдарды қозғамайық. Бір ұстаса уысынан қайтып шығармайтын мықтылар ғой, қытығына тимейік. Бұдан былай кез келген күні кел де, қалаған кітабыңды таңдап ал. Кітап дегенді жұмған алақанын ашпайтын сараңдығым жоқ. Тек жақсы кітап жақсы адамға жолықсын де. Кел, жайласып отыр. Екеуіміз аяқты көсіліп тастап, армансыз жауаптасайық.

Сөйтіп екі кештің арасында басталған әңгіме ел орынға отыра үдей түсіп, түннің бір уағына дейін созылды. Сөйлеуші Виктор Викторович те, тыңдаушы — Елтай.

...Қырық екінші жылы Харьков түбіндегі біздің шабуыл сәтсіз аяқталды. Жеңіске құштарлық орасан еді, ал әскери дайындық аз болатын. Жалғыз құштарлық ұшпаққа шығармады. Виктор Викторовичтің, ол кезде не бары жиырма жасар лейтенант Виктор Авдеевтің взводы полкымен қоса жау қоршауына түсті. Түн. Фашистер шебін айқай-сүрең сала бұзып-жарып, өз бөлімдерімізге жанталаса ұмтылған жан алыс, жан беріс шақ... Қара санын оқ уатып кеткен лейтенант қалпақтай ұшады. Тас қараңғыда жер құшқан жанға қарайлауға шама қайда, лек-лек толқын айқай-сүрең салып, үстінен сырғып өте беріпті. Тұзым таусылды деп, қан саулаған жараның аузын алақанымен басып, тыпырлап жатқан заматта біреу қолтығынан көтеріп алып, арқасына салады да, ала жөнеледі. Тұс-тұстан бей-берекет атылған қалың оқ қоя ма, әлгі жанкешті жауынгерді де бір уақытта іліп түседі. Өлейін деп қансырап жатқан қос жауынгерді басын оққа тіккен санитарлар ұрыс даласынан елең-алаңда жинап алады. Санбатта қан құйып, жарасын тазалап, таңып берген заматта Виктор қалың ұйқыға кетеді. Нешінші күн, қай уақыт, ол жағы белгісіз, көзін ашса, медсестра дәкесін ауыстырып жатыр. Қызуы көтерілген кіресілі-шығасылы есі бар лейтенанттың аузынан шыққан алғашқы сөз «мені құтқарған кім?» еді. Медсестра қатар жатқан солдатты көзімен нұсқайды. Бет-бейнесі шығыс халқына келетін ақ сұр, қоңқақ мұрын жас жігіт... Қол қысып, құшақтауға хал қайда, әйтсе де тілдесіп үлгереді. Жігіттің ұлты қазақ, сеңгір-сеңгір Тарбағатай тауынан. Түнде иығынан жараланған. Содан жұбы жазылмаған екеуі тылдағы госпитальге жөнелтіледі. Үш-төрт айдан соң қатарға оралады, Сталинград түбінде қан кешеді. Ары қарай Орел — Курск, Днепр, Киев, Яссы — Кишинев... Қырық төртінші жылдың жазына қарай біздің әскер Румыния жерін азат ете бастаған тұста аға сержант Сыпатай Қамбасовтың басын мина жарықшағы сүріп өтіп, ауыр жарақат алады. Бұл кезде екеуі араларынан қыл өтпейтін қанды көйлек дос. Виктор тағы бір жараланған шақта Сыпатайдың қаны бұған дәл келіп, шыбын жаны қалған. Нағыз солдат соғыста өлімді әсте ойламауға тырысады, оның үстіне жеңістің төбесі көрініп тұр, «елге бір вагонға мініп қайтамыз» деген ұзын есеппен адрес алмаспап еді. Қан жауып, зембілде ес-түссіз жатқан сержанттан не сұрап жарытасың, серейген Сыпатай алыс тылға кете барады. Капитан Виктор Авдеев алтын Прага үшін болған айқаста сол аяғынан айрылып, соғысты аяқтайды. Ал сержант досы сол жоғалғанның мол жоғалады.

Соғыстан соң Виктор Москва университетінің тарих факультетіне түседі. Бірде аш, бірде тоқ жүрсе де көңіл көтеріңкі, көкірек үміт пен сенімге толы. Әр апта сайын студенттер кеші өтіп тұрады: орден, медалі саусылдаған гимнастеркелі жігіттер мен шыт көйлекті қыздар басым. Бір күні кителін үтікке сулап басып, етігін майлап, филология факультетінің кешіне бара қалса, тобылғы торы кекілді жас қыз жылы ұшырай кетеді. «Көрмеген, білмеген бойжеткен көзіме неге оттай басылып тұр?» деп, бажайлап қараса, кекілді бикеш Сыпатайдың бір белгілерін еске түсіргендей. Биге шақырады, танысады. Филология факультетінің орыс тілі мен әдебиеті бөлімінде оқиды, ұлты башқұрт, есімі Әлфия. «Қазақ ұлтын білесіз бе?»—дейді бұл. «Білемін. Бізге туыс ұлт. Аралас-құралас тұрамыз. Құда-құдандалы дегендей, сүйек шатыспыз». Ұшырасқан алғашқы қазағы Сыпатай Тарбағатай тауынанмын дегесін бе, бұл барлық қазақ тарбағатайлық деп ойлайды екен; «Тарбағатай сіздерден алыс па? Аюлары өріп жүре ме, тиіспей ме?» Қыз: «Мына жігіт бұрыс па, дұрыс па?» дегендей көз астымен қарап қояды: «Тарбағатай?! Ол не, Сібір жақта ма?» Есепсіз тап қалған, неге екені белгісіз, әрі ыза болған Виктор: «Аралас-құралас тұрады екенсіз, Тарбағатайды неге білмейсіз?» деп тақымдасын. Абдыраған бойжеткен қашқақтай бастайды: «Естігемін жоқ ондай тауды... Орынбор төңірегінде туып өскенмін. Қазақстан одан алысырақ, астанасы — Алматы». «Орынбор — Алматы арасы қанша шақырым?» «Поезбен үш күндік жол»— дегенде Виктор құлап қала жаздайды; неткен ұлан-асыр байтақ ел! Мұның жер-көкті алған Украинасының арғы шеті мен бергі шетіне поезд жарты-ақ сөтке жүреді. Жан досы Сыпатай бар, жаңадан танысқан сүйкімді жас қыз бар, жігіт көкірегінде сол өлкені көрсем-білсем деген таңсық, сезім оянады. Бәрін айт та бірін айт, махаббаттың жырын айт, Әлфия екеуі көп ұзамай дос болады, одан қол ұстасып, оқу бітірген жылы бас құрайды. Пенза облысындағы бір мектепте екі-үш жыл бала оқытады. Туған Украинаға, Тернополь облысына баруға Виктордың жүрегі дауаламайды: партизандарға көмектескен әке-шешесі мен іні-қарындасын фашистер атып тастаған. Деревнясы қазір күл-талқан. Төрт ағаш кресті көрсе болды, екі көзіне жас толып, қаны көтеріледі, қолына мылтық тисе, тарс-тұрс атқылап, алғаш кездескенді қуа жөнелердей. Сол шошайған-шошайған төрт төмпешікті көрмеймін ден жолдаманы Украинадан алыс Пенза облысына алған. Балалы болып, жоқты бітеп, жыртықты жамап қалған елу төртінші жылы тың көтеру ұраны дүңк ете қалды. Әлфия екеуі көп бас қатырмапты, аяқ-табақ, төсек-орынды екі тең ғып түйеді де, «Қазақ елі қайдасың?» деп тартып кетеді. «Совет Одағының кез келген пұшпағы — туған елім, халқы — туысым, күні кеше Сыпатай мұның елі үшін қасық қанын төкті, ендеше, Қазақстан тыңын көтеруге ат салысайын, кім біледі, хабар-ошарсыз кеткен Сенькамды Тарбағатайдың қолат сайларынан тауып алармын»,— деген соқыр үміті бар. Екеуі де республиканың шығысына сұранды. Виктор мен Әлфия іспетті атағы әлемге әйгілі Москва университетін бітірген кадрлардың қаны жерге тамбай тұрған кез, екі жас коммунисті қояр да қоймай Алматыдағы жаңадан ашылған институтқа жібереді. Екі-үш жылдан соң Виктор Викторович партия жұмысына ауыстырылады... Шығысқа командировка аламын деп екі шоқып, бір қарап, қамданып жүргенде, сол өлкеден жиналысқа келген қызметкерден Сыпатайдың қазасын естиді. «Артында кім бар қалған?» Қайтқан жауап қысқа: «Ерінен кейін әйелі де көп тұрмады, дүние салыпты. Жалғыз ұлын әйелінің көрші облыста тұратын төркіндері асырап алған». Виктор Викторович Сыпатай ізінен осылайша адасқан...

Бұл күндері жасының ұлғайғанына әрі денсаулығына байланысты осы жұмыста. Филология ғылымының кандидаты Әлфия Юлаевна институтта сабақ береді. Ер жеткен ұл, бойжеткен қыз бар. Дмитрий Викторович Владивостокта тұрады, әскери қызметте. Келіні — орыс қызы. Ал Светлана Викторовна осы күнде Бейсенбаева, қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан, үйлі-баранды, Қостанайда.

Виктор Викторович әңгімені тұйықтай келіп:

— Көрдің бе, Елтай, тағдырдың сан тарау соқпағы кейде «Мың бір түннің» хикаяларынан да асып түседі. Сыпатайдан көз жазып қалғасын, оның тума қарындасы Әлфия шешеңе үйленемін, еліне келіп қызмет етемін, оны қойшы, мына сенімен, әлдеқайда жасарған, күш-қуаты, білімі мен білігі де зор жас Сыпатаймен қартайғанда жолығамын деп кім ойлаған. Дәм тартты деген осы. Әлфия екеуіміз бір шаңырақ астына орыс, украин, қазақ, башқұрты бар, төрт ұлттың басын қостық... Қазір қолдың саласындай бес немеремнің бойында орыс, казак, украин, башқұрт қанының қайсысы басым, өзіміз де білмейміз — көк көзі де, қара көзі де кекілі желпілдеп жүгіріп жүр. Ойна заманмен! Ғасыр бұрын орыс Иван, хохол Петро, қырғыз Мырқымбай сайын далада оңаша кездесіп көрсін. Бекісе ме, шекісе ме, арғы жағын бір құдай білсін. Туған-тума, жора-жолдас, қызметтес достардың арқасында тіл сындырып, қазақша сөйлеуге жарап қалдық. Қазір қу немерелерім: «Арғы атамыз кім, қай жерде өмір сүрген?» десе «Бәтір-ау, шалды қинап қайтесіңдер, одан да тарих пен әдебиетті оқымайсыңдар ма? Арғысын білмеймін, өткен ғасырда Дүйсен атты қазақ пен Мәриям Жагор қызы өмір сүріпті, сол кісілерден тарағанбыз»,— деп қарап отырамыз. Осының қатесі жоқ па? — деп, дастарқан жинап жүрген Әлфия Юлаевнаға қуақылана қарады.

— Бәрі де өзіңе белгілі ғой, әкесі...

— Біздің жай осы.— Виктор Викторович үстелді балалы үйрек, ортан терегімен барабандата бастады.— Ал өзің қалайсың? Жол — жоспарың не? Туған жерден біраз шығандап кеткен екенсің. Ес біліп, етек жапқалы Тарбағатайға ат ізін салдың ба?

Ойға белшесінен батқан Елтай салған беттен жауап қатпады.

— Реті келмеді. Балалар үйінің директоры оныншы класта: «Сені мұнда шешеңнің сіңлісі өткізіпті. Кейін ешкім жоқ іздеп келмеді. Ал ана кісінің қалдырған адресі мынау»,— деп, әпкемнің мекен-тұрағын берді. Мектеп бітіретін жылы хат жаздым. «Мұндай адам тұрмайды», — деген жауап келді. Әпкемнің бет-бәдені еміс-еміс... Қолымнан жетектеп, шаршағанда көтеріп алып, арқасына салып, аудан орталығына қарай ұшыртып келе жатқаны күні бүгін көз алдымда. Ер жеткенше сол кісіні шеше деп ұғыппын. «Неге іздеп келмейді!» — деп қамығатынмын оңашада. Не деп болмайды. Тұрмысқа шығып, фамилиясы ауысып кетті ме? Қиын жылдары әлде, әлде...— Жаман сөзге аузы бармай, үнсіз қалды. Аздан соң амалсыз әңгіме желісін жалғады.— Мектептен соң жұмыс, оқу, тағы жұмыс... Әзір командировканың сәті түспей жүр.

Виктор Викторович аяғын аяғына айқастырып салып, кабинет терезесіне тесіліп отырды да:

— Мүмкін, ниет жоқ шығар?— деді ақырын ғана.

Жігіт жауапсыз. Айтары жоқ, шалдың аузынан шындық сөйленді. Кез келген колхоз, совхоз, завод, фабрикадан табылған очерктік материал Тарбағатай тауынан да шығар еді. «Солай да солай, очерк жазсам қайтеді, он күн командировка беріңіз»,— десе, бас редактор қолынан қаға ма. Қайта: «Ауылға жиі барыңдар. Нағыз өмірдің жүрегі ой мен қырда соғып тұр. Кеңседе омпиып отыра берсеңдер қағаз шаңы жеп, қартайып кетесіңдер»,— дейді лездеме сайын. Ол жетесіне жетпеді. Паспорт алғанша ешкім де: «Кіндік қаның тамған жер — көк тіреген зеңгір тау, ұйысқан орман, күркіреген өзен, тастан тасқа қарғыған арқар»,— демесе қайдан жетсін. Тек аттестат алар жылы директор құлаққағыс етті. Директор мықтап кешігіп еді. Ылдым-жылдым заманда: «Бәлен жерде Балқан тау бар, оның астында ат басындай алтын бар»,— деген жел сөзге кім сенеді. Елтай үшін Алтай да, Алатау да, Еділ-Жайық, Ертіс, Арыс та бір ұғым — туған жер, өскен ел! Алау көңіл, алабұртқан жастық ой тереңіне бойлатпады, қос қолтығынан көтеріп, әуеге алып ұшты. Кейін университетте Ертіс бойынан келген қыз-жігіттермен танысты, аз-кем мазасы қашып, таныс-бейтаныс дыбыс, сөздер естілгендей, таза ауа былдырлап сөйлегендей сәл елеңдеді — осымен тамам.

Тарбағатай тауларын көр тамызда,

Көз ұшында көкшіл байтақ даласы.

Құйын болып, құрақ ұшып аңызда,

Құландардың жосылуын қарашы!—

деген өлеңді, таулы, дал алы ел тур алы кітаптар оқыды, бірақ соның бәрі көзбен кәріп, қолмен ұстамағасын сападан сүртіліп кете барды, көз алдына «туған жер» деген тұтас сурет келмеді. Оны айтасың, «Туған жеріңе ат ізін салдың ба?» — деген оңай да қиын сұрақты алғаш рет осы Виктор Викторович қойды. Адамдар: «Тұлдыр жетімге туған жер не теңі» дей ме, әлде ел туралы жұмған аузын ашпаған өзі де кінәлі, бәлкім.

Тек әнеугүні қызыл шырайлы қызды көргенде ғана бозторғай шырылдаған селеу дала, күйіп піскен таба нандай томпайған қоңыр төбелер, қарсақтың жылтыңдаған күшігі және де кезі жасты әпкесі елес берді. Сол мезетте аш өзегі талып, қарны шұрқырап сала берді, алыс жолдан арып-ашып келгендей мықтап сансырады, төсекке құлай кетті. Ертеңінде соқтығып сөйлеп, қызды жазықсыз жылатты, ұядай жылы бөлмеден атып шықты амалсыз, сол кеткеннен мол кетті. Содан бері ол пәтерге барған емес.

Жігіт іштей кекесінмен күлді — мықты болсаң осы хикметті мұрнынан тізіп, бір ауыз сөздің қауызына сыйдырып айтып көрші!

Басын шұғыл көтерген Елтайдың бетінен осыны оқып қойды ма, мүмкін, бітеу жараның аузын тырнап алғанын тілсіз түсінді ме, Виктор Викторович көп қажамады.

— Ғафу ет... Бұған дәл бүгін жауап беру қиын. Жауап тапсаң да қате шығады. Ғұмыр бойы жауап іздеп өтерсің.— Фужер ернеуіне ерін тигізді. Қол сағатына қарады.— Аман болсақ, әлі талай күн әңгіме-дүкен құрамыз, Елтай. Көптен бері жұмыс басты болып, ішім толып жүр еді, босап қалды. Рақмет саған. Әзірге осы тойғанымызбен жатайық. Ертең — жұмыс. Қазір шешең төсек салып берсін.

— Еш қам жемеңіз. Алғыстан басқа айтарым жоқ, Виктор Викторович. Өлген әкем тірілгендей болды, шынымды айтсам. Мен такси шақыртайын.

— Жо-жоқ, атама.

— Ертең нөмірге салатын мақаланы пәтерде қалдырып кетіппін. Күндегісін күнде жалмап салатын комбайн ғой газет деген.

— Қап! Жұмыс жайы екен, онда зорлық жоқ.

Мақаланы ертең таңертең де алып үлгеретін. Шынтуайтына келгенде, ап-ауыр басы дыңылдап, таза ауа тіледі. Қап-қап сөз айтылды, талай ойлар қозғалды, не түрлі қымбат көмбелер қазылды. Осы сағаттан бастап өзге ғұмыры басталғандай — әке тапты. Әкесі қандай, кім, мұны білу тапқан емей немене. Оған қоса әкесінің қаны тамыр-тамырында бүлкілдеп соғып тұрған қандас туыс тапты. Бұл қуаныш... Күйігі де бар — әкенің көзі жоқ, елесін ғана ұстады. Мына үйге түнесе осынау қарама-қарсы ойлар кезі ілінгенше түрткілеп, арадай талайды. Ой онсыз да жеткілікті. Үйреншікті қуықтай құжырасына, серіппесі сықыр-сықыр жайма төсегіне жамбасы тисе, бәрі де ұмытылып, ұйқтап кетер. Ал ертеңгі нәсіп — тәңірден.

— Жүр, бермен, әкеңді көрсетейін,— деді орнынан тұрған Виктор Викторович.

Елтай аңырып, креслоға кептеліп отыр. Хатшы күлді.

— Әзіл ғой. Сыпатайдың суретін көрсетейін. Соғыс кезіндегі сурет... Бір-ақ дана...

Жігіт басын шайқады.

— Рақмет. Ол фото менде бар...

Хатшы қасын керді.

— Қалай?

— Ол фото — мына мен, менің өзім.

Виктор Викторович ойланды. Елтай орнынан тұрды.

— Кейін көрейін әкемді. Әуелі туған жерге барып қайтайын. Әкеге ұялмай көрінетіндей іс тындырайын.

— Өзің біл...

Виктор Викторович такси есігіне қолын салып тұрып:

— Телефон шал, үйге кел, жұмысқа кіріп шық, қысқасы, суға батқан тастай жоғалып кетпе. Жетімнің кісікиік жайы екібастан белгілі. Сен енді жетім емессің; мен бармын, шешең бар. Өзің де кейін әке боласың. Біреуге әке адам жетімдіктен таза құтылады. Үлкен Сыпатайдан аңдаусызда айрылып, аузым күйген. Ондай қателікті шалға енді қайталатпа,— деді.

— Болсын, Виктор Викторович!

— Көріскенше, Сыпатайыч!

Елтай қала шетінде, тау баурайында тұратын. Өрге қарай күшене боздап келе жатқан такси жарығы әр бұрылысты бір түрткілейді. Жігіт ой үстінде. Ойлаған сайын сөз шоғыры көмейіне лықып кеп, лықып кеп, төпеме сөйлемге айнала жаздайды. Жаңа Виктор Викторовичпен қоштасарда өстіп еді. Жаманы сол, тілінің тұсауы шешілмеді: қашаннан ең оңтайлы, орынды тұста өз cөзіне өзі қақалып қалады. Керуен көшіп, ит үріп біткесін:

«Қап! Не ай қарап, албасты басты жаңа! Жау кеткесін қылышты сермедің не, сермемедің не!» деп, бармағын тістеп, санын соғып отырғаны. Бала жастан туыс-тума, аға, апа үстіне жайраңдай кіріп, емін-еркін еркелеп сөйлемегесін, қалауыңды алып, үйден тайтаңдап шықпаған соң ондай еркелік есейгенде қанға сіңбейді екен. «Екі қуып, бір қалғаның емес, ауызды алақанмен жауып, бағып сөйле. Әйтпесе теріс ұғып, таудай тауаныңды тез-ақ шағар»,— деген ұғым желкеден тартады.

Такси пыс тоқтады. Есеп айырысып, кабина есігін сарт жапты. Жол сорабына көлбей түскен жарықты қуалай қарады. Асфальт төселмеген шоқақ-шоқақ қара жолдың ойыс, дөңі толқын-толқын қатып жатыр. Сол ыбыр-жыбыр қалпы көше аяғынан қараңғы далаға сіңіп, қойындаса астасыпты. Шеңбер сыза бұрылған таксидің қызыл шамы өшуге айналды. «Біздің соқпақ та қашанға қала ішін шарлап, адаса берер дейсің. Қос өкпеден қысқан қысталаңнан туған жерге бір бет алармын. Әйтеуір, ұшығы қала сыртына шығып, дала аралап кететін шоқалақ қара жол аман болсын!»—деді ойша.

* * *

Қар жапалақтап жауып тұр. Жер дүние аппақ. Биік-биік үйлер, қараң-құраң кісі, машиналар қар құйынын кешіп жүр. Салонның ұзына бойына тартылған білікке асылған Елтай үнсіз. Ызғыған троллейбус жігітті кіндік қаны тамған туған жеріне алып келеді.

Міне, тұп-тура бір айдың жүзі, әпкесінің жетегімен ауданға дедектеп келе жатып, көз аңғалағына ұйып қалған мәңгілік көріністер — самал жел сапырған селеу дала, әуедегі ноқаттай бозторғай, селеу арасынан қызғылт сары жоны жосып өтіп, жоқ болған қарсақтың күшігі, шартабақ күн, қарны ашқаны, бетін жалын шалып күмпиіп піскен таба нан тәрізді қызғылт төбелер, алыстағы көгілдір таулар керуені — осының бәрі қызыл шырайлы Қарашаш бейнесімен етене бірігіп, біте қайнасып, жік саңылаусыз қабысып кеткелі қашан. Күн ара сол ұядай жылы дүңгіршек үйге бас сұқпаса, Қарашаштың жалтыраған көзі мен ұяң күлкісін көріп қайтпаса туған жердің жаңағы сызықтары өшіргіш астына түсетіндей жаны жай таппайды. Қыз қашан да бір қалыпты. Әуелі нарттай қызарады, қызылы бет ұшынан тарқай бере сыңғырлай үн қатып, төрге шақырады, бір кіріп, бір шығып, шикілі-пісілісін алдына қояды, оқиғасы кедей күнделікті тұрмысын бейкүнә әңгімелейді. Қарашаш та Тарбағатай тауының бір жеңін жайлап, совхоз қойын баққан кемпір-шалдың жалғыз қызы екен. Өткен жылы мектеп бітіріпті, дос қыздарының үгітімен оқу іздеп келіпті. Конкурстан өтпегесін киім тігетін фирмаға үйренуші болып орналасқан. Әзірге өйтіп-бүйтіп күнелте тұрып, келер жылы бақытын тағы сынамақ. Соңғы кезде ол ойынан айнып жүр. Тау тіршілігінен мүлдем бөлек, дырдулы қаланы жерсінбейді. Кемпір, шалдан: «Қартайғанда көрген қызық едің, ел білмейтін, жан баспаған қиянға шығандама, тауқыметіңді көрсетпе. Аудандағы шотоводтың оқуын бітіріп берсең біз риза. Есің барда елің тап, кайт, қалқам!» деген хаттар да жаңбырша жауатын көрінеді. Қыз да ауылға қайтып түзелместей қисайған. Келер айда жиылып-теріліп, сапар шекпек. Алтын екеуінің арасы да қызық екен: қалада өсіп, ертерек бой түзеген сұңғыла Алтын үй сыпырып, ас пісіру, еден тырналап жуу, азық-түлік тасу сияқты бұл жалғанда бітіп бермейтін күйбеңі көп қара шаруаны Қарашашқа артыпты. Ал қожайынмен қыбын тауып тілдесу, кино, концертке билет алу, келген жігіт-желеңді күле қарсы алып, әзілдесу, қысқасы, мәдени, әкімшіліктейін сыбай-салтаң, сыпайы тіршілікті өз мойнына алған. Шағын қаладан ұсақ қулықтарын ала келген Алтын Қарашаштың көнбістігін, сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар бақай есептен алыстығын тез аңғарып, есепшотқа тізіп қойса керек. «Көйлегімді жу, конспектіні көшірші...» бер жағы ғана. Кейінгі айда Елтай келсе жиырыла қалады. Абыралы көрінбегелі көп болды, оның үстіне айтқанына көніп, айдағанына жүрген ауыл қызы уысынан шығып барады, осы екеуін де Елтайдан көре ме, әйтеуір, бұл күнде артынан топырақ шашқандай. Жақтыртпағаны елден ерекше. Қоңторғай, қырғи қабақ отырады да, аяқ астынан сынықсып, майысып-қайыса бастайды. «Ресторанға шақырып еді жігіттер, ғафу етіңіз, Елтай. Киінеміз, боянамыз, иә, Қарашаш? Әлгі болгар лагың қайда, жүрші, тауып берші»,— деп, қызыл шырайлы қызды құшақтап, шөп еткізіп сүйіп алып, мысықша бұратылады дейсің. Елтай, амал жоқ, қош айтып, өз бетімен кетеді. «Ішімдегіні тап жігіт. Кейін аяқ-табақты жерге атып ұрып, тісін қайрап отыратын дүлей «танкілер» осындай үндеместерден шығады». «Менің қыздай сызылған жуас жерлесім бар, кел, таныстырайын. Сені сырттан біледі, ұнатып қалыпты»,— деп, Қарашашты арбайтын көрінеді. Кеше осының шет жағасын шыжымдап білдірген Қарашаш өксіп-өксіп жылаған: «Кетем, қартайған әке-шешемнің қасынан табыламын...» Елтай: «Мені қайтесің?»— дей алмады. Оған қақысы да жоқ. Қыз-жігіттің ым-жымына жеткен жоқ, қарындас, сыйлас ағадан әлі асқан жоқ. Қарашашты қайдам, инабат, ұятқа бала жастан жақын қыз іші жалындап жатса да сыр білдіре ме. Ал арадағы сыйластық дейтін ұзақ жолды жалғыз-ақ аттап, қысқарта салу деген түсінікті нәрсе Елтайдың миына қонбады.

Кеше қыз қасынан тоң-торыс шығып кетті. Құжырасына кіргесін де нәр сызбады, қолын тарақтап, желкесіне жастаған күйі тас төбеге қарап, сықырлауық төсекті жаншып жатып алды. Түннің бір уағына дейін сарыла сандалып ойланған. Ойланды да, ақыр аяғында тас түйін шешімге келді.

...Жаға-өңірі, құлақшынына қонған көбік қарды жігіт қаға-маға кіріп келгенде, Қарашаш саусағы майысып, Алтынның конспектісін көшіріп отырған. Техникумның кешкі бөлімінде оқитын Алтын сабаққа кетіпті. Дүрілдеп жанған ыстық пеш табынан екі беті алау. Түсі қашып, боп-боз болып тұрған Елтайдың сыртқы киімін іліп:

— Жай ма?— деді.

Жігіт селт етті. Қабақ астынан қызға тесіп қарады.

— Жай емес...

Жүрегі аузына тығылған қыз алақандарын кеудесіне айқастыра басқан күйі тұрып қалды.

— Жұмысың тыныш па?

— Тыныш...

Сараң, әйтсе де ішкі қызуы мол ілтипат тоңып кірген жігіттің жүрегін жылытты.

«Жай ма? Жұмысың тыныш па?»—қандай рақат, қандай жақсы!.. Осы сөздердің буы буынға түсіп, тарағанша бақырайып отырды да, бір мезетте аспаннан түскендей дүңк етті.

— Жинал!

Қыз отқа қақтаған алақандарын жігіттің мойнына салды.

— Тоңып келдің бе? Қолым жып-жылы ма?

Елтай қыз қолын уысына салып ұстап отырып, тура көзіне қарады.

— Қарашаш, мен сені алып кетуге келдім.

Бойжеткен мүлдем жайбарақат.

— Қайда?

— Бізге жүресің. Осы қазір...

— Неге?

— Маған күйеуге шығасың...

Қыз аузын алақанымен басып күліп жіберді де, тына қалды. Шегіне-шегіне пеш қасындағы табуреткаға сылқ отыра кетті. Елтай үстел үстіне жабылған газет шетін жырмалап, ұп-ұсақ қылып жыртып отыр.

Екі-үш минуттан соң әлдекім түртіп қалғандай болды; екі қолын тізесіне салған қыз бұған қарап қалыпты. Егес, кекесіннен өзгеше көзқарас. Жігіт не бүк, не шік түсетін жері осы пеш маңы екенін білді, тез-тез бастырмалатып, түйдектете жөнелді.

— Бір тиын ақшам жоқ... Той жасамаймыз... Төрт-бес дос-жаранның басын қоссақ жетеді. Әке-шешеңе де алақан жаймаймыз. Бәрін нөлден бастаймыз. Сені жақсы көремін, әзірге айтатыным осы-ақ. Қиындық бастап асады. Күнді түнге, түнді таңға ұрып талмай еңбек етемін. Жазу мен үшін жұтатын таза ауа, су, аспан, қысқасы, бәрі... Иә, десең... жинал. Жоқ, десең... қош бол!

Құлағы шулап, екі қолы тізесінен аса салбырап отыр. Қыл көпір үстінде тербеліп тұрған аумалы-төкпелі тағдырын тағы өрге салды, егер жаза басса, өмірінің аяғына дейін басы қаңғырып өтеді, адам бір-ақ рет қателеседі, қалған қысқа ғұмырын сол қатесін түзетуге береді, екінші қатеге үлгере алмайды. Өзі болса бірсәрі, өмірдің апай да топай асау ағысына башпайын бір малып, бір алып жағада тұрған Қарашашты қолдан тартып, өзімен қоса ала кетпек, ал арқыраған ағыс қайда апарады, қай жарға апарып соғады, ол жағы тас қараңғы.

Кіл айдынды, бетті сөздер Қарашашты жасқап тастаған ба, саусақтарын ашып жұмып, ашып жұмып, тілсіз отыр. Терезе алдында қоңыраулы арзан қол сағат сыртылдайды. Сырттағы суық іштегі жылы ауаны суырып тартып, пеш көмейі гу-гу етеді. Пеш көмейін жалын жалап-жұқтайды; мың бұралып билеген от шіркін неткен күрделі, әрі қарапайым. Әрі мейлінше шынайы. Қар жауған, жаңбыр төпеген күндері күрт көбейетін кезекті келімсектерге: «Аня жоқ. Не? Түнгі он екіде келеді. Айттым ғой, жоқ, жоқ... Есікті сыртынан жабыңдар да, келген іздеріңді іздеңдер. Не? Иектерің қышымасын, он екіде кіргізбеймін. Цербер аман болсын... Катя ма? Оған Женя келіп отыр. Кім? Жігіті»,— деген Степа ағайдың дорба-дорба үні естіледі. Ит қыңсылады. Қақпаның темірден бұрап соққан тұтқасы салдырлады. Желдеткіштен ішке сұғынған ағаш бұтағына суықторғай дүр етіп қонды: жүнін үрпитіп, мойнын ішке тығып алған, үрген шардайын доп-домалақ. Жылы ауаға, жарық бөлмеге ұмтылғаны ма, «Мына екеуі қайтеді-ей? Қызық-ай!» дегендей ішке мойнын созып, қылт-сылт қарайды.

Сүт пісірімнен кейін Елтайдың қары еріген шашына алақан тиді. Басын көтерген: Қарашаш дәл қасында тұр, жанарынан нұр толассыз төгіледі, жүн кофтасының өңірін оң қолымен қымқыра ұстапты, ерні сәл ашыла түскен...

— Мен шай қойып келейін...

Көз алдын мұнар алған жігіт жүзін өз жағасына көмді.

ЕКІНШІ БӨЛІМ

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.
Бет бергенде шырайың сондай жақсы,
Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың.
Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,
Аузымен орақ орған өңкей қыртың.
АБАЙ, XIX ғасыр.

* * *
Жаңа жылдан кейін аспан түбі тесілді, қалыңдатып-қалыңдатып жауған қар басып салып, боран-шашынға сараң ескі жылдан есесін мықтап алды. «Болды ма, көше-көше қарға толды ма?» деп, таза ауаны іздеп, сыртқа танаурай шабуылдаған қалалықтар мен қалың машина ұлпа қарды екі-ақ күнде таптап, тапасын шығарып еді, үшінші күні түске таман күн қабағына қайта кірбің ілініп, кешке қарай електен түскендей есіліп басталған қар түні бойы толастамады. Ертеңінде қар да, бұлт та зымзия, әлекедей жаланған сары аяз ғана буып тұр. Онымен тіршілік тынысы тоқтаған жоқ; төрт дөңгелегі төрт жаққа кетіп ыңыранған машиналар көпсіме қарды аямай жаншып, көк тайғаққа оңай айналдырып барады, қол-аяқтары руль, жылдамдық ауыстырғыш, педаль арасында ербеңдеген шоферлердің жүйкесі тым жұқа, алдын кесіп өткен жаяу атаулыға жауыға қарайды, аяғын алып жүре алмаған жанға не саусақ безейді, не сұқ қолымен өз шекесін нұқиды: «Бір басыңа ие болмасаң несіне жер басып жүрсің?» Тіс арасынан сыздықтата сыбырлап, сыбап кететіні де бар. Бет-ауыз атаулы бұрқылдаған аппақ бу әсіресе тан сәріде қасат қарға адам табаны тисе шақырлап ми шағады, автобустай емес, электр пештен мақұрым трамвай, троллейбустардың іші азынаған суық, қолдан қолға билеп өткен билеттік қара бақырлар саусақ қариды, жайшылықта қақпа астына тұмсық тығып, көшеге шаңқылдап үретін қанден иттер бұл күнде құйрықтарын бұтына қысып, үйшіктен шықпайды. Автобустар да аялдамаға көп кідірмейді, қарын құрышы жолаушыларға лықа толысымен құйрығынан бырқ-бырқ мүңкітіп жібереді де, алды-артына қарамай жосып береді. Әр адам ауа райы туралы бір-бір жорамал: «Биыл доңыз жылы, баяғы заманда қойшы атаулыны ақ сирақ қылып, ел ақтатып жіберетін, қатын-қалаш, бала-шаға қара қазан түбіне қарап қалатын жұт доңыз!» «Әп, бәсе, бет қаратпай қақырауы жаман!», «Өзіміз де түлен түртіп, қарап жүрмейміз. Тыныш жатқан табиғатқа түре тиісіп, бергенін қолынан, бермегенін жолынан алып, қаусырып бара жатырмыз, кекірік атқан көп тоқтықтың бір аштығы болмас деймісің».

О шеті мен бұ шеті қозы көш үлкен шаһарда кәрі құда — қыс қаһарын сезбеген, қаңғалақтай құлаған ақша қарды тамашалап, кеңсірік ашытатын кәусар ауаны есеп-талғаусыз құмарта жұтқан, ағаштардың діңін теуіп, қарын түсіріп, ішпей-жемей мас болған, бірінің тоңған қолын екіншісі ысқылап жылытқан жас жұп ала қойды бөле қырыққандай елден ерекше көзге түседі, олар — Елтай мен Қарашаш... Екеуі де қыс кезі қырауда өз жүректерінің дүкіліне ғана, сөздеріне, күлген күлкілеріне құлақ салады. Соған мәз, басқа дүние тас ұмыт: ал ондай тыңдау, көру, трамвай, троллейбус, автобустарда тұрған бойы пәле екен. «Әй жігіт, кассіге қол жалғашы» — күлкі, «Осы күнгі жастар не өзі, саңырау ма, мылқау ма, әдейі істей ме, түсініп болмайсың» — қыз бу демін жігіт бетіне үрлейді, «Жұрт көзінше аймаласуын!», Елтай Қарашаштың тәмпіш мұрнынан түртіп қалады, тағы да күлкі, «Әй қарақтарым, шыдай алмасаңдар шығып тұрыңдаршы»— оған да өкпе жоқ, жымыңдасқан екеу түсіп кете барады. Ел жата кинотеатрдан пәтерге келсе, таңертеңнен от жанбаған үй іші азынап тұрады: «оқасы жоқ, қазір тамызық тұтатамыз», ыстық табада бырысып-тырысып шыжылдаған жұмыртқаға тұз салынбапты, су татиды — «барға шүкір, тұзды алтынға айырбастайтын сор заман қараң, тек тезірек төсегіңді қамда...»

...Тұрмыс о баста бірден бүйтіп түзелмеген: қар жауған түні Қарашашты қара чемоданымен қоса таксиге салып, тау баурайындағы пәтерге салып ұрып жетіп келген: Кәтен апаға «келінің» деді, ырым-жырым жолын білетін ескі көз кәрия саспады, қос уыс кәмпитті: «Оң аяғыңмен кір, қарағым, қадамың құтты болсын!»— деп, Қарашашқа қарай шашып жіберген. Одан ары... Елтай жолай гастрономнан сатып алған шампанды үшеуі шошайып отырып бөліп ішті, құжырадай тар бөлмеге жас жұбайлар беттей бергенде, кемпір шытырадай аппақ көрпе-жастықты Қарашаштың қолтығына қыстырды.

«Тамаша, өмір тамаша» көпке ұзамады, кемпірде жазық жоқ, осқырынған Елтай тұнық суға қара тас лақтырды. Кезекті шай ішісте қызара бөрткен үй иесі: «Елтайжан, жылға жуық шай деспей бір бидайды бөліп жедік. Өз баламнан артық санаймын сені, тіптен. Ұзағынан сүйіндірсін»... — деп, орамалын көзіне апарды. Нанды бұрап асаған Елтайдың ойында дәнеңе жоқ, «Иә, апа!» — деп қояды. Жігітке бір, келіншекке екі қараған Кәтен апа нар тәуекел деді, төте кетті: «Қарашаштың үйіне қашан түсесіңдер, Елтай айналайын? Бас құдаға кімді сайлайсыңдар?» Үгітілген нан қиқымын алақанына жиыстырып салған Елтай: «Бас құда? Керегі жоқ», — деп сандалды. Кемпір бір қауым уақыт өз-өзіне келе алмады. Әрең-әрең ес жинады; «Е, неге? Қазақтың ырым-жырымы қайда, жолы қайда? Отыз күн ойын, қырық күн той болмай ма, бас желініп, киіт киілмей ме?» «Тойдың төрінде бас құда болып мен неге отырмаймын?» — деген түпкі ойды түсінбеген шалағай Елтай: «Той болмайды. Оған хал де, қаражат та жоқ. Рұқсат етсеңіз бүрсігүні төрт-бес құрбы-құрдастың басын құжыра бөлмеде қосамыз, сонымен той-сой бітті!» — деп көңірсітсін. Кемпір өкпесі түсе күрсінді. Орнынан созалаңдап әрең тұрды: «Е, алла, бала, баланың ісі шала»,— деді.

Қас қарая құжыраға сыпайы кірген кемпір Қарашаштың қолына бір жапырақ қағазды ұстатып кетті. Оңашада екеулеп оқыса: «Елтай қарағым. Бұрын жалғыз өзің едің. Енді екеусің. Ақылды баласың. 60 (алпыс) сом төле ай сайын. Газ, қыстық көмір, тамызық өз мойныңда. Қанша сом — кезінде айтамын. Сөйт, қалқам. Жазған апаң Кәтен», — деп шимайлапты. Алдымен қосылып күлді. Артынан ойланды. Сонсоң кәдімгідей қиналды.

Бұл «Шыдасаңдар осы, шыдамасаңдар шығып тұрыңдар пәтерден» деген үзілді-кесілді үкім еді.

Ертеңіне екеуі пәтер іздеді. Іздегендерін ыбыр-жыбыр, бір-біріне мінгескен барақ үйлерден тапты. Жастары алпысты алқымдаған кемпір, шал ас үйді қоспағанда бір бөлме пәтерін жалға бермек. Қабырғалас, іргелес көршілерінің көбі шал-шауқан, кемпір-кепшіктер... Екеуі некеге отырмай-ақ кемпірдің пәтерінде елбесіп-селбесіп тұрып келіпті, жуықта шалға Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде бір бөлме жай беріліпті. Газы, ыстық, суық суы бар, ваннасы бар саңғыраған сол пәтерге кемпір-шал бүгін-ертең көшеді. Үй басқармасы тексерсе: «Кемпір халсіз, бір күн сау, бір күн ауру, күтеміз-бағамыз, алыс жекжатымыз, өзі Сібірдегі баласына қонақтап кеткен»,— деген жауап берілуі тиіс. Көршілер өлсе де сырттан сатпайды. «Тек оларға көз алайтпаңдар, ши шығармаңдар, тату-тәтті тұрыңдар. Арақтан босаған бөтелке болса бере салыңдар. Бір жылдық пәтер ақыны алдын ала алақанға сала қойыңдар, кәне!»— үй иелерінің уәжі осы еді.

Үш түйіншек, екі чемоданды бұлар таксиге апыл-ғұпыл тиеп жатқанда, Кәтен апа еш сасқан жоқ, сол жақ әйнегі шытынаған көзілдірікті кеңсірігіне ілді, қолына қағаз, қарындаш алып, әлденелерді аузы жыбырлап есептей бастады. Елтай:

— Ал көріскенше сау болыңыз! Жаманды-жақсылы ай тұрдық. Сізден бөтен сөз естігеміз жоқ. Ес жиып, етек жапқасын хабарласамыз, — деп дыбырлай беріп еді, сабақ жіптей жіңішке ернін қымқырған кемпір:

— Электрдің ақшасын төлеп кетіңдер! — деп күңк етті.

— Төлеп едік қой.

Кемпір алақанының астындағы қағазды үстел шетіне, Елтайға таман ысырды.

— Түні бойы шұқшиып жазасың кеп, жазасың... Біз қалғанымыз жабылып қанша энергия жақсақ, жалғыз өзіңе сонша кетті. О баста жазушыны пәтерге алғанымды білмеппін. Әйтпесе электрге деген ақыны екі еселейтін ем. Міне, есептеп шықтым, әр айға екі сомнан қосып төлеуің керек.

Елтай жиырма бес сомдықты үстел үстіне тастады.

— Жете ме, апа?

— Сдач жоқ...

— Қош болыңыз!

Такси есігін аша бергенде, бұйра бас баласы қалбақтай жүгіріп жетті. Келе құшақтап, екеуін де айқыш-ұйқыш сүйеді дейсің, сүйеді.

— Бақытты болыңдар, сау болыңдар! Менің қателігімді қайталамаңдар!

— Рақмет!

Қарашаштың көзін ала бере Елтайға әбден иленген жырым-жырым көкқұлақты тықпалайды.

— Өй, мынауыңыз не?

— Баяғыда қарыз алған бес сом...

- Атамаңыз. Мына салдыр-салақ жүрісіңізді тастаңыз да, жеңгеймен табысыңыз, бізге қайтарған қарызыңыз сол болсын. Бұл үйде жүріп, түзу жолға түсуіңіз екіталай...

— Рас, рас...

...Жаңа пәтердің бар жиһазы — адам айналмайтын ас үйде тұрған құж-құж бет ескі үстел. Еден бес батпан кір. Бұрыш-бұрыш — темекі қалдығы. Шылым түтіні ысталған пәтерден ақтасаң да кетпейтін кермек иіс қолқаны қабады. Пешке дүрілдетіп от жағып, есік-терезені ашып тастады. Кәсектерді, еденді пышақпен қырып тазалап, қайта-қайта жуып, санаулы заттарын орналастырды. Үстел жанына жаман кірпіштейін төрт бұрыш қара чемодандарды тігінен қойып отыра қалды да, терлеп-тепшіп, шай ішті. Содан буы бұрқырап, жағасы жайлауға кетіп, есік алдына шықса, еңкіш келген ақ бас кемпір тұр. Қабырға көрші Арина Степановна... Пенсияда, қарақан басы, жалғыз тұрады.

— Біз де жас болғамыз, өстіп көшіп қонғамыз. Көмектесіп жіберейін, жүктерің қашан келеді?

Бір-біріне қараған екеуі күліп жіберді.

— Арина Степановна, біз жүгімізді мана кіргізіп алғанбыз.

— Кіргізгені қалай? Жүк тиеген машина келмей ме? Қазақтар ұл-қыздарын ырғалтып-жырғалтып ұзатпаушы ма еді?

Жас жұбайлар мәз-мейрам.

— Олар бұрынғы қазақтар, Арина Степановна. Біз ырғалып-жырғалуды ұнатпайтын қазіргі жастармыз.

— Қайдам, қайдам...

Кеше қарай жұмыртқа жарып, майға шыжғырып жеді. Тоқ басқасын Қарашаш еденге сол күні шыққан барлық газетті, газет үстіне апта бұрын сатып алған көрпе-жастықты төседі. Елтай ас үйде жуынып, қайта кірсе, келіншегі жатып қалыпты. Жігіт жақындап еді, танауы пыс-пыс етеді. Көзі жұмулы. Күрсінді де, үстелге беттеді. Қаламының біткен пастасын ауыстырып, алдына қағаз жайды. Көптен бері бір әңгімелік тақырып жанын қинап, пісіп қалып еді, сипақтатып жаза бастады.

— Жатпайсың ба?

Селк етті. Ту сырттан жеткен жылы да назды үн атылған мылтықтай естілді. Жігіт мына пәтерді ұмытып, қиял дүниесіне қанат қағып еді.

Қарсы алдына қараған беті:

— Ұйықта! Мен... жазамын,— деп мыңқ етті.

Көрпе астынан жылтырап, күйеуіне қарап жатқан жас келіншектің қара көзінен ұшқын жайлап сөне берді.

...Апта өткен соң, төрт ағаш орындық, кәкір-шүкір ыдыс-аяқ, серіппелері су жаңа жарқырауық темір төсек кірді. Пәтерлері үй құсап қалды. Осыны дүрбі салып көріп отырғандай ыржаңдаған Абыралы мен Алтын қол ұстасып жетіп келмесі бар ма. Екі-үш тал гүлі бар. Тілшеленіп кесілген колбаса, майға шыжғырылған баяғы жұмыртқа алдарына тартылды. Абыралыға сөз тиді. Ол Алтынға иек қақты.

— Әпкел әлгіні!

Мана кіргенде сенекке қойып кеткен бе, қыз қағазға оралған жеңді білектей әлденені алып келді. Сол жуанды әспеттей көтерген Абыралы:

— Орамал тон болмайды, жол болады, оны білесіңдер ғой? — деп нығыртып, Елтай мен Қарашашқа түйіле қарады.

Есі қалмаған екеуі жік-жапар.

— Не әкелсең де ризамыз.

— О не дегенің!

Абыралы жуан қағазды үстелге қойды да, фокус жасайтындай екі қолын көтере беріп, көзін жұмды. Ішінен дұға қайырды ма, ерні жыбырлай күбірледі. Дүр сілкініп, қағазды бас салды. Қабатынан соң қабатын сыпырып, алып жатыр, жерге лақтырып жатыр, онысы кішкене ғана бойы бар, айналдыра киген тоны бар дегендей қырық қабат екен, бітіп берместей көрінді, бір кез кішігірім кеседей домаланған бірдеңе қалды.

— О, үстел сағаты!

— Жұмыстан кешікпейміз...

— Үстел сағаты емес, одан кем де емес.— Ыңылдай әндеткен Абыралы домалақтың орауын жазып еді, ұзынша-ұзынша «Суперцемент» деген желім құтылары. Жас жұбайлар аңырғаннан аңырып әлі отыр. Екі құтыны екі қолына алып, аспандата көтерген Абыралы саңқылдап сөйлеп берсін.

— Мынау «Суперцемент» ғажап желім — темірді ағашқа, ағашты шүберекке, шүберекті бетонға жабыстырып тастай береді. Алтын екеуіміз оңашада күшін сынап көріп ек, масқара, біз де таза жабысып, тегі айрылмай қалдық. Сосын: «Қой, бізге мұны пайдалану әлі ерте, қоя тұрайық, мына пәлең Қарашаш пен Елтайға тым керек зат екен, үй ішінде ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды, сондай қырбай кезде үстеріне ме, әлде еріндеріне ме, молдап жақсын да, тас қатып жабысып қалсын» деп, сендерге алып келдік. На аварийный случай біреуін өзімізге қалдырдық. «Суперцементтерің» таусылмасын! Егерәкім, бітіп қалса, Елтай, өзіме оңашада айтарсың, жүгіріп барып тағы он шақтысын сатып әкелемін,— дей келіп, екеуіне бір-бір желімнен ұстатты.

Сөз тапқанға қолқа жоқ, күлкі дүрілдеді. Қарашаш Абыралының бұжыр-бұжыр бетінен сүйді. Елтай:

— «Суперцемент» сендерге де түптің түбінде бұйырсын! — деп, қолын қысты.

Қызық пен шыжықтың талқаны осымен таусылды да, күнделікті тепең-тепең «айт шүу, ала атым» деген тіршілік басталды.

Қарашаш ерте жатады, таң азаннан жұмысқа кетеді. Ойда жоқта шаңырақ көтерген, отау құрған астан-кестен тәлтіректетіп жіберді ме, бір манаураған қалың ұйқыдан айықпайды. Елтайдан ештеңені сұрамайды, ақыл да салмайды, томпаңдай шапқылап, айтқанын істей береді. Келіншек болып түскелі күйеуі өзі не жазады, сұраған емес. Елтай да түсіндірмеді, күнде ел жата қаламын үшкірейтіп құж-құж үстелге төнеді. Бірақ мандымады. Әңгіменің ауы мен бауы түгел секілді, ал тартпаға салып, апта өткесін жаңалап оқыса — не керемет,— жансыз, қансыз, қураған қурайдай қытырлаған бірдеңе. Жетпейді — оны біледі, ал не жетпейді — ол жағы қараңғы. Түсінде сүйген қызын айқара құшақтап, ояна келсе, темір төсекті құшқан жас жігіттің жайсыз жағдайын бастан кешеді. Бұл өз жанын өзі жеп, егеле таусылып отырғанда, Қарашашқа тегі рақат: ұйқысы сондай тез, қалай желкесі жастық сипаса, солай кірпігі ілінеді. Және адам қызығатын әдемі ұйқы. Бет ұшы шертіп піскен алмадайын қызарып, толық еріндері бүріле ашылып, толқын-толқын қара шаштың ортасында әлдеқайда жүзіп бара жатады. Ондайда келіншегінің бейқам жүзіне Елтай ұзақ қарап қалады: «Туасы жан дүниесі үлкен ұйтқу, тебіреніске түспеген, бүгінгінің аз-мұз ризығына риза, ал ертеңгі нәсіпті тәңірден талмай күтетін, сәби қалпынан еш дамымай, сол күнәдан пәк кезеңде мәңгілік қалып қойған бала ғой, мынау, жасаған-ау!» Сол ойынан сескенеді де іштей: күні ертең, жаман айтпай жақсы жоқ, жас семья тулаған өмір толқынына күмп беріп кетсе, Қарашаш бұған жанкешті серік бола ма, жоқ па?—деп, тағы оқыс ой ойлайды.

Бір түні өстіп төсек жанында ойға батып тұр еді, Қарашаш оянып кетті. Тесірейе қараған күйеуінің өңі адам танымастай өзгеріп кетіпті: дереу көрпені тұмшалап, басын бүркеді. Абыржыған Елтай тек тұрмай көрпені әлгі жерде әрі тартсын, бері тартсын. Шетін умаждап, астына басқан келіншегі тыртысып жібермеді.

— Өй, саған не жорық, мынауың не?

Мойнын ішке алған күйі еденге қарап жатып алған келіншек:

— Қорқамын...— деді тығыла сөйлеп.

— Айтпайтының жоқ екен.

— Сен емес, басқа адам қарап тұрғандай...

— Кешір...— Күрсінді, төсек қасынан кетіп қалды. Екеуі жаңа ғана оқ отпес қалың, әйтсе де мөлдір әйнектің екі жағында тұрып, ымдап сөйлескендей екен сөз саптастары. Ымдауға, көруге болады, бірақ тіл алмасу, түсінісу жоқ.

Бір күні автобуста жағасына бетін көміп бұйығып отырған. Кіре берісте тұрған ақ бас, еңкіш қарт көзіне жылы ұшырады. Бір қолы аспалы темірде, екінші қолында қозғалған сайын сақырлаған айран, сүт бөтелкелері салынған тор көз... Рецензия жазып, жинағын құлатып жіберген әнеугүнгі қарт жазушы! Ана жолы айдынды, сөзі де, жүрісі де қунақ еді. Көк тайғақта құйрығы бұлаңдаған автобус ақыры әупіріммен тоқтады.

Елтай қарттың қолтығынан сүйемелдей жерге түсті.

— Рақмет, қарағым!—Жазушы мойнын бұрып қараған да жоқ. Асарын асап, жасарын жасап, енді өмірден көңілі қалған, тәрк еткен адамның түрі. Жігіт амалсыз далбасалады.

— Мені танымадыңыз ба, аға?

Қарт бұрылды. Тоқтала қарады.

— Ә, «Алтынкүрек»...—«Ағасы» бырысып-тырысып, жымиған сияқтанды.— Отырса опақ, тұрса сопақ ит кәрілік... Есі бар еркек әйелінен бұрын өледі. Қу тағдыр оны маңдайға жазбады. Дүкен аралап, өстіп керек-жарағымды тасимын.— Тым терең сүңгігенін өзі де сезді, сабағын білмеген баладай бәтеңкесінің басына қарады. Күні өткен сайын қарт адамды топырақ тарта береді деуші еді, мына кісінің жүзі де көгіс тартып, келмей тұр.— Көңілсізсің ғой, қарағым? Рецензия ауыр тиді ме? Шынымды айтам деп шырқап кеттім... Түсіне алмаған нәрсені міндетті түрде арзан, жасық дейтін иттігіміз бар. Рецензия соңында: «Егерәки басқалар құптап, қол соғып жатса, басылып шығуына қарсылық жоқ!» — деп едім.

Жігіт күлімсіреген болды.

— Сізге емес, өзіме өкпелеп жүрмін.

— Қай облыстан ең?

Елтай бөгелмеді.

— Облысым — балалар үйі. Сонда өскемін.

Қарт мұның балалар үйінде өскенін құптағандай басын изеді.

— Бәсе... Жан дүниеңде жара бар екенін сезіп ем. Аузы-мұрны жоқ отау — балалар үйінде ер жеттім де. Әрине, халық тұрмысын, қатпар-қатпар психологиясы мен рухани бітімін аспаннан оқып білесің бе? Халқың мына алақандай қалада емес, ауыл-ауылда күн кешіп жатыр... Сол қара орманға аяғың да, қолың да жетпеген. Аяқ-қол жетпеген жерге көз бен құлақ, жортақтаған қалам жетуші ме еді! Қолжазбаң сондықтан да будан дүние...— Аз ойланды.— Ар жағын өзің біл, қарағым. Кешегінің сөзі бүгінгі балаға жүрмейді. Қырт содан шығады. Хабарласып тұр. Міне, телефон. Жо-жоқ, ары барма. Үйге дейін қауқар жетеді. Көріскенше!

Екі-үш басып, бері бұрылды.

— Алпыстан астым... Соңыма қарасам, иір-шиыр бұралаң жолымды түп-түзу ғып жазып жіберсе, Айға жеткендей екен. Ал шыққан төбем төмпешік қана. Бір қадам жерді он қадаммен әрең алған менің ысырапқойлығым мен алкеуделігімнен сақ бол, қарағым. Қырт шалдың саған берер батасы осы.

...Ертеңінде жұмыста алқа-салқа, мең-зең, көңілсіз жүрді. Қарт бүлдірді — кеше, одан бұрын да жанына батса да, елемегенсіп жүрген қотырын қасыды. Аяқ астынан Тотымен сөзге ілігісті. Ол да қайбір жетіскен жан, ебіл-дебіл жылап, жауапты секретарға барыпты; ақыры Елтай үшінші бастықтан ескерту алып, кабинеттен ақыл мен кеңеске әбден семіріп шықты. Үйге сүйретіліп әрең келсе, Қарашаш үшті-күйлі жоқ, сменасы бағана біткен, ал таңертең сөреде тұрған ыдыс-аяқтың орны ауысқан екен, демек, келіншегі жұмыстан үйге келуін келіп кеткен. Құрығанда қайда жоғалғанын жазып, бір жапырақ қағаз қалдырмапты. «Папуас емес, шүршіт емес, есті адам өсте ме, «Ауыл қайда, ыбыр-жыбыр қала қайда, жер түбіне кетсең де, айналайын, бар-жоғыңды айтып кет» деп, қаншама қақсадым... Даланың қызын жемге айдасаң, көңге қашады да тұрады...» Ішкі байланысы жоқ бірдеңелерді бұрқ-сарқ ойлады да, төсек құшты.

Көзін ашып еді, ұйықтай қараңғы: басы иіс тиген секілді зілмауыр, басқа күндері кешке ұйықтаса тып-тың, дыңдай болып тұратын, бүгін оған керісінше. Жартылай қабық жапсарынан сына сәуле сығалайды, іле қуырған пияз иісі танауына, шыж-быжы құлағына жетті.

Кебісін іліп, ас үйге шықты. Табаға төнген келіншегінің екі беті пеш табынан алаулап, көзі мөлдірей қалыпты, бұған іш елжіретерлік бейкүнә кейіпте күлімсіреп, иегімен үстелді нұсқады.

— Беті-қолыңды шай... Ac әзір!

Ит өлгендей қай жерге барып келді, ол туралы ғапу өтіну түгіл жұмған аузын ашпады. Зығырданы қайнаған Елтай балықтың көзіндей мөлдіреген жұмыртқаның сарысын шанышқымен немкетті түрткіледі де, тастай салып, құр шайды ысылдап-пысылдап сораптай берді. Осынау үнсіз алай-дүлейден хабарсыз Қарашаш бүгін неше операциясын бітірді, қанша пальто қолынан өтті, соны жыр етіп, мәре-сәре. Күйеуі тыңдап отыр ма, жоқ па, онда шаруасы шамалы. Келіншегінің жүзіне қырынан ата қараған Елтай: «Мынау бейқамдық пен жайбарақаттық, жалпылдақ бос әңгіме ұйқының бір түрі, о тоба, әңгіме үстінде де қалғып-шұлғуға болады екен, тек төсек ұйқыдан гөрі қорқынышты рухани ұйқы» деген ұйпа-тұйпа ой үстінде. Барған сайын ар жағынан кәрлі ыза бас көтеріп, көмейіне лықып келіп, кептеліп тұр.

— Қайда жоғалдың?—деді ыңыранып.

Қарашаш айылын жимады, құрығанда: «Бәтір-ау, бұл не тергеу? Қайда жоғалғаны несі? Бітпес бір шаруамен жүрдім» деп, қомпылдау орнына ерні ерніне жұқпай, пәруайсыздықпен ағыла жөнелді.

— Кім бар еді ғой, ой, ана бетінде меңі бар қара қыз ше, ие, «Құттықтаймын! Тұрмыстарың құтты болсын!» деп, сықсиған қара қыз, сол ауруханаға түсіп қалыпты, жап-жас басына не жетіп жүргенін кім білсін, сосын сменамыз жұмыста: «Коллектив болып барайық, халін сұрайық»,— деп шуласын. Базардан алма, гастрономнан кефир сатып алып, әйда, тартып бердік... Жолай үйге соғып, тамыздық, көмір кіргіздім. Тихий час екен, құрысын, медсестралар да дікеңдеп қалған бір тікбақайлар, кіргізбей, екі арада подружкалардың көбі кетіп қалып, сағат бесті екі көзіміз төрт болып, ары тосайық, бері тосайық. Соңыра әрең көрінді, көрінгені құрысын: «Қыздар-ау, қайттім енді, жауырын, балтырдан түк қоймай, көк ала қойдай ғып инемен піскілеп жатыр, жуық арада өліп қаламын»,— деп, ағыл-тегіл жылап, көңіліміз босап, біз де көзімізді сүртіп...

Елтай кесе түбін үстелге тақ еткізді.

— Сен күйеуге тигеніңді білесің бе?

Қарашаш ұзын сонар әңгімесін бел ортадан шорт үзді.

— Е, білмегенде...

— Білсең, ондай сыбай-сылтаң жүрісті қойсаң қайтеді? Бойдақ қыздарың аурухананы күзете ме, жоқ, ауру досына қосылып домалап сонда жата ма, өз еріктерінде, ал сен... үй-күйің бар ғой.

— Подружка қыз... Өткен күзде ангинамды алдырған кезде...

— Ол — былтыр. Биыл сен күйеуге тидің.

Қарашаштың көзі дөп-дөңгелек.

— Онда тұрған не бар?

Жұқа шыныдай шатынаған Елтай:

— Күй-еу-ге ти-дің, — деп шарықтай түсті. Табада жұмыртқа емес, көлбақа бырысып-тырысып жатқандай шанышқымен құшырлана піскіледі.— Колбаса мен жұмыртқадан қашан құтыламыз осы, а? Бұл неткен қаптап кеткен колбаса мен жұмыртқа? Күнде, күнде... Жей-жей ішім кеуіп, қарын құрышым кетті. Сорпа, гуляш, котлет...— бұл балалар үйіндегі тәтті-дәмділер-тін, — компот қайда? Базардан пияз, картоп, дүкеннен ет сатып ал да...— Асқындай беріп, өз-өзіне тәк, тәк деді. Пияз, картоп, етте тұрған не бар. Ол, Елтай, семьядан көп жақсылықты күткен — әңгіме қайда! Оқыған кітап, көрген фильмдерде солай еді. Сөйтсе «анау жерде ат басындай алтын жатыр, барсам бақыр да жоқ» - тың кері екен. Үйлену оңай да, үй болу қиын... Үй ішінде ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайтын ащы-тұщыны көрмеген қу аяқ жетім қателесіпті. Қазір аузымен құс тістеп, қиялындағы жұп тіршіліктің қызығын жоқтап отыр.

Қарашаш сорпа, гуляш, котлет, компот сынды тағамдарды ойша қорыта алмады ма, басын төмен салып, алжапқышының етегін саусағына орап жазып;

— Гуляш, котлетті... пісіре білмеймін,— деді.

Елтай айран-асыр.

— Қалай? Ауылда шешең... шешеміз үйретпеді ме?

Қазына асын жеп өскен бақыр басы қала да, дала да котлет, гуляш жеп, борщ, компот ішіп күнелтеді деп ойлайтын. Ең қызығы, төсекте төсі, жастықта басы қосылғандарына, міне, бір жарым ай, ата-енесі кім, келіншегінен сұрамапты. Қарашаш та ештеңе демеген.

— Бізде гуляш, котлет пісірмейді. Ет, шай, көже...— Көзімен жер шұқыған келіншек басын көтеріп; «Өлтіремісің? Қойсаңшы енді қинай бермей» дегендей күйеуіне жалынышты жүзбен қарады.— Он жыл бойы мектеп-интернатта оқыдым. Асты аспаз пісіретін. Біз тек борщты балаларға таратып, ыдыс-аяқты соңынан жинап жуатынбыз.

Сөзі тақа таусылған Елтай:

— Жұмыртқа мен колбасаң жап-жақсы... тамақтан өтеді-ей өзі!—деп, мысқылға басты.

Қарашаш аяғының астынан қазылған орды аңғармады.

— Алтын үйреткен.

— Дұрыс-с... Жақсы екен. Мәселенки, балағымды сым іліп кетті делік. Жамап-жасқаймысың?

— Келесі көшеде реставрация ательесі бар. Түймең үзілсе, қадап берейін, оны үйреткен...

— О, жасаған! — Елтай орнынан тұрып кетті. Қарашаш алжапқышын бетіне баса қойды; сөз төркінін жаңа түсініп еді.

Түнге қарай жас жұбайлар теріс қарап, өз демдерін өздері жұтып, үнсіз жатты.

Қол-аяғын бауырына алған Қарашаш әлден уақытта өксіп-өксіп қойды. Басын көтеріп, келіншегіне үңілді. Көзі жұмулы, ұйқтап жатыр. Саусақ ұшын кірпігіне апара беріп, отқа тигендей дереу тартып алды: дымқыл... Жалғанда ұйқтап жатып өксіп жылағанды басқа жазбасын. «Қап, дәу де болса әлгі итіс-тартыс түсіне кірді...» Жігіттің іші езіліп сала берді, келіншегінің самай шашына алақанын апара беріп, жол ортада қалт тоқтады; ертең алакөбеңнен тұрып, бірінші сменаға жұмысқа тартады, ұйқысы бұзылмасын.

Кірпігімен төбені тіреп, шалқалап жатыр.

Қарашашты жазықсыз жәбірледі — ол анық, өкініш өзегін өртейді, амал не, айтылған сөз — атылған оқ. Ел қатарлы семья құрып, жұрт құсап борщ ішіп, котлет жегісі келген мұның кінәсі қаншалықты. Он жыл бойы мектеп-интернаттың сарт та сұрт тәрбиесімен өскен, ас пісіре алмайтын, көк инені көктеп шаншуды білмейтін Қарашаштың жазығы не? Одан Алматы кеткен, тағы да саны бар, сапасы жоқ шұбырынды ортаның тезіне түскен жас қыздан не сұрайсың?

Айтып айтпа, Қарашаш екеуі екі жарты, бір бүтін екен. Қайта Елтайға қарағанда Қарашаштың ұпайы түгел секілді. Балалар үйінің тар ауласында қамалып өскен, тәрбиеші, мұғалімдермен ғана тілдесіп, солардың жебеп-желкеуімен ер жеткен, ал нағыз өмірдің қайнаған қазаны —дала мен қырға ат ізін салмаған Елтай не бетімен жазушы болмақ? Қай өмірді зерттеп, қай ұлттың психологиясын қопара жазбақ? Табанынан туған жер топырағы тартып жатпаса не мансұқ! Арбасы орнынан жылжымай жатып аударылғаны ма сонда?

«Қара орманға аяғың да, қолың да жетпеген. Аяқ-қол жетпеген жерге көз бен құлақ, жортақтаған қалам жете ме?» — деген қарт жазушының сөзі мақұл. Әңгімесін әдемі бастай беріп, Елтайдың қайда өскенін естігесін ытырына қалып, қыртиып тұрып қош айтысты. «Не қазақ емес, не сайтан емес, будан балаға сөзім қор»,— деген, асылы.

Қос бүйіріне кезек аунақшыды.

Сонда ерте, ерте, ертеде, ешкі құйрығы бөртеде ермек еді деп, қағаз, қаламын таза жиып қоя ма? Отызында орда бұзам деп жүргенде, бақасы шұрылдап, шіркейі ызыңдап, батпағы сасыған ойпаңда омайып қалмаса игі. Құйрық-жалы жоқ, тұл жетімдігі аздай болмай жатып, жүрер жолдан адасып, көш соңында қаңғып қала бергені ме? Жан жарым, қысылған кезде аузыма су тамызатын қосағым деген Қарашаштың түрі мынау...

Ақыл қосатын Виктор Викторович те алыста. Өткен аптада жұмысына телефон соғып еді, секретар хатшысы: «Аяқ астынан ауырып Кавказдың тұзды сулы курортына кетті»,— деген. Басқа кім бар?

Ешкім жоқ.

* * *

Бас редактор хал-жағдайын тым тәптіштеп, шұқшиып сұрады. Баспаға тапсырған қолжазбасының жайы, пәтер күйі — түк қалмады. Үстел үстіне алақанын жазып салып, тұқшиып отырған Елтайдың жауабы қысқа-қысқа әрі нақты. Бастық:

— Үйлену керек. Бас екеу болмай, мал екеу болмайды,— деп шегеледі.

Елтайдың беті шапалақ шарт еткендей дуылдап қоя берді — үйленгенін жұмыстағылар әлі білмейтін. Әлде бәрін сезіп отыр ма?

Дес бергенде кішіпейіл қызметкерлерге бүйрегі бүріп тұратын бас редакторға бұл қызару өте-мөте ұнады. Аздап тұйық демесе жақсы бала өзі. Шаруаға тиянақты, көлденең пыш-пышы жоқ, пәтер, материалдық көмек деп қыңқылдамайды, соңғы кезде тәуір-тәуір очерктер жаза бастады. Өзі де жұмыспен жағаласып, жастығын жұпыны өткізіп еді.

Аяз шарпыған қызыл құлақ күн әйнекке жабысып алып, ішке баттиып қарап тұр.

— Күн суытып барады. Жұт болмаса не қылсын.— Бетін бермен бұрды. Елтай үнсіз.— Баспаның басшыларына телефон соғып көрейін. Жас талаптың тілеуін кеспес... Бәріміз кезінде киген таз кепеш. Ал пәтер мәселесі...— «Құдай-ау, қайдағы терең орға аяғымды қайдан тығып алдым?» — дегендей қабағын сәл шытты.— Редакцияға жатақханадан бір орын бермек. Оған қалайсың?

Жігіт жүзі алау.

— Жазып-сызатын адамға оңаша пәтер қолайлы секілді,— деді күмілжіп.

— Өзің біл... Хош, іске көшейік. Бізге алыс облыстың шалғай ауданынан хат түсті. Құйрығына дау байлаған арыз хат. Комсомол шопандар бригадасының мүшесі жазыпты. Алматының аязы Арқаның ақ мұрт, ақ майдан қысына қарағанда қарағым ғой. Сонау қара күзде — әлгі хат жайын айтамын да — аудан жас шопандарға деп алты қара тон бөліпті. Алты ай қысыңа беріспейтін қыз-қыз қара шаруа тон. Сол қара тондар үшті-күйлі жоғалыпты. Ферма совхозға сілтейді, қуынып барғанды совхоз фермаға итереді. Әлекедей жаланған сары аяз мынау апшыны қуырған... Хаттың ақ-қарасын тексеріп, аршып қайт. Қара тон қалай қолды болды, жат та тұр, осыны анықта әуелі. Сонан соң асты-үстін үтіктеп, мықтап жаз, келемнен қолыңды қақпаймыз. Комсомол шопандар туралы сүйекті материал көптен бері жарияланбап еді, іздегенге сұранған. Мал бағуға өз ықтиярларымен барған жастар ішінара кетіп жатқан көрінеді. Оның бір себебі — мына хаттағы факт. Жас шопанға қамқорлық нашар — арыз иесі солай дейді. Мұндай тағы-тағы хаттар редакция портфелінде жетерлік. Керек деп тапсаң пайдалан. Қалай, сөзім дұрыс па?

Елтай іштей: «Дұрыс демей көр осыдан» деп өзін-өзі кекеді. Басын шұлғыды.

— Дұрыс...

— Жолың болсын!

Елтай командировканы шынымен дұрыс көрді. Аты бар да заты жоқ дала соңғы кезде мұны қатты алаңдатып жүрген. Қаланың у-шу қанбазары да жалықтырғандай. Дала десе өзін аңқау жанның қалтасынан аңдаусызда түсіп қалған қол орамалдайын сезінеді. Мың естігеннен бір көрген артық.

Баратын ауданға ұшатын самолетке транзит билет алып, отауына шаршап кірсе... үй иесі отыр. Алдында жарты бөтелке «ащы су», тұздалған қияр, нан. Темекінің иісі қолқаны атады. Қалта-қалта көз аңғалағы дөңгеленіп, басы қалт-құлт етеді. Қабағы түсіңкі. Қарашаш пеш қасында теріс қарап, әлденені көңірсіте шыжғырып тұр.

Сырт киімін ілді де, жолай желдеткішті ашты, келіншегіне бөтелкені иегімен нұсқап ымдады: «Сен қойдың ба?» Қарашаш көзін төмен салып, басын изеді. Шалға бетпе-бет жайғасты. Ол шіркін мұны көрмеді, әдейі істеуі де ықтимал, ақшаң-ақшаң етіп отыра берді. Демьяныч қағынғалы, міне, бір ай. Алғашында: «Кеше артығырақ алып... бас сынып барады. Өзі де қайбір оңған бас, жарықшақ тиген жарымжан неме. Оқ тиіп, от жалаған жаралы жастық шағым есіме түссе ара-тұра алып жіберемін. Жүз грамың жоқ па, Эдик?» — деп сып-сыпайы, мүләйімсіп кірген. Жылы сөзге Қарашаш пен Елтай таза құлады. Алдына жүз грамм емес, бөтелке қойған. Қырлы стақанға көкейін тескен жүзін құйды да, қалған грамдарға тиіскен жоқ, алғысын айтып, ернін әдемілеп сүртіп, тып-тың күйі шығып кеткен. Біреу бауырмалсып сөйлесе, қалпақтай түсетін Елтай келіншегіне: «Мен жоқ кезде келсе, қайтесің, шаршап қалған қарт басына ақ құйып жібер»,— деп, өз аузынан тапқан. Сөйтсе жүз грамм мың бір түндік әлқиссаның басы екен. Біртін-біртін қарттан қасиет кетті, жүз грамы бөтелкеге айналды, бұғып кіріп, балақтан өрмелеп, басқа шыға бастады. Арина Степановна «Тілінен бал емізетін бұл жылым талайдың басын жұтқан. Ұзынқұлаққа қарағанда, соғысқа қатысқаны өтірік көрінеді. Соғыс кезіндегі сапырылыста жалған документ жасап алған. Оны да мас болып отырып айтты. Заңды бес саусақтай біледі. Бухгалтер болып ақша жеп, он жылға отырып келген. Қанша ішсе де жығылмайды, не сау жүрмейді, содан шошимын»,— деген. Келіншегімен ақылдаса келе: «Жүз грамы жұмырына жұқ болсын, көктемге дейін шыдап кетейік»,— деп шешкен.

Мына сықпытына қарағанда Демьяныч көктемге дейін шыдатпайды-ау.

— Халіңіз қалай, Демьяныч?

Қожайын көзін кілбитіп ашты. Расында да, болдырып отыр. Әйткенмен төбесінде тесігі бар шал Елтайдың қатқылдау қабағын тез ұқты.

— Еһе, жазушы...— Көңілі қалғандай қолын сермеді.— Қалай, қағазыңды қырт-қырт кеміріп жатырсың ба?

— Шүкір...

— Осы... жазушылар ақшаның астында қалады дейді. Сол рас па?

— Халді көріп отырсыз ғой.

— А-а... Не сұрайын деп ем? Не сұрайын... А-а...— Басы кеудесіне құлады. Сипаланып пальтосының қалтасынан қалыңдығы бес елі жуан кітапты суырды. Мұқабасына балық майы сіңген бе, арақ, сыра төгілген бе, алабажақ, бес батпан кір, абырой болғанда сыртындағы «Уголовный кодекс» деген жазуы танылады. Арина Степановна айтса айтқандай, бұл кісі заңмен қатты айналысады екен. Әлгіні «Иіскеп көрші!» — дегендей Елтайдың мұрнына тақап-тақап қойды.— Мынау қанша сом?

— Сыртына қараңыз, сонда жазулы...

— Мынаны жазған адам қанша алады деймін?

— Егер көркем әдебиет болса, он мың сом ғой.

— Көркем әдебиет?

— Повесть, роман болса...

— Он мың! Ну и сволочи!

Басы қайтадан салбыраған Демьяныч тісін шықырлатты. Ойы он тарау. Бір кітапқа он мың сом алады, ә? Ой, оңбағандар! Онысын және бір жылда сипақтатып жаза салады. Ал Демьяныч болса арқа еті арша, борбай еті борша болып жүріп, он мыңды он жылда әрең табады. Онда да таба алса... Бұл неткен әділетсіздік, ә? Бәсе, әнеугүні мына майбас көп ырғаспай-ақ пәтердің бір жылдық ақысын бере салып еді. Шіріген бай екен!

Қаны басына шапқан қожайын әлгі байлық белгілерін іздеп, сөреге көз сүзді. Қалайы қасық, шанышқылар, арзан қол кесе, аяқ-табақтар. Хрусталь секілді жарқыл-жұрқылға маңайламады. Төр үйде не бары отыз сомдық темір кереует тұр, Сонда әлгі он мың сомы қайда, а?

Қайда болушы еді, кассіге апарып қаптап салған. Демьянычке көн ақшаның ізі түгіл тозын көрсетпейік деген. О қулар! Келген сайын неткен бұл тегін бөтелке деп еді. Онысы майлы сорпадан қалған сарқыт суан екен әншейін.

Шал қызғаныш пен ызадан сығырайған көзін Елтайға туралап қадады. Мастығынан айығып еді. Ол ақшаны ойласа, дереу сауыға бастайтын. Әр сөзін нақыштай сөйледі.

— Ал жазушы... ақшаңды тауық шоқымай жатыр... Пәтер ақыны алпыс сомға өсіремін. Өмір бойы қолынан күрек, сүймен түспеген біздей мүсәпірге де бір ауық қарайлас. Такси, кілем, хрусталь қымбаттайды. Ендеше, пәтер де қымбаттайды. Қалайсың?

Елтай басын изеді. Маскүнем кіммен істес болса да, кезінде қалай ішіп кетті, сол абыройсыз жолының кішкене макетін қайталап шығады. Ләппайдан басталған Демьяныч ақыры, міне, тікелей қоқан-лоқыға көшті.

— Хош, тағы не айтасыз?

Қызықты қарап қойыңыз. Шал Елтайдың үстеме ақыға тез келіскеніне қитығып қалды. Ол пәтерші жігіт жата қалып, тұра қалып, саудаласса деп еді. Жалынса тіптен тамаша. Он мың сомды астына басып, түк көргем жоқ, білгем жоқ деп мұрт сылайтын мысық мінез адамның жалынғаны қандай жақсы. Оңынан да, солынан да мазақтап, ит әуре қылар еді, өмірге кеткен есенің біразын мына қалталы баладан қайтарып, бас терісі кеңір еді. Жалынбады. Бұл Демьянычтың күштіге иіліп, әлсізді басынатын принципін теріске шығаратын мінез еді.

Қожайын баспалауды былай ысырып қойып, көзсіз кетті. Пәтер ақы паң баланың миын шайқамады. Ендеше, атпен қырғын жүріс жасау керек. Шахматтағы сияқты. Басын оқ жыланша қайқайтып, көтеріп тастады.

— О жазушым, басқа секірме! Артық он сом шамыңа тиді ме? Шаңыраққа қара!

Елтай да ә десе мә деуге бел байлады.

— Шаңырақ менікі, отағасы. Айына елу сом төлеймін сол үшін.— Шалдың алдына әдейі өзінің әдісін, яғни, ақша мәселесін тартып, тығырыққа тіреді.

Амалы таусылған Демьяныч Қарашашқа ақиды.

— Катя, стақан әкел!

Өзіне, әкелген екінші стақанға арақ құйды, саусақ сыртымен нұқып, Елтайға итерді.

— Ал!

— Араққа талантым жоқ.

Шалдың күткені сол еді. Шарықтай түсті.

— Менсінбейсің, ә? Сен үшін кеше қан төккен майдангерді менсінбейсің, ә?

«Осының соғысқа қатысқаны жалған көрінеді»,— деген Арина Степановнаның сөзі есіне түскен Елтай ашып айтпаса да:

— Тылда отырып, солдаттарды шөміштен қысқан майдангер де бар,— деп, шалдың жанды жерін шымшып өтті.

Демьяныч естімегенсіді — Арина Степановна қателеспепті! Қожайын бірақ өзін тоқтата да алмады.

— Сөз былай: не осыны дәс қоясың, не...

— Не...

— Не күні ертең пәтерден табаныңды жалтыратасың.

Булыққан Елтай өз деміне өзі тұншығып, тілі күрмелді де қалды. Шал: «Бәлем, он мыңды қақалмай жұтқан тамағына тас тығылды ма?» — дегендей кекесінмен күлді де, жігітті жер қып жеңгенінің құрметіне деп жүз грамды алып тастады, Қарашашқа бұрылды.

— Катька! — «Катя» жайына қалды.— Бесбармақ пісті ме? Кел, сен де отыр! Саған да жүз грамм табылады.

Елтай орнынан жайлап тұрды, өзінің арағын бөтелкеге шұрылдатып тұрып құйды, газетті бұрап-бұрап аузына тықты, бөтелкені қалтасына салды, сонан соң тышқан аңдыған мысықтай қимылын баққан Демьянычтың жанына барды, қос қолтығынан тік көтеріп алып, төрдегі басын есікке сүйрей жөнелді.

— Сен не, немене? Жауап бересің! — деп, шалқалап жатып алып, өкшесімен табалдырық тіреген шалды верандаға алып шықты да, аулаға итеріп тастады, аула ортасындағы күртік қарға бөтелкені лақтырды.

— Арағыңыз ас болсын! — Кері айналып, үйге кірді.

Ту сыртындағы есікті сарт жапқанда:

— Детдомовский отброс! — деген сөз өңменіне оқтай қадалды.

...Ертеңінде басы қаңғып, мең-зең түрегелді. Екінші сменаға баратын Қарашаш Елтайдың ауыстырып киетін ет киімдерін, жолға керекті ұсақ-түйекті жиыстырып, портфельге салып жүр. Оған да бір алая қарады. Келіншегінің аузына су толтырып алған мына үнсіздігі ұнап тұрған жоқ. Кеше кешкі жайсыз оқиғаның шиесін шешіп, көсегесін көгертпесін, құрығанда жаман шалдың ақымақтығын көтере алмағанын келекелеп, күле сөйлесе бітті, бұ да кінәсін мойындай ақталып, іші босап қалар еді. Зады, ондай бақыт маңдайына жазылмапты. Аузын буған үнсіздік, жабыл, қазаным, жабыл... Үй ішінің мұндай жанды жейтін мылтықсыз майданына түсіп көрмеген Елтай да томырықтанып, киім тазалап жүріп алды. Көше жақтан машина дүр етті. «Қайдағы қаңғыған машина?»— дегенше, екі милиционер сау етіп кіріп келді.

— Қамбасов кім?

— Мен...

— Милицияның аудандық бөліміне жүріңіз...

— Неге?

— Барған соң білесіз... Паспорт ұмыт қалмасын.

Ере шықпақшы болған Қарашашқа:

— Қал!— деп, қол сілтеді.— Қанша айналады дейсің...

...Елтай камерада екі сағат «тыныққасын», майор жұлдызды шикіл сары жігіттің алдынан табылды. Майор детектив оқығандай алдындағы бір-екі бет қағаздан бас көтермеді, ұр тоқпақ сөзін аямады.

— Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығының орынбасары майор Бакин! Отырыңыз! — деді қабырға түбіндегі орындықты нұсқап.— Азамат Алексей Демьяныч Курицынның денесіне пәленше жылы, түгенше күні, кешкі сағат жетіде жеңіл жарақат салыпсыз. Міне, медэкспертизаның қорытындысы, әне, жәбірленушінің арызы. Ісіңіз сотқа кетсе, екі жылдан үш жылға дейін бас бостандықтан айрыласыз.

Орнынан көтеріліңкіреп кеткен Елтай:

— Әйелім куә...— деді.

Майор қолын сілтеді. Мына кабинетте сілтенген қолдың ерекше күш-қуаты бар ма, Елтай орнына екі айтқызбастан отыра кетті.

— Әйеліңіз, әрине, сіздің сөзіңізді сөйлейді, сол себепті есепке алынбайды.

— Қолым тиген жоқ... Удай мас, мазаны алды...

— Сізге сенеміз бе, медэкспертизаға сенеміз бе?— Бакин алдындағы қағазды саусағымен түртті.— Ардагердің көк етіне таңба түскен. Үшінші дәрежелі жеңіл жарақат. Курицын және бөтен үйге емес, өз пәтеріне шаруамен кірді.

— Пәтер кемпірдікі...

— Дұрыс. Бірақ өткен аптада екеуі некеге отырған, пәтер ауыстыратын бюроға екі пәтерді біріктіруге өтініш берген. Сіздер заңсыз тұрып жатырсыздар.

— Олар жалға берді ғой.

— Ендеше, пәтерді уақытша жалға беру туралы үй басқармасы растаған шарт қайда?

Елтайға кабинеттің едені жыбыр-жыбыр қозғалғандай көрінді.

— Шарт?.. Білген жоқпыз...

— Сіз де университет бітірдім дейсіз.— Майор кабинеттің алыс бұрышына жайбарақат қарап отыр. Бұл істі баяғыда қорытындылап, ақ-қарасын анықтап қойса керек, еш бөгелмей сақылдап сөйлеп берді,— Бақытыңыз бар, Қамбасов. Жәбір көруші жастығыңызды ескеріп, арызының соңында: «Пәтерді үш күн ішінде босатып қойсын, кешірім сұрасын, осы екеуін орындамаса, заңның тиісті пәрменін қолданыңыздар»,— депті. Жеңіл құтыласыз... Тілімді алсаңыз «Үш күн ішінде пәтер босайды және оспадар қылығым үшін Ұлы Отан соғысының ардагерінен кешірім сұраймын. Бұдан былай ондай қылық қайталанбайды» деп, қолхат жазыңыз...

«Қап!— деді іштей санын соққан Елтай.— Қатырған екен қу шал. Қалай да қуып шығуға сылтау іздеп, арақ ішкен, әдейі тиіскен. Қарға шаншылған бөтелкені қойнына тығып, майпаң басып, желе-жортып кетіп еді. Не бір бұрылыста атау кересін аузынан ішіп, жығылып қалды, не денесіне жарақатты өзі түсірді. Бүйтерін білгенде ол жарақатты тегін салып беретін ем».

— Бүгін командировкаға жүремін. Міне, авиабилет! Қыраулы қыс кезінде үш күн ішінде пәтер табыла ма, табылған күнде оны кім іздейді? — Ұзын сонарға салып еді, мұндай ұсақ-түйек кикілжіңнен әбден ығыр болған майор Бакин:

— Пәтерді әйеліңіз іздейді. Сіз келгенше жора-жолдастарыңыздың үйін паналай тұрады,— деп, төте тартты.— Мұндай пәле іздеген арыздар жәбірлеуші үшін бүйтіп сәтті аяқтала бермейді. Жазасыз ба?

Жазбай қайда барады.

Майор арызға бұрыштама жазғасын басын көтерді.

— Бұдан былай сақ болыңыз. Пәтерді саудалаушы заңды сіз бен бізден гөрі жақсы біледі. Заңды әдемілеп бұрмалау үшін әрбір әріп, үтіріне дейін үңіліп зерттейді,—«Тым қатты кеттім»,— деді ме, сәл жұмсарды,— Бұл кісі оңбағандықты бойына шақтап қана жасайды. Мүмкіндігінің өзі сол. Қолынан келсе сізді аяйын деп отырған жоқ. Іс сотқа кетсе, көсеудің екінші басы өз маңдайына сарт тиетінін біледі бұл қу, Сізді де ақтай алмаймыз. Жұдырық жүрген жерден әділдік қашады. Мен де жетіммін, оның жай-жапсарын жақсы білемін. Дүңк етпе мінезді тастаңыз. Көрген қиындықты ұмытатын уақыт жетті, жоғары білім алыпсыз, семьяңыз бар... - Ауа жайылыңқырап кеткенін сезіп, дереу қағазына шұқшиды.— Мінез-құлқыңызды жұмыс орныңызға хабарлаймыз. Коллектив жиналысында талқыланасыз.

Елтай аузын аша беріп еді:

— Боссыз! — деп майор шорт кесті.— Біздің табалдырықты қайтып аттамаңыз, сізге айтар тілегім сол.

...Мойнынан су кеткен Елтай қақпаға келіп қалған екен, Арина Степановнаның даусын естігенде барып, есін жинады.

— Босатты ма?

Басын изеді.

— Әлгі қақпас жаңа бөсіп-бөсіп кетті. «Көк ала жынды жазушының сазайын тартқыздым. Түнде мұзға тайып жығылып, иығымды көгертіп алып ем. Түн ішінде медэкспертизаға жүгіріп бара қояйын. «Ардагермін, контузия алғамын, жәбір көрдім» деп жыланған соң қалай сенбесін. Содан тура милицияға тарттым»,— дейді беті шылп етпей. «Көзіңді қазір жоғалт, кәрі түлкі! Әйтпесе милицияға барып, қояңды ақтарамын!» — деп ем, жан керек, алды-артына қарамай зытты. Баратын да едім милициясына, құдай қуат беріп, өзің де басыңды азаттаған екенсің.

Елтай зордың күшімен күлімсіреді.

* * *

Қос қанаты астылы-үстілі «АН-2» - ден құлағы шулап түскен Елтай кішкене қаланың арғы бетіндегі автостанцияға жаяу беттеді. Аудан басшыларына соқпайды. Аудан сөзінде тұрып, тондарды совхозға аттандырған деп аноним хат айтып тұр. Ендеше, сол сөз бұған мият, уақыт өткізбегені жөн.

Қара тон не совхоз, не фермада судай сіңіп, тастай батты. Дабыра жасамай, дүрліктірмей, жергілікті жерге жайлап барып, қара тонға қатысты кісілермен ауызба-ауыз сөйлеседі, жата-жастана мән-жайды әбден анықтайды, ауданға қайтар жолда соғады.

Жол жағасы шатырлы, шатырсыз тоқал тамдар... Қалада, қаланың зәулім үйлерінің арасында илеу-илеу арасында жыбырлаған ұсақ құмырсқадай сезінер едің. Ал мұнда керісінше — өзіңді сезінесің.

Ақ айран аспан қар елей бастады: үй-үйдің қабырғалары шұп-шұбар, әрлі-берлі өткен бірен-саран жүргінші бырп-бырп жұмсақ басады. Машиналар да үні өше жаздап жай сырғиды, қысқасы, ошақ орнындай қаланың онсыз да кішкене жүрегінің соғысы баяулап, ұйқы шақыратын бойкүйез тыныштық орнады. Қара атаулыны қар бүркеп, жер бетіне ақ көрпені жайып қана қоймай, мазасыз, жаман, жыртық, тыртық ойларды да жаймалап, еппен үтіктей ме, Елтай қаланың көңілсіз оңғақ ойларынан таза арылды. Жауған қар ой тілемейді, тек қарау керек. Қардың жауғаны емес, оның қозғалысы сұлу екен. Қол созымдағы қиыршықтар тез-тез сырғып құлайды, алыстары ақ көбелектей көлбей қалықтап, жүріп алады: аспан-жер арасында ақ жібек шымылдықтай аласапыран ағын толқи төгіліп тұр. Жауған қарды суретшілер неге салмайды, оны осы жолы түсінгендей: мың құбылған тірі ағынды жансыз қағазға түсіру өлтірумен бірдей еді. Және де қапалақ қар арасынан он бес жасар өрімтал қыз мұңға толы арыз-арманын айтып, тұншыға жылап, естілді-естілмеді сыбырлайтындай толассыз сыбдыр естіледі. Бәлкім, аспаннан құлаған ақша қардың арыз-арманы... Аспандайын ақ мамық үлпершек тағынан түсіп, зіл батпан қара жердің құшағына құларын, сол құлағаннан ақ жағасын кір басып, табанға тапталып, рәсуа боларын, оны айтасың, көктем туа шалшық суға айналып, топыраққа зым-зия сіңіп кетерін білген Ақшақар ханшаның мұңы...

Автостанция ығындағы қараң-құраң жолаушылар да сол сыбырға құнығып құлақ салғандай жеңдеріне қол, жағаларына бас тығып, бұйығып-бұйығып отыр. Іште де сол: тек иіс судың, илеген тері мен шылымның иісі жіңішкелеп жетеді. Еден беті шекілдеуіктің ақ жоңқа қабығынан көрінбейді, бұрыш-бұрышта темекі қалдықтары жайрап жатыр. Маңдайшадағы ақ шелек радио қақалып-шашалып, рейсті хабарлағанда ғана әлгі тік жағалардың қиығынан көздер жылтырап, күрбиген тондар мен қыпша бел пальтолар: «Ау, не дейді?!», «Тұрсақ па, жоқ, осы ұйықтағаннан мәңгілік оянбай қалсақ па» дегендей қозғалақтап, қарт, жасы аралас үш-төрт жолаушы қапшық, сөмкелерін сүйрей сыртқа ұмтылады да, қалғаны ұйқылы-ояу қалпын айнымай табады. Ақ түбіт шәлі бүркенген құбақан қыз бен темірдей кекілі көзін жапқан, сақал-мұртын емін-еркін қоя берген жігіт қана анда-санда тұншыға күледі; ол екеуі қар сазына гөрі өз жүректерінің жырымен әлек.

— Жолаушы жолдастар! «Қарасу» совхозына «67-29» нөмерлі автобус бес минуттан соң жүріп кетіледі. Билет алған жолдастардан автобусқа отыру сұралады, - деген суық қарыған дауыс естілді. Елтай: «Бүйтіп дабырай айтуына қарағанда, автобус та үлкен, оған мінетін қарасулықтар да қырғын шығар»,— деген. Құрқылтайдың ұясындай шот маңдай көк автобусқа қыз бен жігіт, өзі мінді. «Хатта совхоз ит арқасы қиянда деп еді, рас-рас, жақын болса, бала-шаға, кемпір-шалға дейін қалаға шулап келіп, дулап қайтып жатпай ма, өте шұғыл, бастан асатын шаруа болмаса қарасулықтар қыраулы қыс көзінде жылы орнын қайдан суытсын».

Елтай терезеден қала шетінен сыпайы басталып, ары қарай етек-жеңі жайылып, көсіліп кететін қарлы далаға көз тастап еді, күндіз емес, түн емес, ымырттай бозғылт бейуақ, тұспал дүние орнапты: әйнекке жабысқан қар да тұтаса қалыңдап барады: қырық жылғы ескі жайдың есік-тесігінен суық тоқтаусыз кіріп, іші азынап барады. Шет-шексіз мұнарда адасып кетем дей ме, мойнын ішке алып, құжырайған шофер құлақшынының бір құлағын түсірген, екінші құлағы төбесінде, бұлаңдап қашқан ақ құйрық жол сорабынан көз алмай, бір жылдамдықпен салып ұрып келеді. Құбақан бикеш сақал-мұрттың иығына бас қойып үнсіз отыр, мана автостанцияда қара тон мен қолтығындағы көркем қыздың қызуын көтере алмай найқала басқан жігіт те тілсіз, үнсіз. Сірә, екеуінің алық-берігі біразға барып, ауылға, жекжат-тумаға аян секілді, ендігі қалғаны отыз күн ойын, қырық күн тойлары ғана. Жүрер жолда тоқ сөмке қыдиып тұр, жабылмай қалған жырта қарыс аузынан қуыршақтың дода-дода шашы мен ақ бантигі, пластмасса қызғылт қолы қылтияды, соған қарағанда осы сенбі, жексенбіде той дүрк басталып кетуі кәдік.

Тіршілік тынысы саябыр далада ой да шабан-шардақ тарта ма, мүмкін, Алматыдан облыс орталығына дейін екі сағат құлақ тұндырған «Ил-18» гуілі, одан батпырауықтай бұлғалаңдап ауданға әрең жеткен «АН-2» соғып тастауы, ауданнан шыға жыланы жалаңдап, шұрылдай бастаған аш қарын ұйқы шақырды ма, автобустың бір қалыпты дүрілі әлдиледі ме, Елтай әйнек бетіне құлақшынын жастап салды да, қалғып кетті.

...Тамсанып қойып, көзін кірбитіп ашса, ақшам кезі, дала алакөбең күңгірт бірдеңе, машина жарығын қар қиыршықтары оңды-солды сызғылайды, ұйықтарда да осы, қазір де сол. «Дүние тынысын тоқтатып, бір сарынды таптап, тапжылмастан тұрып алған ба?» Білегін көзіне тақап еді, жоқ, әлем жүрегі «Салют» сағатындай сыртылдап соғып тұр, автобус азынағалы, бұл ұйықтағалы табаны күректей екі сағат өтіпті. «Жүз шақырымды артқа тастаған екеміз». Оқушы кезінде үзілісте мектеп дәлізіне тізіліп тұра қалып, хормен айтатын «Қазақстан — кең-байтақ туған өлкем» - ді ыңылдады. Қатып қалған тізесін уқалап, жан шақырды, екі қолын жеңіне бойлата сұғып, көз жұмды. Бүгін таңертеңгі камераны, майор Бакинді ойша көгенге тізіп еді, «Он екі орындықтың» ең бір қызықты абзацтарын оқығандай миығынан күлді: он-он бес жыл бұрын, онда да бейтаныс басқа біреудің басынан өткен, күлкі шақырар атам заманғы оқиға сияқты елестеді.

Ұйқы, ұйқы, ұйқышым...

...Ит үсті-үстіне өршеленіп арсылдады.

— Әй, андағы албастыңды арсылдатпай әрі әкет! Әйтпесе рукояткімен басқа бір періп мүрдем кетіремін! — деген қатқыл үн құлақ кесті, ізінше ит қаңқ етіп, бәрі де сап тынды.

Көзін ашса, автобус тоқтапты, ұзақ сүркіл тыныпты. Машинаның қосалқы шамы ғана өлеусіреп жанады, бес-алты қадамнан арғы жер тас қараңғы, сол аз жарықтың өтінде Қаңбақ шал секілді жарбиған бала қар құйынына араласып, шолақ құйрық ақсақ итті тым-тырақай қуып барады. Ал шофер, қай көмбесін іздегенін қайдам, астындағы орындығын көтеріп, темір-терсекті салдыратып, тұқшыңдайды. Іште қалған шофер де, жерге түскен қыз бен жігіт те бір ауылдың төлі, зады, өйткені, көз-құлақсыз мына боранда аман-есен жеткізіп тастағанына ана екеу рақмет айтпақ түгіл қош демеді, иә, өзімсінгені, иә «қайтеміз ауыз ауыртып, ертең бізді тағы тасисың автобусыңды азынатып» деп бара жатыр. «Бұл неткен қырсық кісі бір жақ, қырық кісі бір жақ одағай ауыл?» — деп, қала адамының әдетімен аңырып қалған Елтай дер кезінде ес жинады, түсетін үйі жоқ, ауыл ағасын танымайды, Елтай жайлы ешкім құлақтанбаған, соқыр-мылқау түн мынау, боран анау... Портфелін ала-мала орнынан ұшып тұрып, алға аттап еді, қылтасынан сайтан қағып қалғандай алғы орындықтың арқалығына әупіріммен асыла кетті. «Бұл не ғажап?» Аяғын сілкілеп еді жансыз бірдеңе... Манағы мылқиған ұйқылы-ояу ұзақ отырыста аяғы ұйып қалыпты, сүйретіліп барып, орнына қайта омпиды, ашық тұрған есік көзіне бір, жарықты қуалай екі қарап еді, ит қуалаған қаңбақ бала да, қуыршақ көтерген қыз бен жігіт те жоқ, көзді ашып-жұмғанша ғайып болыпты.

Аяғын селкілдете серпіп, башпай жыбырлатып, жан шақырып еді, шанжау-шанжау жез мұрт, жуан сіңір шофер:

— Келдік. Түспеймісің?— деп, күңгірт кештей көмескі үнмен күңк етті.

Бар денесімен терезеге, алға кезек бұрылып қараған Елтай күмілжіді:

— Совхоз директоры қайда тұрады? Әйтпесе ауылсовет... Сілтеп жіберсеңіз...

Ары қараған шофер:

— Оны қайтесің?—деді.

«Маған бірдеңесін өткізіп қойғандай қайтеді, ей?» Күлімсіреген болды.

— Келімсекпін. Бұл ауылды білмеймін.

Орындықты толтыра отырып, аюдың табанындай алақанын баранкіге тарбитып салған шофер сол қолымен бірдеңені шырт дегізіп еді, автобустың ішкі дөдегесінің екі-үш жері жарқ етті. Бүкіл тұрпатымен толайым бұрылып, Елтайдың басынан аяғына дейін түгендеді.

— Күзеттен келгендей тырқиып тұрып ұйықтадың ғой өзің! — Кеңкілдеп күлді.— Қаланың қаратаяғы екеніңді кірген беттен ұққанмын. Қайдан, киімің биттің қабығындай жұп-жұқа. Аудан да, облыс та емес, арыдан келе жатырсың. Байқа, қонақ боламын, бас жеймін деп жүріп, үй арасында қиыңмен қатып қалып жүрме. «Қарасуда» ондай да болған. Арқаның қысы келген қонақты сөйтіп қытықтап ойнайтыны бар.— Үй арасында қиымен қатып жатқан Елтайды елестетті ме, таудан тас домалағандай тағы кеңкілдеп күлді.

«Мазағы ма? Саңылаусыз немеге қайдан кездесіп ем?» Жігіт есікке портфелін сүйрей апыр-топыр ұмтылып еді, күлегеш қасқа отырған беті қолын созып еді, тертедей ұзын екен, портфелдің құлағына сарт жабысты.

— Қайда барасың, асықпа! — деді нықтап, — Асықпасаң арбамен қоянға жетесің.

— Жібер! — деді жұлқынған Елтай. «Ішіп алғаннан сау ма?»

Шофер былқ етпеді.

— Сөз бар. Жақыны ма ең?

— Кімнің?

— Совхоз директорының...

— Журналистпін. Командировкамен жүрмін.

Шофер портфелдің құлағын жайына жіберді. Аузын арандай ашып есінеді.

— Е, ішімдегіні тап деп жымсиып отырмай солай да солай демедің бе? Тымырайған жанды көрсем, қарадан қарап тиіскім кеп, кейде тілім, кейде алақаным қышиды, әкри. Директорды үйінен таба алмайсың. Таң сәріден отгонда. Бүгін болмайды, болған күннің өзінде қалың қарға малтығып, түн ортасы ауа жетеді.

Елтайдың еңсесі түсіп, жүні жығылды. Иесі жоқ үйдің есігін қалай қағады?

— Қонақ үй сықпыттас түнеп шығатын жер болса...

Жалпақ алақанын иегінен самайына дейін бір тартып, ұйқысын ашқан шофер түк ойланбады. Қып-қызыл көзін ілгері қадап:

— Ауыздарыңа алдымен бастық түседі, ә? Сөзді қой да, бізге жүр. Айдағаным ауданның автобусы болса да, осы ауылдың қазағымын. Барып келіп істеймін. Правомды алғалы пәленше жыл,— деді, алдында автоинспектор жол қағазын сұрап тұрғандай.— Көзімді жыртитып ашқалы совхоздың шарқыш машинасын қуалап, тақым тоздырдым. Былтыр: «Қарасуға» еңбегім әбден өтті»,— деп жаңа машина сұрап ем, ит жылғы аварияны айтып, басымды ауыртсын. Жел жағынан жан жүргізбейтін қыршаңқы Қодармын, бастықтың үстелін жұдырықпен бір салып: «Сендерді желкемнің шұқыры көрсін, өл де маған, мен кеттім»,— дедім. О да бір оқ өтпейтін өгіз еді, мүйізін бір шайқады. «Кете бер! Ауданыңа бар да, көтеріп тұрған аспаныңды тастап жібер... Қауқарың келсе». Екі қолға бір жұмыс, мен секілді кәнігі шоферге екі бастан құдайыма құдайым, салып ұрып аудандық автопаркке кірдім де кеттім. Қазір рақат. Күніне екі рейс жасаймын. Автобусымды аулаға қаңтарып қойып, үйге қонамын. Ешкім түн ортасында жылы төсектен сирағымнан суырып алып: «Айда марш! Қойшыларға жем, шөп, тұз тасы!»—демейді. Білетінім асфальт жол, график, кесімді уақыт. Басқалар ит қуып, ирек қамшылап жүрсе, мен еріккеннен қыз қуамын. Азынатып келе жатсам, машинасы бұзылып қалған басекең: «Ауданға ала кет, Кәке! Бюро бар...» деп, бес саусағының басын бүрістіріп, қолын көтеріп тұрады, әкең...— деп оңға, солға кетіп отырды да, есіне әлдене түскендей жалт бұрылды.— Қонасың ба?

«Көзі неткен жаман еді кәпірдің!» — деп ойлаған Елтай:

— Қонайын...— деді. Мысық арбаған тышқанның себін киді. Жігіт бойында, обалы не керек, тепкін бар.

— Е, қонсаң қон. Әңгіме айтасың...

...Машина жұмыртқадай шағын шатырлы үйдің қасына екпіндете келіп, лықси тоқтады.

— Үй осы, әкри.

Қодар жерге қарғып түсті. Елтайдың бетіне көлбей зулаған қар қиыршықтары инедей қадалды; сыңсыған зар аралас зуыл жеткендей. Алғашында ағаш бұтақтарын жел суылдатып тарап тур ма деп еді, жоқ, қазақ аулына тоғай түсіп қалып па, кісі бойы соқпа дуалдан шөмеле шөптің жалбыраған шеті екен әндеткен. Манағы қапалақ қар жаяу борасынға ұласыпты; оймақтай қос терезенің жарығы автобус таптаған тақырға селкеуленіп түседі, тақыр бетімен мың ақ жылан қайқаң қағып, жарыса өтіп жатыр.

— Тоңсаң үйге кіре бер, мен автобустың суын ағызайын.

Жауырыны мұздай бастаған жігіт сыр бермегенсіді.

— Бірге кірерміз...

Қодар өші қалғандай төрт дөңгелекті төрт тепті де, иретіле екі бүктетіліп, радиатордың астына кірді. Сәлден кейін су шұрылдап, бензин сасыған ыстық буды жел жұлқылап ала қашты: машина астынан қарабас құрттай ирелеңдеп шыққан су біраз жерге шыжылдап барып, үнсіз өліп кетті. Қодар радиатордың астынан көткеншектей еңбектеп шығып, бойын жазды, алақандарын сарт-сұрт соқты.

— Жүр! — Жұмырығының сыртымен көк қақпанын ағаш маңдайын періп қалып еді, бекітпеген бе, қақпа шалқалап түсті. «Автобусы айдалада қалды, көлденең көк атты бірдеңесін жымқырып кетпей ме?» Қала дағдысымен жаман ойлап қалған Елтай далада тұрғанын кеш ұқты.

Сенектің тиегі салынбапты. Ауыз бөлмеге кірген Қодар коробкадан шатун суырғаннан қатты келсаптай екі пимасын екі тартып сыпырды да, оң жақ босағаға дүрс-дүрс тастады.

— Әпке!

Елтай суық сорып, қақиған поролон портфелін жерге қойып, шешінер-шешінбесін білмей екі ойлы тұр еді, тертедей ұзын қол пальтосының жағасына сарт жабысты; жеңінен қолын шығарып мықшыңдап жатқанда, Қодардың пәрменімен желбегейі жалбаң етіп, киім ілгішке асылып қалды. Құлақшыны да соның қатарынан орын тепті.

Дегенше:

— Аман-есен келдің бе, құлыным! — деген жап-жас, сергек үн естілді, қағаздай аппақ, томашадай қария сүріне-қабына төр үйден делбіреп шыға берді. Келсе:

— Түу, құдайдың күні бет қаратпай тұр, қатып қалыпсың, әкелші! — деп, арыстай «құлынының» күректей қолын кішкене саусақтарымен ысқылап жатыр. Оған ұялып, қысыла қоятын Қодар жоқ, шамасы, бұл емірену тым ертеректе, Кәкеңнің бала кезінен басталып кетсе керек, екі қолын кәрияға берген күйі Елтайды иегімен нұсқады.

— Әпке, қонақ келді. Өзі азаннан түлкі құрсақ, алдына ас қойсаң, түк қоймай жамсатып асай береді. Менің де қарным аш. Жылы-жұмсағыңызды аямаңыз. Солай емес пе, жорналис жолдас? — деп, о бастан жанарға жарымаған бітік көзін қысып қойды.

Әпкесі несі? Алпыстан асқан мына кісі оған әпке ме? «Құлыным?» Бірдеңені ұқса кәне?..» Қалай айтса да Елтай ілгері ұмтылып, тамақ қырнап:

— Сәлеметсіз...— дей бергені сол, мұның да қолы кәрияның жып-жылы, құрғақ алақанына түсіп қалды.

— И-и, жарығым-ай, кел, кел, төрге шық! Қай баласың? Алыстан келдім дейсің бе? Е-е... Алақаныңды пеш қабырғасына баса ғой, жанып тұр,— деп, Елтайды жалын шашқан орыс пешінің қасына жетектеп әкелді де, езі пешке жалғас плитаға қонжиған кішкене қазанның қақпағын ашып-жауып, аяқ-табаққа араласып кетті.

Түйедей Қодар қауға басын қолжуғыш астына сұғып, жан-жағына су шашырата ысқырынып-пысқырынады.

— Таңертең сиырдың астын тазалай алмадым... Үлгермедім. Бауырына тоң қатып, дірілдеп жатқан жоқ па? Ерте оят десем, тіл алмайсыз. Осыныңыз не?— деп, аяқ астынан шаруашыл бола қалып, түймедей әпкесіне еркелейді. Пешке аркасын беріп, алақанын жапсыра жылытып тұрған Елтай айдалада қалды — ол мына әңгіме үшін артық болатын.

И, тазаладық, қайда барады. Әлгі өзің мәшина тілін үйреткен Есетжан істеді, айналып қана кетейін. «Қой, шаршадың, демал»,— десем, болмай отын да жарды. Сонсоң екеуіміз жайланып отырып шай іштік. Болайын деп тұрған бала. Әттегене, сабағы нашарлау екен, мұғалімдерімен шәлкем-шалыс келіп, келіспей қалад дей ме...

— Оған школ механизацияға бару керек. Темір-терсек десе бар дүниені ұмытып, өлімін салады. Шікірейген әкесі ғой «оқу оқытам, инститөт түсірем» деп бұтып-шатып жүрген.

Елтай ой үстінде: алдынан келгенді тістеп, артынан келсе теуіп тастайтын тарпаң, сес, ноқшыл Қодардың ішкі сарайы сыртқы тұрпатына кереғар секілді. Ашық боламын деп, шашық болып, оңбай таяқ жейді-ау дәу де болса. Маңдайына жазылған осы асаулық басына көп мехнат, бейнет әкелген, сонан соң қайтеді, сол жан ауруды ішкі дүниесіне өткізбес үшін ә десең, мә дейтін қасиетті қолдан жасаған. Ал бұл мінез дау-дамай, теперішті еселеп көбейткен. Темір де тозады. Адам темір емес. Қазіргі қалпы: «Әй, байқа, басты шайқап ойна менімен, қылжақтай берсең, қағып жіберемін» деп, шабынып тұр. Қағып жіберетіні де рас. Ал арғы жағы... жылап тұр. Сырттан жылап келіп, тек құрқылтайдың ұясындай үйінде ғана уанады, шын нәзік табиғатымен қуана табысады. Қуанған түрі жаңағы.

Ертегі мультфильмдерде жадау лашықты жұдырықтай кедей кемпір, оның ақ көңіл, аңқау алпамсадай ұлы болушы еді. Қу жанында тыныштық жоқ, алпарысып, күш күрескен ұлы ер жеткесін жеті жиһан кезіп, басын тауға да, тасқа да соғады, не ғаламат ерлік жасайды, жау мен жауыз, жалмауыздарды жер жастандырған соң темір етігі теңгедей, темір таяғы тебендей болып, шаршап-шалдығып жаман лашығына оралады. Әне, сол кезде сан жылдар бойы отын өшірмей, түтінін түтетіп отырған шүйкедей кемпір табалдырық алдында таяғына сүйеніп қарсы алушы еді ұлын. Мынау сол, соның нақ өзі. Қызыға да, қызғана да қараған — өзі мәңгі-бақи мақұрым қалған ыстық көңіл, жылы лебіз ана мен бала... Жақын-жақпай түгіл жаудың алақаны сипамаған маңдайы ысып барады, арқадан өткен пеш табы ана алақанына ұқсай ма, мұрнының ұшы жыбырлай ма-ау, не өң, не түс емес, мұнар да мұнар хал кешіп тұрғанда ыстық кеспе сорпа бірдіні құйылған сере-сере кесенің үстінен қалай шыққанын білмей қалды.

Құнтима ағаш қалақтың мойны Қодардың балғадай бармағының астына түскенде, морт сынар деп ойлап еді. Жігіт жер қазатын адамдай қалақты күрекше кезеп отырып:

— Әпке-ау, әлгіңіз...— деп, сөз шылбырын қарияға тастады.

— Қазір, қазір... Ол құрғырың тұр ғой.

Қария төр үйге кірді де, тез оралды: қолында шүберекке оралған бір бөтелке арақ.

— Қайнап-қайнап атылып кете ме деп, пеш қасынан оңаша алып кетіп едім,— дегенде, Қодар шалқайып тұрып қарқылдап күлді.

— Ой, әпке-ай! Атылатыны шампан, әкри. Мынау ішке барғасын атылады. Әкеліңіз, тентек неменің әуселесін көрейік.

Елтай:

— Мен пас...— деді.

— Ауырасың ба?

— Құлқым жоқ.

— Өзің біл,— деді Қодар.— Мен қарызымнан құтылдым. Қойғамын бұл пәлені.— Жалма-жан қарияға бұрылды.— Отырсаңызшы былай, мені тоса-тоса ас та ішпеген шығарсыз. Суық тиген тамағыңыз не болды? Доғдыр берген дәріні ішіп жүрсіз бе?

Үстел шетіне шоқиып отырған қария:

— Дәріңнің күші аз екен. Көрші абысын шөп қайнатып беріп еді, көзім содан ашылды. Дәріңді ішіп жатырмын, ақшаға келген дүние ғой, құр босқа қалмасын деп.

Елтай ұяттау болса да Қодарға қосылып, күліп жіберді.

— Әне, әне, біздің әпке осы. Әпкем болмаса күлім шашылып, айдалаға тезек теріп кетер ем, әкри.

Елтай саусағы майысып, сорпаны жарты қалақтан ішеді. Шофер жігіт нанды бұрай асап, кесеге басын салып жіберген күйі ыстық сорпаны ұрттайды. «Тілі қолдырап түсіп қалмай ма?» деп, қонақ аң-таң. Қодар болса ара-арасында:

— Әпке, Тұрсын подшипникті әкеп берді ме? Е, нағашымның сиыры бұзаулап па? Өкіртіп бір сары уызды кертіп жейтін... Жоқ, ол алқашыңды бүгін көрмедім. Жүр де бір қуыста қиқалақтап. Не іше алмайтын, не мандытып жұмыс істемейтін сол өлезіңді қойшы... Дәрігер не дейді? — деп, үзіп-үзіп белгісіз тіршілікті сөз етеді.

— Ие, жатыр ғой төсегінің астында домалап... Бүгін-ертең деп өріске жібермей, қораға байлап отыр... Ішкенде кімді қиратады, көген көз балалар мен келінге обал да. Доғдыр қыз ауданға барып қаралыңыз, менің шамам келмейді дейді баяғы.— Қария сорпадан ауыз тиді де, орнынан тұрып, пеш маңына ойысты.

Шофер жігіт қасығы кесе түбіне тық тигенде ғана басын көтеріп, маңайына, Елтайға мұнартқан тоқ көзін салды. «Е, сен әлі шұқынып отыр ма ең?» — дегендей ежірейді, іле біреу түртіп қалғандай селт етіп, тертедей қолын созды.

— Ойбу, таныспаппыз, жолдас... Қодар боламын.— Автобус ішінде «Жел жағынан жел жүргізбейтін қыршаңқы Қодармын» деп шіренгенін ұмытып үлгеріпті.— Елтай деймісің, жөн, жөн. Әпкем кейде мені кенже ұлым деп іш тартқансиды, біз оған көне бермейміз, әжем бауырында өскемін. Әжем өліп қалғасын ғой, иемденіп жүргені, әйтпесе маған жоламақ түгіл, алыстан көз салуға қорқатын. Қайтейік, әпке-әпке деп алдарқатып, асын ішіп, аяғын босатып жатырмыз. Келін әперіп, екі қолын жылы суға малып қояйын десем, бұл төңіректен тең қыз таппай, мысым құрып жүр,— деп, көзін қысып еді, әпкесі:

— Тек отыр... Қыз бала неге болмасын, мына көрші ақсақ Ысқақтың үйіндегі бала қандай әйбат...— деп еді, ол талма жеріне дөп тиді ме, Қодар үнсіз қалды. Аяғы кем Ысекеңнің қызы, соған қарағанда, расымен әйбат бала болу керек.

Қария күпәйкені желбегей жамылып, пеш аузындағы шелекті көтеріп шығып кеткесін, Қодар қайта арындады.

— Осы ауылдың қыздары қарғап қойғандай шетінен қашаған, әкри. «Қолға енді түсті, алақай, түсті, түсті» дей беріп, аузыңды жинап алғанша, басқа біреуге тиіп жатқан тойында «ащы», «ащы» деп, айқайлап отырғаныңды бір-ақ білесің. Ерегіскенде ауданның уызға жарымаған бір тұштақайын өткен күзде автобусқа қояр да қоймай салып алып, топ еткізіп ем, күндердің күні май-май үсті-басыма қарап: «Автобус айдайсың, галстук неге тақпайсың?» — дегені. «Оныңды совхоз директорына айт», — деймін қарқ-қарқ күліп. Содан екі ай тұрып, сайтан азғырды ма, осы үйдегі жылтырақ атаулыны жиып-теріп, мен жоқта жытып беріпті. Аудан мен ауыл арасындағы жалғыз автобус менің астымда, аспанмен ұшып кеткен бе, білмеймін. Қала шіркін ауылға қайбір сүтті қызын береді. Алдыңгүні көрсем, көшеде секектеп жүр, ұстап ап: «Мұның қалай, мадам?» — десем, «Құрмет тақтасында» суретің тұрғанға адам деп тисем, аю екенсің»,— деп тантып, көлеңкесін бастырмады. Тұрған жерінде теуіп-теуіп тезегін шығару керек еді, амал не, ондай иттігім жоқ. «Онда галстук тағатын басқа біреуіңді тауып ал»,—деп қоя бердім.— Кіріп келе жатқан қарияға:—Ал, әпке, мен ұйықтайын. Азаннан тұрып, аттану керек. Ерте оят, сиырдың астын еске сал. Өзім тазалайын дегенді қой, әпке!— деп, столды саусағымен тықылдатты.— Ертеңгі жол ұзақ!— Есінеді. Елтай сонда байқады, көзі қып-қызыл. Мана «Ауданға ауысып, мұратыма жеттім»,— десе де, күніге барып-келіп жұмыс істеу оңай емес, жүйрік тағдырды қуа-қуа тақымы да тозған, сірә. Галстук құмар қу қыздар да шаршатқан. Одан да көнімпаз, бір тоқпақ жалды торы келіншекті неге кіргізіп алмайды? Мынау опырма сөз бен сарт-сұрт жүріс бір көрмеге қызықты, ал күнбе-күн өмірде тоз-тозыңды шығаратын темір тепкің ғой. Елтай әрі-сәрі ойға кетіңкіреп отыр еді, Қодардың гүмпілдеген даусынан есін жинады.

— Қорықпа, кеңсеге өз қолыммен апарып, дыңдай күйіңде есен-аман тапсырамын. Ал, ұйықтайық!

Жастыққа басы тиісімен қор етті. Жол соғып тастаған екен, Ерлан да мұрттай ұшты. Көзі ілініп бара жатып, ауыз үйде күйбеңдеп жүрген қарияның сыбырын естіді.

— Е, жаратқан алла, жанын жалдап жүрген жалғызымның табанына кірген шөгір маңдайыма кірсін! Ағаларын тоқтатпай кезекпен алдың, мойныма бұршақ салып тілеген көзімнің ағы мен қарасын жебеп-қолдап, алыс сапарда жолын оңғара көр! Мінезі бірде омпы, бірде томпы, әкесіне аумай тартпағыр! Жас күнімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер деуші ем, күпіршілік, күпіршілік, қайттым, кайтып алдым күнәмді. Осының бір шикі өкпесінің маңдайынан иіскеп, кекілін сипаған соң ала бер, арманым жоқ! Екі дүниеде мен риза, қалың бейнеттен кез ашпай кеткен әкесі риза.

* * *

Күжірейген мойнын ішке алған ала көз кісі Елтайға әукесін сала қабағының астымен қарады. Берген сәлемін менсінбеген пішінде ерін ұшымен алды. Содан әлі отыр. Елтайдың жол қағазын, куәлігін, комсомол мүшесінің арыз хатын алдына жайып салып, анау-у жерден шекелей оқыды. Жақыннан көрмейді екен, ақыры суырмасынан көзілдірік алды. Жігіт етті қабағы мен екіге айрылған кірпіш иегіне, көн бетіне қарап: «Болсаң боларсың»,— деді іштей. «Кезінде совхоз даңқын аудан асырып, дүрілдеткен бұл Садыр. Не қара басты, білмеймін, шау тарта келе божырап кетті. Осында аузыңнан кіріп, артыңнан шығатын қызыл түлкішек завферма бар, сол ерттеп мойнына мініп алды. Анда-санда елге көз қып ақырғансып қояды, ал оңаша кеңеске келгенде отқа айдаса кіреді, суға айдаса суға түседі»,— деген сөз құлағында. Айтқан — Қодар.

Жұмыс ахуалы бұрын да үлкен-кішілі бастықтың алдына айдап апарған; ұзақ жыл бір орында отырып қалған, алға баспаған адамдар бір-біріне қимыл, сөз саптау жағынан ұқсас келеді. Астындағы кресло тесілгенше қозғалмай отырған соң ондай тұр мен сөз рәсімі күнбе-күн білінбей жасалып, жылдар жылжи келе әбден қатып-семіп, берішке айнала беретін сияқты. Көпе-көрінеу қолдан жасалған ұқсастық...

Осы шамадағы Сәкен — совхоз директоры Садыр сүт пісірімнен соң басын көтеріп: «Қолақпандай дауды жап-жас басыңмен сен бе, ей, қуа келген?»— дегендей Елтайға төніп алды да, он қолының астындағы қызыл түймені басып еді, есіктен жүдеу жүзді келіншек бас қылтитты.

— Шақыр әлгіні, несі деп, иә!—деді гүрілдеп.— Шақыр атаңа нәлетті!

— Кімді, Сәке?— деді қорғалақтаған келіншек.

— Қытанды айтамын. Автолавкінің әнебір жылмаңын қоса ертіп келсін.— Төс қалтасынан алтын шынжырлы добалдай сағат суырып, үстел үстіне иіріп тастады.— Бес минутта жетсін, он аяғы онда, сол аяғы мұнда!

— Автолавкіні білмеймін, ал Қытан есік алдында жүрген...

— Шақыр!

Дыбыссыз жабылған былғары есікке тесіп жіберердей оқты көзімен қарап отырды да, бар тұлғасымен Елтайға бұрылды.

— Алыстан ат шаршатып келген екенсің, інішек. Соңынан пәле ерткен сол қара тондарың біздің рабкоопқа түсуі түскен, несі деп, иә. Комсомол шопандарға тиісті алты тон завферма Саудабаев Қытан, сосын кім еді... автолавкінің сатушысының мойнына жазылған. Өз қолдарыңмен тапсыр деп қадап айтқамыз. Арғы жағын не істеп жүр, өздері біледі. Мәселе былай! — деп, жалпақ алақанын үстелге сарт тастай берді де, алдында отырған жігіт сатушы емес, тілші екені есіне түсті ме, былп еткізіп жайымен салды.— Факт есть факт. Тілімді алсаң, інішек, былай істе. Ананы-мынаны тексеремін деп, совхоз бен ферміде айналып қалма, төте жол тап. Завферманы қасыңа ал да, тура салып, бүгін жас шопандардың бригадасына жет.— Айналып, ақ бұрқақ терезеге қарады.— Ферміде «Кировец» бар, малтықсаңдар жол салып береді. Онсыз да құмға тұз, құрама жем апарады. Жеткесін тексер: егер балалар қара тон киіп, қыз-қыз қайнап, құнжыңдап жүрсе, хат иесі қара бет,— деп арызды алақанымен үтіктеді.— Ал тон кимесе, Қытаны бар, автолавщик бар, күні ертең конторда, менің алдымда дірдектеп тұрады. Сазасын тартады, несі деп, иә. Келістік не?

Есік ашылды да, екі бетінің ұшы қан қызыл, қара шашын шалқайта қайырған, әйтсе де маңдайы бірсыпыра қажып қалған, орта бойлы, сақа жігіт майда басып кірді.

— Шақырдыңыз ба, Сәке?

Директор тілшіге бұрылды.

— Завфермі Саудабаев Қытан осы кісі.— Сәкең Елтайға қарсы орындықты нұсқады. — Отыр! — Қытан бөтен жігітке көз құйрығын лып салып, сипай қарады да, тез жайғасты.

— Автолавкінің дүкеншісі қайда?

— Аяқ астынан кеше түнде аудандық ауруханаға алып кетіпті. Асқазаны жара дей ме...

— Малшылардың су тегін арағын шелектеп іше берсе, жара шықпағанда қайтеді?—деп, гүр ете қалды Сәкең. Шұғыл түрде қызыл бет жігітке шүйлікті.— Сендер не істеп жүрсіңдер, а? Адамша сенеміз, несі деп иә, ал сол сенімді сендер нетіп жүрсіңдер?

Көз құйрығымен Елтайды екінші қайтара сүйкеген Қытан түк өзгермей:

— Сәке, не істеппіз? Айтып өлтірсеңізші, — деді сабырмен.

— Аққойындағы жас шопандар алты қара тонды алды ма, жоқ па, соны сұрап отырмын.

Ферма меңгерушісі салғырт.

— Алған шығар...

— Жоқ, сен ондай қимыжық шөре-шөреңді қой. Екінің бірі — не алды, не алмады де.

— Алды...

— Кімнен алды? Сенің қолыңнан ба?

— Автолавкіге тапсырғанмын...

— А, солай ма? Тайызда тайғақ көп дейсің, несі деп иә. Жолға тастап келемін таяғымды, қайта бастап келемін баяғымды... — Директор үстелге кеудесімен жатып алып, шықшыт еті бүлкілдей, Қытанды жүндей түтті.— Мен саған не дедім? Өз қолыңмен тапсыр дегенім қайда? Ал сен не істедің? Шошқа тағалап жүрсін бе? Мияу-мияу мысығым дегенге мұртпен ойнайсың, несі деп иә. Тәлкек қылма. Завфермілік тақияңа тар келіп жүрсе, қойған біз, алып тастайтын да мына біз. Қолымнан айырып алып көрсін!

Бастық Қытанның құлақ етін бес минут жеді. Қызық болғанда, әрі-беріден кейін алты қара тон былай қалды, директор биліктің әлі де өз қолында екенін, жыланды жеті кессең де кесірткелік әлі бар екенін дәлелдеп бакты. Өзінен өзі жасырып жүргенмен, басқалар үшін беті ашық дәрменсіздік білінгендей. Қытанда үн жоқ: тек сөз бұрқасыны басыла бере, Сәкеңе жас баланың күнәдан пәк таза кезімен жаудырап қарап қояды. Томпақ бетінің ұшында ұйып тұрған қызыл не қойылмады, не сейілмеді, өшіргішпен ұйқаласаң да кетпейтін бетпақ қызыл. Дұрыс сөз дүміме, бұрыс сөз бұтыма деп жайбарақат отыр.

Айдынын салып күркілдеген директор ақыры былай деп шегеледі.

— Жермен ұш, көкпен ұш, бүгін мына жігітті бригадаға жеткіз. Шаруасын бітіргесін ізінше алып қайт. Сенімен содан кейін сөйлесемін.— Орнынан тұрып, Елтайға болбыр алақанын ұсына берді.— Жолың болсын, інішек.

...Қар әлі бұрқақтап тұр. «ГАЗ-69» таңқылдақ жерде ызғытып-ызғытып алып, ал омбы қарда қос бүйіріне кезек теңселіп, ауыр ыңырана мимырт жүріске салады. Кабина іші күңгірт. Рульде — Қытан. Резеңке сүрткіштер оңды-солды қалтақтап, маңдай әйнекті сыпырып өткен сайын бір көрініс, бір бояу — ақ мұнар сүзіледі де тұрады. Жол үсті білем-білем үрме қар. Қытан руль, рычаг арасында екі қолы кезек ойнап, екі аяғы тормоз бен муфтсцеплениенің арасында сартылдап тілсіз отыр. Егер ол алда-жалда мойын бұрып: «Соңыма арыз түсірген тілші жолдас, сізді ферма емес, кірген ізі бар да, шыққан ізі жоқ айдалаға, ақ отау, аузы-мұрны жоқ отауға алып барамын. Оның ішінен аман-сау оралуыңыз, әй, екіталай. Арғы жағын өзіңіз біліңіз»,— десе, Елтай еш риясыз сенер ме еді, қайтер еді. «Неткен бітіп бермейтін сайын дала! Кеше алдымен самолет, соңынан автобус... қар басқан дала да дала... Ауданнан совхозға дейін кемі жүз елу километрді артқа тастады — тағы да қарлы дала! Бүгін де сол көрініс... Көздеген көмбеге дейін әлі қаншама жер! Ал кездестірген адамы қадау-қадау. Қодар, оның шешесі, совхоз директоры, қасындағы Қытан — саусақтың басына да жетпейді. Иен дала, сайын сахара!»

Қара тоннан қапыда айрылып, мына боранда макта күпәйкімен дірдектеген өрімдей жас шопандардың қараң күнін ойлап еді, электр пеші бар кабина ұядай жылы болса да, тізесін пальтосының етегімен еріксіз қымтады.

Қытан оның ойын бетінен оқып білгендей-ақ қоңыр барқын нақышта сыбызғылатып, сыпайы әңгіме бастады.

— Сіз ғой, халықтың талап-тілегі мен мұң-мұқтажын түптеп жазатын тілшісіз. Міне, бүгін де сонау Алматыдан ақ қар, көк мұз кешіп, Аққойынға борандатып бара жатырсыз...

— Бізді қойшы, тоңсақ бір күндік, күні ертең жылы да жайлы пәтерге қойып кетеміз...— Алматыдан арнайы келген тілші басымен «Пәтер жалдап, кісі есігінде тұрып жатырмыз»—деуге дәті бармады.— Аққойында театр, кино, парк, концерт көрмей, таңды-таңға ұрып, қой баққан жастардың күнін айтыңыз!

Анау әдіске салып, бұлтарып кетті, дереу басқа оңтайдан баспалап келді.

— Киносын апта сайын апарып тұрамыз. Әнеугүні артистер келген. Машинаға тиеп алып, бригада апардық. Жас шопандар қызыққа қарқ болып қалды,— деді ыңылдаңқырап. «Оны қойшы, мына хикаяны тыңдаңыз» дегендей,— Өткен жылы сіз секілді бір-екі тілші келіп кеткен. Біреуі ауданнан, екіншісі облыстан. Совхоз орталығынан қайтып кетті. Асты-үстімізге түсіп, көлдей-көлдей очерк жариялады. Басшыларға рақат! Айдарымыздан жел есіп тұрған кезде жалған дақпыртпен жазылды-ау сол дүниелер...— деп, әлденені ымдап, әрі Елтайдың астына: «Сіз, өйтпедіңіз, міне, алыс отарға беттеп бара жатырсыз, жақсы тілші екенсіз, соңыра мақтамайтын да секілдісіз»,— деген көпшік тастап, әңгіменің желін ақырын жіберіп, пысылдата тоқтады.

— Сіз... директорға риза емессіз, солай ма?— Елтай мына күлбілтелеуді жақтырмады, не болса ол болсын, оқыс сұрақты беріп қалып, Қытанға жалт қарап еді, ол көзінің бұлаң еткен құйрығын алдына аударды.

— Сәкең бе? Тасқа салсаң қайтпайтын шарболат жан еді. Қара құйрықта сүмеңдеген совхозды апырып-жапырып, бес-алты жылдың айналасында шаш етектен табысқа батырды. Уақыт алға кетті, басқару жүйесі, әдісі өзгерді. Сіз бүгін баяғы ер Сәкенді емес, көлеңкесін көрдіңіз. Бастықтығынан шаршап жүрген жан. Қазіргі оқыған-тоқыған көзі ашық адамдар бұрынғыдай опырма тізеге көне бермейді, — деп, үлкен сырдың көрпесін желпілдетті. Өзі туралы бүлкілдетті. Туысы осы фермадан. Әуелі қолына қойшының ақ таяғын ұстапты. Институтқа сырттай түскен. Веттехниктен ферма меңгерушілігіне ауысқанына төрт-бес жыл. «Жоғарыладым» демеді, «ауыстым» деді. Шүкір, көрсеткіштері тәуір. Жоспардан асып, міндеттемеге жете жығылып жатыр. Қысқасы, қоңторғай тіршілік... «Мақтамаңыз да, даттамаңыз, алда разы. Осы шүңкіл әңгіменің шырқын бұзбай, бейбіт тарап кетсек қайтеді», — дейді сөз сырғасы. «Қодар айтқан завферма осы...— деген ой басына сарт етті.— Ішімдегіні тап, жатып атар жігіт екен. Мана директорды да бақылдатып, шыбын шаққан құрлы көрмей қайқайып кете берді. Кабинада тізе түйістіріп отырсаң да, телефон арқылы сөйлескендейсің, еш толғантпайды, қозғалмайды, сыпайы, орнықты, ыстық-суықтан ада».

Өрби берген ойын Қытан бөлді.

— Орталығымыз осы. Бригада анау шағыл құмның терең қойнауында, арғы-бергісі елу шақырым, сол ыңғайдан Аққойын деп ат қойған. Екі отар қойды қыңқ дегізбей бағып жатыр.

Шағыл құмнан дәметіп, алға ұмсынып, әйнек астынан сыртқа көз жіберіп еді, қан көбелек ақ құйын... Өктеп соққан жел апшыны қуырып, әлем бетіне ақ пәренжі жапқан. Айғыз-айғыз қабырға мен биік мұржалар, аулаға үйілген, үстін қар басқан жарқабақ... Күпілі біреу тобылғы торы атты тоңқ-тоңқ желдіртіп, дүмдей дүрегей төбет ертіп, жол кесіп өтті. Үй-үй арасында жауырыны аспанға шығып, садақтай иілген сиыр имеңдеп зытып жүр.

Машина еңселі, қора-жайы аумақты үйдің қасына қатпаған көбең қарды бытырлата жаншып тоқтап еді, қақпа ішінен ит арсылдады. «Ау, алдымен кеңсеге бас сұғып, жай-жапсарды білмедік пе?»,— дегенше, Қытан Елтайдың алдына асыла кабина есігін шалқалата ашып тастады.

— Келдік. Әрине, әуелі кеңсеге соғу керек еді... Шаршадыңыз, жол соғып тастады. Дастарқаны жиылмайтын ақ көңіл халықпыз, айыпқа санамаңыз, қара шаңыраққа алып келдім. Дәм татыңыз, үй-жайымды көріңіз...

...Өн бойынан ерте байсал тартқандық пен тырсиған бітеулік сезілген әдеміше домалақ келіншек мамырлай басып, жай жүріп-ақ дастарқанды жылдам жасады. Бір семьяға сәйкестігі еркін жететін бұл кісінің ілгерілі-кейінді сөзі аз екен, ернін қымқырып алып, қызметті келістіруін келістірді. Осындағы сегіз жылдық мектептің оқу ісінің меңгерушісі.

Жеңді білектей қазы, шұжық бастаған төре табақ ет былбырап келе қалды. Ел жеуге жақсы да, сіңімі қиын етті түнге қарай алдына алса, Қытандар сәске түсте кіріседі екен; денсаулыққа пайдалы. Ілесе келген коньякты Елтай ашқызбады, үй иесі де қыстаған жоқ. Ac үстінде де кесек әңгіме қозғалмады. Екі баланың үлкені қысқы каникул бастала үздік оқушы ретінде экскурсияға, Алматыға кетіпті, кенжесі совхоз орталығында тұратын атасы мен әжесінің құрт-майын жайғап жатыр. Қарбыта желінген қазы-қарта иісі бұрқыраған қан қызыл шайға жалғаса бергенде, Қытан қонақтан рұқсат сұрады.

— Қар үріп тастаған құм «ГАЗ-69» - ды аттап бастырмайды. «Кировец» - тің күшін сынайық. Іздеп тауып келейін. Сіз, айып етпесеңіз, тор үйге жантайып, көз шырымын алыңыз. Жол алыс, жақсылап демалыңыз.— Жұмбақтау жымиды да, қара тонын асықпай киіп, салмақпен басып шығып кетті. Директордың кабинетіндегі диірменнің тасындай дөңгелеген майда жүрісі өзгерген.

Жұмсақ диван жамбасына бата бергесін сыртқа шығып еді, құбыланың ызғырық желі ішін тартып соғып тұр. Түкіріп еді, слюдаға айналып, секіріп түсті.

...Сағат жарымнан соң Қытан қатты кейіп оралды.

— «Кировецтің» тракторшысын әбілет басыпты. Коробка передачасы сыныпты. Жайшылықта ауыз жаппас, той дегенде өлең таппастың кері. Дәлбіжік тракторшы запас бөлшек іздеп, совхоз орталығындағы шеберханаға кеткен. Әліптің артын бағайық, Елеке. Бүгін қонамыз...

Дом тартқан екен,— деп, сез соңына жылы, жайма-шуақ күлкісін жалғады.

— Тақа болмағанда жылан бауыр «ДТ» жоқ па?

— Ойбу, сіз білмейді екенсіз, бір адым ілгері, екі адым кейін «ДТ» - мен ит арқасы қиян Аққойынға жеткенше, кабинада қатып қаламыз.

Шабан, жыбырлақ «ДТ» - ға келгенде Елтай сөз таластыра алмады.

Кешке ыстық қуырдақ жеді, шай ішті. Аудан, Қарасу аралығында жел ұстап қалған ба, тер анадан да, мынадан да кетті. Көрпе-жастығы шытырадай аппақ төсек салынды.

Ертеңінде қатты ұйқыдан басы ісіп, түске таман әрең түрегелді. Кеңседегі Қытан веттехник баланы жүгіртіп жіберіпті. «Тракторшы запчасын тауыпты. «Кировец» - ті жөндеп жатыр. Әзір бітпейді. Жол оңғарылса, ертең жолға шығамыз. Қадірлі қонағымыз жалықпасын, телевизордан «Жануарлар дүниесі», «Ал, қыз-қырқындар, кел, ортаға шығыңдар» деген хабарды көре тұрсын».

Жалыққаннан есінеп-құсынап, «Жануарлар дүниесі» мен «Қыз-қырқындарды» тамашалады, ұры-қарылар жайлы фильм көрді. Алғашқы кадрлерден бастап ұрыларға жаны ашыды: олардың бәрібір өзінен өзі ит болып, қолға түсетіні белгілі еді.

Елтай, Қытандар оранып-шымқанып, үшінші күні дегенде қызыл «Кировецті» өңкеңдетіп алға салып, жолға шықты. Боран басылған. Қызыл құлақ күн шайдай ашық.

* * *

Үш ұл, үш қыз екіге бөлініп, ерсілі-қарсылы екі бөлмеде тұрып жатыр. Қосып жібергенде мыңнан асатын екі отарды бір жігіт, бір қыз өріске алып кетіпті де, түнгі күзеттен келген үшіншісі ұл ма, қыз ба, басын көрпемен тұмшалап, ұйқының ұпайын түгендеп жатыр. Қалғаны қозы көш жерге иірілген шөпке ат-шана алып кетіпті. Қыстақта тәлімгер шопанның қошқыл бет қақпыш қара келіншегі ғана етегіне оралған бес-алты ірілі-ұсақ баланың анасын анда, мынасын мында жайғап жүр. Ал тәлімгер өзі құрама жем іздеп, совхоз орталығына аттаныпты, сол сапардан, міне, үш күн, төбесін көрсетпепті. Келіншек ферма меңгеруші мен тілшіні о баста салыңқы қабақпен суық тыңдаса да: «Кәкен неге ұзақ айналды?» — деген сұраққа келгенде, арыз-арманы ішіне сыймай әрең шыдап жүр екен, бомбадай жарылды.

— Арық-тұрақ мал анау тілін сорып аш тұрған. Бала-шағамен жидіп отырған біздің қараң күніміз мынау. Сол шіркін мал-жан, қатын, бала-шаға бар дей ме, жоқ, дей ме? Айлық, ақшаны ала келем деп еді. Бір жоғалса, мол жоғалып, ләйліп жүр тағы да. Албасты қас-қабаққа қарап басады, тапқан тағы, кең өңеш, үрегей мен шүрегейлерін! Бөтелкесін қойнына тығып безілдеп жүргенде, сондағы бір әумесерлер өзінің аяғын сындырып та қоймайды. Сіздер де Кәкен, Кәкен деп есіртіп бағасыздар. Көрген жерде: «Әп бәлем, Аққойын қайда, сен қайда?» — деп, мүйіздеп, мүйіздеп алмайсыздар ма?

Қытан нобаймен арпыл-тарпыл бұрқылдаған келіншекті күлімсірей тыңдады.

— Пай-пай, жеңеше-ай! Оспақтамай сөйлеңізші. Онсыз да жанып тұрған отқа май тамызасыз... Осыдан кейін Кәкең үш күн жоғалмағанда қайтсін. Түсінеміз. Көріп тұрмыз хал-ахуалды... Комбикормнан басқа керек-жарақ түгел ме? Иә, қораның көңі қалың... Әредікте қол астыңыздағы балаларды жауып жібермейсіз бе? Шынтуайтында анда-санда серілігі ұстап кетпесе, Кәкең ашса алақаныңызда, жұмса жұдырығыңызда ғой,— деген май сылауындай жылы сөзбен келіншекті қақпалай бұрып, бірте-бірте айдау қара жолға салды. Ашуы да, қайтуы да тез жеңгей мандайын бастыра байлаған түйе жүн шәлісін шешіп алып, жаңағы ызалы сөз осымен кетсін дегендей, ыққа қарата қағып-қағып алды.

— Біздікі алды қатты, арты жұмсақ далбаса ашу ғой әншейін. Әйтпесе тұнығымды лайлап жүрген шалым жоқ. Үйге кіріңіздер! — Тез жібіді.— Шай қойып жіберейін. Әй, Әлия, жүгір, құдықтан су әкел. Сен, Сәкен, тамызық тұтат! И-ий, танауыңды жылтыңдатпай сүртші, айналайын! Үлкен кісілерден ұят та, тегі. Сатыбалды, бар да ана баланы оят, ағаларына қызмет қылсын!— Қартасы жазылып жүре беріп еді, Қытан тек тұрмай тағы да көшелілік танытты.

— Қайтесіз, жеңеше. Кәкен совхоз орталығынан арып-ашып оралады, тәтті-дәмдіңізді соған сақтаңыз. Біз не, көптің бірі, көпшіктің кірі, тілемсек келімсекпіз. Одан да көсегемізді көгертіп, еңбек етіп жатқан іні-қарындастарға мықты болыңыз. Біз маяға барайық. Шөп биыл қысқа жете ме, жоқ па, ауқымдап көрейік, жігіттермен ауызба-ауыз сөйлесейік.

...Екеуі қыстақтан домбыраның қос шегіндей сызыла шығып, құм жотаны бауырлай кесіп, әрі айналып кеткен шана ізіне түсті.

— Аз-мұз жаяу жүріп, қан таратайық, Елеке. Жолай қысқы даланы тамашалаңыз. Иіні тар қалада мұндай кәусар ауа күнде таптыра бермес,— деген Қытан жеңіл машинаны қалдырып кетті.

Былай шыға әм биологиялық, әм жағырафиялық әңгімені пілтеледі. Аузы сөзде болса, қолы итмұрынның бүрісіп-бүрісіп тұрған қан қызыл жемістерінде, біріндеп теріп, қалтасына салып жүр.

— Құм, шағыл десе, көзіңізге тыр жалаңаш түркіменнің жалпақ құмы елестейді, ә, Елеке? Қазақтың шілдің қиындай шашылған шеге құмдары тұнып тұрған құт, береке ғой. Мына итмұрынды қараңыз. Қараңыз да ойлаңыз: ойсыл қараның наны, әрі шылқыма майы, әрі ауруға шипа, ем. Жемісін теріп жесеңіз қан қысымын басады, жүрек, жүйке ауруларының алдын алады. Мына бытысқан дүзген ше, дүзген? Шоқ шашыратып шырт-шырт жанғанда, атақты сексеуілге беріспейді. Ал көк бұйра тал, терегі, ойпаң-ойпаңда қызғыш құстай шулап тұрған қамысы ше? Жаңа біз аралаған қора-қопсы, үй осы тал-терек, қамыстан салынған. Жаздыгүні аптапта аңқаңыз кепсе, кез келген тал-теректің түбін күрек бойы қазып жіберіңіз, су шіпілдеп шыға келеді. Аң-құсы жыртылып айрылады. Елік, қасқыр, түлкі, қарсақ, борсық, шіл, кекілік — пішен. Әне, кетті, кетті!—деп, түлкі тымағын басынан жұлып алып, құлаштай лақтырды. «Иә, Қытан ағай дұрыс айтады, жырық ерін қорқақ қоян біз боламыз!» — дегендей таңы ағараңдаған серек құлақ ақ қалпақты терек түбінен атып түрегелді, жымды қуалай секектеп, лезде қар алабына сіңіп кетті.

— Қап, мылтықты ұмыт қалдырғаным-ай! Бүгін қоян етін қуырып беретін ек сізге. Жаңа не деп ем? Е, ең бастысы, бұйрат-бұйрат бұл құмыңыз ауданның төрт түлік малын қаһарлы қысқа берсе кәне! Таудың беткей-беткейі жалаңаш, тықыр, ал мына тал, терек, қамыс, қауданның түп-түбі ұйқа-тұйқа көк қияқ, тобылғы, қараған, қоға. Жал-жал құмның ығына отар-отар сұғына кіріп, тістей жабысып, бық демей жатып алғанда, айдап шығара алмайсыз. Ана жылдары ұсақ колхоз, совхоздар іріленіп, жер қайта бөліскен кезде, осы құм үшін басшылар арасында кәдімгідей ұрыс-жанжал туған... Өзіңіз қай жақтансыз?

Шананың шірей тартылған ізінен шықпауға тырысып, бұлталақтап келе жатқан Елтай:

— Балалар үйінде өстім... Мен жалғыз, онан соң құдай жалғыз. Көзімді ашқаннан кең далаға шыққаным бүгін,— деп, алқына жауап берді.

— Бәсе, жыға танымасам да мінезіңізден кісікиік нышанды байқап ем кеше. Жалғанда жетімдік жаман, сонан кейін жетесіздік жаман деуші ме еді ескі көз кісілер. Шүкіршілік етіңіз, кім әке-шешесін қанжығасына байлап жүр. Былтыр келген тілшілер өзіміз еді. Әзіл-қалжың айтып, ішек-қарнымыз араласып кетіп еді. Қыза келе ауылдың алты ауызын алдырып, ән салдырған. Кеше үндемедіңіз. Өкпелетіп алдық па деп қысылып та қалдық,— деп, тәтті жымиды. Сөз бар ма, Қытаның үш жеп биге шықты. Елтайың томаға-тұйық кісікиік екен, ол — бір, өзі қаражаяу емес, кісі таниды — екі. Қысылып қалғанын — үш білдірді. Үй иелері қыл көпірден өткендей өзін-өзі жайсыз сезінсе, қазақ дәстүрінде бұл қонаққа абырой әпермейді. Кешеден бері ажың-күжің араласып кетпесе де ауық-ауық тіл алмасты, сонда түйгені — Қытан көп сөйледі, бірақ түк айтпады. Әңгімесі дәмді, дәнді, әйткенмен Елтай іздеген шұрай емес. Не совхоздың қазіргі жай-жағдаяты, яки совхоз басшылары мен бас мамандары жайлы, құрығанда, қара тон хикаясы мен жас шопандар хақында өндіріп түк демеді, қызыл тілін қайта-қайта қайрап салатыны — халықаралық жағдай, өнер мен әдебиеттің қасқа мен жайсаңдарының өмірнамасы, бері алғанда Қарасу тарихы, флора мен фаунасы, қысқасы, кешеден бері Елтай өзін, Қытанды әлем, республика жаңалықтарын ортаға салып, кең қорытып, ел мен жер тағдырын шешіп отырған марқасқадай сезінді. Кеше түнде шыдам шегі ширығып кеткен мезетте: «Кәке, алты қара тон қайда осы, ұқсам бұйырмасын»,— деп кейіп еді, күлімсіреген Кәкесі: «Ертең бригадаға барамыз, жас шопандардың үстінен тоны құрғырды бір-бірлеп шешіп алсаңыз, хат анонимка, ал қыз-жігіттер, арыз айтқандай, жалаңаш-жалпы дірдектеп жүрсе, о да жеңіл шаруа, автодүкен сатушысын шыңғыртып ұстаймыз»,— деп жайма-шуақтап, жер түбіндегі Алматыдан самолет сабылтып, арнайы келген сапарын жеңіл шаруаға айналдыра салғаны.

...Көлденең жатқан құм төбенің құйқасына шыға келгенде, алақанға салғандай анық көрді: иек астындағы қолат табанына иірілген төрт-бес маяның біріне пар ат тұмсығын тығып тұр, мая үстіндегі екі жігіт шанаға айырлап шөп лақтыруда, үшіншісі шанадағы шөпті аяғымен баса ырғап жаймалай жайғап жүр. Мұрындарына су жетер емес. Леп леки ме, мая жақтан жас құрақтың жазғы балауса иісі жіңішкелеп жетеді. Үшеуі де тон кимеген, жүн, бумази кеудешелерінің жаға-жеңінен бу бұрқырап, алпарысып, күш күресуде. Қызара бөрткен Қытан осы жолы шын жүректен ақтарылған мақтанышпен:

— Міне, бірді екі, екіні сегіз еткен жас қайраттар!— деді.

Маяшыларға тақап келгенде көзіне оттай басылды: бірінің үстіне бірі үйме-жүйме тасталған қара тондар шананың арғы бетіндегі күртік қар үстінде илектеліп жатыр. Үшеуі бұларды көрісімен, айырларына сүйеніп, состиып тұрып қалды.

Сабалақ жүн қара төбет ыр-ыр етіп, жүн-жүн астары сыртына қараған тонға тап-тап берген сайын шанадағы жігіт:

— Кет, ей, Алыпсоқ! Мына ит құтырған ба? Қара тонда не ақысы бар? — деп, қурай, қамыс сынықтарын лақтырса, мая үстіндегілер:

— Соғымның сорпа-суанына тойғасын құтырып жүр де!

— Қойшының иті қояншық келеді! — деп, мәз-мейрам.

...Аққойыннан Елтайдың жүні жығылып, жуасып қайтты. Үш қыз, үш жігіттің үстінде қыз-қыз қайнатқан алты қара тон, несін айтасың, жіті-жіті басып, қой қоралап, қотанға шөп үйіп, мал қыстатып жатыр. Өмірге өкпесіз. Біреуі зооветеринарлық институтта, екеуі техникумда сырттай оқиды. Ауданнан Қарасуға дейін құшақ жазыспай келген ақ құба қыз бен сақалы сала құлаш жігіт те Аққойыннан табылды: келер аптада бас қосып, өз алдарына жеке шаңырақ көтереді, бүткіл совхоз тайлы-тұяғы қалмай комсомол тойы ретінде ырғалып-жырғалып, дүрілдетіп өткізбек. Жайнаң көз ақ құба қыз жанып тұрған өткір екен. «Оң аяғыңызбен келген құтты қонақсыз, қаланың жаяу жиыны тойдырған шығар, ауылдың атқа мінген тойын көріп қайтыңыз, кейін: «Біздің той Алматыдан келген жазушы қатысқан әйгілі той» деп айта жүруге жақсы»,— деп, жата жабыспасы бар ма. Мерейі үстем болған Қытан: «Япыр-ай, жарқын жүзді бұл қарындасымыз ауданға белгілі күміс көмей, жез таңдай әнші еді, келер жылы консерваторияға жіберейік деп ек, сақал-мұртты інішектің аузының салымы бар екен, қалың құм арасында оңаша қалғасын қойсын ба», — деп тырқ-тырқ күлді.

Тоқ етері, малды ауыл үлкен күтіну, игі тілек үстінде; екі етекті белге түріп, білек сыбанып отыр. Қат-қабат шаруа мен қуанышқа толы күндері Елтай: «Тон қайдан келді?» деп қазымырланса, онысы әр жері тесіліп, қайнай бастаған қазанға ас орнына тас салғандай қиыспайтын қылық, жерден жік шықты, екі құлағы тік шықтыға саятын жарамсыз қылық. «Хаттың белгісіз иесі арызын жоқтап, шу шығара ма?» деп дәмеленіп еді, ол үміті ақталмады. Ал алты қара тонның кеше, кеше болмаса нақ бүгін таңертең әкелініп, пышақ үстінен таратылғанын нақ білген — машина жолы жоқ деген сылтаумен Қытан мұны фермада қазы-қартаға қамап екі күн ұстағанда, ақ құба қыз бен сақалды жігіт Аққойынға вертолетпен ұшып барды ма? Оған қоса қошқыл бет жеңгей сөз арасында: «Әй қайным-ай, прицепті комбикормың кеше келді, біздің шалды өліп жатса өлігін, тірі болса өзін соның үстіне серейтіп тастай салмадың ба? Той-думанға да жөн білетін біреу керек қой», — деп, мол әңгімені аңқылдап бастай беріп еді, Қытан жаман көзімен жалт қараған. «Көтек!» — деген жеңгей жым болды. Өзі де кеше: «Әр бөлшегі бір мотоциклдей мықты «Кировец» мұны күтіп тұрғандай аяқ астынан неге шағылып қалды, ал жарайды, сүрінбейтін тұяқ, сынбайтын техника жоқ, бұзылған күнде бұл неғып жөнделіп бітпейтін «Кировец?» — деп, күдік үйіріп еді. Тілшіні екі күн бойы әдейі жіпсіз байлаған пысық ферма меңгерушісі жымиып жүріп не істеп, не қойғанын кім білсін, сол екі арада алты қара тонды Аққойынға жөнелтіп үлгерген. Ал жас шопандар Қарасудан Алматыға жеткен қиқудан хабары жоқ, бар болса тілін тістеп қалмас еді. «Аудан уағдада тұрды, ештен кеш жақсы», — деп, мәре-сәре.

Болашақ мақаланың басына су құйылды. Өйткені түп қазық факт жоқ. Командировка рәсуа болды.

Бала жастан кітаптан қызыға оқып, телевизор, фильмдерден тамашалаған даламен ақыры жүздесті. Дала мінезі, дала адамдары әр қилы екен. Мұнда да майдан, күрес...

«ГАЗ-69» ымырт түсе трактор, машина жырған жарлауыт қысқы жолмен фермаға қарай ызғытып келе жатты. Жаңағының бәрін Елтай жібін тарқата жайлап, қаз қалпында айтып берді. Ашуланған жоқ. Оның керегі де шамалы — ашу, өкпе шіркін оны көтеретін және одан қорытынды шығаратын досқа айтылады. Жаулығын қайдам, әйтеуір, Қытан бұған дос емес...

Дәретін көмген мысықтай монтиған ферма меңгерушісі рульге жабысқан күйі қызыл шырайлана түсіп, ақырына дейін үн-түнсіз тыңдады. Елтай тоқтағанда жылдамдықты біріншіге ауыстырды, көзімен жолды жеп, сөз тиегін ағытты.

— Асты-үстімді жездей қақтаған екенсіз. Мұртына қарай іскегі, дұрыс қой. Бәрі рас. Ант ұрған автолавщик алты қара тонды фермадағы туған-тумаларына таратып беріпті. Кесіп алсаң, қан шықпайтын кәззап еді. Біреуін оқудағы баласына салған. «Алдым» деп жас шопандардың сыртынан қол қойған. Өз бетін аямаған кісі бетін шиедей қылады. Шыны керек, қыс басталғалы Аққойынға бір-ақ рет соғып едім. Онда да аттың үсті, түйенің қомы. Қара тоны түскір үстерінде ме, жоқ па, түгендеуге мұрша келмеді. Кінәңіз сол болса, қылша мойным талша. Одан үлкенге кене алмаймын. Менің кінәм не? Ертең газетке құлаш-құлаш мақала жазасыз, сөз жоқ, мені де өлтіріп сынайсыз. Тон менің фермамда жоғалды, ендеше, бәрібір айран ішкен құтылады, шелек жалаған тұтылады. Далаға тастай алмай жүрген жаным жоқ, менің де бағып-қағып отырған бала-шағам бар. Нақақ күймеймін бе, аз-мұз нәпақадан айрылмаймын ба? Ол — бір. Екіншіден, бір аяғы жерде, бір аяғы көрде тұрған ана автолавщик ит те болса, адам баласы. Мақалаңыз онсыз да екі дүниенің арасында халсіреп жатқан ауруды мүрдем кетірмей ме. Мұртыңызға ұстара түскен жігітсіз, түсінесіз. Міне, оңашада осыны шотқа салып, қабырғаммен кеңесе келдім де, сізді ферма орталығында әдейі ұстадым. Екі арада аяғым аяғыма тимей дедек қағып, әлгі сатушының туған-тумаларын ел аяғы басыла үйлерінен бастым да, ілулі тұрған тондарын сыпырып алдым. Дау-шар өрбітіп, шармаяқтасқандарға өз қалтамнан ақшасын төледім. Сатушы тірі келсе қайтарар... Сөйтіп, бес тон түгел. Алтыншысы жоқ, алтыншы тон оқудағы балаға кеткен. Жоқты жонып табамысың, ауданда тұратын сауда танысым бар еді, осы күзде соған әке-көке деп, үр жаңа қара тон сатып алғамын, амал жоқ, алтыншының орнына соны салдым. Фермада қара тон киіп жүргенмін, көргенсіз...— Елтай жаңа байқады, расында да, боранды күні қара тон киіп алшаң басқан Қытан бүгін жұқа сұр пальтомен отыр.— Бәрін прицеп сүйреген «Беларуське» теңдеп тиедім де, Аққойынға кеше жытырдым. Аузына берік тракторшыдан жас шопандарға сәлем айттым: «Қытанды аға десе құдай келсе де қара тонды қыс басынан киіп жүрміз деңдер. Басқа күн туып тұр. Есесі қайтады». Арғы әләулай өзіңізге белгілі...— Міз бақпай алға қарап, аяқ астынан «сіз» - ден «сен» - ге көшті.— Кешірім сұраймын, інішек. Көп рақмет! Өз құйрығымды жабу емес, басқа мәселеден. Шу көтерілгенде, ана екі жастың тойы той емес, бір-бірімізді іреп союға айналар еді. Үнсіз келіп, үнсіз кетіп барасың. Рақмет!

Елтай миығынан күлді.

— Қара тон бар, мына сұхбатымыз бар, бәрін көгенге тізіп, жасырмай да асырмай жазып кеп жіберсем қайтесіз? Әрі психология, әрі проблема, ә?

Ағы ақ, қызылы қызыл Қытан баяу ғана:

— Ізденіп қайтесің, фактің жоқ... Құр сылдыраған сөз, — деп, жас баладай риясыз күле салды.— Жемсіз қармақты кім қапсын. Біздің де қолымыз сынық қалған жоқ, сауатымыз бар, ізіңді ала үшбу хат-арызды шимайлай саламыз. Өзіңіз ұятқа қаласыз...— Қайтадан «сіз» - ге жылыстады.

Онысы да ып-рас.

— Жарайды, мен тақыр мұзға мықтап отырдым. Жас шопандарды көпе-көрінеу өтірікке итермеледіңіз. Ол жағы қинамай ма?

— Не?— Қытан қыстақтан шыққалы алғаш рет еңсесімен бұрылып қарады.

— Сөз біреу, құлақ екеу.

Ыңылдап қайтқан жауап жалғыз еді.

— Жоқ сөзді қозғамайық, Елеке. Жақсы адамның ашуы — жібек орамал кепкенше, жаман адамның ашуы — абыройы кеткенше. Ал өтірік айтқан жас шопандар үшін мен түк қиналмаймын. Өздері қиналсын.

Қытанның жүзіне қырынан өшіге қараған Елтай: «Машинадан түсіріп алып, мес қып тепкілесе,— деп кіжінді балалар үйіндегі бір жағдайлар есіне түсіп.— Тонап жатып ізетті өзінше. Тоналып жатқан сенен де сыпайылық талап ететінін қайтерсің. — Ернін тістеді — өмір басқа, балалар үйі басқа-басқа.— Әттең, осы амал, қайрат, жігер, ақылын жаманға емес, жақсыға жұмсаса...» Отырып, отырып:

— Кәке, мен жетім едім. Сіз нағыз сор маңдай тірі жетім екенсіз, — деп нықтады.

Газ әлсіреп барып, қайта күшейді.

— Неге?

— Жақсылық пен адалдық атты әке-шешеден тірідей айрылыпсыз...

Бетінің қытығы лезде кетіп қалған Қытан әлсіреп:

— Кеш айттыңыз, — деді.

— Кейбір адам пендесіне қатарынан жүз сұрақ қойып, соған жауап алғанда ғана кім екенін танисың.

Қытан қыңған жоқ.

— Онда да өзің ақылды болсаң...

***

«Әй, інішек, алыстан алты жасар бала келсе, алдынан алпыс жасар шал шығады. Баласың ба, пәлесің бе, оны өзің білесің, ал ақ көңіл даудырлақ шалың мына мен боламын, несі деп, иә. Кешке үйге бас сұғып, жеңгең бе, шешең бе, біздің «директордың» қолынан дәм тат»,— деп көкіректеген Садырдың сөзін Елтай амалсыз аяққа басты — пәлелі хаттың су аяғы құрдымға кетіп тынғанына директор тым қуанышты екен. Онысын және жасыра да алмады. Қытанның сырын білмей не болыпты, директор бір жағы алданған жас тілшіні іштей аяп та отыр еді. Обалы не керек, кезінде тас қайнатқан, бұл күнде шау тартып, өзге түгіл, өзінің де тізгінінен айрылып қалған Сәкеңді Елтай іштей әрі мүсіркеп, әрі жек көрген. Таяз, мағынасы ешкімге ешқандай міндет артпайтын абың-күбіңнен соң директор: «Аудан орталығына ертең таңертең өзім апарып салайын», — деп еді, тілші жігіт бет бақтырмады. Амал жоқ, бастық сәт сапар тілеп, жылымшы қоштасты.

Шешей салып берген төсекке жамбасы тие беріп еді, Қодар бірдеңе қағып кеткендей қараңғыда кеңкілдеп күлсін.

— Әй, оның не?

Басын көтерген Елтайға:

— Қалай, қара тондарың уқит-суқит болды ма? — деп, жата қалып және күлді.

Елтай аң-таң.

— Сен оны қайдан білесің?

— Қайдан білгенің не? Қалтаңдағы үшбу хатты мен жаздым, ал біліп қой! — Елтай көрпе шетін умаждаған қалпы сілейіп отыр.— Бізбен бірге ауданнан келген ашық-мұшықтарды білесің ғой. Әне бір сақалды сайтанның мұртын сипап келген қыз, міне, мына көрші үйдің көбелегі. Мектепте оқып жүргеннен-ақ көзімнің құрты түскен. Менде де ұят жоқ, әукем салбырап, он екіде бір гүлі ашылмаған жап-жас қызға сөз салғаным бар. Махаббат шіркін кәрі-жасыңа қарай ма. Қу қыз ондай әукім, әукім, әукешімге көнбеді. Сөйтсе теке сақалмен сөз жарастырып үлгеріпті. Күндіз-түні айдағаным автобус, ол пәлесін мен қайдан білейін, әкри. Әй, өзі де әнші еді-ау. Тыңдаған да арманда, тыңдамаған да арманда! Матқапыда торға түсті! — Қодар жақтан темекі шоғы сөніп жанды, сөніп жанды.— Содан деймін де, сол қыз қыс бастала Аққойыннан үйіне пәлтемен дірдектеп келіп жүрді. Биттің қабығындай пәлте-сәлте біздің қысқа қауқар ма, кидің не, жалаңаш жүрдің не, бәрібір. Махаббаты түскір тағы қышап: «Ой, қу қыз, тон қайда? Неге кимейсің, сән қысып бара ма?»— десем, «Сіз үстіңізден шешіп бермесеңіз, бізге тон бұйырмай тұр»,— деп бет албаты лағып, тіл мен жағына сүйенеді. Гәп бар екенін біле қойдым. Үлкен гәп! Комсомолдың күзгі конференциясына автопарк мені үкілеп делегат қып жіберген. «Қарасудағы» ойдан ойып, қырдан қырып жатқан жас шопандарға — бір-бір қара тон!»— деген секретардың сөзі күні бүгін құлағымда. Сосын, әкри, тамырын астыртын басып байқасам, Қытан жылым жең ұшынан жалғасып, туған-тумасы бар, веттехник, бухы бар, бір-бір тоннан үлестіріп беріпті. Кілем сатсаң ауылдасыңа сат, бір шетіне өзің отырасың деген осы.

Елтай ішін тартты.

— Ау, бүгін автодүкен сатушысынан көріп отыр еді...

Қодар қосанжарласа гүр ете қалды.

— Қатқанының басы! Көзі де, өзі де жоқ, ауру сатушыға жаба салмағанда. Итпен ойнағанның жеңі жыртық. Күнін санап жатқан сатушыны іздеп барып, тергемесіңді иіскемей біліп отыр ол зәндем. Көке деп отырып малыңды, әке деп отырып жаныңды алады мен білетін Қытан. Сосын деймін де, әлгі қызға жаным ашып кетіп, бәрін ине-жіпке тізіп, мөлдіретіп жазып кеп жібердім. Ана балаларды да ойладым. Бәрі де қолда ескен інішек-қарындастар... Кіндік кесіп, кір жуған жерімнің қарадомалақтары. Төбедегі аспан бір, ішкен су, жұтқан ауа бір. Жылым неменің терең ініне су құйдым ба деп едім, далаға кеткен екен. Қылмысқа біліп барған адам сол жолмен қаша да біледі, құтылып кетіпті, әттен, әттең!

— Хат аяғына аты-жөніңді неге жазбадың?

— Оу, Елтайжан, бүкіл ауыл күні ертең артын ашып күлмей ме? Ол қу қызға кезінде өлердей ғашық болғанымды қарайған халық біледі. Қодардың қыз айналдырғаны онсыз да Қарасуда ғұмыры бітпейтін лиро-эпос, әкри. Байға тиіп, жырғап жатқан қыздың жыртысын жыртыпты деген арылмас атқа қалмаймын ба. Әлгі сақалы: «Не ақың қалды менің қатынымда?» — деп бақылдап, бір бүйірден тиіп берсе қайтемін? Тойдың тай қазанына тас салатын итің мен емес... Әй, қатқан қыз еді-ау! Әні қандай, өзі қандай! Аттестатын қолына тигізбей, жіпсіз байлады әлгі Қытан. Өзің де көріп қайттың, жігіт, қыздан пар-парлап бөліп тастаған. Бәрі де мектептен жақындасып жүрген жұптар. Сақал мен Гүлбаршын тойдың басы ғана. Қалған төртеуі де қызық-шыжықты тақатып жүрген көрінеді. Енді олар қайда, оқу-тоқу қайда, соңыра бала-шағамен аяқтары шырматылып, қой соңында салпақтап қалады. Қиратқанда той-жиында ауылдың алты ауызын айтар. Оны Гүлбаршыннан басқалар да айта алады... Қытанның есебі түгел, оған қойшы керек еді, онысы да қос-қостан табылды.

— Иә, өмір әзірше теріс қарап тұр...— Бұл сөзді Қодардан гөрі өзіне бағыштап еді.

Шофер жігіт жастықтан басын жұлып алды.

— Сен Қодарды білмейді екенсің. Өмір не, әр қалай. Бетін берсе, сүйдім, артын берсе, тептім, мен солаймын. Өле-өлгенше қолым Қытанның жағасында кетеді — соны анық білем. Қашанғы тасы өрге домалай береді, тірі жүрсем, тірсегін бір қиярмын. Әттең, әні қандай еді, әкри, әні...

Үстел үстіндегі сағат сылқылдап соққан сайын, басыла берген сөз аяғы үзіліп кетті де, көп ұзамай қарсы беттен қалың қорыл жетті. Елтай болса, көрпе саңылауынан тас қараңғыға кірпік қақпай қадала қарап жатыр.

* * *

Ауданға жердің үстімен барып, астымен қайтқан Елтайды бас редактор хал-қадарынша жылы қабақпен қарсы алды. Қолын қысып, келуімен құттықтады. Жігіт шай қайнатым сөйледі. Сөйлеген сайын бастық түсін суыта берді. Қызметкері ақырғы нүктені қойғанда, айналма креслоның арқалығына оң қолын салбырата асып қойып сұлқ түсті. Елтай, керісінше, үстел үстіне қолын созып салып, тоң-торыс отыр. Жолы болмасын күні бұрын білген, білген де кабинетке бет түздік костюмін киіп кірген. Жамандық жаумен бірдей: сыр бермей, тап-таза, ұсынақты, сырбаз қарсы алған жөн.

Бас редактор нәумез. Соңғы кезде редакция атына әр тараптан: «Газет азусыз... Кіл сыпыра мақтау. Өмірдің көлеңкелі жақтары неге ұмытылады?» — деген ескерту, аңғарған адамға зілді сөздер айтылған. Өз күдігі де солай дейді. Командировкаға кеткен жас та алғыр журналистен сол кемсіннің орнын толтыратын мықты материал дәметіп, үстел календарына белгі қойып, тамағы ісіп жүрген. Сөйткен, сенген қойы бетімен үстел сүріп отыр. Қаламы қарымсыз өзге жігіт құр алақан қайтса, ренжімес еді. «Солай болуға тиіс» -ке сайып, жылы жауып қояр еді. Ізденемін, жазамын десе, қолынан келеді Елтайдың. Сонда бұл не? Жазушымын деп танау көтеріп, газеттің күнделікті қара жұмысын менсінбей жүр ме осы бала? Кейбіреулердің жеткізуінше, редакция ішінде мінез көрсететін сияқты. Жаман нышан... Мына томаға-тұйық отырысының өзі; «Мен сөйттім, қолыңыздан келсе шауып алыңыз» деп көрсеткен қыры емес пе?

— Солай де...— деп бастық еңкейе бергенде, қалың шашы кең маңдайына құлады.— Қайтарда совхоз директорына кірдің бе? Жағдайды егжей-тегжейіне дейін баяндап, пікірін білген боларсың?

Жігіт күңк етті.

— Жоқ... Қолынан ештеңе келмейді. Біткен адам.

— Қызық екен...— Редактор қолындағы қаламын үстел үстіне шиырып тастады.— Қызық... Ал аудандық партия, комсомол комитетіне соқтың ба? Ондай шешуші де биік орындарды айналып өтпеген шығарсың?

— Кіре алмадым. Алдыға салатын факт болмады.

Редактор ырғалып барып, орнынан тұрды. Креслоны айналып, арқалықтан қос қолымен сығымдай ұстады да, жайлап сөз бастады.

— Елтай шырақ, үмітті ақтамадың. Орайы келген істі оңдырмапсың. Командировкаға редакция мүддесінен емес, жеке басыңның көңіл-күй әуенімен кетіпсің. Қай мекеменің нанын жеп отырсың, соны білу керек қой, жаным-ау...— Даусы шыңылтыр тартты. Елтай да қозғалақтады — «жаным» редактордың сыпайылық соңы, ашу алдында айтатын барометр сөзі еді.— Бұл, айналайын, асты-үстін жездей қақтап, тексеру емес, одни достоевщины! Әдебиет басқа да, газет басқа ғой, осыны неге біз ескермейміз?

Елтай жұдырығына жөткірінді.

— Маған анау Қытанның сол аяғы оң аяғынан екі еседей ұзын көрінді. Сұмдық аянышты мүгедек адам...

Редактор жалт бұрылды.

— Не, не?

— Командировка сәтті болды, меніңше. Қодарды, Қытанды таныдым, жас шопандармен жүздестім.— Бөгеліңкіреп барып:

— Аз табыс емес,— деп мардымсыды.

Бастық креслоға сәл шалқалай жатып Елтайға ұзақ қарады. Ол газет жұмысына әдебиетті кірістіріп, былықтырып жүретін қызметкерді сыртқа тебетін. Жалпы, жазушыларды іштей жақтырмайтын. Баяғы ауыл тілшісінен бүгін бас редакторға көтерілді, оның өзі жұмысқа жан-тәнімен адал берілу мен журналистикаға деген шын сүйіспеншілік, құлдық ұрудың арқасы. Ал ес-түс жоқ тым берілу көзге сүйелдей көрінеді, соған орай біразы бұл күнде жазушы болып кеткен дос-жарандары оны сырттай күлкі қылып, келеке ететін. Редактор мұны қайдан ұмытсын. Сондықтан ол әңгіме, повесть жазатын жас қызметкерлеріне секем, күдік көзбен қарайтын. Оның үстіне әркім өзін осы минутта тұрған төбешігіне қарап емес, сол төбешікке өзі қандай мехнат-бейнетпен көтерілді, соған қарап бағалайды. Бастық өз төбешігіне бүкіл өмірін сарқып беріп еді. Сондықтан да ол тез көзге ілігіп, қарыштап бара жатқан кейбір жастарды ауырдың үсті, жеңілдің астымен желе жортқан желбір-жекен санайтын. Елтайдан да көңілі қала бастады. Дүңкиіп отырған мына сұрқы, жаңағы газет жұмысына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын лапылдақ сөздері соған қосқандай.

— Тірі әңгімеге көшейік...— Терезеге бұрылып, Елтайға ту сыртын берді. Лап етті кенет.— Ұзын, сол аяғы оң аяғынан екі есе ұзын... Сөзіңе болайын. Редакцияға ең алдымен журналист, қара шаруа журналист керек. Соны неге ұмытамыз? Жазушы екенсің, онда қарастыр басқа жерден жайлы орынды.— Артық кеткенін кеш ұқты, бағытын кілт бұрды. Өкшесінен көтеріліп-көтеріліп қойып:— Бүлдіріпсің, Елтай! — деді. Үстелге жақын келіп, шыны бетінде жатқан ақ қағазды, қолын былғауға қорыққандай көзімен нұсқады.— Милициядан келді... Кеше... Өзің тұрған пәтер иесіне қол тигізіпсің.

Елтай бөгеліп-бөгеліп, болған оқиғаны үзіп-жұлып әрең айтты. Кеше қызып алған Демьяныч кіріп шығып, кешірім сұраған, пәтерде жазға дейін тұруға рұқсат берген, оны да қосты. Құйрығына милицияның қағазы байланғасын ба, сөйтсе де жүрегі тоқтамады. Жасықтығына езінін де ит жыны келіп, жиі-жиі тұтықты, нанымды ақтала алмады.

Бастық орнына отырғасын алақанын жазып хаттың үстіне салды.

— Сәтсіз командировкаң жабулы күйімен қалсын. Ол ішкі шаруамыз. Ал қоғамдық тәртіпті сақтау орнынан келген ресми қатынасты аяқсыз қалдыра алмаймыз. Коллектив атына кір келді. Ендеше, тағдырыңды коллектив шешеді. Жергілікті комитеттің бүгінгі жиналысында талқыланасың. Ішімдегіні тап деп қоңырая беру жас адамға жараспайды. Кейде жолы үлкен ағаларыңның бетінен алып тастайтын көрінесің.— Оңашада бөлім меңгерушісінің берген мәліметтерін өз сөзі ғып айтып тұр. — Ит жылы жетім-жесір болдық деп бырысып-тырыса бермейік. Ешкім де арда емген құлынның етін сары майға қуырып жеп өскен жоқ.

Алдындағы қағазға үңілді. «Шыға бер, боссың»,— демеді. Қазақ итке де кет дейді. Қиналғанда қату сөзді өзі демеу. Бастық демеді.

Кәсіподақ жиналысы кепке созылмады. Баспанасы жоқ, пәтер жалдап тұратын жас жігіттер Елтайды жақтады. Тар ауласын кім кімге таптатқысы келеді, көбіне Демьяныч секілді ішкіш, азып-тозғандар ғана пәтерін жалға береді екен. Солардан ығыр көрген замандастары: «Бір жолға кешірейік. Қол жұмсағанын құптай алмаймыз, бірақ басынған қожайын бұға берсе, сұға береді»,— деп, тігісін жатқызуға тырысты. Үйлі-баранды кәрікестілер: «Қожайын алқаш болсын, ит болсын, қол тигізген жарамайды. Қатаң сөгіс берілсін»,— деді. Мәселенің өзі ауқымдала келе осы екі ұсыныстың арасына тоқтағандай еді, Абыралы бүлдірді. Жын қаққандай орнынан атып тұрып, Елтайды таза қостап, қожайынды өлтіре даттап, жұқа қаңылтырдай қатырласын кеп. Онысынан Елтаймен ым-жымы бір достығы тым білініп қалды ма, белден басып, көпе-көрінеу ақтағаны да рас еді, әрі-беріден кейін киіз кескен қайшыдай мұқалып, аузы көпіріп, айдалаға қаңғыды. Қысқасы, Абыралыны сөйлеуге Елтай алдын-ала астыртын әзірлегендей болды да шықты. Жұмыс уақыты бітіп, тықыршып отырғандар күңкілдей бастады. Жергілікті комитеттің председателі: «Жамандауың мынау, сол Демьяныч түскірдің мас болып келіп, Елтайдың үйін ойрандап жатқанын өз көзіңмен көрдің бе, жоқ па?»—деп қадалып еді, жоқ, ондайды көрмепті. «Ендеше, не сез?» Онсыз да жиналыстан жалыққандар тырқ-тырқ күлді. Сол мұң екен, Абыралының шабына от түсіп, шала бүлінді. Еш жүйесіз, қисынсыз быдыңдап, кәсіподақтың тура қарағайдай мүйізіне жармасты. «Өздеріңізде үш-төрт бөлмеден пәтер бар. Үйсіз-күйсіз жастардың жағдайын түсінбейсіздер. Төрт құбыла түгел, қайдағы түсіну? Өлмесе өрем қапсын дейсіздер... Биыл редакция даңғыраған-даңғыраған екі пәтер алды, содан жастарға тигені қайсысы? «Төрт құбыласы түгелдер» кіл бөлім меңгерушілері, жергілікті комитеттің мүшелері, яғни шешуші дауыстың, салмақты сөздің иелері. Шамданып қалған шешуші дауыстар: «Мына балалар қайтеді, ей? Келмей жатып, балақтан өрлеп, басқа шыққаны ма? Бірдеңені бықсытып, пыш-пыштап ұйымдасқаны мынау. Сақтанғанды ғана құдай сақтайды» дегенді бір-біріне көздерінен оқытты да, қатал сөгісті беріп кеп жіберді...

Елтай жібі бос жігіт емес еді. Кейде дүмдімін деп те ойлайтын. Балалар үйінен қанға сіңген қатаң тәртіп, ешкімге көз сатпай, өз күшіне сүйенген дағды бұған дейін де талай қысталаңнан еткізіп жіберген. Осы жолы сыр берді — жайсыз оқиғалардың арасы тым жақындап кетіп еді. «Ұрланып үйленді», одан Демьянычтың әлегі, ол аздай сәтсіз командировка... Пан жазушы әдемілеп сулатып берген жинағы; қатаң сөгіс оған үстеме... Үй болғалы көди-сөди сатып алып, қалта да қағылып еді. Қысқасы, араша талады. Бұрын мұндайларды жекелеп жеңетін. Осы жолы бірі жағадан, екіншісі етектен алып, үшіншісі кіндіктен ұрып, жауырынын жерге тигізе жаздады. Ондайда ес кетіп, жан шығады деген өтірік екен. Әншейін аурудан тұрғандай дел-сал, бей-жай. Қарашаш ерте тұрып, құнжыңдап жұмысына кетеді, жұмысынан томпаңдап кеш қайтады, келе пеш маңайында күйбеңдеп, шикілі-пісілі асын алдына қояды. Оның да көңілі күпті, мазасыз. Алыстағы қойшы ата-анасы қызының тұрмыс құрғанын әлі білмейді. «Қайтеміз?»— деп, бір орайда қыңқылдап еді, Елтай: «Алдымен ес жиып, етек жауып, адам болайық. Құлақтандыру ешқайда қашпайды»,— деп, келте қайырған. Әзірше әлі «адам болған жоқ». Командировкадан соң күйеуінің ұнжырғасы тым түсіп кетті — оны да көріп-біліп жүр. Жата-жастана сыр тартып суыртпақтап еді. «Жай әншейін. Жаза алмай жүрмін»,— деп қоңқ етті. Жазбай жүргені рас еді. «Жаза алмағанға да өстіп қинала ма?» — деп таңырқады. Өз ортасында: «Көңіл күйім келмей отыр, мына пальтоны тіге алатын емеспін»,— деген қыз-келіншекті көрген емес. Оған салса, көңіл күй басқа да, жұмыс басқа. Ақыл жүрмеген жерде күдік, қобалжу егіздегіш, сегіздегіш. «Күйеуім оқыған, тоқыған, білімді жігіт, мен болсам ине-жіптен басқаны білмейтін тігіншімін, не болдым, япыр-ау?» — деген сауалдар келіншекті қасқырдай тартты. Елтайдың мінезі де қызық. Тым саяқ. Осы күнге дейін ешбір дос-жаранымен таныстырған емес. Қонаққа шақырмайды, қонаққа бармайды. Аузын ашса «жазу» дейді. Қолынан қаламын тастамайды. Әзірге озып тұрған өнері осы. Айдаладағы ақ отау, аузы-мұрны жоқ отауға саятын жеке шаруа, тұмша өмір...

Қарашашпен бір цехта істейтін төрт-бес қыз әнеугүні он шақты кесе, төрт-бес шыныаяғын қолтықтап, кіріп шыққан. Кеше ғана ауылдан келген мәйек бет қыздар екеуін де қағыта сөйлеп, көрпелері жеткенше көсілген... Әркім өз ортасында сұлу, әдемі. Жас келіншектің аузынан әзіл, бет ұшынан қызғылтым арай кетпеді, құстай ұшып жүгіріп жүріп сүт пісірімде үстел үстін ішіп-жемге тірелтіп тастады. Өзі сөзге де алымды, ұтқыр екен, үйдегі жуас, үндемес Қарашаш сөйтеді дегенге Елтай көзі көрмесе сенбес еді. Жуасыңнан жуан шықты.

Елтай өзін қызық ұстады. Әр сөзін тіс арасынан сыздықтата санап сөйлеп, сыпайы, сырдаң болды. Үй иесі бүйтіп майысып-қайысып, сызданып отырғасын, қыздар көп ұзамай басылып, еріндерін қымқырып кезекпен сөйлей бастады. Өз кінәсін кеш ұққан Елтай ықпыл-жықпылы қалың кітаби әзілдерін ортаға тастап еді, ұқпады ма, қыздар бұған үрке қарады. Сол тойғандарымен Томырық тарасты. Елтай кейін келіншегіне: «Күлегеш қыздарың қайда? Үйге келмей ме анда-санда?»— демеді, қыздар да ертеңінде: «Күйеуің, несін айтасың, оқыған жігіт, кеше сыпайы боламыз деп өліп кете жаздадық»,— деп екі ұшты емеурін білдірген. Ешқайсысы: «Шіркін, маңдайың ағынан жарылған екен, неткен бақыттысың, бізге неге осындай жігіт кездеспейді, теңіңді тауыпсың», — демеді. Қарашаш тақатсыз күткен ең керекті сөздер айтылмады.

Осындай жабырқау күндердің бірінде... есік шалқасынан ашылды. Абыралы екі езуі екі құлағына жете телевизор құшақтап, табалдырықта тұр.

— Бип! Бип! Жол беріңдер, жол беріңдер, өңкей шуылдақтар! Елтай хан, Қарашаш ханымға Мысыр елінен керуен-керуен сый-сыяпатпен елшілер келді! — деп, төрге қарай салды. Баяғыда Елтайдың шағын повесі журналда жарық көріп, шала байып жүрген шақта қарызға жүз елу сом алып еді, соған жүз елуді қалтасынан қосыпты да, «Рекорд» телевизорын сатып алыпты. Алды әке мен шеше, қалды әже мен атаның ортасында ойнақтап өскен Абыралы; «Кіммен қай жерде қалай жүрмін, мен туралы кім қалай ойлайды?» деген мәселеге бас ауыртпайтын. Өзін кез келген ортаға әдемі ұсына біледі және онысын әдейі істесең келтіре алмас едің, өйткені ол табиғи. Қандай бір көңілсіз, қырқылжыңды түптеп тексерсеңіз, ар жағынан шат-шадыман өмірге деген бір ұмтылыс түрткіленіп, тіленіп тұрады. Абыралы сол тұнбаны шайқай білетін жігіт. Ас та ток молшылықта өскен Абыралыда менікі, сенікі деген сауда тағы жоқ. Керек болса барды алады, сұраса береді. Кімге берешек, кімнен алашақ, ол жағын жылы жауып қойған. Егер дене мүшелері алмалы-салмалы болса, Абыралы оны да қарызға бере салар еді. Онда да Абыралы есептен жаңылып, кейде сыңар қолын байқаусызда беріп жіберсе, кейде басқадан аңдаусызда алып қойған тағы бір аяқты қосып, үш аяқтап жүрген болар еді.

Ондай еркектің нарқына әйелдер ғана қанық, өйткені олардың өздері де өмірге көп беріп, аз алады ғой, қалай десе де қыз-қырқын арбиған Абыралыға бал арасындай жабыса кетеді. Әбес қылықтарын кешіре салады. Қарашаш та Абыралы десе жалбырақтап тұрады, ұзақ уақыт көрінбесе: «Қайда жоғалып кетті? Не ғып келмей жүр?» — деп алаңдайтын.

Абыралы сол сүйкімді қалпынан бұл жолы да жазбады. Қуыршақпен ойнағандай телевизорды аударып-төңкеріп, аяқтарын бұрап бекітіп, доғал, доғал болғанымен ешкімге сүйкенбейтін, қасымайтын, қытықтамайтын зілсіз әзіл-қалжыңын қардай боратты.

— Па-па, үйлеріңді хан сарайындай жайнатып қойыпсыңдар, түге! Елтайдың қолынан не келеді, бұл шіркін бір жол жазса бір күн аспанға қарап көкиетін қарағым, Қарашаш айналайын, тап-тұйнақтай үй ішінен сені, тек сені танып тұрмын. Бұл пәтерде енді қашан бала жылап, кәк етеді, піш етеді? Ойлаңдар, ойлаңдар да таппай оны қоймаңдар-р...— деп, ыңылдай әндетеді.— Міне, телевизор! Тұрған бойы бір әлем, керек кезінде шал болып ақыл айтады, бала болып жылайды, қызықтырады да, жалықтырады да, есебі енді минут, секунд сайын кино, концерт. Ал, Қарашаш, той қашан? Қашан күйеу жолдас болып, костюм киеміз? Үстімдегі ит жылғы пенжактың жеңі қырқылып, түймесі үзіліп, шынтағы үлдіреп барады. Қыз жолдас бар ма? Таныстырып қойшы өзің. Тәуір болса үйленіп ала қояйын,— деп, сампылдап жүріп, телевизорды қосып қалып еді, темір кеңірдектен шыққан күшті сампыл құлақ тұндырды. Үй ішінде тағы бір өмір, жарқ еткен төрт бұрыш экрандық өмір басталып берді.

Қарашаш та қалыспай Абыралының төңірегінен табылып жатыр.

— Иә, шіркін, қыздан кенде болып жүргенің... Одан да қыз таңдап, басым қатып жүр десеңші. Байқа, таңдаған тазға жолығады!

— Аһа-һа! Дәл айттың, үстінен түстің! Өзімді қыздарға қимай жүргенім рас...

Біраздан соң ас үйдегі бар мен жоқ дастарқан үстіне қотарыла шығып кетті.

Әңгіме қаулап, үдеген сайын, Елтай өзін екі досын поезға мінгізіп салып, перронда жападан жалғыз қалып бара жатқандай сезінді: Қарашаш пен Абыралының әзіл, күлкісі жарасып, ауыздары жабысып қалған. Жарасқан жандар қасында отырған адам не аужайда, ондайда шаруасы шамалы бола ма, сүт пісірімнен соң, екеуі күлкіден тыйылып, тымырая қалған Елтайды адам құрлы көрмеді. Елтайдың ойынша, екеуінің әңгімесінің әңгіме сияғы жоқ. Абыралы мен Алтын автобуста келе жатса, тағы бір жүріп жүрген қызы кездесіпті. Осы қиын-қыстау шақтан Абыралы қалай амалын тауып, құтылып кеткен — міне, бар әңгіме осы. Жалпы, Елтай Абыралыдан махаббат жайлы бұдан гөрі мағыналырақ әңгіме естіген емес. Шығарып салған, тосып алған, үстінен түскен қыздар, көп қыздар... Неге екені белгісіз, Абыралы ешқайсысына жіп тақпайды. О баста анталаған көп қыздан басы айналып, таңдай алмай жүр ме деп еді, кейін байқаса, әңгіме басқаша екен. Есті қыздар екі-үш кездесуден соң Абыралының ашық-шашықтау жүрісіне диагноз қояды да, былай шыға береді... Қалған жолбикелерге Абыралы риза емес. Тоқ етері, саны бар да, сапасы жоқ сарабдал жүріс.

Ал Қарашаш ауылдағы бір пысық зоотехникке үй толтырып бала тауып беріп, сары самауырын түбінде ыстық шайды күлмің-күлмің құйып отыратын алтайы қызыл келіншек болар еді.

Сонда дейді де, Қарашаш кім болғаны? Ол өз келіншегін әлі білмейді екен. Еркекті тез танисың, олар көбіне күшіне сенгендіктен шынайы өмір сүреді, ал әйелді, оның ішінде шығыс әйелін жете білу қиямет-қайым шаруа. Ғасырлар бойы ақыл-айлаға ғана сиынғансын ба, олар өз басын ортада алып жүрудің бүкіл бір мектебін жасаған. Аңғал еркек кейде қойнындағы келіншегін өле-өлгенше білмей кетеді. Үндемес, бойкүйез деді. Ал емен-жарқы қазіргі күйі мынау. Сонда не? Елтаймен тәні бір де, рухы бөлек пе? Абыралыдай ауылда өскен рухани ағасы келген соң қуанып кетіп, шын табиғи қасиеті, бар бейнесімен жарқ етіп көрініп қалды ма?

Ал басқаны сынайтындай өзі кім? Бас редактор анау жолы ішімдегіні тап томырықсың, беттен аласың демеді ме.

Редакцияға алғаш орналасқан кезде жігіттермен көпке дейін басқа кластан ауысып келген баладай араласа алмады. Абыралы екеш Абыралы да бірдеңені төтесінен қойып қалғанда, Елтай тап бір шетел тілінде сөйлеп тұрғандай аңырып қалатын. Сонда мұның кінәсі не? Сан ұлттың басы тоғысқан тай қазанда қайнап өсті, тоғыз тарау тәрбиені, синтетикалық түсінікті сіңіріп ер жетті. Рухани дүниесі жағынан оның қай ұлт екенін ол кезде айыру да қиын еді. Мінез-құлық түрлі-түрлі болғанымен, орыс Иван, украин Петро, татар Равиль бір мөлшерде ойлап, ұқсас тұратын, ұқсас жүретін. Тек университетте ғана оң мен солын айыра бастады. Қазақ қыздары жайлы түсінігі де көбіне кітаптан оқып, кино, телевизордан көрген әдемі, сол себептен де жұтаң, макет ұғымдар-тын. Қарашашты алғаш көрген сәтте сол ұғым жеңді, оған ана мейіріміне шөліркеген көңіл қабаттап қосылды, ал Қарашаш сонау бір сәтте анасындай көрінді, таза құлады.

Ендеше, ендігі сенделісі не? Әлде су төгілмес жорғадай лыпып тұрған алғашқы әсер сейіліп, боямасыз жұп өмір басталды ма? Бұлар семьяның құр әншейін ербиген қаңқасын жасады да, ал терді бес сыпырып алатын шатыр, терезе, әйнек, пеш қалау, еден салу, сылап-сипау тәрізді кінәз жұмыстар жаңа басталды ма? Көшедегі қолтықтасқан мереке, қызық махаббат бөлек те, ас үйге кірген соң басталып беретін бейнет махаббат өзге болғаны ғой.

Қарашаш екеуі қарама-қарсы ортадан, екі нүктеден бір-біріне қол созыпты. Шын түсінісу, бір адамға айналу әлі алыс.

Ойлап қараса, балалар үйінде Елтай жетімдіктің тақсіретін тарта қоймапты. Бәрі де бір бидайды жарып жеген, ортақ одеял жамылған көген көздер еді. Жетімекпіз деген ой бастарына кіріп шықпаған. Жетім екенін жетім еместердің арасына түскенде анық сезді — басқа есеп, өзге өлшемдегі адамдар... Отырса опақ, тұрса сопақ бола берді. Сол опақ пен сопақ тағы қашан қайталанады деп жүреді де, соған шыдай алмай күндердің күні сол опақ, сопаққа өзі барып ұрынады. Әңгіме адал ойлау, түзу жүруде емес, әңгіме сол ойың мен ниетіңді адамдардың жүрегіне жеткізуде екен. Ал көріп жүр, ата-әже, әке-шеше, аға-әпке, іні-қарындас көрген, сол қауымда тәрбие алғандар жеткізе біледі.

Мұның бәрінен Елтай құр алақан.

...Желіккен екеуіне ту сыртын беріп, телевизорға қадалды. Әскери фильм жүріп жатыр. Қарашаш пен Абыралы да Елтайдың қабағындағы кірбіңді байқап қалды-ау, сәл саябырлап, экранға тесілді.

Әлден уақытта Қарашаш:

— Мына үш жұлдыз қандай шен? — деді. Экранда жас полковник рапорт қабылдап тұр. Ас орнына тас жұтқандай тығылған Елтай минуттан соң зордың күшімен:

— Полковник...— деді қылғынып.

Қарашаш тамсанып қойды.

Енді бірде жас полковник пен генерал-майор картаға үңіліп отыр... Қарашашты сайтан тағы түртті.

— Мынау үлкен жұлдызды кім? Өзі кәп-кәрі ғой...

«Құдай сақтай гөр, бірдеңені бүлдірмесем игі»,— деген Елтай:

— Генерал...—деді сыздықтатып.

— Генерал үлкен бе, полковник үлкен бе?

Елтайдың тұмантқан көзі түк көрмей қалды. Жауап та бермеді. Аузын ашса, көмейінде кептеліп тұрған ащы әлдене лақ ете түсер еді. Келіншегі сана емес, сезім арқылы күйеуін түсінді, лебін жұтып, ақырын күрсінді, орнынан тұрып, ыдыс-аяқ жинастыра бастады...

...Шам өшкен соң, қараңғылыққа көзі ауырғанша тесірейе қарап жатты да қойды. Қарашаш бауырына кіре түсіп, қолын кеудесіне салғанда да, тырп етпеді. Мана үй ішінде күндіз де, түнде де сылдырап тұратын күміс қоңыраудың біреуінің үні өшкенін Қарашаш та сезген. Генерал мен полковникті айыра алмаса да, оның көкірегінде көз бар еді. «Күні ертең Елтайдың жүрген-тұрған ортасымен араласамын, сонда қайтемін!?» — деген сұрақ соңғы кезде жас келіншектің, дұрысын айтқанда, есік көрді демесе әлі сол бұрынғы жас қыз Қарашаштың жанын жегідей жейтін. Оған Елтайдың командировкадан кейінгі жабырқау, жадау күйі қосылып, себебін ері не ашып айтпай, не қоймай, соңғы күндері тықыршып жүрген. Өзін ұстасынан оны сырт көзге білдірген жоқ — онсыз да қиюы қашқан Елтайға жұдырық үстіне жұдырық болар еді. Сезімді дер кезінде сыртқа шығармау өз киіміңді өзіңнен ұрлаған сияқты бірдеңе екен, түске таман тіптен тырсылдап, жарылып кете жаздады. Сол тұста Абыралы гулеп келіп, қыстыққан көңіл аузынан дереу әзіл, күлкіге айналып шығып, ағыла берді, ағыла берді. Сол мәре-сәремен Елтайдың қас-қабағын да бағып үлгермеді. Әскери шен-шекпен төңірегіндегі әңгіме отқа май құйып, тіптен шалқыта түсті.

Елтайға бағыштаған өкпесі де қара қазандай.

«Япыр-ау,— дейді көрпе шетін үнсіз тістелеп,— жолы жіңішке қызбын,— өзін келіншек деуге аузы бармайтын,— онда да қойшы ауылдың қарапайым қызымын. Бұларға генерал үлкен жұлдыз, полковник үш кішкене жұлдыз деп кім үйретіпті!» Ана сүтімен сіңген тәрбиені тозған көйлектей тез шешіп тастай алмайсың. Әйтеуір, тірі жанға жаман ойламайды, әлсіз жаннан көмек, қолғабысын аямайды — соны біледі. Анау қар аралас жаңбырлы түні Елтай кіріп келгенде, оның кембағал, яғни жан дүниесінің жартыкеш екенін түйсікпен түсінді, көзінен маздаған сағыныш пен махаббатты көрді. Көрді де ұқты. Автобуста, трамвайда сүйкеніп, тиісіп-қағытып тұратын ана бір жыртақайлардан өзге жігіт екен, бары мен жоғын түгел жайып, турасын айтты. Ал туралықты әйелдер жоғары бағалайды.

Сөйткен Елтайдың сиқы мынау — күн асқан сайын алыстап барады.

Аударылып түскен Қарашаштың көзінен тарам-тарам жас сорғалады. Дыбыссыз жылады.

Елтай келіншегінің мұрнының шуылын сезіп жатыр. Ішін өкініш удай өртейді. Қарашаш генералдан полковникті ажырата алмаса, бұл оның аңғал сөзін көтере алмай шат-шәлекей, ол дегеніңіз шен-шекпенді ажыратудан әлдеқайда үлкен кеңкелестік қой.

Қарашаштың белінен орай тартып, өзіне қаратты. Дымқыл, сұп-суық танауы кеудесін қарыды.

— Пырылдаған мысығым... Не болды?

— Жай... Тәтем мен ағам еске түсіп... Қашан хабар жібереміз?

Елтай бөгелді. Алыстағы ата-анасын іздесе, бұған жат бауыр тарта бастағаны. Қылт етіп, өкпелей қалды.

— Қашан, қашан? Хабар қайда қашады? Жинақтың жайы түпкілікті шешілсін. Баспа жә десе, бас-аяқты бүтіндейміз. Ол кісілерге жұттан келгендей құр алақан барамыз ба.— Өзі түгіл көлеңкесін көрмеген «ол кісілерді» әке-шеше деп айдақтауға аузы бармады.— Азамат атым бар, сырт көз, сынайтын ел-жұрт бар.

Қарашаш бұрыс, дұрыс демеді. Күйеуі өз сөзіне өзі сенбей жатса, келіншегі қалай ұйысын. Сәлден соң біреу естіп қоярдай сыбырлап:

— Біз... мен... жүкті секілдімін,— деді.

Елтай басын көтеріп алды.

— Қойшы!

Келіншек үндемеді.

Елтай орнына қисайды. Жатып-жатып:

— Ерте... Қайтеміз, басқа түссе баспақшыл. Жазу қиындайды... Пәтердің кезегіне тақағанда ғой...— деп бытырады.

Қарашаш лықылдап әкетіп бара жатқан басын жұмарлап алған жастықпен тұмшалап жаба қойды.

***

Кәсіподақ жиналысынан кейін Елтай өзін аспаннан түскен астронавттай сезінді. Ешкімнің мұнда шаруасы жоқ. Көз де алартпайды, қалжыңдаспайды да. Сен тимесең мен тимен, бадырақ көз, қысқасы. Әлдебір көңілді әуенді ыңылдай екі қолын қалтасына салған қалпы балағы жер сыпырып жүреді. Көптеген қызметкерлер еңбегі сіңген қарт полковникке сәлем берген солдаттай өте нақты, қысқа амандасады. Машинасы жолдың ана шетіне бір, мына шетіне бір қиқалаңдаған мас шоферді тамашалағандай әрі үрку, әрі құмарту бар. Бөлім меңгерушісі таңертең бөлмеге кірген бетте ағаштай қатып қалған түп-түзу бес саусағын ұстатады. Онсыз да аз күшеншек әзіл, әңгіме аллауәкпар. Қызметке байланысты сыпайы, орнықты, бас-аяғы ықшам, жұмыр сөздер ғана араға жүреді. Жігітке ол: «Елтай шырағым, сіз-біз ағайыншылықты қойсақ қайтеді? Екеуміз жас жағынан да, басқа жағынан да жер мен көктейміз» деген кеміту, келемеждей көрінеді. Жалпы, кіші бастық Елтайға басына екіталай күн туғанда, құлағында ойнаған құрбақадай көрінді.

Абыралы бастаған төрт-бес жігіттің қабағы оң. Өздері нақ бір жасарын жасап, асарын асаған шалдай-ақ: «Сен қыңба! Ерегескенде сөйт! Жас күнде кім қателеспейді, нені бастан кешпейді. Жақсылық та, жамандық та өтеді де кетеді, бұл фәниде қалатын өзіңсің, өзіңді жоғалтпа!» — деген қалай болса солай, сол себепті де шын жүректен қайнап шыққан ғажап ақыл айтты. Бұл бір езулеп күледі де қояды.

Бүгін де оқ өтпес әйнек астында отырғандай қоңырайыңқы. Төрт тарапта не өзгеріс, бәрі алақанда, сөйтсе де сол оқиғаларға араласа алмайсың, аман-сәлемге ғана мәулет бар, сол тойғаныңмен бақырайып отыра бер — өзің солай сезінді. Коллектив кімге қалай, оны әркім өзі біледі, ал Елтай үшін бұ дүниедегінің бәрі еді. Бәрінен матқапыда айрылып қалу — ғашығың сені сүйіп тұрып, қыршып алғандай өзгеше азап екен.

Өстіп іштен тынып, түтінсіз жанған сәтте кіші бастық мұны тағы пілтеледі. Көрші бөлімнің жігітіне қауқалақ қағып, анекдотын сөз арасына қыстырып, бас терісін кеңітіп алды да, әлгі шығып кеткесін, бұған сыпайы сызданып:

— Қалқам, кешегі сын мақала қайда? Бастық «Әдебиеттің өзекті проблемаларын қозғайтын мақсатты мақала, басқаға сенбей өзің қарап шық» деп еді, қол құрғыры тие ме! — деп сыздықтатты.

Төмен қараған жігіт жымың етті. Үлкен бастық сенбе деген «басқа» - сы, әрине, Елтай. Бұл кісінің сөзіне қарағанда, редактор оған ылғи да ең өзекті, проблемалы мақаланы қорытуды тапсырады. Оған қоса: «Сенімнен қалыпсың, қарағым, артыңды қысып, жайыңа отыр» дегенді ымдап ноқ жасады.

— Бастық солай десе, өзіңіз қорытуыңыз керек еді...

Бөлім меңгерушісінің көзілдірігі терезеден түскен күн сәулесіне шағылысып, жалт етті. Қылғынып сөз бастады.

— Шырағым, бұл «мен салар да сен салар, атқа жемді кім саларды» қашан қоямыз?

Үрит соқ-соқ бастала бергенде, Елтайдың телефоны шыр етті. Тұтқаны көз ғып керенау алғанымен, құлағына бір ыза-ашумен құшырлана жапсырды. Қаламы ақ қағаз бетіне бытықы-шытықы, адам түсінбес бейнелерді сызғылайды.

— Сәлеметсіз бе? Елтайды шақырып жіберсеңіз...

— Елтай тыңдап тұр.

Телефон аз-кем үнсіз қалды.

— Ғафу етіңіз, сіз мені танымайсыз...

— Сау болыңыз!

— Сәл кідіріңіз! — деді орысша ойлап, қазақша сөйлейтін қатқылдау үн.— Мен «Алтынкүректі» оқыған едім...

Айтары жоқ, талма жерден ұстады — ең тәуір көретін, әрі ең еркін жазылған әңгімесінің атын атады.

— Әңгімеңіз ұнады. Айтатын дауым да бар.

Иә, мына үн минут сайын құлағына жағып барады. Тағынан әлі де түскісі келмей:

— Кешіріңіз, жарияланбаған дүниені қайдан оқып жүрсіз? — деп қазымырланып еді, телефон сымының арғы ұшындағы әйел заты тіке кетті.

— Мен жинағыңызды рецензиялаған жазушының жақынымын. Атым — Азелла Садықовна.

— Олай болса... кіріп шығыңыз.

Қыз күлді.

— Мен сіздің кабинетіңізбен емес, сізбен кездескім келіп еді.

Елтайдың беті ду етті.

— Онда айтқаныңызға тақ тұрайын.

— Жарты сағаттан кейін жасөспірімдер театрының қасына келіңіз. Оң қолыңызға газет шиыршықтап ұстаңыз. Көріскенше!

Тұтқаны ұясына қойғасын қараса, бастық жоқ. Ол кісінің тәрбие тым өтіп кеткен кейбір қылықтары болушы еді. Қыз екенін сезгесін бөлмеден шығып тұрыпты.

Сең соққан балықтай мына қазап сәтте бұл да болса аш көңілге азық. Сөйлеген сайын алмастай тартатын қыз екен. Ал Қарашаш керісінше; онымен көзбе көз әңгімелескен жақсы. Жаутаңдаған жанары, лыпылдаған қызыл шырайы аңқау да адал әңгімесіне жараса кететін. Ал ара-тұра жұмысынан телефон соқса, Елтай әңгіме біткенше асығады, сиқырлап арбайтын жанар мен шырайдан айрылған Қарашаштың кедей сөзі көпе-көрінеу жүдеп, жас баламен сөйлескендей тез жалығады.

Өз ойынан өзі қашып, тез тұрып кетті де, киіміне қол салды. Келіншегі мен телефон таныс бикешті салыстырғаны неткені? Және ненің белгісі?

...Үй, ағаш, адам, машина атаулы бұлың-бұлың; қар қылаулап тұр. Жарық-жарық асты күміс қанат шіркейлер... Шыңылтыр аяз бет шымшиды. Ересек азайып, жастар күрт көбейген: жақ жүндері, мұрт, шашы қылаң жігіттер, жаға, бөріктеріне қар қонған қыздар жарық астына жынды көбелектей жеке-жеке келеді де, аздан соң жұптасып қараңғылыққа сіңіп кете барады. Елтай касса төңірегінде бәтеңкесін бір-біріне соғып тұр; көңілсіз. Азелла қыз келмей жатып қауіп ойлайды. Әке-шешенің бауырында күліп-ойнап өскен бақытты жандар — әке-шешелілерді ылғи да бақытты деп санайтын — иә, олар Елтай үшін жұмбақ жан, оның ішінде қыздар өзге ауа қабатынан, басқа деңгейден келген, ой ойлау қисыны да бөлек періштелер көрінетін. Әсіресе алғаш танысқан кезде қарадай қуыстанып, сәл мүкістік жіберсе, кірпідей жиырылады. Сөз саптасына қарағанда, мына қыз періште секілді. Сондықтан да әзір жиырылыңқырап тұр.

— Сәлеметсіз бе?

Доғалдау айналып, қорбаң бұрылып еді, бойы қарайлас қызды қағып кете жаздады. Ұзын кірпік жанарынан ештеңені біліп болмайды. Шықшыты шығыңқы дөңгелек жүзі қиық көзіне тым жарасымды. Арғымақ аттай бойлы-сойлы қыздың томпақ қабағы ісіңкілеу екен, сол белгі ғана тік мінез, қайсар нышан танытқандай.

— Амансыз ба? Елтай...

Тақыс қыз ба, еш толқыған жоқ, Елтайға тоқталып қарамады, айқын үнмен нақ-нақ сөйледі.

— Елтай, мана сізге телефон шалдым, кездесуге шақырдым, сол батылдығым батылдық болсын...

— Мейліңіз...

— Ендеше, көшенің қарсы бетіндегі барға кірейік. Күн суық...

Жігіт жымиды. Қыз қолын созды.

— Рақым етіңіз, қолтығыңызды... Сізді сүйей жүрейін. Жазушы ағаның рецензиясы сізді сәл-пәл тәлтіректетіп тастаған, білем.

Азелла оған ұнады. Сыпайылық салтын аттап өтпейтін еркін мінезі, серігінің қапысыз сөйлеп, емін-еркін ашылуына мұрсат беретін әзілқой ұғымдылығы ұнады. Елтай өзінің қыз екенін өліп-тіріліп дәлелдеп бағатын табанды бикештерден іргесін аулақ салатын. Есті жігіт күшеншек дәлелдеусіз-ақ қыз ба, жоқ, қырқын ба, бірден айырады. Университетте сондай бір қырқын жүрегін мықтап шайлықтырған. Әп бісмілдә деп кездесуге жарты сағат әдемілеп тұрып кешігіп келді. Шығын шіркін шырғасы шықпай түгелімен мойнына түсті. Оны қойшы, ең аяғы көңіл көтеретін әзіл-күлкіні де тек жігіт жасауы керек. Көнсең осы, көнбесең жолың әне, ал ол әзір асқа тік қасық... Онда да еңбегіңді бағаласа жақсы. Бағаламаса жақ жазбай қояды, бітті. Алай ағыласың, былай сөйлейсің, бәрі зая. Көңілім де, күлкім де сатулы дегенді өзі де білмей аңдатып бағады. Ыза болып, әдейі қасып сөйлейсің. Оған да жауап жоқ. Сонсоң жансыз бөренені дырылдатып сүйрегендей ғып, жатақхананың жанына әупіріммен әкеліп тастайсың да, бұдан былай желкемнің шұқыры көрсін деп, алды-артыңа қарамай зыта жөнелесің.

Қарашаш қана өйтпеді. Ол ештеңені талап еткен жоқ. Елтайдың өзін ғана қалады.

— ...Әңгімеңіздің жосығына қарап, сізді сәл басқаша елестетіп ем, — Қыз түтікпен коктейль бұлғап отыр.— Телефон тергенде ептеп жүрексіндім.

— Қабағынан қар жауған жігіт — солай ма?

— Сол төңіректе.

— Үмітіңіз ақталмады. Ғафу етіңіз...

Қыз езу тартты.

— Міне, натураңыз енді көрінді. Бір сағаттан кейін жалбыр бұлттың нар белінен ұстап, арлы-берлі тербетіле бастайсыз, иә? — Азелла «Алтынкүректің» кейіпкерін меңзеп отыр.

— Өкінішке қарай, биік аспанға қол созып ем, бұлтқа да жетпеді.

— О, сіз шыншыл екенсіз. Онда бүгін «Алтынкүрекке» тиіспейік. Әңгімеңіз маған ұнады, бір кешке сол да жетеді. Жаныңыз ауырады, ол және жуық арада сауығатын ұшпалы сырқат емес, келешекте де біраз қинайды. Мүмкін, мәңгі бақи...

Азелла ата-анасынан бөлек тұрады. Өгей шешесі жақсы адам, бірақ болып-толып бойжеткен қыз бен кексе әйел бір шаңырақтың астында тұра алмайды. Осының салдарынан Россияның ішкергі қаласындағы мектеп-интернатқа кетіп қалады. Мектеп бітіргесін тіке үлкен астанаға жол тартыпты. Институттан соң, аспирантураға қалдырған. Бір себептерден кандидаттығын қорғамаған. Қазір институтта сабақ береді. Әзірше жазушы ағаның творчествосын зерттеп жүр. Кезінде семьялары аралас-құралас болған. Кітаптарын бала жастан жастығының астына салып оқыпты. Тақырыпқа сол кісіні кезінде өзі таңдап алған. Есейген көзбен қайта оқып еді, сұмдық өкінді. Одан да оқымағаны дұрыс еді. Заман көші озып, ол кісі сары жұртта қалып қойыпты. Амал жоқ, зерттеуін қоя тұрып, алпыстан асқанда таяныш-сүйеусіз қалған ауру жазушыны қолынан келгенше сүйеп, сүйреп жүр.

Елтай да жай-күйін жасырмады.

Қыз қайта ағылды.

— Мен де жетіммін. Рухани жетіммін. Сол жетім көңілдің тиянақсыздығы ғой, сізбен кездескім келгенім. Түп-түзу келе жатып, аяғымды түпсіз бос ауаға тығып алғандай сенделектеп қаламын кейде. Мынадай көріністі елестетіңіз. Жас ана сәби ертіп, айналасы ат шаптырым үлкен универмагқа кірді делік. Шеше кезекте тұрғанда, қараусыз сәби әдемі ойыншықтары сыңсып тұрған сөрелерді жағалай ұзап, адасып кетеді. Жалт-жұлтты қызықтап, ұзақ қыдырады. Аздан соң қарны ашады, дырдудан басы айналады. Ойыншықтың шеше болмасын сезген сәби төңіректі басына көтеріп жылап, ақыры көптің көмегімен анасын тауып алады. Ана құшақ жазып қарсы ұмтылғанмен, бала сезімсіз. «Қайдан көріп ем бұл кісіні?» дегендей жатырқап, аңырып тұр. Әлгі екі арада сәби минут санап ер жетіп, мүлдем бейтаныс балаға өзгеріп кетіпті. Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада дей ме мұндайда? Сол өз ортасынан бала кезінде қашып кетіп, бойжеткен шақта табыса алмай жүрген қырсық қыз, міне, қарсы алдыңызда отыр.

Елтай мазасыз. Ойы он тарау. Ойбай-ау, бұл Азелла емес, өзі, өзі ғой. Қарашашты көрді, ұмыт болған ару ананың сүт иісін сәл сезінді...

Аузы қағаз татыды, сөйтсе темекінің қызыл шоғы фильтрге жылжып жетіпті.

— Сізді... түсінемін. Амал не... Кімге кінә қоясың, кімді жазғырасың. Ақ сүтін берген анамен бірге тұру керек. Тұрып қана қоймай, еден сүртіп, кір-қоң жуып, ас әзірлеп, дүкеннен азық-түлік сатып әкеліп, зыр жүгіруіміз қажет. Мүмкін, сонда барып табысатын шығармыз. Күн, ай емес, жылдар өткесін ғана табысамыз... Азелла:

— Солайын солай-ау. Ал ана кісілерді қайтеміз?— деп, иегімен бардың босағасын нұсқады.

Елтай ершігімен қоса айналып қараса... о тоба, бөлім бастығы! Қасында екі жігіт. Ауылдан келген бе, қара дүрсін, добал киініпті. Өңір, жағаларын сипап, төңірекке өңеш соза жасқаншақ қарайды. Есесіне бөлім бастығы сырбаз, кердең. Дүниені көзімен емес, тұмсығымен көреді. Қаққан қазықтай тұрып-тұрып, мойын бұрмастан артқы екеуге бірдеңе деп қалды. Екеуі қорбаңдай басып, гардеробқа беттеді, кезек алды. Бастық та солай салды. Бұл кезде жалбағай құлақшын, қалың пальтодан құтылып, кісі кейпіне кірген екеудің біреуі дереу бастықтың пальтосына кимелей жармасты. Aha, мынау жас ақын ғой! Жергілікті жас ақын. Творчествосы жас болғанмен өзі жасамыс. Бөлім бастығындай баулитын «тренері» бар. Бастық жетон тоспады, алдында коктейль, саусақ арасында сигарет, бардың бір нүктесіне еш мақсатсыз қарап отырған қызға жөнеді. Жанына жайғасты. Деді. Екі коктейль келді лепілдеп. Бастық анадай жерде тақап келуге бата алмай әрі үдірейіп, әрі қызығып тұрған екеуге бірдеңе деді. Жібіген еріндеріне күлкі жүгірген қос мұндар азан-қазан ресторанға тағалы аттай өкшелері тарсылдап жүгірді. Кіре берістегі кәрі графқа ұқсайтын ақ бас швейцар шал көзін ежірейтіп қалып еді, алақанына әлденені қыстырды. Шүкір, ол рәсімді біледі екен.

Бикештің құлағына бастық аузын тақады. Шошайта көтерген сигаретін көк мұнарға малған қыз әспенсімеді, ұйқы мен ояудың арасында манаурап, былғарымен қапталған ағаш атынан түсті. Қыска да қамыт аяғы шолтаң еткен бастық та лып ете қалды. Алда бөлім бастығы, соңында қыз, тіркесіп ресторанға кірді.

Елтай оларға ала көзімен қарады. Іштей жүндей түтілді.

— Бір ғұмыр жетпейді... Бізден бастап, немере, шөберемізге дейін салқыны тиеді. Неменемізге кетеді.

Келіскені ме, қыз үндемеді.

Жаңағылардың жымсыма жылым тірлігі бұларға жұғып кетті ме, екеуінің сөзі сетінеп, пышырай бастады, араны өңез салқындық кеулегендей. Бір түрлі ана үш жігіт, бір қызға тікелей араласпаса да, қатыстары бардай сезінді. Сыртқа шығып, таза ауа жұтқасын ғана аз-мұз сейілді. Уақ-түйек, бәкүн-шүкінді әңгімеледі. Сол дұрыс екен, троллейбус қасында жылы-жылы қоштасты.

— Жоғалып кетпе. Іздетпейік бір-бірімізді, — деді Азелла жігіттің бұрқыраған бөкебайын жағасына қайта нығыздап жатып.

Аялдамада тұрды, тұрды да, кері қайтты. Төртеуін тез тапты. Біраз тостың түбіне жеткен бе, Кәкең бастықтығын, ана екеуі жергілікті автор екенін ұмытып үлгеріпті, гу-гу сөз, қарқ-қарқ күлкі... Қыз шампаннан анда-санда ұрттап, жансыз, мағынасыз отыр. Бастық екі қолын бірдей бұлғап Елтайды қасына шақырды — патшалығы үлкейе түседі. Дыбыр-дыбыр танысу... Обалы не керек, үшеуі қуанып қалды — үндемес кісәпір қыздың қасында әрқайсысы өзінше жалғызсырап отырса керек. Бастық мана кірген бетте бұларды көріпті. Азелланы аспанға көтере мақтады.

Кезекті биде үндемес қызға тіл бітті.

— Мені шығарып салыңыз,—деді.

— Мыналар ше?

— Ноль они.

Рестораннан төртеуі бөлек-салақ шұбатылып шыққан. Қыз жоқ... «Дұрыс,— деді іштей.— Жоқ болса жоғалсын!»

Елтай керіліп-созылды да, сағатқа қарады — он бір. Түнгі үшке дейін жазу жазып, талығып қулап еді. Күн жексенбі. Қарашаш көрінбейді. Орнынан тұрып, есік тұтқасында салақтап ілулі туратын қоржын сумкаларды түгендеп еді, бауы мықты, тереңі жоқ. Жуықта қарызданып-қауғаланып кіргізіп алған мұздатқышты ашып еді, суық, ауа аңқ етті, қаңырап жатыр. Демек, келіншегі азық-түлік дүкеніне кеткен.

Созалаңдап қолжуғышқа су құйғанша, Қарашаш та кіріп келді. Аяз сүйген екі беті алмадай, қас, кірпік, көздерінің ағы ақ, қарасы қара, ап-айқын. Тоқ бүйір қоржыннан нан, макарон, бөтелке-бөтелке сүт алып, үстелге біртіндеп қойып жатыр.

— Қалай ұйықтадың? Он бірге қойып ем, сағат шылдырлады ма? — Қарашаш үшін Елтай оянатын кезде сағат қоңырауы ылғи да шылдырламай қоятындай көрінетін.

— Уақытында ояндым...

— Келесі көшенің бұрышында лимон, үнді кофе сатылып жатыр екен, үстінен түстім.

Елтай шайқор еді. Әсіресе түнде жұмыс істегенде қажымайтын шайқор. Екі-үш айдың жүзі, тәуірі болса, кофеге көшеді. Үнді кофе сол тәуірі. Қолжуғыштың астына басын сұғып:

— Алдың ба?— деді ысқырып-пысқырып.

— Жоқ.

— Неге?

— Қасымда ақылдасатын сен болмай... Ұнамай қала ма деп...

Жігіт іштен тынды, мойнын сумен сипауды да ұмытып, беті-қолын орамалға сылбыр сүртті. Қарашаш қасында Елтай жүрмесе, әйел болып зат сатып алудан жасқанады. Кофе, лимон, конфеттің тұр-түрі сияқты таңдау тілейтін заттардан азар да безер, зәрезап. Тек ет, сүт, нан, тұз, алма, картошка секілді керек екені айдан анық азын-аулақ азық-түлікке батыл. Сонда Елтай келіншегінің қанжығасына қашанғы байланып жүрмек? Бүйтіп қазан-аяққа араласа берсе, күндердің күні қатынбасша, қазымыр еркек атанады. Екі дүниеде әйелдің салған беттен түсінікті болғаны жаман екен. Қарашаш Елтайды сүйеді, сыйлайды, ойынан дөп түсуге тырысады, тым тырысам деп бірдеңені бүлдіреді — бәрі ұғынықты...

Ой қажаған Елтай шай үстінде:

— Кеше не деп ең? ЦУМ-ға барушы ма ек? — деді қынжылып.

Қарашаш бірнеше фальстарт алып, ақыры сәті түсіп, алға жүгіре жөнелген спринтерше ауыздық үзе тез-тез сөйледі.

— Бүгін ай аяғы... ЦУМ-ға дефицит заттар түседі... Өзің ғой ақшаң барда қалтаңда, талтаңда да талтаңда деген. Егер уақытың болмаса...

О, құдая, күйеуінен жүрексініп, жалтақ болған әйелде қадір қалмайды екен. Екі-үш ай бұрынғы Қарашаш кім еді? Мамыр шуағына қауызын ашып, қызылы қызыл, жасылы жасыл күйі елбіреп тұрған бір тал гүл еді. Қазір кім? Жел ығына жығылып, жерге бас ұра қалатын әйеншек өсімдік. Әйел бір уақ дау айтып, еркелік жосығымен шымши сөйлеп, сипай тиіссе, яғни әйелге тән кемшілігін жасап қоймаса болмайды екен. Келіншегі содан айырылып қалған. Қашан, қай жерде жоғалтып алды — белгісіз. Әлде о бастан жоқ қасиет пе еді?

Өзіне де, келіншегіне де ыза болып қыржиған Елтай:

— Уақытым бар,— деді сылбыр.— Киінейік.

Елтай өзінің қатты шаршағанын ұқты.

Аз ғұмыры алға қарай дедек қағып, жүгірумен өтіп келеді. Балалар үйінде алға үйір-үйірімен жүгірді. Үйіріңмен жүгіру азап емес, рахат екен. Құрылыста, университетте де үйірімен жүгіріп бакты. Оқу бітіп, жұмысқа орналасқасын редакцияға қосылып шапқылады. Екі-үш жыл өтпей жатып, төбесінде тесігі бар қыз-жігіттер үй болды, күй болды, жүгірістің басқа жолына түсті.

Ойбай-ау, енді кім бар, жалғыз қалдым-ау деп, жан-жағына алақтап, бір жүгіріп, бір тоқтап тұрғанда, Қарашаш мөлдіреп кезікті. Жын қаққандай жалғыз шапқылап жалғызсыраған басы Қарашашты медеу тұтты, қолынан тартып, өзімен бірге ала кетті. Бірақ мұның құйынперен қу талқан жылдам жүгірісіне келіншегі шыдамады, өкпесі өшіп, өкшесін басып, кейін қала бастады. Әйелім шабан деп, жол ортаға тастайсың ба. Сонымен бір адым алға, екі адым кейін дегендей ит мініп, ирек қамшылаған тірлік бүгінде.

...Орталық универмаг ың-жың. Ағылған адам. Әйел қарамы мол. Және көбі еркек жетелеген әйел. Еркектерден хал-қуат кеткен, үрдегей, жасқаншақ. Әйелдері универмагқа кіре неге күшейіп сала берді, соған аң-таң. Әйел халқы өзгерген: бет ұштарында алау бар, кең ашылған көздерінде сайтан оты жарқылдайды, алқым түйме ағытылып, шаштары қобырап кеткен. Өкшелері ана жерге бір, мына жерге бір тиеді. Осынау келіншектер көшеде ұшырасса, бір-бірінің үсті-бастарына көз салмай, зерттемей өтпес еді, бұл минутта ол әдіре қалған, құртша қайнаған кезекке көлденең келгенді қаға-маға ұмтылады, жайшылықтағы; «Ой, кешіре көріңіз», «Аңдаусызда башпайыңызды басып кеттім-ау» деген иба жоқ, әр әйел бір-бір арқыраған кентавр. Қызықты қараңыз, башпайы мыжылған, қағылып-соғылып, тәлтіректегендер жәбір жасаушыларға ренжімейді; әлгі кезекке қарай олар да безіп барады. Иә, ораза, намаз тоқтықта. Ығы-жығы кезек маңы қан базар. У-шудың арасынан әйелің саған қай тілде — орыс, қазақ, неміс әлде ағылшынша сөйлеп тұр ма, ұғу қиын.

Елтай ғана көңілсіз, келіншегі де селқос. Неге селқос, оны Қарашаштың өзі біледі, ал Елтай дүкен, сөре деген тірлікті жек көреді: бір зат үшін әлденеше тәп-тәуір адамдардың ию-қию таласып жатқаны қайбір жақсы. Мұндай жерге сыйлас досыңды, немесе келіншегіңді ертіп әкелмеген дұрыс, адам туралы пікірің бірден нашарлайды. Осы ұлы майданға екі-үш сатушы шайқас соны қалай бітетінін алдын ала болжап қойған қолбасшылардай маңғаз, тәкаппар көз салады. Саусақтары сірескен алтын жүзік, сақина. Бейнебір сөреде жоқ заттар осы кісілердің үсті-басына түп орнымен қопарыла көшіп кеткен сияқты. Әлгі ың-жың, у-шу жұқпалы пәле ме, ашу-ызалы жандардың оқты қыжыл көзін қаншама саңылаусыз болса да сезуі де, әрі-беріден кейін әдемі-әдемі бүрме еріндерден: «Көзің көз емес, жара ма, бағасы әне!», «Шүкір, соқыр емеспін», «Сізге жоқ деп қанша айтамын... Жо-оқ!» — деген кесек сөздер шыға бастады. Сауданың бақыты жанған жерде тәлім-тәрбие олақ сылақтайын бір сүйкегеннен түсіп қала ма, Елтайға қалың кезек ел көзінше біртін-біртін шешініп жатқандай көрінді.

Әйелдер пальтосы бөліміне кіргесін ғана тынысын еркін алды — кісі аз. Қырық алтыншы пальтолар ілінген аспа темірдің екі басына Қарашаш екеуі түсе қалды. Балтыры оқтаудай ақ сары қыз екі қолын айқастыра кеудесіне салып, қай-қайдағы алыс қиырға көз жібереді: сатушылықты жаны сүймейтіні бесенеден белгілі, себебі, өзін, кірген келімсектерді, қыл аяғы мойнына жазылған мына пальтоларды сезіну, тұшыну жоқ.

Елтай қымбат та, арзан да емес, түлкі жағалы сұр пальтоны қолайлады. Ал Қарашаш астары сыртына қараған басқа бір пальтоны білегіне асып алыпты. Күлмің-күлмің етеді, бек қуанышты.

— Таптың ба?

— Таппағанда. Құйып қойғандай дәл. Былтыр да қызығып-қызығып кеткем. Үлкен еді. Ақша да аз болатын. Сен ше?

— Міне...

— Жүр, айнаға барайық.

Қарашаш алдымен Елтай таңдаған пальтоны киді. Қара түлкі жағасы жылтылдап жараса кетті. Өңін аша түскен. Олпы-солпысы жоқ, әбден шақ. Бірақ келіншегі тұлып беттеніп тұр.

— Алмаймыз...— Даусы бұзылып шықты. Қолы дірілдеп, жағаның мамық жүнін аялай сипайды.

— Алмағанын қалай? Саған ұнап тұр ғой.

Келіншек:

— Ой, сен де...— деп қалды.

— Алайық...

— Жұмыстағы қыз-келіншектерден ұяламын...— Бірдеңесі жұғып кететіндей пальтоны өзінен алысырақ ұстап тұр.

— Арзан ба? Түлкі жағадан артықты таппайсың.

— Жоға... Қайдағы бір ханымдар құсап... Товароведтің келіншегімін бе сонша жасанатындай? Етегі де шұбатылып, қызыл асыққа түседі.

Жігіт бірдеңе дей жаздап, әрең сабыр тұтты. Минутқа жуық үнсіз жынданды. Қарашаш пальтоны қымбатсынып еді. Қалта жұқа. Алып жіберсе, келер айлыққа дейін тақыр мұзға мықтап отырады. Тақыр мұзды еркек шіркін ойлай ма. Әрі мұншалықты қымбат пальтоны ғұмырында иығына іліп көрмеген. Адамзат алғашқы автомобильге мінуге қалай қорықса, Қарашаш та сол күйде. Қымбат пальтоны уақытша кисең де, бас айналдырады екен. Әне, қалай болса солай сөйлей салды. Кейбір ойы орысша сөйлеген қытай сөзіне ұқсай бастады.

Елтай:

— Өзің таңдағаныңды ки, — деді тістеніңкіреп.

Таңдағаны таз екен. Жасанды тері жаға қара қоңыр пальто жерге тігінен қойсаң жығылмай тік тұратындай қап-қалың бір ғажап. Ілгешегінен көтерсең қол үзердей ап-ауыр. Оған қараған Қарашаш жоқ, қуана-қуана киіп алып еді, онсыз да тобылғы торы келіншегі пальто түсімен астасып, қара көлеңке дәлізге кіріп кеткендей болды. Елтайға ала шабыр бұлты арылмайтын сұрғылт күз елестеді. Келіншек алай да, былай да көлбеңдеп, айна алдында ал кеп дөңгеленсін. Пальтоның түймелерін салып ағытып, салып ағытып, жасанды жағасы құрғырды астынан көтере желпілдетіп қояды. Онысы желпілдесе жақсы, күркетауықтың қатырма қанатындай салп-салп етеді.

— Қалай, жараса ма?

— Айтпа...— деді Елтай мойнын сыртқа салып.

— Қалың екен, қыста тоңбайтын болдым. Өзім де тігемін, білемін ғой, бұлар тозып бермейді, жеті-сегіз жылға дейін еркін киесің. Ана пальтоны, — көзімен ілгіштегі әйел пальтосы сықпыттас сырт киімін нұсқады,— жетінші кластан бері үзбей киіп келемін.

— Ит терісінен тігілген екен.

— Ауылда бөле жеңгем тоқып берген түбіт шәлі бар, соны алдырамын, пальто бар, сонан кейін, бәлем, алты ай қысқа алдырмаймын.

— Иә, Алматың не, Якутияң не, бәрібір.

Кекесінді сезбеген келіншек сылдыр-сылдыр ағыла берді.

— Бағасы да арзан, небәрі жүз отыз сом. Жүз отыз сомға мұндай пальтоны кім сәтімен алып жатыр.

— Ол жағы бес. Екі ақыл жақсы, үш ақыл одан да жақсы, ана сатушыға барып көрінші, не дейді екен, әйел заты ғой. Мен қалай дегенмен еркекпін, мүлт кетуім мүмкін.

Жүз отыз сомдық пальтосының етегі дөңгеленген Қарашаш құнтиып, кербез қызға қарай жөнеді. Елтай алыстан бақылап тұр. Жалпылдай сөйлеген Қарашашты сатушы кекірейе тыңдады, келіншек тоқтағанда пальтоға етсіз капуста көжеге қарағандай немкетті көз салды, ерні жыбыр-жыбыр етті, сонымен аман бол, тағы да алыс қиырға қадалды. Басын сәл қисайтқан Қарашаш болса, қыздық аузына әлі қарап тұр. Шамасы, бағасы бақандай жүз отыз сом, алты ай қысқа алдырмайтын, әрі жеті-сегіз жыл тозып бермейтін қалың пальтоны сатушы әлі де мақтаса дейді. Ол үміті ақталмады. Тұрды, тұрды да пальтоның етегін, жағасын нұсқап, ауыз аша беріп еді, иығынан аса қараған сатушы оқты көзбен бірдеңе-бірдеңе деді. Қарашаш шалқайыңқырап барып түзелді, пальтосына жолай күдікпен қарап, бері беттеді. Өңі боп-боз, көзіндегі жалтыл өшкен.

— Не деді?

— Мұндай пальтоны школьница киеді...

— Соңында, осы жаңа не деді?

— Деревня...

— Тоса тұр! Қазір келемін.

Елтай тепсініп қызға бұрылды. Мектепте не оқу оқып мандытпаған, не институтқа түсіп, лекция, семинар, емтиханмен бас ауыртқысы жоқ, амалсыздан сатушылардың төрт-бес айлық курсын ілдебайлап бітіріп, құдайдың құлағын ұстағандай көкке қарап тұратын мұндай қырсық қыздарды ол жақсы білетін. Абыралы арқылы біледі. Күніге бөлімге мың адам кіріп, мың адам шығады, шеттерінен майысып-қайысқан кішіпейіл, «Рақым етіңіз, мынау пальто қалай, айтып жіберсеңіз», «Жаңа товар қашан түседі, білуге болар ма екен?» «Алда разы болсын, рақмет!»,— мұның бәрі асқынған құлаққа кіл жалыныштай естіледі, сонан соң негізі онсыз да таяз бойжеткен қайтсін, болған, толған екенмін деп қалады. Ал қарындасын ертіп, плащ, пальто іздей келіп, оның орнына қыз бойынан жоғын іздей бастайтын сүр бойдақ аспирант, студенттер қаншама. Дефицит іздеген туған-тума, кластас достар, пікірлес достар, қыдырма достар... Оны қойшы, ең тамашасы, осы тұрыста сатушы қыздар өздерін сан мың жұртқа көрсете алады. Бұ да бір, телевизор экранынан көрінген де бір. Актрисаларыңнан ешбір кем емес.

Ең жаманы, сатушы қыз Елтайдың өзі де оңашада сан рет ойласа да сенгісі келмей жүрген күдігін расқа шығарды. Сатушы танымайтын Қарашашты бір қарағаннан «деревня!» десе, онда да бір негіз болғаны.

...— Рақым етіңіз, бір минутқа көңіл бөлсеңіз. — Елтай ашу қысқанда мейлінше кітаби сөйлейтін.

Асқақтаған сатушы:

— А че? — деді.

— Сіз анау қызды жаңа неге «деревня!» — деп сөктіңіз?

— Не помню..—Аздан соң: — Ваше дело какое? — деді ұйқылы-ояу манаурап.

— Дело прямое. Мен ОБХСС қызметкерімін. — Редакцияның қан қызыл куәлігін қалтасынан суырып алды да, қыздың көзіне тақап, сарт ашты.

Аз сәтке есі ауып қалды ма, қыз куәлікке меңірейе қарап тұра берді. Ал қаймыжық ерні аз-аздап ағарып барады...

— Мен... ақша жемеймін. Бізде чекті кассада соғады.

Елтай бастырмалата түсті.

— Өте жақсы. Жегеніңіз желкеңізден шығар еді. Тұтынушыны неге тілдейсіз, мен соны сұрап тұрмын.

Сатушыда ләм-мим жоқ. Келгіндерді неге тілдемеу керек, соған миы жетпейді, сірә. Бір уақытта бақыруға жуық барылдақ дауыспен қазақша:

— Қойыңызшы өзіңіз! — деп, қолын сілтеп-сілтеп қалды. Халатының қалтасынан орамал суырды, көзіне апарды.— Ылғи ұрсасыздар... Кешірім сұраймын... Жүйкем нашар... Өзі де қайта-қайта тақылдап... Мен де ауылдан келгенмін.

Елтай одан әрі тізелемеді. Бір жолға сол да жетеді. ОБХСС қызметкеріне лайық ұтымды, өткір сөз іздеп тұрғанда:

— Айналайын Елтайжан, сәлемет пе? Жай жүрмісің? — деген әйел үні естілді.

Бұрылса... Әлфия Юлаевна! Маңдайы ма, жоны ма, терлеп сала берді. Қысыла-қысыла сәлем берді. Дес бергенде, ОБХСС-тың қазымыр қызметкерін мына бір «представительная дама» сөзге алдандырып, соған қуанған қыз жылыстап кете барды.

— Келініңіз... қалыңдығымды ертіп, дүкен аралап жүр едім,— деді шатып-бұтып. Келін десе, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап қойғанға есеп еді. Ол қызықтан Виктор Викторович пен Әлфия Юлаевна қалай құр қалады, осыны ойлап, амалсыз «қалыңдық» деді.

Ондай тақыстыққа туасы жоқ Әлфия Юлаевна құрақ ұшты.

— Қарағым-ау, онда мыналарың тамаша қыдырыс болды. Виктор Викторовичке аптекадан дәрі алып, универмагтың сыртынан өтіп бара жатыр ем, шыдай алмадым. Әйел қауымы магазин көрсе төркініне келгендей болады. Алатын түгім жоқ; сонда да бас сұқтым. Елтай қалқам, қолың тимей жүр ме, бізге хабарласпадың. Виктор Викторович кеше: «Кіші Қамбасов қайда жоғалып кетті? Тағы да секретарь арқылы шақыруым керек пе?» — деп отырған. Мен не деп мылжыңдап тұрмын осы? Келін қайда?

Қарашаш күлімсірей жақындап келіп қалды.

— Келініңіз...— Елтай әбден абдырап, Виктор Викторовичтің хал-жағдайын сұрауды да ұмытты.— Танысып қойыңыз, аты — Қарашаш,— Беті дуылдап, келіншегіне бұрылды.— Әлфия Юлаевна шеше... е-е... қадірлі апайымыз.

— Қарашаш деген атыңнан айналайын!— Әлфия Юлаевна келіншектің маңдайынан өпті.— Қосағыңмен қоса ағар, жарығым! Уылжып тұр екенсің. Ертерек тұрмыс құрған жоқсың ба? — деп туралау сөйлеп, башқұрттың ғұрып, салт-санасынан ертерек кеткенін білдіріп алды.

— Оныңыз рас, апай. Мына балаңыз қоймады.— Қарашаш жарқырай күлді.

— Жарайсың, келін, өткір екенсің. Өзіме тартқансың. Рұқсат етсеңдер, Елтайымыз бір әдемі келінге жіп тағыпты деп Виктор Викторовичке бүгін жеткізейін. Сырқаты мазалап жүр еді, қуанып қалсын. Заттарың кәне, көшеге шығайық, ауасы тар екен мына жердің.

Елтай аузын ашқанша, келіншегі алдын орады.

— Іздеп көріп ек, реті болмады. Жүріңіз, сізді автобусқа мінгізіп салайық.

Үшеуі төмен түсіп, сыртқа беттеді.

Қарт-қария, әдетте, қайғыға берік келеді; мақшар күнге іштей алдын-ала әзірлік жасап, иманын үйіре бере ме, ол күннің қасына қарағанда қалған уайым, зіл-зала әншейін ойыншық болу керек. Керісінше, қуаныш десе есі шығып, дегбірі қалмайды, қалған аз жылда көретін сирек қызығы болғасын сөйтеді. Әдетте сабырлы, салқын қанды Әлфия Юлаевна да қатты толқыды.

— Түу, келін көрген қандай жақсы! Өзімнің де шешек атып, жапырақ жайған шағым есіме түсіп кетті ғой. Қызық өмір кешіп ек, шыжығы да көп болды. Витяның иығынан армияның көк шинелі түспейді, көзі көк, өзі сары, мұздай болып сықиып жүреді. Менің үстімде көнетоз драп пальто. Москва түбіндегі Солнечное деген поселкеде пәтер жалдап тұрдық. Қожайынымыз жалғыз ұлы майданда шейіт болған кемпір еді, Витя пешін жағып, шошқасын бақты да, мен ас пісіріп, кір-қоңын жудым — пәтер ақымыз сол. Жылап айрылысты. Кейін естідік, көпке ұзамапты. Ел еңсесін жаңа-жаңа көтере бастаған шақ, шыт көйлек тіктірсек қуаныштан көзге жас аламыз. Бақытты едік!..— Көшеге, ал көзбен емес, көңілмен ұқсаң, өзіңе ғана белгілі алыс та бұлдыр әлемге үңіліп, үнсіз тұр.— Кейде сол жылдары бүлінген ел мен жерді көргенде, бақытты екенімізге қарадай қысылушы ек.

Юлаевнаның қолтығына кіріп үлгерген Қарашаш:

— Апай-ау, асына қарай қасығы, әр заманның өз қатты-тәттісі бар, — деп, әзілге сүйеп жатыр.

Апайы келініне тоқтала қарап:

— Тықылықтаған қызым-ау, енді қайтейін, маған минут санап ұнап бара жатырсың-ау өзің. Елтай қарағым, есіңде болсын, мен ұнатқан адамға Виктор Викторович таза құлап түседі,— деп, әдемі жазулары әлі өше қоймаған еркебұлан сәттерін еске алды ма, әйелге ғана жарасатын күнәсіз мақтанышқа тізгін берді.— Сен табылғанда бір қуанып еді, келін тауып, екі қуанатын болды. Әттең, жоқшылықта өткен сол жастық шақ қайта бір оралар ма!— Сырқат жұбайын ойлады ма, қабағына көлеңке жүгірді.

Елтайдың іші елжіреп тұр — апайдың мана сыпайылық салтымен «келін» дегені өзге де, мейірім мен шын жақсы көрудің куәсіндей «тықылықтаған қызым-ау» дегені мүлдем басқа екен. Күдігі темекі түтініндей сейіле бастады. Іштей қуанған, сол қуанышы шыдатпаған жігіт жол жиегіне жүгіріп шығып, қолын шошаңдатып көтеріп, такси ұстады.

Апай кабинаға кіре беріп, мойын бұрды.

— Келесі аптаның жексенбі күні үйге келіңдер, үрім-бұтағымыз жиналып күтеміз. Елтайжан, Виктор Викторовичке арнайы телефон соқ, жақсылықты өз аузыңнан естісін.

Қарашаш:

— Ағаны біз сүйінші сұрағандай алдын ала мазаламайық, апай. Айтпай барайық, кенет қуаныш қашан да қызық болады, — деді жайраңдап.

«Ағаның құлағына әзірге алтын сырға, жақсылық жерде жата ма, өзі-ақ жетеді» деген сөздің астарын аңғарған Әлфия Юлаевна келісе кетті.

— Ол да жөн екен, қызым. Үндемей шыдап көрейін. Келер аптаға дейін: «Елтайжан теңін тауыпты» деп оңашада өзім қуанып жүрейін. Көріскенше, айналайындар!

Қарашаш такси соңынан жылы ұшырай қарады.

— Неткен тамаша адам! Мынадай енесі бар келінде арман бар ма! — Елтайға бұрылды.— Осындай жақсы туыстарын жайлы маған неге ештеңе демегенсің?

Елтай иығын көтерді де қойды. Дегенде жақсы туыстармен лайықты қарым-қатынас жасауға Қарашаш әзір ме? Әлфия Юлаевнаға келіншегі әзірге ұнады. Әзірге ғана... Виктор Викторович те келінін ұнататыны сөзсіз. Қарашаш, жалпы, карт, қариялармен ылғи да әмпей-жәмпей. Арина Степановна да оны осы күндері үйіне деміл-деміл шақырып, шүңкілдесіп жүреді. Қолтығына варенье ме, саңырауқұлақ па, сәлемдемесін қоса қыстырады. Хош. Келіншегі қарт, қариялардың сол бір деңгейінде өмір бақи қалып қойса қайтеді — оның жүдейтіні осы. Бүгінше сөйлеп, бүгінше емін-еркін жүріп-тұратын таразы басы тең құрбы-құрдастары бар, олар қайда, Қарашаш қайда? Әлде әнеугүнгідей: «Генерал үлкен бе, полковник үлкен бе?» деп, қарап отыра ма? Оған Елтай төзе берсе жақсы, күндердің күні талағы тарс айрылса ше? Ол осыдан қорқады, Қарашаштан емес, өзінен қорқады.

Торыққан тұста есіне Азелла түседі. Театр алдында еш қимыжықсыз еркін кездесіп, армансыз ағынан жарылуы, сүйкімді қоштасқаны — бәрі-бәрі көз алдында. Сол сәттерді елестеткен сайын Қарашаштың орнына Азелланы қойып көреді де, ойнақтап жүріп, от басқандай шошып кетеді.

Ал Қарашаш екеуін көз көрім жерде не күтіп тұр? Жаңағыдай пальто таңдап, мұрындықтан жетелеу, оған намыстанып, өз отына өзі іштей күю ме? Келіншегі айтқанын екі еткізбейді, обалы не керек, әйтсе де күйеудің жарынан күтері сол екі етпеу ғана ма? Бұл токарь мен станоктың арасындағы жансыз, жылусыз қарым-қатынас іспеттес бірдеңе де.

Бәрін айт та бірін айт, ай сәулесі себезгілеген көшедегі махаббат әншейін ойын екен. Ол шіркін бір түсті, жұтаң екен — әзіл-күлкің жарасса болды, арғы жағын көрген кино, оқыған кітаптан, естіген құлақтан жинап тергеніңе тапсырасың да, оған әрқайсының мінез-құлқыңа, дүние танымыңа қарай жұқа бояу жағып алып, әйда, көзді жұмып тарта бер. Ал үй болғасын өзгеше жыр, тың хикая басталады. Жігіттің сегіз сыры, бір қыры, келіншектің сыр-сымбаты, бар болмысы, жақсы-жаманды қасиеттері аядай үйде барлық қырынан жарқырап, күміс, бақыр ақшадай алақанда жатады. Ал бұлардың анық-танық жағдайлары жаңағыдай — Қарашаш та әңкі-тәңкі, Елтай да мыңғы-дыңғы.

Келіншектің сенген күйеуі де сау сиырдың қиы емес. Мүлдем басқа өлшемдегі — «көппен бірге көрген ұлы той» деген қатқыл да қасаң ортаның, балалар үйінің бозбасы. Әке көрген оқ жонар жігіт Елтайдан шығуы екіталай. Бала жастан қанға сіңетін қағидаларды қазір ғана жығылып-сүрініп үйреніп жатыр. Дүмбілез басы қазақы ортаға не өзімсініп еркелей алмайды, не бұртиып өкпелей алмайды. Ұзақ жылдар бойы шет жерде өсіп, енді ес кіріп, етек жапқан кезде туған ата-анасына оралып, оралса да сіңісіп кете алмай әркімге жалтақтап, көзқарақты болған бала іспетті. Өкпесін де, еркелігін де көтере алмайтындай жалтаң, жалғыз.

Жетім қозы тас бауырдың күні күңгірт. Арасы алшақ екі түсінік, екі өмірді екі шалғайдан айдап әкеліп, аяғыңды аңдап баспасаң, машинасы қағып кететін қаланың қақ ортасында кездестірген, онымен қоймай ерлі-байлы ғып қойған бұл тағдырдың шеберлігін қойсайшы. Бұлар ғана ма? Жапар аға, Әзима апай, Рабиға, әйтпесе Азелла, оның әке-шешесі... Бәрі де — Қарашаш, өзі және жаңағылар ұзақ жол бойындағы ала шұбар шақырымдық бағаналар секілді. Бір-біріне мәңгі бақи жақындай алмайтын, айқайласаң даусың бір-біріне жетпейтін мізбақпас бағаналар...

...Трамвайдан түскен екеуі көшенің оң жағын үңги орналасқан сырахананы жанай жүрді. Сәске түс. Темекі түтіні бұрқ-бұрқ етеді. Ду күлкі... Еш дайындықсыз, біреу қытықтап тұрғандай дөрекілеу, рабайсыз күлкілер.

Қарашаш Елтайдың қабағын сезген. Пальто бөлімінде бірдеңені бүлдіргенін де білген. Сол кірбіңді қалай жуып-шайсам деп келе жатқанда, көктен сұрағаны жердей табылды. Сыраханаға қарады да, сондай бір бейкүнә үнмен саңқылдай жөнелді.

— Бетім-ай, Сәбила да осыған кіріп баяғыда...

Ойға малтыққан Елтай бей-жай:

— Қашан?— деді.

— Өткен жылы... Иә, жазда, жаздыгүні... Оқуға бірге келгенбіз, Қатира, Сәния, Алматтар, мен. Біз жатақхана алдық та, Сәбилаға орын жетпеді,— Елтай мырс етті — Қарашаш ылғи да әліппені ежіктеген жас баладай айтар оқиғасының әр әріп, нүктесін қалдырмай түгел баяндайды. Яғни керекті, керексізін саралай алмайды. Әйтпесе көрмек түгіл атын естімеген Қатира, Сәния, Алматтарды Елтайға мұрнынан тізіп бере ме.— Ұлдар ақыры жабылып жүріп, әнеу Руднев көшесінен жалғыз басты кемпірді тауып берді. Сәбила: «Мектеп-интернатта бір залға класс болып жатушы едік, пәтерде жападан жалғыз өзің, түнде түсіме жын-шайтандар кіретін болды... Бір жігіттер терезе тықылдатып... шошығаным-ай. Пәле-жаладан құдайым сақтап қалды, әйтеуір»,— деп, жыласын ертеңінде.

Елтай кіржің етті — жап-жас келіншегі кейде асарын асап, жасарын жасаған қарияша қалай болса солай сөйлей салатын. Ауылдан құлағына сіңісті сөздер...

— Енді айтсайшы...

Қарашаш көзі бақырайып:

— Нені? — деді шынымен таң қалып.

— Бәсе, нені?!

Қарашаш бір ойдың ізіне түссе, жуыр маңда ол төңіректен шыға қоймаушы еді, бастапқы ниет-мақсатын мүлдем ұмытып, тастан тасқа секіріп кете беретін.

— Е-е, — деді келіншек жайбарақат.— Содан документтерімді приемный комиссияға...

— Приемный емес, приемная...

— Иә, приемная комиссияға документтерді әрең өткізіп біттік, Сәбила бәрімізге: «Жүріңдер, пәтерімді көріңдер»,— дегесін, Тастаққа беттедік. Аңқамыз кеуіп келеді. Айналмадан шыға келсек андағайлап, осы сырахана лықа толы. Сәбила: «Ішпейсіңдер ме?» деді. «Жоқ». «Онда мені тоса тұрыңдар». «Сусын» сататын тесікке жүгіріп барды. Бір саптыаяқ сыраны кезексіз алды да, біз бірдеңе дегенше дәс қойды. Қасымызға келіп: «Рахатын-ай! Суығын-ай!» — деп қояды. Кәбира: «Не күйге ұшырадың, Сәбила-ау?» — деп жылап қоя берді. «Не бүлдіріппін соншалықты?» «Сыра неге ішесің? Алқаш боласың ғой», — дейді Кәбирам. «Ой, кетші өзің! Алқашы несі? Аузыңа жақсы сөз түспейді екен, — деп Сәбила ерін бауырына алып тулап жүр.— Күнде-күнде кісілер неге жапырлап ішеді сусын болмаса?»

«Бұл қызыққа не айтасың?»— дегендей келіншек күйеуінің бетіне қарап еді, қарадай сескенді. Қолын пальтосының қалтасына салып, тоңғандай құнжиыңқырап тұр. Келіншек сасқанынан Елтайдың қолынан ұстай алды.

— Не болды, не болды?

Қолы мұп-мұздай Елтай:

— Сен үйге жүре бер,— деді.

— Сен ше?

— Бара бер.

— Ақшаң бар ма?

Елтай басын шайқады.

Қарашаш сумкасын ұзақ ақтарды. Елтай райынан қайтар, сол турасында бірдеңе дер деп үміттенген, ол үміті ақталмады. Ақыры иленген үш сомды алып, Елтайға тура қарамай төменшіктеп, алақанына ебедейсіз қыстырды. Кілт бұрылып, құнжыңдай басып, пәтеріне беттеді. Өн бойын ызғар алды, жағасын көтеріп, сумканы қарына ілді, екі қолын жеңіне сұқты. Бұрышты айнала бере соңына үміт, өкініші аралас күйде ұрланып қарап еді, қуыс көше қаңырап тұр.

...Елтай кешке таман келсе, пәтер есігі тас жабық. Тұтқасына жапырақ қағаз қыстырыпты. Алып оқыса: «Алтынға кеттім. Түнге қарай келемін»,— деп тайрақтаған ірі-ірі әріптер... Бұлт жапқан аспан сұрғылт. Жерде қырбық қар бар. Қолын бір сілтеп, көшеге шықты.

...Баяғы биік көк қақпаны Алтын ашты. Сыра мен суық сорып тастаған ернін зорға жыбырлатты. Бедірейіңкіреп қараған Алтын бірдеңе деді. Алға түсті. Елтай қарды бырт-бырт басып, соңында келеді. Ішке кірді. Алтын ілгері озды: «Төрлет!»—деді, әй, демеді-ау. Елтай есік көзінде тұрып қалды.

Аяғын созып жіберген Қарашаш оң шынтағын үстелге, сол шынтағын орындық арқалығына асып отыр. Үстелдің арғы бетіндегі дүмдей сары қыз екеуі езуін жия алмай күліп қалыпты: екі беті бал-бұл жанып, қара көздері жарқырап, шашы қобыраңқырап кеткен. Келіншегін мұншалықты әдемі деп кім ойлаған. Аяғында кебіс, үстінде Алтынның ескі халаты, есік сарт жабылғанда бері қарады, қарады да, езуі жиылмаған күйі аңырып отырды-отырды, қабағы түйіліп барады, көзіндегі жалтыл біртін-біртін өшкендей, сәл түрілген халатын түземек болып еді, қалтыраған қолы ырыққа көнбеді. Үнсіз сілейіп тұрған Елтай кіргеніне өкінді, үй ішіне алауыздық кірсе, одан құтылар амалды өзің анық біліп тұрсаң да, үшінші сырт адамның ақылы керек, соның сөзі ұшыққан ауруға ем, осы минутта ол ақылшы Алтын еді, ал ернін қымқырған Алтыны түскір аузына су толтырып алғандай, от жағып, қазан асып көрмеген қыз нені білсін. Елтай мына үйдің шырқын бұзғанын түсінді, Қарашаштың қайғысыз қара суға семірген қыз кезін қайта тауып, болып-толып отырған кезін бүлдіріп еді, өмір шіркін поездай зулап өтіп барады, аз өмірде ірілік керек, тірлік керек, поезд дөңгелегінің тарсылындай қасаң үнмен:

— Қайтпаймыз ба?— деді.

Қарашаш төмен қарап, екі алақанымен бетін баса қойды...

* * *

Елтай жұмысқа сағат он бірде келді. Дәліз тып-тыныш. Қыл аяғы шылым шеккен жан көрінбейді. Бөлмелерден жайшылықтағы дабыр-дүбір естілмейді. Жартылай ашық бір-екі есіктен ішке көз салып еді, жігіттер көздерімен қара ала қағазды жеп отыр. Телефон тұтқалары орнында, бұрап жатқан ешкім жоқ. Алда-жалда шырылдай қалса, тек бөлім меңгерушісі алады. Бұрын қайсысы қолды ертерек созса, соныкі еді. Редакцияда бір қатып сену бар. Машбюро жақтан жеткен берекесіз сартыл ғана бәз-баяғыдай.

«Жаман айтпай жақсы жоқ, біреудің туысы қайтыс болды ма?» Өз бөліміне беттеді. Бетін сипап еді, киіз бірдеңе. Сипағаны әрең сезілді. Кеше газеттің кезекті санына Абыралы екеуі кезекшілік еткен. Абыралы жауапты кезекші. Оның хат және хабар бөліміне меңгеруші болғанына, міне, ай. Бастықтардың ішіне кім кіріп-шыққан, бұған бағыныштылар аң-таң. Шолақ хабар болмаса, дені дұрыс очерк, иә репортаж жазып көрмеген жігіт қалай жоғарылады — жұмбақ. Біреулер: «Аңқалақтап жүріп-ақ ұпайын түгендеді қасқаң. Аңқау, ақ көңіліміз «маңғыт, аузыңа саңғыт», — деді. Алып кел де шауып келге көнбіс еді, сонымен жаққан шығар» — десе, екінші біреулері: «Сиынғаныңнан сүйенгенің мықты болсын» — деп аузы қисайған. Ал бас редактор: «Хат бөліміне қырғын таланттың қажеті жоқ. Күніне мая-мая хат келеді. Соларды реттеп, бөлім-бөлімге бөліп беруге, арыз-шағымдарды аяқсыз қалдырмай дер кезінде тексеріп, сыпайы жауап қайтаруға бірін бір, екісін екі қақшып тастайтын пысық адам керек. Іштеріңнен осыған Абыралы ісмер»,— деп қорытқан. Бастық өстігесін қисық сөздер сиырқұйымшаққа айналып, ақыры осы дұрыс сияқтанып, із-түзсіз жоғалған.

Әзірге Абыралы бөлім жұмысын диірменнің тасындай дөңгелетіп тұр. Есесіне кезекшілігі мандымайды — екі рет қате жіберді. Абырой болғанда, жауапты секретарь алғашқы қатенің үстінен дер кезінде түсті де, ротация машинасын тоқтатып, қалыпты кайта құйғызды. Жаңа бастықты ә дегеннен жәукемдеуге дәті бармады ма, аяды ма, жауапты секретарь бұл мәселені аяқсыз қалдырды. Екінші қате аяғын: «Абыралы, университет саған қате жіберуді үйреткен бе? Есіңді жи!» — деген бас редактордың зілімен біткен.

Елтай бұрын: «Оңды-солды қате жібере беретіндей мұның қай жері бітеу?»— деп ара-тұра ойлап қоятын. Кеше көзімен көрді. Алып қашқан асау аттай жаңа жұмыс екен. Абыралыны әлсін-әлі тастап кетіп жүрген. Атқа тақымы бос бала онсыз да құлауға әзір бола ма, Әбекең газетке қол қояр сәт жақындай бергенде, абжыланға арбалған су жүрек қояндай тыпыршып тоқтай алмады. О баста, обалы не керек, қатені желкеден басып түзетуін түзетеді-ақ. Содан соң ұшқалақтана бастады. Онсыз да ап-айқын ана-мынаны сұрап, мазасын ала бергесін Елтай алайып қараған. Ол қамшы үстіне қамшы болды ма, корректор қыз-келіншектерді айналшықтап, бұралқы әзіл айтты, әрнені меңзейтін сурет салып, әркімге көрсетті ме, өз-өзінен мәз болып күлді ме-ау... Елтайға салса, осының бәрі ішкі сенімсіздіктен: «Бүйте берсең, Абыралым, газет қатесінен гөрі үлкен бірдеңеге ұшырамасаң игі».

Басқаға сын қоятын, ақыл айтатындай жағдайы жоқ еді. Сырты бүтін, іші түтін. Жұмыстан соң үйге қайтпай жүр. Келіншегі үндемейді. Екеуінің арасында ұрыс-талас жоқ, сөз жоқ, тек меңірейген тілсіз қарсылық бар. Не қарсылық, оны да талдап, таратып жатпайды. Тарата да алмайтын тәрізді — оған әлі басы шикі. Кеше де түске дейін жұмыста мең-зең отырды. Басы лық-лық етеді. Түстен кейін типографияға бекініп кірді. Өз-өзін шегелеп, қате атаулыны қағып тастап, тістей қатты. Ешкіммен сөйлеспеді. Жұмыс бабымен ғана барынша дұрыс, нақты, қысқа тілдеседі.

Сағат онда беттерге қол қойылды. Шаршады ма, бойын енжарлық биледі. Быжынаған әріптер кейде билей ме, қалай? Сөйтіп отырғанда, телефон шыр етті. Жаңадан ресми материал түсіпті, бірінші беттегі еңбек рапортын алып тастап, орнына салу керек. Ресми материал жарты сағаттан соң теріліп, алдыға келді. Корректор, кезекші, аға кезекші, әлекедей жаланған «свежий глаз» кезегімен армансыз оқыды. Абыралы ақыр аяғы қол қойды. Бәрі бітіп, бет-бетіне тарар кезде, Абыралы аяқ астынан тірілді. «Қате кетпеген әрбір кезекшілік мен үшін той. Бір әріптен қате кетсе, бір отар қой жоғалтқандай зәре-иманым ұшады. Бүгінгі газет оң аяғынан басып кеткен секілді. Жүр, жуып берейін...»

Үйге таксимен қайтты. Содан басы іскенше ұйқтап келген беті осы.

Кабинетке кірді. Газетке шұқшиған бөлім бастығы орнынан тұрыңқырап кетті. Ыстығын білгісі келгендей қолын жібермей бұған қадала қарап, біраз зерттеді. Шұқшиған газетіне көз қырын тастап еді, қол қойған кешегі сан... Меңгеруші орнына жайғасқасын да қызметкерінен көз айырмады. Елтай үсті-басына ұрлана қарап еді, шүкір, ауы мен бауы түгел.

Меңгеруші елегізіп:

— Ауырып отырған жоқсың ба? — деді.

Іштей: «Басыңа келсін!» — деген Елтай сыр бермеді.

— О не дегеніңіз!

— Келін баланың халы қалай?

— Жақсы...

— Ұйқың қанды ма?

— Қанған секілді.

Бөлім бастығы Елтай қатаң сөгіс алғалы жібіген.

Адыраңбай болғанмен жұмысқа мық қызметкеріне шын жаны аши ма, мүмкін, Елтайға жабыса кеткен жаманаттан соң: «Бір күні орнымды алып қоймасын» деген қаупі сейілді ме, қайткенмен де, міне, бір ай, екі ара жайма-шуақ. Екі-үш рет мықтап кешігіп еді, дабыра етпей кешіре салды. Сөйтсе де бас изеу, иек қағудан аспайтын. Осы жолы хал сұрау тым ұзады. Гәп бар мұнда.

Бастық тергеуін біткесін иегін алақанына сүйеп, бір нүктеге тесіліп отырды да:

— Бет-аузыңды суық суға шайып келші, Елтай. Ісіңкіреп тұр. Қазір бас редакторға кіреміз. Ыңғайсыз болар,— деді. Жігіт бірдеңе деп тастамақ болып, жым болды: меңгеруші әрі аяй, әрі жаны аши қарап отыр. «Ішпек түгіл, өлмесең өрем қап!»— деп, аш пәле, аш пәледен қаш пәле деп үндемей құтылса түгі кетпес еді ғой.

Дәлізді бойлап келе жатып, бір пақырды қақты да кетті. Ол ары шоршып түсті де:

— А, ә? Сен бе?—деді.

Абыралы... Боп-боз.

— Кешір... Не болды? — «Ауырып тұрған жоқсың ба?» дей жаздап, тілін тістеді. Бастығы өзіне сөй дегенде, «Басыңа келсін!»—деп, қарғап еді.

Абыралы былай да быдық еді. Быдықтығы жолда қалды. Балдыр-батпақтап, алай да, былай да кетті баяғысында.

— Білмеуші ме ең... Зәре-құт жоқ... Кеше қара басыпты... Шаруа шалқайды... Ыржалақтап қыз-келіншектерге де... Сор түрткен екен.

Елтай:

— Біреу өліп қалды ма?—деді жайбарақат.

Дәнеңені көрмей тұрған досы:

— Қате кетіпті.. Бірінші беттің ресми материалынан... Түнде кеш түскен мақала. Тақырыптан... Сауда бітті.

Теңселе басып, кете барды.

Расында да, сорлары сорпадай қайнапты.

Он бір жарымда бөлме-бөлмеде тігерге тұяқ қалмады, тайлы-таяғына дейін бас редактордың кабинетіне кірді. Баспаханадан айына, жылына бас сұғатын, онда да пәтер, еңбек демалысын сұрап келетін корректорлардың да төрт көзі түгел. Кеше кешкі күлегеш, әзілқой қыз-келіншектер кіл «беске» оқитын озат оқушыдай еріндерін жымқырып, тізелерін жымдастыра оқтау жұтқандай қайқиып отыр. Жігіттер жағы, әсіресе, кіші лауазымдылар бас редактордан алысырақ жайғасып, бірін-бірі төрге итермелеп, естілер-естілмес ысылдайды. Елтай мен Абыралы босағадан озбап еді, бастыққа жақын отырған жауапты секретарь екеуін көзімен ішіп-жеп, сыпайы ғана: «Мұнда-а!» — деп жайлап ысқырынды, қақ ортадағы екі орындықты нұсқады.

Сол тойғандарымен бақырайып-бақырайып, үш минуттай естерін жинады. Бас редактор басын сүйеп қырын отыр. Әлден уақытта «Уһ!» — дей берді де, бастықтығы есіне түсті ме, демін ішіне жұтып, креслосымен бері бұрылды. Орындықтар сықырлап, бәтеңке, етік тағалары еден бетін дыр-дыр сызды, томырық үнсіздікке шыдай алмаған біреу жұдырығына сыпайы жөткірінді, құлағының қақасы бар майдангер ретушер карт балдағын еденге дүрс еткізіп, найзаша тігінен қойды, жиналыс біткенше содан айнымады. Қиналған бастық халқын жаңа көрді. Томпиған сүйкімді жүздерге қыдыра қарап еді, кешегі кезекшілер еденге үңіліп, бұға-бұға қалды. «Свежий глаз» келіншек қол орамалын ерте бастан әзірлеп қойған екен, «мен жылап жіберемін, міне, міне, жыладым!» дегендей көзіне апара берді.

Жалпақ үстелге жатыңқырап қалған үлкен бастық:

— Бұл не? — деді көмескі үнмен.

Халайық томаға-тұйық.

Ары қарай кешегі газетке қатысы барлар орындарынан тұрып, әрқалай міңгірлеп ақталғансыды.

Абыралының ақталуы мен арылуы қызық болды. Көптен бері бұзылып, үнсіз қалып, кенет өз-өзінен саңқылдап сала берген радиодай бөлмені басына көтерді.

— Қайтеміз енді... Бізде жазық жоқ, сіздерде азық жоқ...— Бас редакторға, орынбасарға, жауапты секретарға шақшиып, тіке қарады,— Қарбаласта ресми материал жіберіп тағы... Еріккен ешкім жоқ, кеше. Корректорлар куә... Қарадық, оқыдық...

Бастық «Жақсы, ә?» дегендей орынбасарына бұрылып менмен қарады.

— Жуықта бөлім бастығы ғып қойдық. Сенімді ақтаған түрің осы ма?

Абыралы тақпағын ұмытқан баладай төбеге қарап, ернін жалап алды да:

— Көпсінсеңіздер алып тастаңыздар. Сіз... немене?— деп, бастыққа тағы ақиды. Қорыққан бұрын соқтығадының кері.

Бастық қолын әлсіз сілтеп:

— Отыр!—деді көңілі мүлдем қалған дауыспен. Абыралы естімеді ме, діңкиіп тұра берді. Жеркомның председателі етегінен тартып еді, жансыз қуыршақтай сылқ етті.

Бастық жай кезекшіге назар бұрды.

— Ал, Елтай, саған не жорық? Анау жолы үй иесімен шармаяқтастың. Жас, мас деп, уһит-суһиттеп қойдық. Командировкаң анау желге кеткен. Қатені бие, түйесімен жібересің. Не істе дейсің, жарқыным?

Елтай тұрып-тұрып:

— Кетейін жұмыстан,— деді сүлесоқ.

Орындықтан орындыққа гуіл жүгірді.

«Күйсегеніңе болайын» дегендей, бастық қолын әлсіз сілтеді.

— Сен де отыр!

Сағат жарымға созылған шұғыл жиналыс Абыралыға қатаң сөгіс, «қырағы көз» келіншекке сөгіс жариялады. Өңі кірген «қырағы көз» орамалын қалтасына тығып қойды. Бұрыннан қатаң сөгісі бар Елтайдың не бүк, не шік түсерін редколлегия түстен кейін шешеді.

Елтай түскі асын құлынның кепкен терісін суға салып, малшып жегендей шанышқымен төрт-бес түрткіледі де, ысыра салды. Қыл көпір үстінде қалтылдап тұр екен, соны жаңа ұқты. Ұқты да жетімдігі жайлы тұңғиықтан ой тартты. Ақыл қосатын жақын кім бар төңірегінде? Қарашаш па? Оның езіне ақыл керек. Және күніге. Абыралы да солай — оған теңіздің суы тобықтан.

Редколлегия жиналысы басталып бергенде, Елтай оқу залына барып, кез келген журналды алды да, кезіне түскен мақаланы ежіктеп оқи берді.

Көп ұзамай Елтай ішке шақырылды.

Бастық көңілді. Шамасы, өзін де, басқаларды да мейлінше қажаған дау-дамайлы жиналыстың немен бітсе де, аяқталып тынғанына разы. Бастық қызметкерлерін бөле-жарып қарамайтын. «Өңкей қылшылдаған жастар «жұмысынан ағаттық жібермесе, кешеде бірдеңеге ұшырап қалмаса» деп іштей тілеп отыратын. Амалсыз ұрысса, жазаласа, айыптыдан гөрі өзі қиналатын. Шу асау тайды басқа-көзге қамшымен сабап, жөн үйретсең не болар еді. Жұмыс бабы мәпелеуді тағы көтермейді. Ал мына жігіттің жағдайы тіптен ерекше — көңілі қаяу бала, кешегі өткен соғыс сызы етінен өтіп, сүйегіне жеткен... Қаяулыны аяу, дұрысы, аялай білу керек. Қолдан келгенше... Сондықтан көңіл-күйі ит тартқандай ырың-жырың болса да, редактор Елтайды жылы қабақпен қарсы алды. Сондықтан да анау жолғы сәтсіз командировканы жылы жауып қойды, сол себептен де бөлім бастығын ай бұрын шақырып алып: «Шымши берме, ол алақанда өскен Абыралы мен сен емес»,— деп, аптығын басқан. Бөлім бастығының Елтайға жібіп жүргені де содан.

Оның бірін де білмейтін жігіт екі бүктелген қағазын қолына ұстай отырды.

— Анауың не?— деді бастық иегін созып.

— Өтініш...

— ?

— Жұмыстан шығуға әзір болайын деп ем.

Бас редактор күлімсіреді — Елтайдың мына батылдығы өзінің жастық шағының ауытқымалы-толқымалы кезеңдеріне ұқсайтын.

— Әй, қу балалар-ай... Жұмысқа да солай болсаңдар...— дей берді де, кемік тақырыптан ат басын ала қашты.— Абыралы досың тауып кетті. Көрдің бе, жиналыста өзін өзі орнынан алып тастады. Мен де қаһарымды тігіп отыр ем, жігіттер: «Кінәсін мойнына алып тұр, ер екен, орнымнан алып тастаңдар деп мігіт айтпайды, нағыз жігіт айтады, адал екен»,— деп, мені жығып берді. Сен де, міне, өтінішіңді ала келіпсің...— Миығынан күлді.— Шығып кетсең не істейсің?

Мұндай мысық пен тышқан ойынды ұқпайтын Елтай:

— Екі қолға бір жұмыс табылар. Кезінде құрылыста бетоншы болғанмын,— деп, кәдуілгідей жауап берді.

Бас редактор кіржің етті. «Не тапсаң да осы ноқайлығыңнан табасың-ау, жігітім,— деп ойлады Елтайға қырынан қарап.— Жайлап айналып өтетін тасты баспен сүзгесін не болады. Тас емес, бас жарылады. Мұны түсінемін дегенше шекең әлі талай ісер».

Редактор бастықтығы есіне түсіп, бойын жиып, түзеліп отырды.

— Жә, ойнасақ та біраз жерге бардық, Елтай бала. Жаңа редколлегия мәжілісі өтті. Жігіттер сен туралы, жалпы, жаман пікірде емес. Төрт-бес очеркіңді мақтады. «Кейінгі кезде көше серуенге үйір, біз білмейтін терең себебі бар ма, кім білсін. Кезінде ұқпаған, ағалық ақыл-кеңесімді айтпаған мен кінәлімін, тәрбиелейік әлі де»,— деп, бөлім меңгерушің отыр. Біз де жас болғамыз... Бүгінгі жақсы журналист, жас жазушыны бір-екі қатеге бола ит жемеге тастайтындай кадр бордақылайтын фермеміз жоқ. Ақылымды алсаң былай істе, Елтай. Кезекті демалысыңды сұрап өтініш жаз. Бір ай жақсылап демал. Біз түзел, күзел деп қаншама қақсағанмен кісінің ақылы ем болмайды. Қайдан шықтың, қайда беттеп барасың, оңашада ойлан, қабырғаңмен кеңес. Кеңес те демалыстан соң маған кіріп шық. Егер онда да жұмыстан шығам деп тепкіленсең, еркің... Қалам десең кеткен қатеңді, жіберген кемшілігіңді адал еңбек, маңдай теріңмен түзейсің. Қалай?

Табан астында өтініш жазды.

Демалыс ақшасын алды да, кешке таман Абыралыны ертіп, кафеге кірді. Абыралы жатып кеп бас редакторды мақтады.

— Орнымнан алып тастай ма деп сұмдық қорықтым. Қорыққанымнан аузыма келгенді бұтып-шатып сөйлей беріппін. Ақыры соным дұрыс болыпты,— деп, аңқылдап кеп күлсін.

Елтай ашылып жарылмады — мақтауға да, даттауға да шорқақ-тын. Досы тағы да ит байласа тұрғысыз пәтеріне ертіп әкетпек болып еді, оған көнбеді.

Абыралыны трамвайға мінгізді, аялдамада аз-кем ойланды. Қалтасының терең түбінен екі тиындық қара бақырды қуалап жүріп тауып алды да, автомат-телефонға аяңдады.

Тиын сылдыр еткенде, түйеден түскендей:

— Мен Елтаймын, Азелла! — деді.

Үн-түнсіз тұтқа әлден соң:

— Тыңдап тұрмын, Елтай! — деді.

— Саған кіріп шығайын. Бүгін... дәл қазір...

Жым-жырт.

— Шаршап жүрсің бе?

— Иә.

Тұтқадан қыздың алған тынысы анық естілді.

— Онда... келе бер.

***

Сол жатқаннан үш күн шаршап мол жатты.

Үшінші күн жексенбі еді. Түс ауа Азелла жігіттің шалбарын үтіктеп жатып:

— Енді... үйіңе қайт, Елтай,— деді әр сөзінің арасына ауа жіберіп,— Әйтпесе қал. Мүлдемге...

Диванда етпеттеген Елтай үн қатпады: екі ұсынысқа да дайын жауабы жоқ: ол әйел атаулымен ара жайын ешқашан да алдын-ала кесіп-пішіп жоспарламайтын, көңіл күйі сол минутта не десе, соны дейтін ақ ниет еркек еді, оның өзі ақыр соңы таяқ жеумен тынатын. Сол бір қысылтаяң, тар қылтаға тағы да тақады...

Азелла көңірсіген үтікті тағанға қойды да, орындыққа сылқ етіп отыра кетті.

— Мен кінәлімін бәріне. Сол күні мен емес, саған басқа біреу «кел» деген. Бәрі де өз еркімнен тыс болды. «Кел» демесем бірдеңені бүлдіретініңді сездім. Үлкен баласың сен!.. Небір жайсыз оқиғалар саған тақап кеп қалғанын, жар жағалап жүргеніңді баяғыда сезгенмін. Әңгімеңнен сездім... Мен де бір отқа қайта-қайта ұмтылатын жынды көбелекпін. Канатым да, аузым да күйді... қоймаймын. Анадан ерте айрылып, өгей шешенің қас-қабағына қарап жаутаңдап өскесін бе, сен секілді сергелдеңдерге бір бүйрегім бұрады да тұрады.

Бір бөлмелі кішкене пәтерде ең қажет заттар ғана бар, әлеміш аз, қыз жинаған жай емес, қонақ үй сияқты аңырап тұр. Жан дүниесінің терезесін жиі-жиі ашып, ауасын ауыстырып отыратын адамның тұрағы.

— Менің сүйген жерімде қара таңба қалады. Шын сүйсең сөйтеді. Қашпақ болсаң зымыра менен. Қабілетің бар, болашағың бар, өзіңді сүйетін жарын бар, сен де сүйесің оны.— Ары қарай ойылып кететін оппаларға аттап басқысы келмей, үнсіз отыр.

— Аз екен... білгенің мен сезгенің.

— Ол... оның халы сабақ жіпке ілініп тұр.— Қарашаш деуге не батылы бармады, не атағысы келмеді, орай шапты.— Сен екеуміз жаман, жақсы болсын, қалада өстік, қала атты өз үйімізде тайраңдап жүрміз. Өз стихиямыз аясындамыз. Біліп қой, сен оның екінші күйеуісің...

— Не? — Елтай басын жұлып алды.

Азелла күліп жіберді. Тығылып шыққан көмір күлкі...

— Жә, қойдым, қойдым. Жаның шығып кете жаздады... Ауыл қызы бейтаныс, жат қала босағасын аттаса, қала шаңырағының астына келіп тірлік жасаса, ол алғаш күйеуге шыққаны.— Ойланды. Шашын артқа сілкіді.— Қайт, Елтай. Мен, сен, ол — үшеуіміздің арамызда сенің келіншегің ең әлсіз, ең күнәсіз жан.

— Ал сен қайтесің?

— Күйеуге шығамын.

— Кімге?

— Жазушыға.

— Қай?

— Саған рецензия жазған адамға.

Елтай түрегеліп отырды.

— Ол өзі ме... ұсыныс жасаған?

— Міне, үйіңе үсті-басыңа шаң жұқтырмай сыптай болып барасың...— Азелла костюмін щеткамен сыр-сыр тарап, жаныға тазалап жатыр.— Біраз кепсін. Су күйі кисең мыжылып қалады.— Костюмі құрғыр иық ағашқа жуық арада ілінер болмады.— Жоқ... ол өзінен отыз жас кіші қызға қырындамайды. Мені қызына санайды.— Құрғақ күлкі.— Әрі анасы, әрі қызы, әрі әйелі боламын... шама-шарқым келсе. Көп жылдан соқа басы, жалғыз... Ол кісіні алғаш көргенде: «Көп ұзамай өледі»,— деп ем. Аптасына екі рет үйін жинастырып, асын пісіріп беріп жүрдім. Өлмеді. Көшін түзеп алды. Қаламын қолға қайта алды. Сөйтсем, сөйтсем... оған мен себепші екенмін. Өзі жарытып ештеңені айтпайды. Еркекті көзінен оқи алмасам несіне әйелмін. «Енді бір жиырма жыл...»—деп, күлген болады. Күлкісінің ар жағында жалыныш пен зымыран қорқыныш жатыр. Кетіп қалсам іргетасының ең керекті кірпішін суырып алған ескі мұнарадай дүр ете түсейін деп тұр. Біздің ішіміздегі ең аянышты халдегі кісі. Бүгін бар, ертең жоқ. Онсыз да ертең кетеді мәңгілік тас түнекке...

— Ақталма!—деді паркетті көзімен тескен Елтай.— Саған ылғи да ерлік керек. Сен де бір ылғи қолы қышып жүретін мазасыз мүсіншісің. Мен секілді кем-кетігі бар мүсін кездессе, дереу жетілдіре бастайсың. Біткесін өлшеусіз рахат аласың, қараңғы бөлмеге лақтырып тастап, басқа мүсінге ауысасың.

— Не будь ханжой...— Азелла шашына бес саусағын салып, ұйпалақтап тастады.— Саған жараспайды. Жетілмеген мүсіндер тым көп. Оған да мен кінәлімін бе? Сендер тек мықты екендеріңді дәлелдеу үшін бастарыңды бәйгеге тігіп, терең суға күмп бересіңдер. Ал біз, әйелдер, аузына су кетіп, сіңірі тартылып қалғандарды жағаға шаштан сүйреп шығарамыз да жүреміз. Ғұмыр бойы... Солай жаратқасын қайтесің. Бақытымыз да, сорымыз да осы.

— Ұқтым.

Жігіт киінді, есік тұтқасына қолын салды.

— Рақмет... және кешір!

Үтіктің бауын шиыршықтап орап жатқан қыз:

— Даяшы біреудің заказын өзге адамға қалай қателесіп апарса, өзімді солай сезініп тұрмын,— деді жылымшы күлімсіреп. Елтай өзінен қыздың секунд санап алыстап бара жатқанын сезді.

— Сау бол!— Есікті тықырсыз ашып, табалдырыққа аяқ артты.

— Сәл аялда! — Азелла жедел басып келіп, мойнына асыла кетті. Манадан бері өстімеу үшін Елтайды әдейі сыртқа теуіп баққан, енді міне, ол ойы орындалып еді, өзі жүгіріп келді.— Сау бол! Сау бол! Мүмкін, мен бүгін бақытымды ұзатып салып тұрмын. Сау бол! Саған менің керегім жоқ, осыған сен! Сен күштісің, күшті болғасын да сансыз қиындықтарға шатылып, басыңды тау-тасқа соғып жүрсің! Әлсіздің басына қиындық түспейді, қиындық оларды менсінбейді. Ал сендерге асық! Күшті болғасын да сен Қарашашқа қол бердің. Үлкен күштің атасы мен анасы — үлкен жанашырлық, үлкен аяу. Саған ұшу керек! Аунап-қунап жатқан мына үш күнге еш өкінбе! Өзге жер емес, менің шаңырағым астында есіңді жинадың. Маған алғысыңды айт, айт та, үйге қайт! Қош бол!— Кілт айналып, бөлмеге кіріп кетті. Есік сарт жабылды.

«Не бұл? — деп ойлады аялдамаға қарай аяңдап келе жатып.— Бір-бірімізді қолтықтап сүйеп, түпсіз шыңырау үстінен қалықтап ұшып өтеміз. Арғы жағаға табан тигесін-ақ екі ажырап кете барамыз. Өмір сол ма? Шын өмір сүргендердің жазуы сол ма? Мақаң, Махамбет айтпақшы: «Мен таста ойнаған қарт марал...» Баяғыдағы батырдың да, біздің де бастан кешкеніміз бір-ақ тағдыр ма?»

* * *

Ауладағы қар күрелмепті. Ақшам өтінде ақ шаңқан көз суыра көгіс тартады. Шыңылтыр аяз бет шымшиды. Қардың әр жерін әйел шоқайы жиі-жиі тесіпті... Шыққан із бар да, кірген із жоқ. Есік жабық. Кілт әдепкі орнынан, газ жәшігінің іргесінен таптырмады. Ыққа қараған терезе қара түнек. «Жұмысқа кеткен бе? Бұл аптада бірінші смена деп отырған, ол қалай?»

Көңіліне қара айрандай күдік қойылды. Лекілдеп келуін келіп қалса да, ауладағы қар, терезе мен тас жабулы есікті көргенде есін жиды. «Не істедім, япыр-ау? Не бетімді айттым?»— деген ой миына сақ етті. Зуылдап өткен үш күн көрген түстей сезілді. Баспалдақ үстінде құрғақ қарды қаңылтырдай қатыр-құтыр басып тұр еді, есік жапсарына қыстырылған тілдей қағазды көрді. Мұздай бастаған саусақтарымен қаттауын әрең жазды. «Кілт тетя Аришада. Қарашаш» деген төрт сөз түйедей тайрақтады. Ауладан жүгіре шықты, қабырғалас пәтердің есігін жұдырықтады. Тықыр естілді де, қараңғы сенектің ар жағынан біреу сыртқа үңілді. Елтай еріксіз дереу кейін шегінді, әжімі есепсіз тереңдеп, көз аңғалағына, ұртына қара көлеңке ұйыған Ариша апай тірі аруақтың нақ өзі екен. Сасқанынан:

— Арина Степановна, мен ғой, Елтаймын, — деп дауыстап жіберді.

— Көріп тұрмын, көзім бар...— Арина Степановна есік ашты да, екі бүктетіле қолын арқасына асып тұрып, үңірейе қарады, жол берді,— Қайдан самғап келесің, сайыпқыраным?

Үн жоқ.

— Кіре бер!

Жайшылықта әжімдеріне дейін жыбырлап күліп тұратын Арина апай бүгін қасаң, суық. Бұрын Елтайды «Эдик» деуші еді, жаңа «сайыпқыранға» теңеді. «Қайдан қаңғып келіп қалдың?» — демесе де, одан кем алған жоқ. Бетін күйдірген ұяттың әсері ме:

— Рақмет... Кілт сізде ме?—деді. «Кілт» бір жөн, ал «рақметі» несі? Бір аяғы жерде, бір аяғы көрде тұрған қарияға сәлем де берген жоқ.

Арина Степановна сенектен сыртқа самарқау көз салып тұрып:

— Немене, Катя аулына кетті ме?— деді.

— ?..

— Таңертең түнде жауған қарды күрейін деп сыртқа шықсам, көзі ісіңкі, қолында қара чемодан, жүгіріп келеді. Келе кілтті тықпалады. «Поезға кешігіп қаламын. Такси күтіп тұр. Кейін естисіз. Қош болыңыз!» — деді жау қуғандай. Мен протез жағымды ашып-жауып жөн сұрағанша, көрген түстей жоқ болды сайтанның қызы. Жамандықтан сау ма ауылдарың?

— Иә...— деді Елтай тамағы құрғап. Бір басып, екі басып, баспалдақты санап төмен түсті. Көпсіген қар желім бе, аяғын әрең алып аулаға кірді. Кілтті ұясына ал кіргізе алсын: ұя емес, есік жақтауына тық-тық тиген кілт көріктен жаңа суырып алғандай ып-ыстық, қалай бұрап ашты — өзі де анық білмейді, топ-топ басып сенектен өтіп, ішкі есіктің дермантин маңдайынан итерді... Көмірдің көңірсіген иісі аралас жылы ауа бетін сипады, пеш оты әлі сөнбепті, тегі таңертең Қарашаш өлтіре жағып кеткен-ау, қақпақ астынан болмашы алау қызарады, сырт киімін шешпестен оң қолын созып, қара түймені бырт басып еді, электр шамы жарқ етті, бөтен үйге кіргендей бөлмені секем көзбен тінтті. Бәрі өз орнында... Сөреде рет-ретімен қырынан қойылған тарелкалар көмескі ағараңдайды, төңкерілген кеселер күмбездей томпайып-томпайып жатыр, асылы, Қарашаш от жағып, ыдыс-аяқ жуып, орнына қойған соң, Елтайды күте-күте әбден шаршап, дәл қазір төр үйдегі төсекке жантайып, дамылдап жатқан тәрізді. Тарелкалар мен кеселерден көз айырмаған күйі қолын созып, бір үмітпен киім ілгішті сипалап еді, іздеген түбіт шәлі мен түлкі жаға таптырмады, бәтеңкесін шешпестен апыл-тапыл басып, төр үйге озды. Зіңгіттей шифоньер есігін сарт-сұрт айқара ашып еді, әлсіз құйын сезілді; бұрын нәзік иіс су хош иісін желпитін. Көлденең білікте кіл сұрғылт, қара түсті еркек киімдері, жейде, шалбар, костюм асулы тұр. Әйелдің қызыл-жасыл көйлек-көншегінсіз шифоньерде сән болмайды екен, есікті жаба қойды. Бәтеңкесін дүрілдете сүйретіп, орындыққа құйрық басты, өңірінің түймелерін салғырт ағыта отырып, арзан қол клеенка жабылған үстел үстіне еш мағынасыз бей-жай қарап еді... таныс ірі-ірі жазулар көзіне оттай басылды. Қолын созды, оқи бастады. «Елтай! Осылай боларын сезуші едім. Жаман түс көремін, түсімде екеуміздің арамызды ылғи қара өзен бөліп жатады. Мен кінәлімін бәріне. Сен кім, мен кім, білмеппін. Кешір! Әке-шешенің ақ батасын аттап, етегіңнен ұстадым, соның киесі бұл соққан. Мені іздеме. Ауылға барма, мен онда жоқпын. Жаман ойлама. Іште бала жатқанда, сырттағы мен тірімін. Жұмыстан расчет алғамын. Ол жерге барма, қыздардан ұят болады. Басқа жұмысқа ауысамын дегенмін. Некеде онсыз да жоқпыз. Хош. Айтпақшы, расчеттің ақшасы менде. Жолға керек қой. Радиола аламыз ба деп тиын-тебен жинап ем, пенжагыңның оң қалтасында. Босқа шаша бермей, керегіңе жарат, байқап жұмса. Тесік қалта екеніңді білемін ғой. Серуеніңді азайт, азайт. Енді жалғызсың. Көршілерден алған қарызды қайтарғанмын. Холодильникте колбаса, селедка, ет, жұмыртқа, сосиска бар. Сосисканы бүгін-ертең қайнатып же, ұзақ тұрса бұзылады. Ескі шалбарыңды химчисткіге өткізгенмін, квитанция қалтаңда, екі күннен кейін барып ал. Алтын он сом, Абыралы он бес сом саған қарыз. Елтайға айтпа деп әнеугүні сұрап алған. Басқа не деймін. Бір сағаттан соң поезд жүреді. Хош!»

Ең әуелі қағазды ұстап тұрып, жын қаққандай қарқылдап күлді. Баяғыда: «Тескен тау өтіп кет, бірақ бір жапырақ қағазға жөніңді жазып кетші», — деп құдайдың зарын айтушы еді. Ол күнге, міне, қолы жетті. Тескен тауға да өтіпті, қағазын да қалдырыпты.

Сонан соң меңірейіп отырып-отырып: «Ақымақ!— деп сыбырлады.— Бір ауыз сөзге келсе етті. Бірге тұрдық, ұрыстық, татуластық, соның бәрі дәнеңеге татымағаны ма?» Қос бет қағазды уақтап жыртты, әйтсе де отқа тастаған жоқ, үстел үстіне үйіп қойды. Уыстап алып себелеп, уыстап алып себелеп отыр. «Ақымағы» жайына қалды, санасына сәуле себезгіледі — манадан бері тек өз жағдайын ойлаған екен. Қарашаштың қазіргі халін елестетіп еді, ашуға мінді. «Қыраулы қыста тұра қашатындай не болды? Қолында тастай ауыр екі қара чемодан, өзі екіқабат. Аз ақшасы қаншаға жетеді? Әке-шешеге бармаймын дейді, сонда қайда барады. Қай ұшпаққа шығады? Күні ертең күнәдан пәк бала дүниеге келгенде қайтпек?»

Осыны ойлағанда астынан су шыққандай атып тұрды, пальтосын да киген жоқ, сыртқа жүгірді, пенжагын апыл-құпыл шешіп, бұтаққа ілді, көмір үйілген сарайға дедек қағып кіріп, жылан бас жайпақ ағаш күректі тауып алды. Сонсоң әйда сүзісер бұғыдай мойнын ішке алып, көбік қарды алай да, бұлай да бұрқыратып, әкесін танытып, орай да борай күре де күре... Қайда, қалай үйіп жатыр, онда шаруа шамалы, әйтеуір, күрек сілтеп, қимылдаса разы, ішті алап-жалап әкетіп бара жатқан жалын үстіне бұрқылдаған кар тастап, пыш-пыш сөндірсе болғаны. Құлақшынын баспалдақ үстіне лақтырды. Сәби шағында соңына тақа түскен, сүркіл қуғын бар еді, сол қуғын әке-шешесін жалмап, шешесінің сіңлісі болса да, жат босағаға қуып тықты, соғыстан соңғы шама-шарықтың өзі сол еді, алты ай қысты бәтеңке болмай жалаң аяқ өткізді, қылау үскірікте үйден жалаң аяқ жүгіріп шыққанда, есік алдында екі көзі төрт болып, мұны тосып отырған әлгі сүркіл қуғын соңына тағы түсетін. Қар бұрқырата қашқаннан қашып отырып, көрші үйге жүгіріп кіретін де, уылжып піскен бүлдіргендей қып-қызыл табанын дүрілдеп жанған отқа тығып, қақтай қоятын. Қазір де он бойы сол қыз-қыз қайнаған қызыл табан секілді ду-ду етеді, қазір де қалың қарды бытырлата басып жүгіріп бара жатқандай, өйткені ғұмыр бойы қыр соңынан екі елі қалмаған сүркілді осымен нешінші мәрте сезді. Соған шыдамаған Елтай жүн свитерді басынан асыра сыпырып алды да, шие ағашының бұтағына артты, көз алды бұлың-бұлың қар, көбік қар, бүкіл азапты ойы мен түңілісін, жалғыздығын ақ қарға теуіп-теуіп, терең қазып көміп, қайтып бас көтерместей үстінен нығарлап, таптап тастамақ, сүмеңдеген төрт көз төбеттей тас маңдай жетімдігіне қарсы күрегін жалтылдатып, сойқан салмақшы еді, әттең, әттең, әлдекім қарынан тартып қалды, кім болса да тұрған жерінде тапасын шығарардай қатты ашумен басын көтерді: ақ қардың орнын Арина Степановнаның әжім шимайлаған жүзі алды.

— Мына түріңмен қатып қаласың, Эдик. Қай жерді күреп жүргеніңді қарашы өзің.

Расында да, күрегеннен күреп, қақпадан шығып, Арина Степановнаның жеріне ендеп кірген, кеше жауған қарды күрегені құрысын, өз қолымен жарты ай бұрын шошайтып үйген қасатты жан-жаққа ту-талақай шаша берген бе, алақандай аула кесек-кесек қар...

Екі иығынан демалып:

— Кешіріңіз...— деді.

— Үйге жүр, борщ пісіріп қойып ем, Катя жоқ, әл шақырып ал.

Кірпігіне ілінген тамшыны — жас па, маңдайынан сорғалап келген тер ме, жабысқан қар ма, өзі де білмейді, саусақ ұшымен сыпырып тастады да, бір қолын арқасына салып, алға түскен қарияға ілесті.

— Е, баланың аты бала...

* * *

Қазақша айтқанда: қатын қашты, қарын ашты.

«Өтпес пышақ, шабан ат, жаман қатын, осы үшеуі жігітті қартайтатын»,— деді де, өз қотырын өзі қасып, жатып алды. Кітап оқып еді, дәнеңе қонбады. Детектив парақтады, оқығанда қызық көрінгенмен, біткесін есінде ештеңе қалмады. Ақылы аз, сұлу келіншекпен сұхбат жасағандай бірдеңе. Иленіп жатып-жатып, апта өткесін ес жинап, етек жапты. Мұздатқыш босап қалған екен, іргедегі дүкеннен ішіп-жемін сатып әкелді. Су жылытып, салпылдатып кір-қоңын жуды. Ұзарған күн бүйірін тесіп, жіпси бастаған қарды күрекпен шаршылап ойып, ағаш дуалдан асыра көшеге лақтырды. Қыстағы қырбайлықтан кейін пәтершілерінен көш аулақ жүретін, ақша аларда ғана театрға баратындай жуынып-шайынып, сақал-мұртын қырып, шыт жаңа күйі келетін Демьяныч бас сұқты.

— Молодец! — деп әуелі мақтады. Аз отырғасын жып-жинақы, әйткенмен бір нәрсесі жетпей тұрған үй ішін сыпыра шолып өтті:— Катя қайда? Көрінбейді ғой?

Пеш алдында балтамен тамызықты тық-тық ұрып, ұсақтап отырған Елтай күңк етті.

— Ауылға кетті.

Әйелі жоқ үйдің еркегі төмен қарап, мыңқ-мыңқ етсе, күйдің қаншалықты екенін талай өткелектен өткен кәрікесті қу жақсы біле ме:

— А-а...— деді әндетіңкіреп.— Сен ше, сен бармадың ба?

— Жазуым бітпей... Баспаға тезірек тапсыру керек... Жұмыс босатпады.

— Дұрыс... Байқа, жазу, жазу деп, ең басты жазуыңмен араңды суытып алма.

— Қайда барад...

«Қайда барад...» — деп күшейгенде, Қарашаш аспанға ұшып кетпей, жер басып жүрсе, бір хабарын білдірер деген медеуі бар. Ашу алдымен, ақыл соңынан, аңдаусызда асығыс жасаған байлауына өкінер, өкінер де апай-топай жетіп келмесе де, хат жазып, тірлігін білдірер деген.

Екі апта өтті, хат та, хабар да жоқ.

Ана бауырында өспеген, алдына әпке, артына қарындас салмаған Елтай әйел мінезін ұқпайтын. Келіншек күйеуін неғұрлым жақсы көрсе, соғұрлым кешірмейтінін білмеуші еді.

Баяғыдан ойша піскен, тек ақ қағазға түсіруі қалған әңгімелерін әредікте қағып тастайын деп үстелге мініп еді, қаламы мың салса бір баспады. Желп еткен желсіз, әуеде жүзген бұлты жоқ ашық теңіз ортасында қалған жел қайықтай қалғу, мүлгу биледі. Ойлана қалса, көз алдына Қарашаш көлеңдеп келеді. Алғаш танысқан түні әсіресе жиі сұранады. Міне, шаңырақ көтергелі төрт-бес айдың жүзі, келіншегі бетіне тіке қарап, күйдім-сүйдім демепті. Үнсіз сүйген... Ал үнсіз жан сөзінен гөрі айқын ауыз сөзге үйренген қасаңдау жігіт жалынсыз, іште қоздап жанатын табы ыстық сезімді тұшына білмепті. Айналасы ат шаптырым қалаға Қарашашты жалғаған жалғыз да жіңішке кіндік Елтай еді, одан да айрылған соң, үйренген ортасына кетіп тынды. Он сегіз жасар жас қызды салған беттен басқа мінез, жүріс-тұрысқа салмақ болды, сарт та сүрт, әр қадамы санаулы, сөзі қаттаулы Қарашаш Сүлеевнаға айналдыруға тырысты. Егей берсе темір де тозады. Полковник пен генералды айыра алмадың деп өкпеледі. Жүрдек өмірдің жүрек қасиеттері — жар сыйлау, шыдамдылық, жаны ашу тұрғанда полковник, генерал деген не? Әскери лауазым айыратындай Қарашаш соғұрлым кіші сержант па еді?

Қалай бұлқынса да кайта бойдақ бола алмады.

Уақыт атты ашқарақ айдаһар аузына түскен асты қайтара құспады.

Шет-шексіз ұзын жол бітіп бермеді.

Адамды өмір толқыны айдап әкелген сан түрлі құбылыстар мен оқиғаларды балқытып, қорытып, алтынын іріктеп алып қап, қиыршық, құм, ұсақ, тасын шығарып тастайтын кішкене комбинаттай көретін. Комбинатың да бұзылып, тоқтап қалады екен. Құмы қалып, алтыны сумен шайылып кете баратын сәттер де аз емес сықылды.

Бұрын өз басына ғана жауап беретін бойдақ еді. Соқа басты жігіт желіп жүріп-ақ, көлденең қиындықтардан қарғып кете баратын. Ешкімге көз сатпайды, ешкімге бермейді де. Ол заманға мәңгі бақи қош айтыпты. Бұл күнгі жағдайы өзгеше. Шайнек тұтқасынан Қарашаш саусағының табын көреді. Кесе шетін тістесе, өз-өзінен жұмсарып, балқып бара жатады — Қарашаштың кесесі... Төсекке жантайса, дәл қасынан зымырап шыңырау апан көргендей жүрегі дір ете қалады — қатарында Қарашаштың орны үңірейіп бос жатыр. Бәрі де қалпынша, жуылып-сүртілген ыдыс-аяқ сөре-сөреде, әйтсе де соларды қозғап, салдырлатып, көңірсітіп май шыжғырып, күйбеңдеп жүрген ешкім жоқ. Әйел қолы тимеген ыдыс-аяқ итаяқ екен. Электр шамын таң ағарып атқанша өшірмейді. Алғашқы күндері сөндіріп еді, тас қараңғылық қозғалақтап, қою ауаға жан бітіп, елбеңдей бастады. Басын көрпемен тұмшалап жауып алады. Тың тыңдайды. Біреу ақырын сыбырлағандай. Ілгек сырт ағытылып, сыртқы есік сықырлап ашылғандай.

Ой қорқытады... Ойдың тууына себепші жағдай одан да қорқынышты. Жалғыздыққа қазақ кіндік шыдамайды екен. Жалғыздыққа шыдамаған қазақ әлмисақтан айқайлап ән айтады. Жолға шықса, келесі ауылға тезірек жетсем деп атын борбайлап шабады. Жаңалық жеткізетін қонақты құдайдай көріп, аттан көтеріп түсіріп алады. Жалғыздық жанымның садақасы деп киіз үйді толтырып бала-шаға өсіреді. Бәріне көнбіс, тек жалғыздыққа шыдамайды. Ал қаладағы жалғыздық қияметтің қиыны екен. Төрт тарабың түгел жұрт, қарайған халық. Бәрібір жалғызсың... Ешқайсысын тоқтатуға, тіл қатуға қақың жоқ, олардың сенде шаруасы шамалы, бет-бетіне шу қара құйрық тартып барады. Аты бар да өзі жоқ, бейнебір соқыртеке ойнап жүрген бала секілдісің.

Күндердің күні Виктор Викторовичке телефон соғуға бел байлады. Ниетінен тез айныды. «Келінің кетіп қалды»,— деп сүйінші сұрай ма? Демьянычке ауылға кетті дерсің, қартың ғұмыр бойы бір иығын өтірікке тығып келе жатыр, күнәсі жеңіл. Ал әкесінің көзін көрген, әкесінің қаны тамыр-тамырында бүлкілдеп соғып тұрған, әкесінің сөзін сөйлеген адамға не бетін айтады?

Жақсы ит өлігін көрсетпейді.

Ойдан жүдеп, әлсіреп жатқан бір күні терезеге төніп тұрған бұтаққа пыр етіп торғай қонды. Түйме көздері жылт-жылт ағып, «Бармысың, армысың, Елтайжан?»— дегендей мойнын қылт-сылт бұрып, ішке шекелеп қарайды. Құртақандай неме есепсіз қуаныштан шиқ-шиқ етеді. Қос қолын тарақтап, желкесіне жастап жатқан жігіт басын көтеріп алды — баяғыда Қарашашқа: «Бүгін кеште не маған ер, не қал!» — дегенде де осы торғай желдеткіштен ішке үңілген. Ол кезде қар қапалақтап тұрған, суық еді, торғай шиқылдамап еді. Осыдан жақсы нышан танып, ырымдаған Елтай тез-тез киініп, сыртқа шықты.

Тас төбеде күн дөңгеленіп, рахман нұрын себелейді. Көшеде ала шабыр көктем. Ауадан бүкіл әлемнің иісі аңқиды. Қара қожалақ лас қар ықтасын-ықтасында дүңкиіп жатыр. Тоң төңірегі батпақ, шалшық. Еңіс жағы жас баланың еңбегіндей былқ-былқ етеді. Тау көкпеңбек. Қаланың жұнттай таза тоқ иттері тегіс көшеге шығып кетіпті: асыл тектілері бір-бірін алыстан аңдып, кегжиіңкіреп қараса, қалған қарабайыры білгенін істеп, маңып жүр. Мойын жүндері үрпе-түрпе көгершіндер күркілдегеннен күркілдеп, нәшөкімдері шатырда, мықтылары телеантеннада қонақтап отыр. Ағаш бұтақтарының ара-арасы қым-қуыт тірлік: торғайлар дүр етіп қонады, дүр етіп ұшады, шарылдасып үйме-жүйме төбелесіп жатқандары да жетерлік. Қалалықтар да қыстағыдай жүнжіп жүрген жоқ, пальто, плащтарының етектері делеңдеп, бір іске бел байлап, әлдеқайда асығып барады. Үй-үй арасындағы қорықтардың төбесі түтіндеп, мұрттары ойылыпты. Төрінен көрі жуық Арина Степановна басын жоғары көтеріп, жалғыз түп алма ағашының қураған бұтақтарына қарап тұр. Сөйлеп қояды.

— Оксана, eh, Оксанушка! Екеуміздің көрмегеніміз бар ма. Алжа-алжа болып, міне, мен де қаусадым, сен де қартайып, құруға айналдың. Қаншама тырбанып күтіп баптасам да, биыл саған алма жоқ, сірә. Кесіп тастасам ба, аш құлақтан тыныш құлақ деп? Кесем десем қиын ба, әттең, өзіме қол көтеретіндей дәтім жетпейді. Жарайды, тұра бер! Құласаң құдайдың дәлдеп жіберген ажалынан іріп-шіріп, өз еркіңмен құларсың.

Арина Степановнаның былайғы өмірі осы елде өтсе де, туған жері — белорус ормандары. Соңғы кездері сол бал балалық шағымен қайта қауышқандай қызық халде; сыңсыған қайың мен терегін, желбір жапырақ ольхасын сағына ма, әлде қай қиырда жүрсе де «Шула, қара орманым, шула» деп, өтетін славян рухы ма, қалай десе де Ариша апай жалғыз түп алма ағашымен әңгімені күрт көбейткен. Бұғының мүйізіндей айбақ-сайбақ қу бұтаққа Оксана деп әлпештеп ат қойып алған. Пәленше жыл кәрлен кеседей алма беріп, пәленше жанның ұртын толтырған бұтақтың мәз емес халінен өз тағдырын тани ма, Оксанаға тіптен бауырмал.

Әне, қария таяғымен Оксанамен жарыса өскен жас бұтақты алқымнан нұқып-нұқып қойды.

— Қарашы, ынсап жоқ өзінде! Кәрі әпкеңнің жағасына жармасқаныңа ұялсайшы. Сенің екі-үш жапырағың селкілдеп тұрғанда, Оксана шелек-шелек алма төгуші еді. Енді ғой қураған кезде, тиесілі нәр мен сөлін жол ортадан жырып алып, жылмиып қана бой жетіп келесін. Ерегескенде Оксананы емес, тап сені қиып тастайын ба? — деп күңкілдейді.— Жарайды, өс, өсе бер! Күндердің күні әжетке жарайтыныңды сезесің, сезгесін де таласа-тармаса, булығып өсіп келесің.

— Сәлеметсіз бе, Арина Степановна?

Қария Елтай тақап келгенше танымады. Танығасын көңілі қалғандай төмен қарады.

— Аман, аман... Не, Катядан хабар-ошар жоқ па? Жоқ, әрине, қайдан болсын. Бар болса бүйтіп жағың суала ма. Катяны бағалай алмадың, Эдик. Кетерінде көзінің жасын көл қылып, маған бар сырын айтқан. Әйелдің байлығы мен шайлығы — адалдық, содан соң жарын сүю мен түсінуі. Катяда осылар бар еді, бай еді. Сенің қазіргі жағдайыңды кім ұғып, кім біліп отыр? Кейде өзге түгіл, әке-шешең де жат. Біз бәрін де кешіреміз. Сүйсе бітті — қалғаны чепуха! Арақ ішсе де, ұрса да көне береміз. Ал сүймесе, алдаса, онда біттік... Тоты құстай құлпырып киіну, ернін бүрістіріп сәнмен сөйлеу — ол не? Театрға барарда саусағыңа салып, құлаққа ілетін алпыншақ-салпыншақтар. Ал өмір—театр емес. Ол — үй іші, көше, көк аспан, қара жер. Катяның қарапайымдылығы мен жан жомарттығы... е-е, сұңқарым-ау, оның жарығы бүкіл өміріңе жетіп артылатын еді. Жетімнің басы қашан да шала піседі. Ер бала үшін әкенің орны асқар таудай, сол әкеден кезінде жемеген қамшы ғой саған жетпеген...— Бұжыр-бұжыр діңді таяғымен түртті,— Семья, ұлым, мына алма ағашы да. Қанша жапырағы мен бұтағы болса, соншама мәселесі бар. Екі мінездің бір шаңырақтың астына сыюы оңай дейсің бе. Төрт-бес жыл бойы бір-бірін машина шестернясындай қажайды, о-о, қажағанда қандай, — деді соғыс жылдары Қарағандыда лебедка машинисі болған заманын еске алғандай.— Жас кезде жасаған түймедей қатең қартайғанда түйедей болып алдыңнан шығады. Менің Гришкам да сен секілді еді. Кешіре алмадым — жас едім, алғыр едім. Колхоздағы комсомол белсендісі едім, қайдан кешірейін. Ол кездегі комсомол кім, оны жақсы білесің. Жасаған күнәсі құлағыма жеткен бойда: «Сол ұшып-қонған сауысқаныңмен бол, совет семьясын бағалай білмедің, алдыңнан жарылқасын»,— дедім де, әйда, үйден қуып шықтым. Топырағы торқа болсын, соғыста қаза болды. Мен ше? Ол соғыста бір өлсе, мен тірі жүріп он өлдім. Совет семьясының жайын білсе, осы біледі деп бір жылтырақ белсендіге тиіп алдым. Әрине, ерегес те бар. Тұзымыз жарасқан жоқ. Қорбаңдаған Гришка қайда жүрсек те екі арада көлбеңдеп, көлденең түсіп жатып алды. Соғыстан соң көк шинельден басқа түгі жоқ мондыбасқа дәм қостым. Бала болмады. Көңілім жат екенін сезді ме, жалындамай, лапылдамай сығырайып жанып-жанып жүрді де, үн-түнсіз өшіп кете барды. Қартайғанда серіксіз, баласыз қу тіземді құшақтап қалған түрім мынау. Қу бұтақ қана сыр бөлісетін, жалғызсыратпайтын жан жолдасым. Солай, балам. Есің барда Катяны тауып ал. Тізеңді бүгіп, кешірім сұра. Менің сөзімді түгел жеткіз. Тетя Ариша айтты де. Алдап-сулап алып кеп, көзіме көрсетші. Арғы жағын екеулеп көре жатармыз. Анау жолы да жібермес едім, үлгермедім. Мен алыстан орағытқанша, таксиі түскір келіп қалып, бір-ақ атып кетті. Шашы ұзын, ақылы қысқа немені ұстай алмай қалғаным...— Арина Степановна қарттардың әдетімен әңгімені еш себепсіз бел ортадан үзіп тастады да, таяғына еріп, үйіне қарай жыбырлай жөнелді.

Елтай соғыс бұрқағын басынан өткерген осы ұрпақтың бір тамаша қасиетіне бала жасынан куә: жетім-жесір десе шұрқырап үстіне түсе қалады. Оның ішінде орыс халқы солай. От пен судай шарпысқан Батыс, Шығыс арасында зуылдаған жебе мен оқ өтінде қалған халықтың жетім-жесірі де жетерлік еді, соған орай ең алдымен жесірдің көз жасын сүртіп, жетімнің басынан сипау орыс қанына мықтап сіңген-ау, зады.

Ол ең қымбатынан айрылғанын бұрын да білетін. Бұл жолы көзі анық жеткендей.

Сылбыр басып көшеге шықты.

О баста Жазушылар одағына барамын ба деген. Жол ортада жат та айныды. Әр жазушы өзінше дүние, теңіз төсін тілгілеген бір-бір лайнер. Елтай болса жалаушасы желбіреген кіші-гірім катер, ана бір лайнерге гудок беріп, құтылдым дей бергенде, екіншісі кездеседі, оған да ұзақ-ұзақ гудок, сәлемдесу, қысқасы, он адаммен кездессең он түрлі мінезге күшеніп өзгеруге тура келеді, «қалай қолайын тауып дұрыс өзгереммен» жүргенде, жүйкең тозып, қалжырап қаласың. Көпке ортақ жүріс-тұрысқа үйренген Елтайдың қолынан өйтіп тотыша түрлену келмейді.

...Шашлық сататын жер гу-гу. Күйген ет пен түтін иісі мас қылғандай. Тас ғасырында үңгір мекендеген ата-бабаның қайғысыз қара суға семірген еркін өмірі... Қарқыл мен тарқыл мейлінше мол. Қалпақ атаулы шалқақ жатыр. Мейірім-шапағатын молынан төккен көктем күніне, әлде шашлыққа мәз, айырып болмайсың. Бос, астарсыз сөздер. Әрқайсысы, кімге екені белгісіз, өзінше еркелеп тұр. Міндет артпайтын, өз мойнына да міндет алмайтын кіл сыбай-салтаңдар... Бір тал сигарет сұрауы ықтимал, әйтсе де міндет сұрамайды. Аузы ашық жаранды ешкім тырнамайды. Қақтықпайды, соқтықпайды.

Елтайға керегі сол.

Екі шашлығын көтеріп, шеткері шықты. Әлсін-әлі ду еткен күлкі, әзіл, қалжың бұған да жұқты ма, қалың ой біртін-біртін сейіліп бара жатқандай.

Тегінде көгілдір көктем адамдарды бір-біріне итермелеп, «Әй, әне біреу жақсы кісі, қапы қалма, сөйлес, таныс, көзін көрмейсің бе, жылтырап тұр», «Еңсеңді көтер, көтермесе көңілді кір басады» деген ойға еріксіз жүгіндіре ме, Елтай жеке тұрған бір жігітке қарағыштай берді.

Бәкене бойлы, одан да аласа, балбал тас секілді қиық көзді қияпатсыз-ақ жігіт. Жасы қаншада, айырып болмайсың. Жарымаған бой аз болғандай, киімі де жүдеу. Аяғында альпинистердің қалың табан бәтеңкесі, үстінде ересек балалар киетін жұқа балонье күртке. Басында жапырайған тері кепка. Бәтеңкесі жүдеу-жадаумын десе, табыла бермейтін тері кепкасы «кезінде болып та, толып та едім» дегенді аңдатқандай.

Елтай қасына барды.

— Сигаретіңіз...

Құлағынан күн көрінген қаңғажақтай жігітсымақ қалтасынан умаждалған темекі қорабын шығарды.

— Ең соңғысы...

— Кешіріңіз онда.

— Алыңыз, алыңыз. Мен, жалпы, шылым шекпеймін. Бүгін бір жағдай себепкер болып...

Елтай оның бетіне тоқтала қарады.

— Мен де тартпаймын.

Жігіт жымиған болды.

— Іш құста болып жүрсіз, ә?

Елтай басын изеді.

— Соқыр атты қотыр ат табады. Біз солай екеміз. Танысып қоялық, айыпқа санамаңыз... Белгібек!

— Елтай... Шашлық қайталайық.

— Мен анау ағаш түбіндегі беседкаға бара беремін...

Жарты сағаттан соң жағдай белгілі болды. Белгібектің алау-далау беті жиылып, адам қалпына келе бастады. Кинорежиссер. Фамилиясын Елтай ұзынқұлақтан естіген. Ауылда өсіпті. Мектеп бітіргесін жолы болып, кинематографистер институтына түскен. Төрт жыл адал оқыған, талмай ізденген. Қажымай-талмай, жалықпай жинап-тергені дипломдық фильмде әжетке жарапты. Дуалы ауыздардан мақтау алған, уәлі фестивальдерде жүлдеге ие болған. Шетел жабыла сатып алыпты. Дипломын қалтаға салып, осы абыроймен бері келгенде, «талантты жас режиссер, қазақ киносының көсегесін көгертер мықты кадр» деген дабыра-дабыс өзінен бұрын жетіпті. Ұзын сөздің қысқасы, осы қаланың көзі ашық, құлағы түрік қауымы Белгібекті құшақ жайып, қарсы алған.

— Ал қазіргі хал осы,— деді созып салған альпинист бәтеңкелерінің басын бір-біріне тық-тық соғып.

Елтай да қарап отырмай:

— Әйеліңіз... кетіп қалды ма? — деп жалпылдайды. Ол өзінің халін ойлаған еді.

— Қыз халқына өзімді қимап ем.— Белгібек күлді.— Солардың обал-сауабы жібермеді-ау деймін.

Елтай үндемеді. Өз-өзінен басталған әңгіме көтермелеуді керек етпейді.

— Құлашымды ерте сермеппін. Фестиваль жүлдесін алғасын кеудеме нан пісті. Киноның барлық жанрын шекілдеуікше шағамын деп ойлаппын. Нәтижесінде қатарынан екі фильмді жатқанынан тұрмастай ғып құлатып бердім. Екі фильм де ересектер өмірі еді, бірі комедия да, екіншісі ГЭС құрылысының фонындағы махаббат машақаты. Менің қолым балалар, онда да лирикалық пландағы дүниелер екен...

«Әрине, алдымен сенің өзің баласың, бірақ кәрі баласың»,— деп ойлады Елтай. Белгібек тек өзін кінәлайды. Яғни өзін әлі жоғалтпаған. Ар жағы Белгібек сөйлей түссе деп тұр. Өз тағдыры да мына жігіттің соқыр соқпағына ұқсай ма деп тұр. Не де болса:

— Сонсоң...— деп сүйкенді.

— Әке-шешем кісінің ала жібін аттап көрмеген, тірі жанға зиян ойламайтын әулиелер еді. Адамға шексіз сенетінмін. Ең жаманы — талдап-талғамай сенуші ем. Институт қабырғасында кішкене адамның сенімі кімге керек. Туған жерге фестиваль жүлдегері, пәленше сыйлықтың иесі болып оралған соң, шын мақтағаны, өтірік мақтағаны бар, бәрі де өздеріне, тек қана өзіне сенуді талап етті. Кино маңайында қашан да сыртқы жалт-жұлтқа ұмтылған жынды көбелек әлем-жәлем топ болады. Қыздары шетінен тоты, жігіттері кіл қалталы, машиналы. Қысқасы, өңкей балқаймақ. Әдебиет, өнер, кинодан үзіп-жұлып біледі. Тек оқыған-білгенін байланыстыра алмайтын бірқақпай информацияның сауатты құлдары... Оларда бәрі де бар, тек атақ жетіспейді, оны сатып ала алмайсың, ендеше, тым болмаса әдебиет, өнер көгіндегі жаңа жұлдыздың жарығының астына түсуі керек. Жұлдызыңыз жас жігіт болса, тіптен жақсы —тіл табысу оңай. Ал жұлдыз, ең қызығы, көбіне көңнің арасынан шығады. Талантынан басқа бойында кісі қызығар түгі жоқ әлгі пақырды балқаймақтар қол-аяғынан мықтап ұстап алып, ал қақпақылға салсын. Тырбаңдаған «жұлдызды» аспанға алай лақтыр, былай лақтыр. «Ойбай, басым айналып барады, өлдім, талдым, қоя беріңдер!» — деген жан дауысыңды ешкім естімейді, дау-дамай, айқай-шу естіртпейді. Жабыла мақтау, онда да жұлдызға да, тіпті өздеріне де білдірмей тапқыр, сыпайы мақтау, ресторан, дача, жақсы таныс... Айқай шіркін, шайқап бақтық-ау дүниені. Әрине, көбі сені жақсы көреді, сыйлайды. Әттең, саған мына ду-дабыра емес, тыныштық, еңбек керек екенін білмейді. Қайта жұмыс қажытқан жұлдызды сейілтіп, сейілдетіп жүрміз деп ойлайды. Қысқасы, үздіксіз іздену мен жұмыстан басқаның бәрін тауып берді. Мені сол сиқыр топ арбады. Оған қарсы туратын ішкі тетік, түсініктер ауылдың май топырағын кешіп өскен менен табылмады. Ал киноның қара табан, шаруақор жігіттерінен көз жазып қалдым. Сауық-сайраным ұзап бара жатқасын, олар да іргесін аулақ сала бастады. Осылайша бір күн сау, екі күн ауру күйде комедияның сценарийін қолға алдым. Комедиям күлмеген күйі өліп кетті. Сол екен, топ бытырай бастады. Қошемет азайды. «Қой, сендерге егескенде қыспақтан жол тауып, жарып шығайын»,— деп, ешкім алмай, сүрленіп жатқан ГЭС туралы сценарийді мойныма салпылдатып ілдім. Отыз күн ойын, қырық күн тойды пышақ кесті тыйдым. Кеш еді. Кино ала жаз бойы көбелек қуған менің сазайымды мықтап тарттырды, ГЭС аяғы көктен келді, қабылданбады...

Елтай жем жеген аттай аяғының басына қарап, сұлқ отыр. Егер адам тым ірі сөйлесе, жолы болмаған жан деп біле бер, себебі, одан оның жоғалтары жоқ. Белгібек шылқыған шындығын айтты. Көңіл үшін айтқан бір ауыз сөзін шындыққа баға болып жарытпайды. Сондықтан, ең дұрысы, үндемеген.

— Үш бөлмелі даңғыраған пәтерімде сулап жатып, таусыла ойландым, інішек. Қасында иіліп төсек, жайылып жастық әйелің болмаса, қалтаңды қақсаң, аузынан бос ауа аңқылдап берсе, амалсыз ойланады екенсің. Қарның ашса, ойың ұшқыр да, терең тартады екен. Басында бұл қисынсыз хал, кездейсоқтық деп өзімді алдарқатып көрдім. Келе-келе мен ойды емес, ой мені жеңді. Қисыны түскір бар, бар... Және ол қисын кетпендеп қазсаң да жетіп болмайтын жеті қат жер астында. Биыл, келер жылдары да. Жете алмайтын сияқтымын. Шапқылаған күйі атпен қалаға кимелеп кіріп кеткен қазақтың халы жатыр мұнда — әзірге түйгенім осы.

Сәл бөгелді де:

— Ал өзің не бітіріп жүрсің, айып етпесең, сөйлеп көрші, бауырым,— деді.

Палаталас адамдар бір-бірінен ауруын жасырмайды. Өз жағдайын бүге-шігесіне дейін баяндады. Жетімдігі, аумалы-төкпелі жазушылық жағдайы, Қарашаш халы... бәрін мұрнынан тізді.

Белгібек бас бармағы мен балалы үйрегін бір-біріне уқалады. Елтай аң-таң.

— Сигаретің бар ма? Шекпеймісің?

Елтай бас шайқады.

Белгібай:

— Әне біреу шын жүрегінен шыңғыра күліп тұр, жомарт жігіт болу керек,— деді де астыңғы ерні жер, үстіңгі ерні көк тіреген жігітке беттеді.

Тез оралды. Саусақ арасына бір емес, екі сигарет қыстырыпты. Соған қарағанда сұрай біледі. Көк түтінді аузы-мұрнынан бірдей будақтатты.

— Е, бауырым, сен де біраз шөптің басын шалған екенсің. Сен топырағыңнан алыс, ұлтыңнан қалыс өскенсің де, туған ортаңа мысық табандап, міне, жақындап келесің. Кәмелетке дейін қалыптасып біткен беріш мінез, түсінік, көзқарасты уатып, басқа өлшеммен қайта құю оңай болып па. Тұра тұр, бұл ұзақ жолдың басы ғана. Өз өміріңнен асып, келешек бала-шағаңа да жетіп артылады. Келін, керісінше, ауылдан қалаға, жолдың екінші ұшынан саған қарсы беттепті. Бір-біріңе созған саусақтарыңның ұшы әне-міне тие бергенде, аяқ астындағы тағандарың жылжып кете берген. Хош... Не ақыл қосасың?

Елтай иығын көтерді. Бір түрлі жеңіл айтылды-ау осы сөз. Біреудің тағдыры біреуге тағдыр бола ма? Ендеше, екі араға ақыл жүрмейді. Айтсаң, қате шығады. Өйткенмен басы қаңғып жүрген дел-сал жанға жылы сөзіңді қимасаң, шөлден ерні кезеріп, қаны қойылған жолаушыға қанжығадағы торсық ашымалдан тамшы татырмай, «Жортқанда жолың болсын!» — деп көлгірсумен тең. Ары тарт та, бері тарт халде тұрып:

— Ауылға қайтыңыз. Әзірше... Ес жинап, етек жапқасын келерсіз, — деп салды.

Анау екінші сигаретін тұтатты. Қолы дір-дір етеді.

— Дұрыс, дұрыс, дұрыс айтасың. Ауылға барып, балаларға екі-үш жыл сабақ беремін. Уақыт ескірсін, «Екі фильмнің ажалы Белгібек» деген қоңырау шылдыры өшсін. Үйленейін. Ауылдың шаруа торы, жуан қызына үйленемін. Еңбек етуді үйренейін. Дала баласы қаршадай кезінен сиырдың астын шығарып, отын жарып, шоп тасып дегендей, еңбекпен жағаласып өседі. Егер институтта жатпай-тұрмай ізденсем, дипломдық фильмде ойнаған жас балалар кәк етіп қойса, артын сүртіп, әке орнына әке болсам, сәтті бір кадр үшін он рет ерінбей-жалықпай түсірсем, бәрі де ауылдан, еңбексүйгіштік арқасы екен. Еңбектен айрылып ем, бәрінен айрылдым. Ауылға еңбек іздеп барамын. Ауыл көшесінде әлі де шапқылап жүрген балдырған шағымды қайта пысықтап, ауыл шарбағына қаланың пенжагын қағып-соғып қайтайын. Мәңгі бақи сонда қалып қоюым да ықтимал. Өмір көрсетер.

Елтай бұрыс та, дұрыс та демеді. Не дұрыс, не бұрыс, ол мына жерде анықталмайды. Белгібектің өзі айтпақшы, өмір көрсетер. Жалпы, ол қазір не бұрыс, не дұрыс деп бас қатырып жүрген жоқ. Тек құлағы салпиып, тыңдаған үстіне тыңдай бергісі келеді. Бұл да тынығудың бір түрі. Жалғыз қалса, қай-жайдағылар есіне түседі. Үйге де барғысы жоқ. Самсаған жансыз заттар жанды адамның жетіспейтінін жадына жазады да тұрады. Бүгін лашығына қайтып барып, түні бойы кірпік қақпай, ойды ойға ұрып, сал болып жату керектігі есіне түскенде:

— Беке!—деп жіберді. Жалыныш та, қуаныш та аралас-құралас үні тым тарғыл.— Беке, сіз жалғыз, мен жалғыз. Екі жарты бір бүтін болайық. Қолыңыз бос көрінеді, мені бүгін жалғыз қалдырмаңыз. Жалғыздық шаршатты. Жата-жастана шер тарқатайық. Әңгімеге тұздық табылар. Мен демалыстамын.

Белгібек сигаретін табанына салып өшірді де, қысқа ғана:

— Болсын!—деді.

* * *

Ары қарай қалай, қайтып өмір сүреді — ол турасында толғанбады, толғанатындай жағдай да пісіп жетілмесе керек. Оқиға пісіп-жетілу үшін алдымен өткен шақ таразыға салынып, қорытындылануы қажет. Тоғыз тарау жол түйілісінде тұр, ол тек соны түсінді. Енді қате жіберсе, оның ақыры оңдырмайды, ендеше, аз-мұз аялдап, демігін басып, төрт торабын түгендеуі қажет әуелі. Ең тамашасы сол, аталмыш ауыр күндері белгісіз бір қуаныш жүрегінде тамыр жайып, беки бастағандай — Қарашашты сүйеді екен. Мәселен, ай бұрын біреу: «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» деп көсемсісе, оны жүре тыңдар еді, өйткені жетімдер өздерін адам баласынан өзге тайпа деп санайтын. Келіншегі мұны еріксіз сол бір толқыны аспанға шапшып, күн-түн демей гуілдеп жатқан ұлы мұхит — адамзат қауымына жақындата түскен екен. Қоғамның кішкене макет ұясы семья болса, сол семья басы болған Елтай еріксіз сол қоғам тірлігіне араласқан екен. Ширек ғасырын жатақханаларда өткізген Елтайдың үлкен қатесі сол, келіншегіне әншейін жатақханалас дос-жаран деп қарапты. Жастайынан семьяның қызық, шыжығы қанына сіңбеген жігіт иілсе де сынбады. Оған жазу үстел қосылды. Әлі есінде, бір түні үстел басында көз майын тауысып отырды. Қарашаш мана пыс етіп ұйқтап кеткен. Бір уақытта талған көзін келіншегінің жылы алақаны жапты, омырауынан ыстық тап теуіп тұр, үстел астынан біреу тың тыңдап отырғандай сыбырлап; «Жатпаймысың, Елка?..» — деген. Алдындағы ақ қағаз бетіндегі тентек кейіпкерді жөнге сала алмай ширыққан Елкасы түскір мойнына оралған жұмсақ білекті жайлап жазды, әр дыбысын анықтай: «Егер мен саған күйеу болсам, менің де күйеуім бар, соны біліп қой»,— деді. «Қайдағы күйеу?» Елтай иегін қағаз, қаламға созыңқырап: «Ол күйеу — менің творчеством», — деген. Әлден уақытта арқасы мұздап бара жатты, келіншегі кетіп қалыпты. Ту сыртында төсек серіппесі сықыр етті, көз құйрығын батылсыз тастап еді, келіншегі бетін қабырғаға беріп, теріс қарап жатыр...

Белгібек екеуі екі үйді кезек жайлады. Әне, сонда осынау ыңғайда сөздің құлағын қылтитып, қажап көрген. Сөйтсе отыздың жуан ортасынан асқан сақа жігітке айтқан сөзі далаға кетіпті. Белгібегім қымс етсе дәбдірлеп, мұны да, Қарашашты да қостайды, оған салсаң, адам жазықты емес, жазмыш айыпты, «Саспа, қайда кетеді, не еді, ә, иә, «қатын ашуланса қазан қайнатар», келіншегің сәрсенбінің сәтті күні «Тескен таудың ар жағында, Балқан таудың бер жағында жатырмын, келіп алып кет» деп үшбу хат жазбаса арғы қолыңды бері әкел»,— деп, Елтайдың уайым-қайғысын жоққа шығарып, бәрін ауызбен оп-оңай орындай салады. Амал жоқ, сенбей тұрса да іші көп-көрім жылып қалады, сонымен бітті, Белгібек сирек тістерін көрсетіп шиқ-шиқ күледі. Куросава, Бергман, Трюффо сынды режиссерлерді талдап, қаза жөнеледі. Тап бір жаңағы режиссерлер нағыз өмір сүретін жойқын жан да, Қарашаш пен Елтай қуыршаққа таласып, төбелесіп жүрген бала-шаға сияқты. Ауылға барып сабақ беремін деген сөзін жаңалап қозғамады, оның өзі қалтасы қағылып, қарны ашқан кезде тіске басатын әңгіме, шамасы. Бас құрап, түтін түтетіп көрмеген Белгібек Қарашаш екеуіне әділ қазы бола алмады. Бұл тақырыпты одан әрі қаузаса Белгібекке екі қалпақты бірінің үстіне бірін киген мыжғау, деліқұлы адамдай көрінгендей екен, сонсоң бұл әңгімені таза доғарды. Елтайдан табаны күректей он жас үлкен болса да, әлі бала. Қалтасында бір тиыны жоқ әдетіне дейін аңғал-саңғал жатақханалық жігіт. Күн асқан сайын сөзі сұйылып барады. Үйленемін, бас құраймын дейді, сөз байласып жүрген шөпжелкесі жоқ. Семьяның темір тақымына түсіп қаламын деп қорқа ма, әлде баяғы балқаймақ тобырдың сауық-сайранынан қазір шет қалса да, негізгі заңдарын әлі ұмытпаған ба, үй-күй болу жағына аттап баспады.

Елтайдың онсыз да таяз қалтасының түбі аптадан соң анық көрінді. Тас кенеше жабысқан Белгібек арқасынан түспей, ақыры қызыл май қылды. Жан қысылғанда қара тер шығады, құлқын сәріден оразасын ашпаған екеуі бір күні екі пәтердегі бос бөтелкелерді жиып-теріп, рюкзакқа салды да, қабылдау пунктіне апарып өткізді.

...Елтай ұйқы мен ояудың арасында. Темір төсекте шынтақтап жатқан Белгібек шиқ-шиқ күліп:

— Түн ортасынан ауып кетіпті,— деді,— Қой, автовокзалға барып, таңғы сағат бестегі автобуспен ауылға жетіп алайын. Сен ұйықта. Кілтті көршілерге тастарсың.

Елтай:

— Шығарып салайын...— деді бейжай.

— Керегі жоқ. Маужырап қалдың. Демал.

— Байқа, жөліктер тонап кетпесін. Көшеге түнде шықпа.

— Белгібек көшеге жөліктер ұйықтаған кезде шығады.

Тағы да күлкі.

— Ауылда шұғыл шаруаң бар ма?

— Ақша керек.

— ?..

— Тәтем ертең пенсиясын алады...

Елтай желкесін диван арқалығына жастап, шалқалап жатқан жерінен басын көтеріп алды.

— Не дедің?

— Құлақ екеу, сөз біреу.

— Қанша сом... пенсиясы?

— Елу...

Шыны ма, әзілі ме? Жоқ, режиссер жігіт қаперсіз; төсек астына еңкейіп, бәтеңкесін алып жатыр.

Елтай білегіндегі сағатын сыпырды да, үстел үстіне тастады. Төсекте қалай болса солай жатқан пальтосын, құлақшынын киді.

— Қош бол! — деп, есікке беттеді.

Белгібек айран-асыр.

— Оу, бай патша, жеті түнде қайда барасың?

— Үйге. Төрт-ақ аялдама. Ауа таза ғой... Түнгі жүріс білінбейді, лезде жетіп барамын.

Белгібек:

— Сағатыңды ұмытпа! — деді. Дәнеңе ұқпапты.

— Сағат қалсын, саған басымен бердім.

— О неге?

— Шешейге барма. Мынаны сат та, талғажау ет. Қош бол!

— Оу, болмайды. Сағатыңды ал. Электрон екен, маған керек сағат, саған да керек. Ақша табылады. Апамнан аламын деп айтпадым ба.

Елтай босағаны екі қолымен керіп тұрып:

— Бұдан былай біз көріспейміз, Беке! Фильм түсіресің бе, жүк тасисың ба, есектің артын жуып, мал табасың ба, қайтсең өйт, тәтеңнің аз пенсиясына көз сатып, алақан жайғаныңды қойған күні ғана менің табалдырығымды атта! Оған дейін менің есігім сен үшін тас жабық, — деді.

— Елтай...

Көшеге шығып еді, ауа күндізгі көк ала газдан арылыпты, тұнып тұр. Көкірегін кере дем алды. Көше үстінде көзге әрең шалынатын көгілдір сызықтар қалқиды — діңкиген жартас үйдің иығынан соқыр ай сығалайды. Алыстан светофор қызарады, неон рекламалар ағарады. Вокзал жақтан тепловоз созалаңдап қышқырды.

Басы сәл тазарғасын, ашуы басылып, пенделік ойлар ойлады. «Нең бар еді? Бір қария, бір бала, екеуі елбесіп-селбесіп, күн кешіп жатыр... Қу жаныңды қоярға жер таба алмай сенделіп жүріп, басқаға үкім айтқан не теңің?»

Мезетінде үн естілді:

— Елеке! Ау, Елеке! Сен қайдасың? Елеке..

Он қадам жерде Белгібек отыра қалып, тұра қалып, соқыртеке ойнаған балаша жер сипалап, қармаланып жүр. Елтайдың сағатын түсіріп алған ба, немене? Таяқ тастам жерде тұрған Елекесін көрмейді. «Алкоголики жисть упрощают до невыносимости...» — деп күйінуші еді баяғыда бригадир Елизар кейбір жігіттер жұмысқа шықпай қалған күні. Елтай мырс етті, мүйіс айналды.

***

Ертеңінде түске таман оянды. Сөре де, мұздатқыш та тіске басардан тап-таза. Ішінде анау-мынау тұрмаса мұздатқыш екеш мұздатқыш та гуілдеп, тыныштық бермейді екен, розеткадан айырып тастады. Ертең — жұмыс... Сылбыр киініп отырып, бүгін редакцияға кіріп шығуға бел байлады. Жаманат жерде жатпайды, Қарашаш жайы ауыздан ауызға көшіп, редакцияға да жеткен шығар. Қызметкерлердің көбі Елтайдың құрдас, құрбысы, семья тауқыметін өздері де арқалап жүр, ендеше, қара қылды қақ жарып, дәл үкім айтатын да солар. Іс насырға шапса, өз өтінішімен жұмыстан босанады...

Жазуды қоя тұрады. Әр кітаптан қағып оқыған, тәп-тәуір монтаждалған шала-жансар дүниелері кімге дәрі? Ала-құла ортада өсті, ал халық болса басқа өрісте. Сол ауылдың қалың қойнауынан шыққан Қарашашпен дәм-тұзы жараспады. Қыстағы командировка нені ымдады? Қодар, Қытандар не деді? Аяз, әліңді біл, құмырсқа, жолыңды біл деп аузын артына қаратып жіберді. Өлмейді. Күрек, сүймен, вибраторды ұмыта қойған жоқ. Жай-жапсарын жақсы білетін етене ортаға кетіп, үйреншікті жұмысына жегіледі.

...Көше азан-қазан. Ағылған әр машинаның құйрығы — кілкіген шаң. Кір ауа кеудені қабады. Қыс кетсе де асыл-жасыл көктем әлі келмеген өліара кез. Әуелеген ағаш бұтақтары шимай-шимай. Өлі жүндері бұрқыраған ит, мысық әнеугүнгідей қағынбайды, ырылдасып, шапылдаспайды, қақпа-қақпа түбін иіскелеп, дуалда бүк түсіп, маужырап отыр. Адамдар да қара ала, торы ала. Қысқы жүн свитер, плащ, пальтомен пысынап жүргендер де, сұр шалбар, джинсы, жеңіл күрткелілер де жетерлік. Қызыл, жасыл, сары киімді қыз-келіншектер әр бұрыштан қылтылдайды. Көше де Елтайдың көңіл күйіндей не бақа, не балық емес, әрі-сәрі екен.

...Редакцияға он екі жарым шамасында жетті. Дәлізде қарайған жан жоқ: түскі үзіліс... «Мен білетін Абыралы болса, баяғыда-ақ асханада отыр өңкиіп, өкініш болмасын, көз сала кетейін». Түкпірдегі тілші хаттары бөліміне бас сұғып еді, бөлімнің төрт көзі түгел. Бәрі де жұмыс үстінде. Нақ төрдегі үстелді Абыралы кең-молынан алыпты; қоңыр костюм, жол-жол ақ көйлек, тоқпақтай галстук, не қыласың, басын сәл қисайтып, сипақтатып жазады дейсің, жазады. Басын көтерген жоқ:

— Кіре беріңіз! — деді.

Жұмысты қырып тастамаса да «отырамын он ай» жасамыс екі әйелге бас изеп амандасты, Абыралының қасына келіп, иығына қолын салды.

— Жұмыс көбейсін, бастық!

Қасып сөйлейтін қыршаңқылығы жоқ еді, бүгін әбілет басты. Ұрының арты қуыс, бір айда керіктей кеудесі басылып-ақ қалған екен, даусы жалған шықты. Абыралы да өзгеріпті. Ерепайсыз үлкен галстук байлаған адам лыпасыз, тыр жалаңаш қарғыбаумен отырғандай көрінеді екен. Ай бұрын астында қозғалған сайын сықырлайтын ескі орындық болушы еді, бұл күнде маңғұлдың атындай жатаған, айналмалы креслоны ерттеп мініпті.

Жаман көзімен төменнен жоғары ата қараған Абыралының өңі сәл ғана жылыды.

— Есен-саумысың, Елтай? — деді ерін ұшымен былқ еткізіп. Жігіт басқа соққан аттай мәңгірді. Ыржың етіп, орнынан атып тұратын, мұны құшағына алып, иығынан қағып: «О, Елтай! О, қайдан жүрсің, ей? Неге келмедің, неге телефон соқпадың? Әй, жүрші өзің, әңгіме бар», — деп, адамшылыққа келіп, алдындағы қағазын шала-пұла жиыстыра салатын бұрынғы Абыралы қайда?

Елтай есін жиғанда, досы қауға басын қара ала қағазға қайта салып жіберіпті: бірақ манағы маржандай күлгін жазулары қазір қиқы-жиқы, ірі-ірі. Жұмысқа жан-тәнімен кіріскен екі апай да: «Сөйлей беріңдер, біз тыңдап отырмыз», — дегендей үнсіз тымыраяды. Жыны құрыстаған жігіт:

— Әбеке! Өлгенбісің, немене, жұмыстан? Күйіп бара жатса да тасташы андағыңды. Көріспегелі көп болды, жүр, сыраны бір армансыз сыңғытайық, — деп, әдейі қаңғыр-күңгір етті. Оған кеңкілдеген күлкісін қосты.

Абыралының қаламы қалт тоқтады: есінен танып отырды, отырды да, көзінің астымен екі әйелге кезек қарады, галстугын түзеді, содан қуат алды ма, креслоға қоса айналып, басын көтерді.

— Ой, сен де... Не? — Іле аузынан біреу отыртып жібергендей жым болды, өлген үнмен:— Шығып сөйлесейік,— деді.

Күйік пен күлкіге тұншыққан Елтай алға түсті. Абыралы тым жақын көкжиектерге бет алыпты: дұрыс-ақ десін, шелегіне қарай піспегі, мұртына қарай іскегі, бірақ ара-тұра желе жортып, аянмен қиналмай жететін көкжиек құрғырына мұншалықты күшеніп, төрт аяқтай еңбектеп ұмтылғаны несі? Сонау кездерде, кафеде айтушы еді: «Бастық алдында берекем қашып, дыбырлап сала беремін, өзімді қалай ұстап, қалай сөйлеу керек, ол жағы кабинетінен шыққасын ғана есіме түседі, өспейтін бала сөйтеді, маған бастық болу түсіп қалып па». Бөлім меңгерушілігіне қолы жеткен Абыралы өзін үлкен бастық қана емес, өз-өзінің алдында да ұстай алмайтын сасқалақ екен.

Бөлмеде бастық болған Абыралы оңашада аяқ астынан өзгеріп, бұрынғыдай дос болуға тырысты. Оның өзі де соңғы өзгерістерге лайықтап түзетілген, үстіріктелген ниет...

— Әй, өзің де... дәңгірлеп! Ел құлағы елу, «сыра ішейігің» бас редактордың құлағына «арақ ішейік» деп жетпей ме. Сен сияқты ерігіп жүрген жоқпыз, қызметтеміз. Суқанымды ұшырдың, пәлекет...— деп, өз сөзінен өзі табаны тайып, тиянақсыз бітірді. Елтай үнсіз. «Бүйтіп кәңгірлеп жалған сөйлегеннен гөрі бөлімдегі қатып-семгені дұрыс екен». Демде құбылып, бағасын мүлдем түсірді. Ең қызығы, мұны өзі біліп тұрған жоқ, басқаға да Елтайға да есебін тауып, жақсы атты көріндім деп, мәре-сәре.

Елтай жігіттер не күйде, не пікірде, оны сұраған жоқ, өйткені, құбылмалы кісі дәл, айқын пікір айта алмайды.

Тез құтылуы үшін өтірік те айта салуы ықтимал.

— Келер айға дейін отыз сом қарыз бер,— деп, тікесінен салды. Қолдан жасаған будан қасиеттері әлі санасына сіңіп үлгермеген бе, Абыралы бөгелмеді.

— Міне!— Ақшаны Елтайдың алақанына қыстырып тұрып: — Сен өзің... ертең жұмысқа шығамысың? — деді. «Әлде мүлдем шықпаймысың?» деген олақ ым... Алаңғасар Абыралы екеш Абыралы жұмысқа қашан шығатынын білсе, Елтай хақында әжептәуір әңгіме қозғалған. «Шығамысың, шықпаймысың?» — деп созбақтап тұрса: «Не істесе соны істесін», — деп, қолдарын сілтеген. Сөйлесер сөз қалмапты.

— Сау бол! — деді сырт айнала беріп.

— Тоқтай тұр! — Бұрылды. Абыралы салқындау сығалап қарап тұр.— Қарашаштың обалын маған арқалатып кеттің-ау. Екеуіңді таныстырған мен едім. — Бастық, достық кәдесін жасап біткен Абыралы енді айыптаушыға айналды.

— Кетсе өз аяғымен кетті.— Бетінің бір жерлері суып барады.

— Есті жігіттен келіншек өз аяғымен кете ме?

Бетіне ду етіп, қан тепті.

— Есті келіншек құрығанда алдыдан бір өтіп кетер еді, орамалын қолына алып қашпас еді.

— Сенбей тұрмын...

— Сенбесең басыңа келсін. Сау бол!

Бұрылды да, көре-көре адымдап, кете барды.

...Баспа үйіне баратын автобусқа мінді. Екі иығынан жүк түскендей, өзін жеңіл сезінді — жағдай белгілі. Кетеуі кеткен өмірі келіншегі қашқасын Қожанасырдың бейітіндей түзелмеске беттепті. Әуелі баспадан қолжазбасын алып, қош айтады. Ертең редакцияға келіп, жұмыстан басын азаттайды. Екі қолға бір жұмыс, құрылысқа барады. Арғы жағын көре жатар. Ең бастысы, «Кім не ойлап жүр?» — деген шие шешілді, о да білген жанға үлкен табыс.

Көшені кесіп өтіп, ернеуге табан іліктіргені сол, дәл қасына қара «Волга» сыр етіп тоқтады. «Бұл қара сүлікті қайдан көрдім?» — деді де, ары қарай дамытпады. Елтайдан жүйелі ой қашқалы қашан, ылғи да арасы байланыспаған үзік-үзік бірдеңелер... Еңкейіп шалбарының балағын қақты да, ары қарай қайқая берген.

— Сыпатайыч!

Қолбаңдау бұрылып, соңына қараса, «Волга» ішінен Виктор Викторович бас қылтитады. Миының бір жері шық етті. Екі ойлы күйде аңтарылып тұр.

— Бері кел!

Амалсыз машинаға беттеді. Жолай екі-үш күн ұстара тимеген иегі мен жағын сипап еді, тікенектеп кетіпті. Домбығып іскен беті ұстаса көлк-көлк еткендей.

— Танымадың, ә, Сыпатайыч? Бермен жақында, сонда шырамытасың...— Кабинадан қойқалақтап әрең шыққан хатшының көзі күлмің-күлмің етеді.

Виктор Викторовичті көрмегелі не заман... Одан бері басынан не әлемет оқиға өтті. Егер біреу жарты сағат бұрын: «Жоға, ол кісіге өткен күзде кездесіп, сұқбаттасқаның түп-түгел өтірік», — десе, ойланбастан бас изер еді. Бір мойындығы сол ғой, телефон шалып болса да хал сұрауға жараған жоқ. «Волганың» қасына келгесін ғана өткен жылы желтоқсанда мына сүлік қараға мінгені, шалдың үй-жайын көргені, шын жүректен ақтарылғаны миына кіре бастады.

Виктор Викторович:

— Аман ба, батыр? — деп, қолын созғанда барып, жүзіне тіктеп қарады. Ерін ұшындағы зордың күшімен шыққан қаймыжық күлкіні жинап алды. Танымаса, жөні бар екен. Анау күздегі торсық шеке, кең кеуделі Виктор Викторович көзден бұлбұл ұшыпты. Сылып алғандай жүдеген. Қалың плащы қолқылдап тұр, бет әжімдері тереңдеп, ұрты, көз аңғалағы білем-білем, мұрты салбырап, аузы үлкейе түскен. Адам қартайса да, көз қартаймайды екен, жаһұт түстес жанары бәз-баяғы, «Өзің білетін Виктор Викторовичпін», — деп, сөніп жанады, сөніп жанады. Мінезі де сол мінез, іссіз бос отырып қалған жан тірлікке араласса, қолы аяғына тимей алып-ұшушы еді, мына кісі де қунақ, тың.

Елтай:

— Келуіңізбен! Ғафу етіңіз... — деп, міңгірлей беріп еді, сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кете ме, алпамсадай хатшы:

— Ербиіп тұрған жерінде ұрып алайын ба осы? — деп, кәдуілгі ең жақын жанға оңай айнала салды. Елтайдың жүрегі орныға бастағандай. Өңі кіріп, еркінси бастады.

— Ерік сізде... Айып менен.

— Жарайды, біз көшеде емес, кабинетте ұрсамыз. Асығыс жұмысың жоқ па?

— Мына баспаға...

— Ә, онда баспаға қолыңды бір сілте де, кел, машинаға мін. Баспа ешқайда қашпайды. Ғұмыр бойы осының табалдырығын тоздырып өтесің, ертең де үлгересің.— Кабинаның артқы есігінен ішке өзі бастап кірді. Елтай доңғалаққа батпақ туфлиін екі-үш рет қағып алды, қысылып-қымтырыла жайғасты. Виктор Викторовичтің жолыққанына қуанбаса, ренжімеді. Елтай ес білгеннен бері жақсылықты көбіне жеке адам емес, үкімет, қоғамнан көрді. Виктор Викторович, өзі айтпақтайын, бұл үшін әке екені рас. Алайда ол ең алдымен әлгі жақсылықтардың қайнар бұлағы — партияның адамы еді. Партияның не мәселеге де айқын, анық кесіммен келіп, сөз бұйдаға салмай тез, әділ шешетін, бойын жасырмай, биікте бар мінез-құлқымен құлпырып тұратын ескі көз кадрларының орны ерекше бөлек екенін біраз уәлі ауыздан естіп еді. Оған қоса Виктор Викторович оққа кеудесін төсеп, қан көрген ардагер, бұл өмірде не қымбат, не арзан, оны жақсы біледі, арзаннан алыс жүрсе, қымбатын қадірлей біледі. Ана жолы тегіннен тегін: «Алдымен әкең Сыпатай, содан кейін сен қымбатсың»,— демеген шығар. Ендеше, күйзелген Елтайдың емін бір тапса, осы Виктор Викторович табар.

Артқы жақ өртеніп жатса да шаруасы шамалы, жуан мойын шоферіне хатшы:

— Қасым, үйге тура тарт! — деді. Ойланды. Бір уақытта:— Жағдайың қалай, Елтай? — деді елеусіз ғана.

— Орташа.

— Азыңқырап кетіпсің. Мен білсем, кеп бар, ә?..

— Бар.

— Қыс ортасы ауа біздің үйдегі шешең: «Келінді көрдім»,— деп кәукелектеп қуанып еді. «Бет моншағы үзілген келісті бала, Елтай жарады!» — деп, екеуіңді кезек-кезек мақтасын. Келін үйде ме? Неге хабарласпадыңдар? Біз күттік...

Жігіт бөгелді. Сүйінші сұрайтындай себеп болса, хабарласқанға не жетсін. Олқылы-толқылы мынау жастық кешулері, әрине, жамандық емес, бірақ жақсылыққа да жатқызбады. Не бота, не түйе деуге келмейтін дүбара, өлез күйін не бетімен жақсылық дейді? Кешегі соғыста Сыпатайды тек биіктен көрген хатшы бүгін Елтайды ойықта көрсе, ол қалай — осыны ойлап еді.

Өлсең де шындық керек. Виктор Викторович — сол шындығың. Демін тереңнен алған Елтай:

— Келініңіз... үйде жоқ,— деді ап-анық ғып.

Хатшы қазбаламады.

— Онда әңгіме ұзақ екен. Шер тарқатайық бүгін. Менің де айтарым көп. Қап-қап хикая. Үлкен қаптар!— деп, бас бармағын шошайтып, көзін ежірейтті.— Әлфия Юлаевна үйде, пенсияда. Шыққысы келмей, қырсығып бақты, «Кезінде аянбай еңбек еттік, барымызды қоғамнан аяған жоқпыз, қайратты, білімді, алғыр жастарға жол бер, ойбай-ау, екеуміз қартайып қалдық қой, соны білемісің?»— деп, мен де тықақтап қоймадым. «Қызмет қалса да, қоғамдық жұмысымды тастамаймын»,— деген апаң көнбеді, іргедегі мектепте педсовет мүшесі, жасөспірімдер комиссиясы дей ме, әйтеуір, дамыл жоқ. Пенсияға шығып, демала ма десем, жұмысы мүлдем көбейді. Қалған аз жылда жұмыс-жұмыс деп шаншыла бермей, көз көретін, қол созса жететін жерден табылайық деген түпкі есебім жайына қалды.— Күлді.— Бюллетеньдемін, емханадан шығып келе жатқан бетім. Қыс бойы келін екеуіңе деп сақтап қойғанын бір жайпайық бүгін. «Бір күн ашыққаннан қырық күн ақыл сұрама» дей ме қазақтар, ә, Елтай?

Жігіт: «Менің тозық халымды айтқызбай біліп, соны мегзей ме мына сұңғыла шал?»— деп, көзінің астымен бағып еді, жоқ, алға қарап, қаннен-қаперсіз ағылып отыр.

— ...Бәйбіше, а, бәйбіше, қонақ келді, қарсы ал!

Ванна ішінен:

— Витясың ба? Қазір, қазір! — деген үн көмескі естілді.

— Ал, шешініп, өз үйіңдей көріп...— Хатшы тілін тістеді, соңғы сөз Елтай үшін артық екенін кеш сезді.— Жайғаса бер. Мен беті-қол шайып, емхананың иіс-қоңысын кетірейін.— Лып етіп, ваннаға кірді.

Елтайдың құрыс-тырысы жазылайын деді. Шалға дән риза: алты ай қыс хабар-ошарсыз жоғалып кеткені, Қарашашты әкеліп таныстырмағаны жайлы тіс жармады. «Біз күттік»,— деді, сонымен бітті. «Бюллетеньдемін», — деп, емеурін ғана білдірсе де, іштей қаупі күшті, сақарға салғандай аппақ болып жүдепті, ауруы хақында ауыз ашпады, адам қорыққан нәрсесінен қашады ғой.

Ваннадан шыққан Әлфия Юлаевна маңдайынан өпті.

— Амансың ба, қалқам?

Қарашаш туралы әңгіме қозғамады, Виктор Викторович біраз жайды ескертіп үлгерген, сірә.

Өзі де жинақы, басқаның бойынан да соны іздеп, сын көзбен қарайтын Әлфия Юлаевна осы жолы жүдеу Елтайға мән бермеді, және де бұл тәлім-тәрбиелі жанның сыртқа сыр алдырмайтын сыпайылығынан гөрі басқа бір күпті көңілді байқатқандай. Қыстағы толықсыған бәйбішеден айналасы үш-төрт айда шөгіп, кемпірге айнала салыпты, жүрісі қариялардың кәдімгі тыпың-тыпың жыбырлағы... Елтайдың маңдайынан өпкен ерні де кеберсіген құп-құрғақ, ақ молынан кірген шашы бобыраңқы, қалай айтса да тым асығыс қартаюдың іздері сайрап жатыр. Ауызбірлігі мықты, шаңырағы шайқалып, босағасы теңселмеген бақытты ерлі-зайыптылар келе-келе кіріге, тұтаса келіп, бір адамға айналады, шалының қаусап қалған халы бұл кісіні де меңдетіп жүр, шамасы. Қыста ғана дүкен аралап, аптека барып, зыр жүгіріп жүрген апай деуге аузың бармайды. Сөз рәсімі де қунақ емес, бүгінгі халге қайта-қайта айналып соғып, шатаса берді.

— Келінді ертіп келмедің ғой, Елтайжан. Витя ұлын ұяға қондырып, қызын қияға баяғыда ұшырып, той-томалақты сағынып қалған ба, әке-шешелік кәдемізді қашан жасаймыз деп, құлағымның құрышын жеп қойды. Партияның нақты, жылдам жұмысына үйренген, бірдеңені шет жағалап естіп қалса, қашан көзбен көріп, қолмен ұстағанша дегбірі қалмайды. — Деді де, ерніне сұқ қолын апара беріп, қатты да қалды; жұбайының ваннадағы; «Қарашаш мәселесіне жолама» деген ескертпесі есіне түсті, білем. Келін, той дегенде қай әйел шыдаушы еді, апай да сыр беріп алды. Ары бұрыла беріп:— Өз денсаулығына да өстіп көңіл бөлсе...— деп, қожыраңқырап барып, — Дом советтеріне өте бер, Елтайжан. Түскі ас әзір, мақтап жүреді екенсің, жақсы келдің,— деп, ауған көшін түпкілікті түзеді.

Ac үстінде әңгіме қопарылып қозғалған жоқ. Қариялар алыстағы балаларын, жиі-жиі телефон соғып туратын немерелерінің шолжаң тілі мен қызық қылықтарын тілге тиек етті. Туған, өскен ұяларына жыл он екі айда бір келетін балаларына өкпе, өкініш те еміс-еміс сезілгендей. Әлфия Юлаевна кеселер босай бере: «Қарашаш келін...» — дей беріп еді, ері жай ғана қарап еді, жым болды, педсовет жайын қазғылап кетті.

Дастарқан жиыла бере, «Сарыағашты» қолтығына қысқан хатшы көзімен екі фужерді нұсқады.

— Кеттік!

Әлфия Юлаевна дастарқанды жинал жатып:

— Мен мектебіме барып келейін. Бүгін педсовет болушы еді. Жолай көк базар, дүкендерге соғып, үйге кеш келемін, — деді.

— О, жақсы сөз... Көк базарың маған жағады. Пельменге қосатын ащы-тұщыңды ұмытпа. Қасымды үйіне жібер. Баласы тымауратып қалыпты, дәрігерге апарсын.

Елтай қыс бойы езі түгіл, көлеңкесін көрсетпеді, бүгін қолға түскен екен, бәлем, енді тырп етіп көрсін.

— Өзім де сол ойдамын. Денсаулығыңа абай бол, Витя...— деп, сөзін кәрі педагогтың әдетімен кітабилау бастаған Юлаевна аяғын кәдімгі қам көңіл кемпірдей босаң аяқтады.

Өткен күзде қыздың жиған жүгіндей жып-жинақы кабинет қазір ашық-шашық, сөредегі кітаптардың біразының жазулары теріс тұр, латын әрпі ме деп қаласың, газет-журналдар аласа үстел мен орындық үстінде ыбырсып жатыр. Виктор Викторович кітапты көп оқиды, шамасы, ауру-сырқау болса кітап оқымағанда не бітіреді, ал кітапты шын сүйетіндер шашып оқиды, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, сыралғы көз болмаса, сырт адам байқай бермейтін көңілсіздік, самарқаулық бөлмені жайлап алған: алыс жолға аттанар жолаушының үй іші өстіп ыбырсып жататын.

Елтайдың қабағындағы кірбіңді байқап қалды ма, Виктор Викторович босағада тұрып пәс сөйледі.

— Көп жыл тұтынған заттар да иесіне сай бола ма, білмеймін, Юлаевна екеуміз бүгін тырбанып жинап қойсақ, ертең шашылып жатады. Тап бір сиқырлы мекен-жайда тұрып жатқандайсың... Түн ортасына қарай әлдекім тас еденді жарып шығып, үй ішін әптер-тәптер етіп ойнап-ойнап, таң ата жер астына қайта түсіп, жоқ болатындай,— деп бұлдыратып аяқтады.

Жігіт үндемеді, үндесе болды, аяусыз шындықты дүңк еткізіп айтып салатынына кәміл сенімді.

Виктор Викторович кабинетке кірісімен саябыр тартып, әр сөзін баяу, баптап сөйлейтін имантаразы шалға айналды; дастарқан басындағы әзіл-қалжың жайына қалды. О баста Елтай: «Аттың сыры иесіне мәлім, бұл кісіге жұмыс кабинеті не, үй не, бәрібір, Виктор Викторович хатшылығына басқан шығар», — деп ойлап еді. Қалай болса солай жатқан газет-журнал, кітаптарды көргесін басқа ойға табан тіреді: жо-жоқ, сырдаң әзіл-қалжың Юлаевнаның көзін алдау үшін айтылған екен, кемпірі сары уайымға салынбас үшін: «Көріп тұр, көңіл күй жақсы, өзің білетін баяғы даудыраған Витямын, тәнім кәрі болса да жаны жас адаммын», — деп көз алдаған қыр екен.

Ой кемесіне мінген жігіт: «Шалдікі не дерт, неге айтпайды?» — деді іштей. Хатшы да оған күдік аралас жасқаншақ көзбен қарады: шамасы, Елтай әлденені сезіп отыр деп ұйғарды. Жаны қаяулы кісінің сезімі ұшқыр келеді.

Елтайды да, өзін де әңгімеге алдандырғысы келді-ау, асылы, хатшы жаңа кітаптарын тізбеледі. Сүт пісірімнен соң жігіт әбден балбырап, еті босаңқырай бастады. Қартың да әңгіме бағытын кілт бұрып, өкпе тұстан тап берді.

— Жә, Елтай, біз көріспегелі, міне, бесінші айдың жүзі. Санаторийден санаторийге шапқылап, тыным таппаған мен екібастан кінәлімін. Әңгіме онда емес. Әңгіме — сен туралы. Былтыр күзде өзіңді көргенімде: «Тумай тартпағыр, Сыпатай қайта тіріліп келді ме?» — деп, қуанышым қойныма сыймаған. Өңіңде шырай, көзіңде от бар еді. Жүрісің қунақы болатын. Ал мана көшеде... әрең таныдым. Сені біздің машина қағып кете жаздамағанда танымайтын да едім. Басыңда басқаға бітеу, өзіңе аян кеп бар секілді. Әкең екеуіміз қандас бауыр едік. Бауырдан да жақынбыз. Бар болсаң көре алмайтын, жоқ болсаң бере алмайтын бауырдың беті ары. Бүгін қарсы алдыңда ақыл соғып отырсам, ол ең алдымен әкеңнің арқасы. Тамыр-тамырымда Сыпатайдың ыстық қаны лыпылдай соғып тұр. Ендеше, әкеңнің сөзін бүгін мен сөйлеймін, сен де туған әкеңнің алдында есеп беріп отырмын деп есепте. — Елтай әнтек жайылып кеткен қол-аяғын жинап алды.— Сөзім сөз бе?

Жауап кідіріп барып қайтты.

— Сөз...

— Ендеше, адалыңды айт, ағыңнан жарыл.

Елтай ер еді — аз сөйлейтін. Осы жолы аянбады, армансыз көсілді. «Тамыр-тамырымда әкеңнің ыстық қаны лыпылдай соғып тұр», — деген сөз миын қозғады. Әуелгіде жиі мүдіріп, бөліп-бөліп айтылған сөз тамшылары келе-келе бұлаққа айналды, одан арнасы кеңейе түсіп, кен жазыққа шапқылап шықты, көл-көсір өзенге айналды. Көңілінде кір қалдырған жоқ, сыр сандығының аузын ашты, себебі, жиырма сегіз жасты жиған қысқа да ұзақ ғұмырында тұңғыш рет әкемен жүздесіп отыр: креслоға шалқая түсіп, көзін жұмған әрі орыс, әрі украин, әрі қазақ қандас шалдың тұла бойынан ақ қағаздай адал бауыр ғана сезінетін жылы шуақ төгіліп тұр, жақтан басты айырмайтын ақ ниет жанашырлығы мұның үстінде, бұл ақ ниет пен жанашырлықты бұған дейін ұзына жол бойында кездескен жандардың сөзі мен көзінен еміс-еміс сезіп жүрсе де, мына кабинетте анық ұқты, ұқты да бар ділімен сенді. Бұл сезімді бұдан дейін тек Қарашашпен алғаш кездескенде ғана бастан кешіп еді. Қарашаш жайын, өз жағдайын, жұмысындағы кірбеңді, өмір танымындағы әзір түбі көріне қоймаған итіс-тартыс кереғар ұғымдарды, балалар үйіндегі кешегісі мен бүгіні қайшы келіп, әр тарапқа тартып жүргенін қырындысына дейін қалдырмай сағат бойы жіліктеді. Тақ-тұқ қисынды сөзге жүгінген жан еді, бүйтіп шашылып-төгілу нардың жүгін көтерумен тең екен, самайы солқылдап, мең-зең басын көтере алмай, екі қолын тізесіне қойған күйі сұлқ отырып қалды.

Сөз арасына қысқа-қысқа сұрақтар қыстырып, иә бөгелгенде демеп жіберіп, қуаттап отырған Виктор Викторович те сұқ саусағымен кресло жиегін тықылдатып, ойға шомды. Әлден уақытта жұмған көзін ашып, түзеліп алды.

— От пен судан өткен екенсің, Елтай. Қинал, жазушылықтың басты шарты да қиналыс, мен білсем. Қолына қалам ұстаған жан елдің сырқатын доп табатын тамыршы іспеттес. Ұлт өкілі болғасын өзі де ауырады. Үлкен ойға үлкен күйзеліс, мехнатпен жетесің.— Хатшы ой толқыны көтеріп кеткендей журнал үстелінде жатқан сіріңке, сигаретке қол созып қалды.— Жә, түйткілсіз, басы ашық әңгімеңе көптен көп рақмет. Үлкен оқиғаларды бастан кешетін, пәрменді шешімдер жасайтын азаматтыққа аяқ артыпсың. Ал бес айға созылған тағдыр талқысы саған қандай ой салды, нендей пікір түйдің, сараладың ба, жоқ па?

Бәсе, не түйіп еді? Пәлендей ауыз жарытарлық ештеңе жоқ секілді.

— Анық білмеймін, Виктор Викторович. Қарашаш, Азелла, Қодар, Қытан, Абыралы, қарт жазушы бар, бәрі-бәріміз аспанмен тілдескен сексен қабат үйдің ара ұясындай көп пәтерінде жалғыздан жалғыз тұрып жатқан сияқтымыз... Айқайласақ бір-бірімізге дауысымыз жетпейді, бетпе-бет кездессек сөзіміз қабыспайды, кейде қабағымыз келіспейді. Қаланың шым-шытырық көшелерін кезіп, алға тартып келеміз. Сосын бір үйдің бұрышына маңдай соғамыз... Тоқпақтай болып іскен шекені сипалап; «Қап, байқамаппын, жүрер жолым басқа екен-ау», — деп, тротуарға әрең түсеміз.

Қарт орнынан найқала тұрды, аяғын ауыр басып, арлы-берлі адымдай бастады. Ол қат-қабат ойын адымдап өлшеп жүргендей.

— Уақты жоғалтсаң жоғалт, бірақ уақ ұғымдарды іздеуден сақтан. Баспада сүрленіп жатқан кітабың ұпайын түгендеп, анау Азелла деген қызға бола келініңіз ат кекілін кесті десең мен нанбаған болар едім. Мына әңгімең мені қозғады. Иә, жүз ауыз сөз айттық. Жүз аузыңды бір сөзбен түйіндеп көрші, не шығады, көрелік.

Шал көпе-көрінеу шымыр тартты. Әдеттегі «Сыпатайыч», «Елтайжан» деген бауырмалдықты жылы жауып қойды, әрі ауыр, әрі екеуіне де керекті, екеуін де көптен бері меңдетіп жүрген хикаяны бастап кеткен тәрізді.

— Өліара...— деді Елтай. Деді де таң қалды: бұрын аузына түспеген тың сөз. Асылы, жаңа өз-өзін қарт алдында қалың дәптер бетіндей біртіндеп ашып отырғанда қайнап піскен ойдың бір түйірі-ау.

— Өліара дейсің бе? Ұшқары, ұшқарылау... Ел ілгері үдере көшіп барады. Ұлы да салқар көш, әдетте, ара қонып, қос көтеріп, келер сапарға күш жинайды. Сенің нұсқағаның осы аз тыныс, сәл дамылдау. Ұлы Октябрь революциясына дейінгі дала жағдайын сен сұрама, мен айтпайын. Көшпелі қазақ атқа мініп, арлы-берлі шауып-шауып алатын, бірақ таусылып бітпейтін кен жазираның шет-шегіне жете алмай тізгін тартатын. Тынық мұхиттағы алақандай атолл мен коралл аралдарын іздеп тапқан мазасыз әлем жарты Европадай елді елемеді. Сөйткен далаға әуелі жеті жұт боран мен аяз батыр еді, қалған шаруаны Шыңғысхан, Ақсақ Темір, жоңғар басқыншылары бітіріп жатты.

— Не себеп оған?

— Өзің айтып көрші.

Елтай бөгелді. Ерте заманғы көшпелілер туралы біраз кітапты қағып оқығаны бар еді.

— Неолит дәуірінде, осыдан төрт мың жыл бұрын малшылық-егіншілікпен қоса жоғары дамыған металлургия қалыптасты... Көшпелілер адамзат әлемінің ең құдіретті күштерінің бірі болды. Александр Македонский осы даладан шегінді, Дарий тауы осы далада шағылды, оның кегін қуып келген Кир патша қанға тұншықты... Күншығыстағы Қытай империясы байтақ даладан ұлтарақтай жер жаулап ала алмады...

— Сәл тоқтап тұр... Кәне, әділ төреші кітапқа үңіліп көрелік.— Виктор Викторович сөреден бірнеше қалың кітапты суырып алды. Арасына белгі қағаз салынған беттерін тездетіп ашты.— Тарих атасы Геродот скифтер туралы былай депті: «Бұл елде мыс пен алтын аткөпір.

Олардың найза, жебе, айбалта сияқты қару-жарақтары жезден соғылғанымен, оның есесіне бас киімдері мен белдік, кісесінен бастап, ат әбзелдеріне дейін алтынмен апталған». Күні кеше есіктен табылған Алтын киімді адам есіңде шығар?

Жігіт басын изеді.

— Ал, жарайды, Геродотқа күдікпен қарайық. Ал белгілі геолог С. X. Болл бір ғана Жезқазған төңірегіндегі кен-қазба қалдықтарын зерттей келіп, біздің заманымызға дейін миллион тонна кен өндірілгенін, одан ондаған мың тонна жез алынғанын анықтап отыр. Мына бір жазушы өзінің «Күңгір-күңгір күмбездер» атты кітабында академик Әлкей Марғұланның «Орталық Қазақстандағы Беғазы-Дәндібай» деп аталатын еңбегінен үзінді келтіріпті: «Орталық Қазақстан ескерткіштерінің мағлұматтары бұл жерде қола дәуірінен кейін, біздің заманымызға дейінгі XIII—XII ғасырларда-ақ темірдің молынан ендіріле бастағанын спектральді талдау анықтап беріп отыр... Үлкен өндіріс — әрқашан да үлкен мәдениеттің айғағы».

— Сол үлкен мәдениетіміз қалайша, қай заманда құрып кеткен?

— Ұлы Карл Маркс оны да түйіндеп айтып берген... Міне, қара: «Кочевое хозяйство не поддается, не подлежит совершенству...» Көшпелі өмір салты тым-тым ұзаққа созылды. Өйткені, ол жергілікті жердің географиясына, климатына әбден лайықталған шаруашылық болатын. Есесіне үлкен мәдениет қалды бізге. «Күңгір-күңгір күмбезіміз» тағы былай дейді: «Тарих сахнасында үш мың жыл шамасында тасы өрге домалаған өзіндік болмыс-бітімі бөлек көшпелілер империясы бүгінгі ұрпақтары үшін байлық та, бак та қалдырған жоқ. Сөйтсе дағы ойсыз көзге шалына бермес асыл мұра — тіршілік салтының болмыс-бедері біздің кіндігімізді алыс заманалармен жалғастырып жатыр. Соның бір саласы — өнердегі дәстүрдің сабақтастығы»...

— Ол — бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ деген ұлы еркіндік... Махамбеттің Жәңгір ханға: «Хан емессің, қасқырсың, қас албасты басқырсың»,— деп бетін тіліп айтып салуы, ол — сәби туған кезде, адам өлген кезде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұжым көрсету, ол—бүкіл әлемдік архитектураға күмбездік үлгі сыйлаған киіз үйлер, ол — бүгіндегі Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі, «Отырар сазы», ол — ақсақалды, ананы, үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық көрсету, ол — неше сан томдық батырлар эпосы, ол — «Бес ғасыр жырлайды», ол — отыз күн ойын, қырық күн тойға созылатын ұлттық ойындарымыз, ақындар айтысы... Рим амфитеатрында он үш жасар патриций қызы саусағын төмен шошайтып: «Өлім! Өлім!» деп, гладиаторға ажал тілесе, казак, даласында түрме болмады, құлдық дәуірді бастан кешкен жоқпыз. Биліктің бір тізгіні әйел қолында болды. Қыпшақ Тәңірқызы қол бастап, басқыншы Кир патшаның басын алды. Кеше ғана жоңғарға қарсы шапқан Шәйгүл қыздың моласы Маңырақ тауында жатыр...

— Бұл айтқандарың тек көшпелілер мәдениетінің біздің заманымызға үзіліп-тамып жеткен жұрнақтары,— деп, қайта серпілді хатшы.— Сонан кейін оқ-дәрі шықты, мылтыққа ие адам жер жүзіне билігін жүргізді. Өріс тарылды — бұрын Түмен, Обь жерін жайлап, Шу мен Түркістанды қыстайтын қалың ел Ертістің жағалауын жағалап, жайылым іздеді. Әуелі төрт түлік малдан, сонан кейін елден күй кетті. Жоңғар басқыншылығы тұсында сол ұлы мәдениетіне қоса бүтін қазақ халқы құрып кете жаздады. Бүлінген, шабылған ел Россия империясына қол созды. Оның прогрестік, регрестік сипатын екеуіміз жақсы білеміз. Ыбырай, Шоқан, Абай секілді жарық жұлдыздар қазақ көгінде сөніп-жанып, сөніп-жанып тұрып, біртіндеп ағып жатты. Турасына келсек, ішкі-сыртқы үстем тап бар, деміл-деміл оралып соққан жұты бар, халық құруға айналды. Оған дәлел ретінде, екеуіміз мына бір қарабайыр есепке үңіліп байқайық. Отырықшы мен көшпелінің айырмасы қандай? Отырықшы қара шаруа көктем туа таңның атысынан күннің батысына дейін маңдай терін бес рет сыпырып, жер жыртады, жаздың шіліңгір ыстығында егінін баптайды, күзде піскен астықты орып, баулап, бастырып, ішіп-жемнен қалғанын базарға апарып сатады, пұлға айырбастайды, қыста да қарап жатпай атын жемдеп, арба, әбзелдерін жөндейді, соқасын қайрайды, қамбасын әзірлейді. Әр күні, есептеулі, сағаты санаулы. Мәселен, өзін көк базарға барып, көкөніс сатып алып көрші. Ең алдымен қаптаған қалың адамдарға қақтықпай-соқтықпай, өзіңді өзің дұрыс ұстап, тәртіп сақтауың керек. Одан кейін укроп, пияз, помидор сатып тұрған бақалшымен жылы-жылы сөйлескенің жөн; ол біреудің еңбегің емес, үй іргесіндегі аядай жерге маңдай терін төгіп есірген өз еңбегін сатып тұр. Олардың арасында сауда сақал сипағанша деп қалтаңды бағып тұрғандар, жасырмаймыз, жоқ емес, яғни желініп қалмас үшін есеп керек, сауат керек. Көрдің бе, бір көк базардың төңірегінде қаншама психология, тәртіп пен этиканың тоғысып жатқанын. Отырықшы мен қала адамы мұны білуге тиіс, білмесе үйренеді. Ал көшпелі ауылдағы жағдай бұдан гөрі басқашарақ. Олар күн, сағат емес, жаз - жайлау, күз -күзеу, қыс - қыстау, көктем — төл маусымдарын санап, ұзын есеппен күн кешті. Мыңғырған төрт түлік малды он шақты жылқышы, сиыршы, түйеші, қойшы бағып-қағатын. Яғни бүткіл ауыл жаңағы он шақты адамның еңбегін сауады да, қалғаны жиын-той қызықтап, ат үстінде күн өткізген. Әлгі мыңғырған малды жалғыз-ақ жұт қырып тастады, кеше ғана төрт құбылам сай деп күпінген ауыл ақ таяғын ұстап, ел ақтады, есебі бір-біріне жалғаспай, өлгені тірілмей, өшкені жанбай оталып отырды. Бұл отарлау заманын арыда Абай атап, беріде Мұқтар ағаң жеріне жеткізе қаза айтып, жазып кеткен. Осыны бастан өткізген шағын ғана халық әлем әдебиетінің сапынан лайықты орнын алған өлең, батырлар жырын, шешендік сөздерді, ертегі, хикаяларды қалдырды. Халық, міне, осындай аумалы-төкпелі экономика, соған ыңғайланған мінез-құлық, рухани өмір, психологиямен жиырмасыншы ғасыр табалдырығын аттады.

Советтік заман бүкіл ел өміріне, қазақ халқына түбегейлі сілкіністер, өзгерістер әкелді. Бір қатар ауыл аттан түсіп, отырықшыға айналды. Бай-төреден құтылып, төскейде малы, төсекте басы біріккен жамағат ауыл-ауылымен топтасып, ұжымдасты. Қолына қайла алды, партаға отырды, ел билігін ұстады. Жер үстінен бақыт таба алмаған халайық ежелден аспанға үміт артып, көз тіккен. Ұшар қанаты болмағасын қиял пырағы — Тайбурыл, Керқұланы зеңгір көкке әуелетіп, сорғалатқан. Тіктеп тиген тұяғы тас илеген кешегі сол Тайбурылдар бүгін космос корабльдеріне айналып, ғарышқа көтерілді. Республика сан ғасырлық тарихты алпыс-ақ жылда аттап өтіп, бас айналатын, көз бұлдырайтын космостық жылдамдыққа көшті.

Қалай ойлайсың, осы мың жылдық жолды не бары алпыс жылда басып өтіп, артқа тастау оңай ма? Ғайыптың күшімен ештеңе жасалмайды. Ендеше, бұл ердің елі шыдайтын ұзақ та қиын сапар.

Космос кораблі ғарышқа самғаған кезде, космонавтқа ғаламат күш түседі. Зор жылдамдықтың ағынына ілескен біздің психология, мінез-құлық, рухани өмірімізге сондай салмақ түсіп отыр. Жыланды жеті рет кессең де кесірткелік әлі бар, басын шапсаң да, жер соғып, шиыршық атқан құйрығы бүгінгі ұрпақты қызыл асықтан шып-шып қағады. Командировкадан сен көріп, жиреніп келген Қытандар «Абай» эпопеясындағы жылым, көлгір Әзімбайдан несі артық? Түптен келгенде ол жылмыңың Әзімбайлардан гөрі қауіпті, айлалы. Феодал Әзімбайлар ашық қимыл жасаса, Қытаның жер астымен соғысады. Үстіндегі костюмі, басындағы қалпағы, жүріс-тұрысы, сөз саптасы, көрші-қолаңмен қарым-қатынасы сіз бен біздей. Әйтпесе қаланың қақ ортасын ойып отырып, екі бөлмелі пәтерге бола қызын саған қосақтағысы келген Әзима апайың да Қытанның қаладағы сыңары. Мәселен, өзің де Қарашаштың басына қандай тауқымет салып отырсың. Бала жастан тәрбиелеген әке-шешең болса, лап еткен сезім жетегімен бүлдіршіндей жас қызға үйленер ме едің... Далада бой жетіп, тағдырдың бұйрығымен ойда жоқта қаладан шығып қалмаса, Қарашаш салған беттен сенің етегіңнен ұстар ма еді? Ың-жыңнан есі шығып, ес тұтатын адам іздеп жалтақтап жүргенде, сен жолыға кеткенсің. Ауылда жүрсе әуелі жастайынан бірге өскен құрбыларына, жеңгелеріне, соңынан әке-шешесіне ақыл салар еді. Ащы да болса шындық керек, олар есің бар болса, бұл жігітке жолама дер еді, өйткені екеуіңнің араңда албырт сезімнен басқа байланыс аз.

Ел шабан да шардақ ат үстінен түсіп, айшылық алыс жерді бір-ақ күнде алатын автомобиль, поезд, самолетке мінді. Мініп қана коймай, құйындатып болашаққа беттеп бара жатыр. Әлгі автомобиль, поезд, самолеттің басына ие болу керек, ал ол үшін үлкен өнер, болаттай берік мінез, алғыр білім қажет. Өткен қайтып келмейді. Болашақты ойлау керек, нәубеті. Жаңағы айтқан жаман қасиеттерден жиреніп, ұлы мәдениеттің алтын сынықтарын жинау керек. Оның бәрі бірден үйіріліп келе қоймайды. Кейде жөн білмесең, темір көлікті жүргізе алмасаң, бір бұрылыста аударылып та қаласың. Ескі мен жаңаның көзге көрінбес нәзік, бірақ бітіспес күрестері барлық буында, тіпті бір семьяның ішінде де қызу жүріп жатыр. Бір аяғымен анау заманда, екінші аяғымен бүгінгі заманда тұрғандардың ішкі дүниесінде де осы тайталас.

— Оған келіп соғыс килікті...

Виктор Викторович орнына отырды.

— Соғыс халықтың ең саналы бөлігін алып кетті. Есесіне ел басына түскен қиындық интернационалдық рухымыздың іргесін бекіте түсті. Олар әкең Сыпатай, ол мен, ол Әлфия шешең, ол — сендерсіңдер. Ал Әзима апайың, Қытан, Демьянычтар — олар қолдың кірі. Жеті атасынан бері қалалық қазақ жоқтың қасы, олар қалаға кейіннен келе бастады. Даладан қалаға келу оңай шаруа емес. Қаланың зәулім сарайларына күпі, тымақ, саптамамен кіру қиынның қиыны. Бұған шыдай алмағандар жеңілдің асты, ауырдың үстін таңдайды. Сен соларға кезіккенсің. Ал бұл өткелектен өткен, ой-түсінігі орнығып болған мықты қазақтарға сеніп қысқа қолың әзірге жетпей жатыр.

Қиналғаның жақсы. Тек қиналыстың себебін көршіңнен, келіншегіңнен іздеме, табан астындағы жер астынан, тереңнен ізде.

Ырғалақтаған Елтай:

— Рақмет... Бүкіл ғұмырыма жететін сөз айтылды, мен білсем. Рақмет! — деп келді де, ең қарапайым, ең керекті сұрағын қабырғадан қойды.— Не істеу керек?

— Алдымен өзің айтшы?

— Ең алдымен Қарашашты іздеймін, — деді айқын, анық үнмен, — Жетім өстім. Іште жатқан перзентімді жетім қалдыра алмаймын.

Хатшы орнынан тұрып желдеткішті ашты. Тұнып тұрған темекі түтіні селдіреп сала берді. Көк иісі шым-шым сезілді.

— Ағаштар бүр жарыпты,— деді Елтай.

Виктор Викторович те сырттағы көктемге терезеден ұзақ қарады.

— Сенікі жөн, Сыпатайыч. Болашаққа беттер жолыңды келін мен балаңның қасынан баста. Сырттағы біз жіберген қателіктерге іште жатқан бала жауап бермейді. «Баланың жанарынан ағып түскен бір тамшы жастың қасында бүкіл әлемнің қайғы-мұң, зары түкке тұрмайды» деген Федор Михайлович Достоевский. Ашу алдымен, ақыл соңынан. Баяғыда табанымды туған жердің топырағы тартып жүр дегенсің, қателеспесем. Қарашаш бұл күнде сол туған жеріңде... Қарашашты тауып ал, ата-енеңе жүз көрсет, армансыз сырлас, ағат істерін үшін алдынан өтіп, кешірім сұра, жамандығыңды жасырма, жақсылығыңды асырма. Осыдан шыға білсең, бұл сапардан қосағыңмен қоса ағарып қайтатыныңа шәгім жоқ.

Ең бастысы — ел танисың. Аз қайғыны туыс, көп қайғыны ел басады. Жамандық ылғи да жер бетіне жақын, жақсылық анау-мынаудың зейіні жете бермейтін тереңде жатады. Сол жақсы қасиеттерді келін екеуің қол ұстаса жүріп іздеңдер. Алыс жолға беттеген ел керуенінің қозғаушы күші, қара нарлары да сол еңбекқор дала. Өсер ел ана мен баланы төбесіне көтереді, өйткені екеуі де ұлттың болашағы, қарттар сені сыртқа тебе қоймас. Реті келсе жатсынбай, жатырқамай, тірлігі мен бірлігіне білек сыбанып араласып кет. Қаруың мен қайратың жетпесе түк қайғырма, ақ ниетіңе олар разы. Еті тірі азаматсың, ең алдымен еңбегіңді, сонан соң шындықты сау. Бұдан былай осы еңбек пен шындық — саған әке мен шеше.

Елтай олқылы-толқылы. Бұл кесім соңғы кезде өзін де жиі мазалап жүр еді. Қарттың да бұған сайма-сай келгеніне іштей қуанышты.

— Жұмысты қайтемін?— деп, тізгін ұшын хатшы әкесіне тастады.

— Ертең бас редакторыңа кір де, бір айға кезектен тыс демалыс сұра. Бермесе өтініш жаз да, жұмыстан босанып жүре бер. Әйтпесе мен телефон шалайын, ол кісімен жүз таныстығым бар еді. Ауылдағы ең басты шаруаңды тындырып қайтсаң, жұмыс тауып беру қиын емес. Туған жер табаныңнан тартып, сол өлкеде қалып қоярсың, — деп жымиып қойды, — Орыстың тарлан жазушыларының көбі кезбе болған, қысқасы, елден кіндігіңді үзбе. Бұл сапардан мағынасы үлкен-үлкен ұғымдарды тауып қайтатыныңа мен кепіл. Қаражат жағынан қысылма. Бүгін бізге қонасың. Қона жатып қанша сом керек, ойлан да таңертең айт. Сәлем-сауқат, жолың бар, кем алып жүрме есебіңді. Қалай? — деп, Елтайға бар денесімен ошарыла қарады.

— Болсын! — деді Елтай. Орнынан тұрып, терезеге жақындады. Ақшам жамырапты. Ауа таза. Қасына келген хатшы терезе жақтауын екіге айырып ашып тастап еді, тау жақтан самал лекіп тұр ма, кеуделері кәусар ауаға толып, тыныстары кеңіп сала берді.

— Тілімді алсаң, барарда да, қайтарда да самолетке жалынба, — деді Виктор Викторович терезе кенересінен қыс бойы шөгіп қалған шаңды қыл щёткімен сыртқа сыпырып түсіріп жатып.— Асылы, поезд, автобус, аты бар, жерден бауырын айырмаған көлікке аяқ арт,— деді.

«Қарт адамның жаны аяулы, самолетке сене бермейді. Соған басып тұр-ау».

— Неге олай дедіңіз?

— Халықтың қайнаған қалың ортасына бара жатырсың. Көрсем, білсем, қанықсам деген жақсы ниетің бар. Сондықтан самолетке мініп кергіме, басыңды ие барып, үлкен табалдырықты кіші пейілмен атта. Халықты танимын десең, аспандама, қара жерден күс табаныңды айырма. Саған керек халық поезд, автобус ішінде теңселіп отыр, ат үстінде митың-митың жорғалатып кетіп бара жатыр. Ізденімпаз көз солардың өзінен-ақ біраз қыр мен сыр танып, ажыратып алады. Қыз Жібектей апаңды бір көру үшін Төлеген ағаң айшылық алыс жер шалып келіп, ерінбей-жалықпай қырық көшті бір-бірлеп аралаған. Қазіргі қырық көшің халқыңның салқар керуені. Ал келін шырақ сен үшін кім, оны өзің білесің.

Елтай жымиды.

— Сөз бар ма...

ҮШІНШІ БӨЛІМ

— Адамзатты қорғай жүріп, қан бастық,
Адамзаттың азғынымен арбастық.
Аласапыран арпалыстан аман қап,
Адамзаттың өмірімен жалғастық.
Бұл дәуірдің бетін біздер ашқанбыз,
Болашаққа солай қадам басқанбыз.
...Біздер — әлі жан баспаған асқармыз,
Біздер — әлі жазылмаған дастанбыз.
Біз жараттық мынау ғажап ғасырды,
Тарихы оның біздерменен ашылды.
Біздің мына қолтаңбамыз басулы,
Құрметтеңдер, жиырмасыншы ғасырды!

МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ. «Құрметтеңдер, жиырмасыншы ғасырды».

***

Тымырайған екі жігіт кабина ішінде үндемес ойнап отыр.

Бұл ойын бақандай үш сағат бұрын совхоз орталығынан шыға басталған. Бастаған — Сәрәл.

...Егеудей қатты селеу шашы жапырайған кепкі астынан шашыраған қоңқақ мұрын, қалақтай ғана шикі сары жігіт жүк машинасының төрт дөңгелегін төрт теуіп, кабинаға кіре берген. Сол кезде кеңсе жақтан:

— Сәрәл, әй, Сәрәл, тоқтай тұр! — деген мылтық затворындай шақылдаған дауыс естілді. Мойын бұрса, кісі ерткен совхоз директоры екен.

Сол аяғын темір тепкішекке, оң аяғын ішке, оң қолын рульге, сол қолын есікке артқан шофер аңтарылып тұр. Директор ту сыртындағы кісіге бұрылып, әлсін-әлі бірдеңе дейді. «Ауданнан келген уәкіл ме?— Ол күдігі тез тарқады.— Директордың қара «Волгасы» тұрғанда уәкіл мұның шарқыш машинасын қайтсін». Директор ортадан жоғары бойы бар, мұрынды келген ақ сұр жігітке қарап тұрып, шоферге қаратып сөйледі.

— Сәрәл, мына кісі Сүкеңе қонақ. Жолай машинаңды байқап, байқап, басты шайқап... Алыстан келген мейманды жол соғып тастамасын. Ал, Елеке, сәт сапар! Қайтар жолда бізге соқпай кетпеңіз!— Сөзінің соңын жыпылдатып жіберген ел ағасы «Елекесінің» қолын қысты ма, жоқ, әлде әншейін жеңіне саусақ тигізе салды ма, қоштасудың ырымын жасады да, кеңсесіне қарай домалап берді. Сәрәл тіл қатпады, кепкісінің астынан семіз портфель сүйреткен жігітке тұздай көзін қадады, іштей: «Бүйтіп әспенсітетіндей қай әулиесің?»— деп тұр. Қотыр атқа соқыр ат үйір, бұл құдайдың кереметін қойсайшы, «әулие» де қызыл сөзге жоқ екен, биік қабағының астынан Сәрәлге: «Қақаңдаған шаруашыл сары шал түбі сенен шығар», — дегендей тұнжырай көз тастады, ішке кірді. Шофер есікті сарт жапты. Әлгі шақпақ денесін былғары орындыққа егеп-егеп, нығызданып алды да, күнқағары бір елі кепкісін көзіне ититіп түсірді, жағасын тік көтеріп тастап, шекесімен арқалықты үйкелеп ары қисайды. Сәрәлдің бір қолы баранкада, екінші қолы жылдамдық ауыстырғышта, отырыңқырап қалды. Оталдырғыш кілтке қол соза беріп:

— Сүкеңе кім боласыз? — деді.

Ары қараған анау;

— А?— деп, басын жұлып алды.— Сәлеметсіз бе?

Шофер мырс етті: «Аман бол...» Төре болсын, қара болсын, сәлем керек:

— Есенсіз бе? Сүкеңнің...— деп соза беріп еді, жігіт: «Сүкеңі кім? Не шатып отыр?»—дегендей көзі үлкейе беріп, бірер минуттан соң есіне әлдене түскендей, кірпігі жыпылықтады.

— А-а... Күйеу баласы боламын...

Шофердің шықшыт еті бүлк еткен. Маңдай әйнектің дедегесінен салбыраған қызыл тұмсық амулет маймылды бір кіжініспен түртіп еді, қолды-аяққа тұрмай билей жөнелді. Ал содан ескі салдамасын жау қуғандай аңырата айдасын. Директордың «жай жүр» деген тілегі айдалада қалды. Алғашқы сағатта ақ сұр жігіттің жатысы жайлы болды; қиыршық тас төселген, атқан оқтай түзу жол асфальтіңнен кем емес, «шарқышың» қолтығына қанат біткендей сорғыды да отырды. Ақырын ырғатылған маймыл да мазалы. Тек тас жол тақтайдай тегіс даладан қырқа-қырқа тау арасына сұғынып кірісімен беліне қамшы тиген жыландай иреңдей бастады, сол мұң екен, алға бір, артқа екі лоқу басталып берсін. Шофердің екі қолы мен екі аяғы руль, жылдамдық ауыстырғыш, педаль, тормоз арасында тыным таппай сарт та сұрт. Өрге қарай ырылдап өрмелеген машинаның ішін көк түтін мен бензиннің сасық иісі алды, жолаушы жігіт басын көтеріп, кеңсірігіне жылжыған кепкісін маңдайына асырды, шылым шекті, бір қызығы, сигареттен босаған қорапты терезеден ытқытып жібермей, жұмарлап-жұмарлап қалтасына салды, қарадан қарап жымиды. Жымитқан амулет маймыл еді. Қызыл тұмсық қара маймыл кабина ішіндегі кішкене автоинспектор сияқты, машина ойқыл-тойқыл шұқырлардан қарғытып, секіртіп өте шықса, қолды-аяққа тұрмай билей жөнеледі, оны айтасың, «Байқа! Көзіңе қара!» дегендей маңдай әйнекті, одан шофердің кепкісінің күнқағарын теуіп, сарт-сұрт соғылады, ал жол түзеліп, машина жуасып сала берсе, жусаннан аласа, бетегеден биік моп-момақан, көше ортасында тұрған автоинспекция сержантындай өз осінен жайлап айналып қояды.

Қорап сыртындағы «Қазақстан» деген қызыл жазу көзіне оттай басылған шофер алая қарады: «Қорапты қалтасына салып қоюын... Қаланың қалпақты қаратаяғы екен. Бәсе, киімі де, биттің қабығындай жұқа. Газет бетін бермейтін бір мықтыға тиді деп еді. Қарны салпиған дөкей ме десе, жап-жас езі». Газды басқан үстіне баса түсті. Манағы манағы ма, машинаның ішті түйген лоқылы мүлдем жиіледі. «Қазақстандай» шылым шеккен қаланың қаратаяғы ол сүркілді бұйым құрлы көрмеді, жер түбіндегі Алматыдан осы үшін әдейі келгендей арқалыққа тастай салған басын алай да, былай да бұлғаңдата келіп, ақыры шофердің иығына сүйеді. Қушық танау жігіттің пышақ жанығандай жағы мен жүдеу жүзіне көзі түскен Сәрәлдің жүрегі аздап жылыды. Жол азабын ол жақсы білетін. Газды азайтты. Сырттан қарағанда бір-бірінің иығына бас сүйеген жан жолдастай, шындап келгенде, түстеп болмаса аттарын да білмейтін екеуі ары тарт та бері тарт қызық қалыпта түс ауа Керегетасқа әупіріммен жеткен.

Машина қопаң еткенде, Сәрәл бір бұлқынып еді, шофердің май сіңген иығына шекесін армансыз егеген жұмбақ жігіттің басы төмен түсіп кетті, жалма-жан кезін ашты, тізесінде шелпекше жапырайып жатқан былғары кепкісіне жармасты. Онысын төбесіне елпілдетіп апара беріп, ұйқылы-ояу қалыпта кабинаны мағынасыз шолып шықты, кепкіні тізесіне кептеп кигізді, мықтап есінеп алып, қол орамалын суырды, езу ұшын, көз аңғалағының алдын сипады. Жүк машинасы кең айналып барып пыс тоқтады, лезде бензин иісі танау жарды. Ұзына жол бойы уілдеп соққан жел иіс-қоңысты жолатпаған екен, соның бәсіресі енді еселеп қайтып жатыр.

Шофер құлашын жазып керіле берді де, жалғыз емес, екеу екендігі есіне түсті ме, арқалыққа жай әншейін тастай салды. Талған көзі сәл-пәл жасаурай:

— Сүкең қыстауы осы! — деді.

Орталықтан суырылып шыққалы бір тынбаған ұзақ гуіл мен ішті түйген сансыз сүркіл естерін тандырып тастаған даңқұрдас жігіттер алға еңкейе түсіп, маңдай әйнектен сыртқа бей-жай үңіліп, үнсіз отыр. Тыныш... Жел уілдейді. Белінен шойырылып, кирелеңдеп жатқан аласа да ұзын қора, су мен көңге бөгіп былшыған қара қошқыл қотан, ағаш қоршау және сылағы түскен шифер шатырлы қара қожалақ үй... Сигарет талындай аппақ, тек ұштары күйелеш-күйелеш бетон мұржалар шатырдан шошаяды: біреуінен құлаған түтіннің бір орамы үй ығына жығылып, жер бауырлай шұбалаңдап, сайға қарай қашып барады, жас еттің тоқ иісі танауды деміл-деміл қытықтайды. Үй ығындағы керме ағашта ер-тоқымы алынбаған көк дөнен мүлгіп тұр: құйрық-жалын суылдаған жел тарайды. Тас лақтырым жерден жарқаш-жарқаш жартас өре түрегеліп, аспанға тіке өрмелей жөнеліпті.

Астындағы машинаның жыл он екі ай дүрілі мен мөңкуіне еті өліп кеткен Сәрәл есін ертерек жинады, басын сілкіп тастап, маймылды түртіп қалды.

— Түсейік...

Дегенше үй айналып шыққан шал бір басып, екі басып, бері жақындай берді, Елтай да кабинадан апыл-құпыл түсіп, жедел басып қарсы салған. Неге екені белгісіз, «Түсейік...» деп жеделдеткен Сәрәл іште күйбеңдеп қалды. Шамасы, қайын ата мен күйеу баланың төске төс тигізіп, жылы-жылы көрісуіне бөгет, көзге түрткі болмайын десе керек.

Жұқа плащының жел жұлқылаған етегі Елтайдың қара санын сартылдап соқты; жылы кабинада байқамапты, құбыладан аңырап соққан ызғырық еттен өтіп, сүйекке жеткендей екен. Мұздай суық әлдене жауырын тұсында не төмендемей, не жоғарыламай, қарып тұрып алды.

Әйтсе де намыс керек, келіп қалған сары шалға:

— Ассалаумағалейкум!—деп, көтере үндеп еді, салпылдатып дүрбі таққан қартың оған құлақ қақпады, сәлем алған түрі ме, боқтағаны ма, жіптей жұқа ерні жыбыр етті, көзі шатынап қасынан өте берді. Бір жапырақ бетінен Қарашашқа ұқсайтын нышан, белгіні таба алмады. «Сол ма, емес пе?» — деген күдік миына сарт еткен Елтай қалт тұрды да қалды. Саптамасының сауырына тебінгінің тері әбден сіңген шалың сол алған бетінен танбай, капотты көтеріп тастап, сыртқа лап берген будақ-будақ буға бет шарпыта әлденені шұқылап жатқан шофердің жанына талтақтап барды. Бала қыздың тұлымшағындай шашағы бар бұзау тіс ырғай сап қамшы қонышта. Шофер шіркін жата қалып ат үркітетін таз неме ме, әлде әуелі тау асып, тас басып, жем әкелген еңбегін өткізгісі бар ма, сәлем бермеді. Елтай қарап тұрып айдалада қалды. Оны көңіліне дық алған жоқ, екі сәлемінің біреуі жауапсыз қалатын жетім ғой. Шаруа шалға жел өтінде қалтыраған сыбай-салтаң жігіт дәрі ме, тауықтың танитыны тары, қарттың білетіні көктемнің көк өзегінде арық-тұраққа құрама жем әкелген өркенің өскір шофер жігіт.

Шал ағынан ақтарылды.

— Жол ортада батпай, шатпай, аман-есен жеттің бе? Екі көзіміз төрт болып, ұзын жолға кешеден үңіліп ек.

Қалың буға басын көмген Сәрәл қарияға мойын бұрмады:

— Неше тоқтыңыз өлді?— деп, күңк етті.

Шал екі бүктеген бұзау тіспен машина дөңгелегін періп қалды.

— Ниетінің жаманын... Өлер еді, Сарыбұлақтың асуынан өте алмай, итініп-тартынып, көк тайғақтап жатсаң. Сонан соң ел-жұрт алдында басыңмен жауап берер ең.

Ыққа бетін беріп, бүрсиіңкіреп тұрған Елтай аң-таң: «Мыналарың қайтеді? Қазақтың ақсақалы мен баласының сәлем сөзі осы ма? Әр ауылдың иті қара қасқа, салты басқа-басқа ма әлде? Сарыбұлағы несі? Мана қалғып-шұлғып отырғанда ыңыранып өте шыққан екеміз...»

Сәрәл сол тойғанымен тоқталды. Капотты жауып, май-май қолын шүберекке сүртті.

— Сүке-ай! — Елтайдың іші қып етті — «Сол екен!» — Удай тіліңіз-ай, тіліңіз... Шағып алғанда көрде жатқан аруақ аунап түседі. «Әкесі» деп жем әкелсек, қамшыңызды шошайтып: «Жолың, әне!» — деп шалқаясыз. Егескенде тартқаннан тартып Жапекеңе асып кетсем, мені шауып алар ма едіңіз.

Шал тайсалған жоқ:

— Қатқаныңның басы!— деп, Сәрәлді мүрдем кетірді.— Сақалымды сыйлап келгенің жаман қатты. Жаппарқұлда жан бар ма, сені Керегетасқа мен айдап әкеппін бе? Жүнбас директорыңның: «Сүлей шалға соқпай кетпе! Ертең ел аралағанда қыстан қалған кәрі жілігін асып беріп, дүйім жұртқа таба қылар»,— деген бір ауыз сөзі де.

Жігіт жарқырай күлді.

— Қойдық, Сүке! Сауыр-Сайхан өңірінде сізді кім сөзден жеңген, — деп, ығына оңай жығылып, астына көпшік тастады. Сөйтіп сарт та сұрт сайысқан шал мен Сәрәлдің сөзі сұйылды. Теке тірестен сескеніп, іш жиып қалған Елтайдың да өңі кірді. Мынау қотиын мінез — өзара дос, сырт көзге қас шопан шал мен шофер жігіттің қанға сіңген күнделікті әзіл-қалжыңдары тәрізді.

— Е, бәсе, боран, шамаңды біл, жел, бағытыңды біл...— деп, шал тақпақтай беріп еді, Сәрәл қайта шалқыды.

— Ойбу, сіз жеңілгеніңізді білмейді екенсіз, Сүке! Дәл бүгін жер болып жеңілмесеңіз арғы қолыңызды бері әкеліңіз. Сізді сөзден астына бұрап соғатын тілмәрді жүнбас директорыңыз сонау Алматыдан әдейі алдырыпты. «Сүкеңді оңдырмай бір жығып бермесеңіз, былтырдан бері ішкен асым бойыма батпай жүр», — деп, маған ертіп жіберді.

— Онысы кім тағы?— Өз-өзіне аңдаусызда рабайсыз сұрақ қойған шал құнжыңдай бері бұрылып, Елтайға жалт қарады.

— Кім, кім? Құдай қосқан күйеу балаңыз! — Сәрәл қызды-қыздымен әдептен аттағанын кеш аңғарды, әлде ата мен бала арасында артық екендігін сезді ме, дереу машина айналып кетті.

Жер түбінде жатып бір-бірін жақсы білсе де, бетпе-бет жүздесіп көрмеген ата мен күйеу бала осылайша оқыс кездесті. Сүкеңді кім білсін, қысқа ғұмырында қайын ата алдындағы сын-сынақты бастан өткермеген Елтай қатты састы. Құшақ айқастырайын десе, жігіт басына жараспайтын ұшқалақтық бола ма дейді, қаққан қазықтай тұра берейін десе, кішіні алдынан көлденең өткізіп көрмеген ескі көз қарт көңіліне алуы ықтимал. Ал, жаңа Сәрәлмен құрдас-замандастай сөзбен қағысып, екі аяғын бір етікке тыққан әуейілігін неге саясың? Ойы он тарау. Бөтен мектептен келген дүбәра баладай тым жасқаншақ. Тоқыраған күйеу баланың халін сезді ме, шал бері беттеді. Қызыл жиек көзін тура қадап:

— Ат-көлік аман ба, қарағым? — деді. Үні жылы. Соған бой алдырып қалған Елтай алға қадам басып еді, бүктеген қамшысын аркасына салған Сүкең дәл тұмсығының астынан жайлап басып, жайбарақат өте берді.— Әттегене, әкесіз өскен екенсің... Берген сәлеміңнен таныдым. Үйге жүр!

Амал жоқ, кібіртік басып, шырпының қорабындай шаршы да шағын шалдың соңынан ерді. Қаладан кеткен Қарашаш не ауылда, әйтпесе осы маңайда, құрығанда ата-анасына бір соғып кеткен. Елтай осы түйінге тірелді. Шалдың мына қас-қабағы екеуіңнің араңдағы қиғылықты білемін дейді. Сыртқа теппеді, іш-бауыры да езілмеді. Бір есептен, Елтай бұған іштей қуанышты. Келіншегі алысқа шығандамай, туған ұясын тауыпты, орнынан басатын болды. Соған қоса қобалжып та келеді — қалай қарсы алар екен, үйге сау етіп кіріп барғанда, ыдыс-аяқ төңірегінде Қарашаш күйбеңдеп жүрсе, бұл не дейді?

Оң қолында қант-кәмпит салынған зілдей портфель. Түбінде ауыстырып киетін бір қабат киімі жатыр. Тоқ бүйір қоржын емес, томашадай портфель жайын шопан шал шамаласа жақсы. Портфель аузын ашқанда бүкіл ауыл жиылса қайтеді? Бес-алты кәмпиті бала-шағаның қолында кетіп, шал мен кемпір ұятқа қалмай ма? Кез келген ауыл дүкенінде жәшік-жәшігімен тіреліп тұрған қант-кәмпит кімге таңсық... Ұлт киімдері дүкенінен Сүкеңе кісе белбеу, енесіне пүліш камзол ала салса, қолы сынып қалар ма еді. Қойды баға білмеген қуып жүріп өлтіреді... Көзі шифер шатырлы жалғыз үйге түскенде барып көңілі көншіді, жүрегі орнына түсті: ауылы жалғыз үй болатын.

Сүкең есік алдында саптама етігін жерге торс-торс ұрды, қурай сынығымен жиек-жиегіне қатқан балшықты сыпырып түсірді. Сонан соң қарттардың әдетінше бір, екі басып, ебедейсіздеу бұрылды, онда да Елтайды елемеді, бұзау тіс қамшымен қотан қақпасын айқара ашқан Сәрәлді емес, қаңқиған машинаны нұсқап:

— Ай, Сәрсенбінің сарқыты, әкелгеніңді түсір, от ала келген жоқсың, үйге бас сұға кет. Әлгі шешең шикілі-пісілінің көбігін алып жатқан,— деді жел қамаған қарлығыңқы дауыспен.

— Асығыспын, Сүке! Жемнің жартысы бүгін Жапекеңе жетуі керек. Әйтпесе құлағымнан жарапазан кетпейді. О кісінің мінезін білесіз. Синоптиктер ауа райы бүгін-ертең бұзылады дейді. Қарлы боран аяқ астынан ұрып кетсе жолда қалармын, не де болса жеріме жетіп жығылайын...

Ақсақал Сәрәл жаққа енді бұрылды — алысты көрмейді екен. Қой емес, батальон әскер баққандай салпылдатып дүрбі тағуы да сол себептен болды.

— Ендеше, қайтар жолыңда. соғып кет. Күзеуден бері жаман әкең жаңа түскен келіншектей бет көрсетпеді, бір боқтай алмай жүр едім. Сары алтындай «гүт-гүт» шешеңе де арнап айтар сәлемім бар. Болмағанда соны естіп кайт.

— Так точно, Сүке! Бері шығарда біздің үйдегі құдаңыз...— дегенде кілт тосылған шофер ары қарай жүремелете айқайлады,— жаман әкеміз сізге де нақ солай дұғай сәлем жолдап еді.

— Қап! — Шал кеңк-кеңк күлді.

Әуелде қажасу қайтадан ұшықты ма деп секем алған Елтай мына кеңкілден кейін Сүкең мен шофер жігіттің әкесі — Сәрсенбінің төс қағысқан дос екенін ұқты. Тонның ішкі бауындай достар, араларынан қыл етпейтін шын достар аяусыз қалжыңдасады. Екі шалдың сол қаяусыз қарым-қатынасы жастары алшақ жатқан Сүкең мен Сәрәлдің арасына да сәулесін түсіргендей. Тек көңіліне кәк алғаны Сәрәлдің «Құдаңыз...» деп қалуы. Сәрсенбі ақсақал құда түсетіндей Сүкеңнің Қарашаштан басқа қай қызы бар? Әрі Сәрәл Қарашашқа тетелес секілді. Мана орталықта бұл: «Сүкеңнің күйеу баласы боламын»,— дегенсін-ақ Сәрәл қабағын қарс жауып, газды аямай басып еді. Мәселе қайда! Шалдың «құрама жемнің қаншасын Керегетасқа, қаншасын Жапабайға төгесің, өзің біл» дегендей шоферге тапсырып, еш қамсыз үйге беттеуінде де, аңғарса, гәп жатыр. Әдетте, араларынан қара мысық етпеген жақын достар сүйек жақын болуы үшін тетелес ұл-қыздарын бесіктен атастырып, бас жеседі дегенді оқыған. Мынау сол екен. Әне бірде Қарашаштың чемоданының түбінен сыртында «От Сарсенбина С.» деген айдақтаған арнауы бар, қара май жұққан конвертті көрген. Қарашаш ешкім қыстамаса да: «Кластас досым»,— деп, сәл қызарып күліп еді. Сол Сәрсенбин С. жаңағы селеу шашты шикіл сарың.

Өмірде не болмайды.

Ауыз үйге ене бергенде, жас төлдің күлімсі зәрі кеңсірік жарды. Қара қожалақ ағаш еденде тәлтіректеген төрт-бес қозы бұрышқа байланған уыс-уыс шөпті керенау талмайды, темір шығыршықты доға, қамыт, жүген, құйысқан, темір торлы шам, қалайы шелек, тағы басқа көди-сөди, алпыншақ-салпыншақ қабырғада сыңсып тұр. Соған қарағанда қой бағу торы шолақпен отар соңында құр тепеңдеу емес, одан басқа да ат көпір бейнет-мехнаты жеткілікті сияқты.

Шал қамшы, дүрбіні ілді де, төр үйдің есігін ашты. Сол мұң екен, лап берген жылы ауа жас еттің хош иісін желпіді. Қамыт, доға, құйысқан, жүген қойшының күнделікті көрген бейнеті болса, хош иіс — зейнеті. Аудандағы автостанциядағы буфеттен елең-алаңда екі стақан жылымшы шай ғана ішкен түлкі құрсақ Елтайдың қарны шұрылдады.

Саптама етігін босаға жаққа таудан тас домалағандай дүрс-дүрс тастаған шаруа шал төрге байпақшаң озды. Портфель сүйреткен Елтай есік көзінде дағдарып тұр. Үстіндегі қара тонын шешіп, төрдегі қат-қат жүкке арта салған Сүкең түрлі-түсті матадан шақпақтата сырыған құрақ көрпеге құйрық баса бере: «Бері кел!» — деп ымдады. Бәтеңкесін шешіп, қасына тізе бүккен күйеу баласына:

— Төрлет!— деп, жоғарыны нұсқады. Елтай: «О не дегеніңіз, ақсақал, төр сізге, мен жаспын, маған мына орын жарасады»,— деп, сызылайын деп бір ойлады да, қонағы ілгері озбаса үй иесінің көңілі көншімейтіні, жатып кеп өкпелейтіні дер кезінде есіне түсті. Іркілмеді. Құйрық басты деген аты ғана. Қаланың тік бақай орындықтарына үйренген екі аяғы ал сыйсын алдына. Малдас құрып байқап еді, айналып тұрған пластинканың үстіне шығып кеткендей тепе-тендігін сақтай алмады: көлденең ағашта қалғып отырған жас әтештейін бір еңкейіп, екі шалқайып ит әуреге түсті. Шошайған тізелері иегіне жете жаздай ма, құймышағы сырқырай ма, әйтеуір, берекесі бек қашып, жағдайы жөнделмеді. Абырой болғанда, дәл қолтығының астына жүк үстінен күмпиген құс жастық құлады.

— Жантайып жатып демал, қарағым!

Елтайға жасаған жақсылықты шал өзінен де аямады; жастықты қолтығына қыса бауырына басып, күйеу баламен бас түйістіре, аяғын босаға жаққа созып жіберді. Алматының «Қазақстан» магазинінен Елтай сан рет көрген мыс жиек, шынжыр баулы мүйіз шақшаны суырып, алақанына тотияйын насыбайды шым-шымдап төкті; онысын мұрнына апаруы мұң, қарт әлемтапырық өзгеріске ұшырады, танауы иіс тартқандай аспандай берді, аузы ашулы, көз жұмулы, көңіл мас, жиырылған беті бір уыс; «Аһа-һалап» тұрып, келер сәтте түшкіріп қалғанда, есік айқара ашылды. Шал: «Жәрекімалла! Денсаулық болсын!» — деп, өз-өзін жарылқап жатқанда, нұры таймаған қара көздері баданадай-баданадай, шашы аппақ қудай, ат жақты, құба қария жай басып кірді. Өн бойы дір еткен Елтай алақанымен жер тіреп, орнынан тұра берді. Үсті-басына шаң жұқтырмайтын кербез, саңлақ кісі екені түймелері түгел салулы жасыл пүліш бешпенті, тобығына түскен кең, мол пішілген қоңыр көйлегі мен ақ жіптен ою жүргізілген қызыл қоңыр сақтиян етігінен бесенеден белгілі: сырттан көң мен балшық кешіп келсе де етік тұмсығы жылтырап тұр, тап-таза. Сонда ғана Елтай манадан бері қой құрттап, қойыртпақ ішкен малшының үйіне кіргендей неге жиырылып, кіржіңдемегенін ұқты: тап-тұйнақтай жиналған үй ішінде артық-ауыс зат жоқ, бөтен иіс-қоңыс та сезілмейді. Дәнекершінің жапырақ-жапырақ темірді әдемілеп кесіп, жымдастырған шебер қолынан шыққан қол тоқпақтай пештің — дәу де болса құны құнан қой — екі көзінің біріне қонжиған қара қазан бу мен суды кезек үрлеп, бүлк-бүлк қайнайды. Ал екінші тесікте әлгі қара қазанның сұлу да сылқым қызындай ақ қалайы мескейде сүттің жиегі жыбырлайды. Пеш алдында төрт-бес тамызық жаңқа жайрап жатыр, басқадай ыбырсыған көлденен қиқым, шөп-шалаңнан ада. Жас төл, әбзел-сайманға ауыз-мұрнынан шыққан кірер үй Сүкеңнің үлесіне еркін тиген де, төргі үй бипаз кәрияның билігінде. Тек көңіліне бір-ақ нәрсе қонбады: көрем бе деп ойлаған қошқар мүйіз оюлы текемет, ақ киіз, қара киіз сырмақ, құс жастық, қабып тігілген түйе жүн көрпе секілді қолтума, қазақи жиһаз бұл үйде атымен жоқ та, саптағы сарбаздай тірелген мына заттар әлгі «Қазақстан» дүкеніндегі фабрикалық дүниелер... Қарияның киімі де сол сорттан. Елтай бейнебір талай жылды артқа тастаған қос қарттың ескі көз мекені емес, кешелі-бүгін шаңырақ көтеріп, керек жиһазды дүкеннен асығыс сатып алған отау үйге кіргендей олқы көңілде.

Төр секілді тағынан түрегеліп, ортада тікесінен тік тұрған Елтайдың жүзіне қария еш сезімсіз жайбарақат сыдыра қарады да, пештің оң жағында ыдыс-аяғы жылтыраған жер сөреге қарай ығысты: аңырған жігіт сәлем беріп те үлгермеді. Дес бергенде шынтақтай көтерілген Сүкең демеді.

— Ай, Сарқыт, алыстан ат шаршатқан қонақ келіп отыр!

— Е...— деді сөреге бетін берген қария,— Айша келін: «Шай ішіңіз де ішіңіз, жалғыз өзіме батпай отыр»,— деп қылқылдаған соң...— Сүкең сөзі саңылауына жаңа жеткендей бері бұрылды. Елтай да апыл-құпыл сәлем берді, ана кісінің ерні болар-болмас жыбыр етті, ары бұрылып, қазан қамына кірісті.

— Орныңа жайғаса бер, қарағым! Сәлемің қабыл! — деген шалдың жалғыз ауыз сөзі Елтайды етегінен басты.

Жігіт дел-сал: ауыл дастарқаны қанша кең болса, жас-кәрісі де көңілге, жылы сөзге соншама жомарт деп естіп еді. Ал Керегетасың алдымен құдайы қонақ қалды алғаш көріскен күйеу балаға қырыс қабақ танытқан тәрізді. Ең жаманы, алалау бар. Сүкең Сәрәлға келгенде әзілдің түбін түсіріп, арқа-жарқа болды да, Елтай дегенде тарамысына тыртысып, сараң да санамақ сөзге көшті. «Күл болмасаң бұл бол, келсең өз аяғың, кетсең өз аяғың, біздің шаруа алдына ас, екі қолыңды бос қою, қалғанын өзің біл, шырағым» деген сыңайда көлденең түсіп, жайбарақат жатыр. Оған өкпелеп, тонын теріс киіп отырғанда, пүліш бешпент қария арнап берген сәлемін суға жіберді. Қарап отырып түңілді. Алыстағы Алматыдан ат шаршатып келгенде бұлай қарсы алса, қоштасу қалай болмақ? Ойдан ой түзей келгенде, кенет іші қып етті — жаман айтпай жақсы жоқ, осы Қарашаш не күйде? Оқыс жағдайдан аман ба өзі? Аман болса көзі қайда, өзі қайда? Көрші үйде ме, әлде туған-тума асып қыдырып кетті ме? Өзі Керегетастың топырағын басты ма, жоқ па — әңгіме қайда. Қашып кеткен келіншегін күн түбіне күңіреніп іздеп келіп, өзі түгіл көлеңкесін көре алмаған Елтай болат серіппедей ширықты. Қолтығына жастық емес, тас басып жатқандай арлы-берлі дөңбекшіп, екі қарттың аузын кезек бағулы.

Көп күттірген лебіз буы мен иісі бұрқыраған етті қазаннан табаққа аударып алып жатқан қарияның аузынан шықты.

— Бүгін қанша қап әкелдің, қара батқам?

«Қара батқасы кім?» — жігіт жан-жағына алақтап қарады. Селдір сақалы селкілдеген шалдың күн жеген шалбар-шалбар беті жыбырлап, күліп жатыр.

— Өрісте аттан аяғы салаңдаған Жапабай кездескен. Содан сауға сұрап, бір қабын алып қалдым. Мына белдің астында Кәрібай трәктіріс шөп дестелеп жүр екен, ол да бір қабын тегін берді. Өзің ше, өзің не бітірдің?

Төр алдына аласа үстелді дөңгелетіп әкелген апай жауап қайтармады. «Қабы несі? Директор мана тау ішіндегі ауру, арық-тұрақтар тісін сорып, аш тұр деген. Сүкең соған орай артына қап теңдеп, көрші-қоңсылас малшылардан жем жинады ма?» Оған саяйын десе, есік алдындағы көк дөненнің қанжығасынан қап көрмеді.

Оң қолында қылпылдаған өткір шаппа бәкі, сол қолында асық жілік, Сүкең кезегімен қақпақыл ойнап, көз ілестірмей шапшаң-шапшаң ет турап отыр. Елтайдың қолына еті сылынып ырсиған жауырын ұстатып:

— Қомсынбай мүжи бер, шырағым. Сыбағаң сақтаулы. Оқыс келдің де отырған орнымызда омалып қалдық. Қазақ етті ел жата алдына алушы еді, тал түсте табақ тартқаны қалай деме. Ауық-ауық іші бүретін кастритім бар. Білгіш доғдырым: «Еттен жеріңіз, құрығанда жатар кезде жемеңіз, әйтпесе жуық маңда мүрдем кетесіз»,— дегесін, өстіп талма түске көшкеміз. Кешке дейін анау-мынау шаруаны тындырғанша судай сіңіп, тастай батады.

Жұқа нан мен бұйра картобы аралас табақтың шетін ала қария тізе бүкті. Кәрлен кесе тұздықты ағаш қасықпен сапырып отырып:

— Мен де ай қарап жатқамын жоқ. Айша келіннің маңынан бір қабын жинап қойдым,— деп күңк етті.

Дастарқан шетіндегі орамалға бәкісін асты-үстіне кезек жылмаңдатып сүрткен Сүкең:

— Жарадың, бәйбіше! — деді де, табаққа төнді.— Бермен жақында, қарағым! Алыс жолдан шаршап келдің, қарның да ашты. Ұялма, ал, ал.— Оң тізесіне шынтағын тіреп, қарияға бұрылды.— Қай қаптың аузын шешейік, айтшы, кәне!

Үйеме табақ үстіне шеңбер сыза тұздық құйған бәйбішесі:

— Құзғын сәріден тау-тас асып, арып-ашып келдің. Әзірше сен әкелген қаптың аузын шешейік,— дей салды.

Бәкісін табаққа сұғындырып сүйеген Сүкең май-май саусақтарын тарбита жазып, тақ алдында айқасып жатқан қос балтырына апара берді де, орта жолда тоқтады, босаға түбіндегі саптаманың жылтыр сауырына көзінің астымен қарады, сол саптама қоныштарын он саусақпен оңды-солды мыжғылап сылайтын атамзаманғы бір ыстық әдеттер есіне түссе керек, қабағын сәл шытып, бәйбішесіне бұрылды.

— Орамал қайда?

Орамал қол созымда екі бүктеліп жатқан, бәйбішесінен әдейі қадалып сұрады. Қатал көрінгісі келе ме, оң көзін сығырайтып қысып алыпты. Қысқасы, шалың қосағына әрі еркелеп, әрі дастарқан басында өзін бай патша ретінде ұстағысы бар. Қария орамалды іліп алып, саусақ ұшымен ұсынғасын: «Е, о бастан сөйтпейсің бе?!» дегендей қабағы ашылды, қолын аспай-саспай сүртіп жатып:

— Хош, қаптың аузын шешсек шешелік. Менің әкелген қанар қабым мына Елтайдың қолтығының астында, — дегенде шошып кеткен жігіт орнынан тұрып кете жаздады.— Жә, әзіл, қарағым. Иен тау ішінде маңыраған қоймен сөйлесетін емес, шешең екеуіміз жоқтан өзгені сөз етіп, өстіп қалжыңдасып аламыз. Жаңағы қабымыз әркімнің аузынан қақшып терген сөз, кешелі-бүгін жинаған жаңалығымыз. Ал, жақын отыр.— Қарт басын бүрістірген бес саусағын етке бір салғанда, мол салды. Әуелі баста мықтап қарпығанымен, кейін ұсақтап сала берді. Бәкімен кертіп-кертіп, аузы бұлтыңдап отыр. Дәу де болса гастритке жатқызған дәрігерлер қартқа: «Өстіп же!» — десе керек. Ac пісіріп жүріп, исіне тойып қалған ба, қария табаққа оқта-текте қол созады. Жырта қарыс етке саусағын елі батырып, шөпшеңдеген Елтай да ана екеуінен оза алмады. Нан аралас ет қусырылып, табақтың арғы бетіне қашып барғанда, қарт еңсесін көтерді, орамалға екінші қайтара қол созды, ас қайырды, май-май шанжау мұрты салбыраған күйі тоғайыңқы үнмен:

— Алып кете бер! — деді.— Шайың қайда?

Сүт пісірімнен соң Сүкең бүйіріне жасыл бамбук салынған кесені алақанында айналдыра ойнатып отырып — Елтай алғашында кесені сән үшін секірте ме деп еді, жоқ, шайдың ыстық табына жасаған амалы екен — бәйбішесіне бұрылды.

— Біз бүгін қоя тұралық. Әңгіменің теңін Елтай шешсін. Қарашашты білесің ғой, бұл соның қосағы; құдайдың зорлығымен тапқан күйеу баламыз, — деп, жаны жай таба берген жігітті тағы шымшыды. Қария да: «Е, Қарашашты неге білмейміз, білеміз» дегендей кесені ернінен ала бере әнтек бас изеді. Қарт шалқи түсті.— Сол қашқын қыздың қасынан бала ат шаршатып келді. Қанар-қанар әңгіме осы жігіттің қанжығасында. Алпыс жастағы атам қазақ алыстан келген алты жасар баланың алдынан шығып, сәлем берген. Оған құлдық ұрдық. Сосын жолаушыға астындағы тағындай төрін беріп, алдына ас қойған, екі қолын бос қойған. Оны да істедік. Одан кейін шай беріп, кепкен көнін жібітіп, шөлін басқан. Терің кеңіп, көңілің жайланды, балам. Соңында аршамен тіс шұқып отырып,—деп, алдына арша шырпысын тастады,— тебінгіге тер қатқан сапардың жөн-жобасын, жолай көрген-білгенін сұраған. Ал, аузын, барда сөйлеп қал, айнам! — Елтайдың «жолай көрген-білгендерінің» бір түйірін жерге түсірмей естіп алайын дегендей басын бері бұрып, жастық қолтықтап қисая кетті. Бәйбішесі де: «Е, жолаушы бала сен бе едің, е, оқасы жоқ, кең отыр, и-ий, монтиған түріңнен!» — сыпатта Елтайға тоқталып қарады, мойнын әрі салды, көзін босағадан алмай шайын сораптап тарта берді.

Елтай: «Осы кісілер менімен ойнап отыр ма?» — деп бір кетті. Сол ойға ат басын тіреп, қазық бау шалайын десе, екі қарияның жүзінде мысқыл, күлкі ізі жоқ, байыпты. Өстіп басы қатып, дорба-дорба болып отырып, Қожанасырдың қызық та әулие қылықтары, тазша бала, Мұқаңның қырт Жұманы, «Қан мен тердегі» атақты суайт есіне түсті. «Әлмисақтан дала кезіп, аттан түспей мал баққан қазақ тері кеңіген осынау шақта бір-бірін түртіп ойнамаса, цирк, кино, концерті жоқ елсіз, құла дүзде іші пысып өлмей ме?»—деп қойды. Әйткенмен өзіне ең керекті жауапты ести алмай, дымы құрып отыр — келіншегі не жайда, қандай күйде? Қайын атасы қыршып сөйлесе, Қарашаш басындағы, тһе, тһе, бастан аулақ, жағдайсыз әлденені меңзеп отырған жоқ па?

Санай берсе ой қалың. Сонан соң ойдың өзінен қашты. Қамалаған күдікті жиып тастады да, белден басып сөйлеп берді.

— Жетіммін, отағасы. Балалар үйінде өстім...

Бесіктен белі шыққан кезден бастап, ес жиып, етек жапқан бүгінгі күніне дейін жетті. О баста аяғына жем түскендей жиі кідірді. Әсіресе Қарашаш екеуіне байланысты тұстарда инесі мұқалған патефондай мүдірген Елтайға, абырой болғанда, аршамен тісін шұқып, көзімен жер сүрген Сүкең иесіге шығасы, басшыға қосшы болды. Шыны ма, кекесіні ме: «Иә», «Сонан...», «Апырай, ә!», «Е, солай ғой!»,— деп, көтермелеп отырды. Елтай да армансыз ақтарылды, қыза-қыза келе:

— Қамбасовтардың соғыс өшірген түтінін кайта түтеттім деп ем. Аяқ астынан қиын жағдайға душар болдым, отағасы. Қарашашқа кет демеп ем, мен жоқта кетіп тыныпты. Болашақтан үміттімін. Мәмлеге келейін, айыбымды мойныма алайын, арылайын, сіздерге сәлем беріп, жүз көрісейін — ниетім осы Керегетасқа келгенде. Қарашаш сіздерге қыз болса, мен балаңыз боламын. Тентектік жасадық. Қарттар кешірер, кешірер де батасын берер, — деп көсілді.

«Осы бір келісті де көркем әңгімені мен айттым ба, басқа ма?»—дегендей жігіт көзімен дастарқан шетін шұқып, мелшиіп отыр. Қысылғаннан қыз болдық деген осы. Жазу болмаса ауызекі қызыл сөзге жоқпын деп жүрген бақыр басы бұл жолы отқа салса май болып еріді, суға салса мұз болып қатты. Итжанды екен өзі. Адамның бір серігі үміт, екінші серігі күдік, көзінің астымен дастарқанның арғы шетіндегі қарияға қарап еді, желкесіне бір шөміш су құя салғандай тітіркенді: манағы жайма-шуақ қалпын мысқал бұзбаған о кісі шайды қызара бөртіп сораптап, түбіт шәлінің шетімен маңдайына шып-шып шыққан терді еш қаперсіз жеке-жеке басып сүртеді.

Шынтақтай түрегеліп, малдас құрған Сүкең:

— Мынау бір жақсы әңгіме болды,— деп, Елтай мүшкіл халін емес, иір-шиыр қызық ертегі айтып бергендей-ақ ризалық білдірді. Бәйбішесіне тесіле қарап отырды, отырды да, шал серпіле сөйледі.

— Қарағым, жағдайыңа қанықтым, қанықтым да ұққандай болдым. Басқаның аузынан өсіп-өнген өсектен емес, өзіңнен естігеніме дән ризамын. Анау Алматыдан садағыңа сары шіркей ұялап келіп, алдымыздан өткеніңе шүкіршілік. Жасыратын не бар, алып қашты ию-қию сөз көп еді. Көңіл күпті-тін. Қарашаштан ай бұрын хат алдық. Хат сыртына мекен-тұрағын жазбапты. Алай да былай да сығалап қарап ек, «Өскемен» деген баттитып басқан қара мөрді көрдік. Хаты да бір тұтам қысқа. Сондағы киім тігетін жерге орналасыпты. Жатақхана деді ме, араның ұясындай құжынаған жерден орын алған. Қысқасы, ол баланы әзірге қасқыр жемейді. Айып-айбананы өз мойнына алады, менің ұғуымша. «Іздеп келмеңдер, күнім туды оңымнан, айым туды солымнан деген күні өзім табамын» деген бұйрық-жарлығы бар. Өз көзіңмен көрмей, өз құлағыңмен естімей үшбу сәлемге сенетін заман ба? Қара қатқақ көктем бітіп, зауза қоңыз ұша бастағанда, қойды әуелі көмекшіге, содан кейін құдайға тапсырып, облыс қайдасың демек ем.— Сәл бөгелді.— Қарашаш қайда кетеді. Өскемен жер шеті емес, автобуспен ызғытып берсең, күншілік жер. Ол келмесе, сен жетерсің. Бата жасап, отыз күн ойын, қырық күн той қызықтап, екеуіңді біз қосқамыз жоқ. Айдалада не біліп, не қойдыңдар, бізге жұмбақ, кісінесіп қосылып, шұрқыраспай жатып айрылыстыңдар. Анау төбе би орыс шалың тура жолды нұсқаған екен... Ендеше, бұл іске бізді шатпаңдар. Бүгінгінің сөзі ертеңге, шалдың сөзі жасқа жүрмейді. Өздерің бастадыңдар, өздерің аяқтаңдар. Шайнап ас беретін емес, бірің бала сүйетін, екіншің қазан-ошақ көтеретін жастасыңдар, алдарыңнан жарылқасын. Біздің тілек: қайда жүрсеңдер де аман-сау болыңдар! — деп, шамырқана, ширай келіп, дастарқан шетін қайырды, етегін қағып, орнынан тұрды. Елтай да ілесе түрегелді. Саптамасын тартып киген шал тонын түймелеп, белбеуін байлады.— Ал бәйбішенің көзінше саған айтар, ұқсаң тілегім, ұқпасаң кесімім мынау: сен бізге құдайы қонақсың. Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал алдынан шығып, сәлем береді деп жаңа айттым. Ата салған жолдан сүйем аспаймыз, қылаудай кемімейміз. Тоқ етері, берісі апта, арысы ай осы ауылда қонақсың. Керегетастан табан аудармай аунап-қунап жатасың. Қойшы тірлігі ешкімнің еркелігін көтере алмайды, бейнет, зейнетімді көр, қоса бастан кеш. Жылқы кісінескенше, адам түсініскенше. Артын күтейік. Күйеу баласың ба, жай баласың ба, уақыт төреші. Ал тысқа шығайық, өрістен қайтқан малдың алдын тосайық.

Шеті қайырылған дастарқан басында бес саусағының басында кесені дөңгелетіп қария қала берді. Сыртқа беттеген екеуге назар аудармады: қызық кино кергендей бөлменің алыс бұрышынан көз алмай, тым-тырыс, еш қозғалыссыз, мелшиген күйде. Аузы ашылмаған портфель оң босағада қисайып жатыр.

Бәрі дұрыс. Сүкеңнің беті оңға қарамаса да, қазақтың қара шалының бір қимылын істеп салды. Күйеу балам деп шұрқырамады, десе де «қарағым» жағын қатырды. «Ата» деп бұл өзеуремеді. Сан қилы мінез бен тағдырдың қайнаған қара қазаны — балалар үйінде ер жетті, одан бері де көрген құқайы аз емес. Шыдар, шыдар да, шал айтпақшы, артын бағар.

Әзірше бір-ақ нәрсені көңіліне алады; ол — шешейдің алабөтен мінезі. Қарашаштай мойнына бұршақ салып, құдайдан тілеп алған жалғыз қызының аты аталғанда да, Сүкең «күйеу балаң келді» деп Елтайдың түсін түстегенде де, құлақ қақпады. Осы үйдің күйініш-сүйінішінен бейхабар, тек еден сыпырып, ас пісіруді білетін күң кемпірдей қазан-аяқ төңірегінде күйбеңдеп жүріп алды... Қыл аяғы Сүкең екеш Сүкеңе де шуақ мінез танытпады. Қарашаш пен Елтай туралы құлаш-құлаш әңгіме қозғалды, онда да селт етпеді. Бұл не құпия сонда?

Әзірге қонақ қойдан жуас...

***

— Қарасаң, мә, дүрбі!

Елтай анық байқады: шалдың көзі жасыл сарғылт екен. Қазақта аз кездесетін көз. Жаһұт көздер қадалған жерінен қан алатын шақар, қолға алған ісін әптер-тәптер етіп, не оңға, не солға шығарып тастайтын табанды деуші еді. Бүгіндікке Сүкең ол үдеден шықты. Қазір де қызғылт сәуле қыдырған, дөңес, қыратынан қар кетіп, ал өзек, қолат, сайлары әлі де тарғыл-тарғыл өлкеге көз тігіп тұр. Керегетас десе, Керегетас екен. Жан-жағын ақ бас қоңырқай таулар қоршаған кең жазық бөтелкенің аузындай қусырыла келіпті де, қыстауға ұмтылатын сол тар өңештің екі босағасын жарқаш-жарқаш қан қызыл жартастар қалғымай қатып-қатып күзетіп тұр. Тау асып, жазықты жиектей келіп, қотанда бітетін ирек жол сол кереге тастардың алқымынан өтіпті. Ызындаған жел қыстау орналасқан қазан аузындай шағын ойпатты басып, орай да борай соғатын сияқты: мана үйдің ығына қарай қисайып жығылған мұржа түтіні қазір өр серпіп, кері шалқиды. Көз ұшындағы быдырқай белдердің бауырынан басталатын жазық Керегетасқа дейін жай басып, жайылып келеді де, одан өтіп, қыспақтан шыға тағы кеңге салыпты. Содан Сүкеңнің саптама етігінің ұшынан ту сыртта шалқалап жатқан тауға өрмелеп кете барады.

Жел ап-сап тынған. Салқын самал бет-ауыз сипалайды.

Жігіт дүрбіні жазыққа салып еді, шеңбер ішін төрт түлік мал кернеді. Оптикалық сақина әйнектердің сәуле сындырған сиқыры ма, әлде күндіз қызған жерден көтерілген бу жазықтың бетімен бет болып бөгіп тұр ма, қалың мал сарғылт жасыл мұнардың арасымен жыбыр-жыбыр қозғалып, қаптай жайылып келеді. Жайшылықта мал тұяғынан көтеріліп, отар соңынан көлбеп кешетін селдір шаң бүгін көрінбейді. Басты бауырға алып, жер тістеп томпаңдаған қой үстінде сауысқандар сып-сып ұшады; алып кет те, қағып кет ұшқалақтардың есебі біреу емес, әлденеше; қыстан азып шыққан қойдың бауыр жүнінен бүрге, сірке іздесе, сансыз тұяқ айдап тастаған ылғал топырақ арасынан өткен жылғы құрт-құмырсқаның өлімтігі мен тіріле бастаған, жер бетіне, күн қызуына ұмтылған жұмыртқаларын қоса үптейді. Көктемгі қызық әлі алда, әне, сол қанбазардан қалмау үшін күні бүгіннен қабырға жабу керек. Секиіп тұра қалған сақалы сала құлаш көксеркенің айыр мүйізінің ұшына қонақтаған бозторғай еңкейіп-еңкейіп қалғанда, үшкір құйрығы аспан бетін піскілейді. Құймышақ пен қыр арқасына ұзақ қарғаларды қондырып алған он шақты сиыр мен жылқы қара қайықтай үн-түнсіз жылжып келеді. Жан-жәндік атаулы үрдіс қозғалысқа көшіп, жер-ананың емшегін жаппай жабыла созғылап жатыр. Секпіл бет қойтас үстінде сүзісіп ойнаған екі лақ қана алаңсыз. Жортақтаған екі алып соқтың қайқиған құйрықтары отар шетін сызады.

Дүрбі алмас демімен алыстан тартып, қол созымға жақындатқан беу дүние жым-жырт, тіл-құлақсыз — қой маңырамайды, көк серке бақылдамайды, бозторғай шырылдамайды. Отар соңынан отар, бүкіл жазық қараң-құраң мыңғырған мал... Қайнаған ұлы ағын, үнсіз ағын көз ұшында емес, оқ, дыбыс өтпес қалың әйнектің ар жағында, мақау да қатал дүниеде селдей ағылып, шал мен жігітті маңдайға ала ұдайы шабуылдап келе жатқандай тым сұсты. Әлсін-әлі кекілік бұлдырай ұшады. Лекіген мылқау қалың тобыр жота басында қалқиған екеуді әрі-беріден соң бұйым құрлы көрмей таптап өте шығатындай. Елтайдың көкірегіне сезік кірді, дүрбіні көзінен ала қойды.

Қызыл көз шал тісіне салған тал шөптің дәмін талмап, қаперсіз тұр. Үстінен отар түгіл, табын таптап өтсе де, қыңқ етпейтін тәрізді.

— Осы малдың бәрін өздеріңіз бағасыздар ма?

Іле беті ду етті. Бұл шатқаны қай шатқан? Мана кабина ішінен қыстауға көз салғанда-ақ қайтар-қайтқанша біраз қатеге ұрынатынын іші сезген. Әйтсе де сол қателік бүйтіп тез басталады, аттамай жатып сүрінемін деп ойламаған.

Қыршаңқы шал мал дегенде қиқарлығын былай қоя ма, бұл жолы тіл беземеді. Шимай-шимай әжімдері ғана: «Тұзы жеңіл баласың-ау!» — дегендей үнсіз күлді.

— Өзіміз,— деп шолақ қайырды. Анадай жердегі тай қазандай шұбар тасты нұсқады.— Кел, қолдасып аударып тастайық.

«Айдалада жатқан тасты аударғаны қай еріккені?»

Түскен жерін ойып жатқан тас әрең қозғалды. Қарт қамшының ырғай сабын астына салып, бұл иегінен көтеріп, бауырын жерден әрең айырды да, тігінен қойды.

— Сүйей тұр, ылдиға домалап кетпесін. Біреу-міреу жүгіре шықса, майып болады. Қора-қопсы да тақау, күйретіп кетсе қайтеміз.

Етегін қайырған шал алақанымен екі тізесін тірей жерге үңілді. Тас асты жел-күн тимеген қара топырақ, оның әр жері және шұрқ тесік. Құмырсқаның күріш дәніндей аппақ жұмыртқалары әр жерде шашылып жатыр. Сүкең қамшының сабымен орып-орып тастап еді, астыдан үстіге шығып қалған құмырсқалар жанталасып, оңды-солды жүгірді-ай. Қарт қабағын шытты.

— Жарайды, орнына қоя сал!

Көңілсіз.

— Сезіп ем... Мына күннің сықпытын көрдің бе? — деп, екі бүктеген қамшыны шошаңдатып, көкжиекті баса дірілдей дөңгелеп тұрған қан қызыл шарболатты нұсқады.—«Ертең шат-шәлекей бүлінемін, сақ бол, малшым, абай бол!» — деп шатынап тұр. Бәсе, шуақ төгіп, тым жадырап кетіп еді. Білгем, білгенмін...— Саусағының басын кезекпен бүгіп, әлденені күбірлеп санамалады.— Мерзімі де болған екен. Былтыр да осы шамада бұрқақтаған.

— Түк ұқпадым, Сүке...

— Отамалыны айтамын. Мына тасты неге аудардық дейсің. Күні бойы күн етінде жатқан тас әбден қызады да, қыстан ілдебайлап әрең шыққан аш құрт-құмырсқалар тіріліп, қайнап сала береді. Жем іздеп, індерін тереңдете тарам-тарам қазып, тастың қызуы басылғанша тыным таппайды. Ал күндіз мықтап қызған тастың табы түн ортасына дейін барады. Көрдің бе, бүгін құмырсқалар кеш түспей жатып уақытынан бұрын тереңге кетіпті. Түсте қарағанымда қара қазандай қайнап жатыр еді. Яғни, алдамыш ауа райы бүгін түнде, әйтпесе ертең бұзылады. Отамалының алыстан айдаһардай тартқан лебін бұлар күншілік жерден сезеді. Қарға-сауысқандар неге қара шыбындай көбейіп кетті деп ем, олар да үш күн, үш түн қайтпай соғатын отамалыға деп жанталаса қор жинап, құрт-құмырсқа, бүрге, сірке тереді. Бүкіл өлкені бүрістіріп, қан қақсатады бұл отамалы. Қыстан өлім-жітімсіз аман шыққан талай малшы осы отамалыда қойын қырып алып, қапы қалады.

— Боран-шашын ба, сонда отамалы?

— Қой, ауыз ауыртпайық. Аман болсақ әуселесін әлі-ақ көресің. Сәтімен келген жем де дәтке қуат. Жүр, мал келмей тұрғанда қораға тасып, жайғап алайық.

Шаруа шал жол соқты жолаушы жем тасуға қалай, оны сұрап, бас қатырған жоқ. Ұшы жер сызған қамшысын сүйретіп, қиялай бір, екі басып, ылдилай жөнелді. Соңынан ерген Елтай: «Дат, тақсыр!» — демеді. Әр адам төңірегіне өзі тұрған төбеден қарап, баға береді. Сүкең өз стихиясының ортасында, өз тірлігінің тұтқасын ұстап жүр. Ондай адамның әмірі күшті, мысы мықты. Елтайды манадан бұрғызбай соғып жүргені де сол мықты мыс. Қалаға барса, көше танымай ұлтан болатын Сүкеңдер — далада сұлтан.

Сәрәл жемді қора ығындағы қашаның түбіне үйіп кетіпті. Көп ұзамай Сүкең үйден мақтасы түте-түте ескі күпәйкі мен комбинезонды қолтығына қыса шықты. Қолында төрт бүктелген екі қанар қап. Киім, қапты қашаға арта салды.

— Андағы биттің қабығындай сулығыңды шеш те, күпәйкі, кәмбинзон ки. Қазір жем қарша борайды. Қаптың аузын сен аш, мен жем салайын. Келмей жатып зорықтырып алсақ, обалыңа қалармыз.— Иә, жымиды, иә, тістенді, селдір мұрты жыбыр етті. Жемді жалпақ бас күрекпен араластырып, бір шымшымын тіліне тастап талмады, басын шайқады.— Боры тым көп... Бор беретіндей бойдақ қойды сүйегі қатпаған жас қозы дей ме, пәтшағарлар. Мына бейшараларға,— деп қашаны жағалай, сирақтары ағаштай қатып-семіп, секиіп тұрған жалаңаш қарын, аш бүйір арық-тұрақты иегімен нұсқады,— бопыраған бор емес, ұн, кебек, арпасы басым құнарлы жем ғой керегі. Жата-жата жамбастары тесілген май бастар алыстағы Керегетастың арық-тұрағын, иә, ойлар! Апаш-құпашта қойға бәрі жарайды деп, төлдің жемін тией салыпты, — деп, бұл жерде жоқ әлдекімдерді бүріп алды да, күпәйкі мен комбинезонды тырыстырып-бырыстырып киіп алған Елтайға қарап, жүзі сәл жылыды.— Ал, қаптың аузын кең аш, қарағым. Мен сапковайға мықты болайын, сен қораның түбіндегі қашаға апарып төгіп тұр. Алғашқы қапты анау ұзын науаға жаймалап төк, мына пақырлар бор бола ма, тас бола ма, өзек жалғасын.

Алғашқы күрек қап түбіне салқ еткенде, ықта тұрған Елтайдың бет-аузын бұрқ еткен ұлпа қапты. Содан ақ мұрт, ақ майдан қалың бұрқылдақ басталсын. Жем төгілген науаға арық-тұрақтар әдепті оқушылардай бір-бірлеп жыбырлай басып келіп, тұмсық тықты. Бырт-бырт күйсеуге қуат жоқ па, тек шықшыттары бүлкілдейді. Бірақ бастарын да алмайды.

Қойдың сары өңез құмалағына тайғанақтаған Елтай қораға кіріп еді, ол шіркін арқасындағы қанар қап секілді ұзын бірдеңе екен, ашқылтым иіске тұншығып жүріп, түкпірдегі тақтай қоршауды қармалап әрең тапты. Ары қарай қорадан қотанға, одан қораға дегендей сүрініп-қабынған жаяу жарыс... Сексеуіл бұтағындай иір-иір саусақтары күректің сабын қайыстай илеген Сүкең жемді сартылдатып салып тұр.

Шай қайнатымнан соң арқа, маңдайы бусанып, титықтай бастады.

— Ақыры, ішке кіретін жем... қора аузына төкпей ме?— деп күңкіл бастап еді, шал:

— Сідік, құмалаққа араласып, рәсуа болады. Қойда да қасиет бар, былғанған жемге қаймақ шылап берсең де, тұмсық тигізбейді,— деп қаладан келген жігітті жерге қаратты.

Қалың қой қыстау шетіне іліге, жарты машина жемнің түбі де ақыр-тақыр көрінді. Сүкең қой сүйкенген қу ағашы жып-жылтыр, шарбақ қақпаны шалқасынан тастап, қораға кірді. Елтай өкшесін баса ерді; қыстаудың әр ыңғыл-жыңғылын, әр саңылауын көкейге жазып алам десе, шаруа шалдан екі елі қалмауы керек. Қоршаудың бел ортасына еркін жеткен жемді алақанымен жаймалап, тегістеген Сүкең:

— Заузаға дейін жетсең жарар,— деп күбірледі. Қоршау ішінен істік күректі суырып алды да, сам жарығы елбеңдеген ауызға беттеді. Есікке жетеғабыл жарықтау жерге күректі тұспалдай салып, төрт ырғап еді, манағы манағы ма, өткір де ащы иіс кеуде қапты. Қидың беті қошқыл қара да, асты алтындай сары екен.

— Сипашы...

Қи емес, жанып жатқан орыс пешін сипады. Алты ай қыс бойы қалың қойдың қарын ыстығы там-тұмдап сіңе берген бе, қидың асты жып-жылы.

— Қалай?

— Қызып тұр...

— Ертең қи оямыз. Отамалыда қойға қотан пана болмайды. Қораға қамаймыз. Қызық пен шыжықты сонда көресің. Қызған қиға қой түні бойы бауырын төсеп жатады. Ертеңінде қызып тұрған жалаңаш қарыннан сап берген көктемгі ызғар жеті өмірінен зыр етіп өте шығады. Әлтаман не суға, не шөпке құлқы жоқ өңкей күркілдек көкжөтел қойларды жинай алмай қаламыз. Қашан жайлаудың шағырмақ күні төбесін тескенше, бір-бірлеп тырайып өледі де жатады. Не дәрің, не белден келетін көк құрағың оған сеп емес,— дей келді де, Елтайға тіктеп қарады.— Қол қайратқа қалайсың?

— Жеті-сегіз жыл бұрын бетон құйғанмын...

— Әп бәрекелде! Ертең Алшағыр екеуің екі етекті белге түріп, қи оясыңдар. Күректеріңді жата-жастана қылпылдатып қайрап қоямын. Ертең қас қарайғанша қиды ойып бітірмесек, күн қараң. Келін де хал-қадарынша көмектесер. Мал келіп қалған сияқты, кәне, алдынан шығайық.

Айыр мүйізі жалт-жұлт еткен көк серкені алға сала барқырап маңыраған отардың алды қотанға кірген екен. Көмекші шопан ба, қапсағай дәу жігіт жатаған атын үй алдындағы кермеге байлап жатыр.

Аға шопан:

— Әй, Алшағыр, бері кел!— деді қатқыл үнмен.

Қамшысын сүйрете талтаңдаған — күні бойы тоңқылдап желген ат соғып тастаған-ау — кеудесі бір құшақ, шекелете киген құлақшын шетінен қара шашы бұрқыраған қауын бет жігіт тақай бергенде Сүкең:

— Қалай жайдың, мен айтқандай ма? Көкөзек аман ба?— деп, дігірлей жөнелді. Осқырынып жанасқан желке шашы өсіңкі жігіттің иегінің астынан біреу періп қалғандай кегжең етіп, мұрнымен көк тірей қалды. Танауынан иегіне әлсін-әлі жел жіберіп, керенау сөйледі:

— Ақсақал, жай сөйлесеңіз қайтеді? Ал, бақтық-қақтық, немене? Артым жер иіскемеді, түге. Бүгін бағып жүрген төрт аяқты мал емес... Таңертең өші қалғандай өңмеңдеп... күні бойы тепкіленіп, итім шықты...

— Аман ба Көкөзек?

— Аман... Қасқыр жемейді Көкөзекті.

— Бара бер! Мен малды түгелдеймін.

Қалың қабағы түксиіп, маңдайы етіктің қонышындай қатпарланған Алшағыр: «Өзім де кеткелі тұр едім» дегендей, ісініп үйге беттеді. Қос бүйіріне теңселе басқан жүрісі, белінен біреу итергендей шалқақ кеудесі кімге де болса: «Байқадың ғой, қаймықпадық, қыстырмадық! Әне, солай?!»— дегендей.

Сүкең ол ереуілге елпілдемеді. Әлде екеуінің арасында қашаннан қалыптасып, еттері өліп кеткен жағдай ма, кім білсін. Қой аралап кетті. Алшағырдың соңынан ауыз сөз қоспады. Дұрысы сол екен. Қосса қарт бағасы Елтай алдында бір мысқал көмір еді. Ойды ой қозғайды. Өрістен талып келіп, мүлгіп тұрған қойлардың жанай келгенін санымен, тура келгенін тізесімен соға қақ жарып келе жатып: «Мал түгендегені қалай? Қойды қотаннан қайта шығарып, басынан ұрып, бір-бірлеп қашаға кіргізбек пе? Оны жаңа неге істемеді?»— деп ойлады. Айт-айтпа, шал шығандап барады. Көшеде кездесіп, тілдесе қалса, транзистор секілді саңқылдап сала беретін қаланың қарттары жайдақтау көрінетін. Сүкең керісінше — барған сайын тереңдеп, жұмбақтала түскендей. Елтай да бір кісідей тәкаппар еді, бұл жолы одан айныды. Сөзі бет-бетіне бытырап, ебелектеп қалып жүр. Сол райда:

— Сүке, Алшағырдың таңертең құбылаға, түс ауа шығысқа қаптата жайғаны несі? Онда не гәп бар? — деп қалды.

Аға шопан: «Не деп тұрсың? Бұрыссың ба, дұрыссың ба өзің?» дегендей көзімен атып қарады. Біртін-біртін Елтай көмекші емес, қаладан келген ақ желке, қаратаяқ күйеу баласы екені жетесіне жетті ме, нәумез көңілмен ары бұрылды. Қыстан сіңіріне ілініп шығып, көктемге қарай көтеремге жуықтаған халсіз мал бас шопаннан да ықпай ма, шетінен жол бермейтін керенау. Сол тәртіпсіздеу малды кіш-кіштеп:

— Есі дұрыс қой күнге маңдайын емес, құйрығын бұрып жайылады. Оның несі жақсы дейсің ғой? Қыста күнге шағылысқан ақ шаңқан қар көзін қарымайды — бір, шытадай жұқа маңдайын ызғырық ұрмайды — екі. Ал жазда, шағырмақ күнді ту сыртына салып, оттың тәуірі — соныға жайылады — үш. Қарағым, қой да сен сияқты шілдеде ыстықтап, қыста тоңады, тек айтатын тілі жоқ. Алшағырға қойды қалай жайдың деп қақсап тұрғаным сондықтан. Әй, кебенек келгір, шек былай! Ал Көкөзек аман ба деп қақылдасам, оның да мықты себебі бар. Көкөзегім ақырған аязда бүйенге салып сақтап, көктемгі кез қарайған қара өзекте шайға сапырып салатын сары майым ғой. Жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілген шақта талай құтқарған ол құтқанама қыста мал түсірмеймін. Таулы жердің аумалы-төкпелі ауа райына сеніп болмайды. Алда — отамалы. Ойда қарлы боран бір соқса, тауда екі соғады. Әне, сондай қысылтаяң кезде тілін тістеген отарды киіздей тұтасқан Көкөзектің қалың нуына табан аудартпай салып қоямын. Әрі ық, әрі тұмсығы бұзылмаған соны от,— дей келді де, сөз соңын:— Мал, шүкір, түгел,— деп қайырды.

Басталып кеткен сұрақ-жауаптың арбауына түсіп қалған жігіт:

— Түгел екенін қалай білдіңіз? Бір-бірлеп шекеден түртіп, санағаныңызды көрмедім. Ығы-жығы пәленше жүз қойды қалай шатастырмадыңыз? — деп үш сұрақты үсті-үстіне жүрдемелете қойды.

Қаладағы жылы орнын суытып, ойда жоқта далаға келген алаңғасар баладан үмітін әбден үзді ме, Сүкең бұл жолы алайған жоқ.

— Малмен бірге өріп, қоса жусап келе жатқан шалмын ғой.— Содан қашаның есігін жауып, сым темірмен шандып байлағанша, жақ ашпады. Ақыр аяғы келте жауабына мынаны қосты.— Қалай түгендедім, оны мен айтпаймын, сен сұрама. Айтқанмен қой құрттап, қойыртпақ ішпеген адамның құлағына кірмейді.

Былай шыға соңына қараған Елтай тағы үзілтті.

— Қораның есігін жаппадыңыз...

— Әдейі ашық тастадым. Қораға кіре ме, қотанға түней ме, қолайы білсін.

Түн үңірейе жерге төніп, таулар тез-тез биіктеп барады. Ал қара кек аспан тереңдей түскен. Тау аспаны жұлдыздарға саран, ба, төрт-бес уысы тас төбеде үркіп жүр. Есесіне сол аздың өзі мыңның ішінен таңдап алған біреудей сөніп жанып, сеніп жанып, жалт-жұлт етеді: тау шіркін жұлдыздарға бір табан жақын ба, әлде тау ауасының кәусар тазалығы ма, әйтеуір, лағыл тастай таза да шыңылтыр. Жел желп етпесе де, бой қалтырайтын ызғырық астында таулар мен жартастар қойындаса бұғып-бұғып, өз деміне өздері жылынып жатыр. Сүкең мен Елтай аттарды жабулап, қораға байлады, алдарына шөп, астарына сағдар тастады. Оқта-текте жер, су, ауа райы, мал жайы қадау-қадау сөз болды. Әдейі қашқақтады ма, шал Қарашаш бұл дүниеде жоқтай, бар болса өткен жылы күйеуге тимегендей, оны былай қойғанда, қатарда келе жатқан үндемес жігіт бөтен адамдай қызы хақында тіс жармады. Елтай көрші совхоздан, яки көрші ауданнан Сүлей шопаннан іс-тәжірибе үйренуге келгендей, екеуара әңгіме қой төңірегінен аспады. Біреуіне қыз, екіншісіне келіншек Қарашаш халы қозғалса, екеуінің арасында сабақ жіпке ілініп әрең тұрған әлденелер үзіліп жүре беретіндей, ол турасында жұмған ауыздарын ашпады. Сүкеңді қайдам, Елтай әңгіменің ең үлкені алда екенін сезеді, сезеді де, іштей мінажат етеді. Жыртық үйдің құдайы бар, оған дейін Қарашаш тұстан көктем шуағына ілесе жылы хабар жетіп қалар... Бүгінгі күнге бек разы. Атасы мен енесі құрақ ұшып, жалпылдап қарсы алмаса да дән разы. Көңілі — көкорай. Қарашаштың ізі қалған Керегетасты көрді, әке-шешесімен танысты, келіншегінің ернінің табы қалған кесе шетін тістеді. Қарашаштың орнын сипап қалса да, жарының өткен өмірін баяндаған кітапты қолына алғандай, оған жақындай түскендей бір тәтті сезім бүйірін қыздырып келеді. Өше жаздаған үміті кайта тұтанды — бүгінгі ең үлкен ұпайы сол.

...Кешкі шай көлденең сөз, артық әңгімесіз ішілді. Жүкке арқасын берген Сүкең Елтайға тиіп-қашып, екі-үш сұрақ қойды да:

— Ескі тамыр буын-буынымды сырқыратып әкетіп барады... Ауа райы бұзылмаса жарар,— деп, кесесін төңкерді. «Ескі тамырыңыз кім?» — дегендей аңтарылып қараған Елтайға: — Оқ тиген ескі жараның орны, — деді.— Ертең малға мен шығамын. Ерте жатып, ерте тұрайық. Жігіттер қи ояды, бәйбіше. Қазаныңды қамда. Асты адам емес, жұмыс жейді.

Төсек салғызып жатып қалды. Бүгін келген қонағын ертең табанын тіліп, қара жұмысқа қоспақ. «Бұған қалайсың?»— демек түгіл, қаланың жігіті бұрын қи ойды ма, жоқ па, сұрамады. Иә, Керегетас күйеу баласын кергітпеді...

Әлде күнді түнге, түнді таңға ұрған малшы тірлігінің түрі осы ма?

Қария күндізгі қалпы — тікелей сұрақ қойылса, бас-аяғын ықшамдап, нақты жауап береді. Қойылмаса оған да өкпе жоқ, үнсіз. Үй шаруасын бітіріп, ерсілі-қарсылы екі бөлмеге төсек салды да, тон жамылып сыртқа беттеді. Қарашаш туралы жақ ашпады. Елтайға да самарқау. Таңғы алаң-елеңде зымыран аспаннан сорғалап түсіп, осы үйдің күйбең шаруасын бітіргесін, ел жата-жастана тон жамылып шығып кетеді, сонан соң Керегетастың сүңгі құзына өрмелеп, ұшар басына көтеріледі. Көтерілгесін қара тонның екі жеңі екі қанатқа айналып, түнгі әуедегі бұл дүниедегі пәни адам білуге жоқ, белгісіз мекен-ұясына қалбалақтап ұша жөнелетін қара құстайын бейуақ, жұмбақ жан.

* * *

Ояна келсе, үй іші жарық, көз ұялтатын шағырмақ сәуле емес, ақ су тәрізді боз жарық. Еденнің кезінде су күйі қаланған тақтайлары кейін кеуіп, ара-арасы арық адамның қабырғасындай ырсиып кетіпті. Шылдыр шумен сыйып кететін сол жол-жол жарықтар киізбен нығыздалып бітелген. Есік-пердесінің қиығынан анда-санда жасыл бешпент көлеңдейді, аяқ-табақ сылдыры мен жанған пештің гүрілі естіледі. Ашық желдеткіштің аядай ауызы: «Әй Алшағыр, бері, бері таман қайыр!», шайт-шайттаған Сүкеңнің шыңылтыр даусын, көк серке перінін бақылдаған тым жағымсыз үнін, қойдың пысқырынғанын ішке деміл-деміл жеткізеді.

Үй іші ұядай жылы. Сабын, орамал, тіс щеткасын іздеп, портфелін ашып еді, конфет ораған магазиннің сары қағазы, оның сыртындағы айбақ-сайбақ «Спасибо за покупку» деген көк әріптер көзін қарыды. Тәуекел деп тас жұтып, кеше ашу керек еді аузын. Бір есептен, портфель түбінен сыртқа шықпаған мына шай-шақпыт, конфеттер Сүкең қария, Елтай арасында әлі де жапырақ жая алмай жабулы қазан күйде жатқан туыстық сезім секілді екен. Портфельді аяқ ұшымен төсек астына ысыра салды.

Орамал асынып, ауыз үйге шығып еді, түнгі аспаннан тан сәріде қайта жерге түскен шешей шайнекке шай шымшып салып тұр. Басын көтеріп, Елтайға мойын бұрды: тас мүсін жүзі сәл жылыпты. Аяқ астынан не дерін білмей сасыңқыраған жігіт уатылған әйнек басқандай тыпыршып тұрды да, қайдан шықса одан шықсын:

— Сүкеңнің ұйқысы қанды ма, апа? Өзі қайда?— деп, беталбаты лақты. Ағаттығын кеш сезіп, босағадағы қолжуғышқа ұмтылды. Сырын бермес сабырлы жымиыстың лебі жүзін сәл жалап өткен енесі:

— Жақсы жатып, жай тұрдың ба, қарағым? Ол кісі сыртта, малда. Шай әзір. Жылы су құйып қойдым, сабын, орамал, әне, жақсылап жуынып, сергіп ал. Таудың, таза ауасын жұтқан адамның ұйқысы қатты болады,— деп, әп-әдемі, жартымды жауап берді. Тек Сүкеңді жат жандай «ол кісі» деп, сыртқа тепкені қызық болды. Пальтосын жалаңаш етіне желең жамылып жатып, көз құйрығымен ұрланып қараса, енесі кешегі қоңыр түбіт шәлісін тастап, кемеріне ирек-ирек жасыл кесте салған шаңқан аппақ кимешек киіпті. Кеше қарттар ішін бермесе де, жата-жастана екеуара: «Қаласақ та, қаламасақ та күйеу бала екені рас, ендеше, сыр бермейік, жақсы жақтан көрінейік»,— десе керек. Елтай құнтыңдай басып, сыртқа шықты.

Мұздай ауа кеуде, мойын, бетін салқын алақанымен сипалады. Аузын арандай ашып есінеп еді, тұмсығының ұшын селдір бу алды. Пальтосын қаусырынды. Ұйқы шайдай ашылды. Жер дүние аппақ қырау. Күн сәулесінен алтын тәж киіп, талыстай кеудені көлеңкеге малған тарғыл шоқылар, беткейдегі сидам қарағайлар үлкейткіш шыны астына түскендей ап-анық. Қарсы алдағы шортан жон жотаның иығынан жіп-жіңішке күміс саусақтар қылтияды.

Қарғалар үйір-үйірімен қарағай аралап, қарқылдап ұшады. Ұлар таңдай тақылдатады анда-санда. Ойға батқан екі дүрегей төбет қаша түбінде шоқиып отыр. Қора қабырғасына кезінде жағылған қара балшықта сылақшы қыздардың бес саусағының іздері жол-жол боп жатыр. Ерттелген көк бестінің басына жем дорба ілініпті. Дорбаны сілкіп қап, лақтырып-лақтырып тастайды да, бұрыш-бұрышта қалған аз сұлыны тұмсығының астына жинап алады. Тұяқтары, әлде буындары сыртылдаған он шақты ірі қара ілби басып, жазыққа құлдилап барады. Ең соңында бірер буаз бие мен екі-үш сиыр керенау аяңдайды; сары уыз ішетін күн жақын қалған тәрізді. Сай қабағындағы томпақ күресінге бидай өңді бөрте келіншек бұрқылдатып күл төгіп еді, әр тұстан қарғалар далбақтай ұшып келді де, қанаттарын жимастан жүгіре таласып, қанбазарды қыздырды. Аяғы ауыр ма, шапанының етегі делдиген келіншек Елтайға манаурай, тоқ пейіл көз салды, найқала басып қабырғалас үйге кірді. Алшағырдың келіншегі... Ал қара божбан Алшағырдың екі қолы шалбарының қалтасында, қаусырынын алған күпәйкесінің етегі ысырыла келе кіндігіне шақ жетпей қалыпты. Қотандағы қойларды тізеге сала итеріп, Сүкеңнің көзін ала бере кейбірін құйрықтан тебіңкіреп жіберіп дегендей, ұйқы тығылған көзін аша алмай жүр. Қаша аузында тұрған шал алдынан екі-үштен өткен қойға: «Күн ашықта жақсылап жайылыңдар! Бірақ елірмеңдер, қарадай қағынып, Көкөзектің отына өңмеңдеп ұмтылмаңдар!» — деп, жеке-жекелеп, бір күнге жетерлік әмір, бұйрық бергендей, ерні тынымсыз жыбырлайды. Сәлем берген Елтайға басын сәл изеді. Бала жастан көрген мехнат пен бейнет бүгін таңда бетіне қайнап шығып кеткендей шимай-шимай жүзі тым сұрқай.

...Отардың алды жазыққа қарай саулап бергенде, көздері бозарған жиырма шақты маңқа қой қотанда қалып қойды. Оған еш өкпелемейтін сияқты, тірсектері дірілдеп, әр жерде тәлтиеді. Көксаулары ысқырынып-пысқырынып, мұрындары бітеліп тұр.

Қашаның есігін жапқан шал қамшысын бұлғады.

— Бері келіңдер!

Алшағыр Елтайға:

— Привет! — дегенде, керзі етігінің сірі сақ етіп, шала бүлінді.

Шал оны миземеді.

— Ал, Алшағыр, Елтай, іске сәт! Бүгін қи оясыңдар. Әнеугүні төбеден кар суы тамшылады, одан жауын-шашын жиіледі, қысқасы, қора баздана бастапты. Жаман қойды кешегі жемге көміп алыңдар. Одан кейін шөпке қойыңдар, түс кезінде суарасыңдар. Қиды қора сыртына шашып тастамай, ауа, күн шалатындай ғып шошайта қалаңдар, кебуіне жақсы. Қойшыға қыстан гөрі көктем жау, есте ұстаңдар осыны.

Оң аяғына салмағын сала бөксесін бұлтитқан Алшағыр шоқыта желген Сүкең соңынан мысқыл аралас кекесінмен қарап тұр. Самайына тура тартылған қиық көзінен сыр тарту қиын. Ылғи да белін бекем байлап, шабынып тұратын жан Елтайға ұнамайтын еді, кете беріп еді, ту сыртынан Алшағыр дауыстады.

— Әй, кореш! Сен не, городскойсың ба?

Мырс етіп, бұрыла тоқтады.

— Городскоймын.— Балалар үйінде салған беттен: «Қаспысың, доспысың!» — деп соқтығатын ондай адыраңбайдың талайын көріп алған. Ана аяғы анда, мына аяғы мында кеткен көмекші шопан бері жақындады. Бас-аяғына кемсіткен шырайда шекелей қарап:

— Еһе-һе!— Күлді. Аз тұрып:— Мен де городскоймын,— деп және қосты. Елтай бұл байлам бекер айтылмады, енді не болар екен деп соңын тосып еді, босқа дәметіпті. Қайықтай керзі етігін күрп-күрп сүйреткен Алшағыр үйіне беттеді.

Шай үстінде енесі кешегі томаға-тұйық мінезінің қаруын қайтарғысы келді ме: «Алып отыр, қарағым, күн құлақтанып тұр, тоңып қаларсың, ысытқан сорпадан іш»,— деп, еселеп құйып, бауырсақ, қантты алдына ысырып, хошын білдірді. Әйткенмен мұның бәрі ерін ұшымен немқұрайды айтылды, кейде қария дастарқан басында емес, жаһан түзде жалғыз қалғандай көзін кең ашып, түпсіз тұңғиық ойға ауық-ауық шомып кетеді. Ауылдың қарабайыр әңгімесіне Елтай о бастан жоқ еді, әйтсе де; енесін ой иірімінен шығарсам деген үмітпен:

— Мына жігіт кім, әже? Көптен бері көрші ме?— деп, жапсарлас екі үйге ортақ қабырғаны шекесімен нұсқады.

Кемпір селт етті. Елтайға сүзіліп қарады да, көңілі қалғандай бетін әрмен бұрды.

— Жуықта көшіп келді. Бұрынғы көмекшіден бруцеллез табылған. Белі шойырылып, атқа міне алмады да, орнына осы баланы жіберді.— Әжей «бруцеллез»- ді бұрмаламай, акцентсіз айтты. Кесеге шай құйып, қаймақ қатып:— Өзің қай баласың, қарағым? Түстеп тани алмадым. Қи оюға келдің бе? — дегені.

Елтай шайға шашала жаздады. Сөзден таза қалған. «Япырау, Сүкең мұның күйеу бала екенін кеше, дәл осы дастарқан басында айтпады ма? Не, бұл сонда? Мазақ па? Қарашашты қалаға сыйғызбай сен қусаң, сыйға сый, сыраға бал деген мошқау ма?» Кертоқай жеген баладай мәңгіріп отырды, отырды да, амал жоқ, тұтығып сөз бастады.

— Сүкең... деп еді... мен туралы. Кеше... Ұмытып қалыпсыз. Алыстан, Алматыдан келдім. Сіздерді іздеп келдім.— Қарт-кәрілердің буынын қорғасындай балқытатын, қандай бір өкпе көңілдің өңін ашып, кірін кетіретін «апа, әже, ене» атты жылы сөздер, неге екенін қайдам, аузына түспеді.— Білесіз бе, білмейсіз бе, Қарашаш екеуміз бас қосып, үй құрдық. Жер аяғы алыс, алдарыңыздан өтіп, аналық, аталық ақ батаны сұрай алмадық. Әрине, айыбымыз ауыр,— деп, көсемси бергенде, кесені ерніне апарған кемпір:

— Е-е...— деп, немкетті соза салды. «Е, сол ма қиналғаның? Оны неменеге сөз қып отырсың?»— дегендей шайын сораптай берді. Дәл кеше кештегідей сезім-түйсіксіз тас мүсін...

Одан әрі сал бөкселеніп отыруға дәті жетпеді, кесесін төңкеріп, киінді де, далаға шықты.

Шарболат күн жотаның иығынан қыстаққа сығалап қана қызыл көзін салады. Сай, жүлгедегі көлеңкелер қусырылып барады. Қалың қырау ма, беткей атаулы жылт-жылт. Көкпеңбек биік таулар ауаға араласып, қатып-қатып тұр. Таңғы таза ауа жазық жақтан Сүкеңнің: «Ірит-ірит!» дегенін құлақ түбіне әкеледі. Алыс, жақын бел-белестердің астынан ба, мүмкін, өркеш-өркеш таулардың арғы беткейі болар, әлде атам заманда қия жартастан ұшып, жеті қат жер астына түсіп кеткен керуен-керуен көш пен өлген адамдардың күн шуағын сағынып, зар жылаған қаралы гимні ме, маса ызыңындай ғана әлсіз гуіл, сыңсыған үн естіліп-естілмей бебеу қағады.

Ырдуан арбаның сықырынан бойын жинады. Қызыл өгізді мұрындықтап жетектеген Алшағыр айқара ашылған қақпаға кіріп барады, көп ұзамай үңірейген қорадан қорыққандай қолын бұлғады.

«Сен не, городскойсың ба?» — сықпыттас рабайсыз тергеу тағы да басталып кете ме деген Елтай бұл жолы тізгінді ертерек қолға алды. Жалпы, Алшағырдың таңертеңгі тепсінуі дөңайбат еді. Көмекшінің сырты бүтін де, іші түтін тәрізді. Қорыққан адам бұрын шабады, небір темір тепсе темір үзер Текебай тентектердің ішіне кіріп шықсаң, көбі қаяу көңіл, жарымжан, жарты сандар. Әттең, олар кіргізбейді, сенің де кіргің келмейді — жан тыныштық керек. Қызыл өгіздің қыртыс-қыртыс мойнын мытыған Елтай:

— Сүкең нашар қойларды қалай іріктеп алды, соған таңмын. Жиырма шақты қой әншейін Сүкеңнің ойын оқығандай өз-өзінен екшеліп, қотанда қала берді,— деп сөз түзді.

Үшкір күректерді қораптан жерге салдыр-гүлдір лақтырған Алшағыр:

— Қайын атаңның астына өйтіп көпшік қойма, пәтшағар! — деді төбеден түскендей.— Со да сөз бе? Аттыға ерген жаяудың таңы айрылады. Тәлтіректеген ауру қой бір-бірін қағып-соғып, қақпаға саулаған сау қойға ілесе ала ма. Еріксіз басқаның құйрығын иіскеп, ең соңында жіп есе алмай қалып қояды. Әне, сол кезде Сүлей шал қақпаны сарт жабады. Қойға көзімен команда беретіндей сиқыршы деймісің ол шал,— деп, Елтай шеше алмаған жұмбақты оп-оңай жоққа шығарды.— Сен не, Қарашаштың күйеуімісің?

Елтай демін әрең жұтты.

— Иә...

— Иә болса, қатының қайда? Городскойлар қарға адым ұзап шықса, шөпжелкелерін жетектеп жүрмеуші ме ед, — деп, қалалықтарды іреп-соя бастады.— Өй, өзің де... Есалаң болмаса қылшылдаған жігіт қалаға жас қатынын контрольсіз тастап кете ме. Жағатын оты, таситын суы жоқ, ойнап қойса қайтесің? — деп, Елтайдың аузын бақадай ашырды.— Малмен алысқан Керегетасқа қара қатқақ көктемеде салаң етіп түсе қалыпты ғой... Келгіш болсаң ел жайлауға шығып, арқа кеңігенде келмеймісің? Қымыз ішіп, бағлан жер едік, қарыныңды сипап, көк шалғында аунар едің. Ауызға қарға тышқан мына қарбаласта қайдағы қымыз, қайдағы бағлан? Бұл кезде сен түгіл бастықтар да қашады қойшы ауылдан. Солардан үлгі ал... былай! Қара жұмыстан әкесі өлген шал сені аяй ма? Жұмысқа салпылдатып салып, жон терінді сыпырып алады. Жүр енді қи ойып, қой соңында салпаңдап. Хе-хе...

Жігіт жауап қайтармады, жымиып қойып, тұра берді. Тарп-тұрп сөздің артында еш зіл, астыртын ой жоқ болатын. «Мен де городскоймын», — деп, қалаға өзін қаншама тықпаласа да, қырда жүзін күн сүйіп өскен азаматтың ашық-шашықтау ерке мінезі еді бұл. Еркелік те сан қилы. Мынау жойдасыз еркелік туған жерге табаны иық тиген азаматтың басқа түгіл, өз ырқына да көне бермейтін, басына жүген кимеген, жонына құрық тимеген саппа асау еркелігі еді.

Сондықтан да ол басыла сөйледі.

— Отпускінің реті солай болды. Қарашашты жұмысы жібермеді,— деді өтірікке басып. Келіншегімді қуа келдім десе, сайқымазаққа айналады. Арты қуыс адам амалсыз жалған сөйлейді екен.

Алшағыр арбадан қарғып түсіп, алақанын сарт-сұрт қақты да:

— Анау шикі сарыдан сақ бол. Оңашада аузыңды артыңа қаратып жүрмесін,— деп, тағы зәресін алды.

— Шикі сарың кім?

— Кім, кім... Кешегі жем әкелген неміс ше? Кезінде Қарашашты өлердей жақсы көрген. Байға тисе де, бұл өмірден қатынсыз өтемін деп қу тізесін құшақтап әлі жүр.— Алшекең бұл тұста «шикі сары немістің» сөзін емес, өз сөзін айтып тұр.— Байқап ойна онымен. Ойыныңды осылтып жібереді. Сені бір көрсем деп тісін қайрап жүретін, құдай айдап өзін, келдің. Екі күннің бірінде жем, тұз, шөп, көр-жер деп осы отарға соқпай кетпейді, соған қарағанда әлі де дәмесі бар-ау өзінің. Байқамаған болып, машинамен қағып кетсе нетесің?

Елтай ықпады, шикі сарыдан енді қорықпайтын — дұрыс жігіт екенін кешегі ұзын жол дәлелдеді. «Бірақ немісі қалай? Жер шетіндегі тау ішінде неміс не бітіріп жүр?»

— Кеше орталықтан бірге келдік. Қазақша сайрап тұр. Екеумізден гөрі жақсы біледі. Шикі сарылығы болмаса бет-бәдені аумаған қазақ, оның қай жері неміс?— деп, беріспей жатыр.

— Ой, мен не деймін, домбырам не дейді? Саған оның шешесі неміс деп тұрмын.— Алшекең оп-оңай мәселені қиындатқан Елтайға кейіп алды.— Әкесі кәдімгі божбан қара қазақ. Соғыс кезінде ауып келген неміс қызына өлердей ғашық болыпты. Қазір үйелмелі-сүйелмелі он шақты баласы бар, ақар-шақар тұрып жатыр. Шетінен пысық, оқуды жақсы оқиды. Жұмысты жалмап жібереді. Так что, сенімен ұстасқан Сәрәлің дүмді жігіт, анау-мынауыңа бой бермейді.— Кезекті үрит, соқ-соқтың шетін тағы қылтитты. Сонда барып Сүкеңнің кеше Сәрәлге: «Сары алтындай «гүт-гүт» шешеңе де арнап айтар сәлемім бар» деп әзілдегені есіне түсті. Шалдың «гүт-гүт» — і немістің «гут» — «жақсы» деген сөзі-ау.

— Сәрәл... Мұндай қызық есімді қазақ арасында алғаш естуім,— деді, ашық күнде шофер жігіт пен Елтай арасына майдан ашып бергелі тұрған Алшағырдың бетін түзуге салуға тырысып. Іштей: «Алшағыр десе Алшағыр... Мұндай алас атқан адуын мінез, анадай атпен айдаладағы ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау қыстаққа қалай сыйып жүр екенсің?»

— Әке-шешесі ойлап тапқан. Тұла бойы тұнғыштары осы Сәрәл. Әкесінің аты Сәрсенбі де, шешесі — Эльза. Сәрсенбіден «Сәр» - ді, шешесінен «эл» буынын алсаң Сәрәлің — сол. Оттай жанып қосылғамыз, мәңгі бақи жұп жазбай жарасып өтеміз, тұңғышымыздың есімін де соған ырымдап қойдық деп тұр емес пе? Ағамыз бен жеңгемізді айтамын да, махаббаттары бетон ғой, ә? Лақтай секіріп, қозыдай жамыраған он бала дүниеге оңай келді деймісің...— Арқырап күлді. Тас тына қалып, үнсіз тұрды да басын шайқады.— Бет қаратпай қақап тұрған махаббат!

Елтай:

— Ондай шатақ мінезін кеше байқамадым...— деп, сөзінің соңын сүйрете салды. Аузы солай десе де түйгені басқа. Құрғыр көңіл бір кілтипанды сезген. Бәсе, кеше үш сағаттық ұзына жол бойы аузына маржан салғандай тілін тістеп еді. Ал Сүкеңе жолығуы мұң, жаны жадырай әзілдеп, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болды да қалды.

— Ой, сен ойнап айтқанға сеніп тұрсың ба? — Алшекең мінез шіркінді жан қалтасынан суырып шығара беретін бай да жомарт жігіт екен, осы жолы да бұлталаққа салып, адастырып кетті. Не қу, не жынды емес, қол-аяғы жоқ бір пәле.— Қорықпа, Сәрәлің қой аузынан шөп алмайтын момын бала. Тек жұмысқа өлермен. Сауыр-Сайқанды қыстаған жиырма отарды шыр айнала шапқылаған озатымыз. Ойбу, күнді қарап қой, түске тармасқан. Кәне, ал қолға күректі! Әңгіме бұзау емізер, бұзау таяқ жегізер. Сүлей шалдан қорқамын... көзі жаман.

Сөзге жүйрік Алшекең іске де алымды екен, дереу апырып-жапыра бастады. Оның бойынан «городской» қасиетті таба алмаған Елтай көп ұзамай өзінің қалалық екенін білдіріп алды. Қара жұмысқа бір адамдаймын деуші еді. Бетон құю басқа да, қи ою өзге екен. Істік күректі қанша ырғап салғанымен ойған қиы алақандай-алақандай. Алшағырдың ойғаны қазанның қақпағындай кіл жалпақ қи. Жұмыс десе сөзі артын қыса ма, Алшағыр жалтылдаған күрегін үн-түнсіз қаршылдатып жатыр. Тек көруге көз керек — аударғаны ат көпір. Әрі-беріден кейін Алшағырдың шаңына ілесемін деген Елтай ырсылдап жолда қалды. Тер одан да, бұдан да кетті: егестің екпінімен бір мезетте қиға күректі Алшағырша бойлата салып, басып қалып еді, ағаш сап мойнынан шарт сынды. Алшағыр сынған күректің жүзін бармағымен бір сипады да, былай лақтырып тастады.

— Сен қи ойып жарытпассың. Одан да өгіздің басына ие бол. Мен ойып тұрайын, сен арбаға тиеп тұр. Сосын далаға, қора сыртына апарып төгесің. Жолай арық-тұраққа шөп тастап, суара сал.

Алғашқы арбаны екеуі қолдасып тиеді. Оның да әдісі, жөн-жобасы жеткілікті екен. Алшағыр әуелі жалпақ қиды қорап жиегіне қаз-қатар тігінен қойып, ортасынан қазан шұңқыр жасады. Сынық жарым-жарты, ұсақтарымен сол шұқырды бірдіні ғып толтырды. Дөңгелегі қиқалақтай сықырлап ыңыранған арбаны қотанға жетектеп шығарды да:

— Ортадағы ұсақ қиды арба үстінен лақтыра бер, ештеңе етпейді. Бидай мен сұлыға тыңайтқыш болады ертең. Ал жиектегі ірілерін бір-бірлеп қолдап түсір. Қойшы тас жақпайды, қысы-көктем қи жағады. Ал, мен кеттім, — деп, қол-аяғы оңды-солды ербеңдеп, қораға қарай арбаңдай жөнелді.

Күпәйке сыртынан брезент комбинезонды кептеп киген Елтай жарты сағатта қиды түсіріп бітті. Белі талып, бастырмай бара жатқасын басын көтеріп еді, қай мезгіл, анық ажырата алмады. Күн көзі ақ шел кіреуке... Тазаланбаған мақтадай іртік-іртік бірдеңе. Желп еткен жел жоқ, меңіреу дүние май тоңғысыз жылы. Таңертеңгі арқаш-жарқаш жартастардың бетін сызып ұшқан ала қанат сауысқандар зым-зия. Қарғалар да қарасын жоғалтқан. Мана ат қиына таласып, шыр-пыр төбелескен суық торғайлар да аллауәкпар.

Екі адым ілгері, бір адым кейін қызыл өгізді «Цоп! Цоп!» — тап, қораға бұрды. Есік алдында шылымын құлаштап тұрған Алшағыр түтінін аспанға үрледі.

— Күннің райы бұзылайын деді. Сүлей шал отамалы жақын, қимылда, қарағым, қимылда деп құлақ етімді жеп еді, сол сандырағы расқа айналды. Біздің бағатынымыз бойдақ қой, қырғанда отар ығар, үсіген бірер саусағымызды кесіп тастар, ал мына белдің астындағы Жапабай шал қайтер екен?

«Қарап қой, мұның да емешесі езіліп, адамға жаны ашиды...»

— Кеше Сәрәл құрама жемнің қақ жартысын сонда алып кетті. Сол жетпей ме?

— Ойбу, домбырам не дейді, сен не дейсің?— Ұрысқысы келіп тұрды да, райынан қайтты,— Сәрәл жүрген жерде жемнің жарасы жеңіл. Қалтасына килограмдап салып тасыса да бық дегізбейді. Жеті атасынан хан. Алшағыр атаммен өле-өлгенше жағаласқан қарақыпшақ Қобыландының сарығы емес пе,— деп, кіжінді.

— Сол Қобыланды-ау Алшекеңнің басын алған,— деді тілі қышыған Елтай.

— Coлай ма? Білмеппін оны...— Алшағыр көзін сығырайтып, кәдімгідей жауыға қарады,— Қобыландыға қабырғаң тым қайысып тұр, сен өзің жымпиып жүріп, қара қыпшақ емессің бе?

— Мен — қазақпын...

Алшағыр басын шайқады.

— Әй, білмеймін, білмеймін... Жетпіс жеті бабаңды тексеретін бала екенсің. Түбің шикі,— Бұл әңгімеден сүт шықпайтынын ұқты ма, кілт өзгерді.— Қой, шөп те өлең, шөңге де өлең. Қиды қаусырып тастамасақ, кешке басымызға әңгір таяқ ойнайды,— Саусақ ұшымен шертіп, ырғытып жіберген шылымы ауада дөңгелек айналды.

Қораға кірген жігіттің соңынан қараған Елтай үнсіз: ішкі дүниесінен секем, айта берсе, сескеніс белгі бергендей. Күрегі қолынан түспейтін Алшағырың шалқығанда бет шарпиды, алда-жалда, жаман айтпай, жақсы жоқ, жамандыққа бел байласа қайтеді? Иә, жер шетіндегі Керегетасың да адамзаттың жақсылық-жамандығынан шет емес сияқты.

Ру, жүз демекші, бұл ұран Елтайдың миына кірген емес. Әкесінің кім екенін Виктор Викторовичтің аузынан жуық арада естіді — ру қайда, жүз қайда, бұл қайда? «Кімсің?»—деген жымсыма шет пұшпақ сұраққа: «Менің жүзім — қазақ, руым — жетімдік»,— деп тастап, қайқайып жүре беретін. Руы құрғыр қызметке орналасқасын қасқыр құлағын қылтитты. Байқаса, рудың ұпайын түгендеуші жыбырлақтар, шүкір, бар екен. Олар қай рулас ағасы қай қазанның құлағын ұстап отыр, астыртын мәлімет жинай жүреді. Кім туған жерін қанжығасына байлап жүр. Шау тартқан сайын адамды туған топырағы тарта береді. Әлгі қулар оны жақсы біледі. Сәрсенбінің сәтінде «ағаның» алдына барып, туған жердің ыстық сәлемін тәтті тілмен мәймілдетіп жеткізе қояды. Бастық аға: «Рақмет, жаным! Ел мені ұмытпаған екен. Менің де есімде. Кәне, қандай бұйымтай, шаруаң бар?» — дейді ынтасын салып. Арғы жағы белгілі. Демейтіндер де бар... Оның өзінде әлгі жылпос жетпегір былай шыққасын «деді» дейді. Ол басқаларға айбат, сес, ноқ.

Өздері кіл оқу оқып жарытпаған, іштерінде ит өліп жатқандар. Аға-жаға, ру, жүз-мүз сағаламаса, білімді, еңбексүйгіш жігіттердің шаңын жұтып қалатынын жақсы біледі.

Олардың қасында Алшекең әншейін айтаққа еріп, айдалаға далбақтап шапқылаған біреу. Сөйтсе де тереңдегі тамыры ортақ, түбірі бір. Көрмейсің бе, ру ұпайы үшін алдымен халқының, қалды өзінің қадір-қасиеті — Қобыландының үзеңгісіне жармасып, Тайбурылдың тізгініне қол салғанын...

...Түске дейін қора сыртына бес арба қи аударылды.

Алшағыр жалаң жейде, жалаң төс. Батырың бар екен, жейде ішіне кім кіріп шыққан, қар, төс еті білем-білем.

Жаға, жеңінен бу бұрқырайды. Күректі шым қиға қарш шаншыды да, екі иығынан дем алып тұрып, ойылған қара толқын қиға қарап:

— Қалай?— деді.

Қора сыртындағы ашық-шашық әңгімеден кейін мысық табан әдіске көшкен Елтай:

— Біраз қимылдадық...— дей салды. Есті жігіт бензин сауыттың қасында шырпы жақпайды.

— Кешке дейін бітіре алсақ... Жарайды, кеттік түскі асқа.

Киімдерін қағып-сілікті. Манағы бозғылт бұлттар тұтаса келіп, тас төбеде ақ айрандай ұйып тұр. Желкем жел самай, желке шашты дірілдетеді. Тау басы ақ мұнар. Қызыл өгізге шөп шашқан Елтай Сүкең үйіне қарай салып еді, Алшағыр зірк етті:

— Қайда барасың?

— Үйге...

— Біздің үйді өрт алды ма, немене? Әлде қойшының жыртық үйін менсінбейсің бе?

— ?..

— От қызық! Қонақ деп қазан көтерген Айша адам ба, сайтан ба? Біз не, сонда асқан етімізді итке тастаймыз ба?

Арындаған Алшағырға бүгін дауа жоқ еді.

— Ендеше, әжейге ескертіп шығайын.

— Былқ етпе, Айша ескерткен.

Елтай жымиды.

— Алдияр тақсыр, жаздық, жаңылдық.

— Әп бәсе!

Алшағыр аяғын есік алдында жатқан шаршы келген шарбақ тақтайға бір, сенектегі алашаға екі сүртті. Сүртпей ме деп қорыққандай Елтайдың да аяғына қарап, бақылап тұрды. Дәлізде ыбырсыған артық-ауыс зат жоқ, бәрі тап-тұйнақтай, жүрер жолға кенеп төселіпті. Қотиындығын сыртқа тастап кеткендей тым тез өзгере бастаған Алшағыр Елтайға:

— Аяғымызды шешіп кіреміз,— деді, етігін сыпырып, босаға түбіне әдемілеп қойып кетті.

Үйге кірген Елтай шырша қылқанының таза иісін, қарағай шайырының шипалы иісін сезді, шамасы, аузынан шырт-шырт ұшқын шашыраған пештен тарап тұр-ау, төргі қабырғаға аршаның жасыл бұтақтары айқаса ілініпті, ортадағы биік үстел бетіне тор көз дастарқан, оның үстіне жұқа ақ пластмасса клеенка жабылыпты, ал үстелдің төрт құлағына төрт орындық ие. Оң жақ қанатта түрлі түсті телевизор танауын көтеріп, талтайып тұр. Жалпы, қала тұрмысына іш тарту байқалады. «Төрлет!» — дегендей орындықты нұсқаған Алшағыр жаман киімін шешіп, төр үйге кірді. Іле қайта көрінді, үстінде көнелеу бридж. Соңында — ана қаздай мамырлап басқан ақ бөрте келіншек. Алшағыр:

— Біздің бәйбіше... Айша! — деп саңқ етті де, бәйбішенің қолын солаң еткізіп, жоғары көтерді.

— А-алшеке-е!

Жай ғана соза әндеткен келіншек аласы мол жанарын төңкере тастап еді, күйеуі жым болып, су сепкендей басылды. Үй иесіне лайық салмақты күйге көшкісі келді ме:

— Бәйбіше, мына жігіт Сүкеңнің күйеу баласы. Кешеден бері...— деп еді, бір мінезден екіншіге аяқ астынан өзгеру оңай болып па, көпе-көрінеу дыбырлап, пышырай бастады. Келіншек ерін ұшымен:

— Білемін,— деді жайбарақат.— Ал, Елтай аға, үйіміз осы. Төрлетіңіз!

Ары қарай қазан-ошақ тұрған ауыз үйге өтті.

Үстел басына жайғасқан Алшағыр тамағын кенеп, байыпты дегенге келетіндей әңгіме бастады. Өткен жазда үйленіпті. Айшамен бірінші кластан бірге оқыған, құлын-тайдай тебісіп өскен. «Анадай мық келіншек құлын-тайдай тебісіп өсіп, саған тисе, түбі жаман жігіт болмассың»,— деп ойлады Елтай. Сөз бар ма, Алшағыр Айшаға жуықтаса, жыны басыла беретін сияқты.

Келіншек бір шаруамен тысқа кетті.

Сол мұң екен, Алшағыр өз-өзінен от алып кеткен мотоциклдей таңқылдай сөйлеп, түндігі ал желпілдесін.

— Мен баяғыда Алматы барып, городской бола жаздадым ғой...—«Алматыда сен секілді городскойды көрсем көзім шықсын»,— деп Елтай отыр.— Осы Сауыр-Сайханның оқуға түсе алмаған жүн жақ, түбіт бастары әркімнен таяқ жеп, әр көшеде бас сауғалап жүр екен. Қалай «СМУ-15» - ке жұмысқа орналастым, солай атой салып, шырқ иіріп, земляктарды бір тудың астына жинадым баяғысында. Нанға тойғасын ән айтуға кірістік. Көктем туа біраз аусарды жатақханадан жатақханаға бықпырт тигендей қуып, тәубасына келтірдім-ау, ақыры. Сол қай жылы, ә, дәл үш жыл бұрын, Алматыдан екенсің, паркте шалқып жүрген бізді неужелі көрмедің, а?— деп, Елтайды қысты.

— ДНД - да болғансың ғой?— деді. ол қаннен қаперсіз. Редакцияның қыз-жігіттері милиция бөлімінде айына бір кезекшілік ететін, сол есіне түскен.

Алшағыр аңырды.

— ДНД - ың не пәле?

— Ерікті халық жасақшылары...

Шалқайып тұрып, «ха-ха» - лап күлді.

— Беті аулақ, беті аулақ. Ойбай-ау, ДНД кім, Алшағыр кім?! Олар тәртіпті іздесе, біз тәртіптен қашып жүрдік қой.

— Аусарларды жөнге салдық дегесін...

— Айтады екенсің! Жұдырықпен тәртіп орнатамыз деп ойлаппыз ғой, пәтірекесі. Жасақшыларың бізді де айналдырып баққан.— Кенет Елтайға үдірейе қарады.— Әй, сен өзі ДНД емессің бе? ДНД деп қақсауың жаман.

— Болсақ болармыз.

— Әй, бола бер! — Қолын сілтеді.— Біз де бір жыл бойы шимпанзедей секіріп қашып, беріспей бақтық. Милиция төбелестің үстінен шықпағанда... Үшеуі бірдей қолымды қайырып, қызыл белбеу ісік төбе машинаға нығап жатқанда: «Сау бол, Сауыр-Сайхан!» деп аттандаппын.. Артымнан передача әкелген жігіттер айтты,— деп қосты.

Үйме табақ етті дірілдетіп алып кірген Айша соңғы сөзді естіп қалған ба, мырс етіп күлді.

— Бәсе, бәсе...— деді табақты ортаға қойып жатып.— Іздеп барсам, аға, мына батыр ініңіз қара көзі көгеріп, каталажкіде отыр екен, көре сала: «Ай-ша-шажа-ан! Айналып кетейін, құтқар мені пәледен! Көрмегенім қала болсын!»— деді жыламсырап...— Арғы жағын жалғастырмады, орнына отырды. Иегіне дейін қып-қызыл болған Алшағыр келіншегінен қорғанғандай екі алақанын бірдей жайып тоса қойып:

— Қойшы, қойшы қайдағыны қоздатпай, бәйбіше!— деді айқайға жақын жан дауыспен.— Елтай, шынында да, солай деп қалар...

— Ендеше, өзің тыныш отыр аузымды қышытпай!— Келіншек Алшекеңді таза бұқтырып тастағасын туралған, тұздығы құйылған ыстық етті қасықпен араластырды.— Алып отырыңыз, аға!— Бәсең, әйткенмен нық үнмен сөзін жалғастырды.— Алшекеңді ол жолы құтқара алмадым, аға. Бір жағы, қолымен істегенін мойнымен көтерсін дедім. Қайтейін, темір торға түсіп қалған арыстанымның жүні жығылмасын деп, мақта-мата комбинатына жұмысқа орналастым, жатақхана алдым. Аптасына екі рет дәлдеп Алшекеңе тамақ апарамын. Жігітіміз түндік, есігі жабық үйде табаны күректей жыл жайлады. Тамақ жақты ма, жұнттай семіріп алды. Тіпті кездесуге алып барған милиционер ағайлардан ұялады екенсің. Мерзімі бітіп, босағасын: «Қаладан ұзамайық»,— дейді. «Қалсаң, қала бер, мен кетемін»,— деп ем, зыр қақты. «Қаласы құрысын»,— дейді. Батырды поезға мінгізіп обал жасамайын, осы жарасар деп самолетпен алып қайттым. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осы ма, Алшеке? — Айша күлімсіреді. Елтай келіншекке тоқтала қарап еді, жүрегі лық етіп төмен тартты. Айшаның ерні күлсе де, қабағы қатқыл. Кезінде тауға да, тасқа да түскен дәті берік келіншектің қат-қат сыры осы қатқыл қабаққа сыйып тұр. Қазір де Айша қиын күндерді бастан өткізіп жатыр, іште бір бала, сыртта бір бала — Алшағыр...

Осыны... жігіт түсіне ме?

Түсінеді екен... Қаны бетіне теуіп, бартиып отырды, отырды да:

— Алматыдай джунглиде қарғып-секіріп жүріп, папуас болып кеткенім рас...— деді. Тез серпілді.— Жарайсың, бәйбіше!— Күректей алақанын көтере берді, келіншегін жауырынынан ана бір кездегідей қағып қалмақ, әйткенмен Айшаның жердің жарты шарындай томпайған ішіне көзі түскесін қолын иығына жай әншейін арта салды.— Қатырдың! Ағылдың ғой мүлдем. Елтайға өзім де айтайын деп жүр ем.

Елтай шыдамады, күліп жіберді.

Келіншек те жымиды.

— Дат, Алшекем! Бұрын тірі жанға тіс жармасам, сенің ұятыңды ойладым. Ал Ел ағаңа ағылсам, бөтен емес, жазушыға сыр аштым. Сен сөйлегенмен Айшадай тігісін жатқызып айта алмассың. Қызыл сөздің қиюы келіспесе, жүрек түгіл, құлаққа жетпейді. Әңгімені үзіп кетсем, кешір, Алшекем. Сіз де, Ел аға!

Айшаға әбден риза болған Елтай ғұмырында істемеген қылық жасады, орнынан тұрып, келіншекке бас иді.

Елтай ас қайырғасын, Айша:

— Атаны малдан босат, түстеніп, бірер сағатқа көз шырымын алсын,— деді.

Алшағыр лып етті.

— Әбден, әбден, бәйбіше. Ал, Елтай, дан приказ, мы в запад...— Аузын асығыс-үсігіс шайып, ілгіштегі тонына жармасты.

...Елтай қызыл өгізді мұрындықтан жетектеп келе жатып: «Керегетасың қызық екен!— деп ойлады.— Еңбекторы Сәрәл... «Балам» десе де, одан гөрі жақын «күйеу балам» - нан сырғақтаған қатал Сүкең... Жұмбақ әжей... Алдына келгенді тістеп, артынан келгенді теуіп, цыганның атындай ойнақтаған Алшағыр... Келіншегінің өзі қандай, сөзі қандай! Ал Қарашаш ше...—Өз-өзін жерледі.— Мен де Алшағыр сияқты папуас бола жаздаппын. Генералды полковниктен айыра алмадың деп тонымды теріс кидім. Қарашаш емес, қалаға әлі сұғынып кіре алмаған далаға өкпелеу керек еді. Қалаң бар, далаң бар, екеуінің де кіндігін астылы-үстілі тартылған мың миллион жіптер қосып жатыр. Оның аты — Өмір өрнегі. Сол өрмектің шырма-шату нәзік жіптері Қарашаштың, Алшағыр, Айша, Абыралы, Алтын, қыл аяғы Сүкең, Сәрәлдердің жүрегін көктей еткен. Қыл аяғы менің де. Сол мың миллион жүйке талшығының біреуіне ғана әлдекімнің қолындағы иненің ұшы аңдаусызда тиіп кетсе, жер басып жүрген иә қалалық, иә далалық біреудің жазым болғаны. Мәселен, өзі... күнге қолын созып, жапырақ жайған жас жанды жаралап алды.

Қайткенмен Қарашаш жарасын аулақта жалап жазғысы келген. Әлде... Елтай жақтан жылы хабар күте ме? Елге сол ыңғайдан да дабыра етпеуі ықтимал».

Соңғы ой күшіне күш, жүрісіне жүріс қосты. Тізесін салп-салп соққан брезент алжапқыш пен Сүкеңнің ауыс-сауыс шапанын шешіп тастап, желе жортып қи тиеді. Жаға, жеңінен бу бұрқырап, егіз жетектеп сыртқа шықса... қар қапалақтап тұр. Тым-тырыс! Ебелектеген ұшпа қар емес, тік сорғалаған жапырақ қар... Жерде көпсіп, қыпықтанып жатқан жоқ. Біркелкі ақ алаңға аяқ бассаң, астынан су шылқылдап шыға келеді. Із-ізде етіктің әр бүр, қышыры баданадай болып сайрап жатыр. Ақ қалпағын баса киген ақ айғыз дүние үнсіз.

Қапалақ қарды қызықтап тұрып байқамапты: қорбаңдаған Сүкең... жоқ, қорбаң қапсағай шалға жарасады, Сүкең домалап ат бауырына түсіпті. Тымақ жиегі, сирек сақал-мұрты, кірпігі қылаулап тұр. Үй ығында, құрғақта жатқан теңбіл қара Алыпсоқтың азу тістері қатырлап, сүйек мүжиді.

Көк дөненге жабу жауып, басына жем дорба ілген Сүкең бері аяңдады. Қартыңның аяқ алысы ауыр, салбырата ұстаған қамшысының құйрығы қар бетін сызады. Тақай бере:

— Ac іштің бе, қарағым? - деді түсіп жылытып. Шаршағаны ғой, жаттанды сөзді немкетті айта салды, әйтпесе қазымыр шал Алшағырды өрісте тергемеді деймісің.

— Рақмет... Алшағыр үйіне шақырып...

— Ә, мейлі.

Қораға сылбыр кірді. Бұрыш-бұрышын өрмекші торы тұтқан ұзын қораның қақ жартысы ойылыпты. Қидың жартысы тысқа тасылған, қара жері таңқ-таңқ етеді. Сүкең әлі ойылмаған тың қиды астында ат басындай алтын тығулы жатқандай саптамамен таптап, қамшы сабымен нұқып түртіп, еңкейіп алақанын басты. Қолын айқастырып арқасына салып, есік алдына шықты. Қабағы кірбің.

— Қап, әттегене! — деді жапалақ қар көлегейлеген жазыққа кәрін тігіп. Шалың жазықта бұта, ши басын шалып, бүрсең-бүрсең жүгірген отарды ойлап тұр.— Бұйыртса отамалың осы, қойны-қонышынан қар бұрқырағай... Қалың боран көз аштырмайды енді.

«Не дейді ақсақал? Қалың бораны кәне?» — деп ойлады ұйқысы келіп есінеп-құсынаған Елтай.

— Көктем көзі жылысымен қиды апалас-төпелес ойып жіберсек, құда да, құдағи да тыныш еді. Қыс бойы завфермеге жарапазандадым, мыңқ етпеді сабазың. Терісі талыстай иттің. Көмекші көшіп келгелі ай жарым ғана, ауы мен бауын түгендемеген баланы табанын тіліп, қара жұмысқа қалай саласың. Қап! Қап! Бүйтпесең жынды сүрей отамалы атанармысың! — Көзге көрініп, қолға түспеген отамалыны Сүкең өстіп жатып кеп сөкті.— Ойған қиды кешке дейін бітіріп таста. Ары қарай демал. Түс ауа қар қан көбелек ойнап, боран алақаншықтай бастайды. Ішіме ел қонғасын мен Алшағырға беттеймін. Екі жақтан қаумалап әкелмесек қайыру бермей ығып кетеді.

Қар көбелектерін жел ұшыртып апарып, сай-жыраға үсті-үстіне нығыздап жатыр.

— Отамалысы несі? Неге өйтіп атаған?

— Неге дерің бар ма. Аңыз айтады: ерте, ерте, ертеде, ешкі құйрығы бөртеде төрт құбыласы сай бай болыпты, байдың бейнетқор да ақылға кеніш, ауа райын ай бұрын жер, су, аспаннан оқып білетін Отамалы атты қойшысы болыпты. Сол Отамалы ауа райы мен жан-жәндікке қарап отырып, сәуір айының нақ ортасында: «Байеке, тілімді алсаңыз, бүгін қойды қотанда ұстайық, түстен кейін адам көрмеген қар басып, ел естімеген боран басталады»,— депті. Шекесінен күн өтіп, желбегей жамылған шапанын шешіп тастай жаздап тұрған бай: «Оттама дегенде, оттама! Жағыңа жылан жұмыртқалағыр, одан да жаз келді, жайлауға қамдан демейсің бе? Айда бар, қойды әкет жаның барында»,— деп ақырсын. «Өлімге айдама!» — деп жалыныпты қойшы пақыр. «Өлімге емес, өріске айдаймын!»— деп екіленіпті бай. Бай ақырса, Жаппарқұлда жан бар ма, Отамалы отар соңында қара шекпені қаудырлап кете барған. Айтқаны айдай келіп, түстен кейін қар жауып, кешке таман ат құлағы көрінбейтін сұмдық боран басталады. Қоймен ыққан Отамалы айдалада үсіп өледі. Содан бері қазақ жыл он екі айда бір қызыл бұрыштай қуыратын сұсты жұтқа Отамалы деп ең таққан.

Сүкең үйді маңдайға алды. Кеше әр сөзін шегелеп, таңдайы тақылдаған шал бүгін жабырқау. Баспалап келіп, босағадан монтаны аттаған кәрілік хабар берді, әлде апшыны қуыра бұрқақтап келген отамалы күйзелтті, әйтеуір, аға шопан нәумез, налыс күйде.

...Елтай екінші арбаны ыңырантып қорадан шығарғанда, көз ілестірмей қиялай зулаған қар жер бетін сыра теуіп тұр екен. Қала көшелерінде көлбеңдеп қана жуас жауатын қарды қызықтап үйренген жігіт алақан тосып еді, қатқыл қар тебендей тепшіді. Бетіне, шарқатсыз жалаңаш мойнына да темірдей тиеді. Қи түсіргенде байқады, суық сорған саусақтары сосискадай қызарып, барбиып тұр. «Мынауың қайтеді, ей?!» Жынды отамалыда бес бересі, алты аласысы жоқ шабан егізге аяқ астынан жыны келіп, бишікпен шықпыртып жіберді.

Үшінші рет қорадан тұмсық қылтитқанда, қаудырлақ алжапқышқа жан бітті: қатырлаған етегі беліне оралды. Шапан етегінің астынан сумаңдап кірген сұп-суық абжылан жағасына қарай ерледі. Ағал-жағал дүниенің асты үстіне келіпті. Тау табиғаты әп-сәтте өзгеретін айнымалы екен. Жаңа ғана қар былшып жатыр еді, қазір аяқ астына тақтай төсеп тастағандай қатыр-құтыр етеді. Үйткіп үйіріліп, қолды-аяққа тұрмай шыр көбелек айналған ақ шіркей, шыбындар, биллион шіркей, шыбындар... Сүкең аттанып кеткен бе, үй ығында ат та, ит те көрінбейді. Оң қолында суы әлсін-әлі шалпылдап, сыртына асып төгілген шелек, сол қолымен шапанның өңірін шымши қымтап жапқан әжей тіп-тік күйі сай қабағынан бері асып келеді. Жылма-жылғы жынды сүрей боранға бойы үйреніп, еті өліп кеткен бе, селт етпейді. Айша да күйеуінің өзге мінезіне күдікпен қараса да, ақ боранды құлақтан басып, алып соғатынына кәміл сене ме, жаулығын қолына алып жүгіріп шыққан жоқ, онысы әбден дұрыс та, ол Алшағырдан гөрі қымбатырақ, әрі есепсіз әлсіз кішкене өмірге күн, сағат, минут, секунд сайын жауап беретін Ана еді.

Қиды тасып бітіргесін мініс ат жоқ болса да, өгізге ершік салып, өріске беттесем деп бір тұрды. Қыстау иесіз. Керегетастың тірлігі мен тынысы — атпал азаматтары, төрт түлік малы, екі мініс аты, үш төбеті — бәрі-бәрі өрісте. Қыстақта күш-қайратынан гөрі маңдайдағы жазуына сенген әлсіз жандар — бірі кәрі, екіншісі жас — екі ана және өзі бар. Өзімен өзі қария қара аспан құласа да қыңқ етпейді. Айша, іште жатқан шарананың тіршілік тынысын тыңдап әуре, ал ақ түтек кішкене қыстақты қарға орап, домалата ойнап, сақ-сақ күледі. Қаланың құлақ сасытар у-шуына үйренген Елтай сау адамды жынды қылатын жалғыздыққа шыдамады, сыр беріп алды. Өгізді доғарды да, қора ішіндегі жуан діңгекке бас жібінен шала-шарпы, қазықбау шалып байлай салды, жүгіре басып, Алшағырдың отауына дүсірлете басып кірді. Қария отырған үйге бас сұғуға батылы жетпеді, оған кірдің не, тірі көлеңкеден пана іздеп бардың не, екі есеп, бір қисап. Әрі Айшаның жасы, жүкті жағдайы, кейбір мінездері Қарашашты еске түсіргендей екен. Ашқан есігін сарт жауып еді, Керегетас, Керегетасың не, өркеш-өркеш Сауыр-Сайхан тауларын орай да борай соғып, түтеген отамалы сап басылды, бұлт ашылып, күн жылыды, құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады, өйткені екі қолын алдына салып, шырт-шырт жанған отқа көз тіккен Айша қыстаққа да, алай-дүлей боранға еш қатысы жоқ басқа өмір, періште перзент туралы терең ойға батып отыр. Өзіне мәлім, басқаға жұмбақ дүниені саяхаттаған келіншек есік сарт жабылғанда, селк етіп, есін жинады, мұнар алған еріншек көзбен табалдырық басып, діңкиіп тұрған жігітке самарқау қарады.

— Жай ма, Елеке?

Бұл жолы «аға» демеді, екі өмірді бірдей арқалаған келіншек мына минутта құдайдан да үлкен еді.

Ойнап отырған екі баланың шырқын бұзғандай абдырап қалған Елтай:

— Малдың алдынан шығайын деп... Ершік қайда екен?— деді апалақтап. «Қарашаш қазір қай жерде өстіп балбырай манаурап отыр екен? — Жүрегі төмен тартып қоя берді.— Балбырап отыр ма, әлде жүдеп-жадап салбырап отыр ма? Айшаның Алшағыры бар, ал оның қасында кімі бар?!»

Бір езуінен сыпайы жымиған келіншек:

— Қайтесіз...— деді жай, саябыр сөйлеп.— Отырыңыз, демалыңыз. Мен білетін Алшекем болса, сақылдай күліп, отардан шашау шығармай, шырқ үйіріп жүр. Алшағыр отамалы жеті айналып кеп борандатса да беріспейді, оның сүрінетін жері бұдан гөрі нәзіктеу нәрселер... Дәл бүгін тоқтыларды біріндеп арқасына салып әкелсе де, Керегетасқа түгел жеткізеді. Алшағырдан басқа адам болса, сізге барыңыз да жетіңіз деп жалынар ем. Жылы сөз бен ыстық көңілге ғана зәру ол... Өзінде бар ақылды басқаның аузынан естігенді тәуір көреді.

— Ойбай-ау, қасқырлар қамаса...— деп қалды қойшы, жұт, қасқырлар жайлы кәрлі очерктерді көп оқыған Елтай елпілдеп.

Айша күлді. Бетін отқа шарпыта үзіп-үзіп сөйледі:

— Алшағырдан қайта қасқыр қорықсын. Қолға алған ісінің қабырғасын сөгіп жібереді. Әттең, сол ісі кейде бұрыс, кейде дұрыс... Ал сіз, Елеке, пешке жақындап, отқа алақан қақтаңыз. Ұшып кетіпсіз, байқайым.

Елтай пеш аузына орындық әкеп, құйрық басты. Жел суырған пеш көмейі толассыз дүрілдейді. Алақанын гулеп жанған отқа тосқан күйі ой ойлады. Апта өте ме, ай бола ма, Айша дүниеге атой салып, айқайлап келетін тұмса тұңғышын өбер, жо-жоқ, пайымдап көрсе, болашақ перзент келіншектің тұмса тұңғышы емес, екінші баласы, Айшаның Алшағыр атты тұңғышы дәл осы минутта аяғы ат бауырын соғып, ақ боранда айқайлап, қой қайырып жүр, тура сөз бен оқыс қимылға ұста да, алыстан болжайтын ой мен ақылға шабан болса, бала емей немене, жо-жоқ, қателесіпті, Айша үш балаға шеше, егер әке-шешені жөргегінде жалмаған Елтай екеш Елтай да Айша ошағының қызуына алақанын қақтап отырса, осы үйдің үшінші қазан бұзарына айналыпты.

Бұл ой тым ұшқары болуы, әйткенмен ананың жылы лебізі түгіл, анадан шапалақ жеп көрмеген жетім Елтайға Айшаның шеше емес, шешеден кем де емес жаңағы бір жылы-жылы сөздері былаудай жағып, майдай ерітіп барады. Әсіресе, аузынан қара суы ақтарылып отырған болашақ ананың жүрек сөзі жарым көңілге мамықтай жұмсақ жанасып, оттай ыстық тие ме, жігіт қазір сырттан ойнап-ойнап тоңып келіп, қазандық астына итініп, кіріп кете жаздаған он жасар баланың халін кешіп отыр.

Бала қашан да ана алдына ақ жүрек, турашыл, Елтай да тілінің тұсауын шешіп, бір сеністік жайма-шуақ райдағы әңгіме бастады.

— Ләм-миміңізге қарағанда Алшағыр екеуіңіз сан хикметті бастан өткізіпсіздер.

Айша Елтай төндірген «сан хикметті» емес, небір қызықты еске түсіргендей көзі кілмие түсіп, болымсыз күлімсіреді.

— Өткіздік қой, Елағасы, өткізбегенде. Желіп келе жатқанда, түсіп кеттім апанға дегенді құлағына ілмей барады біздің жігітіміз. Ер жетпей-ақ жүр... Арғы атамыз қазақ пен түркімен арасынан шыққан будан деп отырады. Ежелден ат үстінен түспеген екі ұлттың төлі болғасын ба, тентектеу,— дегенде Айша тағы жымиды.— Бала кезден бірге өстік, екі үй қоңсылас, қойы қоралас еді. Кішкентай кезінен Текебай тентек, ұр тоқпақ... Тек маған тиіспейтін, тіпті жасқанушы еді, әлі есімде, әлгі шатақтардан соң кейде желкеден нұқып та қалушы едім. Ала көзімен бір атады, сонымен бітті. Маған шаң жолатпады, әйтеуір. Бірде араздасып, кейде татуласып жүріп, ол ер жетті, мен бой жеттім. Арамыз түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз. Тоғызыншы, оныншы класта маған бозбала жігіт жуымай қойды. Күн сайын бір жасап, бұлықсып өскен қызға мұның несі жақсы: оңаша мұңайып отырып, айнаға көп қараймын: «Ел безетіндей соншалықты көзім қыли ма, әлде танауым таңқы ма?»

Шар айна шіркін: «Түңілме, Айша, қатар құрбыңнан артық болмасаң, еш кемдігің жоқ»,— дейді. Кейін білдім... Маған маңайламақ болған жігіттерді Алшағыр түнде аңдып жүріп, ұстап алады да, қорқағына ноқ жасап, қорықпағанын көк ала қойдай ғып сабайды екен. Ауыл балалары менен өстіп үміттерін үзіпті. Ал өзі маған сөз салып көрген емес, реті келсе киноға барамыз, бірге қайтамыз, сонымен болды, бітті. Көңілі жібігенде: «Текебай тентектер тиіссе айт, іші-сыртын мес қылайын»,— дейді. Онысын көршілік хақыға санап, күлемін де қоямын.

Оныншы кластан соң оқудың ізіне түсе алмадым, әуел бастан қыз баланың жолы жіңішке, қарт әке-шешеме қарайлап, ауылда қалдым. Алшағырлар андағайлап әскер кетті. Амандық-саулық сұрасқан хат-хабарымыз үзілген жоқ. Тек жарты жыл өткесін, жазуы түйедей тайрақтаған бір беттік арсыл-гүрсіл қызық хат келді. «Осылай да осылай, алты жастан саған ғашықпын, болсаң бол, болмасаң бордай тозып асылып өлемін, не жан білмес жер түбіне кетіп, көзімді жоғалтамын»,— депті, белінен басып. Не күлерімді, не жыларымды білмедім. Алшағырдың не түрлі қояншық қылықтарын ойша жіпке тізе келіп, «мынау да сол» дедім де қойдым.

Арада апта өтпей, екінші хат келіп тұр. Адресі — Алшағырдың әскери бөлімі. Бірақ жолдаған адам — Могила Ю... Ашып қалсам, орысша хат...

«Құрметті Айша! Алик тек сізді ойлайды және сүйеді. Әскери қызмет оңай емес. Сондықтан Аликке «сені тосамын» деп уәде беріңізші. Құрығанда әскери қызметтің аяғына дейін... Оның ноқ мінезін білесіз, уәде бермесеңіз бірдеңені бүлдіруі ықтимал. Алик үздік жауынгер, жақсы дос. Оған бұл хат туралы тіс жармаңыз, ол мұны білсе маған қатты ренжиді. Солдаттық сәлеммен — Юрий Могила».

Мен де жындымын, оңашада екі хатты — Алшағыр мен Могиланы кезек оқып, жын қағып кеткендей сықылықтаймын кеп, ақыры күліп болып: «Жарайды, көндім» деп жауап қайтарыппын. Ондағы ойым — асылып қалмай, службасын дұрыстап атқарсын, келгесін басқаға күшті, маған әлсіз баяғы Алшағыр, бажайлап түсіндіремін, Могиланың да хатын көрсетермін, көнер де біртін-біртін көндігер деген шолақ есеп. Өзіме салса, Алшағыр ұнайды да, ұнамайды да. Екі хатқа кейде сенемін, кейде сенбеймін. Сөйтіп ары тарт та бері тарт болып, бас қатып жүргенде, оқу бітірген бір жігіт көрші совхоздан біздің фермаға зоотехник болып келе қалсын. Келе маған жат та жабыс. Өлердегі сөзін айтып, қол-аяғымды әбден шырмады. Шіркіннің іші-сыртын мес қып сабап салатын Алшағырым қасымда жоқ. Әке-шешеме ақ желке, қаратаяқ жігіт, несін айтасың, ұнап тұр. Жеме-жем ырғасуға келгенде: «Біз десең осы баланың тауын шақпа, астыртын сұрастырып білдік, ата-анасы да жақсы кісілер екен, ұсынған қолын қақпа деген соң қақпа»,— дегенді кесіп айтты. Бар сүйеніш, медеті, тірегі, ұлы да, қызы да жалғыз өзім, он ойланып, жүз толғана келе көндім. Дүрілдетіп той жасадық, отау үй болдық. Құдайдың құдіреті, неге екенін өзім де білмеймін, Алшағырға ештеңе өзгермегендей хат жазып тұрдым. Қолдары сынып қалған жоқ, мен жазған хатты басқа да жазады. Дәл әскерден қайтар айда ұзынқұлақ хат бәрін мөлдіретіп жеткізіпті. Айналайын, мені сүйгені рас екен, бер жағы Текебай тентек те, арғы жағы кез жасын бетіне жағып, жылап тұрған жас бала ғой, менің жанымды піспектеп, жаралайтын бір ауыз сөз қоспапты, әріптері маржандай тізілген: «Қосағыңмен қоса ағар!» — деген құттықтау ашық хат жолдапты. Содан қайтып ауылға қарасын көрсетпеді. Жарты жыл өткесін, Алшағыр Алматыда жүр, оқуға түсе алмай, жұмысқа орналасыпты, сенбі, жексенбіде паркті бермейтін топты баланың атаманы екен деген хабар естідік. Жер түбіне кетіп, көзімді жоғалтамын деп еді, уәдесінде тұрыпты. Оңашада сәл мұңайып, сәл жыладым да: «Аумалы-төкпелі мінезі бар, жаман адамдарға жолықпаса етті. Жортқанда жолы болсын!» — деп, іштей мінажат еттім. Әйел тілегін аяқ асты ете беретін тағдыр шіркін де тәлкекшіл, жарты жыл өтті, өтпеді, Алшағырдың шынында да, нашар кісілерге кезіккені, істі болып, суық үйде самалдап жатқаны жетті. Жылы сөзге жібіп сала беретін заңғар батыр, батыр дегенге, бұт көтеріп кетсе керек. Осылай деп өз-өзімді жұбатсам да, мұның себебі тереңде екенін, бір ұшығы менде жатқанын жүрек құрғыр сезеді. Ойлана-ойлана басым қатты. Содан не түлен түрткенін, қандай әулие аян бергенін қайдам, Елағасы, бір күнде жиылып-теріліп, күйеу мен әке-шешеме тілдей-тілдей екі хат қалдырдым да, тура Алматы тарттым. Қалғанын жақсы білесіз...

Кенет қабақ шытқан келіншек, өзі де аңғармады, сірә, көйлек сыртынан томпақ ішін сипады. Құрсақтағы бала жаңағы ауыр әңгіменің сырттағы анасына да, іштегі өзіне де оңай тимегенін сездіріп, ал кеп тепкіленсе керек. Әм ұялыс, әм риза келбетте күлімсіреген Айша:

— Тентек... Алшағырға аумай тартқан...— деді үзіп-үзіп. Ойға шомды.— Алғаш тұрмыс құрған жігітім қайғыдан қан жұтып, құса болмады. Көрші совхоз директорының оң жақта отырыңқырап қалған қарындасын алыпты. Жерде қалмас қайрақ тас еді, іштей бақыт тіледім.

Құрдасыңызды көрдіңіз... Адамның кім екені семьяда еш боямасыз анық көрінеді...

Елтай келіншекке іштей риза. Бейуақта ішке сыймаған шерін сыртқа шығарса, Елтайды жат санамай жақын тартқаны. Алыстағыны алмастай тартатын зерделі келіншек Елтайдың сең соққан балықтай мең-зең халін сезіп, соған қоса: «Аспай-саспай соңын тосыңыз, міне, біз де сондай сергелдеңге ұшырағамыз, көңілдеріңіз хақ болса, түбі қайырымен бітер, қосыларсыз, қауышарсыз»,— дегенді мегзейтін тәрізді. Көңілі жарым жан сырт ауыздың дегенін ең алдымен езіне балап, өз жағдайымен салыстыра қабылдайды.

— Бақытты екенсіздер!

— Рас айтасыз...

Қара күңгірт кеште ұйқылы-ояу хал ұйықтай тартқан келіншек ырғалып қойып, манаурап сала берді. Орнынан тықырсыз тұрған Елтай аяқ ұшынан басып, есікті сықырсыз ашты да, сыртынан жайлап жапты.

Үй ығындағы үрме қардың жалы түтіндеп жатыр. Ұйтқыған жел жаппай маңыраған қойдың хор үнін құлағына әкеп тықпалады. Өңірін жүре түймелеп, қораға қарай дедектеді. Күлпәрәлі ақ шекпен киген Сүкең түсі суық отамалының өзіндей екен. Алды қайсы, арты қайсы, айыру қиын. Қаша қақпасына үйме-жүйме кірген қойды астыңғы ерні жыбырлап, үстіңгі ерні қыбырлап санап тұр. Ызғыған желге шыдамай ыққан малды қайырмалап, екінші шетте сүрініп-жығылған Алшағыр да ақ сұлба. Жанына жеткен Елтайға жат жандай шатынап қарады.

— Шалдың айтқаны айнымай келді. Көріпкел екен қасқа. Сегіз көзім сырқырайды, күн бұзылады деп еді. Сегізкөзінің бір тесігіне барометр орнатып қойғандай... Келмей жатып шайдай ашық күнді бүлдірдің... Жолың ауыр екен...

Қойды қораға кіргізіп, қақпаны жауып, сыртына сырық өткізгенше, Сүкең не Елтайға, не Алшағырға тіктеп қарамады, әлдекімді күңкілдеп сөгіп-мінеп, жоқтауын асырып жүр.

— Таз немеге құдайдың зарын айтып ем: «Пунктке ерте апарма, етекте қыстайтындар қойын шағылыстырсын әуелі, көктемде олар саулықтары ерте қозыласа да, қыңқ демейді, жемшөп іргеде, кек те ерте қылтияды, етекте отамалы да таудағыдай салбурын болып жатып алмайды. Ал тау ішін қыстайтын сенің көрер күнің басқа, сәуірдің жылымығы тауға кеш келеді, отарыңды елдің ең соңынан шағылыстыр, саулықтарыңды отамалыны өткізіп барып, кеш төлдет»,— деп. Адамша айтқан ақылды осыраңдап артына қыстырды ма. «Ерте ұрықтандырсам етекке елден бұрын жетіп, күзеудің соңы, қоңды жерін ойып алам»,— деп қасарыссын. Өл де маған! Алды бар да, арты жоқ тазға қой баққан, оның ішінде саулық баққан қашан жарасқан!

Елтай аң-таң. Іші-сыртын сөзбен мес қып сабайтындай «тазы» кім? Қасында қасы-көзі ойнақтап, күлмің қағып тұрған Алшағырға:

— Кім ол?— деп иек қағып еді, ішін тартқан жел жеткізді ме, шал жалт қарап:

— Жапабай таз,— деп, сарт етті.— Мына жотаның арғы бетіндегі Суықсайды жалғыз жайлап жатқан сабаз.— Басын бір көтеріп, бір төмен салғанда көзі қоса жыпылықтады.— Кешелі-бүгін саулықтары жаппай төлдеп жатыр. Келеді деген сақыманшыларын жер жұтыпты, әлі жоқ. Арсыл-гүрсіл ауырған көмекшісін Сәрәл кеше орталыққа әкетіпті. Қазақ ауруханаға тек өлу үшін бармай ма. Мана өріске келіп, кез жасын көл етіп, құлақ етімді жеді.

Елтай:

— Неге? — деп еді, шал одан әрмен шалқыды.

— Неге, неге? Атасының құнын сұрайды, негесі сол. Жем керек, шөп керек, қолғабысқа адам керек. Кереге таста мен қардан адам соғып жатқандай сақманшы сұрайды,— деп, боранмен жарыса шарпысты,— Жә, кешкі астарыңды ішіңдер де атқа қоныңдар. Суықсайға жетіңдер, жеткесін басын тырнаған тазға былай деңдер: «Тақ әкеңнің...» Тоқта, тоқта, әкесі жақсы кісі еді, обал болар, міне, былай: «Жерді құртқан таз Жапабай, сені емес, совхоз малын аялағандықтан екі баланы қарамағыңа жібердім. Еті сенікі, сүйегі менікі. Аз миыңды құрт жеп қоймаса, пайдалан, пайдалан да ат-шапаныңды жауып, қайтар өзіме!» Дейсіңдер ме?

— Дейміз, сіз айтқан соң демегенде...— Алшағыр Сүкеңнің қолтығына су бүркіп жатыр.

Шалдың қыбы әбден қанды, асылы, өйткені келер сөзінің жібі түзу болды.

— Деңдер, бірақ бұйрық-жарлығын екі айтқызбай орындаңдар. Анда-санда ақылынан алжасып қалғанымен, мен секілді бая емес, жақсы шал. Сүлей екенім рас болса, бұл отамалы екі күн, екі түн боздайды. Үш-төрт күн аз совхоздан сақманшы да, жем, шөп те келмейді, аттылы адамнан басқаны Сарыбұлақтың көк тайғақ асуы өткізбейді.

Елтай ой үстінде. Сүкеңді тау мен дала өмірінен хабарсыз жан тыңдаса ғой, отамалы шіркінді жүретін аяғы, сөйлейтін тілі бар тірі адам деп қалар еді. Қоршалаған тау, табиғат мінезімен біте қайнасып, соның бір төбешігіне айналған шал тау мен аспанға біткен құбылыстарды бес саусағындай біліп, жатқа соғып отыр.

— Сіз қайтесіз?

— Мені қасқыр жемейді. Қыстан қалған аз шөпті шыжымдап шашып, талғажау етемін. Боран басылып, күн көзі ашылса, құба-құп. Қыс бойы сары майдай сақтаған Көкөзекті өлгенде басыма қоям ба, қойды қаптатып жіберіп, бір төбенің басынан қызығына қараймын да отырамын. Тұмсығын тірей тығып, тырп етпей жатып алсын. Ал, қозғалыңдар!

* * *

Апшыны қуырып, айнала жүгірген алағай да бұлағай ақ боран... Суықсайға асып түсетін дөң үсті үтік басқандай тап-тақыр, қара жері көрініп жатыр: азынаған үскірік жел қар атаулыны сыпыра жалап-жұқтап, айдап әкеткен. Етек-жеңі жайылып, қалбиған Елтай сабалаған кар қарып бара жатқасын бетін аттың жел сапырған жалына кеміп, тұмсығын тердің көңірсік иісіне тығып, жатып алды. Көзі жұмулы, көңілі ояу... Сүкеңнің ызған ақ кендір жіппен көктеп табандатқан қара пимасы аяғын қыз-қыз қайнатқанмен, тонның шолтиған етегінен жел аңқылдап, қалтырап барады. Сүкеңнің: «Биттің қабығындай шалбармен ұшып өлесің, сұлуынан жылуы, мына қырық жылғы мақта шалбарымды киіп ал»,— деген тілін алмағанына өлердей өкінішті. Шалдың көне түлкі тымағы басын боранға бермесе де, бетінің су-су ұшы мен иегі тызылдап әкетіп барады. Тон, тон сыртынан сулық, тымақ, саптама киген Алшағыр бір емес, жеті отамалы қамаса да қыңатын түрі жоқ; басын кегжитіп алып, борс-борс желген ат үстінде қаққан қазықтай тіп-тік отыр. Онымен қоймай бір көңілді әуенді ыңылдайды, анда-санда бүкіл тұлғасымен бұрылып: «Бармысың, ей?»—деп дауыстайды, онда да ес үшін ғана, жауап күтпестен ары қарай тарта жөнелді. Әйтеуір, қоқайып, тірі келе жатқан Елтай: «Жоқпын!»—демейді, не екенін айырып болмайтын бірдеңені мұрын астынан міңгірлей салады. Китің-китіңмен асудан ары құлай жөнелетін тік қабаққа әрең-пәрең тырнақ іліктірді. Суықсайы бауыздар тамақта бұйығып жатқан оймақтай қыстақ екен, мұржалары телегей-теңіз қардан әрең қылтиып, терезелері әзер жылтырайды. Отардың қотанға кірген шұбырынды ізі бар да, шыққан белгі жоқ, не әлемет болса да қора аясынан аспай, бүлк-бүлк қайнап, бұғып жатқан секілді.

Ат тұмсығын шатырлы үйге тіреп, ауыр аударылып, жерге дүрс-дүрс түскен екеуіне құрығанда ит те үрмеді. Тек ақ шымылдықтың арғы бетіндегі қорадан жаппай маңыраған берекесіз үн ауық-ауық талып жетеді. Үйдің екі қанатынан ыққа қашып кірген қар құйындары тасада сүзісіп қалып, дереу үйіріле қуаласпақ ойнап, отау орнындай кішкене боран жасалыпты. Шіркей қар тұмсық астына үймелеп, кірпік арасына тығылып, мойынға құтылады. Мұржадан су-су орамалдай үй ығына сүйретіле құлап, қар үстімен түтілген түтіннің шайыр иісі — қарағай, жаңқа иісі мына алай-дүлейде жұпардай сезіледі.

Қағынып-соғынып сенекке кірген екеуі жер еденде тәлтеңдеп, сеңдей соғылысып жүрген жас қозыларды басып кете жаздады: кеше туған-ау, тықыр жүні кебіңкіреген кейбірі тұяқтары тықылдап, секіріп қойса, қалғандары көр шегеге асылған уыс шөпке мойнын жалқау созып, керенау талмайды, ал үсті-басы ылжыраған шарана, еденнен бауырын көтере алмай құмалақтап, астын ылғалдап жатқандары қаншама. Кешелі-бүгін уыз сүт емген үш-төртеуі апалас-тепелес кірген екі жалаушыға кілегей көздерін тігіп, әлсіз маңырайды.

— Родильный дом ғой мынауың... Бәріне быртылдатып кіндік әке болайық, әкең!

Бойын буып тұрған күлкісін Алшағыр «взвод-взвод» ғып жібергенше, есік ашылып, төргі үйден қалақтай қатпа, қағілез кемпір шыға берді. Сүт құйылған емізікті «Экстра» бөтелкесі қолында. Көзілдірігінің әйнегі жарқылдап:

— Алшағырмысың, апырым? — дегенше, бұл да қошуақ бола қалды.

— Амансыз ба, апа? Дүркіреп көмекке келдік, қарсы алыңыз!

Қарияға Алшағырдың көмегінен гөрі ең алдымен амандығы керек пе, алған бетінен жаңылмады.

— Бар екенсіңдер, бар болғырлар! Келін қалай, дені-қарны сау ма? Сүкең, Сарқыттар,— Елтай селт етті, қайын енесінің есімін бұл таудың топырағын басқалы алғаш естіді,— не тіршілік жасап жатыр? — Қолақпандай екі жігіт Керегетастағы ошарлы жанның жағдайың қазір айтып, қазір қайта аттанатындай, үсті-үстіне бастырмалатты. Сөзге де, іске де шапшаң ба, сөйлей жүріп, жер бауырлаған жас қозыны сып көтеріп, қолтығына қысты. Бас бармақ, балалы үйрегімен қозының шықшытын сығып қалып, өлеусіреген халсіз қозынын аузын бақадай ашырды. Қария емізікті әуелі өзі сорып көрді де, төлдің аузына салды. Қозы сорпылдатып сора бастады.

Алшағыр екіленді.

— Е, Бибіш апа, бойдақ қойдың завферма мен қасқырдан басқа жауы бар ма? Біздің хал қатқан. Жапекеңнің алты қырдың астынан «Жұт келді!»—деп аттандаған даусын естіп, жабыла атқа міндік. Мына қарқынға қарағанда,— жүрелей қалып, бірдеңені ұққандай жылтырап қараған қозыны сипады,— биыл жүзінен жүз елу қозы ертесіздер. Доп ойнаған тозар, асық ойнаған азар, бәрінен де қой бағып, көтен жеген озар, апа,— деп жарылқап тастап еді, бұл болжам апасына аяқ астынан жақпай қалды.

— Тек, тілің тасқа! Әуелі отамалыдан бас аман, мал түгел шығайық.— Екінші қозыны жерден көтеріп алған қария Елтай жаққа әйнегін жалт еткізді.— Мына бала қай бала?

Жігіт күле жаздап, өз-өзіне сабыр тіледі — Бибіш апаның көзілдірігі жалғыз әйнекті екен. Әдетте, көзінің. алмасы қайтқан қарттар көзілдірікті ең қымбатына балайды, немере екеш немере қолына бермей қорғаштап, қорапқа салып, барқыт шүберекпен жиі сүртеді, отыра қалса әңгімесі сол. Сөйткен қадірлі затқа осыншалықты жүрдім-бардым қараған кісіні алғаш көруі. Бибіш апа, зады, болған, толған, төрт құбыласы сай адам болса керек. Өйткені сондай жандар ғана түсіп қалған әйнек секілді уақ-түйекке мән бермейді.

Елтай аузын ашқанша, Алшағыр тағы киіп-жарып, екеуін сөзге семірте бастады.

— Е, апа, отамалы деген соң, түу Алматыдан сақыман алуға келіпті. Қаланың төресі бойдақ қойдың тумайтынын біле ме, салып отырып Сүкеңнен шыққан. Сүкең келген бала құр қайтпасын деп, бетін бері түзеп, сіздерге жіберді.

Жалғыз көзін жарқылдатқан қария:

— Жә, қоя қой. Ауыл өзімдікі деп алға түсе бермей, сөзге қонақ бер. Сыпайы мінезі-ақ Сүкеңе күйеу баламын дейді,— деп, ұрсып тастады. Емізік, қозыны жерге қойып, состиған жігітке жақындады.— Елтаймысың, апырым алла! Тәуба, тәуба, енді қайтейін! — Елтайдың қолының сыртынан өпті. — Ұзағынан сүйіндірсін! Бақытты болыңдар, шырақтарым! Сүкеңе күйеу бала болсаң, бізге де бөтен емессің. Үлкен тойға таласпасақ та кішісін қолдан бермеуші ек. Құдайдың күні ойда жоқта кәрін тігіп, мойын бұра алмай жатырмыз.

— Мені қайда тастайсыз, апа? Сүйек қуа келсек, сізге күйеу бала мына менмін. Алматы десе қалпақтай түсе қаласыздар...— Алшағыр бірдеңелерді тақата беріп еді, Бибіш апа сау әйнегін «нағыз» күйеу баласына туралады.

— Алшағыр қарағым, қол созымдасың, ешқайда қашпайсың. Алдымен алыстан ат шаршатып келген күйеу баланы сыйлайық. Қу сөзден қуырдақ қуырғанша ана шалға барсайшы. Қорада мұрнына су жетпей жүр. Сөйлес. Кешкі ас дайын, келіп ішерсіңдер. Ал, балам, теряет!

Елтай қысқа қайырды.

— Апа, рақмет, үй қашпас, әуелі ағаға сәлем берейін...

— Мейлі, о да ақыл екен.

...Қабарма қар қатыр-құтыр етеді. Желге аяз үстеп қосылыпты. Екеуі «П» әрпі секілді екі аша қораның ортаңғы ұзын беліне кіріп еді, қараңғыда түк көрмей, қабырға сипалады. Түкпір жақта шам жарқылдатқан біреу:

— Мында келіңдер! — деп дауыстады.

Қақалып, жөтеліп, жол бермеген саулықтарды қақ жарып жеткенше, шапан етегі, шалбар шылқып шыға келді: саулықтардың үсті аппақ қар. Шамға шағылысқан кездер тотияйындай жап-жасыл.

Тақала бере әлгі дауыс:

— Кімсіңдер?—деді.

— Мен, Алшағырмын. Мобилизациямен келіп қалдық. Туар көбейсін, аға!

Жерде тыпырлап жатқан су-су әлденеге шамын үйіре үңілген шал:

— Жағың қарыссын, кәпір! — деп салды.— Туғанын қайда қоярымызды білмей қара тер боп жатсақ... Жақында бермен!

Үсті-басы шырыш қозы киреңдеп тұра алмай талпынады. Шал қозыға қол созған сайын, тірсегі дірілдеп, аяғынан әрең тұрған сең соқты саулық ұмтылғансып қояды. Қарт алдыңғы аяқтарын қосақтай қымқыра ұстап, төлді көтеріп алды да, Алшағырға ұстата берді.

— Ал, әкет! Құлақ-мұрнын үрлеп, үсті-басын енесіне жалатып алдым. Есін жинасын әзірге. Күш алсын. Ал саулығына сен ие бол! — деп, шамды Елтайдың бетіне жақындатты.— Ау, ақ қағаздай екенсің, қаладан келген баламысың?

— Ассалаумағалайкүм!

— Аман бол. Естігенмін. Сүкең бүгін өрісте айтқан.

Жарайды, сенімен әңгіме кейін. Жас келсе — іске. Мына саулыққа ие бол. Біздің соңымыздан жүресің. Қозыға қосып құрғақ, таза үйшікке апарайық.

Кешеден бері қойшы бейнетіне куә Елтай мал шаруашылығына шын ниетімен қолғабыс жасағысы келіп, бара саулықтың басына жармасты. Алдына шығып, мойнынан қос қолдап тартты, қозғалмады, мойнын қолтығына алып, ырғап-ырғап итеріп те көрді, қарғыс атқыр саулық міз бақпады. Тап-тұп шатқалақтағаны болмаса, алға жылжу жоқ. Маңырай береді. Бар күшін салып, сауырынан итергені сол, оң жағына қыңырая тартқан саулық қалың қойдың ішіне кірді де кетті.

Ұятты жиып қойып:

— Аға, саулығыңыз жетекке жүрмейді,— деді алыс тап бара жатқан шалға.

Шайқалақтаған шам бері беттеді.

— Исі қазақ болсаң да қаладан екенсің-ау. Қозылы саулық өлімінде жетекке жүре ме? Әй, Алшағыр, қайдасың? Сен бе, сен жүрген жерге шөп шықса не дейсің. Қарашы, Елтайжанды саулықпен күрестіріп қойып, қарап тұрғанын. Кәне, соңымнан ер!

Қозы құшақтаған Алшекең күлкіге булығып, өліп тұр. Елтайдың қасынан өтіп бара жатып сыбыр етті.

— Ой, өлдім-ай! Жарайд, айтпайм, айтпайм ешкімге. Ақысына бір жартылық! Айттым — бітті, кестім — үзілді.

Қозы көтерген Алшағыр алға түсіп еді, қырсық сау лық соңынан маңырап, шапқылады да отырды.

Ұзын қорадан өтіп, қайырмасына кірсе, ортадағы жуан діңгекке темір торлы шам ілініпті: көрдім-көрмедім дейтіндей бұлыңғыр. Белуардан келетін шаршы-шаршы үйшік ішінде — толғақ азабынан соң аяқ-қолын бауырына алған ана атаулы тас кеміреді деп еді, сол рас болмағай — аш көздері маздаған отыз шақты саулықтың бірі тұрып, екіншісі жатыр, ал үшінші біреу бауырына кенеше жабысқан қозының шолтаңдаған құйрығын мекірене иіскейді. Әбден есеңгіреп, жаңа бой жия бастаған саулықтар ма, екі-үшеуі науадағы жемге, үйшік іргесіндегі шөпке қарамай, тек шелектегі буы бұрқыраған жылы суға тұмсық тығып қояды.

Мына саулық та төлімен шеткі үйшікке қамалды.

Үстін қаққан Жапабай шал сөйледі.

— Ал, балдар, бүгін түнде қу жанымызда тыныштық жоқ. Саулықтар көбіне түнде төлдейді, мен мал ішінде жүремін. Жаңа туған жас қозыларды қолма-қол теріп отырмаса, қараңғыда қой таптап тастайды. Аузын, тұмсығын үрлеп, шаранасын дер кезінде сыпырмасаң, тұншығып өліп қалады. Ал сен екеуің үйшікке әкеп кіргізіп, осы төңірекке бас-көз боласыңдар. Жылы су мен емізікті апаларың мен Дариға келін әзірлеп тұрады. Қазір, айда, үйге барыңдар, іштеріңе ел қондырып келіңдер...

... Алшағыр қозы тасыды, шам ұстаған Елтай жол бастайды. Бір-бірден қатырлатып алжапқыш байлаған. Үйшік маңында да қыбыр-жыбыр шаруа көп-ақ: шүлеңкі саулықтың қозысы тым әлсіз туады екен, біразы өз бетімен ауыздануға жарамай, бастарын жерге салып, сұлқ жатып алады, ондайда, амал жоқ, екінің бірі — қозыны қолмен енесіне жанастырады, не саулықты сереңдетіп алып соғып, қозыны емшегіне салады. Сары балдай уызға тойған қозы екі-үш сағаттан соң өзі-ақ енесінің соңынан тәлтіректеп қалмайды. Ал саулықтардың алдына жылы су қойып, жем, шөп шашу да бір қиын іс. Суды кеше Бибіш апа жылытпалап берген екен, бүгін күндізгі қисапсыз күйбеңді көтере алмай, жатып қалды. Қазір пеш үстіндегі лепілдете су құйылған тай қазан мен сүт шіпілдеген жай қазанның құлағына Дариға жеңгей ие. Су ағаш пышылдап жанбай, ащы түтін тығылған көзінен жас парлайды. Әлсіз туған екі қозы да қазандық түбінде тұмсықтарын бауырына тығып бұйығып жатыр — олардың да күтім-бағымы сол кісінің мойнында. Жеңгей алты құрсақ көтеріпті, алтауының бесеуі совхоз орталығындағы мектеп-интернатта жатып оқиды да, төрт-бес жасар қара домалағы отамалыда шаруасы шамалы, төсекте танауы шуылдап, ұйқыны соғып жатыр. Алты бірдей көген көз бен малдың у-шуынан құлағы тұнып қалған ба, Дариға жеңгей мана шайды үнсіз ішті, шала туған қозыларды да үн-түнсіз ауыздандырып жүр. Оқта-текте үйшікке бас сұққан Жапекең де шолақ сөз, қысқа бұйрықтан аспады. Оқыған кітаптарында қойшы қауымы өткен-кеткен қонақтан әңгіме сұрағыш еді, әзірше ондай өнер мен ынтаны Суықбұлақ, Керегетастан байқай алмады. Көп жуастың ішіндегі жалғыз тентек Алшағыр ғана секілді.

Алты ай қыс бойы қораның іргесіндегі тесік-саңылаудан уілдеп соғатын ызғар еттен етіп, сүйекке жеткен бе, әлде бір-бірін бүйір, демімен жылыта ма, қой атаулы, әйтеуір, қақ ортаға үймелегіш. Кейде сағат, минуты жеткен саулықтар сол сығылысқан ортаны бұза алмай, үйелеп те қалады. Жапекең негізінен соларды іздейді.

Шам жарығында тым маздап, құбылып тұрған көздерінен-ақ тап басып, тауып алады да, шетке жетектеп шығарады. Және қызығы, саулық іргеге екі бүйірін соғып жата кетісімен қалған қой — олар да бүгін болмаса ертең қоздайды — ығысып, оңаша қалдырады. Мал да болса сын сәттің алқымнан алып, екі дүние халдың туғанын инстинкт арқылы сезеді, шамасы.

Өз қозысынан өзі жеріп, алмағандар да табылды. Әсіресе қалақ бас жас саулық қинады. Апақ-сапақта туған қозысын исініп кеткен басқа қой жалап қойыпты. Оның өзі тым аянышты сурет екен: түртінектеген қозыдан қашқан саулық үйшік бұрышына осқырынып тығылса, әлсіз маңыраған жас төл әлтек-тәлтек басып, соған беттейді. Өлдім-талдым дегенде бауырына тұмсық тыға берсе, ана шіркін атқып кетіп келесі бұрышқа қашады. Ақыры сүт пен енесінің екеуінен де мансұқ болған тірі жетім аспанға белі шығып, басын төмен сала аянышты үнмен маңырайды-ай кеп. Ондайда Елтайдың есіне өз басынан өткен бір жағдайлар түсіп кетеді де, дереу сүт құйылған емізікке жармасады. Шай қайнатымнан соң төлдің бүйірі жел үрлеген резеңке ойыншықтай томпайғанымен, шыны бөтелке шеше бола ма, емізікті аузынан шығарып жіберіп, маңырап жылап, тұмсығымен Елтайдың тізесін түртеді. Енесінің емшегі деп санайды-ау. Кесіп алса қан шықпас ондай тас жүректі малшылар да иттің етінен әрмен жек көре ме, жайшылықта қарызға сөз сұрасаң бермейтін Дариға екеш Дариға да кірген сайын саулыққа: «Әй, сұқсиған түріңнен! Суалып қалғыр!»— деп түйіледі.

Таңғы елең-алаңда кілбиген көздерін әрең ашқан Елтай, Алшағыр сауыс шапандарын сылбыр шешті де, тор алдындағы құрақ көрпеге киімшең құлай кетті. Жапекең, керісінше, кірпіктеріне ине тіреп қойған ба, көзінің жиегі қызарса да білтесі де, жанар майы да таусылуға жақын шамын сүйреп қорада қалды. Мас адамдай теңселіп: «Дем алмайсыз ба?» — деп ыңыранған Алшағырға: «Бара бер, өз жөніңді жөндеп ал, мені қайтесің?» сыпатта қолын сілтейді.

Түні бойы қазан-қазан су мен шөңке-шөңке сүт ысытпалаған Дариға құлаудың аз алдында екен, бұлар кіргенде пеш қасында құс ұйқымен қалғып-шұлғып отыр. Есік сарт жабылып, ақ жылан бу аяғына оралғанда ғана көзін ашты, онда да түк көрмеді, білем, келер мезетте басы кеудесіне құлай берді.

* * *

Екі күн, екі түн толас таппай төпелеген отамалы таң ата солықтай келіп, түске тармаса таза үзілді. Екі сөткелік отамалы қасат-қасат үрінді қарға айналып, сай, ықтасындарда жел ұшырған газет жыртындысындай ағараңдап жатты. Әйткенмен аспан әлі ақ айран, анда-санда қылтиған күн құлағы қызыл. Қар құрсанған шоқылар көгеріп-сазарып жатыр. Құбыладан еліріп соққан ызғырық мас адамды айықтырғандай. Жапекең қора есігін айқара ашып еді, түні бойы қойдың демі мен зәрінен жиналған ыстық бу лақ етіп, маңдайшаны жалай әуеге көтерілді.

Қорадан саулай шығып, қотанға иірілген отардың ұсқыны жаман. Бүйірлері ойылып, бөкселері қушиып тұрғандары қаншама. Бүгін бұлар қыстақтан қарға адым ұзай алмайды: жер бетін тегіс жапқан кілегей мұз лезімде қызыл асықты қан ғып қиып жібереді. Сауыс-сауыс мұз, ши, тобылғы, қараған талшық болмайды. Былай тартсаң арба сынатын, алай тартсаң өгіз өлетін екіталай күн... Сәрәл төгіп кеткен жарты машина жем төлдеген саулықтардың аузынан аспайды. Ал қыстан қалған ширек мая шөпке отарды қоя берсең, жарты сағатта ұйпап, тапасын шығарады. Әзірге қарын құрышында кешеден қалған жоқ-жұқанаққа сүйеніп тұрған саулықтар аштың алдында. Бойдақ қой бірсәрі, ал буаз саулықтар ауыз қимылдатпаса топырлатып іш тастай бастайды. Қыс бойы бір уақ шанамен шашқан шөпке дәндеген отар Жапекең қашаға жуып кетсе, полковнигін көрген қалың қолдай маңырап қоя берді. Бір-бірінің жүніне ауыз салған шыдамсыздар да бар.

Селдір сақалын жел тараған Жапекең ақ айранның арасынан қылт еткен күнге қолын қалқалай қарап тұр. Ол күні де кірпік қаққанша сахнадан шыға берген сыпайы артистей бұлтқа кіріп, түске айналды. Түнде қорада, шам жарығында Жапекең бір кісідей еңселі еді, шарпысқан көлеңке мен жарықтың кез алдауы ма, мүмкін, өз стихиясында жүрген жан сырт көзге айдынды да кеуделі көрінуі, ал мына Жапекең әншейін шұнаңдаған қызыл иек қара шал... Қашан көз шырымын алғаны белгісіз: елең-алаңда қора аузында қалып еді, тап әзірде тағы қорадан табылды.

Күнсіз аспаннан көңілі қалған қойшы шал тымағын шешіп, қылшығына жабысқан шөп-шаламды шертіп түсірді, маңдайына түскен тақиясын оңдап киді; тымағы мен тақиясы түзелсе ойы да түзеле ме, шапшаң-шапшаң сөйледі.

— Жә, үш күн соққан отамалының қырық күндік қырсығы бар, қарақтарым. Жапабай екенім рас болса, Сарыбұлақтың қайқаңы жуық маңда машина түгіл, «Беларусь» жолатпайды. Сексен шақырым жерден жыланбауыр «ДТ» шөп сүйреп жылбырап жеткенше, қойды қырып аламыз. Екі-үш күннің бетінде бізге жем де, шөп те, сақманшы да жоқ. Сөздің қысқасы былай: арба, әне, қызыл өгіз, міне, екеуің кешегі келген іздеріңмен кері қайтыңдар. Сүкеңе дұғай-дұғай сәлем: «Аштықта жеген құйқаның дәмі қырық жылда ауыздан кетпес. Дос екен, қысталаң кезде қол ұшын берсін, құтқарсын төтен келген зауалдан»,— деп, жайыла берді де, кенет аузына аңдаусызда мия түсіп кеткендей тыжырынды.— Жоқ, былай деңдер: «Іші боқ, сырты жүн бойдақ қойды майлап берсе де күдай алмайды. Қыс бойы көрінген қуысқа тықпалап, жинап-терген шөбі мен жемін аямасын. Әкемнен қалған мал емес, бәрі мемлекет пен халыққа тиесілі. Жөншілікпен қолынан бермесе, жолынан тартып аламын. Керегетасқа Көкөзектің қалың оты да жетеді». Осыны ұқсын, ұқсын да қырсықпай, айтқан тілді алсын. Шырғасын шығармай түгел жеткізіңдер. Есті шал, арғы жағын өзі біледі. Бергенін алыңдар, бермегеніне өкпелемеңдер, түнге қарай Суықсайдан табылыңдар...

Алшағыр шешіп алған құлақшынын умаждап тұрып;

— Жапеке, сіз сәлеміңізді қағазға түртіп берсеңіз қайтеді?— деді, өнер шығарып.

— Не дейді?

— Енді... екі түйенің арасында шыбын өліп жүрсе... Сүкең кіді кісі... Мінезі онша жақсы емес өзі.

Жапекең күлді.

— Әй, бүйтпесең қыршаңқы Алшағыр боламысың... Ол антұрған екеуіміздің арамызға хат жүрмейді, діл жүреді. Ал, тұрмаңдар!

Алшағыр ұйқысын әбден қандырып, тіріліп оянып еді. Қазір де тып-тың, қунақ, қутың қағады. Қалжыңына қарымта тілеп, Елтайдан дәметіп еді, қалалық жігіт қотандағы қалың қойға тесіле қарап тұр. Өңкей тоқал саулықтардың үстімен иір-иір ай мүйіз жүзіп барады.

Ай мүйіздің иесі қошқарға келіңкіремейді — тұрқы биік, дөңес тұмсық, ақ құйрық көк шулан жануар...

Елтай ішін тартты.

— Арқар ма?

— Арқар, арқар...— Алшағыр Елтайдың белінен орай тартып арбаға сүйреді,— Жүр, жолдан қалмайық. Қызылқұлақ күнің әне-міне дегенше қылпылдап батып кетеді, тез барып, тез келмесек, қараңғыда арбаны аударып аламыз. Арпа ішіндегі бір бидай арқардың жайын жолшыбай менен сұра, сен тыңда, майын тамызып айтып беремін.

Алшағыр қызыл өгізді қақпалай жолға салғасын, арбаға секіріп мініп көсіле отырды, көсемсіп әңгіме бастады.

Отыз-қырық жыл бұрын Сауыр-Сайханның қырат, дөң, сай, жүлгесін арқар мен еліктің сансыз соқпағы шимайлап жатады екен. Кейін төрт түлік мыңғырып, өріс тарылады, тағы аң атаулы етектен құзар шыңға шығып кеткен. От пен оқ түкіретін көсеу қараның жетпейтін жері жоқ, ақыры, құз, шыңдағы күн де қараңға айналған, ай мүйіз, серке сан арқар қырылуға беттеген. Жұт жағадан алса, қасқыр етектен тартады. Өткен жылдың жазында, қайдан ұшып келгені белгісіз, осы тауға зырылдауық көк вертолет төнеді. Біреулер тауды шарлап, жер шұқыған геологтар десті, басқалары дүмділердің сайлап мінген темір көлігі десті. Кім мінсе де, айналып ұшқан көк вертолет бір уақытта сатырлатып оқ жаудырады. Сай паналап, жартас айналып қашқан арқарларды сәйгел тигендей қуалап, бір-бірлеп қалпақтай түсіре берген, қыра берген... Вертолет айналасы жарты сағатта тауды алай бір, былай екі жайқап өтіп еді, күнгей беткейде он шақты, теріскейде бес арқар сереңдеп жатады. Теңкиген он бес арқардың қасына он бес қонған зырылдауық көп ұзамай тырқылдай тік көтеріліп, көгілдір аспанға сіңіп кете барады. Қайдан сап ете қалған пәле, анық-қанығын әлі күнге дейін ешкім білмейді. Бір нәрсе анық — көк вертолеттен соң Сауыр-Сайхан қаңырап қалды. Шошынған арқар, елік вертолеті жоқ арғы бетке асып кетіпті.

Арба үстінде аяғын салбыратып, иен шоқыларды жіпке тізген Елтай:

— Жаңағы арқар...— деп мақамдап ері, қызыл өгізді шықпыртып жіберген Алшағыр іліп кетті.

— Сөзге қонақ бер, әке. Келесі күні ойдағы үйінен оралған орманшы екі-үш қойшыны куә ғып, акт жасайды. Акт арқар бола ма, әкең... Бәрін айт та бірін айт, вертолет қонған жерді рулеткамен өлшеп, қызыл май болып жүгіреді дейсің. Әне, сонда куәгер Жапекең арқардың бұта түбінде бүрісіп жатқан лағының үстінен түседі. Туғанына апта толмаған, ауызбен үріп салғандай сүйкімді төлді қойнына салып, ауылға алып келеді. Манағы иір мүйіз арқарың өткен жаздағы қасап қырғыннан қалған сол жетім қозы. Қоймен бірге өреді, қоймен бірге жусайды. Тау баласы тауға қарап өседі дей ме әлгі бір ән? Сол ыңғайдан соңғы кезде арқар отардан шет жайылады-мыс, жартастан тас домаласа, басын жұлып алып, елеңдей үдірейіп тұрып қалады екен. Кейде арғы беттен шатқал қуалап, жел соқса, тұмсығын тыржита көтеріп, иіс аулайтын көрінеді, Арқар көрсем қосып жіберем деп алақанын уқалап Жапекең жүр. Ал ол құрғылар біздің таудың суы уға, шөбі шөңгеге айналғандай жолайтын емес. Зоопаркке өткізуге Алматы алыс. Арқар түгіл өзің алты айда арып-ашып әрең келдің, — деп, тыныш жатқан Елтайдың құйрығын басты.— Сойып алуға қолы да батпайды, дәті де жетпейді.

— Арқар бар жерде қасқыр бар...

— Өй, қасқырың не, бал мен бүлдіргенге жаудай тиетін аю, қорылдаған мысық мұрт сілеусіндерің өріп жүретін бала кезімізде. Осы күнде екі қойшының бірі шылымкеш. Алдыңғы жылы қалың өртте беткей-беткейде сыңсып тұратын қалың қарағайлар шырпыша шытырлап жанды. Түгел күйіп кетті. Обал-ай десеңші! Аудан болып, облыстан көмек келіп, әрең өшірдік. Сыр жалаңаш қалған тауда аң жоқ. Аспанға ұшты, жер астына түсіп кетті, жан адам білмейді. Лесхоз әр бектерге бір шыбық шаншып көрген. Көбі қурап қалды. Қарағай шіркін тобымен, тобырымен жарысып өсетін, жалғыздыққа шыдамайтын аяншақ көрінеді. Қылтиғандары жүз жылдан соң ағаш болар-болмасы неғайбыл. Бұрын мынау сайлардың бүлдіргені балақ бояп, бөдене, бұлдырығы жыртылып айрылатын.

— Бұл тауыңыз көйлек-ыстанын шешіп алған өлмелі шал болды ғой...

Мойнын ары салған Алшағыр күңк етті.

— Сауыр-Сайхандағы соңғы арқардың жай-жағдаяты осы.

Ырдуан арба кеше екеуі асып келген кезеңге беттей алмады. Сондықтан алыс та болса сенімді айналма жолмен аяңдай тартты. Аспан шаңыт. Бұлыңғыр күн түстіктегі шоқылардың иығын баса секектей жүгіріп, ілесіп келеді. Ала шабыр тау арасы күңгірт, қара көлеңке. Салпаң құлақ Дөңгежат әрнені иіскелей сәукелектеп сонда келеді. Танауына қар кірсе, пырс-пырс етіп әлек-шәлегі шығады. Иегін шекпеннің темірдей жағасына егетіп, шынтақтап жатқан Елтай бейуақыттағы бөлме ішіндей күңгірт ойға батқан. Кешеден бері не көрді, не білді? Күнді түнге, түнді таңға ұрған толассыз еңбекті көрді. Өзі де оның ащы, тұщы дәмін татты. Сүлей, Жапабай қарт, Сарқыт шешей, Бибіш апа, Дариға жеңгей, Айша, Алшағырлар мінез-құлық, түсінік, жас жағынан үш қайнаса сорпалары қосылмайды. Бірақ бәрін бұлтартпай ұстап, бір желіге көгендейтін ортақ қасиет және бар — ол еңбек, ол алдындағы малды шығынсыз бағып-қағу, йен тауда елірген отамалымен алпарысып күш күресу, бала өсіру, тәрбиелеу... Кешеден бері жамбасы жер иіскемей зыр жүгіргені мен жұмсаған күш-қуатын, қымбат уақытын Елтай қаланың таңертеңгі тоғыздан кешкі алтыға дейінгі кесімді уақытына шағып, шотқа салса, табаны күректей үш күнге татиды екен. Елтайдың жарасы жеңіл, бүгін шаршаса, ертең аунап-қунап тынығады, бүрсігүні қаласына кетеді. Қалған жұрт ше? Он ғасыр бұрын ата-бабалары қойды қалай бақса, солай бағып, көңді бұрқырата кешіп қала береді. Ал ояу жатқан ойды қайтеді? Коллективтендіру жылдарын, балғасын солқылдатып соққан бесжылдықтарды, от-жалын соғысты артқа тастап, космос, кибернетика заманына жеткен Сүкең, Жапекеңдерді былай қойғанда, аз да болса астана өмірін шет-пұшпақтап көрген Айша, Алшағырлар ай сайын алатын уыс-уыс ақшаға риза болып, сай-сайда бауырсақша шашалып қала бере ме? Әй, қайдам... Олардың бала-шағасы қайтпек?

Жүз жыл бұрын Сауыр-Сайханды қыс қыстаған, жаз жайлаған көшпелі қалай өмір сүрді, білсе... Білетін несі бар? Бүгін баққан малын ертең сойып жеді. Жапырайған қыстауы мен дүңгіршек үйін жел жығып кетпесе болды, шүкір. Айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау жеке патшалық... Бөтен мал көрсең қосып ал, жоқ іздеген жан тақымдап бара жатса, сойылмен ұрып, жалманынан түсір, сот та сол, ар да сол. Аузын сол қолымен, құлағын оң қолымен жапқан «өзім дұрыс, басқа бұрыс» өмір... Сахара дала, сайын дала... Айтуға жақсы-ақ! Континенттер құрығанда мұхит толқындары арқылы бір-біріне сәлем жолдаса, дала мызғымайды. Сондықтан да қазақ қонақ келсе, барын тосып, алдына ас қойған, екі қолын бос қойған. Сондағы аңдитыны — жаңалық, ұзынқұлақ... Кір басқан көңілді көтеретін әнші, Жыршы, серілерді қозыкөш жерден қарсы алып, киізге салып көтеріп әкелген. Көрші ауылға өзім жетпесем де, даусым жетсін деген құса қазақ әнді айқайлап айтты.

Қазір жағдай басқаша... Сәрәл тұз, бор, құрама жем төгіп кетеді, автодүкен, кино, концерт, бастықтар, мамандар келеді, мал санайды, емдейді, өлген малға акт жасайды, бас жейді. Айша мен Алшағыр аз да болса Алматыда тұрды, сөйлемесе де терде мылқау телевизор талтайып тұр. Әрине, қырып сал вертолет арқардың үркіткенін үркітіп, қалғанын теңдеп тиеп алып кеткен. Әрине, жуынып-шайынатын монша, кітап, журнал оқитын қызыл бұрыш отыз шақырымдық Қараүңгірде екен... Осының бәрі озу, алға басу. Бірақ қаншалықты алға озды — гәп осында! Оқ бойы ма, көш ілгері ме? Әлде таяқ тастам жер ме?

Тон жағасын тік көтеріп тастаған Алшағыр бартиған қып-қызыл бетін бермен бұрды.

— Әй, Алматыда не бітіріп жүрсіңдер осы?

Сасып қалған Елтай:

— Қызмет істеп жүрміз,— деді күмілжіңкіреп.

— Нан соғармыз деші,— Тоғарылып отырды, отырды да, мүлдем басқадай қоңыр үнмен бәсең сөйледі.— Соңғы екі-үш жылда қыруар кітап оқыдым. Үрім-жұрағатымызда жоқ әдет еді. Суық үйде не бітіремін, кітапханасын ақыл-тақыл тауысып кеттім. Қазір қоюдың орнына құныққан үстіне құнығып барамын. Сонда деймін де, мыңғырған қойды біз сендерсіз де бағып жатырмыз. Шұрқыраған баланы да шұбыртып өсіріп береміз, оларға да ақ таяқты ұстатып кетеміз, оған бық деме. Одан да сен мынаны ойлап көр. Алшағырды ғой, армиядан кейін әке-шеше, туған-туысқандары екі көзі төрт болып күтіп отырды. Онда несіне қызығып қалаға қаштым? Қашқан екенмін, оқу емес, түрмеге неге түсіп қалдым? Үш ұйықтасам түсіме кірмеген Керегетасқа неге ит мініп, ирек қамшылап келдім? Оған және түк өкінбейтінім қалай? Ойлап-ойлап, миым жетпеді. Жазушы болсаң, осының есебін шығарып, жауабын тауып берші.

Елтай мүдірді. Бұл дүниеде ақ ниетпен қойылған қарапайым сұраққа жауап табу қиын. Өзің де ақ ниет болуың керек ол үшін. Өтірік сұрақтың емі оңай — өтірік айтып, құтыла саласың. «Жазушының» да қыжылы осы екенін Алшағыр қайдан білсін.

Көрдім деген көп сөз... Селкілдеген арба үстінде қалтыраған жан жартымды не жауап айтады.

— Өмір ғой...— деп, сипай соқты.

Әлдекімнен көңілі қалғандай, тістелеген шиін лақтырып тастаған Алшағыр таусыла сөйледі.

— Оны өзім де білемін. Мен жасаған ағаттықтардың ар жағында бір пәлелер бұғып жатыр. Ол не, сен де білмейсің, мен де сезбеймін, тек қылтиған құлағын көреміз. Білетінім, аңғал, ақ көйлек жан шалқасынан ашық жатқан кілтсіз аула екен, маскүнем біреулер түн ортасында бұрышына жата кетіп, қорылдап тұрып ұйықтайды, ұйқысы қанғасын әлгі жерге кіш етеді...

Елтай басын шайқады.

— Жаңсақ, жаңсақ... Адамның бәрі бірдей емес.

— Саған айтуға жеңіл. Ал мен басымнан кештім. Алматыда «городской» болып секектеп жүргенде, көрші қаладан келген бір жігітпен таныстым. Тез жарасып кеттік. Бұл дүниеде білмейтіні жоқ. Сөзі сыпайы, иі жұмсақ. Соның қызына таласқан жігітті сабап, істі болдық. Түрмеге түскесін, әлгі сыпайым қарасын да көрсетпеді. Жақсы көруші едім итті. Мені қойшы, соңымнан еріп, сотталып кеткен бес жігітті аяймын. Обалдарына қалдым, әкең... Маған адам деп ерді ғой. Ал менің түрім мынау. Айша болмағанда қай көшеде қоңыз теріп жүретінімді ит білсін. Ал анау бес жігітте бес Айша бар деймісің. Кейін естідім, біреуі салынып ішіп кетіпті, екіншісі түрмеге кайта түсіпті. Үшіншісіне жата қап хат жаздым: «Құр босқа сенделгеніңді қойып, маған кел. Өзіңе лайық қыз тауып беремін, үйленесің. Бірігіп отар алып, қой бағамыз»,— деп. Тілімді ала ма, жоқ па, қайдан білейін.— Аз-мұз үнсіздік орнады. Жігіт ішке лебін жұтып, білінер-білінбес күрсінді.—«Үйленесің...» Мүмкін, менікі теріс те шығар. Біреудің тағдыры біреуге тағдыр бола ма.

Елтай ой үстінде. Айша ма еді кеше: «Бергі жағы Текебай тентек те, арғы жағы көз жасын бетіне жағып, жылап тұрған жас бала...» — деген. Дәл, дәл, айнымайды... Оны өзі біле ме? Әй, қайдам. Сезсе үлкен қатеге ұрынбас та еді. Білсе, жаңа-жаңа түсініп келе жатыр.

Алшағырды тізгіндегісі келген Елтай:

— Оған түк өкінбе, Алшеке. Әлгі қуыңның алдында терең ор жатыр. Түптің түбінде жығылмай тынбайды. Нағыз адам көп азап шегіп, қиналуға тиіс. Әлімсақтан, Адам ата, Хауа анадан бері солай. Жақсы кісінің күні ғұмыр бойы ауырдың астымен өтеді. Ал қу, жалтақтар жеңілдің үстімен жүреді. Оларды солайсың деп өлтіріп тастай алмайсың, қайткенмен де аң емес, екі аяқты жан амал жоқ, асырайсың, киіндіресің, ішіндіресің, тоқ етері, қара жерге кіргенше сүйреп өтесің.

Қойшы жігіт үнсіз. Екеуінің біреуі — не ұқпады, не құп алды.

Тек Елтай темекі тұтатып, көк түтінді аузы-мұрнынан қос-қостан лақылдатқанда ғана дүрсе қоя берді.

— Әкетші андағыңды борсытпай! Кеңсірігім қышып, басым айналып әкетіп барады. Ақы бергендей болып тастағаныма, міне, бір ай... Алғаш қыстағанда шыдай алмай, шыға қашатын қырсық қойды сабап тастаушы ем. Жалпы, қойған жақсы. Кеудем тазарып, көңіл күйім бек жақсарды. Кей шақта сол тамаша көңіл күйді көтере алмай еліріп кетемін де, бірдеңені бүлдіріп аламын.

Онысы да рас.

Ой жалғаса берді.

Айтып-айтпа, Алшағырдың күні бұған қарағанда көш ілгері...

Қамшы сабындай қысқа өмірде бір рет қателесіп тиісті жазаңды аласың. Екінші рет қателесуге сен, жазалауға басқалар үлгірмейді. Сол ағат басқан қадамды түзетуге қалған жылыңды сарп етесің. Алшағыр ауған көшін түзеген тәрізді. Ең қысталаң тар жол, тайғақ кешуін артқа тастапты. Айшасы қасында, төбесінде шаңырағы, алдында шаруасы бар. Ал Елтай қолмен жасаған қатесін әлі түзеген жоқ. Келешекте алар сол жазаның суық лебі Алматыдан айдап шығып, Керегетасқа алып келді. Қарашаштың қай қалада екенін білді, енді неге Керегетасты айналшықтап кетпей жүр? Неге Қарашаш қайдалап, облыс орталығына үрдіс аттанбайды? Ең ғажабы, осылардың айдағанына жүріп, айтқанына көніп, шалқайған шаруаларын жөндесіп, шала шабылып л жүр. Шамасы, алар рухани жазасын осы жерде өтеп, келіншегіне арылып барғысы келе ме? Қарашаштың қолынан жазалау келмейді — мұны жақсы көреді.

«Елтай кім?» — деген пенде әуелі балалар үйін іздесін. Қарашаш десе Керегетасты зерттеуі керек. Келіншегінің жақсы, жаман қасиеттерінің қайнар көздері осында, осында. Қалаға аттануға әлі ерте. Керегетастағы көп көмбе әлі ашылған жоқ.

...Сүт пісірімнен соң бозғылт күн батуға айналды. Тау арасы қара көлеңке, беткей-беткейде ұлар тырылдайды. Кекіліктер қар бетін сызып барады. Қызыл өгіз қуықтай қолатқа тұмсық сұғып еді, жел ап-сап тынды. Қолат табаны сірескен ши, сыңсыған тал, бүрген. Сидам келген итмұрын, қызылқат, көк бояу, тошала түбінен жымсыма су жыланкөзденеді. Жер дүние ақ мұрт, ақ езу қар, шілдірлеген бұлақ жағасына қабыршақ мұз кілегейленіп қатыпты. Сол жылым да жуас бұлақ жағасын ала қалың қой бас көтермей бырт-бырт жайылады. Қойшы көрінбеді. Есесіне тайыншадай екі ит отардың екі шетінде шоқиып отыр. Жақындай бере шырамытты, Сүкең ауылының тоқ, жүндес, дүрегей төбеттері. Бұлаққа салдыр-гүлдір құлдилай құлаған өгіз арбаға бағыштап, жалқау үрді де: «Ә, өзіміз екеміз, салған беттен ажырата алмадық, ғафу өтінеміз» дегендей, құйрық бұлғаңдатып, құлақ жымырып, қыңсылап қойды.

— Сүкеңнің қыс бойы сары майдай сақтаған Көкөзегі осы құйқа,— деді арбадан қарғып түскен Алшағыр. Еңіске қарай емпеңдеп желе-жорта бастаған қызыл өгізге жанаса жүгіріп, мұрындықтан тартып жайлатты да, санамалап бастырып, сай табанына түсе берді.

Ауыздығы алынған, айылы босатылған көкбестіні шаужайлай суғарған Сүкеңді екеуі итмұрын түбінен тапты. Аяғының астындағы мұз қозғалған сайын бырт-бырт етеді. Ара-тұра жайлап ысқырып қояды. Жігіттер өгіз арбаны бергі жағаға қалдырып, бұлақты аттап-бұттай қарғып, шалдың қасына барды.

— Жапабайда жан бар ма, әйтеуір? — деді Сүкең аман жоқ, сәлем жоқ.

Иесінің сырына жетік Алшағыр бөгелмеді, жауабын сарт дегізді.

— Өлі туған төрт-бес қозы болмаса, басқа шығын сипанский. Сізге дұғай-дұғай сәлем айтты...— деп, өңкей жұмыр сөздерді майға бөгіп, пісіп жатқан бауырсақтай бытырлатып еді:

— Сенсіз де білемін сәлемін, — деп аузынан қақты.— Жылдағы жарапазаны. Ауылға барыңдар да, сұрағанын тік көтеріп алып кете беріңдер. Көкөзек аман — Сүлей аман. Қашан боссыңдар дегенше Суықсайдан табан аудармаңдар. Жолдарың болсын!

Қос бүйірі шермиіп шыққан көк бестінің ауыздығын салып, отар жағалап кете барды.

...Қас қарайып, аспан шыңылтыр тартты. Екеуі қайта шөп тиеді, бастырықты арқанмен ілмектеп, қорап құйрығындағы сақина темірге жалғады. Елтай бастырыққа қос қолымен асылып, бар салмағымен ырғап басса, Алшағыр арқан ұшына ие. Қара күшке бар-ақ екен сабазың, алақанына түкіріп қойып, шірене тартқанда арба сықыр-сықыр солқылдады. Ырдуан артына он шақты қап жемді және тастады.

Айшаның суытқан етін арпаша асап, шай ішіп, жан шақырысты. Сүкеңнің сынық мүйіз қоңыр өгізін қызылға парлап жегіп, жолға шықты. Дес бергенде күндізгі қар ерімепті, тақтайдай жол таңқылдап жатыр. Шөпті бір аударып ала жаздап, сағат онға таман Суықсайға әупіріммен әрең ілікті. Жемшөпті жайлағасын қатарласа жатып, көз шырымын алды. Қатып қалған екен, біреу түртіп оятып жіберді. Сарқыт шешей... Сағатқа қараса, түнгі бір... Айшаның сый-сыяпатынан хабарсыз қария: «Таңертеңнен бері нәр татпадыңдар, қарындарың ашты»,— деп, дастарқан жайды. Қалғып-шүлғып отырып, шай ішкен, ет жеген болды. Сыртқа шығып, құрыс-тырыстарын жаза беріп еді, астапыралла, аспан тап-таза! Теңге-теңге, ысқылап сүртілген кіл күміс теңгелер... Ұйқылары шайдай ашылды. Қораға кірсе, отарға күні бойы жалғыз өзі бас-көз болып, сіңіріне ілініп жүрген Жапекеңнің көзі ішіне кіріп, тәлтіректеп қалыпты. Қояр да қоймай қолтығынан алып, «Барыңыз, демалыңыз, қарайламаңыз, қойға да, қозыға да біз иеміз»,— деп әке-көкелеп, үйге туралады. Аяғын сүйретіп жүрген Дариға жеңгелері де жолын тапты. Одан арғы жай — айна-қатесіз кешегі тірлік.

Күні бойы қотан мен қорада иіріліп, қорада тұяқ қыбырлатпай тұрғасын ба, бүгін түнде он шақты саулық қана қоздады. Таңға қарай тұрып ұйқтап, тұрып ұйқтап жүріп, бұлдыраған көздерін бір ашса, қора аузында Жапекең ербиіп тұр.

Құлқын сәріде желкелері жастыққа тиді.

* * *

Оянса, талма түс... Басын көтеріп еді, қаңғажақтай жеп-жеңіл. Санасы сайрап тұр. Қол-аяғын қозғап көрді, ой, алла, бөтен біреудің алмалы-салмалы мүшесін суырып әкеп, салып қойғандай шетінен зілмауыр. Шойырылған белі отырса тұрғызбайды, тұрса отырғызбайды. Ең тамашасы, бұл пәлекетке зәредей таң қалмады. Сілесі қатып шаршаудың не екенін құрылыстан жақсы білетін. Төсек үстінде омпиып отырып, үй ішін барлады. Алшағырдың жерге салынған көрпе-жастығы төрге жиналыпты. Ауыз үйде сыбыс дыбыс естілмейді, ешкім жоқ. Тыныштық... Күннің терезеден көлбей құлаған аппақ сәулесі қошқыл еденді ойып түскен. Шағырмақ сәуле өтінде ұп-ұсақ тозаң керенау қалықтайды. Зордың күшімен қозғалып, сылбыр киінді. Шалбарына аяғын сұға беріп еді, әлдеқайдан ызың келді. Қалт тоқтап, құлақ тосты. Алғашында сыртта аспанды сызып өткен самолет пе деді. Жоқ, дәу қара шыбын... Сәуленің көлбеу бағанасын кесіп өтіп еді, дәу қараң мезетінде күміс шыбынға айналды. Шыбын көңіл күйін бек көтерді. Шыбын тірілсе, онымен қоймай гүжілдеп ұшып жүрсе, отамалының өлгені, шуақты көктемнің күшіне кайта кіргені. Шыбын ұшса, жуық арада күн жылиды, көк қылтияды. Алшаңдаған аяғын анда бір, мында бір тастап, ауыз үйге шығып еді, кешегі бес-алты нашар қозы бастарын қолтыққа тығып қойып, қалғып жатыр. Уыз болсын, бөтелкеден емген сүт болсын, мелдектеп тойып алған шала мас жатыс.

...Аспан асты — алтын шатыр! Беу дүние буға оранып, толғатып жатыр. Көзін рахаттана жұмып, қимылсыз қыбыр етпей тұр.

Есік алды — көл жайсаң. Іргедегі үрінді кар піш етіп қойыпты, астынан жылап аққан тілдей су еңіске қарай еңку, еңку жер шалып, иреңдеп барады. Қора маңайы, қотан, үй төңірегі тоқтау-тоқтау лай су. Кеше ғана жартастар мыс маңдайларын озбыр отамалыға төсеп, қасқайып тұр еді, бүгін жылтырай түсіп, терши бусанады. Ел-сел таулар екіқабат әйелдің бетіндей қара ала, торы ала. Аппақ шағырмақ кар мен күн сәулесінің шарпысқан шаңы ма, алыс-алыс шың, шоқыларды пышақ жүзіндей жұқа кемпірқосақ әдіптепті. Буы бұрқыраған екі-үш сиыр мен бес-алты тайынша, торпақ төменде шашырай жайылып жүр. Арқа мен сауырына қонған сауысқан, қарғаға құлақ қақпайды. Есігі шалқасынан жатқан қотаннан бу ширатылып ұшады. Түнде қозылаған он шақты саулық тіптен паң: науадағы жем, шелектегі су мен шашылған шөпке пысқырып қарамай, төрт аяқтап тұр. Иттер көзін жоғалтыпты. Қызыл егізден басқа бұт артар көлік көрінбейді. Отар өрісте екен: қотан қақпасынан тараған көп шұқыршақ қалың із жазыққа қарай жол-жол шұбырындыға айналып, жалпағынан жатқан алақанатпен ұштасыпты.

Буын-буыны босап, мүлгіңкіреп қалған жігіттің шырқын екі қозыны екі қолтығына қысқан Дариға бұзды.

— Қайным, ұйқың қатты болды, қай қара көз түсіңе кірді?

Бет ұшына шұқыршақ жинап, ерін ұшымен жымиды.

— Кешегі отамалы ғой түсіме кірген.

Жауабы жатық болмады, шалт шықты. Ел де, жер де жіпсіп, ақ көз боран-шашыннан құтылдық па, жоқ па деп есінеп тұрғанда, отамалы деп сандалғаны несі? Нысанаға сырт-сырт тиетін жатып атар, астарлы қазақы әзілге шорқақ ол өстіп етегіне сүрінетін. Көтеріңкі көңіл күйге жайдақ қалжың да жараса ма, келіншек үнсіз күлді. Сағдар шөпке аяғын сүрте бастады.

Үндемес кісі көз де, ой да тартпайды. Жеңгей хақында басында белгілі бір пікір жоқ екен. Осы жолы жүзіне тіктеп қарады. Сүйкімділігі бір өзіне жетерліктей қызыл шырайлы, толықша әйел. Кеше кәдімгі сауыс өңір, сары қарын әйел сияқтанып еді. Адамның табиғатын дәл анықтайтын лакмус қағаз — күлкі. Дариға жеңгейге күлкі жарасады екен. Елтай өзін ортан қолдай жігіт сезінді.

Сол әдемі күйге еліккен ол сыпайылық салтымен жеңгесіне есік ашып бергісі келіп еді, елбеңнен күні қалған екен, Елтай жеткенше келіншек ішке кіріп те үлгерді. Ештен де кеш жақсы, отырса опақ, тұрса сопақ халін жасырып-жапқысы келіп:

— Шынымды айтсам, жеңгей, үш күн ішінде қой боп кете жаздадық емес пе?— деді.

— Көтек! — Елтай әдепсіз әлдене айтқандай келіншек жиырыла қалды, ернін қымқырып, тез-тез ішке кірді.

Бүлдіргенін білді. Мәнерлеп әзілдеймін деп бүлдірді. Мәнері анау болды. Балалар үйіндегі сан ұлттың «коктейль» әзіліне үйренген аузы әлі де икемге келмей жатыр. Буынсыз жерге бұрын өзі де пышақ ұрмайтын, үндемей құтылушы еді, осы жолы лепірген сезімнің жетегімен лак етіп, сыр беріп алды.

Тасыған көңілі кемеріне түсіп, қашаға беттеді.

Қора іші ала көлеңке. Үйшік ортасында Бибіш апа жүрелеп отыр. Сүт құйылған бөтелкені жығылып тұрған, жығылып тұрған жас қозының аузына салып әуре. Бұрыштағы саулық кегжиген басын оң-солға бұлғап қалады. Езуінен қан аралас сілекей шұбырады. Көзі айналып кетіпті.

— И-й, түрің құрысын! Өз төлінен өзі жерігені несі! Бүйтіп азап шеккенше жақсылықпен ала қойсайшы.

Күңкілдеген Бибіш апа жай басып кірген Елтайды салған беттен байқамады.

— Апа, мынаған не болған?— дегенде, басын көтерді. Саулық былай қалып, Елтайға көшті.

— Қалай ұйықтадың, қарағым? Жұмыс батып кетті ме, түні бойы ұйқысырап сөйлеп шықтың...

«Таң атқанша көз ілмепті...» Осы ойға ілесе Елтай мынадай байлам жасады — қыр адамдары қалалықтар секілді шаппа-шұп келіп, әңгіменің тоқ етеріне бірден ұмтылмайды. Топан су қаптаса да алдымен саулығыңды сұрайды. Сонсоң барып қалған шаруаға мысық табандап жақындайды. Ағылшындардың әлқиссаны ауа райынан бастайтыны сияқты сыпайы, жарасымды ишарат. Есебі, адам үшін ең басты байлық — денсаулық, екіншісі — ақ жаулық, одан қалғаны бір шайлық екенін мегзеп бағады. Өстіп тұрғанда адамның әпігі басылады, жайма-шуақ қалыпқа келіп, салиқалы, сабырлы әңгімені қоздата бастайды.

— Жайсыздау жатыппын, апа. Өз халдеріңіз қалай?

— Е, бізді қойшы. Мал аман болса, біз де түгелміз. Алшағыр өрістегі шаршаған шалға тепеңдеп кетті. Арсыл-гүрсіл, діні жақсы бала. Мен мына немеге кәрімді тігіп отырмын. Құдай атып, қозысынан жеріп тұр. Түнде ғана мекіреніп, жалап-жұқтап өліп қалып еді. Таңертең салсақ тепкіленіп алмайды. Дариға келінге: «Үсті-басы кепкенше, жас қозыларды бір-біріне қоспа» деп құдайдың зарын айтып ем. Көзіне ұйқы тығылып жүріп, тас ұмытыпты. Таң азанда қарасам, жас қозылар аралас-құралас айқасып жатыр. Заты жуас демесең қойда да мінез бар, жат иісті жолатпайды. Бөтен қозының кеппеген шаранасы мына бейшараға жұғыпты — Саулыққа әрі жек көре, әрі аяй қарады.— Сым темірін алып тасташы, Елтайжан. Сілесі қатып, өлетін болды, түге. Аз тынықсын.

Езулеп салған сым темірді кере тартып, желкесінен түйіп тастапты. Шиені бұрап шешіп, қан мен сілекей шұбырған сымды анадай жерге лақтырды. Аузы ақ көбік саулық басын темен сала есеңгіреп тұр. Бибіш апа әлгі ақ көбікті алақанымен жиып алды да, қозының құйрығы, шонданайы мен төбесіне сылап жақты.

— Мынау енді оттай ала ма?

— Өлмейді. Шоқ, шоқ, сол керек өзіңе. Адам болсын, мал болсын, баласынан жеріген енеге кешірім жоқ. Алшағыр мана бас салып байлап кеткен амалы ғой. Есінен әбден адастырып, сілекейін қозыға жақса, алып қалуы да. Енесі жеріген жетім қозының күні қараң. Уыз ембеген қозы енді қайтып оңалмайды. Ана саулықты, мына саулықты түртінектеп, ұрлап еміп, өзінің де, басқаның да берекесін бек алады. Мәйегінен жарымаған қозы күні ертең жайлауға беттегенде, шаң қауып, ұзақ жолға шыдамай өліп те жатады. Өлмеген күнде қой болып жарытпайды. Кейін қозысын өлі туады, тірі туғанын сүтке жарытпайды. Жеріген саулыққа кәрімізді төгетініміз де сол. Кәне, тұр кергімей!— Екі өкпесін соғып, жатып қалған саулықты бүйірден нұқып еді, анау жарты қап жансыз еттей былқ етті.

— Демеп жіберші, Елтайжан!

Жігіт алақандарын саулықтың жып-жылы бауырына сұқты да, көтеріп, төрт аяғынан дік қойды. Меңірейген мал дел-сал. Бауырына салынған қозы ерінімен емшегін ұйпалап бергенде де селт етпеді.

Орнынан аһылап-үһілеп тұрған апа:

— Үйге жүр, Елтайжан. Түннен қалған сорпаны жылытып, шай қойып берейін. Дариға келін көз шырымын алсын, тынықсын. Ағаң да бері беттеген шығар. Күні бойғы қойдың сүргініне шыдаса да, асқа шыдамаушы еді, өзегі талып, түтеп келе жатыр қазір. Мынаның беті бері қарағандай, алатын түрі бар,— деп, екі қолын арқасына айқастырып салып, есік жаққа жыбырлай жөнелді. Құйрығын шолтаңдатқан қозы енесінің бауырына тас кенеше жабысыпты. Саулық үстіне түсе қоймаса да мұнар көзін төлге қадапты.

Жігіт жымиды. «Беу дүние! Монна Литта да тырағайлап ойнаған бұйра бас сәбиге өстіп қараған шығар».

* * *

Дастарқан шетін қайырған Жапекең Елтайға иек қақты.

— Жүр, қарағым, сыртқа шығып, тоқ басайық. Ал, кемпір, Дариға келін екеуін. қазан-аяқ қамдаңдар. Күн жылыды. Сарыбұлақтың қайқаңы, мен білсем, сыз берді. Орталықтан бір хабар болар. Балаларға жұмыс өтіп кетті, қойды жайлағасын отырыс керек, күңкіл-шүңкіл әңгіме керек. Қапы қалма, кемпір, қапы қалма.

Кеше түнде Елтай мен Алшағыр қора сыртына түсірген шөптің бүйірі ойылып, үңірейіп қалыпты. Қартың жүре сөйлеп келеді.

— Шөп іргесіне құйрық басып, біраз шуақтайық.

Отамалыны бойға сіңіреміз деп шаршап қалдық, білем.

Шөмеледен имек тұмсық таяқпен шөп суырып еді, неше түрлі хош иіс танау жарды. Балалар үйінде қала іргесіндегі совхоздың шөбін шауып, көмек, қолғабыс жасайтын, сонда көк майсаны талай рет белуардан кешіп еді. Сол тамаша сәт шыт жаңаланып, қайта бала болғандай ма, сірә?

Екеуі астыға шөпті қалыңдап төсеп, арқаларын шөмелеге тірей жайғасты. Жігіттің көзі жұмулы, көңілі мас. Жапекең тымағын шешіп, тізесіне кигізіп, тақиясын төбесіне қарай ысырды, қалтасынан суырған аршаның сынығымен тісін шұқыды, табан астына шырт түкірді.

— Қарағым, Елтай! — дегенде, жігіт ұзарып кеткен аяғын бауырына жинады.

— Айта беріңіз, аға.

— Сүкең екеуіміз қандас емеспіз. Әйткенмен ниет, мақсат жағынан баяғыдан бері жандас ілік-шатыспыз, ішек-қарынымыз бағзы жылдары араласып кеткен, қойымыз қоралас, малымыз аралас. Шөре-шөре қарға тамыр қазаққа бізді қоспа. Кем түсесің. Шаруаға Сүкең бала жастан тастай. Ал мен о бастан ән айтып, ел аралап желігіп едім, соның шалығы ма, тірлік, тіршілікке салдыр-салақтаумын,— деп, самайындағы жоқ шашты саусағымен сылап, құлағының сыртына іліп қойды. Өзі айтқандай «желіктен» қалған сүйексіңді әдет...— Сол репетте кейде қоңқылдап ұрсып та алады, екі-үш жас үлкендігі бар, бірақ өйттім деп Сүкең өкінбейді, Сүкең сөйтті деп мен тонымды теріс киген емеспін. Ер адам кек, зіл сақтамайды. Жә, не дегім келді осы? Ә, иә, бізге де құдай қосқан күйеу баласың. Келгеніңді естіп, жүздесіп, тілдессем деп ынтығып ем. Абырой болғанда, Суықсайдан өзің табылдың. Кешелі-бүгінді аттың жалы, түйенің қомында, арпалыс, күш күресте мұрсат болмады. Есесіне қайратыңды, ынтаңды көрдім, көрдім де сендім. Алдымен алла, соңынан мен риза. Қаланың ақ саусағы ма деп ем, жаздым, жаңылдым. Алдыңгүні өрісте Сүкеңнен суыртпақтап сыр тартқанымда: «Қонақ... Елді, жерді көрмек...»— деп, бет қаратпай, келте қайырды. Аттың сыры иесіне мәлім, мен де қазбаламадым. Сүкең солай десе де түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз сәуірді алдыға салып, жер түбіндегі үлкен шәрден сейіл үшін келмегеніңді ішім сезген. Қарашаш қарғам күйеуге хабар-ошарсыз қашып кетті дегенде, Бибіш апаң әуелгіде: «О құтырған қыз, ұмытқан екен емшек сүтін! Түбі алдыма бір келер, шашын жұлып қолына беремін сонда!»— деп, жер тоқпақтаған. Сөйткен Бибішім бір айналмай жатып: «Бір қу шешек алды-артына қаратпай дедектетіп алып кеткен ғой. Қайтейін, ақ ниетті бала еді, кім де болса қосағымен қоса ағарсын, айналайын!»— деп, көз жасын сығып отыр. Жә, ол өткен әңгіме. Бүгінгі халдерің нешік, соған келейікші. Сүкең ұзын сөзге жоқ адам. Сарқыт шешеңнің жайын өзің көрдің. Біздің үйдегі апаңның қалай айтқанмен жолы жіңішке, киіп-жара алмайды. Екеуараңа қара мысық жүгіріп өткен — жүрек құрғыр солай дейді. Жасырмай да, асырмай да ағыңнан жарылшы. Еңбекке жақын жігіт тура, адал сөзге де жақын. Жетімдігің мен жалғыздығыңды есейгенде еселеп алмайын десең, ашыл, қарағым, ашыл!

Бұл уәж шалға оңай тимеді, зады, қалтасынан «Беломор» суырды, шырпысын қышырға үш мәрте тартып әрең жақты. Аузы-мұрнынан көк түтін шұбырып, қимылсыз отыр.

Шыны керек, шал жігіттің қол-аяғын жіпсіз байлады. Елтай екіұдай. Виктор Викторовичті есептемесе қарттармен, оның ішінде ауыл шалдарымен бұрын-соңды жүзбе-жүз жүгінісіп, тура тілді мәмлеге келіп көрмеген. Әрине, Виктор Викторовичтің жөні басқа. Елтайдан үлкен болғанмен ұғым, түсінік, өмір таным жағынан бір медальдің екі бетіндей жан жақын, қандас аға. Балалар үйінде өскен соң ба, Елтай орыс ағайындармен оңай түсінісіп, қиналмай тіл табатын. Жапекең атқан оқтай тура тартты. Ауыл шалдарының көршінің қабағы кіртисе, халін сұрамай, себебін білмей тоқтамайтынын түтін иіскемеген жігіт қайдан білсін.

Жетім бала керек кезінде «тәуекел» деп тас жұтады. Елтай оған да бар-тын. Баяғыда Қарашаштың кірпіш чемоданын арқалап, қыз пәтерінен түн жамылып шығып кеткенде тас жұтты. Алматыдан Керегетасқа көз жұмып келді. Әрі мына Жапекең досы Сүкеңе, Сарқыт апаға, қызындай болып кеткен Қарашашқа жаны ашып отыр, сол үлкен жанашырлықтан қиын сөзге барып отыр. Жетімнің жеңілер, жығылар жері де жанашырлық, адал көңілмен қол созған адамға риясыз сенеді, ол үшін отқа да, суға да түсуге әзір. Жайшылықта тұйық, сөзге сараң Елтай осы жолы күмілжімеді, қыбыжықтамады, еркін сөйледі.

Түк қалдырмады, іштегінің қырындысына дейін армансыз ақтарды... Жапекең қураймен жер сызып, үнсіз отыр.

— Е-е,— деді бір уақытта созып салып.— Е... Жетім жалғыз сен емес, тұтас ел теңселген күні кеше... Туыстан жасырғаның өзіңнен жасырғаның, мен айтайын, сен тыңда. Түптеп келсең, түтіп қарасаң, Сүкең мен Сарқыт та жетімдер... Бір-бірінен күн жарықта адасып қалған адамдар...

Маңдайы тасқа тиген Елтай қылғына әрең жұтынып, тамағын кенеді.

— Неге олай дейсіз?

— Көз ашқалы Сүкең екеуміздің ара жігіміз ажыраған жоқ. Оның мен білмейтін сегіз қыры, бір сыры бар ма. Басқан ізіне дейін кәрі көкіректе жазу-сызулы. Әке-шешесін жиырмасыншы жылдары оба ауруы қоса қабатынан жалмады. Көкем мен тәтем көз жасын көл етіп, бір күнде қос арысты арулап көмгені есімде. Әркімнің есігінен сығалап, көз сатып өсті. Осы Сарқыт енеңнің әке-шешесі түкірігі жерге түспейтін атақты бай, табаны тілік Сүлей бала әуелі солардың маңыраған қой-қозысын, соңынан Сүлей жігіт үйір-үйір жылқысын бақты.

— Сонда...

— Қарашаш шет жағалап айтпап па еді? Бекер, бекер... Жер түбіндегіні қақшып біліп, таңдайларың тақылдағанда алдарыңа жан салмайсыңдар... Ал қайдан өндіңдер, жеті атаң кім, оның жайын білмейсіңдер. Әй, жастар-ай! Осы білместік қой тамырды жегідей жеп, қуартып жатқан. Кезінде құлақтарыңа құя алмаған біз айыптымыз ба, өреге қол созамын деп, иек астындағы алтынды көрмеген сендер кінәлі ме, айыра алмадым. Қандарың бір болса да төскейде бастарың қосылмайды... Әлде қолды-аяққа тигізбей, әуеге көтеріп, ұшыртып ала жөнелген желаяқ заман ба кінәлі? Жә, мен не деп кеттім осы!

— Сүкең жылқы бағып...

— Иә... Сүкеңнің жұлдызы отызыншы жылдары жанды. Әуелі ауыл арасындағы комсомол атанды. Күндердің күні мылтығы шошайған милиса болып, аюдай ақырсын. Қайдан қара танып, сауат ашқаны есімде жоқ. Мен болсам дөңгелек дәулеті бар орта шаруаның баласымын, соны місе тұтып, гөләйт соғамын. Сарқыт шешең болса атақты Ахмет байдың үлде мен бүлдеге оранған тотысы, бәйбішенің бала тоқтамай келіп, қартайғанда көрген жалғызы. Сарқыт шіркін аққудайын сыланған қас сұлудың өзі еді. Жел жағынан жігіт жүргізбейтін паң қыз. Қаладағы туыстарының қолында тұрып, екі-үш жыл оқып келген, аяғына адам отырғызбайды. Мен секілді ауылдың алты ауыз ақақу-сәкәкулері алыстан көргенге мәз. Сөз айту, қырындау деген ойымызға кіріп шықпайды. Ішкері жақта оқу оқып, білім тауысып жатқан оқымысты жігіті бар, әке-шешесі атақты саудагер, Ахмет баймен сүйек құда деген алып қашты сөз дүңк-дүңк етеді. Хош, кәнфеске Сайхан-Сауыр өңіріне кештеу келді. Ұмытпасам, отызыншы жылы кәміссиә Ахмет байдың мал-жанын кінегеге түсіріп, ортаққа алды. Ауыл үсті қалың шаң... Өкірген, кісінеген, маңыраған, боздаған мың-мың төрт түлік мал. Бірі қайғыдан, екінші біреуі қуаныштан жылаған, шулаған ел. Байдың өзі Сүлейдің көсеу қара мылтығының астында, қаны қашып кетсе де, сыр бермей алшаң басады. Тапал сары Сүлейім сырт көзге оның жан алғышы емес, бас амандығын күзететін төлеңгіт нөкері сияқты. Бәрін айт та бірін айт, сегіз қанат ақ орданың шаңырағы ортасына түсті. Мыңғырған мал қалың кедейге таратыла келгенде, теңіз шайған Құмдай жоқ болды. Бес биенің сабасындай бәйбішесін, қайыңдай қатқан сылыңғыр қара тоқалын ерткен бай сықырлаған көтек арбаға құйрық басқанша, осы Сарқыт сазарып, үн қатпады. Құдды әкесі еді. Кәнфеске бастала, асылы мен жасылын тал бойына жапсырып, жаңа жауған қарда аунап ойнаған алтайы қызыл түлкідей құлпырып, тойға баратындай үй арасында сылаңдап жүріп алды. Сықылдап күліп, әзілдің түбін түсірді. «Жұт жылда қайлақының бұл қай қылығы?»— деп, ернін шығарғандар да, «Қайтсін, бейшара бала Ібір-Сібірге айдалар алдында туған жермен қоштасып, бой жасап жүр ғой»,— деп мүсіркегендер де болды. Кейін ойлап көрсем, топшысына оқ тиген аққу көл бетінен көтеріле құламай ма, Сарқыт та сонда ақырғы рет тұяқ серпіпті.

Жаңа не деп ем осы?

— Ахмет бай бәйбіше, тоқалын...

— Иә... не керек, бай мінген көтек арба сықыр-сықыр жылжи бергенде, Ахметті емес, маңдайына сыймаған аруын шығарып салып тұрған елдің көзінше он жеті жасар сұлу қыз көліктен сырғып түсе берді. Аузына қараған тамам елдің көмейіне бір сөзбен құм құйды: «Сүлейдің етегінен ұстадым». Мылтығы шошайып тепеңдеген Сүлейде үн жоқ, бір қызарып, бір бозарып, ат үстінде қалшиып қатты да қалды. Бәйбіше көз жасын көл етті, тоқалдың аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, қарғап-сілей бастады. Сол кезде Ахмет бай: «Тоқтатыңдар, түге!»— деп қатты ақырды. Екеуі жым болды. Бай ауыр қозғалып, елге бетін бұрды. Жай, нық сөйледі. «Қыз жат жұрттық. Қидым сендерге, қалың тобыр! Орталарыңа тастадым иір құйрық, ақ жыланымды! Әйда, тартыңдар Сібірге!» Сарқыт қыз әке-шешеге қайырылып қараған жоқ, қалың топқа сіңе берді. Өкімет назарына, ел көзіне іліккен жігітке шынымен құлады ма, әйелдің қулығы қырық есекке жүк, Сібірден қорыққан аяңкес қыз амал жоқтықтан Сүлейдің етегінен ұстады ма, өздері қашан уағда байласқан, ол жағын әлі күнге дейін білмейміз... Қаншама сырлас, мұңдаспыз дегенмен, Сүкең де жұмған аузын ашпады. Тек жылдан жыл өте келе әлгі оқымысты жігіттің кәнфеске тұсында: «Тап жауының қызын алмаймын»,— деп Сарқыттан жалт бергенін естідік. Адамның басын доп қып ойнаған ту-талақай заман-ай десеңші!

Кеңсірігін құрт жеп бара жатқандай, шылымды үсті-үстіне талмаған Жапекең сәл шалқая шөпке арқасын сүйей отырып қалды. «Жыр да, сыр да ел арасында... Қартыңның кеудесі алтын сандық екен-ау». Елтай жамбастап жатқан жерінен аунап түсті.

— Уақыт шіркін арғымақтың жібек жалындай қолға сусып тұрмайды. Сүкеңнің тасы өрге домалады. Аудандық милиса бастығы ол күнде. Ел есін жинап, еңсесін көтерді. Әлі есімде, мына таудың арғы бетіндегі Қараүңгірге радио орнатқаны. Ол кезде Қараүңгірің қалың жыныс ну орман, құйқалы жер, жанадан ұйымдасқан колхоздың өкірген орталығы. Сам жамырай, бағана басына шегеленген ақ шелек саңқылдап қоя берсін. Тамам ел аузын ашып, соның түбіне жиналды. Сол күні өрістен сиыр, тайынша-торпақтар ауылға қайтпады. Иелері іздесе, құлақты жара саңқылдаған радиодан үркіп, тау асып кетіпті. Ел жата Тошала сайда жусап жатқан жерінен әрең тауып алды. Ошайдың қара тайыншасы сол бетімен із-түзсіз жоғалып кетті. Шыжығы да, қызығы да қырғын еді ол жылдардың. Жаңа не деп ем осы мен?

— Сүкең аудандық милицияға бастық болды...

— Хош. Сарқыт болса екі қолын жылы суға малып қойып, әй, малғаны да шамалы, ішіп-жемнен кенде болмаса да, қашан барсаң үйлері есіктен төрге дейін шашылып, ыбырсып жататын. Ол кездегі бастықтар жиһаз жинап, бас ауыртпайды, ішіп-жемі мен киім-кешегі түзу болса, бітті, сартылдап жүре беретін. Жасынан байлық-шайлықтан алыс өскен Сүкең оған мүлдем жоқ еді. Ғұмыры қазанның қаспағын қырып көрмеген ақ саусақ келіншекке үй шаруасы дәрі ме. Дәрі болған күнде қолынан келе ме? Сырты бүтін, іші түтін болса өзі біледі, бірақ біз көрген Сүлей сол жылдары өз өміріне бек разы еді. Екі бала едел-жедел дүниеге келді. Сыртта аюдай ақыратын Сүкең, қанға сіңген сол мінезі әлі де бар, байқасаң, үйге келе кителін шешіп, жас баланың құйрығын жуып жатқанын талай көрдім. Көзінше деуге күш керек, былай шыққасын: «Бүйткен күнің құрысын!» — деп, жерге талай түкірдім. Менің гөләйтім біткен, үйде Бибіш шешең «әлди, әлди, абайым, атқа тоқым жабайын» деп тұңғышымызды тербетіп отыр. Колхоздың сүт фермасы менің қарамағымда. Құрақ ұшып, зыр жүгірген келіншегіме қарап отырып, қаладағы Сүкең мен Сарқытты ойлаймын: «Е-ей, ер жігітке жаялық жудырған ит махаббат-ай!»

Хош. Отыз жетінші жылдың аласапыранында Сүкең бір түнде ұсталды. Қандай көрсетінді болды, кім пәле жапты, білмеймін. «Байдың қызын алғаны үшін ұсталыпты»,— деп, бір естідік. «Жоқ, Сібірден қашқан Ахмет бай арғы бетте банды жиып, бергі бетті шапқан, адам өлтірген, сол үшін»,— деп, екі естідік. «Оны қоя тұр, Сүлей ана жылдары біреулерге жазықсыз жапа шеккізіп, көз жасына қалыпты, шоқ, шок, өзіне де сол керек, зауал, зауал!» — деп, үш естідік. Қойшы, тоқ етері, құлан құдыққа құлап еді, құлағында құрбақа ойнады.

Сүкең сол кеткеннен мол кетіп, соғыс біткен жылы кеудесі орден, медальға толып оралды.

Жақсы адам түрме мен соғысқа да керек екен. Сүлей екеуін де бастан кешіпті. Түрмеден штрафной батальонға, одан ерлік көрсетіп, жай әскерге, одан гвардияға дейін өрлепті ғой сабазың.

Өрлегені бар болсын, қатын, баланың орнын сипап қалды. Сарқыт Сүлей ұсталған жылы екі баланы екі жамағайынына шашып кеткен де, қайдан шыққаны белгісіз, көрші ауданнан сопаң еткен баяғы оқымыстының етегінен ұстаған. Содан не керек, қуаныш деп қайғыға жолыққан Сүкең есін жиып, әуелі балаларын іздеді. Үлкені өлген, кіші ұлы тірі... Өз баласын баға алмай отырған жаман-жәутік жамағайын айдалып кеткен біреудің шаласын қайтсін. Ер жігіттің басын тау-тасқа соққан бұл жүрек шіркінді қойсайшы! Содан Сүлейім бір қалада оқымыстымен тұрып жатқан, жоқ, айрылысып кеткен, ол арасы беймағлұм, Сарқытты іздеп табады ғой. Арғы жағын білмеймін, арада ай өткенде, Сүлей Сарқытты жарқылдатып ауылға алып келді. Пай-пай, дер кезіне келіп, толықсыған келіншек Сарқытты көрсең-ау! Екі баланың анасы дегенге... кім сенді сол кезде.

Сонымен ақталған, орден, медаль алған Сүлейді ауыл советке төраға ғып сайлап кеп жібердік. Бұрынғы үзеңгілес жора-жолдастары жебепті деді ұзынқұлақ. Менің білетінім — контузия алуы себепті Сүкең қара жұмысқа жарамады. Ферма бастықтан түскен Жапабай бұл кезде бір табын сиырдың құйрығын бұрайды.

Соғыс сызын кинодан көріп, кітаптан оқыдыңдар. Жер жыртып, егін саламыз. Бастырған астықты сосын күзде шып-шырғасын шығармай мемлекетке өткіземіз. Сауын сиырдың әр емшегіне жылына екі келіден сары май салық. Көк сүтіне де тәуба дейміз. Амалсыздан алты ай қыста бала-шаға талғажау етсін деп, қырық жеті ме, қырық сегізінші жылы ма, Көкөзектің бойын борпылдатып қазып, картоп көмгеміз. Май айының аяғына қарай басқарма жиылысы өтіп, ауылсәбет ағасы сайрасын. Қарағым, орысшаға жүйріксің ғой, осы әткел деген не?

— Әткел?.. «Откел» орыстың ескі сөзі, «егер былай болса» деген мағынада.

— Майдан үйретіп жіберген бе, Сүкең сол жылдары «әткелді» сөз арасына жиі қыстыратын. Сонымен «әткел Сүлей» деп кеттік өзін. Иә, содан Сүлей біресе алға, біресе артқа кетіп сөйлесін. «Пәленше борозда картоп салдық, әр бороздада түгенше түп бар. Күзде әр түптен, әткел, пәленше түйір картоптан жинасақ, түгенше қап ортаға түседі екен. Ал колхозда осыншама нан соғар бар, міне, тізімі, түні бойы есептедім. Соған қазып алған картопты бөле келгенде бір кісі аш қалады. Әткел, сенбесеңдер, міне, есеп-қисабы!»— деп, аузы-мұрны қисаймай қарап тұр. Есебіне үңілеміз, дұрыс. Қарайған халық аң-таң. «Қарап жүріп картоптан құр қалған кім ол?»— деді біреу. «Ол — Жанәбіл!» — деп, Сүкең тағы қасқайсын. «Қай Жанәбіл?» Саған өтірік, маған шын, «Колхозда неше Жанәбіл бар, менің ұлым Жанәбіл, — дейді шімірікпей.— Әткел, ел үстінен күн көрмеуі үшін Жанәбіл Сүлеев Семейдің ет комбинатына мал айдасын. Кім қарсы, кім қосшы, кәне!» Ел жағасын ұстады. Не керек, он бес жасар Жанәбіл көп ұзамай шынымен мал айдаушыларға қосылып, Семей кетті. Елде жоқ, жерде жоқ, тал шыбықтай солқылдаған көркем бала еді өзі де. Тіл тиді ме, көз тиді ме, сол кеткеннен қайтпады. Жас бала нені біледі, шіліңгір ыстықта аптығын баспай Ертіске қойып беріпті. Қол-аяғы қарысып қалып, шым батып жүре берген. Малшылар сүйегін де таба алмапты. Ал Сүлейдің есебі дәл шықты. Күздің жуан ортасында қазылған картоп қыс бойы колхозшыларға дәл жеткені. Дәл жеткені сондай, Жанәбіл Ертіс түбінде жатқан жерінен тұрып, тіріліп келсе, картобы бұйырмай, аштан өлгендей екен... Сол жылдың қысында әткел Сүлей Қаскабасов май, сүт, ет, астық жоспарын орындап, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен наградталды.

Елтай манадан бері шөп түбінде ішіне кесек мұз түсіп кеткендей қалтырап қана отыр.

Сұқ саусақтай «Беломордың» күйік басынан ұшқан көк түтін Жапекең бетін марғау шимайлайды.

— Заман шындығы сол еді, қарағым...— Өшін содан алардай тұқылды саптама табанына салып, ұзақ мыжғылап сөндірді. Ауада сейіліп біткенше шыжым түтінге қарап отырды да, әңгімені мүлдем тың әуенде жалғастырды.— Сүкең қайғы-қуанышқа әмбебап сексеуіл ғой. Қайғыдан қан құсып жатып қалмады. Қақақтап жұмысын істей берді. Бірақ «әткелін» таза қойып кетті. Шарт етіп тез ашуланатын болды. Ал Сарқыт... оның көші сол ауғаннан қайтып түзелмеді. Ас та төк бай өмірдің жаңа заманға жалғасқан сұлу сарқыты, сарқындысы еді. Он екі мүшесін сырқыратып жарық дүниеге әкелетін өздері ғой, бала өліміне шашын жайып қайғырса аналар қайғырсын, Сарқыт жалғыз да жалқының қазасынан соң бұл өмірге теріс қарады, бетін қайтып бермен бермеді. Ескі заманның сарқыты жаңа өмірдің бодауына жүре алмады. Әлде Ахмет байдың қарғысы тиді ме, кім білсін. Бұл дүниеге іші жылымай үн-түнсіз тістеніп кетіп бара жатыр.

— Өмір заңы ғой,— деді Елтай тым таусыла сөйлеген шалды қақпалап.

— Жаз гүліндей жайқалған керімсал әйел қайыңның безіндей қатып қалды. Сырт көзге жүреді, тұрады, ас ішеді, сөйлейді, үй шаруасын істейді. Бұрын салдыр-салақтау еді, енді жоқ ермек тауып, үй-ішін тырнап тазалап, шаңқандай ғып ұстайды. Әйтсе де салқын қабағынан: «Маған бәрібір, қалған көңіл қалған, келдің не, кеттің не?» деген сыз сыртқа тебеді де тұрады. Кіргеніңмен шыққанша асық боласың. Ондай сырты балшық, іші мұз үйге кім жоласын. Бұрын ауданнан өкіл, бастық келсе, ең әуелі Сүкең үйіне тұмсық бұрып, емексуші еді, олар да ат басын басқа аулаға бұра бастады. Осы бұрылудан бастап тағдыр да Сүкеңе теріс айналды ма, әлде контузиясы ма, әткел аттан түсіп, қой соңына ерді. Бала қазасынан соң онсыз да томаға-тұйық тарта бастаған Сүкең сен тимесең, мен тимен, бадырақ көздің кебін киді. «Әй, сен, әй, Жапабай!» — дейтіні мен ғана. Келіншегінен қалған көңіл осы тұста басқадан да қала бастады, білем. Ойлап отырсам, Сарқыт шешеңнің көңілі бұл дүниеде ешкімге аумаған тәрізді. Ана бір оқымысты қаратаяқты қалап еді десем, қырық бесінші жылы қаратаяқтың қасындағы жылы орнын суытып, Сүкеңе еріп жүре бере ме. Перзент десем, бауыр етінен жаралған екі баланы туыстарына тастап, оқымыстыға қашып кеткені несі? Кәнфеске кезінде ата-анасын зарлатқаны анау. Опат болған Жанәбілді өле-өлгенше азалай ма? Жақсы жаман болсын, не түрлі тар жол, тайғақ кешуден қол ұстасып өткен Сүлейі бар емес пе? Кей-кейде күпірлік те ойлаймын: бүйтіп өзін де, басқаны да әуреге салғанша, баяғыда Сібірге кетіп-ақ қалғаны жөн еді. Ол жақта да аю емес, адамдар өмір сүріп жатыр...— Төмен қарап ойланып отырды, отырды да, жер астынан жеткендей күңгірт үнмен: — Осы кісі жер беті емес, аспан үшін жаралған перінің қызы шығар,— деді.

— Қарашашты қартайып барып көрген екен...— деді екі қолын тізесінен асыра салбыратқан Елтай.

— Баспалап отырып, бар қояңды ақтаратын қу бала болдың сен.— Манадан бері жер сызғылаған қурайын лақтырып жіберді.— Айтсам ба, айтпасам ба деп отыр ем. Алланың өзі аузына салды. Келе-келе өзің де естір ең. Қойға шыққасын, Қарашашты сәби кезінде тумаларынан бауырына салған. Осы баладан басқа екеуара алданыш та қалмап еді.

Обалы не керек, Сүкең Қарашашты өз қызынан артық санамаса, кем көрмеді. Қазақ нәсілі, адам баласын сыртқа теппеген. Қарашашты жұмыртқадай шайқап, мәпелеп өсірді екеуі. Сарқыт та өз-өзіне келіп, есін жиғандай еді. Қаз басып, тәлтеңдеген Қарашашты қуыршақтай киіндіріп, үй-үйге жайраңдай кіріп жүрді. Оны көрген біз: «Құлдық, құлдық! Мына қаршадай қыз екеуінің бақытына туған екен»,— деп, үй басы атап қонаққа шақырып, көйлек кигіздік.

Хош, сөйткен Сүкеңдер жеті жасқа толған Қарашаштан айрылып қалды.

— Жамағайындары алып кетті ме?

Жапекең жаман көзімен ажырая қарады.

— Осы мені... ескі патефондай құлағымды қайта-қайта бұрап, ойнатып қойып, қылжақтап отырғаннан саумысың?

Елтай абдырады. Ауылдың алдияр ақсақалы түгіл, қарасақалымен әжің-күжің сөйлесіп көрмеген басы мықтап шатылды. Өзінше сұхбатты демеп, шалды көтермелеген түрі еді. Жапекең де тыныш отырмай: «Е, мен не деп едім осы?» — деп, тілін қышытып, әңгімеге итермелеп болмады. Сырын білмейтін аттың сыртынан жүрме деген. Ақыры, міне, кәрі айғырға арқасын алдырды. Бойын тіктеді де, мақта күпәйкесіне жабысқан кәріқызды тырнақ ұшымен қағып, бір-бірлеп секірте бастады.

— Өзіңіз ғой... айрылып қалды, бүйтті, сүйтті деп... Тумалары айнып қалған шығар деп...

Дыбыр-дыбыр етті де тынды. Қатты қынжылды. Керегетас табалдырығын аттағалы көсіліп бір сөйлемепті. Қойлы ауылдағы үш күні отамалының әуре-әлегімен өтіп барады, оның үстіне күйеу бала қойдан жуас, тілін тістеген тұйық мінезі және бар. Әйткенмен басты себеп басқа, басқа... Бір жүрексіздік бойын буып, тілін күрмейді, ауыл түтінін иіскемек түгіл, көрмеген басы Керегетас, Суықсайға сыналап кіре алмады — мәселе қайда! Арғы жағы сайрап тұрса да, бала жастан көкірегін қарыған «жетім сөзі — парықсыз» деген ұғым тобықтан қақты. Былтырдан бері әйтсе де жалғыздықтан сәл алыстаған сияқты. Қарашаштан басталған жан тарту — жаңа-жаңа басталған жақсылықтың басы. Виктор Викторович пен әкесінің майдандағы достығы, Сарқыт шешей, Сүкең, Жапекең, Қарашаштардың шие-шие тағдыр түйіндері... Қайткенмен де ойша болса да олардың жақсылығына сүйініп, жамандығына күйінгендей. Бес-алты жыл бұрын бұл хикаялар оң құлағына кіріп, сол құлағынан шығар еді. Мүмкін, төңірегіне жаны ашитын, жүрек ауыратын қылдай нәзік, соқпақты, соқтықпалы екінші өмірі басталды ма? Мүмкін, бұл әлмисақтан толқынға бір батып, бір шығып, енді ғана жағаға қол іліктіріп, ес жинаған ұлт халының Елтай өміріне жіңішкелеп түскен сызат сәулесі ме? Көп мәселені жіліктей алмаса да түйсіне бастағандай. Айшылық алыс жол үстіндегі халық алды-артын бағамдап, көшін жаңа түзеді ме? Бәрі де азапты да қасиетті жол сорабында... Жөргегінде жетім қалып, Жапекең айтпақшы, не қазақ емес, не сайтан емес, дүбара жағдайы мынау... Қиян екі шеттен келіп, бас қосқан Виктор Викторович пен Әлфия Юлаевна... Сүкең мен Сарқыт шешейдің шым-шытырық тағдыры анау. Көзін жылтыратып жаңа ашқан Қарашаш та біраз соқпақты шиырлады. Алға ауыр-ауыр лекіген сол толқынның бір тамшысы — өзі де былтыр, биыл оң-солын айыра бастады.

— Жеті жасында мектеп-интернатқа барған бала, ойбай-ау, шала емей немене. Бейнет, зейнетімізді көзбен көріп, қолмен ұстамаған бала қой бағып, құйрық жеген озар дегенге өлсе сене ме? Қой бағудың қаттысын, қойыртпақтың тәттісін біліп, сезіне ме? Қайдам... Бибіш шешең екеуіміз қолдың саласындай бес ұл өсірдік, қайсысы, кәне, қасымызда? Мынау совхоз орталығынан сонау Алматыға дейін шілдің қиындай шашылып, күнін көріп жүр. Қаршадай қарағым Қарашаш та аудандағы мектеп-интернатқа алынды. Жаз айларында ғана төбе көрсетеді, қалған уақытта санда бар да санатта жоқ. Бала әке-шешеден, әке-шеше баладан тірідей айрылады екен... Ұл баланың жеңі басқа, о бастан олар күнін түзде, түнін үйде өткізеді. Ал үйден ерте кеткен қыз бала не, ұясынан ерте талпынып, жерге құлаған қызыл шақа балапан не, бәрібір. Өз үйінде қалқайып жүрсе ғой, шешеден әдеп үйренеді, іс тігеді, жүк жинайды, ас әзірлейді. Көрші-қолаң туыс-тумалармен қалай қарым-қатынас жасау керек, соны көңілге тоқиды. Шешенің жүріс-тұрысы, сөз саптасы, мінезімен келіп, қыз баланың қанына шыжымдап сіңетін асыл қасиеттер қаншалық. Қарашаш қарағым, міне, осы өмір мектебінен сырт қалды.

— Бұл да рухани жетімдік...

Шаңырақ көтерген алғашқы айлары есіне түсті. Күнде-күнде кешке таман алдына дөңгеленіп келе қалатын колбаса мен балық көз жұмыртқа... Түйме қадаймын деп бармағына ине тығып алған, саусағының қанын сорып, жыларман болған Қарашаш...

Қазір күледі, ал кезінде келіншегінің ғаріп халіне күйіп кетіп, миына қан құйыла жаздайтын. Кімге күлкі, кімге түрпі...

— Айтқаның алтын, Елеке. Сүкең де, Сарқыт та, мен білсем, жетімдіктен көз ашпаған бейбақтар... Сарқыт шешең шылқыма өмірден бір, оқымыстыдан екі, екі ұлдан үш айрылып, қан қақсады. Ал Сүкеңе жар махаббаты бұйырмады. Сырты бүтін, іші түтін күйде тығыла өксіп, өмірден өтіп барады заңғарың.— Өз сөзінен езі қорқып кеткен Жапекең кілт тына қалды. «Не ойлап отыр?» дегендей Елтайға көз құйрығын салды. Буынсыз қызыл тіл еңіске салса төске озбай ма, қызды-қыздымен тым әрі сілтегенін кеш ұқты. Ұқты да жаңа өзі айтқан ауыр да ащы шындықтан қашып, басқа тәсілге көшті.— Жаңа қай жерге келіп ем осы?

— Қарашаш мектеп-интернатқа алынған...

Елтай да мына бір қиын әңгімеден аяғын тартып алғысы келіп, тыпыршып отыр еді. Мынау іздегенге сұраған болды. Бір жағы, аңдаусыз сөйлеп қалған Жапекеңе жаны да ашығандай.

Есін жиған шал ары қарай сілтеді.

— Сонда деймін де, Сүкең екеуіміз шай, қант, кәкір-шүкір шаруа деп ауданға жыл он екі ай бір барамыз. Барған сайын сүр ет, құрт, сүзбе, ірімшік арқалап, ентырнатқа ентелеп жетеміз. Біздің де балдар сонда. Мұғалімдері мен тәрбиешілері көңілі түскен күні: «Балаларыңыз оқып жүр»,— деп, қуантады. Бір көрмеге бәрі жақсы. Балдар балапандай шуылдап, сабақ оқып жатады. Үсті-бастары мұнтаздай. Көш құлаш ұзын үстелге жаппай отыра қалып, әзір асқа тыңқия тойып алады. Көрпе-жастықтары да тап-таза. Ұлдары доп қуып, биік темірге асылады, қыз балалары жіптен секіріп, мәз-мейрам. Мұны көрген біз ет жемесек те сорпа ішкендей болып, тәрбиешілерге алғыс жаудырамыз, тоқ көңілмен үйге қайтамыз. «Осы күтімді балдар кейін қарабайыр бізді өгейсіп кетсе қайтеміз?»— деген қыжыл да қанжығада.

Қай жылы, иә, Қарашаш алтыншы класқа көшкен, Сарқыт пен біздің үйдегі шешеңді сайтан түртті. «Қойың қырылып қалса да қалаға барамыз, балдардың бетінен сүйіп қайтамыз»,— деп бір күнде жиналып, артынып-тартынып шәр кетті. Екі-үш күн жата-жастанып оралды. Сарқыт қалай, оны Сүкең біледі, ал біздің бәйбішенің қабағы салыңқы, үндемейді, үһілеп күрсіне береді. Ондайда тыныш отыратын Жапабай ма: «Не қызық көрдің? Қаланың шал-шауқаны қалжыңға қалай екен? Айналдырған жоқ па?»— деймін түрткілеп. «Жақсы»,— дейді. «Еу, жақсың қалай? Ендеше, неге өкпең өшіп күрсінесің? Мынауың балдардың басынан аулақ. Нені көріп, нені сезіп қайттың, айтсаңшы, Қыз Жібекше кергімей»,— деймін тықақтап. Үн жоқ. Келесі күні ғана тамызып-тамызып: «Біздің балдарды қойшы, еркек кіндік қой, әйтеуір. Ертең ат жалын тартып мініп, өз жөндерін табады. Қарашаш қарғама қиын болды»,— деп қиналады кәдімгідей. «Еу, қуанып қайта ма десем, қара аспанды құлатқаның қалай?» «Болашағын ойлаймын да. Сарқыттың бірде киіз, бірде мүйіз халы мынау. Ентырнатың анау...» «Е, ентырнатқа не болыпты? Көйлек көк, тамақ тоқ, салулы төсек...» «Мен де сол көктік пен тоқтықтан қорқып отырмын, шал. Асты өкімет пісіреді, ыдыс-аяқты, көрпе-төсек, кір-қоңды өкімет жуады. Киімдерін де мәгәзиннен әкеліп береді. Көңірсітіп ас пісірген, саусағы майысып іс тіккен қыз баланы көре алмай арманда кеттім-ау. «Біз пионер баламыз, лаулап оттай жанамыз»,— деп шулағанда, ентырнат теңселеді. Тәрбиешілері отыр, тұр, ұйықта, оқы, ойна дегенге мәстір. Шешенің орны қыз бала үшін бөлек қой. Оқуын оқиды-ау, күні ертең бой жетіп тұрмыс құрғанда асты кім пісіреді, жамауды кім жасқайды? Күйеу бала ма? Ондай күйеу бала бар ма? Үпір-шүпір балаларын қайтіп барады?» — деп қиналады. Мен баяғысында: «Сендер не бітіресіңдер? Үйретіңдер, тәрбиелеңдер»,— деймін кері шалқып. «Ит арқасы қиянда қи қопарып, көң бұрқыратып жатқан біз қалай үйретеміз? Ойлай-ойлай миым жетпеді, шал. Не қыз емес, не әскер емес, сартылдаған шөпжелкелер ылғи».

Солай, солай, соқыр Қиқабайың осы. Мұны саған неге тәптіштеп отырмын, балам? Сүкеңнің сыры маған мәлім. Баяғы мілиса кезіндей екі сөздің біріне келмей ноқ деуі ықтимал. Бибіш апаң жер астындағыны білетін жампоз емес пе, түйткіл бар екенін баяғыда шет пұшпақтап айтқан. Ақ қар, көк мұздатып Керегетасқа келу себебіңді де сеземіз. Бибіш апаң таңертең: «Онсыз да көк жұлын баланы жұмысқа салпылдатып сала бермей сөйлес былай ашылып. Онсыз да қам көңіл болып, тығылып жүр. Сарқыт сөйлемейді, Сүкең сөйлемейді, жолым жіңішке деп мен сөйлемейін, енді кім сөйлеседі. Әншейінде ауыз жаппайсың, той дегенде өлең таппайсың. Алыстан ат шаршатып күйеу балаң келді, той деген сол»,— деп тықыртып жіберген. Жә, құйрық-жалсыз жетім өсіпсің, айнам. Жетім бала намысшыл. Намысты ер майыспайды, морт сынады. Жоқтыққа ердің ері шыдайды. Ез маңайын былғайды. Сен ерсің. Кіндік қаның қырға тамса да қалада өсіп, қалада ер жеттің. Қалада күн кешіп жүрсің. Ауылдың сөзі қалаға жүрмейді. Қарашаш қарғам кінәсіз демейміз. Ауылда өскен қыз баланың сыры жер астында, әп дегеннен ашылып, ағынан жарылмайды. Арадағы кикілжің, түсініспеу содан бас алады. Қызымыз қалай өсіп, қай ұядан ұшты, енді білесің. Қарашашты аққудың көгілдірі демейміз, бұ да өзінше жетім, өз халінен өзі бейсауат, біраз нәрседен құр алақан қалған қам көңіл бала — осыны ұқ, ұқ та жата-жастана қабырғаңмен кеңес. Бір бидайды жарып жейтін тату-тәтті тұрмыстың табалдырығы биік, тым биік-к — соны ұқ. Кеңсенің некесіне тіркелдің, ал өмірдің некесінен әлі өтпегенсіңдер — осыны түсін, Елтай қарағым.

— Кім кінәлі?— деді шеп тістеген жігіт.

— Аттан түсіп, темір көлікке, Сәрәлдің мәшинесіне мінген иіс қазақ кінәлі, қарағым. Сайдың тасындай небір Жігіттер мына тұрған орталық пен Суықсайдың арасында талай мәшинені төңкеріп, сүйегін шашып ала жаздады. Сәрәл келгесін көзіміз ашылды. Боран демей, шашын демей, діттеген күні жем, тұзды Сарыбұлақтан ұшып өте ме білмеймін, дірілдетіп әкеледі де тұрады. Ұға білген адамға осының езінде көп фәлсафа жатыр...

Сөз бар ма, әуелі басты лақса көрінген торыңнан теңселген жорға шықты.

— Ер жігіт бұл дүниеге қонақ емес, қара табан еңбеккер. Елтай қарағым, сен сый күйеусің. Қазақ сый адамына түсіп атын береді. Ал мен жүрегімнен қайнап шыққан ақылымды сыйлайын саған. Біле білсең, екеуің де түбірің бір, жағдайың шамалас балдарсыңдар. Сен әке-шешеңнің бет-жүзін көрмесең, Қарашаш жеті жасында тірідей айрылды. Онсыз да ақыл-есі кіресілі-шығасылы Сарқыт шешең көзінен кеткен қыз баланы көңілінен де өшірген. Ендеше, көгендегі қос жетім — бірің әке, екіншің шеше бола біліңдер. Алдымен өздеріңе, қалса болашақ балаларыңа. Бір-біріне әке-шеше бола алмаған ер мен әйел келешекте ез баласын тізгіндей алмайды. Сүкең кезінде келіншек Сарқыттың көңілі қай қиырда жатқанын білмеді дейсің бе. Отызыншы жылдары-ақ білген, сезген. Сезген де көнген. Көнбесе ескіге алаңдап, жаңаға жатырқай қараған Сарқыт қай далада қаңғып қалар еді, соны аңғарасың ба? Сол қыршаңқы сары шалдың, Сүкеңнің нені болсын, қасқайып тұрып қарсы алатын темір маңдай табандылығын саған жазсын, күйеу бала. Сүкеңнің бойындағы қасиет — халықты өрден-өрге сүйреп келе жатқан ата-бабаңның қасиеті.

Қызыл тілдің буына шыдамаған шал қолымен жер тірей тұрып, үстіне жабысқан шөп-шаламды қаққылады.

Мешел баладай мықшиған Елтай сол қалпы, қорғасындай ауыр сөздер, керек сөздер... Көп білгеннен емес, көп көргеннен ақыл сұра. Қарашаштың неге алдынан етпей, үн-түнсіз кетіп қалған себебін жаңа ұқты. Ол да тірі жетім, ал жетім қозы тас бауыр, сондықтан да Керегетасқа келмей, облыс орталығында қалып қойған. Қате, қате, қып-қызыл қате... Намысқа бола әлемдегі ең қадірлі, қатал да әділ әке-шеше — туған жерден неге безінді? Ең әуелі өзін емес, іште жатқан күнәсіз перзенттің жайын неге салмақтамады?

Мырс етті — кімді сынағандай? Ойлап қараса, өз қателігі де бастан асады. Әйткенмен ең басты бағыттан қателеспеген, жаңылмаған. Ол — Қарашашты іздеп, Керегетасқа келуі. Орнын сипап қалса да Сүкеңмен, Сарқыт шешей, Сәрәл, Алшағыр, Айша, Бибіш апа, Дариға, Жапекеңдермен бөлісті, қиындықты бірге көрді. Ер жігіт бастан еткізуге тиіс отамалымен арпалысып алысты. Алыс көкжиекке беттеген салқар керуенге жетім бота бүгін, бүгін болмаса ертең ілеседі — оған сенімді. Көзге түрткісіз түнектен басталған жолдың аяғында бір үміт шамы сығырайып жанып тұр. Кеудесінде жаны, бойында намысы бар болса, әлі-ақ сол сызат сәуле өмір бақи адастырмас жарық сәулеге айналар.

Оған шүбәсіз.

***

Қой қораға кіріп, ел аяғы басылған кез. Шыңырау құдық суындай тұнып тұрған кешкі саумал ауа кішкене хрусталь қоңыраудай естілер-естілмес сыңғырлайды: әлде арғы беттегі қойшы ауылдың қызы түнге қарай тау басына шығып, сыңси ән салып тұр: әйтпесе ерте заманда отамалыда ұшып өлген, сүйегі сайда шашылып жатқан мың сан қойшылардың аруағын азалаған табиғат-ананың ұзақ-ұзақ жоқтауы: мүмкін, ол да, бұ да емес, алыс-алыста тау бөктерлеп, отарға беттеген трактор, машиналардың гүрілі, әйтеуір, ауада не үзілмейтін, не күшеймейтін сыңсу бар.

Ауыл сыртындағы дөң желкесінде тұрған Елтай зықылға құныға құлақ салады. Мана мұздай тасқа құйрық басып еді, ызғары сегізкөзінен өтіп, миына жеткесін тұрып кеткен. Қырқылған жиек-жиегі аппақ ескі малақайының — Алшағырдың тастамасы — бір құлағы түсірулі, екінші құлағы түрулі. Ақ бас таулардың аңғал-саңғал күңгірт қойнауларынан салқын жел лекілдейді. Жігіт: «Сыңсып жылаған зыңыл қойнау-қойнауда түтін түтетіп, отар-отар қойға қоса ондап бала бағып жатқан қалық бұқараның көл-көсір бейнеті мен мехнаты болар»,— дейді ойша. Өзінің тұла бойы да сырқырай зыңылдап, ән салып тұр. Алдыңгүні қи ойды, алақаны мүйіз-мүйіз, кеше түн қатып, түсі қашып, Керегетастан Суықсайға шөп тасыды, түннің бір уағына дейін шарана қозылардың тұмсығын үрледі, өңірі, міне, сауыс-сауыс, брезент алжапқышының етегі тізесін соғып, түк ойланбас, еш толғанбас, тек екі қолға бір жұмыс дейтін сиқыр халге ұшырады. Ұзын сөздің қысқасы, еңбек етті, бейнет көрді. Мың естігенше бір көрген артық, мыңның атын білгенше бірдің түсін біл. Шобыр еңбекпен, шаруа торы еңбек адамдарымен бетпе-бет жүздесті — таныған деген сол. Астанада пәленше жыл оқыды, қызмет жасады, жазды, ауы мен бауын түгендеймін деп жүріп, жақсымен де, жаманмен де істес болды, бәрін де анық-қанық білетін тәрізді, бірақ, бірақ жеке, жеке, қызыл шекеге келгенде соларың кім, дос па, қас па, оны айыру тым ұзаққа, жылдарға созылыпты. Көпшілігі бүкіл тұрпаты, барды-жоқты мінезімен танылмапты, бірер қылап мінезімен қылт етіп көрініп, лезде жылп етіп жоққа айналған. Абыралының өзін бері аттанарда, дірілдеген пышақ жүзіндей аумалы-төкпелі сын сәтте әрең түстеп таныды. Керегетас, Суықсайды, керісінше, тез түстеді. Төтен келіп, матқапыда түре тиіскен қиындыққа қарсы бір жеңнен білек, бір жағадан бас шығарған адамдар шын қасиет-құны, мінезімен жарқырай көрінді. Басқаны тани жүріп, өзі кім, оны да айыра бастағандай. Қысқасы, үш күнде іштерінде бір-бір шам маздап жанғандай барлығы да шын қасиетімен жарқырай көрінді. Малды ауылға, еңбек ауылына тек жақсы қат та, ары тарт та, бері тарт жасық, жөпшеңкі қасиеттер жат екен. Адам пендесі сары сөлкебайлары саудыраған әлдекімнің қадірлі кеудесі емес. Кемшілік, шүкір, кімнен болсын табылады. Әйтсе де Керегетас пен Суықсай алдыңгүннен бері еңбекшіл, бейнетқор, ұйымшыл жағынан табылып, тақ тұрды.

Талай талапайды бастан кешкен ел, халық керуенін адастырмай, жолда қалдырмай заманнан заманға бастап келе жатқан нар қасиетің де — еңбек!

* * *

Дастарқан басы дырду қанбазар.

Алқақотан иірілген кәрі-жастың ортасын май бас, семіз сары жігіт ойып отыр. Совхоз жұмысшылар кооперациясының бастығы — Қали деген жігіт бұл. Қалғандары — Жапекең, Бибіш апа, Дариға, Алшағыр, Елтай. Айтпақшы, самаурыннан сылдырлатып шай құйған Дариғаның оң тізесін едірейген мысық мұрт, шақпақ тастай шағын да жүдеу жан басып отыр. Бұл Қалиға еріп келген көмекші шопан, Дариғаның күйеуі Әкпар болады. Қыстақ шетінен иттерді шулата қос шамын жарқыратып кірген «ГАЗ-69» - дан құнтиып түскелі аман-сәлемнен басқа сөзге араласпады. Сөзден ұтылса да ішіп-жеуге мықты екен, қолын буы бұрқыраған етке жиі созады. Жіліктің майлы басын кеміріп үйренген малшыға аурухананың борщы мен котлеті жүк болмай, ашығып қалған, сірә. Ол кісіні, бір жағынан, намыс қыстап отыр — жыл бойы сыр бермей келіп, дәл отамалының тұсында ауруды әдейі сұрап алғандай ұшып жығылды. Соның ұяты қазір бас көтертпей, еңсесін езгендей.

Қали, керісінше, сабаз, сабырлы. Ернін қымқырып, сыр бермейді. Сауданың есеп-қисабы, дау-дамайынан мойны босаған. Қазір ол рабкооп бастығы емес, қадірлі қонақ. Қойшыға ет, сүт емес, көйлек-көншек, тон, әбзел-сайман, кілем қат. Мұның бәрін жеткізетін Қали, Қалидың қол астындағы автодүкен сатушылары. Кісідегінің кілті аспанда. Қалидың қалтасында ондай кілттің оны жатыр. Көңілі түскендеріне ұстатады, түспегендерінің құлағына жай ғана сылдырлатып, қалтасына қайтадан салып қояды. Дефицит тұрғанда, шүкір, Қали қашан да мәйекті. Ел арасы ол үшін алтын бесік, жұмыс істеуге емес, сейілге шығады. Ол бүгін рабкооп қана емес, мал төлдету науқанына байланысты үш күн бұрын асығыс құрылған комиссияның мүшесі, мүйізі қарағайдай уәкіл. Мына Жапекең Суықсайымен қоса ашса алақанында, жұмса жұдырығында. Рабкоопқа Жапекеңнің сабақты жібі керегі жоқ. Оған тек құрмет керек. Сыйлау керек. Басқаның бәрі өзінде бар. Әйтсе де Қалидың Жапекеңе жасаған жақсылығы ат көпір. Ауруханадан Әкпарды ала келді — бір, сақыман деп әзір отырған төрт бірдей тоғызыншы, оныншы класс оқушыларын қосып алды — екі, құрама жем, дәрі-дәрмек, тағы басқа керек-жарақ тиеген Сәрәлдің ертең Суықсайға жететінін жеткізіп отыр — үш. Соған орай Жапекең, даңғазалау Алшағыр, анау ала көз ақ сұр жігіт, қонақ деді ме өзін, ие, ішімдегіні тап жатып атар жігіт «алыңыз, ішіңіз»,— деп лепілдеп, асты-үстіне түсіп қалғандай. Әйткенмен аспау керек. Ақылды патшалар халқына өктем екенін әсте сездірмейді. Оның ішінде өле-өлгенше билік құрып, қызық дәурен сүретін патшалар сөйтеді. Ондай патшалықтан — түптің түбінде аудан саудасына бас-көз болудан Қалекең қатардағы сатушы кезінен-ақ дәмелі. Кооператив техникумын сырттай оқып бітірді. Үш-төрт жылдың жүзі, міне, совхоз саудасына ие. Институттың сырттай бөлімінде оқиды. Енді аудандық тұтынушылар қоғамы председателі орынбасарының креслосына сырттай сыпайы көз салып жүр. Сатушы шағындағы бармақ басты, көз қысты әдеттердің біразынан тазарып, ел ағасына лайық қасиеттерге бой ұрған. Биыл кітапты көп оқыды. Нәтижесінде «Кітапта ғана солай, өмір бұдан басқа» деген қызық қорытындыға келді. Сол пікірден өзі үлкен ләззат алды. Алайда кітаптың да кітабы бар екен. Абай деген ақынның айтып кеткен ақыл, кеңестерін мойындауға тура келді. Өзі бай, болыс болыпты. Алғашында «Сөз терген адам қалай бай болып жүр?» — деп, таң қалды. Сөйтсе кемеңгер кісі екен. «Ақырын жүріп, анық бас», «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп басталатын тақпақтары қандай! Таза сауда саласына, сатушыларға бағыштап жазылған. Әлденелерден сақтандырғандай. Әлгі тұстарды тұшынып оқып, күнделікті өмірде тұтына бастады. Бүгін: «Алыс отарлардың жағдайын біліп қайт»,— деген совхоз директоры астындағы машинасын бұған көлденең тартқан. Білген адамға бұл жақсы ырым. Былғары орындықта былқылдап келе жатып, жол бойы мықтап ойланды. Бұрын Абай ақынның «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген насихатын тік көтеріп, құп алатын. Кабинада ол ойы нілдей бұзылды. Сауырынан су төгілмес машина айнытты. Әлгі кетікке жай саман кірпіш емес, күйдірілген қызыл кірпіш болып қалансам деп ойлады. Ол үшін жеңіл автомобиль керек. Машина жоқ емес, бар. Жекеменшік машина, «Жигули». Қалиға көшеде жеке машиналар ығысып жол беретін кеңсе машинасы керек. Ол үшін осы бастан бір елі ауызға екі елі қақпақ қойып, жұртқа жағатын тәуір мінезді, отырыстарда жарқырап көзге түсетін асыл қасиеттерді бойға қасықтап жинай берген жөн. Жұмысты шекілдеуікше шағып тастай беру керек. Сол себепті де ол бүгін бөтен, бұралқы пікірге аяқ баспады, тілін тартып, майда сөйледі. Ac үстінде сақыманшы балаларға Жапекеңнің мақтауын асырды; аға шопанның сенімін қалай ақтау қажет, сол уағызға бел шешіп кірісе бергенде, жол соғып тастаған оқушылар көздері кірбиіп, қалғып-шұлғи бастаған. Жапекең: «Ұйықтаңдар, ертең, жұмыс бар»,— деп, төртеуін Әкпардың үйіне жіберді. Қалидың тілегі оңғарылып, алғашқы сөз өзіне берілді. Дастарқанға құйрығымен жылжи төнген рабкооп толқып, шалқып сөйледі.

— Арыстандай айбатты Жапеке, сүттен таза Бибіш апа! — Қарт пен қария әуелі аңырып қалды. Естерін жинағасын «Шын ба, ей?» дегендей бір-біріне қарады,— Дариға жеңгей, Әкпар! — Мүшел жас үлкен Әкпардың астына көпшік қою үшін есіміне «еке», «ака» буынын қосайын деп еді, Әкпар «Әке» болады екен, бұл күнде басқаны әке, көкелеуден кеткен Қали оған қыңбады, белінен басып, тіке салды.— Қос бауыр! — Ақ сұр жігіт үндемеді, Алшағыр: «Мынауың қайтеді?» дегендей ала көзімен қарады — Қали оған даң құрдас еді, бұрын «Алшеке» дейтін.— Аузынан көк мұз түкіріп, ақ қар боратқан түсі суық отамалы аяғын Сауыр-Сайқаннан жинап алған сияқты, келмеске кеткен тәрізді.— О баста географияны Суықсаймен шектегісі келіп еді, орынбасарлық кресло есіне түсіп кетіп, аудандық масштабқа, бүкіл аудан малы қыстатылып жатқан үлкен-үлкен таулар мен ұғымдарға көшкенін өзі де аңғармады. Есесіне ұшқалақтау лапылдақ сөз жұртқа жақпады, соны аңғарды. Дереу түзу жолға түсті.— Бас аман, мал түгел, көңіл орнықты екен. Адал енбек, маңдай тердің арқасында совхоз малын ұлыған боранға, торыған қасқырға бермепсіздер. Еңбектеріңіз жана берсін! Егіз бен сегіз қозылар көбейсін!

Жапекеңе кезек келді.

— Өмір жастарың ұзақ болсын! Алшағыр мен Елтайға мың да бір рақмет! Жақсы хабар әкелген, Қали, саған да ризамын!

Жұрт көпе-көрінеу өзгере бастады. Дұрысында, күнкөріс үшін пайдаланатын пәрәнжі мінезді сыпырып тастап, өз табиғаттарына мысық табандап жақындап бара жатыр. Елтайдың пайымынша, еңбек адамдары бір беткей. Жұмысқа кіріссе, тас-талқанын шығарады. Көңіл кірін ашуға келгенде де барынша шынайы, мейлінше ақ жарқын.

Шырықты алдымен Алшағыр бұзды. Ірі-ірі сөйледі. Бірден ғарышқа самғап, Галактиканы күн тәртібіне қойды. Ұшы-қиырсыз Галактиканың алыс бұрыштарында тіршілік бар... Сол тіршілік иелері жерді зерттеп қайтуға ұшпалы тарелкаларын жібереді. Бағзы замандарда олар жерге қонған, қонған да Перу жеріне аумағы ат шаптырым белгі салған, Балбектің бүгінгі крандар көтере алмайтын ауыр тастарын қалаған.

— Адам неге атамзаманнан ауадан басқа түгі жоқ аспанға көз тігеді? Мен өзім, мәселенки, жарты сағат сайын аспанға қарамасам, ішкен асым бойыма батпайды. Ылғи да бірдеңе сорғалап келе жатқандай. Қыбыр-жыбыр тірлігіме әлдекім төбемнен төніп, қарап тұрғандай, әйтпесе ауаны біреу насоспен сорып әкететіндей тұншығып кете жаздаймын,— деп бір қойды.

Жапекең жағасын ұстады.

— Алла, алла, не дейді?!

Қали оқыс әңгімеден аяғын тартып ала қойды. Ол сауда, алыс-берістен басқа тірлікті еріккеннің ермегі деп санайтын. Сол ережелерді тұтына бастағалы ағат кеткен жоқ. Алшағырдың мына қызыл өңеші жанағы оң қағиданың қасында құр шатпақ. Ендеше, пайдасы жоқ бұл ермектен Қали аулақ.

Шешейді бүйірден түртеді Жапекең. Маңдайынан шып-шып шыққан тер моншақтарын кимешегінің шалғайымен сүрткен әжей:

— О, не?— дейді, Жапекең:

— Білезігіңді айырбастайсың ба? Мына бәкіге...— деп, қутың-қутың етеді.

— Ө неме керек?

— Қазан түбін қырсаң да...

Шешей білезігін сыпырып, шалының алдына тастайды.

— Мейлі. Жанымды қоймассың.

Шал айырбастың тым тез біткеніне жабығып, жүнжіп отырады. Ақыры шыдамады, төс қалтасынан шынжыр баулы жалпақ сағат суырып, кемпіріне тықпалай бастады.

— Кіл күміс... Алдыңғы жылы базардан жүз сомға түскен... Сырғаңа айырбаста, нарқы бір ме бір...

Қылқылдаған шалын шешей бұл жолы менсінбеді, қызара бөрткен күйі:

— Салпылдатып сырға тағамысың, әлде нақсүйеріне сыйлаймысың мұны?— деп күңк етті.

Қызыл иегі опырайған Жапекең:

— Қайдан білесің... Еңбектеп жүргемін жоқ, кемпірі өлген Серікбай да жап-жас келіншек алыпты,— деп жымыңдайды.

Бұл шешейдің жапырағы жайқалған келіншек те, Жапекеңнің сәмбі талдай солқылдаған жігіт шағында басталған әзіл болу керек, ащы-тұщы ғұмыр кешіп, ұлын ұясына, қызын қиясына қондырған ата мен апа арасындағы тату-тәтті ынтымақтың бір белгісі: Жапекең қонақтарға кішігірім әзіл концерт қойып отыр: қалай десе де мына сақал сауда шалға жарасып тұрса, Бибіш әже де балалыққа балап, ренжіген жоқ.

— Әй шал-ай, кемиек кемпіріңнен артық тапсаң рұқсат бердім, жолын әне! — деп қарап отыр.

Ал үш жігіт қызыл өңеш. Галактиканы Қали іштей жақтырмаса да, Елтайдың бүйірі қызды.

— Аспанның өзі Галактиканың жерге мәңгілік үңілген түпсіз алып көздері ғой,— деп, қыбын тауып, төтеден қосылды. Ол Айшаның кешегі әңгімесінен кейін Алшағырды жақсы көріп қалып еді, ал іш тартқан адамың кіл биіктен көрінгені дұрыс, сол репетте мына әңгімені жосынсыз бастаған Алшағырға қол ұшын беріп, көмекке келген түрі.

Алшекең ол ниетті ұға қойды. Тек сәл өзгешелеу ұқты. Елтай өзін бар ділмен құптап отыр деп ойлады. Көрсетілген сенімді ақтау үшін:

— Ұшпалы тәлеңкелер күндердің күнінде Сауыр-Сайқанның бір терең сайына қонуға тиісті,— деген түпкі қазығы былқ-сылқ еткен дүдәмал ойын ортаға тастай салды.

Ұшқан шыбынның ызыңы естілмейді. Қали шекесін қыса қойды. Қамшы сабына қызыл сым орап, әшекейлеген Әкпар екі иінінен ауыр дем алып ыс-ыс етеді. Көмекші шопан, реті, ойға алған ісіне бар ынты-шынтымен берілетін бір мойын жан сияқты.

— Әй, не деп отырсың? — деді есін жиған Қали рабкооп.— Тәлеңке қонады несі? Қалай қонады?

Манадан бері қисынсыз хикаяның аяғы қайда апарып соғады, соны білмей дал. Өзі шоттың адамы болғасын әңгіме түпкі есепсіз айтылады дегенге сенбейтін. Дау-жанжалға бір иығын ылғи да тығып жүретін Алшағыр бір кеселді әдейі бастап, сауда жақты меңзегісі келе ме? Ол алыс-берісті астыртын жасайтындықтан, сол алыс-беріс туралы әңгімелерге араласпайтын. Сауда туралы сөз қозғалса, егініне шегіртке түскендей кіржіңдеп қалатын. Ұшпалы тарелканы да іштей жақтырмайды. Қонса басқа ауданға қонсын, ал Сауыр-Сайқанға жоламасын. Себебі ол өз қызметі мен өміріне риза. Ал ұшпалы құрғыр Сауыр-Сайқанға қонса бірдеңені бүлдіретін, бірдеңелерді өзгертетін секілді. Мәселен... өзі орнынан түсіп қалса? Ойбай, өйткенше ұшпалы тәрелкесі құрысын! Миы ашып отырды, отырды да, ақыры өз-өзін жұбату үшін: «Түремшіктер аузына келгенді оттай береді, олардан не пәтуа»,— деген.

Дау-дамай десе өрши түсетін Алшағыр, өкінішке қарай, қайда, кіммен қалай отыр, айырудан қалып еді.

— Қонад, неге қонбайд. Космонавттар Жезқазғанның мидай даласына да қонад, ал қайтесің. Дамып кеткен басқа планетадағылар шетінен гуманист, сондықтан үрей туғызбайық деп ең алдымен ел шеті — бізге қонуға тиіс, онда да беталбаты қона салмайды, космонавтиканың аэропорты — Қазақстанды таңдайды.

Бұл ереуіл сөзден кейін рабкооп тілден мүлдем қалды. Бүгін Алшағырдың маңы түгіл шаңына ілесе алмайтынын түсініп еді. Оның әзірдегі «Түремшіктер аузына келгенді оттай береді» деген ойы дұрыс-тын. Алшағырдың суық үйдегі әріптестері бір сарынды өмірден жалыға ма, кілең ұшпалы тарелка, шайнектей бас сүйекті кеседей көлемге кішірейтетін Амазонка үнділері туралы не ғажайыптың асты-үстін жездей қақтайтын. Тек өздерінің қызығы шамалы мүшкіл халіне аттап баспайтын, ал қалған пікір таластың бәріне де әзір бейбақтар еді. Құлағы түрік Алшағыр аталмыш хикаяларды қағып алып, жадына жазып алған. Суық үйден түпкілікті құтылғасын барлап байқаса... бостандықтағы адамдар, бір қызығы, әлгі ғажайыптардан түк хабары жоқ, күнделікті нан табуға ғана мықты бәкүн-шүкіндер екен. Жүдеп қалды. Әлгілер бейшара көріне бастады. Ал өзін жетпіс жеті кереметті көріп келген Сандыбатырдай сезінді. Керегетасқа келгелі суық үйден алып келген ілім мен білімін ортаға сала алмай, діңкесі құрыды — келіншегі ауыздан қағады, әйтпесе тізесінен мытиды. Бүгін Айша алыста. Темірді қызған кезде соғу керек. Балғаны солқылдатып соға бер, соға бер. Әрі бұл кіжіністің астарында Елтайға бағыштаған: «Біз де ел, жер көргеміз. Алматы барғанбыз, кейде ой өріс жағынан сізден де асып түсеміз»,— деген сес жатыр.

— Сенбейсіңдер ме, а? — Алшекең қып-қызыл көзін кең ашып, ежірейіп еді, тіке қарауға жүзі шыдамаған жұрт бастарын төмен сала қойды. Жез сыммен өрілген қамшы сабын шыр айналдырып, өз өнеріне өзі тәнті болған Әкпар ғана бейғам.— Өткен аптада, кешке таман қойды қаптата өргізіп келе жатсам, шұбалаңдай созылып батысқа құдиған әлденені көрдім. Қышқырып тұрып айқай салайын деп ем, қапы қалдым, кірпік қаққанша тау иығынан ары асып кетті. Бұл не, а?

— Ұшпалы тарелка ма?— Қали рабкооп есін жиды.

Алшағыр міз бақпады.

— Басында ұқсауы ұқсаған. Тау иығына ілінгенде аттылы адамға айналды.

— Қисынсыздау екен...—деп күмілжіді Қали. Одан ары өрбімеді. Алшағырдың «түремшік» екені кезінде есіне түсті. Әрі балаға лайық бұл шатты-бұтты оның тақиясына тар. Кім жуықта өрлейді, кім орнынан алынады, міне, әңгіменің көкесі. Елтайдың дымы ішінде — қонақ қойдан жуас, түбі шикі дауға араласпағаны жон, абырой әпермейді. Қойшы ауылдың істі апырып-жапырып жіберетінін көрсе де, дастарқан басы, кең отырысқа қалай екенін білмейді. Ұзынқұлақтан естігені рас болса, қырғи қабақты бітістіретін де, небір әмпей-жәмпей достарды араздастыратын да әрі қасиетті, әрі кесірлі дастарқаның осы. Жапекең, Қали, Алшағыр, Әкпар бір-бірін жақсы білсе, Елтай үшін олардың ара-қатынасы жұмбақ, жұмбақ, жұтылдым. Ондайда құйысқанға қыстырылсаң, от басасың.

Қойны-қонышы, қалтасы, қолындағы ұсақ-түйекті түгел айырбастап болған Жапекең көзін жұмып, қос бүйіріне кезек теңселіп, созыңқы әуенді ыңылдап кеткен. Әлден уақытта теңселген күйі:

— Е, жүрегі түкті, білегі күшті қайран арыстан атамыз! — деп, өкпесі түсе күрсінді.

Ұшпалы тарелканың Сауыр-Сайқанға қонғаны дұрыс па, жоқ па, соған милары жетпей әңкі-тәңкі болған Алшағыр мен Қали дүр сілкінді.

— Ол қай атаңыз?

— Батыр дейсіз бе?

Шалының бетіне төменнен жоғары күдіктене қараған Бибіш апа:

— Ішпей-жемей мас болғаннан сау ма?— деп, қыжыртты.

Жапекең жауап бермеді. Дырду парықсыз ортаны талақ тастаған шал басқа әлемде еді. Сүт пісірімнен соң төкпектете жөнелді.

— Ey-y!

Сонда Бурыл гуледі,

Табаны жерге тимеді.

Садақтың бауы сартылдап,

Масатыдай шалбардың,

Сала құлаш балағы,

Алтынды зәрмен көмкерген,

Жел соққандай жалпылдап,

Белеңнен асты былқылдап.

Е-еу!

Тозаңы шықты бұрқылдап,

Аттың жолы қазылды,

Ұмтылғанда қысылып,

Бес жүз құлаш жазылды.

Бурыл көкке секірді.

Омырауда тері көпірді.

Шаба-шаба жатылды.

Табаны тиіп ұшқан тас,

Қызыл бас мылтық оғындай,

Аспан, көкке атылды.

Алшағыр:

— Уай, қасқаң! — деп екіленіп еді, Жапекең аспан, көкке атылған Тайбурылдың тұяғынан ұшқан тас көзіне тиіп кеткендей тыржың етті. Екі көзін қыбырлатып:

— Құры! — деп жекіді.

Алшағыр жым болды. Әрі қиссаға елтемін деп аңғармапты: «Уай, қасқаң!» — деп өз бабасы Алшағыр ханды емес, оның ата жауы қара қыпшақ Қобыландының тұлпары Тайбурылды марапаттапты. Тілін тістеуінің бір себебі сол. Әйткенмен Алшағыр қисық жол жазбаса да, кеудесі жыр мен әуез ақын еді. Ата-баба намысы мен поэзияға сүйіспендік — екі алып күш жігіт санасында жеңісе алмай, бір-бірін шаптан тіреп, тұрып алмасы бар ма. Ал екіұдай сезім кісіні жол ортада қалдырады, тоқ етері Алшағыр айдалада алақтап қалып қойды.

Оқиғаның ізінен адасып қалған Қали мең-зең. «Қобыланды батыр» атты сала құлаш ұзақ жырды мектепте оқыды ма, оқымады ма? Ә, есіне түсті, оқыпты, далақтап анда шауып, мында шауып, тұтқынға түсіп, әкесі мен туған бауырына найза салған қанішер қыздың көмегімен құтылған әне бір жындысүрей екен. Ендеше, қадірменді Жапекең сүйегі баяғыда қурап қалған сол алкеудеге бола немене жанығып отыр, түсінсе бұйырмасын.

Әкпар болса, қамшы сабын қызықтап бітіп, бүлдіргіге қол салыпты. Елтай енді байқады: қырық жасқа еркін жетпесе де беті быж-тыж әжім, жақ сүйегі опырылып кеткен. Көзі өткір екен. Дүниеге қартайып туатын, бірақ сол өңі жетпіске жеткенше өзгермей өлетін кісілер болушы еді, Әкпар сол екен. Өздері ешкімге тиіспейді, ал тиіскеннің қылтасын қимай қоймайтын қиямпұрыс болып келеді. Әзірге Әкпар аға бейбіт, тыныш отыр.

Бибіш апа мен Дариға жеңгей ауыз үйдегі қазан-аяқ төңірегінде күбір-күбір.

Жүрісінен жаңылған Жапекең ыңылдай мүлгиді. Ойша жырдың дәмін алып, кәмпитше сорып отыр. Ыңылы үдей келіп, мезетінде мәреден ытқи жөнелген тұлпардайын сырғыды.

Е-еу!

Бұлаңдаған Бурылдың

Маңдайында шашақ бар.

Марал ішсе таусылмас.

Құлан ішсе таусылмас.

Арандай аузын ашады,

Аяғын топ-топ басады.

Бір төбенің тозаңын,

Бір төбеге қосады.

Е-еу!

Кешке таман Тайбурыл,

Жын қаққанға ұқсады,

Құнан менен құлжаның,

Ұзатпай алдын тосады.

Көл жағалай отырған,

Көкқұтан мен қарабай,

Көтеріліп ұшқанша,

Белінен асып басады.

Дуадақ пен жек қалды,

Әлде өтірік, әлде шын,

Ақсұңқар мен лашын,

Өлген құсты жеп қалды...

Шумақ шумаққа ұласты. Тайбурыл аспанға ұшып, тебінгісіне тер мен қан қатқан Қобыланды батыр елін жаудан қорғады. Әуелі ұлардай шулап жылаған қалың бұқара, аяғында жаудан азат болып, ұланғайыр той жасап, қуаныштан есі шыққан ел...

Елтай мен Алшағыр шынтақтап жатқан күйі ойға шомды. Жалғыз Қали сергек еді. Жыр оған әсер етпеді Еңіске салса төске озған жындылардан көңілі әбден қалып, қалай да мына жерден у-шусыз, аман-есен құтылуды ойластырып отыр. Жастарды жас делік, ал сақалы белі не түскен Жапабай шалға не жорық? Басы таз...— деп еді, таздың жаманы жата қалып ат үркітеді деп еді, сол рас болмағай. Қайдағы бір жыр-мыр деп, екі жігіттің қолтығына су бүркіп отырғанын қарашы! Ана қаздай ауыр ырғала төрді егеп, тереңдетіп алды да:

— Жапеке, жырыңыз жақсы... Иә... «Қобыландыны оқығамыз. Күшті әсер етеді. Қобыланды сонда қай заманның батыры? Баяғы алқакөл сұламада Бөгенбай деді ме, Абылай деді ме, бір мықтылар бар ед, солардың баласы ма, немене? — деді нығыздап.

Жапекеңнен жеку естіп, кімге тиісерін білмей, қағынған Алшағыр:

— Обиып отырған жеріңде сеспей қатырайын ба осы, Қобыландыны білмесең, қай жерің қазақ, ей? Автолавкінің әйнегін жуып мал тапқан, қу, келші, кәне, әуселеңді көріп алайын! — деп, шақ-шұқ етті.

Қали сасқан жоқ. Шопан шал қонағын Алшағырға сабатпайды — ол айдан анық. Ауытқа кеткенін түсінді, түсінді де, сол кемсінді тез арада түзеудің жоспарын сыза бастаған. Қол астындағы сатушыларды бүріп-бүріп алғанмен, рабкооп штатында жоқ адамдардан қорқатын. Ертең, арыз жазып, жейді, ішеді деп көрсетіп жіберсе қайтеді? Ендеше, Алшағырдай ақкөздердің шамына тимей, ығына жығыла салған жөн. Сатушыларға да беталбаты тимейді, ісі сотқа кеткендерді ғана аямайтын. Ел ішінде: «Қали ма, Қали өсетін жігіт, заңға ешқашан қайшы келмейтін ләппай жігіт»,— деген сүйкімі бар. Сол сүйкімнің арқасында ес біліп, етек жапқалы көп қиналмаған. Осы жолы сүрінді. Сауда болса өлменінде жаңылмас еді. Әр аурудың бір емі бар, ондай «әттегене-ай» - ды жуып-шайып жіберетін әдіс баршылық. Іштей сол әдісін сайлай бастады.

Жапекең шамырқанды.

— Шаңыраққа қара, Алшағыр! Тілімді қышытпа деген соң қышытпа! Қобыландыны білмейді десең қазақтың тең жарымын қырып таста! Арғы бабаң батыр болса, түпкі анаң керей қызы, ал естіп ал! Мына отырған Қалидың арғы апасы. Арғы атаң Арқадан жоңғарды қан жалатып қуып, Сауыр-Сайқанға келгенде керейдің аппақ аруының шашына шырматылып қалып қойған. Ал шауып ал өз нағашыңды, мықты екеніңді көрейін! О несі-ей!

Шатынаған Алшағыр үнсіз.

Байырқалап үлгірген Қали қартқа қатты разы. Алшағырдың зіркіліне пысқырмады, дебетке шығара салды, жындының өзі кім, сөзі кім? Дереу әлгі қиыннан құтқаратын әдіс-амалына басты. Құлағын жапқан шашын көтере-көтере желкеге қарай сылап жіберіп, қасын жыпырайта керіп-керіп тастап, ән салды.

Жаз келсе жарқырайды көлдің беті,

Көгеріп толқындайды, япурай, алыс шеті.

Дірілдеп толқын басқан мөлдір бетін,

Шайқайды жас баладай, япурай, желдің лебі...

Толқын-толқын ән жай жылжи лекіп келіп жағаны ұрды да, лықсып кейін қайтты. Рабкообың сызық түспеген тенор екен. Тенор екенмін деп, жерге түспей әуеде шырылдап тұрып алмады. Әсіресе «Япур-а-айға» келгенде, сыршыл қоңыр барқын баритон кетті боздап... Қали құлақтың құрышын қандырды, жо-жоқ, құрыш-мұрышы несі, тұп-тура жүректің басын дір еткізді. Қалидың атақты «әдісі» осы еді. Талай той-жиында ұрыс, талас қыза бергенде, өстіп төтеннен ән салатын. Ән дегенде кімнің делебесі қозбайды, елтіп қалған ел: «Па шіркін!», «Әніңе болайын!» «Тағы біреуін!» — деп қолпаштап, әспенсітуші еді. Қызылшеке жайына қалып, әңгіме ән мен жыр мәселесіне ауысатын. Бәлсінбей-сәлсінбей тағы екеу-үшеуін салатын. Сонымен болды. Ары қарай өлдім десең, аузын ашпайды. Өйткені дау-дамай да бұл кезде сарқылып бітеді. Әнге де сауда керек. Қатардағы сатушы болса бірсәрі, жә деген председатель, әнді де мөлшермен салғаны дұрыс.

Жоқ, бұл жолы әні елді толқытпады. Жұрт тым-тырыс...

«Қобыланды батыр» тұсында Қалидан көңіл қатты қалыпты. Ән мен жыр ежелден ара жігі ажырамас ағайын. Біреуін өкпелетіп, екіншісін жарылқай алмайсың. Қысқасы, төрт еркек — үнсіз-тілсіз төрт төбе...

Ауыз үйдегі Бибіш апаның:

— Көңілдің кірін бір аштың, қарағым! — деген бейғам үні ғана көңілге демеу.

Тұрып қалған ағын судың алдын ашу керек. Елтай осыны ұқты. Қали, Алшағыр, Жапекең дауға бастарын шатып алды. Үшеуі де бүлдіргенін сезіп, жабыл, қазаным, жабыл деп қыпылдап отыр. Елтай жөткірініп, ортаға таман құйрығымен жылжи беріп еді, Алшағыр:

— Әкел домбыраны! — деп дік етті.

Алды қатты, арты жұмсақ, зіл, кек сақтамайтын Алшағыр жаңағы айыбын жуып-шайғысы келіп, қауырт қимылға көшкен.

Жапекең жүк үстіндегі домбыраға қол созып, жігіт алдына көлденең тастады.

Алшағыр:

— Рабкооптан біз кембіз бе? Ауылдың алты ауызы аман болсын! — деп, көзін қитұрқылана қысты. Домбыраның құлағына күйкентайша шүйіліп, тыңқылдата бұрап, күйіне келтіріп отырды да, шалт сабалай жөнелді.

— Дариға-ай, сылаң қағып бұраңдайсың...

«Дариға» дегенде басын жұлып алған Әкпар әншіге елегізіп қарады.

Дүние өтер десем тіл алмайсың,

Дариға-ай!

Алтайы құмнан қашқан түлкідейін,

Қалқатай, қолға түспей бұлаңдайсың...

Қамшының сабын құшырлана мытыған Әкпардың қолының тамырлары адырайып шыға берді. Көмекші шопан келіншегін керемет жақсы көруші еді. Өзінше жақсы көретін — артық ақақу-сәкәкусіз үнсіз сүйіспеншілік еді. Бұл үнсіз махаббаттың ішкі қызуын басқадай аралас-құралас біле бермейтін. «Тұрып жатыр, әйтеуір, Әкпар қой аузынан шөп алмайтын момын, ана Дариға ғой, сол үйдің түтінін түтетіп, отын жағып отырған», - дей салатын. Әйтсе де Дариға жеңгей бір қарағанда көрнексіз тапал қара қосағына іштей шаң жуытпайды. Орталықта, мектеп-интернатта жатып оқитын бес балл демалыс деп, іркес-тіркес саулап келе қалса: «Әкелерің шаршап жүр, бетін қайтармай тілін алып жүріңдер»,— дейтін әлсін-әлі пысықтап. Әкпар да оны бағалай біледі, бағалағаны сол ғой, шаруасына ұсынақты, қақ-соғы жоқ. Анау-мынауға көтерілмейді, екі-үш жылда бір рет ереуілдейді, онда мәселе қиынға айналады — шорт мінез! Ауруханада шыңырау құдық түбіне түсіп кеткендей тыпыршып, шыққанша асық болды. «Жапекең қолғанатсыз қалды, мал төлдей бастады»,— деп, дәрігерлерге ерте бастан қыңқылдап, ада-күде сауығып кетпесе де басын азаттап алды. Содан, міне, Дариғаның оң тізесін басты.

Бітті, өз-өзінен көбеңсіп, оған ет пен шай қосылғасын құрыс-тырысы таза жазылып, балбырап отырған.

Осынау әйбат кезде «Дариғалап» сарнаған ән құлағына түрпідей тиді. Өзге болса қыңқ етпес еді. Әнді Алшағыр салды, мәселе қайда! Қаланың шпанасы болған... тор көз түрмеден шыққан Алшағыр! Сол шпана құдай қосқан қосағына құйқылжи төніп, енесінен айрылған ботадайын: «Дариға! Дариға!» — деп, өндіршегін үзердей боздайды кеп, боздайды. Табан аудармай екі күн қатарынан Суықсайда жатып алыпты тағы. Бұл не сонда?

Әкпардың басы әбден қатты. Қатқан сайын ар жағынан қызғаныш шоғы жылт-жылт тұтанып, қоздана түседі.

Алшағырдың ойында түк жоқ, әр қайырма сайын жеңгесіне күлміңдей түсіп: «Дариға-а-алағанда» домбыраны бауырына қыса бебеулетіп барады. Сәл сарқыраңқыраған, сөйтсе де адал көңілден айтылған ән келіншектің де жанына майдай жағып еді. Алшағырды қоштағандай қызара күлімсіреп, төмен қарап отыр.

Ән қалықтай берді.

Нұрысың сен дүниені ашып тұрған,

Күйігің сенің мені зарықтырған,

Дариға-ай!

Қалқам-ау, сезбедің, ғой сенің үшін,

Кеудемде жалын барын жанып тұрған.

Дариға-ай!

Өзгенің де «әншілік» талантын тани білетін Қали:

— Уай шіркін! Айтқышын! — деп қалғанда, Дариға қаны бетіне теуіп, сылқ-сылқ күлді. Әкпар әйеліне жалт қарады. Тіркістене түсіп, қоңыр көзі қошқылт тартты. Жуас шопанды санатқа қоспаған жұрт бұл шат-шәлекей өзгерісті аңғармады.

Алшағыр атқа қамшыны басқан үстіне басып, өжектей түсті.

Дариға-ау, қайда жанарым,

Сені іздеп қайдан табамын?

Жанымда жақын жүрмесең,

От болып лаулап жанармын.

Кенет Әкпар жақтан:

— Ой, әкеңнің тақ аузын! — деген жан азабына толы ақырған үн жетті. Ел есін жиғанша, қамшы үйірген көмекші шопан орнынан қопарылып тұра берді. Көзі айналып кеткен, тісін қашыр-құшыр қайрайды, — Дариға, Дариға! Сұңқылдап, зарлап... менің айалымда қай әкеңнің құны бар?! Басынған екенсің! Мен орталықта ауырып жатқанда... Сенен келген пәлені көріп алайын, шпана неме! Түті-еп тастаймын-н!

Асжаулықты аттап-бұттай ұмтылды. Жан дәрмен атып тұрған Елтай Әкпардың кеудесіне асыла кетті. Домбыраны қылыштай көлденең ұстаған Алшағыр Әкпардың бетіне бедірейе қарап тапжылмай отыр.

Бірі қолдан, екіншісі аяқтан тартқан жұрт Әкпарды әупіріммен киізге етпетінен жығып салып, басып отырды. Көтеріліп алса Әкпарың қиын екен, астыда тыпырлап жатып:

— Сүйекке таңба салып! Қоя беріңдер, қолында өлейін! Не шаруасы бар? Өз қатынына ие болсын! — деп, шабылып жатыр.

Алшағыр жай-жапсарды жаңа түсінді ме, шалқайып тұрып, қарқылдап күлді. Кесірлі домбыраны ортаға ойнатып тастай салды, орнынан тұрды, сыртқа беттеді. Есік сыртында тұрып, қағып кеткендей екінші қайтара рақаттанып күлді.

Дариға жеңгей күйіп кетті ме, тізерлеген қалпы күйеуінің көзіне көзін қадап, ақырын ғана:

— Жаның барыңда жап аузыңды! — деп еді, керегі осы ма, Әкпар су сепкендей басылды, ысылдап-пысылдап жатып, бір уақытта мырс-мырс жылады.

Еркек атаулы дүркіреп тысқа шықты. Май тоңғысыз түн. Аспандағы жарық жұлдыздар теңге, теңге, күміс теңге... Қара күңгірт тау аңғарлары ұйқысырай ыңыранады. Сүйек-саяққа таласқан иттер гүрілдейді, қора жақтан анда-санда қой өлімсірей маңырап, ат пысқырады. Күресін маңайынан, үй ығынан, сай қабағынан біреу мұз үстімен еппен басып, жайымен жақындап келе жатқандай — күндіз еріп, кешке таман қатқан қар қабыршақтары кенет жылыған түн ортасында сытыр-сытыр сынып жатыр. Қортық таулар тоңази дірілдейді. Үшеуі де үндемеді. Іштегі мәнсіз оқиғаға әрқайсысы өзі кінәлідей, сөзден қашады. Сығырайған темір торлы шам көтерген Жапекең жағдайды нақ түсінді де, жайма-шуақ, жаймалап, тігісін жатқыза сөйледі.

— Күн бетін түзуге салыпты, жарықтық. Көк шұнақ болмаса енді қауіп жоқ. Ертең Сәрәл бала мәшинесін дөдеттетіп келе қалса, бізді құдай алмайды.— Иіріліп тұрған үшеуге бұрылды.— Ал Керегетастан келген қос азамат, екеуіңе алланың рахымы жаусын! Бек ризамын. Шаршаған шалды мықтап демеп, азаматтық жасадыңдар. Ертең таңертең отандарыңа қайтыңдар. Сүкең де намысқа салып, сіңіріне ілініп жүр, мен білсем. Дұғай-дұғай сәлем айтыңдар. Жапабай өле-өлгенше ескі досының бұл жақсылығын ұмытпайды. Шүкір, сақыманшым да, қотиын болса да көмекшім түгелденді. Бәрін де көлігіне тиеп, теңдеп алып келген, Қали балам, саған да рақмет! Ал, Елтай қарағым, қанша жатасың?

— Жуық арада қайтамын.

— Хабар жібереміз. Төстік жегізбей, қоржынның екі басына қос қойды мүшелеп салып бермей Алматы қайтармаймын.— Қали: «Мына шал не деп тұр? Алматысы не? Әй, ақ сұр бұйығы жігіт, жерден шыққан, екі құлағы тік шыққан қай пәлесің?» — орайда Елтайға сыр тарта қарады.— Осыны Сүкеңе қадап айт. Бүгін түні қой күзетемін. Еш алаңдамай ұйқы қандырыңдар. Таңертең оянғандарыңда ұйқтап қалып, қоштаса алмасам, айыпқа санамаңдар.

Қора тұстан қой дүркіреп үрікті.

— Арқар ғой. Көктем туа әңгі болып құтырып жүр. Түз тағысы емес пе, саулықтарды сүзіп тастайды. Қоя берейін десем, қолға үйренген немені көк шолақ екі асап, бір қылғи салады.

Шамы шайқалақтаған сайын, көлеңкесі ұзарып-қысқарған Жапекең қашаны маңдайға алды.

Түнгі таза ауаны сімірген Елтай бейжай. Екі күн ішінде тәні де, ойы да қажыған ба, басынан өткен оқиғалардың басын қосып, бір түйінге келе алмады. Қали, Алшағыр оңаша күбір-күбір... Іштегі түс шайысты таза ұмытып, ауыз жаласып тұр. Бұлардың текетіресі Әкпар әпенденің қасында жіп есе алмай қалды ма, әлде мектепте қатар оқып, жастық базарға бірге түскен жігіттердің ашуы да, ашудан қайтуы да тез бе, екеуі емен жарқын, қаңғыр-күңгір сөз қағысады.

Қали:

— Әй, Алшеке, сен ғой, баяғыда құралайды көзден атқан мерген ең. Керегетас пен Суықсайдан арқар қашса, иісіңді кеш жерден сезген ғой,— деп тық-тық құрғақ күлді.

Ұрыс-қырқыс қажытқан Алшағыр бәсең, мамыражай.

— Мылтықты ауылға тастап кеткенмін.

— Төлеу мен Үкәннің тойында аңға ертіп барамын мылтық үйретемін деп бөскенің қайда? Жігіт екеніңді білейін, сол уағдаңды ұста, сөзден тайма, Алшеке.

Қали кеңкілдеп күліп тұрып-ақ буынсыз жерден пышақ ұрып еді. Алшағыр от басқандай ыршып түсті.

— Әй, байқап-байқап, басты шайқап сөйле. Алшағырдың серттен тайғанын қашан көріп ең?

— Жоға да... Бойдақ кезіңде серт жолында өлуші ең, қазір қолақпандай қатының бар, аяғыңа тұсау түсті ме деп...

Алшағыр тура тартты.

— Ертең қол бос. Тау аралайық. Өткір көз бен қалтырамайтын қол менікі, құрық бойламайтын қулық сенікі. Мылтық сенен, жолбасшылық менен. Торғай түсірсек те қанжығаны қандаймыз, ә, Қалиым? — деп, қарқ-қарқ күлді.

— Жүр онда, былай шығып сөйлесейік. Тоқ басайық, ішкен-жегенімізді тарқатайық.

Қараң-құраң екеу үй айнала берді. Ары қараған Алшағыр:

— Елтай, жүрмеймісің? — деді. «Қалсаң өкпем жоқ» деген райды Елтай қайдан сезбесін. Аңшылық құрмақ түгіл, қолына мылтық ұстап көрмеген басы анау екеуінің қасында шет тілде сөйлеген жат жандай сезіледі ғой. Аң құмар кісілер кәсіптерінің қыр-сырын сырт құлақтан қызғыштай қориды, оны да ептеп білетін.

— Мен жата берейін, ұйқы қысып тұр.

— Ау, құрдас, ертең, әйтеуір, ауыл итінің құйрығы қайқы деп жүрмесеңіз болды.

Қали қолтығына қол жүгіртіп, қытықтап қойды. Алматылық дегесін-ақ томаға-тұйық жігіттен аяғын тарта бастаған. Мынасы қашыртқы. Әйтпесе көптің бірі, көпшіктің кіріне ұқсамайтын қаратаяққа жолағысы жоқ.

Қали аудан сауда бастығының орынбасарын нысанаға алғалы, айдынды адамдардан алыстап, өзінің мысы басатын жігіттерді қанатының астына тарта бастағам Алғырлар ішіңдегіні рентгендей көріп қояды, күндердің күні қоянды актара салса қайтесің, ал әлсіздер әманда зиянсыз. Әлсіздердің ақылы емес, қызметі керек. Мәселен, Алшағыр ұр тоқпаққа жарап қалады. Ал Елтайдан сақтану керек. Әйтсе де қандай жігіт, не істейді, әжетке жарай ма, жоқ па — білген дұрыс. Алшағырдан оңашада осыны да суыртпақтап білмек. Қандай көзір, кіреш тұз ба, жаман-жәутік алтылық па, біліп алған жөн, арғы жағын көре жатар.

— Бара беріңіздер...

* * *

Түн тыныш өтті.

Елең-алаңда буыны сыртылдаған біреу төсектен тұрды, аяғының ұшынан басып ауыз үйге етті, шелек қырына кесе тық тиді, суық су кепкен өңештен қылқылдап өтіп жатты. Демін ауыр алып күрсінді. Елтай көрпе астынан сығалап қараса... Алшағыр. Іргеге аунап түсті. Сілесі қатқан Қали ұйқының жағын айырып жатыр.

...Жер дүние ат көпір шағырмақ сәуле. Түпсіз аспан көк бояу. Жан-жәндік, өсімдік атаулы күнге ұмтылған. Сай табаны жасыл бу — шөп қылтанақтапты. Кең жазық у-шу: отамалыдан ада-күде құтылып, маңдайынан күн өткен қой қырғын мас. Қол созсаң көш жердегі таудың сәулеге шомған айғыз-айғыз жүлгелері мен қырғыз қалпақ, шоқыларына, істік қарағайларына саусақ ұшы тиердей. Жүндес келген беткей-беткейдегі бүрген, тошала, көкбояу, қызылқат, долананың арасынан қарға қарқылдайды, сауысқан шықылықтайды. Капоты еңісті иіскелеген «Газ-69» жайымен дыбыссыз жылжып барады. Қорадағы қой ерген — қашаның есігі шалқасынан ашық жатыр. Айыр шөпті қос қолдап көтерген сақыманшы іштегі екіншісіне: «Айғаным, әй, Айғаным, кел бері, көмек бер!» — деп, құлақтың дәп түбінен айқайлайды.

Дариға қотаннан үйге беттеп келеді екен.

— Әкпар ағамыз қалай, басылды ма? — деп жарқын-жарқын сөйлеген Елтайға күле қарап, бас изеді.

— Е, ағаңды таң атпай сирағынан суырып алып, қойға қудым. Ояна кетсем, әлдекім арлы-берлі кезіп, бөлме ішінде жүгіріп жүр. Күбір-күбір сөйлейді. Қарасам, біздің жігіт... Басын қос қолдай қысып ұстап алып, біреуді жерден алып, жерге салып ұрсады-ай дейсің. «Сенен адам шықпайды, Әкпар, көр де тұр!» — деп, қояды. Гәлисинәсия ма еді, сол жын-сайтан мұны қамаған екен деп зәрем ұшты. «Әй, оның не?» — деп, басымды көтеріп ем: «Ұят-ай, ұят-ай! Кеше санымды неге үзіп шымшып алмадың, а? Масқара!» — деп, дүрсе қоя бермесі бар ма. Қағып жібердім: «Саныңды шымшымақ түгіл, мұрныңды қыршып алсам да дым білетін түрің жоқ». Содан жігітім: «Дариғаш, бүгін мені қойға жіберсінші, ана Жапекеңе айтшы»,— деп жата қалып жалынсын. «Е, неге?»— деймін әдейі. «Ұят. Қара жүзімді бүгін жан адамға көрсетпейін!» Қайнатқан шайымды терлеп-тепшіп ішкесін есін жинады. «Бүйтіп бүлінбеуші ем, ауруханадан уыс-уыс дәрі ішкізіп ед, сол құрғыры өтіп кетіп, бір жеріме кесел келген жоқ па, бәйбіше?» — деп қарап отыр.

— Айтпаңыз, ағамыз семьясын сұмдық сағыныпты.

— Өй, өйтіп сағынғаны құрысын. Өзімен қоса менің абыройымды айрандай төгіп... Ғұмыры ауруханаға түсіп көрмеген. Доғдырлар төсекке атып ұрып, әне жер, мына жерін тебен инемен піскілей жөнелгенде: «Өлген деген осы екен»,— депті. Кеше Қали почтаны қоса әкелген. Газит-журналмен бірге алақаныма АВИА хатты қыстыра салған. Сыртына қарасам, канаты сынған қарғаның кар бетімен шоқақтап қашқан ізі секілді қиқы-жиқы әріп тер... Айны қатесіз жігітімнің жазуы. «Мына тұрған орталықтан АВИА - латып хат жазатындай албасты басты ма?» — деп, оңашада оқып ем, құрысын... осыдан өліп кетсем, балаларды жетімсіретпей әке тауып бер дей ме, былтыр қатыны басқа біреумен қашып кеткен ана бір шопыр арақ ішпейді, шаруаға мықты, соған қалайсың дей ме... Әуелі күлдім, одан кейін дәдесін көзіне көрсеттім-ау өзінің де. Бала ғой, тұрған бойы шикі бала. Бәлниседен өлмей аман-есен шыққанына қуанып отырып, мөлшерден асырып алыпты,— деген Дариға жеңгей тәтті жымиды. «Жігітінің» жаңағы қылықтарына күйініп тұрған жоқ, қайта сүйсінгендей райда.

— Аға еш қысылмасын. Шын көңілімен ашуланады екен. Шоқ, шоқ, Алшағырға да сол керек! — деді Елтай күліп.

— Сенсе айтамын ғой...

Көңілді әуенді мұрнының астынан ыңылдап үйге кірсе, ысқырынып-пысқырынған Алшағыр су шашыратып жуынып жатыр. Қали тып-тың, сүртініп тұр. Бұғағы бүлкілдеп:

— Бас қалай? Сеспей қатып ұйықтадыңыз, отамалы сізді де сансыратып кеткен-ау, шамасы. Алматыны сағындыңыз ба? — деп жан жылытатын лебіз білдірді.

— Рақмет... Өзіңіз жайлы жатып, жақсы тұрдыңыз ба?— Елтай ақ қаңылтыр қол жуғыштың кіндігін түртті. Алшағыр түнде үй сыртында мұнын кім екенін, не істейтінін айтқан екен.

— Ә, біздің қауашақ ондай-мұндайды елемейді, піскен бас. Қаланы қайдам, ауылды жерде бұ да бір біткен жұмыс.— Жылымшы жымиған рабкооп өзімсініп сыр ашқансып қойды.

Беті домбығып іскен Алшағырдың кенеуі кетіпті; көлкілдеген көз алды қалта-қалта, қабағынан қар жауады, түстеп танымағандай Елтайға сүзіле қарады да, босағаны қапсыра ұстап сілкінді, есікті маңдайымен бір періп сыртқа кетті, көп ұзамай қақырынып-түкірініп жатты.

...Кеше түнде үш жігіт керемет ұқсас еді; ауыздары жалпылдай бастырмалата сөйлеп, көздері жанып, тірі отырған. Бүгін керісінше: табиғи шын мінездерімен табысып, жеке-жеке томпиып отыр. Аузына маржан салған Елтай шайдан есесін жібермеді, түбі тез көрінген кесені Бибіш апаға дәміл-дәміл ұсынады. Алшағыр дөңгеленіп келген кесе шайды: «Осы да ас па, тәйірі?» ретте менсінбей, ерін ұшымен үріп ұрттайды. Табақтағы суық еттен татып алмады, жағымсыз әлденені есіне түсіргендей жалпақ алақанымен ұзын бетін иектен самайға сиыра умаждап сипай береді. Сыр бермеген Қали ғана: түнде қанша саулық төлдеді, кеше кештен кірпік ілмеген Жапекең көрші ауылға таң сәріден асығыс аттанып кеткені несі, қашан келеді деп, майдан торта айырғандай сызылады. Соған қоса шайды да, етті де қусырып барады. Елтайға ілтипатпен көз тастап, қала тіршілігінен сыпайы сауалдар қояды. Бір уақытта аласа үстелдің астына қол жүгіртті.

— Біздің үйден келген базарлық... Жолым болады екен, жақсы жігіттерге бұйырды. — «Жақсы жігіт, әрине, өзіңіз боласыз»,— дегендей Елтай жаққа мәнмен қарады.

Елтай ырымын жасады, Қали мен Алшағыр іркілмеді. Бастықтың одан кеміген түгі жоқ: ағы ақ, қызылы қызыл. Алшағыр лезде адам болды; қырыс-тырысы жазылып, жүзіне қызғылт рең жүгірді, көзі құбыла бастады. Біресе қасық ұстап, ұстағанымен етке созбайды, табақ шетіне сүйей салып, кесеге жармасады, оны да ұмытып, жер таянды, ұйып қалған балтырын мытиды. Сөзінде тұрақ жоқ, айнымалы, әр нәрсенің басын бір шалады. Әрі-беріден соң себепсізден себепсіз шалқая қарқылдап күлді дейсің, алдын бөгеген судай тез көтерілді, жағасын күрек ұшымен сызып, жырып жіберсе, алды-артына қарамай лап қояйын деп тұр.

Қали көп ұзамай тағы өнер бастады. Шай демдеп, әңгімеден шет отырған Бибіш апаға:

— Ал, әже, рұқсат болса, бізге ана арқарды қисаңыз...— деп, кірпігін жалпылдатып, тез-тез қарады.

Әжей кесені ерніне апара беріп, не анда, не мында жоқ, бес саусағының ұшында дөңгелетіп ұзақ отырды. Күміс білезігіне терезеден созылып түскен сәуле сөніп жанады, сөніп жанады; қолы қалтырай ма, қалай? Құйрығымен жылжып, дастарқанға еміне түскен Қали оқталып сөйледі:

— Түнде Жапекең рұқсатын берген. Түз тағысы баққанмен бәрібір мал болмайды...

Көзін қабырғадағы кілемнің қалына тіреген қария үнсіз. Жұқалтаң жүзі — мұз. Қалиға жапақ етіп бір қараған Алшағыр көзін төмен салып, быдыңдай жөнелді.

— Тастан тасқа секіріп, ақ қар, көк мұз көбелеген арқардың қозысы ойға түсіп ойнамайды, апа. Тегіне тартады. Кеше өрісте басын қайқитып алып, ерге қарай танауын тартты. Ие... Иіс аулағаны ғой. Құз-қияда өскен арқардың таңдайына сағдар шөп пен кебек тати ма. Ыңыршағы айналып, күн сайын азып барады... Түнде екі-үш саулықты сүзіп тастады. Көр де тұрыңыз, бүгін солар іш тастамаса. Жапекең бе, біздің Жапекең осының бәрін көріп-біліп, есепке алып жүр ғой.

Иә, Қали атып, Алшағыр қағып отыр, түнде оңаша кеткенде келіскен...

— Қолда ескен арқар түзде өмір сүрмейді. Аттан шықпай жатып, қыстаудағы қойды аңдыған қасқырға жем болса қайтесіңдер?— деп қалды Елтай. Десе де дереу іш жиды — құйысқанға қыстырылғаны несі?

Алшағыр: «Саған не жоқ? Алматыда жатып арқардың жайын сен білесің бе?» — дегендей жалт қарады. Кәпірдің көзі қып-қызыл.

— Қасқыры несі? Қасқыр жуық маңда арық-тұрақ арқарға пысқырып қараса, арғы қолыңды бері әкел. Оған отамалыда өлген-жіткен мал да жетеді. Арқар табындары қазір тіске ілінер көк іздеп, бауырға түскен. Дүрбіге қарасы іліксе болды, қоя береміз.

Алшағырың өтірікті шындай, ақсақты тыңдай етті.

— Қашан көрдің... етекке түскенін?

Қали:

— Сөзінің жаны бар... Мына арқар барқыраған қалың қойдың арасында құсадан өледі, — деп, жылымшылатып еді, Бибіш шешей ернін жыбыр еткізді.

— Шал айтса... алыңдар!

Екеуі кеселерін төңкере-мөңкере өре түрегелді. Рақмет демеді, дастарқан шетін аттап-бұттай есікке ұмтылды. Болмасты сөз етіп, кеңкілдеп күліп барады. Алшағырды алға жіберген Қали соңына бұрылып, оң шекесімен есікті мегзеді:

— Жүрмейсіз бе, Елеке?

Көңіл үшін айтыла салған сөзді ұқпайтындай Елтай нәдүріс емес, омпиып отырған күйі күңк етті.

— Бара беріңдер... Ұйқым шала.

Табалдырыққа аяқ артқан Қали ары қарап:

— Соңыра келеміз... Арқар табыны таңертең жазықты жағалай жайылады екен. Екеуіңді Керегетасқа мен жеткізіп салармын,— деді шашыраңқырап.

Әжей қорғасыннан құйғандай міз бақпай отыр.

Елтай бүйірдегі бөлмеге кірді, төсекке киімшең жантайды. Дүр еткен машина алыстай берді де, құмығып барып таза өшті. Көзі жұмулы, көңілі қаяу. Кеше түнгі лепірген сезімнің ізі түгіл тозы жоқ, қол-аяғын жан-жаққа шашып жіберіп, шалқасынан жатыр. Басы ап-ауыр. Әлде ішкен шай, жеген ет буынына түсті ме? Мырс етті — ендігі ойлайтын ойы осы шай, ет пе? Басқа басқа да, Алшағырдың құбылғаны неткені? Ер жігіттің оп-оңай сынғаны ма? Сындырған — Қали. Оның қолында қандай құдірет бар? Күл болмаса бұл болсын, Елтай несіне шала бүлінеді? Кеше келді, ертең кетеді. Екеуі машинамен тыз еткізіп, тау етегіне арқарды апарып қоя береді, болды, бітті. Жапекең үшін ай мүйіз, ақ құйрық арқар жарасына күйген киіз басып, алдына кеселеп сүт, аяқтап су қойған, құшақтай көтеріп көк құрақ отқа апарған баяғы жаралы лақ. Өз қолынан иен тауға қаңғытып қоя беруге дәті жетпеді, сол міндетті екі жігіттің мойнына артты — онда тұрған не бар?

Әр қиырды бір шалып, ұшарын жел, қонарын сай біліп жатыр еді, есік ашылды. Басын көтеріп, түрегеліп отырды. Күпәйкі киген, шелек ұстаған Бибіш апа... Қабағы келіспей тұр.

— Әлгі балдар жазыққа қарай ұшыртып барады, Елтайжан. Тау етегіне апарамыз деп пе еді бағана? Жалпақ жазықтан қандай тауды көргенін...

— Жапекең қашан келеді?

— Кәбеңкелеріне мылтық салып алды,— деді шешей Елтайды естімегендей.

Бөлме ортасында ербиіп тұрған жігіт:

— Қоян атпаса...— деді соқыр үмітпен.

— Қоян атса, шалдың кең ауыз опырмасын алмай ма?— Бибіш апа кілем үстіне көлденең ілінген, ұңғысына қос бармақ сыйып кетердей он екіншіні нұсқады.— Шек дей ме, гек дей ме, бүрме ауыз жіңішке сабауды алып кетті. Оғы бұршақтай ғана үндемес мылтық... Шал құрғыры неғып кешігіп жатыр?

— Мен іздерінен қуып барсам қайтеді, апа?

Бибіш әже көпе-көрінеу қуанды.

— Соның дұрыс, қарағым. Ұсқындары жаман. Не де болса, өз көзіңмен көріп қайт. Қора сыртында буаз бие арқандаулы тұр. Туар күні жақын еді, бошалап кетпесін деп қолда ұстап отыр ек. Ер сал да, жөнел. Аяңнан аспасаң бір жүріске шыдап береді.

Еркек шіркін әйел ісін өлімін салса да істей алмайды, ал әйел еркек кіндіктің орнын баса береді. От басы, ошақ қасындағы Бибіш апа мына минутта бұйрық райда қысқа-қысқа сөйлеп, меңгеріп әкетіп барады.

— Балам, тезірек қимылда. Жүйткіп тұрған темір көліктері буазға жеткізбей кетер. Орнынан бас!

* * *

Алыстан-ақ көрді — бауырсақтай домаланған машина айналасы ат шаптырым кең жазықтың дәл кіндігін басып тұр. Төңірегінде қыбырлаған ешкім жоқ. «Арқарды жетектеп, бел асып кеткен бе?» Үзеңгіге табанын тірей, ер үстінде шірене көтеріліп қарауыл қарады. Машинадан тас лақтырым жерде мал ма, аң ба, әлдене селтиіп тұр. Тебіне түсіп тақап еді — арқар! Машинаға мойнын бұрып, үрдегейлене қарап тұр. «Қоя беріпті шынымен! — Елтайдың жүрегі тайдай тулады.— Сауырға бір салып қоя берген. Жігіттер жарады! Қолға үйренген жануар машинаны қара тұтып, айналшақтап кете алмаған. Ай, үйірге қосылған күннің өзінде мына сықпытымен жалама жартас жағалаған желаяқ табынға ілесуі де екіталай екен. Бекер шаруа, бекер шаруа...» Жігіт машина төңірегін көзімен тінтіп еді, тірлік белгісінен ада. «Желіккен екен бұ дүниені ұмытып, қоян, қарсақ қуып кетті ме, әлде ұйқтап қалды ма?» Дегенше машина тасасынан әлдене тырс етті. Сол мұң екен, қаңқиып тұрған арқар мөңкіп, қарғып-қарғып кетсін. Сосын Алматының скверіндегі шойын арқардай-ақ мойнын қайырып салып, маңқиып қарап тұрды.

Тырсыл қайта шықты. Арқар тағы мөңкіді.

«Япырау, бұл не ғажап?»

Манадан бері аялап, аяңдатып келген шабдар биені қос өкпеден тебініп қалып еді, қарны шермисе де жануарға жан керек, еңкеңдеп-тоңқаңдап, төрт аяғы төрт жаққа кетіп, шаба жөнелді.

Машина қасына жете, шабдар үстінен сыпырылып жерге түсті. Тізгінді биенің басынан асыра қайырып еді, жаңағы жарты шақырымдық шабысқа екі бүйірін соғып, ентігіп қалған екен. Соның артынша:

— Бұ кім?— деген бұзылған дауыс естілді, машинаның қалқасынан Қали бас қылтитты. Белгісіз бір жан толқыныс, шабыттан алабұртып тұр.

— Мен, Елтаймын.

Қойқалаңдап бері шыққан Қали қызарақтап күле береді. Қолындағы ши мойын мылтықтың төмен қараған аузы жер иіскейді. Бибіш апа айтқан жатып атар гек осы. Құмалақтай оғы көз ұшындағыны қағып түсіретін қанды ауызың... Рабкооптың екі тізесі батпақ. Елтай оның сән, сырдаң күлкісінен кешеден бері жалыға бастап еді, қызарақтай күлгенін алғаш көруі.

— Сіз бе? Шошып қалып ек... Бөтен біреу ме деп... Біз нетіп... арқарды... Бәрібір арам қатады. Адам қолы, қасқыр тісі... бәрібір емес пе?

Машинаның ар жағында сұлу келіншек тұрғандай кес-кестеп жол бермейді.

Қанын ішіне тартқан Елтай рабкоопты жолынан ысырып тастады, ол қарсыласпады, оңай киілген киім оңай шешіле ме, кешегі маңғаз жігіт лып етіп шетке ойнақтап шыға берді. Елтай «ГАЗ-69» - ды айналды... О, ғажап! Алшағыр құбылаға, арқар тұсқа қарап, жер тізерлеп отыр. Ату жазасына кесілген жан секілді көзіне ақ шүберекті шарта байлаған.

Адам тықырын сезді ме, Алшағыр:

— Әпкел! — деді қолын созып.— Дұрыстап оқта! Алшағыр екенім рас болса, бір тартқаннан қалдырмай қалпақтай түсірейін.

Елтай жай ғана:

— Тұр орныңнан! — деді.

Алшағыр бетін бері бұрды. Ақ шүберегін шешкен жоқ.

— Оу, тұрың не? Бәс қайда? Кезек менікі. Әпкел мылтықты! Арқарыңа жалғыз оқ жалынсын. Бәске тігілген бір жәшік арағыңды бүгін Керегетасқа тастап кетесің. Бер кәні! — Нан сұраған қайыршыдай тізелей жылжып, екі қолын қабатынан созды.

Жігіт түк ашуланбады, тіс арасынан сыздықтатты.

— Көзіңді ашып қара! Мен Елтаймын!

Тізесімен жер езгілеген Алшағыр аңырып отыр. Асылы, Елтайдың сөзі көкейіне қона қойған жоқ. Құлағы сенсе де, көңілі сенбейді. Жігіттің көзі қылжиып жатқан бөтелкеге түсті. Түбінде тамшы қалмапты.

— Елтай дейсің бе, ей? Елтай болсаң... қайтейін. Жетпегені сен едің, дұрыс келдің. Бізге сот... судья, төреші керек еді,— деп, шалық сөйледі де, тақпақтап кетті.

Қансонарда бүркітші шығады аңға,

Тастан түлкі табылар аңдығанға,

Жақсы ат пен тату жолдас — бір ғанибет,

Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға...

Қолымен жер тіреп әупіріммен түрегелді. Апыл-тапыл басып, желкесіндегі шүберектің шиесін шеше алмай әлек. Маңдайыңдағыны бырыстырып-тырыстырып сыпырып алып, анадай жерге лақтырып тастады. Көзі ит көрген текедей.

— Түу, есім жаңа кірді ғой. Сау басыма сақина тілегенім не, бәтір-ау?! — Ұмар-жұмар орамалға үрке қарап, ықылықтап күлді.— Бастық қайда?

— Мен мындамын! — Қали машинаның қалқасынан сылаң етті. Мылтығы қолында. Екі жігітке жылтыңдап кезек қарап, аңысын аңдып тұр. «Үрит соқ, кім жеңсе, сол менікі»,— деген есебі бетіне қайнап шығыпты.

— Оқтадың ба? Әпкел! Жалпасынан түсірейін.

Рабкооп көсеу ұстатқандай мылтықты соза беріп еді, Елтай гектің мойнынан шап берді.

— Арқарды мана босатып қоя берем дегенің қайда?

Алшағыр кісіней күлді. Алғашында абыржыса да, қазір есін жиып алған.

— Е, қоя бермегенде... Алшағыр айтқан сөзінен қайтпайды. Тұр, әне! Тас лақтырып қусақ та шыр айналып кетпеді.

— Сосын оққа байлап, бытырлатып атып жатсың?

— Енді қайтушы ек? Адам көрсе тұра жүгіретін үйірсек... Бір ақымақтың оғына ілігеді, әйтпесе қасқыр тартады. Қоймен бірге күйсеген бұл қасқада не арқарлық қасиет қалды. Адалынан баққан мал... Қарашы өзің, арқарға қай жері ұқсайды? Аумаған қошқар! Мына бастық екеуміз бір жәшік араққа бәстестік. Көзімізге орамал байлап атамыз. Кім бұрын тигізсе, арақ соныкі! Өзің қалайсың?

Қалиға бұрылған Елтай:

— Жаңа кім атты? — деді.

— Мен...

— Дәтің қалай барды? Сендерді арқар адам, ием Жапекем деп тұр ғой.

Қали басын қалт көтерді. Түнде аңғармапты, қасы мен шашы қара да, көзі тұздай екен, сондай өткір өзі, өңменінен өтіп барады.

— Мен сізге қосыла алмаймын. Алшағыр жөн сөйлейді.

«Сен тұр, мен атайындар» - ға сөз өтпеді.

— Арқарды баққан-қаққан екеуің емес, Жапекең, Бибіш апа, Дариға жеңгей, Әкпар. Әйда, әне машиналарың, мініңдер де қайқайыңдар. Арқарда жұмыстарың болмасын.

Егеске еліккен Алшағыр құлпырып сала берді.

— Не-е?! Сен ондай шөре-шөреңді басыңа жақ! Байқаймын, біз кеткесін өзің атайын деп тұрған қарағымсың...

— Ауылға бар да, әуелі айығып ал. Бүгін саған деген сөз жоқ,— деп еді, сыныққа сылтау таба алмай, ізденіп тұрған Алшекең шиыршық атты. Екпіндеп келді де, Елтайдың жағасына тіке қол салды.

— Сен өйтіп басынба! Кәне, тиісші, тиісе қойшы маған. Жағымнан бір тартып қал!

— Тартсам қайтесің?

— Тұрған жерінде тапаңды шығарамын. Тек тезбе-тез тартып жібер! Алшағыр бірінші болып қол жұмсамайды.

Елтайдың қаны басына шапты.

Алшағырдың қолын балалар үйіндегі білетін әдіспен білезіктен қысып қалып еді, жағасынан ажырап кетті. Ол да қарап қалған жоқ, Елтайдың қолындағы мылтықты жұлып алды. Қали арашаға ұмтылып еді, іштен тиген темірдей тепкіден екі бүктеліп, еңкейді де қалды.

— Өлтіремін! Көзіме қан көрініп тұр!

Қаны мұзға айналған Елтай саспады. Балалар үйінде мұндайдың талайын көрген. «Не жеңгенін, не жеңілгенін білмейтін жанмен ғұмыры алыспа»,— деп еді қарт жазушы. Атау кересіне тойып алған адам сол екен. Сау Алшағыр бүйтіп секірмес еді. Қаны мұз адамның сөзі сарт-сұрт айқын бола ма:

— Әй, арғы атаң Алшағырды арқар мүйіздеп өлтірмеген, Қобыландымен жекпе-жекте ат артына мінген, соны білемісің? — деп жіберді.

Оның да жауабы сақадай сай әзір екен.

— Алшағыр ата егеспеген, егессе кезегін өлсе де бермеген. Қали атты, ендігі кезек менікі! Тигізе алсам, осы ойынды бастаған Қалиға серт, тигізе алмасам маған серт. Кезегімді беріңдер. Шыққыр көзім шалт кетсе не қошқар, не арқар емес, қорадан шықпайтын сілімтігіңді Алматыңа алып кет!

Елтай жеңілді. Сөз бар ма, Алшағыр шылқыған шындығын айтып тұр. Қаладан келген келімсек Елтай сонау батырлар заманынан қалыптасқан қыр заңына, салт-сана, ғұрпына төтеннен килігіп, найзалап бұзбақ екен. Арыстандай алысып, жолбарыстай жұлысқан кешегі ата-бабаларының сөзін бүгін сөйлеп, ісін істеген Алшағырда не айып, әрі аңғал, әрі адуын Алшағырды отқа итеріп тастап, апаш-құпашта өз ұпайын түгендеген Қалиға қандай кінә артасың? Ерте, ерте, ертедегі алтауы ала өмірдің айқас, барымтасының бүгінгі заманға сүйретіліп жеткен жаңғырығы... Елтайдың ары таза — қолынан келген амалын жасады. Одан артық қимылға әл-күші жоқ, шаршады. Күл болмаса бұл болсын.

Машина тепкішегіне әлтек-әлтек жақындап, құйрық басты.

— Болсын! — деді.— Кезек біреу деген жаңағы сөзіңнен тайма!

Басы ың-дың. Екі қолын тепкішекке салып, басын шалқайтып, желкесін кабинаға тіреді. Қимылдары көпе-көрінеу жылдамдай бастаған ана екеуі мұны таза ұмытты. Алшағыр жүрелеп, Қали оның көзін байлап, мылтық оқтап, үйме-жүйме. Үзіп-үзіп, тығылып сөйледі.

— Қатты тарт. Сызат саңылау қалмасын. Қаралық жасадың деп пәле саларсың.

— Ойбай-ау, енді...

— Ойбайыңды қоя тұр. Байладың ба? Кәне, бүр мылтықты арқар жаққа!

Қали аузымен емес, артымен сөйлегендей міңгірлейді.

— Былайырақ ал, оңға қарай! Сәл төмендет! Е-е...

— Бол, ыбылжымай! Бір аңға екі оқты шығындаман!

Елтай көзін ашты. Екі иығын қомдап, құндақты иығына тірей шүйілген Алшағырдың өзі де ұзара түсіп, қара сабау мылтыққа айналыпты. Мерген болса болар.

— Ал кеттім! Өлер жерің осы деп, қақ жүректің тұсы деп...

— Сәл аялда, Алшеке, тағы бір түзулейін. Асыра сілтеу болмасын қаралыққа жол қалмасын.

Қали Алшағырдың ту желкесінен көзін сығырайтып, қоса қарауыл көздеп тұр. Екі қолын Алшағырдың иығына артыпты. Гек бар, Алшағыр, Қалиы бар, үшеуі де созыла, ұзара түсіп, үңірейген аузы ауа аулаған ұңғыға айналып, жайбарақат тұрған арқардың қос өкпесіне тіреліпті.

Мөлдір әуеде жай оғы жалт етті де, ауаны жарған зор зуыл жетті. Селебедей жарқыраған жай оғы арқарды көктей өтіп, жерге сіңіп жоқ болды.

Қали мен Елтай көздерін кең ашып, арқар жаққа тесіле қарап тұр.

Алшағыр шынтағымен Қалидың ішінен түйіп қалды.

— Болсаңшы енді! Атайын ба?

— Арқарың... сенсіз де тырапай асты!

Шынында да, қас қағым бұрын секиіп тұрған арқар теңкиіп жатыр.

Мылтықты лақтырып жіберген Алшағыр көзіндегі орамалды жұлып алды.

— Не дейді? Өлгені несі? Мен атқан жоқпын! Ойбай-ай, кезегім күйіп кетті! — деп, жер тоқпақтайды.— Кім атты?

Үш жігіт үш жерде бір-бір есепсіз таңданысқа — леп белгісіне айналып, айдалада теңселіп тұр.

* * *

Сәуегейсіген Алшағырдың аттылы адамды көргені рас болатын.

Зеңгір көкті сызып, құйғыта шапқан аттылы адам — қара қыпшақ Қобыланды арқарды атып жығып еді.

Сан ғасырдан бері Қобыланды батыр қазақ аспанын айналып ұшып жүрген.

Бағзы заманда елі мен жеріне қырғындай тиген Алшағыр ханды батыр ат артына мінгізіп, найзамен түйреген. Көп ұзамай қазақ даласында қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заман орнады. Бала егіз, мал сегіз, несін айтасың, казан-ошақтан көтерілген көк түтін аспан астын ыстады. Он жағында қыз қылықты Құртқа, сол жағында жүрегі түкті Қарлыға, сан сарсаңды аламан тасыр арпалыстан шаршаған, шалдыққан Қобыланды батыр бел шешіп, қару-жарағын кереге көзіне іліп, бақуатты өмір қызығын шекер-балдай сорып жатты. Бірақ бұл балқаймақтың бетіне көп ұзамай қарамық түсті; сәби кезінде әр күн сайын бір жасқа ер жетіп, тез жетілген, алты жасында менменсіген қырық кез Қызыл ердің кеудесіне аяқ салған батырың сол заңмен күн асқан сайын бір жасқа қартайып, шау тартып, даң құрдас, түй құрдас замандастарынан тез озып, еңкейіңкіреп қалған жайы бар. Алғашында аңғал батыр ештеңе ойламаған, күндердің күні сәлем берген дос-жаран, жүгініске келгем адамдардың көзінен бір сөніп, бір жанған жымысқы отты көріп, көңіліне қаяу кірді. Құс жастықта шынтақтап жатқан жерінен басын көтеріп, әлгілерге анықтап қырап қарап еді, астапыралла, күні түсіп келді деген жұрты даңқы жер жарған батырын аяй қарап қалыпты. Кеңінен көсілгенде табалдырықтан шығып жатқан аяғын дереу жиып алды.

Батыр күн асқан сайын нәуетек тартса да, кәдімгі ол құралпы жасаған Құртқа мен Қарлыға күміс шолпым сылдырап, мойнын бұра тастап, ырғаң-ырғаң басып жүр еді. Айналасы бес-алты айда мәлкілдеген шалға айналған Қобыланды — ақ самай қартың, ақыры қос келіншектің көзінен де әлгі бір сеніп, бір жанған сиқыр отты байқады.

Шалдан маза қашты, ішкен асы бойына батпады, от-жалын төсегі суып, мұзға айнала берген... Әр талы саусақтай-саусақтай бурыл қасы көзін жауып, алысты көруден қалды, табанынан тартқан қара жер баланың еңбегіндей былқ-былқ етеді. Ит жасқау үшін керегеден сегіз өрме қамшыны алса, гүрзі шоқпардай қолын үзеді.

Жадыраған жаздың теңбілсіз қара аттың жалындай меңіреу түні төсегіне тас төсегендей қос бүйіріне кезек аунап, көз шырымын алмаған батырдың таңға қарай кірпігі әрең ілінді: түс көрді, түсінде жаман іс көрді. Адым аттаса болды, табан астындағы қара жер ойылып, әуелі қызыл асығынан жерге кірді, абжыландай обыған қара шұбар жер лезде қара санына жетті, ой, құдіреті күшті ием-ай, тістей қатып айрылмайтын неткен қасарыспа, қалай, не болдым дегенше белінен батып, жүрмек түгіл қозғалудан қалды, тыпырлаған сайын құмға жасырынған тасбақадай келмеске кетіп барады, бір бағамдаса, күн иісі аңқыған топырақ кеудесіне жылжып жетіпті, көкжиек тарыла келіп, бес қадам жерде кілкілдеп тұр. Арандай ашқан аузымен жанталаса ауа аулады. Ең соңғы күш-қайратын жинап: «Құртқа, Қарлыға, бармысыңдар, бадалғырлар, бұл дүниеде, жоқпысыңдар?!» — деп, шыбын жаны шырқырап айқай салып еді, оянып кетті. Алагеуім екен. Қара суға түсіп терлеген он бойы дел-сал. Кенет кісінеген үн аспан астын алып, құлақты жарды. Жер тарпыған тұлпар тұяғы жер солқылдатады.

Қорқыныш күш бере ме, ағаштан шабылған биік төсектен жас жігіттей лып етіп, секіріп түсті, дамбалы ағараңдап, буындары сыртылдап, есікке ұмтылды, ысырып тастап шыға келсе, тан сыз берген алакөбең... Есік алдында мойнын қудай иірген Тайбурыл қырық кез жалы мен кекілі көзін жауып, жер тарпып, оқыранып тұр. Әр тарпыған сайын жерошақтай жер қазады.

О тоба, ажал алқымнан алғанда талай қырғында тебінгісіне тер мен қан қатқан Тайбурыл Мұзды мұхит түбіндегі Түменнен, көк шалғын жайлаудан шауып келіпті. Етегін басып, сүрініп жығылған шал Қобыланды Тайбурылға әупіріммен жетті, жалын құшып, сақалынан су сорғалап, еңкілдеп тұрып жылады. Жылай-жылай көз жасын сарыққасын, сенделектей басып он алты канат ақ ордасына кірді. Қыз Құртқа білем-білем қара толқын шашы төсектен құлап, таңғы тәтті ұйқы құшағында жатыр. Батырың бір басып, екі басып, жан жарына жақындай бергенде, Тайбурыл тағы да жер-дүниені жаңғыртып, шұрқырай кісінеді, ас та төк өмірдің аруы Құртқа оянбады, есесіне батыр селт етіп, есін жинады. Құртқаның шашына саусағын тигізсе, жылы төсектің ұйықтай тартып кететінін түсінді. «Тоқтарбайдай әкеден, Аналықтай шешеден батыр туған соң, ажалды қатын құшағында емес, тұлпар үстінде ұшыртып қарсы алайын!» Кереге көзіндегі сегіз көзді көк болат сауыт пен тоғыз айрық дулығаға қол салды, семсерді беліне ілді, оң жамбасына адырнасы ала өгіздей мөңірейтін сары садақты, сол жамбасына қызыл жебелі қорамсақты салпылдатып ілді, көк сүңгіні жолай іле кетті. Бес қаруы бойында батыр табалдырық аттады, әне-міне дегенше алты өгіздің терісін алпыс күн жидітіп, таспалап тіліп жасаған ер-тұрманды Тайбурылдың беліне көтеріп салды. Сақтиян етігінің тұмсығымен аспан иегін сызып, тұлпар үстіне қонғанда, көкжиектен күннің қызыл құлағы қылтиып еді.

Тайбурыл қу медиен сахара далаға бет түзеді.

Төрт аяғын бауырына алып, үңіліп шапқан қазанат тұлпардың қолтығы жазыла түсті, жел тараған жалы батырды бүтіндей көміп қалды, таңмен таласа ұшқан құс сонау, сонау табан астында... Әлден уақытта маңдайдан ұрған жел дауылға айналды. Ат тұяғының дүрсілі естілмейді. Батыр ат бауырына еңкейіп еді, қара жер алыстап барады... Тұлпар танауының парылы ғана талмаусыраған таңғы тыныштықты бұзады.

Аспан астын ала сыпыртып ұшқан Тайбурыл кең оралып келіп, ауыл төбесінен үш айналды, құлындағы даусы құраққа шығып, үш рет кісінеді де, көк зеңгірге көлбеп көтеріле берді. Он алты канат ақ ордадан шашы бұрқырап атып шыққан Құртқа келіншек күннен көзін қалқалап әуеге қарады, тап-таза аспан бетінен ештеңені оқи алмады, тек шұрқыраған құлын кісінеу шырқап барады. Алпыс күн бойы күн мен желге тигізбей ақ киізге орап, құлықтың сүтін беріп баққан Құртқадайын анасымен Тайбурыл осылай қоштасып еді.

Ауыл-ауыл арасы қосылып, сайын дала ұлтарақтай тарылды. Сол мезетте Тайбурылға тіл бітті, астыңғы ерні қыбырлап, үстіңгі ерні жыбырлап, бүй деді: «Батыр ием, ажал алқымнан алғанда, көкке әдейі алып ұшқанымды сездің бе, сезбедің бе? Ажалдай албасты мен иреңдеген жыланға бұл ғұмырда әуеге көтерілу жоқ, көк зеңгір күн мен айдың, жыпырлаған жұлдызға айналған батырлар мен жайсаңдар рухының мекені, сол рухтардың түпсіз моласы мен жер арасында адам мәңгі қартаймайтын, жер бетіндегі қыбырлаған жан-жәндік үш жүз жыл жасағанда бір-ақ жасқа қартаятын кеңістік бар, біз сол кеңістіктің қақпасына келіп қалдық. Жігіттің сұңқары — сен, дара тұяқтының тұлпары — мен күндердің күні, жылдардың жылы, ғасырлардың ғасырына дейін осы кеңістікті айналып ұшып, ел өмірін алыстан бақылаймыз. Сен көзің тірісінде аңызға айналдың. Қайраты кайтқан, семсерді салаңдатып беліне ілсе де, сілтеуге әл-күші жоқ бит көз шал Қобыландыға бұдан былай жер бетінен орын қалмайды, сенің орныңды аңыз басқан, адамзатқа тірі батырдан гөрі оның рухы мен аңызы керек. Сол себепті сені жеті қат аспанның ар жағына алып ұшып барамын. Аңыз бен жырға айналғанымыздың басы осы дей бер. Бізге өлуге ерте, әлі ерте... Мәңгі-бақи ат үстінде өтетін бұл тағдырыңа тәуекел деймісің, батыр ием?»

Шар болат күн жарқырап тұр, тоғыз айрық дулығада тоғыз күн, көк болат сауыттың сегіз көзінде сегіз күн, көк сүңгінің ұшында тағы бір күн, алтынмен апталып, күміспен күптелген ердің қасы, өмілдірік, құйысқанға бір-бір күн қоныпты, несін айтасың, тұлпар мен батыр жарқыраған жұлдызға айналғандай. Табан астында үлпершек бұлттар көшіп барады, елп еткен жел жоқ, нағыз пейіштің өзі. Қапылыста жатқан жерінде тарпа бас салған арсыз ажалдан құтқарған тұлпарға есепсіз риза Қобыланды: «Нар тәуекел!» — деп салды.

«Болды...— деді кісінеген Тайбурыл.— Қалғанын менен күт! Арғы жағынан кездің кезінде өзім аян беремін».

Қара қыпшақ Қобыланды мен Тайбурыл қазақ аспанынан осылайша орын алды. Екеуі тас төбедегі жұлдыздан алқа моншақ таққан қара күңгірт ғарышта ісі жоқ, екі көздері сайын дала үстінде...

Даланың түтіні бірде түзік, бірде қисық ұшты.

Әуелі ақар-шақар бала егіздеп өсіп, мал сегіздеп көбейіп, араз бітісіп, туыс құшақ жайып қауышып, жалпақ жұрттың айдарынан жел есті. Келер бір замандарда ел іші нілдей бұзылды. Атқа мінген ұрпақ қылыш жалаңаштап, жетсе жауға, жетпесе өзді-өзіне сілтесті. Дала қан сасыды. Құйрық-бауыр жесіп, бітім сұраған халайық ауыл шетіне шықпай жатып, бір-біріне қайта қамшы көтерді. Аспанды астарлай ұшқан Қобыланды жауға шапқан перзенттерінің қиқуына қиқу қосса, әлгі пенделер келер мезетте бір-бірінің жағасын жыртып, буындыра бастағанда, кімнің сойылын соғарын білмей састы: ырғасқан екі жақ та батырдың өз немере, шөбере, неменелері еді.

Осының бәрі зауал заманға көрініпті...

Күн соңына еріп қаптай шапқан қаптағай қалың жоңғар сайын даланы ту-талақай етіп, шауып алды, қыз күң, ұл құл болды, ерлер жер жастанды. Аспанға жеткен у да шу батырдың түңліктей құлағын тұндырды. Әуеге көтерілген будақ-будақ шаңнан батыр түк көрмеді. Сақалынан жасы сорғалаған иесінің мүшкіл халін Тайбурыл айтқызбай білді, тұяғына шаң жұқтырмаған асыл жануар тізгін қағуды күтпеді, көлбей төмендеп, жерге құдиды...

Кілкіген шаңды жарып өткесін-ақ көрді — қабырғасы сөгілген елдің жау жүрек, намысқой жігіттері самсаған сары найзаға қарай құйғыта шауып барады...

Айқас басталды...

Самұрық құстай дүрілдеп ұшқан Тайбурыл шайқас даласын жайқап ете бергенде, батыр да арыстандай ақырып, аттан салсын кеп, айқаймен болсын, тас түлектей түлеген сарбаздардың көкірегіне дем үрледі, айқасқа араласа алмай тістенгенде тісі сына жаздады; жер бетіндегі тірліктен кеткен батыр майданға бел шешіп түсе алмайтын: табаны топырақ иіскесе бітті, марғау асып кете баратын. Амал жоқ, бір ағып өткенде найзасы қақ бөлінген бір көген көзге қырық кез сүңгісін лақтырды, қайта оралғанда қылышы майырылған сен тұр, мен атайынға қынабынан жай отындай жарқыратып суырған семсерін тастады, енді бір жалаң төстің сауытынан басқа кемшіні жоқ екен, қолма-қол сегізкөзін сыпырып берді, қорамсадағы жебесі таусылып, алақтаған тағы бір жұлымырға шірене тартқанда, жеті қабат киізді көктей өтіп кететін жебесін уыстап шашты...

Есін жиып, аңдап байқаса, алты жігіт қосылып тарта алмайтын сары садағы мен жалғыз қызыл жебе қалыпты, қара қазан, сары баланың қамы үшін бастан құлақ садақа деп садағын сыпыра беріп еді, ат бауырына құлаған жау бет-бетіне жан сауғалап, тым-тырақай қалып барады екен.

Іс бітіп, жау кеткесін Тайбурыл да тіке аспанға салды. Қас қағымда батырыңнан әлі кетіп, көзі алақтап, лезімде сақал-шашы қудай ағарып барады; алмастай тартқан жер жалмауыздан тезірек алыстамаса, өлім сағаты тым жақын еді.

Аттан сала-сала батыр да, ала құйын ұшқан тұлпар да әбден қажыпты; жарқыраған ақ шағырмаққа көтерілгесін-ақ, екеуі де қалықтап ұшқан күйі қалың ұйқыға кетті.

Батырдың ұйқысы жер басып жүргенде алты күндік еді, қарттығы мен ашық аспан мен кәусар ауа, қиқудан қалған қалжырау бар, бұл жолы ғасырдан ғасырға ұласты.

Қалғыған батыр әлдебір ғаламат шудан оянды. О тоба! Қақталған күмістей ұзын сүйір сүңгі ғарышқа тіке көтеріліп, заулап барды. Әлгі ғаламат жарқыраған жалыны шұбала кірпік қаққанша, жұлдыздарға араласып, жоққа айналды. Батыр жағасын ұстады. Сонан соң әлгі әрі жалын, әрі күміс сүңгі атылып шыққан жер үстіне көз салды.

Дала шіркін алақанға салғандай жарқырап жатыр.

Жер үсті танымастай өзгеріпті. Әуелі баста бөтен ел ме деп еді, жоқ, бәз-баяғы Алатау мен Қаратау, Алтай мен Атырау... Солтүстікке қарай көсілген Ертіс пен Сыр, түстікке мойын созған Еділ, Жайық тұлпардың жалындай күлтеленіп лекіп барады. Ел іргесі бүтін... Бірақ тіршілік түрі мен ыңғайы басқа. Он алты қанат ақ орданы он орайтын биік-биік үйлер әуеге өрлейді. Айналасы ат шаптырым шаһарлар... Шаһар-шаһардың арасында шуалшындай ұп-ұзын темір күймелер қышқырып қойып заулай зымырайды. Ауыл-ауылда тайынша тұрпаттас төрт доңғалақты темір жануарлар жосып жүр. Аспанда гүжілдеп ұшқан темір самұрық құстар қайшыласады, өріс толы төрт түлік мал. Өзен, көл теңіз бетін темір қайықтар тілгілейді. Баяғы жылап-сықтаған қазақ шырқап ән салғандай. Ақ құба, сары шашты елмен қойындасып-араласып кетіпті.

Батыр айран-асыр.

Ат — ердің қанаты, алайда аттан асып туған Тайбурыл тұлпар Қобыланды халін айнытпай ұқты. Астыңғы ерні жыбырлап, үстіңгі ерні қыбырлап сөйледі, сөйлегенде бүй деді: «Дат, батыр ием, дат! Анау-анау заманда: «Қалғанын менен күт, арғы жағынан кездің кезінде өзім аян беремін» дегенімді ұмытпағын. Хақ шындықты ақтаратын кез, міне, бүгін туды. Ел өзгерді, заман озды. Жаңарған ел де, жер де жатың емес, баяғыда жаудан арыстандай алысып, жолбарыстай жұлысып қорғап қалған немере, шөбере, неменелерің... Жайқалған жалпақ жазира да өзің талай шаңдатып шапқан сайын далаң. Бесіктен белің шықпай жатып, қолыңа найза алып, атқа міндің, туған жеріңді жат кәрінен қасық қаның қалғанша қорғап бақтың. Соның бәрі зая кетпеді, міне, табан астында күн сүйген дөңгелек дүние жайлап айналып жатыр. Менің де маңдайым ағынан жарылыпты: тіктеп тиген тұяғым тас илеген үдемелі шабысым анау жүйткіген темір көліктерге дарыған, ұшқан құсты аузымен тістеген сайыпқырандығым күміс қанат самұрықтарға қанат болып байланыпты. Бақытты ұрпағың қас батырларын ұмытпапты, шыққыр көзім алдамаса, әне, анау қой көздеп тұрған қарадомалақтың қонышында құран кітап қыстырулы, кітап мұқабасында сен жауға жасанып ұмтылсаң, танауы парылдап мен ағып бара жатырмын. Бұл дүниеге айтар енді қандай арыз-арманың бар, батыр ием, ақ жүрегіңнен ақтарылшы, кәне?»

Жер бетін шолған батыр: «Арыз да, арман да жоқ, Тайбурылым!» — деп, күрсініп салды.

«Арманың жоқ болса, бұл дүниеге қарыздар да емессің, Қобыландым! Біздің міндет осымен ақыр-тақыр біткен секілді. Міндет біткені — дәм-тұздың таусылғаны. Үрім-бұтаққа бұдан былай айқай-сүрен, майдан емес, бейбіт өмір керек. Бейбіт өмірдің ұлы жыры біз емін-еркін жайлаған ақ шағыр әлемге де жетті. Садақ пен қорамса, қидаласқан қылыштың қиқағын жұмыр жер енді көтере алмайды. Ендеше, екеуіміз Ақшағыр дүниені тастап, одан да жоғары жұлдыздарға беттейміз, аты бар да заты жоқ рухқа айналамыз. Біз кетсек те еңіреген ер мен тоқпақ жалды тұлпар туралы жер бетінде ұлы аңыз қалады, өкініш жоқ, жоқ, жоқ... Батырым, ұлы сапар алдында сәл төмендеп, көл-көсір туған жерді ақырғы рет айналайық та, бет-әлпетін жүрегімізге жазып, қара көзге тұндырып ала кетейік...»

«Мына ас та төк өмірге батырлар керегі жоқ па? Батыр атаулының соңы мен болғанмын ба?» — деді ақ сақалы ат жалына араласқан шал тамағына тас тығылып.

«Керек, керек болғанда қандай! Керек батыр, бейбіт батырлар, әне, ойда егін егіп, қырда мал бағып жүр. Олардың ізін басатын, олардан гөрі рухы биік болашақ батырлар шешелерінің жатырында тулап жатыр»,— деген Тайбурыл құйрық-жалы суылдап, жерге жақындай берді. Жолай күміс қанат самұрық құстың бірі тұлпарды қағып кете жаздап, қаңғалақ ойнап барып, әупіріммен әрең бой түзеді. Ығы-жығы бір қаланың үстінен өткенде тұнып тұрған шаң мен қоңырсық ауаға Тайбурыл тұншыға жаздады. Міне, сұлу қыздың белінен байқаусызда түсіп қалған күміс белдіктей жарқыраған ұлы Ертіс, Ертісті жағалай жатқан быдырқай-быдырқай Тарбағатай таулары... Бауырсақша шашылған ақтылы қой... Әне, кертеш-кертеш таулар қоршаған кен жазықтың қақ ортасында төрт доңғалақты темір көлік күнге маңдайын тоса маңқиып тұр. Таяқ тастам жерде шабдар бие қарны шермиіп, көзі шатынайды, дәу де болса әне-міне туады-ау... Темір көліктің қамшылар жақ қалқасында қараңдаған үш жігіт бір тұрып, бір отырып, жіңішке қара көсеуді алға әлсін-әлі созады. Анадай жерде ай мүйіз, ақ құйрық арқар жез қармақтай имие қалыпты. «Менің заманымда арқар адамның ығынан өтпеуші еді, бұл елдің тағы аңы қайтеді, ей?» Батыр жайқап өте бергенде, жіңішке көсеудің аузынан тинәмдей жалын жарқылдап, таңқ етті. Тыныш тұрған арқар шоршып түсті. Жер басып жүрген кезде күн астындағы Шың жерінде бір жөтелгеннен қалдырмай алыстағыны мүрдем кетіретін от қару жасалыпты деп естіп еді, мынау сол екен. Ол ол да, қашпай тұрған арқарды мына үш пақыр неге оқтың астына алады? Қолға үйренген аңды атқылау түгіл, иілген басқа қазақ қылыш көтеруші ме еді? Сөйткенше арқар үшеуіне санамалап басып жақындай беріп еді, қара көсеу атылатын қара шұбар жыландай қақ шекесіне үңіле қалды. Батырдың басына қан құйыла жаздады. «Зәузаттарыңды! Адамнан пана іздеген тағы аңды оққа байлағанды қай атаңнан көріп ең? Тау еркесін сендерге қор қылғанша, өзім жер жастандырайын».

Батыр қорамсаққа қол салды, бір салғанда мол салды, дара қызыл жебені адырнаға тіреді де, арқардың қақ жүрегін көздеп тұрып: «Аң да болса қарағым-ай, енді қайтейін, обалың анау үш мұндарға!»— деп, тартып жіберді. Батыр тартқан жебенің кері серпіген тепкісінен Тайбурыл теңселіп кетті, жай оғындай жарқыраған қызыл жебе арқардың жүрегін көктей өтіп, жеті қат жер астына сіңіп жоғалды. Арқар тырапай асты.

Тайбурыл да бұл кезде тіке аспанға шапшыған, темір көлік те, теңкиген арқарға қарай жүгірген үшеу де кішірейе келіп, мидай араласып, біте қайнасып кетті. Бұлттан өте бере батыр: «Қап! — деді.— Үш мұндардың қолында қайда көздесе, сонда от пен өлім шашатын қара көсеу қалып қойды. Ақымақтың қолына қару тисе, қатынын қорқытып ойнаушы еді, әйтеуір, аман болсын пәле-жаладан қарайған халық, өздері де жер басып жүрсін...— Күрсініп салды.— Батыр атаулының соңы мен болғанмын ба?»

Дәл осы кезде жазықтың шығыс жақ қанатындағы қыстаудан жас нәрестенің іңгәлап жылаған ащы даусы жер жарды. Демде бала шырылы аспан астын шарлап бара жатты. Қобыланды мен Тайбурыл бұлттан асып, ғарышқа көтерілген сайын қуатты дауыс әлсірегеннің орнына күшейе түсті. Ұйқы меңдеп, қалғи бастаған Қобыланды сала құлаш аппақ мұрты жыбырлап, жайлап жымиды: «Даусының ащысын жаманның! Аналықтай аяулы шешем баяғыда: «Сен жерге шыр етіп түсе қалғанда, туырлықтың түндігі дауыл тұрғандай желпілдеп кетті»,— деп еді. Мына батырың одан да асып түсті.— Ойға кетіңкіреп қалып, бір уақытта күбір етті.— Ат тұяғын тай басар. Келген екен дүниеге тағы бір батыр бала. Бауың берік болсын!»

Жазықтың қақ ортасында қалған шабдар бие құлындады ма, сол тұстан жас құлынның шіңгірлеген үні жетті.

Мойнын емініп ілгері созған Тайбурыл да: «Ұзағынан сүйіндірсін, тұяғымның сынығы!—дегенде, астынғы ерні жыбыр, үстіңгі ерні қыбыр етті.— Біз өлмейді екеміз... өлмеген екеміз...»

Биіктеген сайын күн көкжиекке қарай домалап, аспап күңгірт тартты. Құйрық-жалы таралған Тайбурыл тұлпардың үстінде теңселген қара қыпшақ Қобыландыға енді жерден гөрі жұлдыздар жақын еді.

Аттылы адам жұлдыздарға араласты да, Құс жолына түсіп, келмеске кетті.

* * *

Сақи Сүкеңді, Сүлей шалды адам танығысыз: сирен сақал-мұрты жылтырап, емен-жарқын көңілді отыр, жол-жол терең әжімдері жазылып, таяздап кеткен. Электр жарығына шағылысқан алмас бәкісі былбырай піскен бастың шекесінен бір, құлақ тұсынан екі шығып, жалтылдап ойнайды, ал қос қанатында молдадан дәріс алған баладай Елтай мен Сәрәл монтиып-монтиып отыр.

— Жер түбінен арып-ашып келген күйеу баласың, мә, төстік!

Елтайдың алдына майы екі елі төстік аунап келді.

— Сәрәлжан, аяқ-қолымызды ұзартқан бел балам сын, сен болмасаң Керегетас пен Суықсайдағы шал-шауқан қалай күнелтеді, оны қойшы, қыл аяғы қап-қап жаңалық әкелетін ұзын құлағымыз өзіңсің. Мә, шырағым!

Сәрәлдің қолына ербиген күйік құлақ тиді.

— Ал, бәйбіше, қарындас қауымнан бойыма қуат құйып, өзегіме нәр берген бауыр етім өзің боласың, құр отырма.

Жылы-жұмсақ майы аралас бауыр ет Сарқыт апаға жөнеді.

Әуелі майы кілкіген ыстық сорпа, соңынан күрең Қызыл шай келді, шамадан кейін ауыз, қол шайған алқа-қотан жұрт тоқ басып, жүктен құлатқан бір-бір жастықты қолтықтарына басып жатып қалды.

Сыр кілтінің сылдырайтын ұрымтал тұсы... Елтай осынау марғау шақта жақ ашты.

— Сіздерге мың да бір рақмет! Алғысымды айтып жеткізу қиын... Бәріңізге де... Мен бүгін елге қайтайын. Егер рұқсат болса...

Сұңғыла шал анық сезді — доғалдау, әйтсе де жан жүректен қайнап шыққан тура сөздің төркіні әріде жатыр, түн қатып, түсі қашып, қалаға қайтқалы отырған күйеу баланың түпкі нысанасы — жақын да болса алыс Қарашаш... Текеметке үңіліп жатты да, түрегеліп малдас құрып отырды. Ақ батаның айтылар кезі осы — оны да ұқты. Басын көтерместен күңк етті.

— Елің, жерің осы емес пе?— Жалпақ жұртқа жағалай қарады.

Елтай:

— Айналып келгенде табар түпкі қазығым дала болса да, тас қайнатар жерім — дала. О жақта да ел бар, іздейтін дос-жаран... бар,— деп бөгелді. Ел, дос-жаранға Қарашашты ойша қосты.— Сәрәл қазір совхоз қайтады, жолдан қалмайын.

Сүкең де беріспеді.

— Күн астымен келіп, түн жамылып жортасың ба? Неге асықтың... от ала келгендей?

— Асығатын жастамын, ата,— Өз-өзіне таңданып, сәл тоқталды — Керегетасқа келгелі «ата» деген үлкен сөз аузына алғаш түсіпті.— Түн жамылып, түс қашып жортатын шақ — жиырма сегіз жастамын. Ақ сапар алдындамын!

Атасы: «Осы... шынымен томаға-тұйық томырық келіп, үш күн қатарынан үнсіз тістеніп еңбек еткен бала ма, жоқ па?»— дегендей тоқталып қарады. Мұртының ұшын тістелеп, ой кешті. Ой арты толқу-толқу сөз иірімі, тамағын кенеді, сабырмен сөйлеп кетті.

— Не дейін? Ниетің дұрыс деймін. Азаматтың әр күні жылға азық, қайрат, күш барда жол жүріп, ел көріп қал. Қалма Сәрәлден. Тағдыр толқыны қуалаған бала екенсің, есейген кезде туған топырағыңды бастың, ол да, біле білсең, үлкен жігіттік. Көрдің, білдің, туған жердің топырағында аунадың. Түйген пікірің ішіңде. Еңбектің тор шолағын тепеңдетіп бара жатқан ата, әже, аға, апаларыңды, құрбы-құрдастарыңды жолықтырдың. «Еңбектің бағы жанған жерде болдым, ел шаңырағы биік, босағасы берік» деп барған жеріңе дұғай-дұғай сәлем айт. Жолың құтты жігіт екенсің, Айша келін қол-аяғын бауырына аман-есен алды, немереліміз, шабдар бие құлындады, тұлпарлы болдық. Жапабай жаман немеге құлынды атап та қойыпты. Көп сөйлесек те, өмірден үн-түнсіз кетіп бара жатқан қарттармыз, қиыс келсек, көңіліңе дық алма. Күйеу балаң бар дегенді естісем де, көзім көрген жоқ, ішіңе кіріп шыққам жоқ, көңіл күпті еді, күдігім сейілді. Орай да борай соққан отамалы сейілтті. Мана өрісте Жапабай өзін, туралы біраз сыр шерткен. Өкпең өшкенше қолғабыс тигізіп, қамау теріңді алыпсың. Ризамын. Еңбекпен егіз жан екенсің — бізге сол қанағат.— Демігін басқандай сәл тыныстады да, қайта қарыштады,— Көрші-қолаң шақырып, той, тілеу жасайтын жөнім бар еді. Отамалыдай түсі суық қонағымды өлім-жітімсіз шығарып салдық, сені біз танысақ, сен бізді таныдың, той дегенің сол. Керегетастың үлкен тойы алда. Анау қаршадай қыз екеуің қол ұстасып келген күні жасыл жайлауда өтетін ұлан-асыр той... Үш ұлдың орнын толтырған Қарашашым үшін, жер астында жатқаны, жер басып жүргені бар, төрт балама бесінші болып қосылған сен үшін жиған-тергенім пида. Кемпір!— Сарқыт шешеге иек қақты.— Әкел әлгіңді!

Орнынан баппен тұрған әжей жүк артынан жол-жол ала қоржын алып, ортаға қойды.

— Дос-жараныңа, келіншегіңе сәлем-сауқат. Келешекте екі араға жүретін дәмнің басы осы болсын.

Елтай орнынан тез тұрды — үлкеннің рұқсаты керек еді, бұл да ата көрмеген, оқ жонбаған жетімдігінің бір белгісі. Селдір мұрты селкілдеп жымиған Сүкең оған түк қынжылмады, күйеу баласы салт-сананы білмесе де, тура сөзді, ақ жүрек жігіт —тіл-көзден сақтасын! Төр үйге асығыс кірген Елтай төсек астынан портфелін дырылдатып сүйреп алып шықты. Үш күннен бері иесіз қалған портфельге пышақ жүзі шаң жұғыпты, жеңімен осып сүртіп тастайын деп оқталды да, оңай айныды — туған жердің шаңы ғой, өзімен бірге қалаға кете барсын. Ортаңғы үйге кірді де, портфелдің тістескен жағын жазды. Сан алуан қағаз кәмпиттерді ақтарды.

— Қаланың қатырлақ дәмі, ата. Отамалының дырдуымен жүріп ұмытып кетіппін.

Ағаштың тамырындай сіңірлі саусақтарымен кәмпиттің құндағын ебедейсіз ашқан Сүкең тісіне басты: кәмпитсірегені шамалы, күйеу баланың көңілін қимады.

— Рақмет, қарағым. Ескергеніңе рақмет! Баламды тауып берген отамалыға мың да бір алғыс. Жыл он екі айда бәрімізге сондай бір бұрқақ керегі керек,— деп, қойлы ауылды теңселтіп кеткен ақ боран тап бір жолдасындай елжірей сөйледі.

«Балам!»... Елтай төмен қарай қойды. Бесіктен белі шыққалы екінші рет естіген сөзі. Өткен қара күзде Виктор Викторовичтің аузынан алғашқысын естіді. «Балам» Деген мейірбан сөз арнап айтылмағасын, кейде өзін дүниеге жігіт қалпында салақ етіп келе салғандай сезінетін. Жиырма сегіз жасқа дейін әкесіз өсіп, өзі әкеліктен дәметіп отырған салауатты шағында бір емес, екі бірдей атаны, орыс пен қазақ шалын тауып аламын деп ойлап па.

— Соңғы жылдары адамдардан алыстап, жалғыздыққа жақын жүруші ем. Қыз қала кеткелі тіптен жүдедім. Бар екенмін, тамырым тереңде жатыр екен, бір шеті Керегетасқа, екінші шеті Алматыға тамыр жайыппын,— деп тебіренген қарт қайта шымыр тартып, темір мінезіне басты.— Қамшы сабындай қысқа үш күнде Керегетас пен Суықсайдан келешекте әжетке жарайтын не таптың, балам, соны айтшы?

Шалдың быж-тыж жүзіне қаймықпай тура қараған Елтай баяу, анық сөйледі.

— Таптым... Сіздерді таптым, ең үлкен табысым сол.

— Әумин, жортқанда жолың болсын! Аттан, балам. Жол алыс. Барар сапарың ауыр болса, қайтар жолың жеңіл. Далада біз бармыз, жер басып жүрсек бермейміз шебімізді. Шәрге де еңбек қат, ол да Отанның бір кіндігі, тарт қалаға. Атаңа нәлет түсі суық соғысты сендер көрмеңдер, ақ батам осы. Жамандық бізге қалсын, күтер жақсылық, тосар үміт сендерде. Қозғал, Сәрәл!

Шал жер таяна түрегелді.

Елтай қопарыла түрегеліп, сыртқа ақтарылған адамдардың ағынына ілесті. Оң аяғы табалдырық үстінде, сол аяғы іште, желбегей плащты баланы тоң-торыс қарсы алып, енді, міне, үлкен үмітпен ұзақ жолға ақ батасын беріп, шығарып салған үй ішіне — Қарашаш ұшқан ұяға соңғы рет көз тастап еді, дір етті: Сарқыт шешей бөлменің қақ ортасында қос алақанын жая кеудесіне салып, тігінен тік тұр. Үнсіз жанар мұндай уытты болар ма, ұяттың ыстық қаны бетіне дуылдап шапты, кілт бұрылып, енесіне тақай беріп еді, маңдайына қатқыл да құрғақ ерін тиді, адам емес, тас сүйгендей сәл тітіркенді.

— ...Пәле-жаладан сақтасын!

Қария теріс айнала берді. Шешек атып, гүл жайнаған он жеті жасында тағдыр шіркін тонын теріс киіп, күлкісі көмірге айналған бейбақ Сарқыт қыз... Бетін ары бұрып, бұл өмірден қанын ішіне тартып өтіп бара жатқан Сарқыт әжей... Мұны жазбай ұққан Елтай көңіліне кір алмады, ондай оңғақ халды екі жастың біріне жетпей жатып, өзі де басынан өткізген, мұны ұққан адам басқаны да кешіре де біледі, өзі де сол түсіну мен кешірім іздеп, түн қойнына кіріп жоғалған айдау қара жолға түсіп бара жатыр.

Тыста қазанның қара қақпағындай түн тосып тұр, жо-жоқ, бекер қорқыпты, шалқасынан жатқан есіктен құйылған сәуле бар, машина шамы бар, есік алды жап-жарық. «Ал, қозғалайық!» — дегенде, елден бұрын сыртқа портфель мен қоржынды сүйрей ұмтылған Сәрәл, өз ісіне адал да тиянақты Сәрәл машинасын от алдырып, қос фарын самаладай ғып жағып қойыпты. Топырлаған жұрт темір тұлпарға ағылды. Жер басып келе ме, әуемен ұшып келе ме, анық-қанығы Елтайдың есінде жоқ, өйткені оң қарынан Сүкең ұстаған, ал сол қолтығынан, қашан оянғаны белгісіз, Алшағыр сүйемелдепті. Ол тағы да өлген әкесі Сыпатайдың, шешесі Қырмызының, тірі әкесі мен шешесі Виктор Викторович ден Әлфия Юлаевна, Бибіш апа, Жапекең, Дариға жеңгей, қамшы сабындай қысқа тағдыр жолында азды-көпті себін тигізіп, көптеп көмектескен өлі, тірі жандардың демеуін анық сезді, солар арқылы күңіреніп күн астына тартқан жетпіс жеті ата-бабасы, бүгінгі қарындас қауым, ел мен жер көкірегіне күш дарытты.

— Баққаным мал, мекенім қожыр-қожыр тау мен тас. Тауда ойнаған қарт маралдың дәм-тұзы таусылса, сүйегі көп төбенің бірінен табылар. Бұйырса екеуіңді Керегетастың түбінен тік тұрып қарсы аламын, бұйырмаса мақшар дүниеге дейін қош!

Бұл, әрине, Сүкең.

Кабина есігі сарт жабыла бергенде іштен:

— Кездескенше күн жақсы, ата, апа! Кездескенше, Алшағыр, Айша! — деген сөз ұмар-жұмар атылды.

...Саулы інгендей боздап, ауыр ырғалған машина қыстақтан ойпатқа ылдилай бергенде, сол жағынан:

— Керегетасқа жеткізіп салғанымды, Керегетастан алып қайтқанымды Қарашашқа жеткізерсің, — деген өлшеусіз шаршаған қарлығыңқы дауыс естілді. Жалт қараса, Сәрәл көзімен жол сорабын жеп отыр.

— Айтайын, Сәрәл, айтқанда қандай...

Машинаның кең жазықты шарлаған жарығы төбелерді түрткілеп оятты, қараған, тобылғы, ши бастары жан біткендей жыбырлады. Жол шетінен бұлың-бұлың әлдекімдер қол бұлғай ма, қалай? Ел мен жерге енді ендеп кіре бастаған жас ұланға сәт сапар тілеген өлілер мен тірілер...

Құндақтаулы бала көтерген Айша мен Алшағыр...

Жас құлын жетектеген Сүлей, Жапабай ақсақал...

Қозы көтерген Дариға жеңгей, Сарқыт, Бибіш әжейлер...

Әне, аяғы жер сызған ұзын бойлы, темір телпекті, мұздай сауытты Сері ат үстінде қараңдайды. Қасындағы есек мінген тапал біреу қалпағын жұлып алып, сәт сапар тілеп, бұлғап тұр. Дон Кихот пен Санчо Панса... Оның бер жағында бас сүйекке үңілген біреу мұңға батып, тізерлеп отыр — дат принці! Қозының басын сүйеп, егілген Баян сұлу... Отыз жасында орда бұзған Шоқанның шашы желбіреп, алыстап барады. Исатай, Махамбет, Құрманғазы ат үстінде ереуілдейді. Абай ауыр-ауыр теңселеді. Жамбыл, Мұқағали жыр төгеді. Қол ұстасқан жап-жас қыздар — Әлия мен Мәншүк... Аң терісінен кеудеше киген, сабалақ шаш адам, жасқана-жасқана ойланғандай... Испан жеріндегі Альтамира үңгіріне адуынды күш-қуатқа толы, ғажайып бұқаны салып кеткен алғашқы қауымдық құрылыстың әлсіз де күшті пендесі, суретшілердің бабасы бұл кісі.

Міне, Есік қорғанының төбесінде Алтын киімді адам ойға батып тұр...

«Маңдай алдым белгілі, артым қалай?» — деген секеммен еңсеріле бұрылып, машинаның артқы әйнегінен үңіліп еді, қадау-қадау жарығы жұлдыздарға араласқан қыстау әуеге көтеріліп бара жатыр... Ол өзін жиырма сегіз жасар қылшылдаған жас жігіт емес, мың, екі мың, он мың жыл жасаған қаусаған қарттай сезінді. Адам ата, Хауа ана бастаған тіршіліктің бір жетім ботасы — өзі босандық білдірсе, сол бір айшылық алыс жолға тең ұлы керуен үзіліп те кеткендей екен. Елтайдың ешбір ісі аяқталған жоқ, тек басталды, Қарашаш алыста, қолына бұдан былай қалам ала ма, жоқ па, ол да әзірге жұмбақ, тек туған топыраққа табан тіреп, атқа мінді — бар мәзіреті мен жұбанышы сол. Және де машина мен қыстау арасында көлкіген қараңғылық бетінен мың жерден бір-бірін қиып өткен миллион іздің шиырын шалды, сол іздің кез келгенін ұшығынан ұстап, жазып кеп жіберсе, аспандағы айға жеткендей тым ұзақ-ұзақ, айшылық алыс жолды өлшеуге болатын ұзын екен...

1982-84 жж. Алматы.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз