Өлең, жыр, ақындар

Комплексті қалай жұмыстау керек

Әрбір комплексті жұмыстағанда, мұғалімнің ескеретін нәрселерін көрсетіп өткен теріс болмас еді, қалай, неге зер салу керегін біліп отырып іс қылар, аяныш сол, оның бәрін жаза беруге кітапшамыздың көлемі көтере алмайды. Сондықтан тек үлгі үшін бірнеше комплекс жайынан азырақ айтқалы отырмыз.

Бірінші жылы көбінесе комплекс үй іші жайынан болып келеді. Үй ішіндегі адамдар, олардың жасы, еңбегі, үй тұрмысы, үй хайуандары, қысқы там, соғым сою, суықтан, дерттен сақтану... сияқтылар, – бәрі де баланың үйдегі өмірімен байланысты. Сондықтан осы жақыннан ескерткенді дұрыс көрдік.

Үй іші тәрбиесі мектеп тәрбиесіне дәйім қайшы кеп отырады. Әке-шешесі баласынын тіл алғыш, көндік, көмекші болғанын көксейді, жаздыққа, зорлыққа қарсы тұратын адам болғанын қаламайды; мектеп баланы құр көндік, ынжық қылмай, өз бетімен іс басқаратын ғып, жауыздыққа қарсы тұратын, талас-тартыс адамы ғып тәрбиелеу керек. Үй іші баланы өзімшілдікке үйретсе, мектеп ғылым үйрету керек. Үй іші баланың аяғын тұсап, салтқа-ғұрыпқа бағындырмақ болса, мектеп баланың ойлауына, істеуіне ерік беруді арман қылу керек.

Осы күні кім үстем? Кім жеңіп отыр? Мектеп пе, үй іші ме? Мектеп жеңіп алды деп айта алмаймыз. Үй ішіндегі ескі әдеті, ескі құлық-мінезі әлі жуан тамырлы жатыр. Өмірдің жаңа түрінен жаңа сана артта қалып қойып отыр. Бұл күнгі бала «екі оттың арасында» үй іші балаға діншілдік санасын сіңірем ден арпалысса, төңірек (мектеп) оны жоюға тырысады, үй іші қара басынды, бізді» ойла, «пайдаңды басыңа қыл» десе кеңес жұртшылығы баланың көпке пайда келтіргенін, қоғамдық сезімі жетілгенін тілейді, үй іші үлкенді сыйлауды, құрметтеуді керек қылса, «беделге табын» десе, төңіректегі өмір оларға бағынба, қарсы бол деп үйретеді. Бұл күнгі тұрмыс балаға адым сайын жаңа мәселені туғызып, соны шеш деп, не мына жаңа жолға түс, немесе біздің арамыздан кет деп отыр. Сондықтан үй ішімен байланысқан комплекс ескі өмірдің жаман әдеттерін жоюға, жаңа тұрмыстың жақсы санасын орнатуға жұмылуы керек. Киім, тамақ, баспана жағынан әңгіме қылғанда, олар жайынан тек білім мағлұмат беріп қана қою емес, шама келгенше балаға өзіндік, қоғамдық, тазалық, саулық дағдыларын үйретуге тырысу керек. Тақырыпты жұмыстағанда, жалаң, құрғақ білім беріп қана қоймай, балаға дүние танығандай белгілі пікір, тұрмысқа керекті дағды орнатуымыз керек. Жалаң әңгімемен, құрғақ сөзбен ескі жұмыстың тортасын жоюға болмайды. Жаңа тұрмысқа балалар белсене кіріссе, өзі істегіштік, жанына шығарыштық, төңкерісшілдік рухында тәрбиеленсе, үй ішінің ескі салтына құлдық, күндік сарқыншағына қарсы тұратын болады. «Үй іші» деген комплексті жұмыстағанда соңғы кезеңдерді ескеру керек:

1. Балалардың үйдегі ермегі, ойыны.

2. Үй хайуандары.

3. Үй іші мен еңбек.

4. Үй ішіндегі дін, әдет, ырым-жырым.

Бірінші тақырыпшаны балалардың үйдегі алданышы-жайынан бірнеше әңгіме құрудан бастағаны жөн. Баланын өз алданышы өзіне өзгеден жақын, таныс, қызықты. Бұл тақырыпша аз-маз хат танығанда басталса, тым жақсы. Әуелі өлең оқып, жаттаса да жарайды. Содан кейін кім не істейтіні, қандай ойын ойнайтыны сөз болады. Ол әңгімелесудің мазмұнын балалар қысқаша жазады, жазғанын суреттейді. Сурет баланын үйдегі алданышы жайынан есте қалған нәрсенікі болу керек. Ертеңіне үй іші адамының бірі не істейтіні туралы әңгіме болады: үйде кім ертегі айтатыны, кім не оқитыны, өзі не оқитыны сұралады. Балалар оқыған кітабы, естіген ертегісі жайынан біріне-бірі әңгіме құрады. Содан кейін бірнешеуі сүйетін ертегісін, оқыған кітабының мазмұнын сөйлеп береді. Кейбір жақсы көретін өлеңін айтады. Екінші күні әр бала үйде сүйіп оқитын кітабын әкеліп, мұғалім ондағы бірнеше әңгімені оқып береді.

Кейбір әңгімені оқудан жұмбақ шешу, жұмбақ айтысу туып кетеді. Мұғалім де жұмсақ айтып, шешкізеді. «Пәленшенің суреті» деген әңгімеден кім үйінде қандай сурет салатыны, қалай, немен салатыны сөз болады. Содан балалардың сурет салғысы келеді: біреу қысқы көріністі, біреу отты, біреу баланы салады. Әлде бір қуыршак туралы әңгімеден қуыршақ істеу басталып кетуге мүмкін («бұл әйел балалар көп оқитын мектепте»). Әлде бір тетік жайынан сөз болғанда, балалар сағаттың неліктен жүретінін, қалай жасалғанын, гирамбапанның (грамафонның) неліктен сөйлейтінін сұрауы мүмкін. Ондай ретте мұғалім бала түсінерлік қып жауап беру керек. «Сағатта серіппе бар. Ол — асыл темір. Жас шыбықты екі басын иіп ұстап, қоя берсең, жазылып кетеді ғой, сол сияқты асыл темірді қошқардың мүйізіндей ғып, шиыршықтап қойған. Шиыршығы жазылғанша, кеңейгенше серіппе «сіресе береді де, дөңгелектерді қозғайды, содан барып тілі айналады»... деген сияқты түрде. Алғашқы жылдар үй хайуандары туралы әңгіме жиі келіп отырады. Үй хайуандары мен балалар көп айналыс қылады ғой. Бұл тақырыпты өткенде, күнде бір хайуан жайынан әңгіме қылады. Ол әңгіменің арты сөйлесуге айналады: кімнің үйінде қандай малы, иті, мысығы барлығы сөз болады. Балалар ол хайуандардың түрін, түсін, қылығын сөйлейді. Аяғында әркім әр хайуанды бақылауды мойнына алады. Қалай бақылау, несін бақылау туралы сұраулар болу керек. Мысалы: сүтті сиыр мен сүтсіз сиырдың желіні, емшегі, бауыр тамыры, жүні, қарыны, мойны, құйрығы қандай болатынын бақылаңдар. Сиыр сауғанда қайтеді? Сүзіскендегі түрі қандай болады? Тойғанда не істейді? Қорыққанда қайтеді деген сияқты. Немесе: ит айтқанды, бұйырғанды ұға ма? Адамға тез үйір бола ма? Адамға қандай достық қылады? Қасқыр көргенде қайтеді? Бөтен ит нені керек қылады. Аштыққа неше күн шыдайды? Қай жерде тамақ, жемтік жатқанын несімен біледі? Соны бақылаңдар деуге мүмкін, балалар бірнеше күннен кейін бақылағаны туралы баяндама қылады. Өзгелері тыңдап, қаталары болса, айтысады, сұрау береді. Үй іші адамдарымен олардың еңбегі жайынан берілетін жұмыс мынау сияқты болуға мүмкін.

1) Кімнің үйінде қандай адамдар барлығы жайынан әңгіме оқу, сөйлесу. Хайуандар туралы бірнеше әңгіме оқу; «әркім өз қамы», «әкем екеуміз», «қасқырдың бөлтірігін баулу», «бүркіт пен мысық», «торғай» деген сықылды сурет салу. Кеңестің қорытындысын жасау, көшіру.

2) Кім нешеде? Әңгіме оқу. Кластағы балалардың бойына қарап диаграмма салдыру. Үй адамдарының жасына қарай диаграмм. Кім неше жасқа келгені жайынан күрес. Әр хайуанның баланы неше ай көтеретіні, баласы қанша уақытта ер жететіні жайынан кеңес, ер жеткен деп кімді айту керек, әр хайуан қанша жасайтыны туралы диаграмм, мәселе (есеп), адам мен мал басын қалай асырау жайынан кеңес. Оқу, сурет.

3) Кім үйінде не істейді? Әңгіме жазу, сурет.

4) Бала мен шалға не жұмыс істеді? Барлық балалар неге жұмыс қылмайды. Бала біткен оқи біле ме? «Балалық күннің», «Әпеннің бала күні», «Әуестенсең, үйренесің» деген сияқты әңгімелер оқу, қорғансыз балалар туралы да әңгімелесу, әңгіме оқу. Оларға жәрдем беру жолдары. Үкіметтің қорғансыздар қамын жеуі: балалар оттығы, балалар бауы, мектебі, жетімхана, балалар бауына серуен.

5) Адамдар айырбасты не үшін қылады? Еңбекті үйлесіп істеу, бұйым айырбастау жолынан жай мағлұмат. Айырбаста дәйім әділдік бола ма? Нені айырбастасады? Балалар арасындағы алдау, қулық, кеңесу. Оқу кімнің тіршілігіне керек? Ненің бағасы қандай? Мәселе.

6) Ақша қайдан шығады? Оны кім істейді? Ақша түрлерін жинау.

7) Жұрттың бәрінін табысы бірдей ме? Неге әртүрлі. Ата-тегінің білімінің, өлі бұйымның, ақшаның (капиталдың) мәнісі. Кеңесу есеп. Диаграмм. Кеңес үкіметінің жалпыға, қара шаруаға, алпауытқа, капитанға көз қарасы. (Екінші жылы бұл мәселелерді ауылмен байланыстырып зерттейміз).

Кімнің қандай сандары бар деген әңгімеден кейін, әр бала мынау сияқты нәрселер жазады:

«Менің үйімде... кісі бар: әкем, апам, кәрі әжем, екі інім, бір әпкем...».

«Әкемнің аты... апамның аты... әкем 48-де».

«Апамның аты... нағашы апамның аты... апамның жасы 40-та». Осы жазуларға қарап, кімнің үйінде жан көп, кімдікін де аз екенін салыстыруға диаграмма жасалады. Сол сияқты балалар кімнің әке-шешесі барлығын, кімнің әкесі не шешесі ғана барлығын, кімнің жүде жетім екенін біліп, тағы диаграмм жасайды. Ауылдағы кісілердің кімі қайда, не жұмысқа бара жатқанын анадайдан (әйнектен) көрсетіп тапқызамыз. Әке-шешесі үйде не істейтінін сөз қып, әкесі жоқ балалар шешесімен бірігіп жұмыс қылатынын да айтады. Балаларға мынадай сұраулар беруге мүмкін. Әкең не кәсіп қылады? Шешен не істейді? Кім жұмыс қылады? Қайда? Жұмысқа жарамайтын адам қанша? Кәрілері нешеу? Балалар нешеу? Ауру адам қанша? Осы деректерге сүйеніп, кластағы барлық балалардың мағлұматы жиналады:

1. Нешеуінің әкесі жалшы, диқаншы, қызметші;

2. Нешеуінің шешесі қызметте, нешеуінікі үй шаруасында?

3. Үйлеріндегі жұмысқа жарамды, жарамсыз, (жасы, кәрісі, ауруы) адам қанша?

4) Балалардың қаншасы еңбекші, қаншасы еңбексіз тектен. Осыларға қарап диаграмма жасады. Бұл мағлұматтар жанас дін жайынан, теріс наным, ырым-жырым жайынан сөз қыламыз. Үй іші көбіне баланы жын, сайтан, пері, албасты деп қорқытады, әулие, періште... бар деп нандырады. Байға қыдыр дарыды, суға кетіп бара жатсаң, Ілияс пайғамбар қолдайды, баланы Баба түкті шәшті әзіз береді, сиырды Зеңгі ата бағады, қойды Шопан ата сақтайды... Күн күркірегенде періште сайтанды атады, жанды әзірейіл алады, көрде мәкір-нүкір тергейді, қорқап болады деген сияқты. Ондай нышандарға қарсы ғылымның тапқанын, тәжірибесін, жаратылыс сырын үйрету керек. Мұндай мәселені мектепте қалай қозғау керек: 1) Дінге, теріс нанымға қарсы жұмысты, үгітті күндегісін күнде үзбей істеу керек пе? Жоқ, балалар өзі сұрағанда, кезі келген жерде, әңгіме арасында «нем қылады» ғып түсіндіре кете беру керек пе? 2) Қалай түсіндіреміз: жалпы ғылым көзімен қарап, салқын қанмен, әділ түсіндіру ме? Үзбей, үрдіс түсіндіру балалардың мағлұматы молайған кезде, 4-інші жылдардан бастап болу керек. Алғашқы жылдар кез келген жерде, балалардың сұраған жерінде түсіндіре берген жөн. Жоғарғы кластарда «жер мен көк» деген сияқты комплекс болып, төңіректегі жаратылыс құбылыстарын ұғындыру керек. Ал осы күнгі жаңа кітап, газет-журнал, мектептер, жаңа адамдар әзері азды-көпті балаларға да тиген болу керек, ескі ырым-жырымдардың жалғандығын балаларға түсіндіруі қалуы керек. Сондықтан өте үгіттеп, қызып кетпей-ақ ғылыми көзбен қарап, жай түсіндірсе де жетеді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер