Өлең, жыр, ақындар

Көкбөрі

(хикаят)
І бөлім

Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелді.

Н.Ә.Назарбаев, «Ұлы Даланың жеті қыры»

Ертеректе қасқырды лақтың орнына тартқан болуы мүмкін. Содан «көкбөрі» атанса керек. Алғашында талас басқаша да болуы мүмкін ғой.
«Бөріні мен алам», «сен аласың» деген таластан да тууы ықтимал».

Жағда Бабалықұлы, «Этнографпен әңгіме» кітабынан.

Мезгіл қара күз. Мидай жазық дала. Сонау көз ұшында, көк жиекті бойлай шөккен түйелердей можа таулар — кәрі шоқылар қарауытады. Дала төсіндегі қалың қау шөптер көптен алынбаған жабағыдай ұйысып-ұйысып, сұлап жатыр. Қураған сабақтары мен жапырақтардың сыбдыры болмаса, төңірек бір қарсаңға дайындалғандай тынып қалыпты.

Батыстан ыққан шоқпыт-шоқпыт бұлттар бір-біріне сіресе жақындап, ашулы бурадай түнеріп, күннің көзін тұмшалап тастады. Әлсіз желдің соңы күшейе түсіп, ызыңдап, бара-бара буырқанып, ақыр соңында іш тартып ұлуға көшті.

Бір кезде байтақ даланы қақ жарып, дүрліктіріп сансыз киіктердің үйірі ұзыннан-ұзақ тізбек құрып, ұбап-шұбап өте бастады. Сансыз тұяқтардан көтерілген қоп-қошқыл тозаң айнала әлемді өрттей жаулап алса да, жел әсерінен жылдам сейілді. Көп өтпей дала төсін дүркіретіп, дүбірлетіп мың-сан тарпаң жылқылардың табыны шұбап өте бастады.Олардың дүбірі ұзап басыла бере жүздеген дала қасқырларының шеруіне ұласты.

Бір сәт қаңбағы қойдай жөңкіген дала төсі ұйлыға соққан ызғарлы желмен бетпе-бет қалғандай еді.

Көп ұзамай осы тағы даланы көлденеңдей көктеп тағы бір тізбек көрінді. Бұлар үсті-бастары шоқпыт-шоқпыт, иықтарына ағашқа керілген аң мүшелерін артқан адамдардың тобыры еді.

Түксиген түкті жүздерін төмен тұқыртып, бір-бірінің өкшесін ала ілесіп келеді. Сабалақ жүнді барақ иттер оларға қарағанда тың сияқты. Алға түсіп, із кесіп, өз-ара арсалаңдай алысады.

Аңшылар тобыры ұзап барып, торғын күңгірт көкжиекке қара дақ болып сіңіп кетті.

Айдаһардай ысылдап, қасқырдай ұлып, көк пен жердің арасында арпалысқан асау жел күшейіп, күркіреп, долданған қара дауылға айналып, тағы даланы ойрандай бастады.

*** *** ***

Тау етегіндегі кең, жазаң даланы тасырлатып бір үйір киік жөңкіліп барады. Олардың соңдарына қарақұрым қасқыр үйірі түскен. Үйір басында тайыншадай ірі денелі, көк жалды жетекші арланы ерекше көрінеді. Олар киік үйірін құр беталды қумай, бір жағына қайыра бұрып, өздері қалаған жағына айдап апара жатқандай әсер қалдырды. Иә расында солай болып шықты. Бір қойнауға кіре бере қасқыр үйірі келісіп алғандай екіге жарылды. Бір жартысы киіктердің соңына түсіп бұра тартса, екінші бөлегі сол тіке тартқан күйі айдалаға лағып кетті. Көп өтпей киіктердің басы тік жарлы, жартасты кең қолтыққа келіп кіре берді де, ашық алаңға қарай жалт берді. Бірақ бәрі кеш еді. Өйткені ол жақтан да қасқырлардың екінші жартысы жол тосып шыға келген. Қамауда қалған бөкендердің басы іркіліп, арттағылары оларды ығыстыра алға ұмтылғанымен бұзып-жарып өте алмай, топтаса шоғырланып, қора ауқымындай жерге үйіріліп тұрып қалды. Қасқырлардың да күткені сол еді, бір жартысы шыға беріс ауқымды тізбектеле қоршап, күзетіп қалды да, көкжал бастаған екінші тобы бөкендер үйіріне тіке тартты. Олар да бір-біріне тығыла ұйысып, үркектеп тұрған киік шоғырын айнала қоршап, шеттегілерінен бастап жәукемдей бастады. Сойдақ тістерін ақситып, көздеген жемтігінің тамағынан немесе шабынан бас салады да, мойнын бұрап басынан асыра лақтырып жібереді, не қапқан тұсының терісін жұлып алып, шабын жарады. Сөйтіп оны шала-жансар етіп сұлатып салады да, келесісіне көшеді. Осылайша айнала шетінен бастап ортасына қарай жайрата келе байғұс киіктерді ет пісірім уақытта қан-қасап қылып түгел қырып тастады. Одан кейінгі шаруа тіптен жеңіл еді, әр қасқыр бір-бір киіктен жәукемдеп, тойғанынша қарпып жеп, қалған арса-арса сүйек-саяқтарына қарға-құзғындар қара құрым болып жабылған.

*** *** ***

Етегі жайдақтала сұлаған шоқылардың беткейімен мүйіздері шаңырақтай бір отар қой-ешкілерді алдарына салып екі малшы келеді. Екеуі де қара сұр, ірі денелі, жауырындары жартастай. Үстерінде қой терісінен қабылған жеңсіз күпі. Қолдарына ұзын, жуан таяқ алып, белдеріне басы қауындай жұмыр күрзі қыстырған, иықтарына жарғақ қапшық асынған. Сіңірлі аяқтарын қара санына дейін аң терісімен орап, қайыспен шандыпты. Бұлшық етті сом білектері мен жүн басқан буыршын сандары ғана жалаңаш. Сол ашық жерлерінен тыртық болып біткен жарақаттардың орны көрінеді. Жаңа түскен қара қошқылдары да бар.

Бұлар ағалы-інілі бауырлар Ер Көкшін мен Арсақ еді. Екеуі де көздерін тырнап ашқаннан мал соңында жүріп ер жетті. Тірі болса, алдағы ғұмырлары да көрге кіргенше осы малмен өтер. Өйткені, олар малшылар әулетінен. Бұл кәсіп тайпа ішінде атадан балаға мирас болып қала береді.

Екеуі бұла күштері бойларына сыймай, қой соңындағы бір сарынды өмірден жалығып, тайпа мен тайпа арасында болып тұратын қақтығыстарды аңсайды. Қойларын сайға иіріп жіберіп, белдеріндегі күрзілерімен күнұзаққа күш сынасады. Немесе таудың от орнындай ірі тастарын айыздары қанғанша еңіске қарай домалатып, ермек етеді.

Бүгін осы машықтары өздеріне соққы болып тиді.

Бұл жолы екеуі күн ұзаққа алысып-жұлысып, соңында қара терге түсіп күрзілерімен айқасып, ентігіп шаршағанша арпалысты. Жандарында мал бағысып серік болып жүрген екі төбет ит олардың алысып-жұлысқандарын қызық көргендей айналсоқтап, ара-арасында үріп қояды.

Бір кезде Арсақ ентіге дем алып:

— Ер Көшкін аға, мен шаршадым, дем алсақ қайтеді? — деді маңдай терін сүртіп.

— Жарайды. Онда ана тастың түбіне барып, дем алып, тамақтанайық, — деді Ер Көшкін.

— Құп болады, аға!

Олар төбе жотасындағы үй аумағындай қара тастың панасына келіп жайғасып, тамақтануға отырды.

— Ер Көшкін аға, — деді Арсақ қолындағы жалпақ таяқшамен ортадағы іші кеуек ағаш ыдыстан ірімшіктің бір түйірін алып, аузына салып жатып. — Біз де бір күндері Тарамыс ағадай аңға шығып, аңшы болар ма екенбіз?

Ер Көшкін бір алыс түкпірге ойлана көз жіберген күйі:

— Шығамыз, бауырым. Бізге де сондай күн туар, — деді сенімді түрде.

— Шіркін, сондай күндер тезірек туса екен, — деді Арсақ тамсанып.
Қарындарын тойдырып, көңілдері жайланғаннан кейін екеуі бастарына қапшықтарын жастанып, жата-жата кетісті. Көп өтпей екеуі де қорылдап, тәтті ұйқыға ден қойды. Бауырлар қалың ұйқыда жатқанда, олардың отарына бір үйір қасқыр шапты. Қасқыр тартқан текелердің біреуі жан даусы шыға бақырып оятпағанда, түз тағылары малдарын түгелдей қырып салғандай екен. Екі жігіт тас қуысынан оқ жыландай атқып шыға тастан-тасқа секіріп, отарына жетсе, оншақты қасқыр қойларды дүркірете қуып, азуы тигендерін баудай жайратып жатыр екен. Күрзілерін сығымдай ұстап, бұлар да ұмтылды. Ә дегенше, екі-үшеуін бас-көздеріне соққылап, сұлатып та салды. Ал қалғандары қашып құтылып кетті.

— Арсақ, сен осы жерде отыра тұр. Мен төңіректі барлап келейін, — деп Ер Көшкін інісін қасқыр тартқан қойлардың жанында қалдырды да, өзі түз тағылары келген бағытқа із кесіп жүрді.

Дауыс шақырым жерден қасқыр талауына ұшыраған қос төбет пен екі қасқырдың өлі денесін тапты. Ер Көшкін оларды құйрығынан сүйреп, інісі отырған жаққа қарай тартты.

Екеуі жүрелеп отыра қалып, ит пен қасқырлардың терісін сыпыруға кірісті.

— Қап, біздің ұйықтап қалғанымыз қандай өкінішті! Егер ұйықтамасақ, төбеттеріміз тірі қалар ма еді? — деді Арсақ төбеттердің терілерін сипап.

— Тірі қалар еді. Алаңсыз ұйықтағанымызға мен де өкінемін. Бірақ амал нешік. Болары болды, — деді Ер Көшкін ойланып.

— Бұларды күшік кезінен асырап өсіріп едік қой, қатты аяп тұрмын.

— Мен де.

— Енді Арһар ақсақалға не бетімізді айтамыз?

— Ол жағын алаңдама. Мен өзім жауап беремін.

— Мен де айыптымын ғой.

— Сөзді қой! Сен қойларға қарайсың. Ақсақалға мен жауап беремін, — деді Ер Көшкін көздері ұшқын атып.

*** *** ***

Ағалы-інілі екеуі суық ызғардан, әлде ашу-ызадан болар, жүздері күреңітіп, артта қалып қойған қойларды есесі кеткендей өшіге сабайды. Кешікпей тұратын дүлей дауылды болжап, алдын-ала сақтанған шаралары болар, қойларын ықтасынға асығыс айдап келеді.
Қойларына қасқыр түскені — алғашқы рет емес. Бірнеше қойдың шығын болғаны да басқа төнген бұлт емес. Өйткені олардың еті мен терілері онша бүлінбеген, тайпаластарының ырзығына бірнеше күнге жарайды. Тайпа адамдарына хабарлап тасытып та алған. Екі жігітті айрықша мазалаған нәрсе — барақ төбеттерінің таланып, мерт болуы.

Иттер — бұл тағы заманда өте жоғары бағаланып, қастерлі, киелі жануар саналатын. Негізгі күн көрістері де осы иттердің арқасы, қашқан аңды құтқармайтын — аңшылардың жан серігі. Жан-жақтан анталаған ит-құстан қорғап, береке-байлықтарын күзетуші де — осы иттер. Тіпті кенеттен тиісетін жау шабуылынан алдын-ала сақтандыратын да солар. Осындай жан-жақты қызмет атқара жүріп, көп шығынға ұшырайтын да — осы аяулы жануарлар.

Ер Көшкін қойларды Арсаққа тапсырып, өзі әлгі қасқыр мен төбеттердің терілерін иығына артып, үңгірге қарай аяңдады.

*** *** ***

Үңгірге апаратын жолдың бір бүйіріндегі ашық алаңқайда ұлы-қызы аралас бір топ жасөспірім балалар өздерінше ойынға кіріскен. Ортаға үлкен алау-от жағып, соның айналасында бір-бірінің қолын ұстасып, секіріп айналып жүр. Бір төбет ит те оларды қызық көріп, сырттарынан айналып, үріп-үріп қояды. Олардың жанында етегі ұзындау жеңсіз елтірі күртеше киінген, шашы жалбыраған бір қыз ойынға қосылмай, оқшау, бүрісіп тұрған. Бұл тұтқын қыз Айтолық еді. Айналып жүрген әлгі балалар шеңберін кеңейтіп, оны әдейі соғып құлатты да, ыржалақтап ду күліп, ойындарын жалғастыра берді. Құлап жатқан Айтолыққа төбет ит қана жақындап, аяушылық білдіргендей оның бетін тілімен бір-екі рет жалап, үріп, айналшықтап жүрді. Ер Көкшін оны көре салып, жанына жетіп келді де, қызды сүйемелдеп тұрғызды. Айтолық құлаған жағындағы білегін ауырсынып, сипап, шаңын қақты. Жігіт те оның күртешесінің шаңын қағып, бетіне үңіле қарады. Көз астындағы бір тамшы жасын сүртіп, жұбатқандай арқасынан қақты.

— Қатты құладың ба?

— Жо-оқ. — деп Айтолық басын шайқады. — Рақмет, аға.

Ер Көшкін кенет иығына іліп алған қалташасына қолын салып, бір жуандау өсімдік түбіртегін суырып алды. Оны Айтолықтың қолына ұстатты.

— Айтолық, мұны арнайы саған әкеліп едім, же.

Қыз алғыс білдіргендей иегін бір қозғап, жылы жымиып, біресе қолындағы түбіртекке, бірде жігітке қарап жәутеңдеді. Ер Көшкін де жымиып, саусағымен түбіртекті көрсетіп, «же-же» дегендей қолын аузына апарды. Қыз күлімдеп, түбіртекті қыршып бір тістеп, сүйсіне шайнаңдап жей бастады. Ер Көкшін басын изеп ризалығын танытып, артына қарағыштап қойып, үңгірге қарай аяңдады. Айтолық та жігіттен назарын алмай, оны көзімен қиыла шығарып салды.

Үстіндегі тұтасқан тастары арса-арса жарылған жартастың астыңғы жағынан үлкендігі түйе сыйып кетердей үңірейген тесік қараңдайды. Ер Көшкін аяңдаған күйі сол апанға кірді. Үңгір ішінде екі жерде алау жарқырайды. Қара-күңгірт қабырғалар алқызыл жалқыннан тараған сәулелерден жарқылдап, қозғалған епетейсіз көлкеңкелерден сұсты көрінеді. Ауыз жағындағы алауға әйелдер мен кішкентай бала-шағалар орналасыпты. Олар күндізгі жиып-терген тамыр, көкөністер мен шөптерді, жапырақтарды реттеп, әуреге түскен. Ал төргісінде тайпа көсемі Арһарды ортаға алып, үш-төрт кәрі-құртаң қария отыр. Өзге еркектер аңнан, түздегі шаруаларынан әлі оралмаған. Ер Көшкін алдыңғыларды айналып өтті де, төрге озды. Арһардың қарсы алдына келіп, алақанын жүрек тұсына қойды да, басын иді. Көсем оған басын шұлғып жауап ишара жасап еді, қапталындағы қариялар да сол ырымды қайталады. Ер Көшкін тұрған жеріне тізе бүгіп, иығындағы терілерді көсем отырған жолбарыс тулақтың бір шетіне жайымен қойды. Арһар қасқыр терілерін шетке ысырып, түр-түсі бөлектеу, көбірек зақым шеккен екі теріні суырып алып, тізесіне қойды. Оларды алақанымен бір-екі рет сипап өтті де, қабағын түйіп, басын шайқады. Соңынан жігітке сұстана қарап еді, ол «қандай жазаға да дайынмын» дегендей басын қайта иді.

Әлгі қариялар жердегі терілерді бір-бірлеп іліп алып, жүндерін сипап, шұқшиып жатыр.

— Олардың қарасы қанша еді? — деді Арһар суық көзін Ер Көкшінге қадап.

— Екі қолдай (оншақты дегені). Біз арланы мен төрт бөлтірігін соғып алдық...

— Ал қаншығы басқа үйірді іздеп табады, — деді көсемнің оң жағындағы қария.

— Мол күшпен қайтып келіп, кек алуы мүмкін, — деді көсемнің сол жағындағы қария.

Әлгі сөз кінәсін жууына үміт берді ме:

— Арһар ақсақал, олардың көзін жоюды маған тапсырыңыз. Екі дүр иттің құрбаны болуға әзірмін, — деді Ер Көшкін басын иіп.

Арһар жігіттің сөзін естімегендей біраз мізбақпай тұрды да:

— Жо-оқ! — деп кенет ақырып қалды. — Інің Арсақ екеуіңнің басыңа мына ит терілерін қаптатам! Ал қаншықты оң қолым Тарамысқа тапсырам. Сөз бітті!

Ол иегімен үңгірдің шығар аузын нұсқады.

Бұл үкімді естіген Ер Көшкін іші алай-дүлей болса да, сыртқа сыр бермеді. Тек басын төмен тұқыртқан күйі теріс айналып, келген ізімен кері қайтты.

*** *** ***

Көп кешікпей Тарамыс бастаған аңшылар тобыры да жетті. Олардың олжалы оралғанын көріп, тайпаластары қуанышпен қарсы алды.
Отқа қақталып, үйітілген құланның тұтас денесін епті жігіттер үшкір, қырлы тас-пышақпен мүше-мүшеге бөліп, ер кісілердің, кейін әйелдер мен бала-шағалардың алдына бөліп қойды. Ет жеу рәсімі басталды.

Мүжіліп, етінен арылып, ағарған сүйектер екі ортадағы жалпақ құрбандық тасының үстіне үйіліп жатты. Етке тойып, шөп-шалам тұндырылған сумен шөлдерін қандырды. Соңынан көсем бас болып, қолдарын бастарынан асыра жоғары көтеріп, алақандарын жайды.

Бәрі бір ауыздан қайталайды:

— О, құдіретті Тәңірім, құрбандығымызды қабыл ал! О, құдіретті Тәңірім, құрбандығымызды қабыл ал! О, құдіретті Тәңірім, құрбандығымызды қабыл ал!

Екі жігіт құрбандық тасын көтере ұстап, үстіндегі сүйек-саяқты әйелдер жақтағы оттың үстіне аудара салды. Ал қызыл тілі жалаңдаған алау «шыж-быж» етіп өрши түсті де, құрбандықты қабыл алды.

Табыну жоралғысы біткен соң, ақсақалдар кеңесіне кезек келді. Ал жастар жағы далаға, өздерінше көңіл көтеруге ығысып кетті.
Ақсақалдар кеңесінде тайпа өміріндегі бүгінгі күннің қорытынды оқиғалары, қариялардың ой-түйіндеулері, келер күннің жол-жобасы талқыланатын. Ал соңғы сөз қашанда тайпа көсемінің еншісінде еді.

Арһар жүзін Тарамысқа аударып:

— Мен былай ұйғардым, — деді оған тесіле қарап. — Ол қаншық басқа үйірге, әсіресе Көкбөрінің жүздеген үйіріне қосылмағаны дұрыс. Ұясын жоюды саған тапсырамын. Ертеңнен бастап қолыңа ал.

Тарамыс қолын кеудесіне қояды:

— Құп болады!

— Байқауымша, сен тұтқын қызға көз қырыңды салып жүрсің. Айтолық біздің тайпаның жұртына бойын үйретіп келеді. Егер жолың оңғарылатын болса, оған қам жеме. Иелігіңе берем...

Тарамыс көсемнің соңғы сөзінен кейін жүрегі кеудесіне сыймай, ойы басқа жаққа шарлап кетті.

— Сен мені тыңдап тұрсың ба?

Тарамыс көсемнің сөзінен ойы бөлініп:

— Иә! — деді.

— Онда боссың.

Көсем еркіне жібергеннен кейін, Тарамыс жедел басып, сыртқа шықты.

Сыртта боран толас тауып, себелеп қар жауып жатыр екен. Ол бұл құбылысқа мән берген жоқ, көзімен тұтқын қыз Айтолықты іздеп еді. Қыз алау-отты айнала секіріп, алғашқы қарды тойлап жүрген жастардың арасында болмай шықты. Кейін аңшылар, малшылар қосынын қарады. Онан да табылмады. Енді ол Ер Көшкіннің қотанына бет алды.

Тау қойнауындағы ықтасын жартас түбінде лаулаған от. От басында екеу отыр. Көлеңкелері жарқабақтан зорайып көрінеді. Жігіт ара-арасында күлімдеп қойып, қол қимылымен көрсетіп, бір жайларды әңгімелеп отыр. Қыз да жымия түсіп, әңгімеге ынтыға құлақ түріп қалған. Кенет жартастан дию сияқты қараңдап, үшінші көлеңке шыға келгенде, әлгі екеуі елеңдеп, орындарынан ұшып тұрды.

Тарамыс оларға жақындап барып, от шағылысқан суық көздерімен әуелі Ер Көшкінге, содан кейін Айтолыққа ата қарады:

— Жоғал бұл арадан!

Айтолық оған үрейлене қарап, зәрлі көзінен сескене кейін шегініп, қараңғыға сүңгіп кетті.

— Сен неге менің тұтқынымды оңашалап алғансың?!

— Айтолық сенің тұтқының емес.

— Ол бүгіннен бастап менің иелігімде. Оған енді сен сияқты қойдай қоңыр, төменшік малшылар әулетінен де, керек десең аңшылар әулетінен де ешкім жолай алмайды.

— Сен менің әулетіме тіл тигізбе! — деді Ер Көшкін ызаланып. — Ал Айтолық сенің басыбайлы құлың емес, кімді қаласа, соған жақындайды.

— Әй, Ер Көшкін,сен кім едің маған қарсы сөйлейтіндей?! — деді Тарамыс қаһарланып . — Қазір сені жерге қағып, быт-шытыңды шығарамын!

Ол беліндегі шоқпарына жармасып, ілгері адымдады.

— Мені қарап тұрады дейсің бе?!

Ер Көшкін де беліндегі күрзісін икемдеп, жақындай береді.

Зілдей қарулары сарт-сұрт соғылысып, түнгі жаңғырықпен күшейіп естіледі. Жарқабақта аласұра қозғалған екі алып көлеңке — албастылардың шайқасындай қорқынышты көрінеді. Олар «ырс-ырс» етіп ауыр дем алып, көлеңкелері шапшаң-шапшаң орын ауыстырады. Отты айнала аңдысып, бір-біріне жеп қоярдай тесіледі. Қаруларымен қайта шарпысады. Осылайша олар сүт пісірім уақыт арпалысты. Бір шалт қимыл. Тарамыстың шоқпары Ер Көшкіннің жамбасына жанай тиді. Ер Көшкіннің тістері шықырлап кетті. Ол да жанталасқандай қимылдап, күрзісімен бір-екі жасқап өтті. Ал үшінші соққы Тарамыстың қорғаусыз қалған құлақ-шекесінен осып жіберді. Ол міз бақпай тұрды-тұрды да, кескен томардай жерге «гүрс» құлады.

*** *** ***

Хабарланған тайпа жұрты да ентелеп, топ-топ болып келе бастады. Олар Ер Көшкін мен серейіп сұлап жатқан денені қоршай жиналысып та қалған. Аруақтай ұсқынсыз, кәртеміш бақсы жүрелей отыра қалып, жүрек тұсына қолын қойып байқады да, басын ақырын шайқады. Соңыра ұшып тұрып, таяғына сүйеніп, зікір сала бастады.

Бір уақыт жиналған топ қақ жарылып, тайпа көсеміне жол ашты. Арһар Тарамыстың серейіп жатқан дөңбек денесіне жақындап келгенде, бақсы зікірін тоқтатты.

— Жаны ұшып шығыпты. Мен оны құтты жеріне қондырдым. — деді Бақсы жағдайды түсіндіріп.

Әйелдер дауыс шығара бастап еді, Арһар тыйып тастады.

— Жә, ұлуды тоқтатыңдар! — Жігіттерге қарайды. — Мүрдені әкетіңдер!

Енді ол Ер Көшкінге бұрылды:

— Сен, шірік, өткен ісіңнен сабақ алмапсың! Хайуан! Сені қауымнан алас қыламын! Төрт таманың құбыла! Ит-құсқа жем болып, қаңғырып өлгенің дұрыс. Кәне, жо-ғал!!!

Ер Көшкін басын кеудесіне сылқ құлатқан күйі, ернін қан шығара тістенді. Қос жұдырығы түйіліп,білек бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнап, кеудесі бір көтеріліп, бір басылып, жан қиналысын сездірді.

Осы кезде ауыр тыныштықты «А-а-а-а!!!» деген ащы да жабайы дауыс бұзды. Топ ішінен екі адам жырыла жүгіріп, құр сүлдері тұрған Ер

Көшкінге жармасты. Оның бірі — туған анасы да, екіншісі — бауыры Арсақ еді.

Арһар төңірегіндегі қарулы жігіттерге бұрылып, ақырып қалды:

— Айырыңдар аналарды!

Олар сөзге келмей, сорлы бейбақтарды зорлап ажырата бастады.

Арсақ бауырынан ажырағысы келмей, еңіреген күйі жағаласып бақты.

Ер Көшкін шешесі мен інісінің қолын өзінен ажыратып алады:

— Анашым, жылама, мен тірі болсам, ерте ме, кеш пе оралармын. Ал, Арсақ бауырым, шешемізді саған тапсырдым. Анамызды ренжітпе, ренжіткізбе. Ал менің айыбым ауыр, кісі өлтірдім. Кесілген жаза да соған лайық. Қош, аман болыңдар!

Анасы мен інісі тізерлей жер шөгіп, қолдарын Ер Көшкінге қарай жайып, еңіреп тұрып жылады.

Арһар тағы ақырады:

— Жылап-сықтауды троқтатыңдар! — Арсаққа қарайды. — Сенің де кезегің келер әлі, хайуан!
Ал бұл кезде Ер Көшкін жауырынын жұртқа бере айналып, ілбіп басқан күйі топты жарып өтіп, бірте-бірте қараңғылыққа сіңіп бара жатты.
Қауымнан аласталу — адамдары жартылай тағы көне заманда ең ауыр жазалардың бірі еді. Айнала қоршаған тылсым, қауіп-қатерлі дүниеде табиғатпен бетпе-бет, қорғанышсыз жалғыз қаңғыру — тірі-өлікпен тең. Міне, Ер Көшкіннің басына сондай жаза бұйырып еді.

*** *** ***

Таң сазарып келе жатты. Түні бойы тынбастан жауған қар жер бетін ақ көрпесімен тұмшалап, тыйылған. Тау етегінен жазық қырға қарай көктей өтіп, йт-құстікінен өзгеше бір із түскен. Ол бедерлі ізді қалдырып бара жатқан Ер Көшкін еді. Қайда бағыт алғаны, қай жерге тіреліп тоқтары белгісіз. Тек теңселе басып жүріп келеді.

Ұзын қайратты шаштары мен сақал-мұрты қураған шөптей ұйысып, қар қонып, танауының айналасы сауыстанып кетіпті. Жүзі сұп-сұр, тоңдай безеріп қатып қалған. Қиықша көздері мұз түйіршіктеріндей жалт-жұлт етіп, жылусыз сәулеленеді. Шуда жүнді күртенің кеуде тұсы бір көтеріліп, бір басылып, іштегі ала-құйын аласапыранды жаныштап жатқандай. Сом білектері мен қара томардай балтырындағы бұлшық еттер бұлт-бұлт ойнайды. Ал күжірейген шор желкесі қайтпас қайсарлықты аңғартқандай жалданып көрінеді.

Ер Көшкін өз-өзімен сөйлескендей күбірлеп, бірте-бірте даусы көтеріліп, жігерлі шыға бастады: «Ажалды өлім, жо-оқ, арпалысты өлім! Ажалды өлім, жо-оқ, арпалысты өлім! Арпалысты өлім!!!»

Ол бірте-бірте сылтып басқан жүрісін түзеп, бойын түзу ұстап, айналасына ширыққан көзбен қарады. Бір мезет қырағы жанары дауыс шақырымдай жердегі қыр жотасынан шұбар-ала белдеу болып түскен іздер шоғырын байқап қалды. Тобықтан келетін ұлпа қарды сықырлата жедел жүріп, белдеуге де жетті. Бұл шұбатылған арналы іздер — тарпаң жылқылар үйірінікі болып шықты. Әр-әр жерде шашыраған тезектері әлі суып үлгермеген, болар-болмас буы шығады. Соқталанып жатқан іздер арасынан тәжірибелі көз олардың соңына түскен түз тағыларының суыт жүрісін де айырып алды. Олар да аз емес, бір үйірдей.

Ер Көшкін із сорабын бойлай жедел аяңдай жөнелді. Шамамен екі-үш шақырымдай жерге келгенде, қасқырлар тобының екі жарылғанын байқады. Бір тобы тарпаңдардың соңынан кеткен де, екінші тобы өз алдарына тура тартқан. Ер Көшкін айлалы жыртқыштардың ойын түсіне қойды. Ол қолын күннен қалқалап алға қарап еді, көз ұшындағы бұрыла түскен іздер сорабының оң жағынан биік жартасты тау жотасының көлденең түсіп созылып жатқанын байқады. Ер Көшкін жағдайды саралағандай ойланып тұрды да, іздердің бойымен емес, тау жотасына қарай төтесінен тартты. Қия беткеймен көтеріліп, жақпар тастардың арасымен ортекедей епті қимылдап, өрлеп бара жатты. Кейде қар астындағы босаң тастар тіреу бола алмай, аяғы тайқып, құлап кете жаздайды. Ондайда епті де сіңірлі қолдарымен мығым тұрған бұта не сойдақ тастарға шап беріп, жармаса қалады. Енді бірде жолында жатқан тік жартастардың біреуін айналып өтіп, екіншісінің кертік жерлерін тауып, аяқ-қолдарымен тіреп, епті қимылмен өрмекшідей жоғары өрмеледі. Солайша ол жота биігіне көтеріліп, енді арғы бетінен қайтадан еңіске түсуіне тура келді. Бұл жол да оңай болмады. Тік, қиялы жартастардың арасымен аяқ-қолдарын тіреу етіп түсіп, кейде белшесінен қар кешіп, құлаған қармен төмен сырғып, жоталы бөктерге жақындады. Жотаға шығып, арғы бетіне көз тастап еді, ойлағанындай-ақ, кең қолтықтың түкпірінде мың-сан тарпаң жылқылар үйірі бір-біріне тығылысып, шұрқырасып, қамалып тұр екен. Ал қойнаудың шыға беріс кең дәлізде жүздеген қасқырлар тізбегі шоқиып-шоқиып отырып, қамалап тұр. Екі аралықтағы ашық жер — қозы өрісіндей.

Тарпаңдар үйіріне жақын тұста жетекші көсемдерінің жекпе-жегі жүріп жатыр. Жал-құйрығы қамыстай ақбоз айғыр мен тайыншадай көкжал бөрінің тайталасы. Айғыр мөңкіп, артқы аяқтарымен шарт-шұрт теуіп, бөрінің тас-талқанын шығарғысы келсе, бөрі шалт қимылмен тайқып кетіп, оның алқымына секіріп, шабына жармасып, сұлатып салуды көздейді. Біреуі өмір үшін жанталасса, екіншісі өлім тілеп арпалысуда.

Бұл — тағы табиғат қағидасы.

Ер Көшкін көк жал бөріні бірден таныды.

Ер Көшкін жанында біреу тұрғандай күбірлеп сөйлейді: «Мынау аты-шулы Көкбөрі ғой! Мұның үйірі көрші тайпаның қосынын талқандап, қотанын ойрандаған. Біздің тайпа да бұл Көкбөрінің лаңын ертелі-кеш күтулі еді. Енді міне, сол тажалдың өзі иегімнің астында тұр. Өзім де арпалысты өлім іздеп жүр емеспін бе? Тәуекел! Ең болмаса, мына бейшара тарпаңдардың үйірін қан-жоса қырылудан құтқаруға көмектесейін».

Ол осындай шешімге келіп, ширығып, төңіректі барлап алды. Өркеш-өркеш жартастардың ығымен төмен құлдилап, түйе тастарға жармасып, еңіске түсе бастады.

Ол күрзісін қолына ұстап, жар тасасынан шыға келгенде, бөрі аңдуын сап тиып, күжірейген мойнын бұрып тұра қалды. Ал ақбоз айғыр аяғымен жер тарпып, кейін қарай үрке ығысып кетті. Шығар ауыздағы қатар тізілген торуылшы қасқырлар өре тұрып еді, Көкбөрінің бір-екі «арс» еткені оларды қайта шоқитты. «Мұны өзім-ақ жайғаймын» дегені болуы керек.

Ер Көшкін жақындай түскен сайын, Көкбөрі де аңди басып, атылуға дайындалды. Жігіт те қаруын сай ұстап, бөрінің әр қимылын қалт жібермей, жайлап алға жылжыды. Ол таяқ тастам жерге таяп келгенде, Көкбөрі де серпіле қарсы атылды. Ер Көшкін жалт беріп, күрзісін сілтеді. Қару жанай тиді. Тұла бойы ызаға толып, жан түршіктіре ырылдаған Көкбөрі жер бауырлап тағы оқтала бастады. Ол екінші қарғығанында, жігіт алқымынан қапсыра шап беріп, жамбасына бұлт ете қалды. Әйтпесе бөрінің зіл салмағы мен екпіні оны қауғадай жапырып тастар еді. Екеуі ұмар-жұмар жерге аунады, үй орнындай жердің қарын тапталды. Жігіт алқымнан тастай қатып, екінші қолымен айқара орап алды. Көкбөрі қазандай басын босатуға тырысып, сойдақ тісті азуымен қақшып алардай шап-шап етіп ұмтылады. Сояу тырнақты аяқтарымен осып-осып, жігіттің тері күртешесін түтелеп, санын қанға бояды. Жанталасып, оңайлықпен берілгісі жоқ. Жігітке де тез шара қолданбаса болмайды.

Ол қарулы қолымен қысып ораған күйі, алқымды босатып, күрзіге жармасты. Қақ төбесінен сілтеп, періп қалып еді, Көкбөрінің басы сылқ етті. Жігіт сонда да оны босатқан жоқ. Жерге құлата салса, ана бөрілер өре ұмтылады. Онда шаруаның біткені. Қас қағым сәтте бір әрекет істеу керек. Ақтық мезетте неге екені, Ер Көшкіннің көзі үйірін қорып, тыпыршып тұрған сақа айғырға түсті. Ол жол бастаса, табын соңынан көзсіз ереді. Сонда мына мыңдаған тұяқтар түз тағыларын тулақтай таптап өтеді. Жай оғындай жарқ еткен осы ой оны қауіпті, сенімсіз тәуекелге итермеледі. Ол бөрінің денесін босата беріп, ақбоз айғырға тұра ұмтылды. Жасамыс айғыр адамның тілектестігін сезді ме, әлде жыртқыштардың шабуылға шыққанынан секем алды ма, белгісіз түйсіктің әсерімен кейін шегіне жер тарпығаны болмаса, жалт беріп тайқыған жоқ. Ер Көшкін ширатыла құлаған қалың жалынан уыстай сығымдап, оның шыбын тимеген жонына ырғып мінді. Сонда ғана есін жиса керек, қос аяғын көтере көкке шапшыған. Екі-үш қайтара тағы тулап көріп еді, үстіндегі кенедей жабысқан бәле сырғып түспеді. Енді мөңкіп, аяқтарын теңселе басып, алға ұмтылды.

Тас түйін жабысып алған Ер Көшкін жолында жатқан Көкбөрінің денесін тастап кеткісі келмей, аттың басын жасқай қойды. Ол тұмсығын жалт бұрып, шыр айнала бергенде, жігіт еңкейе беріп, өлі денені жерден іліп алды. Енді бір сәт кешіккенде, шабуылға шыққан қасқырлардың алды жетіп, үстіне секірер ме еді. Ол өзіне шапшып ұмтыла берген бір-екеуін күрзісімен соғып, артынша айғырдың да сауырын сипап өтті. Тәтті етіне қатты нәрсе тиіп үйренбеген тарпаң айғыр ащы бір шұрқырап, құйрығын тік көтере құйындай есе жөнелді. Бір-біріне тығыла тыпыршып тұрған тағы жылқылар табыны жауап бере кісінеп, бас-көзге қарамай, басшысының соңынан бөгет бұзған тасқын селдей лап қойды.
Ол жолында кездескен бөрілерді күрзісімен оңынан-солынан сұлатып, одан қалғанын артында ілесіп келе жатқан қалың жылқы екпіндете таптап, алға қарай құстай ұшты. Сол ұшыртқан күйі әне-міне дегенше қойнауды да артқа тастады. Артына бір бұрылып қараса, мың-сан жылқы жолындағысын тұяғымен талқандап, ілесіп келеді екен. Бұл таңғажайып құбылысты көргенде, Ер Көшкіннің басы шыр айналып, құлай жаздады. Күтпеген қуаныштан есі шығып, еңкілдеп жылап жіберді. Жас балаша көзінің жасын көл қылып жылады...
Ол Көкбөріні алдына өңгеріп, тақымына қысқан күйі қос қолын жоғары көтеріп, айналасына кезек қарап, бар даусымен айқайлады.

— Е-һе-е-ей, қараңдар маған! Мен тұңғыш рет тарпаңды, жылқы түлігін бағындырдым!!! Е-һе-е-ей, қараңдар маған! Мен қайта тудым!!! Қанатты болып, жел-құйын болып тудым! Айбынды болып, өрісті болып тудым! Е-һе-е-ей!..

Ол әне, ұшыртып барады. Әйгілі Көкбөріні алдына өңгерген күйі, кеше ғана өзін аластаған қандас ағайындарына, анасына, бауырына, сүйіктісіне жетуге асығып барады. Ал астындағы ақбоз айғыр ынтыққан жүрекке қанат бітіргендей, ұшқыр аяқтарына ерік беріп, желдей есіп барады...


Пікірлер (1)

Н.Ә.Н

қызық екен

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз