Өлең, жыр, ақындар

Тәуелсіздік - баянды бақытымыз!

Тәуелсіздік!.. Осы бір 11 әріптік сөздің өзіңде қаншама мән-мағына, үлкен бір тарих жатыр десеңізші. Тәуелсіздік- біздің баға жетпес байлығымыз, баянды бақытымыз.Бабаларымыз аңсаған тәуелсіздік бізге найзаның ұшымен, білектің күшімен, жан қиюмен, ақылмен, парасатпен келген қасиетті де киелі ұғым. Тәуелсіздік жолындағы күрестердің біраз бөлігіне көз жүгіртіп көрейік.

Тарихтың тереңіне көз салар болсақ, ата-бабамыз сонау заманнан азат елді арман етті. Ақ Орда, Керей мен Әз Жәнібек бабаларымыз негізін қалаған қазақ хандығы бүгінгі «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» тыныш әрі бейбіт заманда өмір сүру үшін не көрмеді десеңізші?! Тарихтың қай заманың алып қарасақ та, қазақ елі, жері үшін жанын берген. 1917 жылдан бастап Алихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов бастаған «Алаш» партиясының негізгі мақсаты - Ресейге бодан болмай, елімізді кемел ету.

1930-1932 жылдары еліміз ашаршылық құрбаны болып, 9 миллионнан астам қазағымыз қырылды, бірақ ата-бабаларымыз ешқашан еңсесін түсірмей, алға қарай қадам басудан тайған емес.

Одан бері 1941-1945 жылдары мыңдаған отбасы баласынан, бауырынан, әкесінен айырылды. Еліміздің батырлары Отан үшін жан аямай отқа түсті. Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова секілді батырларымыздың қосқан үлесінің арқасында жау талқандалды. Біз тағы да жеңіс тұғырына көтерілдік.

1986 жыл. Желтоқсан оқиғасы. Тәуелсіздік жолындағы сан күрестің соңғы нүктесі қойылды. Бұл көтерілісте ел жастарының тәуелсіздікке деген ұмтылысының іштегі жатқан ызасы, бойындағы намысы атылып шыққандай. Ызғарлы желтоқсан желі өзімен талай бейкүнә жастарымызды алып кетті. Желтоқсан желі қанша жерден ызғарлы болса да, жанымызға нұр септі. Тәуелсіздік алуға деген жарық сәуле пайда болды .Бұл орайда халық батырлары Қайрат Рысқұлбеков, Ляззат Асанова,Сәбира Мұхамеджанова сынды аға- әпкелерімізді еске алмау мүмкін емес. Желтоқсан жаңғырығы бізге Тәуелсіздіктің таңының атуына себеп болды, сондықтан да 1986 жылдағы 16 желтоқсан ел тарихында қасиетті де қастерлі күн.

1991 жыл. Біз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бабаларымыздың арманы, жастардың мақсаты Тәуелсіздік таңы атты. Бүгінде сол Тәуелсіздікке 30 жыл. Осы уақыт аралығында еліміз талай асуларды асып, талай белестерді бағындырды. «Бүгінгі күн- ертеңгі тарих» демекші, біріншіден, еліміздің кемеңгер басшысы тағайындалды. Әлемде теңдесі жоқ

 ...Тәуелсiздiк – ата-бабаларымыздың жүздеген жылдармен  өлшенетiн арман-аңсарының жүзеге асқан ақиқаты.
 Нұрсұлтан Назарбаев

Астанамыз салынды. Ата-заңымыз, көк байрағымыз, елтаңбамыз, ұлттық валютамыз қабылданды. Шетелдермен дипломатиялық қатынас орнатылды. Қазақстанымыз күллі елмен керегесі кең, терезесі тең жағдайға жетті.

Екіншіден, Тұңғыш Елбасымыз қабылдаған «Қазақстан-2050» ,«Қазақстан- 2030» стратегияларының арқасында Отанымыз дамыған 50,30 елдің қатарына енді.

Үшіншіден, еліміз жылдан жылға көркейіп, дамып келеді. Осы тұста Елбасының еңбектерін, халқы үшін жасаған игі істерін тілге тиек етпеу мүмкін емес. Бұл Тәуелсіздік жылдарындағы жасалған ерен еңбектердің бір бөлігі ғана. Өз басым, азат елде туғаныма,дүние есігін ашқалы ешбір соғысты көрмей,осындай дамыған елде өмір сүріп жатқаным Алладан кейін Елбасымыздың даналығының арқасы деп білемін. Осы күндерім үшін ата- баба рухтарына мың да бір шүкір! Мен Тәуелсіз елдің бақытты ұланымын. Мен шексіз бақыттымын! Неге дейсіз бе?!

Себебі: менің Тәуелсіз елім, ана тілім, ата-бабамнан мұра болып қалған киелі жерім бар. Мен үшін одан басқа бақыт бар ма?
Мағжан Жұмабаев атамыз :
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты-
Қырандай күшті қанатты.

Мен жастарға сенемін! - деп жырлағандай, келешек – жастардікі. Менің арманым биік. Мен келешегімнен зор үміт күтемін. Үмітімнің
шырағы сөнбес үшін Сарыарқа төріндегі Қарағанды университетін таңдадым. Тарихи тамыры тереңге бойлаған білім ордасы- талайдың бағын жаққан құтты мекен. Бұл мекеннің ауасын еркін сіміріп, берер білімін бойыма балдай сіңіріп, білікті маман атанып, аққа жақ болу, әділдіктің ақ туының астында өткенді жаңғыртып, кемел болашақ құру.

Олай болса,еліміздің ертеңі, жарқын болашағы, жас журналист ретінде Тәуелсіздік тұғырының мәңгі болуы, еліміздің өсіп-өркендеп, дамуы менің қолымда. Осындай айқын мақсатыммен елімнің болашағының жарқын болуына аянбай еңбек етемін, ата- баба жолын нық сеніммен жалғастырамын. Бойымдағы патриоттық сезім, еліме, жеріме деген махаббат мені алысқа жетелері хақ.

Тәуелсіз елдің ашық аспанында көк байрағымыз әрқашан желбірей берсін!
Жасай бер, қазағым!

Уланова Эльнура Уланқызы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз