Өлең, жыр, ақындар

Құдаларға (құдалыққа) арналған тілектер мен құттықтаулар

Құрметті құда......., құдағи....!
Таудан аққан тас бұлақтың суы қандай мөлдір,
Қандай таза! Сәт сайын жаңарып жатқан ағын суда мін бар ма? Біз үшін сіздердің жандарыңыз да дәл осындай — сәт сайын жаңарып жататын кірсіз әлем!
Баламыздың көңілі құлапты, қызымыздың жаны ұнатты — екі асыл қосылды! Бақ ауысады, ырыс жұғысады деген, жұрнағымыздың жапырағы жайылып, тамыры тереңдегендей! Сіздерге ұқсаған елдің қамын ойлайтын аптал азаматтар болсын, құдалар! Екі үкіміз теңін тапты деп менің жүрегім қуаныштан жарылғалы тұр. Тең-теңімен деген емес пе! Осы қуаныш тілегімді «Бәрін сәтімен орайластырған Жаратушы баянды бақыт берсін» деп аяқтағым келеді. Дәмнен, сусыннан, тағамнан алыңыздар!

*** *** *** ***

Арнау

Арықтан су ағады шыр айналып,
Нәсіптіге мал бітер бір айналып.
Жастығыңның шағында ойна да күл,
Кім бар кім жоқ келгенше қайта айналып.
 
Қайырмасы: Құдажан жорытқанда жол болсын,
Құдағи дастарханың мол болсын.
Алланың шапағаты тие берсін,
Бізден тілек сол болсын.
 
Тал мен қайың жарасар тал мен қайың,
Денсаулықта кім ойлар ауру жайын.
Осы отырған қызықты ойын-тойда,
Көмейден ағызайын тілдің майын.
 
Қайырмасы
 
Құда жаңа, болды енді туыс жаңа,
Сыңғырлайды шырқасам үнім дара.
Мұнда айтпаған өлеңді қайда айтамыз,
Шырқайықшы іркілмей осы арада.
 
Қайырмасы

*** *** *** ***

Құдалық тілектері

Құдай қосып құда болдық!
 
Құдалар келді!
Қарсы алып жүгір, ағайын
Гүл менен биге ораңдар бүкіл маңайын!
Алдынан шықсын Аталар мен аналар,
Ақ қырау шалған самайын!
 
Күмбірлеп күй мен жаңғырып жаңа ән ойналсын,
Отыз күн ойын,
Қырық күн тойың тойлансын!
Жайылып жастық, иіліп төсек болайық,
Құдалар Аты байлансын!
Құтты да болсын,
қарсы алған құдаң гүлдермен,
жандар деп жатыр тәрбие көрген, үлгі өрген.
Асауды — ноқта,
Құданы құдай қосады,
Баянды болсын қызықтарыңыз бұл көрген.
 
Баянды болсын,
Бақ болып келсін келінің,
Арқалап келген бір елдің ұят, сенімін.
Ұлағатты жермен
ұластырсам деуші ең ұлымды,
түсті ме, көке, орнына бүгін көңілің.

*** *** *** ***

Жаңбыр жауар бұлт келгенде түйіліп,
Сөйлейді ақын бір Аллаға сыйынып.
Сенің-дағы келіп отыр тойыңа,
Алты Алаш ел — алыс-жақын жиылып!
 
Тоймен бірге жасап жатсын құдалық,
Тұңғыш ұлға түсіпті ару-бұғалық.
«Көп тілегі көл болады» деген бар,
Жас келінің дана тусын бір алып!

*** *** *** ***

Қош келдің құдай қосқан құдаларым,
Төрімде не десең де құп аламын.
Бір жүріп, бірге тұрып қызықтайық
Өмірдің енді келген нұр-алабын!
Құдалар өрлеңіздер төрімізге,
Қарап тұр екі рулы ел — бәрі бізге!
Жетейік кәрілікке сыннан өтіп,
Сыйластық қалсын мәңгі өңімізде!

*** *** *** ***

Тәтті үміт болып болашаққа жалғасқан,
Ерекше екен алғашқы арман, алғашқы ән.
Құда боп келген — қадамы құтты ел болсын,
Құдаларымыз
Бақ — өзен болсын арна ашқан.
 
Үйленіп жатыр,
қырдан да дүрмек, ойдан кеп,
Жақсы жандарға айқара құшақ жайған көп.
Есітіп жатырмыз —
құдалардың бұл түп тегі,
Аймандай ұл-қыз
Тудырған текті Жайдан деп.
 
Кімдер де болса ел екен етек-жеңі кең,
Қазақ даласын желпінткен алған демімен!
Ұлыларға тән ұнасымды болған құдалық —
Құдай бұйрығы,
Терезе түсті теңімен!

*** *** *** ***

Қазақтың бір сөзінің қатесі жоқ;
Алдымен бауыздау құда, кейін қылауы түспеген құда, сосын белгілі бел құда, кейін Абай жарықтық қаһарлы қысқа теңеген кәрі құда болады екен. Абай атамыз кәрі құдадан қаймыққан, санасқан. Себебі кәрі құда іші-бауыры араласа келе бауырына  айналып барлық сырын біліп қояды. Шынымен білек сыбанып кіріссе — біліп айтады, батырып, жаныңды ауыртып, бетті тіліп айтады. Яғни, дос болып жылатып айтады. Абай — дана міне осы құданы айтқан.

*** *** *** ***

«Жігіттің үш жұрты болады» деп жатады. Дегенмен жақсы болса құдаларың да бір жұртың екені Айдан анық. Ақылды құдаң — құрдасың, ақылды құдағиың — сырласың емес пе?
Құрметті, қымбатты құдалар! Қазақтың «Асауды — ноқта, құданы — құдай қосады», «күйеу — жүз жылдық, құда — мың жылдық» деген нақылында бір мысқал қоспа сөз. Біз де құдай қосып құда болдық, ...........! күйеу бала мен келіннің — екі жастың ғұмыры жүз жылдық болсын! Құдалығымыз мың жылдық болсын!

*** *** *** ***

Байлық, дәулет, бақыт туралы әңгіме қандай көп.
Сондай бірінде «Бай — байға құяды, сай — сайға құяды, шұқанаққа түк жоқ» депті бір ел ішінде жүрген елеусіз Дана.
Екінші бір Дана «Бай мен бай құда болса арасында дәнекер болып жорға жүреді, кедей мен кедей құда болса арасында дәнекер болып дорба жүреді, бай мен кедей құда болса бір-біріне қарай зорға жүреді» депті.
«Барлық не дегізбейді, жоқтық не жегізбейді».

Ұл-қызымыз «тереземіз тең» деп қосылса — не тұрыс бар, ендеше төскейде малымыз қосылсын, сырласып жанымыз қосылсын!
Досымыз қуанып, дұшпанымыз тосылсын!
Егіз арна қосылды — аяғы теңіз болғай! Бауда ойнаған екі құлынымыз бір ноқтаға бас сұқты — аяғы сегіз болғай!
Біздің ұлымыз — Сіздікі, Сіздің гүліңіз — біздікі! Барша гүлдің сыйлайтын ләззаты — бір, сұлулық.Ұл-қыз —перзент, ортақ немере сүйіп қуанышымызды бір етелік!
Көзіміздің ағы менен қарасы қос қошақанымыздың бақыты үшін келіңіз, төс түйістіріп құшақтасайық, құдалар!

*** *** *** ***

Бекзаттарым-ай, Жекжаттарым-ай,
Жекжат болып ауылыма кеп жатқаның-ай!
"Бала бақытын қыздан іздейді,
Қыз бақытын түзден іздейді"

деген екен дана бабаларымыз. Біздің қызымыз бақытын сіздің шаңырақтан іздеп келді. Үлпілдеген үкіміз бізден — өтті, сіздерге — жетті."Жібекті түте алаған жүн етеді" дейді. Жүн етсеңіз де, гүл етсеңіз де еңдігі жауапкершілік — Сіздерде, құдалар!

*** *** *** ***

Құда түсу

Жақсы қонақ келсе, құт келеді» — дейді. Ал, көршілер, арқан тартып, шашу шашып, қонақтарды қарсы алайық...
Келген қонақтарға  арқан тартылып, шашу шашылып дастарқан басына жайғасып отырады.
Осы үйде той болғалы жатыр деп естідік. Құрметті үй иелері сіздің үйде айдай сұлу, нәзік, ажары — көркіне сай қыздарыңызға біздің үйдің бой десе бойы, ой десе ойы бар, білімі жоғары, біздің үйдің сал — сері жігіті сөз салып жүр екен. Сіздерде лашын бар, бізде сұңқар бар. Сол лашынды сұңқарға ілгізгелі келдік. Ата — бабамыздың дәстүрінің негізін сақтай отырып туған — туысымызды, көрші — қолаңымды жинап,  сіздің қызыңызға құда түсіп, алдарыңыздан өтуге келдік. Жастар бір-бірін ұнатып, шаңырақ көтеруге бел буыпты,  неге бізге осы екі жастың ниетін қолдамасқа. Бізді құп көрсеңіздер құдандалы болайық!
— Құрметті, құдалар! Атамыздан қалған: «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Алдағы құдалығымыз баянды болсын деп өлтірі әкелдік. Соған батаңызды беріңіз.
 "Өлі — тірі" — өлген аруақтарға арнап союға, етін елге үлестіруге арналған мал. Бұл арадағы өлі мен тірінің айтылуы: «Алдағы құдалық баянды болуы үшін екі жақ өлі мен тірінің алдында ант етеді» дегенді ұғындырады. Бұл малды бөгде біреу алады. Өлтірі өтіп болған соң екі жақ бірін — бірі құда дей берулеріне болады.
 
Ал, құдағи! Орамал тон болмайды, жол болады демекші сіздерге азын — аулақ әкелген сыйымыз бар еді, соны ұсынуға рұқсат етеңіздер» деп, ең бағалы кәдені қыздың әкесіне, содан кейін құдағи, құдашаларға үлестіреді. Содан кейін  қазақ халқының салты бойынша қыз балаға болашақ енесі белгі ретінде сырға салады.
Қыз бен күйеу баланың әжелері ақыл-кеңес, өсиет сөздер айтады.
Ал, құлыным, қазақтың «Күтімді болам десең, жаңа отауға түс» деген сөзі бар. Құрғалы отырған отауларыңның  шаруасына икемді бол. Оқыс мінез көрсетпе, тазалық сақта, бауырмал бол, сабырлы-салмақты бол, ата-анаңның ел-жұртыңның сенімін ақта, жаманат келтірме. Ол үйде мен сияқты әжең бар. Сол әжеңе сүйкімді келін бол. Ал құдағи, «ырыс алды — қыз» дейді ғой. Біздің қызымыз сіздің үйге тек бақ-береке әкелсін.
Құдағи «Келіннің өнегелі болуы енеден» деп бұрын шешем айтып отыратын. Өзімнің енем сондай бір салмақты, өнегелі, өмірден көрген, түйгені мол адам болатын
 
Я, Тәңірі-құдірет
Мал-бастарын аман ет.
Бастарына бер бақыт
Асына бер берекет
Өмір-жастарын ұзақ ет
Ұрпақтарын асыл ет!
Көрмей өссін қасірет
Өмірдегі жақсылықты
Дәл осы үйге нәсіп ет!

*** *** *** ***

Әкелердің әңгімесі /Құда түсу

Құдалықтың ең қызықты сәті — екі әкенің келісуі, өзара ымыраға келуі (ең басты мақсаты). Ұлдың әкесі: ал құда-құдағилар сіздерде қыз, бізде ұл дегендей, осы екі жастың арқасында бәріміз танысып білісіп жатырмыз. Қыз деген жат жұрттық, құдеке қызыңызды жылатпаймын ешуақытта, өте бақытты болады деп сенемін. Енесі өте жақсы адам, біз де қыз беріп, қыз алысқан адамдармыз. Әр ата-ана ұлын емес, қызын ойлайды екен бірінші кезекте “қызым жақсы жерге барса екен, барған жерінде жыламаса екен, аралары жақсы болса екен” деп. Ал енді ата салтымызбен, өз жөн-жоралғымыз, мынау енді қыздың қалың малы (конверт), қасында бір қойы, бір қап қант бар, арамыз тәтті болсын деп ырымдап әкелдік. Разы болыңыздар, құдалығымыз құтты болсын! Қыздың әкесі: Қазақта сөз бар “дүние адамға бітеді” деп, дені сау болса бәрі болады. Орамал тон болмайды, жол болады демекші, бұл енді жолы ғой, аз беріп көп бергенде одан ешкім байып кетпейді. Қыздан алып байып кеткен ешкімді көрген емеспін. Терезеңмен тең дейді, оның бәрі бізге керегі жоқ, екеуі бақытты болса, бізде де асып бара жатқан дүние жоқ, сіздер сияқты момын жандармыз. Екі әке төс қағыстырып, құда болады. Айналасында отырған жиылған жұрт, “құдалық мың жылдық болсын” деп тілектерін білдіріп жатады.

Назар аудар:

Құдаларға тілек

Еділ мен Жайықтың құдалығы

Құдалықта


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Алмас

Әлемдегі барша құдалар аман болсын

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз