Өлең, жыр, ақындар

Немере

Жолаушылар таситын жүйрік пойыз «жүйрік» деген атын ұмытып қалғандай. Жүргенінен тұрғаны көп. Түннің қай мезгілінде ояна қалсаң да айдалада үн-түнсіз қаңтарылып тұрғаны...

Купе терезесінен қарап, көзге түртсе көргісіз қараңғылықтан елсізде тұрғанымызды байқадым. Әлденеше уақыттан соң жарыса-қосарланып келе жатқан екінші қатарлас жолдан көкірегі қарс айрыла ауыр күрсіне гүрсілдеп, қарсы бағытты бетке алған бір пойыз доңғалақтарын үсті-үстіне ерсілене тақыр-тұқыр, сатыр-сұтыр еткізіп тұсымыздан жөңкіліп өте шықты.

Орнынан жылжи қозғалған біздің электровоз вагондарын ірке-тарта жолға шықты. «Енді заулайтын-ақ болар» деп жатып көзім ілініп кеткен екен. Енді бір сәтте әлдеқандай бір үлкен станцияның тұсынан ілби қозғалып бара жаттық. Терезеден түскен шақырайған прожектор жарығы мен дабыр-дұбыр алыстай түсіп, вокзал тұсынан өте бердік.

Купе есігі асығыс ашылды да жолсеріктің әлдекімге «осында жат, бірден жатып қал» деп нығарлай сыбырлаған даусы анық естілді. Қатар тұрған орынға біреудің іргеге қарап қырынан жайғасып жатқанын көзімді сығырайта ашып көріп жатырмын. Көңіл бөлмедім дегенмен, жаңа жолаушының бос орынға киімшең қисая кеткеніне еріксіз назар аудардым. Тым болмаса, төсеніш төсенбегеніне қарап, «ішіп алған ба» деген ой келді.

Енді бір сәтте терезеге көз салдым. Таңғы алакеуімде шағын бекетке жетіп тоқтаған пойыздан түскен бірен-саран адам ұйқылы-ояу, соқпақ жолмен қараң-құраң етіп, бекет үйінен алыстап барады. Тыныштық. Пойыз қайта қозғалды. Ол бірте-бірте күншығысқа бүйірлей бұрылып, бағытын өзгертті. Терезеден таңғы шапақпен айналаны болжайтындай жарық түсті. Қарсы іргедегі орында ұйықтап жатқан жаңа жолаушыға көзім түскені сол еді, «қайдан көріп едім» деген сұрақ еріксіз ойыма оралып, ұйқым шайдай ашылды. Ол шалқасынан түсіп, әкесінің төріне жайғасқандай алаңсыз ұйқы соғуда.

Ойыма қайдағы-жайдағы оралып, өз-өзімнен тіксініп қалдым. Ұйқы ашылып кетті. Купенің шағын үстелінде тұрған кесе-шәйнекті ақырын ығыстырып, үстелге төселген газеттің жалаң бетіндегі үлкейтіп түсірілген суреттен қарап тұрған жігіттің жымиысынан кекесін байқалады, көзқарасы адам сескенерліктей уытты да зәрлі. Дереу ыдыс-аяқтың бетін орамалмен жаба қойдым.

Ұзақ жолға шығардағы «ұйқы қандыру» дегенім жайына қалды. Мазасыз түннен әбден берекем кетті. «Қаржы саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп іздеуде жүрген адам шынымен осы ма?» Бойымды әлдеқандай үрей шарпып өтті. Әлгі газеттің жалаң бетін ылдым-жылдым жинап алып, төменде тұрған сөмкеме тыға салдым. «Маған не істей алады бұл?!» деп, үрейге берілген бойымды тез арада жиып үлгердім.

Бұл жігіттің төңірегіндегі алып-қашпа сөздің шыққанына талай уақыт болды. Бұған дейін мән бермеппін.

...Оның аты-жөнін алғаш атасынан естігенмін. Содан бері арада жиырма жылдан астам уақыт өтіпті. Ол кезде бұл жігіт мектеп оқушысы болатын. Немересінің Алматыдағы жоғары физика-математика мектебіне оқуға қабылданғанын мақтанышпен айтып еді ақсақал.

Атақты астықты өлкеде шаруашылық басқарып жүрген қадірлі азамат төрт жасар тұңғыш немересін ауылда тұрғанына қарамастан, астанадағы (ол кезде Алматы) саусақпен санарлықтай қазақ балабақшасының біріне әкеліп орналастырғанын, бәйбішесін бала-шағалары мен өзге немерелерінен бөліп, тұңғыш немересі — төлбасының «жағдайын жасау үшін» Алматыға көшіріп әкеліпті. Біз бұған қайран қалғанбыз. Бар беделін салып жүріп, көсем атындағы даңғылдың бойынан бір бөлмелі пәтер алған екен. Енді ол пәтерін ауыстырып, физика-математика мектебінің ауласына қарама-қарсы үйден екі бөлмелі пәтер алып та үлгеріпті. Немересінің қала көлігіне уақытын шығындамасын дегені.

Ауданның партия комитетінің хатшылығына ауысқанына да біраз жыл болған көрінеді. Беделді, іскер азамат. Мен қызмет істеп жүрген баспаның белді авторларының бірі еді. Келген сайын жастарға өмір пәлсапасынан қызықты ойларын айтып, әңгімелері жарасым табатын. Ол кісіні көргенде үлкен-кішіміз түгел қуанып қаламыз. Алдымен үлкенінен төмен қарай сатылап басшыларға кіріп сәлемдесіп шығатын... Әсіресе, қолжазба қараудан қысы-жазы бас көтермейтін баспа редакторлары бір сергитінбіз.

Баспамыздың өзіндік ерекшелігі — ауыл шаруашылығына қатысты әдебиеттер мен осы сала студенттеріне арналған оқу құралдарын шығарады. Бірен-саран ғана көпшілікке арналған тұрмыстық кеңестер, табиғат ғажайыптарына арналған қызықты кітаптар жарық көреді. Ол кезде оқырмандар тарапынан сұраныс жоқ деген желеумен Жоспарлау бөлімінде отырғандар қазақ кітаптарына тираж белгілегенде беттері бүлк етпестен өгейлік ететін. Немесе кітаптың іші-тысын безендіруге қаражат бөлерде... әйтеуір бір бұлтартпайтын сылтау тауып, баспа басшыларының «көзін жеткізе» қоятын. Жоспарлау бөліміндегі сары шашты келіншектердің «ептілігіне» таң қаласың. Мекеменің ішкі құпиясы болып саналатын осындай сырымызды да іскер әрі жанашыр ағадан жасырмаушы едік.

Бұл істе де авторымыз беделін пайдаланып жоғары жақтан баспа басшыларына қоңырауды астыртын түсірте қоятын. «Қолды қол жуады». О жақтың қоңырауы жерде қалмайды. Үлкен басшымыз бұл жолы «жоспаршылардың» «көзін жеткізеді». Бірен-саран қазақ тіліндегі тәуір кітап осындай әдіспен дүниеге келіп жататын...

Ақсақал шаруашылық саласын былай қойғанда, қандай тақырыпқа болса да қалам тартуға икемді, баспасөз ісіне белсене қатысатын жауапкершілігі мол әрі еңбекқор авторлардың бірі. Өмірдің қас-қағым сәтін мәнді өткізе білетін үлгісіне қызығатынбыз. Өлең жазатын, әуен шығаратын өнері де болушы еді.

Ерекше жаратылған тұлға. Әсіресе, отбасына, балалары мен немерелеріне ықыласын айтсаңызшы!! Олардың болашағына өте мән беретін. Ол кісіні нағыз әке, қазіргі заманның азаматы деп қатты қызығатынбыз.

...Көп кешікпей аумалы-төкпелі заман туып, қоғамда қайта құрылу басталды.

Жалаң қылышын жалаңдатып нарық келді.

«Балапан басына, тұрымтай тұсына» деген алмағайып кезеңде кімді кім іздеп жарытады?! Әркім күнкөріс, отбасын асырау қамымен қолынан келген іспен шұғылданып, оған да етіміз үйрене бастады.

Уақыт жүйрік. Бала оқыту, перзентіңді заманға лайық адам етіп тәрбиелеу де ол жылдары оңайға соққан жоқ. Өйткені, бұрынғы қалыптасқан дағдыдан ауытқу тек тұрмыстық жағдайда ғана емес, жалпы қоғамдағы, адам психологиясындағы, білім беру, денсаулық, сауда жүйесіндегі түбегейлі өзгеріс қоғам мүшелерінің ешқайсысын тыс қалдырған жоқ.

«Керуен кері айналса, ақсақ түйе алға шығады» деген. Бір кезде нашар оқыған, білімге құлықсыздар арасынан небір іскер жандар суырылып шықты. Небір ғылым кандидаты атағы бар жігіттер немесе білгір дәрігер, т.б. мамандық иелері шағын базарлардан «орын» сайлап, күнкөріс қамымен кетті. Күні кеше ғана қоғамда қалыптасқан «алыпсатар», «саудагер» деген жиіркенішті ұғымдар тонын теріс айналдырып киіп, «коммерсант», «бизнес иесі» болып шыға келді. Жан-жағына шікірейе қарайтын ат төбеліндей шағын топтар «ықыласқа, мәртебеге» ие бола бастады.

Бірқалыпты өмір сарынына үйренген, рухани құндылықты қадір тұтқан, әсіресе, өнер, білім саласындағы зиялы қауым өкілдері қатты дағдарған кезең туды. Ал, қолынан сауда-саттық келетіндер шекара асып, тауар тасып дегендей, ілезде тұрмыстарын түзеп үлгерді. Ол жылдары қытайдың ала дорбасы атанған шатыраш сөмкелерді базарда, автобуста, пойызда, кез-келген жерде көруге болатын еді.

Өтпелі кезеңде тұрмыс тауқыметінен қажып, зымыран уақыттың жалына жармаса алмағандар отбасын сақтай алмай, тоз-тоз болып кетті. Әлеуметтік жіктер пайда бола бастады. Солардың бірі — «бомждар». Сүттей ұйып отырған отбасынан безіп «құдайға құлшылық қылуға» сытылып шыққандарға да еш уәж өткізе алмайтын рухани дағдарысты бастан кешіре бастадық. Бұл да болса санадағы сансыраудың нәтижесі. Біреулер бизнестегі «жолымды аштырамын» деп, талай адамдар «бөтен отбасына кетіп қалған отағасын қайтарып аламын» деп, ақ-қарасы бар, «магия» іздеп сандалды. Кітап сөрелеріне «Черная, белая т.т. магия» деген том-том жаңа басылымдар қаптап шыға бастады.

Жаңа заманға ілби басып ілесіп, әйтеуір, қатардан қалмаудың қамын істеп бақтық.

Кейінірек, ақпарат құралдарынан, баспасөз беттерінен соңғы жаңалықтарды, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы елдегі алғашқы қадамның жетістіктерін, заманауи өзгерістерді, билік басында пайда болған жаңа есімдерді еске сақтай бастадық.

«Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та, бар, қалан» деген. Бір кезде атасы аузынан тастамай жүрген немересінің білімді азамат, қоғам қайраткері болғанын естіп, сырттай сүйсініп жүрдім...

Ал, бүгінгі кездесу — күтпеген кездесу. Үстінде түймесі ағытулы иіні түскен шатыраш жейде. Аяғына сүйретпе тәпішке іліп, елеусіз жандай жүрісі мынау...

...Атасымен осыдан оншақты жыл бұрын қажылықтан қайтқан сапарында Алматыда аялдаған сәтінде бір кездесіп едік. Өткен-кеткен жәйттерді қозғап, ортақ таныстар жайында әңгімелескеніміз есіме түсті. Құрметті демалысына шыққан соң шығармашылықпен айналысып жүр екен. Немерелерінің біріне қоңырау шалып, баспадан жуырда жарық көрген кітабын алдырып, маған сыйға тартты. Сол жыр жинағынан есте қалған мына бір шумақ ойыма орала кетті.

«Отанының күні ертеңгі қорғаны
Әлпештеген немересі — тәттісі
Кісілікті мұрат қылса — ізгі арман,
Ел бездірген сұм болмаса болғаны!!!»...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз