Өлең, жыр, ақындар

Тісті бақа

Біздің өңірде «сау бол» деген тіркес — «рахмет» дегенді білдіреді!

Алматыдан үш күн жүріп, ақыры жеттім-ау, ауыл таяқ тастам жерде.

Екі сағаттан кейін ауданнан ауылға қатынайтын автобусқа да аяқ іліктіріп қалармын деген үмітім есек-дәме болып шықты. Аялдамада сарыла күттірген көлік те көз ұшынан қылаң берген. Төбе басынан сары автобустың тұмсығы көрінгенде аялдамаға тас-түйін жиналған жұрт ала шаңды бұрқырата, ойқы-шойқы жолмен екі бөксесіне кезек ырғала келіп тоқтаған көлікке бірін-бірі итерісе-жығыса лап қойды. Қаусырмалы есігін әзер жапқан сары автобус ыңырси қозғалып, ілестіріп әкелген шаңы мен жанған солярка түтініне көміле алды-артына қарайламай безіп бара жатты. Қырқадан әрі асқанда тоңқаң еткізіп артын бір сілкіп алды да көзден ғайып болды.

Мен болсам, зілдей сөмкемді орнынан да қозғамастан аузым ашылып сол орнымда тапжылмай, автобус кеткен бағытқа қараған күйімде шаң қауып қала бердім... Қасыма келіп тоқтаған «ХЛЕБ» деген жазуы бар бүркемелі машинаның кабинасын ашқан бала «Апа, Жыландыға баратын ба едіңіз, ала кетейін!» деді.

Әлгінде ғана құдды ертегідегі Жыланбабы ханның жерасты мекеніне түсіп кеткендей шарасыз күйде қалған маған бұл көрініс ертегінің сәулелі үмітін жаққандай әсер етті. «Иә, иә, қалқам...» деп, абыржи абдырап сөмкемді көтермекке мықшыңдай бастап едім, «қазір, апа...» деп әлгі бала шып-ширақ қимылдап, сөмкемді де, өзімді де кабинаға жайғастырып, рөлге отырды. Жолға шықтық.

Жүзі бал-бұл жанып, күлімдеген көздері жылыұшырайды.

— Кімнің баласысың, Жыландыда тұрасың ба?

— Еділжанның екінші баласымын — Беріктаймын, апа, танымай қалдыңыз ба? Мен сізді бірден таныдым!

— Өркенді бол, қарағым!

— Біздің ауылда наубайхана жоқ. Дүкенге қалаш нан Жетігеннен әкелінеді. Нан таситын мәшина күніне екі рет қатынайды.

Әкесінің атын атағаннан-ақ жігіттің әкесінен бұрын әжесі есіме түсе кетпесі бар ма. Мен осы үлкен кісілерге жақын екенмін-ау!..

Иә, иә, арқа жақтағы көрші әже!... Соның әлгі «тісті бақасы!». Есімде ғой...

...Арқа жақ көшедегі қарама-қарсы үйден шыққан көрші әже күннің күншығыстан шығатынын ұмытып қалған сыңайлы... Батысқа өрістеген көп бұзауға бұзауқандарымды қосып қайтып келемін. Үйге асығып келе жатқам. Ал көрші әже болса, күннен көлегейлегендей маңдайына алақанымен күнқағар салып көзін сығырайта мені тосып тұр:

— Қарл-лағым-ау, атың кім еді, иә-иә, айтқан екенсің-ау, кещеге айналып барлам ба, кім білсін, кешірл, қарлағым, кешірл, бұзау айдап барла жатқаныңды көрліп, алдыңнан шығайын дедім де, өрліске бағыт алған мал да болса тірлі жан иесі ғой, жолын кес-кестемейін деп, кідірлгенім ғой.

— Сау болыңыз, шеше!..

— Өзіңді күтіп тұрлғаным. Айып етпе, қарлағым көрлші. Жас та болсаң естілігіңді айтып әлгі жамандарлыма күнде мақтаймын өзіңді!.. — Алдыңнан шығып, самбырлап тұрған ақ шашты әжейдің қасынан «асығыс едім» деп өте шығуға дәтім жетпеді. Оның үстіне мені ылғи мақтайтынын айтып тұр...

— Сау болыңыз, Шеше, сәлем бердік!

— Сау бол шырлағым, сау бол, әлгі біздің үйдің «тісті бақасын» көрлмедің бе?

— Шеше, ол қайсысы еді? — деймін. Дейтін себебім көрші әжемнің жалғыз ұлынан сегіз немересі бар. Үйелмелі-сүйелмелі сегіз ұл! Алдыңғы жылы қырдан көшіп келіп, біздің үйдің арқа тұсындағы көшенің басынан шағын зілмәңке салып, қоныстанған. Көшіп келгелі екі рет тыштырмаға шақырды әжемдерді.

Көрші әженің шалғайдағы отарда қой бағатын жалғызы үй-ішін көшіріп әкелген соң үйреншікті кәсібін жалғастырып, қырға сыбай-салтаң өзі кетіпті. Шиеттей бала-шағамен әйелін шешесіне аманаттап, көмекші шопандыққа сегізіншіден кейін СПТУ-ға жолдамамен кетіп, оны бітірмей тұрмыс құрған Жәдігер мен Әлиманы алыпты деп нағашы әпкем айтқан. Жаңа көршіміздің сегіз баласының екі үлкені интернатта жатып оқиды екен. Әжелері оқудағы немерелерін сағынғанын сылтауратып орталықтан шықпай қойған соң, үйін көшіріп әкелуге мәжбүр болыпты. Енді балалар интернаттан емес, сабаққа үйден қатынайды. Әжейдің де көңілі тоқ... — деген ауылдың жаңалығына қашан да қанық жүретін нағашы әпкем. — Келіншегі болса енесі апталап орталыққа кеткенде емізулісі, тәй-тәй тұрғаны, естиярға жете қабылы бар, ұсақ балаларымен Еділжанға көмекші болмақ тұрғай, нан илеуге де мұрғасы келмейтін көрінеді...

Көрші әже... бір жолы өтелші Шәймұрат ағаның үйіне шілдеханаға кеткен, келіні Ақмамық менің анама келіп «кіші қызыңызды бала бағуға жібере тұрыңызшы, нан илеп алайын деп едім, енем кешігіп жатыр» деп мені сұрап алған. Мамам болса, «барып келе ғой, бөпелерін жұбатуға көмектес те, нанын илеп болған бойда үйге кел» деген. Мамам қызық өзі, үйге келмегенде не бітіреді екем, кісінің үйінде?..

— Әлгі «тісті бақа» ше? — көрші әжем әңгімесін баптай түсіп, — Берліктайды айтам. Екінші ұлды. Үлкен немерлем Серлік қой, ол адам сияқты. Үшіншіні бітірледі биыл, пионерлге өткізді деп мәз болып келді. Сен де осы мектепке барласың ғой, ана жолы мұғалімін көрлгем, мақтай жөнелді. Үлкенінен үміт барл, барл... Ал, мынаусы барл ма, түбінде көрлесіні осыдан көрлмесем неғылсын? — көрші әже жуық арада жіберетін емес мені. Білегімнен тас қылып ұстап алған. Мен болсам, мектепке баратын уақыт болып қалды-ау, деп уайымдай бастадым. Мектеп үйге тиіп тұрғанмен, формамды киіп, ертеңгі шайымды ішуім керек... Оның үстіне пионер галстугімді дәл кетерде үтіктемесем, кешегі түйіннің орны мыжғырланып тұрады емес пе?

— Иә, әже, — деймін, ойымдағыны айтпақ ниетпен.

— Иә, иә, шырлағым, атың кім еді, ие өй-бу құдай атқанда, айтып едің-ау... әлгі «тісті бақаны» қайақтан тапсам екен. Сабағы түсқайта ғой, ізім-қайым болды да кетті... Көзін тырлнап аша салып қайда құрлып кеткенін... Сол еді ғой, шешесі нан илеп болғанша бесік терлбете тұрлатын. Күн шыға салысымен нанын илеп ашытып қоймаса, қамырл ашып, оны жаңғыз табаға пісірлем дегенше кеш түсіп те үлгерледі.

Әжейдің сөзін бөліп:

— Біздің үйдің нан жабатын табасын ала тұрыңыз, екі табамен тезірек... — деймін, мәселе осымен шешіле кетсе, көрші әже мені босата қоярдай. Оным бекер болып шықты. Әңгімеге қосымша тақырып тауып бергенімді байқамай қалдым. Ендігі жерде көрші әжем:

— Баламысың деген, — арқамнан қағып, күліп алды, — Біздің үйіміз әншейін лекерлеп отырған жерл кепенің есебі емес пе? Далаға қазандық салуға қол қысқа. Екі табаны көметін қазандық бірлеу, ол да ауыз үйдегі аядай жерде. Оның да қайбірл аузы абажадай дейсің... оны кеңейте қоярл едің, бірл қадам әрлі аттасаң — төрл, бірл қадам керлі аттасаң — есікке тірлелесің ғой, қой, қарлағым, сенің басыңды ауырлтпайын, иә, әлгі... оның үстіне алдыңғы пісірлілгені суып үлгерлгенше жейтін ауыз аңдып отырлған жоқ па? Қазірлгі балларлдың қорлегі нан ғой. Жаңғыз сиырлдың сүті шәйдан ауыспайды, көшіп келгелі айрланға да жарлымай қалдық қой. Жан іше ме, жақ іше? Жақ барл, әйтеуірл, құдайға шүкірл! Оның үстіне омырлау сорлғызып жүрлген әйел сорлпа-сушыл келеді ғой, Ақмамықты айтам, былайғы кезде де шәйшіл еді, қарлағым өзі... — көрші әжем маңдайынан айырмай күн сала қарап тұрған оң алақанын менің құлағыма көлегейлеп, — Ақмамықтың өзі бір шәйға жарлты таба нанды місе тұтқан емес, жесін ғой, жей берлсін, бала емізіп жүрл, соның илеп, ашытуы барл, пісірлгенше кеш те батып кетеді, соны айтам-ау, әлгі тісті бақаны тауып алайын... — көрші әженің сөзі бірте-бірте алыстан жетіп жатты. Мен басымды изей-изей, шегіне-шегіне аула есігіне келіп те қалған едім, — жақсы, сау болыңыз, шеше!!...

...Мен ол кезде алтыншыда оқитынмын. Үшіншідегі үлкен немересі оқитын «Б» класына пионер жетекшімін. Жақында ғана олар пионерге өткен болатын...

Алыста қалған балалық шақтың бір сәті көз алдымда. Күні кешегідей...

Беріктай болса ауыл жа йында әңгімеден аузы босайтын емес.

— Әскерге барып келген соң, ол жақта алған үздік жүргізуші деген мақтау қағазыммен басшылыққа кіріп едім, осы машинаны берлді. Екі жыл болды. Үйлендім. Есіңізде болса, біздің үй шеткері салынған жапырайған зілмәңке еді ғой. Қазір үлкен үшеуміз үйлендік. Әке шаңырағын кеңейтіп, үлкен үй салдық. Қасынан екі отау тігіп те үлгердік. Мал-жан аман болса, көшені Бесауылдың шағылына дейін жеткіземіз бе деген ойымыз бар. Әлі үйленбеген бес інім бар. Екеуі әскерлде... — Беріктай әжесіне тартқан әңгімешіл әрі «р» әрпін оқта-текте сәл-пәл сүріндіріп айтады екен. Өзіне жарасып тұр.

«Ақмамықтың қолы нан пісіруден босаған екен» деген ой келіп, өз-өзімнен бір жымиып алдым да, сол бір шуақты күндер, мейірімді әжелер есіме түсіп, көкірегімді кере бір дем алдым.

Әшейінде ығыр қылатын жолдың ойқы-шойқысы да білінбеді, әсем бір әуеннің аясында тербелгендей ауылға әп-сәтте қалай жеткенімді де аңғармай қалдым.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз