Өлең, жыр, ақындар

Өзіндік үні бар еді

(естелік)

«...Атам Сәрік ақыннан жыр сіңген бе,
Жыр түседі қамығып, күрсінгенде!
Сендер мені — даңқ үшін, атақ үшін
Өлең жазып жүр ғой деп жүрсіңдер ме.
Өз үнім бар, өзіндік көзқарасым,
Алады әркім өмірден өз бағасын,
Жарысуға келгем жоқ жабылармен,
Неге керек жарысып, озбағасын!» —
деп жырлаған тума ақын да дүниеден өтті.

«Қазақ әдебиеті» газетінің 1959 жылғы бір санында газеттің таныстыру бұрышына «Мағираш» деген тақырыппен ирек линейкамен қоршалған шағын рамкаға төрт абзац таныстыру және жас ақынның бірнеше өлеңдері берілген екен. Оған қоса берілген «Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының жұмысшы семьясында туған он жеті жасар Мағираш Сәрікова 1957 жылы өткен ақындар айтысында Жамбыл облысы Мерке ауданының ақыны Шекербек Садыхановпен айтысып жеңіп шықты да, 1000 сом сыйлық алды...» деген деректен басқа ақын өлеңдері немесе шығармашылығы жайында жазылған пікір не арнайы мақаланы іздегенмен таба алмадым. Бір-ақ орталық кітапханадан іздеу аздық етті ме, кім білсін.

Өлең өлкесіне қанша құмар болсам да ақын едім дегенінен гөрі Сыр өңірінде туған қарапайым қазақтың қызы, екі ұлдың анасы едім деп танысатыны сияқты, Мағираш апайды әрі қарапайым, әрі адамгершілігі мол әйел заты ретінде көбірек біледі екенмін.

Әттеген-ай, сырлас та қимас күндер келмеске кетті, уақыт зулап тұсымыздан өте шықты. Көңілге қаяу салар салғырттық пен салақтықтан тағы да бұл келте ғұмырдың ертең де күн бар ғой дегізген бейқамдығына күлкі боп қала бердім. Осыншама жасқа келіп, алаңсыз ұйықтаудан қашан арылар екенбіз осы.

...Мағираш апаймен арада отыз бес жыл өткенде ғайыптан қайта табысып, хал-жағдай білісіп жүрдік. Көбіне телефон арқылы өткен күндерден есте қалған, көкейден кетпейтін сәттерді, оны-мұныны әңгімелеп жүретінбіз. Енді, енді науқасынан айығып, «күннен күнге жақсымын» деген жалғыз ауыз сөзін малданып, бір кіріп шықпағаныма өкініп отырмын. Ешкімді ешкім ажал тырнағынан құтқара аймайды. Дегенмен, көкейінде не кетті екен? -деген сауал көлденең көлбеңдейді де тұрады. Ер азаматтың орнына жүретін, адамгершілікті, тек қана адам атына лайық ұстанымды ту еткен кешегі қатар жүрген сырлас жанның соңғы бірер айда төсек тартып жатқан күндерінің бірінде жылдар бойы жеке мұрағатында қатталып жатқан кеңестік кезіңдегі, одан бергі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы (базбіреу «аттың жалы, түйенің қомындағы әдебиет» деп менсінбейтін журналистика саласында қызмет еткен соңғы жылдарындағы) жинаған баспасөз басылымдарынан дәйекті деректерді күтуші сіңлісіне іздеп таптырып, бір барғанымда, «мыналарды оқып па едің, саған дайындап қойдым» деп қолыма бір топ ескі журналдар мен бірнеше кітапты ұстатып жіберген еді. Шынымды айтсам, дәл сол жылдары күнкөріс қамымен жүргенімде көп нәрседен құр қалғанымды зерделеп те үлгергенін аңғардым. «Есенбайды оқы, оның өлеңдері сенің үстеліңде жататын кітаптардың бірі болуы тиіс» деп ақыл-кеңес берген болатұғын. Бозторғай ақынның өлеңдерін жатқа соғатын өзі. Ақындардың ақыны санайтын.

Ақын Есенбай аға дүние салды дегенді газеттегі қазанамадан оқып, қалай айтарымды білмей отырғанмын. Теледидардан естіп, қамығып отырғанын айтты. «Қыз Назымға телефоннан көңіл айттым. Төсек тартып жатқанымды айтып, қадесіне қой беріп жібердім, кешірім сұрадым» деп қамығып көзіне жас алды бір барғанымда.

Денсаулық жарамаған соң, әдеби ортадан қолүзіп, көпшілік таныстардан да бейхабар екендігін, ілуде-бір баспасөз бетінде жарық көргендері мен теледидарға шыққандары болмаса, ешкіммен сұхбаттаспайтынын да айтып еді.

Бір өлеңінде
«Ешкіммен хабарласпай, үйде жүрем мен үнсіз
Оңашада өлең жазам, ол да бірақ өнімсіз...
Жанның бәрі жат секілді, жанның бәрі сенімсіз,
Өстіп жүріп өле қалсам, қалар ма екем көмусіз.
Әлдеқандай қатер бардай күтіп жатқан мені үнсіз,
Үнсіз үйім үрейлі екен, үнсіз үйім көңілсіз.
Үнсіздік те үрейлі екен, үнсіз үйде көңілсіз,
Өмір — өмір емес екен, дос-жарансыз, Елімсіз...» деп торыққанын өлеңіне ғана айтады.

«Не оқып жатсың, не жаздың?» деп күнде сұрайтын. Бір жолы «Мағира Қожахметованың шығармашылығы арқылы бөлек бір жаңа әлемде жүрмін, оқырманның ой толғанысы деп пікір жазсам деген ойым бар» дедім. «Тісің бата қояр ма екен? Оның прозасы тұңғиық қой. Қолыңнан келмес» деді. Кешікпей баспасөзге арналған қолжазбамды компьютерге теріп, алып бардым. «Танысыңыз, сізге ұнамаса, ұсынбаймын» дедім. Мен үйге жеткенше оқып, танысып, қоңырау шалды. «Сен кәдімгідей түсініп, талдапсың. Ұнады. Осы қалпыңнан танба. Салақсыма.» деп ақылын айтты. Бос сөз сөйлегенді ұнатпайтын. Әуелден солай болатын.

«Туған жер, көркің сұлу сымбатты анам,
Жасымнан жырмен мені құндақтаған.
Болса да балалығым, шалалығым,

Торқадай топырағың да қымбат маған» деп жырлаған екен студент Мағираш. Туған жерінің бір шалғайынан топырақ бұйырған ақын апамыздың топырағы торқа, иманы саламат болғай! Анасының аузынан шыққан бір де бір лебізін жерде қалдырып көрмеген (анасының айтуынша) ұлы Алмасқа, немерелері Оразмұхамбет пен Дінмұхамбетке, туыстарына қаза қайырлы болсын! Аналарың асыл адам еді, жырлары жерде қалмасын. Қазіргі заманда әркімнің сұраушысы да, іздеушісі де өзінің жақын жанашырлары, содан соң оқырмандары екенін есте ұстаңдар, демекпін!

Қай ақын болмасын, нағыз Ақын белгілі бір өңірде туып өскенмен, елін жырлайтыны бәрімізге аян. Олай болса, елін жырлаған ақын қаламының оның тебіреніске толы жырларының саналуан тақырыпты қамтығанына артында қалған мұрасы — «Студент қаламынан» бастап «Сырсандық», «Майда қоңыр», «Қос қағыс», «Ішкі иірімдер» аты жыр жинақтарына енген жырлары куә. Табиғат құбылысы, өмір философиясы, перзентімен сырласу, өмірмен мұңдасу, т.т. осындай иірімі тереңіне тартып әкетер жақұт жырларын оқырмандарына аманаттап кеткен ақын апамыздың:

...Саналы жанды бұл өмір салмағын салып сынайды,
Тауқымет тартып, ащыны тартқан да бірақ тәуір-ау... — немесе,
...Кезігер нәрсе кезенген кезімде келсе деп едім,

Кедергілерге кезігіп, кешігіп келген кемемін...» деген жыр жолдарынан үзінділердің өзі күмбірлеген саз сөгіп тұрған жоқ па? Осындай ойдың інжу-маржаны мен нысанаға дәл тиіп жатқан күміс жебеге бергісіз жырлар жеткілікті. Күміс кездік қынында қалмайтыны секілді, халқына:

«Жазғырмас ақын деген халықты жұрт,
Найзағай жаратылыс жарқ-жұрқ,
Баурап ала жөнелер жан дүниеңді,

Жалғыз сөзбен кеудеңді жарып кіріп» деген арнаулары сағындырған оқырманымен қауышатынына сенейік. Жырды асылға балайтын әдебиетші қауымға бір аманат осы.

Ең алғаш халқының ақын қызын оқырмандарына «Мағираш» деген тақырыппен таныстырған баршаның сүйіктісі «Қазақ әдебиеті» арқылы сырлас ақын апасына дария көңіл тұнығынан әзірше шөміштей сыр айтып, сөз арнаған сырласы — Қалампыр КЕНЖЕҒАЛИҚЫЗЫ, журналист.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз