Өлең, жыр, ақындар

«Менің топырағым» менің қолымда қалып еді...

(естелік)

Өзім өлең деген сөздің мән-мағынасын түсінер-түсінбестен Жұмекен атымен танысқаным әлі есімде. Алтыншы сыныпта оқып жүрген кезім. Жаңа жыл алдындағы мектеп өміріне тән қарбалас.

Біздің сыныпқа педагогикалық практикадан өтуге Гурьев пединститутынан келген Рая Ғатауова деген практикант класс жетекшілік етіп, әрі тарих пәнінен сабақ беріп жүрген. Шырша мерекесіне арналған қойылымға шағын сценарий табыңдар деп өзімізге тапсырды. Сол кездегі «Қазақстан пионері» деген газеттен шағын қойылым таңдап, апайға көрсетіп едік, кейіпкерлердің ролін өзара келіскенде, маған әтештің ролі тиді. Риза болмағанымды білдірмеуге тырысып үндемедім, бірақ үйге келген соң әкеме айттым. Әкем марқұм осы мектептің бастауыш класына сабақ беретін. Шынымен нашар роль болса, апайға айтып, ауыстырып берер еді деген үмітім де жоқ емес. Әкем болса, «керемет костюм тіктіріп беремін, бас жүлдеге ие боласың, оның несіне ренжисің» деп көңілімді көтере жауап берді. Мен әкемнің айтқанымен келістім, дереу үйде жаттығып, рольге дайындалдым. Әкем айтқандай, ешкімде болып көрмеген әтештің маскасы, костюмі дайын болғанда, қуанғаным-ай. Айнаның алдына барсам — айнымаған қызыл ала қораз маған қарап тұр! Сонымен, не керек, кеш аяқталды — бас жүлде маған берілді. «Өз көзіммен» Ж.Нәжімеденов деген кітапты сыйға алдым.

Маған бейтаныс ақынның ауылдас болып шыққанын, жеңгеммен бір мектепте оқығанын естігенде, қиял әлеміне кіргендей әсерде болдым. Өйткені, менің ауылдастарым, сол кездегі менің балаң ұғымымда тек қана қарапайым адамдар болуы керек сияқты. Сонда кім білсін, ақындар немесе басқа өнер адамдары қайдан өсіп-өнетінін?! Мектеп бойынша жүргізілетін факультативтік сабақтардан мен әдебиет сабағына да қатысатынмын, берген тапсырманың ішінде маған ұнайтыны — 2-3 шумақ өлең шығару болатын. Өзімнің төңірегімдегі екі-үш досыма да солардың атынан тапсырманы орындап жіберетінмін. Өз өлеңім мектептің қабырға газетіне шыға бастаған кез еді. Мен өлең шығарып берген қыздар да бестік баға алатын. Ол кезде біз негізінен оқулықта бар авторларға еліктеп, солардың оқулықта қамтылған тақырыптары төңірегінде жазамыз ғой, баяғы. Иә, жаңа жыл кешіндегі бас жүлдеге алған сыйлығым мені арман жолына жетелегендей болды. Мен газет-журналдардан өлең, көркем шығармаларды, мақалаларды оқи бастадым. Мектеп бітіргенде журналист болуға талпыныс жасадым. Сөйтіп, Алматыға — ауылдан алып шыққан адреспен Жұмекен ағаның үйіне келіп, қиялдағы кейіпкермен таныстым. Отырсам да, тұрсам да қараймын — ағаның әр қимылы маған әулиедей көрінеді. Бір өзгермейтін жайлы мінезі, үйге жиі келетін дос-жарандарымен, ауылдастарымен жарасымды әзіл-қалжыңы шаңырақты әрдайым шаттыққа толтырып тұратын. Осы шаңырақта мен қала тіршілігіне тән ерекшелікпен қатар үй ішіндегілердің қарым-қатынасында қалыптасқан айрықша сыпайылық пен керемет бір үндестікті байқадым.

Бір байқағаным — ағаның жұмыстан келгеніне балаларымен қоса бәріміз қуанатынбыз. Келген бойда кіп-кішкентай Саиданы көтеріп алатын, егер баланы біреуміз қолымызға алып жүрсек — «Нәсіп, ана қара қыз менің әппағымды көтеріп алыпты, қарашы — қандай контраст» дейтін. Нәсіп апам «қыздарды ренжітіп аларсың, олай деме» деп бәйек болатын. Қалада бес баласы бар үйді сирек кездеседі десек, сол бес балаға біз қосылдық. Кешкілік жатар уақытта үш бөлмеде төсек салынбаған жер қалмайтын. Ағаның түнде ұйықтамай өлең жазған уақытта балконда тұрып «Беламор» тартатынына, ас үйде не өз бөлмесінде таңға шам жанып тұратынына да үйрендік. Өз басынан шабыт әсерін өткізбеген біз үшін ақынның жас балаша шалықтай жымиғаны да қызық көрінетін. Ерекше нұрланып отыратын. Бір уақыт ешкімді көрмей, байқамай отырғандай болатын. Апам болса ағаның мұндай сәттерін ақ кептердің балапанын алақанында аялағандай күй кешетін - қас-қабағына қарап, үй ішінде балаларды жаз болса — паркке не ботаникалық баққа (ересектеу біреуіне ілестіріп) шығарып салатын, қыста сырғанаққа, кинотеатрға жіберетін. Ал мүмкіндік болмаған кездері — ағаның бөлмесін ілгішпен кілттеп, аяғының ұшымен жүретін. Әркім өзімен өзі, бір сәтке мамыражай бір тыныштық орнағаны сондай, балалы үйге ұқсамай қалатын. Апамның сол кездердегі ең бақытты сәттерін кейде ойлап отырсам — ауылдан жылма-жыл арман арқалап ағылып келіп жатқан ағайынды былай қойғанда, жерлестердің балаларын біреуін алаламай күтіп-бағып, жөн айтып отыратыны — екінің бірінің қолынан келе бермейтін уәзірлік-даналығы ілуде бір кездесетін әйел-анаға тән қасиеті оған дарыған құдыреттің сыйы екен. Екі жақсы қосылмайды деген бар ғой. Аға ерте кете барды. Апама аманат арқалатып кетті.

Аманат дегеннен шығады.

Сексенінші жылдардың өзінде оқыған қазақ жастарының пәтер жалдамағаны кемде-кем шығар. Ал, жұмысшы жастардың бұл жағынан алғанда бізге қарағанда халі тәуір. Оларға арналған жатақханалар болатын. Пәтер жалдап Алматы шанхайларының бірінде тұрып жаттық. Қожайынымыз жәйлі болғанымен, иті қабаған, танымайтын адамды қақпаға жолатпайды. Оның үстіне Шанхайдағы үйлердің орналасуы қызық болатын. Пәтер жалдаушы біз болсақ қожайынның аула-қорасының түкпіріне орналасқан ескі жер үйде (іргетассыз салынған атамзаманғы бір бөлме) тұратын едік. Ол жер үй көрші қожайынның ауласындағы сондай жер үймен іргелес болатын, арасын сым шарбақ қана бөліп тұрушы еді. Сонда пәтер жалдаушылар бір-бірімен шарбақ арқылы шектесетін. Сол жылғы күз жаңбырлы болып, суық ерте түсті. Екі баламен демалыста отырғам. Үйге от жағамыз. Таңертең күндегіше от жағып, балаларды киіндіріп, аулаға шығарсам — көрші ауланың шарбағынан қарап тұрған Жұмекен аға мен Нәсіп апамды көріп алғашында қорқып кеттім. Себебі — ауылдан әлдеқандай хабар келіп, мені іздеді ме деген қорқынышты ой келді басыма.

Ағаның жүрек ауруына шалдыққанына төрт айдың жүзі болған. Дәрігердің нұсқауымен режим, диетаға қатты көңіл бөліп жүргенін білетінмін. Апам ол кісіні өздігінен ешқайда жібере қоймайды, әрі аға таяққа сүйеніп жүретін болған. «Жүруді қайтадан үйрендім» деген күліп. Мені екі баламен бірге үйлеріне ала кетті.

Мән-жайды жолда түсіндірген апам «Екі күн іздеп зорға дегенде таптым. Көршілеріңнің бәрі орыс, атыңды ешкім білмейді. Зорға дегенде иті жоқ көршіңнің пәтершілерінен сұрап таптым, саған тапсырма беруге келдік, балаларыңды ала жүр, біздің үйге барайық» дейді, әрі уақыттың өте тығыз екенін ескертті. Ағаның өз аузымен айтқаны, «шырақ, сені іздеп тапқаным, қазір демалыстасың, қызметіңнің редактор екенін білемін («Қайнар» баспасында кіші редактор болып істейтінмін), машинка басуға арланба, ақшаңды төлеймін, оның үстіне сен қатесіз басасың ғой, машинкадан кейін оқуға уақыт шамалы, әрі өзім қате көрсем ренжимін» деді, әңгімесінің аяғын қалжыңға сүйеп, «бетіне — отыз тиын» деді. Мен оған қызарақтап, «ақша керегі жоқ» деймін. Уақыттың тығыздығын өз басым баспа өндірісіне қатысты деп түсіндім. Содан ағаның үйінен шай ішіп, апам мені екі баламен үйге алып келді, қолжазбаны да ала келдік. Машинка басатын, жұмыс істейтін жағдайымды көріп апам қатты алаңдады. Ауызғы үйден кіретін жалғыз бөлменің ұзына бойына екі адамдық кереует, көлденең салынған шағын пеш және қазандық қана сыйып тұр, қарама-қарсы қабырғада — тоңазытқыш, киім-ілгіш, кітап шкафы, манеж орналасқан. Ортада қызым ұйықтайтын бесік-арба (коляска) мен қолдан жасалған аласа столда «оптима» машинка тұратын. Әлгіні көріп апам — «балалардың қолы жетеді екен. Қолжазбаның көшірмесі жоқ еді, беті жоғалып кетпесін, мен мазмұнын көшіріп алайын, балалар кішкентай ғой» деп қатты абыржыды. Қолжазбаны парақтап мазмұнымен салыстыра отырып, аға жазған мазмұнын көшіріп шықты. «Төрт ай бойы ауырса да реанимациядан шыққаннан кейін дамыл таппай, дәрігерлердің көзін ала беріп, режимге бағынбай бас-аяғын жинақтап еді, енем екеумізге «Қалампырды табыңдар, мен өзіме тиістісін бітірдім» деген соң сені екі күн бойына шамамен іздеп тауып едік. Енді саған жағдай жасайын, балаларыңды апам қарар, үйге алып кел, үйде отырып басарсың» деп өтініш айтты. Мен болсам, «балалар қағазға тимейді, олар үйренген, оның үстіне жолдасым да көмектеседі, машинканы ол да өте сауатты басады» деп ақталып жатырмын. Сонымен не керек, ағаның өтінішімен жеделдетіп, алғашқы 130 бетті машинкаға басып апарып бердім, үйдің іші тып-тыныш. Мұндай тыныштық аға өлең жазған немесе біреу ауырып қалған кезде ғана орнайтын. Оған үйренгенбіз. Аға болса балалар бөлмесінің терезесінен сыртқа қарап үнсіз тұр екен. Қарсы алаңдағы іргесі көтеріліп жатқан үйден жаңа пәтер аламын деп күтіп жүрген кезі болатын...

...Сол күндердің бірінде түс көріппін. Аға армандаған үйді алған екен деймін. Бірақ әлгі алаңнан емес, қаланың сыртындағы қара сырмен боялған кең шарбақтың төрінде оқшау орналасқан биік үй. Ішіне кірсем, едені жер. Әрі бөлмелері қуыс-қуыс па, біртүрлі. Үй ішіндегі бұйымдары да көр-жер, көңілді құлазытады. Үйден шығып, қайтайын деймін. Мені ешкім шығарып салмағанына тағы да таң қалдым. Шарбақтың ішінде кішкентай ғана столда бірдеңе сатып жатыр екен, біздің ауылдағы екі апай — екеуінің де аттары Алтын, «Жұмекенге кіріп-шыққалы келдік» деп жүзім сатып алып жатыр екен...

Осы түсті көргеннен кейін көп кешікпей баспалар үйіне келгенмін, екінші қабатта орналасқан мектеп баспасына кіре-беріске ілінген солғын түсірілген портрет пен екі тал қалампыр гүлін анадайдан көзім шалды, бұл азалы бұрышқа айналған сол жақ босағаға көз үйрене бастағандай еді, бірақ осы жолғы әсерден жүрегім ерекше шымырлап, «ол емес, ол емес» деп аузыма тығыла берді, суреттегі бейнеге қарауға дәтім шыдар емес, төменгі жолдағы «Сабырұлы» деген жазу еріксіз көзіме түсті. Ес білгелі өз әжемнен кейін жақын адамнан айырылу дегенді бастан кешпеп едім. Дәл сол сәтте алданып қалған баланың күйін кештім. «Маған тезірек басып бітір деп қолжазбасын беріп еді ғой, неге күтпеді» деп ренжимін. Уақыттың тығыздығы дегенде осыны айтқан екен ғой...

Сөйтіп, маған аманат арқалатқан «Менің топырағым» өмірдің заңдылығын еріксіз мойындататын, өмірдің мәнін жүрекжазбамен өрнектеген, ақынның жүрегін жарып шыққан әрі қолжазбаны жазып аяқтағанға дейін ауру жүрекке дем берген шығарма сыншылар қауымынан да оқырманнан да әділ бағасын алып келеді. Заманына қарай әр ұрпақтың өлеңге сусаған өкілі кәусарынан керегінше сіміріп, өз жүрегінің дертіне дауа табары сөзсіз. Мен бұл жерде ақын шығармасын талдайын деп отырған жоқпын. Өзің оқы, ниетің түзу болса «Менің топырағымнан» сөзсіз шипа табарсың. Айта берсек, аға туралы есте қалғандар емес, естен шықпайтын сәттер таусылмайды. Кім біледі, «Менің топырағымды» достарыммен бірге отырып оқымай кетем деп ойлады ма екен, кім білсін... Айтары көп сырға толы бір жүрек кенет тоқтады да, көп өкініш, айықпас сағынышқа орап кете барды. Сол бір тұманды, жаңбырлы күз суық әрі сұсты күндердің бірі ретінде есімде қалып еді.

2004 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз