Өлең, жыр, ақындар

Жұмекеннің кіші қайын атасы...

Жұмекен ақынның жуырда жарық көрген жеті томдық шығармалар жинағының жетінші томына енгізілген әулет мұрағатынан алынған суреттердің ішінде Сталинград майданында сол аяғын беріп, елге аман оралған менің әкем Хамиттің суреті де берілген. Суреттің астына жазылған "Жұмекеннің кіші қайын атасы Хамит Шәкуалиев — Ұлы Отан соғысының ардагері. Сталинград шайқасында бір аяғынан айрылған, көптеген орден-медальдардың иегері" деген жазбаны оқыған адамның "кіші қайын ата" деген сөзге ойланары хақ.

Оның сырына тоқтала кетсек...

Ақынның жары Нәсіп апа әшейінде Жұмекен ақын туралы сыр-сұхбат бергендерге өз төркіні жайында айтуын өтінген кісіге, «оның Жұмекен туралы сұхбатқа қатысы бар ма өзі?» деп маңайлата бермейтін. Бұл жолы көптомдықтағы аталған суретке жазылған сөзді, әрі еліміздің кешегі тарихынан сылып тастай алмайтын айтулы оқиғаның айшықты бір мезеті — Сталинград шайқасының жетпіс жылдығына орай төтесінен сауал берудің ыңғайын тапқандай болдық.

«Кіші қайын ата» атауынан өрбіген әңгіменің төркіні...

Менің туған әкем Шәкуалиев Хамиттің әкесі Шәкуәлі мешіт ұстаған имам, аса білімді адам, өте бай болыпты. 1924-26 жылдары кеңес үкіметі билігінің әмірімен мешітін өртеп, өзін жер аударып алып кеткен. Әйелі Манарша туыстары Ақтөбе жақта көрінеді, өзі байдың қызы екен, руы — табын. Ұзатылып келгенде дүние-мүлкі, қалыңдықтың бас киімінде, тұтас киім-кешек, әшекейлері сәнді де, ауқатты адамдардың дәрежесіне сай күміспен безендірілген екен. Күйеуін айдауға алып кеткен кезде ағайын-туыс уыс-уыс күміс әшекейлерін бөліп алған құсайды. Екі баласымен жесір қалған Манарша әжеміз қайнысы Исағұлға тұрмысқа шығады, одан екі қыз дүниеге келеді. Әнәпия мен Мәдина деген қыздар, кейін шешелері Манарша түйеден құлап, 40 жасында мертігіп қайтыс болады, әкесі Исағұл екінші рет үйленгенде екі қызды ағалары Хамит өгей шешенің қолына қаратпай өзіне алып асырап-бағады. Содан өмір бойына туыстық қарым-қатынасында ешқандай сызат түспегендігінен олардың әкелерінің бөлек екендігін туыстардан бір де бір адам білмеген көрінеді. Өз балалары да, төңірегіндегілер де ақамның үш қарындасының бірге тумағандығынан хабарсыз болып шықты. Кейін, тіпті бертін келе, сөзден сөз шығып, ата-тектен сөз қозғалғанда ғана әңгіме айтылғанда, бәрі таңғалысады.

Қазір Мәдина апамыз көзі тірі, Ақтау қаласында тұрады, үбірлі-шүбірлі ана. Ал, ақаммен бірге туған Сәйлекеш апамның жалғыз ұлының әйелі Надежда енесінің тақуалығын, тазалығын, қасиетін үнемі айтып отырады. Сәйлекеш апам сегіз немересін түгел өзі бағып-өсірген. Өзінің басына байлап жүрген, исі сіңген ақ орамалымен апам бала-шағасын, немерелері аурып қалса, оларды да емдеп, терлетіп жазып алады екен. Сол орамалын келіні Надежда әлі күнге дейін қасиеттеп сақтап отыр, өз немерелеріне де шипасы бар екенін айтады. Ене ретінде де, ана ретінде де, жалпы, молданың тәрбиесін көрген әйел адам ретінде Сәйлекеш апамыз өз заманының үлгілі аналарының бірі еді. Құран оқығанда, дауыстап, мақаммен оқығанын ауылдастары мен туыстары әлі ұмытпаған, айтып жүреді.

Хамит — әкесі ұсталғанда он бес жасында еді.

Отыз екінші жылы менің шешеме үйленгенде кіші қарындасы Мәдина екі жаста екен. Содан «тәңір асыраған тоқтыны бөрі жемейді» деген, төртеуі де еті тірілігімен қатарға қосылып, қартайғанша өмір сүрді. Әкемді ақа дейтін едім. Ақам отыз екінші жылдың күзінде он тоғыз жасында үйленген. Төрт жылдан кейін тұңғыштары — мен дүниеге келіппін.

Менің шешем Қапия — Мұстақтың қызы қой көзді ақсары кісі еді. Өзі бойшаң, талдырмаш, кербез адам болатын. Шашы бұйра, мінезі аса салмақты, сабырлы еді. Бойжеткен шағында құда түсушілер көп болыпты. Бірақ әкесі Мұстақ қызы — Қапияны батырдың тұқымы деп кедей болса да әкемізге — Хамитке беріпті.

Қайран шешем-ай! Жұмекен екеуміз елге барғанда алдымен Жұмекенді құшақтап, бетінен сүйетін. Мені сүюге бата алмай, «ақ марқам-ау» деп, жақындауға, иіскеп-сүюге де бата алмай, екі аттам жерден мырс-мырс жыламсырап тұрушы еді-ау, қайран ақ сүт берген анам!

Ақам жастайынан аудан көлеміндегі бес колхоздың асау жылқыларын үйреткен қайраттылығымен әрі еңбекқорлығымен көзге түскен жігіт екен. Жетім өскендіктен тұрмыстың тауқыметін ерте тартқан. Өмірдің мәнін саралап, өмірден өз орнын тапқан адам. Батырлар жырын, қиссаларды көп оқыған. Даусы ерекше болатын. Оқыған жырларын, бұрынғы жырауларды жатқа айтады. Әкелері мешіт ұстаған молда кісі, Хамит пен Күлжәмиланы (Сәйлекеш апа дейтінбіз) ескіше сауаттылыққа баулып, құран сүрелерін оқитын дәрежеге жеткізеді. Құранды мақамдап оқыған ақамның даусы мен білімділігіне ол кісімен жақын араласқандар таңғалатын. Хамит ақам соғысқа кеткенше жылқы баққан. Найзагер деген төл аты болатын.

Әкем майданға 1942 жылы 20 ақпанда Сарайшық қаласынан аттанған. Соғыстан оралғанда Сталинград майданында № 193 атқыштар дивизиясында болған. Шайқаста бір аяғынан жараланып, тіпті ұрыс даласында үш күн бойы өліктермен бірге жатып қалған. Қаза тапқандарды жинағанда, әкем тірі болып шыққан көрінеді. Оны Сталинград госпиталында сегіз ай емдеген.

Осы оқиға туралы кейін әңгімелегенде «... бір есімді жисам, қиян-кескі ұрыстан кейінгі қан сасыған майдан даласында ыңырсыған, сандырақтаған тірі өліктердің арасында жатқанымды есіме түсірдім. Оң жағымдағы орыс солдатына «қиналып кеткенімді, оғы қалса, мені атып салуын, сөйтіп, жан азабынан құтқаруын сұрап едім, ол өзіме қарап «қазақпысың?» деп сұрады, мен қазақ екендігімді айттым, ол маған «қазақ екендігің рас болса, шыда, шыда, шыда!» деп қайталады. Әл-дәрменін жиып, мені шинеліне салып өлермендікпен сүйрете бастады... Қайта апарғысы, немен жәрдем бергісі келді, о жағын білмеймін... есімді жиғанымда госпитальдағылар үш күн бойына өліктердің арасында жатып қалғанымды, жаралы аяғымды кесіп тастағандарын айтты...» деп еді.

Бір аяқпен 1943 жылы елге аман оралды. Елге оралғаннан кейін бір аяқпен жатқан түйеге ғана, оның өзінде де түйенің мінер жағынан емес, сол жағынан мінетін. Батырдың тұқымы, ер тұлғалы, қажыры мен қайраты тасыған қайран азамат соғыстан кейін жиырма жылдай түйеші болды.

Ақамның ән айтқандағы даусы құлаққа өте жағымды қоңыр дауыс. Әр сөзді мақамына салып айтады. Мұның сыры — жастайынан құран жаттатып, мақамдап, дауыстап оқытып үйреткеннен болар, даусында сенімділік пен құдыретті бір әуен болатын. Біздің жақта ел аузына тараған Жұмекеннің атасының майданнан оралмаған жалғыз ұлы — Жұмекеннің әкесі Сабыреденге арнап шығарған «Сабыржанға» деген толғауы бар. Сол толғауды мақамдап айта отырып, ақамның жылап тебіренгенін өз құлағымызбен естіп өстік. Ақам өзі оңаша отырған кездерінде де жыр-қиссаларды жатқа айтып, ішкі шерін тарқатып отырады екен. Қайран әкем, өмірінде ес білгелі көрген қиындықтары, көз алдында әкесін тұтқындап, мешітін өртеген, өздерінің тентіреп жетім қалған сәттері, тіпті соғыста жарақаттанып, үш күн өліктердің арасында қансырап, елсізде жатқан кезіндегі өмір көріністері көз алдынан өтіп, шер қыса ма екен... Әлде әншілік қасиет дарыған тума таланттың небір өмір өткелдерінен аман өтіп, өмірдің қиыншылықтары артта қалғанына шүкір етіп, көңілі жайлана ма екен...

Әкем Ұлы Отан соғысына қатысып, Сталинград шайқасында бір аяғынан айырылғанда жараланған аяғын госпитальда екі рет кестірген көрінеді. Екінші рет операцияны наркоз салдырмай жасатқан, сол шыдамдылығы, дәрігерлерге өзі айтып, тәуекелге баруының өзі жүректілікті, қайраттылықты білдіретін қасиеті емес пе?! Ұрыс даласындағы ерліктері ескерілмей қалған жоқ. 1-ші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен және бірнеше медальдармен марапатталды.

Әкемнің өнерін ауыл-аймағы қатты бағалаған, достары арнайы іздеп келіп, қона жатып таң атқанша жыр айтқызып тыңдайтын көрінеді. Солардың бірі — әкемнің досы Нұржау советіне қарасты «Жаңа талап» колхозында кіші басқарма болған Нұрғалиев Серікқали болатын. Серікқали аға белгілі сыншы Зейнолла Серікқалиевтің әкесі. Ол кісі аудан көлеміндегі шаруашылықтарда кіші басқарма болып қызметте жүрді.

Әкем сұңғақ бойлы, көкірек тұсы кең, кеудесі шалқақ кісі еді. Ұлымыз Мағжанның тұлғасы осы туған нағашы атасына келіңкірейді.

1985 жылы Жұмекеннің 50 жылдығына байланысты Өтебай Қанахин, Ақұштап Бақтыгереева т.б. жазушылар ақамның үйінде қонақтықта болды. Қонақтарына «Сабыржанға» деген толғауды бастан-аяқ орындады. Әкемнің ән-жыр айтқандағы мақамы ерекше, даусы да жанға жәйлі. Өтеақаң тағы айтыңыз деп, біраз толғау айтқызып, тыңдады. Сол жолы Өтебай ағамыздың бізге былай деп ұрысқаны бар: «Мына кісінің даусындай дауыс естіген емеспін, бұл ерекше әуен. Қазақ өнеріне қосылар үлес. Даусын міндетті түрде үнтаспаға жазып алыңдар» деп тапсырды. Жұмекен де осыны үлкен інім Мақсұтқа талай рет өтініш етіп айтып еді. Әкем Алматыға келе алмады, қолындағы балалары бойкүйездікке салынып, даусы жазылмай қалды. Әкем 1992 жылы 79 жасында қайтыс болды. Шешем Қапия 1994 жылы 78 жасында қайтты.

Ал осы кітаптағы суреттер жиынтығында берілген Жұмекеннің «үлкен қайын атасы» мені алты айлығымда бауырына салып алып, өз атына жаздырған, мәпелеп өсірген нағашы атамның — Мұстақ әкемнің тектілігі мен қадір-қасиеті жайында әңгіме өзалдына бөлек, ғұмырнамалық хикая...»

Иә, тектіден текті тек тумас!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз