Өлең, жыр, ақындар

Нұрыңа бөленіп ем...

(қос дәрігердің өмірі мен еңбегі жайында)

...Туған жердің қай қиырында жүрсең де тау-тасына, сылдыр қағып аққан мөлдір бұлағына тәнті боласың. Ал қарағай мен қайыңы қатар өскен сыңсыған орманды алқабын айтсаңшы! Самсаған қарағайлардың еңсесі мысыңды басып, менің айбарлы, асқақ ағаларымды еске түсіреді. Ал, солардың бауырына еніп кете жаздап тұрған ақ қайыңдар ше!? Бір қарағай, бір қайың болып жұптаса қалған табиғаттың жарасымды, көз тоймайтын тірі суреті қараған сайын көзің тоймай, әлгі ғажайып көрініс зердеңе ұялап, көкейіңе көшіп алады.

Әсем табиғаттың төл перзенті ақ қайыңдай ерекше келбетті жаратылған, сыртқы сұлулығымен қоса төңірегіне шуақ шашып тұратын қайран Сәлима жеңешемнің заты бөлек еді. Жан-дүниесі айрықша сұлу Сәлима Нәубетиярқызы адами болмысымен, медицина саласындағы айтарлықтай еңбегімен, ұжымдағы үлгі-өнегесімен танылған, шаңырағында ата-ана сыйлап алғыс-батаға кенелген, сүйген жарына мәңгі өшпестей шуақты махаббатын қалдырған, ұл-қыз өсіріп үлгілі тәрбиесімен ұрпақ өрбіткен аяулы жан еді. Аты аңызға айналған жұп жарастығымен ел-жұртты тамсандырған бір шаңырақ жайында медиктер күні қарсаңында айтпай кетуге болмас. Осы ниетпен Ғаділбек ағаның естелік стилінде жазылған күнделігімен таныстым. Алматы мединститутынан дипломын алысымен еліміздің шалғай түкпіріндегі туған ауылында, сол кездегі Гурьев облысы, Теңіз ауданының Шортанбай селосында дәрігер болған қос медиктің еткен еңбегі мен төккен маңдай тері елеусіз емес.

Дегенмен, иә... дегенмен, Ғаділбек Шәмшиденұлы ағамыздың өмір жолына арқау болған шынайы махаббатымен Жаратушы тәңір маңдайына шексіз бақ дарытқан адамның ғұмырнамасы біз ойлағаннан әлдеқайда қызықты да мәндірек екен... Күнделіктегі жазбалары былай өрбиді:

«...Кейбір уақытта сені баурап жетегіне алса, бірде шарықтатып, бірде тұңғиығына иіріп әкететін ой шіркіннің жан серігіме айналғанына да бойым үйреніп алды. Сол ойлардың көбі тәтті бола бермесі тағы да анық. Өйткені, өмірдің өзі пендеге ащысы мен тұщысын кезек таттыратын болса, сол татқан ащыңның өзі, сүйген жарыңмен, талғамдары мен талаптары ерекше, өзіңді құрметтеп, дос санайтын балаларыңмен, немерелеріңмен бірге кешкен, өмір мұхитында айқын бағдармен қатар жүзген күндеріңнің бәрі тәтті болары хақ.

Маған өмірдің ызғарын емес, ылғи да ықтасын, панасын бере гөр деп Жаратқанға жалбарынған жан емеспін. Өмір жолымда не кезіксе де, қиын-қыстаудан алып шығар негізгі қуатымның бастауы — қол ұстасып, жұп өмірді бірге кешкен, маңдайыма жазылған жан-жарым Сәлиманың әу баста жолыққаны болса керек. Менің бүкіл ғұмырымдағы сәттіліктердің алғашқы баспалдағы, қайнар көзі осында деп ойлаймын. «Татулық — табылмас бақыт» деп тауып айтылған сөз төңірегінде ой тербесем, тату болу үшін ғашық болып табысу аз дер едім. Ішкі жан-дүниеңнің үндесуі, үйлесуі, бір-біріңе жолықтырған шапағатшы Жаратқан иенің сол пәк сезімді екеуара қадірлей білгендігің үшін берген сыйы — егіз жүректі мәңгі қауыштырып, қабыстыруы екен...

Асыл жар — таза бұлағың, тұнық тұмаң. Елу төрт жыл қол ұстасып, бір шаңырақтың астында кешкен бақытты ғұмырымның көңілдегі жарқын да сәулетті сән-салтанатын, арайлы сәулесін, көкейдегі көріністерін көз алдымнан өткізіп, солардан жұбаныш табуға, бұдан былай жанымды жабырқатпауға, еңсемді түсірмеуге, иығымды тік ұстауға жалғыз жаратқан иемнің алдында, Сәлимашым, сенің алдыңда сөз берейін!

Иә, иә... Тілегенін пендесіне зарықтырмай берген Жаратушының қалап алғаны да сен болдың, жарық күнім, Сәлима! Жоғарының билігі, жердегі билікке ұқсамайды. Ешкімнің сөзі өтпейтін бұйрығы тегеурінді, менің мойынсұнудан басқа амалым қалмады. Топырақ-көрпеңнің жеңіл болуын тілеп, ойша сырласармын, өзіңмен, Сәлима!

Риясыз жүректен шыққан қоспа-қосындысыз жан сырымды ақ қағазға өрнек салғандай тізе бергім келеді, тізе бергім келеді. Менің жазу-сызуға қаншалықты шамада икемділігімді өзің білесің, сондықтан, ештеңені көркемдеп, жасанды боямалап әуреленбеймін, бар болғаны... Кейін ұрпағымыз оқып, біздің шаңырағымыздың шуағына бөленсін, жарастығымызды үлгі тұтсын, естеріне ала жүрсін деген ниетпен осы бір ғұмырнама жолдарын жазып қалдыруды жөн көрдім.

Өзің болсаң, қасымда, Ақ көкем-ау! "Мына жерін былай деме, балалардан ұят болар, мынаны айтпай-ақ қойшы, мен ұяламын", деп болмысыңнан таза, мақтау сүймейтін шыншылдығыңа басып, ақыл қосар ма едің... Қайтейін, мен де шындыққа қиянат жасай қоймаспын, оның үстіне, бар айтпағым екеуміз туралы болғандықтан, ойлап отырсам, біздің өмірімізде арадағы ақ сезімге қылдай қиянат түсірерліктей ештеңе де болмапты...

Әуел бастан-ақ өмірдің өзі екеуміздің кездесуімізге икемдеп, жолымызды тоғыстырғаны — бақытты ғұмырдың бастауы еді. Сол кездегі күндердің айқын суреттері қаз-қазпында сақтаулы жадымда.

Екеуміздің жұп өмірімізге арналған бейнефильмді екеуміздің балалық шақтан бері сақталған фотосуреттерден тұратын сюжетті монтаждап, құрастырып, оны белгілі ақын, еліміздің құрметті азаматы Кәкімбек Салықовтың «Аққу әнімен», т.б. басқа әндермен жандандырып, сол әндерді өзім орындап, музыкалық көркемдеуді жөн көрдім. Бұл әндерді таңдаған себебім: бірінші әннің авторы ән тарихына қатысты айтуы бойынша, лирикалық шығарманың тууына мынадай себеп болған көрінеді. Ақын алғашында көлде жүзген қос аққуды көріп, олардың шалтты ойындарына, бірін-бірі қуып жетіп, екеуінің ынтызар адамдарша құшақтарын жая бір-біріне ұмтылып, құшақ айқастыра, тұра қалып, тұмсықтарын түйістіре бір-бірін өбіскеніне таң-тамаша қалып, «япырым-ай, мақұлықтарда да махаббат сезімі болады екен-ау» деген терең ойға қалады.

Ертеңгі күні көл басына келсе, тып-тыныш. Бір мезгілде қалың қамыс арасынан жылжып жалғыз аққу шығып келе жатады, кешегідей көңілді емес. Біресе тоқтай қалып, терең ойға батқандай тұнжырайды, қамығады, әлденені жоқтағандай, сыңсып ән салғандай болады. Құстың жоқтау әніне дала да, көл де, тіпті көлді көмкеріп өскен қамыс-құрақ та қосыла мұңайып тұрғандай болады.

Бейнефильмнің ендігі кезеңі қағаздары сарғыш тартып көнерсе де, көкейде көмескі тартпаған аяулы ата-аналардың ескі фотосуреттері, балалық шақтың, екеуміз алғаш танысқан, қатар жүрген күндердің, бала-шағамыз, дос-туыстардың арасындағы өмір көріністері...

* * *

Біз, Сәлима екеуміз де дәрігер мамандығын алдық. Алматы медицина институтын бітіріп едік. Мен — емдеу факультетін 1960 жылы, ал Сәлима — фармацевтиканы — 1962 жылы бітірдік. Сәлима екеуміз елу төрт жыл жұп өмір кештік. Тағдырға өкпе артқан емеспіз. Ризамыз. Өмірге екі ұл, бір қыз бала әкелдік, үшеуі де ержетіп, азамат қатарына қосылды, бала тәрбиелеп өсіріп, бізге немере сүйгізді, үмітіміз ақталды деуге болады.

«Ақылды жарың — байлығың, барың, ажарың» дейді халқымыз. Осы сөз мәйегі Сәлимаға да арналып айтылғандай. Шынында да менің шаңырағымды байытқан да, шырағымды жарқыратқан да, өмірімді ажарландырған да Сәлима еді!

Балалық шақтан еске алатын тағы бір мезет — менің ән айтуға құштарлығым болатын. Ол туралы айтар болсам, мен 1949 жылы алтыншы класта оқып жүргенімде аудандық өнерпаздар байқауына қатысып, халық әні «Юран-айды» орындап, екінші жүлделі орын алдым. Гурьевте өтетін облыстық конкурсқа жіберді. Ол уақытта Гурьевте — қалалық жерде қылмыс көп деген қауесет ел ішінде таралып тұрған кезі. Анам мені, үш қыздан кейін зарығып көрген ұлын, ондай «атағы дүрілдеп» тұрған жерге қайдан жіберсін! Сонымен, менің өнер сайысындағы өрісім шектеліп қала берді. Бірақ, ән-жыр өмірімнің серігі — әнді қойған емеспін.

1953-жылы мектепті бітіріп, Алматы қаласындағы дәрігер мамандар даярлайтын мемлекеттік медициналық институтқа оқуға қабылдандым. Оқуға түсуімнің өзі бір хикая. Аудан орталығындағы қазақ мектебін бітірдім. Оқу орнына барамыз дегенде, қазақ мектебін бітіргендерден институтқа қабылдау емтихандары ана тілінде қабылданады деген болатын. Бірақ, олай болмай шықты. Мединститутта сабақ орыс тілінде жүреді, сондықтан қабылдау емтихандары да орыс тілінде қабылданады деді. Химия пәнінен сынақ қабылдаған Горковский деген ұлты орыс оқытушымен арада өзгеше әңгіме болды.

Менің емтиханда берген жауабыма қабылдап отырған ұстаз «үштік баға қоятынын» айтты. Мен қатты намыстанып кеттім. Мектепте жүргенімде балалар маған «Менделеев» деген ат тағып, келемештейтін. Өйткені, мен химияны өте жақсы оқыдым. Химиядан сабақ берген Исмагулова Нұрсила деген мықты мұғалім болатын, кейін ол кісі «Еңбек сіңірген педагог» деген құрметті атақ алды. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Үш деген баға алу намысымды қамшымен осып жібергендей әсер етті. Мен емтихан қабылдап отырған Горковскийдің қолынан ұстай алдым да, «қоймаңыз, үштік бағаны, мен химияны кем дегенде «төртке» білемін, білгенімді орысша түсіндіру қиын болып тұр, билеттің жауабын ана мұғалімге айтып берейінші», деп байбалам салдым. Қарсы столда емтихан қабылдап отырған Мунира Садыковна деген оқытушыға тапсыруға рұқсат беруін өтіндім... Горковский абитуриент айтты екен деп көне қойсын ба, оған көнбеді. «Жарайды, үш теңестіру формуласын беремін, отырып дайындал, есепті асықпай дұрыс шығарсаң, «төрт» қоямын» деді. «Анау орынға отыр» деп, орын ұсынды, мен отырмайтынымды айттым, «есепті бірден, қасыңызда тұрып шығарамын» деймін. Тапсырманы сол бойда дұрыс орындап бердім. Мұғалім бетіме бажырайып қарап: «Қай мектептен келдің?» деп таң қалды. Мен Гурьев облысынан, Ганюшкин орта мектебінен келгенімді айттым. Емтихан алып отырған әлгі оқытушы маған сабақ берген Исмагуловамен қатар оқыған болып шықты! «Жарайсың!» деп, төрттік баға қойды. Сөйтіп, дәрігерлік жолдағы алғашқы қиындықпен бетпе-бет жолыққаннан кецін де талай сын-сынақты бастан кештік.

Емдеу факультетінің студенті атанғаннан кейін де бір-екі жыл бойына орыс тілінде оқу қиын болды, көп еңбектену, тілге әбден жаттығу керек. Бірге оқуға қабылданған замандастарымыздың кейбіреуі үлгере алмай, оқудан шығып қалды.

Бір күні... Мақатов Заур деген курстас досым студенттік советтің төрағасы болатын, жүгіріп келді, «жүр де, жүр» деп, не болғанын сұрасам, «әлгі мен айтып жүрген әдемі қыз буфетте кезекте тұр, тым болмаса, көріп қалшы» дейді. Көңілін қимай бардым, ымдап көрсетіп еді, шынында да... тым көркем қыз екен! Бір көргеннен қатты ұнаттым.

Ертеңіне-ақ қасыма жолдас жігіттерімді ертіп, қыз тұратын жатақханаға іздеп бардық. Ондағы ойымыз, іздеген қызымызды кездейсоқ жолықтыру... Ойлағанымыздай, мен іздеп келген ару қыз сол мезетте киім үтіктейтін бөлмеден шығып келеді, қарына іліп алған киімдері бар. Айтып-айтпай не керек... суда жүзген аққудай, әр қадамын бабымен басады, жүрісі, қимылы керемет сәнді, жарасымды екен! Жолдастарыма сыбыр ете қалдым «келе жатыр» деп, жігіттер «қарындас, бір адамды іздеп жүр едік» деп, жөн сұраған болып қыздың назарын аударып, тоқтатты, мен аузымды ашып үлгергенше, өздері зым-зия... тек екеуміз ғана қалдық. Оның бөлмесінің тұсына келгенде мен «сізге келіп тұруға бола ма?» деймін. Ол да іштей қарсы емес, «қалауыңыз білсін» деп, күлімсіреп шығарып салды. Аты Сәлима екен, Ақтөбенің Қарабұтақ деген ауданынан келген көрінеді, бірінші курста ғана оқиды, мен болсам, төртінші курсты бітіргелі жатырмын. Бұл март айының басы болатын...

Бірінші май мерекесіне бір танысымыз үйіне қонаққа шақырды. Отырыс көңілді өтіп жатты, жолдастарым ән салуымды қолқалап, өтініш етті. Махаббат жайында бір ән айттым. Менің жанымды сала шырқаған әнімнен Сәлима «есінен танып қалыпты» (өз сөзі). Екеуара нағыз ғашықтық сезімнің оянуына, қыз жүрегінің нәзік те шынайы қалауын табуға септігі тиген ән айту өнері өмірде бізді бұрынғыдан да жақындастырып еді! Қайран жылдар-ай, десеңізші!

* * *

Мен 6-курсты бітіретін кезде туған жездем Шафхат Алматыға келген. «Болашақ келініңіз» деп Сәлимамен таныстырып, ойымды бөлістім жездеммен. Жездем: «сенің әкең мен шешең саған ауылдағы бір қызды дайындап отыр, сені барған бойда үйлендіреді. Мынадай сұлу қыз біздің ауылда жоқ, әрі Сәлима сені қатты жақсы көреді екен, мен оны байқап жүрмін. Сен сөзді қой, қазір осы қызға үйленіп, ауылға біржола аттанасың, елге келіншегіңмен бар» деп ақыл қосты... Қол ұстасып Сәлиманың ауылына, анасынан бата алуға бардық.

Ақтөбедегі той үстінде бір ақсақал маған мынадай сын айтты. «Шырағым, далаға тастай алмай жүрген қызымыз жоқ! Біздің елдің дәстүрі бойынша, әуелі ұзатылатын қызға құда түседі, ата-анасының келісімін алады. Содан кейін барып құдалар жағынан 3-4 адам келіп (үлкен құда, кіші құда, күйеу жолдас, күйеу бала) қызды алып кетеді. Ал сен болсаң «салт басың, сабау қамшың» дегендей, жалғыз жүрсің, бұл қалай?! Біздің елдің жігіттерінен қорықпай қалай келдің?» — деп, қыспаққа алмасы бар ма...

Осы жерде айта кетейін, ақсақалдың сөзінің жаны бар. Сәлиманың сұлулығына өз елінде таңғалмайтындар жоқ болса керек. Оны айтасыз (арғы тегі сол өңірге аты мәлім Жылгелді батырдан тараған текті тұқым), Сәлимаға қызығып, сонау Орск қаласынан «Цыганский барон» деген лақап атымен төңірегіне танымал бір бай саудагер қыз он алтыға толған кезінде баласына айттыра келеді. Отыз мың сом ақша — қалыңдыққа арнап әкелген қалыңмалын ұсынады. Сәлиманың анасы Жібек жастайынан жесір қалған екен. Айттыра келген кісіге: «қандай қиындық көрсем де бақиылмын, әкесінің қалдырған аманаты бар еді, «балаларымды оқытарсың» деген. Уәде беріп едім әкесіне, аманатқа қиянат ете алмаспын, келуіңіздің айыбы жоқ, бірақ, қызымды оқытамын» деп, өз ойын ашық айтып, жөнімен, әңгіменің басын ашып қайырады. Бұл әңгіме жақын-жуықтар арасында жиі айтылып жүретін...(Осы жерде Тахауи Ахтановтың өмірі мен шығармашылығына қатысты әңгімеленетін «Жылгелді-Жұпар атты тарихи оқиғадағы Жылгелді батыр — Тахаңның нағашы жұрты, Сәлиманың атасы. Жұпар сұлу — Сәлиманың әжесі, яғни Нәубетияр ақсақалдың анасы). Сол өңірде сұлулығымен, ақылымен және қажыр-қайратымен аты аңызға айналған Жұпар әжесінің ажары мен ақылы Сәлимаға дарыған. Оның жастайынан көзге түсуі — арғы тектен сүйегіне берілген асыл қасиетінің белгісі еді.

* * *

Үйленіп, ауылға келдік. Мен бірінші жылы қарапайым дәрігер болдым, келесі жылы Шортанбай балық зауытының 35 орындық (аудан бойынша екінші аурухана) ауруханасының бас дәрігері етіп тағайындады. Село халқының дені орыстар екен, бірден тіл табысып кеттік. Қарамағымызда зауыт орналасқан ауқымды селодан басқа маңайдағы бір совхоз, екі колхоздың тұрғындарын қамтимыз. Әр ауылдың арасы 6-7 шақырымдай жер, сырқат адамдар көп. Ол уақытта жедел жәрдемнің жеңіл машинасы жоқ. Шақырған жерге ат-арбамен барамыз. Жұмыс жеңіл болған жоқ. Талай-талай ауыртпалықты бастан кеше жүріп, жұмыс істедік. Шортанбай селосы облыс орталығы Атырау (ол кезде Гурьев) қаласынан үш жүз шақырым жерде, ал Астрахань қаласынан 60-70 шақырымда орналасқан.

Бір күні емханаға аяғы ауыр (баласы жатырдан тыс біткен), жатырдан қан кеткен бір әйелді алып келді. Дереу операция жасамаса болмайды. Қыстың іші, ақ боран. Қолымыздан көмектесу келмейді. Шағын емхананың ондай мүмкіндігі жоқ. Содан Астрахань қаласының облыстық емханасына, бас дәрігерге телефон соқтым. Жағдайды түсіндіріп, шұғыл түрде санавиация жіберу керектігін айттым. Ол маған «сіздің емдеу мекемесі бізге (Ресейге) қарасты емес, Гурьевтен шақыр» деп, маңайына жолатқысы келмеді. Өйткені, жағдайдың ауырлығынан (қансырап қалған адамның өмірі үлкен жауапкершілік жүктейтіндіктен) өзіне жауапкершілік алғысы келмеді. Мен де алған бетімнен тайынбаймын «Гурьев алыс, уақыт жоямыз, адамға көмек шұғыл керек, оның үстіне қақаған қыс, ақтүтек боран. Егер науқасқа бірдеңе бола қалса, мен сізді сотқа берем, көмектен бастартқаныңыз үшін» (ол кезде СССР еді ғой, Одақтас Республикалардың бір-біріне көмек көрсетуде жүктелген міндеттемелері бар) деп, мен де тұқырта сөйледім. Әлгі батырсынған бас дәрігер «жарайды, жарайды, айқайға баспаңыз, одан да самолет қондыратын жерді белгілеңдер» деп райынан қайтты. Сөйтіп жүргенде қыстың қысқа күні ұясына батып та кетті. Екі-үш жерге от жағып, ақ жаймалармен белгі жасап, самолетті қондырып алдық-ау. Науқас әйелді ажалдан құтқарып қалдық...

1966 жылы Алматыға көшіп келдік. Мен Қазақтың Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына екіжылдық клиникалық ординатурасына түстім. Екі жылдан кейін академик С.Б.Балмұханов мені Мәскеу қаласына мақсатты аспирантураға жіберді. Бірақ Алматыда қалған үш балам мен әйеліме менсіз қиындау болды, ақырында, оқудың аяқталуына қарамай, аспирантураны тастап, елге келдім. Алматы төңірегінде 60 шақырымдық жерден ауылдық емханаға бас дәрігер болып орналастым, бір жылдан кейін аудан басшылығының ұсынысымен аудандық емхана басшылығына тағайындалдым. Үш жылдан соң Есік қаласына жақын жердегі 150 орындық үлкен санаторийді басқару жүктелді. Сол жұмыста жүргенімде Камал Ормантаев деген академик досымның кеңесімен Үкімет аппаратына жұмысқа алындым. Кейінірек Орталық партия комитетіне сектор меңгерушісі жұмысына ауыстырды, Тәуелсіздікке қолымыз жеткенде Қазақстан Республикасының Президенті аппаратына қызметке тағайындады.

* * *

Өткен күндердің өшпестей ізі көкейімде сайрап жатыр. Мынадай бір картина әсіресе, есімнен кетпейді... Мен оқуымды бітірген соң ауылда жұмыс істеп жүрген алғашқы жылдар Сәлимасыз өткен уақытта (ол Алматыда, мединституттағы оқуын күндізгі бөлімде жалғастырды) мені сағыныш меңдеп алатын. Қатты аңсаймын кездесер күнімізді. Сәлима оқуға кеткесін 1-2 ай өткен соң-ақ... Жұмыстан келе-сала бөлек бөлмеге кіріп алып, мандолинге қосылып «Жан-жарым Сәлиманы қашан көрем, Зарымды естимісің, Сәлима», деп әнге басып, зарлата жөнелгенімде, ішкі шерімді бір тарқататын болсам керек, әкем марқұм анамызға «Әй, Мүслима, мына бала әлден-ақ келінді әнге қосып зарлады ғой, дереу Алматыға жібермесек болмас» деген көрінеді. Нағашы інім Социалдың құлағына тиген осындай әңгімелер дос-жаранның арасына тарап кеткен кездері де болды.

Отбасы мұрағатындағы қағаздардың арасынан жылтыр пленкамен қапталған бір өлеңді де қолыма жиі алып, оқып қоямын. Бұл сенің — Салимашым, Әсемің — өзіңнен айнымайтын асыл немереңнің жүрегінен түлеген жыр жолдары. Шынайылығы әр сөзінен, әрбір жолынан, тынысынан көрініп тұр! Бұл да берекелі шаңырағымызды кернеген сағыныш әуенінің бір нәзік тербеліске толы сыры ретінде жаныма жайлы тиеді.

«Ажеке Салиме
Как бьется жизнь в ее глазах,
Как солнца луч играет.
Как изумруд в ее очах,
он то горит, то нежно тает... » —

Жеті шумақтан тұратын өлең жолдарының аяғына «28.07.09. Асема» деп жазылыпты.

Осы жерде, қызым Ботагөз еске түсіріп, әңгімелеген тағы бір оқиғаны баяндай кетейін.

Ол кездері сен сырқаттанып қалған мезгіл еді, әйтеуір таң бозарып ататын, кеш қоңырайып бататын. Үміттің шырағы өлеусіреп, жан-дүниеміз бір тал жіңішке жіптің үзіліп кетпеуін тілеп қана күн кешіп жатқанбыз. Салима-ау, сен жанарларың жәудіреп жатасың да қоясың... қарғам-ай... қимыл-қозғалыстан қалған кездерің болатын. Қасыңдағы біз де сені қимай, отбасындағы әр жан иесі сенің жаныңмен нәзік тінмен жалғасып... содан ба екен, жаутаң қаққан жанарыңа телміріп, күндер сырғып жатты.

Бір күні... осының бәрін көтеруге дәрменім қалмай, шарасыздықтан жүрегім сыр берсе керек, балалар жедел жәрдем шақырды. Келген медбике ем-домын жасай жүріп, маған кеңестерін айтып жатыр. Өзім де медик екенімді айттым, балалар да бәйек болып, «анамыз да медик... бірақ қазір науқас, жатыр...» деп қалды. Медбике дереу: «Ол кісі қай мекемеде істеп еді» деп сұрады. «Жедел жәрдем ауруханасының дәріханасында меңгеруші...» деген сөзді естігенде: «көрсем бәлкім, танырмын, кім ол» дегені, өзі де егделеу адам екен. Содан, бәріміз Сәлиманың жанына алып бардық.

Сәлиманы көріп көзіне жас алған медбике: «Сенбісің, құдайым, ау, бұл сенбісің?!» дегені! Өзі керемет толқыды. Содан кейінгі айтқандары әлі күнге құлағымда тұр. «Үлкен ауруханада бірге қызмет істедік қой...Мына жатқан сұлу әйелдің жаны да сұлу деп риза болатынбыз. Өзі үлкен дәріхананың басшысы бола тұрып, аурухана басшыларынан бастап еден жуатын қызметшіге дейін бір де бір адамды ілтипатына бөлемей жанынан өтпейтін... Қатал басшы еді, талап ете білетін, бірақ әділдігі үшін мекемеде бәрі қатты сыйлайтын. Тіпті, таңертеңгі ілездеме-жиынға осы кісінің сұлулығына тәнті болып, бір көру үшін ғана баратынбыз. Жай ғана өң сұлулығы емес, төңірегіне шуақ шашатын, таңғаларлық ғажайып жаратылған адам еді...».

Арада отыз жыл уақыт өтсе де, күні кешегідей жылы ұшырап, көзкөрген әріптесі білдірген ілтипатында қаншалықты қымбат сыр жатқанын түсінуге болады...Сәлима ұзақ жылдар Алматы қаласындағы № 66 дәріхананың меңгерушісі болды. Оның Үкімет тарапынан алған марапат-мақтаулары қызметтегі жетістіктері ғана емес, жүздеген, мыңдаған қызметтестері, ауру-сырқау адамдардың, осы саладағы әріптестерінің оның білгір басшы болуымен қатар зор адамгершілігіне бас иген құрметінің арқасы болатын... 1976 жылы берілген «Отличник здравохранения СССР» деген құрметті белгісі, 1987 жылы алған «Ветеран труда» медалі Сәлиманың еңбегінің үкімет тарапынан еленген бір белгісі ғана.

Балаларымызға мейірімді ана ретінде ол қандай ғажап тәрбие берді десеңізші. Бүгінде ержетіп, ел өркендеуіне үлесін қосып жүрген балаларымыз да еңбектерімен көзге түсіп, ата-ана жолын жалғастыруы — әулетіміздің мақтанышы. Кіші ұлымыз Ғасал Ғаділбекұлы Ресей мен Қазақстан арасындағы адал ниетті әріптестіктегі еңбегі үшін Ресей Федерациясы тарапынан «Ұлы Петр орденімен» марапатталды. Қазақ елінің білікті мамандарын өзге ел бағалап жатса, бұл ата-ана үшін өзгеше мерейі емес пе?

Үлкеніміз Есей технология институтын, жоғары милиция мектебін бітірген. Ол 39 жасында полковник атанды, қазір Қорғаныс министрлігінде. Үлкен немереміз Әдия — экономист, айтулы маман, ұйымдастырушылық қабілеті арқылы басшылық деңгейге дейін өсті. Қазір Голливудта. Дүниежүзілік конкурсқа қатысып, киноөнері саласына қабылданған 20 адамның біреуі. Немереміз Әсем — КИМЭП-тің түлегі, қазір Париж қаласында дизайндық шеберлік жолында.

Ал қызымыз Ботагөз біздің жолымызды қуған перзентіміз, мамандығы дәрігер. Қазір кішкентай бөбектер тәрбиесімен айналысады. «Монтессори Алма-Ата» мекемесінде. Жас аналарға, ұлт болашағын, баланы жасынан жақсы әдепке баулуды ойлайтын отбасыларына бұл мектеп жайында білгеннің артығы жоқ. 2-3 жасар бала тәрбиесі — сенімді болашақтың баспалдағы...

Қазақта «дәтке қуат» деген жақсы сөз бар. Осының бәрі және жүректегі иманның қалауы — шүкірлік. Тоқтаммен, өткен тәтті күндеріме ризалық сезімімен Алланың берген ғұмырын тәрк етуге хақым жоқ! Сырласым, жан-жарым, шаңырағымыздағы бір өзің бойыма сіңіріп кеткен шуағың әрдайым жанымды нұрландыра береріне сөзсіз сенем! Ақ қағазға түсіріп, ішкі шерімді, жаныма батқан ауыртпалығымды бөліскендегі ойым — белгісі өшпес өткен күндердің жаңғырығы өзіммен бірге өшіп кетпесін, үлгі тұтар тұсы болса, ұрпағым ортақтассын дегенім еді!..»

Қолжазбаны түгел оқып шықтым, бір шаңырақтағы қос дәрігер Мусиндер — Ғаділбек аға мен Сәлимадай ару жеңешеме Аллатағаланың ақ-әділ өмір жолын еншілгеніне іштей қызыға әрі сүйсіне тәуба дедім...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз