Өлең, жыр, ақындар

Бөлтірік бөрік астында

Үш перделі, бес суретті комедия

ҚАТЫНАСУШЫЛАР:

Маяковскийдің даусы
студенттер
Марфуға — Сұңғаттың әйелі.
Арыстан — Жәмиләнің немере ағасы.
Қатира — Жәмиләнің шешесі.
Бекен — Сапардың немере ағасы, шопан.
Сайлаубек — фотокорреспондент.
Жұпар — көрші кемпір.
Раушан — Сапардың әйелі.
Ахмет — Сапардың әкесі.
Баршагүл — Сапардың шешесі.
Тапал — комбайнер.
Боранкүл — колхозшы әйел.
Алексей — зоотехник.

Оқиға бір замандасымның басынан еткен.

БІРІНШІ ПЕРДЕ

Шымылдық ашылмас бұрын көңілді музыка аздан соң ауыр сарынға көшіп, қайтадан салтанатты серпінге ауады.

Маяковскийдің даусы:

«...Дүние көктем көркіндей шырайлы,
Дүние тағы да гүлдермен безенді.
Әйелдер туралы, махаббат жайлы
Мәселе шешілер кез енді,
Парадқа барғышпыз, өлең де оқимыз,
Мінбеде суырылып сөйлегіш-ақпыз.
Бірақ та жауырды жаба тоқимыз,
Кейде тым көне қол ұсақпыз.
Біреулер қонады бір гүлден бір гүлге,
Ұшады самғайды,
тыным жоқ сорлыда
Жоқ біздер татумыз.
бір жерде тұрамыз.
Былғаныш болмасын ішін. мен тысың.
Тазалық үшін дабыл ұрамыз,
Сақтаймыз достық пен
махаббат күшін».

БІРІНШІ СУРЕТ.

Шымылдық ашылады. Гүл алаңы. Алыстан Алатаудың қарлы сілемдері шалынады. Ертеңгі уақыт. Өткен-кеткен машиналардың сигналы оқтын-оқтын естіліп тұрады. Анда-санда бақ аралаған жастар көрінеді. Жәмилә мен Сапар сахна төрінен шығады.

Сапар (қолындағы гүлін Жәмиләнің омырауына қадап жатып). Қандай тамаша! Гүлге гүл қосылса одан сайын құлпырады емес пе!

Жәмилә. Дұрыс, мақтауың жетті. (Сапар ұмтыла бергенде, жүгіріп барып орындыққа отырады.)

Сапар. Қыздардың осы әдеті-ай! (Жақындай береді.)

Жәмилә. Немене? Қыздардың қылығы қажытқан адамша сөйлейсің ғой?

Сапар. (Жәмиләнің жанына келіп отырып). Жоқ, жарасымдылығын айтамын, қызығым да, қуанышым да бір өзің демедім бе? Сенің көңілді көркіңе көз тоймай, күмістей күлкіңе құлақ құрышы қанбай өтетін шығар бұл дүниеде.

Жәмилә. (Сапардың шашын сипап). Сен кейде осындай тәтті сөздер айтқанда, жауап таба алмайтыным неліктен екен, ә?

Сапар. Ғашықтық тілі — тілсіз тіл.

Көзбен көр де ішпен біл», — деп Абай айтқандай, мұның жауабы сол тілсіз тілде.

Жәмилә. Таптың, таптың! (Ойланып.) Әрдайым саған көп нәрсе айтқым, көп нәрсе білгім келеді. Ал кездескенде сол ойлардың басы құралмайды.

Сапар. Ол жағдай менің де басымда бар. Әлі талай сыр айтылар... Арман, қиялдарын жұртқа ашуға ертере әрі ұят санап жүретіндер бар емес пе! Әр сыр, әр мақсаттың айтылу кезеңі туады.

Жәмилә. Мысал үшін?

Сапар (абыржып). Мысал үшін бе? Мысал үшін мынаны алайық. Мен... Сен бірақ күлме. Мен сыншылығым Белинскийдей болса деп арман етемін. Сенің де атақты тарихшының бірі болғың келмей ме? Осының бәрі толғағы жеткенде туатын сырлар емес пе?

Жәмилә. Әрине, бірақ «Ақын болмау еркіңде, азамат болу борышың» демей ме Некрасов?

Сапар (құшақтап). Айналайын ақылыңнан. (Сөзді бұрып.) Мына гүлдерді қарашы?! Жыл сайын жасарады. Талай жүректің сырына куә болып қайта қуарады. Адам өмірі де неге осылай жаңарып тұрмайды екен? Есіңде ме, комсомол жиналысынан шығып келе жатқанда, сырымды алғаш осы жерде айтып едім-ау! Оған да бір жыл өтті. Бұлар қайта гүлдеді. «Танимыз сендерді, құтты болсын тойларың!» деп тұрғандай.

Жәмилә. Ол күнді мен ұмытпаймын. Төрт ауыз сөз айтып тоқсан күрсінгенің әлі есімде. «Сүйем» дегенде даусың дірілдеп, берекең қашып еді. Қазір сенің «сүйем» дегенің «сәламатсыз ба» дегендей оңай тартып барады.

Сапар. Ал сен ше? Танысқалы «Сапар, сені сүйемін» деп бір айттың ба? Енді екі күннен кейін тойымыз болады.

Жәмилә. Той күні айтам. Сүйемін Сапарымды деймін.

Ерекше киінген Арыстан шығады.

Арыстан (Сапарға). Уәделескен соң күту керек қой. Мен келсем, сен де жоқ, қыз да жоқ. (Сапарға үндеме дегендей ишарат білдіреді. Жәмиләға қарап.) Пардон махаббат. (Күрсіне қабағын тыжырып.) Тыңдаңдар махаббат деген не? Эх, Эмилия, Эмилия! Москвада бір испан қызымен таныстым. Кеуде кептер иық!.. Көз бен кірпік! Мәрмәр мойын! Аяқ, қол... Ғажайып! Қысқаша айтқанда оның сымбатын салуға Рембрандтың да шамасы келмейді! Жалпы ертегіде болмаған дүние! Вальс, фокстрот — көз тұнады. Эмилиямен бір билеу мәңгі-бақи бақыт, ләззат! А рокинролл: (Билейді.)

Сапар. Өзің бірге биледің бе?

Арыстан. Талай рет!

Жәмилә. Ендеше мәңгі:бақи бақытты емессіз бе?

Арыстан. Әңгіме махаббатта!.. Мен сендерге шынын айтсам. Эмилия билегенде Уланованың дәл өзі деп қаласың.

Жәмилә. Эмилия қазір үлкен театрда ма?

Арыстан. Жоқ... консервный заводта технолог, күйсуге тиген, баласы бар. Қойшы, қолдан кеткен соң бәрібір. (Екі-үш қыз өтеді.) Пардон! Бикеш! Қыз... (Жүгіре басып кетеді. Сапар мен Жәмилә оны мазақ етіп күліседі.)

Сапар. Сүйем Сапарымды дедің бе? Бұл сөзді де еститін күн бар екен ғой! Енді мен бақыттымын. Өз аузыңнан, өз құлағыммен естідім. Бұдан былай қатал тағдыр дозағын арнай берсін маған. Кірпік қақпай қарсы аламын.

Жәмилә (еркелеп). Сапаш, дозақты аңсамай тұра тұр.

Сапаp. Әрдайым ойымыздың осылай тоғысып жатқанына қуанам. Жар сүю, үлгілі семья болу да бақыт қақпасына апаратын даңғыл жол. Өткен өмірімізде, келешегімізде де бұрылыстар, қателесулер болуы мүмкін. Сол шақта кешірімді бол, әрі ақылшы болғайсың, Жәмилә.

Жәмилә. Онсыз өмір бола ма?.. Біріміздің қатемізді біріміз жөндеп, ақылдасып отырмасақ, ынтымақ қайда?

Сапар. Ах, Жәмилә! Бұдан былайғы өмірімді саған арнаған адаммын. Сенсіз өткен уақыттарымның да бар желімін кейін алдыңа тартам. Өмір қиын ғой, Жәмилә!.. сонда ағат басқан қадамдарым болуы мүмкін. Қорғаушым да, кешірім ететін төрешім де өзің боларсың.

Жәмилә (сезіктеніп). Немене? Қылмысты адамша қиыла қалғаның? Адам өлтіргендей сонша таусылғаныңа жол болсын!

Сапар. Адам түгіл, тышқан мұрнын қанатып көргенім жоқ. Бар тілегім — қатем болса кешір, кешірем деші!

Жәмилә. Жарайды, солай-ақ болсын, онда не тұр?

Сапар (аймалап). Рақмет, Жәмиләш! Бүгіннен бастап сенің қолыңа тағдырымды бердім. Ақыл-ойым да, арман-тілегім де сенді уәде ме?.. (Жәмилә үнсіз, басын изейді. Сапар лепіріп.) Тауға айда, тасқа сал, қажымаймын. Сен үшін бәріне де барамын. Сенің махаббатыңды жаныма қуат, еңбегіме нәр, қиялыма қанат, тіршілігіме тірек деп санаймын. Сенсіз жерде жанда дәрмен, еңбекте береке, қиялда қазына, тіршілікте мән бар деп ойлама. Бар айтарым осы.

Жәмилә (ойланып). Сапаша! Адал жүрегіңмен ақтарыла айтып отырғаныңа сенем. Мен де өз сырымды айтайыншы. Қалтқысы болмасын. Сені сондай жақсы көремін. Бірақ кейде бейтаныс адам сияқты көрінесің. Барлық көңіл түкпіріңді көре алмайтын сияқтымын. Бір түрлі әрі жақын, әрі жат...

Сапар. Жәмиләш...

Жәмилә (Сапарды құшақтап аузын басып). Жоқ... Жоқ... Сапар, ренжіме, мен қайдағы жоқты айтып тұрмын. Өзің білесің ғой. Жүрегім лүпілдеп алып барады. Қайдағы бір ойлар келеді. Айтшы, маған ренжімейсің ғой...

Сапар. Ренжімеймін, Жәмиләш. (Құшақтап сүйеді.) Ал енді сен бара бер. Мен үйге телеграмма беріп келейін. Олар да қуансын.

Жәмилә. Сұңғаттың үйінде кездесерміз. (Кете береді.) Көп кешікпе.

Сапар. Жарайды. (Жәмилә кетеді. Сапар басын ұстап шайға отырады. Аздан соң қойнынан хатты алып ашып жатып.) Е, Сапар дос!.. Үлкен сын үстінде тұрсың, мықты бол! Не жазды екен бұлар! (Хатты оқиды.) «Ардақты жаннан артық көруші баламыз Сапар!..» Біздің үйдің хаттары ылғи осылай басталады. «Біз де құдай деп жүріп жатырмыз...» Сол құдайларыңның пайдасы шамалы-ау... «Торбайтал мертігіп, жарты етін баспаққа айырбастадым...» Әбден дұрыс болыпты... «Жұманазардың қызы көрші совхоздағы бір тракториспен қашып кетті...» Қарасы батсын!.. «Ал, балам, келіннің айы жақындады». (Күрсініп.) Пәлесі енді басталды! Сорлы басым одан сайын шырмала түспесе жарар еді?... «Сонда қызметке қалам деген екенсің, қарсылық жоқ. Түсімде кездік тауып алып жүрмін, құдай қаласа келін ұл табар?!» Сол дым таппай-ақ кетсе деп едім, амал не?.. «Нәрестенің бұғанасы қатқан соң алып қаламын да, келінді жаныңа жіберемін». Мәссаған. «Сау-сәлемет бол, тілектес әкең Ахмет». Бүйткен тілегің құрысын! (Хатты жыртып-жыртып, гүлдің арасына лақтырып жібереді.) Құдай бұйырса Раушан баласын жетектеп әкесінің үйіне барар. (Ойланып). Енді қайттім?.. Жоқ, Сапар, өзің мықты бол!.. Шынтуайтқа келгенде, сен түгіл ортан қолдай жазушы да, артис те, айта берсең академиктердің де әйелінен ажырасып жатқандары, тіпті екі-үш қайтара үйленгендері де бар. Бақсақ ол да өмірдің заңы. Ертең аспирантура!.. Кандидат, доктор! Кім боп кетейін деп күрміп, жаным-ау Раушан екі қабат болмақ түгіл төрт қабат болса да, менің қазіргі рухани дүниеме нәр бере ала ма? Мен үйленгенде колхоздың есепшісі еді ол, әлі сол күйі. Ал, Сапар ше? Қой... Ендігі жерде Сапарға керегі Жәмиләдай оқыған, мәдениетті адам. Әкесі де Алматының мықтысы, тым болмаса сол мықтының көмегімен де біраз жерге барамын ғой. Қап! Жап-жақсы басталған нәрсе еді. Мына бір пәленің берекені қашырып тұрғаны-ай! Бірақ іздеп келіп жанжал шығаратын жігер Раушанда жоқ. Елде өскен қыздардың осындай ұяң мінезі жақсы-ау. (Ойланып.) Мықты бол, Сапар! Шешуші сағат таяу! Жүрегі жарылып кетсе де телеграмма беруге тура келеді.

Кетеді. Пауза. Сахнаның екі жағынан Қатира мен Жұпар шығады.

Қатирa. Ay, сен қайдан жүрсің?

Жұпар. Мына бұрыштағы магазинде қазнаның етін сатып жатыр екен, кеспеге қара жоқ! Ет шабатын жылтыр қара таныс қой, ширетсіз алдым да, саған құтты болсын айтайын деп бұрылып едім. Ие, қуаныш қайырлы бола берсін.

Қатира. Рақмет! Айжанның үйінен шыны аяқтар алуға бара жатыр ем. Кімнен естідің? (Екеуі орындыққа отырады.)

Жұпар. Ел құлағы елу, жақсылық жата ма, дұрыс жасағансың, қыз жиырмадан асқан соң, үйде отыруы өзіңе де, үй ішіне де ауыр.

Қатира. Туған баласын кісі ауырсына ма? Әйтеуір өздері жарасса болды да.

Жұпар. Қызды құтты жеріне қондыру оңай емес, қосағымен қоса ағарсын!

Қатира. Айтқаның келсін. Үлкен қызымдай бақытты болса, арманым жоқ. Жолдастарының бәрі мақтайды Сапарды. Жәмилә да теңі болған соң ұнатқан шығар.

Жұпар. Ойбай-ау, о не дегенің. Теңі болмаса жолай ма бұл заманда. Біз сорлы ғой баяғы, үйіне келгеншe күйеуіміздің жүзін анықтап та көргеніміз жоқ.

Қатира. Қойшы, сенде қай-қайдағыны айтпай!

Жұпар. Өтірік пе, онан да жиырма жыл кеш тумаған екенбіз де.

Қатира. Кеш туғанда қайте қояр едің?

Жұпар. Көңіл шіркін емес пе, жүрмес пе едік осылардай шалқақтап.

Қатира. Құдай төбеңнен ұрсын, алжиын деген екенсің. Сен болмасаң қаланың өсегін кім айтады.

Жұпар (ренжіп). Жақын тартып естіген-білгенімді айтсам, өсек көресің!

Қатира. Сырың белгілі ғой, Жұпар.

Жұпар. Ол құрғырды қайбір жетіскендіктен айтады дейсің. (Сөзді бұрып.) Үлкен қызың екі қабат деп еді, босанды ма?

Қатира. Шүкір, бір немереміз бар.

Жұпар. Жасаған-ау, бар қуаныш сенде екен ғой.

Қатира. Қуаныштан айырмасын, Күләй босанған күні күйеу балам телефон соқты. Қуанғаны даусынан-ақ белгілі. Қайта-қайта «апа, әке болдық» дей береді.

Жұпар. Енді қайтсін, тұңғышына кім қуанбайды. Марқұм біздің үйдегі осы Шарапатжан туғанда: «Жұпар ұл тапты» деп жеңгелері сүйінші сұрайды ғой баяғы. Сонда сасқанынан аузындағы насыбайын жұтып жіберіп, өліп қала жаздаған.

Қатира. Қайтсін, сендер де кешігіп көрдіңдер ғой баланы.

Жұпар. Ойбай-ау, естідің бе?

Қатира. Тағы немене?

Жұпар. Тұраштың баласы да Мәскеуде ғой, нашар оқыған соң Арыстанды онберсеттен шығарады деп отырған. Туысымды жамандады деп ренжіме, өзі берекесіз бала-ау деймін шамасы.

Қатира. Әйтеуір бір бәлесі бар, ашып айтпайды.

Жұпар. Ата-анасы да тәуір адамдар. Өзі де әжептәуір жігіт, о несі екен?

Қатира. «Ата даңқымен қыз өтеді, мата даңқымен без өтедінің» заманы қалған жоқ па? Өз санасына бермеген соң бәрібір жынды бота сияқты өмірі өтеді.

Жұпар. Оның рас, баяғы банкіде істейтін жуан қарынның баласы кәрменшік болып кетіпті.

Қатира. Сенің балаң оқыған, қатардағы азамат. Солар сияқты масыл болса қайтер едің? Шүкіршілік ет.

Жұпар. Атай көрме? Шүкіршілік еткенде қандай?

Қатира. Ойбай-ау, сенімен сөз бітпес. (Келе жатқан Сапарды көріп.) Былай кетейі балалар келе жатыр екен.

Ойға шомған Сапар шығады. Сахнаның орта шеніне шығып өзіне-өзі.

Сапар. Хабар бергенім бекер болды ма? Осы асығыстықтан-ақ өлетін болдым. Шыдай тұрған да дұрыс екен-ау. Бірақ біреуден естігеннен гөрі өзімнен телеграмма барғаны ә дегеннен бетін қайтарып тастауға дұрыс. Болар іс болды. (Сайлаубектің кіргенін байқамай.) Мықты бол, Сапар, мықты бол.

Сайлаубек. Молодец! (Сапар селк ете қалады.) Тс... тс... Сен заговор дайындап отырғаннан саумысың?

Сапар (абыржып). Қайдағыны айтпа, бір нәрсе сезіп пе едің?

Сайлаубек. Тс... тс... бауырым... Мен сезсем, алдымен өзім айтамын ғой, Мықты бол, Сапар, мықты бол дегеніңді тегін дей алмай отырмын.

Сапар. Семья құру оңай ма, достым?..

Сайлаубек. Иә, сол ма еді. Үйлену деген сонша қауіпті болса, бізге де айтып қойсайшы, жоламайық пәлеге!

Сапар. Қауіпті емес, жауапты қадам.

Сайлаубек. Тс... тс., ешкімге айтпа, мен жалпы жауапкершілік дегеннен ат-тонын ала қашатын адаммын. Ал сенің мына абыржуыңа қарағанда, үйлену дегенің осал дүние болмады. Өз басымызға мұндай күй түссе, жынданып кететін шығармыз. Аулақ жүрейін, аулақ!..

Сапар. Табиғат заңы, бұл құрыққа ілінбей кетпейсің.

Сайлаубек. Тс... тс. Өйтіп жүрегімді ұшырма. Жұбан деген ағамыз табиғат заңының тұмсығына бір теуіп, қырық беске келгенше үйленбей жүр. Енді үй болуы... Әй білмеймін-ау...

Сапар (орнынан тұрып). Жарайды, ерік өзіңде, тойға келесің бе?

Сайлаубек. А как же, поздравительный телеграмма да аларсың.

Сапар. Рақмет! (Кете береді.)

Сайлаубек. Тс... тс...стоп! Тойыңның қарсаңында сфотографировать етуге рұқсат ет! (Жалма-жан аппаратын ыңғайлай бастайды. Сапар галстугын жөндеп, байсалды кейіпте тұра қалады.)

Сапар. Ескерткіш болсын!

Сайлаубек (кейін шегініп, аппаратына бір қарап). Былайырақ тұр, гүлге таман... та та стоп, башпайыңнан басыңа дейін түсіремін, все, рақмет!

Сапар. Саған да рақмет!

Сайлаубек. Тойыңды түсіруге 3-4 каток пленка арнадым. Толық бір альбом... Тартуым да сол болар саған!..

Сапар. Одан артық тартудың қажеті жоқ. Cay бол.

(Кетеді.)

Сайлаубек. Жалпы басы бар жігіт... Әнуар сорлы ашық ауызданып жүріп Жәмиләдан айрылып қалды. Мына қу қағып кетті. Бәле өзі?! Жәмилә да Әнуарды сүйген жоқ. Ал, мен болсам, көрінгеннен сезіктеніп стоп-стоп, так-такпен өмірім өтетін қу аяқ шығармын. Жәмиләдай қыз түгіл, жөні түзу біреуге кездессем жарар еді-ау!

Сахнаның төрінен қолтығында кітаптары бар

Әнуар өтіп бара жатады.

Сайлаубек (айқайлап). Әнуар, бері кел! (Өзіне-өзі.) Сүйген қызыңның тойы біреумен болғалы жатқанда, қайбір оңып жүр дейсің.

Әнуар (сәлемдесіп). Тағы да этюд түсірейін деп жүрсің бе?

Сайлаубек. Басқа не кәсіп бар менде?

Әнуар. Оқуға кететін болдың ба?

Сайлаубек. Документтерімді операторлар даярлайтын факультетіне жібердім, әлі хабар жоқ. (Сыр тартқысы келіп.) Настроение қалай?

Әнуар. Қалай болушы еді, жақсы.

Сайлаубек. Жәмилә тойына шақырды ма?

Әнуар (ойланып). Жоқ... Шақырмаса да барам, отырам. Жақсы тілек айтам Сапарға, әрине барғанымды іштей ұнатпайды. Амалым қанша, Жәмиләның Сапарға шығайын деп жатқанын мен де ұнатпаймын.

Сайлаубек. Бәрі өзіңнен, қандай тамаша қыз еді, айрылып қалдың.

Әнуар. Сен де тамаша жігітсің, айрылып қалдың деген сөз бола ма екен! Адамның сезімін байлап ұстайтын құдіретің болса, көмектесе ғой маған!..

Сайлаубек. Ондай күш болса, алдымен өзімді жарылқар едім ғой. Танысқан күннің ертеңіне қыздар танымай кетеді.

Әнуар. ЖенПИ-дің бір қызы өзімді жақсы көреді деп жүр едің ғой?

Сайлаубек. Тс... тс... Айта көрме ешкімге! Ол қыз әшейін мазақтап жүр екен. Бір күні сабақтан шығуын күтіп тұрып, трамвайға дейін шығарып салып келе жатқанымда: «Сізді сүйемін, былай нетіп қосылуға болмас па екен» дедім. Ол: «Рақмет, қайным, менің төртінші класта оқитын қызым, прокуратурада істейтін күйеуім бар» деп қарап тұр. Зәрем зәр түбіне кетті. «Хош болыңыз, қарындас, күйеуіңізге айта көрмеңіз» дегенімде, сылқ-сылқ күліп қала берді.

Әнуар (күліп). Қатырған екен!... Бәрінен де төртінші класта оқитын баласы бар әйелді «қарындас» дегенің ұнайды маған.

Сайлаубек. Тс... тс... Айта көрме ешкімге! Қорқынышта аузыма не түскенін білмеймін, кейін өзім де ұялдым... Және күйеуі прокуратурада істейді деген не сұмдық!.. Достық ретінде айтып қояйын, ондайлардан аулақ жүру керек.

Қолындағы тор қалтада тамақ салған кастрюлька, бір қолында фарфордан жасалған мысықтың бейнесі, шашын әшекейлеп, соңғы модамен киінген, шамадан тыс боянған Марфуға кіреді.

Марфуға. Привет знаменитому историку и фотографу!

Сайлаубек. Сәлем, носительнице передовой культуры!

Әнуар (кекетіп). Қазақстанда модалы киімдердің негізін қалаушы десейші!

Марфуға (түсінбей). Спасибо, хоть сендер признаете менің культурный адам екенімді. Ал, байым «осы нарядыңды ұнатпаймын» дейді (заттарын орындыққа қойып). Ох, шаршалғандым.

Әнуар (кекетіп). Ұнатпаса, неге ұнатпайсың деп сұрамайсың ба?

Марфуға. Айтады не, мен деп айтады, мұндай одеждаларды сенен басқа ешкімнен көрмеген деп айтады.

Сайлаубек (кекетіп). Шаршалғандым отырғанда көп айтпа демейсің бе?

Марфуға. Вечно сендер маған күлесіңдер. Попробуй қатын болып мұндай күнде тамақ тасуға.

Әнуар. Марфуға, қалай қатын боламыз! Адамның қолынан келмейтін іске жұмсайтының не?

Марфуға. Мен өзім дура, зачем байға тидім.

Сайлаубек. Соны айтам-ау!..

Әнуар. Еркек боп жүре беру керек еді.

Марфуға. Беда в том, любишь и все!

Сайлаубек (кекетіп). Жүрегім жаңа орнына түсті-ау, Марфуға-ай! Шынымен әйел болып шықтық па деп қорқып кетіп едім.

Әнуар. Мен де солай ойлап қалдым.

Сайлаубек. Жәмиләнің тойы болайын деп жатыр. Барып көмектеспейсің бе?

Әнуар. Марфуға ондайға жоқ шығар.

Марфуға. Нет, барам, еще успею.

Әнуар (Марфуғаға). Жүре ғой, сені троллейбусқа мінгізіп жіберейін. Өзім емтихан тапсыруға барам.

Марфуға (заттарын алып жатып.) Молодец, вот джентельмен.

Әнуар оның қолындағысын өзі алады да, екеуі де шығып кетеді.

Сайлаубек (өзіне-өзі). Сұңғаттың басына қонған дәулет те аз емес. «Марфуғаны тәрбиелеп шығарғанша шаш ағарар» деп бекер айтпайды, қайтсін. Маған да осындай біреу кездесіп сорлатпаса жарар еді-ау! (Біреуге көзі түсіп кетіп). Нағыз керек адам шығар! Келе жатыр.

Кеудесінде орден, медальдар, өзінше сәнді киінген Бекен кіреді.

Сайлаубекті байқамай бір үйге таңданып.

Бекен. Па, па, үй болғаныңа, сабаздар-ай, қалай салған. Өзі неше қабат-ай, шіркін, колхозға осындай бір үй салып алар ма еді. Әттең қол қысқа-ау. Тіпті басынан құс ұшпайды екен.

Сайлаубек. Ассалаумағалейкүм, ата.

Бекен. Әлейкүмсәлем, балам.

Сайлаубек. Уәделескендей келуіңізді қарашы! Газетке суретіңізді түсіріп алуға рұқсат етіңізші!

Бекен. Таң атпай бір-екеуі келіп түсіріп алып еді, қайте бересіңдер, шырақтарым-ау?

Сайлаубек. Қажет, ақсақал, қажет. Мен басқа газеттенмін.

Бекен. Осы Алматыға келсе қолдан қолға тимейміз. Бір ғажап!

Сайлаубек. Еңбек адамдары қайда болса да құрметті. (Бекенді орындықтан былайырақ алып келіп.) Осылай тұрыңыз. (Кейін шегініп аппаратына бір қарап.) Немножко левее! (Бекен түсінбей оңға қарай жылжиды.) Жо, жоқ, солға таман, солға таман! Стоп!

Бекен. Стобың қалай, тұр дегенің бе, жаным-ау? (Қозғалақтай береді).

Сайлаубек. Вот, вот, солай! (Түсіреді. Блокнотын алып.) Атыңыз? Фамилияңыз?

Бекен. Атым Бекен, фамилиям — Байболов.

Сайлаубек (жазып жатып). Менің бір жолдасымның да фамилиясы Байболов еді!

Бекен. Жүз саулықтан дүз жиырма бес қозы алдым, Жамбыл облысынан.

Сайлаубек (жазып жатып). Ол да Жамбыл облысынан.

Бекен. Аты Сапар емес пе? Университетте оқи ма?

Сайлаубек. Дәл өзі.

Бекен. Биыл бітіре ме?

Сайлаубек. Так точно.

Бекен. Точно болғанда өзі жазушы ма?

Сайлаубек. Аздап жазатыны бар.

Бекен. Ендеше, ол менің інім, үлкен ағайдан туған бала.

Сайлаубек. Вот здорово! Ағайын болып шықтыңыз ғой.

Бекен. Әлбетте, Сапаржанның жолдасы екенсіз, хош деңіз. Мына суретіңнің біреуін берсең, қалай болады, кемпіріме ала кетейін. Атың кім еді, балам?

Сайлаубек. Атым Сайлаубе біреу емес, екеуін жасап берейін, ата!

Бекен. Мың бол, шырағым. Тиын-тебеніміз жеткілікті, ұялма, оның да шамасын айтып қой.

Сайлаубек. Ақсақал, мен сізге тегін беремін.

Бекен. О, мың бол, мың болғыр! Өзіме кездесе алмасаң, Сапаржанға бер, ертең барып алармын өзім. (Төс қалтасына сағатын алып.) Ойбай-ау, әлгі жиналыстан кешігіп қалармын. Cay бол, шырағым. (Жедел басып кете береді.)

Сайлаубек (өзіне). Інісінің тойын біле ме екен? (Бекеннің ізінше жүре беріп.) Ақсақал, бүгін...

Бекен. Айтпақшы, Сапаржаннан сүйінші сұра, мен шығатын күні Сапаржанның үйіндегі келін ұл тапты!

(Асығыс кетіп қалады.)

Сайлаубек (кілт тоқтап). Мен, мен не естідім?.. Не дейді, Сапардың қатыны ұл тапты деді ме?

Шымылдық

ЕКІНШІ СУРЕТ.

Ахметтің үйі. Үй жасауы мәдениетті. Стол үсті жасаулы.

Шілдехана. Бала көтерген Раушан терең ойда.

Раушан (өзіне-өзі). Бұл қалай? Сапардың соңғы хаттарында салқындық сезіледі. Түсінбеймін. Мүмкін ол... Жоқ, жоқ, сенбеймін. (Сергіп.) Оқу да оңай емес, әлденеге ренжіп жүр ме екен, кім білсін. (Баласына мейірлене қарап.) Папасының баласы да жылай ма екен? Әкең оқу бітіремін деп жанталасып жүргенде, сен ұялмай жылайсың, ә? Әкеңнің ойында бұрын тек мен болсам, енді сен қосылдың, оған кінә жоқ. Бір айдан кейін келеді. Танысасың екеуің. Алматыға барамыз. Сен де сонда оқисың. Әлде инженер, әлде агроном боласың ғой шамасы. Кім боласың, айтшы.

Ішкі үйден Баршагүл шығады.

Инженер дейсің бе, онда өзің біл.

Баршагүл. Жаратқан-ау, не деп жүрсің, келін-ау, ұйықтады ма?

Раушан. Инженер болам деп немереңіз ұйықтайтын емес, апа.

Баршагүл (жақындап, баланың бетін ашып). О, көзіңнен айналайын жылтыраған. Дені сау болса, менің жаным инженеріңді айтасың, құдай қаласа милиция да болып кетеді.

Раушан (күліп). Әй, апа-ай, сонда инженерден милиция мықты болғаны ма?

Баршагүл. О не дегенің, жаным-ау! Баяғыда кіре тартып жүріп Рахымжан бір күнде милиция болып шыға келді де, осы отырған елді түгел биледі. Құдай берейін десе, қиын емес.

Раушан (күліп). Солай-ақ болсын, енді ұйықтайды, апарып жатқызайын.

Кетеді. Қолында заттары бар Ахмет кіреді.

Ахмет. Кемпір, тамағың жақындады ма?

Баршагүл. Бәрі болды. Ал сен бар ғой, шалым, алдыңғы жылдағыдай жұрт қауқаулағанға шыдамай тағы арақ ішіп, масқара болып жүрме.

Ахмет. Немене, ішем бүгін.

Баршагүл. Айттым ғой, өстіп құдай ұрады сені.

Ахмет. Баяғыдан бері ұрса көзі көрмей жүр ме, ішем деген соң ішем.

Баршагүл. Қой деймін енді өзеуремей, ішіп тыныш отырсаң, бір сәрі, өлең айтам деп күлкі болатының бар.

Ахмет. Ішемін. Өлең де айтамын, билеймін. Ал не қыласың?

Баршагүл. О, кәрі түйе, ана сақалды қайтесің?

Ахмет. Сақал керек болса саған берем. О несі-ай, Абылайдың, асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба» деген екен біреу. Жалғызымнан немере көріп отырғанда ішпегенде, қайда ішемін? Әкеңді танытып қызыл арақтан саған да ішкізем.

Баршагүл. Сөйтіп еліріп кететінің бар сенің. Өзіңмен өзің бол, менен аулақ.

Ахмет (күліп). Кемпір көнді деген осы.

Алексей кіреді.

Алексей. Уа, тума қайырлы болсын, ақсақал. (Қолындағысын Баршагүлге беріп, Ахметтің қолын алады.)

Ахмет. Айтқаның келсін, қырма сақал.

Баршагүл. Айтсын, шырағым, қуаныш ортақ.

Алексей (Баршагүлге). Сәбидің денсаулығы қалай, шеше?

Баршагүл. Шүкір аллаға. Босанған рахат екен жарықтық. Бір жетінің ішінде әп-әдемі бала болып қалыпты. Құданың құдіретімен қол, аяғы, иегі Сапаржаннан айнымайды. Мұрын жағы келінге тартып кетіпті.

Ахмет. Сапаржанның мұрны саған ұқсаса да ешкімнен кем боп жүрген жоқ.

Баршагүл. Мені қағытудан басқа кәсібің болмасын.

Алексей. Сапар ұлды болғанын естіді ме?

Ахмет. Келін босанған күні Бекен Алматыға сауешенияға кеткен ғой, содан әлдеқашан естіген шығар. Бірақ қазір ығзам беріп жүр, келе алмас.

Баршагүл. Бір кереметі келін босанған күннен бастап, Алексей-ay, алдын жұрт бермеді. «Баланың денсаулығы қалай», «Раушанның халі қалай?» деп келмеген бірде-бір колхозшы жоқ. Ең ар жағы жеке батыр айдайтын Микайла да әйелімен «Раушан как чостить, бала как чостить» деп екі рет келіп кетті. Келінімнің жұртқа қадірлі екенін сонда білдім.

Алексей. Онда сөз бар ма, шеше.

Ахмет (маңыздана). Ал, Алексей шырағым, бір атаның ұлы едің, мына немереңнің атын бүгін өзің қой. Тумасақ та туғандай болып кеттің, енді ойлана бер.

Алексей. Сенім білдіргеніңізге рахмет, ақсақал. Бірақ, қойған атым ұнамай қалып жүрсе.

Ахмет. Ұнамайтын несі бар. Қазақ Итбай, Көтібар атанып та күн көрген.

Алексей. Итбаев, Сиырбаев дегендер бізде де болған.

Ахмет. Ендеше сол атта не тұр. Дені сау, бақытты, өмірі ұзақ адам болса болды да.

Тапал кіреді.

Тапал. Ассалаумаликүм, ақсақал, бауы берік болсын немереңіздің. Саламат па, Алексей. (Екеуімен де қол алысады.)

Алексей. Ақсақал, тың бидайын жинаудағы еңбегі үшін Тапалды еңбек еріне ұсынып отырмыз.

Ахмет. О, айналып кетейін. Қайырлы болсын, тойдың үлкені сенде екен ғой.

Тапал. Қайдам, қиратқан еш нәрсем жоқ сияқты, жұртпен бірдей еңбек еткенім болмаса.

Ахмет. Дұрыс, балам! Игілігімен берсін. Бірақ Алтын жұлдыз алған соң, Дүкенбай сияқты арақты ішіп алып, көрінгенге ақыл айтып жағаласудан сақ бол.

Раушан кіреді.

Раушан. Ата, қонақтарыңызды бақшаға апармайсыз ба?

Ахмет. Ойбай-ау, есімнен шығып кетіпті, балалар, кәне, жүріңдер, балалар.

Тапал. Өзіңіз де жүріңіз, Раушан.

Раушан. Бара беріңіздер. Мен шамалыдан кейін. Ахмет, Алексей, Тапал кетеді. Аздан сон, Ахмет қайтып шығады.

Ахмет. Сапаржаннан әлі делеграмм келмеді, ә?

Баршагүл. Делеграмм түгіл, хат та келетін уақыт болды ғой. (Раушанға жақындап.) Почта қызды көре алмадым бүгін. Хат-пат болса соғады ғой әлі. Ренжімеші, жаным.

Раушан (жайдарылана). Неге ренжиін, апа, қазір емтихан уақыты. Қолы тимей жүрген шығар.

Борангүл бастаған бір топ қыз-келінше жастар келеді.

Амандасу, құтты болсын сөздер айту.

Борангүл. Екі рет бардым больницаға, ана бет-биғың кіргізбеді. Ұл тапты дегенде өзім тапқандай қуандым. Келші бері. (Құшақтайды.) Осы ақ көңілдігімнен өлетін болдым. Екі күн жұмысқа шықпадың деп былтыр еңбегімді кеміткенде де ренжіген жоқпын. Правлениеге де апардың. Нешеуа, Борагүл, тірі болса талай еңбеккүн табады.

Раушан (күліп). Ренжігенін, рас, оның несін жасырасың. Менің әділ екенімді өзің білесін, ғой.

Борангүл. Ол әділдік емес, қаталдық. Енді ана болдың, мінезің жұмсаратын шығар, солай емес пе, шешей?

Баршагүл. Келінжан-ау, үш бала тапқан сенің мінезің әлі баяғы қалпында, бір бала тапқан Раушанға не сын бар.

Борангүл. Ойбай-ау, шеше-ау, үшеуі де қыз ғой.

Бәрі үйге кіреді.

Ахмет. Ал, жігіттер, ыдыстарыңа құйып алыңдар! Қымыз ішетіндерің бері шығыңдар. Жасыратыны жоқ, өзім Алексеймен соғыстырып араққа басам. Оның мынадай себебі бар. Мына дүниеге келген немеремнің атын, үлкен атаның ұлы — Алексей қойсын деп отырмын. Қарсылықтарың жоқ қой.

Бәрі. Жоқ, жоқ, әбден дұрыс.

Тапал. Алексей, мықты бол, кәне сөйле.

Алексей. Мықты болғанда өзі былай. Ең алдымен, маған осынша сенім білдіріп, құрмет көрсеткені үшін ақсақалға, үлкен шешейге бар жаныммен рахмет айтамын. Екіншіден, қазақ халқы балаға ат қойғанда өмірде болып жатқан үлкен бір оқиғаға байланыстырады екен. Қазір республикамыздың тың көтеріп, өткен жылы миллиард пұт астық беріп, дүние жүзін таңдандырды.

Баршагүл. Онда Миллиардбек қойсақ қайтеді?

Алексей. Осындай үлкен оқиғаның тұсында Раушан бізге бір замандас әкелді. Сондықтан замандасымыздың аты Тыңберген болса деймін.

Бәрі. Ура, тамаша! Тыңберген үшін!

Ахмет. Рахмет, жаным, ойымнан шықтың.

Алексей. Ал ендеше, сол Тыңбергеннің өмірі бақытты болуы үшін тартып жіберейік. (Бәрі соғыстырып ішеді).

Тапал. Радионы қойып жіберші. Тыңбергеннің құрметіне қандай ән беріліп жатыр екен. (Тапал радионы бұрап қояды.)

Диктор... дегендер бізге жат қылықтар. Социалистік семья Отанның бір бөлегі. Біздің Отан — семьялардан құралады. Семьясын сүйіп, семья бірлігін сақтаған адам, ол Отанға деген үлкен махаббаттың да иесі екендігіне күмән жоқ. (Аз үзіліс.)

Тапал. Тыңбергенге айтылған ақыл.

Алексей. Бұл бәрімізге де ортақ ақыл.

Диктор. Сіздердің тыңдағандарыңыз Қазақтың Киров атындағы университетінің филология факультетінің бесінші курс студенті Сапар Байболовтың «Семья — Отан» деген мақаласы. Оқыған — автор.

Ахмет. Айналайын, айналайын, біздің Сапаржан екен ғой.

Раушан (қуанып). Дәл өзі, ата.

Баршагүл. Құдай-ау, десейші, әнеугүні де бір несін ортаң белінен тыңдадық.

Алексей. Молодец, Сапар. Ал енді сәбидің анасы мен жаңағы сөздің авторы Сапардың денсаулығы үшін ішеміз. (Бәрі құя бастайды, почташы қыз жүгіріп кіреді.) Сапардан телеграмма. (Баршагүл алып Тапалға береді).

Баршагүл. Оқы.

Тапал (телеграмманы өзі оқып). Жаңа семья бірлігі деп қақсап жатыр еді, мынаусы несі. (Жұрт аң-таң.)

Ахмет (ашулы). Дауыстап оқы деймін.

Тапал (оқиды). «Бірнеше рет сезетіндей етіп хат жазып едім, түсінбепсің. Амал не, кешір. Мен мұнда үйлендім. Сапар».

Ахмет. Не дейді мынау.

Келіншек. Бетім-ау, не масқара.

Баршагүл. Алла-ау, сақтай гөр. (Бәрі аң-таң.)

Раушан телеграмманы алып, бетіне басып отыра кетеді.

Шымылдық

ЕКІНШІ ПЕРДЕ

ҮШІНШІ СУРЕТ

Сұңғат пен Марфуға тұратын бөлме. Түс мезгілі. Оң жақта жиналмаған төсек. Бөлменің орта шенінде жазу столы. Қабырғаға шағын кілемше тұтылған. Одан жоғары жағында үлкейтілген Марфуғаның суреті. Этажеркада кітаптар, опа-далап сауыттары, радиоприемни айна, босаға жақта ширма, шағын буфет. Аздан сон Сұңғат кіреді. Қолтығындағы кітаптарын стол үстіне қойып, Марфуға жазып кеткен бір жапырақ қағазды дауыстап оқиды.

Сұңғат. «Я пошла домой. Скоро вернусь, смотри кетіп қалма! Целую, Маро». (Басын шайқап.) Е, үйленгенде көрген ұжмақтың түрін қара?.. Ең ар жағы тамақты да басқа үйден тасып ішуге дағды алдық. Ақыры немен бітер екен?.. (Төсекті иегімен нұсқап.) Мына поэзия да жуырда пайда бола бастады. (Сырттан «Сұңғат, телефонға» деген әйел дауысы естіледі.)

Сұңғат кетеді. Марфуға кіреді. Үйде ешкімнің жоқ екенін

байқамай сөйлейді.

Марфуға. Остановкадан встречать етуді де окончательно ұмыттың, жап есікті. (Жан-жағына қарап.) Куда муж исчез?.. (Айнаға айнала қаранып.) Бедная Маро, худеешь! (Сұңғат кіреді. Марфуға оған дүрсе қоя береді. ) Қандай сен все-таки ашық ауызсың. Үйде адам жоқ, он пошел звонить, как это вам нравится.

Сұңғат. Үйді біреу арқалап кетеді дейсің бе?

Марфуға. Жаңа коридорда ауыл адамдары жүр. Олар мелочник келеді. Былтыр біздің үйде болған усатый колхоз председателі карта ойнап отырып, папамның именной ручкасын ұрлап кетті емес пе?

Сұңғат. Папаң да есесін жіберген жоқ, бір-екі сағаттың ішінде елу төрт сомын қағып алды.

Марфуға. Жаңағылардың бірі үйге кіріп, Зинадан алған «Бродяга» пластинкасын қойнына тығып кеткенде, я бы посмотрела на тебя.

Сұңғат (кекетіп). Астанаға әдейі сол үшін келіп пе?

Марфуға. Хватит, кесірленбе! (Төсекті иегімен нұсқап.) Ананы жинай салуды не мог что ли?

Сұңғат (төсекті жинастырып жатып.) Су тасып, төсек жинаудан жағдай жақсарса, өкініш жоқ... Бірақ бұлардың көмегі шамалы. Жәмиләнің тойына апаратын ешнәрсе алдың ба?

Марфуға. Міне подарка. (Мысықтың бейнесін көрсетеді.)

Сұңғат. Денің сау ма, шырағым-ау!.. «Туыстарыңның әкелген подаркасы мынау» деп, жұрт күледі ғой. Жоғалт көзін пәлеңнің.

Марфуға. Во-первых, ты не учи меня, во-вторых, это очень оригинально, потом сен білесің бе, біздің свадьбамызға сол туыстарың не әкеліп еді, Сұңғат?

Сұңғат. Екеуімізге екі киімдік отрез, самовар, кілемше, саған аз ба?

Марфуға. Потому что они шишки, а сен кімсің? Студент? Сенің туысың үшін папамнан ақша сұрауым керек пе? И так сені не любят они.

Сұңғат. Мені ұнатпайтынын өзім де білемін. Олардан сұра деген мен де жоқ. Кешегі үйден келген ақша осы тойға арналған.

Марфуға. Я уже половину истратила.

Сұңғат. Жаным-ау, ескертіп едім ғой.

Марфуға. Ну и что же ескертсең, ательеден платьемды алу керек пе, жоқ па?

Сұңғат. Әрине, алу керек...

Марфуға. Вот и все. (Ойланып.) Қазір барам да набор «Голубой ларец», нет, нет «Серебристый ландыш» алам. Который из них лучше!

Сұңғат. Ол бәлелеріңнің біріне де түсінбеймін.

Марфуға. Модный духилар.

Сұңғат. Мейлі, жұрттың алдында ұялсаң, сен ұяласың.

Марфуға. Неге?

Сұңғат. Жеңгесі сараң екен дейді.

Марфуға. Что такой сараң?

Сұңғат. Марфуға скупая болып шықты дейді.

Марфуға. Мен бе скупая? Я это не позволю.

Сұңғат. Тек духи апарсаң, солай деуіне сөз жоқ.

Марфуға. Ах та на зло всем куплю золотые часы, отрез на платье.

Сұңғат. Көп болып кетпей ме?

Марфуға. Нет, нет. Мен магазин кірем, потом по-обедаем.

Сумкасын альт шығып кетеді. Шыға бергенде

Сапармен соқтығысып қайта кіреді.

Сұңғат (өзіне өзі). Мақтаншағым-ай, осындай арқаң бар-ау! (Төсекті жинастыра бастайды.)

Сапар. Сәлем, достар.

Марфуға. Жәмилә қайда? Екеуіміз ательеге баруымыз керек еді. Бастығы папин старый знакомый, вне очереди обещал сделать.

Сапар. Келу керек.

Марфуға. Ждите, я пошла.

Кетеді.

Сапар (қулана Сұңғатқа). Жаңа тұрып жатырсыңдар ғой мүлде!

Сұңғат (абыржып). Жалаңыздан аулақ, мен консультациядан келіп отырмын. Марфуға асығып төсек жинамаған екен, соны баяғы... Отыр! (Орындық ұсынады.)

Сапар. Әшейін әзіл ғой. Жолай профессор Ақылбаевпен кездесіп, аспирантура жайын сөйлестім. Ол кісі біздің елдікі ғой, көмектесемін деді.

Сұңғат. Сен аспирантураға көмексіз-ақ түсе аласың

Сапар (лепіріп). Әуелі университетті бір бітіріп алайын, сонсоң қарап тұр, Сұңғат! Әдебиет аспанына қалай шарықтар екем! Және мықтының творчествосы жөнінен диплом жазып, тамырды біраз жуандатып тұрмын ғой. Бір сөзінде «талап зор екен, жігітім, әуелі көлемді мақала етіп, журналға ұсын, кейін диссертацияға айналдыр, өзім де басшыларыңа айтармын» деп салды.

Сұңғат. Сен диплом қорғайтын күні келем деді ме?

Сапар. Келгенде қандай! Өзі ғажап кісі ғой. Мақтағанды кім жек көреді дейсің. Мен де сілтедім-ау. «Әдебиетіміздегі алып тұлға, поэзиямыздың мақтанышы» деп басталатын жерінде, басып изеді де отырды. Не керебөрттіріп-бөрттіріп жіберген жерлерім бар. Аяймын ба, тілді де безедім, теңеуді де төктім.

Сұңғат. Сапар, осындай жеңіл айлаға үйір болып барасың. Сөзіңнің басы «біздің елді айтқанымнан шықпайдыдан» келеді. Сені мен маған бұл жараспайды.

Сапар. Тамыр-таныссыз орта жолда қаласың.

Сұңғат. «Өзіңнің қыран екеніңді білмесең, қияға қонба» депті ғой бір ақыл иесі. Оқыған біздің өмірге көзқарасымыз осылай болса, не болмақ дүние?

Сапар. Қойшы, сен де қара аспанды төндірмей. Бұрын жолдас еді енді туыс болғалы тұрмыз. (Сөзді бұра.) Жәмилә ғажап қыз емес пе, шыныңды айтшы, Сұңғат?

Сұңғат (күрсініп.) Туыс болған соң мақтады деме, ондай жақсы адамға жар болу бақыт. Бізді айтсайшы мынау!

Сапар. Немене, сен он ай отаспай жатып сарнай жөнелгенің? Марфуға менің жарым болсын дейтін қазақтың құралай көзінің өзі емес пе?

Сұңғат. Көкірек көзі ашық болмаған соң, құралай көзден не пайда?

Сапар. Біреудің жалғызы, аздап еркелеу өскен шығар, онда не тұр?

Сұңғат. Еркеліктің де орны бар ғой.

Сапар. Ертең екеуің де оқуды бітіресіңдер, бәрі де орнына келеді. Сұңғатовичтер дүниеге келген соң, еркелік базары еріксіз тарқайды.

Сұңғат. Тарқаса да қалжыратып барып тарқар.

Сапар. Татулықтарыңда мін жоқ еді, қара мысық қашан өтіп жүр?

Сұңғат. Шешесі «колхозшының баласына тидің, ертең елге алып кетеді» дейтін көрінеді. Мен аспирантурада сырттан оқимын, елге барам деп жүрген жоқпын ба? Сонымен бас екеу болғанмен дау төртеу болып тұрған жай бар.

Сапар. Тойларыңда да шешесінің мінезін ұнатпап едім. Өзім де сеземін-ау бір пәлені.

Сұңғат. Ендеше қателеспеген екенсің.

Сапар. Дегенмен, әңгіме екеуіңде. Өздерің мықты болсаңдар, бітіп жатыр.

Марфуға кіреді.

Марфуға (қолындағы ораулы заттарын қойып). Уже купила, давайте тамақ ішеміз. (Кастрюльканы алып шығып, тарелкаларға қарап, Сұңғатқа.) Тарелкаларды сполоснуть ете салмайсың ба?

Сұңғат. Есімде болмапты.

Марфуға (өзі алып ширманың ішінде жуып жатып). Вечно есіңде болмайды. Прямо надоело. Жаңа бір подругам кездесіп: «похудела, надо за собой следить» деп упрекать етті. (Бәрі тамаққа отырады.)

Сапар (сөзді бұрып). Маро, өз оқуың қалай?

Марфуға. Так себе. Недавно по русскому языку вон ту самую получила.

Сапар (бес саусағын көрсетеді, Марфуға басын шайқайды. Біреуін жұмады, басын шайқайды, екеуін жұмады, екі саусақ қалғанда басын изейді.) Сен орысшаға келгенде бізді он орап алатындай едің ғой?

Сұңғат. Грамматикадан жібі босаңдау болып шықты.

Марфуға. Преподавателіміз несерьезный адам, ужасно сөйлейтін, елден келген Бейсенова дейтін қызға четверка қойды. Қалада өсіп, өмірі орысша сөйлейтін маған диойка, смешно даже!

Сапаp. Тіл маманы болған соғ оның бар сыр-сипатын меңгеру керек.

Марфуға. Ну хорошо! Заниматься етсем, орыс грамматикасын как нибудь білуге болады. Ал, қазақ тілімен миымды ашытқаны, просто не терпимо!..

Сұңғат. Орыс тілі мен әдебиетін жақсы білсең арман жоқ қой! Бірақ сен екеуінен де құралақан қала ма деп қорқам. Кейде «Ревизорды» Пушкин, «Капитан қызын» Гоголь жазды деп былықтыратының бар.

Сапар. Қазақ мектебінде орыс тілінде сабақ жүргізесіңдер ғой, сондықтан қазақ тілін білу шарт.

Сұңғат. Сонымен Марфуға екеуін де жақсы білетін болды.

Марфуға Однако есіңде ме?.. Мы с тобой в любви объяснялись на русском языке.

Сұңғат. Біразын қазақша да айттым ғой.

Марфуға. Білем, білем, қанша қазақша айттың.

Сапар. Мен жанашыр жолдас ретінде айтам, оқу бітірген соң, сені ел арасына қызметке жібереді дейік. Оған бәріміз де барамыз. Қала мәдениетін ауылға жеткізетін мына біздер. Сонда қазақтың кемпір-шалымен тілмаш арқылы сөйлесесің бе?

Марфуға. Во-первых, мен өлсем де елге бармаймын. Во-вторых, по несчастному случаю бара қалған күнде мені түсінеді.

Сұңғат. Да будь я
н негром преклонных годов
и то без унынья и лени
и русский бы
только зат о,
что им разговаривал Ленин.

Марфуға. Вот мен де хотела это сказать.

Сапар. Бұның өте дұрыс. Сонымен қатар өз әдебиетіңді, өз тіліңді білгеннің несі жат?

Марфуға. Қазақ литературасын более-менее знаю. Например «Ботакөзді» оқыдым. Первая книга роман «Абая» давно білем. Еще что, «Солдат из Западного Казахстана», ну вот где Костя работает парикмахером.

Сапар (күліп). Кітаптың аты Запад, Восток емес, просто «Солдат из Казахстана» ғой.

Марфуға. Ну что ж. Ана жігіт из Западного Казахстана.

Сұңғат. Дұрыс, бұған да шүкір, айта бер.

Марфуға (ойланып). Енді «Каргаленканы» оқимын.

Сапар. Нені? Ондай бар ма еді, жаным-ау?

Марфуға. Извиняюсь, «Уголь Караганды».

Сапар (кекетіп). Әдебиетті көп оқығанына қуанам. Ал тіл үйренем десең, жаңағыларды түп нұсқадан оқы?

Марфуға. Бұл моральді ғашығың Жәмиләға айтарсың.

Сұңғат. Жәмилә ешкімнің ақылынсыз-ақ оқып, біліп жүрген адам.

Марфуға. Ну и хорошо!

Сапар. Ол өте ойлы, саналы қыз.

Сұңғат. Екеуі тең.

Марфуға. Әкесі шишка!

Сапар. Әңгіме онда емес қой, Марфуға! Жүректе, жүректе!

Марфуға. Қойыңдаршы, сендерде жүрек бар ма? Наверно как соленый огурец. (Есік қағылады.) Вот она Жәмилә. (Марфуға есікке қарай жүгіреді. Сапар айнаның алдына барып галстугін жөндеп, қабағын сәл шытып, байсалды кейіпке енеді. Әнуар кіреді.)

Марфуға. Сен бе едің, я думала Жәмилә.

Әнуар. Сәлем сократтарға!

Сапар (баяғы қалпына түсіп). Әй, Әнуар-ай, сонша дүрліктіріп...

Әнуар. Не боп қалды?

Сұңғат. Сапар Жәмилә шығар деп айнаға тұра жүгіріп еді.

Әнуар (Сапарды кекетіп). Қыраным-ай, күтіп отыр екенсің ғой. Әй, ғашықтық, қайтейін сені. (Жақындап бетін тосып.) Көзіңді жұм-дағы «Жәмилә» деп бетімнен бір сүйе ғой!

Сапар (ұнатпай, итеріп). Сен қыраным, сұңқарым дегенді таста.

Әнуар. Онда жапалағым бола ғой.

Сапар. Осы қалжыңды қашан қоясың?

Әнуар. Бұл жетіжылдықта қаралмапты, шыдай тұрасың да.

Сұңғат. Өзің көңілдісің ғой, бүгін?

Әнуар. Жаңа емтихан тапсырып бір бесті сирағынан іліп шықтым.

Марфуға. Поздравляю!

Әнуар. Рахмет!

Сапар. Неден тапсырдың?

Әнуар. Тарихтан... Сенің жерлесіңе... төрт алайын деп тұрған Әнуар бір қосымша сұраққа «сіздің кітабыңыздағы деректерге қарағанда» деп ұстазыма көпшік қоя төпей жөнеліп едім, бес қойып қарап тұр! Өмірімде бірінші рет мына Сапардың әдісін қолдандым. Бірақ сол арам бестен, адал төртім артық.

Сапар (сыздана). Жолдас, сен осындайды қойсаңшы.

Әнуар. Ойнап айтам, онсыз да бес алатынымды білесің ғой. Бірақ былтыр осы ақылды өзің емес пе айтқан?

Марфуға. Ну, хорошо, сен глупо поступать қылғансың.

Сұңғат. Бұл жерде Әнуарды қуаттаймын. Ал Сапар сенікі дұрыс емес.

Сапар (жалтарып). Ойнап айта салып ем...

Әнуар. Ондай да ойын бола ма екен?

Сапар (Әнуарға). Жала жабуға үйренген екенсің.

Әнуар. Сен, достым, мені жалақор деме. Осы Алматыдағы бар мықтыны «жерлесім», «жақыным», «досым» деп күнде маған мақтанатының өтірік пе? Осындағы мықтылардан саған қарын бөле шықпаған кім бар? Михаил Шолоховтың әттең орыс болып жаны қалып жүр. Әйтпесе, сен оны да түп нағашым деуден бетің былш етпейді.

Сапар. Әй, осы сенің мені көрсең жының бар ма? Жолдас, сен сыйлаған сайын басқа секіріп барасың. Мен жолдастардың бәріне аузымнан тастамай мақтап жүрсем, о несі екен-ау, баяғы, үндемеген сайын нетіп барасың ғой өзің тіптен? Ең ар жағы тәуір қыздарға да аяқ-қолыңды жерге тигізбей мақтаймын.

Әнуар. Саған жеңгетай бол деп пе едім. Мен үйленсем сенен ақыл сұрайды дегенді қауашағыңнан шығар.

Сұңғат. Әнуар, сен қатты кетпе.

Сапар. Ендеше, өмірі үйленбей кет.

Әнуар. Әйелше қарғайтын болыпсың ғой!

Сапар. Ой, оңбаған, тілін қарашы, қыздарға қырың жоқ екенін менен көресің бе?

Әнуар. Бұл жағынан мақтануыңа болады. Күлпәштің ізінен қалмай жүруші ең, оның әкесі орнынан түскен соң, Жәмиләға ауыстың. Оңатын жігіттердің кәсібі осы болса, бәрінен Марфуға пайғамбар болар.

Сұңғат. Бұл рас болса, жақсы қылық емес екен.

Сапар. Қайдағы рас?.. Күлпәшпен бір-екі рет киноға барғам, онда не тұр?

Әнуар. Үйленем Күлпәшқа дегенің өтірік пе?

Марфуға. Әнуар, перестанешь или нет. Ну, хорошо, жүргісі келмеді, ажырасты, что в этом зазорного. Ондай жай, бәріміздің де басымыздан өткен, солай емес пе, Сұңғат?

Сұңғат. Қайдам, өз басыңда болмаса, мен ондайдан аулақ едім.

Марфуға (тепсініп). Что, сен менімен опять ұрысайын деп отырсың ба?

Сұңғат. Құдай сақтасын...

Марфуға (шошынып). Нет, құдай сақтамайды...

Әнуар (Сапарға). Жарайды, мир! Қолыңды әкел! Тойың құтты болсыннан басқа айтарым жоқ. Жер үсті тағы бір бойдақтан құтылды. Жәмиләға бақыт тілеймін. Ол — пәк жанды адам. Сондықтан да мен оны өмір бойы жақсы көремін. Сыйлаймын, білемін, қызғанасың. Ол дұрыс. Шынайы махаббат жүрген жерде қызғаныш болмақ. Тек солай болсын, бір кезде сенен Жәмиләні мен де қызғанғанмын. Жасыратыны жоқ, әлі де қызғанамын (Сапар үнсіз ойға батып қалады).

Марфуға. Сапар молодец. И мінезі прекрасный!.. Немене, сендер, хватит...

Әнуар. Қойдық, ханум. Бағана әкеңнің үй жағынан таныс кастрюль мен мысық жетектеп келе жатыр едің, жылы-жұмсақтан бірдеңе бар ма?

Марфуға. Бар. (Ширмаға кіріп). Ойбай, мына екеуі жеп қойыпты. (Мысықтың бейнесін алып.) Әнуар, знаешь, бұл қанша тұрады?

Әнуар. Қазақ мал шаруашылығын жақсы білгенімен, мысық шаруашылығымен көп шұғылданбаған халық. Жылқы, сиыр, ешкі қанша тұрады десең айтар едім. Мысығыңа келгенде тіл күрмеледі.

Марфуға. Ты ничего не понимаешь в искусстве!

Әнуар. Мысықтың суреті арқылы искусствоны түсінбей-ақ қойдым.

Сапар (қошаметтеп). Осындайда Әнуардың тауып кететіні бар. Ал мен кеттім.

Марфуға. Жәмиләні күтпейсің бе?

Сапар. Жолай кездесермін. Оның үстіне қыздың көзінше Әнуармен шатасатын жайым жоқ.

Кетеді.

Сұңғат. Өзін біраз қыстық-ау, сен де аямайсың адамды.

Әнуар. Оған сол керек.

Марфуға. Талантливый парень... пишет, зарабатывает, сендер көре алмайсыңдар.

Әнуар. Бұл қаншама талантты болса, сонша арам ба деп қорқам. Осында бір сыр бар.

Марфуға.. Не может быть...

Сұңғат. Мен де түсінбеймін. (Есік қағылады.)

Марфуға. Вот Жәмилә. Жаңағы кетіп қалды-ау... Үндемей отырыңдар.

Сұңғат. Кіріңіз. (Аздап қызып алған Арыстан келеді.)

Арыстан. Сәлем, философтар! (Марфуғаның қолын сүйеді.)

Әнуар. (Арыстанның стильный киіміне бастан-аяқ қарап). Арыстан, мына киіміңнен бір үлкен кемшілік көріп тұрмын.

Арыстан. Именно?

Әнуар. Жауырынына қалта салынбапты.

Арыстан. Ұзамай ол да болуы мүмкін.

Әнуар. Шашты да өріп жүретін уақыт жеткен жоқ па?

Арыстан. Осы сендер мода дегенге түсінесіңдер ме? Соны айтыңдаршы, философтар?

Сұңғат. Аздап. Бірақ мына сияқты ерекшеліктерге көз үйрену қиын...

Арыстан. Марфуға, сенің ғой вкусың отличный. Үйретпейсің бе мыналарға?

Малфуға. Я уже устала, түсінбейді и все... Даже мені күнде критиковать етеді. Я уже начинаю отставать.

Әнуар. Марфуға, өкінбе. Сені модадан неге қаласың деп комсомол жиналысына салмайды, басқа жағынан қалмасаң болды.

Марфуға. Как сказать...

Сырттан «Марфуға, телефонға» деген дауыс естіледі. Марфуға кетеді.

Арыстан. Сендер почти университет бітіргелі отырған адамсыңдар. Әй-ай! Как вам не стыдно, молодые люди. Мұның атын мен восточный деспотизм, яғни ұлтшылдық деп түсінемін.

Сұңғат. Жолдас, байқап сөйлегеніңіз дұрыс болар. Мен жұбайымның жақсы, жарасымды киінуін тілеймін. Ол солай да. Сенің ұсынып отырғаның мода емес, еріккен алаңғасардың соры.

Арыстан. Мені де соның қатарына қосқаныңыз ба, извиняюсь, это слишком смело...

Сұңғат. Жоқ, жалпы айтқаным ғой.

Әнуар. Арыстан, біз сенен үйренбей-ақ қойдық. Жұлдызыңды санап жүре берсеңші...

Арыстан. Мен бір жағынан өзі, әдебиетші адаммын. Однажды папам айтқандай, қазақтың гениальный бір мақалын білесіңдер ме?

Әнуар. Мақал көп, қайсысын айтайық. Дегенмен өзің басташы!

Арыстан. Философтар білу керек. (Ойға шомған кейпін білдіріп.) «Моданың өзін заман туғызады» осыған орай қазақ:

«Заманың түлкі болса, тазы болып бір шал» деген.

Әнуар (күліп). Қазіргі түрің шынында тазыға ұқсайды, шала бер енді.

Арыстан. Вот тебе на!.. Смыслына түсінбейсіңдер, университетті бітірмеді деген атымыз болмаса, дипломы барлардың көбімен сөйлескенде, кругозор жағынан маңайлатпайтынымды өзім де сеземін.

Сұңғат (кекете). Алдымен өзің сезгенің дұрыс.

Арыстан. Иначе нельзя. Адамның өзіне сын көзімен қарауы деп осыны айтса керек.

Әнуар. Өзіңді оңдырмай сынайды екенсің.

Арыстан. Өзін-өзі сынай білген адам, өзгені де өкіртіп сынайды деген бір ғалым.

Сұңғат. Япырым-ай, оны кім айтты екен?

Арыстан. Ұмытпасам... Өзім шығармын деймін. (Қабағын шытып.) Впрочем, жігіттер, сендер астрономияға түсінбейсіңдер. Бұл ғылымда шек жоқ. Планетария, телескоп, мысалы, Марсты алайық. Мүмкін онда ел бар шығар. Вот, жолдас, байқау керек.

Сұңғат. Байқағанда қайтеміз?

Әнуар. Арыстан дұрыс айтады. Марста тамаша ресторан, би аландары да бар деп естігенмін.

Арыстан. Сен, давай, кекетпе. Онда тіршілік бар деп жүрміз, демек адам да бар деген сөз. Адам бар жерде ресторан, би бар деген сөз.

Сұңғат. Осы пікіріңді дәлелдеп, газетке неге жазбайсың?

Арыстан. Қазір ойланып жүрмін. Со временем кітап жазуым да ғажап емес.

Әнуар. Марста шашлық сататындарды ұмытып кетпе!

Арыстан. Давай, настроениемді бұзба бүгін. Белинский университетке жарамаса да, великий адам болған. Пока менің үмітім зор. Еще молод. (Ашулы, асыға басып Марфуға кіреді.)

Сұңғат. Кім екен телефон соққан?

Марфуға. Папам.

Сұңғат. Не болып қалыпты?

Марфуға. Потом расскажу...

Арыстан. Менің де келген жұмысым өзіңе белгілі ғой, Марфуға, папаң мен туралы театрмен сөйлесіп пе?

Марфуға. Театрға завлит болу үшін — специальный образованиесі... общим ты не подходишь...

Арыстан. Марфуға, әкең жекжатқа көмектесу дегенді ұмыта бастаған екен: Арыстан осылай деп айтты де. Ендігі тұяқ ілетін жер киностудия, нет, нет, телевидение. Кетті Әнуар.

Әнуар. Қайда?

Арыстан. Құпия сөз бар.

Әнуар. Мен кітапханаға соғуым керек.

Арыстан. Дұрыс, мен де солай жүрем. Cay болыңдар, космополиттер!

Әнуар, Арыстан кетеді.

Марфуға. (тепсініп). Дурак ты, больше ничего!

Сұңғат. Не боп қалды?

Марфуға. Папам звонить етті. Мен оған сені Алматыда қалдыруға бір шишкамен сөйлес десем, оказывается сен өзің колхозға барамын деп настаивать етіпсің ғой?!

Сұңғат. Маро! Сен осы әдетіңді қашан қоясың? Сенің әкеңнің беделінің маған керегі не? Партия мені қайда ұйғарса сонда барам. Комиссияның шешімі солай болған, мен қабылдадым. Маған кең байтақ Қазақстанның ауасы мен аспанының айырмасы жоқ.

Марфуға. Смотри, партия, партия дейді. Сен партияға кандидат болғаныңа всего два месяца. Ал папам жиырма жылдық стажымен совхозға директорлыққа ұсынылғанда лавировать етіп, бармай қалды. Сен содан честныймысың?

Сұңғат. Мақтанарлық жай екен. Есіңде болсын, партия алдындағы абырой стажбен емес, шын пейілі, адал еңбегімен көрінсе керек.

Марфуға. Орден «Знак почета», несколько медалей по твоему еңбекке берілмей, магазиннен сатып алды дейсің бе?

Сұңғат. Мүмкін бір кезде, еңбек еткен шығар, қазір оны ермек етіп жүрген тәрізді.

Марфуға. Я тебе докажу. Ты однако не забывай, он бывший зам. министр, потом, потом... вылетело из головы. Хорошо, қазір председатель артеля. Все равно, нам не плохо живется. Мен бәрін папама айтам!..

Сұңғат. Айтқаның жақсы болар еді!

Марфуға. Посмотрим қалай жақсы болады. Сен әуелі сондай постыларды занимать ет, потом можешь задирать нос.

Сұңғат. Маған дәреженің керегі жоқ. Адал арыммен, өз мамандығымда еңбек етсем болды.

Марфуға. Значит, папам паразит қой?

Сұңғат. Білмеймін.

Марфуға. Білесің, білесің, айт қазір!

Сұңғат. Мүмкін солай да болуы.

Марфуға. Ах, та теперь все. Женой учителя-колхозника я не буду!

Сұңғат. Солай де!

Марфуға. Подумаешь, учитель, алатының алты жүз сом, менің бір платьемнің бағасы.

Сұңғат (ашуға булығып). Жетті енді, көмекейінде көптен жүрген осы сөздің шығарын біліп едім. Сырың белгілі болды. Сау бол, мен кеттім.

Марфуға (жүгіріп ұстай алады). Қайда?

Сұңғат. Жұмысың болмасын!

Марфуға (паузадан соң). Пожалуйста... Бірақ ертең Жәмиләнің тойына бармайсың ба?

Сұңғат. Оны өзім білем. (Бұлқынып шығып кетеді.)

Марфуға (ойланып, басын ұстап). Что я натворила? Неужели үйден.. Я же люблю оны. (Отыра кетеді.)

Шымылдық

ҮШІНШІ ПЕРДЕ

ТӨРТІНШІ СУРЕТ

Студенттердің жатақханасындағы Сапар мен Әнуардың бөлмесі. Бөлме іші ұқыпты жиналған. Сапар асығыс киініп жатыр. Әнуар сырттан шәйнек алып кіреді.

Әнуар. Кәне, шайға кел! «Тойға барсаң тойып бар» деген.

Сапар. Асығыспын, профессормен сағат бесте кездесуім керек.

Әнуар. Жай адаммен сөйлесуді қойғансың ғой, сірә!

Сапар. Олар қайда қашады дейсің.

Әнуар. Тағы да аспирантура жайы шығар?

Сапар. Енді не деп еді құда түсейін деп жүр дейсің бе?

Әнуар. Құда түсіп болдың ғой.

Сапар. Айтар ақылым: үйленгенде сондай қызға үйлену керек.

Әнуар. Алдыңнан жарылқасын. (Кекетіп.) Мықтылардың қызы қайсы бірімізге жетеді. Ортамыздан сені шығардық болмай ма?

Сапар. Әңгіме онда емес, Әнуар, өмір деген шахмат ойыны тәрізді. Кезегің келді ме, жүре біл! Бір жүрістен шатассаң бітті жұмыс!

Әнуар. Өмірді ойынға айналдыру өз басыңнан кетпесін. Абсолютный чемпиондықты саған бердім.

Сапар. Идеялық жағынан ұстамды, партияға кірейін деп жүрген адамдардың сөз саптасы солай келеді.

Әнуар. (қатуланып). Сен партияны да ойынға айналдырайын дедің бе?

Сапар. Көрдің бе жабысуын! Ертең бір жиналыста «Сапар осылай деген» деп сарнағалы отырсың ғой. Жоқ, достым, ол қақпаныңа Сапар түспес! (Жалған пафоспен.) Ұлы Коммунист партиясына мүше болу үшін, Отанға шексіз берілгендіктің, адалдықтың үлгісі болу керек.

Әнуар. Мына сен сияқты ма?

Сапар. Немене, күмәнің бар ма?

Әнуар. Болуы да мүмкін.

Сапар (сөзін бөліп). Жетер, сенімен саяси білім салыстыратын мен емес. (Кетіп бара жатып.) Маркстің қызы әкесінен бақыт туралы ұғымыңыз қандай дегенде: «Күрес» деп жауап берген. Бақыт үшін күресе білу керек.

Әнуар. Күресе білу керек дейсің?.. Сонда сен қалай күресіп жүрсің?.. Әй, Сапар-ай! Жүгірсең, шалдырмай, жығылсаң, тұрмай қалатынның бірі болмасаң жарар еді. Дос сияқтымыз, бірақ сені жек көремін. Замандаспыз, жат мінезіңді сезем. Саған махаббаттан мансап қымбат. Жәмилә да ойлы қыз... Әттең білмей келеді ғой осы сырыңды.

Сапар (ашуға булығып, сағатына қарап.) Сенің бақытыңа уақытымның тарын қарашы.

Жедел шығып кетеді. Әнуар ойланып отырып қалады. Аздан соң Марфуға кіреді.

Марфуға. Сұңғат не приходил?

Әнуар. Келген жоқ.

Марфуға (жыламсырап). Помоги, Әнуар, дорогой!

Әнуар. Не боп қалды?

Марфуға. Сұңғат мені тастап кетті.

Әнуар. Өтірік болар.

Марфуға. Как өтірі көрмей тұрсың ба? Как я растроена!

Әнуар. Менің қолымнан не келеді?

Марфуға. Ты же знаешь, мен оны осында қалсын деп жүрмін ғой, поэтому папама айтқанмын. Ал, Сұңғат дал согласие колхозға барам.

Әнуар. Дұрыс жасаған.

Марфуға. Ну хорошо, мен әлі оқимын. Как без него буду жить?

Әнуар. Өзің заочныйға көшемін деп жүр едің ғой, солай ет те, Сұңғатпен бірге елге тарт!

Марфуға. Как ужасно! Онда не бітірем мен?

Әнуар. Жұмыс табылады, тым болмаса сауыншы боласың.

Марфуға. Как сауыншы?

Әнуар. Доярка боласың деймін.

Марфуға. Что ты, с ума сошел?.. Даже сиырдың... Как это?.. (Қолымен көрсетіп.) Нешеу екенін де білмеймін!..

Әнуар. Онша көп емес, небәрі төрт-ақ емшегі бар.

Марфуға. Неужели төртеу-ақ, я думала, много, много...

Әнуар. Сен шошқаның емшегімен шатастырып отырсың. Сауыншы болсаң екі жылда Герой Социалистического Труда болып шыға келесің.

Марфуға. Неужели за два года?!

Әнуар. Сөз жоқ, одан кейін депутат Верховного Совета Марфуға Мырзабековна Сарина дейді жұрт.

Марфуға. Правду говоришь?..

Әнуар. Еңбек етсең бәрі орнына келеді.

Марфуға. Вот здорово? Герой?.. Депутат?.. Вот тогда Сұңғату дам жару!.

Әнуар. Оны өзің білерсің. Ал, Сұңғатыңды тауып ал да, бірге кетемін де, жұмыс сонымен бітеді.

Марфуға. Әнуарчи прошу тебя, ол маған өкпелеп кетті, помири нас!..

Әнуар. Анада да татуластырдым, осы мені сыртымнан адвокат етіп алғаннан саумысыңдар?

Марфуға. Но ты же его друг?!

Әнуар. Жарайды, сен өз тарапыңнан кешірім сұра Сұңғаттан. Әйелдің жылы сөзіне ерімейтін еркек жоқ дейді кітапта. Ең ақыры осы болсын. Өзім үйленсем, сендерге адвокаттық жасауға қолым да тимес. (Ойланып.) Сен, Марфуға, мынаны түсін: екеуің біріңді бірің сүйесіңдер, оны жақсы білем. Есіңде болсын: сенің кейбір балалық мінезін оның жанына тиеді, жанына тиген соң қызметіне әсер етеді. Қызметіне әсер етті деген қоғамға да зияны тиді деген сөз. Жасыратыны жоқ, жаңа ол келіп кетті. «Алатын айлығың бір көйлектің пұлы» депсің, ұят емес не? Адам ақша үшін өмір сүре ме екен?

Марфуға. Ақша маған совсем керегі жоқ. Хоть ни копейки не зарабатывает, все равно, я его люблю, просто хотела подкольнуть.

Әнуар. Тек сүю ғана аз. Ең алдымен жанашыр жолдас бола біл. Еңбек — творчество. Ол да жақыныңнан, жолдасыңнан көмек тілейді. Үйіңнің ішінде қырғи-қабақ жай болса, еңбекте де береке болмайды. Семьядағы ынтымақ — әр еңбектің жемісті аяқталуына әкелетін жол. Мен Сұңғатқа да осыны айттым.

Марфуға. Какой ты умница, Әнуар! Честное слово, больше никогда не буду. Сұңғаттан кешірім сұраймын и все!

Бекен кіреді.

Бекен. Ассалаумәликум, балалар. (Марфуға үнсіз басын иеді, состиып тұр.)

Әнуар. Сәлеметсіз бе, аға!

Бекен. Шүкіршілік!

Әнуар. Төрлетіңіз! (Орындық ұсынады.)

Бекен. Рахмет, балам. (Отырады.) Осында Сапар Байболұлы тұра ма?

Әнуар. Жаңа ғана шығып кетіп еді.

Бекен. Әттеген-ай, ә! Жолығайын деп едім.

Әнуар. Елден келдіңіз ғой, ақсақал.

Бекен. Е, шырағым, осында малшылардың жиналысы болып жатыр ғой, соған келдім. Сапардың ағасымын.

Әнуар. Сапардың қуанышын білетін шығарсыз?

Бекен. Білгенде қандай, ортақ қуаныш қой, шырағым. Кеше гүлі көп жерде Сайлаубек деген бала суретке түсірген, содан хабар айтып жібергем. Биыл бітірейін деп жатырсыңдар, ол да құтты болсын. Өзің қай жерліксің, балам?

Әнуар. Ақмола жағынан!

Бекен. Орта жүз болдың ғой онда? (Марфуғаны нұсқап.) Мына бала кім болады?

Әнуар. Бізде бір жолдастың жұбайы. Танысыңыз.

Марфуға. Здравствуйте, аташка.

Бекен (күліп). Қазақ баласы емес пе?

Марфуға. Қазақшамын. (Ұялып қалады.)

Әнуар. Қалада өскен ғой, тілді нашарлау біледі.

Бекен. Ничеуа, қызым, сен түгіл зоотехник Алексейдің үрпек бас сары қызы да бір жылдың ішінде қазақша сөйлейтін болды. Асылы орыстың баласы пысық келеді ғой. Ата-апа деп іші-бауырыңа кіріп кетеді. Балам, сенің үйренуің бәрінен де оңай, елге бар, шаруа тамам.

Әнуар. Өздері де биыл жүреді.

Бекен. Міне, ақылды балалардың әдеті осылай болады. (Марфуға басын изеп шығып кетеді.) Ұялып қалды, жас бала ғой. Шырағым, мен де жүрейін...

Әнуар. Отырыңыз, тамақ ауыз тиіңіз. (Кастрюльканы ыңғайлай береді.)

Бекен. Жоқ, рақмет, жаным. Жаңа ғана рестораннан тойып шықтым. (Арыстан кіреді.)

Арыстан. Сәлем, Әнуар! (Бекенді көріп.) Бонжур, ата!

Бекен. Әлейкімсәлем, шырағым. (Әнуарға.) Бонжары не дегені?

Әнуар. Саламатсыз ба, дегені ғой. (Арыстанға сыбырлайды да, Бекенге.) Ақсақал, қуыс үйден құр шықпа деген, тым болмаса шай ішіңіз. (Кетеді. Арыстан блокнотын алып бір нәрсе оқыған болып турады. Бекен шошиды.)

Арыстан. Саспаңыз, ата, байқаймын, жиналысқа келгенсіз ғой.

Бекен. Әлбетте.

Арыстан. Алматы ұнады ма сізге?

Бекен. Жер жаннаты Жетісу десе дегендей ғой жарықтық.

Арыстан. Бірінші болуыңыз ба?

Бекен. Алдыңғы жылдары бір келіп қайтқанмын. (Әнуар кіреді, Арыстан радионы қойып билеп тұрады, Бекен оған қарап.) Шырағым, мына баланың дені сау ма?

Әнуар. Дені cay, өзінің әдеті ғой.

Бекен (Арыстанға жекіріп). Әй, балам, денің сау болса, секектемей отыр. Жасыратыны жоқ, балаларымыздың орысша білгенін жақсы көреміз. (Арыстанды нұсқап.) Ал мына баланың кейбір сөзі орысшаға да келмей жатыр. Ең ар жағы ауылдағы Алексей де өзімізбен қазақша сөйлесіп, тіптен әзілдесіп те қояды. Туған інімнен кем көрмеймін. Ақ жарқын жігіт, кейде бір ішіп алатыны бар, сонда оқтауды домбыра етіп әнге басады. Құдай-ау, не деуші еді? (Ойланып.) Е, е...

«Қыс болса ақбоз атты тағалаймын,

Құрты, майы бар үйді жағалаймын...» —

дегенде, қыран-топан күлкіден өліп қаламыз.

Арыстан. Мешкей біреу емес пе?

Бекен. Жоқ-ә, тәйірі, ауылдағы қулардың үйретіп жүргені ғой, күлкі үшін айтады да.

Арыстан. Тамаша екен.

Бекен. Тамаша болғанда сұрамаңыз деймін.

Арыстан. Ата, әңгімеңіз дұрыс-ақ, жайғасып отырып айтсаңыз маған бір поэманың сюжеті бар ма деп тұрмын.

Бекен. Бояма дегендеріңізге біз түсініп жатырмыз ба, шырағым. Ал енді Алексейдің суреті өзіңде бар болу керек.

Әнуар. Жоқ, ақсақал, сурет емес, сюжет дейді. Ақындарда сондай тіл бар. Оқиға желісі деген сөз.

Бекен. Е, солай десейші. Бұдан бір-екі жыл бұрын осы Алматыдан бір ақын барып екі күндей үйде жатты. Қойымды сойып, қолымды қусырып әбден күттім. Ішетіні бар екен, о жағынан да кенде болған жоқ. Кетерде «Ақсақал, Алматыға келіп, үйге қонақ болмасаң, қатты ренжимін» деп, өлердегі сөзін айтып аттанған! Кеше жиналыста көріп амандастым. Үйіне шақырып әуре қылады-ау деп ойлап ем, баяғы жалпақтаудың нышаны да жоқ, жігітім қырындап жүре берді. Ұяттағы-ай, және өзіммен бірге келген шалдарға «ақынның үйіне қонақ болармыз» деп мақтанып айтып қоярым бар ма, сорлы басым. Жеңгеймен бірге келіңіз деп жалынғаны бар-ау тағы?! Асылы ақын деген қызық халық-ау өзі, әлде Алматының салты солай ма, кім білсін!

Әнуар. Жоқ, ақсақал, Алматы да қонақ күте біледі. Бір сараңына кездесіп қалған шығарсыз, фамилиясы кім еді?

Бекен. Есімде жоқ, әйтеуір, үлкендерінің бірі.

Арыстан. Ешнәрсе жазды ма, сіз туралы?

Бекен. Обалына не кере жазуында мін жоқ. Кейде ойдан қосып жіберген жерлері де бар. Әлгі біздің үйдегі кемпірді жүзінен нұры таймаған, маңғаз бәйбіше дегені келіспей-ақ тұр. Отасқанымызға отыз жылдан асты. Жасында да онша келбетті емес еді, ол төбеңнен ұрғырдың қай жерінен нұр көріп жүргенін қайдам! Көп сөйлеп уақыттарыңды алдым-ау, қарақтарым, кетейін, «Мылжың шал екен» деп күліп жүрерсіңдер ме, кім біледі!

Әнуар. Кешке келесіз ғой. Сапарды жібереміз.

Бекен. Әлбетте. Өзі соқсын! (Кетеді.)

Әнуар. Шал тамаша, анау маңдайдың әрбір қыртысында қыруар тарих жатқан сияқты.

Арыстан. Да, тамаша! Әнуар, мен туралы сөйлестің бе, декандарыңмен.

Әнуар. Айтуға ұялдым. Жап-жас жігіт, спорт клубының завсклады болды деген сұмдық.

Арыстан. Оны кім біліп жатыр. Тұяқ ілінсе болды ғой.

Жәмилә кіреді.

Жәмилә. Әнуар, жақсымысың.

Әнуар. Рахмет. (Абыржып.) Жәмиләш, тойың құтты болсын, шексіз бақыт тілеймін. (Қолын алып, бетінен сүйеді.)

Жәмилә. Біреу арқылы шақырмай, өз аузымнан айтайын деп келдім, ренжімейсің ғой маған?

Әнуар. Осы арнап келгеніңнің өзіне рахмет.

Арыстан. Пай-пай, нәзігін-ай мыналардың.

Әнуар (күрсініп). Арыстан, сен түсінбейсің ғой...

Арыстан. Мен бәріне түсінемін, Әнуар. Өзімізге қарамай, көз алдымыздан талай қыз өткен. Соның бәріне күйзеле берсем, сүйегім әлдеқашан қурап қалатын еді.

Әнуар (оған мән бермей, күйзелісін жасыра серпіліп). Жәмиләш! Мынау Арыстанның көзі тұр. Сапармен бақытты болуыңды өз басымнан кем тілемеймін. Ол маған түсінікті. Рас, кейде мен онымен шайқасып, ренжітіп алам, кей мінезін ұнатпаймын.

Арыстан. Пай-пай, жосылды-ау. Шабытпен айтылған сөз. Өзің тұрған бойыңмен философсың ғой.

Жәмилә. Болып жүргендер Әнуардан артық дейсің бе? (Стол үстіндегілерді қарап.) Мыналарды жинастырып кетейін.

Әнуар. Жоқ, жоқ... Сен бүгін шөп басын сындыруға хақың жоқ, өзім жинаймын.

Арыстан. Абсолютно дүрыс! Тоқтай тұрыңдаршы! (Жәмиләға.) Әлгі мен сыртынан ғашық болып жүрген бидай өңді қыз келе ме?

Жәмилә. Келеді. Бірақ сіздің ғашық бола беретініңіз жаман.

Әнуар. Қайтсін! Жасы құрғыр да иек артпада тұр ғой.

Жәмилә (Әнуарға көзін қысып). Бүгін таныстырамын, жақсылап сөйлес.

Арыстан. Бірақ, әшейінде сайрағанмен, қыз алдында тілім күрмеліп, албасты басатыны бар. Енді бір жаманы, қызбен сөйлескенде кітаптардан оқыған махаббат жайын айтып, есімде қалған өлеңдерден цитат келтіріп, өзімен жұмысым болмай бет алды лағып кетемін-ау сорлап.

Әнуар (кекетіп). Бұл жолы лағып кетпе ендеше. (Жәмилә мен Арыстан кетеді.) Ие, бүгін той, бару керек.

Стол үстін жинастыра бастайды. Пауза. Ентіге басып

Сайлаубек кіреді.

Сайлаубек. Масқара, масқара!

Әнуар (абыржып). Не жау шапты?

Сайлаубек. Тс... тс... Ешкім жоқ па?

Әнуар. Болсайшы енді.

Сайлаубек. Мен кеше гүл алаңында бір шалды суретке түсірдім. Ол Сапардың ағасы екен. Содан, содан, содан әлгі шал кетіп бара жатып «Сапаржанға сәлем айт, мен шығатын күні әйелі ұл тапты» деді.

Әнуар. Кімнің әйелі!

Сайлаубек. Сапардың әйелі!

Әнуар. Сапардың әйелі! Мүмкін емес. Жаңа ол шал осында болды, айтпай ма?

Сайлаубек. Ол шал естіген жоқ.

Әнуар. О, оңбаған, бақыт үшін күресу, шахмат ойыны деген осы екен ғой! Бес жыл бірге оқып жүріп... Философ болғаныңа... ақмақ!

Шымылдық

БЕСІНШІ СУРЕТ

Жәмиләнің үйінің қонақ бөлмесі. Жастардың бәрі верандадан көрінеді. Олардың ойын-күлкісі естіліп тұрады. Жүгіре басып Жұпар кемпір кіреді.

Жұпар. Қатира, қайдасың? (Ac үйден Қатира шығады.) Атай көрме, сұмдық, енді не бетімді айтайын.

Қатира. Ие, не бопты?

Жұпар. Марфуға күйеуімен ажырасып кетіпті.

Қатира. Сусылдақ-ай, мұны қайдан шығардың?

Жұпар. Жаңа Марфуғаның шешесін көрдім. Күйеу баласы айтқанға көнбей, еліне кетем деген соң, қызына «бармайсың, басың жас, тағы біреу табылар», — депті.

Қатира. О да бір құдай соққан екен, бос әңгіме болып жүрер, аузыңа сақ бол! Сұңғатжан ондайға баспайды.

Жұпар. Ойбай, нем бар, әншейін саған айтып отырмын.

Қатира. Саған айтып отырмын деп, бүкіл қаланы шуылдататын әдетің бар.

Жұпар. Жалғыз мен бе, осындағы тыртық бет қара кемпір бар ғой, өсекшілердің ең күштісі сол.

Қатира. Сен де оған ақыңды жібермейсің.

Жұпар (ренжіп). Осы сөзіңді қойшы, естігеніңді қалай ішіңе сыйғызып отыра аларсың, мен бұлардың ажырасып кететінін баста білгенмін.

Қатира. Беу, осындайда әулие бола қалатының-ай!

Әнуар мен Сұңғат сөйлей кіреді. Әнуардың назары пәс.

Саламатсыздар ма? Қуаныш құтты болсын!

Қатира. Рахмет, өздеріңмен бірге болсын!

Жұпар (Қатираға сыбырлап). Көрдің бе, әне жалғыз келді, назары да төмен.

Қатира. Болды, жүр сүйреңдемей! (Ac үйге алып кетеді.)

Әнуар (Сұңғатқа). Сен ондай әңгімені қой, татулас. Басқаны білмеймін.

Сұңғат. Бағана өзі де жылап мазамды алды. Жақсы көрем, бірақ түсінбейді.

Әнуар. Түсінеді, оныкі әншейін еркелік. Ойында жамандық болса, маған келмес еді ғой. Тіпті сауыншы болам дегенге дейін барды.

Сұңғат. Маған да айтты.

Әнуар. Болды, ендеше шалқая берме.

Сұңғат. Тәуекел, тағы сынап көрейін.

Әнуар. Бір Марфуғаны тәрбиелей алмайсың, сенен қандай педагог шығады.

Сұңғат. Қазбалай бермеші.

Әнуар. Қазір, Жәмилә екеуі келе жатыр. Көңілді қарсы ал!

Сұңғат. Бүгін сенің берекең неге қашып тұр?

Әнуар. Оны кейін білесің.

Жәмилә мен Марфуға кіреді.

Бері жақында, әкел қолыңды! (Сұңғатпен екеуінің қолын табыстырады.)

Сұңғат (күліп). Көрдің бе, мыналар мені зорлап көндіріп тұр.

Марфуға. Мен айттым ғой, больше не буду!

Жәмилә. Бар қатесін мойындады.

Әнуар. Бейбітшілік орнасын. (Бәрі кете береді.)

Жұпар (шығып). Бетім-ау, қосылып қалыпты ғой? Құшақтасып барады.

Қатира. Айттым ғой, сен бүлдіресің деп.

Жәмилә шығады, қолында пластинкалар.

Қатира. Жаным-ау, жинай беріп қайтесің? Осы дөңгелектерге бір жәшік толды ғой.

Жәмилә. Мама, бұл да байлық!

Қатира. Кітапты да байлық деп жинадың кеп, жинадың кеп. Ішкі үйде айналатын жер жоқ.

Жәмилә. Бұрынғы байлар рахатын көреміз деп малды көп жинайды екен. Бұл заманда рухани байлық деген бар, ол кітаптан алынады.

Қатира. Те әйтеуір, білімдерің жұғымды, өздерің бақытты болсаңдар болды ғой. (Кетеді.)

Жәмилә (айнаның алдына келіп, айнала қаранып). Ол мені жанындай көреді... мен ше? Мен де солай шығармын!.. Білмеймін, білмеймін!.. Жәмилә жиырма үште күйеуге тиді деген не сұмдық! Отыз, қырық... ойпырым-ай, қырыққа келгенде қандай болар екенмін. Бірақ қырыққа келсе де өңін бермейтін әйелдер бар ғой, соның бірі болсам жарар еді-ау... Ұят-ай, мен не айтып тұрмын?.. Біреу естісе ғой, жарымес екен дер... (Веранда жақтан Арыстан көрінеді де, қайта шегінеді, оны Жәмилә аңғармайды.) Шынымен мен күйеуге шығайын деп жатырмын ба? Как страшно!

Арыстан кіріп келеді.

Арыстан. Пардон, мадам. Страшный ештеңесі жоқ! Любовь это есть любовь!

Жәмилә (абыржып). Тыңдап тұрдыңыз ғой, ә, ұят емес пе?

Арыстан. Айтуға ауыз ұялмағанда, естіген құлақ сорлының не кінәсі бар? Мынау менің той тартуына алып келген пластинкаларым.

Жәмилә. Қарындасымен әзілдесе ме екен?

Арыстан. Махаббат мәселесі, бауырым, кең түрде талқыға салуға тұратын тақырып. Бұл туралы махаббаттың улы шарбатын талай ішкен, ең жақының менімен ақылдас! Сапар слишком умный жігіт, жарайды, кейін айтармын. (Стол үстіне қойылған бутылкаларға жақындап, санайды.) Мынауың аз ғой, жаным-ау.

Жәмилә. Студенттер көп ішпейді.

Арыстан. Сөз болғаныңа, қолыңа қалам ал да, жаз! Әлі алдыру керек. (Арыстан айнаның алдына барып, екі бүйірін таянып тұрады.)

Жәмилә (қағаз, қалам алып). Айта бер!

Арыстан. Еркектер қауымынан ортаң қолдай сегіз жігіт делік.

Жәмилә. Сапар мен Сұңғат ақ ішпейді.

Арыстан. Бүгін ол бензин болса да ішуі керек. Ондай жас әдебиетші түгіл, ақындардың құдайы Есенин де ешкімнен сорлы ішпеген.

Жәмилә. Білмейтінің жоқ-ау!

Арыстан. Мені астроном дейді! Аспандағы жұлдыздың сырын білу үшін, ең алдымен жер үстінің хикаясын жақсы білу керек деген бір ғалым.

Жәмилә. Кім деген ғалым?

Арыстан. Қазір есімде жоқ... Ұмытпасам осыны айтқан өзім болуым керек. Та ақ арақтан төрт кило деп бір қой. Московский болсын, местный тамақты ауыртады.

Жәмилә. Көбірек емес пе?

Арыстан. Бәрі оқу бітірейін деп отырған адамдар, ішеді. Ал, енді закускаға келсек...

Жәмилә (сөзін бөліп). Ол жағын мамам біледі.

Арыстан. Шырағым, мамаң емес, Москвада талай вечердің королі болған ағаң біледі.

Жәмилә. Сол корольдік сені шала астроном етіп университеттен шығарған?

Арыстан. Пардон, науқас, климат, екі жылдан кейін қайта барам...

Жәмилә. Екі жылдан кейін Москваның ауа райы өзгереді деген хабар бар ма?

Арыстан. Ағасын сыйлар болар. (Лепіріп.) Мен махаббаттың қуғынына ұшыраған адаммын, басыңа түскенде білерсің? О, махаббат, махаббат! Кел, аздап аяқты жаттықтырып алайық.

Жәмилә. Ұмытып қаламын деп қорқасыз ба? (Екеуі билейді. Арыстан қисалаңдап кейіпсіз қимылдарға басады. Жәмилә оны ұнатпай.) Адамша жүрсеңші!

Арыстан. Жаным, бұл батыстың аяқ алысы. Мәдениетті адамның бұдан да хабары болуы керек.

Жәмилә (шегініп). Бұлай басқа біреумен билерсіз. (Орнына барып отырады.)

Арыстан (қисайған күйі тұрып қалып). Әй-әй-әй!.. Бұларды мәдениетке тартам деп мен әле көнбей бұлар әлек. Арыстан астананы көрді-ау, тәлім алайықшы деген біреуі болсайшы.

Жәмилә. Әуелі сіздің өзіңізді біраз тәрбиелеу керек.

Арыстан (мән бермей). Әй, феодализм, абскурантизм, консерватизм, қазақшылық... Әлі шырмауың бар-ау, аяқта!..

Жәмилә. Дәл жаңағы мәдениетіңнен қазақшылығым жүз есе артық.

Арыстан (Жәмиләға жақындап). Сендерді университетте оқиды дейді. Қазақтың феодалдық дәуірін цивилизованный мирмен салыстыруға ұялсаңдаршы! Соған да ренжіп қалдың ба? Кешір!

Бір тізерлеп тұрады, Сапар шығады.

Сапар. Бұл немене?

Арыстан. Сапар! Тісіне дейін қаруланған Арыстан қыз ашуының алдында тізе бүгіп, он жылға дейін ұрыспасқа шарт жасады.

Жәмилә (жайдарыланып). Көңіл бөлме. Біздің ағайдың уәдесі қардағы жазумен тең.

Сапар. Ашуды қой, Жәмилә.

Арыстан. Егерде мен мұны жеке басты жәбірлеу деп ұқсам, тағы да майдан өрті тұтанып кету қаупі бар. Онан да тойына арналған өлеңімді оқып жіберейін.

Жәмилә. Еркіңіз білсін.

Арыстан. Өзімше бір-екі ауыз айтайын.

Сапар. Сол дұрыс болар.

Арыстан. Жанна. Қағазға жазбаған соң қиын! Сондықтан суырып салмаға баспаса болмайды. (Ерекше позада ойланып.) Ым...м...ие, келді.

Сапар. Ақын аруағын шақырып тұр-ау! (Арыстан үндеме дегендей ишарат білдіреді.)

Арыстан. Жанна, қағазға жазбаған соң болмайды... (Сапарға.) Сен сыншысың ғой, мен өзім ғашық боған аспан қызына мынандай өлең шығардым, тыңдашы. Аты Эмилия болатын. (Ерекше позада тұрып, қабағын тыжырып).

Ох, моя Эмилия,
Нежнее чем лилия!
Стройнее ее талии
Нигде не встретится.
И небо Испании
В глазах ее светится
Но сердце
Эмилии Крепче Бастилии, —

деп аяқтаймын. Тамаша емес пе?

Жәмилә (күліп). Әрине, тамаша! Бірақ бұл Лepмонтовтың графиня Мусинаға арнаған өлеңі ғой.

Сапар. Лермонтовта сәл өзгешелеу, ол былай дейді.

Графиня Эмилия,
Белее чем лилия
Стройней ее талии
Нигде не встретится.
И небо Италии
В глазах ее светится,
Но сердце Эмилии
Подобно Бастилии.

Осыған қарағанда, бұл өлеңді сен жазған дегенге сенбей отырғаным.

Арыстан. Ну хорошо. Осының ішінде өз сөздерім бар емес пе?

Жәмилә. Бір-екі нашар сөздер өзіңізден қосылған. Мысалы «графиня» орнына «Ох, моя», «белее-нің» орнына «нежнее», «на светенің» орнына «нигде», «Италияның» орнына «Испания» дегенсіз. Не кере Лермонтовты аямаған екенсіз.

Сапар (кекетіп). Кейде ұлы адамдардың ойы бір жерден шыға береді.

Арыстан. Оның да рас. Асылы, мен Лермонтовты жақсы көрем, даже мұны Лермонтовтың әсері деп айтуға болады.

Жәмилә. Әсер осындай бола ма екен, ағасы! Лермонтовтан ұрлап алғансыз.

Арыстан. Хватит, хватит! Мен Москвада оқыған адаммын, есіңде болсын! Мен көрген среданы ешқайсысың көрген жоқсың. (Айғай салып.) Жеңеше, құртам мынау үйдің ішін! Тез кел, тез, настроениемді бұзды мыналар!

Қонақтар кіріп жайғасып отыра бастайды. Бәрі Арыстанды жұбатқан болады.

Сапар (арқасынан қағып). Той күні ашуды қойыңыз.

Арыстан. Чепуха, жолдастар, өзімнің негізгі мамандығымның бірі — тамадалық. Сондықтан ол қызметке кірісе беруіме қарсылық жасамассыңдар. Келісейік осыған.

Әнуар. Болсын, болсын.

Арыстан. Рақмет, халқым, сенім білдіргендеріңе. Ал, енді маған бір орынбасар керек. Және ол әйел жынысынан болсын.

Сұңғат. Біз ұсынайық па, жоқ, өзің қалайсың ба?

Арыстан. Мені ұсынғандарың жетеді. Ал мемлекет құрамын өзім реттеймін. Жанна жеңешемді шақыр.

Жәмилә. Орынбасарлыққа ма?

Арыстан. Ойбай жоқ, келіп отырсын деймін. Маған Марфуға орынбасар болады. Қарсылықтарың жоқ па, халқым?

Бәрі. Жоқ, жоқ!..

Арыстан. Жұмыс бітті, ал ухаживать ете бастаңдар!

Қатира, Жұпар кіреді, бәрі отырады.

Бірінші сөзді құрметті жеңешеме берем. Сөйле, жеңеше!

Қатира. Айналайындар, бақытты болыңдар. Жәмиләштің папасы ұзақ жолға аттанарда ырзалығын білдірген. (Келіп Сапар мен Жәмиләнің бетінен сүйеді. Бәрі іше бастайды.)

Марфуға. Минуточку, минуточку, Жәмиләш, Сапашка, сіздердің әмірлеріңіз Сұңғат екеуіміздей бақытты болсын.

Бәрі күледі. Бекен мен Сайлаубек кіреді. Сапар байқамайды.

Сапар. Бастаймыз ғой енді? (Бутылканы құя бергенде).

Бекен. Бастаймыз, Сапаржан. (Сапардың қолынан бутылка түсіп кетеді. Түсі өзгереді.) Жаным-ау, танымай қалдың ба? (Бетінен сүйеді.)

Сайлаубек. Танысыңыздар, Сапардың ағасы, жиналысқа келген.

Марфуға. Вот сюрприз.

Қатира. Төрлетіңіз.

Сапар (абыржып). Біз, сіз... нағып жүрсіз?..

Бекен. Қонаққа келдік. Немене, түсің бұзылып кетті ғой.

Сапар (бойын тежей). Жәй, әншейін, отырыңыз!

Бекен. Ойламаған жерден кездескен соң шошып қалдың ба?

Арыстан. Ал, құйыңдар бокалға, жігіттер? Живее, живее. (Барлығы толтырып алады.)

Бекен. Маған қызылыңнан. (Әнуар құяды.) Рақмет.

Арыстан. Ал, достар, бірінші сөз ортамыздағы ақсақал Сапардың ағасы, орденді шабан Бекенге беріледі. (Бәрі қол шапалақтайды.)

Сапар. Ақсақал ондайға олақ. Әурелеп қайтесіңдер.

Әнуар. Жол сол кісінікі.

Бекен (орнынан тұрып). Айналайын балаларым, тұз-дәм айдап астанаға келіп қалып ек. Тілегіміз дұрыс екен. Шалды қонаққа шақырдыңдар, рақмет! Сонымен әйтеуір айтайын дегенім, осындайда ауызға сөзі құрғыр да түспейді. Сондықтан өстіп-осылай отырған деген ғанибет қой.

Сапар (Бекенге). Аға, енді сіз жастарды тыңдап отырыңыз. Жаңалық, амандықты ертең айтарсыз.

Бекен. Естіп қойып па едің?

Сапар. Ертең өзіме айтарсыз дедім ғой.

Бекен. Онда не тұр, жаным-ау?

Сапар. Аға, сізге қой дедім ғой.

Арыстан. Сапар, тамада мен, сен емес, тыныш отыр, айта беріңіз, ақсақал.

Бекен. Әлбетте, балалар! Біз өзі екі ағайынды жігіт едік. Менен үлкен ағайдан мына Сапар да, менде бір қыз бар, оқиды. Әлгі өзіміздегі мұғалімдер институтында.

Сапар. Оны ертең айтарсыз дедім ғой.

Арыстан. Сапар, тәртіп.

Бекен. Сапар бала ғой әлі, ұялып отыр. Иә, айтайын дегенім... Жақында біз де қуанышты болдық. Мен осында шығардан бір күн бұрын (өзіне-өзі), ұмытпасам солай болар, немерелі болдық. Мына Сапардың үйіндегі келін босанып, бір ұлды болып, қағанағымыз қарық, сағанағымыз сарық. (Жұрттың бәрі біріне бірі қарайды. Сапардың мойны төмен салбырап кеткен.) Өзі естіді ме, естімеді ме, айтпа дегені ұялып отырғандағысы ғой. Қалқам-ау, оның несіне ұяласың. Мен майданда қайтыс болған ағаңды тап сенің жасыңда көргемін? Ие, солай болар, ал енді... (Жұрттың назарын байқап.) Ау, шырақтарым-ау, бұларың не, орынсыз бір нәрсе айтып қойдым ба? (Жұрт үнсіз.) Мен бүлдірдім-ау, шамасы! Құдай ұрып жаңағы бір рюмкеге қызып қалғаннан саумын ба? Ау, балалар, бұл не? (Жұрт үнсіз.) Дүниеге сәби келгенде осылай қарсы ала ма екен?

Марфуға. Вот нахал, еще писателем, критиком буду дейді.

Сұңғат (шыдамай). Ата, дүниеге сәби келгені үлкен қуаныш. Оның өмірлі, бақытты болғанына бәріміз тілектеспіз. Бірақ дүние есігін ашқан жас сәбидің әкесі Сапар болғаны өте өкінішті...

Бекен. Неге, жаным-ау, о несі-ей? Сапаржан-ау, түсіндірсейші!

Әнуар. Жігіттер! Мен ең алдымен ақсақалдан кешірім сұраймын. Егер бүгінгі жиналған себебімізді айтсақ, келмей қалады деген оймен, ақсақалды тек қонақ болыңыз деп, Сайлаубек екеуіміз шақырдық. Жәмилә да кешірер. Басқа амал болмады.

Бекен. Онда не тұр?

Жұпар. Бәсе, бір пәлені сезіп ем-ау!

Қатира (жекіріп). Жап, аузыңды!

Әнуар (Бекенге). Мына ініңіздің әйелі бар екенін бәріміз де бүгін білді ал осы жиын Сапардың мынау Жәмиләға үйленетін тойы болатын. Жиналу себебіміз сол еді.

Бекен (ашуға булығып). Не дейді? Сорлы басым. Япырым-ау... Енді қайттім. Мен не естіп тұрмын... (Пауза.) Лағнат! Лағнат! Лағнат жаусын саған! Сені тірегіміз болад деп, көкірегіміз аяққаптай болып ауылда біз жүрміз. Ойбай-ай, аппақ сақалыммен мені масқара қылдың-ау, сен ит! Жүгірмек кет! Жүгірмек кеткір! Сендей бала бергенше, қу бас қып алсайшы! Соқыр құдай! Әй, о нес-әй! О заманнан бұ заман әйелін жасырды деген не сұмдық. Баяғыда байлар кәмпескеден малын жасырып болып еді, сен ит адамды жасырдың-ау.

Сапар. Мен ЗАГС-ке тұрған жоқпын ғой.

Бекен. Үнің өшсін, үнің өшкір! Мен ана шешеңмен отыз жылдай ЗАГС түгіл сайтан да жоқ, тұрмын ғой. Енді ЗАГС-ке тұрмадым деп кемпірді қаңғыртып жіберейін бе? Қай ата-бабаң ЗАГС қағазын арқалап жүріп еді, лағнат жауғыр! Сені біреу зорлап үйлендірді ме? Сүмеңдеп жүріп өзің емес пе едің алған? Жоғал көзіме көрінбей! Отырған жеріңде қызыл-ала қан қылармын. Ертең мектебіңе барып көзіңді ағартайын! Оқығанмен сен адам болып жарытпассың. Кет деймін, кет дегенсін.

Сапар орнынан тұрып кете бергенде, алдынан Раушан шығады:

Сапар (абыржып). Раушан, келіп қалдың ба? (Ұмтыла береді. Жұрттың бәрі орнынан турады.)

Раушан. Тарт қолыңды.

Бекен. Айналайын, жеттің бе, құтқар мені мына масқарадан.

Раушан. Айып етпеңіздер. Мен ешкімнің ошағына өрт, өзегіне дерт салайын деп келгенім жоқ. Бала өзімдікі. (Бекенді көрсетіп.) Міне әкесі, ауылда да әкесі, шешесі бар. Ана қорғансыз болатын заман емес. Мен жарым деуге ана, әкем деуге бала ұялатын жексұрынға ақырғы сөзімді айтайын деп келдім. Сен сияқтылар ертең оқу бітіріп адам тағдыры, қоғамдық іс тағдыры қолына түскенде, қандай зұлым болатынын кім білсін. Қапас жанды қара беттің, ар тазалығы, семья, Отан деп, қағаз шимайлап, жұртқа басалқы айтқандағы сиқы осы ма!.. Бойыңдағы мерез науқасыңның сыры ерте ашылғанына қуан, мына қауым оның да емін табады.

Жәмилә. Раушан, кешір, құрбым. Мен сіздің атыңызды жаңа естіп тұрмын. Кінәлама, маған оңай дейсіз бе? Жоқ, достар! Раушан менің көзімді ашты. (Раушанға.) Төрлет, құрбым, құрметті қонағым бол, ортақ бол қуанышыма, бұл менің туған күнімнің тойы болсын. Бұл менің қайта туғанымның тойы. Құрбыларым, той жаса, күйеусіз қалған қыз деген жаманат ерсе ерер, мейлі. Асқынған науқастың алдын алып ескерткен Әнуар мен Сайлаубекке де рақмет. Қайтейін, күткенім басқа еді. Жұрт бақытсыз деп ойлар, бірақ абыройсыз емеспіз. Дос, құрбымның бетіне тура қарай аламын. Ал... ал, (Сапарды нұсқап.) Мынау не бетімен қарар екен?

Бекен. Жоғал көзімнен. Біз білмеппіз, бұл біздің тұқым емес, бөрік астындағы бөлтірік болып шықты. (Сапар кете береді.)

Маяковский даусы:

...Жоқ!
Дәл мұндай жастық шақ — құр елес.
Мағнасыз жас болу түк емес.
Жас деп айт:
Тепсінсе тас жарып,
Қасарған қаһарлы шеп құрса,
Келешек ұрпақтар атынан
«Өмірді өзгертем» — деп тұрса!

Шымылдық


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз