Өлең, жыр, ақындар

Айман-Шолпан

(Әдеби сценарий)

Экран — көгілдір аспан. Жым-жырт. Баяу көшкен ақ шуда бұлттар пайда болды. Алыстан суылдаған үн талып жетті де күшейе берді. Ұзамай бұлт арасынан алып мұзбалақ бүркіт пайда болды. Әлгі суылдаған дыбыс осының қанат қағуынан туған екен. Ол төмендей берді. Бұдан былайғы табиғат көрінісін осы бүркіттің көзімен көреміз.

Қарлы шыңдар.
Жасыл жайылым.
Құлазыған шөл.
Құлпырған алдап.
Аспанмен астасқан көк мөлдір көл.
Жылап аққан жыра.
Кезерген кебір.
Жыныс ну орман.
Адуын тау өзені.
Өркеш-өркеш құм шағыл.
Тағалы ат тайып жығылғандай таз тақыр.
Кілем өрнегіндей түлеген түкті дала...

Табиғаттың сан қилы сырына куә жер мен көктің еркесі кәрі бүркіттің қанат қағуының сарынын іле көз алдымыздан өтіп жатқан жер бедеріне лайық қобыз үні шалынып отырады.

Автор дауысы: «Табиғат қарама-қайшылығын мол пішкен осы мекенде қазақ халқы өнген, өскен, жыр толғаған, күй шерткен. Әр халыққа тән мұның да басынан күлкісі мен көз жасы аралас тарихи кезеңдері өткен. Бұл халықтың ұғымында бүркіт ұзақ жасауы өз алдына, оның үстіне жер бетіндегі тірліктің бәріне куә киелі құс саналады. Міне, бүгін, өзінің балапан шағында өткен ғасырдың орта шенінде болған бір оқиғаға бастап келеді».

Алыстан жалғыз үй көзге шалынады. Жақындай бердік. Оның ар жағында шоғыр ауылдың жалпы көрінісі. Қыратқа қонған жұпыны киіз үй. Үй сыртындағы кермеде жарау бәйге күрең. Әріректе жатаған жабы торы. Белдеуде ескі шашақты найза. Киіз үйдің есігі түрулі. «Енді жұмысым бітті» дегендей бүркіт көк әлеміне шырқай тартып, адыры ноқатқа айналып жоғалды. Бүркітті көк тұңғиығына шығарып салған аппарат әлгі үйге оралды.

Автор дауысы: «Япыр-ай, біздің іздегеніміз Айман Шолпанның ауылы емес пе еді. Бұл бізді қайда апарады! Амал жоқ, ішке кіріп жөн сұрап шығайық».

Жасау-жабдықтан жұрдай жұпыны киіз үйдің төрінде ескі сауытты жамап отырған Көтібар.

Автор дауысы: «Ие, бір кездегі жас жолбарыс бұл күндегі кәрі көк шулан Көтібар батыр осы екен ғой». Босаға жақта тоқым төсеніп, ер жастанып, пар-пар ұйқыны ұрып жатқан Жарас, кереге бастарында ескі қылыш сауыт-саймандар ілулі.

Автор дауысы: «Көтібардың жан торсығы Жарас ақылгөйдің жатысы мынау. Қой, аялдамайық, бұларда неміз бар».

Аппарат сан түрлі гүлдердің сыбайласа сыр шерткен шексіз, шетсіз гүл жазирасын аралап келеді. Үйрек ұшып, қаз қонған думанды көл айдыны. Ар жағын жағалай жайғасқан ауыл бейнесі. Бергі бет те екеу-екеу қол ұстасып ән салған шат-шадыман жастар тобына тап болдық.

Автор дауысы: «Бәсе, іздегеніміз осы ғой. Іргелес қонған ауыл жастарының сауық-сайраны болар».

Осы топтың ортасында Маман байдың егіз еркесі Айман-Шолпан ерекше көз тартады. Бұлар келбет кейпі жағынан бөгде көзге бірінен бірі айнымайды. Айман зұлпысындағы айшық гауһар мен Шолпан зұлпысындағы Шолпан жұлдыз белгісі ғана бұларды өзгеге анықтайды. Айман болмысында сабырлы ақылдылығымен танылса, Шолпанда еркелік пен өткірлік басым.

Автор дауысы: «Айман ару жанындағы ауылдас жігіт Темір, Шолпанмен бара жатқан Болат. Сол кездегі даланың жаны бай, тірлігі жарлы жігіттері. Байлық-барлық жағынан Маманнан асқан бұл өңірде ешкім жоқ. Мына жігіттердің Айман, Шолпанға ынтызар ынтық болуы жас көңілдің асу бермес арманы ғой. Ақылдың азапқа, батырлықтың мазаққа айналған кезі бұл далада».

Аппарат бұл төртеуін оқшау алып кетті. Арқан бойы озық Шолпан мен Болат, олардан кейін Темір мен Айман. Артта қалған жастардың реңінде осыларға деген тілеулесті аяныш, өкініш, арман аралас сыңай сезіледі.

Темір (Айманға). Бүкпе сыр менде қалған жоқ, Айман. Тіле арман алақаныңда, жыл сайын жүзіңді көріп жүрудің өзі шексіз байлық еді, енді ұзамай одан да айрылатын түріміз бар.

Айман. Әкенің антын, халықтың салтын бұзар дәрмен менде жоқ. Тағдырым солай болса, амал қанша.

Аппарат алға кетті. Шолпан мен Болат жүзінде аналардай мұңды кейіп байқалмайды.

Болат. Қашанғы телміртесің, ақ Шолпаным, жайлауға көшкенде айтам демеп пе едің?

Шолпан. Өліп бара жатырмысың, шыдай тұр. (Төтелеп.) Өзім де жетісіп жүрген жоқпын. Айман ұзатылған күннің ертеңіне сенімен кетуге бел будым.

Болат. Маған керегі осы. (Құшақтайды.) Осы, осы Айман шынымен... әттең...

Шолпан (әдейі). Немене, екеумізді бірдей алайын деп пе едің.

Болат. Қайдағыны айтпашы, Айман биыл Әлібекке кетеді дегенді естігелі Темірдің соры қайнап жүрген жоқ па.

Шолпан. Өзінен көрсін, жүрегі өртеніп бара жатса, алып қашпай ма?

Болат. Оған даяр ғой... (Жалынған күйінде.) Айманды көндіруге өзің көмектеспесең қайдам...

Шолпан. Айта-айта шаршадым. Байға тиетін ол, қалауы білсін.

Болат. Жасыратыны жоқ, Темір саған сеніп, әлі күдерін үзбей жүр. Сенен мықтымыз болмай тұр ғой әзір.

Шолпан. Сендер осылай мақтап құртасыңдар ғой мені.

Отау. Алыстан әлгі серуендегі жастар көрінеді. Отаудан шыққан Хадиша анадай жерде жүрген ойын балаларының бірін шақырып.

Хадиша (жастар жүрген жақты иегімен нұсқап). Екі апаңды шақырып келе ғой, қалқам.

Хадиша қайтадан ішке кіріп кетті. Тайға мінген бала Айман, Шолпандар жаққа шаба жөнеледі. Айман, Шолпан Хадиша отауына кірді.

Хадиша. Қайнаға күтіп отыр. Тез киініп бара қойыңдар.

Шолпан (қуана). Темір ауылында бүгін той екен. Кешке алтыбақанға барамыз, жеңеше.

Хадиша (бір нәрсені сезгендей). Той қашпас, әуелі әкелеріңе барып шығыңдаршы.

Айман. Бүгін неғып берекең қашып жүр, жеңеше?

Маман ордасының сыртындағы кермедегі байлаулы ер-тұрмандары бөтен аттарға Айман мен Шолпанның көзі түсіп.

Шолпан. Жеңеше, кім ренжітті?

Хадиша. Қойшы, қайдағыны айтпай, сендер барда мені кім ренжітуші еді? (Екеуі де Хадишаны аймалай ішке кіреді.)

Маманның жасау-жабдығы мол он алты қанат ад ордасы. Алпысты алқымдаған Маман жүзі нұрлы, даланың бұла кесек келбетті жаны. Киімдері де жабайы қазақтан өзгеше желең бешпент, ақ көйле көк салы ойған мәсі.

Серуендегіден өзгеше киінген алтын күміс аралас шашбау, шытырма көйле қынама камзол, үкілі бөрі киімдері де бірдей Маманның екі қызы кіріп келді. Хадиша да осында. Маман қыздарының жүзіне барлай қарап алды.

— Балаларым, тағдырға ұл бермедің деп күпір болар жайым жоқ. Екі көзімнің нұрындай-сендер барда шүкірлік.

Солай емес пе дегендей Хадишаға көз қиығын тастады.

Шолпан (әдейі білмегенсіп). Алақай, Айман, ұзатылмайтын болдың.

Маман. Сен тенте килікпей тура тұр. Ұл болса келін түсіру, қыз болса ұзату-ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр.

Шолпан. Ұлдай көретініңіз рас болса үйден неге жібересіз.

Маман. Тек отыр дедім ғой саған.

Айман (еркелей). Әке, сөзіңіздің төркінін түсініп келе жатырмын, біз әлі...

Маман. Балам, түсінсең «біз әлі...» дегеніңді қоя тұр. Сен Шолпаннан сүт пісірім бұрын дүниеге келдің, үлкенсің. Ақылың бар ғой. Бүгін құдалар мен күйеу бала келіп отыр. Ұзату тойын алдағы сәрсенбінің сәтіне келістік. Келін, құдаларды шақыршы. (Хадиша кетеді.)

Шолпан. Былтыр келіп кеткен саудагер ме?

Айман (менсінбей). Енді кім деп едің?

Шолпан. Құдай жарылқады де (Айманға), неге қуанбайсың? (Айман оған ұнатпай қарайды).

Айман Сенің-ақ жүрегің алып-ұшып тұрады екен. Тайпа ел Тама мен жалпақ Шектіде жалғыз еркек сол ма еді?! О несі маған.

Маман. Балам, ондай мінезіңді қой. Саудагер деген де адам, азамат. Ата тең, ана тең. Маған да өзіме лайық өріс керек.

Сарбас бастаған топ кіреді. Қыздар қымсына тұрып иіледі. Әлібек төменірек келіп отырады. Сарбас барлай қарап отыр. Киім салтанаты жарасымды. Әлібек пен Сарбас төсіндегі алтын сағаттың бауы көзді тартады. Қара мұрт, толықша орта бойлы Әлібек мығым көрінеді. Қалт еткенді қағып түсер қағылездіктен де құр аладан емес сияқты. Бірақ мына екі қыз оның ойсыз ойнақшыған көзінің жауын алып барады. Бұған ерке Шолпан мазақ еткендей қараса, Айман паңдана, менсінбей қарайды. Дәл осы сәтте қалыңдығының қайсысы екенін Әлібек анық білмей отыр. «Қайсың болсаң да көрермін» деген кісіше мұртын бір сипап қойды.

Маман қыздарына бара беріңдер дегендей иек қақты. Қыздар шегіншектей басып, Әлібекті көздерімен атып, шығып кетті.

Сарбас «байқадың ба» деген кісіше Әлібекке қарап қойды. Құдалар да үнсіз екі қыздың көркіне тамсанып қалған.

Маман. Иә, құдалар, біз дайын.

Сарбас. Сол сәрсенбінің сәті дегеніміз жөн. Әлібек той жабдығына байланысты ертең Орынборға жүреді. Қайтқан бетімен сәрсенбіде осында болады.

Маман. Ал, он сапар, әмин!

Шоғыр ауылдың шеті. Бір топ баланы кезек-кезек күрестіріп, жығылғанына ақыл айтып, жыққанының арқасынан қағып мәз-мейрам болып жүрген Көтібар батыр. Дәуірі етіп, дауылы басылған бір кездегі дала көк шуланының ендігі ермегі осы сияқты.

Хадиша шыққан отаудың ішіне кіреміз. Отау үлде мен бүлдеге оранған. Екі жақтағы жарма шымылдықтан сүйек ойған екі кровать көрінеді. Төрде жүк жиғыш. Кереге басы жағландар, шолпы-алқалар, кәмшат бөріктер. Ашық сандықтан Айман киім-кешек алып жатыр. Шымылдықтың ар жағында киініп жатқан Шолпанды аңғарамыз. Сол шымылдық ішінен:

Шолпан. Ұры иттің көзіндей ойнақшыған көзі ұнамайды маған.

Айман (әдейі). Бұл дүниеде сенің Болатыңа жан жетер ме.

Шолпан. Кедей болса да Әлібегіңе тырнағын да айырбастамаймын.

Айман. Көңілің толмаған соң көл-көсір байлықтан не пайда.

Шолпан. Соны білсең Темірден артық саған жар жоқ.

Айман (күрсініп). Ана да бола білген, аға да бола білген жалғыз әкенің сөзін аттамайын деп сорлап жүрген жоқпын ба?

Шолпан (шымылдықтан шығып, ойнақы). Ендеше мені тыңда.

Үлкен қара жолда Маман ауылынан шыққан құдалар тобы барады. Бірнеше солқылдақ арба. Төс тартпалары сәнді, жараулы аттар жегілген. Аппарат Сарбас пен Әлібек отырған арбаға әкелді.

Сарбас. Балам қалыңдығыңның қайсы екенін байқадың ба?

Әлібек (өтірік). Неге байқамайын. Келіп кетіп жүрген жоқ па?

Сарбас (таңдайын қағып). Япыр-ай, адам баласы да бірінен бірі айнымай туа береді екен-ау.

Айман. Шолпан отауы. Айман да кешкі сауыққа киініп жатыр. Хадиша кіреді.

Айман. Жүріп алдың-ау, жеңеше. Біз дайын, тезірек болыңыз.

Хадиша. Қайдан білейін, қайнаға ренжіп жүрмесе.

Шолпан. Жауабын өзім берем. Бұл сапар тек шілдехананың қызығы емес, басқа да шаруалар жеткілікті.

Хадиша (иегін қағып). Байқап сөйле, қайнаға тыста жүр. (Шолпан жабықтан қарап әкесін көреді. Енді әдейі естірте.)

Шолпан. Ойын-сауығы құрсын, әлгі бір әулекі ақынсымағы бар емес пе, онан да соған барып бір-екі ауыз сыңсыма жаздырып алайық. Осы бастан үйрене бермесем, болмас. (Басына желек жамылып алып «жылама, бикем, жыламаны» соқтыра жөнеледі.)

Жылама, бикем, жылама,
Көзіңнің жасын бұлама.
Ұл боп тусаң әуелде
Сені мұндай қыла ма
Біз бермейік десек те
Мал бергенің қоя ма.

Алғашқы екі жолынан кейінгісін сырттағы Маман арқылы есітеміз. Ол қызының бұл қылығына ризалық кейіп байқатып:

Маман. Қанша дегенмен ақылды тентек қой біздің Шолпан!— деп жүріп кетеді.

Отаудағы үшеуі де мәз-майрам. Айман Шолпанның басындағы желекті жұлып алып:

Айман. Тәйт әрман, сұңқылдамашы, мал бергенді де, жан бергенді де кезінде көре жатармыз.

Хадиша. Тек сәтін салсын де.

Өз үйіндегі Көтібардың түрулі есіктен әлденеге көзі түсіп босағада жатқан Жарасқа.

Көтібар. Түбің түскір, сен де ұйқыдан бас алмайсың. Осы даланың құйыннан басқа жауы қалмады. Тағы біреудің үйін жығып кетіп жүрмесін, шық далаға.

Жарас (самарқау). Батырекесі-ай, жаңа ғана түс көріп жатыр ем.

Көтібар. Қартайғанша ұйқың қанбайтын болды-ау, түбің түскір.

Жарас. Батырекесі-ау, мен дүниенің бар қызығын түсімде көріп жүрген жан емеспін бе? (Жатуға ыңғайланады.)

Көтібар. А, онда жата тұр, мен кеттім,— деп найза-қалқанын алып тысқа шығады. Алыстан бір ұшы аспан тіреген құйын көтеріліп келеді.

Көтібар (балаша қуанып). Уа, түбің түскір Жарас, шық бермен. Дәу пері келе жатыр. Құдай біледі, беті біздің ауыл, қиратып кетер сыңайы бар,— деп атына мініп шаба жөнеледі.

Құйынды көрген әлгі ауылдың бала-шағалары сыртқа шығып, түндіктерін жауып, жел бауларына келі, келсап, тас диірмендерді байлап жүр. «Таздың үйіне бар, таздың үйіне бар...»— деп сандарын шапаттап шапқылап жүрген балалар.

— Тағы да жарықтық Көтекеңнің өзі шықты,— деп әйелдер әжуаға салып тұр.

— Құйынның ішінде пері болады деуші еді, қорықпайды өзі,— деп, тағы біреуі таңданады.

Көтібар самсаған жау қолын көргендей еліре шауып келеді. Көз ұшында жабысымен селтеңдеп Жарас бара жатыр. Құйын да жекпе-жекке шаңырғандай жолындағы қаңбақ, шөп-шаламды сыпыра көтеріп, Көтібарға қарсы шапты. Көтібар жақындай беріп найза, қалқанын оңтайлап: «Қанды басың бері тарт, я, Әзірет Әлі!»— деп қойып кетті де, сопаң етіп ар жағына өте шықты. Найза тесіп өткен түйе қаңбақ қалқан мен Көтібардың бітіп жауып кетіпті. Құйын күшейе тартып барады. Көтібар өршелене қуып, тағы да ортасын жарып етті. Бұл сапарда найзаға тулақ ілінді. Бір батырды атынан аударғандай құшырлана лақтырып жіберді. Осылай он шақты ойқастаудан кейін құйын ауылға жеткенше тарқап кетті. «Жауыңды қайтардым» деген кісіше ауылды бір айналып, енді үйіне қайта бергенде, ауыл ортасынан ызғыған шу, қым-қуыт айдай шықты. Көтібар тұра шапты. Айнала балалар, екі маң төбет шайнаса жұлқысып кеткен. Келген бойы қақ ортасын жара Көтібар найзамен екеуін екі ұрып қалды. Иттер жөніне кетті. Құйыннан құтқарғанына сүйсінгенімен, мынаусына үй сыртында езу тартып тұрғандар аз емес. Олармен Көтібардың ісі жоқ. Қыруар іс бітіргендей сақалын салалап сипай алысқа көз тігіп өткен кездер есіне түскендей күрсіне дем алды...

Темір мен Болат ауылындағы шілдеқана қызған. Қыз-келінше бозбалалар толған үлкен үйдің төрінде елірме ақын домбыраны екі өкпеге тепкілеп сілтеп отыр. Кейде қызша сыңсып, кемпірше дауыс салып, байларша жекіріп неше түрлі сайқы мазақ мінездер көрсеткенге жиындағы қауым қырғын күлкіге молығып қалады.

Автор дауысы: «Дала тірлігіндегі жастардың бойы сергіп, бір көтеріліп қалатын шілдеханасы осы. Мұндай да ән жырға бір сусындаса, сыр ұғысып серт байласатын да сәттері болады».

Жастардың көңіл күйін бағып отырған Хадиша Аймандар жаққа қарап «сыртқа шығыңдар» дегендей ишарат білдірді.

Түн ортасы ауған шақ. Маужыраған айлы түн. Әлгі үйдегі ән, сауықтың үні талып естіледі. Ауылдарына аттанған Аймандарды шығарып салуға шыққан Темір мен Болат. Ауыздықпен алысқан жараулы аттарды тежей тартып келе жатқан үшеу-Айман, Хадиша, Темір. Айман аса көңілді.

Айман. Оның түп мақсатын естіді, сылтауы табылды. Енді әшкерелеуге айла керек.

Темір. Оған көзіңді жеткізу өз мойнымда, сенбесең еріп жүр.

Хадиша. Ол жағын ойланармыз, тек сақ болыңдар.

Айман. Сенбегендіктен емес, сертіме жету үшін барамын.

Арқан бойы арттағы Шолпан мен Болатқа келдік.

Шолпан (күліп). Маманның екі қызы еркек таппағандай бір ауылға келін болып түсіпті деп жұрт күлмесе болды.

Болат. Қуанатын ел барын да ұмытпа, Шолпан. (Шолпанды құшақтай тебініп алға ұмтыла берді.)

Ертеңгілік уақыт. Той болар ауылдың тірлігі. Кеше ғана Маман ауылы жаңа қонысқа келіп қонған. Әр рудың қасқа мен жайсаңдарына арналған ордадай үйлердің төңірегінде төрт-бестен шағын отаулар. Бұлар шашпау көтеруге келгендер мен атқосшыларға қыз-келіншектер, жігіт-желеңдерге арналған үйлер. Кей үйлердің кермелерінде келген қонақтардың аттары байланып қалса, енді кейбір көрмелер әлі бос. Иелері жете алмай келе жатқан тәрізді. Мұндай үйлердің сыбағалы тайы байлаулы, қойлары көгендеулі. Дәйекші жігіттер ғана сыртта бей-сал жүр. Қонағы бар үйлердің алдында қой сойылып жатса, енді бір жер тай жығып, пышақтарын жалақтатып жүрген аспаздар. Үйлерге кіріп-шығып жүрген дәйекші жігіттер. Қазан мен үйдің арасында жүйткіген шолпылы сәнді киінген келіншектер, жеңгейлер. Буы аспанға атқан бала бойлы самауырлар. Алыстан көрінген қонақтарды көздері шалып, қарсы алуға шаба жөнелген дәйекші жігіттер...

Үлкен ақ орданың алдындағы дөңде қалы кілемде Айманның әкесі Маман бай, оған тізелесе құдай қосқан құдасы-Әлібектің әкесі Сарбас отыр. Күпініп отыруларына қарағанда дүниенің бар тұтқасы екеуінің қолында сияқты. Маман көңілді, бірақ бақастығын жасыра алмай отырған Сарбасқа бел алдыра қоятын түрі жоқ.

Сарбас (өзінен төменірек отырған жас жігітті нұсқап). Мамекеңе екі тойды бірге өткізейі мына біздің жиенге, Шолпаныңды бер деп едім, көнбей отыр.

Маман. Малы жетпегендей екі қызының тойын бірге өткізіпті деген күлкіге қалатын жайым жоқ, құда. Егіз бала болғанмен жол-жорасы бір басқа. Осынша дәулетті екі қызыма жұмсамай о дүниеге алып кетеді деп отырсың ба?

— Ә, о да жөн.

— Мамекең дұрыс айтып отыр.

— Қу дүние кімге опа берген, — десіп отырған шалқар да бас шұлғысып қалды. Маман тұрғылас Сарбас та сыздауына қарағанда, іштей: «Артық болмасам кем емеспін...» деп отыр. Сауда дәмін татып, дүние қадірін әлдеқашан таныған Сарбастың қимылы да, сөз саптауы да кесек жатыр. Осы екеуінің қас-қабағына қараған бес-алты жандайшап шалдар. Сарбас төс қалтасынан кеседей сағатын алып, тағы бір қарап қойды. Бұл отырыста сағатына бірінші қарап отырғаны емес, шалдардың бірі Сарбасқа қошамет көрсете:

— Осы орысыңның шығармайтыны жоқ. Байқап отырмын, бір самауырынның темірінен бірнешеуін жасайды-ау шамасы; ал енді құдайдың құдіретімен бесін намазының қай уақытта, құптанның қай уақытта екенін айтып тұратын көрінеді. Соған қарағанда, осы орысың да мұсылман-ау деймін, Сәке?! — дейді.

— Астапыралла, оттама, мұсылманнан садаға кетсін,— деп Маман оны қайырып тастап, сағатқа қызыға, қызғана бір қарап қояды.

— Бәрі бір құдайдың жаратқан пендесі ғой. Олардың да намазы өздеріне жеткілікті көрінеді. Петромпордың жартысы шіркеу екен деп анда Әлібек айтып еді,— деп сағатын қалтасына салады. Сарбастың қыр көрсетіп отырғанын іштей ұнатпаған Маман бір жігітті шақырып:

— Әй, жарқыным, әлгі жаршының жағы қарысып қалмас, мына тойдың жайын баяндай ауылды тағы бір айналып шықсын-дейді.

Елсіз даладағы бір сайдың етегі. Ер-тұрманы сайлы бес-алты ат біріне бірі қосақтаулы, еліріп тыпыршып тұр. Біреулердің қарқылдаған күлкісі естіледі. Бақсақ, Темір, Болат тағы екі-үш жігіт екен.

Темір. Қашан мен өздеріңе бірдеңе дегенше зікір салып тұра бересіңдер.

Жігіттер. Мақұл, мақұл.

Темір. Ақ сайтаным бері кел дегенде сен келесің. Көк сайтан өзі біледі. (Бәрі бас изейді.) Қалғанын Айман, Шолпанмен ақылдасамыз.

Бұлар сол күйі аттарына қарай келеді. Біріне бірі ақ сайтан, көк сайтан деп әзіл айтып қояды.

— Ал, әулие, енді жүреміз ғой,— деді бірі Темірге.

— Кетті сайтандарым, сарбаздарым,— деп бәрі де атқа қона берді. Сай бойлап үлкен жолға түсіп алды да:

Батырдың жау қайтарар найзасы бар,
Ақылдың найза жоқта пайдасы бар.
Жолына Айман, Шолпан бәрі құрбан,
Жігіттің жетпіс жеті айласы бар, —

деп даланы бастарына көтеріп әндете, «той қайдасың» дегендей шаба жөнелісті.

Ер-тұрманы сәнді жорға мінген жаршы. Орта жастардағы қағылез адам. Қолда үкілі домбыра. Әр үйдің тұсына барып айтылатыны той жыры. Бас құда Сарбас отырған үйден басталады. Осы тұста бір көрінген жыршының үнін кадр сыртынан есітеміз. Оның баяндауына сай Маман байдың мыңғырған мал түліктері, сән-салтанаты көрініп отырады. Әр тұста «менің кім екенімді танып отырсың ба?» — дегендей он алты қанат ақ орданың ішінде Сарбасқа сынай қараған Маманды да көзіміз шалып қалады.

Он алты қанат ақ орда,
Жалатқан алтын уығы,
Кереге басы күмістен,
Зерлеген өрнек үзігі.
Жел бауы қытай жібектен,
Аралас ақ пен қызылы.
Бір басқұрдың бағасы.
Бес айғырдың үйірі,
Адалбақан саф алтын,
Сары жезден сырығы,
Күлдіреуіш, шаңырақта
Қой басындай гауһар тас,
Талады көздің тұнығы
Маңдайшаға орнаған
Лағыл, маржан, жақұттың
Әлемде бар ұрығы.
Табалдырық босаға
Сүйектен ою-сызығы,
Алтын шеге шаптырған
Шаңырақтық шыбығы.
Түстігіне тай сойған,
Қаусар суы-қымызы.
Бір Маманның басында
Бұл жалғанның қызығы.
Екі көздің нұрындай
Айманы мен Шолпаны.
Батырдың алтын туындай
Толтырып жүрген ортаны.
Қарасақ хордың қызындай
Өртеген талай қолқаны...
Жаршы үні енді алыстай береді...

Көл жақтан гүл аралап, өз ауылының тұрғылас-сырлас қыздарымен Айман мен Шолпан келе жатыр. Шолпан көңілді көрінгенімен Айман жүзінде абыржу аралас ойлы мұң бар. Бұларды қоршаған он шақты қыз да көрікті сылқымдар. Айманның кету сапарына кейбірі іштей қызығатынын жасырғысы да келмейді. Өзара әзілдесіп келеді.

Балқия. Күйеуге тиген қызық болатын шығар? (Күліседі.)

Шолпан. Қызық болмаса жұрт күйеуге тие ме?

— Тәйт әрі, жүрміз ғой міне, осы елдің қыздарына қырғын тиген бе, бәрі мені тастап кетіп жатыр,— деді кекселеу бір қыз.

— Қырғиына кез болса кім кетпейді. Құдай бізге жапалағын да қимай жүр ғой,— деді екіншісі.

Шолпан. Жапалаққа жар болғанша, жалғыз мола болғаның артық емес пе?

Балқия. Басыңа түскенде білесің. Бірінші рет көруім, анада мені айттырған сүмелегім келді. Біреу бауыздап жатқандай таң атқанша әкесінің жанында қорылдап шықты. (Жирене.) Құдай-ай, қайтейін.

Айман. Ұнатпасаң есебін тап. (Сынай қарайды.)

Кексе қыз. Әлібектей ұстынға қол артқан соң саған бәрі оңай көрінетін шығар.

Айман (күліп). Қыздар-ау, қызғанғандарың Әлібек болса, жіліктеп бөліп ала қойыңдар. Соған елжіреп жүрген мен жоқ!

Шолпан (әдейі). Қойшы әрі, сен де, жіліктемей-ақ жұтып жіберетін жігіт, шүкірлік етсеңші онан да.

Кексе қыз. Байқа, қадалып қалып жүрме.

Шолпан. Білем, іштерің күйеді.

Айман (ұнатпай). Шолпан, саған не болған?

Шолпан. Бәріміздің де жәйіміз белгілі ғой.

Балқия. Жоқ-ау, менің әлгі сүмелегім аттанарда: «Сіздің керегеде қамшым ілулі қалыпты, алып беріңізші!» деп міңгірлегені бар емес пе?

Шолпан. Енді қайтсін, соның ар жағының не екеніне түсінбегенің бе? Мүмкін ол өтірік қорылдап жатқан шығар, қайдан білесің, қамшы сұраудың өзінде мән бар.

Айман. Әзілдегені ғой. Тойға олар да келеді. Қарап тұр. Өзі тиіседі.

Балқия. Өйткен әзілін жер жұтсын...

Шартараптан осы ауылға артынып-тартынып келе жатқан тойшы халық көрінісі.

Тарту-таралғы артылған керуеннің бас түйесіндегі қоршауда немере, сәбилері мен аналар... Қызылды-жасылды киінген кексе бәйбішелер... Керуен басы атты жігіт жетегінде. Жорға мінген той салтанатына лайық киінген сәукелелі сылқым келіншектер мен қыздар тобы әзіл-шуы жарасымды келеді...

Аударысып, жағаласып, қанжыға қағысқан, желіккен бозбалалар тобы... Тайға мініп жапа-тармағай құйындатып жарысқан жас балалар...

Үкілі бөрі үкілі домбыра ұстаған, ерекше киініп, ат үстінде зорға отырған сал-серілер...

Қарсы ала шыққан дәйекші жігіттер тойлы ауылдың әр тұсында қонақтарды өздеріне арнаулы үйлерге орналастырып жүр. Құйрық-жалы сүзілген сүмбіле бәйге аттарын жетектеріне алған сайыпкер, сайыскер өзгелерден оқшау, у-дудың ортасынан бәйге аттарын өздері байлауда.

Бір топ жігіттердің ортасында Балқиядан «қамшысын сұраған» жігіт Ерғазы келе жатыр. Сол қыз суреттегендей ебедейсіз, маубастығы байқалып тұр. Жігіттер әзілдеп келеді.

Бірінші жігіт. Анада барғанда біраз сөз қағысып, ыңғайлап қайтқан шығарсың, бүгін мықты бол.

Ерғазы. Жоқ, өзі қызық ей, маған екі рет қарады.

Екінші жігіт. Сен ше?

Ерғазы. Мен былай, қарай алмадым...

Бірінші жігіт. Құдай төбеңнен ұрсын, ертең үйіңе әкелгенде көзіңді жұмып жүремісің?

Ерғазы. Жоқ, онда былай көреміз ғой. Көкем былтыр аламыз деп еді, мен өзім жаз өтсін дедім.

Екінші жігіт. Немене, қаһарың қаңтарда келетін бура ма едің?

Ерғазы (ашу шақырған болып). Ей, қойсаңдаршы осы. Қатын алатын мен. Малы берілген, қайда кетеді дейсің.

Бірінші жігіт. Байқа, адайдың адуын жігіттері қағып кетіп жүрмесін.

Ерғазы. Не деп алады?

Екінші жігіт. Олар қалың беріп қыз алуды әлдеқашан талақ еткен. Пісіп отырған қызды көзі шалса, сабағынан үзіп алып тартып береді.

Ерғазы. Ай-ай! (Шошынып.) Мынауың сұмдық қой?..

Екінші жігіт. Екі ауылдың арасында адасатын сен, Маңғыстауға барып жесір даулау қолыңнан келе қояр ма?

Ерғазы. Сендер бар емессіңдер ме?

Екінші жігіт. Сен үшін Адаймен қырылар жайымыз жоқ.

Ерғазы. Е-е (ойланып барып). Ендеше мен бүгін айтайын, күзге салым мал семіргенде келем, бұдан былай кешке таман далаға шықпа, деймін...

Келе жатқан Айман, Шолпан тобы.

Кексе қыз. Әлібектей жігітке қосылған қызда арман бар ма?

Айман (ойнақы). Арманның бар-жоғын кейін білерсіңдер. Тіпті маған сенуді қойғасыңдар ғой?

Шолпан. Қыз халықтың арманында шек жоқ қой.

Кексе қыз. Осы өңірде Петромбор, Кетромборды аралаған Әлібектен басқа кім бар?

Шолпан. Аралаған жері саған бай болар деймісің?

Балқия (кексе қызға). Өліп бара жатсақ сүмелегімді саған тегін берейін, жарқыным.

Кексе қыз. Оны Шолпан-ақ алсын.

Шолпан. Құтыла алмай жүрген құзғының өзіңе. Шолпан шекесінен шертіп өзі-ақ табады. (Осы сәтте бір қыз ойнақы әндете жөнеледі.)

Бірінші топ. Не керек Кетромпор, Петромпор,

Саудагер болса байың ол да бір сор.
Ай кетед, апта кетед сарғаясың,
Дүниеде азап бар ма күткеннен жол.
Екінші топ. Кеткенмен келеді ғой пайда тауып,
Есепсіз әр сапары жібе мауыт.
Жігіт көп мал қайырған елде саяқ,
Мауқыңды сәл баспай-ақ ауық-ауық.
Бірінші топ. Ермей ме ертеңіне өсек-аяң,
Беті аулақ, тоқтатуға келмес шамаң.
Еліңе мәпелеген жеткен күні,
Безінер қарғыс айтып ата-анаң.
Екінші топ. Сұлудың жүзін көрер айнасы бар!
Ақылға айнаның да пайдасы бар.
Өсекті есек етіп мініп алар,
Әйелдің алпыс екі айласы бар.
Бірінші топ. Желді-аяқ желөкпелеу жеңгең болсын
Оны алдар жібек көйле теңгең болсын,
Момақан жүргеніңе үй ішінде
Ата-енең аруақтай-ақ сенген болсын.
Екінші топ. Қалдырма су алуға көлге барсаң,
Сол жүрсін сөз байласқан жерге барсаң.
Мүләйім ата-енеге, саған сырлас
Көрінсін жұрт көзіне шайпау, тарпан.
Бәрі қосылып (залға айтқан сияқты)
Қыздар-ау, бәрінде бар ақыл-айла,
Жүрген жер ақыл-айла жанға пайда.
Қалқажан, байқап сөйле, байқап сөйле,
Жұрт сезіп қап жүрмесін, осындайда.
Қырық қабат қызда қулық жатыр ойда,
Біреуін білдірмеңдер бүгін тойда,
Қалқажан, байқап сөйле, байқап сөйле,
Жұрт сезіп қап жүрмесін осындайда.

Осылай әндеткен күйі бәрі де Айман, Шолпанның отауына қарай беттей береді.

Шаңдай түстің уағы. Қонақтардың көпшілігі өз үйлеріне орналасқан. Дәйекші жігіттер, келіншектер үй көлеңкелерінде, бастырмалардың маңында жүр. Жұрттың қымызға бет қойып жатқан шағы.

Маман ордасы. Төрде төрт шәйі жастыққа шалжиып жантайған Сарбас, оған бастас Маман. Баяғы шалдар, зерен тостағандар толы қымыз. Босағада бір жігіт саба пісіп тұр. Екінші жігіт тай тегешіктегі қымызды сапыруда.

— Ассалаумалейкүм!— деп жұпыны киінген саңырау балгер кіріп келді; жұрт қозғалақтап қалды. Саңырау балгер түгелдей қол алысып болып, Маман нұсқаған орынға шарт жүгініп алды да, бір нәрсені күбірлей жөнеліп, аяғын «Қайран, қасиран қасира» деп бітірді де, бетін сипады. Басқалары да самарқау, батаны қабылдаған болды.

Балгер. А, бай-е-келер, тойларың тойға ұлассын!— деп алдындағы зерең тостағанға үңіле қарады.

Сарбас. Айтқаныңыз келсін. (Маманға.) Құда, әлгі шақыртқан балгеріңіз осы ма?

Маман. Нағыз көріп кел әулиенің өзі. Әттең бас десең, құлақ дейтін саңырау.

Бұлардың сөзіне түсіне алмаған балгер тостағанды босатып болып:

Балгер. Дұрыс айтасыз. Той хабарын бұдан бір жеті бұрын естідік. Қайырлы болсын.

Маман (балгердің тостағанын нұсқап). Қымыз құйыңдар, жігіттер.

Балгер (жөн сұрады деп түсініп). А, ие, ие, Жолдыбайдың тоқалы өлгелі барған жоқ ем, соған бата оқып келе жатырмын.

Сарбас. Бишараның қаны кеуіп қалыпты ғой.

Балгер. А, ие, дұрыс айтасыз, дүние салған төртінші тоқалы, иманды болғыр, тәуір адам еді.

Қошаметші шалдар Сарбасты қостап күлуге ыңғайлана бергенде, Маманның алая қарағанын сезіп, жым бола қалады. Маман жастықтан басын көтеріп алып, балгердің құлағына дауыстап:

Маман. Мына той жолаушысын күтіп отыр. Әлібе Әлібек Орынборға кеткен, соны, соны...

Балгер. Қашан келетін еді?

Сарбас. Мына ант ұрып кеткен не дейді, оны өзің айтпайсың ба?

Балгер. Ауылдан кеше шықтым.

Маман (ызасын жасыра). Мынаны қарашы. Сен... (деп келеді де). Құмалақ аш, бал аш. (Ымдап, құлағына айқайлап.) Әлібе Әлібек Орынбордан қашан келеді?..

Балгер енді түсініп, жалма-жан қалтасынан бір орамалды алып жайып салады да, аз ғана күбірлеп отырады. Бетін сипайды. Жұрт тым-тырыс. Енді екінші қалтасынан құмалақты алып, әлгі орамалдың үстіне шашып жібереді.

Құмалақтан пайда болғандай он шақты ақ шатырдың үстінен бір-ақ шықтық. Алыстан Орынбор даласының силуэті көзге шалынады. Шатыр айналасы тай-тай жүк. Кейбір жігіттер түйеге жүк артып жатыр. Үлкен ақ шатырдың алдында жорға байлаулы тұр. Атқосшы жігіт келіп шешіп алады да, жетектеп шатырдың алдына әкелді. Шатырдан Әлібек шықты. Салдық, серіліктен гөрі іске оңтайлы. Ширақ. Атқа мінді де, бұл да алтын баулы сағатқа бір қарап алды.

— Жігіттерді шақыр!— деп атқосшыға бұйырды да, атқа қонды. Шатырларды аралап жүктерді көзімен өткеріп шықты.

Он шақты жігіт Әлібек шатырының алдына жиналды. Бәрі де «сен тұр, мен ағайындардың» өзі, Әлібек келді.

Әлібек (атқосшыға). Бүгінгі базарға қанша мал қалды?

Атқосшы. Жылқыдан төрт үйір. Бес жүз қаралы уақ мал.

Әлібек. Айдаңдар базарға.

* * *

Маман үйінде құмалақ ашып отырған балгер шал, бәрі де соның аузына қарап телміріп қалыпты.

Балгер (құмалақ тастардың әрқайсысын қолымен нұсқап). Міне, мынау, маңдайы ашық, екі бүйірі тоқ, құйысқаны берік. Олжа дегенде қисап жоқ...

Маман. Айтқаның келсін...

Бірдеңе біліп отырған шал жоқ. Көзі жыпылық қағып, әйтеуір жобасы осы деп долбармен соғын отыр. Әлібектің бүгін, ертең келерінен бұған түсер пайда шамалы. Мақсаты үйреншікті жылы сөздерді айтып, орамал шаршыны қағып алу.

Балгер (Сарбасқа қарап). Міні мынау, маңдайы ашық, екі бүйірі тоқ. Құйысқаны берік. Олжа дегенде қисап жоқ.

Сарбас. Айтқаның келсін, япыр-ау, қайталай береді екен-ау.

Балгер. Бүгін бесін әлетінде қалай шақ бермес екен. Cap желіп келеді.

Маман. Е, онан да соныңды айтсайшы.

Балгер. Ия, раббим?!— деп құмалақтарын жинап алды да тағы да күбірлеп: «Қайран қасиран қасира» деген батасын оқып, бет-аузын сипап, Маман мен Сарбасқа телміре қарайды.

Маман орнынан тұрып жағланнан бір киімдік мата алып алдына тастай береді. Балгер жалма-жан қойнына тығады. Сарбас Маманға қыр көрсете қалтасынан әмиянын алып аралай отырады да, он сомдық ақша тастайды.

Сарбас. Бір жарау аттың құны. Көзімдей көріп мініп жүрерсің.

«Көрдіңдер ме» деген кісіше айналасындағыларға қораздана қарап қояды. Балгер өмірінде мұндай ақша ұстамаған. Қолына алып ақшадағы патшаның суретін қарап:

Балгер. О, жарықтық, ақ патшаның да сақалы бар екен ғой?— деп маңдайына теберіктей тигізіп, қалтасына салады.

Сарбас (кекете күліп). Бұл сорлы сақал біткенді қазаққа жиып берген басқада жоқ деп жүр екен ғой шамасы?!

Айман-Шолпан отауы.

Хадиша (Айманға). Сөз өктем болатын осы жер. Келетін күні бүгін еді, кешіккенін де пайдаланып қал.

Жаңағы шапқыншы жігіт ертең келеді деп отыр. Тойды бастай бер деп айт әкеңе.

Айман. Бұл да ақыл, жеңеше. Жігіттер дайын болса, кешке қарсы алуға шығамыз. (Күледі.)

Шолпан. Тойдың у-шуында қайда жүргенімізді де білмей қалуы ғажап емес.

Айман. Өзім айтуға сәл ұялып тұрғаным.

Шолпан. Ендеше әкел бері. (Айманның айшық белгісін киіп алады.) Кеттім.

Маман ордасының сыртында Маман мен Шолпан. Шолпан бұл жерге Айман болып келіп тұр. Айманның сабырлы мінезінде.

Шолпан. Әке, айтқаныңызға қарсы болған мен жоқ. Мені ел-жұртқа масқара еткің келмесе, мына тойыңды бастай бер. Күйеу кешікті деген өсекке қалмайық.

Маман. Жоқ, балам, ұят болар.

Шолпан. Күйеу кешікті деп жұртты иіріп отырғаннан ұят па?

Маман. Шолпанды жіберші, ақылдасайық. (Шолпан өзінше күліп кете береді.)

Маман (өзіне-өзі). Бұл саудагер деген итіңнің шаруасы біткен бе. Ел-жұртқа күлкі болмасақ жарар еді. (Шолпанның белгісін киіп Айман келеді.)

Маман. Жана Айман тойды бастай берейік дейді. Сен ақылыңды айтсайшы, шыдай тұрсын.

Айман. Айманның айтқаны дұрыс. Жұрт жиналды, ұят емес пе? Бір күннің әрі-берісі жоқ. Аман болса ертең жетер.

Маман. Жаңа балгер бүгін түс ауа дегендей бірдеңе айтып еді.

Айман. Ау, хабаршы жігіт ертең деп отыр ғой?

Маман. Солай-ау, өзі?!.

Айман. Енді кеткелі жатқанда Айманды ренжітпе, әке. Жар-жары, басқасы, жездем келгесін бола жатар. Өзгесін бүгін бастау керек.

Маман. Тәуекел, құдамен ақылдасайын, ол да қысылып отыр.

Айман. Балгеріңізді бізге жіберіңізші, тым болмаса көңіліміз тоқ отырсын.

Маман. Қазір жіберем,— деп кете береді.

Шекті руына арналған шеткерілеу үйлерге Көтібар тобы түсіп жатыр. Ертегінің батырларындай дулығалы Көтібар ескіден қалған сынықтай ерекше көз тартады. Оның үстіне той-думанның салтанатты жайлары арқасын қоздырып, аруағын оятқандай жүріс-тұрысы да оқшау, ширап сала берді. Жарық дүниеге зар, томағасы енді алынған мұзбалақтай айналаға ашкөздене, айбар шеге бір қарап алды. Оған көзі түскен адамның кейбірінің жүзінде мысқыл болса, енді біреулері таңдана қарайды. Заржақ жаршы баяндай жөнеледі.

Уа, халайық, құлақ сал,
Шектінің арқа сүйеген
Батыры келді Көтібар.
Қайраты мәлім қазаққа,
Өрт сөндірер беті бар.
Жолбарыстың жүрегі,
Айдаһардың өті бар.

Көтібар (дөрекі). Әй, былшылыңды қой, бермен кел деймін, түбің түскір.

Жаршы (жетіп келіп). Құлдық, батыр-екесі!

Көтібар. Шекті тоқалдан туған жоқ, неге шетке тігеді үйімізді, жауабын берсін Маман!

Жарас (еліре). Бәсе, Шекті тоқалдан туған жоқ, неге шетке тігесіңдер?

Көтібар (Жарасқа). Сен де еріп бар.

Жарас (қыбыжықтап). Мен енді... былай...

Көтібар. Түбің түскір, неге қипақтайсың бар, айт!

Жарас. Құлдық, батыр-екесі! (Жаршыға қыр көрсете.) Жүр, алдыма түс!

Екеуі де Мамандар отырған ордаға қарай тартады.-Көтібар тобы үй алдына үйіріліп тұр. Бәрі де Көтібардың қас-қабағына телміре қарайды. Көтібар оларға ішке кіре беріңдер дегендей ишарат білдіреді.

Маман ордасы. Төрде Сарбас жантайып жатыр. Жаршы баяндап болған тәрізді. Жабырқаулау тұрған Жарас бар күшін жинап.

Жарас. Шекті тоқалдан туған жоқ, неге шетке тігеді үйімізді,— деді де, үстінен ауыр жүк аударылып түскен, жайбарақат Мамандардың жүзін бағып қалды. Сарбас сынай қарайды. Жарас одан көзін алып қашады.

Маман. Болдың ба ей, жандайшап?

Жарас. Болдым.

Маман. Болсаң мені тыңда, су артқан Қаратаудан құма кедей үй таңдап не қылады, Таманың тойында. Түсе берсін сонда. Ол қай көрсеткен қыры маған? Сәлем айт.

Сарбас Мамам сөзін мақұлдап кеңк-кеңк күледі.

Жарас (кетіп бара жатып, өзіне). Өзім міндетімнен құтылдым. Ендігісін батыр өзі біледі. (Жаршымен бірге кетеді.)

Жарас пен жаршы келе жатыр.

Жаршы (мысқыл үнмен). Жәке, байекеңдерден тайсалмадың-ау?

Жарас (түсінбей, еліріп). Не деп тайсалам? Мен батырдың жанында ит жылынан бері бекер жүріппін бе?

Жаршы. Маған жандайшап дегені батып кетті.

Жарас. Оттай берсін, сабап кетуіме болатын еді, «жүрген жерінің бәрі ойран» деп тағы да батыр айдай шығара ма деп қорықтым. Көтібар екеуіміз мұндайдың талайын көрдік қой.

Амандық жоқ, саулық жоқ ашу қысқан Көтібар кіріп келді. Басқалары үрпиісіп қалғанмен, Сарбас пен Маман айылын да жиған жоқ.

Көтібар: Кім байдұр, кім жарлыдұр тәңірге аян.
Көрші сен қарсы шығып, келсе шамаң.
Сыртымнан қатыншылап күңкіл қылмай,
Көзіме ерке болсаң қылшы баян?!

Маман: Көтерер кезім кеткен мазағыңды,
Елірме есіңе алып баяғыңды.
Би қары, батыр ұры болған заман,
Тарт арман шошаңдатпай таяғыңды.
Сарбас басын көтеріп, енді айлаға басады.

Сарбас. Уа, Көтібар, батырлығыңда баға жоқ, дауың Маманда болса, жапсарлас елсің, екелесе жатарсыңдар. Амандық жоқ, саулық жоқ, менің не жазығым бар еді саған?

Көтібар. Мұны құтыртып отырған жүн-жұрқа, тері-терсек сатып жүрген сенің балаңның буы, әйтпесе ашамайға мінгізген ұлы жоқ, бұл қақпас неге құтырады?

Маман. Сен жындыботадан ұл бер деп сұрадым ба?— деп қалшылдап қоя береді.

Сарбас бұл екеуінің шайқасына іштей айызы қанып отыр. Сездірмей:

Сарбас (кекесін). Батыр-екесі, аз ғана сабыр, бері-бері келші. (Ығысып жанынан орын береді. Көтібар айналасын обып жіберетіндей келіп отырады.) Жаңағы сөзіңде жүн-жұрқа, тері-терсек дедің-ау. (Сағатын алып.) Мынаны тыңдашы, не дейді өзі, ұғамысың?

Көтібар (шошына тыңдап). Мен қайдан білейін, бірдеңе дейді әйтеуір. (Көзін жыпылықтатып сағатқа тағы да бір состия қарап қояды.)

Сарбас. Батырдың жөні бөле әрине. Ал мынау болса тері-терсек емес, алалы жылқы, ақты қой. Енді бір тыңдашы. (Көтібардың құлағына тақайды. Енді сағаттың ішінен маңыраған қойлардың, мөңіреген сиырлардың, кісінеген жылқылардың оларды қайырған малшы, жылқышылардың азан-қазан үні шығады.)

Көтібар (орнынан атып тұрып). Бәрібір шабам!

Сарбас (сағатын нұсқап). Мынаны да ма?

Маман (ерегісті пайдалана). Атаңның басын шабарсың, мұндар, қу кедей.

Сарбас. Егесті қойыңдар, ақыл-айла керек мұндайда. Рас, заманында батырлар болған. Елім деп еңіреген, халқын қорғаған. Бір кезде сен де болған шығарсың, әр заманның өз сұрқылтайы барын ойлау керек.

Көтібар. Сондағы сұрқылтай сен екеуің бе? Анадай аруды саудагерге беру не деген сұмдық? Саудагер адам танымайды, мал таниды. Қас батырға лайық қалыңдықтар емес пе?

Маман. Қыздарыма бай тауып берсін деп қашан хабар салып ем саған?

Көтібар (өрекпіп). Табам, таппасам екеуін де мына өзім алам.

Сарбас. Мына есерсоқ не дейді-ей?

Көтібар. Бәйгеге қосар атым бар, соның бағын сынаймын. (Сарбасқа.) Мықты екеніңді білейін. (Сағатты нұсқап.) Тік бәйгеге анауыңды.

Сарбас (кекете). Бас бәйге нар бастаған үш тоғыз, соны алғаның пайда болар.

Көтібар. Мал жиып жүрген мен жоқ. Оны саған берем. Маған анауыңды тіксең болды.

Сарбас. Тікті тәуекел. (Екеуі қол алысады).

Көтібар. Маман, кедей деп қорладың, ала жіп аттаған жоқ едім, ұры деп тағы айттың, арулардың бағы үшін, тойыңды топалаңға айналдырмасам әкел қолыңды.

Маман. Әкелсең, әкел, мә қолым. (Қол алысады. Жұрт аң-таң. Көтібар ашуға булығып шығып кетеді.)

Сарбас. Құда, мынаның беті қатты екен.

Маман. Тәуекел.

Үйлердің аралығында құрдай қатынаған қыз-келіншектер, жігіт-желеңдер. Ойын-күлкі аралас көңілді көріністерден Айман-Шолпан отауында енді ғана орамалын жайып отырған балгер шалдың үстінен шығамыз. Айман, Шолпан, Хадиша бар.

Балгер. Орынбордан ғой,— деп қалтасынан құмалағын алып, өзінше күбірлейді де, «Қайран қасиран қасира» деп орамалына шашып жібереді.

Шолпан. Жеңеше, мына кісі шынымен әулие болса, сұрашы, мен кімге тиеді екенмін?

Хадиша (балгерге ымдап). Мына қыз кімге күйеуге шығады?

Балгер (оны өзінше түсініп). Сағынып келеді, аңсап келеді. Міне! (Бір құмалақты нұсқайды.)

Шолпан. Сонда кім болғаны?

Балгер. Әлібе Әлібе екі бүйірі тоқ...

Шолпан. Албасты бассын, алжыған.

Балгер. Сағынып келеді...

Орынбордың қан базары. Жалаңдаған жалдаптар, алыпсатар алаяқтардың неше бір нұсқасы. Орыс, татар, цыган, қалмақтар, дала жатақтары араласқан қырық құрау қауым.

Бақалшылар қатары...
Кездемелер қатары...
Түрік-парсы кілемдер қатары.
ЬІдыс-аяқ самауырын, шәугім қатарлары.
Былғары тері-терсек дүкендері.

Маңдайшаларында ескі орысша, арапша жазуы бар бозахана, шайханалар, түрлі дүкендер.

Базар шуы, сарт та сұрт алақандар ұрылып, сауда қызу жүріп жатыр...

Балгер шалға тамашалап қарап отырған Аймандар.

Балгер. Сағынып келеді, жүрісі суыт.

Айман. Жолына неге жуа бітпейді?

Шолпан. Осы Темір мен Болатты айтып отыр.

Хадиша. Олар әлдеқашан келген.

Айман мен Шолпан Хадишаны дуана құшақтайды.

Бозахананың төрінде жалғанды жалпағынан басып отырған Әлібек. Бет айдыны осы базардың иесі өзі сияқты. Қызара бөртіп алған. Лепіруіне қарағанда саудасы немен бітерін кім білсін. Айнала отырған қошаметшілер. Әлібек алдында билеп жүрген цыган әйелдері. Биші әйелдердің мүсінді аяқтары.

Бөкен бөкселср...
Буыпсыз белдер...
Көздің құртын жейтін кеуде...
Діріл қаққан қос анар...
Ұшқын атқан көздер...

Найза кірпіктер... Айта беретін «ажалына тап болатын» қанды қара торы цыган келіншектері. Аңтарылып қалған Әлібек. Олар шыркөбелектей шарқ ұрып Әлібек алдына тізе бүгіп өткенде, саудагерімізде ес қалар емес. Жерде жаюлы орамалға әр тізе бүккенге целковойдан тастап отыр... Босаға жақтағы еңгезердей сақалды ашкөз қара «аянбаңдар» дегендей келіншектерге ымдап қояды. Біреуі Әлібекті жамбастай келіп отырды. Әлібек көзі жасаурап келіншектің кекілінен сипап:

— Жаным-ау, хор қызымысың өзің?.. Әттең кәпірсің, әйтпесе нағыз алатын қатын сен...

Балгер. Кеудесі тола қуаныш, сағынып келеді. Аңсап келеді... Жүрісі суыт.

Шолпан. Осыдан басқа айтарың бар ма?

Балгер (түсінбей). Қосақтарыңмен қоса ағарыңдар.

Айман. Екеуімізді де күйеуге беріп отыр ғой.

Хадиша. Айтқаны келсін пақырдың. (Балгердің құлағына айқайлап). «Ер кезегі үшке дейін» деген, тағы да ашыңыз. Орамал-шаршымыз кем болмайды.

(Балгер жымыңдап басын изейді.)

Орда алдында желпіне шыққан Сарбас, Мамандар. Маман ашуы әлі қайтпаған тәрізді.

Маман. Құданың құдіреті, көні қатқан мына шектінің құтырынуын-ай!..

Сарбас. Есерсоқтау неме, бүлдіріп жүрмесін.

Жиен. Мен біздің жігіттердің құлағына салып қойдым, Хадиша жеңгейге де ескертсем бе екен?

Маман. Сақтықта қорлық жоқ, ол да жөн.

Сарбас. Мына той жабдығы өтсін, сосынғы ісім Көтібармен болсын. Тері-терсек деп қорлауын!.. Әлібегім аман болсын.

Әлібек цыгандардың басшысы еңгезердей қара сақалмен сөйлесіп отыр. Бұларды қоршаған биші келіншектер.

Әлібек. Мына екеуін өзің ертіп, менімен бірге елге апарасың. Тойымда билеп өнер көрсетесің. Бір үйір жылқы айдап қайтасың.

Цыган. Алдымен сол жылқылардың жарты пұлын беріңіз.

Әлібек. Көк соққан, сенбей отыр екенсің ғой? (Бір уыс ақшаны санап беріп.) Бірге аттанамыз. (Бір жігіт кіреді.)

Жігіт. Мырза, малдар түгелдей базарға енді.

Әлібек. Сауданы бастай беріңдер. (Жігіт кетеді.)

Базар. Әлібек малдарының саудасы жүріп жатыр. Топтан санап алушылар да жанталасып жүр.

Бір қу осы сәтте:

— Уа, жарандар, Бұхар, Хива, Макаржаны сілтідей тындырған өнерпазға қараңдар!-деді.

Қара киінген біреу шыға келді де:

— Қамшыңды бері әкел,— деді мал сатып жүрген біріне. Ол қамшысын беріп еді, анау бір-екі үйіріп ұстап тұра қалғанда, қамшыдан кептерлер ұша бастады. Жігіттер аң-таң. Осыған жалғастыра көз бояушы неше түрлі фокустар көрсетеді. Есі шыққан жігіттер, «Астапыралда-ай» деп тұрғанда, әркім қолына ілінген малды алып кетіп жатты. Енді біреуі есін жиып мал жаққа тура ұмтылды. Бәрі алаңдап тұрғанда азайып-ақ қалыпты. Төрт-бес жылқыны таңдап алған біреу ақшасын санап жігітке ұсына берді.

— Бәрі осы ма?

— Денің сау ма, көремісің мынаны? (Ақшадағы суретті көрсетеді.)

— Ал көрдік.

— Төрт байталға патшаның екі суретін алу аз болып тұр ма?

Ақша танымайтын жігіт басын изеп қала берді. Малдар сирегенде сиқыршы да «өнерін» аяқтады. Жігіттер сазға отырғанын бір-ақ білді.

Әлібек. Сен иттермен ел болам деп жүрген мен ақымақ.

Жігіт. Сауданы бастай беріңдер деген өзіңіз ғой?

Әлібек. Жетістірдің ғой. Бақандай төрт жылқыға қотыр тоқтының құнын әкеліп отырғаныңды білемісің?

Жігіт. Патшаның басы дегесін қайдан білейін.

Әлібек. Құдай төбеңнен ұрсын, патша сенің нағашың ба еді? Жарайды. Қалғанына береке берсін!

Күпсініп отырған Көтібар. Оң жағында жан торсығы Жарас. Шектінің жігіттері.

Көтібар. Әй, Жарас, түбің түскір, өзің айтшы, Шектіні мазақ ету бұларға қайдан келген?

Жарас. Батыр-екесі, айтқаныңнан қайтпа. Өзім де жарылудың аз-ақ алдында отырмын. Шекті тоқалдан туған жоқ деп бетіне тура қарап айттым.

Көтібар (бір жігітке). Сен қазір елге аттан. Көтібардың соңғы майданы, жеті жүз қол жиналсын Майтөбеге. Той аяқтала шабамын Маманды.

Жігіт. Құлдық, батыр-екесі. (Шығып кетеді.)

Көтібар (күйшіге). Әкел домбыраны, ей, көрейін мен бұларды.

Аулыңа самсаған қол жүргізбесем,
Шектіні той тарқамай тигізбесем,
Көтібар менің атым жерге кірсін,
Сабаңды көк найзама тілгізбесем.
Маман бай, сойқанымды көзің көрсін,
Бәйгеден алдыменен атым келсін
Алмасам өз қолыма аруларды
Көтібар менің атым жерге кірсін.

Жарас. Ә, бәрекелде, періште әумин десін.

Көтібар. О, түбің түскір, жиналған Кіші жүздің құлағына шалынсын, шырқасайшы. (Домбыраны береді. Әуелі Жарас алақ-жұлақ домбыраны тепкілей жөнеліп, ащы дауысын кенеп алып.)

Жарас:

Көтібар деген мынау ер,
Піл сүйекті бұлаң ер.
Арыстандай айбынды ер,
Жолбарыстай жуан ер.
Жайықтың бойын сіліккен ер,
Еділдің бойы үріккен ер,
Серғазы ханның ордасын
Алып жерге соққан ер.
Адуын Адай батырын
Қағып жерге тыққан ер.
Байбақтының асында
Өзі жиырма жасында.
Атан жыққан алыбын
Абжыландай жұтқан ер.
Бұқа мойнын бұрап сан,
Бұғалық бермес шу асау
Талайлар қорқып бұққан ер.
Талай батыр бөріктей
Найзасынан ұшқан ер.
Айқасқанның жілігін
Сықпа құрттай сыққан ер.
Айқасқанның терісін
Шаранадай жыртқан ер.
Әзіреті Әлінің
Әдіс күшін тұтқан ер.

Көтібар жер-көкке сыймай шалқып отыр.

Маман сыртта жүр. Бір-екі тыңшы жігіт Көтібардың ант ішіп еліне хабар бергенін айтады:

— Той аяғына дейін жетсін-деді.

Хадиша келеді. Маманның алдында иіліп тұр.

Хадиша. Қайнаға, неге шақырттыңыз?

Маман. Ана Шекті құтырып жатқан көрінеді. Балаларға өзің мықты бол, жарқыным. Мұнда да ел бар, қалғанын өзіміз көре жатармыз.

Хадиша. Батыр аңқау, ер көде алдыңызға әкеп бас игізсем болды ғой.

Маман. Айналайын ақылыңнан. Ондай атты күн болса бар билік өз қолыңда.

Маман ордасының алдындағы алаң. Екі жақ құда оқшау көз тартады. Қара нөпір халық. Қызылды-жасылды аралас көз қармасады. Үкілі домбыра, жорға мінген жігіт ортаға шығып, құдаларға қарап той бастауды айтады.

Той бастаушы:

Бағлан серке, марқасқа қой бастайды,
Қой алдына жануар ойқастайды,
Құтты тойға кез болған жолды жігіт
Бұрынғының жолымен той бастайды.
Құнан қой, арқа тайлар сойдырған үй,
Табақ-табақ ет тартып тойдырған үй.
Сәтті күні сәрсенбі той қылыпсыз,
Құтты болсын тойыңыз, той қылған үй.
Жорашыға лайық жол тұрады,
Жампоз нарға лайық қом тұрады.
Құтты болсын тойыңыз, той иесі,
Той есесін тәңірім толтырады.
Қора толып, қойыңыз қойға ұлассын,
Қырға сыймай шуласын ойға ұлассын,
Құтты болсын айтамыз тойыңызға,
Той иесі, тойыңыз тойға ұлассын.

Айнала жұрт «Айтсын, айтсын, әумин, әумин» деп шуласып қоя береді. Ерттеулі бір жараулы атты той бастаған жігітке шылбырын ұстатып, жоралғысын жасайды. Әр тұстан сайланған бәйге аттар, күрес, сайыс алаңы, өгіз балуандар бейнесі.

Аймандар отауы. Хадиша Айман-Шолпанды жігітше киіндіріп жатыр. Екі қыз мәз.

Хадиша. Қайнағаның өзі де қолға қонып тұр. Айналайын өзің біл деді, маған сол да жетіп жатыр.

Айман. Бізді танып қойып масқара болмасақ.

Шолпан. Осынша халықтан кімді кім тани қояр дейсің. Тәуекел.

Хадиша. Темір мен Болаттан басқа ешкіммен сөйлеспеңдер. Қазір қыздар жиналғанша барып уәде байласыңдар. Сосын екеуі де келіп маған жолықсын дегейсің.

Айман-Шолпан-екі науша жігіт үйден шыға береді.

Той басталып кетті. Көмбе басы. Құйрық-жалы сүзілген үш жүз ат. Үш жүз бәйге бала. Әр аттың иесінің атын, баласын, бәйге атының түр-түсін жазып жүрген төрешілер. Бәйге балаларына ақыл айтып тұрған атсейістер. Бір жерде Көтібар да баласына бірдеңелер айтып, атының алқымынан қағып қояды. Енді заржақ жаршы бәйге аттарын баяндай бастады.

Жаршы.

Көр, әлеумет жарандар!
Көмбедегі адамдар,
Маған құлақ тігіңдер,
Келген атты біліңдер...

Қалың жұрт бәйгеге шабар мақтаулы аттарды өздерінше аралап, таңдай қағып тамсанып жүр. Керешілер қалың қауымды кері қайырып, аттарды бәйге жолына айдап салады.

Оқшау төрт жігіт келе жатыр. Бұлардың екеуі өзімізге белгілі Айман мен Шолпан әзілдесе сырласып келеді.

Темір. Шолғыншы жігіттер тосып жүр. Олардың көк өзекке соғып, ат шалдырып алатын әдеті.

Айман. Бұл сапарды өзім бастап барам. Ұсқынын көрейін, қалай қалшылдар екен.

Шолпан. Бишара Әлібекке жаным ашиды.

Темір (Шолпанды құшақтап). Маған жаның ашымай ма?

Шолпан. Сен туралы бүгін айтты ғой Айман.

Айман. Көтібардың айдайын есітіп жатырсыңдар ғой. Екеуін де өзім алам деп ант-су ішіп, жер сабап отыр дейді.

Болат. Ол дүлей ықты-жарды тыңдамай кетуі оп-оңай. Батырдың аты батыр емес пе.

Айман. Әкем жеңешеме тапсырыпты. Оған Шолпан екеуі тор құруда.

Темір. Уәде сол, көз байлана шығып кетеміз.

Шолпан. Қадамдарың қайырлы болсын.

Бір алаңда балуан айдасы басталып кеткен. Айнала кеу-кеулеген нөпір. Екі дүлей арсы-күрсі алысып жатыр. Маман мен Сарбас тобы оқшау бағуда.

— Ия, аруақ жар бола көр, әзіреті шері! — десіп екі ұдайдың шал-шабаны аруақ-құдайды аузы тынбай алқымдап тұр. Күрестің барысына қарап: «іштен шал, жамбасыңа ал!» — деуші ақылшылар да аз емес. Мүлт кеткен жерінде:

— Қап!- деушілер де бар. Әр тұста күресушілердің әдісін аңдып күліп тұрған балуандар. Міне дөй қараны жауырынға алған шикіл сары үйіріп әкеп бір-ақ соқты. Жұрт шулап қоя берді. Шикіл сары жығылғанның жауырынын жерге қадай, басынан аттап жүріп кетті. Топ алдан айналып келіп: «Енді кім бар?» — дегендей бір тізелеп отыр.

Сары жағы:

— Уа, жүрегі мен білегі сай кімің бар!— деп айғай салды.

— Уа, тағы кім бар?

Жұрт жым-жырт. Әркім дайындаған балуандарына қарайды, беттейтін бірі жоқ.

Сары жағы:

— Уа, тағы кім бар? Жүрегі мен білегі сай кімің бар?— деп тағы айғай салды.

Күні бойғы аруақ-құдайға сыйынып қараны қолпаштаған жақ сілтідей тынған. Қарасына да, құдайына да ренжіп қалған қалпы бар.

Сарының жағы шарт бойынша:

— Уа, тағы кімің бар?— деп үшінші рет айқайлады. Сөйткенше болмай бір төртбақ қара шыға келді. Жұрт қорашсынып жатыр.

— Өле алмай жүрген сорлы ғой.

— Мынау да жүрек жұтқан екен.

— Тірі қалса құдайына қой айтар!..

Қара мен сары шартта-шұрт айдасып кетті...

Үй сыртындағы ойпаңда Хадиша мен Жарас.

Хадиша. Айманда сабыр жоқ. Әлібекке амалы құрығаннан көніп отыр ғой.

Жарас. Япыр-ай, батырдың жүрегі жарылып кетпесе болар еді.

Хадиша. Сен де олжасыз қалмайсың. Ат-шапаның менен.

Жарас. Сонда не істе дейсің маған?

Хадиша. Елді азан-қазан шулатқанша, түбі табысатын ағайын, қызбен өзі келіссін де бүгін түнде тартып берсін.

Жарас. О, ақылыңнан айналып кетейін Хадиша, сені қатын деген адамның жағы неге қарысып қалмайды екен...

Хадиша. Үш жүзге даңқы шыққан Көтібарға жар болуды қай ұрғашы арман етпейді, өзің-ақ айтшы?

Жарас. Ойбай-ау, оған сөз бар ма?

Хадиша. Ендеше көз байлана анау шеткі үйге әкеліп сал. Айман күтіп отырады.

Жарас. Ойбай, оған мен дайын.

Хадиша. Өзің мен батырдан басқа тірі жан білмесін. Көтекем маған кейін қаруын қайтарар.

Жарас. Айманның қалың малын саған бергізем.

Хадиша (ораулы зат беріп). Мынаны Жәкеме бер, судай жаңа мауыты шекпен, жақсылығын ұмытпаймын деп Айман жіберді. Өзің қи!

Жарас. Жаным құрбан жолыңа. Кеттім.

Балуандар айқасы. Төртбақтың күші басып барады. Бір-бірінің қапысын таба алмай сандалып жүр.

— Мына қара қайтеді-ей?

— Әдісқойын неменің.

— Бөденедей бұлтылдап қолға тұрмайды.

Ыңғайға келді-ау дегенде төртбақ қара іштен шалып алды. Әлі жібермей жүр. Бұрап әкеліп соқты. Сары қимылсыз қалды. Шалымға түскен оң аяқтың жілігі айналып кеткен. Қара жағы айқайға басты. Сарының тағдырымен ісі жоқ. Балуандардың салтымен төртбақ дара бір тізелеп күтіп отыр.

— Уа, кім шығады? — деген үш айқайға селт еткен тірі жан жоқ. Сарыны сүйемелдеп алып кетті.

Тойшы. Бас бәйгені Жаппас алды,— деп хабарлады.

Нар, екі жағында екі жылқы, бұйдасын төртбақ қараға ұсынды. Ол жетектеп апарып өзіне тілеулес тобының ақсақалына ұстатты.

Тойшы. Екінші бәйге екі жылқы. Сайысатын балуандарың шыға берсін...

Жұрт қозғалақтап қалды. Тағы бір екеу шыға берді алаңға.

Ауыл сыртындағы жазықта ат үстінде өнер көрсету жүріп жатыр. Мұнда да халық жетерлік. Нөкер қыздар мен Айман-Шолпан да бар. Құйқылта шауып келе жатқан қыз, өзін қуып келе жатқан жігітке ұшына теңге түйген орамалды басынан асыра лақтырып келеді. Жеті түрлі орамалдың біреуін жерге түсірмей қағып алу шарт. Бірінші қағып ала алмаған жерде тоқтайды. Атынан түседі. Қыз сол ала алмаған орамалдың түсінен жаулық тартады да, атын жетектеп кетеді. Қалың топқа ол жаяу келуі керек. Енді жеті орамалды бірден алған жігіт қызды атымен топқа жетектеп келеді. Қыз жұрттың көзінше жігіттің бетінен сүйіп, сақинасын береді. Бірнеше жігіттің қадамы оң болмады. Ел-жұртқа күлкі болып ала-құла жаулық байлап келеді. Олар жеңген қызға қамшысын беріп, жаулығымен аттарына мінеді. Тағы бір қыз сайланып шықты. Мынаны көрген жігіттердің жүрегі дауамайды. Біріне бірі қарап мөлиіп тұр. Темір қамшысын көтереді. Қыз шаба жөнеледі. Темір мәреге жеткенше бірін түсірместен алып, қызды жетектеп келеді. Қыз қысыла именіп жігіт бетінен сүйген болады. Сақинаны береді. Жұрт дуылдап кетті. Топ қыздың ортасында тұрған Айман, Шолпан сүйсіне, қызғана қарайды.

Енді Шолпан шықты. Маманның ерке Шолпаны бет бақтырар емес. Жігіттер біріне бірі ымдайды, бірі баспайды.

— Өмір бойы қатын болып кетсем де, осының қолынан бір орамал тартсам ба екен?

— Арманың қатын болу болса бар.

— Мазаққа айналмай тек тұрғанға не жетсін.

Осы сәтте Болат қамшысын көтереді. Орамал түгел алынды. Біраз жерге шығып кеткен де екен.

Екеуі сөйлесіп келеді.

Шолпан. Хадиша Жараспен келісіп, бәрін реттеп қойды. Кешке біз де кірісеміз.

Болат. Аңқау сорлы жетеді ғой. Тек өздерің дайын болыңдар?

Шолпан. Темір жаңағы сақинасын Айманға берсін. Іші өртеніп өлгелі тұр. (Күледі.)

Болат. Сенің сақинаңды кімге берем?

Шолпан. Ғұмырлық өзіңде қалсын.

Бұлар топ алдына келді. Шолпан Болаттың бетінен сүйеді. Сақинасын берді. «О, бәрекелді-ай!»— деп тамсанған жігіттер.

Енді жерден теңге алу, тартысып күш сынасу сияқты неше түрлі ойындарға ауысты.

Оқшау тұрған Көтібар мен Жарас. Екеуі де мәз. Жарас өтірік-шыны аралас соғып тұр.

Жарас. Мен айттым, шырағым Айман дедім. Ақылыңа ажарың сай баласың дедім. Көтекем де сені кеше көргелі дедім...

Көтібар. Түбің түскір. Жаңа жеңгесімен сөйлестім деп едің ғой?

Жарас. Япыр-ай, Көтеке-ай, жеңгесі жанында тұрды ғой. Мауыты шекпенді өз қолымен берді.

Көтібар (еміне). Екі аяқтының данышпанысың ие, ие, айта бер.

Жарас. Өзіңді көргелі дедім, жар құлағы жастыққа тимей жүр дедім.

Көтібар. Түбің түскір, қайдан сезе қоясың-ей!

Жарас. Батыр-ау, сенің көмейің белгілі ғой.

Көтібар. Ие, тағы не дедің?

Жарас. Өзі де ғашық болып жүр екен ғой сорлының.

Көтібар. Тағы не дедің?

Жарас. Солай дедім ғой.

Көтібар. Айта берсейші енді.

Жарас. Мен айттым, шырағым Айман дедім. Ақылыңа ажарың сай баласың дедім. Көтекең де сені кеше көргелі дедім...

Жазық даланың масатыдай көгалын қақ жара шырқай тартқан наруан жол. Бірінің соңынан бірі солқылдақ екі күймелі арба салып келеді. Әрқайсысына ауыздығымен алысқан қос аттан жегілген. Алдыңғысында ат айдаушысы, серік жігіттерімен Әлібек. Әлібек бұл сапарында дала үлгісімен киінген. Соңғысында екі цыган әйелі, олардың қара сақал басшысы, көшір. Бозалатып келе жатқан Әлібек қызулау, әндетіп:

Толықсып күтіп отыр Айман жарым,
Апарам Орынборға күзге салым.
Қан базар қайда жүрсем көресіңдер,
Шашамын оңды-солды Маман малын.
Құдайға боз қасқаны шалар едім,
Ұзамай өліп кетсе Маман шалың.
Қарқ-қарқ күледі. Жігіттер оны қолдай түседі.

— Байқаймын Мамекең әлі тың.

Әлібек. Бұл заманның шалы оңайлықпен өлмейді.

— Шолпанды жиеніңе айттырғансың ба?

Әлібек. Солай орайластырып жатырмын ғой. Әттең дүние, екеуін де өзім алар едім. Шариғат деген итің қоспайтын көрінеді.

— Айман да бір жігітке олқы соқпайды-ау, Әлеке.

Әлібек. Әңгіме онда емес, екеуін бірден алсаң малдан шашау шықпайды ғой. (Көшірге.) Көк көлде аз ғана ат шалдырып алып, таң ата тартып кетеміз. Жігіттер, ән салыңдаршы.

Екінші купедегі цыгандар да мәз. Көшірге естіртпей өзара сөйлесіп келеді.

Қара сақал. Бұлар мырза халық. Ештеңенің басын біліп, байыбына бармайды.

1-әйел. Өздері ән мен би десе өледі.

2-әйел. Сенің татарша ән салатының бар, оны да ұмытпа.

Қара сақал. Біз гитармен билейміз деп келеміз. Ауыздарыңды ашпаңдар, әннің ақысын сұраймыз. Оны да төлейді.

1-әйел. Менің әлгі үлкен балам бес күннен бері жоғалып кеткені.

Қара сақал. Цыган жоғалады деп саған кім айтты?

Бәрі қосылып цыганның бір әуеніне салады. Зарлы да мұңды бұл ән өздерінің осы тұрмысына деген наза-наланың сарынын аңғартады. Қара жолдағы осы екі күйме енді көз ұшына дейін барып жоғалады.

Алыстан түйдек-түйдек шаң көтеріледі. «Аттар келе жатыр»... деп, әр тарапқа жапа-тармағай ойын-сауықпен жүрген халық атты-жаяулысы қарақшы тұрған жерге қарай ойысты. Керешілер жұртты қарақшы маңына жуытпай қайырып жүр.

Келе жатқан аттарға қарсы шаба жөнелген бір-екеуді керешілер жекіріп тоқтатты. Ат қосқандардың жүзінде сабырсыздық, біріне бірі сынай сыр тарта қарасу бар.

— Иә, алла, бағын аша көр!— деп біреулер өзінше күбірлеп қояды. Өз тойлары болғандықтан, Маман да, Сарбас та ат қоспаған, селсоқ, бейжай. Дегенмен өзара жорамалдарын айтады.

Маман. Бар қаупім Жаппастың ақбақайынан.

Сарбас. Әй, білмеймін-ау. Адайдың құласының да аяқ алысы сойқан екен.

Маман. Кім біледі, жылқы жарықтық желін сездіргенмен дауылын байқата бермейді ғой.

Үздік-создық соғып келе жатқан аттар. Тежеу айланы ұстағандары анда-санда еркін жіберіп алып, бес-алтауын басып озады да тағы тежей түседі. Үш ат құйрық тістесіп келеді. Енді міне үзеңгі қағысты. Біраз уақыт бірін-бірі ала алмады.

Біріне бірі жалтақ-жалтақ қараған үш бала. Ұртындағы малталары бұлтылдап аңдысып келе жатқан сыңайлары бар. Үшеуі де аттарына қамшы салмай сипай сілтеп қана келеді.

Күні бойы қалыңдығына жуи алмай жүрген маубас Ерғазы есебін тауып Аймандар төңірегіне жетті-ау.

Айман өзі келе жатыр дегендей Балқияға ымдайды. Балқия көзінің қиығымен қарап қояды. Ерғазы келіп жұртқа сездірмей Балқияның жеңінен тартқан болады. Қыздар біріне бірі ымдап, мәз болып тұр. Анадай жердегі ауылдас жігіттері де мұның әр қимылын аңдуда.

Ерғазы (сыбырлап). Балқия деймін, енді бір-ақ рет тыңдашы.

Балқия (бұрылмай, менсінбей). Ал тыңдадық.

Ерғазы. Бір былай ақыл айтайын деп едім...

Балқия (кекете). О, дүние-ей, айта ғой енді.

Ерғазы (аптыға). Мен өзі, күзге салым мал семіргенде келемін. Бұдан былай кешке жақын далаға шықпасаң қайтеді, е?..

Балқия. Ендеше сен де мені бір-ақ рет тыңда.

Ерғазы (қуанып). Көп рет тыңдаймын.

Балқия. Жоқ бір-ақ рет.

Ерғазы. Жарайды.

Балқия. Малдарың семіздіктен жарылып жатса да, сен бүгіннен бастап кеш былай тұрсын күндіз де үйіңнен шығушы болма.

Ерғазы аң-таң. Өз тобына қарай жылжи береді. Жын сорып кеткендей орталарына келіп тұрды.

Бірінші жігіт. Айттың ба?

Ерғазы. Айттым.

Екінші жігіт. Ол не деді?

Ерғазы. Ол да айтты.

Қарақшы маңында тұрған көптің қозғалысы тасып төгілудің аз-ақ алдында. Керешілер аттысын да, жаяуын да зорға ұстап тұр. Сонау будақ шашқан бүйректей үзіле шыққан балаға көзі түскендер: «Әне келе жатыр!»—деп шу ете қалды. «Қәне, қәне?»—десіп, Маман мен Сарбас та өңештерін соза түсті. Сарбас сары жезбен көмкерген көзілдірігін киіп: «Көрдің бе?» деген кісіше көзінің үстімен Маманға сүзе бір қарап қойды. Іштей қыжыртып тұрған Маман оған мән бермегенсіп, қолын қалқалай қарап: «Нешеу, жаным -ау, үзіліп шыққан?»—дегенді қалай айтқанын байқамай қалды. Сарбас көзі жетіп тұрған кісіше: «Төртеу»—дей салды.

..Елірген Көтібар тобы. Үзіліп келе жатқан бәйге күрең. Қөтібарда ес жоқ. «Айналайын Көтекемнің шырағы» деп далды да, жан-жағына қарады. Оның бұл сөзін аңғарған ешкім жоқ.

Сарбас. Жындының айтқаны келмей, сандырағы келеді дегендей, мынаусы несі?

Маман (ұнатпай). Сандырағы емес аты келе жатыр ғой. Бірақ біздің көк мойынның жанында жылды емес,-деп өзін өзі жұбатқан болады.

Сарбас (келе жатқан аттың шабысына сүйсініп). Мамеке, сіздің көк мойынның да аяғы төртеу болар.

Маман жауап қайтарған жоқ. Әне-міне дегенше озып келген бала «Бәйтере бәйтерек» деп қарауылдан шырқырап өте шықты...

Бәйге аттары бірінен соң бірі өтіп жатыр. Қыз-келінше қыз-қырқын. Бәйге күреңге жібек лента, орамал байлауға лап қойды. Көтібардың қуанышында шек жоқ. Атын баласындай аялап, суытып жүр. Айман, Шолпан да келіп лента тақты.

— Атыңыздың бағы аса берсін!

Бәйге балаға байланған қызыл-жасылды орамалда есеп жоқ. Тек мойнынан ғана көрінеді. Көтібардың аты да жібекке малынып кетіпті. Алдыңғы аттар келіп болды-ау дегенде жігері құм болған кейбіреулер бәйге жолына қарай өз аттарын іздеп шаба жөнелісті. Енді оларға қарсы тұрып жатқан керешілер жоқ.

Көмбеші. Бәйге басы Шекті Көтібар батырға.

Нар бастаған үш тоғыздық орнына атақты бай Сарбастың сағатын алады. Үш тоғыз Сарбас жанында қалады.

Жұрт . Батыр есерсоқ деген осы-ay, ә? Қу темірде несі бар екен?

— Ерегіс не істетпейді.

— Сарбастың асығы түгел.

— Осы темірді бір байталдың құны деп естідім.

— Ендеше жетісті Көтібар.

Бәйге Күреңді қосағына алған Көтібар айнала айбат шеге қарап Маман бай мен Сарбастың алдынан өте берді. Бұған біреулер сүйсіне көңіл аударса, енді біреулер іштей қыжырып тұр. Маман көңілсіз. Ұпайы түгел Сарбасқа бәрі бір. Тек баласының кешіккені ғана болмаса, Көтібардың «шабам» дегеніне қынжылып тұрған жоқ.

Айлы түн. Аспан да той құрметіне арналғандай көгілдір, таза тұңғиық. Ауыл сырты, көл жағасы. Ойын-сауық, шырқалған ән. Екеу-екеу сырласқан қыз бен жігіт. Алтыбақан. Тойлы ауылдың түнгі көрінісі. Көп үйлерде қонақ асыға отырған шақ. Әр тұстан ақындар айтысы да басталып кеткен. Айтысқа ынтыға бас қойған халық үй сайын сыйыспайды. Тыңдаушының көбі орта жастан жоғары адамдар. Жастар сыртта өз бетімен. Осы сәтте үйден үйге кіріп біз де аралап шығамыз. Қаумалаған халық, бірі айтса екіншісі тыңдап отырған ақындар.

1-үйде (жыршы еліріп).

Сен олай жамандама Берішімді,
Бұлайша ұнатпаймын келісіңді.

2-үйде (өктем).

Қалайша қомсынасың Адайымды
Танытар танымасаң құдайыңды.

3-үйде (мақтана)

Кетенің керме иығы едім мен де,
Шыдатпас тірі жанды жеме-жемде.

4-үйде (есіре)

Қашаннан даңқы шыққан Жағалбайлы,
Бір қызсам тыңдамаймын өр мен сайды.

5-үйде (кекете)

Масқараның мас боласың байлығына
Мәз болып пұл тапқанға шайлығына.

6-үйде (бұ да)

Алаша білеуші еді Қызылқұртты,
Қашаннан алыпсатар арам ұртты.

7-үйде (еліре)

Төртқара қашан жеттің Таздарыма,
Ажалдың өзің келдің аңғарына...

8-үйде (бұл да)

Есірме, Есентемір, ел болдым деп,
Серкешке аты-шулы тең болдым деп.

9-үйде (ажуа)

Табынның білуші едік біз де жайын,
Тамадаң сұрап мінер аттың майын.

10-үйде (шірене)

Халқым бар Қарасақал жатқан шалқып,
Шөмекей, шіренесің нені тантып?

11-үйде.

Кердары күн көрген ел соңыма еріп,
Жаппастың кешкен жұртын пейіш көріп.

12-үйде (кербез).

Ол рас, Рамадан ел боп қалды,
Төлеумен терезесі тең боп қалды.

13-үйде (ашулы).

Байбақты байқап сөйле Шекті барда,
Боп жүрер бетке шіркеу, етке таңба...

14-үйде (маңғаздана).

Алқаның Алтын, Ыссық, маған мәлім,
Керейге керегелі келмейді елің.

15-үйде (жай ғана).

Сілтесіп жатты осылай сорлы қазақ,
Бір тойда бір-біріне болып мазақ.

Әр тұста тыңдаушылар кеу-кеулесіп, қошамет айтып: «О пәле!» — десіп жел беріп отырады.

Осы айлы түн. Доғарулы екі күймелі арба көрінеді. Аттары тұсаулы, арқандаулы, жайылуда. Жол соқты болған Әлібектер, жолаушылар қаннен-қаперсіз ұйқыға кеткен.

Көлдің қалтарысында аттарын біріне бірін матастырып он шақты жігіт жүр, бәрі де ақ киім киген. Олар баяғы өзімізге таныс Темірлер тобы. Айлы түнде аруақтай болып көрінеді. Бастаушысы шығыс падишасынша киінген Айман.

Уәде бойынша сайдың етегімен бұқпантайлап Жарас пен Көтібар келеді. Алыстан ән-күй, жырлардың, жастардың ойын-сауығының шуы естілуде. Батыр селт еткеннен шошып, мысық табандаумен жылжуда. Алдарынан Хадиша шыға келгенде шошына бұғып, таныған соң қайта көтеріледі.

Хадиша (сыбырлап). Батыр-екесі, сонша қорыққаныңыз не? (Қарауытқан үйді нұсқап.) Айман ару күтіп отырғаны қашан?

Көтібар (шошынып). Мен жалғыз қалай...

Хадиша. Ойбай, бетім-ау, бір қыздың жанында екі еркек не бітіреді.

Көтібар (Жарасқа). Солай екен ғой өзі? Түбің түскір, кете бер. Келген қолға ие бол, менен хабарсыз дыбыр етпесін. (Жарас шегіншектеп кетеді).

Алдымен Хадиша, одан кейін Көтібар кіреді. Үй ішінде аспалы шам. Шолпан тұрып иіліп сәлем береді. Хадиша Көтібарға сездірмей ым қағады.

Көтібарға. Айналайын, түбің түскір Айман.

Шолпан. Батыр-екесі, келмей жатып...

Көтібаp. Енді, әлгі Жарасты айтам.

Хадиша (Шолпанға). Айманжан, батырдың бабы өз қолыңда... (Мықты бол дегендей ым қағады.)

Шолпан. Енді солай болатын шығар, жеңеше. (Хадиша кетеді.)

Шолпан. Жайғасып отырыңыз.

Көтібаp. Отырғанда қандай? (Төрге шоқыдай боп барып қонжияды.)

Көк көлдің жағасы. Жолаушылар ұйқыда. Ақ киімділер бұларды қоршайды. Орталарында ақ сәлделі, ақ сақалды біреуі бар. Бұл Темір. Соның белгісі бойынша бәрі баяу ғана бақсының сарынын бастайды. Ұйқыдағыларды шошытпай сол сарынмен әлдилеп оятқандай болады.

Бәрі (өте жай, баяу бастайды).

Аууаһу, аууаһу, аууай, аууай, аууаһу,
Еюһа, еюһа, е-ей, еюей, е-һе,
Әммәй-һа, әммәй-һа, әммәй, әммәй,
Әммәй-һа...

Осыны бірнеше қайталайды. Қайталаған сайын дауыстары күшейе береді, жатқандардың бірі көзін ашты да, түкке түсінбей, шошуға да шамасы келмей, көзін жұма қойды. Зікір күшейе түсті. Тағы біреуі көзін ашып, ол да қайта жұмды. Бұлар біртіндеп ояна берді, енді бір-біріне жақындаса алмай, бәрі де жын соққандай ербиісіп бастарын көтерді. Зікір сарыны күшейе түсті. Бәрі бір қимылмен ұйтқыта:

Аууай, аууаһ, аууай, аууай, аууаһ,
Айдаһардай айлы орақ,
Ай балтасы қанды орақ,
Қайдан келдің жауды орап,
Жауланбай-ақ келіңіз,
Мыналарды көріңіз,
Етер бұған ем бар ма?
Салар бұған дем бар ма?
Тебінгіде тер бар ма
Қанжығада қан бар ма,
Шала туған мал бар ма?
Шығатұғын жан бар ма?

Сәлделі ақсақал қолын көтергенде зікір тына қалады. Тым-тырыс, үнсіздік. Үрей астындағы цыгандар Әлібекке телміре қарайды. Әлібек жолдастарына қараған болады. Бәрі қаққан қазықтай дем алудың өзіне қорқып отыр.

Әлібек (дауысы дірілдеп). Құдайым-ай, не жаз дым?

Темір. Те бәтшағар, атымды атама!

Әлібек. Аллам-ау!

Темір. Атымды атама дедім ғой мен саған. (Қолын көтереді, зікір қызып кетеді.)

Эммәй-һа, әммәй-һа, әммәй, әммәй, әммой-һа...
(Сәлделіге қарап)
Аллам-ау, аллам-ау, аллам-ау,
Екіде бірдей баршын құс,
Бауыры шұбар аршын құс,
Күйту, күйту сары құс,
Жемшіл, шемтіл жебір құс,
Арам басты кемір құс,
Қансоқтаға семір құс,
Көк көлдегі көп пері,
Көк перінің ішінде.
(Бірін-бірі көрсетеді)
Мынау тұрған дәу пері,
Мынау тұрған су пері,
Ай астында ақ пері,
Күн астында жоқ пері.

Темір тағы қолын көтереді. Зікір тына қалды. Әлібектерде ес қалмай барады.

Теміp. Бәрің менің айтқанымды кезекпен қайталаңдар, әулиелер, перілер, сендер тыныш тұрындар. «Бисмилла рахманир рахим».

Әлібек (қалш-қалш етіп). Бисмиллә рахманир рахим.

Бәрі де қалтырап, дірілдеп қайталайды).

— Бисмиллә рахманир рахим,
— Бисмиллә рахманир рахим,
— Бисмиллә рахманир рахим.
— Бисмиллә рахманир рахим.

Темір (цыгандарға). Сендер де.

Қара сақал:

Бес молда рахимжан райхан.
Бес молда рахимжан райхан.
Бес молда рахимжан райхан.

Темір. Ә, сендер кәпір екенсіңдер ғой, сол да жарайды.

Көтібар сол біз көрген қалпында әлі отыр екен. Шолпанда да үн жоқ. Анда-санда Көтібарға көз қырымен қарап қояды.

Көтібар. Айманжан, енді...

Шолпанға қарай бір жылжып қояды. Шолпан қарсы еместігін сездіргендей көзқарас тастайды. Ол тағы жақындай түседі. Сөйте-сөйте Шолпан отырған төсекке де келді-ау.

Екеуі де үнсіз. Не дерін білмей Көтібар қыбыжықтап отыр.

Көтібар (сөз таба алмай). Айманжан, нешедесің?

Шолпан (ерке назбен). Сізден бір-екі жас кіші шығармын шамасы.

Көтібар (тура қарай алмай). Япыр-ай, Айманжан-ай, түбің түскір... астапыралла... ойноолойын...

Темір. Алхамдулилла, алхамдулилла. Ақ пері, бері кел! (Ақ пері келеді. Әлібектерге.) Сендер үн шығармай отырыңдар! (Олар телмірген күйі қатып қалған.) Алхамдуллиллла, алхамдулилла, Ақ пері!

Ақ пері. Ләппай, аллам!

Темір. Саған сын. Мыналардың басшысы кім, соны тауып бер! (Ақ пері жағалай тамырын ұстап шығады да.)

Ақ пері (аруақ шақыра). Ләппәйлә, дараурай, дараурай, ләппәйлә дараурай. Міне!-деп Әлібекті көрсетеді. (Әлібекте үрей жоқ.)

Темір. Ақ пері, орны да бар. Алхамдулилла, алхамдулилла, Лаупоз Көк пері, бері жадында!

Көк пері. Ләппәй, аллам!

Темір. Мынаның аты-жөнін біл.

Әлібек (қалтырап). Мен...

Темір. Шығарма үніңді, пәтшағар!

Көк пері. Иллоһи ихти нафи, аллам, мен әйелдердің ғана аты-жөнін білуші едім. (Екі цыган әйелінің үрейі ұшып кетеді.)

Темір. Көк пері, орны да бар. Алхамдулилла, алхамдулилла, сұр пері, бері кел. (Сүр пері Болат.)

Болат. Ләппәй, аллам!

Темір. Мынаның аты-жөнін біл!

Болат (ыңырси отырып, Әлібектің тамырын ұстайды. Ойланған боп). Халиулла, хулдуаллаһи, хулдуалла, «әліпсін ә, әліпсін ә, әліпсін ә, әліп... Әлібек... (Әлібек селк ете қалады.)

Темір. Тағы да,

Болат. Аһати, сискинсе, сискенсе, сисина, са, са, аһати са. Сарбас баласы.

Темір. Кәсібі?

Болат. Элем юлай, элем юлай, элем салат, элем салат, элем сауат... элем сау, элем сау, -элем саудагер.

Темір. Орныңа бар. Алһамдулилла, алһамдулилла. Шұбар пері, бері кел.

Шұбар пері. Ләппай, аллам!

Темір. Қайдан келе жатыр, қайда бара жатыр, мақсаты не, соны тап!

Шұбар пері аздап зікір салып, Әлібектің бір тал шашын жұлып алып, соған қарайды.

Шұбар пері (қарап). Құпандани, купәндани, пұшаймани, ардаш, ордаш, арқаш, ордаш, орда, орна, Орынбордан келеді екен. Тахмиани, тахми ани... тах, тах, там, там, тама еліне барады... Хура уайлахура, үйле хура, үйленуге барады екен.

Теміp. Кімге?

Шұбар пері. Аллам, иззәт, әйелдердің атын Көк пері біледі.

Темір. Орныда бар. Алһамдулилла, алһамдулилла, Көк пері.

Көк пері. Ләппәй, аллам? (Көк пері Әлібектің бас бармағына қарап отырып.) Аһали, аһуали, Айман, Айман.

Темір. Орнына бар. Сендерге ризамын. Мен біліп тұрғанның бәрін таптыңдар. Енді өзі сөйлесін. Пәндем Әлібе Айманға бола ма, малына бола үйленемісің? Шыныңды айтпасаң құрисың?

Әлібек. Әрине, малына бола, оны мына жігіттерге де айттым. (Бәрі бас шұлғып мақұлдайды. Оған Әлібек қуанып қалады.)

Темір (перілеріне). Дұрыс айтып тұр ма?

Бәрі. Дұрыс, дұрыс, малына бола үйленбек.

Әзірейіл. Іззәти Аллам, пихли арами, муһимни купри, салами. (Сөздердің кейбіріне түсініп қалған Әлібек жыларманға келеді.)

Темір. Асықпа, Әзірейіл, ахихати имани кепли. Мәгәрки жаңа бізге айтқан ақиқатты ертең халық алдында айтса, кінәсін кешіруге болады. (Цыгандарды көрсетіп.) Мыналарыңды қазір қайтар. Қанша бермекші едің бұларға? (Цыгандар қуанып қалады.)

Әлібек. Бір үйір жылқының құны.

Темір. Қазір бері (Қанша екенін де санамай бір уыс ақша береді.) Сендер санап алып, қалғанын қайырып беріңдер.

Қара сақал (қалшылдап). Біз көк тиын алмаймыз, өзіміз аман қайтсақ болды.

Темір. Ендеше ана арбаның біреуін жегіп қайтыңдар. (Цыгандар арбаға қарай тұра жүгіреді.) Е-е, бишара пендем, орныңнан тұр! (Әлібек тұрады.) Мен не айтсам соны қайталап отыр.

Темір. Бисмиллә рахманир рахим.

Әлібек. Бисмиллә рахманир рахим.

Темір. Уа халайық, мен арам пиғылмен Маманның малына ие болам деген ниетпен Айманға үйленейін деп едім.

Әлібек. Уа халайық, мен арам пиғылмен Айманға, Маманның малына ие болам деген ниетте үйленейін деп едім.

Темір. Қайттым, арам пиғылымнан, бисмилла рахманир рахим. (Сол иығына қарап.)

Ассалаумағалейкүм рахматолла. (Оң иығына қарап.) Ассалаумағалейкүм рахматолла.

Әлібек. Қайттым арам пиғылымнан. Бисмиллә рахманир рахим. Ассалаумағалейкүм рахматолла, ассалаумағалейкүм рахматолла.

Темір. Осыны тойда жиналған халыққа айтасың. Бірнеше қайталайсың, ұмытпайсың ба?

Әлібек. Ұмытпаймын.

Темір (өзінен өзі дауыстап). Суайрани, дуайрани жігіт қалпында кел, адам қалпында кел, дуайрани! (Сол сәтте бір жас жігіт көл жақтан жетіп келеді.)

Жігіт. Ләппәй, аллам!

Сәлделі (Әлібекке). Пәндем, киіміңді шеш! (Әлібек киімін шешіп, дамбалшаң, көйлекшең қалады. Келген жігітке.) Ауылға екі шақырым қалғанда түсір, ертіп барып Айманның отауына кіргіз. Сосын таң атып жұрт жиналғанша көзден ғайып бол! (Әлібектің жігіттерін нұсқап.) Ал мына жігіттер ауызын ашатын болса, жынданып кететінін ескерт. (Жігіт басын изейді.) Жұрт жиналған жерге ертіп бар. Қалғанын өзі айтады.

Олар аттарын барып жегеді. Ат айдаушының орнына Әлібек отырады. Айман бастаған ақ киімділер «Иллаһи антанури, антанури гайранфун», деп сарнап қала береді. Жанындағы жат жігітке состия қарап Әлібектер жүріп кетті.

Көтібар Шолпанмен тізелесе отыр. Не дерін білмей телміре қарай береді. Шолпан да әдейі ынтығып отырғандай кейіп танытады.

Көтібар (біреуге айтқандай теріс қарап). Ойнолоойын, Айманжан.

Шолпан. Батыр-екесі, былай шешініп, жайғасып дегендей. (Өзі орнынан тұрып батырдың қару-жарағын кереге басына іліп қояды.)

Көтібар (кібіртіктеп). Айманжан, мен ұялам, теріс қарап тұршы.

Шолпан. Мақұл, батыр-екесі. (Теріс қарап тұрады.)

Көтібар дулығасын шешеді. Сауытын ағытты. Нағыз алып дененің өзі, көрпенің ішіне кіріп алқымына дейін жамылды.

Көтібар. Ойноолойын, енді келе бер, тимейін. (Сағатты көрсетіп.) Ана темірді де берем... (Ернін жалап қояды.)

Бұған сеніп отырған Шолпан жоқ, Көтібардың киімдерін босағаға қойды да, сауыт-дулығасын төрге ілді.

Шолпан. Енді сіз қарамаңыз.

Көтібаp. Ойноолойын (Көрпені бүркенеді.)

Шолпан Көтібардың барлық киім-кешегін алды да, сыртқа шығып кете барды.

Көтібар (көрпені жамылған күйі) Ойноолойын, келе берсейші, ұялмай, құдай білер-ау, тимеймін. (Үн жоқ, Көтібар біраз жатты. Енді шыдамады. Түкке түсінбей бажырайып қалады.)

Көтібар (басын көтере беріп). Ay, ау, түбің түскір. (Денесін көрсетуге ұялып қайтадан жата кетіп.) Ойноолойын, япыр-ау, өзі... бұл... қайда кетті? (Жан-жағына қарап еді, сауыт-сайман, киім-кешектен жұрдай болып қалыпты. Қолында Сарбастың темір сағаты.)

Сүттей жарық ай астында Темір мен Айман бастаған топ құйғыта шауып келеді.

Көтібар сағатты тыңдайды. Одан өзінің даусын естігендей болады. Батыр өміріндегі айқай-сүреңнің бәрі осы қол басындай темірдің ішінен шығып жатқандай, өз базары өзінде бар әлемді ұмытып, мәз болып жатыр.

Үлкен үйде аспалы шамның жарығымен карта, жиырма бір ойнап отырған бес-алты жігіт. Әйел, бала-шағалары отырған жерлерінде ұйықтап кеткен. Бұлардың да тойы, өз қызығы өзінде. Көтібар жіберген хабаршы жігіт кіріп келді.

Көтібар ауылының ай жарығындағы сыртқы көрінісі. Үй тірлігі қалай екен.

Бірінші үйде тері илеп отырған шал.

Екінші үйде киіз басып жатқан әйелдер.

Темір дүкені. Көрік басып тұрған бала. Ескі қылышты балқытып, одан пышақ жасап жатқан ұста.

Көтібардың жеті жүз қол туралы хабарын айтып болған жігіт карта ойнап жатқан үйде тұр.

Карта үлестіріп отырған жігіт. Шектінің өзін жау шапса да көңілім баяғыдай, алжыған шалдар ерегісті екен деп ойынымды тастай алмаймын. (Отырғандар мәз болып күледі.)

Екінші жігіт. Осы Көтібар сауыттың төсеуге, найзаның көсеуге жарамай қалғанын сезбей-ақ қойды-ау.

Салы суға кеткендей хабаршы жігіт қамшысымен қонышына бір ұрды да шығып кетті.

Отауда Хадиша, Шолпан Айманды күтіп отыр. Төрде Көтібардың қару-жарағы ілулі тұр. Айман кіріп келді. Екеуі қуана құшақтасып жатыр.

Хадиша. Не болды?

Айман. Сұрама, ертең білесіңдер, саудагердің сыры ашылды.

Шолпан. Біздің олжамыз да аз емес. (Ілулі тұрған Көтібардың қару-жарағын көрсетеді.)

Айман. Өзі қайда?

Хадиша. Қайда болушы еді, Әлібек екеуіңе арнаған отауда жатыр батырық.

Айман. Ендеше ұзамай ол да жетер сол отауға.

Таң атып қалған. Хабаршы жігіттің соңында жас шамалары Көтібар тұрғылас, ескі дулыға, көне найзалары шошаң қағып, он шақты шал шабан жортып барады. Көтібар күткен жеті жүз қолдың түрі осы ғана.

Маман ордасында шам жарығымен құмалақ салып отырған баяғы саңырау балгер.

— Япыр-ай, бұлар неге кешікті сонша?-деп Сарбас тықыршуда. Маман жүзінде де абыржу байқалады.

Балгер (үйреншікті әдетпен). Міне, міне, маңдайы ашық, екі бүйірі тоқ, құйысқаны бері олжа дегеніңізде қисап жоқ.

Маман. Сен ант атқан кеше де осыны айтып едің ғой.

Балгер (түсінбей). Құда қаласа ертең жүрем.

Сарбас (шыдамай). Жолыңа жуа бітсін.

Балгер (түсінбей). Айтқаныңыз келсін. (Қайран айтып орамалын жинай береді.)

Таң сіберленіп атып қалған. Сайдың етегімен бұқпантайлап Әлібек Айманның отауы, Көтібар жатқан үйге жақындап келеді. Есікті ептеп ашып үйге кіреді. Үй іші қара көлеңке. Ақ шымылдық ашық. Шәйі көрпені баса бүркеніп біреу жатыр. Таң салқынымен қалтыраған Әлібек жайымен көрпені ашпақ болады. Жүрексініп біраз отырады. Алдымен аяғын тығады көрпеге. Осылайша баяулап көрпеге ене береді. Көрпе астындағы адам қозғалып қояды.

Әлібек (сыбырлап). Мен ғой.

Көтібар жәйімен бетін ашады. Әлібек сипалап жүріп Көтібардың сақалына долы тиіп кетіп, тартып ала қояды.

Көтібар. Ойноолойын, қорықпа, Айманжан. (Сол қалпында жата береді.) Бағана әдейі сынайын деп әзілдегеніңді өзім түсінгенмін.

Әлібек. Мен еркекпін.

Көтібар (шошына). Не дейт, қайдағы? Еркек болсақ менің көрпеме неге кіресің?

Әлібек. Сен кімсің, мұнда неғып жатырсың?

Көтібар. Мен де еркекпін, Көтібармын.

Әлібек. Әлгі батыр Көтібар ма?

Көтібар. Енді кім деп едің? Аты-жөніңді айтшы, түбің түскір. Жаурап бітіпсің ғой, бері жат. (Әлібек шошына шегіншектей береді.) Әй, еркек болсаң несіне қорқасың, түбің түскір.

Әлібек (аң-таң). Ой, алла-ай?

Көтібар (күрсініп). Алла дегеніңнің өзі қызық, түбің түскір. Шүкір, бәйге күрең бабында екен. (Сағатты көрсетіп.) Бас бәйге мынау болды.

Әлібек (танып). Мынау менің әкемнің сағаты ғой.

Көтібар. Сен немене, күйеу баласың ба?

Әлібек. Енді кім деп едің?

Көтібар. Әрі отыр онда, түбің түскір. (Ойлана басын шайқап.) Үш жүзге аты шыққан Көтібарды осылай отырғызып, өз мамығына орап кету қолынан келген әйелдің талай Көтібарды тумасына кім кепіл? Менде арман жоқ қой. (Сағатты құлағына тосып.) Мынаның ішінде де біраз дүние бар екен. Ал сен ше... Еркекпін дедің-ау бір сөзіңде, түбің түскір... Бұл қай отырысың?

Бұлардың сөзін үй сыртында тыңдап отырған жігіт Айман-Шолпан отауына қарай тартады. Таң да атып қалған. Тойшы ауыл орындарынан тұра бастаған. Әлібек күймесі Маман ордасының қасына келіп тоқтаған.

Маман мен Сарбас күймені көріп қуанып қалды. Бұларын біріне бірі сездірмейді. Өз ойларында, Әлібекті «Айман отауына кеткен екен» деген жорамал. Екеуі де сол жаққа сүйсіне, қуана қарайды.

Сарбас. Байеке, енді жұрт жиналсын. Біздің де ел күтіп отырған шығар. Әлгі жар-жар айтатыны бар еді, соларын енді...

Маман. Құда қаласа түске таман шығып кетерсіздер. Іле-шала біз де аттанармыз.

Даланы басына көтеріп, жапа-тармағай шауып келе жатқан балалар нөпірі. Бәрі де тай -құнанға мінген. Қолдарында таяқ, сойыл, найза, сынықтары аралас. Кейбірінде бойларына шақ келмейтін ескі дулыға, сауыт, бастап келе жатқан он үштер шамасындағы баланы танимыз. Бұл ауыл сыртында Көтібар күреске үйреткендердің бас балуаны. Бұлар батырдың жіберген хабарын естіп, көз ұшында бара жатқан шалдар тобын өкшелей келеді.

Айман маңдайына Шолпанның белгісін киіп, үйден Көтібардың қару-жарағымен қоса жаңа шапан, тағы бір заттар алып шығып, Әлібек пен Көтібарға келеді. Үйге кірісімен көзі Әлібекке түсіп:

Айман. Масқара-ау, жезде, не қып отырсыз? (Айманның маңдайындағы белгіні көріп Шолпан деп ойлайды.)

Әлібек (қымсына бүрісіп). Жәй...

Көтібар (орнынан тұрмай, Әлібекке). Міне, міне, өзі келді. (Айманды көрсетеді.)

Айман. Бағана Айман балалық жасап, сізді...

Көтібар. Айтпақшы, екеу екенсіңдер ғой. Құдайға мың дат та шүкір.

Айман. Айыбым деп мына шапанды жіберді. Киіңіз.

Көтібар. Жоқ, ризамын. Менің босаға сыртында өз киімдерім бар шығар. (Айман сыртқа қойылған бұрынғы киімдерін әкеледі.)

Айман. Ренжіп қалдыңыз ба?

Көтібар. Жарық дүниеде менен қуанышты адам жоқ. Тек Айманға барып шығайын.

Айман (түк сезбегендей). Жезде, сіз киінбейсіз бе? (Әлібек басын шайқайды.) Масқара, сіздің мына жүрісіңіз. Күте-күте көзіміз талғанда...

Көтібар (өз киімдерін киіп, қылыш-қанжарын беліне байлайды. Бір жасап қалғандай.) Байдан жұрт, батырдан олжа деген, мына киімдерді саған тарттым. (Айман әкелген киімдерді Әлібектің алдына тастайды. Ол жуымайды. Енді сағатты ала бергенде.)

Әлібек. Қайда апарасың, бұл менің әкемнің сағаты.

Көтібар. Ей, бишара, мұндай темір түгіл кезінде сенің әкеңдей адамның талайының басын да алған бұл Көтібар. (Айман екеуі шығып кетеді.)

Әлібек алдындағы киімдердің ою-өрнегін аударыстыра қарап, шетке ысырып қояды. Жабықтан сыртқа қарайды. Күйменің айналасы тола халық. Олар бұрын көрмеген дүниесінің о жерін, бұ жерін ұстап қояды. Мәз болып тұрған әкесі мен Маманға көзі түседі.

«Айтқаным келді ғой» деген кісіше Маман мен Сарбасқа мардамси қараған саңырау балгер де бел алып, кеудесін көтере түскен. Той-думан дуылдап барады. Әлібек басын ұстап отыра кетеді.

Айман-Шолпан отауы. Қөтібардың алдында олар бас иіп тұр.

Көтібар. Шырақтарым, бұл тойда менен бақытты жан сирек. Батырдан белгі дегендей, өмірімде тапқан байлығым осы, ішінде менің де өмірім бар ма деп қалдым. Өзі сендерге лайық екен бұл дүние. (Сағатты Айманға береді.) Бұл да менен қалған белгі болсын. (Қанжарын Шолпанға береді.) Жаратқаннан бір-ақ тілегім бар, күйеулерің тек еркек болсын. Оған күмәнім жоқ. (Екеуінің де маңдайларынан сүйіп шығып кетеді.)

Әлібек жынды адамша күбірлеп, бірдеңелерді айтып отыр. Баяғы көл басынан еріп келген жігіт кірді. Әлібек селк ете орнынан ұшып тұрды. Жігіт барлай қарап алды.

Жігіт. Айтатын сөздеріңді ұмытқан жоқсың ғой?

Әлібек. Жоқ. Ұмытқан жоқпын.

Жігіт (Әлібектен бір тал шаш жұлып алады. Ол шошып қалады). Мен осыдан Маман ордасының маңына барып тұрам. Мына жабықтан көзіңді айырма. Мен қол көтергенде келесің де, әлгі сөзіңді айтасың. Жұрт есте алмаса, тағы да қол көтерем. Үштен артық қайталамайсың.

Әлібек. Сосын қайтемін?

Жігіт (ойланып, бірдеңе тыңдаған болып тұрады да). А, е, ие, әкеңе еріп ауылыңа қайтады екенсің. (Әлібек жүзінде қуаныш белгісі ойнайды.)

Маман ордасының алды толы халық. Жабықтан көз алмай тұрған Әлібек. Топ ішінде найзалы Көтібар жүр. Әне, жігіт көрініп, қолын көтерді. Үйден Әлібек жүгіре шықты. Баяғы көйлекшең, дамбалшаң қалпы. Алғашында аңғармаған жұрт мән бере қойған жоқ. Көңілдері көтеріңкі, жұртқа менсінбей қарап тұрған Сарбас пен Маман «Мынау Әлібек қой?» деп ду ете далған жұрттың сөзінен жалт дарады.

Сарбас. Астапыралла, мынаусы несі?

Маман (жағы қарысып қалғандай). Ayым, ayымм...

Жұрттың бәрі еңсеріліп тынып қалған. Әлібек келе:

Әлібек. Бисмиллә рахманир рахим. Уа, халайық, мен арам пиғылмен Маман байдың малына ие болам деген ниетте Айманға үйленейін деп едім...

Жұрт. О, сұмдық! (Шу ете қалады.)

Әлібек. Қайттым арам пиғылымнан, ассалаумағалейкүм рахматолла, ассалаумағалейкүм рахматолла.

Көтібар (Маманға). Малдан басқаны танымайды дегенім келді ме?

Маман (абыржып, түйіле). Әулиесің, әулиесің. Уа, тұзым, ақ ниетім атсын, хайуан!

Сарбас (міз бақпайды). Құдай-ау, мұндай ұл бергенше... (Жігіт қолын көтереді. Әлібек тағы қайталап жатыр.)

Балгер. Е-е-е... Жын соғып кеткен екен ғой... (Жұрттан жылысып шығып барады.)

Маман. Саған қыз бергенше, жұлын күрт жесін. Тырнағынан садаға кет Айманның. Қайда, шықсын бері, көрсін мына сұмдықты.

Сарбас (сазарған күйі Маманға). Екі қызыма бір той жасап күлкі болмайын деп едің, мына тойың неге айналып барады?

Маман. Жынды ботаң не оттап тұр? Песін мен құптанды айнытпай білетін әулие темір сағатыңнан сұра. (Сарбас сасқаны.нан жанын қарманады.)

Көтібар (қарқ-қарқ күліп). Мынау қажыдан келген күйеу болды ғой.

Сарбас (Маманға). Бұл сенің жүзіқараларыңнан келген кер. Шаштарын жұлып ат бауырына алам. Солардың сұмдығы.

(Жігіт қолын көтереді. Әлібек тағы қайталай бастайды.)

Маман (Сарбасқа). Тоқтат анауыңды!

Сарбас. Шығар жүзіқараларыңды.

Маман (ашуға булығып, айқайлап.) Уа, Айман, Шолпан, қайдасыңдар! Көріңдер масқараны!

Темір мен Айман, Болат пен Шолпан қол ұстасып шыға береді.

Маман (өз көзіне өзі сенбей). Шүкір, шүкір!

(Айман, Шолпандар жақындай береді).

Сазға отырған Сарбас кейпі...
Шала жынды Әлібек...

Шолақ мәстекті екі өкпеге тепкілеп тасалап бара жатқан балгер...

«Менен олжалысы жоқ» деп Хадиша берген шапанның шалғайын сипап мәз болып тұрған Жарас.

Маманның алдына келіп иіліп тағзым етіп тұрған Хадиша. Ризалық сезіммен Хадишаның арқасынан қағып тұрған Маман...

Айман-Шолпан тобы Маманға беттеген...

Көтібар (бұларға сүйсіне, көзі жасаурап). Уа, Жарас, түбің түскір, тарт бәйге күреңді көлденең!

Сүйсіне серпілген қалың қауым... Алыстан көрінген тайлы, таяқты балалар тобын қалың қол деп ұғынған бәйге күреңдегі Көтібар.

Көтібаp. Түбің түскір Жарас, тоқтат қолды. Дүние түгел екен кеттік елге...

Айман, Шолпан, Темір, Болат Маманға келіп бас иді. Қошаметшіл дауым күңіреніп кетті...

Жүздеген балаларды ертіп, мәз болып бара жатқан Көтібар...

Қалың қауымға Маман:

Маман. Уа халайық, той енді басталады. Қайда әлгі заржақ жаршы.

Қол ұстасып біріне бірі егіле қараған Айман-Шолпан тобы...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз