Өлең, жыр, ақындар

Сөз театр тарихы жайында

Республикамыздың әдебиетшілері мен ғылыми қызметкерлерінің, өнер қайраткерлерінің назарынан тыс, қалтарыста қалып жүрген, кезек күттірмес ортақ мәселенің бірі — Октябрь революциясынан кейінгі мәдени өміріміздің өзекті жемісі болып келе жатқан театрымыздың тарихын зерттеу мәселесі. Бұл — орынды сөз етуді, көңіл бөліп, қозғау салуды талап ететін зор міндет.

Советтік театр өнері әлемдік аренаға шығып отыр. Оның құлашы кең, өрісі мол. Совет өнерінің өмірлік негізі — маркстік — лениндік философия, біздің советтік шындығымыз.

Көп тілді бір идеялы совет өнерінің әдебиетінің даму, өркендеу жолында қазақ өнерінің, қазақ әдебиетінің қосқан сыбағалы салмағы бар. Бұл жөнінде бүкілодақтық әдебиетіміздің шеңберінен шығып, дүниежүзілік мәдениет қазынасына қосылып отырған M. Әуезовтың «Абай жолы» романдарын, Мұқановтың «Ботакөзін», Ғ. Мүсіреповтің, Мұстафиннің шығармаларын мақтаныш сезімімен атай аламыз.

Сонымен бірге советтік театр өнеріне қазақ театрының үлкен үлесін айтпасқа болмайды. Бірақ, Қазақтың театр өнерін таразыға салып қарасақ, әлі де әдебиетіміздің даму дәрежесінен артта қалып отырғандығын аңғарамыз. Бұл артта қалушылық театр коллективінің өз кемшіліктері мен жалпы қазақ драматургиясының баяу дамуынан туып отыр. Мәселенің екінші жағын — жол көрсетерлік театр сынының, театр тарихын ғылыми тұрғыдан зерттеудің жоқ екендігіне байланыстыру керек.

Бізде осы бүгінге дейін маркстік-лениндік эстетика тұрғысынан терең зерттеліп, теориялық жағынан ұстамды жасалған театр тарихы жоқ. Бұл келешектің зор міндеті қалып отыр...

Сондықтан біз бұл мақаламызда театр тарихын зерттеудің қазіргі халі туралы өз ойымызды ортаға салмақпыз.

* * *

Қазақтың советтік театр мәдениетінің тұңғышы — қазіргі Еңбек Қызыл Ту орденді академиялық театры өзінің шымылдығын бірінші рет 1926 жылы 13 январьда ашқан еді. Бұл Коммунистік партияның салтанат құрған ұлт саясатының сан-салалы табыстарының бір ғана айғағы болатын. Қазақстанның театр мәдениетінің шын мәніндегі тарихы да осы театрдың өсу, даму жолымен байланысты.

Театр өзінің өткен творчестволық жолында совет драматургиясының біздің адамдарымызды суреттейтін шығармаларымен қатар өз көрушілеріне Гогольдің, Островскийдің, Шекспирдің, Мольердің, т. б. классиктердің пьесаларын өз бояуымен, өзіндік өрнегімен көрсете білді.

Осы жолда театр алуан түрлі қиыншылықтарды, табыстарды, ойлану-толғану кезеңдерін басынан өткізді. Құлпыра көз тартқан сәтті салтанаты да болды. Іздену, шеберлікті меңгеру жолында кейде оқыс кетіп қалушылығы да болды. Қалай болса да, шыныққан, ұйымшыл коллектив алға жылжудан танбады.

Қазақ театрының тарихын, даму жолын зерттеп, ғылыми жүйеге салып қорытудың да маңыздылығы осында. Осы уақытқа дейін театр жөнінде жазылған көрнекті зерттеу еңбектің болмауы, сөз жоқ, театрдың творчестволық өсуіне кері әсерін тигізіп отыр.

Біздің театрымыз шын мәніндегі өнер жасау міндетін, ец алдымен, актерлердің, режиссерлердің және өнер қайраткерлерінің өмірінде кездескен әрқилы сәтсіздіктер мен табыстарға марксизм-ленинизм тұрғысынан талдау жасағанда ғана орындай алады.

Театр тарихының әр кезеңінен ішінара мағлұмат беретін, немесе жеке спектакльдер жөнінде газеттер мен журналдарда жарияланған бірлі- екілі мақалалар ешуақытта да театр тарихын жүйелі зерттеу болып саналмайды. Рас, қазақ театрының зерттеу мәселесіне арналған бірлі- жарымды көлемі жағынан назар аударарлық еңбектер жазылды. Театр тарихын зерттеу жайында сөз еткенде бұл еңбектерге тоқтамай кету дұрыс болмайды.

Сондықтан әңгіме еткелі отырған еңбектердің ғылыми-зерттеулік маңызының қаншалықты дәрежеде екеніне, қазақ театрының тарихын зерттеуден алатын орнына тоқталып өту қажет.

1950 жылы Москвадағы «Искусство» баспасынан О. Олидордың Қалыбек Қуанышбаев туралы монографиясы, 1954 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясының көркемөнер зерттеу секторының аға ғылыми қызметкері Н. Львовтың кандидаттық диссертациясының негізіне құрылған «Қазақтың академиялық драма театры» деген проспектісі жарыққа шықты.

Қазақ театрының тарихы сөз болғанда ең алдымен көзге көрінетін, қолға ілінетін осы еңбектер. Қазақ республикасының сахна шеберлерінің творчестволық өмірін жұртшылыққа кең таныстыруда бұл еңбектердің жарыққа шығуы игілікті бастама болып есептеледі. Сонымен бірге, бұл қазақтың театр тану ғылымының әлі күнге сәбилік сатыда екенін аңғартады. Оның қаз тұрып, қадам басуына көп жұмыстар керек.

Театр тарихын зерттеу деген сөз адам өмірін, яғни актерлардың өмірі мен творчестволық қызметін зерттеу болып табылады. Ғылыми теориялық негіздерге сүйене отырып, артист өміріне терең талдау жасаумен бірге оған бағыт көрсетіп отыру керек.

Осы талан тұрғысынан жоғарғы еңбектерге зер салып көрейік.

Қазіргі академиялық драма театрының қабырғасын өз қолдарымен қалаған қарт артистеріміз Қ. Қуанышбаев, С. Қожамқұлов, Е. Өмірзақов, Қ. Бадыровтардың творчестволық өмірі туралы еңбек жазу — театр тарихын жазумен барабар. Демек, театрмен біте қайнасып келе жатқан олардың творчествосындағы табыстың да, сәтсіздіктің де театр тарихына тікелей қатысы бар. Қарт артистер жөнінде монография жазудың қиындығы да осында.

Соның бірі — Қ. Қуанышбаев. Ол өзінің табиғи талантын өмір тұңғиығында өткізіп жүргенде Октябрь таңы атты. Қазіргі абырой, атақ, сый- құрметтің иесі — Қуанышбаев театр мектебінен өтпей-ақ, өмір шындығының мектебі арқылы театрға келген адам.

О. Олидор өз кітабында Қ. Қуанышбаевтың жәрмеңкедегі өмірінен бастап профессионалдық театрға келіп іздену жолындағы ерекшеліктеріне, сахналық кесек бейнелер жасауындағы орасан зор табыстары мен кемшіліктеpіне ғылыми талдау жасап беруі керек еді. Оның табиғи дарынының сахналық образ жасаудағы қабілетін, орыстың ұлы сахна шеберлерінен қалай, қандай жолдармен үйренгенін, қала берді актердің ұлттық сыр-сипатын терең ашып көрсетуі қажет еді. Өйткені, Қуанышбаев үшін батыс классиктері мен ұлы орыс драматургиясында кездескен кейіпкерлердің көбінің сәтті шығуы оның мәдени білім дайындығынан емес, көп іздену, терең толғанудан туған бойындағы табиғи талантының жемісі болатын.

О. Олидор кітабында Қуанышбаевты Щепкин, Качаловтерге теңейді. Қазақ театрының шеңберінде оның Щепкиндей маңызы бар екендігінде дау жоқ. Бірақ бұрын профессионалдық театры болмаған халықтың тұңғыш актерлерінің творчествосын зерттегенде, өздерінен бұрынғы театрлық бай мұрасын көрген Щепкин, Качалов сияқты ұлы актерлармен салыстыру болмайды. Оның мәнісі, Качаловтың алдында орыс сахнасында реализм әдісін салған Щепкин, ұлы актер Мочалов, замандастары — К. С. Станиславский мен В. И. Немирович-Данченко болса, Қ. Қуанышбаевтың алдында ешкім де бола алмады. Қуанышбаев творчествосының терең тамыры сонау ғасырлар бойы жасалған қазақ халқының халық творчествосында жатса, бергі жағы ұлы орыс халқының сахна шеберлерінен үйренуде жатыр. Сондықтан Қуанышбаевтың өткен жолы әрі нәзік, әрі дәл, терең теориялық негізде зерттеуді талап етеді.

Қазақ театры өзінің алғашқы жылдарында қазақ драматургтерінің тарихи және советтік тақырыптарға жазған шығармаларын көрсетті. Сонымен бірге жас театр коллективінің барлық ынта-жігері ұлы орыс халқының сахналық шеберлігін меңгеру, классикалық шығармаларын өз сахнасында қою жұмыстарына бағытталды. Театр сахнасы 1928 жылы Гогольдің «Үйлену», Фурмановтың «Бүліншілік» және Погодиннің «Ақсүйектер» атты шығармаларымен кездесті. Осы постановкалар қазақ актерлары үшін үлкен мектеп болды.

Бұл кезең Олидордың назарынан тыс қалған. Қуанышбаевтың сахналық шеберлікті меңгеру жолын автор тек 1932 жылғы кәсіподақ съезіне делегат болып Москваға барғанда МХАТ-та көрген спектакльдерінен басталды деген қорытынды шығарады. Олидордың сөзімен айтсақ, осы сапары «талантты актердің сахна шеберлігін игерудегі тұңғыш мектебі болды», (37-бет.) Біздіңше, Станиславский қалыптастырған МХАТ системасын бір-екі спектакль көрумен меңгере қою оңайға тимейді. Ол системаны меңгеру үшін тек қана талантты болу жеткіліксіз. Сонымен бірге теориялық дайындық та болуға керек. Екіншіден Қуанышбаев творчествосының, әсіресе алғашқы кезеңінде оның реалистік ойындарының шынайы көрінісін Станиславский системасынан емес, қайта, система элементтерін Қуанышбаев ойындарынан іздеп дәлелдеуді қажет етеді. Өйткені, осы бір ерекшелік біздің қарт артистеріміздің бәрінің творчествосына тән жағдай. Олидордың еңбегінен бұл мәселе өз логикасымен шешілмейді.

Қуанышбаевтың сәтті жасаған кейбір сахналық образдарын автор тіл шеберлігі жеткенше жалпылама мадақтай бергенімен, оның жасалу жолын, актердің өсу жолындағы ерекшеліктерін ашудан бойын аулақ салады. Көбінесе драматургиялық шығарманың сюжетін құрғақ қайталаумен тынады.

Еңбекте қазақ халқының әдебиеті мен өнер тарихына терең үңіліп, байыпты барлау жасалу жоқ. Шалағай ойдан құрылған жорамалдар, тарихи шындыққа сыйыспайтын тұспалдар көп-ақ. Бір мысал келтірейік: «Бостандық аңсаған Ақан сері өлерінде қасиетті домбырасын алыс Ертістің жағасындағы Абайға ұсынады» (52-бет) дейді. Біз білетін Ақан серіден тоғыз жыл бұрын қайтыс болған. Ақан 1913 жылы дүние салды.

Осындай ұқыпсыздық жайлар өнер ғылымының кандидаты Н. Львовтың «Қазақтың академиялық драма театры» деген көлемді еңбегінде де аяқ алғысыз. Мұның бәрі авторлардың қазақ халқының тарихын, әдебиетін, әдет-ғұрып, салт-санасын терең білмегендіктерінен туып отырған көріністер.

Н. Львов — қазақ театрының тарихын зерттеуге көптен еңбек сіңіріп жүрген адам. Кейінгі он-он бес жылдық жұмысының нәтижесі ретінде «Қазақ театрының тарихы» деген тақырыпта диссертация қорғап шықты. Өткен жылы сол диссертацияның негізінде «Қазақтың академиялық драма театры» деген атпен проспектісі басылды.

Бұл біздің мәдени өмірімізде үлкен жаңалық, қазақ театрының болашақ ғылыми тарихын жасаудың бастамасы болып есептеледі.

Н. Львовтың кітабы тақырып, мазмұн жағынан көлемді еңбек болғандықтан кеңірек сөз етуді ұйғардық.

* * *

Ұлы Октябрь социалистік революциясынан кейін қазақ театры құрылды.

Одақтағы кейбір халықтардың театры Октябрь революциясынан бұрын да болатын. Совет өкіметі орнағаннан кейін олар өздерінің бұрынғы жақсы дәстүрлерін пайдалана отырып, жұмысын қайта құрды. Ал, қазақ театры тарихының өзіне тән ерекшелігі бар. Ол ұлттық театр ретінде еліміздегі саяси-экономикалық өзгерістердің негізінде туып, Октябрьдің бел баласы болды. Театр тарихын зерттегенде оны Қазақстанда болған ұлы өзгерістен бөліп қарауға болмайды.

Н. Львовтың еңбегіне келейік. Диссертация мен проспектінің негізгі арқауы бір болғандықтан, екеуіне тән, ортақ жағдайларды қатар сөз етіп отырамыз.

Н. Львов өзінің еңбегінде қазақтың ауыз әдебиетінде, әдет-ғұрпында кездесетін драмалық элементтерді және совет тұсындағы қазақ театрының өсу жолын көрсетуді көздеген. Бірақ, бұл кең шеңберлі игі ниет орындалмаған, тізбектелген фактілердің көлеңкесінде қалып қойған. Автор зерттеу объектісі етіп алған материалдарын ғылыми жүйемен ашып көрсетпейді.

Диссертацияның бірінші тарауы «Дүниеден ешбір хабарсыз, ұйқылы-ояу, мүлгіп жатқан» қазақ даласының өмірін, Қазақстанның географиялық ерекшелігін суреттеуден басталады. Бірақ сырттай шолу, жалпылама баяндаудан аса алмайды. Қазақ халқының тұрмысына терең үңіліп, оның ішкі мәнін, сыр-сипатын ашпаған.

Қазақ театрының халық творчествосындағы элементтері туралы айтқан пікірі тек болжаулар ғана. Автор өзінің «театр элементтері» деп отырғаны таптық сипатын ашудан бойын аулақ салған. Үстем таптың мүддесін білдіретін кейбір шығармаларды халық қазынасының мәдени мұрасына жатқызады. Әртүрлі драмалық үйірмелердің негізінде іргесі қаланған қазақ театрының тарихы теріс уағыздалады.

Мұндай кемшілік проспектіге де тән. Халық творчествосындағы театр-драмалық элементтердің профессионалдық театрмен байланысы туралы бір ауыз да сөз жоқ. Қазақ театрының тарихы тек 1926 жылдан басталады деген ұшқары пікір айтады. Профессионалдық театрдың негізі жиырмасыншы жылдарда пайда болған көркемөнер үйірмелерінен басталатынын, оның азамат соғысы кезіндегі қалың бұқара арасында атқарған тәжірибелік жұмысын автор жабулы күйінде қалдырады.

Қазақ театры өзінің алғашқы дәуірінде драмалық спектакльдермен қатар концерттер, халық творчествосының сауық-кештерін жиі өткізіп тұрды. Бұл кештерге Әміре Қашаубаев, Қалыбек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, импровизатор ақын Иса Байзақовтар күлкілі әңгімелерімен, әндерімен қатысаты. Осының өзі халық творчествосы мен театрдың арасындағы тығыз байланыстың айғағы болатын. Неге бұл туралы кең айтылып, талдау жасалмасқа?

Диссертацияға да, проспектіге де ортақ кемшіліктің бірі — театр тарихының республикамыздың басынан өткен ұлы өзгерістерден аулақ, біржақты алып қараушылық. Театр өмірі халқымыздың экономикалық, материалдық базасынан бөлек алынып тексерілген. Қазақ халқының саяси-әлеуметтік, қоғамдық өміріндегі табыстары, сөз жоқ, театр өнеріміздің одан әрі дамуына объективтік жағдайлар жасады. Бұл мәселе H. Львовтың еңбегінен тиісті орын алуы керек еді.

Біздің ойымызша, қазақ театрының тарихын зерттеудің тағы бір кемшілігі деп орыс совет театрының режиссерлары мен актер шеберліктерінің қазақ драматургиясына, театрына тигізген зор әсерінің терең ашылмауында екенін айтуымыз керек. Осы кезге дейін театр тарихын зерттеуде қазақтың ұлттық мәдениет кадрларын өсірудегі орыстың театр шеберлерінің игілікті рольдері көрінбей келеді.

Осыдан екі ғасыр бұрын жасалған орыс драматургиясының бай тәжірибесін жетік меңгермейінше қазақтың ұлттық драматургиясын жасау мүмкін емес. Москваның көркем театры мен оның актерларды тәрбиелеу системасының — «К. С. Станиславский системасының» тамаша бай тәжірибелерін толық пайдаланбай тұрып, ешбір ұлт республикасында театрдың дамуы мүмкін болмайды. Сонымен бірге театрдың басшы кадрларын, актерлар мен режиссерларын тек қана бір ұлт өнері шеңберінде жасау қиынға соғады. Толыққанды театр өнерінің режиссерлық кадрларын әзірлеу мәселесі тек орыс театрының тікелей көмегімен іске асырылатын жағдай. Демек, орыс театрының драматургия саласынан жаппай үйрену, үлгі алу актерлар шеберлігі мен режиссерлардың талантты мектептерінен өту — қазақтың ұлттық өнерінің дамуы мен өркендеуінде негізгі арқауы болып келді.

Қазақ театры дамуының өзіне тән ерекшелігі Қазақстанның Совет өкіметі тұсындағы дамуы және екі мәдениеттің — халық мәдениеті (фольклор, эпос, халықтық музыка, т. б.) мен орыс халқының театрлық мәдениетінің қарым-қатынас жасау негізінде айқындала түседі. Осы тұрғыдан қарағанда қазақ театрының өзіндік спецификасы мен даму қарқының өсу процестерін барлық ерекшеліктерімен ашып беру қажет. Бұл мәселе диссертацияда едәуір сөз болады.

«Театрдың ұлттық бейнесі» деген бөлімде Октябрь революциясына дейінгі және кейінгі ұлттық театр мен орыстың театрлық мәдениетінің байланысы туралы айта келіп, автор елеулі қателікке ұрынады. Қазақстандағы орыс режиссерларының жұмысындағы кейбір кемшіліктерін көрсетем деп отырып, оларды мүлдем жоққа шығарады.

Диссертацияның екінші бөлімінде Қазақстанның театр өмірінде болған — нағыз театрлық мәдениетті меңгеру жолындағы жаңалықтары қозғалады. Егер театр бұрын драматургтердің тек өткен өмірді суреттейтін пьесаларын қойып келсе, енді Советтік Қазақстан өміріне арналған спектакльдер қоя бастады. Бұл жылдары қазақ әдебиеті мен өнерінің тұңғыш рет Москвада онкүндігі өтті. Яғни, қазақ өнері мен әдебиет қайраткерлері Коммунистік партияның, Совет үкіметінің және еліміздің барлық жұртшылығы алдында творчестволық есеп берді. Қазақтың ұлттық жас өнерінің кәмелеттік аттестатқа берген бірінші емтиханы ойдағыдай нәтижеге ие болды.

Қазақтың өнер қайраткерлері астана жұртшылығына өз мәдениетін таныстыруымен бірге, МХАТ-тың, Академиялық Кіші театрдың және басқа театрлардың постановкаларында болып, өздері де олардың шеберлік дәстүрлерінен үйренді. Орыстың театр мәдениетінің көрнекті қайраткерлерімен әлденеше рет кездесулер жасады. Астана жұртшылығының жоғары бағасы, орыстың өнер қайраткерлерімен болған кездесулер қазақтың әдебиеті мен сахна қызметкерлерін жаңа творчестволық табыстарға жұмылдырды. Сонымен бірге бұл онкүндігі қазақ көркемөнерінің алдында қандай міндеттер тұрғанын да атап көрсетті.

Біздің пікірімізше, қазақ театрының алғашқы даму кезінде орыстың режиссерлары айырықша орын алады. Әрине, олардың кейбірінде творчестволық кемшіліктер мен қателіктердің болғаны да бар. Бірақ, қазақ театрының аренаға жаңа шыққан дәуірінде ондай кемшіліктердің болуы бір жағынан заңды сияқты. Сондықтаи олардың сіңірген еңбектері қазақ актерларын орыстың реалистік өнерімен таныстыруында ғана емес. Сонымен қатар режиссерлар — тамаша педагогтар (әсіресе Насонов) болды. Олар қазақ актерларымен бірге жұмыс істеп, сахнаның ішкі өмірімен, ырғағымен көрінетін нанымды спектакльдер жасады.

Ұлы Отан соғысының тұсында және оның алдындағы жылдарда қазақ интеллигенциясынан республикамызда өнер қызметкерлерінің жаңа кадрлады — актерлар, режиссерлар, драматургтер өсіп жетілді. Коммунистік партияның сара басшылығының арқасында олар өз театрының тағдырын өздері шешетін халге жетті. Түрі ұлттық мазмұны социалистік мәдениетті одан әрі өркендетуге зор мүмкіндіктер алды. Бұл жылдары да қазақ театрының үлгі, нәр аларлық негізі ұлы орыс халқының өнері болды. Одақтағы басқа халықтардың да мәдениетімен, өнерімен тікелей қарым-қатынас жасаудың нәтижесінде ұлт мәденнеттерінің бір-бірімен органикалық байланыста дамуына жағдай туды.

Бұл бөлімдегі диссертацияның негізгі тезистері мен түйінді қорытындылары осыдан шығу керек сияқты. Бірақ автор мұнда да фактылардың сұйық тізімін берген. Келтірілген материалдардың ішкі заңдылықтары, мәні талданып ашылмайды.

Қазақ театрының бұл кезеңдегі тарихыи Розен де өзінің «Қазақтың Мемлекеттік академиялық театры Ұлы Отан соғысы жылдарында» деген еңбегі арқылы сөз етті. Бірақ автор соғыстың ауыр жылдарындағы қазақ театрының жетістіктері мен кемшіліктерін ашып бере алмайды.

Бұл кезеңдегі театрдың көрнекті жұмысы — Шекспирдің «Асауға тұсау» спектаклі. Мұны М. Әуезов тамаша аударып шықты. Спектакльді Москва режиссерлары О. Пыжова мен Б. Бибиков қойған. Бұл спектакль қазақ актерларының керемет дарыны мен талантын танытуына мүмкіндік берді. Сондықтан да «Асауға тұсау» постановкасы он жылдар бойында театр репертуарынан түспей келеді, көрушілердің сүйіспеншілігіне бөленіп отыр. Міне, советтік театр мәдениетінің қазынасы болып отырған осы сияқты спектакль де Розеннің еңбегінен тиісті ғылыми бағасын ала алмаған.

Н. Львовтың диссертациясына қайта оралайық. Оның тағы бір методологиялық кемшілігін айтпасқа болмайды: ол — өткендегі халық творчествосының бүгінгі күнмен байланысы дұрыс бағаланбауы.

Диссертацияның бірінші тарауы — «Қазақ театрының тамырлары» деп аталады. Мұнда барлық эпостар, айтып берушілердің (сказитель), импровизаторлардың, ақындар өнерінің қайсысы болсын, «халық творчествосы», не «халық шеберлері» деп қаралады.

Бұл мүлде қате көзқарас. Революциядан бұрынғы Қазақстанда басқа да таптық қоғам сияқты, өнердің екі түрлі тенденциясы халықтық-прогресшілдік және феодалдық-реакцияшылдық бағыттар болған. Бұл жерде В. И. Лениннің екі мәдениет туралы ілімінің айрықша мәні зор.

Ал Н. Львовтың диссертациясынан «бірыңғай ағым теориясының» элементтері көрінді. Оның ұлтшылдық көріністерді сынаған жерлері де мәселенің айқын қойылуымен ашылмайды. Драматургтердің қателері, оларға тиген ұлтшылдықтың зиянды әсерлері жанама түрде аталып қана кетеді. Олар өткір, принципті сынға алынбайды.

Қазақ өнерінде ұлтшылдықтың екі түрлі негізгі ағымы көрінді. Бірі — орыстың классикалық және советтік әдебиетті меңгеруге қарсы тұрған «қазақ театрының өз бетінше дамуы» деген идеалистік теория, екіншісі өткендегі мәдени мұраны теріс қабылдаудың нәтижесінде (эпостан алынған тақырыптар мен образдардың көркемдік жағынан қайта өңделу үстінде) және бұрынғы тұрмысты, салт-сананы дәріптеу.

Демек театр саласындағы ұлтшылдық сарқыншақтардың таптық тамырларын ашып, әшкерелеп бере алмаған, олардың халыққа, ғылымға жат сипаттарын диссертация дәлелдеп көрсетпеген.

Буржуазияшыл-ұлтшылдық көзқарастар қазақтың театр сынында да көрініп келді. Амал не, театр сыны диссертанттың назарын аудармаған. Театрлық сындардағы буржуазияшыл-ұлтшылдықты әшкерелеп көрсетудің орнына диссертант олардың жалған еңбектерін негізгі материал ретінде пайдаланады. Оны автордың өзі де жасырмайды. Пайдаланған материалдарының тізіміне әшкереленген буржуазияшыл-ұлтшылдардың, тап жауларының аттары топ-тобымен енгізілген. Бұл — диссертант Н. Львовтың талғамы жоқтығын былай қойғанда, саяси сауаты аздығын дәлелдейді.

Қазақ театрының ғылыми тарихын жасау театр және өнері жөніндегі теріс көзқарастармен, идеалистік теориялармен батыл күрес жүргізу негізінде болуы қажет. Партиялық принципті күрес не диссертацияда, не басқа еңбектерде көрінбейді. Театр сынының бұл сияқты қанағаттанғысыздық жағдайы оның идеялық дәрежесінің әлі де болса өте төмен екенін айқындайды. Қазіргі сындарымыздың басты кемшілігі де осында.

Театрлық сын театрдың практикалық өмірімен тікелей байланысты болу керек. Біз қараған диссертацияның басқа да жұмыстардың методикалық және басқа қателік-кемшіліктері театрдың жанды өмірінен аулақ болуында. Авторлардың марксистік-лениндік теорияны Қазақстанның театр өмірінің әртүрлі құбылыстарын зерттеу жұмыстарына конкретті түрде қолдана алмауларынан туып отыр.

Советтік Қазақстанның театр тарихын ғылыми жүйеде жасап шығу, театрдың бүгінге дейін өткен жолын, келешектегі перспективаларын теориялық тұрғыда талдап беру — қазір толғағы жеткен мәселенің бірі.

Бірақ кезек күттірмей шешуді керек ететін бұл жұмысқа Қазақ ССР Мәдениет Министрлігінің өнер істері жөніндегі Басқармасы да, Қазақ ССР Ғылым академиясының өнертану секторы да театр саласындағы ғылыми жұмыспен мүмкіндігінше шұғылданбай келеді.

Театр саласындағы ғылыми-зерттеу кадрларының да жоқ екенін мойындамасқа болмайды. Осы кезге дейін оларды өсіріп, тәрбиелеу, бір орталықтан басқарып жүйелі жұмыс жасау мәселелері де қолға алынбай отыр.

Халықтың күн санап артып отырған мәдени тілектері мен талғауларын мейлінше қанағаттандыруда театрдың алдында зор міндеттер тұр. Ол үшін театр өзінің өткен творчестволық жолын айқын көріп, болған кемшіліктерінен бойын аулақ салып, табыстарына сүйсініп отыру керек Ол үшін біздің театр сындарымыз бен ғылыми еңбектеріміз республика театрлары өмірінің жан-жақты, терең зерттеулері тиіс. Театрдың ғылыми тарихын жасауға бұдан былай батыл кірісейік!

1955


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз