Өлең, жыр, ақындар

Тақырып пен тағлым

Менімше, қандай бір жазушы болмасын, қай тақырыпқа жазса да, ол өзі өмір кешіп отырған заманының идеясының рухында, заманының мүддесін көздеп, заманының мұқтажын іздейді. Замандасының талғамына сай, дәуірінің талабына жауап қарастырады. Соны тапқан бүгінгінің жазушысын, бүгінгінің сөзін айтып отыр деп білемін.

Асылында, тақырып атаулыны жіктеп-жіліктеп жатудың өзі әдебиеттегі шартты ұғым болса керек. Бүгінгі замандас бейнесін өнер туындысының арқауы ету ертеңгінің қамы болса, тарихи шығарма жазу бүгінгінің де, ертеңгінің де қамы. Керек десеңіз бүгінгі жәйлі жазылған шығарманың өзі тарих, кезеңнің шежіресі, келешекке мұра.

Әлдеқашан тарих меншігіне айналған Шекспир, Толстой, Әуезов шығармаларын бас алмай оқуымыздың өзі сондағы ұлы ойлардың қай заманмен болса да үндесіп жатқандығында.

Әңгіме тақырып төңірегінде қозғалса «Тақырыбы ұсақ екен» деген жаттандыға айналған жырынды үкімді жұрт сыншылдардан жиі естиді. Өз ұғымымша ұсақ тақырып жоқ, ұсақ жазушы бар.

Мысалы, Лев Толстойға дейін 1812 жылғы Отан соғысы жайлы қаншама шығарма әр жанрда орыс әдебиетінің өзінде жазылды. Сол соғыстан он алты жыл кейін туған Лев Толстой 1869 жылы «Соғыс және бейбітшілік» эпопеясын аяқтады. Бұл тақырыпқа Л. Толстойдан кейін де қалам ұрған жазушылар аз емес. Бәрін таразылай келгенде «Соғыс және бейбітшіліктен» еңсесі биігі бар ма. Сондай-ақ Петр Бірінші туралы да орыс әдебиеті екі ғасырдан аса жазып келеді, әзірше әдебиет активі Алексей Толстойдың Петрі ғана емес пе. Басқаны былай қойғанда біздің өзімізде Аманкелді жәйлі әр жанрдан бірнеше шығарма жазылды. Бұлармен салыстырғанда жас жазушы Қоғабай Сәрсекеев бұл тақырыпқа өз танымымен, ой толғауымен келіп отырған жоқ па. Бұл өсер әдебиеттің бәріне тән құбылыс. Қайдан оқығаным дәл қазір есімде жоқ, адам қоғамының шығыс-батысының бүкіл рухани мұрасында күні бүгінге дейін барлық өнер атаулыға ортақ өзек болып келе жатқан, отыз үш-ақ мотив (тақырып десеңіз де болады) бар екен. Оған әзір қосылған отыз төртінші жоқ. Данышпанның да, таланттың да, орта қолдың да, әуесқойдың да бар тірлігі әзірше осы отыз үштің айналасында көрінеді. Ерлік те, ездік те, махаббат та, зұлымдық та, ізгілік те, пасықтық та солардан туындайды екен.

Сондықтан жазушының ұсақтығын тақырыпқа телу қайткен күнде де қағидалық құдірет тапқан осы байламның о баста ойланбай айтыла салғандығынан ба деймін де отырамын. Енді осындай сынның саңылауынан сығаласақ — шетелде оқуда жүрген жігіттің қалыңдығы өзі келгенше күйеуге шығып кетіпті («Ақылдан азап» А. Грибоедов), қонақжайда бұралып жатқан аш студентті үлкен төре деп қабылдапты («Ревизор» Н. Гоголь), онда не тұр екен болып шығар еді. Шынында екі ауыз сезбен түйіп айтқанда бұл да ұсақ әңгіме сияқты. Ал осы ұлы суреткерлердің қолынан қандай көркемдік, әлеуметтік дәреже тапты. Немесе Шекспирге дейін махаббат, қызғаныш тақырыбында шығарма жазылмап па. Жазылғанда қандай, тағы да әлгі сыншының ұғымынша қарасақ, бір орамал үшін сонша адамды қырып салып Шекспирге не көрінген? Бақсаң, әңгіме орамалда емес, тіпті қызғанышта да емес, ұлы суреткер алданған сенімнің, алданған махаббаттың қасіретін баян етіпті. Дәл осы тақырыпқа Шекспирден кейін де қыруар шығарма жазылды. Бірақ әлгі өреден шықпады.

Бізде әдебиет өнер тарихынан сауатсыздығымызды дәлелдейтін бір қолайсыз көрініс және бар. Ол анда-санда белгі беріп қоятын «анау пәленшеден ұрлапты», немесе «сен менен алдың» — деп байбалам салу науқасы, жоғарыда айтқан мотивтер тұрғысынан келгенде орта ғасырда Испанияда туған Дон Жуан туралы аңызға Тирсо-де Моликадан (1571-1620) бастап, Мольер, Байрон, Гофман, Граббе, Пушкин, Блок (1912), ең соңғысы совет драматургі С. Алешинге (1962) дейін не бәрі ұлылы-кішілі он алты жазушы, ақын қалам тербепті. Немесе жетінші ғасырда туған араб аңызы «Ләйлі мен Мәжнүн» жәйлі ибн Құтайбадан бастап бүкіл шығыстың араб, парсы, түрік тілінде жазған данышпандарының жалпы саны он екі емес пе. Оқиға ұқсастығы былай тұрсын қайталау бәрінде де бар. Солай бола тұра әрқайсысы өзінің шама-шарқынша жырлады. Кезінде де, кейін де олардың мойнына «сен ұрысың» деп қарғы тағып жатқан ешкім жоқ.

Мұны былай қойғанда сол Шекспирден 220 жыл кейін дәл осы ұқсас тақырыпқа М. Лермонтов «Маскарадты» жазды. Отелло жоғалған орамал үшін Дездемонаны құрбан етсе, Арбенин жоғалған білезік үшін Нинаны құрбан етеді. Ұқсас па? Ұқсас. Айнымайды, бірақ осы оқиға төңірегінде автор өз қоғамынан түңілген, тұйыққа қамалған Арбениннің от басы, ошақ қасындағы соңғы тірегінің күйреуін баяндайды. Былай көзге бұл белгілі тақырыптар. Бірақ, құдіретті қолға түскенде, өзгеше бояу, өрнек табады Осы ұқсастықты Белинский Шекспирді білмегендіктен айтпады ма екен. Олай болмаса керек. Дәл сол заманда ІІІекспирді бір кісі білсе Белинскийдей-ақ білген шығар. Бірақ ұлы сыншы сырттай ұқсастықты сыпырып тастап, өнер туындысының табиғат тамырын басқаша таныды. Мұндай жағдайлар әдебиет тарихында талай болғанын, бола беретінін ол біледі. Сондықтан ол ең алдымен дәуір тұрғысынан суреткердің интеллектуалдық, биігінен қарады. Сөз орайы келгенде айта кетейін, А. Пушкиннің Анна Кернге арнаған өлеңі естеріңізде болар. Алғашқы көргеннен көп жыл өткен соң қуғында жүргенде 1825 жылы жазып, А. Керннің қолына тапсырған екен. Сондағы:

Я помню чудное мгновенье.
Передо мной явилась ты:
Как мимолетное виденье,
Как гений чистой красоты.
В томленьях грусти безнадежной
В тревогах шумной суеты,
Звучал мне долго голос нежный
И снились милые черты, —

деген ғаламат сыр-суретке толы көріністі қазақтың Қасым Аманжоловының:

Өңімде ме еді, түсімде ме еді,
Көріп ем ғой бір, армандай қызды.
Бір нәзік сәуле күлімдеп еді,
Сұрапыл соғыс, соқты да бұзды.
Сапырды дауыл, тебіренді теңіз
Тулады толқын, шайқалды
Қып-қызыл өрттің ішінде жүрміз,
Қайда екен, қайда, дариға сол қызбен, —

салыстырып көріңізші. Осындағы ұқсастықтың іші-сырты бірдей, екеуі де арман аңсаудың гимніндей емес пе?! Алар әсерін де, тәңір сезімін де бір биіктен көрінбей ме? Айырмасы өз ортасынан қағажу, тізе көрген ақын мен қан кешіп майдан төрінде жүрген ақын. Екі дәуір. Ал арман, аңсау ұқсас па, ұқсас. Ішкі ырғақ, жүрек лүпілі қатар жарыса соққандай емес пе. Енді осыны Қасым Пушкинді қайталағысы келді деп кім айта алады. Екі ұлы жүрек үндескенмен бірін-бірі қайталап отырған жоқ қой.

Менің, әңгіме тақырып ұқсастығында емес, суреткердің ұқсастығында дейтінім осындай салыстырудан туған ойлар... «Тау толғатып тышқан тапты» дегендей, құрықтан қамшы сабын шығара алмайтын өз олақтығымызда жатқан сыр бұл. Осындай олақтығымызды еске салғандарға өрекпи түрегелетініміз де, шелектеп шабақ аулаған кәсіп-қорлықтың мінезі.

Қазіргі қазақ әдебиетінің бар жанрындағы аға, орта, жас буындардың тарихи тақырыпқа молырақ бой ұруы, бұған дейін азаматтық тарихы бар жүйеге түспей, шашыранды шежірені малданған бар мұрасы ауыз әдебиеті ғана болған халықтың мүмкіншілікке қолы жеткен кезеңде, өткеннің кемісін толтырып, кемелдену сапарындағы құбылысы сияқты болып көрінеді. Біз хабардар он екі нұсқасы түгел үлкен әдебиеттердің де өткен жолдары осылай болған. Кейде тарихи тақырыпқа жазылған әдеби шығармалардың халықтың тарихының жасалуына да ықпалы тиетіндері болатынын ұмытпаған жөн. Сондықтан бұл саладағы еңбек етіп жүргеннің бәріне сен неге Толстойша жазбайсың, неге Әуезовше сілтемейсің деп сес көрсету де орынды бола бермейді. Бірақ кей жастардың тарихқа барардағы талантының күш-қуатынан гөрі тақырыпқа деген құмарпаздығы, албырт әуесқойлығы басым ба деген қаупім де жоқ емес. Шүкір, бізде талантына білімі сай жастар қай жанрда болса да баршылық. Көбісінің шама-шарқы да, ой-өрісі де танылып, үміт құшағында жүр. Қуана отырып, кейде әл-қуатын үнемдеп бойға шақтай ұмтылғанға не жетсін деймін. Әсіресе прозадағы роман былай тұрсын, дилогия, трилогия жазбасаң есепке енбейтіндей көрініп жүрген науқас «жастарды тез қажытып, тауын шағып, талантын тоздырып», келешегіне кесепатын тигізе ме деген ойлар да келіп-кетіп жүреді. Осындайда жігіттерді өнер мүддесінен гөрі өңеш қамы қамшылап кеткен жоқ па екен деп те қаласың. Сондықтан маған төселген талант, талғамы таза Тәкен Әлімқұловтың тарихи тұлғалар, өнер адамдарының өмірі жәйлі шағын хикаялары, әрқайсысын жеке алғанның өзінде шынайы шымырлығымен, оқиға ширақтығымен, кейіпкерлерінің мінез психологиясының дәл нақтылығымен кейбір дәнінен қабығы қалың, нәрінен суы мол қоржынбас, желқуық романдарға бергісіз көрінеді. Асылында, «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген мәтелдің әдебиетке қанша пайдасының барын әлі жете түсінбеген адамның бірімін. Алғашқы тапқан алтыныңның орнына, тереңдей түскенде топырақ арқалап шықсаң ол да жақсылық емес қой. Чехов марқұм бір роман жазбастан ұлылығын танытып еді-ау. Мұндайда қол көтеретін көптекті белге қыстырса, жарасып-ақ тұрады, шіркін.

Мен өзім тарихи тақырыпқа шығарма жазған емеспін. Көптен ойым бар, бірақ қорқа берем. Ол үшін тарихты білу аз. Ғасырларға сапар шегу оңай емес. Өйткені сен, өз заманыңның тарихқа жіберген өкілісің. Заман талабы, оқырман ойынан шығарыңа сенбесең сапар шегіп керегі не? Алдар Көсе мен сайтанның картоп еккені сияқты түйнегін түбіне қалдырып, тарихтың сояу сабағын арқалап келгеннен не абырой, не атақ. Менің қорқатыным сол.

Қысқасы, қай тақырып болса да заманыңмен үйлесу, үндесу таппаса — зая кеткен еңбек, арам төгілген тер, тұл тебіреніс, дәйексіз даңғаза болып қала бермек. «Ол жазғанда мен одан кеммін бе» — деген надандықпен тамырлас намыс өнерді сыйлау әдептілігінен гөрі ойсыз ожарлық, оспадар өзімшілдіктен туады. Былай қарағанда кеудесіне нан пісіп, найзағай ойнатып жүрген жігіттердің кейбір қалың кітаптарының, май тоңдырар ызғары, қар ерітер қызуы болмай шығуы да әлгі айтқандардың айғағы. Демек, әңгіме тақырыптың үлкен-кішілігінде емес, таланттың температурасында.

1971


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз