Өлең, жыр, ақындар

Сер - ағаң туралы сөз

Қазақ топырағы қашан да талантқа тапшы болып көрмепті. Біз білетін тарихта қазақ өнерінің бұлағы таяз тартқан кезең болды дегенді естіген де, керген де емеспіз. Сондықтан да болар, өнер атаулының өктем талант иелерін ту тұтып төбесінде ұстау оның әлімсақтан бергі ата дәстүріне айналған. Жаңа заман, жаңа уақыт, жаңа қауым бабалардың сол бір қасиетті үрдісінің ізін жоғалтпады, қайта ол дәстүрдің бұрынғыдан да гөрі салтанатын асырды.

Ой-жігерінің өртімен кеткен Шоқан, ереуіл мен егеулі найзаға шақырған жыр дауылы Махамбет, «кісенді ашқанымен» қуғыннан құтыла алмаған Құрманғазы, жартастан жаңғырық есітіп, жаралы жүрекке жай таппай күңірене сыр шерткен Абай, әуеніне аспандағы құс айналған Біржан мен Ақан. осылардың бәрі елім ден еміреніп өтсе де, мезгілінде мерекелі мүшел тойын өткізу былай тұрсын, бас бостандығы мен ой азаттығының өзіне зар-зәру болып кетті. Бірақ, олардың арманын арқалап халық қалды. Бар жиған-терген мұрасын, көзінің қарашығындай сақтай білген әзиз ана-халық Ұлы Октябрьдің шапағатты таңына тап болды. Бұдан былай таланттың, таразысы — әділ халық, өз перзентіндегі өнердің әр мысқалын бар дауысымен бағаларлық дәрежеге жетті.

Өз құшағынан түлеген өнерпаздың талаптыға тағылым етумен Сірге талап та қоя білді. Жаңа заманда талант, өнерпаздың тек өз басының қуаныш-ермегі ғана емес, ең алдымен халықтық қазына, ұлттық мақтанышы деген игі ұғым туды. Сондықтан да халық, өнерпазының басындағы шат-шадыман қуанышты, өз қуанышы, өз мерекесі санайды.

Біз Қазақ ССР халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серәлі Қожамқұлов сияқты саятшы суреткердің тойында халқымыздың талант шалқарының тартылмай, бұрынғыдан да таси шалқығанына бір қуансақ, өрелі мәдениеті бар, өскен еліміздің талантты туа ғана білмей, ұға да білетін, қызықтап қана қоймай, құрметтей де білетін қасиетті дәстүрге ие болғанына екі қуанамыз.

Сер-аға сияқты заңғар таланттың тойында сөйлеу әрі қиын, әрі оңай. Оңай болатын себебі өнер сыйлар қауымнан Сер-ағаңды білмейтіні жоқ, Сер-ағаң театрға арнаған елу жыл өмірінің ішінде жүз елуден аса рольде ойнапты. Демек осы сахнадан театр сүюші қауымның. бірнеше буыны жүз елуден аса Серкені көріпті.

Мен сол жүз елуден аса Серкенің қайсысын айтарымды білмей қиналамын. Бірақ, қысылмай, қиналмай айтатын бір шындық бар. Ол шындық — Сер-ағаңның 50 жыл ішінде театр сахнасындағы қыруар еңбегіне бір кеште, әсіресе бүкіл халық, бүкіл қауым өзінің сүйікті ұлына ыстық ықыласын білдіруге, егжей-тегжейлі сөз етудің ешқандай мүмкін еместігі. Бұл келешектің асықпай, сарыла зерттейтін салауатты парызы. Сер -ағаңның аса бaй да құнарлы творчестволық өмірі өз тұрғыластарына қаншама мол ләззат берсе, мұндай өнегелі өмірді ғылыми жүйеде кеңінен толғап, кемел зерттеуде кейбір замандастарымен келешек ұрпағына соншама мол міндет те артады.

Біз үлкен таланттың, үлкен өмірі жайлы айтылуға тиісті үлкен әңгімені, түгел қамтымасақ та, ардақты азаматымыз жайлы аузымызға алдымен түсетін ақиқаттарды айтуға бәрібір борыштымыз.

Біз Сер-ағаңды өзінің 70-ке толған мүшелді тойында қазақ сахнасының қақ төрінен, хас асыл мен хас ардаққа лайық ең бір сыйлы, ең бір құрметті орнынан көрсек, ол қазақ совет өнерінің тарихында да дәл осы бүгісіндей қақ. төрден орын алатын өнері мен өшпес өмір жасаған суреткер.

Сер-ағаң сияқты ата буын өнерпаздарымыздың осындай сыйлы болуының, олар сіңірген еңбектің осынша бағалы болуының сыры неде?

Қазақ сахарасында талантты әнші, даңқы жер жарған дауылкер күйші, жезтаңдай ақын, өрге құлаш сермеген өнерпаз өрені бұрын да аз болған жоқ. Сөйте тұра, сондай өнерпазы көп елде, бүкіл бір халық түгіл қызықтаған ортақ өлең де, ортақ ән де, ортақ күй де болмапты. Құрманғазының Сарыарқаны дүбірлетер құдіретті сарыны Ертіс пен Есілге жетпепті. «Қалың елім қазағым, қайран жұртым» деп тебіренген Абай күңіренісі, Шыңғыс таудың шыңдарына жаңғырықса да Ақбас Алатау мен, Ақ Жайыққа естілмепті. Көкшені күңіренткен Ақан үнінен Сыр бойы бейхабар жатыпты. Махамбеттің ереуіл жыры Жетісу төңірегінің құлағына шалынбапты. Осының бәрі тарих үшін күні кешегі, бұдан елу-ақ жыл бұрынғы шындықтар еді. Енді бүгін Құрманғазы күйіне бүкіл Бухарест қол соқса, прагалық студент Абай өлеңін жаттайды. Мұның бәрі ұлы Лениндік ұлт саясатының нәрлі жемісі, бұл қазақ халқының ұлттық есеюінің айғағы.

Ұлттық ортақ сахнасы болмай, ортақ ұлттық өнер де тумайтындығы тарих талай рет дәлелдеген ақиқаттың бірі. Қазақ халқы, ондай ортақ сахнаға Ұлы Октябрьден кейін жетті. Демек, қазақ халқының ортақ ұлттық өнері де Ұлы Октябрьден кейін орнықты. Осыдан 40-50 жыл бұрын қазақ халқының алдында өзінің ұлттық мәдениетін, ұлттық өнерін, ұлттық театрын жасақтау міндеті тұрды. Қазақ халқының бағына осындай тарихи түйінді жалғыз театр емес, рухани дүниеміздің бар саласында ойдағыдай шешіп жүзеге асырып шыға алатын аса өр-өктем таланттардың бүкіл бір буыны, бүкіл бір ұрпағы туды. Өзінің ұлттық өнерінің өте тез арада өркендеп, тез арада үлкен өріске, шырқау биікке шыққаны үшін қазақ қауымы ең алдымен сол ата буынға борышты. Біздің бүгінгі алқалы жиынымыздың ақсақалы Сер-ағаң да қазақ өнерінің тарихында теңдесі жоқ үлкен қияпат өзгеріс жасаған қазақтың ұлттық өнерін өз қолдарымен жасақтаған, сол бір тарихи ұрпақтың, даңқты буынының, аса ipi өкілдерінің бірі.

Ұлттық мәдениетіміздегі осындай аса үлкен құбылысты ойдағыдай атқарып шығуға халқымыздың ғасырлар бойы жасаған бай мұрасының да аз көмегі тиген жоқ. Жаңа заманда орныққан халықтың, мәдениет пен халықтық талантқа деген қамқор көзқарасы да қолайлы жағдай жасады. Енді, бүкіл бір ұлттың тарихы үшін өмірлік маңызы, мәңгілік мәні бар мұндай ересен міндетті жүзеге асыруда, осындай тарихи кезеңге тап келген өнерпаздардың жарқын талантының, қажымас қайратының, азаматтық жауапкершілігінің де өлшеусіз зор қызмет атқаратыны өзінен-өзі түсінікті. Қазақ театр өнерін өз қолдарынан қаз тұрғызып, өз қолдарынан ер жеткізген той иесі Сер-ағаң да, оның тамаша қанаттас сапарластары Қалыбек, Елубай, Күләш, Қапан, Құрманбет, Жүсіпбек, Ахмет, Қаныбек, Шара, Сәбира, Хадиша, Ришад, Жамал да осы асқар ала міндетке лайық біртуар тектес талант, арыс азамат, қажымас, мұқалмас еңбекшіл суреткер бола білді. Қазақ театр өнерінің алғашқы адымынан бүгінгі күнге дейін көшбасылар сапын да келе жатқан Сер-ағаңды біз ең алдымен тамаша талант, парасатты азамат, табанды еңбекшіл ретінде білеміз.

Сер-ағаңның тамаша талант ретіндегі дара тұрпаты қандай? Сер-ағаңның кім-кімді де табынтатын, бірақ, ешкімге ұқсамайтын, атымен дара актерлік өнерінің құдірет күшін, оның сахнаға ұлттық театрымыздың корифейлері саналатын небір жүзден жүйрік үздік актерлармен бірге шыққанын, оның елу жылдық творчестволық қызметінің тұсында әр буыннан, әр алуан сипатты таланттар туғанын,осындай шұғылалы таланттар тобының арасында ол қашан да еңселі де, шұғылалы шуақты да көрініп келе жатқанын айтсақ та жете түсінуге болады. Біздің қазақта қазірдің өзінде «сахнаға Серке шыққанда күлмеген кісінің беті қисайып кетеді» деген мақал бар. Біз сахнаға Серке шыққанда залдың күлмей қалғанын қандай сирек көрсек, сахнада өзі күліп тұрған Серкені де өте сирек көреміз. Қарабай сахнада күліп тұрмақ түгілі, бір үйір жылқысынан айырылған соң, бар әлемді топан суға алдырып, қасіреттен қабырғасы сөгіліп зорға жүр, Серке-Қарабай көпті күлдіруге жүрген сайқымазақ емес. Алайда сахнада өліп-өшіп қан жұтып, қасірет шегіп жүрген адамға сіз залда отырып күлесіз. Жетісіп күлмейсіз, күйініп күлесіз. Актер Қожамқұлов aдамдар санасында әлі де ұялап жатқан не бір рухани кеселдерді Қарабай арқылы сахнаға сүйреп шығып, уақытқа табалатып тұрған сияқты. Сер-ағаң комизімінің ең басты құдіреті — дәуірмен, уақытпен пікірлестігінде. Оның күлкісінің әрдайым уақыт күлкісімен бір жерден шығып отыратындығында. Шын комик үшін күлдіріп, көңіл көтеру мұрат емес, күлдіре отырып күйінту мұрат.

Біз, егерде күлкіні адамзат рухының ең бір ат үстінен түспейтін күрескер сезімі дейтін болсақ, ең алдымен оның күлдіре отырып білдіретін, күлдіре отырып күйінтетін, күлдіре отырып түңілтетін қасиетін қадірлеуіміз керек. Серкенің күлкісі тек шырайыңызда қалмай жүрегіңізге тура жол тауып жететін күлкі. Комиктің мойнындағы азаматтық парыз да сол. Күлкі қашан да өмірді жан-тәнімен жақсы көретін, оның ешбір қалтарыс қабатын таса қалдырмай, соның бәріне де әкесінің өші қалғандай үңіліп, ұғынып отыратын, өмір үніне, замана аңғарына аса сергек қарайтын адамға ғана тән қасиет. Өмір-бақи бір келбет, бір кескінде қалу сергек сезімге атымен жат сипат. Ендеше ондай бір жақтылық күлкіге де атымен жат. Комик Сер-ағаң күлкіні сансыз құбылтып, сан ойнақшытып отырады, соның ешқайсысында дарақылыққа, даңғойлық күлкіге ұрынбайды. Күлкінің азаматтық, сесін, күрескерлік парасатын жоғалтпайды.

Сер-ағаң күлкісі, бірде айбалтадай айбарлы көрінсе, бірде көктем күніндей мейірлі сезіледі. Комик Сер-ағаңның осы бір ұшқыр таланты, оны тек күлкіге тұсап тастамаған, ол адам жанының, тағдырдың өзімен тайталас түскен трагедиясында, неше түрлі кесепат -кеселмен, қияс-қиғаш қайшылықпен шарпысқан кесекті драматизмді де, күн нұрындай шұғылалы, ай сәулесіндей ұяң уытты лиризмді де шебер жеткізе алады. Сер-ағаң жасаған 150 бейненің бәрі бірдей комедиялық бейнелер емес, олардың ішінде драмалық, трагедиялық тұлғалар да толып жатыр. Бірақ сол образдардың қай-қайсысының да басынан Серке күлкісінің күміс тажы көзге ұрмай қоймайды. Осының бәрі де Сер-ағаңның актерлік үлкен диапазонын, шын мәніндегі «сегіз қырлы бір сырлы» талант екенін дәлелдейді.

Серке сөз жоқ қазақ топырағының өз перзенті, оның комиктік талантының өзінде қазақ халқының ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан өзіндік күлкі дәстүрін, өзіндік күлкі мектебін танимыз. Қазақ күлкісінің паспорты жоқ ата-бабалары — шаншудай түйрейтін шаншармен, ішек-сілеңді қатырып рахаттана бір күлдіріп ап «Неңе жетісіп күлдің» — деп кенет ойлантып кететін Алдар Көсе үрдісі, көрегендік данышпандықпен оттай шарпыған оптимизмге астасып жатқан нағыз қазақ күлкісі, күрескер күлкі. Сер-ағаңның актерлік талантынан бар келбет, бар тұлғасымен көрінеді. Бірақ Серке өз топырағында өркен жайғанмен көктегі күннің шипалы нұрын да, айналасындағы ауаның берекелі нәрін де мол сіңіре білетін гүл рәуіштес талант. Ол тек қазақ табиғатын ашатын образдарды ғана емес, классика әлеміне де еркін аттай білді. Оның Гогольдің «Ревизорындағы» Земляникасы мен «Үйленуіндегі» Яичницасы, Шекспирдің Асауға тұсаудағы» Слайы, өзіміздің Қарабай, Қоңқайлармен бірге сап түзеп туысып, өз өрнек нақысымен бірі де бір әкенің баласындай Серкенің Қарабайы, Серкенің Қоңқайы, Серкенің Земляникасы, Серкенің Слайы атанып өзіміздің ауылдың жігіттері болып кетті.

Мұндай тамаша таланттың, көз майын тауысқан үлкен ізденіспен суарылып өркендейтіні, мұндай тамаша табыстың қажымас-қажырлы еңбектің арқасында келетіні кімге де болса айдан анық, ақиқат.

Творчество қашанда тынымсыз еңбек, ұйқысыз түн, тағатсыз талпыныс болмақ. Сахнада 150 образ жасау деген не? Мұндай санына сапасы сай табыс жалпы театр тарихында сирек кездесетін құбылыс. Бұл таланттың талантына, актердің актеріне ғана сиятын шындық. Сер-ағаңның жұмыс күні жалғыз репетициямен, кешкі спектакльмен бітпейді. Оның жұмыс орны театр ғана емес. Ол анау «Аманкелдіден» бастап қазақ, көркемфильмдерінің түгеліне жуық түскен. Оның дидарын телестудия көрушілері де сағынып отырады, жұртшылық, оның жүзін эстрададан да көргісі келеді. Ол актер ретінде, көркем сөздің шебері ретінде, қазақ кино өнері мен қазақ эстрадасының тууына буыны бекіп үлкен өнерге айналуына дa зор еңбек сіңірді. Осының бәрін ренжітпеуге, осының бәріне үлгіруге артиске үлкен талантпен бірге, қажымас қайратпен бірге, үлкен адамгершілік те, үлкен азаматтық жүрек те керек.

Қазақ театр өнерінің туу кезеңінде келген, ата буын шеберлеріміздің қай-қайсысы сияқты біздің Сер-ағаң да үлкен азаматтық жауапкершіліктің, рухани белсенділік пен табандылықтың тамаша мектебінен өткен өнегелі өнерпаз. Біздің Сер-ағаң Торғай даласында Совет өкіметін орнату жолында қызыл партизан қатарында да болды. Ол коллективтендіру жылдарында Бейімбет Майлинмен бірге колхоз да құрысқан. Қазақ театрының режиссурасы әлі де ойдағыдай өркендей алмай жатқан тұста, өзінің туған театрына режиссер де болған, Сер-ағаңның ұзақ жыл өмірінде атқарған қоғамдық әлеуметтік қызметтерін түгендеп атап шығу да мүмкін емес. Көз алдарыңызда отырған өнер зергері қашаннан бері шын мәніндегі қоғам қайраткері.

Оның сахнада әрдайым асқақ естілетін өктем дауысы өмірде де солғын тартып көрген жоқ. Ол көруші қауымға да, соңынан ерген жеткіншек жас буынға да абзал ұстаз бола білді.

Сер-ағаң қазақ театрының есігін тұңғыш аттаған күннен бері қазақтың өнер қауымының маңдай алды тобында жүрді, қашанда абыройлы жүрді, қашаннан атағы шықты. Үлкен атақты, мақтау-мадақты, қошемет қолпашты кісінің кісісі ғана көтереді. Атақ, пен даңқ, мақтау-мадақ «әлі балауса балғын таланттарды, жас өнерпаздарды ғана бұзады, тек соларды ғана даңғаза-даңғой етіп жібереді» деген пікір де тым біржақты, тым ұшқары пікір. Атақ-даңқ, мақтау-мадақ кісінің жасына қарамайды, ақылына қарайды. Турасын айтқанда ол қай жастағы адамға да тап келгенде қауіпті. Дандайсу мен даңғойланудан, қол жеткенге тояттап тоңмойын тартудан — тек туған ел мен туған өнерге деген, өзіне тәрбие берген қоғамға деген үлкен махаббат қана, азаматтық үлкен жауапкершілік қана аман сақтап қала алады. Сер-ағаңның азаматтық дидары ғаламат талантына лайық.

Күллі өмір, оның ішіндегі өнер дүниесі Абай тілімен айтқанда «сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан жасты» артық көреді. Өнер тек өнерді сүйгенді жақсы көреді, өнер дүниесінде жол-жөнекей өзін-өзі қызықтап кеткендердің айналар қарақшысы белгілі. Сер-ағаң нағыз өнердегі өзін емес, өзіндегі өнерді сыйлайтын, өзінің суреткер атын ардақ тұтатын адам. Ол өнерді сыйлайтындықтан, өнердегі адамдарды да сыйлайды. Ол ағаға ізеті жоқ іні қандай сөлекет болса, ініге ықылас-ілтифаты жоқ ағаның да сондай сөлекет екенін біледі. Сондықтан да соңынан ерген тұяқ жеткіншек буынға әкелік қамқорлықпен, аталық махаббатпен қарайды.

Әрбір өзін сыйлайтын өнерпаз, өз өміріне өзек еткен өнердің өткенін қадірлеп, бүгінгісіне толғанып, ертеңінің қамын жеп отыруға да тиісті. Өйтпейінше, өнерді азаматтық жүрекпен ұғу, оған азаматтық адал жүрекпен қызмет ету еш мүмкін емес. Сер-ағаң да қазақ өнерінің жай-күйіне осындай адал перзенттің абзал жүрегімен толғанып, тебіренетін азамат.

Бұрын сахна, көрмеген қазақ өнері, театр шымылдығы алғаш ашылысымен, жайсаң жаз күніндей жарқырап шыра келуінің өзі-ақ жас қазақ совет көркем өнерінің түгін тартсаң майы шыққан құнарлы топырақтан өніп-өрбігенін паш етеді. Қазақтың профессионалды жас көркем өнерінің тез есейіп, тез ер жетуінің басты факторы — аға буындардың қазақ халқының ғасырлар бойы жасаған, еңселі де дарқан мәдени қазынасы мен ұлы орыс театрының озық дәстүрін аса шебер ұштастыра білуінде болды. Олар ұлы орыс халқының реалистік өнерінің бар сөлінен емін-еркін сусындады. Бүгінгі қазақ өнері екі ананы тел емген айқын да арда өнер. Ол бірден әлдекімнің баласындай әжептарқы көрінбей, ғасырлар бойы өршелене өсіп келе жатқан қызу қанды, нәрлі уытты өркендете білген, шын мәніндегі түрі ұлттық, мазмұны социалистік өнер бола білді. Жақсы әкеге тартып туған жайсаң ұлдай өзін бірден танытты, бірден баурады. Қазақтың советтік, мазмұны социалистік, түрі ұлттық көркем өнерін жасауда Сер-ағаңның буыны халықтың ежелгі мәдениеті мен жаңа мәдениетінің арасында құрдым-қуыс тастамай, жуыстырып, туыстыра, тіл табыстырып тұрған алтын көпір бола білді.

Біз, қазақтың советтік көркемөнерінің, аяғынан тез тік тұрғаны үшін халқымыздың Абай, Махамбет, Біржан, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Мұқит сияқты үздік таланттардың тамаша тәрбиелік мектебінен өтіп, сол мектепті жаңа заманға жеткізе білгеи Сер-ағаң ұрпағына өте қарыздармыз.

Сер-ағаң буыны, жаңа қазақ өнерінің кереге қалар, буын бекітер ірге топырағы, алғашқы тұғыры, бастапқы нәрі ғана болып қойған жоқ. Олар сол жаңа өнерге өзіндік келбет, өзіндік кескін жасаған әр, ажары да болды. Сер-ағаң буыны жаңа өнердің жайқалып өсуіне түрткі ғана болып қойған жоқ, қазақ совет көркемөнерінің ең басты қозғаушы күші, жұмылған жұдырықтай ең басты ядросы да бола білді. Қысқасы, олар, жаңа өнердің тек негізін салып қана қойған жоқ, оны өз қолдарымен орнықтырып, өз қолдарымен дамытты. Бұл буын жас өнердің өсіп-өркендеуіне ауадай қажет — жақсыны жатырқамау, жаңадан үрікпеу, үздіксіз іздене білу, үйрене білу зердесімен ерекше көзге түсті. Кеше ғана ауылдарынан келген қазақ жігіттері «Мұңлық, — Зарлықты», «Тотынаме» мен «Алпамысты» тастай салып, Шекспир мен Мольерді, Гольдони мен Гогольді, Островский мен Шиллерді, Горький мен Шоуды қолға алды. Қазіргі қазақ өнерінде кемел өрістеп келе жатқан жаңашылдық мектебінің де алғаш негізін салған осы Сер-ағаң буыны. Сер-ағаң буыны Горький тілімен айтқанда «Барлық. бастамалардың да басы болды».

Біз Сер-ағаңдай үлкен өнерпаздың тойында, үлкен өнеріміздің ата буыны, ата үрдісі жайлы бар дауыспен баса айтуымыз қажет. Сер-ағаң буыны жаңа тұрпатты өнер жасаудың үстінде, жаңа тұрпатты өнерпаз да өсірді. Бұл буын, өнер атаулыны, бір ғана бастың «абройымды асырсам, бәрінен озсам, менен басқа болмасын, менен басқа сыйланбасын, менен басқаның аты аталмасын» деген тыраш эгоизмнің күйкі намысы емес, бүкіл халықтың, бүкіл елдің намысын өсіретінін өз өнерлерімен, өз өмірлерімен жақсы дәлелдеп шықты.

Бұлардың тұсында Көкшенің әншісі, Нарынның күйшісіне бәсекелесім деп емес, бауырым деп қарады. Торғайдан келген Сер-ағаң, Қарқаралыдан шыққан Қал-ағаңмен қолтықтасып бір жүрді. Күні кеше ғана, құдықтың суына таласып патриархалды ауылдың жол-жораға, орамал-томға жанжалдасып жататын әнші-күйшілерінде мұндай татулықтың нышаны да жоқ-ты. Мұндай ұлттық. намыс, халықтық, намыс орнына ата аруағы, ауыл намысы ғана жүретін еді. Елдік мәдениетіміздің еңсе көтеруіне өзек болған осы биік рухани деңгей, биік тұрғы үшін де біз ең алдымен Сер-ағаңдарға, Сер-ағаның буындарына қарыздармыз. Біз Сер-ағаң сияқты үлкен таланттың азаматтығы жайында сөз қылғанда, оның буыны жасаған үлкен ерлікті ауызға алмай кете алмаймыз.

Ұлттық, өнер ол бүкіл бір ұлттың жүрегі, бүкіл бір ұлттың миы, ақыл-ойы, ажар намысы. Өнерпаз өрелі болса, өнер де өрелі болмақ, өнері өрелі болса елдің де еңсесі биік тұрмақ. Сондықтан да өнерімізде биік талап пен биік мақсаттар асқарында табысқан асқан ынтымақтың, өнердегі достық пен өнердегі парасаттың бүкіл рухани өмірінде атқаратын қызметі өлшеусіз зор. Осының. бәрін Сер-ағаң буыны өнердің бүгінгі, ертеңгі қамын тереңнен шолып, тереңнен тебіренген кемел көрегендігімен істеді.

Жаңа құбылыстың, жаңа мәдениеттің басында тұрған ата-буын өкілінің келешек қамы мен уақыт аңғарын, алыстан аңғарып ертеден қам жеп отыратын ақ пейіл әке болмай, жәй әншейін ауылдың бабы мен берекесін қашыратын айқайшыл шадыр шалы болуға қақысы жоқ.

Өнердегі Серке буыны жаңа өнер, жаңа құбылыстың басында тұра алатын керемет талантпен қоса кемел парасатты да таба білді. Осы ата буынға іле-шала орта буын, іні буын жаңа таланттардың қаулап шығып, жарқырап танылуы алдарындағы ата буынның үлкен өнерпаздық өнегесімен қоса үлкен кісілігінің, дарқан пейілінің де арқасы.

Халық берген беделін, тек бір басының күйкі қамына ғана талан-тараж етпей, сол халықтың өзіне еселеп қайтаруға, халық берген беделді, бір басының мүддесіне емес ең алдымен елінің, өзін тәрбиелеген қоғамның, туған халқының мүддесіне жұмсай білген адам ғана шын мәніндегі ардақ тұтар азамат бола алады. Әйтпесе, о да даңқты дарқан ұл емес, бар болғаны даңғаза белсенді, әйтеуір беделді пенде ғана болып қалмақ. Бедел атаулы жігітке сый ғана емес, ол үлкен сын да емес пе. Сер-ағаң бұл сыннан да сүрінбей өтіп келе жатқан абзал азамат.

Біздің бүгінгі тойымыздың қақ төрінде Сер-ағаң отыр, қасында оның қазақ шымылдығын бірге ашқан тұрғыластары отыр. Біз қандай бақытты қауымбыз, біздің өнеріміздің аталары әлі арамызда жүр. Олар қазақ мәдениетінің тарихындағы аса үлкен қызметін абыроймен атқарып шықты. Бүгін олар бізге емес, біз оларға есеп беруге тиіспіз. Біз бүгін сол аталарымызға өздері салып берген өнерпаздық үрдісті, азаматтық үрдісті қалай дамытып, қалай өркендетіп жатқанымызды көрсетуге тиістіміз. Біз ең алдымен олардың асқар ала еңбегін қалай ұғып, қалай бағалағанымызды, туған өнерімізді олар көтеріп берген биікке, алқынбай шыққан тегеуірінді талантымызбен, терең ойымызбен бірге ер жеткен, есейгенімізді көрсетуіміз керек. Ата буынға өздері өркендеткен өнердің өрге басқанын көруден артық не сый бар. Осыны ойлағанда Сер-ағаңдар буынының, тұстас, тізелес інілері де, кейінгі жеткіншектері де өздерінің туған ел мен туған өнер алдындағы келелі міндеттерін, қарлы Қаратаудай қарыздарын айқынырақ сезінеді.

Үлкен аға Сер-ағаң қазақ жұртының өнерпаз қауымын терең ойларға, биік азаматтық, мұраттарға, шабытты еңбекке шақырады.

Сер-ағаң қашанда халқымен тілеулес, мүдделес азамат, оған оның осы тойы-ақ дәлел, Сер-ағаңның сахналық қызметі елуге, елімізді, жерімізді, өнерімізді жаңғыртқан Ұлы Октябрьмен қатар шыққалы отыр.

Оның жетпіс жасы, өзінің туған топырағының Отан қамбасын қарық қылған, биылғыдай ырысты-берекелі жылына тап келді. Біздің кең байтақ республикамыз үшін, қалаулы азаматымыз, қадірменді суреткеріміз Сер-ағаңның тойы, тойдан-тойға ұласқалы отырған мерекелі жылдың басы сияқты.

Сер-ағаңның жан ашыр жараны, туған халқы, қалың қауым Сер-ағаңдай өнерпаз өрендеріңіз бастап берген тойларың тойға ұласа берсін!

Көшіңіз көлікті болсын, сахнаңыз көрікті болсын, қазақ көркем өнерінің көсем көш басшысы, қадірлі Сер-аға! Тағы да талай жетпіске жетіп, талантыңызға табынатын туған халқымыздың тағы да талай таңдайын қақтырыңыз!

1967


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз