Өлең, жыр, ақындар

Шахмет Хұсайынов

Басқаға қарағанда, бізде тым шабан келе жатқан драматургияның қазақ әдебиетіндегі көрнекті өкілдерінің бірі Шахмет Хұсайыновты бала күнінен білетін әдебиет ақсақалдары да, сан тарапқа шарқ ұрған жігіттік шағынан білетін орта буындар да, байсалдылыққа бет бұрған кезінен танитын кейінгі жастар да, бүгін бәріміз бір қуанышқа ортақ бір күнге куә болып отырмыз. Ол — Шахмет Хүсайыновтың елу жасқа толған күні. Шахан елуге келгенмен оны үлкенімізбен де, кішімізбен де әрі сырлас, әрі құрдас ететін бір дәнекер бар. Ол — жазушының әдеби еңбектері.

Творчество адамы үшін елу жас еркін еңсе көтеріп, тәжірибе толысып, қауырсын әбден қатып, қуатты қанатқа айналып, өзінің үлкен белесіне шығып ойланатын да, толғанатын да, мол жеміс шашар шағы дейміз.

Жазушының елу жылдығы тек қана мақтау, мадақтау, шаттана шашпау көтеріп игі тілек айтатын ғана күн емес. Соған сай оқушы жұртшылықтың өзі құрмет көрсетіп отырған жазушысымен есеп айырысатын да күні. Сіздің әдебиетке келгеннен бергі өміріңіздің ішінде неге қуандық? Тілек-талаптарымызды дәл басқан жеріңіз қайсы? Рухани байлығымызға қосқан үлесіңіз не? Бізді қынжылтқан сәтсіздігіңіз қандай еді? — деген сұрақтарға қатал да қайырымды оқушы жұртшылығы жауап іздейді. Сол қалың оқушының бірі болғандықтан, әрбір творчество адамына тән, оның еңбегіндегі аязы мен жайма шуағын, қысы мен жазын, көктемі мен күзін, көркі мен көлеңкесін, шыңы мен шатқалын аралап, шама келгенше әділдік айнасына түсіріп көрейік.

Көкшенің оңтүстігіндегі Айыртаудағы кезге қораш көрінетін бір ауылда бес-алты қараның тұяғын күнде бір санап, тіршілігіне талшық етіп отырған Хұсайын қарттың жабығы бүтін болғанмен, жасауы жүдеу қоңырқай киіз үйінде 1906 жылы Шахмет дүниеге келді. Бұл Көкше атырабының көңілсіз күзін қуып салып, солтүстіктің сақылдаған сары аязы салтанат құра бастаған кезі еді. Қалжаға сойылған қара тоқтымен шілдехана да өтті.

Шахмет ауыл молдасынан тіл сындырып, арабша хат таныды. Сол кезде араб әрпімен шығатын ертегі, қысаларды оқумен шұғылданды. Он төрт жасқа келгенде балалық базары тарқап, жетімдік қамытын киген Шахметтің бақытына Қазақстанда Совет өкіметі орнады. Үйде бала-шаға басы мол болғанмен, басым көпшілігі қыз балалар болды да, шаңырақ иесі Шахмет болып қалды. Екі-үш жыл бойы үй шаруасынан шыға алмай, тиіп-қашып ауыл мектебінде оқып, ақыры 1924 жылы Петропавлдағы мұғалімдер даярлайтын техникумға келіп түсті. Техникумдағы жылдар Шахметтің әдебиетке деген ынтасын күшейтті. Сонда шығатын «Қалам» атты қолжазба журналға ескі ауылдың сұрқай өңірін сықақтап, күлдіргі әңгімелер жаза бастайды.

Бұл уақыт Орталық партия Комитетінің Орта Азия республикасындағы мәдени-экономикалық мешеулікті жоюға түрлі шаралар қолданып, мектеп, мәдени-ағарту орындарын ашып, кулактарды тап ретінде жою, ауылды советтендіру науқанының қызу жүріп жатқан кезі еді. Сол кездегі әдебиетіміздің басты тақырыбы — ауыл еңбекшілеріне революция жеңісін түсіндіру, Совет өкіметін нығайтуға шақыру, кедей, жалшыларды таптық күреске үндеу, әйел теңдігін уағыздау, жергілікті бай-кулактарды әшкерелеп жою, қалың бұқараға партия мен үкіметтің саясатын ұғындыру, ел еңсесін басқан надандыққа шабуыл жасау болатын-ды. Бұған орай қазақ әдебиетіндегі алашордашыл, ұлтшыл жат элементтермен ақырғы айқаста жеңіп шыққан, сол кездегі жас қазақ әдебиетінің бүгінгі қарт гвардиясы Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсрепов, Асқар Тоқмағамбетов, Иса Байзақов, тағы басқа кексе тартқан ақын-жазушылардың белсене бой көрсеткен шағы еді. Осы дәуірдің аяғын ала ұлы дүбірге үн қоса жергілікті газеттерде күнделікті талапқа сай жас Шахметтің фельетон, мақалалары көріне бастады. Оның бәрі қаз тұрып келе жатқан әдебиет сәбиінің алғашқы адымдары ғана болатын.

Республикамыздағы мәдени революцияның басты нышаны оқу орындарының ашылуымен бірге ондағы көркемөнер үйірмелерінің өріс алуы, ақыры келіп бірінші рет қазақтың ұлттық театрының құрылуы еді. Осындай мәдени ғылым-білімге аңсап жеткен ауыл жастарының бір тобы Петропавлдағы педагогикалық техникумының жанынан көркемөнер үйірмесін ұйымдастырды. 1929 жылы осы үйірме техникумды бітірушілердің кешінде Ш. Хұсайыновтың «Солқылдақ шыбық» атты сатиралық комедиясын қойды. Мұнда автор ескі молда, дін оқуын әжуалап, бүгінгі совет мектебінің жемісті екендігін баяндайды. Шығарманың бас кейіпкерінің бірі баяғы өзін оқытатын Қисық, молда болатын-ды. Советтің жаңаша мұғалімінің ролінде, осы күнгі республикалық халық творчествосы үйінің директоры Қ. Жарқынов ойнады да, Қисық молданың ролін Шахмет Хұсайыновтың өзі орындады.

1929 жылдан 1934 жылға дейін Шахмет Хұсайынов Көкшетау, Қарағанды газеттерінде, одан республикалық газет, журналдарда қызметте болып көптеген сатиралық әңгіме, мақалалар жариялайды. 1932 жылы колхоздастыру тақырыбына «Шабуыл» атты үш актылы пьеса жазады. Сол жылы социалистік меншіктің жаулары жемқорларды әшкерелейтін «Обырлар» атты комедиясы республикалық кәсіпшілер Одағының конкурсында екінші бәйге алады. «Күлән», «Орақ үстінде» сияқты тағы басқа да шағын пьесалар жазады. Сонымен Хұсайыновтың драматургия дүниесіндегі сәтті қадамдары басталады. Бірақ, дәуіріне сай автор үшін сәтті қадамдар болғанмен, жоғарыда аталған пьесалар бүгінгі сын көзімен қарасақ, көбіне сырттай еліктеу дәрежесіндегі, туған күндерінің ғана қажетін өтейтін қысқа өмірлі, тынысы тар шығармалар еді. Біз бұларды үлкен драматургияға бет бұрардағы барлау, дайындық, жасалған тәжірибелер есебінде ғана еске аламыз.

Драматургия жанры табиғи талант, көп ізденуді, оқуды керек етумен бірге, театр техникасын да жете білуді тілейтіндігі белгілі шындық. Шахмет енді арнаулы мектеп көруді арман етті. Осы ниетпен 1935 жылы Москвадағы А. В. Луначарский атындағы театр-көркемөнер институтының режиссерлар дайындайтын факультетіне барып оқуға түседі. Ұлы орыс халқының театр мәдениетінің ұйтқысы болған МХАТ, Академиялық Үлкен, Кіші театрлардың сахнасынан көрген дуниежүзілік классиктердің еңбектері оқу жүйесіндегі күнделікті жаңалық, театр драматургия теориясымен негіздеп танысу Шахметтің алдына жана міндеттер қойды. Өткеннің бәрі ойыншық сияқты көрініп, енді әдебиет дүниесіне ойлы, сана көзімен қарайтын дәрежеге жетті. Москвадағы өткен жылдар жас жазушы үшін, үлкен университетке айналды. Енді ол ежелгі грек, Рим классиктерінен бастап бүгінгі совет классиктерінің еңбектеріне дейін танысты. Үйрену, ізденудің шын мағынасындағы кезеңі басталды.

1937 жылы Ш. Хұсайынов семья жағдайына байланысты институттың үшінші курсінен Алматыға қайтты. Келісімен академиялық драма театрында, кейін Семей, Орал театрларында режиссер болып істейді. Творчестволық коллективпен қоян-қолтық істес болуы, институтта алған теориялық білімінің тәжірибе жүзінде көрінуі жаңа ойлар туғызып, шабыт берді. Ш. Хұсайынов шын мәніндегі драматургияға бой ұрды.

Азамат соғысының кезінде Қазақстанда көптеген ірі оқиғалар болды. Қызыл Армиядан жеңіліс тауып шегінген, қамшысынан қан тамған Колчак әскерінің қазақ даласындағы айуандық әрекеті тарихқа белгілі. Олар қазақтың қарапайым жұртшылығын қырып-жойып, таптай отырып жергілікті бай, болыстарға арқа сүйеді. Автономияны аңсаған алаш партиясының аз ғана тобынан тірек іздеді. Шахмет Хұсайыновтың «Боран» атты пьесасы осы дәуірдің бір кезеңін суреттейді. Жас қазақ, большевигі Боран, орыстың ысылған революционер! Бористың басшылығы арқасында қазақ жігіттерін ұйымдастырып, Н. қаласына орналасқан ақтардың штабын, алашорда комитетін талқандайды. Бұлардың жеңісі қалаға Қызыл Армияның келуімен ұштасады. Қызғылықты қою оқиғаның ортасында Борис, Боран, жас жігіт Сабыр, жау жағынан Жасақбай, алаш комитетінің бастығы Қоспан кейіптері шындық шеңберінде қалыптанған. Ысылған революционер Бористің жауды алдаусыратып партизандарды қаруландыруы, Сабырдың жау арасында астыртын жүріп, білініп қалып қаза табуы сияқты өмірге сыйымды штрихтар мол.

Алайда шығарма кемшіліктен де құралақан емес. Автор кейде оқиға жетегіне мойын ұсынып кетеді де, жеке кейіпкерлердің тағдырын назарынан тыс қалдырады. Боранның шешесі Қалампыр, Қоспан қызы Жәмила осы халге душар болады. Бәдіғұл мен Боран арасындағы махаббат та солғын. Боран ауыр жараланып жатқанда «ал майданды енді мен бастап кеттім» деп Бәдіғұлдың тұра жөнелуі орынсыз-ақ. Сол жігіттердің ішінде майдан өмірінен тәжірибесі Бәдіғұлдан он есе артық адамдар бар. Бәдіғұлдың майданға бастағанмен қиратқан ешнәрсесі де жоқ. Одан да Бәдіғұлдың Боран қасында болғаны нанымды да сыйымды көрінер еді. Осындай жеке сәттер бас кейіпкер Боранның жан дүниесінің жадау көрінуіне сөз жоқ әсерін тигізіп тұр. Үлкен еңбекте қырқып пішетін мұндай жеке кемшіліктердің болатыны даусыз. Мінсіз мүсін жасай қою да киын. Осы тұрғыдан «Боран» пьесасын оқығанда біз мойындайтын бір шындық бар екен. Ол шындық — драматургия саласында Шахмет Хұсайынов бұдан былай өнімді, сапалы еңбек беруге толық мүмкіншілігі бар екендігін танытады. Бұл пьеса бірнеше жыл бойы облыстық театрлардың сахнасында жүрді. Айта кететін бір жай «Боран» пьесасының көп ұтымды жақтарын ескеріп автор тағы, оралса екен деген тілек еді.

Сонымен 30 жылдардың аяғы, 40 жылдардың басында қазақ драматургиясының тұрақты кадры болып Шахмет келді. Драматургтың күні бүгінге дейінгі жазылған шығармаларының саны ірілі-уақтысын қосқанда 30-ға жуық. Қысқа баяндамада оның барлығын қамту мүмкін де емес. Сондықтан басты-бастыларына тоқтап өтуді қажет деп таптық. Тақырыптық жағынан Хұсайынов шығармаларын жіктей келгенде тарихи революциялық тақырыпқа жазған «Боран», «Аманкелді», «Шаншарлар». Өткен дәуірге арналған «Алдар Көсе» болмаса, творчествосының дені түгелдей бүгінгі өмірге арналған. Олардың ішіндегі шоқтығы биік тұрғандары «Көктем желі», «Есірткен ерке», «Кеше мен бүгін». Бұған біз облыстық колхоз-совхоз театрларының репертуарларында жылдар бойы келе жатқан «Құлпырма тон», «Сайыпкер», «Бір колхозда», тағы басқа толып жатқан шағын шығармаларын қоспай отырмыз.

1942 жылы жазылған «Алдар Көсе» халық ұғымындағыдай күлкі, сықаққа толы, ауыз әдебиеті үлгісінде жазылған бірінші сәтті комедия дер едік. Мұнда автор Алдар Көсе жөніндегі қысқа, ұтымды деректерге сүйене отырып, оған бой алдырмай, негізгі кейіпкерді әлеуметтік ортасына, таптың таразысына сай өз бетінше творчестволық жолмен келіп ой елегінен өткізді. Он бес жылға таяу республикалық, облыстық театрлардың сахнасында орын теуіп келе жатқандығы бұл еңбектің құндылығына толық дәлел бола алады.

Азамат соғысы дәуіріне Хұсайынов 1945 жылы Аманкелді туралы пьеса жазумен қайта оралды. Оқиға Торғай қамалын алуда Аманкелдінің қаза табуымен аяқталады. Мұнда да Хүсайынов сюжет құрудағы өз өнерін аңғартады. Шытырман оқиға аз мерзімге құрылып, бірінші көріністен-ақ қызу өpic алады. Ру басылары Кете, Әбдіғапар, алаш бастығы Мыржақыптардың Аманкелдіні қолға түсірудегі зымиян әрекеттері мен осы кейіпкердің характерін ашатын тіл ернектері де бояулы, бойларына да, ойларына да шақ келіп жатыр. Бұлардың бәрі Аманкелдіні құрту мақсатымен жүрсе де, біріне-бірінің іштей қайшылықтары мол. Бөрі керсе бірігіп, ас кергенде араздасатын ит мінездес ру басылары кей сәттегі өзара тартысын да автор шебер пішеді. Заман кейпі, халықтың көңіл күйі бар шындығымен, бар тынысымен байқалады. Не пайда кейде жау жағының кейіпкері сәтті болса да, жағымды геройлардың мінез-құлқы, тілі, сезім-түйсіктері бірыңғай жалаңдау көрінеді.

«Аманкелді» Хұсайыновтың тілге бай шығармасының бірі болса да, кей жерінде жалған пафос, шамадан тыс көпірмеге соғатын, етек-жеңі жиылмай жатқан ұзақ сонарлар бар. Әйтсе де «Аманкелді» автор творчествосындағы идеялық арқауы берік, архитектоникалық әшекейі мол, көркемдік жағынан елеулі орын алатын еңбек. Көпсөзділіктің көлеңкесі түсіп тұрғаны болмаса, автор елегінен бір өтсе, сахналық өмірге қайта енгелі тұр. Азамат соғыс дәуірі, әсіресе халық батыры Аманкелді туралы әлі талай шығармалар жазылуға тиіс. Өйткені бұл тақырыптың аясы кең арнада. Сондықтан қазақ драматургиясындағы екі Аманкелдінің бір-біріне қырсығы тимесе керек. Өйткені, екеуі екі суретшінің дара, дербес шығармасы.

Қазақ драматургиясында ескі өмірден де, бүгінгі күн тақырыбына да комедиялық жанрда жазып жүрген жалғыз Хұсайынов десек қателеспеспіз. Ескі өмірге бағышталған комедиясынан ең бір ұтымдысы Қалыбек Қуанышпаевпен бірлесіп жазған «Шаншарлар». Бұрын атақты Қоянды жәрмеңкесі тоғыз жолдың торабы болды. Осы базарда өмір тартысының неше алуан тәсілдері байқалады. Сол тартыстың бірі осы комедиядағы көрініс. Авторлар бұл комедияда халық бойындағы алмастай өткір әзілін, зілді сықақ, мысқылын, халық даналығын оның артистік талантын, тапқырлығын, сыншылдығын көрсетеді. Сонымен бірге ойына өріс таба алмай, қолына ұстар жарық шырағы болмай, қараңғылық шырмауында келген халықтың, Ресейде туған революция шұғыласынан күткен зор үмітін, жарық таңын, айтқысы келеді. Біздің көз алдымызда әнші Сайра, сауықшыл достар Андабек, Құдиярлар, оның жақын дос адамдары коммунист Дүркін Жәпеков, оқыған жігіт Жарқын кейіптері дараланып өтіп жатады. Бұларға қарсы қойылған екінші топтағы кертартпа феодал заманының өкілі, ру басы Дарабайдың Тәйтігі, алашым деп «аһ ұрған» Аламанов Алапай, парақор судья Шардақпай , есерсоқ шабарманның бірі Құштиындар комедиядағы улы әжуаның негізгі нысаналары. Андабек, Зәрубай, Құдиярлардың алдына қойған мақсаттарының өзі Тәйтік сияқты байларды алдап, жамандыққа арандату, Аламанов пен Тәйтікті бір-бірімен жауластырып, шырқын бұзу, ел алдында масқаралап, келемеждеу. Екіншіден, елінің келешегін ойлап, Совет өкіметін орнату жолында жүрген коммунист-партизан Дүркін мен Жарқынға қолдан келген жақсылығын істеу, адал тілегін білдіру. Комедиядағы оқиғаның шиеленісуі Зәрубайдың өлімінен басталады. Алапайдың Дүркінмен ерегісіп аспанға оқ атуы, сол сәтті пайдаланып Зәрубайдың өле қалуы дәл де дұрыс алынған. Егер пьесадан осы көріністі алып тастаса, онда комедия жоқ. Аламанов ашу үстінде атып салса да, онын атқан оғы революцияға атылған оқ. Сол революцияға атылған оқты Зәрубай өзіне алады. Бұл арада Зәрубай өзінің күнделікті қулығына салса да, Совет өкіметін орнату жолында жүрген достарына шын жүректен көмектесіп жүргендігін байқаймыз. Осы жағдай комедияның негізгі арқауы. Осыдан келіп авторлар шығарманың идеялық өзегін сол кездегі тарихи жағдаймен табыстырады.

«Шаншарлар» комедиясының кейбір көріністері Гогольдің «Ревизорын» еске түсіреді. Оны бірінші актідегі Дүркін мен Тәйтіктің танысуынан анық байқауға болады.

Т ә й т і к. Жоғарыдан тексеруге бір бастық келеді деп еді, сол бастық сен шығарсын.

А н д а б е к (іле-шала). Дәл айттың, Тәйтеке, бастық болғанда уездік соттардың үстінен қарайтын бастықтардың бастығы. Бұл «Ревизордағы» Бобчинский мен Добчинскийлердің арасындағы көріністі елестетеді. Дүркін осы арада өзін дәл Хлестаковша, жоғарыдан келген ұлыққа балап қояды. Тәйтік дәл дуанбасыша, оны жоғарыдан келген ұлық деп қабылдайды. Әрине, бұдан Дүркінді Хлестаков, Тәйтікті дуанбасы деп ұғуға болмайды. Авторлар бұл жерде Гогольге еліктей отырып, дала өмірінен де ұқсас характер, ұсақ мінездер таба білген.

Бүгінгі өмір тақырыбына жазған шығармаларының ішінде Шахмет Хұсайыновтың «Көктем желі» комедиясы ерекше орынға ие. «Көктем желі» болса жазушының өмір шындығына батыл басқан қадамының бірі.

Социалистік қоғамның дамуына кедергі келтіруге тырысатын өмірімізде өрескел жәйттер бар. Мұның бәрі адамға, дос-жаранға, қоғамға деген қарым-қатынастан әртүрлі дәрежеде көрінсе керек. Айлакер, өтірікші, мансапқор, күншіл, ұры, мақтаншақ, тоғышар тағы басқа жат қылықтар санасында сая тауып жүргендер әзір баршылық. Осылар сатиралық комедияның негізгі нысанасы болсын делініп жүрсе де, кейбір жолдастардың «күлсек те байқап күлейік, сол кейіпкер кейін түзеліп кетіп басымыз бәлеге қалар» деп қорғалап қарайтындары да бар. Бірақ, Шахмет Хұсайыновтың, тәуекел, күлсек күлейік деп жазған «Көктем желі» алған нысанасына дәл тиіп, республика театрларының тұрақты репертуарына айналды. Өйткені, реалистік жүйеде жазылған комедия жарыққа шығысымен өмірлік өзек тапты. Талай Мойтық, Шаймұқандарды көрген жұртшылық жылы шыраймен қарсы алды. Жағымсыз кейіпкерлердің жағымды кейіпкерден соққы алып әшкереленуі де шынайы, екі жақтың ара салмағында ауытқу жоқ. Көп көрініс өмір шындығымен тұтастай туысып жатыр.

Қазақстан жазушыларының IІІ съезінде Мұхтар Әуезов драматургия жайлы жасаған баяндамасында «Көктем желі» комедиясын жоғары бағалай отырып, бір кемшілікті еске салған еді. Шахмет «Көктем желі» пьесасында кейіптердің (характерлердің) және халдің (положениенің) күлкі жағдайларын тапқанмен, әр комедияға өзгеше шарт, міндет болатын тілдің, сөздің тапқыр, өткір, құлпыра құбылып тұрған татымды күлкісін жеткізе алмаған» деген-ді. «Көктем желінің» негізгі кемшілігі де осы болса керек.

Шахмет Хұсайынов көп ізденіп, өмірдің түйінді сәттеріне көп үңілетін драматург. Шығармадағы тартыс желісінде не шақты ширақ, дәл де нанымды алуға ұмтылады. Келешек ұрпақтарымызды жат қылықтардан сақтандыру, коммунистік рухта тәрбиелеу, өкімет пен партияның алға қойып отырған зор міндетінің бірі. Осы зор талапқа жауап ретінде жазылған «Есірткен ерке» пьесасында Шахмет семьяда бала тәрбиелеудің оғаш та өрескел көрінісін әшкерелейді. Мұнда да үлкен шындықтың сыры жатыр. Жасыратыны жоқ, кейбір басшы қызметкерлер жеке бастарының жұмыс бабын ойлайды да, семья тіршілігінен сырт қалады. Жауапты қызметкер Шапық Шымболатовтың үйіндегі хал тап осындай. Оның жетінші класта оқитын, екінші әйелінен туған Марат дейтін ұлы бар. Бірақ Мараттың не оқып не қойып жүргенімен Шапықтың жұмысы жоқ. Тоғышар әйелі Күлнәпіс боянып, түрленіп қала аралаудан қолы тимейді. Сонымен Марат атаның да, ананың да жалпы семья тәрбиесінен махрұм. Желөкпе шеше болса Мараттың маңдайынан шерткізбеймін деп бала не тілесе соның бәрін орындайды. Бала көшедегі жат қылықтармен әуестенеді, нашар оқиды. Жолдастарының кітап, тетрадтарын ұрлап отқа жағады. Нашар оқыған баласын қолдауға, Күлнәпіс мектеп инспекторына пара да береді. Бірақ одан пайда жоқ. Әбден асқынып, ақырында Марат мектептің радио қабылдағышын ұрлап қолға түседі. Мұны заң орны әшкерелейді. Шығарма сахнаға шыққан кезде, финалы дұрыс емес, Маратты милицияға алып кетпесін дегендер де болды. Біздіңше автордың түйінді бұлай шешуі, оқиғаның дамуы мен Мараттың бар әрекетінен заңды туып отыр. Социалистік Отанда адам тәрбиелеудің сан түрлі әдістері бар, егер ол мектеп, семья тәрбиесінен көнуден кеткен екен, ендігі орны еңбек түзеу лагері болмақ. Онда да талай Мараттардың социалистік санада тәрбиеленіп шыққанын біз Макаренко шығармалары арқылы білеміз. Сондықтан «Маратты су түбіне жіберме, өсиет айтып үйінде қалдыр» деген тезисті ұсынған сыншыларға «жоқ Марат тұншығудан құтылып, сенімді қолға тапсырылды, онан да опық жеген тәлпіш шешесі Күлнәпіске ақылыңызды айта беріңіз» дейміз.

Қазір академиялық драма театрының сахнасында жүріп жатқан «Кеше мен бүгін» пьесасы Шахметтің жаңа белеске көтерілгендігіне толық дәлел бола алады. Шығарманың кіндігі адал совет интеллигенті Марабай Ақжаловтың тағдыры. Сирек болса да, мансабы үшін нендей пасықтықтан бас тартпайтын рухани қайыршылыққа ұшыраған Есіркеп, Күдерілер сияқты адамдар бар. Ондайларды кезі келгенде әшкерелеу совет адамдарының басты міндеті. Хұсайыновтың «Кеше мен бүгіні» осы тақырыпқа арналған. Марабай тың жерді игеруді арман етушілердің бірі. Амал не оның батыл ойына, нақтылы жоспарына сенімсіздік білдірушілер басым, Олар Марабайдың келешек жемісті еңбегіне қызғана қарайды. Шиеленіскен драмалық тартыс бойында Марабайдың партиядан шығып қалу қаупі туады. Ақыры әділдік салтанат құрып, Марабай жеңіске ие болады. Автор жағымпаз, жат элементтердің бет пердесін ашып оқушыларын осындайларға сақ болыңдар дегенге мегзейді.

Шахмет Хұсайынов творчествосының тағы бір өзекті саласы — кинодраматургия. Әсіресе, кейінгі жылдары бұл жанрда қазақ жазушыларының ішіндегі әзіргі белсене қатысып жүрген жалғыз қара десек те болады. Одақтық экранға шыққан «Өжет қыз» кинофильмі тәп-тәуір деп танылып жүр. Жуырда «Киноискусство» журналының оныншы санында соңғы кезде шыққан советтік таңдаулы кинокартиналар «Верные друзья», «Солдат Иван Бровкиннің» қатарында аталып, 1956 жылғы жеті айдың ішінде ғана 24 миллион көрермен көргендігін хабарлады. Осы картина немен ұтып жүр деген сұраққа қысқа ғана жауап беруге болар еді. Біріншіден, ұғымға жеңіл комедиялық жүйеде жазылған еңбек бүгінгі қазақ колхоздарының бай өмірі мен өзгерген өңіріндегі халықтың әдет-ғұрпын, салтын, ойын-сауығын жаңа мазмұнмен ұлттық бояуында кең көрсетілгендігінде. Екіншіден, ақылды, аңғал, ақ ниет, қағылез, той-думанның жаны сатушы Аңғарбайдың бейнесі типтік дәрежеге көтерілген қазақ кинодраматургиясына келген қадірлі қонақтай емес пе? Талантты артист Мүлік Сүртібаевтың шебер ойыны Аңғарбай образының бояуын қандыра, бедерін бекіте, іштей байытып, сырттай көркейте, көп уақыт естен кетпес кесек мүсін жасағандығын арнайы атап өткен жөн. Авторлармен бірге бұл артистін де зор табысы екендігіне дау айту қиын. Бүгін көргелі отырған «Біздер осында тұрамыз» атты кинокартинаның да бір авторы Шахмет Хұсайынов.

Қазақстанда театр тарихын зерттеу ғылым саласындағы кенженің кенжесі. Мұнда да алғашқы үлестің бірі Хұсайыновқа тиіп отыр. 1945 — 1950 жылдары театр тарихы жайлы Ғылым академиясына бай материал жинап тапсырды. «Халық творчествосындағы театр элементтері» атты ғылыми құны бар, көлемді мақаласын Қазақ ССР Ғылым академиясының хабаршысында жариялады. Қазақ ССР халық артисі Елубай Өмірзақов туралы монографиялық еңбек жазды. «Әдебиет жэне искусство» журналына Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыров туралы зерттеу мақалалары басылды. Мұның бәрі болашақ театроведтерге, театр тарихын зерттеушілерге таптырмас қазына, таратып алып кетер игілікті бастамалар.

Жазушы лабораториясына бір сәт кірсек біздің көз алдымызда елі үшін етігімен су кешкен Аманкелді, Жәуке, Боран, қазақ халқының қайырымды достары Михаил, Борис, Федор, адал ойлы ақ пейіл қарттар Кәрібоз, Акжал, Елшібек, Қойшыбек, саналы сұлу қыздар Қорлан, Ақжан, Бәдіғұл, әнші Нәзікен, қырғын әзіл-әжуа шеберлері Алдар, Андабек, Зәрубай, Аңғарбай, парасатты ой иесі Марабай портреттері тұрады. Оған жалғас түнерген жауыз Әбдіғапар, Шоң, Кете,.Алапай, Қоспан, Сәлім, Есіркептердің шұбар. тобына кездесеміз. Бір бұрышта шоғырланып тұрған тоғышар тәлпіштер Сағила Күлнәпіс, кесірі мен кесапаты мол Мойтық, Шаймұқан, Үдері, Сабатай сияқты антұрған «сабаздарға» тап боламыз. Бұлар Хұсайыновтың қаламынан туған әдеби еңбектің жемістері, татымды табыстары.

Міне, қазір творчестволық серпінде құлашын кең жазып келе жатқан жаны жас, жүрегі отты, елуді лажсыз. мойындап отырған Шахаңның өмірі мен творчествосының қысқаша көрінісі осындай.

Айтылғандарды қорыта келгенде, Хұсайыновтың қазақ, драматургиясының қорына қосқан үлесі мол, елеулі орны бар екендігі даусыз. Ал, жол-жөнекей көрсетілген кемшіліктер бір арнаға саяды. Ол Шахаңның әдеби тілді салақ қолданатындығынан аңғардық. Орынсыз шоғырланған сөз тізбектері басым. Осыдан келіп ой сырдаңдығы туады. Драматургия жанры көп сөзділікті көтермейтіндігі мәлім. Бұл Шахметтің бұдан былай қатаң ескеретін жайы.

Бүгін құрметті жазушысының елу жылдығында жұртшылық зор еңбегін арнайы атап, адал пейіл білдіріп, алғысын айтумен бірге үлкен талап қояды. Қазақ драматургиясының қадам баспай отырған тақырыбы көп. Ол — ұлы дәуіріміздің тамаша адамдарының үлгілі бей-несін беру, совет адамдарының рухани үстемдігін паш ету, заман геройларының монументальдық образдарын жасау. Осы сапарда Сізге қайырлы қадам тілеп, бұдан былайғы еңбектеріңізде сөзге сараң, ойға терең, іске мығым кейіпкерлер көреміз деген үмітпен әдебиетіміздің игілігіне еңбек етіп, ұзақ жыл өмір сүруіңізді қалаймыз.

1956


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз