Өлең, жыр, ақындар

Талант жолы

Торғай шырылдағаннан тау бөктеріне шашырай беттеген сиырлардың соңында сусын құйған тобатайы мен дорбасын мойнына ілген жүзі тотыңқы он екі жасар бала кетіп бара жатыр. Оның күнделікті кәсібі осы... Жабырқау тартқан жүз, жасына лайық емес ойлы, әрі мұңлы көз бұл балғынның өмірге өкпесін танытқандай... Ата-анадан ерте айрылып, «сиыршы балаға» «жетім» деген жексұрын сөздің қосымша болғанына да көп жыл өтті. Ұзамай таяғы — домбыра, ермегі — ән болған «сиыршы бала» жиын-тойда өнер көрсетіп «әнші» де атанды. «Heсіне жетіседі осы» деп ернін сылп еткізіп ерсі көретін егде тартқан жеңгейлердің де «сыны» Камал бойындағы табиғи таланттың ұшқынын сөндіре алмады. Бірақ осы өнері өмірден орын тауып, өріс алар деген ойдан ол аулақ болатын. Көз алдында күнгірт тартқан келешегі кенет өзгеріп, бағдар, бағыт айқындалды. «Жетім» деген жарнама жайына қалып, Отан-ананың қамқорлығына алынған Камал Алматыдағы үлгілі мектептің оқушысы болды. Сүйреткен таяқ адыра қалды. Қолға қалам, қолтыққа кітап ілінді... Оқу жылдарында көркем өнер үйірмелері, сауық кештері әнші әрі биші Камалдың қатысуынсыз өтпейді, кейін қызмет бабында да бұл өнерді ол тастаған емес. Бірақ ден қойып, артист боламын-ау деген Камал жоқ. Мұның бәрін албырт шақтың әуесқойлығына есептейтін.

1929 жылы он жеті жасар Камал Алматының есеп-санақ басқармасының есепшісі, одан Қазкрайкомның кадр бөлімінің секретары, 1930 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің экономика факультетінің студенті. Профессионалды театрға келгенше Камалдың өмір жолы осы. Отызыншы жылдары Қазақстанның көптеген қалаларында көркемөнер үйірмелерінің негізінде театрлар құрыла бастады. Оларды басқаруға талантты, өнерлі жастар тартыла бастады. Крайком комсомолдың ұйғаруы бойынша астанаға көркем үйірмелер арқылы танылған Камал шақыртылады. Бұл хабарды алғанда өзің ғылым жолына бағыштаған Камалдың алдында үлкен сын тұрды. «Театр өнері ауыр, менің бойымнан талант табыла ма деген күмәнді ой күшті болса да, Крайком комсомол шақырған соң келдім» дейді. Келісімен Камал Риддердегі жұмысшы жастар театрына басқарушы етіп жіберілді. Ондағы театр жұмысын жолға қойғаннан кейін, 1931 жылдың аяғында қазақтың қазіргі академиялық драма театрына алынады. Сонымен Камал Қармысовтың өнер саласындағы сәтті қадамы, мол жемісті жылдары басталады. Ұлттық драматургиямыздан алғаш «Қанды таяқтағы» (Т. Жароков) ұрының образын жасаудан бастап, реалистік драманың тұңғышы «Түнгі сарындағы» (М. Әуезов) Нұрханға дейінгі жолдың өзі жас актердің сахна өнеріне бой үйренуі болғанымен табыс таразысын аңғартады. Өзінің сахналық өмірінде Камал Қармысов әр дәуірдің, әр таптың, әр ұлттың адамдарымен кездесіп, олардың шынайы тұлғасын жасаумен үлкен талант иесі екендігін танытты. Дүние жүзі әдебиетінің әйгілі шыңдары Шекспир, Мольер, Гоголь, Островский, Горький жасаған сом характерлерді ойнау, актердің өнер ұштаудағы үлкен мектебі болды. Қамал Қармысов тек не комедиялық, не трагедиялық, не жағымды, не зұлымдық, жүйедегі ғана кейіпкерді жүзеге асыратын бір тыныстың артисі емес. Бұл жан-жақты бай ішкі дүние, көп сыр, көп бояудың иесі. Терең психологиялық тебіреністегі жан күйі, қиядан шалатын қиял кей сәтте ағыл-тегіл зауытың (вдохновение), кең тынысты комедияның артисі. Алаяқ, суайт Хлестаков, махаббат құрбаны Қозы, жан сөлін ақша қайғысы сорған азғын Гарпагон, баққұмар, зұлым Яго, майдандағы батыр Төлеген Тоқтаров, ислам дінінің шірік пердесін жамылған айлакер Дүрбіт, мүләйім, жыртқыш жанның, тағы басқа толып жатқан ұлылы-кішілі сан қилы характерлері Камал Қармысовтың бойынан өмірлік нәрін, сыр сипатын тапты. Мұның бәрі жұртшылық құрметіне бөленіп, халық артисі атанған Қармысовтың ұлттық театр өнерін дамытуға қосқан қымбат қазына саналады. Шағын мақалада актер творчествосына толық талдау жасауға мүмкіншілік жоқ. Сондықтан кейбір жеке образдарға қысқаша тоқтап өтейік. Гогольдің атақты «Ревизоры» қазақ театрында алғаш 1936 жылы қойылды. Бас кейіпкер суайт, жаңғалақ Хлестаков Қармысов творчествосындағы ерекше назар аударатын еңбек. Бұл актердің де классикалық шығармамен тұңғыш кездесуі болатын. Таныс емес өмір, сонау он тоғызыншы ғасырдағы Петербург салты, Россияның шет қалаларының тіршілік ұсқыны көп ізденуді, оқуды талап етті. Гоголь творчествосымен әсіресе «Ревизордың» сахналық тарихымен жете танысу қазақ көрушілері үшін Хлестаковты түсінікті де, тартымды да жеткізуге мол мүмкіншілік берді.

Қармысов-Хлестаковтың алып ұшпа, ұшқалақ мінезін, өтірік айтып отырып өзін ұмытатын қуыс кеуде кербез, көзсіз мақтаншақтығын жеріне жеткізе әшкерелейді. Оның шалт қимылы, шектен тыс әсемпаздығы, зиялы қауымның Хлестаков қолданатын толып жатқан жасанды әдептілігі образдың ішкі табиғатын ашуға жағдай туғызады.

Ақымақтардың алғаш кездесу көрінісі. Есік ашыла бергенде қонақ жайға төлеуге көк тиын таба алмай отырған Хлестаков, дуанбасыға үстімнен арыз түскен екен енді қамауға алады-ау деген ойда жасырынбақшы болады. Үрей құшағындағы Қармысов қайда барарын білмейді. Сәлден соң дуанбасының өзінен де ақымақ болып шыққанына іштей қуанып, енді Петербургтің байсалды чиновнигіне айналады. Дуанбасының үйіне келгенде Қармысов-Хлестаковтың еркіндігінде шек болмайды, чиновниктерді шекеден шертіп пара ала бастайды. «Махаббат» мәселесі де шет қалмайды. Өтірікті оңды-солды есу өз алдына. Тыңдаушының есі шықса, өзі оның аржағында. Мақтанға мас болғаны сонша, маңында отырғандарды ұмытып, әрі-беріден соң тәлтіректеп құлап түсуге да даяр. Дүниежүзілік драматургиядағы күрделі кейіптің бірі — Хлестаков К. Қармысовтың орындауында сөз жоқ ойдағыдай нақтылы шешім тапты. Хлестаковтың сәтті шығуы қандай бір классикалық шығармаға болса да батыл қадам басуға жол ашып, екінші бір үлкен бел — Шекспирдің «Отеллосындағы» өзімшіл жексұрын Ягоға келіп ұласты.

Қармысовтың трактовкасындағы Яго өз зұлымдығына бастығының бабын табатын адал қызметкер болып көрінуді желеу етеді. Ол Отеллоның алдында барынша тәртіпті, ибалы, нағыз ақсүйек. Отеллоның қас-қабағына қарап ләппайға зар болып тұрған бағынышты жан. Ал Отеллоның көзі тайса оның әрбір қимыл-қадамын аңдиды. Осал жерін іздейді. Яго көпшілік арасында көңілді де ақжарқын. Қармысовтың Ягосы Отеллоны ең алдымен қара түсті халықтың өкілі болғандығынан, сол дәуірдің дәстүріне жат ақсүйек әйелге үйленгендігінен жек көреді. Ал, оның орнын басу екінші кезекте. Аңдып жүріп ақыры қапысын тапты. Әйелің Кассиомен көңілдес пе қалай дегенді Отеллоға сездіреді. Яго өте сақ. Бар ойын алғаш білтелеп білдіруге тырысады. Жаны ашығансып, жалбарына сөйлейді. Сұмдықты естіген Отеллоның (Қ. Бадыров) отты көзіне шыдамай бұрылып кетеді. Осал жер осы. Енді Яго бұл қанды қақпанды құруға батыл кіріседі. Отеллоның жалынға оранған жан күйзелісіне кездескенде бекер жасадым-ау дегендей өз басынан қорқады. Бірақ Отеллоны жақсы білетін Яго бұл қорқыныштан да құтылуға жол табады. Отелло адамға сенім деген абзал қасиеттің иесі. Ол Ягоға да сенеді. Қармысов Яго характеріндегі сырттай сенім туғызатын әрекеті мен іштей зұлымдықтың қос астарлы тігісін шебер қабыстырады, ақыры дегеніне жетіп тынады.

К. Қармысов талантының жан-жақты бар құдіретімен көрінгені Мольердің «Сараңындағы» Гарпаго... Қармысов сараңдық деген ұғымның шын мәніндегі шегін көрсетеді. Қармысов-Гарпагон ақшаның иесі емес — құлы. Алғаш сатиралық жүйеде көрінетін образ бара-бара трагедиялық сазға дейін көтеріліп тынады. Біздің алдымызда тарамыстай қатқан өңінде өмір нышаны жоқ, әр қуысқа ұрлана қарап жүрген тірі аруақ. Сақал-шаш та ақша сақтау қайғысынан әлдеқашан ағарып, сиреп біткен. Иектегі берекесіз бес-алты тал мен желкеге таман шашсымақ бір нәрсе селтиеді. Маңдай қыртысы мен бет әжімінің арасында айырма жоқ. Шүңірейген көз, еңкек еңсе, қайыстай кепкен мойын, қурайдай қатқан қол саусақтары Гарпагонның ақшасын ішіп-жеуге де қимай, әбден сүлдесі жүргендігін аңғартады. Тек қана теріге қапталған қаңқа. Гарпагонның сараңдығы үй-орманын бала-шағасын да жегідей жеп барады. Бірақ Гарпагонға керегі ақша. Оның асы да, әл қуаты да, ар-ұяты да ақшаның сылдыры. Ақша санағанда сылдырын естіп рахаттана жымияды. Бұл қуаныш та ұзаққа бармай, біреу алып кетер деген үрей тағы басады. Ағаш түбіне көмген ақшаның сенімді сақшысы ит қана. Ол иттен басқаға сенуден әлдеқашан қалған. Қарапайым жүргенде саусақтарына дейін жыбырлап, ауадан ақша санап жүргендей. Гарпагон характерінің тағы бір қыры ашылатын жері үйлену жайлы әңгіме болатын көріністе. «Жас қыз аласың» дегенде қаусаған шалдың көңілденіп қуанғаннан билемекші болып, дәрменсіз әлсіреп құлап қалғандағы қалпы осы бір жансымаққа сараңдықтың тартқан сыйындай көрінеді. Ақша салған қобдишасы ұрланғанда Қармысовтың Гарпагоны дүние жүзіндегі тірі жанның бәрін ұры көреді. Баланы, бауырды — жалпы адам қауымын Гарпагонға жат жау атқан ақша енді жоқ. Қайдан табады. Гарпагон алжаса бастайды. Ойсыз, әрі сұраулы көзбен қайсысың алдыңдар деген кісіше көрерменге телміре қарайды. Көз алдына ұры елестейді. Құлағына ақша сылдыры келгендей елең-елең етеді. Қабырғаға түскен бір қолының көлеңкесін ұры деп ойлап екінші қолымен шап етіп ұстайды. Сахнада сенделе еңбектейді. Мойнында ит байлаған шынжыр ғана қалған. Кенет қуат пайда болғандай орнынан ұшып тұрып, көрерменге жұмырығын түйе ұмтылады. Ашу тарқап, қайғы қайта басқан Гарпагон, панасыз пақырдай көпке қол созып, жоғалған қобдишасын жалына сұрайды. Ақыры сараңдық түбіне жеткен Гарпагон демі де, тынысы да, тіршілігі да бітіп, жан тәсілім етеді.

Актер ойыны сахна сайын ширатылып, Гарпагонның күлкі халінің күйінішті күйреуіне дейін арқауы берік мінсіз тартылып жатқан Қармысов талантының көп қыр, мол сырын танытқан кесек туынды. Қармысовтың сараңы тек актер творчествосында емес, жалпы театрымыздың батыс классиктерін меңгерудегі зор табысы екендігінде дау жоқ.

Камал Қармысов классикалық шығармаларымен қатар совет дәуіріндегі орыс, қазақ драматургиясында көптеген сахналық мінездер мүсіндеді. «Бүліншіліктегі» Егор, «Любовь Яроваядағы» Швандя, «Бүргенді тоғайдағы» Варва, «Аманкелдідегі» Итбай, Логинов, «Гвардия алғадағы» Төлеген Тоқтаров, «Шоқан Уәлихановтағы» Гасфорт, «Күншілдіктегі» Қалиман, «Майрадағы» Дүрбіт, «Тан алдындағы» Голлан, «Фархад — Шырындағы» Әшір сияқты кейіпкерлер Қармысовтың орындауында шынайы жанды рең тапты. «Майрадағы» Дүрбіт автордың кейінгі жылдардағы зор табысы. Дінді бетке желеу еткен Стамбул шәкірті қазақ даласында пантуркизм мен панисламизмнің рухын себуші. Бірақ Дүрбіт бір жағынан дін өкілі болғанмен, сол діннің салмағы қалмағанын сезетін де жан. Ол қазір соңына еретіндер табансыздық байқатып тіл алмаса ақшаның күшін де қолданатын айлакер. Бұл тәсілді ол Майраға да жұмсап бағады. Мақсаты өзіне жар ету. Шашқан малдан да, сұмдық, зорлықтан да қайран болмаған Дүрбіт жанының дауылы сүйген Майраға кек туғызады. Майраны жоқ ету мақсатын тұтыну жолындағы жан күйзелісінің санқилы сәттерін актер бар шындығымен алдыңызға тартады. Поэзияғa толы тіл драматургиялық материалы да нәрлі Дүрбіт кейпі Қармысовтың орындауында сом мүсінге айналды.

Тарихи тақырыпқа арналған «Шоқан Уәлихановтағы» генерал Гасфорт та Қармысов өміріндегі елеулі табыс.

...Омбыдағы батыс Сібірдің генерал-губернаторы Гасфорттың қабылдау бөлмесі. Қармысов-Гасфорт жеңіл үй киімінде ән сала жүріп, Ертіске қараған таулы алқаптың бейнесінен сурет салып тұр. Қармысов-Гасфорттың жүзінде бір мазасыз ойдың ізі бар. Қазақ даласын еркін билеген қарт генералдың бір сүйеніші Уәлі әулеті еді. Міне сол әулеттен жалынды жас жолбарыс өсіп келеді. Ол білім, талант жағынан бәрінен биік тұрған тәрізді. Оны қалай пайдалану керек деген сұрақ іштей ой арпалысынан туған кезде, Қармысов көрерменге қарай бет бұрады. Айлалы генерал ойлы көзін сәл ғана жұмады да, қайта ашады. Петербургте оқитын сүйікті жиені Катеринаны Шоқан алса Гасфорттың ойынша тізгін өз қолында. Адъютантын шақырып, Катюша Шоқанмен серуенге кетті дегенді естігенде бір сәт сенім ұшқыны сезілгендей «Әй жастар-ай, жастар-ай» деп жайраң қағады. Сәлден соң қабағын қайта тұнжыратып «Бірақ Катяның сынына толғанмен менің сыныма толар-толмасын көрем әлі» дейді де әлгі сенім ұшқыны жоғалып, Қармысов мазасыз ойдың құшағына қайта енеді. Сезім шындығына құрылған образды артист соңғы көрініске дейін табиғи даму жолынан талдырмай алып шығады.

Қармысов өнерде 70-тен аса сахналық образдың авторы. Кең құлашты, сан қырлы талант иесіне тән бір ерекшелік, сол жасалған еңбектің біріне-бірінің ұқсамауында. Әрқайсысы өз тілі, түйсігі, логикалық ой-өрісі, бедер, нақысымен көрікті. Ішкі сезім дүниесіне сырттай әрекеттің қабысып жатуы, бет құбылысына пластикалық қимылдың ұштасуы тіл бояуының терең мағынасын ұғу, нәзік музыкалық ньюанстарды сезінудегі ерекшеліктер актер Қармысовтың басты қасиеттері.

Республикамыздың талантты көркемөнер қайраткері Қамал Қармысовтың еңбегі жоғары бағаланып, 1942 жылы Республикаға еңбегі сіңген артист атағы берілсе, 1957 жылы халық артисі деген құрметті атақ берілді.

К. Қармысов творчестволық толысу шағында. Көрермен қауымның сүйікті артисі әлі талай тамаша образдар жасайды деген сенім күшті.

1962


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз