Өлең, жыр, ақындар

«Қыз Жібекті» тыңдаудан туған ойлар

Әр үнді оркестр аспаптарынан шыққан жайдары күймен қапталдаса нәзік сыңсыған мұңлы сарын жетегімен шымылдық та ашылды. Ұзақтан шалынған құм белестер... Құм етегін бөктерлей баяу жылжыған көш керуені де өтті. Сән салтанатымен жайлауға бет алған сұлу Жібектің ауылы осы. Қазақтың кәдімгі жалпақ жазық даласындағы жаңа туып келе жатқан балауса көктем. Бәйшешек атқан гүлжазира.

Жазғы кеш, құлпырады сайран дала,
Жарасқан қатар түзеп қыз-бозбала,
Оянар жас кезінде жаңа армандар
Алыстан елес беріп сағымдана.

Қыз-бозбала салған қуанышты көңілді ән мен күй. Көктемнің табиғат көрінісі өз салтанатымен шабыт бергендей ауыл жастары мерекелі көңіл күйінде. Тек Жібек көңілінде әлде бір жайсыз мазасыздықтың көлеңкесі бар. Осыны сейілтіп көңіл көтеруге тырысқан құрбы-құрдастың, ән, биінің де әсері шамалы. Мұңаюлы Жібек қазақ қызының қайғысы мен қуанышына қанат бітірген «Гәккуді» бастайды:

Жай таныс сырласыма, мұңдасыма
Көз таныс заманының тұлғасына.
Еркі жоқ, есеп те жоқ, есіркеу жоқ,
Неткен күн арнап туған қыз басына.
Аз арман сырым мәлім мұңдасыма,
Тілектес асыл жақын сырласыма.
Несі ерсі, кімге қорлық, сол да көп пе
Еркімен өзі қонса ұясына.

Бұл өз басының ғана мұң-зары емес, көп атынан айтылған ортақ сыр, заманға деген наразылық, бейуақыттың бимаза тірлігінің көрінісі. Сол замандағы әрбір қазақ қызының бағын байлап жан жүйесін билеген асыл-аяулы арманы.

Өкініш-өксуі көп «Қыз Жібек» қазақ лиро-эпостарының ішінде мекен-мерзімі белгілі дастандардың бірі. Жырда феодалдық салт-сананың әр қилы сипаттары, кесір -кесепаттары мол көрінгенмен, романтикалық серпін, оқиғаның динамикалық дамуы, кейіпкер психологиясының наным-танымы, тілдің таза, көркем сурет бояуларға байлығы жағынан «Қыз Жібек» өзгелерден оқшау тұрады.

Үздіксіз он алты жыл (бірінші рет 1934 жылы қойылған) сахнада жүрген «Жібек» аз уақыт кідірісте тыңдаушысын аңсатып та, сағындырып та тастапты. Бүгінгі Жібектің сахнада қайта көрінісі астана және театр жұртшылығының мейрамына айналып отырғандығы да содан.

1936 жылы қазақтың жас көркемөнерінің қайраткерлері Отанымыздың астанасы Москвада совет үкіметі мен Коммунистік партиясының, бүкіл совет халқының алдында творчестволық емтихан бергенде де бетке ұстап мақтаныш еткеніміз де осы Жібек болатын. Жібектің музыкалы драмасындағы ән-күйлері қазақтың музыка мәдениетінің бай қазынасынан алынып, тамаша өрнегі, өзіне тән хош иісі (ароматы) әсем әуенімен тыңдаушысын сүйсіндіріп, зор баға алған-ды. Сол кезде «Правда» газеті «Қыз Жібек» жай ғана музыкалы пьеса аталады. Шындығында бұл поэзияның ең жоғарғы түрі болып есептелетін музыкалық поэма. Оның авторы және композиторы «қазақ халқы» деген еді. «Қыз Жібек» шындығында тұтастай халық музыкасына құрылған шығарма. «Құлақтан кіріп бойды алған» Жібек әндерін тыңдап отырғаныңызда өз тарихын ән-күйімен шежіре етіп қалдырған халық қандай дана еді дейсіз де, талантты суретшінің қолынан шыққан тамаша табиғат көркін көргендей көз айырмай қарап, құлақ қақпай тыңдай бергің келеді. Кейбір мұңлы әуендер, саздар бір сәт сізді алыс ғасырға еріксіз ертіп кәрі тарихтың адыр -шатқалын аралатып жіберсе, бір сәт ән мен күй айдынына қайта шығарып жаныңды аймалап рахатына бөлейді. Өмір, махаббат, бостандық деген ол кезде арманмен көмкерілген ұлы сөздер бұл ән-күй, жырлардың арқауы. Театрда «Қыз Жібекті» тыңдап отырғанымызда қазақтың музыка музейінде жүргендей сезінесіз де, осынша қазына иесі халқыңды, әніңді арияға, күйіңді симфонияға айналдыруға мүмкіншілік берген ұлы Коммунистік партияға тағы да бір бас иіп, тағы да бір шексіз ризалық сезіміңді білдіргің келеді. Қасиетті жерінде туған қымбатты қазынаңды жоям деген жау болса, қызғана қорғау сезімі одан сайын бой кернейді...

Саралап алып жарата, жарастыра білсек, халық қазынасы таусылмас кеннің көзі. Сол асыл мүлікті ала, іске асыра білуде біздің композиторларымыз бен жазушыларымыз жұртшылыққа әлі де үлкен борышты. Бұл орайда Е. Г. Брусиловский Қазақтың опера және балет театрына көп еңбек сіңірген. Театрдың репертуарын байытуда құрметті орын сөз жоқ Брусиловскийдікі. Халық әндерін, күйлерін осы күнгі оркестр аспаптарының тіліне түсіру, әрбір образдың характеріне тән ән беру деген үлкен ұқыптылықты, шынайы шеберлікті, көп-көп еңбек сіңіруді талап етеді. Е. Брусиловский тек оркестр тіліне түсіріп қана қоймай, әрбір әннің ұлттық бедерін бұзбастан бар мазмұнын іштей байытып, творчестволық, тұрғыдан өңдеп отырды. Е. Брусиловскийдің зор еңбегі де осында. Жұртшылық өзінің қадір тұтатын сүйікті композиторы Е. Брусиловский келешекте «Қыз Жібекті» қазіргі музыкалы драма күйінен толық мәнді опералық шығарма етер деген үмітінде. Өйткені, шығарманың поэтикалық сазы да осыны тілеп тұр.

Қазақтың ауыз әдебиетінде ең бай, тартымды шығармаларының бірі осы «Қыз Жібек» болатын, Мұнда ескі феодалдық салтқа қазақ, жастарының наразылығы көрсетіледі. Музыкалық, драма жазу да драматургияның қиын саласының бірі. Қарасөз арқылы берілетін драматургиялық, қақтығыстарды сақтай отырып музыкалық желісін бұзбау шарт. Драматург Ғ. Мүсірепов ескі редакциясындағы көркемдік идеялық жағынан кейбір оғаш кеткен жерлерін өңдей, шығарманың әлеуметтік мазмұнын тереңдете демократиялық негізін аша түскен. Шығарманың тексін қайта қарауда үлкен ұқыптылық жауапкершілік сезіледі. Бекежанның қанішер қара ниет жауыздығын айқындай түсу мақсатымен автор эпизод арқылы көрініп кететін жігітті шеберлікпен дәнекер ете білген. Оның аз сөзі сахнадағы іс-әрекеті сүйсінерліктей, Бекежанға деген халықтың өшпенді сезімін күшейте түседі. Жол тосып жүрген Бекежан енді ғана қару-жарағын асынып жатқан Толегенді атуға ыңғайлана бергенде қасындағы жігіт оның садағын ұстап алып:

Ж і г і т. Тоқта, уәде олай емес-ті! Адал жекпе-жек дейсің!

Б е к е ж а н. Қалған жалғыз серігім ең, сен де осыны айттың ба? Әрі тұр. (Атуға әзірленеді).

Ж і г і т. Ендеше есіңде болсын, сен оны атсаң, сені ататын желкеңде тұрар. Бұрын атпаса тәңір, атсын оны! (Садағын оқтайды. Бекежан қысылады).

Б е к е ж а н. Солай дедің бе?! ...Ендеше болсын дегенің; Төлеген көнсе Бекежан атыспауға да дайын! Жүр бері, көзіңмен көр!.. (Екеуі бері келеді.) Армысың, Төлеген!

Т ө л е г е н. Бекежанбысың!.. Бар бол!

Б е к е ж а н Кездесер жеріміз Қыз Жібектің аулы болса да жолыңды әдейі тосып едім, Төлеген.

Т ө л е г е н. Оныңды айтпасаң да көріп тұрмын.

Б е к е ж а н. Кеудем толы кегім бар еді. Саған арнаған оғым бар еді...

Т ө л е г е н. Е, оныңды да көріп тұрмын... Шыныңды айтқандайсың...

Б е к е ж а н (жігітін нұсқап). Қолымды мыналар қақты, әділ төрелікті осылар айтты Қорқақтың ісі десең жекпе-жегіңді берем, еркектің ісі десең достығымды ұсынам. .

Жігіттен қаймыққанын Бекежан жасырған жоқ. Оған жігіт те сенді. Төлеген де сенді. Атқа кеткен жігіт қайта оралғанда жайрап жатқан Төлегенді көрді;

О, сұрқия, сұмырай,
Тағы бір алдап ұрдың ба?
Ұмытпа берген антыңды,
Өз қанжарыңның ұшы табар сені, —

деген жігіт сөзіне де ел риза. Жігіттің сахнадағы көрінісі де әрбір қимылы да, сөзі де халық тілегінен туғандай әділеттің балама бейнесіндей (символындай) көрінеді.

Шығарманың тілі мен драматургиялық құрылысына дау айту қиын. Қара сөздерінің өзі әсем әшекейлі терең зерделі жазылғандығы сонша әрқайсысы ән-әуез іздеп тұрғандай сезіледі. Әрбір кейіпкердің өзіне тән тілі арқылы қысқа, тұжырымды терең мағынасы кей оймен астарласып актер ойынына материал мол берілген. Драматургтың алдына қойған талабындай композитор-режиссер жалпы театр коллективінің алдында да жаңа талап, жаңа шешімдер тұрды. Бұдан бұрынғы Жібек яғни жиырма жыл бұрынғы Жібек емес, жұртшылық жаңа Жібекке бүгінгі өмір, өскен талап тұрғысынан келді. Өйткені жиырма жылдан аса творчестволық жол өткен театрдың коллективі де есейді, буыны бекіп бұғанасы қатты, қандай сынды болса көтерерліктей жауап берерліктей дәрежеге жетті. Сахнасында одақтық шеңберден шыға әуені әлемге танылып та жүрген таланттар тобы бар. Өз театрын сүйген көрермен оның көзге шалынған кемісін кезінде айтып жетістігімен қосыла мақтанып отырса ғана ынтымақ қадір-қасиет болмақ. Театр беделі осылай көтеріле бермек, «Жаманын жасыру, жақсысын асыру» деген тоғышарлық тілектен туған желеуден аулақ, жаманына ашына, жақсысына бас ұра айтылған сын ғана театрға берген көмек деп ұққан жөн.

«Қыз Жібек» бүгін театр сахнасына өзінің жаңа өрнегі, сапалы көркімен байыған дәрежеде көрініп отыр. Бұл біздің опера театрының вокальдық және хореографиялық кадрларының өсу дәрежесінен туып отырған табыс. Спектакльдің режиссерлік интерпретациясына зер салсақ, шығарма терең шешім көптеген ұтымды байламдар тапқан сияқты. Драматургиялық өзгерістерге байланысты, сахнадағы образдың әлеуметтік ара салмағын айқындай түсетін тамаша штрихтар да бар. Режиссерлық тұрғыдан би сахналары да ұтымды, сәтті шешім тапқан. Классикалық бидің қазақ күйлерінде қандай қонымды, жарасымды шыққандығы қуантатын жайлар. Әсіресе Төлеген өлгендегі алты аққу биі, Жібектің түс көру сахнасындағы билер нәзік лирикамен ұштасып, шығарманың поэтикалық сазын нұрландыра, көркейте түскен. Спектакльдің режиссурасын қамти айтсақ шығармада әсемдік тұтастығы сақталған дей аламыз. Әйтсе де режиссер Қ. Жандарбеков көбінесе басты рольдерге басым көңіл бөлгендіктен бе көпшілік сахналары жалпы әрекеттен кейде алшақ, негізгі оқиғамен тікелей байланыспай «Ерқара» болып есіз қалатын сәттері де аздап сезіледі. Кейде сахнаның жартысы жансыз болып ойналмай қалып отырады.

Сахнадағы әрбір қатысушы адам оқиғамен органикалық, өмір сүре, басты геройлардың ішкі дүниесімен қайғы қуанышымен тұтастай туысып әрбір музыкалық тактімен іштей үндесіп жатуы шарт. Сонда ғана көрушіге сенімді, құнарлы халық, сахналары шықпақ. Сахнада әрекетсіз қайысып тұрған қалың қол кейде негізгі оқиғадан көруші назарын сейілтіп алып кетуден басқа пайдасы жоқ. Сондықтан халық сахналарына әлі де болса еңбек сіңіре өң бере түскен жөн деп ойлаймыз.

Жеке орындаушылар туралы сөз еткенде ең алдымен Жібек образын жасаған Күләш екенінде дау жоқ. Күләш Жібекпен алғашқы кездескенде 21 жаста болатын-ды. Сол шақта Күләш бостандық аңсап махаббат шөлінде құрбан болған қазақ қыздарының өткен ғасырлардағы мұң мен зарын арман тілегін терең творчестволық толғану үстінде ұзақ ұмытылмас образ жасаған еді. Бүгінгі көріп отырған Жібек бейнесінде шын шебердің замана кейпіне терең бойлап, образдың әлеуметтік сарынын байыта, трагедиялық бояуын қалыңдата түскенін байқаймыз. Бүгінгі Жібек қартаймаған, жігері жалын атқан романтикалық серпінді күйге толы, адамгершілік ұлы қасиет терең шытырманды драматизм мен трагедиялық сазға көтерілген көңіл-күйі бар Жібек болып отыр. Күләштің орындауындағы «Дүние-ай» әні өз мұңымен анау алыс дүниеден хабар берген қазақ әйелінің басындағы қайғылы симфониядай естіледі. Күләштің дауыс дарындылығын былай қойғанда сахнадағы әрбір қимылы іштей тербенуден туған асқақ сезіммен ұштасып, орынды, сәнді көрінеді. Жарқ еткен аз қуаныш сәулелері, Төлегенмен алғашқы кездесу және түсінде көру кезеңдерінде Күләш құлпыра түсіп аяулы адамның алдында махаббаттың отты сезіміне орана шексіз шаттықта көрінсе, қайғы құшағына енген сәттерде зар-мұңға толы үнімен көруші, тыңдаушысынан да өз қайғысына ортақ сезім туғызады. Күләшті тыңдап отырғаныңызда меңіреу дәуірдің ғасырлар өртіне шалынып сүйгеніне жете алмай кеткен жүздеген Жібек бейнесі көз алдыңыздан өтеді. Күләш Байсейітованың жасаған Жібек образын сол қазақ қыздарына арнап салған даусыз ескерткіші деп ұғамыз.

Тағы бір айта кететініміз Күләштің актерлық шеберлігі жайында. Айтылатын арияның ішкі сырына сай әрекет-қимыл, күйініш-сүйініш сәттері іштей қабысып жатса ғана образ нанымды болып шықпақ. Бұл жәйттерді Жібек образын жасауда Күләш мол, орынды қолданған. Күләш тамаша әнімен тамсандырса, өмірге тән ойын қызға тән қылығымен көрерменді игеріп әкетеді. Оның сахнадағы өзінен басқамен қарым-қатынасы, әрбір басқан қадамы есебіне сай еркін қимыл, көзқарасы іштей тебіренуден туған төлеуі мол, дәлелді, сәнді өмірлі болып көрінеді. Досымен де, дұшпанымен де драмалық қақтығыстарда сәтке сай әрқилы шынайы өмір шындығымен астасып жатқан сахнадағы іс-әрекет, Жібек образын құлпырта, жараса үйлесіп жатады.

Жібек — Күләш Төлегенмен алғашқы кездесу сахнасында бір үміт сәулесін сезгендей күткен қыранының қанатын көлеңке, көңіліне медеу етіп арман кілті ашылғандай, жайдары қуаныш кейпіне енеді. Хан қызына лайық татымсыз тәкаппарлықтан аулақ назды әзілмен адамгершілік зор қасиет иесі екендігін аңғартады. Әзілдің өзі орынды, әрі сыпайы, әрі ойнақы айтылады.

Т ө л е г е н:
Жібекжан, бақшаңдайын жайнаған
Бұлбұлым боп сайраған
Мен тыңдаушың болайын
Даусыңды естіп тоймаған.

Ж і б е к:
Бұлбұл емес жай құс боп
Ұнамай жүрсем қайтермін?

Т ө л е г е н:
Танымаған бұлбұлды,
Құлағым болар кінәлі,

Ж і б е к:
Әр айыпқа жаза бар
Тыңдай білмес құлақтан
Жұлып жүрсем қайтерсің?

Т ө л е г е н:
Өзіне болар обалы
Өзім тоса беремін.

Ж і б е к:
Әйел, еңкек, ер шалқақ
Құлағыңа қысқа қол
Жетпей жүрсе қайтермін:

Т ө л е г е н:
Ах, дүние-ай сол бір күн
Шыныменен келер ме ең,
Құлағынан асаудың
Жұлған қолдан сүйерме ем.

Ж і б е к:
Айтылған сөз, атқан оқ,
Кетер, кейін қайырылмас.

Т ө л е г е н:
Айтылған сөз — берген серт
Қайталанбас — айнымас!
Уәде деші осыны.

Өткір, отты, ойнақы әзіл серттен ақиқат сенімге айналып ынтық-ықыластың, пәк пейілдің мұрат-мүддесін баян етті. Көңілдегі көмескі үміт шырағы жалынға айналғандай, махаббаттың албырт алғашқы қуанышы бойын билеген Күләш сол қолын Төлегенге ұсына бере, оң қолындағы орамалмен бетін көлегейлеп бір қырын бұрыла береді. Киелі нәзік сезімнің әдеп пен әсемдіктен бұлайша байыз табуы қандай жарасымды, сұлу сыпайы көрініс. Тек Жібек бойынан ғана көрінер сыр-сипат сияқты. Енді Жібек «Жүруші ем мойын бұрмай тірі жанға, талайдың қолын қағып ұсынғанда» деп басталатын ариясында шаттық сезіміне толы арман-нысанасы алыс емес дегендей, «Қосылса арманға жайдым құшақ, мен сендік арғы жағын өзің қамда» деп тұжырымды байлау айтады.

Не пайда, өмірден аңсаған қызық-қуанышы, бақыт берекесі, баянсыз түске айналады. Төлегенмен кездесуі де өңіндегіден айнымайды. Шошып оянған Жібек түсінде көрудің өзін үлкен медет санап жақсылыққа жори достарына қуана баяндайды. Арман арнасы ұлғайып, үміт көмескі тарта түседі. «Сол түсімдегіні биенің бір сауымындай өңімде көрсем игі еді» деген тілектен туған ақырғы әлсіз үмітті қалған тірлігіне талшық етеді. Бұл сөздер Күләш аузынан күрсіну аралас, қайғы тұманын сезгендей мұңлы трагедиялық сазда айтылады. «Ақбоз ат, ақбоз ат, Төлеген келе жатыр» дегенін естігенде басындағы тұман серпіліп түлеген тотыдай түрлене Күләш жайраң қағады. Қуанышты күлкі мен мейірлі ажарға қайта енеді. Бұл үзілер үміттің алдындағы Жібектің аз қуаныш сәті ғана. Бекежан Төлегенді өлтіргендігін айтқанда Жібектің жан-дүниесінің күйреуі адам баласының басындағы қайғылы күйдің шыңына шығады. Оның көз жасына тұншыға дауысы дірілдей айтқан Бекежанға деген қарғысы халық атынан айтқан қатал үкімдей естіледі.

Алдамшы бетін танытқан Жібек арманы сәскенің сағымындай сұйылып барып зым-зия жоғалды. Тағылықты тәлім тұтқан зұлмат дәуірдің тағы бір құрбаны қайғылы күйімен мұң зарын мирас етіп тыңдаушысымен ақырғы рет қоштасады. Үзілген үміт, кесілген тілеу тұйыққа тіреп Жібек ажал құшағына еріксіз енеді. Бірақ Жібек мұңы, Жібек бейнесі халық санасында аяулы қазынасындай шөгіп қала берді...

Біз тыңдаған, біз көрген бүгінгі Күләш жасаған Жібек бейнесі осындай. Бұл дауыс дарындылығымен сан түрлі актерлік шеберлікпен қиюласып келген кең пішілген кесек бейне Күләш творчествосының кезеңді белесінен саналатындығында дау жоқ.

Опера сахнасында күрделі образ жасаудың жолында дауыстан басқа актерлік шеберліктің қаншалықты маңызды екендігінің тағы бір үлгісі Құрманбек Жандарбековтың Бекежаны өз алдына бір төбе. Құрманбек қазақтың театр мәдениетінің алғашқы қабырғасын көтерушілердің бірі. Опера театрының да алғашқы құрушыларынан саналады. Сахналық шындық (сценическая правда), ондағы өмірлік өзек Құрманбек жасаған образдың бәріне тән. Опера өнеріне тән шарттылықты сақтай отырса да кейіпкер бойындағы драматизмді баса көрсету актер Құрманбектің бір ерекшелігі. Жалғыз Жібек алдында емес сол қоршаған қауым алдында жасаған қаныпез — ерлігін мойындауда сылық түспей білтелеп бастап алыстан орағытып келеді. Жібекті қасірет кермесіне өзі жетелеп әкеледі. Жаңа ғана көз алдынан өткен түс елесінен әлі арылмай тұрған Жібек тобының үстіне келген Бекежан:

Көп болды, көрмегелі арма, Жібек,
Отырсың кімді күтіп жадап-жүдеп.
Шын сүйсе келер кезі болмады ма?
Жездейден хабар-ошар бар ма, Жібек, —

деп жайбарақат бастайды. Мұны замандастың назы деп Жібек оған да өкпе арта:

Бекежан көрмегелі көп жыл өтті,
Отырмыз белді буып, бұзбай сертті.
Қадірлес, заманың бір құрбы емес пе ең,
Хабарын өзің алып келсең нетті, —

дегенде ендігі жалтарудың жолын таптаған Құрманбек-Бекежан жан-жағына шатынай шарт қарай;

Баса алмай ішімдегі жанған отты,
Кеп тұрмын шығаруға сыртқа дертті,
Жалынам, жалбарынам кешу сұрап,
Қасым деп досыма атып қалдым — оқты...—

деп төтесінен бір-ақ тартады. Төлегенді жекпе-жекте өлтірдім деп қанша көкірек соққанмен сойқан қылықтың да ұзамай беті ашылады. Енді қоршауда қалған қасқырдай Бекежан — Құрманбек жанталаса Жібек қарғысының жалынына оранып бара жатқандай көрінеді...

Әттең барлық солистер өздеріне жүктелген образды Күләш пен Құрманбектей жан-жақты іздестіріп ұқыпты орындаса, Қыз Жібек спектаклінің құны бұдан да артып нұр үстіне нұр болар еді. Жасыратыны жоқ басқа орындаушылардың ойындарында көңіл аударарлық олқылықтар бар. Ашығын айтсақ спектакльде әзірше Жібекке сай Төлеген жоқ. Мүслім Абдуллиннің дауысындағы бейберекетсіздікпен қатар, сахнадағы құнарсыз қимылдары қарын ашырарлық халде. Терең лиризм іштей сезінуден тумай, жасанды, жалған күйде көрінді. Дауыс қуаты да оркестр үніне төтеп берерліктей дәрежеде емес. Оркестр үнінің көлеңкесінде қалып қою, кейбір ноталарды игере алмаушылық басым. Әрине мұндай күрделі күрмеуге келмейтін дауыстар басты партияларды орындаудан абырой ала алмайтындығы белгілі жайлар. Оның үстіне сахналық актерлік шеберліктен құр алақан көріну әбден реніш туғызады. Әрбір арияны айтқанда Төлеген басындағы лирикалы күйге, сүйкімді сезім туғызудың орнына, Абдуллиннің сахнада ілгері-кейінде тыпыршып тұруы, орын таппай ебедейсіз қозғалған екі қолы, тыңдаушы-көрушіні ренішпен езу тартуға мәжбүр етеді. Бірінші көріністегі Қыз Жібекпен уәделесіп, оның ата-анасынан рұқсат сұрауға бара жатып кенет артына одырая қарауы ерсі-ақ көрініп тұр. Бұл қай қарас? Әрине, дәлелі, төлеуі жоқ орынсыз ерсі қимылдар актердің образды іштей сезінбеуінен туады, көрушіден күлкі туғызатын себебі де сол. Екінші Төлеген Ә. Мұсабаевта дауыс болғанмен оны меңгеріп, образдың лирикалық сырына толық түсінбегендік тұрпайылау естіледі. Кейде оркестр ауанынан шығып еркін шырқап кету де бар. Екі Төлегеннің бұлай қораш көрінуі шығарманың көркемдігіне кері әсерін тигізуде. Бұл екеуі де театрдағы талантты артистер қатарында саналады. Сондықтан мұндай жауапты партияны орындау үшін шалағайлықтардан бойды аулақ салып, іздене түскен жөн.

Ар-ұяттан құр алақан жексұрын мейірімсіз феодал Бекежанның образын С. Әбжанов нанымды шығарғанмен әлі де кем-кетіктен сау емес. Вокальдық шеберлігін ұштай түсумен қатар сахнада сөйлей де, тыңдаушыға сөзін жеткізе де білу қажет. Кейде бояуы баттасқан орынсыз қимылдары құлаққа жағымсыз тиетін жалған алынған ноталар жүйкеңе тиеді. Дарынды дауысы бар. К. Кенжетаев Бекежанды вокальдық жағынан жақсы меңгерді деуге толық мүмкіншілік бар. Бірақ драматизм сахнадағы көңіл-күйі, актерлік ойыны жағы жеткіліксіз. Жібектің досы Дүрияны ойнаған Т. Әдіходжаева вокальдық жағынан көзге түсіп қана қоймай, сахнадағы драмалық сәттерді терең ұға, өзі жасаған образбен біте қайнасып, қарасөздерге дейін өз бояу, өз үнімен көрерменге жеткізе білді. Ол әр сәтте Жібектің қайғысына ортақ. Қуанса бірге қуанады. Досқа тән әрекеті мол, қызғана да, жек көре де біледі. Сондай-ақ Мұсабекованың Қамқасы балаға деген пәк сезімге толы. Әрі ақын, әрі басшы Шеге Ғ. Құрманғалиевтің орындауында өткір құбылмалы, әрі еркін сахнаға өзіне тән өмір ала кеп, ең бере білетін образ болып шыққан. Құрманғалиевтің үн құдіреті өз алдына, оның артистік шеберлігі қайталанбас сәттерімен көрушісін де, тыңдаушыны да баурап алып кетеді. Шарқ ұрған ақын шабытынан туған шың жартаспен тебісе төмен құлаған тау бұлағындай;

Тотыдайын таранған,
Сұңқардайын сыланған,
Сұлу Жібек бар ма екен,
Құлап түскен қос жылан
Қолаң шашың иықта
Бойыңда бір мін бар ма екен.
Қасы-көзің қиылып,
Қылдай мойның иіліп
Ақ маңдайлы, ақша бет,
Тісің меруерт тізілген.
Жүрекке салмас қалай өрт.
Ақ сабағың үзілген
Бейне бір етің қар ма екен?
Ат арылтып, тон тозып,
Алты ай жүріп, шөл кезіп
Келіп тұрған алыстан
Төлегендей мырзаның арманы, сірә, бар ма екен? —

деген әйгілі Шеге термесі Ғарифолланың құнарлы, құбылмалы үнімен әр тұстан от шашқан найзағайдай қимылдарымен бүкіл оқиғаға жаңа жылу таратып, қайта қан жүргізгендей әсер етеді. Шаша шабысқан әзілде, жарасымды ұпайын жіберіп жатқан Ғарифолла жоқ, баршаның бабын, тілін таба білетін Шеге Базарбайдың да тоң-теріс, мінезінің, емін табады. Шеге жүрген жерде бітім бар, береке бар. Асылында Қыз Жібек спектаклі қай кезде сөз болса да Ғарифолланың Шегесі көзге ұрып, көңілді аңсатып тұрады. Күләш, Құрманбек, Ғарифолла осы шығарманың үш ұстыны, үш бағаны іспеттес.

Би сахналарында А. Бекбосынов, Р. Тәжиева, К. Юсупова айрықша көзге түседі. Әсіресе Жібектің түс көру сахнасында жас балетмейстер Д. Әбиров өзінің үміт күттіретін талант екендігін аңғартты.

Бас дирижер А. Закктың қазақтың музыка тілінің байлығын көп ырғақты нәзік лирикадан бастап драмалық, терең сезімге толы қасиеттерін игере бастағаны айқын сезіледі. Дегенмен негізгі партияны орындаушылардың кейбіреуінің бірлі-жарым меңгере алмаушылығы немесе оркестр үнінен алшақ кетіп қалушылықтары бар. Абдуллин мен Мұсабековтың дауысының шама-шарқын біле тұра оркестр үнін екеуіне екі түрлі бейімдеу керек еді. Дирижердің мақсаты тек композитор берген партетура, либреттомен шектеліп қалу емес қой. Әсіресе «Қыз Жібек» сияқты шығармалар көп ізденуді талап етеді. Оның поэзиялық сырын, нәзік лирикасын ұғу үшін сол анау түпнұсқадан бастап танысу керек. Әрбір образдың ішкі дүниесін көзқарасын терең ашуға толық мүмкіншілік сонда туады. Мұндай шалағайлықты сездіретін жайларда А. Закк алдағы уақытта арылғаны жөн. Суретші Ненашевтің спектакльді жабдықтауда сіңірген еңбегі мол екендігін айтпай кету жөн болмас еді. Әсіресе түс сахнасындағы көрініс романтикалық сазда өте көркем жазылған. Кемшілік — кешті көрсеткен пердедегі тізбектер, қатпадан тұрған түйелер мен жабы мәстектің жиынтығы болып шығыпты. Қазақта жылқының талай асыл тұқымдары болған. Сол Жібек поэмасының өзінде де Сандалкөк, Қазмойын, Қара тұлпар, Көкжорға сияқты тамаша аттар бар. Осы жағын да ойластырса екен дейміз.

Тағы бір, орындаушылардың көпшілігіне ортақ кемшілікті айтуды қажет көріп отырмыз. Ол кемшілік кейбір опера артистерінің бойында кездесетін «Қырсығы» опералық машық (штамп). Осы «қырсықтар» «Қыз Жібек» музыкалы драмасында өзінің бар тұлғасымен көрінді. Көптеген артистер сахнада сөйлей білмейді, дәлірек айтсақ көрермен былай тұрсын, өздері не айтып жүргеніне түсінбей ме деген қауіп туады. Автор берген тамаша сырлы, мәнді, көркемсөздер жүдеу тартып жалғау, жұрнақтан жұрдай жалаңаш, жансыз айтылады. Кейде сахнада драмалық іс-әрекеттер бірі мен бірі қабыспай алшақ, бытыраңқы күйде көрінеді. Шығарманың көркемдік жағына белгілі дәрежеде нұқсан келтіріп тұрған да осы жайлар. Тіпті кейбір Төлегендер мен Бекежандар сахнаға шыға келгенде Жібекпен жұмысы болмай дирижерді бүгін көргендей көз айырмай қарап қалады. Екі көзі дирижерде жүргенде Жібекті көру былай тұрсын, аяқ-қолдарының қайда апара жатқанын да аңғармайды. Тағдырларын дирижер таяқшасының басына табындырып жүреді. Музыкалық үнді шалымдары шамалы. Дағды жоқ. Төселмегендік сезіледі. Бұл әлі де болса кейбір актер басындағы шалғайлықты аңғартады. Сонымен қатар сахнадағы әрекетте динамикалық байланыс аз, актерлік шеберлік төменгі сатыда жатыр. Осы тұрғыдан К. С. Станиславскийдің Үлкен театр артистерімен әңгімесінде «Сізді творчестволық күйде ұстайтын күш, — адам жүрегінің өмірін өзің арқылы сахнада көрсете білу. Егер сіз өмірден қол үзіп өзіңізбен өзіңіз томаға тұйық қалсаңыз және сахнаға жан-тәнімен берілу деген желеумен өзіңмен және өзіңді қоршаған дүние арасына мүмкін болғанынша бөгеттер орнатсаңыз онда сіз қандай өмірді бейнелей аласыз?..» Ат төбеліндей жақын достар тауып жұрттан бөлініп өзің игерген рольдердің шеңберінде ғана қалып адамның күресін, қасіреті мен махаббатын сырттай енжар бақылаушы ретінде сахнада өмір сүруге болмайды, деген сөздері еске түседі. Біздің опера театрының бірсыпыра артистеріне айтатынымыз да осы. Театрдағы күдігі мол кезек күттірмейтін бір жай хор құрамының нашарлығы. Біздің тыңдап жүрген хорымыз академиялық театрдың атына тіптен де сай емес. Қазақ ССР Мәдениет министрлігі мен театр коллективінің басшылары жедел қолға алып жүйеге түсіретін үлкен жұмыстың бірі осы. Жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді жою, шығарманың көркемдігін бұдан да көтере түсуге әкеліп соғады. Тілек есебінде айта кететін жай «Қыз Жібекке» увертюра жазылса екен деу. Увертюраның опералық шығармаларда қаншалықты маңызды орны бар екендігін баяндап жатудың қажеттігі шамалы. Шымылдық ашылардан бұрын тым болмаса төрт-бес минуттық музыкалық, характеристика, шығарманың музыкалық образын берсе қандай тамаша болар еді. Біз айтқандардан «Қыз Жібек» музыкалы драмасының қайта қойылуының бұрынғысынан әлде қайда артық болып шыққандығына дау тумайды. Дер кезінде маркстік-лениндік эстетика сәулесінде нағыз творчествоға тән батылдықпен, үрейсіз ұқыптылықпен халық сүйген қазыналы шығармаларының қайта көрінуінің қаншалықты зор маңызы бар екендігін «Қыз Жібектен» көріп отырмыз. Осыған орай туған тағы бір ойды ортаға салмақпыз.

Қазақ театры өнерінің дамып, қалыптасуында орыстың классикалық шығармаларымен қатар қазақтың өткен тарихи тақырыбына фольклор сюжетіне құрылған шығармалардың маңызы өте зор болды. Әсіресе алғашқы кезде мәдени мұрамызды бүгінгі өмір тұрғысынан саралап опералық және драматургиялық шығармаларға арқау етіп алуға молырақ көңіл бөлінеді. Өзінің бұрын профессионалды театр дәстүрі болмаған елдің театры сағасын халық творчествосынан алуы заңды. Қазақ драматургиясы операсының театр тарихының алтын қорына енген бірсыпыра тамаша шығармалары осы сәтте туған. Бірақ кейінгі кездері жұртшылық сүйе қарсы алған, әлі де болса өз құнын көрушісі алдында жоймаған бірсыпыра шығармалар көптен бері бойын сахнадан белгісіз себептермен көрсетпей кетті. Шынында да, өз күшігін өзі жеген қасқырдай жаман бейнесін суреттейтін демократиялық бағытта жазылған «Еңлік-Кебектің» (М. Әуезов) күрделі кемшілігі не екен? Көбей би халыққа жағымды көрініпті. Оны өзгерту қиын ба, әңгіме Көбей би емес, екі жастың басындағы қайғылы құрсау заман бейнесі емес пе? 1917 жылдан 1950 жылға дейін қазақ театрымен біте қайнасқан шығарма қазір сахнада жоқ.

XIX ғасырдың белгілі композитор әрі ақыны Ақан серінің «Құлагер», «Сырымбет», «Маң-маңгер», «Мақпал», «Балқадиша», «Кербез сұлу» әндерін Қазақстанның қай түкпірінен болса да, радиодан да, опера театрының сахнасынан да жиі естисіз, Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері — Ақтоқты» трагедиясында осы Ақан ислам дініне қарсы оның табынушыларымен тартысқа түседі. Шығарма көркемдік жағынан қазақ, драматургиясының тарихында көрнекті орынға ие. Ақанның әні керек те, оның басындағы трагедияны суреттейтін шығарма керек емес деп отырған кім бар?

Қазақ халқының кезеңді дәуірін суреттейтін халықтың ән мен күйі арқау болған «Аманкелді», «Алтын астық» (Е. Брусиловский) опералары, «Қамбар — Назым» (В. Великанов) балеті, тағы басқа шығармалар қазақ театрының алтын қорындағы жанды жасауларынан саналады. Бұлардың сахнадан алшақтап кетуі қынжыларлық жайлар. Қазіргі уақытта театрларымыздың репертуарларының жұтаң тартып бара жатқандығы да біріншіден, бүгінгі өмірді көрсетуге арналған мазмұнды шығармаларының аздығынан, екіншіден, бұрынғы тарихи фольклорлық тақырыпқа жазылған шығармалардан себепсіз қол үзіп, олардың сахнадан шығып қалғанынан ба деп ұғамыз. Біз атаған шығармалар жұртшылықтың талдауына да, талғамына да төтеп бере алатын өздері аңсап күтіп отырған шығармалардан саналады. «Қыз Жібектің» музыкалық драмасының қайта қойылуын халықтың қалай қарсы алып отырғандығы біздің бұл пікірімізге толық дәлел. Творчество батылдықты, ұқыптылықты тілейді. «Қыз Жібекті» тыңдаудан туған біздің ойларымыз осы еді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз