Өлең, жыр, ақындар

Халықтың маңдайы, тарихтың таңдайы

Мұхаңмен өкшелес інілері, дәрісін тыңдаған шәкірттері, кейін ғылым, өнер салаларына ұлы ұстаз батасымен аттанғандар осы мереке қарсаңында, Мұхаңның өз тілімен айтқанда, «барын салды». Құдайға шүкір, Мұхаң жайлы ғылыми-зерттеу, мемуарлар аралас ірілі-уақты 50-ге тарта еңбектер жарық көрді. О, заман-ай... Солардың ішінде Мұхаңа өмір бойы ақыл-кеңес беріп, жөн сілтеп, жоба көрсетіп келген «жансебілдердің» де осы күнге дейін арамызда жүргені қандай ғанибет десеңізші?! Жасыратыны жоқ, осындайда Мұхаңа да ренжисің. «Мына бір дүниені пәленшенің ақылымен жазып едім» — деп, тым болмаса не ауызша, не жазбаша із қалдырмай кеткені қандай өкінішті деп сан соғасың. Кейде «япыр-ай, анадай ақылмен біздерге сонша сараңдылық жасамай, анда-санда қол ұшын бергенде ғой, Мұхаңдай болмағанмен біраз жерге барып қалатын едік-ау» деген пұшайман халіңе бас шайқап, өкпең қара қазандай болады. Бірақ, осының өзі ауыр арба тартып келе жатқан қасқа өгіздің мүйізінде отырған ала көз маса мақтанышы емес пе екен деген күмәнді ойға душар боласың да, лайым солай болғай деп қазіргі күніңді қанағат тұтасың. Өйткені, басқаны қайдам, өз басым «Мұхаңды мұратына жеткізген» әлгі ақылгөйдің әр шығармасын оқыған сайын көршінің жайып қойған шұлғауын шайнаған бұзаудай болып шыға келемін. Кейде оңбай жүргенім осыдан ба деп жағамды ұстаймын. Сөйте тұра мен де өзімді Мұхаңның шәкіртімін деуге хақысы бар қазақтың бірімін деп санаймын. Өйткені қара танығалы Мұхаң еңбектерімен таныспын. Латын әрпімен ертеректе шыққан «Тас түлектер» жинағын 14 жасымда оқыппын. Мендегі ол жинақ Мұхаң туралы ең іргелі еңбектің авторы академик Зейнолла Қабдоловтың кітапханасында орын теуіп жатқанына да 30 жылдай уақыт болды. Мұхаңды алғаш көруім 1949 жылы 18 мамыр, Ташкентте оқып жүрген кезім. Әлішер Науаидің 500 жылдың мерекесіне қазақ делегациясын басқарып келген екен. Делегация құрамында С. Мұқанов, Ә. Тәжібаев, А. Тоқмағамбетов, Ғ. Орманов, Ғ. Слановтар бар. Осы топтың төңірегі ылғи қасқалар мен жайсаңдар: Иранның атақты ақыны Ғасем Лахути, тәжік-өзбек әдебиетінің негізін салған қос тілді тірі классик Садраддин Айни, К. Симонов бастаған Ресей жазушылары, тағы басқа шетелдерден келген мықтылар. Үстіміздегі жұпыны киімнен имендім бе, әлгі алыптар алдындағы жасқаншақтық па, сол топқа барып сәлем беруге жүрегім дауаламай-ақ қойды. Өзім жыға танитын Асқар Тоқмағамбетовтің көзіне түсем бе деп әрі-бері ойқастап өтем. Құдай жарылқап ол да болды. Хамза атындағы драма театрына баратын қазақтардың осы опера театрындағы отыратын билеттерін Асекең топтан жырылып шыға келіп, маған ұстата салды. Жанымдағы бірге оқитын өзбек жігіті өзімізден бас артығын билет іздеп сабылып жүргендерге көзді ашып-жұмғанша «реализовать» етті. Жасыратыны жоқ, табан астында байып шыға келдік. Ол кездегі өзіме лайық мода гимнастерка, галифе шалбар, солдат бәтеңкемен театр партерінің екінші қатарында үлде мен бүлдеге оранғандардың ортасында (Құдай басыңа салмасын) кірпікшешеннің үстінде жалаңаш отырғандай, қашан салтанатты кеш өткенше әбден берекем қашты. Салтанатты кештерді өткізуге шебер өзбек халқы өзі бүгін тұңғыш пердесін ашып отырған опера театрын одан сайын жайнатып жіберген. Киім, жүріс-тұрыс жағынан мыңдаған көрермендердің ішінде менен «сұмпайысы» болды деу ақиқаттың аулынан алыс дүние.

Төрдің бірінші қатарында Мұхаң да бар. Кешті Өзбекстан Орталық партия комитетінің I секретары, Сталиннің сүйікті досы, абыройы аспандап тұрған Осман Юсупов ашып, сөз кезегін Мұхаңа берерде әзіл аралас: «Кешігіп келген қазақ делегациясының басшысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовке» деген кезде, мінберге шыға берген Мұхаң: «Қазақ халқы кешіккен жоқ», деп, осыдан 100 жыл бұрын Әлішер Науаидің дастарханынан дәм татқанда, сұхбат үстінде: «Физули, Шәмси, Сайхали, Науаи, Сағди, Фирдоуси, Хожа Хафиз бу һәммәси, мәдәтбер я шагири фәрияд » деген Абайдың он үш жасында Шығыс алыптарына мінәжат үлгісіндегі жолдарын мақамына келтіріп жеткізгенде, ду ете жөнелген қол соғу қошеметі жаңа театрдың шаңырағын шыр айналдырғандай ғаламат болды. Одан кейінгі он минут бүкіл залды сілтідей тындырған Мұхаң сөзі маған бәрінен асып түскендей әсер етті. Кейінгі сөйлегендермен салыстырғанда да Мұхаң сол биігінен түскен жоқ. Өз орнына келе бергенде Осман Юсупов ұшып тұрып, әлгі айтқан әзіліне кешірім сұрағандай, әрі Мұхаңның сөзіне риза болғаны сонша, айқара құшақтап алып бетінен қайта-қайта сүйгені әлі көзі алдымда. Мұндай құрмет-қошеметті сол кештегі ешкімге төраға көрсете қойған жоқ. Сонымен, ол сапарда Мұхаңа қол беріп сәлемдесуге дәтім бармай, дидарын көріп, сөзін тыңдағанымды мол дәулет, зор қанағат санап қайтқан сол кездегі «Сорпаңбайың» қазіргі мен боламын.

1953 жылдың басында Москваның А.В.Луначарский атындағы театр өнері институтының 5-курсында оқып жүрген кезім. Мұхаң МГУ-дің профессоры болып орналасып, ұлттар әдебиетінен сабақ беріп жүр дегенді естігенбіз. Екі-үш қазақ жігіттері дәрісін тыңдауға қанша әрекет жасасақ та, Манеж көшесіндегі МГУ-дің филология факультетінің ғимаратының табалдырығынан аттай алмай, талай бетіміз қайтқан. Біздің кафедра меңгерушісі үлкен ғалым-профессор, екі томдық армян театрының авторы профессор Г.Н. Гоян маған Әуезовтің драматургиясы жайлы диплом жұмысын жазуды тапсырған-ды. Мұхаң жайынан да хабардар екен. «Қазір «Москва» қонақ үйінде болу керек, барып сөйлес», — деді. Кешкі уақыт еді, іздеп бардым. Қонақ үйдің төртінші қабатында екі бөлмелі нөмірге жайғасқан екен. Имене есік қақтым, «рұқсат» деген Мұхаңның қоңыр даусын естігінде, бүкіл денем ду ете жөнелді. Ішке кірдім. Жұмыс үстелінде бір журналдың гранкасын қарап отыр екен. Амандық-саулыктан кейін: «Мынау әлгі «Знамя» журналында басылып жатқан «Абай» романының екінші кітабы еді», деп қағаздарын сәл ысырып қойды да, қайда оқып жүргенімді, не шаруамен келгенімді сұрады. Алғаш келе жатқанда ананы айтсам, мынаны айтсам деген ойда едім, оның бірі де тіліме оралмай, берекем қашып бара жатқасын: «Сіздің драматургияңыздан диплом жазбақ едім», деп төтесінен бірақ бастым. Мұхаң: «Иә, ол енді..., — деп сәл ғана ойланып отырды да, елде не болып жатқанынан хабарықыз бар ма?» деді. Сауалдың аңғары белгілі. Апта сайын Ленин кітапханасына бір мәрте барып, елден келетін газет-журналдарды қарап тұратынымды айттым. Сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған «Профессор Мұхтар Әуезов ескі қателіктерінің шырмауында» деген екі етек мақаладан бастап білетінмін. Қазақстанның баспасөздері былай тұрсын, сол өрттен үзілген жалындар «Правдадан» бастап, орталық газеттердің бірсыпырасында бой көрсетіп жатқан кез. Жағдайды жалпы білетіндігімді айтқан болдым. «Шырағым, олай болса, жас бала екенсің, диплом дегенге кез келген тақырып жарай береді, қазір мен туралы жазып абырой алу қиын, заман жөнделсе, көре жатарсыңдар. Георг Нерсесовичке (Гоянды айтып отыр) менен сәлем айтыңыз, ықыласына рахмет», — деді...

Оқу бітіріп Алматыға келген соң, Мұхаң сөздерін Жазушылар одағында мәдени жиындарда жиі тыңдап жүрдім. Өзім де театр сынына белсене араласып жүрген кезім. «Айман-Шолпан» спектакліне жазған мақаламды оқыған Мұхаң: «Тілінің орамы, театр танымы, қаламының желі бар жігіт екен», дегенді Құрманбек Жандарбековке айтыпты. Жасыратыны жоқ, оны естіген соң «менде де бірдеме бар екен ғой» деген ой туды.

1954 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Жазушылар одағының III съезінде Мұхаңның драматургия жайында жасалған баяндамасы күні бүгінге дейін осы жанрға бет бұрғандардың алғашқы оқулығындай саналарына дау жоқ, теориялық тұрғыдан терең дүние болып шыққан еді. Съезд кезінде Л.Леонов, М.Шолоховтан бастап, әр республикадан келген айтулы жазушылардың барлығы Мұхаңның төңірегінде болғаны бізге зор мақтаныш сезімін тудырып жүрді. Мұхаңның шәкіртімін деуіме тағы бір дәлел мынау: 1959 жылы ақпан айында менің тұңғыш шығармам «Бөлтірік бөрік астында» деген комедия осы күнгі Мұхаң атындағы академиялық драма театрында қойыла бастаған күннен қатаң сынға ұшырады. Ол өз тілінде де, орыс тілінде де жарытып жаза да, сөйлей де білмейтін мәңгүрттер жайлы болатын. Орталық Комитеттің идеологиялық секретарының аузынан шыққан сынау сөздер негізінде, соны қуаттаған, кеңейте құптаған мақалалар газетте етек ала бастады. Бірі «шығармада ұлтшылдық сарын басым» десе, екіншісі «совет жастарына жабылған жала» десіп жатты. Қысқасы, жан қысылған соң, Мұхаңа мұң шағуға бардым. Мұхаң: «Ол мақалаларды оқыдым, қай күні спектаклің болады, алдын ала хабарлас, өзім барамын», — деді. Айтқанындай қасына Орталық Комитеттің сол кездегі екінші секретары Фазыл Кәрібжановты, әрдайым әдебиет-мәдениет қайраткерлерінің тұрмыс жағдайына қамқор болып жүретін сол кездегі қала басшысы Ахмет Әділовті ертіп келді. Спектакльден кейін Мұхаң директор кабинетінде өзімді де, әйелімді де құттықтап, құтты болсын айтты. Фазыл Кәрібжанов: «Мынауың жастар туралы екен. Жақсы шығыпты. Біз сияқты шалдар туралы да (сонда өзінің жасы 48-де екен) осылай етіп біреуін жаз, бала», деп арқамнан қаққанда, Мұхаң тұрып: «Сенің идеологің сынап жатыр ғой» деп қалды. «Оны қойыңыз, өзім айтам, мұндай дүниені қолдау керек, біздің балаларымыз да жаңағыдай сияқты (спектакль кейіпкерлерін айтып отыр). Солай емес пе, Мұха? Молодец, бала!» деп қолын беріп қоштасты да, Мұхаңмен бірге кетіп қалды. Екі-үш күннен кейін осы спектакльге арналған көрермендер конференциясының қорытындысы жарияланған « Лениншіл жас» газетінің арнаулы беті Мұхаңның «Бұл күлкіге дән ризамын» деген мақаласымен ашылды. Дуалы ауыздан шыққан ұлы ұстаздың киелі батасы әлі күнге дейін менің өнер жолымдағы құбылам болып келеді.

Асылында, Мұхаңда біздің осы күнгі ақсақалдарымыздың бойында бола бермейтін ерекше бір қасиет бар еді. Ол кісі әдебиетіміздің қай жанры болмасын, жіті бағып, таланттыны ерте күнінен танып қолдай жүретін. Әлем әдебиетінен бастап ұлттар әдебиетіндегі құбылысты сергек аңғарып, саяткер сақшыдай аңдып отыратын. Әйгілі Мұстай Кәрім, Расул Ғамзатов, Қайсын Күлиев, Шыңғыс Айтматовтарды да алғаш оқшау шығарып пікір айтқан Мұхаң еді. Оны барша жұрт біледі. Әлгі аты аталған азаматтар жазып та, айтып та жүр. Ал өзімізге келсек, Б.Момышұлы, Қ.Қайсенов, Ж.Саин, Қ.Бекхожин, X.Ерғалиев, Ә.Шәріпов, Ж.Молдағалиев, Қ.Аманжолов, С.Мәуленов, А.Сатыбалдин, Т.Әлімқұлов, Ә.Нұрпейісов, Т.Ахтанов, 3.Қабдолов, Қ.Шаңғытбаев, Д.Онегин, М.Симашко, Н.Титов, С.Адамбеков, Т.Бердияров, Б.Соқпақбаев, Ғ.Қайырбеков, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Қ.Мұхамеджанов, Р.Сыздықова, 3.Ахметов, М.Базарбаев, С.Шаймерденов, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, Р.Бердібаев, А.Нұрқатов, Б.Сахариев, Қ.Нұрмаханов, М.Дүйсенов, Т.Смайылов, Қ.Қуандықов, Ә.Әлімжанов, Б.Қыдырбеқұлы, Ә.Жәмішев, Ә.Жұмабаев, С.Жиенбаев, К.Оразалин, А.ІПәмкенов, С.Бердіғұлов, С.Байжанов, 3.Шүкіров, Е.Ибрагим, Ш.Елеукеновтер Мұхаңның ықылас-назарында болған әдебиетіміздің, ғылым саласының әр алуан жүйріктері.

«Шындық көп, ақиқат жалқы» деген шартты берік ұстанған Мұхаң өнердегі айтылар ақиқатын, әсіресе, тарихи тақырыптарға жазылған шығармаларында батыл баяндады. Ежелден қазақ қауымын жегідей жеген, заманында Төле, Қазыбек, Айтеке билер лағынет айтқан, Абайды зар илетіп, запыран тастатқан, ем қонбай келе жатқан дерті локальды патриотизмді, аталық, рулық, жүздік намыс-мүдделерді аянбай әшкерелеп, халық ынтымағын, ұлттық ұйытқыны жас кезінде көсем сөздерінен бастап, «Абай» романдарына дейін ту етіп көтерген бірегей суреткер Мұхаңның өзі болды.

Мұхаң Лениндік сыйлықты алғаннан кейін жаңа тақырыпқа бет бұрамын дегенді айтып та, жазып та жүрді. «Дос бедел дос» драмасынан басталған концепциясы Алашорда дәуірі, коллективтендіру кезеңі, одан бүгінгі күнге дейінгі қазақ қауымының осу жолындағы қиын-қыстау машақаттарын айтпақшы болған. Прозадағы «Өскен өркен» романы айтпақ ойларының алғашқысы еді. Бірақ Хрущев дәуірінің қанжылым саясатына сеніп қалған Мұхаңа советтік кезеңнің шындығын айту оңайға түспеді. Социалист реализмнің «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» дейтін мызғымас қағидасы Мұхаңа «өзің қарғасың, бірақ бұлбұлдай сайра» дегенмен бірдей болды. Сондықтан заманның заңы, идеологиялық құрсау, қанжылым саясаттың таңғы аязы біліне бастаған шақ Мұхаңды еркіндікке жіберген жоқ. Қысқасы, «Өскен өркен» Мұхаңның бүкіл шығармаларының ішіндегі соқыр ішектей болып шыға келді. Осыны ойлағанда: «Әттең, дүние-ай, Мұхаңның сол талаптанған шағы қазіргі біздің егемендік алып, еңсе көтерген кез болар ма еді? » — деп қапаланасың. Не пайда, ақталмас үміт, асу бермес арманға көз тігесің де, қаңғырып қайтып, опық пен өкінішке қалай құл болғаныңды білмей қаласың. Азаттық Мұхаңа бұйырмады, әлі де кешер ғұмыры, құдіретті қаламының жемісі бізге бұйырмады, ортамыздан ерте кетті...

Әу баста Мұхаңның рухани қазанын қайнатып келген ошақтың үш бұты Шығыс, Батыс, өз жұртының арғы-бергі тапқан-таянғаны еді ғой. Осы үш әлемнің әдеби, мәдени, ғылыми болмысын өз талантына жүгіндіріп, бәрінің бірлігін табу кез келген суреткердің маңдайына жазылмаған бақ-береке емес пе? Зейін-зердені осылай бұрғанда, әлемнің әдебиет тарихында өзінен бұрынғы өткендердің де, өз замандастарының да бірде-біріне ұқсамайтын тың-тұлға, сыр-сипаты бөлек шырқау сана, даңғайыр дананың бейнесі көз алдыңызға келеді. Мұхаңды өз дәрежесінде жыға тану үшін жоғарыда айтқан үш әлемнің тамырын басып, жілігін шағып, жігіт танытар психологиялық дейсіз бе, пәлсапалық дейсіз бе, әйтеуір, терең, теориялық тиянақты салыстырмалы зерттеу қажет-ақ. Амал қанша, біз әзірше Мұхаң шығармаларының тілдік, филологиялық, тарихи танымынан әрі бара алмай келеміз. Енді мына бір ақиқатқа жүгінейікші. Мұхаң оқыған мұғалімдер семинариясының программасында болды ма, болмады ма, білмеймін, әйтеуір, Аристотельден бастап Лессингке дейін қалыптасқан драматургия теориясының барлық шарттарын сақтай отырып, бұл жанрдың өзімізде төсегі түгілі жөргегі болмаған жерде күні бүгінге дейін театрымыздың ата қазығы болып келе жатқан «Еңлік Кебекті» 20 жасында жазады. Ал енді, арғы үлгісі грек-рим драматургиясынан басталатын, мектебі мол, осы жанрдың алыптары Шекспир тұңғыш шығармасы 22-сінде, Шиллер 27-сінде жазған екен. Мұхаң творчествосындағы осы бір тылсым жұмбақ, құпиялы құбылысқа не айтарсыз? Ол ол ма, 24 жасында, өз тілімен айтқанда, «тарихы жоқ елдің» әдебиет тарихын жазады. Оның авторы, Ленинград университетінің әлі бітірмеген шәкірті. Бұл еңбектің күні бүгінге дейін теңдесі жоқ. Мұның бәрі жай оқу, жадағай еліктеуден тумаған ғаламат. Ә дегеннен көсем сөз бен проза жанрында әлемдік әдебиетке тән озық үлгіні танытады. Қысқасы, қол күрекпен кен ашады. Сағымнан салтанатты сарай табады. Жылан өтпес жыныстан жол салады. Қылтанақ көрмеген шағыл шөлейт пен тамшы көрмей тандыры кепкен таз тақырға ой құрмасын егеді. Ол орманға айналады. Меңіреуді оятып, мылқауға тіл бітіреді. Әрине, айтулы суреткерлердің ішінде шығыс, батыс, өз мекенін де тамаша білгендер аз болды ма? Бірақ өз басым Мұхаң аударған тың, Мұхаң көтерген жүкті жеріне жеткізгендерді қазір білмеймін. Батысыңда да, шығысыңда да Мұхаңа маңайласар өз ұлт әдебиетінде бар жанрының бастаушысы ғана емес, оның негізін салып, үлгі ұстаз болып қалған, әрі бармайың, XX ғасырда кім бар?

Кейде Мұхаңа теңеу таппағандай, «Өзімнің түк білмейтінімді білемін» деген екеннен басқа артында өз қолымен жазған екі жол еңбегі қалмаған Сократтың маңдайын дәреже көретініміз бар. Оған тіліміз үйреніп кеткен. Ал енді Сократты Сократ еткен өз жерлестерінен Фаллес, Гераклит, Зенон бастаған 25 «маңдай» өткенін ескермейміз. Ал Әуезовтің алдында да, артында да, өз даласында өзімен теңдес келетін кім бар еді? Демек, Әуезовтің маңдайы өзінікі, халқының, ұлтының маңдайы. Осы маңдай дүниеге келуіне қазақ халқының тарихы ұзақ толғатты, ол ә дегеннен өзінің дәуірлік миссиясын мойындап келген, әлемге өзін де, халқын да танытқан дара данышпан.

Олай болса ғылымда көптеп қалыптасқан «самосознание», « Национальное сознание », «Планетарное сознание», «космическое сознание» деген ұғымдардың барын жақсы білеміз. Осы қазақтың өзінің «Қыдыр дарыған, аруақ қонған» деп жүргені сол ғарыштың санаға (космическое сознаниеге) мегзеу емес пе? Яғни, табиғаттың тылсым құдіретімен тілдесу, жеке индивидум болғандығы дарынның көкірек көзі көк тәңірісінен қуат алып, өзгеге өз болмысын танытады дегенді өткен ғасырда ғұмыр кешкен канадалық әйгілі психолог Р.М. Бекк өзінің «Космическое сознание» деген еңбегінде дәлелдеген еді. Ол адам баласының арғы-бергі тарихындағы әулие-әнбие, машайықтардың өміріне шолу жасай келе, Будда, Мұса (Моисей), Иса (Христос), Мұхаммед пайғамбарларды әлгі айтып отырған ғарыштық сананың өкілдері дейді. Менің танымымша, Мұхаң творчествосының тылсым құпиясы да осы деңгейде жатыр. Құдай қаласа болашақта Мұхаң мұрасын зерттеуге сапар шеккен ғалымдар осы биіктен көрінеді деген сенімім мол. Оған өз шығармаларына ғарыштық сананың сәулесі түскен суреткердің адами психологиясынан бері қарай зерттегенде ғана көзіміз жетуі ықтимал. Өйткені Мұхаң әлі әлемдік рухани тарихта өз орнын алмаған құпия тұлға.

1997


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз