Өлең, жыр, ақындар

Тор

/үш көріністі пьеса/

Қатысушылар:

Қария – ақсақал
Гүлбаршын – Қарияның әйелі
Жамал – Қарияның келіні
Баймырза – полицей, алыс туыс
Жомарт – Қарияның інісі, егде кісі
Жұмагүл - Жомарттың қатыны
Айдар – Қарияның кенже ұлы
Рахат – Айдардың досы
Шопыр жігіт
Белгісіз жан.

ПРОЛОГ

Айдалада бір адам жүр. Ол өзімен өзі сөйлесіп жүр. Жынданып кеткен адам іспетті.

Белгісіз жан: Мен Оның алдынан өтпедім емес, өттім. Мен Оның Елшісімен сөйлестім. Мен Оның Елшісіне айттым: «Менің тәу еткім келеді, кешірім алғым келеді, маған арашашы бол» дедім. Бұл маған оңай тиді ме? Бәрінен соң, бәрінен кейін... қалай қиналдым... қисапсыз күмән. Әлгі атың өшкір күн тақаған сайын... Мен кешірім алғым келді... Қақым бар! Бар қақым! Мен Оны мойындамаймын ба? Мен Оған күмән келтіремін бе? Ей, Алла!!! Құдіреті күшті Алла, менің күмән келтірген сәтім болды ма? Барлығы кешіріледі. Кешірілмейтін күнә жоқ. Тек шын өкіну керек. Ал Мен өкінбедім бе? А?! Сен бәрін білесің! Өкінгенімді де білесің!!! Сен маған сонда не дедің? Бәрін көріп, біліп тұрып сен маған не дедің деймін? «Адамның қабіріне бар да сәжде ет, сонда кешірілесің»... Жоқ! Жоқ! Ешқашан! Тірісінде сәжде етпедім, өлгенінде сәжде етпеймін! Жоқ! Ешқашан!

Кенет прожекторлар жанып, автобустың тақап келе жатқан дыбысы естіледі.

Белгісіз жан. Келе жатыр! Бір автобус, толып отыр. Қазір көрсетемін бұларға...

Жасырынады.

БІРІНШІ КҮН

Айдала. Қазақтың кәдімгі бетпақ даласы. Сахнаның арғы бетінен автобустың сұлбасы көрінеді. Бірнеше адам жүр. Алыс жолға шыққан жұртшылық аялдап, демалғанға ұқсайды.

Шопыр жігіт /абыржып/. Автобус оталмайды.

Жұмагүл. Ойбай, не дейді?

Жұрт үрпиісіп қалады.

Шопыр жігіт /ыржалақтап/. Жылан басқандай шошыдыңыздар ғой.

Жұмагүл. Мынау жынды ма?

Баймырза. Оталмағаны қалай?

Шопыр жігіт. Жүрмейді.

Жомарт. Неге?

Шопыр жігіт. Бұзылып қалды.

Жомарт. Қай жері бұзылды?

Шопыр жігіт. Білмеймін.

Баймырза. Бұл қай жер өзі?

Шопыр жігіт. Білмеймін.

Жомарт. Қалай білмейсің?

Шопыр жігіт. Сайын дала ғой, ажырата алмайды екенмін, әйтеуір осы жолмен жүре берсек, Бектеміске жететінімізді білемін.

Жұмагүл. Өте жақсы.

Баймырза. Өзің бұл жердікі емессің бе?

Шопыр жігіт. Жоқ.

Баймырза. Онда неге қашыққа адам алып шығасың?

Шопыр жігіт. Ағам ғой барып кел деген.

Жомарт. Бұл не деген жауапсыздық. Ағаң екеуіңе біз ойыншық болған екенбіз.

Гүлбаршын. Балам, бұл барып кел дегенге шауып барып келе қоятын сапар емес. Әр жердің өз мінезі бар. Оны білмесең, алыс жолға бекер шыққан екенсің.

Жұмагүл. Жетіскен екенбіз.

Шопыр жігіт. Енді... кешіріңіздер...

Баймырза. Кешір дейді ғой, нақұрыс!

Жұмагүл. Не істейміз?

Шопыр жігіт. Осы жақтың адамысыздар ғой. Маған неғыл дейсіздер. Маған, мысалы, бәрібір.

Жомарт. Жоқ, мынаның есі дұрыс емес. Бұнымен біз бекер сөйлесіп тұрмыз.

Баймырза. Тұрған жеріңде тепкілеп тезегіңді шығарайын ба.

Гүлбаршын. Е, Байеке, қой. Сабыр, сабыр.

Баймырза. Жоқ, жеңге. Қазақ осы мінезін қашан қояды? Маған бәрібір, күл болмасаңдар бүл болыңдар деп қасқайып жатады төбеге қарап. Мынаның түрін көрдің бе, қолыңнан келсе шауып ал деп тұр ғой. Қазір шабамын, басыңды кесіп қолыңа беремін, иттің баласы.

Шопыр балаға ұмтылады, ол қашып жүр. Барлығы ажыратып алады. Жұмагүл Баймырзаның жағында шопыр баланы жұлып жүр.

Гүлбаршын. Әй, Баймырза, Жұмагүл, сендерге не болды? Аталарың қиналып қалады. Әне, сыртымыздан қарап тұр. Тоқтатыңдар.

Айдар. Бұндай да болады екен ғой...

Рахат. Төбелескенше жабылып автобусты жөндейік те.

Жұмагүл. Сен екеуің ауыздарыңды жабыңдаршы. Кетіңдерші әрі.

Айдар мен Рахат ренжіп шетке ығысып тұрады.

Жомарт. Әй, көкем, барлық кінә сенде. Алыс жолға көлігіңді сайлап шықпаймысың. Бұл жердің сырын білесің.

Шопыр жігіт /екіленіп/. Білмейді екенмін. Өлтіріп тастасаңдар да білмеймін.

Жұмагүл. Ешнәрсені білмеймін, бұл жердің адамы емеспін деді емес пе. Бұнымен атаңның басына сөйлесіп тұрсың ба?

Жомарт. Кетші әрі. Мынандай жерде көлігі бұзылған адамның кейде сүйегі де табылмай қалады. Ең болмаса, сондай-сондай нәрселерді естіген шығарсың.

Шопыр жігіт. Қолымнан не келеді? Әдейі істеп тұр дейсіз бе?

Жомарт. Жөнде көк теміріңді. Қолымнан келмейді деп өлеміз бе?

Жұмагүл /дауыс салып/. Ойбай-ай, қу құдай-ай, тағы нең бар еді көрсетпеген.

Жомарт. Ей, көк ми, ауызыңды жап!

Жұмагүл үнсіз егілуге кіріседі.

Айдар /шыдай алмай жақындап/. Бұл - жын-пері иектеген жер.

Гүлбаршын. Балам, беталбатты сөйлеме.

Айдар. Ана жолы өстіп бір машина адам адасып кетіп еді ғой, газетке де шықты. Не болған сіздерге, барлығымыз бірге оқыдық емес пе?

Гүлбаршын. Болса болған шығар, бірақ жол үстінде ондай әңгіменің керегі жоқ.

Жұмагүл. Баршын, осы сенің мінезіңді-ай. Бар нәрсені жоқ деп бетбақтырмай қоятының-ай.

Гүлбаршын. Босқа дүрліккеннен не шығады. Қорыққанға қос көрінеді.

Айдар. Апа, мен қорқып тұрған жоқпын. Жеңешем ғой /Жамалды нұсқайды/. Түсі бұзылып кетіпті.

Жамал. Енді не істейміз? Апа, менің өлгім келмейді.

Гүлбаршынды құшақтайды.

Баймырза. Қорықпа. Қоянның көжегі сияқты қалтырайды ғой. Өзім қойныма алып жатамын /қарқылдайды/.

Айдар. Аға, артық сөйлемеңіз.

Баймырза. Ойбай-ай, сен де жігіт болып қалыпсың ғой. Зымыраған уақыт-ай. Бірақ қатын алу қайда саған! Қай сыныпта оқисың?

Қария /жақындап келіп/. Қысыр сөзді қысқарт, Баймырза, ауызыңды жап.

Баймырза. Ауызыңды жап, ауызыңды жап. Онда арақ ішемін барып.

Жомарт. Арақ автобустың артындағы жәшікте.

Баймырза. Хоп, мырзалар мен ханымдар.

Кетіп қалады.

Шопыр бала. Газетке не жазды? Сөйтсе не бопты? Әлгі адамдарды құтқарды ма?

Рахат. Құтқаруын құтқарды ғой, бірақ тең жарымының есі ауып қалыпты.

Шопыр бала. Қойшы.

Рахат. Рас.

Шопыр бала. Біз неге естімедік?

Рахат. Сонда не болды деп сұраса, бір ауыл көрдік, сонда қонақта болдық дейді екен. Бірақ ол маңда ешқандай ауыл жоқ, болған да емес. Енді, міне, біз де...

Жұмагүл. Жаңа осында тоқтай қалайық дегенде жүрегім бір нәрсені сезіп еді.

Рахат. Бопты. Бастысы ауыл көрсек, жоламайық.

Шопыр жігіт. Мұнда ауыл түгіл қорым жоқ. Теп-тегіс дала. Көріп тұрсыздар ғой.

Рахат. Бұл жер - тұтас қорым. Осы уақытқа дейін неше миллиард адам өлді, солардың мүрдесі қайда кетті ғой дейсің. Осында жатыр.

Шопыр жігіт. Сонда Жер бетінде өлген адамды осында әкеп жерлей берген бе?

Қария. Көлік өзі жөнделетін көлік пе?

Шопыр бала. Қазір көрем.

Қария. Жақын маңда ауыл-пауыл бар ма?

Рахат. Мына кісі қызық қой. Ауыл көрінсе жолауға болмайды деп тұрған жоқпын ба.

Қария. Сен екеуің аулағырақ барып ойнаңдаршы.

Шопыр жігіт. Әзір саспай тұра тұрыңыздар. Бәлкім, түкке тұрғысыз нәрсе шығар.

Жұмагүл. Ойбай-ай, той тойлаймыз деп жүргенде жеткен жеріміз осы болмаса бопты.

Қария. Жаман ырым бастама, түге.

Жұмагүл. Осындай бірдеңенің болатынын сезіп едім.

Гүлбаршын. Әй, Жұмагүл, тойға, қуанышқа бара жатқан жоқпыз ба. Гүлжан өзіңнің өкіл қызың.

Жұмагүл. Барлығын біліп тұрмын ғой, Гүлбарыш. Кеше бір түс көрдім.

Жомарт. Әй, болды, жап ауызыңды.

Гүлбаршын. Не түс, жай ма?

Жұмагүл. Мына Жомартқа осы жолға шықпай-ақ қояйық дедім. Бірақ ұят парыз деп қоймады. Жалғыз ағамның қызы деп шыр-шыр еткен соң не де болса көрелік дедім. Бірақ көрген түсім жаман. Жомарт дүйсенбіде шетелге аттануы керек. Бармай қалса, болмайды. Өзің білесің ғой, мен түс көрмеймін, көрсем, қателескен кезім болған емес.

Гүлбаршын. Не көрдің соншама?

Жамал. Қазақ үйдің ішінде осы ата, Жомарт әулетімен түгел отыр екен. Кереге шеті түрулі. Кенет үлкен, ауызынан сілкейі аққан қап-қара төбет келіп, әлгі үйді жұлмалап тістелей бастайды. Парша-паршасын шығарып барады. Сосын шошып ояндым.

Гүлбаршын. Пыссымылда-пыссымалда.

Қария. Болды, қойыңдар. Балаларды шошытпаңдар. /қиналып/. Неғылған адамсыңдар?

Жұмагүл. Жарайды, жарайды.

Қария айналып алыстау барып тұрады. Қасына Жамал жақындап келеді.

Жамал. Ата, қалайсыз?

Қария. Жақсымын, қарғам. Қорықпа.

Жамал. Қорықпаймын. Дәріңізді салып берейін.

Қария. Сөйте қойшы. Кішкене қиналыңқырап қалдым.

Жамал. Қазір.

Қария /қиналып/. Мынау өзі қалай болды.

Жамал. Осы сапарға бекер шықтыңыз.

Қария. Ана қыздың артынан әкесі келмепті демесін деп.

Жамал. Бармасаңыз түсінер еді ғой.

Қария. Аты жаман дерт демесең, бір сапарға жетер қауқар бар. Рахмет, қарғам. Бара ғой. Тоқташы... Саған ана Баймырза тиісіп жүрген жоқ па?

Жамал /қызарақтап/. Жоқ, ата.

Қария. Өзіңді Гүлжанды ұзатқандай қолымнан ұзатсам, арманым болмас еді...

Жамал. Ата, олай демеңіз... Мен ешқайда кетпеймін.

Қария. Әлі жассың, бар өмірің алда...

Жамал. Ата, бұл не қуғаныңыз ба?

Қария. Жоқ, қалқам, бар, бара ғой. Сосын сөйлесеміз.

Құмғанын алып аулаққа кетеді. Сол жерге барып басы айналып құлайды. Барлығы жүгіріп жетеді.

Жамал. Ата!

Гүлбаршын. Ойбай, не болды? Тірі ме?

Қария. Өлді деп үміттеніп пе ең?

Гүлбаршын. Ойбай, сен өлгенде не табам?

Қария. Қайдан білем, байға тиетін шығарсың. Жамал, қарағым, әлгі дәріңді қайта салшы. Әсері болмады ма деймін.

Жамал. Дәрігер шамасын өзім айтқанда ғана өсіресің деп еді...

Гүлбаршын. Жолда бола береді. Сал!

Қарияны ақырындап ағашқа сүйеп отырғызып, Жамал дәрі егеді.

Жамал. Ата дем алсын. Үймелемеңдер. Болды, жақсы.

Қарияның қасында Гүлбаршын мен Жамалдан өзге ешкім қалмайды.

Қария /күбірлеп, қиналып/. Е Аллам, жанымды қинамай ал.

Белгісіз қонақ. Ассалаумағалейкүм!

Қария. Ойбай, бұл кім?

Белгісіз қонақ. Шөп теріп жүріп, адастым. Өлдім деп ем, сіздерді көріп қуанып келемін. Көлік бұзылды ма?

Қария. Иә.

Белгісіз қонақ. Су беріңізші. Өліп барамын.

Қария. Әй, Жамал, Гүлбаршын! Су, су әкеліңдер бері.

Гүлбаршын. Қазір, Жамал, автобустан ал.

Қолында бір шиша суы бар Жамал келеді. Белгісіз қонақ су ішеді. Жамал бұрылып кетіп қалады.

Гүлбаршын. Шөпті неменеге тересің? Есірткі емес пе?

Белгісіз қонақ. Жоға. Емшімін.

Гүлбаршын. Емші болсаң, мына атаңды қарашы, балам.

Қария. Болды, қой, есін жисын. Маған бір Алладан басқа енді ешкім көмектесе қоймас.

Белгісіз қонақ. Олай демеңіз. Үмітсіз – шайтан ғана.

Қария. Менікі – жаман ауру.

Белгісіз қонақ. Қане, көрейін.

Тамырын ұстайды. Таңдайын қағып, айналып жүреді.

Белгісіз жан. Неге емі жоқ, емдеуге болады.

Гүлбаршын. Е, аузыңа май, балам.

Қария. Қайтып емдемексің?

Белгісіз жан. Сіз молдасыз ба, қалай өзі?

Қария. Молда болмасам да, жиырма үш жасымнан намазымды қаза қылып көрмеппін, балам.

Белгісіз жан. Иә, өте тақуа адам екенсіз. Барлық гәп осында.

Гүлбаршын. Жұмбақтамай сөйлеші.

Белгісіз жан. Әңгімем ұнамаса, айтпай-ақ қояйын. Жарамсақтанып, жабысып тұрған дәнемем жоқ, білмесем айтпас едім. Өзім осы өңірге есімі мәшһүр емшімін, атам бақсы болған. Ойнап жүрген бала емеспін.

Қария. Өй, өй, қарап отырып атша туладың ғой. Балам, аман бол, бар бол. Мені емде деп сұранып отырған жоқпын, өзің айтпасаң, емші екеніңді де білмейтін едік. Шала бүлінгенің не?

Белгісіз жан. Кешіріңіз. Әбден шаршап шалдыққандікі ғой. Шынымен артық кеттім, кешіріңіздер.

Гүлбаршын. Оны қойшы, сен шал да, аяқ астынан бекзада бола қаласың. Емдей аламын деп отыр ғой, соны айтсаңшы. Мына атаңды шынымен емдей аласың ба?

Белгісіз жан /нығыздап/. Иә, дертінің бағыт бағдарын сезіп отырмын, емдей аламын.

Гүлбаршын. Онда емде. Ақысына не сұрасаң да, емде.

Белгісіз жан. Осы сөзіңіз рас болса, емдеп, құлан таза айығып, шауып кететін қыламын. Міне, қол!

Қарияға қолын ұсынады.

Гүлбаршын. Немене сіресіп қалдың, берсеңші қолыңды, баланың меселін қайтармасаңшы.

Қария. Енді айтсын да ақысын?

Белгісіз жан. Ақысын емдеп болған соң айтамын.

Қария. Жоқ, болмайды.

Гүлбаршын. Түу, сен де... Мынандай мүмкіндік тұрғанда... Жоқ, сен адам болмайсың... Сен ешқашан адам болмайсың... Осы кеткенің кеткен. Сені тек көр түзейді... Мейлі, өле берсін. Емдемей-ақ қой, балам... Бұндай қырсықты емдеп қоғамға қайтармай-ақ қой.

Белгісіз жан. Жарайды, өздеріңіз білесіздер.

Қария. Енді ақысын кейін сұраймын дейді, бұл дұрыс па?

Гүлбаршын. Ақысын емім қонған соң бір-ақ айтамын деп тұр. Дұрыс емегенде. Ақысын емі қонған соң сұрайтын қанша емшіні кездестірдің осы күнге дейін? Бұл бала әділ сөз айтып тұр.

Қария. Не сұрайтыныңды тұспалдап болса да айтсаңшы...

Белгісіз жан. Жарайды, ақысыз-ақ емдейін Сізді. Тек бір шартым, осы сәттен бастап сәждеге бас иіп, намаз оқығанды тоқтатасыз?

Қария. Мәсссаған, керек болса!

Белгісіз жан. Себебі, ем-дом барысында бар ынта-шынтаңызбен мендік болуға тиіссіз.

Гүлбаршын. Дұрыс болды! Балам, сен бәрін дұрыс айтып тұрсың! Осының намазын қойдыршы. Құлың болып өтейін...

Қария. Немене есің ауысқан ба, кемпір? Не тантып тұрсың?

Гүлбаршын қолын бір сермеп кетіп қалады.

Қария. Шартың қызық екен. Көңіліме қонбай тұр.

Белгісіз жан. Енді бір күн болса да көрсеңізші. Кейін нәпіл етіп қайтарасыз ғой. Ештеме жоқ.

Қария. Иә, бәлкім...

Белгісіз жан. Онда, ата, сізге арнап шөп қайнатам.

Қария. Жарайды, балам, ана кемпірді бұлқан-талқан етпей көрейін. Жалғыз қызымыз күйеуге тиіп, соның артынан төсек орнын апара жатырмыз.

Белгісіз жан. О, құтты болсын, құтты болсын. Мен қазір. Лезде емімді бастаймын. Саспаңыз, ата.

Жамал мен Баймырза оңаша.

Баймырза. Менен неге қашасың? Әрі қазсаң, әмеңгерлік қақым бар. Серікбай марқұм – өзімнің інім болатын.

Жамал. Сіздің әйеліңіз бар ғой.

Баймырза. Әйеліммен бақытсызбын. Көзі өмірі бір ашылмаған сормаңдаймын. Сені көргенде ішім оттай жанады.

Жамал. Аға, қойыңыз, ұят болады!

Гүлбаршын. Жамал, не болды, дауысың қатты шықты ғой?

Жамал. Мына кісі қызық екен.

Гүлбаршын. Әй, Баймырза, бұл қай басынғаның?

Баймырза. Немене? Серікбайдың өлгеніне екі жыл болды ғой. Енді қашанғы аза тұтып отырады? Әлде немене жасырып жүрген біреуі бар ма?

Жамал. Не деген оңбаған адамсыз.

Гүлбаршын. Аулақ! Аулақ, имансыз.

Баймырза. Құдалыққа жүр, погондарыңды тағып ал, формаңды киіп кел дегенде иманды екенмін де.

Гүлбаршын. Болды, жап ауызыңды. Милицияның киімі Серікбайдың көзіндей болған соң сұрадық. Құлыным тірі болса, саған жалынар ма едім. Құрт көзіңді.

Баймырза. Соншама не айттым? Барлығы заңды, жөнімен. Мына балаға обал жасап отырсыңдар. Жібермейсіңдер ме. Немесе әмеңгерлік ретпен мен алайын. Как раз қатыным жоқ.

Гүлбаршын. Сенің қатының қазір жоқ, ертең бар. Оның да сен сияқты, есі дұрыс емес.

Баймырза. Есі дұрыс емес дейтін психиатрсың ба! Білмейтін нәрсеңді айтпа.

Гүлбаршын. Ата сақалың аузына түскенше есі кірмейтін неғылған адамсың. Бар, кетші! Байқұс бала жылап қалды, әне.

Баймырза. Неменеге жылайды беті ашылмаған қыз ба? Бала кеткен соң келінді жібермейтін сендерді көрдім. Обал емес пе.

Гүлбаршын. Обал сауап туралы сен әңгіме айтпа. Істеп жүрген ісіңді халық көрмей отырған жоқ, барлығын көріп отыр. Құдай көріп отыр!

Баймырза. Ойбай-ай, не істеппін мен? Дәлелің бар ма? Бос сандырақтамай алдымен дәлелде мықты болсаң.

Жамал күліп жібереді.

Гүлбаршын. Әй, күйдіргі, баршы, көрінбеші көзіме.

Баймырза кетеді.

Гүлбаршын /басын шайқап/. Не жыларыңды, не күлеріңді білмейсің.

Жамал. Бұл бізді мазақ етсе, өзін Құдай мазақ етсін.

Гүлбаршын. Қарғыстан адам өлетін болса бұл Баймырза бала күнінде-ақ өліп қалатын еді.

Жамал. Ит.

Гүлбаршын. Қой, атаңа барайық. Әлгі жігітпен сөйлесіп қалып еді, қалай болды екен.

Шал мен Белгісіз қонақ отырған жерге аяңдайды.

Қария. Адам сенбейді, бірақ мына баланың үшкіргенінен-ақ жақсы болып қалдым.

Белгісіз қонақ. Мен сізге шөп беремін. Ішкен соң судай жаңа болып шығасыз.

Гүлбаршын. Аузыңа май, аузыңа май, қарағым.

Қария. Түстерің бұзылып кетіпті ғой. Не болды?

Гүлбаршын. Әлгі Баймырза ғой. Сол баяғы әңгімесін айтып, мына Жамалдың көңілін бұзып жүр де.

Қария. Ит-құсқа дейін басынған соң не шара.

Белгісіз қонақ. Ол кім?

Гүлбаршын. Қалада полицей, полковник. Нағашы ағамның кенжесі.

Қария. Сужұқпастың нағыз өзі. Ал мына бала - келінім. Ұл екі жыл бұрын қайтыс болды. Ол да полицей еді. Өлген соң Қаһарман атағын берді. Үш кісіні ажалдан арашалап, өзі шейіт кетті. Несін сұрайсың... Келін әлі қолымызда.

Гүлбаршын. Қимаймыз. Рұқсатымызды бердік. Ол да бізді қимайды.

Белгісіз қонақ. Дұрыс...

Шопыр бала. Ата, автобус бүгін жүрмейді. Қонатын болдық.

Жомарт. Қайда қонамыз?

Қария. Далаға, осында жата кетеміз де. Несі бар?

Жомарт. Ағатай, бір шара қылыңыз. Мен айдалада қонып жата алмаймын. Жаяу шығып барлау жасайық. Мүмкін жақын маңда ауыл бар шығар.

Қария. Ал бұл жігіт – менің жар дегенде жалғыз інім. Жомарт атаң. Өзі қалада коммерсант.

Жұмагүл. Коммерсантыңыз не, бизнесмен.

Қария. Иә, арақ шығарады.

Белгісіз жан /күбірлеп/. Жақсы екен.

Жомарт. Жексенбі күні шетелде алкогольды сусындардың көрмесіне қатысуым керек. Екі күнде қайтам деп жоспарлап ем. Қонғаны қалай? Бауырым, жақын маңда ауыл бар ма?

Белгісіз жан. Мен өзім екі күн адастым. Тып-типыл, түк жоқ.

Жомарт. Енді қайттім? Барлау жасап келейін ең болмаса.

Қария. Кеш батып барады, ертең барлаймыз. Бүгінше ешкім қозғалмайды.

Жомарт. Жоқ, болмайды, мен қала алмаймын.

Шопыр бала. Енді автобус жүрмей қалды ғой.

Жұмагүл. «Қырсыққанда қымыран іриді». Сен албастыны бізге қай құдай жіберді. Бір есі дұрыс шопыр табылмады ма.

Шопыр бала. Шыққанда, барлығы дұрыс еді. Не болғанын өзім де ұқпай қалдым. Түк кінәрат жоқ, тек оталмайды.

Жұмагүл /мазақтап қайталап/. Тек оталмайды. Тұрған жеріңде қылқындырып өлтірейін бе?

Шопыр бала. Қолыңыздан келсе өлтіріңіз.

Жұмагүл. Неге келмейді? Неге келмейді екен? Жаныңды суырып аламын.

Белгісіз қонақ мырс етіп күліп жібереді. Барлығы оған жалт қарайды.

Белгісіз қонақ. Кешіріңіздер.

Жұмагүл. Мынау кім тағы?

Гүлбаршын. Адасып жүрген жігіт. Кездейсоқ біреу.

Жұмагүл. О, Құдайым-ай!

Жомарт. /қарияға/ Ағатай, бұл қалай болды сонда?

Жұмагүл. Енді жат осылай, ағатайым да ағатайым, қызының артынан жұртқа көз қылып мен бармасам, кім барады деп едің.

Қария. Құдалар да бекер күтетін болды-ау.

Гүлбаршын. Біз келмеген соң бері қарай машина жіберетін шығар.

Жомарт. Жоқ, мен күте алмаймын. Жаяу алыс па?

Шопыр бала. Алыс.

Жомарт. Арада ауыл бар ма?

Айдар. Ауылдарға жолауға болмайды.

Жомарт. Неге?

Рахат. Болды, қой деймін саған. Жай, аға, жай қалжыңдап жатыр. Бері жүрші одан да мен саған бір нәрсе айтамын.

Айдар. Немене?

Рахат. Мына жігіт арамызға қайдан сап ете қалды?

Айдар. Шөп теріп жүрген емші ғой. Әкеме көмектесіпті. Жеңілдеп қалдым деп отыр.

Рахат. Жоқ, күдікті, өте күдікті. Түріне қарашы.

Айдар. Иә...

Рахат. Мынау елес деймін саған.

Айдар. Елес болса бола берсін. Енді қайтеміз?

Рахат. Бір қаракет қылмаймыз ба? Өстіп отыра береміз бе?

Айдар. Енді не істейміз? Елеске не істей аламыз?

Рахат. Білмеймін. Жастықпен тұншықтырып көрейік.

Айдар. Кетші бар. Елес өлмейді ғой. Ол баяғыда өліп қалған.

Рахат. А! Онда Құран оқиық.

Айдар. Бар, әкеме айтшы.

Рахат. Анау бір нәрсе сезіп отыр. Бізге қарап қалды.

Айдар. Әке, құран оқып жіберіңізші!

Қария. Қараптан қарап неменеге құран оқимын?

Гүлбаршын. Балам, бос сөйлеме.

Рахат. Енді жат жер. Қонғалы отырмыз. Құранның артығы болмас.

Айдар./қонаққа жаман көзімен қарап/. Бәлкім, аруақтар бар ма, бәлкім, моланың үстінде отырмыз ба.

Баймырза. Әй, әй балалар, не деп кеттіңдер.

Белгісіз жан. Мен оқиын.

Айдар. Жоқ, әке, өзің оқы.

Рахат. Иә, аға, өзіңіз оқыңызшы бір.

Қария. Болды, жетеді. Ешкім ешнәрсе оқымайды. Жайғаса беріңдер, әркім өз ыңғайын өзі тапсын. Қыздың артынан апара жатқан көрпе-жастық жетеді. Таң атсын, бір жөні болар.

Барлығы жайғасып жата бастайды.

Рахат. Көз алдыңа елестетші, сен батырдың ұрпағысың. Бірақ оны өзің білмейсің. Бірақ перінің қызы біледі. Ол саған түнделетіп келіп, азғыра бастайды.

Айдар. Неменеге азғырады?

Рахат. Ұрпақ алу үшін.

Айдар. Алса ала берсін.

Рахат. Есің дұрыс па, ол сенің балаң болады ғой.

Айдар. Бола берсін.

Рахат. Сенің балаң – белгісіз пері қызының қолында өседі. Сенің қаның. Түсінесің бе?

Айдар. Сонда не істеуім керек?

Рахат. Азғырғанына көнбе.

Айдар. Мені кім азғырыпты? Ешкім азғырып тұрған жоқ қой.

Рахат. Азғырса деймін! Өзің сөз түсінбейді екенсің.

Екеуінің көзі ұйқыға кете бастағанда кенет шымылдық артынан хор қыздарының елесі пайда болады. Олардың арасынан екі қыз бөлініп шығып, бұларға жақындайды.

Бірінші қыз. Пай, пай, мына жігіттің сұлуын-ай.

Екінші қыз. Иә, керемет екен.

Бірінші қыз. Мен ғашықпын. Мен осы мезеттен бастап ғашықпын.

Екінші қыз. Онда екіншісі менікі.

Рахат пен Айдар көрпелерін бүркеніп, үрейленіп қалтырай бастайды.

Бірінші қыз. Жоқ, ояу екен.

Екінші қыз. Жігіттер, бері қараңдаршы.

Рахат. Айдар, ойбай, қарама.

Бірінші қыз. Сұлу жігіт сужүрек болады деуші еді анам. Рас екен.

Рахат /жалма-жан/. Мен қорқып жатқан жоқпын.

Бірінші қыз. Онда неге бүркенесің?

Рахат бетін ашып жөнделіп отырады.

Рахат. Сендер кімсіңдер?

Бірінші қыз. Біз мына жақта, ауылда тұрамыз.

Рахат Айдарды бүйірден түртіп қалады. Ол әлі бүркеулі. Шоршып түседі.

Екінші қыз. Досыңыздың ұйқысы қатты екен.

Рахат. Иә, шаршап жатыр.

Бірінші қыз. Жүріңіздер, біздің ауылға қонақ болып қайтыңыздар.

Рахат. Жоқ, рахмет. Бұл жерде де жаман емес.

Бірінші қыз /сиқырланып/. Бірақ біздің ауылға жетпейді. Жүріңіздер.

Қария. Әй, балалар, күңкілдеп кіммен сөйлесіп жатырсыңдар?

Рахат. Жай, ата! /қызға бұрылып/. Жоқ, болмайды.

Ол бұрылғанда қыздар ғайып болған екен. Айналада ешкім жоқ. Рахат Айдарды жұлмалайды.

Рахат. Айдар, Айдар, әлгі қыздар жоқ, жоқ болып кетті.

Айдар. Қайдағы қыздар?

Рахат. Қазір ғана осында екі қыз келіп, бізді ауылдарына шақырды ғой.

Айдар. Жатшы, а. Қыз, қыз деп қанды іштің ғой. Не болған өзіңе.

Рахат шошынып, жатуға әзірлене бастайды.

ЕКІНШІ КҮН

Таң атады. Қария аулақта дәрет алып жатыр.. Гүлбаршын жерге дастархан төсеп, шай қамымен жүр. Жамал мен Жұмагүл қасында.

Гүлбаршын. Түнде атаң тағы қиналды.

Жамал. Мені неге оятпадыңыз?

Гүлбаршын. Ұйқыңды қимадым.

Жамал. Болмайды олай, апа.

Гүлбаршын. Өзімнің шалым ғой, азабына да тоймаймын.

Жұмагүл. Қанша қалды?

Гүлбаршын /жылап/. Білмеймін.

Жамал. Бүгін қызық түс көрдім.

Гүлбаршын. Айт, айта ғой.

Жамал. Түсіме Серікбай кірді. Өңімдегідей ап-анық. Ақ боз үйдің ішінде отыр екенмін, ол есікті айқара ашып суыт кіріп келді де «Жамал, ана Баймырзаға ти, көңілін қалдырма» деп шалт бұрылып шығып кетті.

Гүлбаршын мен Жұмагүл ауыздарын ашып Жамалға қарап қалады.

Жамал. Қалай ойлайсыз, бұнысы несі?

Жұмагүл. Кім білсін.

Гүлбаршын. Пыссымылда-пыссымылда деп қойшы.

Жамал. Иә, пыссымылда-пыссымылда.

Гүлбаршын. Құрысын, Баймырзаны қайтесің.

Жамал. Білмеймін ғой.

Қария мен Белгісіз жан келіп, дастархан басына жайғасады.

Қария. Балалар қайда?

Гүлбаршын. Автобусты шұқылап жатыр.

Қария. Шұқылай-шұқылай қиратып тастамаса бопты.

Гүлбаршын. Жамал, бар, шайға шақыршы.

Қария. Мына бала жақсы болды. Кешегі шөбі көмектесіп жатыр.

Гүлбаршын. Түнде қиналдың ғой.

Белгісіз жан. Дертіңіз асқынып кеткен. Бірден сылып алып тастай алмаймын.

Жұмагүл. Дәрігерлер дауасыз дейді ғой.

Белгісіз жан. Дәрігерлер не біледі...

Жұмагүл. Иә, сен білесің, албасты.

Қонақ мырс етіп күліп жібереді.

Қария /қуанып/. Емдеймін, қолымнан келеді деп отыр.

Гүлбаршын. «Жақсы сөз – жарым ырыс». Ылайым солай болсын.

Белгісіз жан. Құлан таза айығып кетпесе, атымды басқаша қойыңыз.

Гүлбаршын. Қалай емдейсің?

Белгісіз жан. Емдеймін. Бүгін тағы бір шөп ішкіземін.

Қария. Сөйтсе?

Белгісіз жан. Көресіз.

Қария /қобалжып/. Япырым-ай, а.

Гүлбаршын. Мейлі, бер, бер шөбіңді.

Қария. Бұл қалай болар екен?

Гүлбаршын. Іше берсеңші, байқұс-ау.

Қария. Жарайды, балам.

Белгісіз жан. Уәде осы болсын.

Елдің барлығы дастархан басына келіп отырады.

Жұмагүл. Әй, шопыр бала-ау. Не істеп жатырсыңдар? Мына көлік жүре ме жоқ па?

Шопыр бала. Жүретін шығар.

Жомарт. Бұл баланың қолында тұр дейсің бе, мазасын ала бермей қойсаңшы.

Шопыр бала. Иә, таңғы асымызды тыныш ішейік.

Жұмагүл. Атауыңды ішкір.

Гүлбаршын. Ойпырым-ау, Жұмагүл. Жүрегімді тас төбеме шығардың ғой. Ауыз менікі деп сөйлей бересің осы сен.

Жұмагүл. Енді немене. Дүйім жұртты айдалаға иіріп қойып, жүретін шығар деп кергиді.

Шопыр бала. Апа, қолымда тұрса, қазір-ақ жүргізер едім. Еш ақауы жоқ, барлығы орнында, тек оталмайды.

Жұмагүл. Бензині бар ма?

Шопыр бала қолын бір-ақ сермейді. Барлығы күліп жатыр.

Баймырза. Жамал, Жамал, Жамал.

Барлығы жалт бұрылып оған қарайды.

Баймырза /ішіп алған, топқа жақындайды/. Жер де - Жамал, көк те - Жамал.

Жамал ұялып, сызылады. Елдің барлығы таң-тамаша.

Жұмагүл. Мына бейшара таң атпай тойып алғаннан сау ма?

Баймырза. Іштім. Несі бар? Ғашықтықтан іштім!

Қария. Немене оттап тұрсың? Бар демал.

Баймырза. Немене, тірі адам тіршілігін істейді. Жамал сенің қатының емес.

Гүлбаршын. Ойбай, не дейді?

Баймырза. Неменеге қызғанасың? Әлде қатының ба?

Жомарт. Тоқтат! Жап ауызыңды!

Баймырза. Сүйемін мен оны! Құда түсіп келсем, беремісің? Әлде мына бәйбішеңді сұрап тұрғандай шалқаңнан түсемісің? Әлде кәрі деймісің? Ол да оң жақта отырған қыз емес!

Қария. Баймырза, Баймырза. Дәл осы бүгін, дәл осы сәтте қозғайтын сөз емес бұл. Шектен шықпа. Сабаңа түс. Мен сені қор тұтып тұрған жоқпын. Бірақ сен де абайлап сөйле.

Белгісіз жан. Егер келін қарсы болмаса, онда тұрған не бар, ақсақал. Ұлыңыздың қайтқанына екі жыл болыпты. Рұқсат беретін кез келген де шығар.

Барлығы Жамалға қарайды.

Жамал. Қызық, мен бір қызық түс көрдім бүгін...

Гүлбаршын. Жарығым, сосын айтасың түсіңді. Жүрегім қысылып бара жатыр.

Айдар. Әй, еселаң, саған қайдағы қатын? Қайдағы Жамал?

Баймырзаны жағасынан ала кетеді. Апыр-топыр, төбелес. Келесі сәтте, Баймырза байлаулы. Қалған жұрт бір шетте ақылдасуда. Арғы жақта Баймырза мас дауыспен айқайлап жатыр.

Баймырза. Босатыңдар, ей, босатыңдар мені, бәріңді түрмеде шірітем!

Айдар. Таспен атайық. Өлтірейік. Қанын ішейік.

Қария. Балам, қой, сабыр сақта.

Гүлбаршын. Қалай-қалай сөйлейсің өзің?

Жұмагүл. Енді қайтсің, намыстан өліп барады.

Гүлбаршын. Осылай жата берсін. Автобус жүрген соң шешеміз.

Жұмагүл. Құдалардан ұятын айтсаңшы. Бас құданың бірін байлап матап әкепті дейді ғой.

Қария. Есін жиған соң қояды ғой.

Жомарт. Ағатай, осы сенің жүйкең мықты, мені солай қорласа, қалтасындағы мылтығын суырып алып, атып өлтірер едім.

Қария. Ақымақтың қорлығы қорлық емес. Саналы адам қатты айтса, ауыр.

Гүлбаршын /жылап/. Намыс жоқ сенде...

Жомарт. Өмірде бәрінен құр қалып жүргенің осы пәлсапаңнан ғой.

Белгісіз жан /тостаған ұсынады/. Ата, мынау әлгі шөп. Ішіңіз.

Гүлбаршын. Ішсеңші енді, құдай-ай.

Қария ішіп алады. Гүлбаршын мен Жамал оны сүйемелдеп, апарып жатқызады. Осы сәттен бастап Қария аздап мәңгіріп қалады.

Баймырза. Әй, халайық, босатыңдар мені. Ертең елге барғанда аяғымды құшып жылайсыңдар. «Бәке, кешіріңіз, кешіре көріңіз» деп бүкшеңдейсіңдер. Ақымақтар! Соны неге түсінбейсіңдер? Алам мен, ерегіскенде аламын мен Жамалды!

Айдар. Ауызын жауып келейін.

Гүлбаршын. Балам, оттай берсін. Қайтесің оны?

Баймырза. Лаңкестер отырған пәтерге мен жібердім Серікбайды. Ал қайтесіңдер! Басқа жерде, қаланың басқа бөлігінде жүрген Серікбайды әдейілеп шақыртып, лаңкестер жатқан пәтерге мен жібердім. Білдім өлетінін, өлсін дедім!

Гүлбаршын. Ойбай, не дейді!? Не ақың бар бізде?

Баймырза. Биттай болып алып өзінше адал, өзінше көкірек. Иттің етінен жек көрем! Өлтірем, өлтірдім!

Айдар. Ах, атаңа нәлет. Болды, сен де өлдің онда!

Жерден кесек алып жіберіп ұрады. Баймырзаның басына тиіп, үні өшеді.

Гүлбаршын. Ойбай, өлді! Өлді ме?

Жұмагүл жүгіріп барып кеудесін тыңдайды.

Жұмагүл. Демі жоқ, өлді!

Жомарт барып тамырын ұстайды. Сосын басын шайқайды.

Айдар. Әп, бәлем, сауап болды.

Жомарт. Сорлы, неменеге мәз боласың, сотталасың ғой енді.

Шопыр бала. Шынымен өліп қалды ма не?

Гүлбаршын /жылап, басын тоқпақтап/. Бір баладан өлі, бір баладан тірі айырылатын болдым. Құдай, саған не жаздым, ойбай!

Жамал. Апа! Апа! Әлде тірі ме?

Жүгіріп барып, жұлқылап көреді. Баймырза былқ-сылқ етеді.

Рахат. Көміп тастайық! Айдалада сүйегін кім іздейді?

Жомарт. Дұрыс айтасың. Сонда Айдар сотталмайды.

Гүлбаршын. /жанталасып/. Көмейік, тезірек көмейік.

Шопыр бала. Әй, әй, қойыңыздар! Бұл қылмыс қой! Қылмысты жасырған -қылмыс! Білесіздер ме осыны?

Белгісіз жан. Иә, барлығыңыз ағайын-туыссыздар. Баймырзаның сиқын көріп тұрсыздар. Кім біліп жатыр. Мына бір жапырақ баланы түрмеге кім қияды?

Жұмагүл. Олла-білла мен ешнәрсе айтпаймын. Бірақ мынау /шопыр баланы нұсқайды/, мынаның айтуы мүмкін.

Жомарт. Әй, ауызыңа ие боласың ба?

Шопыр бала /күмілжіп/. Жасырсақ бәріміздің басымыз кетеді...

Жұмагүл. Айттым ғой!

Жомарт. Әй, бері кел.

Екеуі оңаша шығады. Жомарт оған ақша ұсынып жатқан тәрізді. Талас, әрі қарай сауда кетеді. Жұртшылық соларға аңтарылып біраз қарап қалады.

Айдар. Жомарт аға, керек емес. Ешнәрсе керек емес. Мен кетемін. Мен кеттім.

Гүлбаршын. Қайда барасың?

Айдар. Мында ауыл бар. Кеше Рахат сен ұйықтап қалғанда мен қыздардың ауылына бардым. Раушан деген қызбен таныстым. Қайтып ораламын деген уәдемді алып қалды. Сонда барамын.

Рахат. Ей! Маған айтпай қызға бардың ба? Мен сені түрмеден қалай құтқарамын деп жанталасып жүрсем, сен маған айтпай қызға бардың ба немене? О, қарабет!

Айдар. Саған болмайды. Олар адам емес.

Жамал. Біссімалда деші, ерке бала, біссімілда деші.

Гүлбаршын. Ойбай, мынау жынданып кетті!

Айдар. Баймырзаны өлтіріп, айдалаға безіп кетті деңдер. Қош!

Рахат. Ей, тоқта, мен де барам.

Жұмагүл. Неғып тұрсыңдар, ұстаңдар аналарды!

Белгісіз жан. Жоқ, барсын.

Гүлбаршын. Барсыны қалай?

Белгісіз жан. Бұл жақта ел жоқ. Өздері сандалып қайтып келеді. Қайта кішкене сабасына түседі, кісі өлтірген оңай ма?

Жомарт /Жұмагүлге сыбырлап/. Мынау үй әперсеңдер айтпаймын, әйтпесе ондай күнәні арқалап жүре алмаймын деп тұр.

Жұмагүл /бетін шымшып/. Өләәә, енді үй әпересің бе?

Жомарт. Басқа не амал бар?

Жұмагүл. Ақымақ, не амал барың не? Баймырзаның артынан жөнелт. Әй, бірақ сенің батылың жете қоймас. Өзім, өзім жөнелтем.

Жомарт. Есің дұрыс па?

Жұмагүл. Үндеме.

Жомарт. Әй, қалада не көп, ескі үй көп. Біреуін әперем. Ағатайымның жалғыз ұлы, әулеттің тұяғы. Аямаймын еш нәрсе!

Жұмагүл. Санасыз, қазір үй ғана әпер деп тұр, ертең сол үйді дүниеге толтыр, сосын қатын әпер, сосын балаларымды оқыт дейді. Жиған-тергеніңнің бәрін осыған беріп қарап отырасың мөлиіп.

Жомарт. Рас, бірақ.

Жұмагүл. Өзім қатырамын, саспа. Әй, шопыр, бері келші.

Жомарт /үрейленіп/. Жеңеше, Жамал қарағым, жүріңдер, Баймырзаны жерлейік.

Жұмагүл. Көлігің жүре ме жоқ па?

Шопыр бала. Өздеріңіз ғой, быт-шыт болып кеттіңіздер.

Жұмагүл. Жүр, көрсет.

Шопыр бала. Аха, сіз жетпеп едіңіз енді.

Жұмагүл. Қазір көресің жетпегенді. Сөз бар сенімен.

Шопыр бала. А, сөйтпейсіз бе, автобус жөндеймін дегенше.

Гүлбаршын. Жамалды араластырмайық, қайным.

Жомарт. Екеуміздің әліміз келмейді. Көр қазу керек.

Гүлбаршын. Шопыр қайда?

Жомарт. Жоқ, ол шопыр.

Гүлбаршын. Қазір ғана осында еді ғой. Неге үндемей қалдың? Жұмагүл әлгі баланы қайда алып кетті?

Жомарт. Баймырзаны Айдар өлтірді деп полицияға айтам деп бой бермей тұр. Жұмагүл сөйлессін енді. Менің сөзім таусылды. Бол, жүріңіз. Күн ыстық, иістеніп кетеді.

Белгісіз жан. Мен жәрдемдесемін.

Жомарт. Иә, келіңіз.

Белгісіз жан. Шопырды да өлтіріп тастадыңдар ма? Дым да етпейді, айдала кім біліп жатыр.

Гүлбаршын. Немене дейді?!

Жамал. Атам қаннен қаперсіз ұйқыда.

Жомарт. Ұйықтасын, ұйықтай берсін, келіңдер, іске кірісейік.

Сәлден кейін дастархан басында Белгісіз жан (Қарияның орнында), Гүлбаршын, Жамал, Жомарт, Жұмагүл состиып-состиып шай ішіп отырады.

Жұмагүл. Енді автобусты кім айдайды?

Жомарт. Автобус айдап көрмеппін.

Гүлбаршын /жылайды/. Балалар үшті-күйлі жоқ, Айдар жоқ.

Жамал /жылайды/. Бұлай боларын білгенде, Баймырзаға тие салар едім ғой.

Жұмагүл /жылайды/. Осы жолға шықпай-ақ қояйық дедім.

Белгісіз жан. Иә, бір қызық болды.

Гүлбаршын. Атаң қалай?

Жамал. Білмеймін.

Гүлбаршын. Шақыршы, балам. Мында келсін.

ҮШІНШІ КҮН

Кенет тұман көтерілді де, бұл адамдардың сұлбасы көмескіленіп, өзге, өткен бір дәуірдегіше киінген, тұрпатттары сәл басқа адамдар тобы көрінді. Бір топ еркек шал мен келіншекті желкелеп, төбе басында тұрған адамға әкеле жатыр. Біздің замандастарымыз мына бір тылсым көрініске ауыздарын ашып қарап қалады.

Қамқа. Жаным-ау, адам баласысың ғой, осы айыбымыз не? Не қылмақсыңдар? Айтып өлтірсеңдерші?

2-еркек. Анау атаңмен – Қодармен жақын болғаның үшін қазір екеуің де жайрайсың.

Қодар /төбе басындағы адамға айқайлап/. Уай, халайық, мені құдайдың жылатқаны аз ба еді? Бұ не қырсығың?

1-адам. Тарт тіліңді.

2-адам. Қысқарт!

3-адам. Жап ауызыңды!

Құнанбай. Шығартпа үнін! Жоғалт көзін!

1-адам. Өй, қуарған көктөбет!

Қордар. Иә, мен көк ит болсам, сендер көп итсің. Жабыларсың, таларсың да жерсің!

Бір топ адам Қодар мен Қамқаны жар басына қарай сүйрей жөнеледі.

Қодар. Ақ, қарамды тексермедің бе, өңшең қан жұтқан, қара бет?!

2-адам. Шық алып мынаның басына! Құлатыңдар содан кәпірлерді! Бітсін сонымен! Ей, тарқама түге! Тоқта былай! Әлі жандары шыққан жоқ. Енді анау кәпірлерден өз жанымызды ақтап, аулақ әкету үшін, қырық рудың қырық кісісі кесек атсын. Ал осы жиындағы әр атаның баласынан бір-бір кісі кесек алыңдар қолдарыңа!

Барлық жұрт қолдарына бір-бір кесек алады. Ата бастайды. Сол кезде оқшаулау, осы топтың арасында, бірақ шеттеу тұрған бір адамның сұлбасы көрінеді. Ол – айдалада көлігі бұзылып қалған топтың жаңа серігі – Белгісіз жан. Осының бәріне Қария сырттан қарап тұр. Оны алдымен Жамал көреді.

Жамал. Ата, Ата!

Гүлбаршын. Ойбай, әкесі, біз мында тоз-тозымыз шықты ғой. Айдар жоқ, кетіп қалды.

Жомарт. Ойбай, мына қонағымыз анда да жүр ғой.

Қолымен сағымды нұсқайды. Ол сейіліп кеткен екен.

Қария /ешнәрсеге мән бермейді, Белгісіз жанды ғана көріп тұр/. Кімсің?

Белгісіз жан. Менің кім екенімді сен түсіндің ғой.

Қария. Қу жанымның қамын ойлап, бетіңмен жіберген екенмін. Түсіндім.

Жамал. Сіз кімсіз?

Белгісіз жан. Мен – адамның мәңгілік серігімін. Қиын қыстау кездері қашанда қасынан табыламын.

Қария. Иман кеткенде мен келемін де.

Белгісіз жан. Иман кеткенде мен келемін.

Қария. Енді жолыңнан қалма. Бар. Біз түсіндік.

Белгісіз жан. Дертіңе дауа болар ем...

Қария. Алла салғанға көндім.

Белгісіз жан. Олай болса, көліктерің жүріп тұр. Кеше мен... жай... тоқтатып едім. Жүре беріңдер. Рұқсат.

Баймырза орнынан тұрады, Айдар мен Рахат, Шопыр бала барлығы қайтып оралады. Жаңағы оқиға түгел сиқыр, иллюзия болғанға ұқсайды.

Жамал /қысылып/. Сіз ше?

Белгісіз жан. Мен осында қаламын. Қаладан тағы бір автобус шықты.

Адамдар қараңғыға сіңіп жоқ болады. Тым-тырыс. Тек Белгісіз жан ғана қалады.

Белгісіз жан. Мені үш жағдайда есіңе ал. Ашулансаң мені есіңе ал, мен сенің қан тамырыңмен жүремін. Жауға бетпе-бет келгенде есіңе ал, мен ондай адамға бала-шағасын және әйелін есіне салып қашуға итермелеймін. Бөтен әйелмен отырудан сақ бол. Себебі, мен екеуіңнің араңда елшілік жасаймын. Сақ жүр, Адамның ұрпағы, мен осындамын...

СОҢЫ.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз