Өлең, жыр, ақындар

Қазақ өлеңінің көне қоңырауы

Оны о баста қоңырау етiп Табиғат пен Уақыт екеуi бiрлесiп құйса керек. сiлкiнiп қалған кезiнде оның өз бойынан жасынның жарығындай-қып-қызыл от шашырап, тiршiлiктiң демiндей өрттей ыстық леп ұратыны сондықтан. Сiлкiнiп қалған кезiнде оның өн бойынан жалын бұрқырап, астан-кестен болып жатқан ұлы мұхиттардың сұрапыл шуылы мен гуiлi әлденеден бөрлiгiп, әлденеден үрейленген мына қан базар өмiрдiң төбесiне қатар төгiлiп жататыны да сондықтан. Оның өн бойынан аспан мен адамның алапат күрсiнiсi қатар естiлетiнi де содан деп бiлемiз.

Ақын Әбдiлдә Тәжiбаевты о баста Табиғат пен Уақыт қоңырау етiп құяр кезде оны алдымен халық жүрегiнде қорытып, халық жүрегiнде шыңдап алғаны сөзсiз. Сондықтан да, қашан көрсең де, оның көмейiнен халықтың ойы құйылып, тiлiнен халықтың сөзi сорғалап тұрады. Халықтың алып жүрегiнде қорытылып, халықтың алып жүрегiнде шыңдалған қоңырау, сол халықтың терең ойы мен сұңғыла сөзiне айналмай ендi не iстемек?! Ал халық жүрегiнде қорытылып, халық жүрегiнде шыңдалып барып құйылған қоңырау, сөз жоқ, күмбiрiне құлақ түрген әрбiр адамның жанын шыңдап, жүрегiн суғарары тағы белгiлi.

Әбдiлдә Тәжiбаев — шынында да көне қоңырау. Тозған, ескiрген емес, көкiрегiне елiнiң көсемдiгiн, көшелiгiн жиған, тұла бойына даланың дарқандылығын, даналығын сiңiрген көне қоңырау. Ал ондай қоңырау — қай тұстан шықса да — селт еткен дыбысқа сергек, қылт еткен қимылға ояу. Қай уақытта көрсең де оның дамылсыз дабыл сап, тас төбеңде күмбiрлеп тұратыны да сондықтан. Өне бойына мына мазасыз өмiрдiң құсасы мен қуанышын, күлкiсi мен күрсiнiсiн, қысастығы мен құштарлығын құныға сiңiрiп алатын ондай сергек те ояу қоңырау дабыл салмай тұра алмақ емес. Дабыл сап тұрған ондай қоңырау күндердiң бiр күнiнде салғырттың санасын жаңғыртып, қамсыздың қанын оятары кәдiк.

... Мiне, қазақ өлеңiнiң көне қоңырау тағы да дамылсыз күмбiрлеп тұр. Үнiнде риза қуаныштан гөрi, уайым-күрсiнiс көбiрек секiлдi. Яғни уақыттың желi, дүниенiң демi оны солай соқтырып тұр!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз