Өлең, жыр, ақындар

Кірпігіне қан қатып қоғамың тұр

Бауыржан Бабажанұлы барынша қарапайым жазады, шешен жазады, бiр сөзбен айтқанда, қазақы ақын. Табиғаты қазақы. Бiзде қазақы жазуды, қазiргi заман құбылысынан кеш қалып қойғандай, уақыт көшiне iлесе алмай қалғандай, көне стиль, ескi сүрлеудi шиырлап жүрген сияқты көретiндер бар. Бауыржан туралы олай ойлау күнә. Ол тiптi де заман құбылыстарынан да, уақыт көшiнен де сырт қалған ақын емес. Қазақы көрiнейiн деп өлең жолдарына қаптаған архаизмдердi арқалатып та қоймайды.

Оның ерекшелiгi сонда — қандай бiр күрделi ұғымды да қазақ жанына жақын етiп қорыта бiлетiндiгiнде. Ол сөз iздеп, оны жамап-жасқап жатпайды, сөздiң өзi табиғи түрде құйылып жатады. Яғни, қазақы ситихиялық мiнез. Қай өлеңiн оқысаңыз да, одан көкiрек сарайыңды ашып жiберетiн даланың аңқылдаған желi есiп, нөсерден кейiнгi жусанның кермек иiсi бұрқырап қоя бередi. Оның өлеңдерiндегi мұндай қазақи жайдары мiнез ұлттық тақырыптарды жазғанда ғана емес, мүлде басқа тақырыптарды жырлағанда да, атап айтқанда, «Ескендiрдiң мүйiзi», «Сүлейменнiң жүзiгiнде» де анық көзге ұрып тұрады. Мәселен, сол «Сүлейменнiң жүзiгiн» алайықшы. Бұл өлеңде Бауыржан жұрттың бәрiне белгiлi оқиғаны хабарлы сөйлемдермен баяндап жатпайды. Одан осы заманға сай философиялық мән-мағына iздейдi. Iздегенде де нақты әрекет арқылы, яғни Сүлейменнiң жүзiгiн қолына киiп алып сөйлейдi.

Қайран басым болған кезде бiр әлек
Жалғай алмай бiр ойлардың үзiгiн,
Пайғамбардан қалған маған мұра деп
Тақтым қолға Сүлейменнiң жүзiгiн.
Содан кейiн күндер кештiм қызықты ең,
Құшағы ыстық Бақтың ауылын мекендеп.
Сәуле түсiп, жазу шықты жүзiктен
«Байқа, бала, бұл күндер де өтер» деп.

Тақырыпты қазақша қорыту, яғни қазақ ұғымына жақын, қазақ ұғымына сiңiмдi етiп беру деген осы. Әйтпесе, Сүлейменнiң жүзiгiндегi мәтiнде «байқа, бала», деген тiркес жоқ қой. «Байқа, бала, бұл күндер де өтер» деген тiркес қазақ үшiн әлдеқайда салмақты, әлде қайда ұғынықты.

Әрине, Бақыт дегенiңiз де баянсыз. Ол да тас төбеңде бұлбұлдай тамыл жытып сайрап, тотықұстай мың құбылып тұрады да, күндердiңкүнiнде басыңа бiр саңғып ұшып кетедi.

Аттан түстiм, түстiм дұшпан торына,
Азап шектiм, ит өмiрден жерiндiм.
Далбасалап қарап едiм қолыма
Бұл күннiң де өтетiнiн ұғындым.

Әлбетте, Бауыржанды қинайтыны өз басының халi емес. Оны қинайтын жайт, көкiректерi аяққаптай-аяққаптай боп, кеуделерiне нан пiсiп, ысқырықтарымен жер жарып, жетi қабат таралғыны қатар үзiп жiберердей боп шiренiп, көздерiн шел басқан асып-тасқандар. Соларды көрiп тұрған Бауыржан:

Соңына ерген көп итiне үргiзiп
Ендi тiзе батырмас деп мына елге,
Тым болмаса түссе көктен бiр жүзiк
Кигiзер ем, шiркiн, ана бiреуге... —

дейдi. Өлең бiттi. Бiрақ оқырманды толғандыратын, толқытатын толғақты ой қалды. Жалғанды жалпағынан басып жүрген сол шiренген шiркiндердiң қолдарына сенiң де Сүлейменнiң жүзiгiн кигiзгiң келiп кетедi.

Жалпы, Бауыржан сөздi аса қасиеттi ұғым, яғни, дүниенiң алтын дiңгегi, асыл қағидасы деп бiледi. Ол ертеректе жазылған «Сөз» деген өлеңiне киелi кiтаптағы «әуелi сөз болған» деген тiркестi эпиграф етiп алуының өзi содан болса керек.

Мақсат басқа, өзге арман,
Болмысым да... көнердi.
...Атамыздан сөз қалған,
Не қалдырам мен ендi?
Сап, сап, көңiлiм — бозжорғам,
Жоқ нәрсеге налыма.
«Ең әуелi сөз болған»,
Сөз болады соңы да!

Рас қой. Адамды шыр етiп жерге түскеннен әуелi сөз күтiп алады, соңғы сапарға аттанарда сөз шығарып салады. Сондықтан да, сөз қадiрiн бiлу деген сөз — өз қадiрiңдi бiлу деген сөз. Өз қадiрiңдi асқақтатам десең, онда сен сөз қадiрiн асқақтат. Өйткенi мына дүние сөзбен ғана өлшенедi, сөзбен ғана бағасын алады. Өмiрдiң алағай да бұлағай аласапыран тiршiлiгiне де, адам жанының жықпыл-жықпыл түкпiрлерiне де қоғамда болып жатқан ақ түтек, қара құйынды құбылыстары мен сапырылыстарына да тек сөз арқылы үңiле аласың.

Несiн айтасың, қазiр бiздiң күнiмiз, қашанғыдай, «қасқыр байлап ұстағандай қорада» болып тұр ғой. Ылғи бiр бiтпейтiн де қоймайтын арбасумен, аңдысумен күн кешiп келемiз. Содан барып сан соғып опынасың, тiптi омақаса құлап, бiр жақ қабырғаң опырылып құлағандай боласың. Олай болмаса, ақын:

Мен, мен едiм, мен едiм,
Тауға айналдым, төбе едiм.
Егемендi ел болдым,
Ендi мәңгi жайқалады желегiм
... деп едiм.
Бiрақ, бiрақ азат, дарқан елiме
Тiлiм керек болмады.
Дiлiм керек болмады.
Дәл осылай кете берсе егерде
Менiң дағы болар ма екен керегiм?! —

демес едi ғой. Дәл қазiр бәрiмiздiң жанымызды жеп, етiмiздi езiп, сүйе-гiмiздi кемiрiп жатқан сұрақ осы ғой. «Мен, мен едiм, мен едiм» деп жүрген мына елдiң керегi бар ма өзi?! Әй, қайдам... Өйткенi «Қазақты алдау» дейтұғын бiр ойын бар, Қазақстан дейтiн мемлекетiмде»... сол ойыннан «ойынымыз осылып» кетпесе игi едi...

Ел мен жер тағдырын ойлаумен қабаржып жүретiндiктен бе, жоқ, әлде о бастағы табиғи болмыс-бiтiмiнен бе, Бауыржанның ең бiр жақсы көретiн мезгiлi — Күз. Күздi мол жырлапты. Тiптi ол күздi адам кейпiне енгiзiп, оны шәлкес мiнездi, долы, дүлей қимылды Құдағай ретiнде қабылдайды.

Сәлем бердiк, төрге шық, Күз-құдағай,
Құрметiмiз қалған ба, сiзге ұнамай?
Қабағыңнан қаймығып, кеттi шығып
Қыз мiнездi жаз дейтiн бiздiң ағай.
Даңғыратып бұлт-нөкер шелектерiн
Желiктiрер анау жел желөкпенi.
Әжемiздiң өрмегiн күрт үзiпсiз,
Сәл сабыр ет, құдағай, о неткенiң?
Бiздiң әрбiр iсiмiз күнә сынды.
Өршелене жаясың құлашыңды.
Жекжат жөнiн бiлмейтiн ел емеспiз,
Ақылға кеп, бер ендi бiр ашуды.
Қайың шашын жұлыпсыз, обалдағы-ай,
...Бұрын қалай келгенбiз абайламай.
Бiз еңкейген сайын сiз шалқаясыз
Мiнезiңiз, апыр-ай, қалай-қалай?

Бұл өлеңге түсiнiк берiп жатудың өзi артық. Сурет — өлең. Образ — өлең. Ешқандай талқылап, таратып жатпай-ақ бәрi ап-айқын. Бұл өлеңнiң тағы бiр көзге ұрып тұрған ерекшелiгi барынша қазақы мiнезiнде, яғни қазақы орындалуында. Сол үшiн де әдейi келтiрдiм, Бауыржанның сөзден өзiмiзге етене таныс сурет сала бiлетiн шеберлiгiне тәнтi болғандықтан. Әйтпесе, Абайдың «Қыс» өлеңiнен бастап жыл мезгiлдерiн адам кейпiне келтiрiп суреттейтiн өлеңдер, Құдайға шүкiр, жетiп артылады.

Негiзiнен, Бауыржан күздi өзiмнiң көңiл-күйiмнiң ауа райы, жан құбы-лыстарымның климаты деп бiледi.

Мөлдiр бұлттан пәренжi жамылды Ай да,
Шаршады ғой... аспан сәл дамылдай ма?
«Жылама ендi, сүрткiн, — деп — көз жасыңды»
Ақыл айтар күзге ешкiм табылмай ма?
Мен-ақ ақыл айтар ем, түсiн, бiрақ...
Бiреу алып кеткендей күшiмдi нақ.
Айқайлаймын, дауысым шығар емес,
Тұр өйткенi, менiң де iшiм жылап.
Көңiлдiң көп бояуы оңар шерден,
Бiзге-дағы көп адам болар сенген.
Сол сенiмнен шығайық, жылама, күз,
... Алдыменен сен тоқта, содан соң Мен.

«Көңiлiнiң көп бояуы шерден оңып» кеткен Бауыржанның iшiн қанжылататын жағдаяттар көп болып тұр. Тым көп. Өйткенi «шындығыңыз бүгiнде тұлдыры жоқ тұл жетiм». Өйткенi ол «мыстан-өмiр қолынан көземенен қайғы iшкен». Өйткенi ол:

Данғазаның буына маң дала мас,
Жапырақсыз қурады орман-ағаш.
Кiрпiгiне қан қатып қоғамың тұр.
Үмiт күткен ұрпағың ол жалаңаш.
Арманымен қондырған айға өлеңiн
Адалдықтың әр кезде байрағы едiң.
Етiк сатып ертеңiң базарда жүр,
Ендi күнiң не болар қайран елiм? —

деген етiн езiп, сүйегiн үгiтiп жiберетiн ауыр сұрақтың астында жүр. Қай жағына қараса да еңсесiн басып, жан-жүрегiн талап, сезiм талшықтарын отап жiберетiн көрiнiстердi көре-көре көңiлi әбден қайтқан ақын «бақытсыздық пен ақында бар ма екен әлде үндестiк» деген зiл батпан тұжырымға келедi.

Мен бұл мақаламды Бауыржанның өз өлеңiмен аяқтағым келiп тұр. Өйткенi ол өлең көбiмiздiң қазiргi көңiл-күйiмiздiң ең керектi пернесiн дәл басып, шер-мұңымыздың шегiн дер кезiнде қағып жiберетiн жұп-жұмыр қалпында, аяқ-қолы балғадай боп туа салған өлең екен.

Жүрегiмдi билегенде нала-мұң,
Хал-жайымды сұрай берме, қарағым,
Құлай-құлай таусылған бар амалым,
Күрсiнуден күлге айналған жанарым.
Лаулай алмай, бықсып жанған шаламын.
Қарашаның бұлты-сынды түнерген
Қара көзден қан ағызып күлем мен.
Жанарында қайғы жусап, мұң өрген
Қара түннiң үрпiнен мен жыр емгем.
Содан болар көңiлдiң көп кетеуi,
Менiң жаным — көңiлсiздiк мекенi.
Қиялымның қанжылаған жанары,
Арманымның жасқа толған етегi.
Көкiрегiмде күрсiнгенде шерлi өлең,
Сәби-мұңды бесiгiмде тербеп ем...
Өз сезiмiн өзi өлтiрiп жерлеген
Қанды қолды қатыгезбiн мен деген.
Хал-жайымды сұрай берме сен менен.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз