Өлең, жыр, ақындар

Күрсінумен күн өтіп, өкінумен өтті түн

Айым туып солымнан
Адасайын жолымнан.
Жетi басты жалмауыз
Жетелесiн қолымнан
Қу жиылсын қасыма,
У бұйырсын асыма!
Бұлдырықтай оқ жаусын
Жұдырықтай басыма.
Маңдай терiм құрысып,
Самай терiм тырысып! —
Жат жерiнде жатайын
Өз-өзiммен ұрысып!
Тақтан тайсын тақымым,
Жатқа айналсын жақыным.
Өмiрем қап өлеңiм
Адыра қап ақылым!
Жүйкем жүндей бұрқыра,
Шыбын жаным шырқыра!
Итiм өлiп iшiмде
Иiсi шықсын сыртыма!
Отыз омыртқам үзiлiп
Қырық қабырғам қақыра!
Iбiлiстiң iлiмiне қызығып,
Кiр тигiзсем,
Тiл тигiзсем
Ақын деген атыма! —

дейдi тегеурiндi талант иесi Алмас Темiрбай.

Шiреп тартылып қозыжауырын жебе ұшырған адырнадай аңырап немесе атылар кездегi жыландай ширатыла бүктетiлiп, шиыршық атып немесе тастақ жерде тұлпар тұяғындай дүбiрлеп немесе тау домалаған тастардай сатырлап естiлетiн бұл өлең, сөз жоқ, кез-келген анатологияның райын кiргiзiп, шырайын келтiретiн, ажарын асыратын мықты-ақ өлең.

Бiз өз өмiрiмiзде талай-талай серт те, талай-талай ант та естiп келе жатырмыз. Әсiресе, кейiнгi кезде алтынмен аптап, күмiспен күптеген ертегiдей ғажайып орда-сарайларда кекiрейiп кердеңдеген әлдекiмдер пәпкiсiн жайып, көзiлдiрiгiн жөндеп халыққа қамқор болам, елге қызмет етем деп ант-су iшiп жатады. Бiрақ олар берген анттарының үдесiнен шыға алмайды. Олардан берген анттарыңның үдесiнен неге шықпадыңдар деп сұрап жатқан ешкiм жоқ. Сөйтiп қасиеттi ант сөзiнiң де құтын қашырып, қадiрiн ұшырып бiткендей ек. Тағы да ол ант пен серттердiң сөздерi де қандай жадағай, қандай құрғақ едi десеңiзшi! Сүйек жұтқандай өңешiңдi орып жiберетiн.

Алмастың мына өлеңiн оқи отырып қадiрi ұшып, құты қашып кеткен, үлкен әрiппен жазылуға тиiс Антпен құштарлана қайта қауышқандай болдық. Құдай алдында тұрғандай қарғанып тұрып, айтылған дұғадай естiлетiн үлкен ақындық тегеурiнмен, ақындық шабытпен айтылған мұндай Ант пен серттi бұрын-соңды естiмеген екенбiз. Шығарып салу үшiн айтыла салған жай сөз емес, көктiң төсiнен үзiлiп ұшқан жай оғындай сөз екенiн бiрден-ақ ұғасыз.

Алмас Темiрбай сөздiң иiнiн де, иiрiмiн де, екпiнiн де, тепкiнiн де, құрылысын да, құбылысын да жете меңгерген ақын. Ол тiптi кез-келген сөздiң өмiрден алатын үлес салмағын ғана бiлiп қоймайды, кейде сол сөздердiң құрамын жаңа элементтермен байытып, оны бұрынғыдан да салмақтандырып, бұрынғыдан да сән-салтанатын келтiрiп құбылтып жiбере алады.

Алмастың екi жыр жинағына алғысөз жазған қазақ поэзиясының үлкен өкiлдерi болып саналатын, iрi талант иелерi Серiк Ақсұңқарұлы мен Есенғали Раушановтар да оның поэзиясына тәнтi екендiктерiн жасыра алмапты. Серiк айтады: «Адамзаттың алтын рухани бекетi — ұлы Мәртебелi поэзияға ақын атаулы екi жолмен келiп ат шалдырған. Бiреулер өлеңге өлеңнен келедi. Бiреулер өмiрден келедi. Алмас Темiрбай өлеңге өмiрден келген ақын. Ойы — ордалы, сезiмiнде селкеу жоқ. Шығармашылығы — өмiрдiң өзiндей шынайы. Жаттандылықтан ада. Өмiрдiң өзiндей қайнаған қайшылықтарға толы. Тақпақ оқымай, өлең оқып отырғаныңды бiрден сезесiң». Ендi Есенғали айтады: «Көкшетау бiр таза жер перi жүрген, мұнда жоқ жын мен сайтан өрiп жүрген» — деушi едi ғой Iлияс Жансүгiров. Алмастың өлеңдерiн оқығанда осы жолдар ойымызға орала бередi. Жаны таза, рухы биiк, дүниеауи заттарға алданбаған, былғанбаған жас жүректiң лүпiлi сезiледi бұл өлеңдерден. Кейде таң-тамаша қалдырып, кейде көзiңе жас үйiрiп, кейде ерiксiз езу тарттыратын таза жырлар бұл. Оның үстiне, Алмас Алматыдан шалғай жүрсе де, бәлкiм, ұстаздары тәуiр болды, әлде өзiнiң алғырлығы болар, техникасы және содан туындайтын барлық шартты және шартты емес мiндеттердi шебер меңгерiп алыпты. Бәрекелдi, деймiз оған!» Осылайша екi ағасы да Алмасқа өздерiнiң жүрекжарды пiкiрлерiн бiлдiрiптi.

Алмастың өмiрдi танып-бiлуi де тосын. Тосындығы — айналадағы құбылыстарды тосын образ, тосын метафора, тосын тiркестер арқылы ашатындығы.

Деп ойлап ем: «дүниенi iзгi етем».
Сорлылықтың сорақысы бiзде екен.
Еркекшораң ер болам деп еркiнсiп,
Қыздан бетер қылымсиды қызтекең.
Ит тiрлiк-ай, ала көздi ақшиттың,
Мен — өлiгiн көрсетпейтiн жақсы итпiн.
Апырмай, ә, ақыл тiсiм шыққалы
Ақылсызға азуымды ақситтым.

Әсiлi ақын өлеңiн оқығанда оның астарына үңiлiп оқыған жақсы ғой. Мұндағы ақын айтып отырған «еркекшораң» мен «қызтекең» тек табиғи кеселдi кесапатқа ұшыраған кемтар, мiскiн жан иелерi емес. Мәселе төркiнi — әрiде. Ақынның айтып отырғаны рухани «еркекшоралар» мен рухани «қызтекелер». Дәл қазiр мына дүниеде мәрт сөзi де жоқ, шалт iсi де жоқ кiлең бiр аяр жүздi, әлемiш тiлдi қылымсыған қызтекелер мен тәйтiк еркекшоралар қаптап бара жатқан жоқ па? Ондай сәтте «ақыл тiлi шыққан» ақын «ақылсызға азу тiсiн ақситпай» тұра ала ма?!

Шын ақын, әдетте, қолына қалам ұстап, алдына қағаз жайған күннен бастап өзiн-өзi iздеуi керек. Болдым-бiттiм деп бұтына толып iзденiстен қол үзген күнi ақынның да күнi бiтедi. Ақын үшiн «айы солынан туған» күн — сол күн. Алмас, сөз жоқ, iзденiстiң ақыны, яғни өзiн-өзi iздеп жүрген ақын. Оның iзденiсi де өзгешелеу болып шықты. Байқасаңыз, ол өзiн «өлiлер мен тiрiлерден» сыр тартып iздейдi екен. Әлдеқайда қомақты, тамырлы, тәлiмдi iзденiс. Өзiн-өзi iздеп жүрген ақында аса ұлы жауапкершiлiк болуға тиiс. Алмаста сондай жауапкершiлiк бар. «Қолыма қалам алсам, ұғады iшiм, үстiнде қылкөпiрдiң тұрғанымды» дейдi ол. Әдетте, Алла тағала алдындағы ақиқат — қылкөпiрдiң үстiнде ғана айтылмақ.

Алмаста иманды жырлар, мұсылманшылыққа уағыздайтын жырлар молынан кездеседi. Бiрақ ол уағыз өлеңдер таңдайы тақылдап тұрған құрғақ ақыл мен нақыл емес, тереңнен ырғап сөйлейтiн, қолыңмен ұстағандай немесе көзiңмен көрiп тұрғандай әсер ететiн бейнелi сөздер.

Шақырғанын шалып қалды құлағым,
Бұрын қайдан естiп едiм бұл үндi?
...Мен құдайға жақындап ем бiр адым,
Құдай маған құшақ жая жүгiрдi.

Құдайды кiм көрiптi дейсiң?! Бұл жердегi әңгiме Құдайды көру, көрмеуде емес. Бұл жердегi әңгiме — Алла тағаланың өзiнiң құл-пенделерiне деген ықыласында. Бiз Құдайға өз iс, өз әрекетiмiзбен бiр адым жақындай аламыз ба!? Жақындасаң, онда Алла тағала ықыласы да сен жаққа аумақ. Бiрақ бұл уағызды дәл осылай айтсаң не болады. Қуаты жоқ құрғақ сөз боп қана шығады. Ал оны қимыл-қаракетке түсiрiп, көз алдыңа келтiрiп сөйлесең, оның әсер-ықпалы әлдеқайда зор болмақ.

Алмастың тағы бiр ерекшелiгi, ол әрi сиқырлы, әрi құпия дүние тылсымына ден қоя бiлетiн, құлақ тiге бiлетiн ақын. Оның бүкiл болмыс-бiтiмi, жан-жүрегi аса бiр сезiмтал мембрана секiлдi сәл нәрсеге де селт ете түсетiн өте сергек.

Түнгi дыбыстар,
Түрлi дыбыстар,
Өлi үндер мен
Тiрi тыныстар.
Үннiң мұңы бар,
Бұны кiм ұғар?!
Жаның оянып,
Тәнiң тынығар.
Бiреу бұлқынар,
Бiреу жұлқынар.
Жансыз ыңылдар,
Арсыз ыңқылдар.
Түнгi дыбыстар,
Түрлi дыбыстар,
Ащы қорылдар,
Тәттi сыбыстар...

Бiрде үйлесiм мен жарасымнан, ендi бiрде кереғарлық пен қайшылықтан тұратын осынау дыбыстар мен сыбыстарды тыңдап, сол дыбыстар мен сыбыстардан сенiң де сонау жан түкпiрiңде жатқан әлдеқандай бiр аңсар мұң мен кәусар жырлар самал шайқаған шөптей сiлкiнiп қап, содан айналаңды дiрiл мен гуiлге толтырып жiберетiн, тiлмен айтып жеткiзе алмайтын құпия сыр мен гәп оянып кеткендей.

Бұл — Алмастың дүние дыбыстарын поэтикалық болмыспен есiте бiлуi. Рухани саққұлақтығы. Ол сонымен бiрге, айнала ортаны поэтикалық құлақпен есiтiп қана қоймайды, поэтикалық көзбен көре де бiледi. Яғни, айналадағы қарапайым тiршiлiк, тiптi, жансыз заттарыңыздың өзi жанды поэтикалық кейiпкерге айналып шыға келедi.

Әлдекiмнiң жетi атасын тiлдедi.
Әлдеқайдан әңгүдiк, мас жел келiп.
Қайда қашып құтыларын бiлмедi
Қыз Қайың мен кәрi Терек сенделiп.

Бiр-ақ шумақ осы жолдарда қаншама қимыл-қозғалыс, қаншама драма жатыр. «Әңгүдiк, мас жел» келiп, әлек салып, жүндей түтiп жiбергiсi кеп жұлқылап жатқанда қорғансыз «қыз Қайың мен кәрi Теректiң» теңселiп, сенделiп кеткенiн көрiп сенiң жан-жүрегiңнiң түкпiрiнде аяушылық сезiмi аласұрары хақ.

Бұл тек табиғат драмасы ғана емес, өмiр драмасы да!

Бұл түнгi драма әлi бiткен жоқ. Ендi ақын «терезесiнен телмiрiп қарап тұрған түндi» аңғарады. Қап-қара түннiң де тыныштығы қашып, берекесi кеткен. Сонан кейiн ол «шақырайған шамды түгел сөндiрiп, түндi сосын алдым үйге шақырып» дейдi. Ақын ендi Түнмен бiрге жатыр. Бiрақ оның жаны бәрiбiр дегбiрсiз. Амалы таусылған. Өйткенi ол жел өтiнде қалып «дiр-дiр еткен Дүниенi бiр бөлмеге сыйғыза алмай» қауқарсыз халге түскен.

Алмас заман арқылы адамның, адам арқылы заманның бейнесiн нақты бiр штрих, дәйектi бiр детальдар арқылы салуға құмар-ақ. Онысы көбiне сәттi шығады. Туған ауылында он жыл бойы болмаған бiр азамат, күндердiң күнiнде «Тайотасын» мiнiп құйғытып келе жатады. Көз алдында баяғы ауылдың дарқан да қонақжай мiнезi. Топырағына мейiрi қанғанша аунап-қунап, «жал мен жая жемекшi. Мiне, жақындап та қалды. Қараса, туған жерi ит тартып кеткен тулаққа айналыпты. Ал ауыл ше?»

Көшi қайда ауылымның мақпалдай,
Көршi қайда қыз қылықты, ақ маңдай?..
Сол бiр сәтте сезiндi өзiн, үйге емес
Зиратқа бiр кiрiп келе жатқандай...

Ащы шындық. Мына көрiнiстi көрiп сенiң де тамағың құрғап, алқымыңа әлдене кептелiп қалғандай... Өйткенi бұл көрiнiс — кеше ғана бәрiмiз көрген көрiнiс. Алмастың, бәлкiм, кейде «күрсiнумен күн өттi, өкiнумен өттi түн» деуi содан ба?! Кiм бiлсiн...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз