Өлең, жыр, ақындар

Сергелдең етпей сертiмдi, Не жолға баста, не сорға...

Айнұр Әбдiрасылқызының «Мезгiлсiз дәурен» атты шағын жыр жинағына алғысөз жазған кескектi ердiң сойындай тегеурiндi ақынымыз Фариза Оңғарсынова былай дептi: «Александр Пушкин жазған екен: «...егер мұңы болмаса, ол поэзия болмайды деп. Айнұр ақынның өлеңдерiнде мұң көп, яғни ол — Ақын, өйткенi мұңсыз ақын болмайды».

Әрине, Пушкин соқтықпалы заманның қай-қайсысында да солқ еткiзiп соғып өтетiн ауыртпалыққа қайрат көрсете алмай үнжұрғасы түсiп, мойнына су кетiп, мұңның мұнарына кiрiп, қайғының қалың тұманында адасып кететiн әрекетсiз ақын туралы айтып отырған жоқ. Қандай бiр ауыртпалық заманда да бел шешiп, бiлек сыбанып күреске кiрiсiп кететiн әрекетi бар ақын туралы айтып отыр. Яғни, Пушкин мұңды ақын жанын қозғалысқа түсiретiн күш деп бiлген.

Фариза ақын айтса айтқандай, Айнұр өлеңдерiнде мұңды өлеңдер, уайымды жырлар жетерлiк-ақ екен. Айнұр, бейне бiр, мұңмен кiндiктес, тiптi мұңмен егiз туғандай. Одан да дәлiрек айтсақ, көңiлдi де, көздi де қатар арбайтын қызылды-жасылды көп гүлдердiң iшiнде күңгiрттеу қоңырқай бояуын iшiне тартып өзiнен-өзi тұмшаланып алған Мұңлықгүл секiлдi.

Әлгiнде айттық қой, мұң мен уайым деген кейбiр ақын үшiн қозғаушы күш деп. Бұл сөз Айнұр үшiн де айтылған. Әрине, ол өзiне-өзi қаншама тұмшаланып алып тұнжырап тұрса да, бәрiбiр айналасына мұңын да шашпай, сырын да ашпай тұра алмайды. Тағы да ол мұң өзiнiң қарақан басының қамын қамдап, жайын жайғаудан туған мұң емес қой. Оның мұңы — халық қамын жеуден, ұлтының ертеңiн ойлаудан, елдiң иығына түскен зiл батпан ауыртпалықты қайтсем жеңiлдетем деген кiсiлiктен туған үлкен Азаматтық мұң.

Таусылып бiтпес толғауым,
Тарқалып бiтпес шеменiм!
Түнектiң көрдiң торлауын
Есiңдi жишы, ер елiм!!!
Тұсалар тұсқа таядың:
Тегiне тартар түрiң жоқ.
Аңдасаң еттi, аяулым,
Мiнезсiз ұлттың мұңы көп.

Бұл жолдар, сөз жоқ, бәрiмiздiң өзегiмiздi өртеп, бәрiмiздiң жанымызды жеп, етiмiздi езiп, сүйегiмiздi кемiрiп жатқан ойлармен жымдас, үндес қой. Жанымызды жеп жүрген ол ойлар осы өлең жолдарын оқыған кезде тағы да сенiң бойыңнан көл бетiнен әлденеден дүрлiге үрiккен қаз-үйректердей ду етiп көтерiлiп шыға келмей ме?!

Мiне, дәл осы тұста ақын мiнезi, ақын позициясы айқын танылуға тиiс. Ол, не күлталқаны шығып күйреп, бас көтермей құмығып бүк түсiп жатып алу керек, на қайрат көрсетiп, дүр сiлкiнiп орнынан тұрып кетуi керек. Екiнiң бiрi. Басқа жол жоқ. Сүйсiнгенiмiз, Айнұр мiнезi — қайратты мiнез екен. Сондықтан да әлгi өлең:

Сезiмнiң сеншiл шегi жоқ:
Тұғырым, тiнiм, теңi жоқ!
Сен барда маған сему жоқ,
Мен барда саған өлiм жоқ! —

деп аяқталады. Бұл — нағыз ақын мiнезi. Ақын қызып тұрған табаға түскендей шыжғырылып, күйiп-пiсiп тұрса да күйгелек емес. Биiк, еңселi! Мiнезсiз елiнен түңiлу де, безiну де жоқ! Қайта ол өз елiнiң тамырын семдiрмейтiн де, өз елiнiң жарығын сөндiрмейтiн де күш-қуат көзi. Әсiресе, Айнұрдың өзiне деген, өзiнiң бойындағы қайратына деген сенiмiне тәнтi боласың. «Мен барда саған өлiм жоқ» деп тұр ғой ол. Неткен асқақ, iрi сөз! Мұндай асқақ, iрi сөздi iрi мiнездi ақындар ғана айта алса керек.

Айнұр секiлдi iрi мiнездi ақындардың, сөз жоқ, айнала қауымнан да ел алдында ту боп желбiрер, ел аузында ұран боп айтылар iрi мiнездi ұлан iздеуi заңды.

Құндылықтарың құнсыздап,
Құрдымның жайлап жиегiн,
Құмыққан кегi құр сыздап,
Есiл де елге кiм ие?!
Үлгiме тұтар үрдiс жат,
Тұғырсыз туған тұл емен.
Тектiден қалған туды ұстап
Бұрар ма көштi бiр ерен?!
... Тағдырдың таңы бозармай,
Таптырмай түнек жоғымды.
Көкжиек жақтан көз алмай
Күтумен келем жолыңды...
Парасатты ерiм, пiр тұлғам!
Ер салсаң атқа елтiнжал,
Ұл ермес болса ұлтымнан
Сабыңда тұрар сертiм бар!
Белгiңдi бiлдiр, бекем ер!
Жарағын жұртың сайласын.
Ғаламның рухын көтерер
Ғасырдың ұлы қайдасың?!

Көбiмiз айта алмай, бiрақ көкейiмiзде хатталып, көмейiмiзде жатталып жүрген сөз ғой бұл. Дәл қазiр бiздiң мына өмiрiмiзге қанында қазақтың рухшыл қаны атқақтаған, жанында қазақтың рухшыл жаны лапылдап тұрған, қарағайға қарсы бiткен, артық та туған бiр ұлан керек-ақ.

Мұндай жiлiк майы толық, жұлыны берiк, алмастай өткiр сөздi «толықсып тұрған заманның аш өзегiнен жаралған» ақын ғана айта алса керек. Сондықтан ол мына заманның бүкiл ауыртпалығын мойнына алуға, оны бүкiл тұла бойымен көтеруге әзiр. Тағы да ол жүктi қатар тұрып көтерiсуге өз замандастарын, өз буынын шақырады. Үндеп те, ұрандап та емес, әрине. Мiндеттеп, салмақ сала отырып!

Талқы-тағдыр тектiсiн тұлымдайды.
Көңiлiне көп түнеп ұрын-қайғы.
Қан кеш мейлi, қаза кеш, ей, замандас,
Бiздей буын ешқашан туылмайды!!!
Қайрай түссiн кегiңдi құйын-заман,
Сүйгенiне сақтаған сыйын далам:
Бiзден бұрын өткеннiң бәрiне де
Бiздей ауыр аманат бұйырмаған!

Мұндай емендей еңселi сөз айта алатын буынға сенбегенде, Құдай-ау, ендi кiмге сенесiз! Сондай аманатты арқалауға бел шешiп, бiлек сыбанып дайын тұрған буынның анттай адал, серттей берiк сөзiн естiгенде iштей шүкiршiлiк етiп ерiксiз «Тәубә, тәубе!» дейсiң.

Айнұр жалт-жұлт еткен әлемiш бояулы, жарқ-жұрқ еткен әсiреқызыл ойын-сауыққа алданып, оларға бой алдыра қоятын жан емес. Әйтпесе ол, «шаттығым шығар тым таяз, ал мұңым менiң — тереңде» демес едi ғой.

Қыл шылбырдай әбден ширығып, шиыршық атып алған мұндай жан, сөз жоқ, дауылды күнi астаң-кестең боп жатқан теңiзге де қойып кететiн тәуекелшiл жан. Алған бағыты, таңдаған жолы қайда апарады? Алдында не күтiп тұр? Қазiр оның бәрiн есепшотқа сап есептеуге, маршрутын сызып белгiлеп отыруға уақыты да жоқ, пейiл-зауқы да жоқ. Не болса да, айтқан бетiнен қайтпақ емес.

Тiрiден таппас тiректi
Өлiден iздеп өксiген,
Жұбатып жырау-жүректi
Жебеушiм болып жетшi, дем!
Естаңды болған еркiмнiң
Күрмеулi күйiн шеш, онда!
Сергелдең етпей сертiмдi
Не жолға баста, не сорға...

Мұндай кескектi ой мен кесiмдi сөздi әр адымын өлшеп, әр қимылын алдын ала пiшiп отыратын, өзiнiң қамын ғана күйттеп, өзiнiң жанын ғана ойлайтын мүсәпiр мiскiн, бейшара бейбақ айта алмайды. Елi мен жерi үшiн бәрiне де әзiр, тәуекелi зор, жiгерi серпiндi, намысы найзалы, өзегiнде өртi бар iрi мiнездi ақын ғана айта алмақ.

Бiр сөзбен айтқанда, Айнұр Әбдiрасылқызын бiз, қаншама ол «жолсыздықтан жаратылған екен мұң» деп тосылып қалса да, «азабым менiң ай-толғақ емес, жыл-толғақ» деп қиналса да, бәрiбiр мұңнан да қайрат табатын, шемен боп қатқан шерден де күш-қуат алатын қажырлы ақын ретiнде қабылдадық.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз