Өлең, жыр, ақындар

Жолы болмас жігіттің

Әзіл - хикая

Жол үсті.

Басына қар жамылған, етегі көк балауса әсем тауды қапталдай созылған асфальт жол. Әр жерден қып-қызыл нарттай мактар жарқ етеді. Жол үстінде өтіп жатқан машиналар. Солардың арасынан ақшыл бояулы ескі «Волга» көрінеді. Әр жері майысқан, үстін шаң басқан. Өзгелерден түрі өзгеше. Төбесінде қалқиған үлкен қалқан. Машина ызғып селкілдеп келеді. Қалқан дегеніміз афиша екен. Енді ондағы жазу да анық көрінді:

«Жолы болмас жігіттің...»
Оперетта
Композитор Аппақов
Либреттосы Тоқпақовтікі
Бас рольде Соқпақов

Енді машинаның ішіне үңіле бастайың. Рульде түр - түсі көзге қораш жұпыны жігіт. Өңі ұяң, мейірбан. Сөйлегенде айыпты кісідей ылғи қысылын қала береді. Даусы да жай. Әлгі афишадағы композитор Аппақов деген осы. Оның қасында қимылы шапшаң, тез ашуланып, тез сұйытын әнші Соқпақов отыр. Артқы орындықта ақын Тоқпақов. Ол ұзын бойлы, ебедейсіз, сұсты қалың қабағы Жадырап көрмеген, оңыс мінезді жігіт.

Рульдегі Аппақов әлдеқандай тәтті қиялға елігіп, шай ырғалып ақырын әндете бастады.

Осы лирикалық ырғақты қасындағы Соқпақов әсем күшті даусымен жалғап әкетті. Екеуі қосылып әжептәуір шырқатты. Сырт көзге машина да әннің ырғағымен билегендей жол үстінде ырғалып, шайқалып келеді.

— Осы опереттаға мен барымды салдым. Шіркін не десең де опереттаның жаны музыка ғой.

Бұл сөзге артта отырған сырықтай жігіт Тоқпақов баж ете қалды:

— Әй-әй, сонда ақын қайда қалады. Қызғылықты оқиға мен өлең болмаса құр «ә-лә-лә» деп сен не бітіресің, ә?

— Оқиға, музыка... Жоқ, опереттаға жан беретін ең алдымен әнші, және жай әнші емес, актер — әнші, өнерлі — әнші. Ұқтыңдар ма?! — ден дауға бір бүйірден Соқпақов кірісті.

Аппақов, Достым - ау, музыкасыз сен қалай ән саласың?

Тоқпақов. Драматургия болмаса, ақынның өткір тілі болмаса сен неңді ойнайсың? Жоқ, ей алдымен драматургия, поэзия! Поэзия керек.

Аппақов. Жоқ, музыка, музыка керек. Музыкасыз оперетта болмайды.

Соқпаңов. Актерсіз драмаң да, музыкаң да жансыз. Бәрін сүйреп шығатын — актер. Әнші.

— Жоқ, композитор!

— Жоқ, ақын!

— Жоқ, әнші!

Бұлар дауласқанда машина бұлталақтап орғып - орғып кетеді. Алды - артынан өткен машиналар безілдеп сигнал береді. Бір кезде «Волга» кюветке құлап барып, қайта шығып, кілт тоқтады.

Аппақов машинадан түсіп айқай салды:

— Түсіңдер, келіп қалдық!

Тоқпақов пен Соқпақов машинадан шықты. Соқпақов машинаның капотын қақты.

— Не боп қалды, Боз жорға?

Капот ырғып ашылып кетті де машина екі иінінен дем алғандай «уф! уф!» деген дауыс шықты. Бу бұрқ-бұрқ етті.

Аппақов багажникті ашып, майысып қалған қара шелекті алып Соқпақовқа ұсынды.

— Мә, жүгіріп барып бұлақтан су әкел.

— Неге ылғи мені жұмсайсың?! Мен су тасуға жалданған жоқпын. Мә, Тоқпақов, сен бар! — деп ол шелекті Тоқпақовқа ұстатты.

Тоқпақов. Өзің бар. Сенің су тасығаныңның өзі әдемі.

Соқпақов. Жоқ, сенің жазғаныңда, су көп, суды сен тасы.

— Жоқ сен барасың.

— Жоқ сен барасың.

— Жоқ өзің бар.

— Өзің бар.

Аппақов бұлардың қолынан шелекті алып суды өзі әкеледі. Шелектегі суды радиаторға шашқанда бу бұлардың үшеуін де көміп кетеді. Мотор үнімен араласып машинаның ыңыранып рақаттанған даусы естіледі.

* * *

Машина ұзап барады. Шырқалған ән. Енді үшеуі татуласып, опереттаның манағы әуенін қосылып айтып келеді. Бірте-бірте әнге мотор гүрілі араласады. Ол бірде гүр-гүр етіп арқырап, бірде тіпті баяулап кетеді. Жігіттер әннің аяғын көтерген кезде мотор да шыңылдап барып тоқтады. Үшеуі түсе қалды.

Капот ашылды. Үшеуі үш жақтан моторға үңілді.

— Не де болса карбюратордан болды, — деді Тоқпақов.

— Жо-жоқ. Осы конденсатордың бәлесі, — деп қарсыласты Соқпақов.

— Жоқ, карбюратор.

— Жоқ, конденсатор.

Мотордың әр жерін шұқылап қараған Аппақов үн - түнсіз пиджагын шешіп, машинаның астына кіре береді.

Машинаның астында Аппақов.

Ал жоғарыда Тоқпақов пен Соқпақов әлі таласып тұр.

— Карбюратор.

— Жоқ, конденсатор.

— Қайдағы конденсатор. Осы тіпті динамиктен болды.

— Мәссаған, динамиктің моторға қандай қатысы бар.

— Әй, мен білем бе, сен білесің бе. Өзіңнің правоң қайда? Көрсетші, кәні?

— Оны қайтесің?

— Қалтаңда ма? Көрсетші, кәні.

Бұлар жоғарыда керісіп жатқанда бет-аузы май-май болып Аппақов машинаның астында жатыр. Қара терге түскен. Ернін жалан қояды. Аналарға айқайлайды.

— Әй, әй, су әкеліңдерші. Су, су деймін. Қаталап барам.

Анау екеуі мұны естімейді. Аппақов Тоқпақовты тобықтан теуіп жібереді. Тоқпақов ыршып түсіп:

— Не, не боп қалды?

— Су. Су әкел, қаталап барам, — деген дауыс естіледі машинаның астынан.

* * *

Тоқпақов пен Соқпақов жол шетіндегі «Салқын сусындар» деген будкаға келді. Бұлаңдаған әсем келіншек, зерігіп тұрса керек, күлімдеп қарсы алды.

— Кәне, не қалайсыздар, жас жігіттер?

Соқпақов. Бізге сусын керек еді.

Келіншек. Коньяк бар. Шарап бар. Ақ бар.

Тоқпақов. Жоқ, жоқ. Кәдімгі газды су бар ма?

Келіншек. Жас жігіттер су іше ме екен?

Соқпақов. Бізге су керек. Жолдасымыз қаталап барады.

Келіншек. Егер назсыз шөлдесеңіздер мынаның өзі дұрыс. (Ақ арақты нұсқайды.) Коньяк шөл қандырмайды.

Тоқпақов. Бізге су керек. Тым болмаса лимонад жоқ па?

Келіншек. Бар болса аяп тұр дейсіз бе.

Ақын мен әнші бір-біріне қарады.

Соқпақов сәл ғана басын изеп, ишарат білдіреді.

Тоқпақов әдемі бүлкілдеп қырлы стаканнан сіміріп тұр.

Машинаның астында май-май болып қара терге түсіп, алқынып Аппақов кілтпен гайканы бұрап жатыр.

Соқпақов қылқ-қылқ еткізіп қырлы стаканнан сіміріп тұр.

Шала бурылданып алған Тоқпақов өңешін созын келіншекке қырындады.

— Сіздің есіміңіз кім, құрбым?

— Нұржамал.

Тоқпақов мойнын созып әндетіп:

«Сүйген сәулем Нұржамал,

Күтем сенен бір хабар.

Уақыт өтіп барады,

Әлі үйленбей жүрмін мен...»

Соқпақов стакандағыны тауысып жұдырығын иіскеді. Елігіп кеткен Тоқпақовты бүйірден нұқып қалды.

— Ана сорлы даталап өлетін болды ғой.

— А? Оған суды қайдан таптық?

Екеуі ақырын бір-біріне қарайды. Көздері шыныда қалған араққа түсті.

* * *

Тоқпақов пен Соқпақов машинаның астында ырсылдап жатқан Аппақовтың қасына келді. Машинаның астынан Аппақовтың басы көрінеді. Судан шыққан балықтай аузын ашқан. Соқпақов қолына стаканды ұстата салды.

Аппақов шынтақтап жатып біраз жұтып жіберді де, шашалып тоқтады. Көзі жыпылық -жыпылық етеді. Аң - таң. Анау екеуінде үн жоқ.

— Бәрібір енді кетіп қалды, — деп Аппақов қалғанын да қылғып салды. — Закуска.

Тоқпақов оның ашылған аузына конфет тығып жіберді. Аппақов шаша түсіп, жүрегі айнып түкіріп тастады.

Аппақов шүберекпен қолының майын сүртіп жатыр. Үсті-басын біраз былғап алған. Анау екеуіне қарайды.

— Ал, енді маған рульде отыруға болмайды. Машинаны қайсың айдайсың? — Аналар үндемейді, — Тоқпақов, сен отыр рульге.

Оған кілтті ұсынады.

Тоқпақов. Менің правом жоқ еді.

Аппақов. Правоң қайда?

Тоқпақов. Қайда болушы еді. Автоинспекцияда жатыр.

Аппақов. Автоинспекцияда?

Тоқпақов. Анада әжептәуір нарушение жасап едім. Содан кейін қайта тапсыруға жіберген. Жақсылап тұрып құладым.

Аппақов кілтті Соқпақовқа ұсынды.

Соқпақов шегіншектей берді.

— Сенің де правоң жоқ па?

— Өзің білмейсің бе. О да сонда. ГАИ - де ғой.

— Енді қайттік, — деп Аппақов дағдарып қалды. — Мендегі бары да мынау ғана еді. — Қалтасынан ескерту талонын алады.

— Сенің правоңды қайтып берген жоқ па еді? — деп сұрады Соқпақов.

— Жоқ, ертең баруым керек.

Үшеуі дағдарып тұр. Кенет керемет ой тапқандай Тоқпақов сөйлеп кетті:

— Саспаңдар, жігіттер. Үшеу ара жарты право — мұның өзі де аз дүние емес. Біз қазір колхозға соғамыз ғой. Содан сәл кідіріп шығайың, кешке дейін айығып кетесің. Тек нарушение жасамасаң болды — • милиция тоқтатпайды. Ол жағын мен білем.

Үшеуі машинаға мінді.

* * *

Тау беткейінің әсем табиғаты. Кең көсілген асфальт жол. Екі қапталда жасыл баққа көмілген шағын село қалып жатыр. Жол үстінде қайшы алысқан машиналар. Солардың арасында томпаңдап біздің ақшыл «Волга» да кетіп барады.

Жол үстінде азғана адам автобус тосып. тұр. Автобус кешіккен бе қалай. Топ ішінен өте жарасымды әсем киінген сұңғақ бойлы сұлу жігіт аса сабырсызданын сағатына қарай береді. Оның жас шамасын дәл айту қиын. Өңінде әжім жоқ. Жиырма бесте ме, отызда ма, тіпті отыз бес шамасында болса да өзі білсін. Қимылында, кісімен сөйлесуінде біртүрлі артистік елгезек биязылық бар. Тұңғыш көрген адамның өзін ескі танысындай ішке тартып алады.

Осы жігіт шыдамсызданып сағатына қарай тұрған. Алыстан төбесіне қалқан көтерген «Волганы» көріп таңырқап қалды да, кенет мырс етіп, қол көтерді. Тұсынан өтіп бара жатқан машинаның төбесінде қалқиған афишаға да көз салып үлгерді. «Волга» біраз озып барып тоқтады. Жігіт солай қарай жүгірді.

Машинаның ішіндегі үш дос тағы да дауласып қалды.

Тоқпақов. Сен неге тоқтадың?

Аппақов. Қол көтерді ғой.

Тоқпақов. Қол көтерсе ше. Өзіміз автоинспекциядан зәреміз қалмай келе жатқанда.

Соқпақов. Соны айтам - ау. Айдаладағы біреу үшін.

Аппақов. Адам гуманный болу керек.

Соқпақов. Автоинспекция көрсетер саған гуманизмді. Одан да тезірек аман жетуді ойласайшы.

Тоқпақов. Қайдағы бір оңбаған стилі үшін...

Аппақов. Кісіні білмей жатып жамандауға болмайды. Мүмкін ол жақсы адам шығар.

Осы кезде әлгі жақсы адам жүгіріп келіп, машинаның артқы есігін ашты. Рұқсат сұрамастан Тоқпақовтың қасына отыра кетті.

— Жолы болар жігіттің... деген осы - ay. Түһ, тіпті зерігіп тұр едім. Иә, аман сау барсыздар ғой. (Аппақовқа) енді тоқтама.

Машина ақырын қозғала берді.

— Ал, кәне, қарап отырғанша таныса отыралық. Байқаймын өнер адамдары сияқтысы. Түбі ағайын болып жүрмелік.

Соқпақов. Мынау отырған ақын Тоқпақов.

Жігіт. А? А - а... Естуім бар. Білемін. Мен поэзияны жақсы көрем.

Соқпақов. Рульде отырған атақты композитор Аппақов.

Жігіт. Білемін, білемін. Бүкіл республика жастары Аппақовтың әнін шырқағанда... Неге білмейін. Қолыңды әкел, достым, қолыңды. Мен сенің талантыңа табынушымын.

Жігіт Аппақовтың оң қолын баранкадан жұлып алып, қос қолдап қатты сілкеді. Машина бұлталақтап, кюветке түсіп кете жаздап әрең қалады. Жігіттің қолы сигналға тиіп, біраз аңыратып та алады...

Аппақов. Рақмет, рақмет. Тек кюветке құлата көрмеңіз.

Жігіт. Сізбен кездескеніме бақыттымын. Әлгі қалай еді. (Әндетіп). Күтесің бе, Маржан -ау, күтпейсің бе?

Москвадан жұлдыз ап келген күні, Маржан - ай.

Тамаша. Тамаша.

Аппақов. Иә, тамаша. Бұл Есбаевтың әні.

Жігіт. А? А, сіздікі де білем.

Тоқпақов. Ал сайрап отырған қара торы жігіт, талантты әнші Соқпақов.

Жігіт. Кім дедіңіз?

Тоқпақов. Соқпақов.

Жігіт. А, білем білем. Әнге жаным құмар. Артистер қауымын жақсы көрем.

Соқпақов. Біз барлық қасиетімізді айтып болдық. Енді өзіңізді де таныстыра кетіңіз.

Жігіт. А? Мені танымай келе жатыр екенсіңдер ғой. Мен Сәрсен Бейсенов қой.

Аппақов пен Соқпақов бір-біріне қарайды. Бірақ екеуі де білмейтін сияқты.

Жігіт. Ойда жоқта төртеуіміздің басымыз қосылып, тіпті ғажап болды-ау.

Аппақов. Мен сізге айтуға ұмытып кетіппін. Біз қазір оңға бұрыламыз. Жолдан колхозға соғамыз.

Сәрсен. Өмірді зерттеп жүр екенсіздер ғой. Творчестволық кездесу. Дұрыс, дұрыс... Онда қанша кідіресіздер.

Тоқпақов. Бір-екі сағат.

Сәрсен. Бір-екі сағат дейсің бе? Жарайды сіздерге бір-екі сағатымды қинайын. Бүгін сәті түсіп, басымыз қосылып қалған екен. Тек екі сағаттан артыққа ұзатып алмаңыздар.

Тау бектері. Бір төбенің басында етектегі жолға үңіліп бір жас жігіт қарауыл қарап тұр. Ол төбесінде қалғаны қақиған біздің «Волганы» көрді. Сәл үңіле қарады да қолындағы кішкене жалауын көтеріп, бұлғап белгі берді. Енді одан бір-екі шақырымдай арғы алыс төбенің басынан тағы бір адамның бейнесі керінді. Ол да ананың берген белгісін қайталап, әрі қарай хабар берді.

* * *

Ақшыл «Волга» ырсылдап ирелеңдеген тау жолымен көтеріліп келеді. Ылдида сылдырап тау өзені ағып жатыр.

* * *

Тау баурайындағы колхоз орталығы. Бір шеті ойдан бөктерге өрмелеген алма бағы. Аппақ гүл. Көздің жауын алады. Бақ ішінде жұмыс істеп жүрген жастар. Қыздар. Жігіттер. Олардың салған әні естіледі.

Бұларға қарай бір қыз бала жүгіріп келеді. Алыстан айқай салды:

— Келе жатыр. Келе жатыр!

Енді «Келе жатыр!» деген хабарды бақ ішіндегі бір-біріне жалғастыра хабарлап, жинала бастады.

Машина колхоз село көшесімен келе жатыр. Мұнда әлі тас төселген жолдар жоқ. Село өзі тау баурайында — ойы - қыры, ылди - әрі көп. Бір кезде тіктеу өрге кеп тірелгенде «Боз жорға» қатты қиналды. Өрге қарай тарта алмай қойды.

Үш жігіт машинадан түсті. Тоқпақов пен Соқпақов бар күшін салып, шіреніп машинаны итереді. Сәрсен олардан сәл шеттеу шығып, қолын сермен команда беріп тұр.

— Раз, два взялись! Рывком! Раз, два взялись! Еще, еще взялись! — деп барын салып аянбай-ақ айқайлайды байғұс.

Балалардың да жүрмейтін жері бар ма. Бұлар азапқа түсіп жатқанда әр қорадан жүгіріп шығып олар да жинала бастады. Құр қызықтап қарап тұрмай Сәрсеннің командасымен машинаны итерісті. Шыбын сияқты үймелеп машинаны қоршап алған. Ақыры солардың көмегімен «Боз жорға» да өрге қарай жылжи берді.

* * *

Колхоз орталығының шеті — үлкен алма бағына жалғасқан. Әжептәуір үлкен алаң бар. Алаң шетінде жастар кафесі. Осы араға жастар жан-жақтан ағылып кеп құйылып жатыр. Шоғырланып алаңға жиналады. Орталарында көркемөнер үйірмесінің жетекшісі. Ол өзі сасып жүр.

— Кәне, кәне, тез тұра қалыңдар.

— Олар әлі келген жоқ қой.

— Ашық далада қалай айтамыз.

— Акустика жоқ қой.

— Клуб бітпей жатса мен қайтейін, — деп ашуланды жетекші. — Тез, тез, тұра қалыңдар.

Ол жұртты қатарға қойып біраз әуреленді.

— Неге асығасыз. Келгесін - ақ айтпаймыз ба?

— Сюрприз. Сюрприз жасаймыз біз оларға, — деді жетекші. — Әлгі Балзия қайда, Балзия?

— Балзия жоқ.

— Бар, шадыр, тез жетсін! — деді жетекші бір жігіт жұмсап.

— Оның үйі ана шетте, мен барып келгенше... — деп ол тіл ала қоймады.

— Қап. Барлық істі бүлдіргенін қарашы. Енді қайттік?.. Райхан, ендеше сен бастайсың.

— Мен бұрын жалғыз бастап көрген жоқ едім.

— Ештеңе етпейді, айтасың.

Осы алас-қапаста хор айтатын жігіттер мен қыздар әжептәуір сап түзеп қалды. Екінші -үшінші қатарда тұратындары жүгіріп барып, алма салатын жәшіктерді әкеп аяқтарының астына қойып жатыр.

— Келіп қалды, келіп қалды! — деп бір кішкене бала зырқырап жүгіріп келеді.

Жетекші құлашын сермеп:

— Тынышталыңдар! Дайындалыңдар! — деп айқайлады.

* * *

Жетекшінің әмірімен тынышталған жұрт кенет күліп жіберді. Жетекші:

— Тынышталыңдар! — деп қайта айқайлап еді, хордағылар одан бетер күлді.

Хор жиналған алаңның алдындағы ылдидан ырғалып «Боз жорға» шығып келеді. Машинаны жабыла итерген көп бала шу-шу етеді. Олар қонақтарға құрмет көрсетіп, оларды машинаның ішіне отырғызып, моторы мініп қалған «Боз жорғаны» өздері итеріп келеді.

Екі-үш қайтара айқайлап жетекші әншілерін ақыры тәртіпке келтірді. Осы кезде балалар да «Волганы» сырғытып хордың алдына көлденең әкеп қойды. Сау етіп төрт жігіт түсе қалды. Сол-ақ екен жетекші қолын сермеп хорды бастап жіберді. Қонақтар таңырқап тұр. Бұл Аппақовтың әні. Сөзі Тоқпақовтікі еді. «Ал, қалай» дегендей ол Аппақовты бүйірден бір түртіп қойды. Жетекші жанын салып қолын жұлқына сермейді. Жел кеулеген пиджагының етегі далиып кеткен.

Ән салып тұрған қыз бен жігіттер, ұрланып, қонақтарға қарайды.

Хор аяқталғанда Сәрсен:

— Браво, браво! Тамаша! — деп қол шапалақтайды. Тебіреніп кеткен жетекші қонақтардың қасына келеді. Сөзін кімге қарата айтуды білмей, ақыры Сәрсенге тоқталды.

— Ғафу етіңіздер. Клубымыз бітпей жатыр. Сіздерге сынатайық деп... Акустика жағы әрине нашар...

— Оны біз есепке алып тұрмыз. Дегенмен жақсы - жақсы. Мен сізді құттықтаймын. — Сәрсен жетекшінің қолын қысты.

— Ал, енді кафеге кіріп сізбен вальс билесек қайтеді.

— Өте дұрыс. Қалай, жігіттер, кіреміз ғой.

Таңырқап қалған ана үшеуі амалсыз бас изеді.

* * *

Колхоздың көшесін бойлап, бір бойжеткен жүгіріп келеді. Сүйек бітімі өте сұлу. Жақындағанда қарасаң бет ажары да аса көрікті екен құрғырдың. Бұл шамасы манағы жетекші жоғалтқан Балзия болу керек.

* * *

Кафенің іші. Бір топ жастар шағын домбыра оркестріне қосылып ән салып тұр. Өзгелері дөңгелеп вальс билеп жүр. Тоқпақов, Соқпақов, Сәрсен үшеуі биге араласқан. Үсті-басын майлан алған соң өзінен-өзі ыңғайсызданып бір бұрышта тасаланып Аппақов тұр. Ол көзі жаутаңдап билегендерге қызыға қарайды.

Есік жақта қолдарына кішкене кітап ұстаған екі қыз келген қонақтарға жаутаңдап қарай береді. Қастарынан өтіп бара жатқан бір жігітті тоқтатып:

— Осылардың ішінде Тоқпақов қайсысы? Танисың ба?

— Қай Тоқпақов?

— Ақын ше? Осы вальс өлеңін жазған.

— Ақын ба? Ақын болса дәл ана жігіт, — ол билеп жүрген Сәрсенді корсетті.

Қыздың біреуі дөңгеленіп тұсына келіп қалған Сәрсеннен:

— Ағай, бір минутке ғафу етіңізші, — деп өтінді.

— Пардон. — Сәрсен партнер босанып шетке шықты.

— Ағай, сізден автограф алайын деп едік. Мынаған бір-екі ауыз сөз жазып беріңізші.

— Бұл не?

— Сіздің өлеңдеріңіз еді.

— А - а, автограф па?.. Рақым етіңіз. — Сәрсен қыздың қолындағы кітапты алып буфеттің стойкасына келеді. — Кімге деп жазайын?

— Уәсилаға деңіз.

Сәрсен автографты жазып қыздың қолына ұстатты.

— Саған да жазайын ба? Есімің кім?

Екінші қыздың қолындағы кітапты алып сүйкей береді. Бірінші қыз жазуға үңіліп таңырқап қалған.

— Ағай, сіз Бейсенов деп қол қойыпсыз ғой.

— А? А - а, Тоқпақов менің псевдонимім ғой.

Осы кезде манағы жүгіріп келе жатқан Балзия да жетті. Есік жақта тұрған Аппақовтың көзі соған түсті. Қыз шынында да керемет сұлу екен, композитор байғұс одан көзін ала алмай қалды. Аппақовтың екі езуі екі құлағына қарай ыржиып, күлімсірей ме, әлде кемсеңдей ме айыру қиын, пе де болса қиын халге түскен. Балзия да есік алдында, билеушілерді баса көктеп кіре алмай, іркіліп қалып еді.

Аппақовтың қасына Соқпақов келді.

— Сен неменеге елтіп қалдың?

— Әне, анаң қарашы...

— О не?

— Ана қызды айтам. Сұлу ғой керемет. Және өңінде бір ғажап нұр бар.

Енді Соқпақов та таңырқап қалған.

— Ән ғой мынау, әп деймін.

— Не дейсің?

— Ән деймін. Тал бойын ән мен жырдан құйған деймін. Мен үшін жаралған жан екен. Қазір барып танысайын.

— Көкетай, әншіге қыз табылады ғой. Сен тұра тұршы. Мен танысайын деп едім.

— Ендеше неғып тұрсың?

Аппақов қанша қысылса да танысуға бел байлап қызға қарай жүрді. Бірақ қыз мұны көрген жоқ. Билеушілердің арасымен жүре берді. Залды шолып көзімен біреуді іздеп келеді. Аппақов оның соңынан еруге бата алмай іркіліп тұрып қалды.

— Композитор Аппақов қайсы? Көрсетші, — деп сұрады Балзия бір жігіттен.

— Аппақов дейсің бе? Қазір... қазір... Әне, анау көркем жігіт сол, — деп ол жігіт те вальс қайтадан дөңгеленіп жүрген Сәрсенді нұсқады.

Осы кезде би бітіп қалды. Балзия Сәрсеннің қасына келді.

— Сәлеметсіз ба, ағай.

Сәрсен жалт қарап қыздың қолын құшырлана қысты.

— Сәлеметсіз ба, қарындас.

Балзия батылданып-ақ келсе де қысылып қалды.

— Ағай, сіз ғафу етіңізші. Менің сізбен сөйлескім келіп еді.

— Рақым етіңіз. Құлағым сізде.

— Сыртқа шығып сөйлессек...

— Тіптен жақсы. Жүріңіз.

* * *

Сәрсен мен Балзия бақтың ішімен аяңдап кетіп барады. Сыртқа Аппақов шығып олардың ізіне қарап телміріп тұр. Қасына Тоқпақов келді.

— Жұрттың бәрі сені қолпаштап жатса... сен неғып тұрсың мойныңа су кетіп.

— Әне, алып кетті анау... — Аппақов қатарласып кетіп бара жатқан Сәрсен мен Балзияны нұсқайды. — Өзі бір нағыз алааяқ екен, сумаңдаған.

Тоқпақов кекетіп:

— «Кісіні білмей жатып жамандауға болмайды. Мүмкін ол жақсы адам шығар». Солай демеп пе ең?

— Ай, қойшы сен де. Кісі өртеніп тұрғанда.

— Өртенсең су себейін. Несіне сонша елтіп тұрсын. Қалың қыздың ортасында жүзіп жүріп. О несі - ай. Табылар тағы біреуі.

— Жоқ, ана қыз бөлек қыз. Сен оны көрмей қалдың ғой, аһ, көрмей қалдың ғой.

Сәрсен мен Балзия бақтың ішінде келе жатыр.

Балзия әлі де қысылып аптығып сөйлейді.

— Ағай, мен сіздің әндеріңізді өте жақсы көрем. Сіздің әндеріңіз жүрекке сондай жайлы тиеді... Тыңдағанда кісі бір түрлі... тебіреніп кетеді.

— Музыканы түсіну — ойға және жанға байланысты. Ол тамаша қасиет. Тамаша қасиет, Балзияш! Сол үшін қолыңнан сүйіп қояйын. Балзияның тартыншақтағанына қарамастан қолынан сүйеді.

— Мен сіздің әндеріңізді орындаушы едім... Осында кружокта.

— Міне ғажап. Екеуміз тіпті жақын боп шықтық қой. Әнімді сіз айтсаңыз, мен не деген бақытты жанмын, Балзияш!..

— Мен сіздің өзіңізге сынатқым келіп еді. Түсініп, дұрыс айтам ба екен...

— Рақым етіңіз.

— Қысылып та тұрмын...

— Қысылмаңыз, Балзияш. Титтей де қысылмаңыз, мен өзім былай қарапайым адаммын.

Балзия қысылып ән бастайды. Сәлден кейін бойын билеп алып еркін шырқайды. Музыканың оқытушылары иін түсіріп, ажарын қашырмаған саф таза әсем дауыс. Жүректі қытықтайтын ерекше бір тембрі бар. Тыңдаған сайын кісі құныға түседі. Сәрсені түскір де елтіп қалыпты.

Аппақов пен Тоқпақов та бұлардың ізімен келе жатқан. Ән шырқалғанда селт етіп тұра қалды. Аппақов елең етіп, бір саусағын шошайтып, аузын ашып, тырп етпестен тұр. Сәлден кейін өңі қашып, елжірей бастады. Іштей қосылып, аузын қыбырлатады. Тоқпақов қабағын түйіп сазарған күйі ұйып қалған.

— Консерваторияға! Консерваторияға түсіру керек! — деді Аппақов, — аһ, даусы неткен керемет. Бұл әнді дәл осылай шырқайды ғой деп мен ойлаған жоқ едім. Ғажап, ғажап қой.

Кенет көзі Сәрсен мен Балзияға түседі. Ол екеуі ән сезіміне беріліп бір-бірін лебімен шарпығандай. Балзия Сәрсенге қарап бар ықыласымен емініп айтып тұр. Аппақов күйіп кетті.

— Анау анаған бар сырын менің әніммен айтып тұр ғой. Менің мұңымды басқа біреуге ақтарып тұр ғой. Қап!

— Жоқ, ол барлығын менің сөзіммен, менің өлеңіммен айтып тұр. Жоқ, жоқ, мен барып өзім танысам. Ақын жанын өйтіп қорламасын! — деп Тоқпақов ұмтыла берді.

Аппақов оның жеңінен ұстай алды.

— Тұра тұршы, көкетай. Сенің әйелің бар ғой. Мен барып танысайын. — Ұмтыла түсіп, — Тек үстеріне барғаным ыңғайсыз болмаса, — деп іркіліп қалды.

— Сен бармасаң мен барам. Ондай қызды ана алаяқтың қолына беріп қою. Жо - оқ, достым...

— Жоқ - жоқ... өзім барайын.

Ән аяқталды. Емешесі құрып тұрған Сәрсен «Браво, браво!» деп қол соғып, тағы да иіліп қыздың қолынан сүйді. Балзия беріліп айтқан әннің әсерімен толқып тұр. Оның үстіне «композитордың» мақтауы да жүрегін лоблыта түседі.

— Қалай, сізге ұнады ма? — деп сұрады сәлден кейін.

Осы кезде бұлардың қасына Аппақов келіп қалған.

Сәрсеннің орнына сол жауап қатты.

— Жақсы. Орындауыңыз тіпті ерекше дер едім мен.

Қаны жауап Балзияны таңырқатып тастады.

— Бұл ән сізге де ұнай ма? — деді қыз бойын билеп.

— Әннің өзі маған онша ұнамайды. Соңғы кезде бұл әнді тіпті жек көріп кеткенмін. Ертеректе жазылғанға ма...

Балзия қысылып Бейсеновқа көз тастап қойды.

— Сізге ұнамағаны қызық екен. Оның есесіне жұрттың бәріне ұнайды бұл ән.

— Кейде жұрт шын жақсы әнді ажырата алмайды. Бұл ән тым тәттілеу болатын. Және ырғағынан да біраз кемшіліктерді байқадым. Әрине бұл нағыз кемеліне жеткен, ойлы композитордың туындысы емес. Бұл өзі тереңнен жарып шықпаған, оңай мақталынған ән еді...

Аппақов әнді сынаған сайын Балзия «авторға» (Бейсеновке) ыңғайсыз тигенін сезіп, жалтақтап қысыла берді. Аяқ астынан тап болған «сыншыға» да ызасы келді.

— Сіздің музыканы қаншалықты терең түсінетініңізді мен білмеймін. Бірақ екеуміздің талғамымыз екі басқа екен. Өмірі қосылмас.

Бұрын да жүрек жұтпаған Аппақов енді, тіпті, қысылып қалды. Қыздың бетіне тура қарай алмай, төмен қарап қипақтап сөйледі.

— Сіз ғафу етіңіз. Талғам жөнінде таласпайды дейді ғой. Әрине. Бірақ бүгінгі сіздің орындауыңыз — бұл әннің әлі де ашылмаған сыры барын аңғартты. Сондай саф таза балауса дауыс... Балауса сезім. Әрине сіз...

Аппақов сөзін бастай бергенде-ақ Балзия «авторды» ыңғайсыз жағдайдан құтқармақ болып, ым қағып Бейсеновті ертіп кеткен. Аппақов басын көтеріп алғанда алдында ешкім жоқ. Қасына жүгіріп Тоқпақов келді.

— Иә, сөйлестің бе?

— Сөйлестім.

— Не деді?

— Екеуміздің талғамымыз үйлеспейді деді.

— Ендеше қиын болған екен. Кісінің талғамы келіспесе... жоқ-жоқ, болмайды. Қиын болған. Өздері қайда кетті?

— Тіпті көрмей қалдым.

— Талғамдарың келіспесе... шынында да ешнәрсе шықпайды. Мұндайда ақын тілі керек. Ендеше өзім сөйлесейін.

— Жо-жоқ, көкетай, тұра тұршы. Сенің әйелің бар ғой. Өзім тағы да... Мүмкін...

* * *

Ылдида сыңғырлап аққан тау өзенінің жиегінде Балзия мен Сәрсен. Әлгі нағыз бір жоқ жерде кеп килігіп, мазасын алған келеңсіз жігіттен құтылып, Балзия «сүйікті композиторына» өз орындауын сынатып тұр.

— Мына бір ырғақты қалай айтқаным дұрыс болар екен. Мен оны қазір былай айтып жүрмін, — деп әуенін жайымен ыңылдап бастап, ақырын көтеріп нақыштап әкетті.

Балзия әндеткенде Сәрсен қолын сызылта ырғап демеп тұрған. Бірақ құрғақ дирижерлықты қомсынып әлсін-әлсін музыкалық терминмен жөн сілтеп қояды.

— Крещендо! — Балзия даусын екпіндете түседі. Пианиссимо! — Балзия даусын баяулатады.

Балзия әбден шатасып тоқтап қалады.

— Ағай, мен тіпті түсінбей қалдым.

— А - а, түсінбей қалдың ба. Уақасы жоқ, оқасы жоқ, қысылма. Консерваторияға түсу керек. Сонда бәрін түсінесің.

— Әрине менің музыкалық сауатым күшті емес. Бірақ бұл ырғақ негізінен пиано сияқты. Ал, адажио... контрапункт... оның тіпті бұл араға қандай қатысы бар?

— А - а... Ғафу ет, Балзияш. Сізді көрген соң менің тіпті басым айналып кетіпті. Кешір, Балзияш, өнер адамы бұлталақты білмейді — төтесін айтады. Сіз менің арманым. Өмір бойы аңсағаным...

— Мүмкін мына ырғақты дұрыс дерсіз, — Балзия қайта әндетеді. Бұл қыздың амалсыздан тапқан тәсілі болу керек.

Бейсеновтың ықласы әнде емес қызда, шын тебіреніп, елігіп жылап арбаған торғайдай сұлу қызды ішіне тартып барады.

* * *

Аппақов пен Тоқпақов Балзияның әсем даусын қуалап, ізге түскен тазыдай мойындарын созып, бақтың ішімен келе жатыр.

Екеуі дөңеске шыға бергенде ылдида сылдырлап аққан бұлақтың түбінде сүйісіп тұрған Балзия мен Сәрсенді көрді.

— Өлтірді! — деп Тоқпақов Аппақовты нықтап қойып қалды.

— Өлтірді, — деп қостады ол да.

— Бауыздап кетті. Иттің баласы!

— Бауыздап кетті.

— Жүр! — деп Тоқпақов Аппақовты кейін қарай иығынан сүйреп ала жөнелді.

* * *

Кафе. Залда жастар әлі билеп жүр. Кейбіреулері буфеттен сусын ішіп тұр. Буфеттің стойкасына Аппақов пен Тоқпақов келді. Түрлері өрт сөндіргендей.

— Шампанский әкеліңіз, — деді Тоқпақов.

— Шампанский әкеліңіз, — деп қостады Аппақов. Екі стакан қабат көтеріліп, ұзын өңеш йен қысқа өңеш бүлк етеді. Қысқа өңеш ойлағандай кідіріп қалды. Әлдене есіне түскендей Аппақов ортайған стаканды аузынан ала беріп еді, кенет «Бәрібір енді кетіп далды» деп, қалғанын да ысырып жіберді. Стаканды стойкаға қойды.

* * *

Аппақов пен Тоқпақов машинаның қасында.

— Ғафу ет, сені ұмытып кетіппін ғой, «Боз жорға», — деп машинасын капоттан қағып қойды. — Осы біз кетсек қайтеді енді.

— Иә, енді кідіретін ешнәрсе қалған жоқ. Әлгі Соқпқов соққан қайда жүр, — деп Тоқпақов сигнал берді.

Аппақов рульге отыра беріп, Тоқпақовқа бұрылады. Өңешін шертеді.

— Тағы да жіберіп алдық қой. Енді қайттік? Тоқпақов сәл ойланып қалды:

— А? Саспа. Мен бір бұралқы жолды білем. Онда автоинспекцияның исі де жоқ.

Жүгіріп Соқпақов келеді. Тоқпақов оны машинаға сүңгітіп жібереді.

— Ал, бас.

— Ойбай-ау, біздің тағы бір жігітіміз бар емес пе еді?

— Қалсын ол алаяқ.

— Жо-жоқ, оны қалдыруға болмайды, — деп Аппақов баж ете түсті. — Ойбай-ау, қасқырды қойдың қасына тастап кетіп. Жо-жоқ.

Тоқпақов ойланып қалды.

— Рас айтасың. Ол итті ала кетеміз.

Машинаның қасына көркемөнер үйірмесінің жетекшісі жүгіріп келді.

— Ғафу етіңіздер. Сіздер жүргелі жатырсыздар ма? Әлгі біздің композиторымыз Аппақов жолдас қайда кетіп қалды?

— Аппақов міне отыр, — деді Тоқпақов.

— А? Сіз бе едіңіз? Отағасы, тіпті ғафу етіңіз, — деді сасып қалған жетекші. — Сіздер бес минутке рұқсат етсеңіздер. Жастардың сізге айтатын бір қолқасы бар еді. Соны тыңдап...

Бұлар машинадан қайта түсті. Осы кезде жастар да жиналып қалған екен. Жетекші дауыстап:

— Жолдастар! Жолдастар! Келген қадірлі қонақтармен таныстыруға рұқсат етіңіздер.

Бұл кезде Бейсенов пен Балзия да жүгіріп келіп топқа қосылады. Жастар ентелеп, қонақтарды көруге тырысады. Аңғарымпаз біреулері жүгіріп барып жәшік әкеліп, қонақтардың аяғының астына қойды. Жетекші сөйледі:

— Мына кісі Соқпақов. Атақты әнші. — Жұрт қол шапалақтайды.

— Мына жолдас өздеріңіз білетін ақын Тоқпақов.

Жастар қол шапалақтайды.

— Ал, мына кісі — өзіміздің сүйікті композиторымыз Аппақов.

Жұрт ду қол шапалақтайды. Балзия аң-таң.

— Жолдастар, біз бүгін өзіміздің сүйікті таланттарымызбен кездесіп отырмыз. Кешке бұл кісілердің спектакльге барамыз. Бірақ бір тілегімізді осы жерде айтқымыз келеді. Аппақов жолдастан өтінішіміз бар. Сіз бізге арнап «Тау бағбандарының» вальс жазып берсеңіз екен.

Жастар ду қол шапалақтайды. «Өтінеміз» деп айқайлады.

— Достар, достар, — деп Аппақов қысылып сөз бастады.

" — Бірақ сіздердің ықыластарыңызды аттап кету тіпті қиын. Енді ойланайын. — Жазыңыз. Жазыңыз. Ойыңызды жазыңыз,- Алған әсеріңізден жазыңыз деп айқайлады жұрт.

— Қазір көкірегімде туа бастаған бір ән бар. Соны сіздерге арнаймын. Ол әннің аты «Айтылмаған махаббат».

— Өлеңін мен жазамын! — деді Тоқпақов.

Осы кезде Балзия Сәрсенді шапалақпен жақтан тартып жіберді. Соған жалғаса жұрт қол шапалақтап кетті. Бұл сахнаны жалғыз көрген Аппақов қолын жұлқына соғады.

* * *

Үшеуі машинаға мінеді. Машина бірде шиқылдан, бірде гүр ете түсіп өшіп, қақалып -жөтеліп от алмайды. Жүгіріп Бейсенов келді. Мінгісі келіп есікті аша бергенде Тоқпақов сарт еткізіп, есікті жауып алды:

— Енді сен итер машинаны!

Бейсенов жалтақтап жан-жағына қарайды. Амал жоқ машинаны итереді. Оған жастар көмектеседі. Машина қақалып от алып, ақырын жүріп кетті. Енді соңынан жалғыз Сәрсен ғана жүгіре итеріп келеді.

— Ананы ала кетпейміз бе? — деді Тоқпақов.

— Жоқ, енді қала берсін, — деді Аппақов жымиып. Бейсенов «тоқта» деп кузовты ұрады. Бірақ машинаның жүрісі жылдамдап барады. Содан кейін сасқанынан қарғып машинаның артына жабысып мініп алды. Қос қолымен төбедегі қалқан қағылған темірге жармасқан.

Машина әлі жөнделмеген адыр-бұдыр лас көшемен шалшық суды шашыратып, бұлғалаңдап кетіп барады.

Жас балалар тамашаға батқан. Айқайлап, шулап, ере жүгіреді. Кей қорадан иттер де қосылады.

— Ғафу ет, достым, ғафу ет, — деп ебелек қақты Аппақов. — Мотордың шуынан түк естісем бұйырмасын. Мініңіз, мініңіз, — деп өзі есік ашып бәйек болды.

* * *

— Сендер өнер адамысың. Гуманизмдерің қайда? — деп Бейсенов ызаланып келеді машинаның ішінде. — Мен жалғыз өзім машиналарыңды сүйреп шықтым. Рас па?

— Рас, рас, — дейді Соқпақов.

— Ендеше беттерің былш етпей мені неге тастап кеттіңдер?

— Ғафу етіңіз, құдды біреу жағымнан тартып жібергендей тіпті есімнен шығып кеткені, — деп Аппақов кешірім сұрады.

— Жолдың үсті болса бір сәрі. Бір қиыр түкпірдегі колхозға... Жоқ, бұларың жігіттік емес, достар.

— Сіз ғафу етіңіз, достым, — деді Соқпақов, — Айып бізден. Ұсынған мойынды қылыш кеспес деген. Ал, енді сол айыбымызға мен сізге бір ән салып берейін. Музыкасы Аппақовтікі, сөзі Тоқпақовтікі. — Машинаның төбесін нұсқап, — мынау опереттаның ішінен. Сөйтіп бұл ән үшеуіміздің де сізге тартқан айыбымыз болмақ.

Соқпақов ән салады. Бұл күлкілі ән. Жолы болмаған жігіттің шеккен зәбір-жапасын паш етеді. Күн жаумай су болып, түйенің үстінен ит қапқан келеңсіз жігіт мұңын шағып, зарын айтады.

Машина құлдилап ылдиға түсіп, тауды қапталдай ағып жатқан жолға шықты. Соқпақов одан сайын көңілдене шырқайды.

Қашан да күлуді білмейтін, қалың қабағы салбырап сұсты отыратын Тоқпақов, артқы орындықтан мойнын созып, алға үңіліп келе жатқан. Кенет:

— Тоқта! — деп дауыстап жіберді.

Ән де тоқтай қалды, машина да тоқтай қалды.

— Немене болды?

— Не болды?

— Әне әзірейіл, — деп Тоқпақов алдыңғы жақты нұсқап саусағын шошайтты.

Алдыңғы жақта дөңесте, жол шетінде мотоцикльдің қасында тұрған милиционер көрінеді. Бәрі де үнсіз сұлық қалды. Тек Бейсенов қана:

— Ешнәрсе етпейді. Тарта бер, — деді.

— Айналайын, мен жарты правомнан айрылғанмын. Қалған жартысын бере алмаймын, — деді Аппақов.

— Кәне, кейін шегін. Жаңа тауға қарай кеткен бұралқы жол бар. Сонымен орағытып өтеміз, — деп Тоқпақов команда берді.

— Шегінсек ысқырып пәле қылады ғой. Қап! — деп қиналды Аппақов жүрісін баяулатып.

— Тоқта! — деді Сәрсен. — Тез машинаңның капотын ашып шұқылай бер. Машинасын жөндеп жатқан шоферға милиция байланыспайды.

Аппақов машинадан түсіп капотын ашты. Сәрсен де түсті.

— Мен барып милицияның басын айналдыра тұрайын. Сол кезде кейін қарай тайып тұрыңдар. Ал, жігіттер, көріскенше күн жақсы. Сендермен жол жүру рақат екен, бірақ машақаттарың да бар екен. Сау болыңдар. Гуд бай.

Аппақов капотын жауып, рульге қайта отырып жатыр.

Сәрсен милицияны аузына қаратып ұйытып тастаған.

Машина құйрығы бұлғаңдап, шиқылдап кейін қарай шегініп барады. Сәлден кейін оңға бұрылатын жолға жетті. Енді сол жолмен қызыл қалың бәйшешектің арасын жарып келе жатыр. Бір-екі сайдан да өтті. Кейде жол екі-үш тарамдалып, машина қалай бұрылуға білмей дағдарып іркіле бергенде, Тоқпақов желкесінен ұзын қолын созып саусағымен үнсіз нұсқайды. Бұлар тауды бөктерлеп жоғары өрлеп кеткен. Ылдида үлкен қала жатыр. Оның алыс панорамасы көрінеді.

Аппақов рульде толқып келеді.

— Шіркін манағы қыз... Арман еді ғой, арман..

— Иә, нағыз арман еді, — деп Тоқпақов күңк етті.

— Арман... арман... — Соқпақов ыза боп кетті. — Өзің де жоламай, өзгені де жолатпай. Қызғанғаның қызыл итке жем болды. Әй, сен де!.

— Жо - оқ, жем болған жоқ, — деп басын шайқайды Аппақов. — Боз жорға аман болса мен оны табамын.

Сұлу қыз есіне түскен сайын Аппақов көңілі тебіреніп, ырғалып қояды. Сөйтіп отырып ыңылдап ән бастады. Бұл ғайыптан кездескен бейтаныс дыз туралы, айтылмай кеткен махаббат туралы бір жағы қайғылы, бір жағы күлкілі ән. Аппақов.тың қоңыр даусына біраздан кейіп Соқпақовтың күшті даусы қосылып он күшейе береді.

Ұзаған сайын жол кедір - бұдырланып, өлеусірей түсті. Он шырқап тасып келе жатқан Соқпақовтың өңіне кенет үрей жүгірді. Әлденеден шошығандай түсі бұзылып, көзі адырайып кетті. Қолындағы сағатына қарады.

— Құрыдым! — Құрыдым! — деп дауыстады ол.

— Не боп қалды?

— Спектакль басталуға бір-ақ сағат уақыт қалды. Мен ән деп театрда болуым керек қой.

— Біз де болуымыз керек, — деді Тоқпақов.

— Сендер үлгерерсіңдер - ау. Мен... мен сахнаға шығуым керек қой. Енді қайттым?

— Сабыр ет. Қазір қалаға тура желкесінен тік ете түсті.

— Мә, мына «Боз жорға» тік ете түсірер сені, — деді Соқпақов ыза болып.

Соқпақовтың сөзіне орай машина селк-селк етіп, бір - екі ышқына ырылдап тоқтап қалды.

* * *

Үш жігіт машинаның қасында тұр. Жол шеті осы арадан біткен. Әрі қарай тауды өрлеп жалғыз аяқ соқпақ көрінеді. Одан басқа бұл маңда адам баласының ізі түскен белгі байқалмайды.

— Тоқта, тоқта! Мен тағы бір-екі бұралқы жолды білуші едім, — деп Тоқпақов шекесін түртіп ойланып қалды.

— Жоқ, одан да сен жалғыз төте жолды білесің бе? Соны айтшы, көкетай! — деді ыза болған Соқпақов.

— Жігіттер, ізімізбен кейін кайту керек, — деп Аппақов машинаға мінді. Ол машинаға от беріп еді, бірақ мотор тұтанбады. Әбден азапқа түсті.

— Құрыдым ғой, — деп Соқпақов ыза болды. — Құрттың ғой, Боз жорға. Жарты жолға тастап кеттің ғой.

Соқпақов күйіп кетіп машинаның капотын жұмырығымен қойып қалып еді, мотор дүр ете түсті. Бәрі, қуанғанынан айқайлап жіберді.

Машина манағы ізімен әр ылдиға батып шығып, қаңғалақтап келе жатыр. Бір кезде жаңбыр келе жатты. Әйнекті сырт-сырт шерте бастады.

— Жаңбыр кеп қалды!

— Ойбай, батып қалатын болдық қой.

— Тарт, Боз жорға! Тезірек асфальтқа жетейік. Жаңбыр құйып бергенде бұлар да өліп-талып асфальтқа ілікті. Бұл манағы жол. Енді жолаушылар жайрандай бастады. Машина жаңбырлатып келеді. Алдыңғы әйнекті қос щетка бір тоқтап, бір сырғып, берекесіздеу бұлғақтайды. Алдыңғы жақ кейде мұнартып, кейде теңселіп шалалау көрінеді. Тоқпақов жолға үңіліп, ұзын мойнын созып қатып қалған. Бір уақытта алға қарап ұзын саусағын шошайтты. Аппақов та үңіле қалды. Жол шетінде капюшоны қоқиған плащ киген біреу тұр. Сыртқы ұсқыны — милиционерге келеді. Жаңбыр жуған әйнектен бұлдырап оның денесі кейде өте үлкейіп, кейде өте кішірейіп көрінеді. Жол қапталында поселок бар. Машина тоқтамақ болып баяулай бастады.

— Тағы не боп қалды? — деп шошыды Соқпақов.

Тоқпақов ұзын саусағымен алдыңғы жақты нұсқады. Соқпақовтың жыларман болған кескінін көріп, Аппақов батыл байламға келді.

— Нар тәуекел! Не де болса тіктім басымды.

Аппақов машинаға газ берді. Әлгі автоинспектор бірде ебедейсіз сорайып, бірде ергежейлідей кішірейіп, көз алдынан кетер емес.

— Құрыдық, қол көтерді, — деді Тоқпақов.

Бұлар тоқталуға оңтайланып жақындай бергенде — жаңағы милиционердің бойы сорайып, ұзарып кетті де, кенет бір тұтам боп қалды. Қасына келіп тоқтай қалса — кәдімгі плащ жамылған алты жасар бала.

— Ей, сен неғып тұрсың мұнда, — деді Соқпақов ашуланып.

— Машина санап тұрмын.

— Машина санап...

— Иә, мен санай білем. Сендердің машиналарың он үшінші болды.

— Уһ, құдай сақтады - ау! — деп Аппақов маңдайынан терін сүртіп қозғала берді.

* * *

Режиссер театрдың коридорын қуалап келе жатыр. Асығып сағатына қарайды.

— Соқпақов! Соқпақов қайда? — ден айқайлайды. Алқынын декорация құрулы тұрған сахнаға кірді. Жүгіріп, қаңқиған биік станок шықты:

— Міне нағыз жартас енді болды. Тамаша! — Сағатына қарап:

— Соқпақов қайда? Соқпақов!

— Келмей жатыр, — деді көмекші даусы дірілдеп. Режиссердің түсі ашулы арыстанға ұқсап кетті.

— Тап дегенім қайда саған?

— Үйіне кісі жібердім. Үйінде де жоқ.

— Сен бүгін премьера екенін білесің бе?

— Білем.

— Бүгін біздің не өлетін, не тірілетін күніміз екенін сен білесің бе? — Бі... бі... білем...

— Ендеше Соқпақов қайда? Соқпақов!

Режиссер ашуланып жерді теуіп жібергенде аяғының астындағы станок сынып кетіп гүрс ете түсті. Ол енді биік станоктың ішіне сүңгіп кетті. Өзі көрінбейді. Жердің астынан шыққандай күңіренген даусы ғана естіледі.

— Соқпақовты тап! Соқпақовты!

Нөсер ашылған. Ақшыл машина, томпаңдап қаланың шетіне кірді. Соқпақовтың әбден сабыры кеткен.

— Бітті енді. Премьераны да құлаттыңдар! Мені де құрттыңдар.

— Жеткіземіз, — деді сұсты Тоқпақов.

— Қалай жеткізесің. Жиырма минут уақыт қалды. Жиырма минут уақыт қалды. Қашан киінем? Қашан боянам?

— Бас қамшыны! — ден Тоқпақов әмір берді.

— Иә, жеткіземіз, — деп Аппақов та газды басты.

«Боз жорға» арылдап, екі-үш ырғын түсіп жүйтки жөнелді. Қаланың іші. Қайшы алысқан көп машиналар. Бажылдап сигнал беріп, көп машинаны қуып озып, «боз жорға» жөңкіп келеді. Қабағын түйіп сұстанып алған Тоқпақов ауық-ауық:

— Бас қамшыны! — деп қояды, — Сілте Боз жорға.

«Боз жорға» арлы-берлі машиналарды састырып, көлденең кездескен машиналарға оқыс тормоз бергізіп келе жатыр еді. Алдан ГАИ-дың посты шыға келді. Жол шетінде мотоцикльдің жанында екі милиционер тұр. Біреуі ысқырықты берсін келіп. Аппақов, амал қанша, машинасын тоқтата қойды. Тек бар айтқаны: «Құрыдық» болды.

Аппақов машинадан түсіп инспектордың қасына келді. Ана екеуі де ере шықты. Инспектор қолын шекесіне сарт еткізіп:

— Документіңізді әкеліңіз, — деді.

Аппақов қалтасынан документтің жұқанасын суырды. «Ғафу етіңіз» деп инспекторға ұсынды.

— Бұл ескерту талоны ғой. Правоңыз қайда?

— Право сіздің ауылда еді.

— Солай... солай деңіз. Бұл көшеде қуып озуға тыйым салынған. Сіз қуып оздыңыз. Бұл бір. Жүріс жылдамдығы елу километр. Сіз сексеннен сілтедіңіз. Бұл екі. Ал мына төбесіндегі не пәле?

— Ол афиша.

— Афиша ілуге тек трамвайға ғана рұқсат етеміз. Ал, сіздің көлігіңіз автомобильдің санатына қосылатын сияқты. Бұл үшінші нарушение.

Милицияның сөзін қостағандай «Боз жорғаның» моторы гүр-гүр ете қалды.

— Өшіріп қойыңыз, жолдас.

— Жолдас лейтенант — ол өшіп қалса отала алмаушы еді.

Жолдас лейтенант, біз асығыс едік. Спектакльге кешігіп барамыз, — деп Соқпақов жалынды.

— Біз өте асығыспыз, жолдас лейтенант, — деді Тоқпақов лейтенанттың төбесінен төніп.

— Иә, жолдас лейтенант, спектакльге асығып едік. Бүгін премьера. — Аппақов жалбарынам деп милицияға таяу келіп қалған екен.

Инспектордың мұрны бір пәлені сезе қойды.

— Тоқта, тоқта жолдас, — деді инспектор. — Курсант, әкел бері.

Жуан курсант тіпті жеңіл қимылмен лейтенанттың қасына келіп аяғын сарт еткізді де, сорғыш сияқты қызыл қағазды қолына ұстата салды.

— Жоқ... — деп Аппақов шегіне берді.

Лейтенант қағазды ширатып Аппақовқа ұсынды.

— Мынаған үрлеңіз.

— Ғафу етіңіз... Ғафу етіңіз, жолдас лейтенант, — дейді Аппақов қолын кеудесіне басып, басын шайқап.

— Үрлеңіз.

— Сіз оны қинамай-ақ қойсаңыз қайтеді, жолдас лейтенант.

— Бөгеме, азамат. Үрлеңіз, жолдас.

Аппақов, амалсыз халге түскен. Ұртын томпайтып, тұмсығын бұрып қағаздың сыртын ала үрлеуге тырысады. Және аузынан леп шығарғысы да келмейді. Ол үрлемек болып оқтала бергенде, арт жақта тұрған Соқпақов даусын дірілдетіп әндетіп жібереді. Инспектор артына жалт қарайды. Бірақ Соқпақов тып-тыныш. Осы кезді пайдаланып Аппақов далаға үрлеп қағазды инспекторға ұсынады.

— Үрледім, жолдас лейтенант.

Инспектор қағазды қарайды, түк жоқ. Басын шайқайды.

— Күдікті нәрсе. Тағы да үрлеп көріңізші.

— Неге? Кешіріңіз, жолдас лейтенант. Менің өкпем нашарлау еді. Ауа жетпейді.

— Дегенмен үрлеңіз.

Аппақов ажалға бара жатқандай қиналады. Қарсыласуға дәрмен жоқ. Қайтадан үрлеуге оқталады. Қағазды қашық ұстайды.

— Аузыңызға тақап ұстаңыз.

Аппақов қағазды аузына жақындатқан болады. Ол үрлей бергенде, Соқпақов тағы да даусын дірілдетіп шырқап жібереді. Бірақ Аппақов бұл жолы дұрыс үрлеп қалады.

— Әншілікті доғарыңыз! — деп айқайлайды инспектор Соқпақовқа жалт бұрылып.

— Неге доғарады? Оның тамақ асырап жүргені сол әншілік! — деп Тоқпақов ара түседі.

Аппақов у ішіп жібергендей түсі бұзылып тұр.

— Енді бәрібір... өтіп кетті, — деп қолын бір сілтеп қағазды инспекторға ұстата берді.

— Е, бәсе, — деді инспектор қағазға үңіліп, — бұл төртінші және ең үлкен нарушение.

Ол енді мотоцикльге кеп, рациямен сөйлесе бастады.

— Дежурный, дежурный. Үш қос кеңес құрып тұр.

Соқпақов бұрыла бергенде қасына Тоқпақов келді.

— Музыканы да ұнатпайды екен.

— Мүмкін ол мынаны ұнататын шығар, — Тоқпақов қалтасынан ақша суырып алды. Үндемей тік тұрған жуан курсантқа қарап ым қақты.

Ақшаны көргенде жуан курсанттың өңі жылып сала берді. Май көрген мысықтай көзі жылтырап кетіп еді, бірақ «Дежурный!» деп ақырған лейтенанттың сұсты түрін көріп, бойын тартып алып, мелшиін қалды.

Лейтенант ақыры байланысқан болу керек.

— Қазір шығамын, — деді рацияға. Содан кейін жігіттерге бұрылды. — Қане, машинаға мініңдер. Рульге мен отырам.

— Жолдас лейтенант. Бүгін премьера. Асығыс едік. Бір жолға кешірім етіп, бізді босатыңыз, — деп жалынды Соқпақов.

Лейтенант оның сөзін елең ететін емес.

— Сіздің мұныңыз қалай, жолдас лейтенант? — деді Тоқпақов. Ақындар мен милицияның арасындағы ескі достық қайда? Сіз атақты Маяковскийдің айтқанын ұмытып кеткенсіз бе? «Менің милициям менің қорғаушым» демей пе еді пролетариаттың ұлы ақыны.

— Мен сіздерді сол пәленің зорынан қорғайын деп тұрмын...

Ашық жүк машинасы қаланың кең көшесімен келе жатыр. Үстінде қатар тізілген скамейкаларда жастар. Түрлері таныс. Бұлар манағы «Тау бағбаны» колхозының қыз-жігіттері — театрға келе жатыр. Бәрі қосылып ән салып келеді. Қолдарында гүлдері бар. Жүздері жарқын. Тек біз білетін Балзия ғана сулық отыр.

— Балзия, сен неге үндемейсің? Саған не болған? — дейді қасындағы құрбысы.

Балзия оған жауап бермейді. Бір кезде жастардың бірі:

— Анаң қара. Манағы біздің композиторымыз! — деп айқайлайды.

Сол кезде Балзия да елең етіп, орнынан ұшып тұрды. Жүк машинасы инспектордың қасынан жайлап өтті. Жастар біздің үш жігітті танып қол бұлғайды. Балзияның көзі сүмірейіп тұрған Аппақовқа түсті. О да қызды көріп қалды. Балзия қолындағы гүлін композиторға лақтырды.

Анау қағып алды.

Жүк машинасы өтіп кетті. Ал, Аппақов сол машинаның ізіне қарап, гүлді көкірегіне қысып телміріп қалған.

— Азамат! Азамат! Бөгеме, машинаға мініңіз, — деп дауыстады автоинспектор. — Азамат!

— А? — деді Аппақов ұйқыдан оянғандай.

— Машинаға мініңіз.

— Біз қайда барамыз?

— ГАИ-ге.

— Мейлі қайда апарсаң, онда апар. Бірақ сіз тамаша адамсыз, — деді Аппақов.

Режиссердің кабинеті. Режиссер маңдайын, бір қолын марлімен таңып алған.

— Бауыздап кетті. Бауыздап кетті мені.

— Өзіңіз ғой, байқамай құлаған, — деді көмекші.

— Соқпақов! Соқпақов бауыздап кетті мені. Премьера!.. Премьера... Бұйрық дайында.

— Қандай бұйрық?

— Соқпақовты жұмыстан шығару жайында. Тез!

— Қазір! — Көмекші тұра жүгіреді.

— Тоқта. Соқпақовқа қатал сөгіс берілсін деп жаз.

— Құп. Сөгіс деп жазайын.

— Тоқта! Сөгіс. Сөгіс саған премьера бола ма? Қап! Бауыздап кетті-ау. — Столды жаралы қолымен қойып қалып, шыңғырып жібереді. — Уһ! — Аузына таблетка салады. — Су әкел. — Су ішеді, — Асқаровты шақыр.

— Құп! — Көмекші шыға жөнеледі.

Коридорда қарсы келе жатқан Асқаровпен соқтығып қалады.

— Сені тез шеф шақырады. Тек байқа, өзі тым ашулы. Кәрі бурадай кімді шайнарын білмей отыр.

Кабинетте режиссер мен Асқаров.

— Сіз ғафу етіңіз, мен мана қызып кетіппін, — деді Асқаров. Содан кейін көп ойландым. Кісі өз мансабы үшін өнерді құрбандыққа шалмау керек екен, өнер үшін өзін құрбан ету керек екен. Сіз дұрыс айтқансыз — шынында да маған премьераға шығуға әлі ерте екен.

— Бәсе солай ма екен! Қонды ма миға?

— Қонғанда қандай. Екі-үш жыл өнерімді шыңдағанша премьераға шықпасқа ант еттім.

Асқаровты неге шақырғаны енді ғана есіне түсіп режиссер ыңғайсызданып қалды.

— Ә-ә... Мен бір батыл байламға келіп отырмын. Бүгін бас геройды сен ойнайсың.

— Не дейсіз? Жо-жоқ.

— Жас таланттарды батыл көтеру керек. Бар дайындал.

— Жоқ, мен ойнай алмаймын. Менің дайындығым да кеміс. Тек гастрольде ойнамасам...

— Немене, гастрольді сенің маңдайыңа жазып қойып па?! Қазір ойнайсың.

— Сіз қызықсыз, бұл премьера ғой. Менің тіпті атағым да жоқ.

— Актер сахнаға шықпаса оның атағы қайдан шығады. Бар, тез боян да киін.

— Жоқ, бұл жолы мен ойнамаймын. Өнер құрбандықты талап етеді.

Режиссер енді жалына бастайды:

— Көкетай, ендеше сахнаға шық та, өзіңді бір жолға құрбандыққа шала қойшы. Бар, баршы тезірек. Он бес - ақ минут уақытың қалды.

«Боз жорға» ырғалаңдап қаланы шарлап келе жатыр. Рульде инспектор отыр. Тосын айдаушыны жатырқағандай машина күрк-күрк жөтеліп, бар денесімен дір-дір етеді. Бас үйретілмеген аттай бірде орғи жөнеліп, бірде оқыс баяулайды. Инспектор әрең айдап келеді. Ауық - ауық басын шайқап қояды.

— Апырай, ә, мына машинаны техникалық бақылаудан қалай өткізіп алдыңдар? — деп сұрайды қасындағы Аппақовтан.

— Бұл жануар өзімнен басқа кісіге әл бермейді, — деді Аппақов.

— ГАИ - дың бастығының аты-жөні кім? — деп сұрады әдетінше түксиіп отырған Тоқпақов.

— Қасым Оспанұлы Жалғасов. Оның керегі не сізге?

— Жүздің түсін білгенше, бірдің атын біл деген. Түбі керек болады.

— Қатал адам, — деді инспектор.

Мемлекеттік автоинспекция бастығынын кабинеті. Стол басында орта жастағы подполковник отыр. Әлгі Қасым Оспанұлы Жалғасов осы кісі болса керек. Ақырын сөйлеп тұрған репродуктордан ойнақы қызу әнді құлағы шалып қалды да, қағаздан басын көтеріп, репродуктордың құлағын қаттырақ бұрап қойды. Бұл бір опереттаның бөлшегі тәрізді, көңілді әнге хор жалғасып еркін есіп тұр. Подполковник сәл ойланып, кенет музыканың төркінін танып өңіне жылу жүгіріп еліге тыңдады.

— Рұқсат етіңіз, жолдас. подполковник, — деді инспектор есіктен сығалап.

Подполковник үнсіз басын изеді де, есікке қырын қараған күйі музыканы тыңдай берді. Инспекторға еріп біздің үш сабаз кабинетке кірді. Әнге ұйып қалған подполковник буларға бірден бұрыла қойған жоқ. Біздің үш жігіт кірген кезде таңырқан қалғандай болып еді, келер сәтте беттері жылтырап, бір-біріне көздерімен ым қағып, жымиып қойды.

Подполковник күрсініп, амалсыздан репродукторды өшіріп қойды. Орнынан көтеріліп, инспекторға бұрылып, репродукторды нұсқап:

— Аппақов, — деді.

— Мен, — деп Аппақов бір қадам аттап еді.

— Жоқ, сені айтпаймын, — деп подполковник қолын сермеді. — Аппақовтың опереттасынан тамаша бір үзінді беріп жатыр еді. Ай, достар - ай, өздерің де шатасып, өзгенің де мазасын алып жүрсіңдер - ау, — деп күрсініп жігіттерге өкініш білдірді де инспекторға бұрылды. Иә, немене?

Инспектор қалтасынан Аппақовтың документ сымағы алып подполковниктің столына қояды.

— Жолдас подполковник, біріншіден бұлар қалаға рұқсат етілген шапшаңдықтан асырып айдады, екіншіден қуып озуға тыйым салынған жерде басып озды.

Тоқпақов. Біз премьераға асығып едік, Қасым Оспанович.

Подполковник. Қандай премьера?

Соқпақов. Жаңағы өзіңіз тыңдаған Аппақовтың опереттасына.

Подполковник. Жанасудың жолын іздеп тұрсыздар - ау, ә?! Билеттерің бар ма еді?

Аппақов. Жоқ, билетіміз жоқ.

Подполковник. Аппақовтың опереттасына билет кеше сатылып біткен. Спектакль басталып кетті. Сонда қалай кірмек болдыңыздар ә? Сіздер өйтіп бұлталақтатпа, жолдастар.

Соқпақов. Жоқ, біз билетсіз кіреміз.

Подполковник. Билетсіз?

Инспектор екеуі «қалай, қалай соғады мыналар» дегендей, бір-біріне көз тастайды.

— Иә, бізді билетсіз жібереді, — жолдас подполковник, — деді Соқпақов. — Шын айтам. Мынау алдыңызда тұрған Аппақов сол опереттаның авторы. Композитор.

— Не дедіңіз? — деп подполковник таңырқап қалды, — Ол мұнда неғып жүреді. Жоқ, жолдас, Аппақов қазір театрда отыр.

— Алдында тұрған Аппақов, — деп Тоқпақов та дүңк ете қалды.

Подполковник Аппақовтың бетіне бір қарады, қолындағы тозған талонның бетіне үңілді.

— Аппақов... Шамғон... Рас екен.

Содан кейін өңі нұрланып күлімсіреп композиторға қолын созды.

— Сізді көргеніме қуаныштымын, Шамғон дос. Менің төрттегі балам мен кемпір шешеме дейін сіздің әніңізді ыңылдап отырады. Енді үлкен дүниеге құлаш ұра бастаңыз.

Подполковниктің ықласын көріп біздің жігіттердің бетіне құр жүгіре бастады. Бір-біріне қарап жымың ете қалысты. Соқпақов әрі қарай таныстырып жатыр.

— Мына ұзын тұра Тоқпақов дейтін ақын. Бүгінгі опереттаның либреттосын жазған осы.

Подполковник Жалғасов оны да білетін боп шықты.

— Тоқпақов жолдас, сіздің өлеңдеріңізді ұнатушы едім. Енді драматургияға қадам басыпсыз. Құтты болсын, — ден оның да қолын алды.

— Тоқтай тұрыңыз, — деді Жалғасов Соқпақовтың бетіне қарап. Сіз осы Соқпақов емессіз бе? Бәсе қайда көрдім десем әйтеуір. Тоқтаңыз... Сонда сіз... Бүгінгі афишада сіз емес не едіңіз? Оперетта басталып кетті ғой.

— Әй, құрысын, жолдас подполковник, — деді Соқпақов ұнжырғасы түсіп, — Мыналар құртты ғой мені. Колхозға кездесуге барамыз деп...

— Сонда сіздің орныңызда кім ойнайды бүгін?

— Асқаров деген әнші.

— Асқаров?.. Естімеген әншім.

— Естімей-ақ қойыңыз, Қасым Оспанович. Бұлар мені де құлатты, премьераны да құлатты.

— Қапа болмаңыз, Соқпақов бауырым. Келер жолы қатырып ойнасаңыз болды ғой. Мен бүгін спектакльге барам ба деп едім. Көрмейсіз бе, жұмыстан шыға алмадым. Енді келер жолы сіз ойнағанда баратын болдым.

Жаңа танысқан достар осылай мәз-мәйрам боп қалып еді, бір кезде автоинспектор тамағын қырып, мазасыздана бастады. Оны Жалғасов байқады. Өзінің қызмет бабы, бұл жігіттердің қандай себеппен келгені есіне түсті. Ақырындап сілтесін басқан шамдай жайнап тұрған қабағының нұры сола берді. Біздің жігіттердің де езуіндегі күлкілері өшіп, еңселері төмендей берді.

Подполковник (инспекторға). Иә, тағы несі бар?

Инспектор. Басқа да нарушениелері жоқ емес, жолдас подполковник.

Екеуінің көзі түйісіп қалды. Бір-бірін түсінді.

— Иә, қиын жағдай, — деді подполковник. Содан кейін көздері жаутаңдап, телміріп тұрған үшеуіне қарады. Аша кетті. — Иә, мен сіздің композиторлық талантыңызды жоғары бағалаймын, жолдас Аппақов. Ал, бірақ шоферлығыңыз ұнамайды. Ұнамайды...

Аппақов. Айыптымыз, жолдас подполковник.

Соқпақов (ілесе). Айыптымыз, жолдас подполковник. — Тоқпақовты бүйірден түйіп қалды.

Тоқпақов. Айыптымыз, жолдас подполковник.

— Сіздің ойыңыз қалай, жолдас лейтенант, а? — деді подполковник, — мүмкін бір жолға ескертумен шектелсек қайтеді?

— Менің де пікірім солай, жолдас подполковник.

Подполковник Аппақовқа документін қайырып береді.

— Ал, жолдас Аппақов, бір жолға кешірдік. Екіншіде басқа бір қуанышты жағдайда кездесетін болайық.

— Рақмет, рақмет, Қасым Оспанович.

— Ал жігіттер, сіздермен танысқаныма қуаныштымын. Сау болыңыздар.

Үшеуі жамырасып алғыстарын жаудырады.

— Тек келесі премьераға келіңізші, Қасым Оспанович, — деп жалынды Соқпақов.

— Келем. Нағыз бір төтенше жағдай боп қалмаса, келем.

* * *

Әп-әдемі бау-бақшасы бар дача. Аппақов пен Тоқпақов киімдерін шептің үстіне шешіп тастап, трусишең жуынуға әзірленген. Бұлардың қасында шақ-шақ, сатпақ «Боз жорға» тұр. Тоқпақов жүгіріп барып бір шелек су көтеріп машинаның қасына келді. Капот өзінен-өзі сарт етін ашылып кетті. Аппақов суды радиаторға шашып жіберді. Бұрқ - бұрқ ете қалды. «Боз жорға» ыңыранып қояды.

Енді Тоқпақов Аппақовтың үстіне шелекпен су құйып жатыр. Бұл да рақатқа батып ыңыранады. Тоқпақов машина мен Аппақовқа суды кезек шашады. Екеуі кезек - кезек ыңыранады.

Қара сумканы көтеріп Соқпақов жүгіріп келеді.

Веранданың алдында Аппақов пен Тоқпақов сабалақ сүлгімен үстерін асығыс ысқылап жатыр. Қастарына аптығып Соқпақов келді.

— Ай, сен қайда жүрсің? Кетпейміз бе, тезірек, — деді Тоқпақов.

— Енді несіне асығасың? Мені ойыннан қалдырдыңдар. Премьераны құлаттыңдар. Енді мені аштан өлтірмексіңдер ме? Жүріңдер, нәр татайық тым болмаса.

* * *

Бөлменің іші. Жасауы жұпыны. Ортадағы стол да жалаңаш. Бойдақ адамның үйі екені көрініп тұр. Соқпақов қара сумкадан столға нан, колбаса, басқа да ол-пұл тағамдарын алып қойып жатыр. Аппақов пен Тоқпақов бірден іске кіріскен. Сумкадан суырылған тағамға шап беріп, бірінің қолынан бірі жұлып алып құныға асайды.

— Әй, сабыр, сабыр етіңізші, — деп бәйек болады Соқпақов.

— Енді тезірек кетпейміз бе, — дейді Тоқпақов қадалып.

— Қайда кетесің? Асқаровтың опереттаны құлатқанын көргенше шыдамай барасың ба?

— Қой, талантты жас әнші ғой. Құлатпас, — деді колбасаны асап жатқан Аппақов.

— Тапқан екенсің талантты. Онда мынадай да шеберлік жоқ, — деді күйіп кеткен Соқпақов. Сумкадан бір бутылка арақты суырып алды. Анау екеуінің көздері аңырайып кетті.

— Сенің мұның не? Бір пәледен құтылмай жатып.

— Қой, қой, болмайды, — деп басын шайқайды Аппақов.

— Күйіктен ішем, күйіктен. Маған ең кемінде қатал сөгіс дайын тұр — театрда. Бәрін бүлдірген сендер.

— Күйіктен десең жөні бар, — деп қобалжыды Тоқпақов.

— Жо-жоқ. Мен, ішпеймін, жігіттер.

Тоқпақов. «Боз жорғаны» қораға аман-есен екен кіргіздің. Енді несіне сасасың?

Аппақов. Театрға барамыз ғой.

Соқпақов. Асқаровты тыңдауға ма? Жоқ тек соңғы актіге ғана барамыз. Ертерек барсақ мен асылып өліп қалуым мүмкін.

Тоқпақов. Мен де өз нәрсемді көргенде жүрегім қобалжып отыра алмаймын театрда. Бүгінгі бастан кешкен хикаядан кейін жан шақырып алмасаң болмайды. Құйып жібер.

Соқпақов әртүрлі ыдысқа (стакан, кружка, кесе) мөлтілдетіп арақ құйып жатыр.

* * *

Театр. Сахна сырты. Гримделіп, киініп алған Асқаров оның қасында режиссер. Екеуі де қобалжулы.

— Менің жүрегім алып ұшып тұрғаны... — дейді Асқаров қолы дірілдеп.

— Алып-ұшып дейсің бе? — Режиссер қиналып қалды. — Оның қиын екен, достым. Иә қиын. Сахнаға шығарда актер деген мұздан салқын, тастан салмақты болу керек. Әжептәуір еркексің ғой. Аптығын баса алмайсың ба? Тізгініңді қолыңа ал.

— Аптығын басқым - ақ келеді. Бірақ баса алмай тұрмын.

— Апыр-ай,ә? Баса алмай тұрсың ба?

— Иә...

— Мұның қиын екен? Қобалжып, жүрегің дірілдеп тұр-ау, ә?

— Иә.

— Ойбай-ау, нағыз керегі сол ғой. Міне... міне, нағыз керегі сол.

— Рас па? — дейді Асқаров елең етіп.

— Әрине. Сахнаға нағыз керегі сол. Мен ойнағалы міне аттай қырық жыл болды. Әлі күнге дейін сахнаға шығарда жүрегім лүпілдеп алып-ұшып тұрады.

— Апыр-ай, рас айтасың ба? — дейді Аскаров көңілі орнына түсіп.

— Рас болғанда қандай. Мұздан салқын, тастан ауыр актерден өнер шықпайды. Ол өлікпен бірдей. Өнер деген от. Сенің жүрегіңнің лүпілі залдағы мың адамның жүрегін тұтады. Құдайдан қорықпа, қазіргі сахнада құдай тек сенсің. Бар, бара ғой, бауырым.

Жүгіріп режиссердің көмекшісі келді.

— Соқпақов әлі жоқ? Енді қайттік?

— Соқпақов дейсің бе? Оның маған керегі не? Асқаров тұрғанда Соқпақовтың құны маған бес тиын! — Асқаровқа бұрылып: — Бар, бара ғой, бауырым, — деп оны итермелеп сахнаға кіргізіп жібереді. Содан кейін:

— Ой, Соқпақов! Сені, сені!.. Құрттың - ау! — деп қалш-қалш етті.

Соқпақов жүзі жайдары, көңілді. Стол басында үш дос. Шамасы әжептәуір жылжытып алған тәрізді. Манағыдай емес, құрысқан көңдері жібіп, өңдеріне нұр жүгіріп, көздері жылтырап кәдімгідей балбырай бастаған. Бүгінгі көрген көп азап - мехнат ұмыт болған сияқты.

— Жігіттер, шынын айту керек, Асқаров я;аман әнші емес. Актер да бар, — деді көңілдің кірін арылтып алған Соқпақов.

Аппақов. Мен де соны айтқам жоқ саған депті.

* * *

Түн. Жаңбыр. Көшедегі шалшық суды шашыратып, қаланы қақ жарып «Боз жорға» келеді. Арлы-берлі өтіп жатқан сирек машиналар. Бір кезде көшеде арқасымен тұрған регулировщикке қарамастан қойып кетті. Милиционер ысқырып еді. Бұлар қайрыла қойған жоқ. Сәл іркіле бастаған Аппақовқа ана екеуі жел берді.

— Іркілме. Тарта бер.

— Ұсақ-түйекке қайрылма.

Машина ұзап барады. Милиционер оның номерін жазып алып жатыр.

Көп ұзамай алдап тағы бір регулировщик ұшырасты. Ол таяғын көтеріп еді, бұлар тоқтамады. Соқпақов пен Тоқпақов терезеден айқай салады:

— Біз ГАИ - ге барамыз.

— Біз Жалғасовтың өзіне бара жатырмыз, — деп терезеден қол бұлғап, совет милициясына жалынды сәлем жолдайды.

Бұлардың соңынан бір мотоцикль ерді. Бірақ «Боз жорға» қайрылмай ызғытып барады. Көп ұзамай тағы бір қуғыншы құйрығына ілесті. Ал, «Боз жорға» болса тек шалшық суды шашыратып есіп келеді.

* * *

Театр. Режиссердің кабинеті. Режиссер қабағынан қар жауып түнеріп отыр. Радионы өшіріп тастады. Жүгіріп Комик келеді. Режиссер Комикті өртеп жіберетіндей боп орнынан көтерілді.

— Неге күлмейді жұрт?

— Мен қайдан білейін. Өзіңіздің жазған сахнаңыз. Материалы солай болған шығар.

— Материал... Материал... Шын Комик жаназа оқып тұрып та жұртты күлдіре білу керек. Ұқтың ба?

— Жарайды. Ұқтым, — деп Комик шегіне берді.

* * *

Ақыры «Боз жорға» да манағы ГАИ - ге қайтып жетті. Үш дос машинадан түсе қалып кеңсеге кіріп барады.

Баяғы таныс коридор. «ГАИ бастығы Жалғасов» деген жазуы бар есік. Үш дос сол есіктің алдында мөлиіп тұр. Есік жабың. Булардың қасына автоинспектор келді. Бұл жаңағы мотоцикльмен өкшелей қуған қызыл көз пәленің өзі болса керек. Даусы тым сұсты екен.

— Рульде отырған қайсың?

— Мен едім, — деді Аппақов.

— Документіңізді әкеліңіз.

— Біз Жалғасов жолдасқа келіп едік, — деп Аппақов қипақтай берді.

— Иә, біз Жалғасов жолдастың өзіне келгенбіз.

— Иә, біз подполковникті премьераға шақыруға келдік, — деп Тоқпақовты Соқпақов қостады.

Бұлардың сөзін құлағына ілген инспектор жоқ.

— Документіңізді әкеліңіз!

Амал жоқ, Аппақов талай қолдан өткен «документ сымағы» қайта ұсынды.

— Мәселені ертең шешеміз. Машинаны біздің қорада қалдырасыңдар. — Инспектордың әр сөзі бұлтартпас өмір сияқты. — Мұндайда жазаның түрі біреу-ақ. Бір жылға правомен қош айтысасыз.

* * *

Жаңбыр жауып тұр. ГАИ - дың қорасында «Боз жорға». Қасына Аппақов келді. Ертедегі атымен қоштасқан батырдай машинаның капотын сипалайды.

— Қош бол, жануар «Боз жорға». Бір жылға ажыратты ғой бізді сұм тағдыр. Оған дейін кім бар, кім жоқ.

— Ер қанаты ат деген. Қанатсыз қалдырдың ғой «Боз жорға», — деп Тоқпақов та мұңая бастап еді, Соқпақов қана басалқы айтты.

— Бұл бишараны өлтірейін ден пе едіңдер. Тіпті жақсы болды. Тым болмаса бір жыл ремонтталып, дем алсын. Содан кейін қайтадан ойнақтап шыға келеді. Ал, кеттік! Ең болмаса қол шапалақтауға үлгірейік те!

* * *

Театрдың сахнасы. Операны соңғы пердесінің бір көрінісі. Сахнада Асқаров. Ол бір тамаша арияны құйқылжыта шырқап тұр. Оның оғы залды түгел баурап алған.

Барша жұрт кірпік қақпастан ұйып қапты.

* * *

Үлкен қаланың көшесі. Жаңбыр құйып тұр. Қай-қайдағы бір тар көшені қуалап қараңдаған үш адам жүгіріп келеді. Буларды өкшелеп әлгі Асқаров шырқаған арияның әуені қуып келеді.

Ауық-ауық селтиіп тұра қалып: «Мына жер төте! Бері жүр! Былай жүр!» деп бір-біріне дауыстайды. Сөйтіп жол қысқартамыз деп шалшық суды шалпылдатып, қараңғыда қайдағы бір шұқырға періп кетіп, батпаққа малтығып қалады. Кей қорада тұйыққа тіреліп, жол таба алмай дал болады.

* * *

Режиссердің кабинеті. Режиссер мен көмекші екеуі радиодан залды тыңдап отыр. Асқаровтың ариясының аяғын қол шапалақтау көміп кетті. «Тамаша! Браво! Асқаров!» деп айқайлап, залдағылар жер тепкілеп дүрсілдетіп алып барады.

Режиссер манағыдан өзгеше. Көзі жайнап, көкірегін қуаныш кернеген.

— Айтпап па едім, мен саған! Айтпап па едім! — деп айқайлайды көмекшісіне қарап. — Есіңде ме сенің, а?

— Иә, сіз Соқпақовты тап деген едіңіз.

— Соқпақов... Батылдық керек! Тәуекел керек, тәуекел! — дегенмін мен саған! Ұқтың ба?! — деп жаралы қолымен столды қойып қалады.

* * *

Сахна. Асқаров ғашығымен қосылып би билеп жүр.

* * *

Үш дос әлі жүгіріп келеді. Өліп-талып театрға да жетті. Сахна сыртындағы кең коридормен үшеуі жүгіріп келеді. Жолшыбай кездескен актерлер мен сахна жұмысшылары бұлардың түрінен шошып жалт береді. Ақыры бұлар режиссердің кабинетіне де жетті.

* * *

Режиссердің кабинеті. Режиссер қуанышқа белшесінен батқан. Кіріп келген үш жігітке қарсы тұра ұмтылады.

— Тамаша! Тамаша! Жеңіс! Жеңіс, достарым!

Келгендер әзір ешнәрсенің мәнін ұға қойған жоқ.

Жалтақтап бір-біріне, содан соң режиссерге қарайды. Режиссер олардың халін елейтін емес, барған сайын қыза сөйлейді.

— Тамаша табыс! Құттықтаймын, достар! — Үшеуін жағалай құшақтап сүйеді. — Мен бүгін тамаша талант аштым! Ән аспанына жарқыратып жаңа жұлдыз шығардым! Құттықтаңдар мені, достарым.

— Ол кім?

— Айтыңыз, ол кім?

— Асқаров! Батылдық керек! Тәуекел керек, достарым! Асқаровты аспанға шығардым бүгін. Жастарды солай көтеру керек!

Аппақов. Құттықтаймын сізді.

Соқпақов. Сіз тәуекелшіл, жаңалыққа жақын адамсыз. Құттықтаймын.

Режиссер. Ана Асқаровты құттықта! Ал, кәне, спектакль аяқталып қалды. Тез сахнаға шығамыз.

Аппақов. Біз... біздің... үсті...

Соқпақов. Біздің үсті-басымыз лас. Мына түріміз ақын түгіл композиторға да жараспайды...

Режиссер бұлардың түрін енді ғана аңғарып, ойланып қалды.

— Бүгінгідей күні сахнаға бұлай шығу ұят... — Содан кейін көмекшісіне бұрылды. — Тез реквизитке апар. Бүгін бұларды қалай киіндірсең де обал емес. Нағыз принцке ұқсатып киіндір! Ұқтың ба?

— Ұқтым.

— Нағыз шахиншахты киіндір! Ұқтың ба?

— Ұқтым.

— Нағыз жапон императорында киіндір. Ұқтың ба?

— Ұқтым.

— Тез! Тез!

* * *

Реквизиттің үлкен бөлмесі. Неше түрлі елдер мен ұлттардың сан алуан бояуы құлпырған костюмдері ілулі тұр. Бұрышта үюлі жатқандары да аз емес. Біздің үш жігіт шешінген. Асығыс киініп жатыр.

Тоқпақовтың ұзын сирағы бұрынғыдан бетер сиқын кеткен. Тар ақ шалбарды бұтына сыйғыза алмай әуре.

Тоқпақов. Әй, мына біреуің сыятын пәле емес қой?..

Режиссердің көмекшісі. Ол принцтің панталоны, қаттырақ тарт!

Аппақов қатар қапшықтай кең бір пәлені кием ден, ішіне түсіп кетті.

— Ай, мынауың қолпылдаған не пәле?

— Ол шахиншахтың шалбары. Фасоны солай!

— Әй, сен маған әйелдің көйлегін бергенсің? — деп бір жақтан Соқпақов айқайлады.

— Қайдағы әйел, ол жапон императорының кимоносы.

Тоқпақов. Сен бізді мазақ қып тұрмысың. Бұл не пәле?

Аппақов. Иә, мынауың масқара ғой.

Көмекші. Түк масқарасы жоқ. Шефтің әмірі солай. Өз құлақтарыңмен естідіңдер ғой. Бұл режиссердің ойы.

Тоқпақов. Иә, современный костюм бер.

Көмекші. Современный костюмді мен қайдан алам сендерге. Бұл театрда современный оперетта қойылып па еді? Жалғыз спектакльдің костюмы, әне, актерлердің үстінде.

Аппақов. Жоқ, біз бұлай шыға алмаймыз.

Тоқпақов. Біздің жұртқа күлкі болар жайымыз жоқ.

Көмекші. Ендеше жалаңаш шығыңдар. Әне, спектакль бітіп қалды. Жұрт қол шапалақтап жатыр. Тез, тез!..

* * *

Сахна. Спектакль біткен. Артистердің бәрі авансценада. Көрермендер орындарынан тік тұрып аямай қол соғады. Сахнадағы артистер де мәз, бұлар да алақандарын аяйтын емес. Көпшілік «Асқаров! Асқаров! Тамаша! Браво!» — деп айқайлайды. Режиссер Асқаровтың қолын қайта-қайта көтеріп, алға аттап қоразданып бас иеді.

Бұған ілесе «Автор! Автор!» деген айқай шығады. «Аппақов! Аппақов! Тоқпақов! Тоқпақов!» деп бүкіл зал күмп-күмп етеді.

Осы кезде сахнаға шахиншах киінген Аппақов, XVIII ғасырдың принц болып киінген Тоқпақов, жапон императоры болып киінген Соқпақов шығады. Бүкіл зал да күледі. Режиссер де, актерлер де аң-таң. Сәлден кейін режиссер есін жиып, әрқайсының атын жеке атап залға таныстырады. Зал әрқайсының атын естіген сайын қыран - топан болады. Қол шапалақтайды.

Залдың алдыңғы қатарында Балзия. Көппен бірге мәз болып, кішкентай алақанын ойылғанша соғады. Аппақовтың көзі соған түсті. Өңі жылып қоя берді.

Аппақов қол көтерді. Залдағы шу саябырлап барып басылды. Өзі қысылып сөз бастады.

— Жолдастар. Достар... Жаңадан оперетта жазбақ ойымыз бар. Оны сіздерге ұнайтын, қызық етіп жазғымыз келеді.

— Иә, қызық опереттаны енді жазамыз, — деп қояды түксиген қабағы жазылмайтын Тоқпақов.

— Біз бүгін тамаша әнші таптық, — деді Аппақов. — Келер жолы жаңа опереттамен бірге тағы бір жаңа әншіні көресіздер.

ТҮСІНІКТЕР

«Боран» — бұл роман алғаш «Дала сыры» деген атпен «Жұлдыз» журналының 1963 жылғы № 6, 7, 8 сандарында жарық көрді. Сол жылы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан шыққан «Дала сыры» деп аталатын повестер мен әңгімелер жинағына енді. 1968 жылы «Жазушы» баспасынан «Боран» жеке кітап болып басылды. Осы баспадан жазушының 1974 жылы жарық көрген екі томдық таңдамалы болып енді.

Орыс тілінде «Боран» 1965 жылы «Новый мир» журналының № 3 санында басылып, 1966 жылы «Советский писатель» баспасынан «Исповедь степи» деген атпен кітап болып шықты. «Боран» 1970 жылы «Жазушы» баспасынан жеке кітап ретінде жарық көріп, 1978 жылы жазушының осы баспадан шыққан екі томдық таңдамалы да бар. «Боран» «Дружба народов» журналының кітапханасы деген сериямен 1977 жылы шыққан бір томдыққа да енді. «Боран» романы автордың одақтас республика халықтарының тіліне де аударылын, кеңінен таныс болған туындысы. Ол 1967 жылы латыш, 1976 жылы украин, 1982 жылы қырғыз тілдерінде басылды. 1968 жылы неміс тілінде «Ауфбау ферлаг» баспасында шықты, 1975 жылы сол баспа, дүниежүзілік романдар сериясына енгізіп қайта басып шығарды. 1972 жылы Стамбулда «ақыны» баспасында түрік тілінде, «Прогресс» баспасында фарсы тілінде шықты.

«Үндістан хикаясы» — 1970 жылы «Жұлдыз» журналының № 11, 12 сандарында жарияланды. 1971 жылы «Үндістан хикаясы» деген атпен «Жазушы» баспасынан жеке кітап болып шықты. Осы баспадан жазушының 1974 жылы жарық көрген екі томдық таңдамалы құрамына енді. Орыс тілінде «Индийская тетрадь» деген атпен 1972 жылы «Простор» журналының № 3, 4 сандарында жарияланым, сол жылы «Жазушы» баспасынан жеке кітап болып шықты. Жазушының 1978 жылы осы баспадан шыққан екі томдық таңдамалы жинағының құрамында бар. «Дружба народов» журналының кітапханасы деген сериямен шыққан бір томдыққа да енді.

«Махаббат мұңы» — алдымен 1960 жылы «Жұлдыз» журналының № 10 санында жарияланып, сол жылы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан «Махаббат мұңы» деген атпен басылған әңгімелер мен повестер жинағында жарық көрді. 1963 жылы сол баспадан шыққан «Дала сыры» әңгімелер мен повестер жинағынан да орын алды. 1968 жылы «Боран» деген атпен «Жазушы» баспасы шығарған роман, повестер, әңгімелер топтамасына, 1974 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген екі томдық таңдамалы енді. Орыс тілінде 1965 жылы «Жазушы» баспасы шығарған «Печаль любви» жинағына енгізілген.

«Жолы болмас жігіттің...» — «Жұлдыз» журналының 1968 жылғы № 6 санында жарияланды. Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы 1963 жылы шығарған «Дала сыры», «Жазушы» баспасы 1968 жылы шығарған «Боран» жинақтарына енгізілді. Автордың 1974 жылы «Жазушы» баспасы шығарған екі томдық таңдамалы басылды. Орыс тілінде 1965 жылы «Жазушы» баспасы шығарған «Печаль любви», 1966 жылы «Советский писатель» баспасынан шыққан «Исповедь степи» жинақтарына да енді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз