Өлең, жыр, ақындар

Алыптар тобының ақырғы тұяғы

(Академик Мұқамеджан Қаратаев туралы)

Ол кісімен пәлендей көп араласа қоймаған едім. Тек 1974 жылы құрдасым журналист Қадірбек Уәлиев: "Академиктің аузына ілігуіңмен! Бірақ "кексе" ақын болып кетіпсің...", деп, "Қазақ әдебиеті" газетін ашып көрсеткені бар еді. Онда Мұқамеджан Қаратаев ақсақалдың әдебиет жайындағы кезекті бір мақаласы басылып, соның: "Кексе ақындарымыздың бірі Сәкен Иманасовтың "Айтыс" поэмасы...", — деп басталып, мені біршама мақтаған тұсы бар екен. "Апырай, сені танымайды екен-ау, шамасы!" — деп күлген де қойған еді әлгі мақаланы көрген жігіттер.

Кейін Мұқаңның өзімен жете білісіп, тілдесіп жүрдік, бірақ қаншама көкейімде тұрғанымен, "Мені кекселендіріп жібергеніңіз қалай?" деген сөзді айта алмадым.

Мен "Жазушы" баспасында редакция меңгерушісі едім, халық шығармашылығына байланысты ғалымдар ол редакцияға жиі келетін. Мұқаң да келіп-кетіп жүретін еді. Сондай күндердің біріңде менің "Жалын" баспасынан шыққан "Бел-белес" дейтін кітабымды сұрады.

— Жігіттер жақсы кітап деп еді, берші, оқып шығайын, — деді қарсы алдыма келіп отырған академик.

"Қырсыққанда қымыран іриді" дегендей, масқара болғанда, ол кітап өзімде де болмай шықты.

— Жоқ екен, аға! Тағы бір келгеніңізге дейін тауып қояйын, — дедім.

Араға бес-он күн салып редакциямызға Мұқаң тағы келді. Дәл менің қарсы алдымдағы бұрынғы орнына жайлана отырып алып:

— Ал әкел кітабыңды! — дегені.

Менің есімнен шығып кеткен екен. Ұялған тек тұрмастың әдетімен:

— Қазір үйге барып әкеле қояйын, отыра тұрасыз ба? — деппін ғой абыржыған сыңай танытып.

— Сәкен, сен немене соншама, мен оқуға болмайтын кітап па еді әлде оның? Әлде мен тақияңа тар келіп тұрмын ба? — деді сызданыңқырап академик ағам.

— Құдай біледі, аға, ұмытып кетіппін, өзім үйге апарып берейін, — деймін біржола дегбірім кетіп.

Ағам бұл ақталғанымды да аса жарата қоймаған сыңай танытып, үн-түнсіз орнынан тұрды да, есіктен шығып жүре берді. Ертесіне үйге қалбалақ қағып Мардан ағам Байділдаевтың келе қалғаны. "Ойбай, Мардеке, жақсы келдіңіз, осылай да осылай", — деп бәрін айтып жатырмын оған. Мардекең сөзімді түгел тыңдап алды да, қолма-қол Мұқаңа телефон соқты: "Сәкен екеуміз бірер сағат ішінде үйіңізге кіріп шығамыз", — деп жатты марқұм. Қашанда кісіге қылдай да болса, жақсылық жасағысы келіп тұратын аса бір елгезек адам еді жарықтық.

Әлгі кітабыма автограф жазып, Мардан ағамды алдыға салып академиктер тұратын еңселі үйге де жеттім. Есікті академиктің келіні ашты. Бұрыннан білем, өзіммен құрдас баласымен де әрдайым әзілдесіп жүретінбіз.

— Мұқаңа келдік, — дей беріп едім, түкпір жақтан о кісінің өзі де көрінді. Амандасып: "Ә, бері жүріңдер!" — деп, бізді кабинетіне қарай бастады.

Мардекең сөйледі, мен үнсіз отыра бердім. Мұқаң жадырап көп ашыла қоймады. Шағын кітабымды алып, столына қойып қойды. Сол екі арада дастархан басына шақырған келіні көрінді. Мен Мардекеңе қарадым. Ол бұл үйге еркіндеу. "Жүр, дәмге баралық", — деген Мұқаңа еріп, мені де болмай ас үй жаққа сүйреп әкетті.

Түскі астың мезгілі еді. Сорпасымен пельмен жедік-ау деймін, ұмытпасам. Арақ-шарап ұсынбады. Мұқаңның бәйбішесі аса сабырлы, салиқалы кісі көрінді. Артық сөз, әңгіме бола қойған жоқ. Биязы қалыпта ғана тамақтандық. Сәл тойыңқырамай да қалдым. Бірақ ешкімнің ыдысына үстеме құйылмады. "Салттары осы шығар", — деп, мен де сәл-пәл жарты құрсақ қалғанымды сездіре қоймадым.

Кейінірек менің "Адырна" аталатын кітабым Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған тұста Мұқаң "Алматы ақшамы" газетіне жақсы мақала жариялады. Өлеңдерімді оқып, риза болғанын жасырмапты.

Телефон арқылы хабарласып, алғысымды білдірдім.

Жас жағынан арамыз алшақтау, ол кісі менің әкеммен жасты екен, сондықтан да болуы керек, көп араласып сырласа қоймадық. Менің де кісіге жұғыса кетуге ебім жоқ, жақын тартқысы келген емеурінін ұға қоймағанға Мұқаң да өзін сәл-пәл суық, сәл-пәл алыстау ұстаған болар. О жағының анық-қанығын дәл пішіп айта алмаймын.

Әйтеуір, ғалым ағама деген өз көңілім таза болатын.

Сол ниетпен Мұқаңның рухына арнап, мынау өлеңді жаздым.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз