Өлең, жыр, ақындар

Мәриям апай жайында

Туғанына 100 жыл толуына орай

Сыбырлағанды Құдай естімей ме дегендей, болмағанды болды деп өтірік айтудың керегі бола қоймас. Мен Мәриям Хакімжанова апамызбен тірлігінде бәлендей сырласып, көп біле қойған да, сөйлесіп, сырласып көрген де адам емеспін. Алыстан атын естігеніміз болмаса, кезінде о кісінің кітаптарын да қалт жібермей қадағалай оқып отырып едім деп және өтірікші бола алмаймын. Кейін алыстан жүздесіп, бірде бас ие, бірде бас изесе сәлемдесе жүріп те ол кісіге деген сыйластығым мен құрметімнің біртіндеп арта түскені болмаса, қатар жүріп тіл айқастыра қойған кісілер емеспіз. Жалғыз рет қана, онда да Фариза Оңғарсынованың жетелеуімен ЖенПИ-де бірге болғанымыз бар. Ұмытпасам, ол қазір өткен ғасыр аталатын сонау бір жетпісінші жылдардың соңы болуы керек, Фариза маған телефон шалып, сол Қыздар институтында Мәриям апаймен кездесу болатынын, соған біз екеуміз нөкер ретінде ере барып, шашбауын көтеруіміз керек екенін айтқан. Фаризаның мінезін біразыңыз білесіздер, өктем сөйлеп үйренген, сенің қолың бос па, жоқ па, ықылас-ынтаң бар ма, барғың келе ме, келмей ме деп сұрап жатпады, айтым — бітті, кестім — үзілді деп, тоқетерін бірақ қайырды да, көшеге шығып күтіп тұр деп, жолшыбай көлігіне мінгестіріп ала кеткен. Қасында Мәриям апам бар екен. Қысыла барып қастарына жайғасқам.

Менің анам Жұпар да 1906 жылғы еді. Сол кісімен жастары қатарлас екендігін білгендіктен де болар, кішілікпен қысыла барып сәлем берген маған Мәриям апам да бар ықыласымен бұрыла көңіл бөліп, хал-күй сұрады, көптен білетін кісідей-ақ өзіне бірден-ақ үйір етіп алды. Фариза сол еркін сөйлейтін замандастығын пайдаланып бірер рет артық-кем әзіл айтқан болып еді, оны да барынша сыпайы күле отырып, орынды тежей берген. Бұл кезде үлкенді-кішілі ақындардың бірқатарымен танысып, үйірсек болып қалған кезім ғой, маған, шынымды айтсам, ол кісі ақын Мәриямнан гөрі, ана Мәриям ретінде көбірек ұнап, көңілімді өзіне көбірек бұра берген. Бір көрген жанды жүрегінің жылуына осылай орай қоятын адамдар да болады екен-ау деп ойлағам еріксіз.

Қараңыздаршы, шынында да талант дегеннің өзі де түрлі-түрлі бола ма деймін. Таланттың бір қыры дарын, бір қыры қабілет болар. Біреулер ел билеп, жұрт шүйлеу арқылы көзге түссе, енді біреулер инемен құдық қаза жүріп, оқу-білім жолындағы талантымен діттеген жеріне жетіп жығылып жатады. Ал енді осылардың ешқайсысына ұқсамайтын, жолы да, жөні де ешқашан түйіспейтін ең дара, биік, ауыр еңбекпен де екінің бірінің қолы жете бермейтін дарын — ол кісілік болмыс-бітім, сүтпен кіріп сүйекпен ғана шығатын туабітті мейірім, мейірмандық аталатын талант. Ол кім көрінгеннің маңдайына бұйыра бермейді. Кейде небір даңғайыр да дара дарын ақындардың өзіне таланттың осы бір қыры жетіспей жатады. Ал алда-жалда тал бойына сондай қасиет ұялай қалғган адам ың-шыңсыз үндемей отырып-ақ айналасын үйіріп, иіріп, өз маңына топ-топтастыра, өз аузына қарата бұрып алып кетер еді. Ескінің көзіндей болып көрінетін ондай адамдардың тәлім-тәрбиесі, мейірім-шапағатын да, өнеге-үлгісін де, жұртына жасаған ықпал-әсерін де бір өлшемнің бойына сыйғызып, қолмен ұстай алмайсың, қапелімде нақпа-нақ, дәл анық анықтамасын берудің өзі де қиын. "Жақсы адам" дейтін өлшемнен гөрі оның ауқымы де кеңірек, ықпалы зор. Ондай адамдардың ізгілігі мен үлгісінсіз, ықпал-ықаласынсыз, ешқандай дарын өз бетімен өркен жайып, көгеріп, көктеп, жетіле түсіп кете алмас еді. Ондай адамдар болмаса мынау жалған дүниенің өзі күңгірт тартып, өнердің өзі де өңінен айырылып, көмескіленіп шыға келер еді. Сол алғашқы азды-кем жүздесуде Мәриям апайға қарай отырып, әр сөзін ықыласпен тыңдай отырып, мен осындай ойға келген болатынмын. Сырт қарағанның өзінде қарапайым деуге келмейтін, келбетінде ұяңдықпен бірге әлдене ұлылық белгісі де қоса ұялап тұрған апамыздың айнала жұртына осыншалық неліктен сыйлы, несімен сыйымды екенін де сол жолы там-тұмдап аңғара түскендей болып едім.

Кейін өлеңдерін оқыдым, замандастары мен қаламдастарының ол кісі жайында азды-көпті жазған естеліктерімен таныстым, тәлім көріп, тәрбиесін алған етжақын ізбасарларының әңгімелерін тыңдадым, осылардың бәрі арқылы қазақ елінің бір ғасырға жуық мерзіміндегі әдебиеті мен әлеуметтік тірлігінің қызығы мен шыжығының бел ортасында жүрген, сол қым-қуыт рухани өміріндегі өзі қалдырған ізі де қатпарлы, алар орны да өзгелерден өзгеше Мәриям апай Хәкімжанованың ақындық, азаматтық, аналық бейне-бітімі сұлбадан тұлғаға қарай айналып, көз алдымда айдан-анық қалпында сомдалып, беки түскенін айта кетуге тиіспін. Кісіге бітетін зейін мен пейіл, аналық мейір, ізет пен ілтипат — Абай айтатын "нұрлы ақыл мен ыстық жүрек" айналасынан табылатын барлық табиғи қасиеттердің жиынтығы осы араға тоғысқандай еді.

Кісінің өзін білгеннен кейін барып, оның сөзіне де ден қоя бастайсың. "Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал" — дейді мұндайда Абай атамыз да. Кісі болмысын бірден танытар сол бір шуақты да қуатты сөздің Мәриям апай бойына даруы да кездейсоқтық емес екен. Қазақтың рухани тіршілігінде өз орнын ешқашан ешкімге де бере қоймайтын ұлы педагог Ыбырай Алтынсаринге шөберелес туыс болса, сол қатардағы тағы бір әйгілі педагог Спандияр Көбеевтің уәжін тыңдаса, алғашқы аяқ алыс тәлімді күні кешегі күллі қазақ аузына қараған Бейімбет Майлиннен алса, қанатының қатаюы жолында демеу болып, дем берген адамдары Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіровтер болса, орнықты мінезі, ойлы көкірегі бар жастың тірлік жолын қателеспей дәл таңдауына Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, одан бергідегі ұлт әдебиетінің көсемдері Ғали, Тайыр, Дихан, Әбділда, Жақан, Қасымдар қол ұшын беріп, қатарлас қызмет атқарса, "әркімнің-ақ таласы бар" өлең сөз Мәриям апайдан қашып қайда бара қойсын-ау деп те ойлайсың. Аттары аталған, аталмай да қалған сол адамдардың барлығы бұл кісінің қас-қабағына қарап, көңілдерінен таса етпеуге, қатарларынан қалдырмауға тырысыпты. Сөйтіпті де, кей кезде артығырақ кетіп, оның иығына нар көтерер ауыр салмақ та артқан тұстары аз болмапты.

Мен сол алғаш жүздескенде ол кісінің отырыс-тұрысына, иманды жүзі мен ибалы мінезіне қарап, көз ашқалы таршылық дегенді білмеген, тоқпейіл, не ішем, не кием дегенді ойлап бас қатыра қоймаған дәулетті ұяның ұйтқысы-ау деп ойлағаным рас еді. Ал өлеңдерін оқи келе, ол кісінің де ауыр да азапты тірлікті бастан өткізгенін, көппен көрген ұлы той деп, сол бір таршылық пен тауқыметтің бәріне қайыспай төзе білген, өз бақыты үшін күресуден жалықпаған, сол табандылығы арқасында ауырлық пен азаптың бәрін де жеңе білген адам болғандығына қаныға түстім.

Арғысын айтпай-ақ, сол кісінің жазушы Мағира Қожахметова құрастырып, "Ана тілі" баспасы осы таяуда шығарған биылғы үш томдық шығармалар жинағының алғашқы томына тағы бір үңіліп көріңіздерші. Сол кітаптың алғашқы беттерінің бірінде "Жиырма тоғыз" дейтін өлең бар.

Августың жиырма тоғызы естен кетпес,
Сол күні төккен жасым мәңгі кеппес,
Бұлбұлым бақшадағы торға түсті,
Көзімнен ғайып болды қолым жетпес.
... Сол күннен тас жұтқандай жүрек ауыр,
Сырылып, сырт айналды дос пен бауыр,
Кінәсіз кінәлінің болдық бірі,
Түтеп тұр қарсы алдымда қара дауыл, —

деп басталып, өмірлік қосағының, отағасының жазықсыздан жау болып ұсталып кеткенін айтып, сол бір 1937 жылғы сталиндік зұлмат жайлы хабар ете келіп:

Кетті ол, қалдық шулап өңкей жетім,
Жеп барады жүрегімді ішкі дертім.
Жақынсыз, жанашырсыз қалдық шулап,
Бәрін де жат қып қойды құдіретім! —

деп ішкі дертін ақтара, аңырай өксіп алады да:

Амал жоқ, өмір заңы көндім саған,
Ел-жұртым, өкпелеме сен де маған.
Жандым да жалт етіп бір, сөндім лезде,
Өзі іздер кейінгі ұрпақ десе анам! —

деп өзін-өзі сабырға шақырып, оқтам айтады. Осы бір "өзі іздер кейінгі ұрпақ десе анам" деген сөзінде жатыр еді көп мағына-мән.

Осы өлеңге жалғас:

Қапияда қақ төбемнен түсті жай,
Жарқ етті де, қалды сөніп Күн мен Ай.
Өзегімді өртеп өтті, өксітті,
Бізді неге аямадың, ә, Құдай?! —

дейтін оқырманның да еңсесін езер шумақтар түйдек-түйдегімен кете береді де, бұдан әрі:

Мен жүрмін Қаскелеңде картоп қазып,
Балаларға табам ба деп қыстық азық.
Жарылып екі қолым күс боп кетті,
Неден ғана қарғалдым, неден жазып?! —

деп алады да, бұдан кейінгі өлеңінде:

Өксу мен өкініште өтті-ау өмір,
Қайғымен қарауытып шерлі көңіл.
Кешегі лапылдаған ыстық жүрек,
Суыды, суықтығы бейне темір! —
Жас жетпей қырау басты самай шашты,
Улы ой өзегіме араласты.
Сұм өмір сылаң қағып сырт айналды,
Жаралап, келеке етіп қыршын жасты, —

деп бір өтеді. Сөйтеді де бұдан кейінгі өлеңінде:

Езілме, жүрек, езілме,
Шаршап жүрген кезімде.
Шыдамасаң өле қалшы,
Мазамды алмай, езіл де! —

деп шиыршық ата ширыға түседі.

Бұл сүйіп қосылған жары Серғалидың он жылға айдалғанын естігенде Орынборда жазылған өлеңі екен.

Өз басынан өмірдің осындай ащы-тұщы азабын өткере жүріп, туабітті мейірімдігінен, кеңпейілділігінен әсте көз жазып көрмеген Мәриям апай әдебиетімізге өзінен кейін келіп қосылған, туған сіңлісіндей болып кеткен Зияш Қалауоваға қаншалықты ізет-қамқорлық жасап, қол ұшын береді десеңізші. Өлендеріне қарасаңыз, өмірден қыршын кеткен Зияш үшін ол кісінің үйінің төрі қашан да бос, қолы да көңілі де ашық болғанын көреміз. 1941 жылы жазылған бір өлеңінде:

Бүгін бізге Зияш келді кештетіп,
Жас баладай, жоқ сияқты есте түк.
Жаны жайраң, жүзі жарқын жас ақын,
Домалайды өлең болып сөзі тек.
Күн де суық, салқын еді үйіміз,
Айтарлықтай емес еді күйіміз,

дейді де:

Отырдық біз жарығымен майшамның,
Ауық-ауық айтты Зияш зарлы әнін,
Өз баламдай еркелейді сырласып,
Айтпаса да түсінікті сырды ашып, —

деп сол көңіл-күйінен де, тұрмыс-тірлігімен де хабар етеді. Осы сарындас:

Бүгін міне, демалыс,
Зияшпенен жудым кір,
Секілді емес жәй таныс,
Секілді маған туған бір, —

деп тағы да Зияш өмірінен дерек береді. Бұдан кейін де:

Келді Зияш, кескіні оның тым жабық,
Екі көзден ыстық жасы тұр тамып, —

деп басталатын өлеңі арқылы осы бір ақын сіңлісінің тағдырына қабырғасы қаншалық қайысатынын білдірсе, осы өлеңнің соңына он жыл өткен соң барып, 1952 жылы:

Деп жылады басын сүйеп төсіме,
Бар денесі солқылдайды есіле.
Үш күн жатты қойнымда құшақтап,
Сол қылығы түседі енді есіме, — депті.

Осы өлендерінен-ақ Мәриям апайдың мана бір сөз басында айтқан аналық ұлы мейірімі барынша ашыла, айқын көріне түспей ме! Әрине, азапты ауыр өмір де артта қалды. Өлеңінің, өнерінің, кісілік, кішілігінің арқасында қатарынан озды. Қайнаған тірліктің ащысымен бірге тәттісін де татып көрді. Бейнеттің зейнеті де болатынын дәлелдей алған еді.

Үш томдықтың ұзына бойында ақынның үлкен жүрегінің лүпілі, тамырының соғысы сезілері, көңілінің күн шуағы бар, сондай-ақ ол кісіні көрмеген адамдар үшін де кескін-келбет, бітім-болмысы түгел бой көрсетіп, көз алдыңа келіп тұра қалғандай әсер қалдырары да сөзсіз.

Маған Мәриям апай Хакімжанова жұмыр жерді алдына алып, баяу да байыпты даусымен өмір жырын әуендерге айтып отырған, әлдилеп отырған асыл Ана сияқты болып елестейді. Біздің әдебиеттің атасы бары белгілі, ағаларымыз да болған, ал анасы деуге лайық бір ғана адам, — ол осы Мәриям апай деп білемін мен.

Ендеше, осындай озат ойлы адамдарды тек қана 100 жылдық, 1000 жылдық мерейтойлары тұсында ғана еске алып қоймай, әртүрлі тақырыпқа бөле отырып, үлкенді-кішілі кітабын жыл сайын шығарып тұруды ойластырса болар еді. Аз да болса арзан бағамен кейінгі ұрпағының қолына үзбей жетіп жатса, нұр үстіне нұр болмас па?! Жазушылар одағында жыл сайын еске түсіру кешін өткізіп тұрса да артықтығы бола қоймас еді.

Менің досым Қоғабай Сәрсеке өзінің бір кітабында Қазақстанға кездейсоқ келіп бастық бола қалған Колбин Торғай жерін аралаған бір сапарында:

— Жангелдин деген кім болған? — деп сұрапты дегенді жазғаны бар еді.

Әрине, ол сөзді ұлты бөлек орыс өкілі айтқан шығар деп жұбаныш етуге болар. Ал, жылдар өте келе өзіміздің мырқымбай-сылқымбайлардың бірі де:

— Хәкімжанова деген кім болған? — деп сұрап жүрмеуі үшін де сондай бір игі шаралар керек-ақ.

Мәриям апай 50 жасқа толғанда 1956 жылы жазған бір өлеңінде:

Елу тұр ашып қақпасын,
Келемін мен де жақындап,
Көбейе түсті-ау ақ шашым,
Сыналар күнім жақын қап.
Елуге екі келмеспін,
Жартысы ғой жүздің ол,
Жүзге де келіп өлмеспін,
Келер ұрпақ, аман бол! —

деген ақын. Бірақ өлген жоқ. Келер ұрпағы аман-есен. Ендеше, өлмек те емес!

"Әдебиет айдыны", 2006 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз