Өлең, жыр, ақындар

Күнделіктің кейбір беттері немесе облыс әкімшілігінде өткен он сегіз ай

КІРІСПЕ

Алматы облысының әкімшілігінде бір жарым жыл қызмет істедім. Мұндай жерге өз аяғыңмен кездейсоқ бармайсың, ешкім зорлап та апармайды. Өз еркімен жұмыстан кететін адам да сирек, ешкім сені итеріп те шығара қоймайды. Бәрінің өз заңдылығы, басталуы, дамуы, шарықтау шегі, түйіні болады. Ілуде біреу болмаса, сол қызметіне тұрақтап тұрып қалған кісіні тағы көрген емеспін. Ұдайы біреулері келіп, біреулері кетіп жататын жер.

Сол кезгі облыс әкімі, айналасына әйгілі азамат Заманбек Нұрқаділовтің өзі әдейілеп шақырған соң келгенмін. "Әкім аппараты басшысының қоғамдық ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жөніндегі орынбасары" деп аталатын салақұлаш аты бар лауазым берді.

Бұдан көп бұрын, 1973-1974 жылдары Талдықорған облыстық партия комитетінде жауапты қызмет істегенім бар еді. Газет-журнал төңірегінде, баспада, Жазушылар одағындағы отыз жылға таяу еңбектен соң мемлекет қызметіне қайталап оралуым осы болған. "Жақсының атын жақсы адамдар мақтап жүріп, жаман адамдар жамандап жүріп шығарады" деген бар, қалай десек те, алаш ұлдарының алдыңғы сапында келе жатқан Заманбек арнайы шақырып отырғасын: "Бұл да тағдырдың өзі иіп әкеліп салған соны бір соқпағы шығар, онысын да көрдік", — деген оймен келісім берген едім.

Жасыратын түгі жоқ, жаңа қызмет, жаңа жер болғандығынан жас балаша қызығушылық та бар еді. Алыс-жақын жүретін жанашыр азаматтардың әрқайсысы әртүрлі қабылдады. Біреулері: "Барғаның жөн болды!" — десе, екінші бір ағайын: "Былғаныштау жер еді, мінезіңнің де жібектей болып есіліп тұрғаны шамалы, Заманбек те бірде көл, бірде шел арсы-гүрсі қарекеттің адамы, істесіп кетсең жақсы, ойлан, өзің білерсің, әйтсе де қайта қояйын деп едің соны!" — дескен.

Ат шаптырым болмаса да жеке кең кабинет, ақ машина, хатшы қызы, бір басыңа жетерлік жалақысы бар қызмет. Бір қарағанда менің жасымдағы адамға одан артық лауазым іздеудің өзі күпірлік сияқтанған. Аппарат басшысы, менен әлдеқайда жас Мұрат Мұсабаев деген жігіт алғашқы күннен-ақ: "Аға, сіздің өзіңіз аса мән беріп жатпауыңыз мүмкін, бірақ бұл мұндағылар үшін үлкен лауазым", — дегенді айтып еді.

Келуін келіп алғаныммен, бұл жаңа ортаға бірден кірігіп кете алмай жатырқап, алғашқы күндердің өзінде-ақ бой тарта, тіксіне бастағанымды жасырып қайтем.

Бұл жерге өз бетімен келіп жұмысқа тұру сирек ұшырасатындықтан да (немесе ондайдың мүлдем болмайтынынан) әрбір жаңа адамға біреуі үмітпен, біреуі күдікпен қарап әдеттенгенге ұқсайды. Үміттенетіні — қолдаушымыз, қолпашымыздың түбі біреу болып, бірігіп кетеміз бе деуден, күдіктенетіні — "сырын білмеген аттың сыртынан жүрменің" кері еді баяғы. Қай қырынан келіп, қалай сөйлеуді білмей, әлденеден ши шығарып алып, бірдемені бұлдіріп жүрмеймін бе деген секем де жоқ емес. Оны да бірден байқадым.

Міне, осы және басқа да бір жарым жыл ішінде көргенім, көңілге түйгенім, реніш-өкпе, аппарат ішінің интригасы, басқа да әрқилы тірлігі жайлы күнделігіме түскен көп ойлар бар еді. Соларды негіз ете отыра, жауырды жата тоқымай, ақта — ақ, қараны — қара күйінде, әр нәрсені өз атымен атап, түгін түстей отырып, әңгімелеп беруді парыз санадым. Біреуді сақтандырар, біреуге сабақ болар, жастардың адам тануына, айналасына байыппен қарауына септігін тигізер деген ой да жоқ емес. "Күнделіктің кейбір беттері немесе облыс әкімшілігінде өткен он сегіз ай" деп атап, айдар таққан соң, қағазға бір түсіп қалған дүниені артық өңдеп, қырнап-жөндеп жатқым келмеді.

Сөз арасында оқырманыма сыбырлап айтқым келетін де бір оңаша сырым бар — өзім өз болғалы өте шабытсыз жазылған шығармам да осы болды. Бұрын не жазсам да жорғалай жөнелетін қаламым біреу зорлағандай жер бауырлап жатып алып, тұсаулы аттай кібіртіктеп, кей тұста тіпті табандап тұрып алып, тұсаулы атай кібіртіктеп, кей тұста тіпті табандап тұрып алып та сілікпемді шығарған. Тақырыбымның ауқым-аясының тарлығы, кейіпкерлерімнің өте ұсақтығы да діңкені құрта әсер еткен болар деп түйдім. Бірақ бергі жағы күлімдеп, арғы жағы іріндеп тұрған ішмерездер, ақымағын алдап, ақылдыны арбай білетін алаяқтар, бастығының алдында басын көтермейтін, көлденең кісінің көзінше артық жөтелмейтін мансапқорлар, сырттай "тындырып", іштей "бүлдіріп" жүретін бүліктер, түйені түгімен жұтқысы келіп, ойын сайын ұтқысы келіп тұратын жүліктер, абыройы өз басынан аспаған, қызметімен кемеңгердің өзін де жасқаған бүгінгі шенеуніктер жайлы мен айтпасам айтады, осының бәрін менен жақсы білетін кімің бар, "ауызға келген түкірік — қайта жұтсаң мәкүрік" дегендей, оқталып қалған екенмін, енді несіне күмілжіп, тартыншақтайын дедім де, тәуекел ете түскемін. Әкімшіліктегі (орталық аппаратын айтамын) қызметкерлердің көбісі әйелдер еді. Менің айналамда да көбіне-көп сол жолы жіңішке жыныс өкілдері болып еді. Қыз басты, қылшық шашты демесең, олардың ішіңде де толып жатқан аяры, айлакері, арамзасы, шағыстыруға, атыстырып-шабыстыруға икемді су жұқпастары болады екен. Оны да менен басқа ешкім айтпас, тіпті ұқсатып айта алмас деп ойладым. "Бүркіт қартайса — тышқан аулайды" деуші еді, бұ Сәкенге не болған, күресуге қара таппай жүргендей", — деушілерге де берер жауабым осы төңіректе.

АЙТАР ЕДІМ

Айтар едім, құдай-ау, айтар едім — тыңдар кім?
Ортасында отырып құлақ кесті құлдардың.
Өткізе алмай өзімді, жеткізе алмай сөзімді
Терек болып теңселіп, ырғай болып ырғалдым.
Тыңдағанға тілімді тігіп тұрып бәсеке мен,
Айтар едім амал не, айналамыз тас керең.
Жақсыларым жауыннан қорғалаған торғайдай,
Соқыр көздің өзінен сорғалаған жас көрем.
Айтар едім, не керек, құлақ қайда тыңдайтын,
Бозторғай да емеспін — берекесіз жырлайтын.
Қайраймын кеп өзімді — кісі едім ғой деймін де,
Иілмейтін емендей, самырсындай сынбайтын.
Айтар едім — біреулер ұнатпайды бұртиып,
Енді бірі қабағын, мен айтпай-ақ, түр түйіп.
Беттілерім бұл күнде жер шұқиды кезімен,
Төбет көрген текедей тектілерім үрпиіп.
Айтар едім, құдай-ау, айтарымды елге арнап,
Қайда бара қоймақпын ағайынды енді алдап?
Біле тұра бір сөзім дарымасын ешкімге,
Айналаға айқайлап айта берсем... нем қалмақ?!

I

10 қаңтар, дүйсенбі, 2000 жыл.

Сонымен ойламаған, күтпеген жерден жаңа бір қызметке кірістім. Қазір ғана Алматы облысының әкімі Заманбек Нұрқаділов аппарат мәжілісінде мені өзінің орынбасарлары, басқарма бастықтарымен таныстырып, қызметке кірісуіммен құттықтады. Облыс әкімінің орынбасары Жібек Әмірханова, әкім аппаратының басшысы Мұрат Мұсабаев екеуі мені орныма отырғызып: "Ал, іске сәт, табысты болыңыз!" — деп кеткен.

Аманхан келді. Осында баспасөз қызметінің бас маманы екен. Кеше ғана үйге телефон соғып: "Ата, сіз Фатиманың орнына облыс әкімінің баспасөз хатшысы болдыңыз ғой, солай ма?" — деп сұраған еді. "Жоқ, Аманхан, ол өз орнында қалды, менің қызметім бөлектеу", — деп түсіндірген болатынмын.

Аманхан, мен жаңа келіп жатқан адаммын, жұмыста қалу, қалмауың жайлы басшылармен өзің сөйлесіп, өзің шеш, — дедім оған.

Өйткені маған қарама-қарсы бөлмеге Фатима Бегенбаеваны орналастырып еді де, Аманханда әзір орын болмай тұрған.

Ол бұртиып шығып кетті.

Осыдан екі күн бұрын, 7 қаңтар, жұма күні аяқ асты мені телефонмен хабарласып, Алматы облысының әкімі Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділов шақырған...

Әйтсе де бәрін басынан бастайыншы.

"Жазушы" баспасындағы (бас редактормын) жұмысыма баруға жиналып, айна алдында таранып-сыланып, мойныма галстугімді тағып жатқан едім, ойламаған жерден телефонның тұтқиыл безілдеп қоя бергені. Тоғыздан аса қоймаған мезгіл, "ертелетіп іздеп жатқан кім екен?" деген оймен самарқау барып трубканы алдым.

Сәкен ағасыз ба? — дейді аржағындағы сыңғырлаған жұмсақ үнді әйел дауысы.

Иә, — деймін мен жайбарақат қана.

Бұл Нұрқаділовтің қабылдау бөлмесінен еді, сізбен Заманбек Қалабайұлы сөйлессем дейді.

Сөйлессін.

Ассалаумағалейкүм, Сәке, — деген дауыс естілді. — Жаңа жылыңыз құтты болсын!

Әликісалам. Рақмет, — деп жатырмын мен де.

Сәке, кешеден бері құлағыңыз шулаған жоқ па, сіз жөнінде біраз әңгіме болып еді.

Ә, жоқ. Ондай ештеме бола қойған жоқ, — деймін сол әлгі елпілдей қоймаған қалпымда.

Сәке, сіз маған тез келіп кете аласыз ба? Тұмағаң, Тұманбай Молдағалиев бар, Жібек отыр. Келіп кетсеңіз.

Облыс өмірінде өтіп жататын әлдене мероприятия шығар деп ойладым.

Оу, мен қала сыртына таяу алыста тұрамын ғой. Жеткенше тойларыңыз тарқап кетіп жүрмей ме?

Қай жерде тұратын едіңіз?

Абай мен Саин көшесінің қиылысында.

Сәл үнсіздіктен соң:

Ә, ана тұс екен ғой. Бәрібір мен машина жіберіп, ол сізді тапқанша... Одан да бір такси ұстаңыз. Пұлын мен-ақ төлейін, тез келіңіз, — деп ол әңгімені тоқтатты.

Телефон тұтқасын орнына қоярын қойсам да, ойланбай болмады. Бұрын біздің үйге телефон соқпақ түгілі, бір-бірімізді соншалық түстеп те танымайтын, сырттай ғана білетін адамдармыз. Аяқ асты не болып қалды екен?

Нұрқаділов те есімі елге белгілі, әйгілі де әйдік азамат. "Мені қайтпек екен?" деген оймен бірге: "әй осы жолдастардың бірі қалжыңдап жүрмесін, баяғы Баққожа Мұқан (ол жайында "Қаламдастарым мен замандастарым" дейтін кітабымда жазғанмын) емес пе екен", — деген күдік те қылаң беріп қалып еді. Ол бірде ауылдан келген баланың, бірде ақсақал ағаларымның бірінің даусын салып, телефонмен мені ұдайы мазалап, алдай беруші еді.

Баққожаға телефон соғып, үйінен таптым.

Шыныңды айт, сен маған телефон соққан жоқсың ба? — деп сұрап, "жоқ" дегесін болған жайды тәптіштеп айтып бердім. — Нұрқаділов шақырып отыр, сен ойнап жүрген жоқсың ғой, әйтеуір.

Жоқ, ойбай, — деді Баққожа ант-су ішіп, — ондаймен ойнамайды ғой, қабылдау бөлмесінің телефоны мынау, қайыра тілдесіп көріңіз.

Нұрқаділовтің қабылдау бөлмесіне телефон шалайын енді. "Қарағым, — дедім жауап берген қызға, — мен жаңағы Сәкен ағаң ғой, әлгі кісілер әлі күтіп отыр ма?

Иә, — дейді қыз, — Тез келесіз бе? Сізді кіргізіп ал деген.

Әлгі Баққожа жұмысындағы қыздардың біріне айтып, жауап бергізіп отыр ма деген күдік әлі тарай қоймай, енді әйеліме қарап:

Сен мына телефонға хабарласшы, — деп нөмірді бердім. — Нұрқаділовтің қабылдау бөлмесі ме, жоқ па деп сұрап ал, анығын білейік.

Ақыры қойшы, ойын емес, шын сөз екенін осындай иір- шыйыр жолдармен анықтап алып, Алматы облыстық әкімшілігіне (бұрынғы Үкімет Үйі) жеттік таксилетіп. Кіре берісте Ахмет Кендірбеков інім күтіп тұр екен, шешіндіріп, жол көрсетіп жүр.

Әкімге Тұманбай, Жібек болып кірдік. Тағы бір маған бейтаныс жас жігіт бар екен.

Заманбек Нұрқаділов жылы қарсы алып, хал сұрасу рәсімін жасады да:

Сәке, сізге бір қызмет ұсынбақпын. "Әкім аппараты басшысының қоғамдық ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жасау жөніндегі орынбасары" деп аталады. Қалай қарайсыз? — деді.

Көп ойланып жатпадым-ау деймін.

Зәке, — дедім, — жаңа жылдың, жаңа ғасырдың басында, оразаның соңғы күнінде, аты алты алашқа әйгілі Заманбек мырза үйге телефон соғып, хабарласып, қызметке шақырып жатса, қызға ұқсап қылымсып не қылайын. "Балқан, Балқан, Балқан тау, ол да біздің барған тау" дегендей, құп алып көремін де.

Ендеше, — деді Заманбек, — мына жігіттің аты-жөні Мұрат Мұсабаев, аппарат басшысы, сіздің тікелей бастығыңыз болады. Қалғанын өзі реттейді. Бүгін жұма, дүйсенбі күні таңертеңгі тоғызда осы кабинетте кезігетін болайық. Аппарат қызметкерлерімен таныстырамын.

Сол күні кадр бөлімін басқаратын Әсия дейтін келіншектің айтқанын бұлжытпай орындап, қажет деген құжаттарын толтырып, сұрағанын тапсырып, күн бата үйге бір-ақ оралдым.

Айтпақтай, түс кезінде алдымен Нұрмахан Оразбеков досыма барып ("Қазақстан" баспасының директоры) ақылдастым. "Солай да солай, аяқ асты қызмет түрін өзгертуге тура келіп тұр, сен қалай қараған болар едің?" деп сұрадым.

Ойланбай-ақ бара бер, — деді ол. — Тіпті күні ертең шыққалы отырған зейнеткерлігіңе де бұл қызметтің пайдасы тиіп қалуы мүмкін.

Содан кейін барып өзім істейтін баспаның директоры маған рухани һәм туған інідей болып кеткен Есенғали Раушановқа айттым.

Барсаңыз — барыңыз, аға, — деді ол да, — Шыдамай бара жатсаңыз орныңыз дайын ғой, қайтып келерсіз, неңіз кетіп барады.

Әйел, бала-шағама осыдан кейін ғана барып айттым. Мәрия бірден: "Оны қайтейін деп ең, осы жұмысында-ақ жүре бермейсің бе?" — деп салды. Жаңа ортаға мен сыйыспай жүре ме деп күдік ойлағандағысы еді ол, әйтпесе көп байыбына барып жатқан жоқ. Оған менің амандығым, көңілімнің тоқтығы ғана керек.

Сол күнгі түнде үйге Аманхан Әлімовтің телефон соққаны. "Аға, сіз Фатиманың орнына барыпты деп естідім. рас па?" — деп сұрады. "Жоқ" — дедім, Фатима өз орнында әкімнің баспасөз хатшысы болып қала берді. Ал сенің баспасөз қызметінің бас маманы болып қалу-қалмауың белгісіздеу болып тұр".

Ол рас солай еді. Мана күндіз әкімнің өзі солай деп айтқан.

* * *

Осыдан көп жыл бұрын Талдықорған облыстық партия комитетінде нұсқаушы болып қызмет істегенім бар болатын. Онда жас кезіміз. Албырт та аңғалмыз. Лауазымды да, атақ пен абырой, даңқ пен даналықтың барлығын "бөрікпен-ақ ұрып алатындай" болып күпініп жүретінбіз. Көрінгенге бас иіп, тез арада бағынышты бола қою да қолдан келе бермейтін.

Қазір әжептәуір бастыққан кезіміз. Қаншалық бастан сөз асырғым келмегенімен де, ұғатын жерде — ұғып, бұғатын жерде — бұғуды үйреніп қалғандай едік. Біздің ауданда көп жыл аупарткомның бірінші хатшысы болған, маған ләйім ақыл айтып, қамқоршым болуға тырысып жүретін марқұм Күрдеубай Мұжықов: "Сен енді не десең де, не айтып, не туралы сөйлесең де — бәрі обкомның сөзі болып шығады. Сондықтан, әсіресе, аузыңа сақ бол. Мұндай жерде кісіде дос-жар болмайды, тек әріптесі ғана болады", — дейтін.

Сол "өсиетті" есте ұстауға тырыстым.

Бұл менің өзімнің іштей ойым. Сырымды анық білмейтін сырт көз үзіп-жұлып елден естігендері бойынша мені әлі де "ә" десе "мә" деуге даяр тұрар даңғойлау біреу деп біледі. Оның үстіне Заманбек Нұрқаділовтің арсы-гүрсі, ұрдажықтау мінезін білетіндер: "Әй, осы екеуі сыйысып қызмет істей қояр ма екен, бір күн болмаса бір күн шарт та шұрт кетісіп жүрмесін", — деп аныс аңдығандар да барын әркім-әркім жеткізіп жүрді маған.

Қанша істеп, қанша қоярымды өзім де мөлшерлеп көрген жоқпын. Жүре көрерміз деп түйгем. "Тағдырдың бұл да бір ойда жоқта бұрып әкеліп салған соқпағы шығар, байқайық", — дедім де қойдым.

* * *

Бұл Заманбек Нұрқаділов пен "Жас Алаш" газетінің арасы барынша ушыға шиеленісіп, екі жақтың да мәмілеге көнбей "кісіліктен кетісіп" тұрған кезі екен. Газеттің 1999 жылғы (мен мұнда 2000 жылдың басында келгенімді білесіздер) отызға жуық санында (яғни, күн аралатып десе де болғандай) "Гу-гу", "Ұрымтал сөз" тағы басқа айдарлары арқылы Нұрқаділовтің намысына тиер алып қашпа лақап, өңін айналдырып қайта жасалған (коллаж) суреті жарияланып тұрған. Заманбектің жүргені, күлгені, тұрғаны, жекіргені, кекіргені дейсің бе, бәрі де есепке алынып, әртүрлі кекету, орынсыз мұқату, оспадар әзіл-қалжың, оспақтармен "тұздықталып" бірінші бетке берілген де отырған. Кез келген естияр адамның "жынын қоздырып", ашу-ызасын тудырар жағдай еді бұл.

Әкім өзі тікелей айтпағанымен, басқалар арқылы маған осының бір жағына шығу амалын ойластыру тапсырылды.

"Жас Алаш" газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, оның орынбасары Қали Сәрсенбайлармен сөйлесіп, істің барысы әжептәуір насырға шауып кеткенін аңғардым. Қаламдарының жүйріктігі, ойларының ұшқырлығы, іскер, ұтқырлығымен баспасөз әлемінде аттары мәлім болып қалған олар да ешкімді аяғына отырғызар емес, ытырылып-ақ тұр екен. Олардың ыңғайына Заманбек те жығыла қоймасы және белгілі. Күш алып бара жатқан қызыл ала өртті ушықтыра бермей, өшіру тағы керек.

Екі оттың ортасында қалу дегеніңіз, міне, осы еді.

Дәл сол күндері (қаңтардың ортасына таман) жұмыстан өз еркімен шығып кеткен сол баяғы Аманхан Әлімовтің "Қазақ әдебиеті" газетінде "Мен Нұрқаділовтен неге кеттім?" — деген мақаласы жарық көрді. Бұл да отқа май құйғандай әсер етері өз алдына белгілі еді.

Әрине, Аманхан өз мақаласында көбіне әкім орынбасары Жібек Әмірхановаға соқтығып, тіл майын тауыса қағыта отырып, біраз жерге барған екен. Заманбек Сіз айналаңызда кімдер жүргенін аңғармайды екенсіз, олардың ішінде достан қас көп, құлағыңызға жағымды ғана сөз айтатын, шындықты бүркеп, жауырды жаба тоқып дағдыланған адамдар деген тұрғыда сын айтады.

Қызметке жаңа келген адаммын. Көп жағдай маған әлі түсініксіз, жұмбақ та бұлыңғыр. Саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарағандар да бар, "бұл қайтер екен?" деп бұқпантайлаған көздер мен бүлдіру жағындағы сөздер де қылаң беріп қойып жатты.

Аманханды шақырып сөйлесіп едім:

Сәкен аға, егер Жібек пен Фатима аман болса, көріңіз де тұрыңыз, тура екі айдан кейін сіздің өзіңіз де басқаша сайрайтын боласыз әлі! — дейді.

Бәтір-ау, өзің суын ішкен құдығың ғой, қайырыла беріп түкіріп кеткендей болғаның не? — деймін ғой мәмілеге шақырып.

Айтқаным айтқан, тура екі айдан кейін сізге келіп, қазіргі пікіріңіз өзгермесе, ең жақсы ресторанға апарып өзім жуып берем, — деп ол кетті.

Осының бәрі де мені бей-жай қалдыра алмады. Өйткені мені құттықтауға кіріп шыққан көңілі жақын аудан өкімдерінің біразы (қызмет үстіндегі азаматтардың атын әзірге атамауды ұйғардым) да: "Жібек, Роза, Фатималар жүрген жерде өзіңізге қиын болады-ау. Олар өтірікті, шындай, ақсақты тыңдай етуге машықтанып, төселіп, әбден шеберленіп алған. Көзіңді бақырайтып қойып әлгінде айтқанынан жалт бере айнып та шыға береді. Байқаңыз!" — дескен. Бірақ Заманбек Нұрқаділов те мені бұл қызметке бекерден бекер шақырып алып отырмағандарын да жақсы түсіндім. Болмай бара жатса арқа сүйерім де өзі болады деп шештім.

Айтпақтай, осы арада айта кетпесем болмай тұр, Нұрқаділов алғаш шақырған күні сол кабинетте менің аға досым, асыл ақынымыз Тұманбай Молдағалиев болғанын құлаққағыс етіп едім той. "Бақсам — бақа екен..." дегендей, Сөйтсем облыс әкімі ең алдымен "осылай да осылай, ағасы, ел алдында, жұрт ішінде үлкен ірі беделіңіз бар, қасыма келсеңіз қайтеді, арашалау үшін емес, ара ағайын болуға қалайсыз?" деп қолқа салса керек. Сонда Тұманбай: "мен бұл жұмысқа жарамаймын. Ал шын мәнісінде өзіңе алыс-жақынмен көрісе қалғанда ара ағайынға жарар адам керек деп отырсаң, ол — Сәкен Иманасов. Шақырып сөйлес, мінезі де, беті мен беделі де келіп тұр. Қарсы бола қоймас. Мен де айтармын!" — десе керек. Мұны маған Тұмағаң емес, кейіннен Заманбектің өзі емеурінмен білдірген болатын.

Әлгі "Жас Алашпен" айтыс-тартыс арасында (ақыры екі жақты ашық сұхбат алмасу арқылы бұл қырғи қабақ әрекет біраз толастағандай болған) "Аманханға жауап беру керек шығар, бұл да сіздің міндетіңізге жатады" деген сыңай аңғарылды. Көп ойланып жатпай "Қазақ әдебиеті" газетінің атына мына бір мақаланы дайындадым.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз