Өлең, жыр, ақындар

Керуен кері бұрылса, ақсақ түйе алға түседі

Өз басым арадағы 3-4 жылды қоспасақ, тек бір ғана "Жазушы" баспасында табан аудармай 24 жыл қызмет істеген адаммын.

Сол баспаның да жағдайы болыңқырамай, қызметкерлері 3-4 ай жалақысыз қалып жүрген бір кезеңде министрлік тарапынан "Қазақ энциклопедиясы" бас редакциясына ауыс деген ұсыныс болды. Бұл ұсынысты маған жеткізген баспа ісі жөніндегі департаментінің директоры жазушы Әлібек Асқаров министр Алтынбек Сәрсенбаевтың ұйғарымы солай дегесін, өзіме әмісе жылы қабақ танытып келе жатқан басшы азаматтардың ілтипат-ықыласын аяқасты ете алмадым да, артыма қарай-қарай, үйренген жеріммен қимай қоштасып, амалсыз сонда ауысқан болатынмын.

Дәл осы жерде есіме ескі бір аңыздың сұлбасы орала кетіп тұрғаны.

Ертеде кәртеңдеу шалға еріксіз ұзатылған жас қыз екі-үш түн бойы ерін кеудеден итеріп, бұртындай қашқақтап, ыңғай таныта қоймаса керек. Жас иіс икеміне көне қоймаған шал байғұс әрі әурелеп, бері әурелеп ештеңе шығара алмаған соң біржола көңілі қалғандай болып, теріс қарап тарс бүркеніп жатып алыпты. Бір емес, екі емес, әлденеше күн бойы кең салынған төсекте екеуі екі жаққа қарап ұйықтап жүреді де, шалдан қайыра емеурін байқала қоймағанға әбден төзімі таусылған, енді өзінің дегбірі кете бастаған қыз: "Құдай салды — біз көндік, ақшұнақ шал, бері жат!" — деп кәрі күйеуіне өзі жабысып икемделе беріпті.

Біздікі де сол еді. Керігіп қызмет таңдайтын кең заман енді жоқ, күн көру қамы, аштан өлмеу үшін амалсыз аяқ суытқан жер болатын. Әлгі аңыздағы қыз құсап көңіл қаламаған жұмысқа еріксіз жегіліп кете берген едім.

Мен өзім қай жерде істемейін, қолымнан келетінін дос-дұшпанның бәріне дәлелдеп келе жатқан адаммын. Таңертеңгі тоғыздан кешкі алтыға дейін үстел басында тапжылмай отыра да аламын.

Өйткені, бастықтарымның ешқайсысымен де әмпей-жәмпей араласып, іші-бауырына кіріп кете алмаушы едім де, олар өз тарапынан ұнатсын-ұнатпасын, жұмысымнан ілік таба алмағасын, ресми қатынастан аспай, маған дегенде өздерін дұрыс ұстауға тырысатын.

Аудандық, облыстық, республикалық газеттер редакцияларында қызмет істеген кездерім де болған. Бастық болып көрген емеспін. Бірақ бастықтарымның бәрі де менімен бар жағдайда да санасып, кеңесіп, есептесіп отыратын еді. Көбіне айтқаныма көніп, келісетін. Ақыл сұрап та отыратындары болады. Бетімді қайтарып, қолымды қаққандары аса көп бола қойған жоқ. Бірақ неге екенін білмеймін, қызметімді өсіруге келгенде соларды бәрі де үнсіз ғана ығысып, мені қолдамай ы қорғамай да, ең жақсысы, қорламай да сырттап қала беретін. Мен оған да ренжіп көрген жоқ едім.

1999 жылғы шілде айының аяғын ала хатшы қыз Гүлмира арқылы энциклопедияның Бас редакторы Әбдімәлік Нысанбаев шақырды. Қасында өз орынбасары Тілеухан деген жігіт бар екен.

Сәке, сіз бүгіннен бастап бізге қызметке келуге тиіссіз. Астана жақтан сондай нұсқау бар, — деді Нысанбаев.

Мен он шақты күнге Алакөл жаққа кетіп бара жатқанымды, демалып келген соң, құзырыңызға көшейін дегенді айттым.

Жарайды. Мен өзім де кезекті демалысқа кетіп барамын. Осындағы шұғыл басылымдар тобына жетекші боласыз. Келгесін мына Тілеухан бұйрық шығарып, орныңызға отырғыза береді, — деді.

Солай етті де. Әлібек Асқаров айтқан "Екі мың жылдық дала жыры" антологиясын шығармаққа шұғыл кірісіп, арнайы комиссия құрдық. Белгілі ақын Есенбай Дүйсенбаев пен Әділғазы Қайырбековтердің құрастырып, көмектесуімен, Қазақстан Жазушылар одағының басшылығы (Нұрлан Оразалин, Темірхан Медетбек) тарапынан қолға алынған шұғыл әрекеттер нәтижесінде бұл көлемі 60 баспа табақ (көне дәуірден бүгінге дейін) антологияны компьютерде түгел тергізіп, басуға әзір еттік. Енді тек Нұрлан жазуға тиісті алғысөз қалып тұрған. Ол емделіп жатыр еді. Энциклопедия Бас редакторының орынбасары Тілеухан деген жігіт: "Алғысөзді Әбекең (Нысанбаев) жазады, біздегі тәртіп солай", — деді.

Мен: "Қой, Әбекеңнің поэзияға қандай қатысы бар, жөні де жосығы да жоқ", — деп үзілді-кесілді қарсылық айтқан болдым.

Әңгіме әрі қарай өршімеген соң, сол мәмілеге тоқтаған шығар деп түйгем.

Бірақ осының алдында мен "Қорқыт" аталатын көлемді кітапқа жауапты шығарушы болып едім, сол кітапқа да, соның алдында жарық көрген "Құрманғазы" кітабында да Ә.Нысанбаев алғысөз жазғанын байқасам да, оған аса бір мән бере қоймаған едім. Дардай аты бар, академик лауазымы бар адам баладай баққұмар болады дегенге сенгім келмеген.

"Академик" дегенің де арғы жағы ақылгөй, данагөй сөзінен шықпаған-ау, шамасы. Біреулердің көңіліне келсе де айтайын, сол жылы: "Академик дегенің осы күні иттен көп, иттен көптің ішінде бір Сәтбаев жетпей тұр", — деп бітетін өлең жазып, "Қазақ әдебиеті" газетінде жариялағам да. Орыс елінің үлкен білгірі, атом реакторын жасаған, бұл күнде жасы жүзге келіп отырған Николай Доллежальдың өзі: "1953 жылдан бері Ғылым Академиясының толық мүшесімен, бірақ біздің арамызда бұта басын сындырмаған "атақты" ғалымсымақтар толып жатыр. Олардың не тындырып, не қойғаны өздеріне болмаса, өзгеміз беймәлім", — деп жазады "Известия" газетінде. Аумалы-төкпелі кезеңде замана толқынымен араласып, су бетіне кездейсоқ шығып қалған лжеғалымдар бола береді. Оған сөз бар ма.

Ақыры, орысқа жүгіне бердік қой, сол елдің "порядочность" деген ғажап бір сөзі бар. Бұл жөні түзу, кісілікті, туа текті, құдайға қараған, ұяты бар, иман жүзді деген сияқты бірқауым ұғымдарды түгел бойына сыйғызып тұрған сөз. Басшының дәйім осы талаптан табылғанын қалар едім. Керісінше болған жағдайда, айнала құдай атып, ол ұжым ісінде береке болып жарытпасы және хақ.

Ондай басшы адам қарауында істейтіндердің де өзіне деңгейлес ақыл-есі, білімі бар азамат екенін естен шығармайды. Соған орайлас қатынас орнатады. Білімі мен сауаты сай келгенімен, жұрт басқару мәдениеті жетіспейтін, ой-өріс, интеллектісі төмен адамнан қай жетіскен басшы шығушы еді. Олар әлекедей жаланып, өзін-өзі әйгілеп, жүрген жерінде өзіне жарнама жасаудан артылмайды.

Мен өзім қияндағыны көргіш, қиялдағыны сезгіш адаммын. Осында келер-келместен әлгі орынбасар бастық Тілеухан деген жігіт.

Сәке, бізде жұмыс көп. Босбелбеу, бойкүйездікті көтермейді, бос уақыт жоқ, жұмыс көп, — дегенді бір емес, бірнеше дүркін қайталап айта берген. Сонда-ақ ішім сезе қойды, жоғарыдағы жігіттердің емеурінімен қызметке мені ықтиярсыз алғандарын байқадым. Өзі де шырт етпе мінезді, шыдамсыз адам, Сөйте берсек бір жерден сыр беріп қалар, сонда не өзі кетер, не кетірерміз деп ойлағандарын, алдын ала келісіп алғандарын білдім. Білдім де қойдым.

Сол кезде "Қорқыт ата" деп аталатын көлемі үлкен кітап дайындалып жатқан. Соны дайындаудың 60 пайыздай жұмысын сапалы етіп мен атқардым. Оған осы кітапты құрастырған Ш.Ибраев, К.Есмағамбетов, Т.Дайрабайлар куә. "Бір сүрінсе осы жерден сүрінер" дегендері болмай қалды. "Өзім де қумын!" — деп Тайыр ағам айтқандай, бұл жерден ұстатпадым. Ұтып кеттім!

Мұндағы қызметкерлердің білімі, сауаты, қабілеті жағынан мен білетін баспагерлерден көп төмен екені екі-үш аптадан кейін-ақ белгілі болған. Екі-үш қызметкерлері болмаса қалғандары жалтақтап басшылардың жүзіне қарай беретін, "шықпа, жаным, шықпалап" отырғандар екен. Шын сөзге ренжіп, дау айтатындар табылып жатса, онысын тағы көрерміз...

Сол алдымдағы малыма адал қарап, қызметіме қылшық жуытпау жағынан мін таба алмай дағдарған "басшым" енді амалы таусылып, басқадай әрекет іздейді. "Қайтсем де көп отырғыза қоймаспын" деп әлдекімге берген уәдесі де болуы керек, оның не сөз екенін де ішім сезеді, бірақ анық дәлелім болмағасын іште бүгіп қалып отырмын. Ақыры қойшы, Нысанбай маған орынбасары арқылы (онысы да сау сиырдың боғы емес) "басқа жерден жұмыс тауып алмас па екен" деген емеурін танытты. Жоғарыда айтылған кітапты шығарып болған соң өзім де есікті қаттырақ жауып қоштасам ғой деп жүр едім, ол менен айласын асырып, алдымды орап кетіп отыр.

Кетерде Әділғазы Қайырбековтың көзінше:. "Поэзия антологиясын" толық жинап, тергізіп, басуға дайын еттім. Егер менің аты-жөнім кітапты шығарушылар тізімінен алынып қалса, барша қазақ ақынын куәға тарта отырып, тұп-тура сотқа берем деп "қорқытқан" да болдым. Бұл қызметтен кеткен адамның ішкі қыжылы, орынсыз өкпесі емес, шын ниетім сол еді.

Үш ай ішінде байқағаным: судай сапырыла келіп-кетіп жатқан қызметкерлер. Кадр тұрақтамайды екен. Барар жері, басар тауы болмағандар ғана амалсыз айтқанға көніп, айдауға жүріп дегендей, тұқыра төмен қарап алып қызмет атқарған болуда.

Әй, Сәке, істесе алмайсыз-ау. Ол сіздей азаматтардың қадірін білер басшылар санатынан емес, әуре болмаңыз", — деген жанашырларым көп болып еді. "Көрерміз!" — дегем. "Бір жылға қоян терісі де шыдайды" деуші еді, бірер жыл көрейін. Міндетімді мінсіз атқарсам, ешкімнің қазанына түспесем, менде не әкелерінің құны бар, болмай бара жатса тағы көріп алармыз", — деп түйген болатынмын.

Маңында өзінен ойы озық, ақылы кемел, өресі үстем кісінің жүргенін жаратпайтын аса шолақ белсенділер болатынын талай көріп жүруші едік, бұл да соның айқын бір көрінісі болды да шықты. Басқаша айту мүмкін де емес.

Өз басым қашаннан қастасқаннан гөрі достасқанды дұрыс көретін адамдар санатынанмын.

Мұны да айтқызып отырған баяғы өр көңіл, өзімді білетін қалың ел әлде де жаман ойлап қалмаса екен деген ниет. Ендігісін іштеріңіз білсін дер едім.

Басында әлгілермен ұстасып та көргім келген. Келе-келе сабама түсіп, солар менің алысуыма тати ма өзі деп, тез райдан қайттым да, жөніме жүре бергенмін.

Р.S. Кейін сол антология жарыққа шығыпты. Менің аты-жөнім аталмапты. Антология деген өз басын қосып отырған әдеби жанрдың інжуі мен маржанынан түзілсе керек-ті, бұл, жүдә, олай болмаған сияқты. Өзім көрдім деп өтірік айта алмаймын, көзімен көріп, қолымен ұстаған ақын інім Есенғалидың айтуынша алғы сөзін сол Ә.Нысанбаев жазыпты, біз іріктеген игі жайсаң-жақсы ақындар ысырылып, иттің ұлы итақай барып ойып орын алыпты. "Оқығым да келмей, бас редакторының көзінше қасымдағы кездейсоқ біреуге ұстата салдым!" — деді Есенғали.

" Қарнымның ашқаны емес, қадірімнің қашқанына жылаймын" дегендей, ой-өрісі өзіңнен кеп төмен әлдебір жолбикелерден жәбір көру, жаныңа батпай қоймасы анық. "Баласы Жәлменденің Пышан едім, тұсында Николайдың кісі-ақ. едім!" — депті жалпық жатқан жалайыр ішіне көбірек мәлім Пышан болыс бір кезде. Біз де сол белгілінің бірі едік, қадірімді ел-жұрт біліп болды-ау деп жүрген едік, "керуен кері бұрылса, ақсақ түйе алға түседінің" кері келіп, маңым түгілі, шаңымды көре алмас біреулердің күйкілігінен алмас күзім майырыла жаздады-ау, жігерім жасып, кеудем басыла жаздады-ау деп келіп, бар шындықты ешкімді кемітіп-мұқатпастан шып-шырғасыз қалпында өз аузыммен айтып, елге тегіс жеткізгім келген ниет-сауалым еді бұл.

Бұл Аманханның неге ашынып, не үшін алашапқын болғанын түсінуден туған шегініс еді, енді негізгі әңгімеміздің арқауын үзбей, солай қарай бет бұрайық біржола.

18 қаңтар, 2000 жыл.

Аппарат басшысы ретінде маған тікелей бастық — Мұрат Мұсабаев деген жігіт. Әкім өзі алғаш келген күні әдейілеп таныстырған. Жібек Әмірханова екеуі де мені дүйсенбі күні ертіп апарып орныма отырғызып, маған тиісті автомашина шоферін шақырып, жүздестірген.

Өзі шақырмай-ақ араға апта салып алдына бардым. Қырық-қырық бестердегі жігіт. Обалы не, орнынан ұшып тұрып, ағалап қарсы алды. Бір жақсы-жайсаң жігіт сияқтанады. Тұманбаймен қыз алыспайтын аталас ағайын екенін де білдіріп өтті.

Бұрын осында әкімге көмекші болған деп естігем. Аппарат жұмысына әбден машықтанып алған сыңайлы. Мұндай типтегі адамдар сырын ептеп білетін едім. Ылғи ғана біреудің ығында жүріп дағдыланған адамда өзіндік мінез, өзіндік қылық болмайды. Қысқа күнде қырық құбылу, жаңағы әзірде айтқан сөзінен ретіне қарай жалтара салу да оларға түк емес. Сөзіңді салғырт қана тыңдайды, өзі тікелей ештеңе шешпейтін болған соңда Сөйте ме, кім біледі, әйтеуір, айтқан әңгімеңнің байыбына барып, терең бойлай ұқпайтынын, не ұққысы да келмейтінін аңғара бастадым. Бір сөзінде тұрақтап тұрып қала алмай ма деп те түйіп едім. Әркім-әркімнің сөзіне қарай тез өзгеріп отыратыны байқалды.

Маған, әрине, оның қандай жігіт болғанынан келіп-кетер ештеңе жоқ. Бірақ бірлесе қызмет істейтін болған соң іші-сыртын аз-кем барлап алуға тура келген. Бүгін айтқанынан ертең айнып отыратын адамдарда не үлкен билік жоқ, не "көп айтса — көнді, жұрт айтса — болды" санатында жүретін, көлеңкесінен қорқып, қорғалақтап өмір сүріп дағдыланған әккілер. Бұлардың бір жаман жері — өздері бастық атаулыдан қалай қорықса, бағыныштыларын да қорқытып, үркітіп, қолдан келсе үрейлендіріп ұстауға тырысатындығы.

Мұратқа қатысты емес, сөз ретіне орай айтып жатқаным, әшейін.

20 қаңтар, 2000 жыл.

Әкімнің Жібектен басқа (оған әлі кеңірек тоқталатын боламын) орынбасарларымен көп араласа қойған емеспін. Ең алғашқы телефонмен тілдескен орынбасар бастық Долженков болды. Қазаққа аса көп іші жыли қоймайтындар санатынан екені жайлы бұрын еміс-еміс естігенмін. Осында әкім орынбасары екенін білетінмін. Алғашқы күндердің бірінде "меридиан" аталатын телефонмен сол хабарласқан. "Долженков" деді бірден. Мен: "Долженковсың ба?" деп сұрап тұр екен деп ойлап... "нет" деймін ғой баяғы. "Это я — Долженков!" — деді ол нығыздалып. "Ну!" — деймін мен. Ол маған соншалық бір қатысы жоқ шаруаның жайын сұрады. "Уточните!" — деп нығарлар қойды. "Через час я перезвоню" — деді ол. "Ладно!" — дедім. "Вы тот, который... заместитель у этого..., как его?" — деді ол. "Да, заместитель того самого" — деймін мен де қитығып. Ол трубканы тастай салды.

"Апыр-ай, — деп ойлағам сонда, — "аты-жөніңіз кім еді" Кешірерсіз!" деген сияқты адами тіл бұларға бұйырмаған ба, немене?".

25 қаңтар, 2000 жыл.

Алматы облысының әкімшілігіне қызметке келгеніме біраз күн болып-ақ қалды, әйтсе де әлі жұртпен сіңісіп кете алмай жатырмын. Өзімнің де жұғымым аз адаммын, оның үстіне осындағылардың көбінен жасым үлкен, кірігіп кете алмауға ол да бөгет. Кеше бір қызық болды. Есіктен шыға берсем, әкімнің орынбасары Т. деген жігіт жүр екен. Қолында телефон, біреумен сөйлескен болады. Маған иегін көтеріп қана амандасудың ишарасын жасады. Көкіректеу екенін келе-сала байқап ем, бірақ мән бере қоймағанмын.

Көлденең тартылған машинама мініп, жүріп кетейік десек әлгі бастық дәл жол үстінде талтайып тұрып алып қалта телефонымен сөйлесе бастады. "Белгі берсеңші!" — деймін шоферға. "Болмайды. аға", — дейді ол.

Көз қиығын салып, біздің бөгеліңкіреп қалғанымызға разы болғандай: "Міне, солай, Аяз, әліңді, құмырысқа жолыңды біл", — дегендей өктем ниет танытып, әрең ығысып жол берді-ау.

"Өстімесең қазақ болармысың!" — деп мен кеттім.

Сонау бала жастан бергі ең жек көретін қылығым арсыздық, кісіге қыр көрсете бұлдану, мінін айтқан адамға жатын бүліне тұлдану еді. Ұятсыздығының үстіне өз бойынан асқан кесел, кекірттік, бір күнгі лауазымын арқаланып, өзінен басқаны таптап өткісі келіп тұратын өлермен ұрдажық мінез, надан да сасық кеуде, Сөйте тұра ақылдының алдына түсіп, итере ығыстырып, ауыздыға сөз, аяқтыға жол бергісі келмейтін сол бір рухани сорлыларды көріп: "Қайнайды қаның, ашыды жаның!" — дер едің ызадан күйіп кеткенде. Өзіңді өзің әрең деп ұстап қаласың.

Сөзінде дәм жоқ, өзінде мән жоқ, көп ізденіп ештеме оқи қоймаған, әркімнен үзіп-жұлып шала-пұла естіген қайталауды айтқыштыққа, ділмарлық, шешендікке балау, қолпаш-қошемет көбейген сайын сонысын тоты құсша сан қайталап көсем аталып жүргендер де бар, қайтесің.

Өзімнің де жұрттың бәріне бірден жаға қояр қылығым, ұнай қояр түрім жоғын жақсы білем-ақ, дегенмен әлгіндей басшының көкірегіне нан пісіп-ақ тұрғанын аңғардым. "Ел басқарып осылар не жарытпақ!" — деп те ойлағам.

26 қаңтар, 2000 жыл.

Әдеттегідей дүйсенбі күні аппарат жиналысы өтті. "Сәке, сіз өлі өзіңізді езіңіз көрсетіп, жұмысқа бел шеше де, белсене де кірісе алмай жатқан сияқтысыз", — деді Заманбек.

Қайдан білейін, бар болғаны бір-ақ апта болды ғой мұнда келгеніме де. Ештеме тындыра алмай жатуым да әбден мүмкін. Бірақ соны алдына шақырып неге өзіме айтпайды? Әлде сынаған түрі ме?

Сол жиналыс үстінде әкім: "Сіздің қарауыңызда автокөлік біреу-ақ па?" — деп сұрады.

"Иә", — дедім мен.

Мен тағы да: "Зәке, бізге компьютер білетін бір техникалық қызметкер керек еді", — дедім.

Құйысқанға қыстырылып қалуды ар санамайтын Әбдіқадыров (қаржы басқармасының бастығы): "Менің орынбасарларым компьютерде өздері тереді керек құжаттарын. Әр бөлімге қосымша қызметкер ұстап керегі не?" — деп қойды. "Сіз компьютер тілін білуші ме едіңіз" — деп сұрады әкім. "Жоқ, — дедім, — оның үстіне үйренуге деген құлқым да шамалы"

Бұл әңгіменің негізі қайдан шықты екен деп ойладым. Сөйтсем осының алдында Фатима кіріп: "Сәкен жаңа келген адам, жұмысты біліңкіремейді. Бәріне мен жалғыз жүгірем. Оның үстіне машина да сол кісіге бекітілген", — деген сыңайда қыңқылдаса керек. Оның үстіне тағы біреулер Заманбекке мен туралы "не очень лестно" сөз айтқанын да аңғарып қалдым. Соның бәрі жиналып келіп, әлгіндей әңгіменің өрбуіне әкеліп соққан жайы бар. "Басшы азамат көп қой, қайсыбіреуінің көңілін таба бересің", — деп еді баяғыда Мәскеудің партия мектебінде менімен бірге оқыған көрікті бір келіншек. Сол айтқандай "қайсысына жалтақтай берем, өздері білсін!" дедім де қойдым мен.

27 қаңтар, 2000 жыл.

Облыстық "Жетісу" газетінде редакциясында әжептәуір үлкен кеңес өткіздік. Республикалық Журналистер одағының басқарма төрағасы Камал Смаилов, Ұлттық университеттің журналистка факультетінің деканы Намазәлі Омашев, "Қазақ газеттері" жабық акционерлік қоғамының президенті Жұмабек Кенжалин, облыстық ақпарат және коғамдық келісім басқармасының бастығы Күлімхан Жәйшібекова, осы басқармаға қарайтын баспасөз бөлімінің меңгерушісі Кемел Құсайынов, мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінен Кенжеболат деген жігіт, облыстық газеттің басшылары қатысып, бірқыдыру мәселелер төңірегінде әңгіме болды.

Бұл менің облыс әкімі аппарат басшысының қоғамдық ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жөніндегі орынбасары ретіндегі алғашқы қатысқан жиналысым еді. Кәдуілгі ысылған шенеуніктей-ақ ағыла сөйлеп, жиналғандарға әжептәуір "ақыл" айтып та жібердім-ау деймін.

Осы әңгіме үстінде бәріміз баяғы партиялық цензура турасында пікір таластыра келіп, бүгінгідей әркім бетімен лағып, бейпіл сөйлейтін, аузына келгенін айтып, гу-гу өсек, ду-ду өтірікке жол беріп, өрекпи қоздыра түсетін "еркіндіктен" гөрі сол бұрынғы белгілі бір адами өлшемнен әріге жібермей, тежеп ұстайтын цензурамыздың өзі дұрыс еді-ау деген қорытындыға келгенбіз.

28 қаңтар, 2000 жыл.

Бүгін облыс әкімі жанындағы алқа жиналысы болып өтті. Жиналған барлық аудан, қала басшыларына әкім мені әдейілеп таныстырды. Бірақ сол мәжіліс өтетін дөңгелек залға кіре берісте қарсы жолыққан Заманбек: "Сәке, бүгін КТК-ні (телеарна) көрдіңіз бе?" — деп сұрады. "Жоқ, көрмеген ем, онда не бар еді?" — деймін. "Апыр-ау, сіздің жұмысыңыздың бір саласы сол теледидар ақпараттарын көру емес пе, оны да мен айтып отыруым керек пе?" — деді әкім екпіндеп.

"Жә-рәй-ді!" — дедім өзіме өзім. Ақсу ауданының әкімі Қ. Байболов, министрлер кабинетінің қызметкері, ескі танысым М.Шәкенов келіп, әңгімелесіп кетті.

3 ақпан, 2000 жыл.

Сағат тұп-тура тоғызда "меридиан" аталатын телефон шылдырлады. Аржағынан "Әкім" деген жазуды оқып: "Иә", — деп едім. "Сәке, маған келіп кетіңізші!" — деген Зәкеңнің даусын естідім.

Заманбек көңілді екен. "Сәке, қалайсыз, мұнда келгеніңізге қанша күн болды?" — деп сұрады. "Бір айға жуықтап-ақ қалды-ау деймін", — деп жауап бердім.

Маған жүктелген міндеттер ауқымы, оны атқару тәсілдері жайлы 25-30 минут әңгімелестік. Біраз ой тастарлықтай ақыл-кеңесін айтты.

Мен Заманбек Нұрқаділовті тыңдай отырып, осы азаматтың басында да жұртты өзіне үйіріп алатын, тіпті кейде мысымен де баса түсетін сирек бір қасиет бар-ау деп ойлағам. Бұл кім көрінгенге бұйыра бермейтін қасиет. Өйткені мен де кім болса соның алдында айылымды жиып, аяғымды тарта бермеуші едім. Асып-саса да қоймайтынмын. Әлде ойламаған жерден тап келген жаңа қызметтің әсері ме, не қарамағында істеп жүрген соң ба, әйтеуір осындай оңаша әңгіме үстінде ойда жүрген шаруамды таратып айта да алмай, әбіржіп қала беретін болыппын. Соған таңырқай бергенімде әкім:

Айлық жалақыңыз қанша екенін білесіз бе, Сәке? — деп сұрады.

Мен өзім қай жерде қызмет істемейін, қашан еңбекақым қолыма тигенше қанша алып, қанша қоятыным жайында алдын-ала ешкімнен сұрап көрген кісі емес едім, ыңғайсыз көретінмін. Кісі ақысына қиянат жасай қоймас, артық етіп өздері де бермес дейтінмін. Заманбекке соны айттым. "Жалақы алған күні көрерміз", — дедім.

Айлығыңыз аз емес екен, облыс әкімінің жалақысының тең жартысы, — деп едәуір қомақты бір соманы айтты, — қазір ғана ведомостқа қол қойып отырмын.

Жас балаша қуанып кеткенімді жасыра алмай қалдым. Ол да қайбір жақсы қылық дейсің. Сыр білдірмей де сыпайы күліп отыра беруге болар еді ғой. Бірақ ол айтқан сома "Жазушы" баспасында бас редактор ретінде алатын айлық ақшамнан екі-үш есе артық екен. Мұқағали айтқандай, "құдай көп жарыта қоймай" жүрген ақын үшін бұл өзі көктен түсе қалған байлықпен бірдей еді ғой.

Ақпарат құралдары арқылы жиі көрініп тұруым керектігі, теледидардан дәл Мәскеу билеушілерінің баспасөз көмекшілеріне ұқсап, саясатқа да жиі араласып отыру, осы бастан соған ыждаһатты болуым жайлы айтылды.

Мәскеу қайда, біреу қайда! Оның үстіне Заманбек Нұрқаділов баспасөз басындағы біраз азаматтармен тіл табыса алмай, қырғиқабақ жүргені жайлы да аз-кем естігенім бар еді. Сол есіме түсіп, арғы қалай боларына көз жеткізе алмай, ойланып қала бердім.

4 ақпан. 1000 жыл.

Маған берілген "Вольга" автомашинасы бар. Оны бұрын Фатима мініп жүрген бе, білмедім, кешкілік Роза Кәрібжанова, Ахмет Кендірбек, Фатима төртеуіміз тиеліп кетеміз де, ертеңгісін жол бойы тағы теріп алып келемін. Алғашқы күннен осы дағды қалыптасып еді.

Бүгін де сол төртеуіміз тиелген қалпымызда тұп-тура сағат 9-00 де әкімшілік алдына келдік. Роза қыңқылдап: "Сәкен аға бұдан кейін ертерек шығайықшы үйден", — деп тықыршып дегбірсіздене берген. "Асықсаң, жүре бермейсің бе?" дегім-ақ келіп, оқталып барып тоқтадым. Азаннан өз көңіл күйімді өзім бұзғым келмеді. Өзі де бір түсініксіздеу әйел екен. Бұрын тиіп-қашып сөйлескенім болмаса, жақын жүріп көрмеп ем. Әркім әртүрлі мінездеме беретін. Көбісі "отрицательный", әрине.

Жұмысты беріле істеймін деген адамға 8 сағат әбден жетеді. Қалғанның бәрі жалған белсенділік, көзбояу, өзгені де, өзін де алдау.

Кешегі бір әңгімеде өкім ақпарат құралдары өкілдерімен тығыз байланыса жұмыс істеу үшін қосымша автокөлік бөлдіремін, ресми қызметнама жазып әкеліңіз деген.

Аппарат басшысы Мұрат Мұсабаев: "Аға, ақыры әкімге шыққалы отырсыз, хатыңызға екі "Волга", бір "Жигули", бір "Нина" деп корсетіңіз", — деді. Оны қаржы-шаруашылық бөлімінің бастығы Еламан Сүлейменовте қостап, солай деп хат жаздым. Әкімнің көмекшісіне түс қайта тапсырып кеттім.

7 ақпан, 2000 жыл.

Бүгінгі аппарат мәжілісінде әкім: "Сәке, Сіз тұтас бір ғараж машина сұрапсыз той, екеуі де жетпей ме, әнеукүні солай келіскен сияқты едік", — деп күліп отырып сұраған.

Мен жалтақтап Мұратқа қарадым. Ол тырс етіп үндемеді. "Мен едім айтқан" демегеніне таңырқап, иығымды қомдай бердім. Әбдіқадыров қана (финанс королі) тыныш отырмай:

"Түйе сұрасам, бие береді" деген ғой, — деп қалды.

Бұл кісі түйе сұрағанда да төрт өркеші барын бір-ақ сұрапты, — деп Заманбек тағы күлді, — Бір "Волга", бір "Нива" машинасын бөлдік, әзірге республикалық газеттер тілшілерімен жұмыс істеуіңізге сол да жетіп қалар.

Бірақ сол машиналар ақыры "қолды болып" кете барды. Бірер рет қаржы-шаруашылық бөлімін басқаратын Сүлейменовтен сұрап көріп едім: "Менен неге сұрайсыз, Тойбаев (әкімнің бірінші орынбасары) пен Мұсабаевтан сұраңыз, солар біледі деген. Мұрат Мұсабаевтан сұрап едім: "Болады ғой, қайтесіз тықыршып", — деді. "Бұлардың жұмыс әдісі осы шығар" деп әрі қарай қазбаламағам.

Мұнда ашылып сөйлесерлік, аз-кем сырласып ой бөлісерлік адам аз болады екен, бәрі де томаға-тұйық, артық бірдеме айтып қоюдан сақтанған, екі шоқып артына бір қарап әдеттенген тісқақтылар. Әркім өзімен өзі ғана. Біріне бірін біреу аңдытып қойғандай, үрке қарап, үдірейе түсіп жүргендері.

Түс қайта жалпы бөлім меңгерушісі Айдын Әлімжанов келіп, ертеңгі сессия материалдарымен таныстыра отырып, біраз әңгіме айтты.

Сіздің машинаңыз, Сәке, маршруттық такси сияқты, — деп күлді ол, — екі еркек, екі әйел болып тиелесіздер де жүресіздер, әйтеуір.

8 ақпан, 2000 жыл.

Кімнің кім екендігі сұлбаланып, азды-кем белгілі бола бастағандай. Баяғы бала кезімде Сұланбек деген чечен баласымен дос болып едім. Жоқты-бардың бәрімен әуес, әсершіл, ізденгіш болатын. Соған еріп фотосуретпен әуестеніп көргенім бар. Негатив деп аталатын пленкадағы бейнені жарыққа қаратып та ажырату қиын, кеспірі де, кескіні де беймәлім біреу. Әлдебір дәрі ("проявитель, закрепитель" дейтін еді) қосылған су толы табақшаға фотоқағазды салып, қажет тетігін іске қосқанда әлгі негативтегі бейне ақырын-ақырын айқындала келе, алғашқы нысанаға алған нұсқаң бадырая барып сурет болып шығатын. Сау ма, соқыр ма, пұшық па — енді "өңдеп" те, "жөндеп" те ала алмайтын сол түсірген адамың өз түрімен көрініс берер еді. Айналамдағы сол негативтер, міне, ақырын-ақырын айқындала бастағандай. Күн сайын менің қызмет машинама тіркесе тиеліп жүретін сол Фатима, сол Роза, сол Ахметтердің де бет-перде аржағындағы өз "жүздері" анығырақ көріне бастап еді.

Бүгін де сол төртеуіміз түгел қалпымызда кеңсе қасына ертелеп жетіп едік, алдымыздағы машинадан Жібек (әкім орынбасары) түсіп жатыр екен. "Ойбай, Сәкен аған! — деп баж ете қалды Роза жылан шағып алғандай, — сәл ғана машинадан шықпай отыра тұрайықшы! Әйтпесе, құримыз!"

Машинаның әйнегі кіреукеленген. Сырттағы адам ішінде кім бар, кім жоғын ажырата алмайды. "Ойпырмай, адамды адамға бағындырып, табындырудың үстіне осыншама кіріптар, басшының алдында осыншама мүсәпір етіп қойғаны-ай!" — деген ызамен мен өзім жақ есікті серпе жауып шығып жүре бердім. Баспалдақпен көтеріліп бара жатқан Жібекке жақсы пейілмен амандасып, өкшесін баса ішке ендім. Жеп қойған жоқ, неде болса ойы іште қалды.

"Служебная иерархия" дейтін де қалыбынан аспай қатып і алған бір "дәстүр" бар. Ертеде, Талдықорған обкомында қызмет істеп жүріп, алғашқы күні "байқамай" асханадағы кілең Зав. отделдер ғана кіруге болатын бөлікке барып тамақтанғаным бар. Бұл бөлімнің қапталында төменгі сатыдағы қызметкерлер "ет табағын" құшақтап, қаздай тізіліп кезекке тұрып жатқанын, ал мына бөлікте аппақ алжапқыш (байлаған даяшы қыздардың зыр жүгіріп қызмет жасап жүргенін көргенмін.

Даяшы қыз ештеңе демей заказын қабылдады. Қарама-қарсы обкомның өндіріс бөлімін басқаратын, жасы менен онша көп үлкен емес Баталов деген жігіт келіп жайғасты. Ол көз астымен маған қарап қояды: "бұл да "өсіп" кеткен бе" дегені. Үн-түнсіз тамағымды ішіп, даяшы қызбен есеп айырысып, Баталовқа бас изеу рәсімін жасап тұрып кете бергемін. Бұдан кейінгі күндерде де сол жағдай қайталанып, он-он бес күннен соң менің бөлім бастығым Виктор Солодилов дейтін жасы кіші орыс жігіті: "Сәке, сізге "Зав. отдельдер" асханасына айрықша рұқсат беріліп пе еді, жоқ қателесіп барып жүрсіз бе?" — деп сұраған. "Енді бүгіп-жабар не қалды?" — деп ойладым да: "Иә, Виктор Данилович, рұқсат берілген", — дедім міз бақпай.

Ол әрі қарай қазбаламады.

Менің бойымда "бұлардың қайсысы менен артық, қызметі болмаса" деген сәл астамшыл ой жүрген.

Мына әкімшілікте де үш асхана бар екен. Екеуі төменде, біреуі (шағын) жоғарыда. Сол баяғы обкомдағыдай "хатшылар", "Зав. отдельдерге" арнайы бөлінген. Маған іні болғансып жүретін Ахмет Кендірбековты (ол осындағы бөлім бастығы Роза Кәрібжановаға орынбасар) түсі үзілісте сол өзім баруға хұқылы асханаға шақырдым. Ахмет, обалы не керек, зырылдап, шырылдап біраз тартынып еді, мен сүйрегендей болып ілестіріп алғам.

Тамақтанып алып шығып келе жатсақ, алдымыздан әкімшіліктің сол кезгі шаруашылық-қаржы жағын басқаратын алпауыт Еламан деген жігіт ұшырасты да, өзінен жасы үлкен Ахметке кіжіңдеп, "мұнда кіруге хақың" жоқ деп, көзге шұқи ескерту жасады.

"Сәкен ағам ертіп келіп еді", — дейді Ахмет шыр-пыры шығып.

Менің бойымдағы өзім білетін ең басты кемшілік-мінім — шыдамсызбын. Бастан сөз асыру деген болмайды. "Шыдамсыз адам ұнамсыз болатынын" біре тұра намысыма тиетін сөз естіген жерде, басшы ма, басқа ма, дер кезі тойтарыс бермей тұра алмайтыным бар. Ал кекету, мұқату дегендерге тіптен төзе қоймаймын.

Әлгі Еламанның сөзіне де: "Баяғыда Америкада "Неграм и собакам вход воспрещен!" деген болады деуші еді, әйтпесе, не қағынып кетті соншама?" — деп едім дызылдап.

Ол менен айылын жия қоймады.

Мұндай пиғылдағы адаммен дауласып түк өндіре алмасымды да білем. Пушкиннің "Я воздвиг себе памятник..." деп басталатын әйгілі өлеңінде: "...И не оспаривай глупцов!" — дейтін жол бар еді. Бірақ, қайтемін, жәбірленгенге жәрдем беру, ары мұқалғанға араша түсу міндетім ғой деп өскен, жапа шеккен жанның қасынан табылуға тырысатын адам болғаннан соң да көпе-көрінеу қиянатқа төзбейді екенсің.

Еламан неге сонша шіренеді? "Байдың асын байғұс қызғанадының" кері ме әлде?

Жоқ, бәрін аңғара, бәрін де байқай бастағандаймын. Тоқпағы мықтылардың қарны тоқ, аузы қисық болса да, — соның сөзі өтімді.

Бұл жерде "қожа мен құлдар" ғана барына көзім жете түсті. Дәл осы жерде баяғы Кеңес елінің "қас жауы" Дмитрий Мережковскийдің: "Одного бойтесь — рабства и худщего из всех рабств — мещанства и худщего из всех мешанств — хамства. Ибо воцаривщийся раб и стал хам, а воцарившийся хам и есть черт — уже не старый, фантастический, а новый маленький черт, действительно страшный, страшнее, чем его малооют, грядующий князь мира сего, грядующий хам", — деген сөзі еске түсті. Бұл жұлыныңды үзердей ұзақ бір сөйлемді өз әлімше қазақшалап көріп едім, ұзын-ырғасы былай болып шықты: "Қорқатын болсаң бір ғана нәрсе — құл болудан және сол құлдықтың ең сорақы түрі — тоғышарлықтан және тоғышарлықтың ең сорақы түрі — жүгенсіз тәйтіктен қорқатын бол, өйткені таққа мінген құл жүгенсізге айналмақ, ал таққа мінген жүгенсіз албастының нағыз өзі, онда да біз білетін баяғы қиялдағы албасты емес, бүгінгі өзіміз көріп жүрген шын мәніндегі сұмырай, бірақ әсірелеуден де асып түскен сайтанның сапалағы, болашақ дүние тетігі қолында тұрған Қожа, болашақ жүгенсіз".

Мұнда да сол Қожа, сол жүгенсіздер. Қожасы иегін көтерсе үріп қап, көзін жұмса тұрып қап үйренген. Қожасы жат" десе жатып, "қап" десе қатып дағдыланған жүгенсізге де құл керек, оны да өзі секілді жүгенсіздер арасынан іріктеп таңдайды.

Соларға менің қылығымның бәрі оғаш болып көрінуі де заңды еді. Қалжыңмен ғана қағытып, күлкіге ораған кекесін болмаса, "былай тұр!" деп ашық айтуға жүрегі дауаламайды. Содан барып өзінен де жетесіз, өзінен де жүгенсіз, "әйт" десе болды, тап беретін, шап беретін, шабатын, қабатын бетсіздері мен тексіздерін қосады.

Мен алғашқы айлардан бастап-ақ ешкімнің маған жауыға қарамағанымен айналамнан салқын бір ниет аңғара бастап едім. Басында оның мәнісін ұғып, байыбына бара алмай да жүргенмін. Сөйтсем, бұлармен терезең тең сөйлесу үшін де, істес, тістес болу үшін де ең алдымен тоныңды айналдырып киіп, бетіңе перде тұтуың керек екен. Өйткені — бөгдесің, бөтенсің. Саған да ешкім жоламайды, өз маңына жуыта да қоймайды.

Менен әлдеқайда жас Мұрат Мұсабаевтың (менің тікелей бастығым) өзі: "Аға, сіз туралы әркім-әркіммен әңгімелесіп, сыр тартып көріп едім, бәрі де "адал адам, тура айтатын тік мінез кісі" дегенді айтты бірауыздан. Өзім де сізбен танысқалы бері соны байқап жүрмін. Бірақ, шынын айтсам бар ғой, аға, мына қоғамда, дәл бүгінгі кезеңде ақ, адал сізден гөрі аппараттық интрига, ыбыр-сыбырға әбден төселіп алған мен қажеттірекпін!" — деп күлген болатын бірде.

Бұл жерде "бәріміздің илеп жатқанымыз бір терінің пұшпағы-ау" дейтін, ортақ істің абыройы үшін жаны күйе жүгіре қоятын адам болмайды екен. Тапсырма тек қана бастықтан болуы шарт. Әкім — орынбасарына, орынбасар — өзіне тиісті бөлім басшыларына тапсырма береді. Соны орындап "алғыс, не қарғыс" алғандарына мәз. Олай дейтінім, бірде аяқ-асты "Қазақстан-1" телеарнасында қызмет істейтін бір келіншек телефон соғып, шұғыл түрде Талғар ауданынан бір сюжет түсіріп келуге көмектесуімді өтінді. Өзі 9 мамыр — Жеңіс күнінің қарсаңы еді. Талғарда тұратын соғыс ардагерін көрсету керек болған. Әкімшілік қызметкері — бас инспектор болып істейтін Шамшитдинов Мұсабек деген азаматтың шетелдік жеке меншік машинасы бар, соны жұмсап едім, лып ете түсті: "Қазір апарып келейін, Сәкен аға!" — деп.

Арада аз уақыт өтпей жатып жаңағы телевидение қызметкері звондап: "Асай-мүсейіммен уағдаласқан жерде әлгі жігітіңізді күтіп тұрмын, бірақ өзі жоқ", — деп тұр.

Шамшитдиновты қайтадан іздеп табайын. "Бақытжан Құлназарұлы рұқсат етпеді", — деп күмілжиді ол. Бақытжан деп отырғаны дәл мен секілді аппарат басшысының орынбасары әрі ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі Асқаров. Соған телефон соғайын "осылай да осылай" деп.

Алдымен маған айту керек еді ғой, ол инспектор менің қарауымдағы адам, — деп кергиді ол да.

Жүріс-тұрысы сыпайы, мәдениетті жігіт көрінген.

Оу, Бақытжан, мен көк базардан жуа сатып әкеліп бер деп жұмсап отырған жоқпын ғой, сені іздеп тауып, келісіп, мәмілеге келгенше олар барып та келмей ме? — деймін.

Ол келісті, көнді. Бірақ кейіннен Мұрат Мұсабаевтың: "Сәкен аға, әр бөлімнің өз стилі бар, меңгерушісімен келісіп істеңізші", — деген бір сөзінен Бақытжанның да шағым жасап үлгергенін аңғардым.

Ал амбиция жағына келсек, артында тіреуі бар, сүйенері мықты болғансын ба, қатардағыларды көзге де ілгісі келмейтін, бастықтың алдында құрдай жорғалап, басқаларымыздың алдымызда жимайтын әйелдерді көріп, сан рет жағамды ұстағаным бар.

Бір күні маған "Мәдениет басқармасынан" едім деп, Гүлнұр дейтін әйел телефон соқты. "Сәкен аға, сізге біздің бастық Қанымжан Шотбаевна келіп кетсін дейді",— деп.

Сол аңырап қалдым. Қанымжан Шотбаевнасы — облыстық мәдениет басқармасының бастығы Солтанқұлова деген әйел. Ара-тұра кезігіп, қызмет бабында әңгімелесіп қалып жүретінбіз.

Оу, Гүлнұржан, — дедім телефон соққан әйелге, — ең алдымен сенің бастығынның мені хатшысы арқылы кабинетіне шақырып алып сөйлесуге құқы бар ма екен, соны анықтап біле қойшы өзінен.

Өзім де соны ойлап ыңғайсызданып отыр едім, ағай. Қазір өзіне айтайын, — деді Гүлнұр. Кейін таныстық, бұл өзі бетінен иманы төгілген жақсы бір келіншек болып шықты.

Ал үнсіздіктен соң телефоннан Қанымжанның да даусы естілді. "Кешіріңіз" — деген болды ол, — бір асығыс шаруа үстінде отырып, сізбен ақылдасқым келіп еді. Біраздан кейін өзім кіріп шығамын", — деді.

Сол жолы Қанымжан кіріп шыққан жоқ. Бірақ кейін жақын таныса келе әзіл-қалжыңға да кет әрі емес, әжептәуір көргені бар, жөн біліп қалған әйел екенін де аңғартқан. Облыстық мәдениет басқармасына бастық болып келгеніне де көп бола қоймапты, менен сол бір-екі ай ғана бұрын тағайындалса керек. Мамандығы — мұғалім, мектепте директор болған, Талғар ауданында әкімнің орынбасары қызметін атқарыпты. Әлі де болса жаңа қызметтің буы басыла қоймай тұрса керек. Қызметтік иерархия дейтін құрғырдың да байыбына бара алмай жатқанға ұқсайды. Осының алдында өзімнің де бір оған телефон соққаным бартұғын. Хатшы қызы арқылы кім екенімді айтып, жалғап жіберуін өтінгенмін. Сонда ар жағынан амандық-саулық жоқ: "...Е, не болып қалды?" деген дауыс естілген.

Мен оған ашу білдірмедім. Емеурінмен ғана өз орнына қойғандай болдым. Төменгі жерде кіші-гірім мекеме басқарып, одан аяқ асты облысқа жоғарылап келген адамдардың көбінде осы мінез кезіге беретін.

Бірді айтып, бірге кетіп жатқан жоқпын. Сөз ретіне қарай салыстырғаным болар, баяғыда облыстық "Октябрь туы" газетінің редакциясына жауапты хатшы болып М. деген жігіт келген. Мамандығы журналист (сырттай оқып бітірген) болғанымен, көп жылдар ірі колхоздың (қазіргі тілдегі ұжымдық шаруашылық) партия ұйымында хатшы һәм төрағасының орынбасары болып істеген. Әміршіл, әкімшіл кезеңнің төл өкілі. Ауыл шаруашылығында жұмыс көбіне айқаймен, әкірендеумен бітіп жатады. Соған әбден дағдыланып кеткен М. редакция қызметкерлеріне де қатулы қабақпен қарап, бірден билеп-төстеп алғысы келіп бірер ай әуреге түскені бар еді. Қаламы жүйрік, ойы ұшқыр, тауға да, тасқа да салса мойымайтын білгір журналистер оның айтқанына көніп, айдауына жүре қоймады. Соны екі-үш айдан кейінгі әуре-сарсаңнан соң барып түсінген М. ақыры жаспен де, кәрімен де тіл табысып, біразымен сыйлас, сырласқа айналып, тонның ішкі бауындай араласып кетіп еді. Мен де оған қалжың ретінде сол бастапқы қылығын қызықтай айтып, келемеждеп, қағыта берсем керек, бір отырыста: "Әй, Сәкен-ай, мен қайдан білейін, ойдан-қырдан жиналып жатыр, мен де екі-үш бастықтың бірімін, колхоздағыдай бірден бет қаратпай ықтырып ала қояйын деп едім, оған болмадыңдар, енді қойсаңшы, ондай-ондай хан қызында да болады ғой", — деп уәж айтқан.

Әрі қарай біз де өткенді еске түсіріп, мазалай беруді доғарғамыз.

Қанымжандікі де соған ұқсас бір қыры-ау дедім де қойдым.

14 ақпан, дүйсенбі, 2000 жыл.

Бүгінгі кезектегі аппарат мәжілісінде Әкім маған алғаш рет "әлі ештеңе тындыра қойған жоқсыз-ау" деген сыңайда сыпайы ғана ескерту жасады. Таңнан бері денем тоңазып, көңкіл-күйім пәс, сіркем су көтермей-ақ тұр еді, содан да сөйлеуге халім де, ықыласым да болмады. Әйтпесе бірдеңе деп, кім екенімді білдіре кетудің ұрымтал тұсы осы еді. Бірақ " үдемеген үйдей пәледен құтылады" дейтін уәждің де дұрыс екенін осы жолы көзім жете түсті.

Не істеп, не қойып жүргенім осындағы елдің бәрінің де алақанында ғой деймін де, мен көбіне "мынаны істеп жатырмын". деп қыт-қыттамай-ақ үнсіз жүре беретінім бар. Мемлекет қызметіндемін дейтін адам үшін бұл аса жараса қоймас қылық екенін де білуші едім. Осыдан көп жылдар бұрын Талдықорған обкомында жүргенде жасы үлкен аға, біраз жыл аудандар басқарған, өмірінің соңғы кезеңінде облыстық баспасөз басқармасының бастығы болып істеген Жолан Сыздықов (белгілі аудармашы Нияз Сыздықовтың и асы) дейтін азамат маған жиі келіп, ұзақ отырып әңгімелесіп, ағалық ақыл-кеңес айтып, сыр бөлісіп жүрді. Бір сөздің ыңғайына қарай сол кісі: "Сәкен, сен өз ісінді ел құсап айшықтандыра көрсетуге жоқ екенсің-ау! — деп еді. — Содан да болар, сенің ұсынған ой, жүзеге асырған идеяларың, іс-жоспарларыңды үзіп-жұлып малданып, иеленіп кетіп, орта жолда пайда тауып жүргендер де барын байқадым".

Саған мен мынаны айтайын, — деді әңгімені соза түсіп Жолан Сыздықұлы, — айталық, өнертапқыш бір адам мына сенің алдында жатқан қарындашты ойлап табады да, жасап шығарады. Болды. Сонымен іс тәмамдалды. Өнер адамы болған соң "Сөйттім де бүйттім" деп, өзін-өзі әйгілеп, әлекедей жаланып жатпайды. Басында басқа да мың сан ой бар, соны жүзеге асыруы керек. Қарындаш та болса қалың елге пайдасы тиер бір дүние ойлап тапқанын қанағат тұтады.

Ал оның қасындағы екінші бір адам әлгі қарындашты әдемілеп ұштап алады да, қолында біраз билігі бар бастығына: "Жазып көріңізші!" — деп дер кезі ұсына қояды. Бастығы да мәз болып: "қара мына пәлені, өзің бір керемет екенсің ғой!" — деп, әлгіні айналасына таныстырып, қолды-аяққа тұрғызбай көкке көтере мақтап бір береді дейсің. Өзі ғана мақтап қоймайды, өзгенің бәріне үлгі ете сөйлеп: "Бұл бір іскер адам, мына қараңдар — қарындаштың қалай пайдаға асатынын!" — деп төңірегіне жар салып бітеді. Содан да әлгі қарындаш ойлап тапқан адам жайына қалып, ұшын шығарып берген кісі бар абыройға ие болып кетеді. Сен де сол сияқты болып жүрмегейсің", — деген еді жарықтық. "Біз надан боп өсірдік иектегі сақалды!" — дегендей, кезінде ол сөзге мән беріп жарыта қойғаным шамалы. Француз жазушысы Тристан Бернардың: "Не важно уметь хорошо работать, важно уметь хорошо доложить" — дейтіні бар еді, бұл да сол ғой аумаған. Міне, жаңа жұмыста да бірқатар шаруаның басын қайыра жүріп те, ұсынысымыз өтіп, айтқанымыз бірден назарға ілігіп жүріп те "мынаны мен істедім" демеппін, соған орай: "Бұл Сәкеннің шаруасы еді", — дегенді де, не алғыс, не қарғыс түрінде естімеппін.

Оның үстіне маған қараған екі адамның екеуі де өздерінше бір-бір тип. Қызметкерлерді өзім тандап алайын деген еркіме басшылар жібермеді. "Міндетті түрде орыс ұлтынан болсын бір қызметкер", — деп отырып алды Әкім. "Екі тілге бірдей қазақ жігітін алсақ қайтеді?" — деп едім, Әкім тіпті: "Қазағымыз Аманхан ба, асын ішіп, аяғыма түкіріп..., жоқ, орыс жігітін аласыз!" — деп салған. Қарсыласа берер қай қауқар бар бізде де. Фатима (баспасөз хатшысы) іздеп тауып, "Азия дауысында" бірге қызмет істеп едік деп, әйтеуір бұрын шекара әскери округінің газетінде редактор болған Василий Шупейкин дегенді әкелген. Отставкадағы полковник көрінеді.

Айтқаныңды бұлжытпай орындауға үйренген әскери тәртіптің адамы екен. Бірақ не оңға, не солға қарай артық бір адым жасамайды. Өзіне тікелей жеке тапсырма бермесең қимылсыз, қарекетсіз күні бойы отыра беруге бар. Өз бетімен инициатива білдіре қояйын деген ниеті де жоқ. Қазақша жазылатын қағаздарға қол ұшын тигізуге қауқарсыз. "Сен неге қарап отырсың?" — десең кейде: "Сіз маған бүгін ешқандай жұмыс тапсырған жоқсыз!" — дейтіні бар. Ұдайы өрт сөндіргендей болып, екі иінін жұлып жеп жүретін баспасөз хатшысының толық антиподы. Бірақ анау өз бетінше сауатты біт бет қағаз жаза алмайды екен.

Содан барып бар салмақ өзіме түседі. Бірақ мана айтқандай мынаны мен істеп едім деп айтуға тағы жоқ басым, оның үстіне Жібектің оқтын-оқтын "қарауыңызда бір топ адам бар, соларға жұмыс істете алмай отырсыз" деген сөзі де сүйектен өтіп, іштен тына беретін болдым.

"Бір топ адам" демекші, сол күндердің бірінде Заманбек маған телефон соғып, "қарауыңыздағы барлық адамдарыңызбен маған тез келіңізші" дегені бар. Дауысында бұрын мін байқай қоймаған бір ызғар бары да аңғарылған.

Шупейкин басшылар рұқсатымен іссапарда еді. Фатиманы қасыма алып, жетіп-ақ бардым. Заманбектің қасында қыздиып Жібек отыр екен. Мен ұсынған орындыққа құйрық тигізіп үлгерер-үлгерместен Заманбек: "Қалған адамдарыңыз қайда?" — деп зірк етті.

Бары осы-ақпыз. Шупейкин командировкада, — дедім мен.

Ол біресе Жібекке, біресе Фатимаға қарады. Дағдарып сәл тұрып қалды.

Жұмыс істеу керек, — деді сосын.

Біз де шошқа тағалап отырғымыз жоқ, — дедім мен.

Жарайды, бара беріңіздер! — деді Әкім.

"Қарауында тұтас бір бөлім бар, соны дұрыс басқарып, жұмыс істей алмай отыр" деген сыңайындағы бір әңгіменің болғанын сездім. Бұл да баяғы бізге бөлінген машинаның жоқ болғаны сияқты аяғы құрдымға кетер әңгіме екенін де аңғардым.

...Осындай әңгіменің бәрі қайдан шығады дегенге келейік. Ол үшін ең алдымен төңірегімде тағы да кімдер жүргеніне тоқтала кетпей болмай тұр.

II

Мен әкімшіліктегі қызметімнен кетуге әзірленіп, қағаздарымды жинастырып жатқанда "Қазақ әдебиеті" газеті жазушы Бексұлтан Нұржеке баласы екеуіміздің көлемі біршама бар сұхбатымызды жариялап еді. Сонда бір әңгіменің ретіне қарай: "...Бұған әлдеқандай себептермен билік төңірегіне ілініп алған айлакер де мекер, аяр да арам әйелдердің әрекетін қосқанда, тіпті төбе құйқаң шымырлайды", — сөз бар еді.

Менің қарамағымда жүрген, әкімнің баспасөз хатшысы болып істейтін әйел: "Сәкен аға, мені жазыпсыз ғой, осындағылардың бәрі: "Ағаңның мұнысы несі?" — десіп жүр", — деп өкпе айтты. "Оу, — дегем сонда, — менің сенде нем бар, оның үстіне сен билік төңірегінде емес, мемлекеттік қызмет сатысының ең төменгі баспалдағында жүрген адам емессің бе?" — деймін. Ол аузы-басы күлгенімен, жанары сап-салқын суық қалпында: "Елдің бәрі айтып жүр ғой осындағы!" — дегенді қайталай берді. Сонда мен: "Орыстың аю, қасқыр, қоян жайлы бір анекдотын білуші едім. Үшеуі карта ойнауға кірісіп, сонда Аю: "ойын тәртібін бұзып, бізді алдаймын, арбаймын дегендер болса сап-сары жылмиған тұмсығынан былш еткізіп ұрамыз" — деген екен. Кімді ұратыны айтқызбай білініп тұр. "Егер өзіңді өзің айлакер де мекер, аяр да арамза десең, айнаға да, маған да несіне өкпелейсің!" — деп күліп кете беріп едім.

Қызметке алғаш келген күннен бастап қоржын бас қос бөлмеде қарама-қарсы отырып келген осы қарағым туралы әрі-сәрі пікірім бар еді, бірақ бір тоқтамға келе алмай жүргем. Сәті енді келген сыңайы бар.

Қызметке келген алғашқы күндердің бірінде мені хатшы қызы арқылы Мұрат Мұсабаев (аппарат басшысы) өзіне шақыртты. Кабинетке маған сөйлей ілескен әлгі әйел де бірге ере кіріп еді, Мұрат:

Сіз неғып жүрсіз? Мен Сәкен ағамды шақырып отырмын, — деп сұраған.

Е, жай, бірге қызмет істейтін болған соң, ортақ тапсырма бере ме деп едім, — деп кеңкілдей күлді әлгі әйел. "Тапсырма берсем, сізге Сәкен аға өзі айтар, ендігі тікелей бастығыңыз ғой", — деп Мұрат қатқылдау сөйлеп, кабинетінен қуып шыққандай болған.

Сол Фатима жайында күнделігіме түскен біраз жағдаят бар екен. Содан бастасам деп отырмын.

10 ақпан, 2000 жыл.

Түскі үзіліске кеткелі жатқанмын. Машинаға менімен бірге мінген баспасөз хатшысы: "Мені Президент резиденциясына апарып салып, екіге 5-10 минут қалғанда ала қайтыңызшы!" — деді.

Сол уәде бойынша тұп-тура екіге 6 минут қалғанда уағдаласқан жерде күтіп, айнала қарап, біраз тұрайын. Әлгі әйел ұшты-күйлі жоқ. Екіден 11 минут кеткенде жүріп те кете бердік.

Орныма отырып, жұмысқа кіріскенім сол еді, телефон и)і.ір етті. Сағат 2-ден 25 минут кетіпті. "Аға, мен кешігіп қаппын, машинаны жіберіңізші!" — деді. "Машинаңызды" демейді, "машинаны " дейді. Апыр-ау, бұл неткен кердеңдік, не талтаң?!

Осыдан бірер күн бұрын оны жолшыбай алып кететін дағдымен дәл уәделескен уақытта үйінің қасына барғамын. Шыға қоймады. Енді жүріп кетейік дегенде (15 минут өткізіп барып) жүгіріп шығып, кеңкілдей күліп: "Есіктен шыға берем дегенде Мақпал звондай (әкімнің әйелі, әйгілі Мақпал Жүнісова) қойғаны. Сол ұстап қалған", — дейді машинаға отырып жатып. Бұл маған көрсеткен тағы бір қыры, тағы бір сесі болуы керек деп түйгем де, әрі қарай ушықтырып жатпадым.

Күнделігіме түскен әртүрлі ауқымдағы таңырқап, таңдануларға қарап отырсам, бұл өзі кісіге жасаған жаманшылығына айызы қана түсіп отыратын әйел болып шықты. Онымен бір бөлмеде жылдан астам уақыт қатар отырған Василий Васильевич Шупейкин айтып еді: "Сіз ғой біреудің көңіліне келер сөз айтып қалсаңыз да, бірер күн қысылып күйгелектеніп жүресіз. Ал мынау әйел ондайда рахатқа батып, "әй, әкесін таныттым-ау, көзіне көк шыбын үймелеттім-ау " дегенді ашық айтып, ақсия күліп отырады!" — деп.

Осы қызметке келе сала бірден қолға алған ісім облыста туып-өскен ақын-жазушы, басқа да әртүрлі әйгілі өнер адамдарының басын қосып, әкіммен кездесуін еткізіп, қолдан келгенше сый-сияпат жасату еді. Обалы не, Заманбек Нұрқаділов бұл ұсынысты бірден қабыл алып, қатаң қуаттаған.

Бірақ қарсылықтың бәрі төмендегілерден шықты. Мен әлі аппараттық интрига дегенге, ыбыр мен сыбыр, қыбыр мен жыбырға қаныға қоймаған едім де, әкімге күн сайын баса көктей кіре жүріп, бұл істі аяғына жеткізіп едім. Сол да біреулерге ұнамай қалыпты. Оны кейінірек арнайы әңгімелеймін.

Сол жиын үстінде ұйғыр әйелі, халық әртісі мінбеге шығып: "Бізді елеп-ескеріп шақырған әкім шығар, бірақ ұмытпай тізімге қосқан Фатима сіңіліме аса разылық білдіремін", — дегені. Сонда менің қасымда отырған адамдар жағасын ұстамаса да, аса таңырқап-ақ қалған болатын бір-біріне қарасып.

Сол жиын алдында, шақырылғандарға хабар беру үстінде Фатима: "мына бір топ адамға мен хабарлайыншы", — деп сұрап алған тізімі бар-тын. Басында мән бермегем. Сөйтсем ол жаңағы шақырылуға тиіс адамдардың бәріне: "Сіздерді тізімге қосып отырған мен, әдейілеп өзім шақырып отырмын!" — дейді екен. Соңынан мұны қазағы, ұйғыры бар бірнеше адам маған айтып та келді.

Дәл осыған ұқсас мына бір жәйтті де айта кету уақ-түйек болып көрінбес. Қазақтың белгілі сахна шебері, марқұм Есболған Жайсаңбаевтың жесірі, өзі де жақсы әртіс Салиха облыс әкіміне хат жазып, Есболғанның 60 жасқа толуын атап өтуге қолқабыс беруді сұрапты. Сол арызын әкім маған жолдап, орындауымды өтінді. Ақсу, Райымбек ауданының әкімдеріне айта жүріп, бұйымтайын қанағаттандырдық та.

Содан кейінгі кездің бірінде жаңағы Салиха әкімшілікте ұшырасып қалған маған: "Фатимаға рақмет айтуға келіп едім", — дегені.

Сөйтсем, мен тапсырған шаруаны өзі иемденіп, "мұның бәрін мен тындырдым", — дей береді екен.

Ол ол ма, "Егемен Қазақстанда" біздің облыс бойынша меншікті тілші болып жүрген Саясаттан бірде: "Оу, сен неге бас сұқпай кеттің?" — деп сұрасам, ол тұрып: "Сіздің есігіңіз жабық тұрады, кіре бергенде ылғи Фатима ұстап алады да: "О кісіде не бар, бәрібір әкім маған тапсырады, маған айта бер!", — дейді. Көбіне соған кірем де, сізге соқпай кете беремін", — деді.

Өзіне тікелей емес, орағыта келіп, жанамалай айтып көріп ем, ат-тонын ала қашып, аяғына отырғызар болмады.

Бір жерге тез барып келе қояйын деп едім дейді де, машинаға мініп, ұшты-күйлі кете беретін болған соң, мен енді басқа әдіске көштім. Өйткені, оның "осы жер дегені көш жер" екенін, "қазір" дегені кешке дейінге созылатыны жайлы да өзінің туған сіңлісінің маған күле отырып әңгімелеп бергені бар-тын. Содан мен ол машина сұрағанда дәл қанша уақытқа екендігін әбден анықтап алып, жүргізуші жігітке: "Дәл айтылған уақытында барған жерінен шыға қоймаса жылжып жүре бер", — деп тапсырдым.

Менің рұқсатымсыз машинаны билеп-төстеп мініп кетпеу бұрын өзіне ескертіп қойғам.

Шофер жігіт айтатын: Әлдебір кеңсеге барып алып, машинаны тура есік алдына тоқтата сала: "Сен отыра тұр, қазір келем! — деп шығып кетеді, екі-үш минуттан соң әлгі есіктен бір жігіт шығып: "Фатима апайдың шофері сенбісің, саған қайта берсін, — деді, жұмысы біткенде өзі звондап шақырады" , — деп хабарлайды. Бұл астымда жеке машинам бар дегенді білдіріп қоюдың әдісі ғой деймін, аға",— деп күлетін.

Сіз айтқан уақытта кете берейін десем, кейде салонға қол сумкасын әдейі қалдырып кетеді, "бірдеңем жоқ" деп жүре ме деймін деп, содан қорқып күтіп отыра беремін.

Сәкен аға күтіп қалады, пәлен уақытқа кел деген, — деп ренжи қалсам, ашуланып: "Біз екеуіміздің правомыз бірдей жүреді бұл машинаға" дейді.

Шофер жігіттің осы әңгімелерінен де көп сыр аңғаратынмын.

Әкімге де сөздің бір ретін тауып шағынса керек. "Машинаны жеке өзіме бағынатын етіп беріңіз", — дегенді айта алмай, тым құрыса тең құқылы етудің әртүрлі орайын іздестірген көрінеді.

Біз де қара жаяу қазақ емеспіз. Сөз аңғарынан, емеурін-ымынан де сезіп, бәрін де байқап жүреміз. Кейде ашуланып, кейде ашына күлеміз.

Бірде Фатимаға ежелгі бір әдіспен қасақана: "Сен әкімге Сәкен машина бермейді" деп мені жамандапсың ғой. Түнде төсекте құшақтап жатам демесең, күндіз баласы қолыңды қаққан жерім бар ма еді? Күні бойы сол машинаны басқалардан гөрі сен көбірек пайдаланып жүрген жоқсың ба? Көлденең жұртқа тіпті "менің қызмет машинам" дейтін көрінесің, маған келе жатқан адамдарды жолшыбай ұстап алып, басқаратын мен ғой, бері жүріңіз", — деп кабинетіңе бұрып әкететін де әдетің бар екен", — дегем.

Ол да, қанша дегенмен шындықтың аты шындық-ау, бірден қарсылық айта алмай, құр ғана үйренген әдетінше сылқылдап күле берген. "Жоқ, мен жамандағам жоқ, әңгіме былай болып еді", — деп ақталу әрекетіне қарай ойысқан.

Мен әрі қарай оның сөзін тыңдамай, "бәрін де білем, менің оған түгім де кетпейді, өзіңе жақсы болса әрі қарай жалғастыра бер!" — деп әңгімені қысқа қайырғанмын.

Ол өзі естіген-білгенін екі еселеп, әрлеп, сәндеп Жібекке жеткізіп тұрады екен. Жібек те оның айтқанының бәрін талғамай түгел жұта бермейді, қорытып, керегін ғана талғап қылғытады. Сол ақпарат-қауесеттің өзіне керегін, өз бағасын көтерер жерін орнымен пайдаланып, әрі қарай өңдеп, өсіре жеткізе біледі. Әрине, Жібек оның бәрін өзінің байқап, аңғарғаны, түйгені ретінде жеткізеді. Ол өзі әкімге менен гөрі әлдеқайда жақын. Менен гөрі сырлас, менен гөрі сыйлас. Сөзін өткізе, айтпағын асықпай отырып жеткізе алады. Манағы бір әңгіме де сондайдан барып өрбіді-ау деп шамалаймын.

Әркім өз өресіне қарай әрекет етеді. Сүтпен бірге сіңген әдеттің сүйекпен бірге кететінінен де хабардармыз. Сондықтан мен Фатиманың әлгіндей-әлгіндей қылықтарын жақын жүрген кейбір інілеріме айтып, зілсіз күліп қойғаным болмаса, кекетіп-мұқату жағына бара қоймадым. Өтірік десе өзі айтсын. Әкімшіліктен кеткенге дейін өз тарапымнан әзілден ауыр сөз айтылмағанын жақсы білемін. Өрескелдеу қылығының өзіне кешіріммен қарап: "әйел адам ғой, қайте қояр дейсің!" — деген ниетпен әріге бармадым.

12 ақпан, сенбі, 2000 жыл.

Бүгін Ырым Кененбаев келіп облыстық білім басқармасы шығарған бір календарды (күнтізбек) көрсетті. Оқушылар үшін шығарылған календардың ортасына облыс әкімінің үлкен суретін беріпті. Орыстар мұндайды "медвежья услуги" деп атайды. Жағымпазданамыз деп отырып жарға итергендерін, сылаймыз деп отырып сындырып ала жаздағандарын сезбеген-ау шіркіндер!

15 ақпан, 2000 жыл.

Биыл Жеңістің 55 жылдығы, сол қарсаңда Алматы облысы бойынша шейіт болған соғыс құрбандарының "Боздақтар" деп аталатын тізімі бірнеше кітап болып шығуы керек еді. Екі томын "Қазақ энциклопедиясы" редакциясы дайындаған екен, солар басып шығаратын болды. Мен әкімнің тапсырмасымен әркім-әркімге сөз салып, сұрастыра жүре қалған кітаптардың қолжазбасын тауып алып, қанша қаржы керектігін есептеп келе, "Жазушы" баспасымен келісіп, үш томын соларға бердім. Олар да жұмысқа кірісіп кетті.

Сіз боздақтарды" неге "Жазушы" баспасына бердіңіз? — деп сұрады Жібек араға аз күн салып барып.

Мен өзім көп жылдар бойына сол баспада қызмет істегенмін. Адамдары таныс, баспаның мүмкіндігі де белгілі, — дедім.

Неге басқа баспаға бермедіңіз?

Әлдебір оқшау әңгіме болғанын сезе қойдым. "Қазақтың ең тыныш отырдым" дегені бір кебісті бір кебіске кигізіп отырды" — дегендей, біреулер: "бұл кісінің бүйрегі "Жазушыға" бұрып кеткен ғой тұрғысынан әлденені қоңырсытқанға ұқсайды.

Дер кезі сапалы етіп шығарып берсе болды емес пе, кімнің шығарғаны емес, бізге қалай шығарғаны керек қой, — дедім.

Ақылдасуыңыз керек еді дегенмен! — деп Жібек қалды.

Қолыма берген билік аясынан артық кеткен, асыра сілтеген емеспін. Әкімнің арнайы өкімі бар, қаржы жағы шешілген, тікелей маған тапсырылған шаруа, ендеше қарайлайтын не бар, уақ-түйектің бәрін талқыға салып отырудың қажеті жоқ, шығар деп ойлап едім. Сол жағы ұнамай қалғанға ұқсайды.

21 ақпан, 2000 жыл.

Бүгінгі аппарат мәжілісінде әкім әлдебір мәселе бойынша өзінің өнеркәсіп, құрылыс жөніндегі орынбасарларының бірі К. — ге оқыс шүйлігіп берді. "Қолында билік, қоржыныңда қаржы бар, неге маған апта сайын айтқыза бересің?" деп ауыр-ауыр сөзге барды. Кім біледі, басқамызға жасаған қыры да болуы мүмкін. Мұндай-мұндай спектакльдердің талайын көріп те жүрген жоқпыз ба. Бірақ, қалай десек те, мен мұндайға төзіп отыра алмас едім...

Сөйте тұра өзім де ойланып қалдым. Әкім әрбір жиналыс сайын өткенде берген бір тапсырмасына оралып соғып, шегелеп айтып, қатты-қатты қадала қадағалап сұрап жатады. Орынбасарлары "қатырамыз" деп, орындар мерзімін айтып, уәде береді. Соның бірі жаңағы орынбасар еді.

Бұл да бір қызық жігіт. Әкімнің қабылдау бөлмесінің алдында үлкен холл бар. Дүйсенбі сайын таңертең аппарат жиналысына қатысатын 18-20 адам сол араға жиналып, бір-бірімізбен шүйіркелесе амандасып сағаттың 9 болуын тосамыз.

Бағана сол орынбасар бастық К. дөңгелей тұрғандарға жағалай қол беріп амандасып келе жатты да, менің алдымдағы адаммен сөйлескен қалпы бетіме дұрыстап та қарамай маған алақанын ұсынды. Мен екі қолымды қалтама салған қалпымда міз бақпай тұра бердім. Ол, сірә, мені қолына жабыса кетеді деп ойласа керек, алақаны ауада қалқып қала берген соң, амалсыз бетіме қарап:

Сәке, сәлеметсіз бе? — деп тіл қатты.

Мен де жылы жымиып сәлемін алдым.

Ол өзі осының бәрін сезді ме, сезбеді ме, о жағын білмеймін, әрі қарай айналып кете берген болатын. Бала кезімізде әкем жарықтық "үлкенге де, кішіге де түксимей тік қарап, жылы жүзбен сәлем бер" деп үйрететін. Әсіресе үлкен адамдарға "ассалаумағалейкүм" деп амандасуды ұмытпа дейтін. Бірде үй көлеңкесіндегі киіз үстінде қисайып кітап оқып жатыр едім, дәл қасымнан салт атпен өтіп бара жатқан ауыл ақсақалы Сәрсенбай қартты көріп қалдым. Сол жантайып жатқан қалпымда: "Ассалаумағалейкім, ата!" — деп сәлем бердім дауысымды соза түсіп. Сәрсекең маған қарай бұрыла беріп жон арқамнан қамшымен тартып кеп жібергені. Орнымнан атып тұрдым.

Сен маған бірдеңе дедің бе, балам? — деді қария.

Амандастым ғой, ата. "Ассалаумағалейкүм!" дедім.

Қайта айтшы.

Ассалаумағалейкүм, ата! — дедім қамшының орнын ауырсына тұрсам да.

Уағалейкүмәссалам, балам. Бар бол, көп жаса! — деді Сәрсекең. Сөйдеді де: — Тек кісіге сәлем берерде орныңнан тұрып, жүзіне қарап тұрып амандас. Сонда ғана сәлемің дұрыс болады, — дегенді қосып қойды.

Бұл маған өмір бойы сабақ болған бір оқиға деді. Реті келгесін айтып жатқаным.

24 ақпан, 2000 жыл.

Аппаратта өзіме деген өзгеше бір салқындық бары сезіле бастағандай. Бұрынғыдай үлкен-кішісі бар — бәрі жік-жапар болып жататын ыңғай байқалмайды. Кеше тура сағат 2.30-да қызметке келіп, машинадан түсе берсем, қарсы алдымда Жібектің жеке автокөлігі тұр екен. Іште отырған қалпы маған бас изеп амандасқан болды. Мен қайдан білейін, ойымда дәнеңе жоқ, сол баяғы қаңғалақтаған бойымда қасына барып, әйнегін қақпаймын ба. Соған шамданды ма, басқа бір себебі бар ма, шоферына бірдеңе деп, әйнегін әзер төмен түсірді-ау. Сәлемімді салқын қабылдады. Біртүрлі тіксініп қалдым. Біреулер бірдеме деп мені жамандай ма, жоқ өзінің бойға сіңіре дағдыланған әдеті сол ма, әйтеуір маған кейінгі кезде жылы қабақ таныта қоймай, әмісе астам сөйлегісі, асылық көрсеткісі келетіндей көрініп жүр. Түбі бір анықтала жатар деп, әзірге елемеген сыңай таныттым.

Жібек Әмірханованы мен мұнда келместен бұрын атүсті ғана танитын едім. Жолыға қалғанда, әртүрлі жиын-тойларда ұшыраса қалғанда бір-бірімізге құрақ ұша жік-жапар болып жатпасақ та, әдептен озбай амандасып, жылы қоштасып жүретінбіз. "Сырт көз — сыншы" демей ме, білетіндердің айтуы бойынша өз орнына лайықты, оқығаны да, біршама тоқығаны да бар әйел ретінде танылған. Қара жаяу көптің бірі емес екенін осында келгелі өзім де байқай бастаған едім. Әзіл-оспаққа да жүйрік, оқыс айтып тастайтын тапқырлығы да, бір басына жетерлік шешендігі де бары байқалған.

Облыс әкімінде болған әлдебір жиын үстінде мен: "Бұл мәселені Жібекпен ақылдасып шешейік!" — деп қалған едім, соны жаратпаған лауазымды азамат: "Жібектен басқамыз адам емеспіз бе?" — деген қалжың-шыны аралас. Сонда мен: "Адамның бәрі Жібек емес, аралдың бәрі түбек емес" — деп едім экспромтпен. Маған қайталап айтқызып, отырғандардың бәрі не күліп қалған.

Тағы бір әңгіме үстінде жауапты қызметкерлердің біреуі: Мұны Жібек Әмірханқызына айтайық, сол тез шешіп береді!" — деп еді әжептәуір қомақты мәселенің төңірегінде.

Басқалары шешіп бермей ме? — дедім мен астарлы әзілмен, әрі әкім орынбасарына мегзей.

Жоқ, Жібек Әмірхановна мұндайды тез шешіп береді, тез шешіп береді! — деді әлгі қызметкер өзеурей.

Әзіл астарын түсінгендер түсінді, түсінбегендеріне дауа жоқ, алдына бір кіргенде Жібектің өзіне оңашада айтып беріп, күлдіргенім бар болатын.

Бірақ қайткенде де шенеуніктің шекпенін ерте киген әйел, тістене қатып қалған, өміріне өзек етіп ұстаған ереже-шарты бар, бойға сіңіре үйренген әдет, дағдыланған мінезі бар. Татқаны да, тапқаны да сол, көзін ашып көргені, аузын ашып сүйгені де сол. Сол мінезге сүйеніп карьера жасады, соның арқасында ел аузына ілікті.

Көп шенеунікке тән қарекеттен ол да ұзап кете қойған жоқ. Лауазымы жоғарыға иіліп, дәреже-мансабы төменге шүйлігіп үйренген. Бетіне айтқанды ұнатпайды. Тік сөйлейтін, тура мінезді адамға тіксіне қарайды.

Мен езім "екі мырзаға бір қызметкермін", қоғамдық жұмыстарға жауап беретін болғандықтан Жібекке де бағынуым керек, аппарат басшысының орынбасары болғандықтан Мұраттың да жанынан табылуым керек. Екеуі де аппарат жұмысына менен гөрі әккілеу. Әкімнің көңіл ауанын бағып үйренгендер. Оның қас-қабағын барометрдей бағып, кімге қалай қарайтынын андып әдеттенген. Соған орай өздері де құбыла біледі. Бұғына біледі, жығыла біледі.

Сен де "бірдеме білемін-ау" деп пікіріңді ашып айта бастасаң, бүйірі оқыс шаншып кеткендей болып тыжырына қабақ түйіп, жаратпағанын жасыра алмай қалады. Содан да болар, өз қарауындағылары да ұдайы ығына жығыла береді, соның құлағына ғана жағымды сөз айтуға дағдыланып, айтқанын екі етпей елпілдеп тұруға үйренген.

Мен өзі осы жасыма дейін ешбір адамға өлердей жауығып көрмеппін. Ренжіген, өкпелеген, күйінген, ызаланған, түтіп жердей буырқана бұрқанған кезім болса болған шығар, ал кек тұта, сес көрсете жауласқан кісім де, ондайға барған жерім де болмапты. Қайтымым да соншалық тез адаммын. Өзгелер тарапынан қысастық, менмендік, менсінбеушіліктің жеті атасын көріп келе жатсам да, өзім біреуге өш алу, кек қайтару тұрғысынан жаманшылық жасауға ниет етіп көрмеппін.

28 ақпан, 2000 жыл.

Ұзынағашта Жамбылдың туған күніне орай дәстүрлі басқосу өтті. Бір топ орынбасарын, басқа да нөкерлерін ертіп облыс әкімінің өзі қатысты. Сол жерде Жібек қарындасым әкімнің маған қатысты айтқан бір сөзіне киліге кетіп, кекете қағытып өткені. Секем алып та қалып едім...

Жамбыл мерекесіне Қытай жақтан келген бір топ өнер адамы да қатысты. Жібек мені ымдап өзіне шақырып: "Сіз мына кісілерге қызмет ете, жөн сілтей жүріңіз" дегенді айтты. Олардың қасында бір топ адам (әкімшілік тарапынан да) барын бағана байқағам. Содан: маған қатысы жоқ шығар, жүр ғой қастарында адамдар деп едім. Жібек шамдана қалып: "Сізге айтылып тұр ғой, неге дауласа бересіз", — деген соң әрі қарай сөзді көбейтпеу үшін сытылып шеткері кетіп, өз жөнімді тапқанмын.

Осыдан көп жылдар бұрын, 70-жылдардың басында Талдықорған облыстық партия комитетінде қызмет істегенімді жоғарыда айтқанмын. Сонда менімен бірге бөлім бастығының орынбасары болып Ораз Құлмағамбетов деген жігіт істеген болатын. Бұрыннан таныс-біліспіз, аса жақындасып достаса қоймасақ та, сәлеміміз түзу, сыйласып, сырласып жүретін едік. Ол қалалық партия комитетінде, мен облыстық газет редакциясында жүрдім де ақыры келіп бір мекемеде басымыз тоқайласып, қызмет дәрежесі сәл үлкенірек Ораз маған бастық болып шыға келді де, сонысын әр жерде баса көрсетіп қалуға тырысатынды шығарды. Кабинетіне екеумізге де таныс бір адам кіре қалса, қажетпін бе, жоқпын ба, оған қарамай, телефон арқылы мені шақыра қояды. Шақырып алады да әлгі танысымыздың көзінше маған кәкір-шүкір, маңызы шамалы бір тапсырмалар берген болады. Арғы жағы белгілі, ішім бәрін сезгенмен, сыртқа шығара бермей, "жарайды" деп жүре беретінмін. Өзі де содан ләззат алатындай көрінген соң, шіркінді онысынан айырып та қайте қоям дейтінмін.

1974 жылдың жазында орыс әдебиетінің Қазақстандағы күндері өтетін болды да, сол делегацияның бір бөлігін басқарып Талдықорған облысына Қалижан Бекқожин, Сайын Мұратбеков, Бексұлтан Нұржекеевтер келген. Үшеуімен де таныспын, үшеуін де бұрыннан білем, замандаспын, сыйласпын. Олар да мені қастарынан қалдырмай бірер күн жұп жазбай бірге жүріп ек. Соңғы күні-ау деймін, орыс жазушыларын ертіп жайлаудағы шопандар тойының салтанатына қатыстық. Жоғарыда аттары аталған үш қазақ қаламгерімен қатарласа кетіп бара жатыр едім, әлгі Оразым сонадайдан айқайлап мені тоқтатып алды да, серіктерімнің көзінше:

Сәкен, анау жерде біздің машина түр, жүгіріп барып шоферға айтып қойшы, ешқайда кетіп қалмасын, қазір қайтамыз, — дейді ентігіп.

Ішім бәрін біліп тұр.

Оу, Ореке, шофер болған соң ол өзі машинаның қасында жүруге міндетті емес пе, ешқайда кете қоймас, — деймін.

Жоқ, сен барып айтып қойсаңшы, ескертіп, — дейді ол да қасарысып.

Көмейіңде қасымдағы аға-інілерім — қазақ жазушыларына "сендердің қолпаштап, қолтықтап жүрген Сәкендеріңді мен қол бала етіп жұмсай да алам" деген қыр көрсету тұр. Соған күйіп кеттім де, әйтсе де аса аптықпай, сабырмен:

Ореке, ақыры "қайтқалы жатырмыз" дедің ғой, сол машинаның қасына өзің-ақ бара берші, менің мына кісілерде жұмысым бар еді, — дедім.

Ол атарға оғы жоқ, не істерін білмей бір бозарып, бір сұрланып қара берді. Мені жеп қоярлық, жерге тығып жіберуге пәрмені де, дәрмені де жоқ еді, қайтсін.

Сайын маған: "қайте қояйын деп едің, тілін ала салмадың ба?" — деп күңк етті. Оның өзі де партияның орталық комитетінде қызмет жасайтын, содан болар, Бекхожин аға мен Бексұлтан ләм-мим деп ештеңе айтқан жоқ.

Жібектікі де сол ма деп қалдым. Әрбір ұрымтал, оңтайлы тұсты пайдаланып, сенің алтын басынды төмен игізудің, арқан бойы жердің тұсау бойы төтелісін тапқанына мәз әккіліктің бір қыры шығар деп ойладым. Әйтпесе, ұрынарға тау таппай, ұрысарға жау таппай жүрген жоқ еді. Бұл да болса амалдың жоқтығынан өзі құрмет көрсетіп келе жатқан көкірегі көнектей, көк тамыры білектей бір қауым жазушының алдында "сендердің де әуселең белгілі" деген есеппен әйтеуір біреуін тәубасына түсіріп қойсам деген қулық. Ол тұста балтаның да бір сабы, бір басы болатынын ойлап жата ма?

Басшылардың тағы бір түрі бар. Президиумда отырып алып, қарауындағы қызметкерінің кәрі-жасына, еркек-әйел екеніне қарамастан алыстан ымдап, саусағын шошайта бүгіп шақырып алады да, оған бас шұлғытып қойып, дүйім жұрттың көзінше құлағына әлденелерді сыбырлап жататындары болады. Сол маңда өртеніп бара жатқан ештеңе жоқ, әрине, тек өзінің кім екенін алқалы топ алдында тағы бір көрсетіп қою керек. Бұл да бақай есеп парықсыздықтың бір белгісі.

Міне, мынау да соның айғақты бір мысалы еді. "Менің алдымда иіліп-бүгіліп тұрмайтын сен кім едің?" — деген кердең саясат қана баяғы.

Құлпендеге айналып үлгерген көп шенеуніктің әлі күнге бірде-бірі қарсы тұрып көрмеген ең көргенсіз түрі...

29 ақпан, 2000 жыл.

"Көтере білейік, көмектесе жүрейік" деген мақала жаздым. " Госчиновник" ретіндегі алғашқы жазған мақалам еді, жағымпазданып кетпеппін бе деген күдікпен қайталап бір оқып едім, тәп-тәуір сияқтанды.

... Бұл мақала да біраз жүйкеме тиіп болып еді. Алдымен "Егемен Қазақстандағы" Мейрамбекке алып бардым, ол ақырғы нүктесіне дейін түгел оқып шықты да: "Аға, дәл осы материалыңызды біздің редакция қабылдамайды, о жағына ренжімеңіз!" — деп шығарып салды.

"Е-е, мейлі" — дедім де, орныма келіп отыра бергенім сол болатын. "Түркістан" газетінде бас редактордың орынбасары болып істейтін Дидахмет Әшімханов келе қалғаны қаңғалақтап. Өзі де, сөзі де орнықты, артық-ауыс әңгімеге бармайтын жақсы жазушы, қаламы жүрдек журналист. Әңгіме үстінде оған сондай бір мақалам барын, "Егемен Қазақстаннан" бетім қайтыңқырап тұрғанын айттым. Ол қуана күлімдеп: "Аға, бізге беріңіз, дәл осы тақырыптағы материал керек еді!" — деп елп ете түсті. Ұстаттым да жібердім.

Ертеңінде Дидахмет телефон соғады. Дауысында кешегі екпіні жоқ, бәсең: "Аға, материалыңыз редактордан қайтты. Жариялай алмайтын болдық", — деп тұр.

"Е-е, мейлі", — дедім де қойдым.

Сол кезде "Ана тілінің" бас редакторы Мереке Құлкеновтың облыс әкіміне арнайы жұмысы болып, алдымен маған бас сұқты. Соған айттым. "Газетіміз енді тек наурыз тойы қарсаңында ғана шығады, мерзімі ұзап кетті-ау демесеңіз, шығарамыз!" — деді ол.

Мерзімі ұзарып кетеді екен деп тағы қайда жүгіріп жүрім. Келістім.

Сол мақала біршама қысқартулармен, газет редакциясының жаңа қызметіме орай маған айтқан тәп-тәуір жылы лебізімен қоса Наурыз мерекесі қарсаңында басылып шықты.

Дәл осы жерде көпсінбей-ақ сол мақаланы жазылған күйінде шып-шырғасыз түгел келтіре кетсек те болатын шығар деп ұйғардым.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз