Өлең, жыр, ақындар

Жеңіс күніне арналған өлеңдер

Рашид Жанғозинге
Қос қолы бірдей жаралы
Дәрмені қайсы Рашидтің?
Ашылып жаудың араны,
Кейібіне кірді аш иттің.
 
Оқ болып жанды оғат от,
Шығатын одан жол қайда?!
Партбилетін қолына ап,
Қатты қалды сол бойда.
 
Аша алмай қойды немістер
Батырдың қолын қан қылып.
Осындай ғажап ер істер
Жасай берер мәңгілік.
 
«Ала алмайсың, - деді батыр,
Дұшпанына, - еркімді.
Кең жерімді туған өрт салып,
Бұза алмайсың көркімді!»
Жолын бөгеп дұшпанның
Құрбаны болды қайран ер,
Ер боп туған адал баласың,
Қойнына алды туған жер.

* * * * *

Майданнан хат
Асан Жүсіпов

Жапанда жүрген сандуғаш,
Бәйшешектей біздің жас.
Ата-ана еске түскенде,
Шарап ішпей болдым мас.

Ойланбай жүру жарамас,
Секілденіп ауыр тас.
Қандай күйде жүр екен,
Ата-ана мен қарындас.

Бетімен кеуіл жайылмас,
Ағайлармен хабарлас.
Байжұман, Есхан, Оспанға,
Хат салмай тұру жарамас.

Қысқа сөз болар татымды,
Білесің менің атымды.
Көзімдей көріп оқыңдар,
Осынау жазған хатымды.

Сағындым сізді анасы,
Мен көзіңнің қарасы.
Ананы қалай ұмытар,
Саналы адам баласы.

Жазсам ойым таусылмас,
Әр нәрсеге болдым мас.
Күләмза еске түскенде,
Тыйылмай кетер көзден жас.

Сағындың ба бауырым,
Майдандағы ағаңды.
Келесі жылы барармын,
Келтірсе Алла шамамды.

* * * * *

Майдангерлер
Махмұтбай Әміреұлы
Қызылорда
 
Қан майданның жүректе жарасы бар,
Қайғысы мен зілі бар, наласы бар.
Арамызда жүретін алшаң басып,
Ардагерлер азайып барасыңдар.
 
Қастерлейді халқымыз қаһарманын,
Жүр есінде сан жарық, сапарларың.
Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер,
Қалды-ау сиреп бұл күнде қатарларың.
 
Ерлік сүйген еліңе салтың ұнар,
Жүздеріңде жанған от жарқылы бар.
«Соғыс» деген салмағын жалғыз сөздің,
Бүгінгі ұрпақ өздерің арқылы ұғар.
 
Жасқанбаған жауынан жарақты ер,
Ерлігіңді аңыз ғып таратты ел.
Қаһармандық дегенді кейінгі ұрпақ,
Жүздеріңе сендердің қарап білер.
 
Дарқан мінез, дария ой, дара шыңдар,
Жарқын жүзді, жүрегі ақ, жаны асылдар.
Арамызда жүретін алшаң басып,
Майдангерлер азайып барасыңдар.

* * * * *

Жамбылдың батасы

Жүз жасаған жүректен
Уа, қарағым балалар!
Ер бол демей, не дейін.
Ереуілді майданда
Үстем болсын мерейің.
Жауды қырып, айдауға,
Талмай көмек берейін.
Дүбір қосып айғайға,
Қызыл тілді жебейін.
Сендерге өлең айтқанға,
Еш шаршадым демейін.
Қан майдан боп жатқанда,
Қарлығар ма көмейім!
Жүз жасаған жүректен
Жырларымды төгейін.
Көктеменің күніндей
Жауды жеңіп, күлімдеп.
Күлгеніңді көрейін.
«Қаһарманым! Күнім!» деп
Беттеріңнен өбейін.

* * * * *

Жан әке, Асыл әке, Ардақты әке,
Тірі болсаң жүрер едің 85-те.
Қан майданда, қан кешіп күткен күннің
Келе жатыр 65 жылдық мерекең де.

Сұм соғыстан аман кеп, марқұм әке,
Ажал сені әкетті-ау жайлы өмірде.
Бұл қызықты көретін елмен бірге
Тағдыр шіркін өзіңе көпсінді ме.

З0-жыл өтті, міне, содан бері
Еске аламыз өзіңді Жеңіс күні.
Сол жеңістің көрсеткен бұл жемісі
Ұрпағыңның есінде қалар мәңгі.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз