Өлең, жыр, ақындар

Ақмола (І нұсқа)

Есенғұл беріш Сырлыбай деген кісі қазақтың пішен шаппай, көшіп-қонып, мал отарлап жүрген кезінде Кіші жүз Тайсойған деген қонысында отырып, Бүгелі деген баласын құланға қысырақ мата деп жібереді. Ондағы мақсаты құлан суыққа шыдамды, тапыл-жал, қаба құйрық, боранға ықпайтұғын асыл тұқымды жануар болғандықтан тұқым алу болады.

Бүгелі қасына үш-төрт жылқышы жігіт алып, қос артып, он екі қысырақ байталды жетелеп, құлан іздеп Кіші жүз, Орта жүз жерінің бәрін аралайды. Ақыры бір жерден үйірлі құлан табады. Құланның өрісіне, орманның шетіне он екі байталды шідерлеп тастайды да, сыртынан бақылап өздері алысқа қосын тігіп жата береді. Құлан бірте-бірте жылқыға үйір болып құланның бір айғыры он екі байталдың қасында қалып қояды. Байталдар түгелдей айғырдан шығады. Бұны анық біліп алған Бүгелі айғырдың өзін де ұстап алады. Қайтып келе жатқанда, жазым болып Бүгеліні құлан теуіп өлтіреді. Жолдастары ақ жауып арулап, бір биік төбенің басына қойып кетеді.

Атасы Сырлыбай келер жылында жылқының ту құйрығын және ешкінің қылын артып келіп Бүгеліге төрт құлақты биік мола салып, сыртын бормен сылайды. Мола ағарып алыстан көрінеді. Содан былай қарай әлгі жер Ақмола атанып кетеді.

Байбақты Сырымның әкесі Дат бір заман ағайыншылап орта жүз ішіне жол жүреді. Қыс аяғы, жазғы салым болу керек, аты жүрмей болдырып әлгі Ақмолаға қонып, елсіз далада жалғыз жатып қалады. Түнде ұялы қасқырлар тап болып, Датты атыменен жеп қояды. Қалдығын қар басып қалады. Із-тұзы білінбей кетеді. Даттың қайтар уақыты асып кетеді, артынан Сырым әкесін іздетіп жібереді. Бірақ іздеген кісі таппай қайтады. Мал қараған біреу Ақмолаға кез болып, қурап жатқан адамның сүйегі мен жылқының сүйегіне тап болады. Ақыры халық арасына хабар тарап, байбақтылар Сырымға кісі жібереді. Сырым келсе, дұрысында әкесінің сүйегі екен, жинап сол арада Ақмоланың жанына көміп кетеді.

Сырым келер жылы ел жинап, қамданып жылқының қылын, қойдың жүнін артып келіп әкесіне мола салады. Бұрынғы тұрған беріш Бүгелінің моласынан да екі есе биік қып салады. Сонан кейін «Дат моласы» деген атақ жайылады. Баяғы Бүгелінің Ақмоласы деген атақ қала бастайды. Сонда себен беріш Саржала батыр бұл атақты орта жүз ішінде болған аста отырып есітіп, әбден қанып алады. Сол садақадан ел тарасымен Даттың моласын тас-талқан етіп бұзып кетеді. Бұл істі Сырым батыр есітіп, Саржаламен араз болады және әкемнің моласын қайта тұрғызып бер деп Саржаладан талап етеді.

«Егер әкеңе мола керек болса, өзің салып ал, бірақ биік етпе, биік етсең, тағы да құлатамын», — деп күштілік айтады. Арада наразылық көп болады. Бірақ шабыншылық болмайды. Ақыры келісе алмай бұлар хан алдына барып жүгінісуге мәжбүр болады. Жүгіністе Сырымға дуан тимей қалады, себебі Нұралы хан: «Сырым, сен әкеңді Бүгелінің моласының алдына қойыпсың, екіншіден бұрынғы тұрған моладан екі есе биік салыпсың. Мұндай шариғатты сен қайдан алдың? Бұл өлім шақыру деген сөз, қазақтың шариғатында мұндай нәрсе істеген адамға молдалар лағнет дұғасын оқиды. Саржала әкесінің моласын қазып, Даттың сүйегін далаға лақтырып тастаса да, саған дуан тимейді», — дейді. Сөйтіп, Сырым жығылып қайтады. Ақмола қаласының жанында Бүгелі мен Даттың моласы күні бүгінге дейін бар дейді.

Оқуға кеңес береміз:

Сырым батырдың шешендік сөздері

Сырымға анасының айтқаны (I нұсқа)

Байбақты Сырым батырдың әкесінің атын Дат деп қоюдың сыры?


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер