Бірде алыс сапардан үй ішін сағынып келе жатып ауылына жақындағанда, Сырым жолдастарына:
— Қаттырақ жүріңдер, бүгін ауылға жетіп қонайық, — дейді. Сонда жолдастары Сырымға естіртпеген болып әжуалап:
— Басқа кісі асықса дұрыс, ал осы Сырым қай сұлуына асығып келеді екен? — депті.
Бұл сөзді құлағы шалып қалған Сырым:
Жігіттер, әйелді әйел деп қорсынбаңдар,
Әйелсіз ерге күй бітпейді.
Қойды қой деп қорсынбаңдар,
Қойсыз елге үй бітпейді.
Әркімнің мінген аты — өзіне тұлпар,
Әркімнің сүйген әйелі — өзіне сұңқар, — деп желе жөнеліпті.
* * *
Сырым он бес жасында бір құшақ отын құшақтап Нұралы ханның ауылының сыртынан өтіп бара жатса, иығына шапан жамылып далада тұрған хан баланы шақырып алып:
— Үй ішінің кемдігі отын-сумен жетіледі, ауыл сыртынан отын ұрлап, бала, есің неден кетіп еді? — дейді.
— Тақсыр, даланың оты олжа, суы нұрлық, біреудің малы мен ақысын жеу ұрлық, — деп жөніне жүре береді.
* * *
Сырым Нұралыға наразы болып жүргенде: «Аз бен көпті, ақ пен қараны, нашар мен мықтыны теңгере алмадың, біреуді-біреу шауып жеп жатыр, оны басқара алмадың», — депті. Нұралыға бір кез келгенде Сырым амандаспай жүре береді.
Сонда Нұралы:
— Батыр, бұрылып сәлем бергің келмейді, тасып жүрсің-ау! — депті.
Сонда Сырым:
— Хан, тасып жүргенім жоқ, қара қазақ баласының басын қоса алмай, сасып жүрмін, — депті.
* * *
Сырым жолаушылап келе жатып бір үйге түседі, бойжеткен қызды сынау үшін сөзбен қағытады.
Сырым:
Мынау үйдің мінсізін-ай,
Тек шаңырағы шалқақтау екен, — десе.
Қыз:
Шаңырағы шалқақ болғанымен,
Түтіні тура шығады, мырза, — депті.
***
Сырым екі жолдасымен Көсеу бидің үйіне қоныпты. Би үйінде екен. Сырым «суық тиіп жүр еді» деп үйге жатыпты да, жолдастары түнде ат-көлік көздейміз деп далаға жатыпты.
Әкесі шәугім алып сыртқа шығып кеткенде, төрге төрге Сырымға төсек салып жатқан бидің қызы:
Мырза, бір жігіт бар —
Тек жатады,
Ондай жігіт жиі кеп жатады.
Бір жігіт бар — бірдеме деп жатады,
Барлық сыйын бір-ақ рет жеп жатады, — дейді.
Сонда Сырым:
Бүгінгі қалауыңды ал.
Келесіде сөзіңде қал! —
деп, теріс қарап жатып, таң ата бірақ ояныпты.
* * *
Сырым Үргеніштің ханына барып жүз көріс қылған. Хан Сырымның атағын сырттан — қазақтың өзі шешен, өзі батыр кісісі деп естиді екен.
Сол жолы Үргеніш ханы Сырымды өз шешенімен айтыстырыпты. Соның бірі төмендегіше. Үргеніш шешені:
— Намазда жан-жағыңызға қарай береді екенсіз, оныңыз не? — деп сұрайды. Сырым батыр:
— Жан-жағыңызға өзіңіз қарамасаңыз, менің қарағанымды қалай көрдіңіз? — деп жауап беріпті. Үргеніш шешені:
— Сізді екі аяқты, бір тілді адам баласы жеңді ме? — дейді. Сырым батыр:
— Өзгенің сөзін тыңдамай, өз бетімен кете беретін адам Сырымды күнде жеңеді, — депті. Үргеніш шешені:
— «Қонақ аз отырып, көп сынайды» деген, сіз қонақсыз, өз еліңізге барғанда біздің халықты қандай ел көрдім деп барасыз? — дейді. Сырым батыр сонда:
Ешкісі семіз, қойы арық,
Мал сорлысы сонда екен.
Жері сортаң, суы ащы,
Жер сорлысы сонда екен.
Қатыны семіз, ері арық,
Ел сорлысы сонда екен, —
деп барамыз да, өтірік айтам ба? — деген екен.
* * *
Сырым елдің барымтаға кеткен малын даулауға Хиуа хандығына бармақшы болыпты. Кіші жүздің белгілі адамдары:
— Барма, мал бермес, өзіңе бір қатер қылар, — деп сақтандырады. Сырым олардың айтқанына болмай, қасына Дәуқараның баласы Есқара батырды алып, Хиуаға барыпты. Хиуаның ханы:
— Малың жоқ шығар, болса берерміз, — деген сөзбен жұбатып көп жүріпті. Хан Сырымды қайткен күнде де не істен, не сөзден мұқатуға әрекет жасай беріпті.
Бір жиында көппен бірге мешіт намазына Сырым да шақырылып, жолына сиырдың жас жапасын тастапты. Сырым жапаны абайламай басып, мешітке кіріп келгенде хан тұрып:
— Қонақ, аяғыңда нәжіс бар екен, — дейді. Сонда Сырым:
— Хиуа, Бұқара шариғаттың ашылған жері екен десем, аяққа нәжіс басылған жері екен ғой, — деп жауап береді.
* * *
Сырым батыр елден сырғып Хиуа хандығында жүрсе, бір той үстінде мақтанған Хиуа ханы Сырымға:
— Қазақта ас-мас, ат-мат, жігіт-мігіт деген жалғама сөздер көп көрінеді, солардың мәнісі не? — деп сұрайды.
— Сұрауыңызға тойдан кейін жауап берейін, — дейді Сырым батыр.
Тойда Сырымның аты бәйгеден келеді. Жолдасы палуан күресінде жығып, бәйге алады. Тойдың ойын-қызығы бітіп, жұрт тарқар алдында Сырым ханның манағы сұрауына былай деп жауап қайырады:
— Бізде той жасағанда жұртқа қой сойып — құйрық, жылқы сойып — қазы тартады. Сусынға қымыз береді. Соны «ас» дейді. Ал мынадай тастабаққа салып тартқан шөп-шалам мен сусынға берген шайды «мас» дейді. Сәйгүлікті сынайтын жарыста озып келген жүйрікті «ат» дейді, артында қалған тұғырды «мат» дейді. Алқа топтың алдында палуанға түсіп алып ұрған ерді «жігіт» дейді, жер қауып жығылған еркекті «мігіт» дейді. Қазақтың «ас-мас», «ат-мат», «жігіт-мігіт» дейтін жалғас сөздерінің мағынасы осы, хан.
* * *
Сырым батыр бір жолы Бұхараға барады. Сол күні молдалар мешітте жұма намаз оқып жатыр екен. Сырым мешіт жанынан өтіп бара жатса, бір молда келіп:
— Ей, жолаушы, намазға тұр, — деп Сырымды ертіп апарып, ишанның артына тұрғызып қояды. Батыр намазды неден бастарын білмей аузына түскенін айта береді: «Көндірмеске көндірген құдай, көрінгеннің артына төндірген құдай» дей бергенде оны артта тұрған молда естіп, Сырымды нұқып қалады. Сырым да алдындағы ишанды желкеден бір түртіп қойса керек. Намаз оқып болған соң ишан:
— Мені ұрған кім? — деп сұрайды.
— Мен, — дейді Сырым.
— Е, неге ұрдың?
— Мен сахарада бетіммен өскен қазақ едім. Мына кісі мені намазға тұрғызып қойды. Не дерімді білмей күбірлеп тұр едім, артымнан түртіп қалды. Намаз кезінде алдыңғысын ұратын әдет шығар деп, мен де сізді түртіп қалып едім, — дейді Сырым. Сонда ишан:
— Сахара қазағын әкеліп намазға тұрғызған найсап! — деп молданы айыптап, арқасына шыбық ұрғызыпты.
* * *
Бірде ас артынан жұрт бата сұрағанда, Сырым жеңінің ұшымен бетін сипай салады. Сонда қатар отырған молда Сырымға қарап:
— Бата оқылып, қол жайғанда алақанға нұр құйылады, қолмен бетті сипағанда алланың нұры адамның денесіне тарайды. Сондықтан бата қылғанда қолды жеңнен шығарып көтеру керек, — дейді.
— Ой, молдеке-ай, қайдағы жоқты айтады екенсіз. Алланың нұры жеті қат көктен жерге жетіп тұрғаны рас болса, менің жалаң қабат жеңімнен өтпейді дейсіз бе? — деп Сырым тұрып кетіпті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі