Өлең, жыр, ақындар

“Әйел теңдігі”журналы -қазақ әйелінің қоғамдық рөлін жаңғыртқан тарихи басылым.

 

Қазақ қоғамының жаңғыру кезеңі саналатын ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде әйел мәселесі ерекше назарға алына бастады. Бұған дейін қатаң дәстүр шеңберінде өмір сүрген қазақ әйелі біртіндеп қоғамдық өмірге араласып, өз орнын талап ете бастады. Осындай өзгерістердің айқын көрінісі ретінде жарық көрген маңызды басылымдардың бірі – «Әйел теңдігі» журналы болды.

Бұл журнал— қазақ әйелдеріне арналған қоғамдық-саяси журнал. Ол бастапқы кезде, 1925 жылы. 5 мамырда өлкелік партия камитетінің жанындағы әйелдер бөлімінің газеті ретінде “Теңдік” деген атпен Орынбор қаласында шыққан. Редакторы — Сара Есова.

"Әйел теңдігі" -қазақ әйелдерінің құқықтық және әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты мінберге айналды. Басылымның басты мақсаты – әйелдерге білімнің маңызын түсіндіру, олардың кәсіби тұрғыдан дамуына жол ашу және қоғамдағы теңсіздікті жоюға ықпал ету еді. Журнал арқылы әйелдерге арналған ағартушылық сипаттағы мақалалар тұрақты жарияланып отырды.

«Әйел теңдігі» беттерінде қыздарды ерте тұрмысқа беру, көп әйел алу, әйелдің пікірін елемеу сияқты теріс құбылыстар сынауға алынды. Сонымен қатар, әйелдердің еңбекке араласуы, саяси белсенділігі, мәдени өмірге қатысуы насихатталды. Бұл өз кезегінде қазақ қоғамында жаңа ойлау жүйесінің қалыптасуына әсер етті.

Журналға ұлт зиялылары да мақала жазып, қазақ әйелінің тағдырын қаламына арқау еткен. Мәселен, М.Дулатовтың журналға жарияланған «Қазақ әйелі» деп аталатын мақаласында қазақ қыздарын әдет-ғұрып бойынша атастыру бесіктен басталатыны, тіпті кей жағдайда ананың құрсағында жатқан кезде атас­тыратыны, бұл «қарғыбау» деп аталатыны келтірілген. Ол «құда болу, киіт кию, мінт алу» сияқты жоралғымен жалғасатындығы, егер қызды атастырған адам қайтыс болса, оны әмеңгерлік жолмен ағасы немесе інісі, туысқандарының бірі алатындығы айтылады. Бұл жерде автор малы бар шалдың жас қызды атастыратындығын, «Қызды шалекең алмайды, малекең алады» деген мақалдың туындағаны осыдан дейді.

Журнал авторлары әйелді тек отбасының мүшесі емес, қоғам дамуына тікелей ықпал ететін тұлға ретінде таныстырды. Ол қазақ әйелдерінің өзіндік көзқарасын қалыптастырып, олардың білімге ұмтылуына серпін берді. Нәтижесінде көптеген қыз-келіншектер оқу орындарына түсіп, түрлі салада белсенді қызмет атқара бастады.

Қорытындылай келе, «Әйел теңдігі» журналы – қазақ әйелінің құқықтық санасын арттырып, теңдік жолындағы күрестің идеологиялық негізін қалаған маңызды тарихи мұра. Бұл басылым әйел мәртебесінің жоғарылауына зор ықпал етіп, ұлттық баспасөз тарихында орны бөлек құбылыс ретінде сақталды.


Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар