
2026 жылғы 12 наурыз күні сағат 11:00-де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әл-Фараби кітапханасында, Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтында филология факультетінің «Шетел филологиясы және аударма ісі» кафедрасының 2 курс докторанттарының ғылыми-тәжірибелік семинары өтті. Шара барысында жас зерттеушілер өздерінің ғылыми жұмыстарының нәтижелерін ұсынып, филология саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Семинардың модераторы – Іскендір Аққұралай Әбдіуәлиқызы, PhD, Түркітану және алтайтану ҒЗИ «Қолжазбалар зертханасының» аға ғылыми қызметкері.
Семинар бағдарламасына сәйкес алғашқы баяндаманы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторанты Әнуар Гүлшат «Қазіргі ағылшын әдебиетіндегі “шындық пен өтірік” бинарлық оппозициясының лексикалық және семантикалық көрінісі» тақырыбында ұсынды. Баяндамада қазіргі ағылшын әдебиетіндегі аталған ұғымдардың тілдік және мағыналық ерекшеліктері қарастырылды. Одан кейін Қоныс Еңлік Есенқызы «Әртүрлі ұлттардағы гендерлік стереотиптер: тілдік және мәдени дәлелдер» тақырыбында баяндама жасап, гендерлік стереотиптердің тіл мен мәдениеттегі көрінісін талдады. Келесі кезекте Оразтаева Жадыра Қайратқызы «Филологиялық әңгімелердегі эйджизм: ХХІ ғасырдағы әдеби мәтіндердегі жасқа байланысты стереотиптер» тақырыбында баяндама жасап, қазіргі әдеби мәтіндердегі жасқа қатысты тілдік стереотиптердің көрінісіне тоқталды. Семинар барысында Кәсіпхан Шолпан «Әдеби мәтіндердегі эвфемизмдердің лингвистикалық аспектілері (Роалд Далдың шығармалары негізінде)» тақырыбында онлайн форматта баяндама жасап, эвфемизмдердің көркем мәтіндегі қолданылу ерекшеліктері қарастырылды. Одан әрі Буркитбаева Жанар Муратбековна Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» романы негізінде қазақша баламасыздық мәселесін және оны орыс, ағылшын тілдеріне көркем аудармада жеткізу жолдарын талдады. Семинар соңында Шайманов Армон Сарманович «Абай “Қара сөздерінің” орыс және ағылшын тілдеріне тікелей және сатылы аудармаларында танымдық және эмоционалды ақпараттың берілуі» тақырыбында баяндама жасады.
Шара барысында қатысушылар баяндамалар төңірегінде пікір алмасып, ғылыми сұрақтар қойды. Мұндай ғылыми кездесулер зерттеушілер арасында тәжірибе алмасуға және ғылыми ізденістерді дамытуға мүмкіндік береді. Семинар мазмұнды ғылыми талқылаулармен өтіп, қатысушылар үшін маңызды ғылыми алаңға айналды.
Авторлар:
Іскендір Аққұралай
Оразтаева Жадыра
Буркитбаева Жанар
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Төлепбек Жантай
- Есбол Бозан
- Виктор Франкл
- Оразбай Сарыбаев
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі