Өлең, жыр, ақындар

Абай ҒЗИ-да өткен ашық сабақ : «Абай ілімінің құрамдас бөліктері: ақыл, қайрат, жүрек»

Фараби университеті жанындағы Абай ҒЗИ-да орындалған ғылыми жоба нәтижесі ретінде 2021 жылдан бері  «Абай ілімі» атты пән оқу үдерісіне енгізілді. Жоба жетекшісі – профессор Ж. Дәдебаевтың басшылығымен «Абай ілімі» пәнінің мазмұны жасалып, оқу-әдістемелік құралдар жасалды.  Пәнаралық сипаттағы, мазмұн-маңызы терең бұл пән студенттер үшін қызықты да мәнді пәндердің біріне айналды десек, артық емес.

Жалпы, бүгінгі буынның тарихи әрі рухани міндеті – ұлы ойшыл, кемеңгер ақын және ағартушы Абай Құнанбайұлының адамзаттық құндылықтарды дәріптеген ілімін жаңа қырынан зерделеу. «Абай ілімінде»  Абайдың «Ақыл, қайрат, жүрек» туралы терең тұжырымдары – ұлттық дүниетанымдағы адам болмысының үйлесімді моделін танытатын күрделі философиялық категориялар  ретінде қарастырылады. Осы бағытта Абай ғылыми-зерттеу институтының оқытушылары доцент Л. Мұсалы, аға оқытушы Б. Даутова «Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығының 1-курс студенттері үшін «Абай ілімінің құрамдас бөліктері: ақыл, қайрат, жүрек» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Сабақ пікірталас форматына құрылып, студенттердің ойлау, талдау және өз көзқарасын дәлелдей білу дағдыларын дамытуға бағытталды.

Сабақ барысында қатысушылар Абайдың адамтану концепциясын құрайтын үш ұғымды ғылыми тұрғыдан талдап, олардың қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымы мен моральдық құндылықтар жүйесіндегі орнын нақты мысалдар негізінде түсіндірді. «Ақыл» – танымның негізі, парасат пен пайымның өлшемі ретінде; «қайрат» – ерік-жігер мен әрекетке бастайтын күш ретінде; «жүрек» – мейірім, имандылық және адамгершіліктің түп негізі ретінде қарастырылды. Талқылау барысында студенттер бұл үш қасиеттің өзара сабақтастығын Абайдың «Он жетінші» қарасөзіндегі және  «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіндегі тұжырымдармен байланыстыра отырып талдады. Олар «үшеуінің бірінсіз – іс бітпейді» деген идеяны өзіндік интерпретацияда ашып, әр ұғымның жеке және әлеуметтік деңгейдегі маңызын саралады.

Сабақтың интерактивті бөлігінде студенттер Абай іліміндегі үш құрамдас бөлікті визуалды түрде жүйелеу мақсатында кластер әдісін қолданды. Әр топ жеке кластер модельдерін жасап, онда ақыл, қайрат және жүректің негізгі белгілері, олардың тұлға қалыптастырудағы рөлі және осы ұғымдардың қазіргі қоғамдық ортадағы көріністері көрсетілді. Бұл әдіс студенттердің абстрактілі ойды құрылымдауға және философиялық мәтінді практикалық деңгейде түсіндіруге мүмкіндік берді. Пікір-талас барысында Амантай Н., Ахан З., Алидолда Ж., Асқар А., Арипбекова Б., Аманқосова А., Абукадир А. ойларын дәлелді түрде жеткізіп, Абай идеяларының қазіргі жастар өміріндегі өзектілігіне қатысты терең пайымдаулар ұсынды.

Шараның негізгі мақсаты – студенттерді Абай ілімінің философиялық мазмұнымен терең таныстыру, ұлттық руханиятқа құрметті арттыру және жастарды ойлы, әрекетті, жүректі болуға шақыратын кемеңгердің өсиетін қазіргі заман контексінде түсіндіру болды. Абайдың үш құрамдас бөлігі – тек өткеннің мұрасы емес, бүгінгі қоғам үшін де құндылығын жоймаған рухани бағдар. Ақылдың кемелдігі, қайраттың жігері және жүректің жылуы үйлесім тапқанда ғана тұлға да, қоғам да өз дамуында биік белеске жетеді.

 

Б. Даутова, Г. Ыбырайқызы, Абай ҒЗИ оқытушылары

Шетел филологиясы (батыс тілдер) мамандығының

2 курс магистранттары Кистаубаева А., Оспанова Ә.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз