1920 жылдың 7 желтоқсанында Ташкентте «Ақ жол» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Ол «Қазақ» газетінің дәстүрін жалғастырып, жаңа саяси жағдайда ұлттық ойды жаңа деңгейге көтере алған басылым болды. «Қазақта» көтерілген ұлт мүддесі енді кеңестік билікпен бетпе-бет келіп, нақты өмір тәжірибесінде сыналды.
Бұған дейін «Қазақстан», «Қазақ» газеттері мен «Шолпан» журналының материалдары жинақ ретінде жарияланған болса, енді сол қатарға «Ақ жол» да қосылды. Газет материалдары Ханбибі Есенғарақызының құрастыруымен транскрипцияланып, «Алашорда» қоғамдық қорының қолдауымен 25 том болып жарық көруі — «Мәдени мұра» бағдарламасы аясындағы маңызды еңбек.
«Ақ жол» — «Қазақ» газетінің демократиялық бағытын жалғаған ұлттық басылымдардың бірі. Ол Түркістандағы саяси-әлеуметтік өзгерістерді халыққа түсіндіруде және ұлттық идеяларды билікке жеткізуде үлкен рөл атқарды. Газетке ұлттық саясат пен мәдениет өкілдері тұрақты автор ретінде қатысып, қоғамдық пікір қалыптастыруға ықпал етті.
1920–1925 жылдары ТКП ОК мен Түркаткомның ресми органы болған «Ақ жолдың» жұмысына С.Қожанов, М.Дулатов, С.Асфендияров, Н.Төреқұлов және басқа да ұлттық элита өкілдері басшылық жасады. Олардың идеялары кеңестік номенклатура талаптарына сай келмегенімен, ұлттық құндылықты қорғау бағытында газеттің саяси мазмұнын айқындады. Газеттің авторлары қатарында А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, Х.Досмұхамедов, М.Әуезов сынды көрнекті қайраткерлердің болуы оның ұлттық рухын күшейтті.
Мұхтар Әуезовтің 1923 жылы «Ақ жол» бетінде «Қазақ» газетіне берген жоғары бағасы, шын мәнінде, осы дәстүрді жалғастырған «Ақ жолдың» да қазақ санасын оятудағы қызметін көрсетеді. Газеттің кең таралуына оның тілі мен көтерген мәселелерінің өзектілігі әсер етті.
Кеңестік тарихнамада «Ақ жол» ұлттық бағыттағы басылым ретінде сынға алынып, Сталиннің 1925 жылғы атақты хаты газеттің «ұлтшылдық» деп айыпталуына негіз болды. Бұл хат кейін кеңес идеологтарының Алаш қозғалысына берген теріс бағасының өзегіне айналды.
Әліби Жангелдин, Тұрар Рысқұлов және басқа қайраткерлердің Сталинге жазған хаттары да «Ақ жолдың» үстінен айыптауларды күшейтті. Осылайша, басылым ұлттық интеллигенцияның «ұлтшылдық көзқарасын таратушы» деп танылып, идеологиялық қыспаққа түсті.
Алайда, газетке қарсы әрекеттерге қарамастан, оған халықтың сұранысы жоғары болды. 1923 жылы тиражы 21 мыңнан асқанымен, саяси қысымдардан кейін күрт төмендеді. Оның жабылу себебі тек Сталин хаты емес, ұлттық-аумақтық межелеуден кейін газеттің ресми мәртебесін жоғалтуымен де байланысты.
«Ақ жол» ұлт мүддесін қорғауда, елдің саяси-әлеуметтік жағдайына баға беруде, ұлттық мемлекеттілік идеясын қалыптастыруда үлкен рөл атқарды. Бүгінде бұл басылым — Түркістан аймағы мен қазақ қоғамының сол кезеңдегі тарихын зерттеуде аса құнды дерек көзі.
Султан Дидар,Темірбек Мади
ҚазҰУ-дың
1-курс студенттері.
Ғылыми жетекші: фил.ғ.к., доцент
Р.С.Жақсылықбаева
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі