Өлең, жыр, ақындар

Сырым батыр мен Байсал би

Сырым батыр шеркеш Байсал бимен құда болысады. Сырым батыр Байсалдың баласына қыз бермек болып бес жиырма мал алады, балалар ержетіп аларына келісіп, күйеу бала малын әкеліп беріп есік ашып, ұрын келіп жүреді. Сөйтіп жүріп екі жастың ынтымағы жараспай қалады. Байсалдың баласы:

— Әке, мен Сырымның қызын алмайтын болып келдім, енді Сырымның босағасын аттамаймын, малыңды қайтып ал, — дейді.

— Шырағым, балам, Сырым бізге мал қайырмайды, тентек болма, айырылыспалық, — дейді Байсал баласына.

— Жоқ, әкем, айтқан антым бар, айтқаным айтқан. Мал солай кетсе де, алмаймын дедім, алмаймын, — дейді баласы. Шара жоқ, Байсал Сырымға адам жібереді.

— Құдаңыз сәлем айтты, өз көңілімде еш нәрсе жоқ, балалардың дәм-тұзы жараспай қалыпты, малымды беріп жіберсін деді құдаңыз, — дейді Сырымға барған адам.

— Өй, атаңа нәлет! Мен Байсалдың малын бағып беруге алып па екем? — Беріп жіберсін деп мал беретін бе едім Байсалға, бар айт, — деп, адамдарын Сырым қуып жібереді.

Бірер аптадан кейін Байсал құданың өзі келеді. Сырым баяғыша қонақ қылады.

— Ал, Байсал, сенің жұмысың маған белгілі ғой, ал бұл туралы ханға барып жүгінелік, диуан саған тисе, малыңды қайырармын, — дейді. Байсал:

— Жарайды, — деп екеуі жолдастасып жүріп отырады. Сырым хан ауылына жақындап қалғанда:

— Ей, Байсал, екеуіміз балалар жаста құда болып, су мен сүттей араластық. Енді хан аулына барып айтысып жатсақ, ұят болмай ма? Ордада келімді-кетімді кісі де көп болар. Онанда басқа біреуге жүгінейік, — дейді. Бұны Байсал да мақұл көреді. Екеуі жолдан бұрылып, адай Атақозы биге жүгініске келеді.

— Сендердің араларыңда алғы-бергі сөз көп болар, оның бәрі маған керек емес, сендер бес ауыздан тақпақ сөзбен маған арыздарыңды айта қойындар. Байсал, сен талап иесі ең ғой. Сөз алдымен саған беріледі, әуелі сен айт, — дейді Атақозы. Сонда Байсал:

— Сырымға құда болдым даңқымменен,
Араласып сыйласуға халқыменен.
Бес жиырма мал бердім
Бұрынғы ата-бабаның салтыменен.
Қара нарға қалы кілем жауып бердім,
Арғымақ жылқының асылын тауып бердім.
Күндердің күнінде
Алтын дегенім мыс болды,
Сондықтан малымды іздеп келген талапкермін, —

дейді.

— Байсалдың құда болғаны рас даңқыменен,
Араласып сыйласқаны да рас халқыменен.
Бес, жиырма мал алғаным да рас
Бұрынғы ата-баба салтыменен.
Бұның баласы үш жылдай қалыңдық ойнады,
Құлындай байлап, тайдай жайлады.
Өз мақсаты біткен соң
Алмайын дегенді енді ойлады.
Мен онысына көнбедім,
Төре биді іздедім.
«Төресін әділ берер» деп,
Алдыңызға келгенім, —

дейді Сырым.

— Ал, шырағым, Байсал, балаң үш жылдай қалыңдық ойнаған болса, малың қайтқан екен, енді саған мал тимейді. Алсаң, жесіріңді аласың, алмасаң, үйіңе барасың, — дейді Атақозы.

Оқуға кеңес береміз:

Сырым батырдың шешендік сөздері

Сырымға анасының айтқаны (I нұсқа)

Байбақты Сырым батырдың әкесінің атын Дат деп қоюдың сыры?


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер