Өлең, жыр, ақындар

Күзетші аю (ертегі-қойылым)

(авторлық ертегі қойылым)

Автор:
Ерте-ерте-ертеде,
Алма бақты өлкеде,
Аю өмір сүріпті.
Алма жеуге ұмтылған,
Аңдарды түгел қуыпты.

Бірде Алма бақтың жанынан өтіп бара жатқан Қоян,​ иісі бұрқыраған сары алманы көріп,​ дәмін татпақшы болады. Бірақ алдынан күзетші Аю шығып, былай депті:
Аю:
— Сәлем Қорқақ Қоян!​ Алма жегің келе ме?
Қоян:
— Сәлем​ Аю мырза! Ия,​ жегім келеді.
Аю:
— Олай болса,​ мен жайлы тақпақ айтып бер! Сосын ғана саған алма беремін.
Қоян:
Аю отыр партада,
Екi қолы қалтада.
Апай сабақ сұраса,
Ұйықтап қапты - масқара!
Аю:
—Өтірік! Мен ешқашан мектепке сабақ оқуға бармадым. Енді күт! Келесі келген аң мен туралы жақсы тақпақ айтса,​ кіресің!
(Екеуі әңгімелесіп тұрғанда, Мысық келеді.)
Мысық:
— Сәлем Аю мырза!
Аю:
— Сәлем Мысық! Алма жегің келе ме? Онда мен туралы тақпақ айт! Жақсы тақпақ не жаңылтпаш айтпасаң,​ алма жемейсің!
Қоян (сыбырлап):
— Мысық,​ «Аю отыр партаданы»​ айтпа!
Мысық:
— Жарайды! (сыбырлайды)
Аю алманы қорғар,
Жей алмай көп аңдар сорлар.
Аю:
— Тамаша!​ Кіріңдер! (екеуін баққа кіргізеді)
Автор:
— Осы кезде сылаңдап Түлкі жетеді.​
Түлкі:
— Сәлем бердік Аю мырза! Бағыңыздың иісі қандай керемет?!​ Сілекейім шұбырып тұр.​ Кірсем бола ма?
Аю:
— Мен туралы керемет тақпақ немесе жаңылтпаш айт!​ Сосын ғана кіресің!
Түлкі:
— Аю алма бақты күзетеді,
​ ​ ​ ​ Тақпақ сұрап,​ білмеген аңның қатесін түзетеді.
Аю:
— Жарайсың қу Түлкі! Кір!
Автор:
— Түлкіден кейін Кірпі келеді.
Кірпі:
— Сәлем Аю аға!​ Баққа кіріп,​ алма жейінші?
Аю:
— Тақпақ айт та,​ кіре бер!​ Тек тақпағың Аю туралы болсын?!
Кірпі:
— Аю балға барар,
​ ​ ​ ​ Аюды аралар талар.
Аю:
— Қашан көрдің мені аралар талағанын?​ Басқасын айт!
Кірпі:
— Аю алма жейді,
​ ​ ​ ​ Аю бал да жейді.
​ ​ ​ ​ Егер тақпақ айтпасаң,
​ ​ ​ ​ Баққа кіргізбейді!
Аю:
— Тамаша!​ Дәл айттың! Кіре бер!
Автор:
— Кірпіден кейін Тасбақа келеді.
Тасбақа:
— Сәлем Аю аға! Баққа кіріп,​ алма жейінші?
Аю:
—Сәлем Тасбақа!​ Мен туралы тақпақ айт та,​ кіре бер!
Тасбақа:
— Аю,​ Аю қорбаңбай,
​ ​ ​ ​ Жүгіресің орманда-ай!
Аю:
— Өзің қорбаңбай!​ Басқасын айт!
Тасбақа:
— Аю деген — ақылды,
​ ​ ​ ​ Тақпақ жаттауға шақырды.
Аю:
— Жарайсың!​ Кіре бер!
Қасқыр:
— Сәлем Аю мырза! ​ Аштан өлмесін десең,​ алма бер?!
Аю:
— Сәлем Қасқыр! Мен жайлы тақпақ,​ жаңылтпаш айт та,​ кіре бер!
Қасқыр:
—​ Аю деген — алып аң,
​ ​ ​ ​ Денесімен танылған.
​ ​ ​ ​ Алма баққа кіреді,
​ ​ ​ ​ Тақпақ айтқан ақын аң.
Аю:
— Керемет! Кіре бер!
Автор:
— Қасқырдан кейін Маймыл келеді.
Маймыл:
— Сәлем Аюеке! Алма бағыңа жіберші, бір талдан талға секіріп алмаңның дәмін татайын!
Аю:
— Сәлем Маймыл!  Мен жайлы тақпақ немесе жаңылтпаш айтасың, сосын кіресің
Маймыл:
— Жарайды!
Аю досым күзетші,
Алма бақты күзетті.
Аңдарға өлең айтқызып,
Қазақшасын түзетті.
Аю:
— Тамаша,​ кіре ғой!
Маймыл:
— Рақмет!
Автор:
— Маймылдың соңын ала,  Тышқан келеді.
Тышқан:
— Сәлем Аю мырза!
Аю:
— Сәлем сүйкімді Тышқан!
Тышқан:
— Аю мырза,  жердің астымен кіріп, алмаңызды ұрлап жей берсем де болушы еді?! Бірақ олай істегім келмеді. Өзіңізден рұқсат сұрай келдім.  Бақшаңызды аралап көрейінші?!
Аю:
— Адалдығыңа тәнтімін Тышқан!  Десе де, шарт біреу!  Мен жайлы жаңылтпаш немесе тақпақ айт та, кіре бер!
Тышқан:
— Аю бақша аралады,
     Бақшаны жақсы аралады.
     Бар екен бал аралары,
     Бірақ Аюды таламады.
Аю:
— Қандай тапқыр Тышқансың! Кіре ғой?!
Автор:
— Осылай Аю алма жегісі келген аңдардың тілін дамытып,  қазақ тілінің дамуына үлес қосыпты!

— Тілді осылай дамытты,
      Қоңыр Аю жаңаша.
      Жаңылтпаш,  тақпақ білетін,
      Аңдарымыз тамаша!

      Үлгі алып солардан,
       Біз де тақпақ айтайық?
       Біздің сынып дарынды,
       Жүлделі боп қайтайық!

Г. Қасенбай.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз