Өлең, жыр, ақындар

Қыршынынан қылмысты болғандар

Төрткүлдегі арықтан табылған 15 жасар қыздың мәйіті. Соққыға жығылған Семейлік оқушы қыз бен Қызылордалық жасөспірім. Өскемендегі қыздар төбелесі. Сатыдағы оқушылар өлімі. Бұл тізілген тізім жыл басынан бері елімізде әлімжеттік салдарынан орын алған оқиғалар. Жасөспірімдерді бұндай қылмыс жасауға не итермелейді? Сарапшылар пікірін біліп, тақырып төңірегінде зерттеу жасап көрдік.

Stat.gov.kz ұсынған статистикаға сүйенсек, 2021 жылы 1529 бала қылмыс жасаған. Оның 62-сі аса ауыр, ал 561-і ауыр қылмысқа барғандар. Қылмысты болған жасөспірімдердің 11-і адам өлтіру немесе адам өлтіруге оқталғандар, 60-ы денсаулыққа қасақана зиян келтіргендер, ал 24-і қылмыстың зорлау және зорлауға оқталу әрекеттермен байланысты қылмыс жасағандар. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті жариялаған мәліметтерге сейкес, 2022 жылы Қазақстанда кәмелеттік жасқа толмағандар тарапынан жасалған қылмыстық істің саны - 1735. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 2,06 пайызға жоғары. 

Медеу аудандық полиция қызметкері көбіне-көп жасөспірімдер арасындағы қылмыстың артуына отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы әсер ететінін айтып, қылмысқа барғандарға қандай шара қолданылатынымен де бөлісті:

«Күнкөріс қамымен жүрген ата-ананың бала тәрбиесімен айналысуға уақыты болмайды. Ішкілікке салынып, бала тәрбиесіне жүрдім-бардым қарайтын ата-аналар да бар. Нәтижесінде бала қараусыз қалып, қылмысқа бейім болып өседі. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыс жасаған бала қылмыстық жауапкершілікке 14 жастан бастап тартылады. Жасаған қылмысына байланысты қылмыстық кодексте көзделген баптарға сәйкес жауапкершілікке тартылады. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы, 3-бөлімі бойынша әке-шешесі де жауапкершілікке тартылады. Профилактикалық есепке алынып, полиция қызметкерлері тарапынан профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.»

Ал, психолог маман жасөспірімдердің қылмысқа бару себебін баланың асоциалды отбасынан шығуымен байланыстырды.

«Көбіне асоциалды отбасынан шыққан балалар агрессияға бейім. Бұл дегеніміз - балаға дұрыс көңіл бөлмеу, балаға ата-ана тарапынан жасалған агрессиялық қатынас. Жанұя мүшелерінің әрқашан ұрыс-керісте болуы. Келесі фактор - отбасындағы қаржылық мәселе. Бала пайдакүнемдік пиғылда өзгелерге әлімжеттік көрсетеді.», - дейді мектеп психологы Аршагүл Ержанқызы.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз