Өлең, жыр, ақындар

Науша мен Сыйлыбай

Науша Жайық өтіп, туғандарына қосылған соң, күндердің күнінде әлімнің бір тойында Сыйлыбай батырға кезігеді. Сонда ол Наушаға қарап, менсінбеген күйде:

— Мынауың кім? — дейді. Жиналғандар ішінен біреу тұрып:

— Бұл батыр Науша — дейді.

— Байұлы азған ел ғой, тоқты қошқардың еніндей мықы- райған біреуі де, батыр дегеніне болайын, — деп теріс айналады.

Сүйектен өткен бұл сөзге қарумен жауап берейін десе, той әлімдікі, қайтармайын десе қылығы ана. Амалсыздан орнынан көтерілген Науша пісіп жатқан етке қарамай, жүріп кетеді.

Бірақ ол бұрыннан Сыйлыбайды байұлына тісі батып, қорлығы өткен жан екенін біледі екен. Жаз болса ойылды жайлап, күзде қыстауына қайтатын Сыйлыбай ауылы өздерімен бірге жолайғы түлік атаулының бәрін қоса айдап, қуып кетеді. Артынан жеткен қуғыншы болса, «жаныңнан үмітің болса, кері қайт, мен Сыйлыбай батырмын, білдің бе?», — деп қоқанлоққы көрсететін көрінеді. «Батыр» деген атынан қаймыққан байұлылықтар бұдан әрі тәжікелесіп жатпай-ақ «бастан құлақ садаға» деген күйі қайтып кете береді екен. осынысын білетін Науша ағайындарына: «Егер Сыйлыбай өткен жылдарды биыл да қайталайтын болса, тез арада маған хабарласыңдар, әр жағын өзім сөйлесем», — деп ескертеді.

Науша бар деп қылығын қояр Сыйлыбай ма, жылдағы әдетіне басып, қара күзде қозғалып кеткен көш артынан байұлының қалың жылқысын қуып ала жөнеледі. Бұл хабар Наушаға да жетеді. Көк бедеуін ауыздыққа сүйеп, тақымына тарақты балтасы мен шолақ найзасын қыстырып барымташының артынан ат қояды.

Қуғыншы жеткенін сезген Сыйлыбай қолындағы екі құлаш шашақты найзаны көлденең тосып, дала бүркітіндей қанатын жайған күйі:

— Байұлы жаныңнан үмітің болса, кері қайт! Әйтпесе, Сыйлыбай батыр сүйегіңді қалдырып, етіңді құзғынға тастайды, — деп қос құлаш шұбарын арлы-берлі ойқастатады. Науша да қарап қалмай:

— Сен Сыйлыбай болсаң, мен — Наушамын. Өзіңмен осындай оңашада тап келтірген Құдайыма ризамын, — деп дүрсе қоя береді. Сыйлыбай да буырқанып, ұзын сапты найзасын толғап береді. Байұлының батыры жер-көкке симайтын шашақты найзаны өзінің шолағымен бір қағып, аспанға ұшырады. Кезек нағыз шолақтың өзіне кеп, арлы-берлі ырғасқанда, Сыйлыбай үш рет ат саурына түсіп, еріне қайта отырады. Бірақ бұлайша ырғасқан текетірестің жеңіске жеткізбейтінін жақсы сезген Науша оңтайлы сәтте Сыйлыбайдың қарақұсына тарақты балтасымен бір қояды да, ауып түскен батырдың шұбарын жетектеп, мал соңынан қуып береді.

Оқуға кеңес береміз:

Науша батыр туралы

Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)

Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз