Кіші жүз он екі ата Байұлының Байбақты ауылында Әлтеке тайпасының Назарымбет атасынан Наушаны Кіші жүз түгелдей, Ұлы жүздің батыс бөлігі түгел біледі. Оның өмірі ХVІІІ ғасыр ішінде өткен. Науша сәби күнінде-ақ ата-анасынан жетім қалып, ел қаңғырып тентіреп жүріп әлімнің Шекті атасындағы бір асқан байға тап болып, оның қозысын бағып, он бес-он алты жасқа жетеді. Байдың бірнеше жүздеген жылқысы болады, сол заманның ағым-салты бойынша жылқыға жиі-жиі ұры-қарақшы тиіп, жылқышыларын ұрып жығып, жылқыны шетінен бөліп әкете береді. Бір күні Науша байға: «Ата, рұқсат етсеңіз, мен жалғыз өзім-ақ жылқы бағуға шығайын деп едім», — дейді. Бай: «Балам, жылқыға күнде ұры тиіп, әкетіп тұр, жылқышыларды ұрып жығып тұрған ұрылар саған әл бере ме? Сен баласың, — дейді. Қайта-қайта сұрана берген соң бай рұқсат етеді. Сол кезде Науша байға көрсетпей өрімшіге он екі таспадан алты топшы шығартып, сегіз тұтам дойыр өргізіп алады, кузнецге айбалта соқтырып алады. Бала бір жақсы атты мініп балғаны дорбамен ерінің қасына іліп, қамшыны қолға ұстап, жылқышыларды түгел қалдырып, түнгі күзетке шығады. Айтқандай-ақ, түнде үш ұры келіп жылқыға тиіп шетінен бөліп айдай береді. Бала да арттарынан қалмайды. «Ағалар, жылқыны тастаңыз, мені баласынбаңдар», — деп ере береді. Ұрылар: «Бала қал, қорлық көресің», — деседі. Науша алдына қатар келе жатқан екі ұрыны қамшысымен екі ұрып аттарынан құлатып түсіргенде, алда келе жатқан ұры қашады. Бала оны да қуып жетіп атынан домалатады да, аттарын жылқысына қосып айдап кері кете береді. Үш ұры қып-қызыл қан болып Наушаның артынан келген соң, Науша үшеуінің де қол-аяқтарын буып бір шұңқырға тастап, күндегісінен ертерек үш ұрымен қосып ауылға айдап келіп, байға, бүкіл суат басындағы бар елге көрсетеді. Бар ел адамдары болып байға: «Сен, бұл балаға қозы баққызба, енді мұны отау тігіп, қыз әперіп қолбала қыл да, жылқыға шығар», — деген соң бай солай қылады. Мұнан кейін байдан да, айнала елден де бір тағалы тай ұрланбастан тыныш болады. Наушаның әлім іші мен байұлы ішіне отырғанда Науша деген атағы жайыла береді. Науша бір-екі жыл тұрған соң байдан рұқсат алып, еліне барып әріптес, тумаларын тауып, танысып біліседі. Тумалары «өзімізге көшіп кел» деп тілек қылған соң, Науша қимастан уәде беріп қайтады. Ауылына келіп байға айтса, бай рұқсат бермейді. Тағы бір жыл жүреді. Ел жиналып байға: «Сен рұқсат ет, бірақ та қарақұладан қақ жарып бұған енші бер, бізге де алдағы уақытта көзін сала жүрсін», — дейді. Бай баладан бұйым сұрайды. Бала:
— Бірде бұйым жоқ, маған отауымды артатын екі нар, екі бұзаулы сиыр, көшіріп апаратын екі жігіт бер, — дейді. Бай бір айғыр үйір жылқы, жүз қой беріп:
— Тағыда қалағаның болса ал, қолыңнан қақпаймын, — дейді. Науша:
— Ата, жылқыңда қалайтын бір атым бар еді, берсеңіз, — деген соң, бай: «ал» деп рұқсат қылады. Науша байды ертіп түнгі күзетке шығысады.
— Ата, мен ерімді алып жылқының ортасына жатамын, мені қай жылқы келіп иіскесе, менің қалағаным сол. Сіз аттан түспестен сол иіскеген жылқыны байқап қалыңыз, — деп ер-тұрманың сыпырып, жылқының ортасына жата береді. Бай аттан түспей, айнала күзетіп жүре береді. Наушаны үстінде жабығы жүні түспеген тайдан, құнажын шығар, бір арық көк байтал келіп иіскейді де, таң атқанша кетпестен Наушаның айналасында оттайды да жүреді. Таң атқан соң байдан сұраса, бай көрмей қалыпты, Науша:
— Мені осы көкбайтал иіскеді, менің алатын қалағаным осы, — депті. Бай:
— Шырағым, бұл тым қораш қой, бір жақсырағын ал тағы, — дейді. Науша:
— Ата, бұл көкбайталға құлын күннен назарым түсіп жүретін, осы маған ат болады, — депті. Ертеңіне бай бір айғыр үйір жылқысымен жүз қой, екі бұзаулы сиыр, екі нар, апарып салатын екі жігіті бәрін даярлап елдің көп адамдары болып Жайыққа дейін Наушаны апарып салады. Бай Наушаны қимай жылап-еңіреп, Наушаға разылық батасын беріп айырылысады.
Науша еліне келген соң, елден елу жігіт аттұрман, қару- жарағымен түгелдеп ел шетінде жата береді.
Оқуға кеңес береміз:
Жылқының торысы көп пе, төбелі көп пе? (І нұсқа)
Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)
Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр
- Мағжан Жұмабаев
- Мағжан Жұмабаев
- Сағи Жиенбаев
- Шоқан Уәлиханов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі