Эссе және өлең-жыр байқауы

Данагүл

Төле би: «Балама әйелді өзім таңдап алып беремін. Байдың байлығына қызықпаймын, бидің билігіне қызықпаймын. «Асыл пышақ қап түбінде жатпайды» деген. Келінім ақылды болса, балам дана болады. Ердің бақыты — әйел деген. Ел сыйлайтын ерді ақылдылықпен адам етіп тәрбиелейтін — әйел, кең жайылған дастарханымен ердің атын шығаратын да әйел. Малына, байлығына қызығып, ешкімге құда болмаймын. Келінді асықпай ел арасынан өзім іздеймін. Бұйрық болып, кездессе көрермін. Ырыс, бақыт та, қызырда әйелде. Әйел қызырлы болса, үйіңнен жақсы адам кетпейді. Мысалы, берекелі үйге кім келмейді? Жақсы әйелдің арқасында ердің елге даңқы кетеді. «Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол» деген. Би түскендей үй болу — әйелден. Ол әйелді халық та жақсы көреді, кембағал, қайыршы да жақсы көреді. Жақсы кісіні жұрт жек көре ме? Әйелі жақсы болмай, ер оңбайды. Ердің бақытын кетіретін де әйел, ерге бақыт әперетін де әйел.

Осындай ой құшағында жүрген Төле биге түрікмен елінен елші келіп:

— Бір жылдан бері бітпей жатқан дауымыз бар еді, соған билік жасаңыз, — деп өтініш айтыпты. Жер шалғай болса да, Төле би түрікмен еліне барып, дауласқан екі жақты татуластырып қайтады.

Аттары болдырып, шөлдеп-шөліркеп келе жатқан жолаушылардың алдынан бір топ атты қыз-келіншек көрінеді. Ол топтың ішінде Данагүл дейтін кедейдің қызы да бар еді. Жалғыз көк шолақ атына мініп, байдың қыздарымен тойдан қайтқан беті еді деседі:

— Әй, апайлар, тоқтаңыздар, аттарыңыздың басын тартыңыздар. Жоғары жақтан бірқатар аттылар келе жатыр, алдынан кесе-көлденең өтіп кетпейік. Үлкендердің алдынан кесіп өту дұрыс болмайды. Олар — ел қорғайтұғын, жер қорғайтұғын ерлер. Кім біліпті араларында ақылы асқан ақылды, данышпан қариялары бар шығар, ашулы, арынды батырлары бар шығар. «Ер сыйлаған есікте қалмас» деген. Әлі-ақ бәріміз де бір-бір үйдің иесі боламыз. Шарапат, жақсылығы тиер, үлкен кісілердің батасын алып, алғысына бөленейік. Апалар, аттарыңыздың басын тартыңыздар, тосып тұралық. Атты ер кісілер алдымыздан кесіп өтсін! Сонан соң жүрсек те аулымызға жетерміз, — деді Данагүл.

Қызыл-жасыл киінген қыздар жол кеспей, иіріліп тұрып қалды. Топ алдындағы Төле би мұны алыстан көріп, байқап келе жатыр. Қызыл-жасыл киінген қыздардың деңгейіне жетіп, алдарынан өтіп, ат ала кел дерліктей жерге ұзап кеткен соң, қасындағы жолдасының біреуіне:

— Анау алдымызды кеспей кейіндеп қалған балаларды шақырып келші, — деді. Ол шауып барып, қыздарды шақырып келді. Жақындай бергенде Данагүл атынан түсіп, жаяулап:

— Апалар, бәріңізде аттарыңыздан түсіңіздер. Жаяу барып сәлем берейік. Үлкен кісілерге атпен тасыраңдап жетіп барып сәлем бергеніміз ұят. Бұл кісілер ешуақытта да кездеспейтін кісілер. Жолымыз болады екен, — деді.

Барлық қыздар аттан түсті. Жаяу жүріп келіп, бәрі басын иіп сәлем берді. Төле би:

— Балалар, өркендерің өссін, бақытты болыңдар, — деді қуанып, — шырақтарым, қай ауылдың баласысыңдар?

— Сыйқым ауылының баласы едік.

— Балалар, алыстан бізді көріп, тосып тұрдыңдар. Әлдеқашан өтіп кететін уақыттарың болып еді. Не себептен тостыңдар, соны айтыңдар?

Қыздар жауап таба алмай Данагүлге қарады. ол:

— Аталар, біз сіздерді алыстан көріп, аталарымыз бен ағаларымыз шығар. Араларында ел бастаған батыры бар шығар, сол ерге ақыл айтқан ақсақалы бар шығар. Әкеміздей үлкен, қызырлы адамы бар шығар деп алдарыңыздан өтпей тосып тұрдық. Үлкен кісілердің батасын алалық, жақсыны көрмек үшін, көрмеген аталарымыз, ағаларымыз болса, көрелік. Аты-жөнін білелік деп тосып тұрдық, — деді.

— Қарағым, балам, атың кім? — деді Төле би.

— Атым — Данагүл, ата.

— Әкеңнің аты кім?

— Әкемнің аты — Алакөз.

— Жақсы, шырақтарым, өркендерің өссін, Құдай тілеулеріңді берсін! Жарайды енді, аттарыңа мініңдер, — деп Төле би батасын беріп, жүріп кетті.

— Тарт сыйқымның аулына, — деді былай шыға бере жолдастарына. Сыйқым аулына жақындап келгенде, бір серігін шаптырды. — Бар Алакөзге, ауқатты адам ба, нашар адам ба екен? Қандай адам екен? Хал-жайын біліп, біз жеткенше қайта орал!

Шапқыншы бәрін біліп қайта оралды.

— Ой, биеке, Алакөз деген кедей адам екен. Байдың жылқышысы көрінеді.

— Үйі қайсы?

— Үйі анау шетте тұрған қараша үй.

— Жүр, мені ертіп барғын.

Шапқыншы ертіп барды. Алакөздің үйі — қырық жамау, тесік-тесік, ішінен қараса, сырты көрінетін қараша үй.

— Алакөз қайда?

— Анау құдық басында мал суғарып жүр.

— Шақырып кел!

Орта жастағы әйел шапқыншыға шидің ішінен бір тостаған айран ұсынды. Шөлдеп келген адам айранды тұщына жұтып, басын көтере бергенде, үйге ұзын бойлы отыз бес-қырықтың ар жақ бер жағындағы жігіт ағасы кіріп келді.

— Ассалаумағаликүм!

— Уәликүмсәлам. иә, Алакөз деген сен боласың ба?

— Мен боламын.

— Сен болсаң, аулыңа мейман келеді. Төле биді білесің бе?

— Ойбай, білмегенде ше? Оныңыз не дегеніңіз? Төкеңді кім білмейді. Ол кісіні бүкіл қазақ түгілі, өзбек, қырғыз, қарақалпақ, түрікпен түгел біледі емес пе?

— Ал енді сол Төкең мына түрікмен жақтан келе жатыр еді. Бүгін сенің үйіңе қонақ болады. Қонақты қарсы алуға жағдайың бар ма, батыр?

— Ойбай, бар жағдайым. Ол кісіні Құдай айдап біздікіне келсе, одан артық бақыт бар ма? Байларға бармай, біздікіне келгеніне мың мәрте шүкіршілік етеміз. Ал, қатын, қамдан. Байдан бір мал сұрап әкелейін.

Шапқыншы қайта шауып кетті. Алакөз де атына мінді. Келіп сәлем беріп, Төле биді серіктерімен үйіне әкеп түсірді. Алаша, киіз жетпеген жерге қамыс төседі. Үй кісіге толды. Жалғыз сиырының айранына суды қосып жіберіп шалап жасап, бір-бір тостағаннан сусын ұсынды. Біреулерді жүгіртіп, байлардың үйінен самауыр, қарызға нан алдырды. Ауыл хабарланып, жиналып қалды.

— Ой, Алакөздің үйіне Төле би келіп түсіпті. Қасында бір топ жолдасы бар, — деген хабар байға да жетті. Домаланып ол да келді. Келіп «о, Төке» деп сәлем беріп, шұрылдасып жатыр.

— Төке, біздің үйге неге түспедіңіз? Мынау балаңызды ұялтқаныңыз қалай?

— Халқым үшін мен Төле би болып тұрып байға ғана, барға ғана түсіп, кедейлерді есіме алмасам, онда әділет бола ма? Байға жақ боп кедейдің ақысын жіберсем, онда мені жұрт әділетті деп айтар ма еді? Мейірімім түсіп мына Алакөздің үйіне қонақ болғым келді. Ал енді бәрің бірдей ағайынсыңдар ғой, құрметтерің болса істей беріңдер.

Лездің ішінде-ақ киіз де келіп қалды, текемет те, жастық та келіп қалды. Алакөздің үйінде жоқ болғанымен елде бар. Мал сойылып, ауыл адамдарының бірсыпырасы жиналып, әңгіме тыңдап, Төкеңмен бірге отырды.

Бір кезде Төле би сыртта жүрген Алакөзді шақырып алды.

— Алакөзім, балаң бар ма? Қанша балаң бар?

— Уа, би аға, менің балам емес, Құдайдың баласы деп айтайын, бір қыз балам бар.

— Осы үйде жүрген келіннен бе?

— Иә, осы келініңізден.

— Мм... Жақсы екен. Келін қай елдің баласы еді?

— О, би аға, келініңіз мынау қожа атамның тұқымы еді. Тектұрмас деген әулиенің әулетінен.

— Ә, жақсы екен. Жарайды, келінім. Балам, әлгі қызыңды, Данагүлді шақырып кел! Үлкен кісілердің әңгімесін есітіп отырсын. Бала ғой...

Данагүл көрші ауылда қыздармен отыр еді. «Әкең шақырып жатыр» деп бір келіншек барып, шақырып келді.

— Атаңменен амандас, — деді оған шешесі ақыл айтып.

— Ол кісілерді мен көргенмін. Бағана күндіз сәлем бергенмін. Мені таниды, — деді Данагүл. Бір кезде тамақ пісті.

Төле бидің алдына бата сұрап бас келді.

— Әлгі Данагүл баламды шақыршы?

Табаққа бата беріп болғаннан кейінгі жерде Төле би басты қасқалап пышақпен кесті де, бір ұртын алып өзі аузына сал- ды. Бір құлағы мен таңдайын алып;

— Қарағым, Данагүл, келші, өз қолымнан ұсынайын. Құлақ бергенім — екімнің бірі бол! Таңдай бергенім — айттырмай біліп, құпия, жұмбақ сырымды шешіп, өсиетімді жұртқа жайып жүретін балам бол, міне, — деп ұсынды.

Данагүл келіп еңкейіп, қолына алып:

— Рахмет, ата. Айтқаныңыз қабыл болсын! — деді басын иіп.

Жолаушылар қонақ болып жатты. Таң атты. Шай ішіп отырғанда, жұртқа Төле би:

— Оу, жігіттер, мына Алакөз мырзамен құда болғым келіп отыр. Данагүл балама мейірімім түсті. Бұйрық болса, бала етіп алсам деп отырмын. Мен де кедей адаммын, Алакөз де кедей адам. Қоралап айдап беретін малым жоқ. Сондықтан мұныкі — менікі, менікі — мұныкі. Екеуімізге екі бала ортақ. Ниетім қалыс. Қабыл көрсең, Алакөз қарағым, тапқанымыз екі баланікі, — деді. Алакөз әйелі екеуі орнынан ұшып түрегеп, жылап қоя берді.

— Би аға, біз бүйтіп дүниеге келіп, бізге бала бітіп, ол баламызға сіз секілді адамның мейірі түсіп, үйімізге келіп құда болады, қызырға ие боламыз деген жоқ едік. Би аға, өле-өлгенше баламыз сіздікі. Ерлі-байлы екеуміздің малжанымыз да осы баланың жолында. Сіздің бізді елегеніңізге, осынша мейірбаншылықпен бізге мейіріңіздің түскеніне ризамыз. «Рас па, өтірік пе» деп келініңіз екеуміз қуаныштан жарылып кете жаздап тұрмыз.

— Ал, ендеше, олай болса, мінеки, бабам Бәйдібектің батасы болсын. Әумин, қолыңды жай. Ақылды, абыройлы, мейірлі, рақымды, кішіпейіл, киелі, айтқаны әділ, тілегі қабыл, өмір жасы ұзақ, халқына қадірлі, жұртына сүйкімді, әке-шеше, туыс-туғанына жағымды, арты үбір-шүбірлі, алды қоқырлы, нәсіпті болсын! Аллау әкпар! — деп бата берді.

Арада ай өтпей Төле би Данагүлді ауылына келін етіп түсірді. Келіні өзінің ойынан шығып, күткендегідей болды.

— Балам, Данагүлім, өзімнің ұлым қандай болса, сондай болып жүре бер! Атаға көрінбей қашып кетуді қой. Ол — ескірген әдет. Мен болсам, халық үшін жүрген адаммын. Көбінесе түзде жүремін. Үйдің, ауыл-абаннын, бәрінің ақылшысы өзің бол, шырағым. Шаруаны да өзің басқар. Тізгін-шылбырды қолыңа ал! — деп келінін баласындай көріп, титтей нәрсе болса, ақылдасып отыратын болды. Бір жақтан жолаушылап келсе, үлкен кісідей келініне көрген-білгенін айтып, сұрақ қоя сынап, ауылдағы шаруаның жайын әңгімелетіп, үнсіз тыңдап отырады екен.

Көп ұзамай-ақ келіні ел аузына ілікті.

— О, Төкең әруақты, тегін кісі емес қой. Келінді тауып алды. Шүкірлік, келіні ауыл-аймақ, ағайын-аба, туғанға түгел ақыл беруге жарайды, — десті жұрт.

Төкең сыртта алты алашқа билік айтса, қара домалақ келіні ауылдағы ағайын-туғанға билік етті. Арбаның дөңгелегіндей өтіп жатқан уақыт қой. Бірде Төле би алыстағы жекжатына барып, атқосшысы екеуі ғана қайтады.

— Қайсы жолмен жүрсек екен? Бір жол бар ел жағалап жүреді. Бір жол бар шөл жағалап кетеді. Ол — төте жол. Қызылқұмды кесіп, ел жағалап он күн жүргенше, шөлмен кетсек, ауылға төрт-бес күнде барамыз. Осының қайсысымен жүреміз? — деді жолдасы.

— О, батырым, қарын ашпай, тамақ тәтті болмайды. Жолаушы жүрмей, ер қадірлі болмайды. Қиыншылық көріп, қарның ашпай, ас қадірін білмейсің. Жаяушылық көрмесең, ат қадірін білмейсің. Ел жағалап жүріп жүрміз ғой. Салт аттылымыз, сабау қамшылымыз. Төтелеп тартып, шөлмен жүріп көрелік. Азар болса, үш-төрт күн далаға түнерміз немесе малшыға түнерміз. Малшы кезікпесе, аңшыға түнерміз. Тәуекел, Қызыр ғалайссалам шөлде жүреді деген. Олардан әулиеміз бе, біз де көрелік сол қиыншылықты. Шөлмен төте тарталық.

Екеуі шөлмен тартты. Елден шығып, екі қонып, үш қонып келе жатты. Бұлар келе жатқан шөлді қырық қарақшының жайлап жүрген кезі еді.
Олар — кезіккенді тонап, елден мал ұрлап, ешкімге теңдік бермей жүрген қарақшылар.

Үшінші күні Төле би жолдасы екеуі қырық қарақшыға тап болды. Бас салып, сөз сөйлеуге де мұрша бермей, қолға түсірді. Ақсақалды қарттың Төле би екенін олар білген жоқ. Атын тартып алып, киімін тонап, екеуін шөлге тастайтын болды.

Төкең өзінің кім екенін айтпады.

— Әй, батырлар, сендер бәрің де батырсыңдар. Сендерге мал керек пе, жан керек пе? Жан керек болса, бір шал мен бір жігітті өлтіріңдер де, ат-тонын алыңдар. Ал енді мал керек болатын болса, мен саған бір қора мал берейін. Екеумізді босатыңдар.

Қырық қарақшынын бастығы:

— Бізге, әрине, мал керек. Біз осы шөлде не үшін жүрміз? Мал үшін жүрміз. Қара басың қалқиып малды қайтып бересің? — деді.

— Менің малым көп, мен бір бай адаммын. Жүз түйем бар, жүз жылқым, қатын, бала-шағам бар. Жасым алпыстан асты. Маған жанымнан мал артық па? Өлсем, артымда қалмай ма? Ауылға барып мал әкеліп беремін дегенге сенбессіңдер. Оның ебін өзім айтайын. Ақылыңа сыйса, тыңда! Мен ауылыма хат жазайын. Кенже ұлыма құда түсіп біреудін қызын әпермек болдым. Соған қырық құнан, атан, жиырма буыршын, сегіз ақбас атаным бар еді. Соны берсін. Он босағамда көмген алтыным, сол босағамда күмісім бар еді. Өзімнен басқа адам білмеуші еді, — деп Төле би қарақшының бастығына қарады.

— Алтын қадірлі ме, күміс қадірлі ме?

— Ой, алтын қадірлі. Алтыныңыз болса, алтыныңызды жіберсін деңіз, — деді қарақшының бастығы.

— Онда оң босағамдағы алтынымды тұтас берсін. Дүниені жиғанда қайтемін, жанымнан — садаға. Біз екеумізді де жібермей ұстап отырыңдар. Біреуің менің атыма мініңдер. Аттың тілі жоқ қой. Атыма мініп, хатымды алып барсаңдар, осы малды айдатып жібереді, — деп, хат жазып, атын, шапанын беріп, екі қарақшыны жұмсап, өздері құдықтың басындағы қарақшылардың шайласында қалды.

Екі қарақшы Төле бидің ауылына келді.

— Тосқауыл деген кісі осы қағазды беріп жіберді. Кенжеұлына қыз айттырған екен, мына малды берсін дейді. Қағазды оқып ауыл-абасы болып ақылдасты.

— Бұл қалай? Төкең өз қолымен жазыпты және атын мінгізіп, шапанын кигізіп жіберіпті. Төкеңде мұндай мал жоғын кім білмейді. Бұл не? — деп таң қалысты жұрт. Біреуі оны айтты, біреуі мұны айтты.

— Құда болған шығар. Осы малды тауып берер деп елге сенген болар, — десті. Ойласып келіп мал жинамақ болып, жұртқа салық салмақ болды. Сонда Данагүл:

— Сіздер түсінбей отырсыздар. Атам қырық қарақшының қолына тұтқын болып түскен екен. Қырық құнан атан берсін дегені — қырық мықты жауынгер жігіт берсін дегені. Жиырма буыршын берсін дегені — жиырма палуан берсін дегені. Сегіз ақбас атан берсін дегені — сегіз ақсақал берсін дегені. Он босағадағы алтыны мен едім, сол босағадағы күмісі баласы еді. Атам мені артық көруші еді. Жұмбағымды шешер деп ойлаған екен. Алтынымды түгел берсін дегені — мені алып келсін дегені, — деді ой толғап. отырғандардың бәрі Данагүлдің даналығына таң қалысты.

— Жарайды, мал береміз, — деп екі қарақшыны бір-екі күн қонақ етті. Үшінші күні малды жинап, екеуінің көзіне көрсетіп, жолға шықты. Екі қарақшы жол бастап келеді. Бірнеше күн жол жүріп кұмның шетіне іліккен соң

Данагүл:

— Ал, енді жақындап қалдық қой. Сіздер алдымен барып, хабарын айта беріңіздер, — деді.

Алпыс жігіт, сегіз ақсақал соңдарынан жасырын ілесіп келе жатқан еді. Ойларында дәнеңе жоқ екі қарақшы оза шауып, шайлаға барды:

— Біз бардық, айтқаны рас екен. Малды берді. Бай шал екен. Екі-үш малшысы малды айдап келеді. Біз хабар айтқалы бұрын жеттік.

Қарақшылар қуанып, жаймашуақ болып, аттарын қоя беріп, жайғаса жатты. Бәрінің басында «мал келе жатыр, олжаға қарқ болдық» деген ой. Күн батысымен қалың қол сау етіп, құдықтың басында қаннен қаперсіз жатқан қарақшыларды тырп еткізбей қоршап алды. Қырқын да матап байлады. Ауылына әкелген соң Төле би бәріне арнайы сөз сөйледі.

— «Ғұмыр — біреу, кезек — екеу» деген. Сендерге өлім керек пе, өмір керек пе? Кешегі күні тұтқынға мен түсіп едім, бүгін сендер түстіңдер. «Дүние кезек» деген осы болады. Маған сендердің аттарыңның керегі жоқ. Бес-алты күн сендермен жолдас болып қалып едім. Тілімді алсаңдар, әлі де болса, ақылымды айтып, ара түсейін. Бәріңнің елге пайдаларың жоқ, жарлының жалғызын тартып ап жылатасыңдар. Шөлдеп, шөліркеп келе жатқандарды өлтіресіңдер. Айдалада не қатының жоқ, не балаң жоқ, қаңғып өмір сүресіңдер. «Зорлық, зорлық түбі — қорлық» деген. Жетім мен жесірге, жалғыз-жарымға жасаған зорлықтарың бүгін мойындарыңа түсіп отыр. Жазықсыз өлген жандардың қаны үшін сендерді қырып жіберсек, шамамыз жетеді. Оны біліп тұрсыңдар. Менің атым — Төле би. Адамның баласына әділдік айтып, таласқан, тартысқанын, жауласып айтысқанын анықтап, өмірімше істеп келе жатқан кәсібім — жұртқа жақсылық жасау, болысу. Біреуге біреу зорлық істесе, біреуге біреу қиянат жасаса, оған әділ жаза кесемін, әділ үкім айтамын. Жәбір шеккен жанға болысып, оны ажалдан, азаптан құтқаруға асығамын. Сендердін қарақшылық кәсіпке ден қойғандарыңа қанша уақыт болды? Содан бері не малды, не жанды болған жоқсыңдар. Бұларыңнан не пайда? Әлде болса мен сендерге болысайын. Тілімді алсаңдар, өлтіртпейін. Сендер бұл кәсіпті қойыңдар. Тәубаға келіңдер. Мына менімен бірге жүріңдер. Қатының жоғыңа қатын, малың жоғыңа мал, үйің жоғыңа үй алып беремін. Халық- пен бірге өмір сүріп, адал кәсіп істеңдер. «Салмай жортқан ерден салмай құлындаған бие артық табады» деген. Таза, адал еңбек істесеңдер, қарның тояды, біреуді жылатып, тартып алғаннын берекесі болмайды. Менің айтар ақылым осы. Осы екі жолдың қайсысын таңдайсыңдар?

Қарақшының бастығы:

— Айналайын, ататай, айтқаныңыздын бәрі рас. Онан қашқан, мұнан қашқан қырық руданбыз. Қанша уақыт болды ел тонап, малды алдық. Керуенді де тонадық. Ішкен тамағымыз болмаса, ешқайсысы жұққан жоқ. Жырымыз жырланды. Төке, енді жырымызды айталық, — деді, — біз де адамның баласымыз. өзіңіз секілді әкеден тудық. Бірақ жаман жолға түсіп, дүние қудық. Бұл әдетіміз мынадан болды. Осы тұрған алдыңыздағы қырық жігіттің қырық түрлі сыры бар. Біздің әкеміз қарақшы болған жоқ, шешеміз зұлым болған жоқ. Әрқайсымыз әр елден келген адамбыз. Біреу істеп қойған күнәсін би кешірмей, басына өлім жазасын тудырған соң, қашып шықты. Біреу мал жоқ болған сон, байдың малын ұрлады. Сол ұрлаған бай малын қалыңға жұмсап, тұрмыс құрмақ болды. Бай өлім жазасын берген соң, қашып шығып, қарақшылық жолға түсті. Енді біреу әкемізді құл, шешемізді күң етіп ұстаған соң, сол қорлыққа шыдамады. Біздің де адамшылык, жігіттік арымыз бар. Әділетін айтатұғын жан болмады. Қолынан келген би мен мықтылар байдың сөзін сөйлеп, бізге жаза берді. Сонан соң туған елді, жанды тастап, қарақшыларға қосылдық. Қырқымыздың қырық түрлі сырымыз — осы. «Мың күнгі жаманшылықтан бір күнгі тірлік артық» деген. Біз арымызды арлаймыз, кегімізді жоқтаймыз деп жүріп, қарақшы болдық. Сөйтіп жүргенде сізге жолықтық. Біздің де көретін жақсылығымыз бар екен. Біз де адам болады екенбіз. Тіршілік етіп, өмір сүретін болдық. Даңқыңызды естігенмен, қасыңызға бара алмаушы едік. Сізді Құдай айдап кез қылды. Мұң-мұқтажымызды көзіңізбен көрдіңіз.

Біз секілді қарақшыны кім ұнатсын. Құдықтың сасық суын ішіп, құм даланы кезіп жүруші едік. Біз сіздей ақыл- ды, қамқоршыны қайдан табамыз? Айтқан сөзіңізге мың бір рет құлдық. Айтқаныңызды істелік. Бір туысыңыздай болалық, биеке. Сыртыңыздан естуші едік, Біздің де адам болатын күніміз бар екен. Көрген пенде шошушы еді. Ешкімге жолай алмаушы едік. Біздің әкеміз де, бабамыз да сіз екенсіз, айтқаныңызды істелік.

Бастықтарының сөзін қоштап бәрі шу ете қалды. Төле би толқи сөйледі:

— Балаларым, мен құда-жекжатыма барып, қайтып келе жатыр едім. Он күндік жолмен жүргенше, бес күндік шөлмен жүрейік деп сендерге кездестім. Халық үшін туған адам едім, менің де сендерге шарапатым тиді. Мен бір жетім емес, қырық жетімді ажалдан құтқарып, адам қатарына қосып отырмын. Осы әділетшілігіме ризамын.

Төле би қырқын да ауылына алып келді. Біреуі қой бақты, біреуі түйе бақты. Әркім қолдан келген ісін істеді. Бәріне әйел алып берді, ешкімге тигізген жоқ.

Қырқы да өсіп-өнді. Жұрт оларға «қырық ағайынды» деген ат қойды. Бастарына мал да бітті, жан да бітті.


Пікірлер (1)

Оразжан

Алла разы болсын!

Пікір қалдырыңыз

Басқа сайттағы жаңалықтар:

Жүктелуде...