Өлең, жыр, ақындар

Науша батыр мен Сыйлыбай

Әлімнің шекті руында аты шыққан Сыйлыбай деген бір батыр болады. Сырттай Наушаның атағын естіп, оның бақытын күндеп өлтіргісі келеді. Бұл сырды Науша да есіте жүреді. Сыйлыбай мен Наушаның араларына шағыстыру сөздер де көбейеді. Шектінің адамғаралары болып: «Бұл екі батыр кездесіп бір-біріне жазым қылар, бұларды халық болып үй тігіп әдейі шақырып таныстырып, достастырып жіберейік», — деп ұйғарысып той есебінде үлкен жиын жасап, екі батырды шақырады. Сыйлыбай өзіне ерген жолдастарымен арнаулы үйге түседі. Науша соңырақ келеді. Наушаны да ел қарсылап алып түсіріп Сыйлыбай үстіне алып келе жатқанда: «Сыйлеке, Науша інің сізге сәлем берем деп келеді, басыңызды көтеріңіз», — деседі. Сол мезетте Науша Сыйлыбайдың аяқ жағында тікесін тұрып қалғанын көреді. Сыйлыбай аяғын жимастан, басын көтере беріп Наушаға қарап айтқаны:

— Қазақ не болса соны батыр деп мақтай береді-ау, адам сүдіні жоқ қошқардың сыңар домалағындай бірдеме ғой. Мен мұндай адамға қол бермеймін, — деп жата береді. Науша Сыйлыбайға қарап:

— Ә, Сыйлыбай! Тым асқынып кеткен екенсің, асқанға тосқан. Алдағы көктемде нәсіп болса етіңді елсіздегі қарға-құзғынға жем қылармын, — деп үйден шығып елі, жігітімен тойға тоқтамастан аттанып қайта береді.

Сыйлыбай келесі көктемде әскерімен Жайық өтіп байұлынан көптеген мал, төрт-бес қыз шауып алып қайтады. Науша ол уақытта елдің басқа жағында күзетте екен. Бірақта елге тапсырып қойған екен:

— Сыйлыбай Жайықтан бермен өтті дегенше дереу маған хабар беріңдер, — деп. Ел Сыйлыбайдың жорығын Наушаға дереу хабарлайды. Науша елу жігітімен қуып Жайықтың аржағында қарасын көреді. Сыйлыбай астында бозарғымақ, басында ақ қалпақ, үстінде ақ киім, қолында сабы сырықтай найза, ұшында ақ жалау, жол тосып кедергіде тұр екен.

Науша жігіттеріне:

— Сыйлыбаймен кездескен жерімде, егер Сыйлыбай аттан мені түсірсе, сендер басамандап қашыңдар, әйтпесе Сыйлыбай бәріңді қалдырмастан қырады, жоқ атынан Сыйлыбайды мен түсірсем, сендер жау әскерін қуа беріңдер, — деп тапсырыс қылады.

Науша мұнарадай болып тосып тұрған Сыйлыбайға қағылмастан жанынан шауып өте бергенде, Сыйлыбай да қабырғадан қуа қосылады. Науша екі-үш арқан бойындай оза беріп Сыйлыбайға жаяу бұрылып, қарсы алдынан тік шауып Сыйлыбаймен айқаса түскен.

Сыйлыбай найзасын сермегенше, Науша оның найзасының сабын сындырып Сыйлыбайды сол жақ шықшыт астынан түйреп түсіре алмаған соң, айбалтасымен маңдайдан шапқанда, оның сол жақ бас құйқасын құлағымен аудара түсіріп, Сыйлыбайды атынан құлатып, ілгері кетіп бара жатқан жау артынан шаба берген Науша жаудан малын, жесірін қайырып қайта келгенше, кейінде қалған Наушаның жеті жігіті Сыйлыбайдың құлақ-мұрны мен ернін кесіп тастаған. Науша жігіттеріне:

— Ерді мұнша неге қорладыңдар, — деп ренжіп жатса, Сыйлыбай Наушаға:

— Мен бұл жарадан өлмеймін, сенімен әлі де болса жекпе- жек бір кездесермін, — дейді. Науша жігіттеріне шаптыртып тастайды. «Сыйлыбайдың өлімтігін өздері алмай, өзгеге де алдырмай, елсізге тастатып, ит-құсқа жем қылды» деседі. Наушаға елі «сөзіне жетті» деп риза болыпты.

Оқуға кеңес береміз:

Науша батыр туралы

Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)

Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз